Гүлдер сірә – ақындардың өлеңі

КҮЙШІНІҢ МОНОЛОГЫ

Күңіреніп кетіп күйресем,

Күздей бір күңгірт күй кешем.

Сырласқым келіп еримін,

Сылдыр да сыңғыр күй кешем.

 

Болмаған кезде сөз дауа.

Әңгіме ешбір қозғама.

Баурасын мені домбыра,

Бозжусан түкті боз дала.

 

Жан сыры сөзге сыйсын ба?

Келмейді-ай кейде қисынға.

Сөйлесін сонда домбыра,

Хәлімді емес, күй сұра.

 

Пернеде сырғып, түйрелу –

Төндіруменен имену.

Кідіріп, шертіп, іліп ап,

Күйдегі бөлек күйге ену…

 

Тарихпен терең ымдасам.

Дүркіреп өтті кім, қашан.

Даламды ұғып тұрамын –

Қазақтың күйін тыңдасам.

Қазақтың күйін тыңдасам!

 

***

Балам, балам,

Білесің бе?

Біледі ғой бір құдай.

Бұ шешеңе раушандар да

Шоколад та – құлпынай.

 

Қызық емес

Қызық емес

Қызық емес

Расым, шын.

 

Аз-ақ өлең

Ғажап өлең

Мөлдіретіп жазылсын!

Солай ғана

Солай ғана

Жұмбақ мұңы басылсын!

 

Өлең оқып, өлең жазып

Жансарайы ашылсын!

 

Балам, балам!

Білесің бе?

Біледі ғой бір құдай.

Өлеңнен еш асқан емен.

Бәз қалпында сыртым-ай.

 

Бұ шешеңді таңдандырмас

Жырдың көбі жылтырай.

Ту сыртымнан гу етпесе,

Шарапаты бұрқырай!

 

***

Таңғы шықтай…

Таңғы шықтай ақын бұл.

Нағыз ақын – жасын,

Әлде ақын – гүл.

 

Үнсіз емес, үнсіз емес, дұрысы –

Тыныш екен, тыныш екен тынысы.

 

Шырмауықтың қолынан да келмейді –

Гүл ісінің жоқ дегенде тұрысы.

 

Мықты ақынды көру өзі – атақ, ат!

Сирегенде жүрегіңе батады-ақ…

 

Гүлдер сірә – ақындардың өлеңі,

Жазып жатқан жер астына жата қап.

 

Гүлдер осы үнсіз емес, дұрысы.

Тылсым екен, тылсым екен тынышы.

 

Жылы сөзді жеткізу ғой, қалай да –

Гүл ісі.

 

***

Сезімнің сымын жалғап

Жүрекке жарық қойдым.

Асқақтап көремін деп

Аспанда қалып қойдым.

 

Сезімін басып оздым

Ақылды тоңғақтардың.

Өзіммен күреспеумен

Өлеңді қорғап қалдым.

 

Тартыншақ сезімімді

Суытып сауығармын.

Сертіме қамалам деп,

Еркіндік тауып алдым.

 

***

Өмірді

Келтіріп әлде,

Түсіріп қалыпқа.

Жағуың үшін жақынға,

Ұнауың үшін халыққа.

 

Аша бермейсің аңғал көңілді ақтарып,

Шаша бермейсің жауһарларыңды мақтанып.

 

Солайша,

Көңілден бояу, түс кетті.

Ал сезім тәттіні тәтті дер,

дәм сезу рецепторларым іспетті.

 

Ішкі дауысты,

Өзіндік үнді елемей,

Елжіремеуді құп қылсақ;

Жүрек-ау, кәдімгі болғың келе ме ей?

 

Қайтейін, өлең – жұтқыншақ.

Жоқ оның «әттеңі», «бекері»,

Тулады неге бүгін іш?

Жаныма сіңіп кетеді –

Өлеңнен өткен құбылыс.

 

***

Адам — жердің шашы сынды.

Тағдыр -тарақ, тарайды.

Ыдыратып жібереді,

Кейде бірге жияды.

Әлсіздері үзіледі.

Мықтыларды қияды.

 

Адам – жердің шашы сынды.

Көңіл – бояу, бояйды.

Болмашыға мәз қып қойып.

Кейде ғаріп қылады.

Өздік түсін ұмытқандар,

Дел сал болып тынады.

 

Қайда кетті кешегі дос?

Небір жақсы кездер ше?

Жүре жат па жолдастарың?

Бояулары өзгерсе.

 

Адам – жердің шашы сынды.

Айтарым жоқ басқалай.

Сақтап қояр қойынында

Аяқ асты тастамай.

 

Үзеді де, қияды да.

Келеді не қылғысы?

Адам – жердің шашы сынды,

Заманы – шаш үлгісі.

 

 Салтанат ҚАЙЫРБЕК




ПІКІР ЖАЗУ