КӨК ТАЙҒАҚ
«МӘРІП КӨПІРІ»
Тасбақадай тырбаңдаған «есек пойыз» Шиелі бекетіне кеп тоқтады. Тамбурда жүрегі алып-ұшып тұрған Сұлтанбек етжеңді жолсерік әйел темір есікті сарт еткізіп ашысымен жерге секіріп түсіп, төртбұрыш дипломаттың тұтқасын қыса ұстап, күтушілер залына бас сұқты. Көкірегінде «ауылдан біреу-міреу кездесіп қалар ма екен» деген сағынышқа толы үміт бар. Күн болса көктем, бірақ көктем жаймашуағын төгіп, әлі толық шықпаған сияқты, ауада дымқыл сыз бар. Бірі қалғып-мүлгіп, бірі мойнын қисайтып, ұйқысырап отырып пойыз күткендерді көзімен бір шолып өтті. «Қызылтаңның» бір де бір адамы көрінбейді. «Олар түнгі пойызға шықпайтын болған ба, әлде «есек пойыз» деп менсінбей ме екен?» деп ойлап қойды. «Егер «Қызылтаңның» бір адамы кездесе қалса, құшақтап сүйер едім, екі жыл көрмеген ауылдасымды кемпір болсын, шал болсын, жігіт болсын, қыз болсын, құшағыма басып аймалар едім» деп сағынышын баса алмаған Сұлтанбек көзіне ешкім түспеген соң кері бұрылды. Вокзалдың дәл маңдайшасындағы сарт-сұрт еткен дөп-дөңгелек дәу сағатқа қарап еді, түнгі 12-ден 15 минут кетіпті. «Түннің бір уағы. Осында отыра берсем, таңғы автобус 7-де жүрсе, сонда жеті сағат отырам ба? Қой, бұлай бола қоймас, қатардағы жауынгер Сұлтанбек Байшуақов! Ауылыма жаяу тартайын. Үш шақырым жолды бір сағатта жүріп өтем». «Раз, два, раз, два!» деп екі аяғын тік алып, «строевоймен» адымдады. «Ешкім тиісе қоймас, тиісе қалса, солдат екенімді көріп, жұдырық жұмсай қоймас. Шешіндірсе ше? Шешіндірсе солдат шинелім мен бес жұлдызы бар құлақшыным кімге керек? Бұл «индийский» кәстөм-шалбар емес қой. Қашып кетсем де ешкімге жеткізбеспін. Беларусияның орманында талай шақырымды тепкілеп, талай «марш брасокты» бастан өткерген солдат емеспін бе?». Міне, моншаның тұсына келді. Бұл – жолдың үштен бірі. Осы моншаның кезегі сондай көп болатын. Ауылдан келген төрт бала кезекте кешке дейін тұратын. Сонда анау үшеуі бұны әрнені айтып қорқытатын. «Мәріп көпірдің» баласы есуас Асқар: «Моншада шайтан бар, буға жалғыз кірсең алып кетеді» десе, жыламаса да көзі жыпылықтап, не істерін білмей әбіржіп қалатын. Асқар не айтса да сендіріп айтатын. Күріш отаққа барғанда күні бойы көлкіген суда арамшөпті орақпен орып, кешке масахана ішінде ұйқыға жатқанда да шайтан туралы ертегі айтып, зәресін алатын. Ең соңында «шетке жатқан баланы шайтан алып кетеді екен» дегенде, бұл шынымен сеніп, бір кезде еңкілдеп қоя беретін. Қатар жатқан төрт баланың ішіндегі адамгершілігі зоры (өзі солай деп бағалайтын) Жасан: «Кел, орын ауыстырайық», – деп бұның орнына келіп, өзін ортаға жіберетін. Орта жып-жылы, бір жағында Есіркеп, бір жағында Асқар бүйірін жылытып жатады. Жасанның осы адамгершілігін өмірі ұмытпайды. Балалардың қорқытатынын әкесіне айтып еді, бригадир әкесі: «Бұның қол-аяғы сырқырайды, ревматизммен ауырады, доғдырдан анықтамасы бар» деп директорға айтып, атына мінгестіріп, егістік басынан алып кетті. Әлгілер іштері қыз-қыз қайнап қала берді.
Сұлтанбектің әскерге баруы да қызық болды. Екі жыл қатарынан «жасы жетпей» қалып, әскерге кеш аттанды. Әкесі бригад Байшуақ трактор механик қылам деп Ауылшаруашылығы институтына түсіріп еді, үш айдан кейін қайтып келді. «Математика да, физика да сондай қиын, миыма еш кірмей қойды. Анау Асқар оқымай-ақ күнін көріп жүр ғой», – деп біреудің белгісіз бейнесін нұсқап, сұқ саусағын шошайтып тұрып алды. «Асқар сенің теңің бе? Сенің әкең бригад, бастықтан кейінгі адам. Оқы, жүгермек, оқы!» – деп шешесі қанша айтқанымен, «Миыма есеп кірмейді, начерталька (начертательная геометрия) дегені бар екен, «начертальканы тапсырсаң, үйленуге болады» дейді бәрі. Үйленбей кетсем де оқымаймын», – деп Алматыға қайтып бармай қойды. «Мына түріңмен саған сығанның қызы да тимес» деген жеңгедей көретін тілі ащы туған шешесіне: «Қу тіземді құшақтап өтермін, қатын деген сендей болса», – деп сөз қайтарып, әжесінің қасына барып жатып алды.
Келесі жылы әскерге шақырды. Әжесі зар қақты. «Ойбай, бұны біреу бөтен жерде ұрып тастайды ғой. Ауылда шайтаннан қорқып жүрген бала әскерде қалай күн көреді», – деп жалғыздан туған жалқының жағдайын айтып, зар қағып қоймағасын Байшуақ колхоз бастықты военкомға салып, 100 сом ақшаны санап беріп, әскерден алып қалды. Қалай алып қалды дегендерге айтар шындық – екі жасын кішірейтіп жазып, «метркені» (туу туралы куәлік) қайта толтырыпты. Сонда екі досы: «Сұлтанбек бізбен сыныптас болғанмен екі жас кішілігі бар» деп келеке ғып жүрді. Тек адамгершілігі зор Жасан ғана: «Досқа күлмейік, басымызға келеді», – деп екеуіне басу айтты.
Әскерде де әскери ант қабылдайтын салтанатты сәтте «Я гражданин» деп бастағанда, «граж, граж» деп мүдіре бергесін «Советского Союза» деген сөзді қасында тұрған взвод командирі іліп алып кетті. Сосын бұны танкке жолатпай от жағушы «кочегар» ғып қойды. Сол жерде жүріп темекі шегуді үйренді, темекіні лапылдап жанған қазандықтың отына тұтатып ап ащы түтінді ішіне тартып, мұрнынан шығарғанда ауылға деген сағынышы жеңілдеп қалғандай болатын. Сол жерде жүріп Сұлтанбектің тілі шықты. Танктің оқуын оқыған солдаттар: «Кочегар, хал қалай?» десе, «Сендер сияқты таң атпай танк жуып, артыма мұз қатып жүрген жоқпын, жылы жерде жүрмін», – деп жауап беретін болды. Анда-санда бөлімше командирі – полковниктің үйінің де отынын бұтап, отын жағып, сол үйдің тәттісі мен торай етінен де дәм татып қайтатын. Сұлтанбек екі жыл әскерде болғанына еш өкінбейді. Беларусь орманын көрді, қанша ұлттың өкілдерімен танысты, әскери «присяганы» оқи алмаған басы орысша боқтауды үйреніп қайтты, мұсылман баласы доңыз етінен дәм татып, полковниктің үйінде самогон деген иісі жаман араққа да ернін тигізді. Жалпы, екі жыл әскерге өкпесі жоқ, әуелгі екі ай «учебкада» «сақалды» солдаттар жұмсағанда, қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүріп жұдырық иіскеп, мұрнын қанатқан кезі жоқ. Айтқанды екі етпей аяғыңның ұшымен жүрсең ешкім де тиіспейді екен.
Жол да бұзылып кетіпті. Өзі әскерге кетерде тас төселген жол тақтайдай тегіс еді, екі жылда таздың басындай ойдым-ойдым шұқанақ боп қалыпты. Жол ойпаңнан өрге қарай көтерілді. Бұл – «Мәріп көпірі». Осы көпір қырықынышы жылы салыныпты. Асқардың әкесі Мәріп үш ай жазда түртінектеп жүріп бітіріпті, дейді. Қазір «Мәріп көпірі» деген атауы бар. Көпірге аяқ тигізгенде «осы менің әкемнен не қалды?» деген сұраулы ой Сұлтанбектің санасында шолтаң ете қалды. Әкемнің артында арақ қалды. «Байшуақша тартайық», «Байшуақша түк қалдырмай ішейік», «Байшуақша кесемен сілтейік», «Байшуақ удай мас болса да, мінген аты үйіне алып келеді екен» дегенді жұрт аңыз ғып айтады. Бәрі рас. Әкемнің кесемен тартқанын да көрдім. «Құйшы мына дәу кесеге, қырлы стақан деген немене бәле, жұмырыма жұқ болмай тұр» дегенде, жұрт мәз боп, дәу кесеге меймілдетіп құйып бергенде әкесі тартып жіберіп, нан иіскеп, көзін жұмып, үн-түнсіз отырып қалатын. Кейінгі бала-шаға осыны дәл суреттеп жүр. Ат үстінде қалғып-мүлгіп үйге келгенде ерден қолтықтап түсіріп ап төсегіне апарып жатқызатын. Жұрт «Байшуақ колхоз бастықтан кейінгі адам ғой, Байекеңе бәрі жарасады» деп тұғырға қондырып қояды. Тіпті, жастар «Байекеңше ішеміз» деп стақанды лақтырып жіберетін әдет шығарыпты. Бәрі әкемді силайды, бәрі әкеммен 100 грамм ішуге құмар. Арақ ішу заманның үрдісіне айналды. Ал Асқардың әкесі Мәріпті үлкендер басқаша силайды. «Мәріп қырықыншы жылы үш ай жазда көпірді бітіріп, ел мен елді қатынастырды ғой» деп отырған жерде тамсанып әңгіме қозғайды. Қырықыншы жылы Дәу канал қазылып, күріш егу басталғанда ұзындығы жүз бес шақырымға созылған арнаға Сырдарияның арғы беті мен бергі бетін қосатын көпір керек, әйтпесе ауыл мен аудан байланыссыз қалады дегенде, осы күнгі сақалы жерге тиген Мәріп ақсақал тоғайдан ағаш кесіп, өгіз арбамен тасып, осы көпірді салыпты. Бұл – біздің ауыл балдарының санасына кино көргендей сіңіп қалған сөздер. Әсіресе, осы кісінің дария тасыған жылы тасқынға тосқауыл қойғанын жұрт тағы да аңыз ғып айтады. Құмбыл қимылдаған қолдағы күрек те, сермеле шапқан кетпен де тасқынға тосқауыл бола алмай жатқанда Мәріп қалың қамысты орып, ат арба, өгіз арбамен тасып, арасына топырақ толтырып, қара бура ғып қалқайтып қойып, тасқынды тоқтатқан екен. Содан бері егіске қатысты білмегені болса бастық та, басқа да Мәріптен кеп ақыл сұрайды. «Ал, менің әкеммен тек стақан соғыстырады» деп Сұлтанбек іші шым етіп, көпір үстінде тұрып темекі тұтатты. Түн жарымынан асып барады, орақ бел ай төбеде имиіп тұр. «Кочегаркада» темекі шеккенде ащы түтін ішіне кетіп, жартысы танаудан ытқыса, мына темекінің түтіні де тәтті. «Туған жердің түтіні де тәтті екен» деген осы шығар деп Сұлтанбек кең қазылған арнаға көз тікті. Көк құрақтың басы сарғайып, сары қамыс боп тіктеле бастапты, күз түссе, үпелек шашып, сорайған нар қамысқа айналайын деп тұр. «Арнаның да көлемі кішірейіп кеткен бе, қалай өзі, әлде менің көзіме солай көрініп тұр ма? Түн ғой, күндіз бұлай көрінбес». Жылы көктеммен ере келген сылдыр су арна түбінде жылт-жылт етіп ирелеңдеп жатыр, орақ ай ойға шомған Сұлтанбектің дәл төбесінен төніп тұр.
«Қой, жүрейін, – деп, қолындағы темекі тұқылын саусақ ұшымен суға қарай ытқытып жібергісі келді де, – «Мәріп көпірдің» үстінде тұрып мұным әбестік болар, ел силаған кісінің әруағын мен де силайын деп шалт бұрылып, темекі тұқылын айдау жолға шертіп тастады да, керзі етіктің табанымен мыжып өтті. Сосын «Айт, два, айт, два!» – деп сап түзеген солдат пәрменімен екі аяғын тік көтеріп адымдап, «енді тезірек үйге жетейін» деп қимылын өзгертіп, қара жаяу аяңға түсті. «Үйдегілер не істеп жатыр екен? Әжем мені көргенде не дер екен? Жеңешемнің іші елжіремейді, мен әжемнің баласымын. Онымен сөз таластырсам, жеңілмеймін. Әкем ше? Әкем мені көрісімен бір бөтелкенің тығынын ашатын шығар. Таң атысымен ел-жұрт жиналар. Бір емес, үш-төрт бөтелкенің басы кесілер. Мал бауыздамай тұрып бөтелке бауыздау біздің ауылдың салты ғой?!» Сұлтанбек әскерден есейіп келе жатыр. Қорқақтығы да, жасқаншақтығы да жолда қалды. «Мен енді ана үшеуімен теңмін, тек олар менен екі жыл бұрын әскер көрді. Оларды әскерді айтып таңқалдыра алмайсың. Олар ауылда, ал мен бригад Байшуақтың әскерден қайтқан баласымын. «Айт, два!» деп тағы бір жер тарпып қалды. «Әкем болса, ат үстінде» деген бір жеңімпаз ой ақыр соңында өзімен қарсылас әлгі үшеуін де тұқыртып өтті.
– Айт, два, айт, два! – Аяғын тіктеп тақыр жолға табанын қатты тигізді. – «Қой, қасымнан өткен біреу-міреу ай жарығымен байқап қалса ұят боп жүрер. Әскерге барған жалғыз мен емес шығармын. Айт, два», – деп бір айтты да, дипломатының тұтқасын қыса ұстап, қарапайым жүргіншідей жаяу аяңға басты. Жарым жолдан асты. «Мынау – қойшылар мен бақташылардың отбасына арнап соғылған қатар там, мынау – пошта. Екі жыл жазған хатым осы үйге түсіп тұрды ғой. Поштаның болғанына да шүкір. Мынау – ескі клуб, мынау… – айналасы атшаптырым көгалды алқап ай сәулесі астында көзге қораш көрінді. – Балалар доп қуатын стадион еді». Бір жағындағы қақпаның құр орны тұр, ар жақтағы қақпаның сорайып жалғыз ағашы қалған. «Бұл не, отқа жақты ма екен? Отқа жағатын қызыл жыңғыл мен сексеуіл жеткілікті емес пе? Әлде балалар футбол ойнамайтын болған ба?» Өзі жас күнінде айдалаға – «аутқа» кеткен допқа жүгірген «барып кел, шауып кел» болса да, ауыл балаларының футболы қызық еді. Жай қарап тұрып, сүрініп кеткен мен тоңқалаң асқандарды көріп, мәз болатынсың.
Жол оңға бұрылды. Енді бір үш жүз адым аттаса, туған шаңырағына аяқ тірейді. «Әжем не істеп жатыр екен?» Өзін бауырына басқан кейуананы көз алдына әкеліп, айналасына мойын бұрмай аяғын шалт басты. Көше тыныш, түн марғау. Барлық үй ұйқы құшағында, терезелері тастай қараңғы. Міне, өз үйінің темір қақпасына қолы тигенде байқады – ішінен құлыптаулы екен. «Есек кіріп кетеді деп құлыптап жатады ғой. Есік алды толы есекмия. Темір қақпаны ұрғанмен ешкімді ұйқысынан оята алмайсың. Түн жарымнан енді асты, тауық шақыруға әлі ерте. Солдат Байшуақов, турникке қалай асылып, «козелдан» қалай секірдің, көрсет өнеріңді» деді де, қақпаның темір тұтқасына сол аяғын тіреп, оң аяғын алға созып, арғы бетке ытқып түсті. Сол кезде қара дипломат та қара жерге томп етті. «Ішінде сынатын ештеңе жоқ, тек әжеме деп алған екі әшмүшке үнді шәйі мыжылып қалмаса…» деп, пойызда өзбектен арзан бағамен сатып алған екі әшмүшке үнді шәйін ойлады. «Әжем терлеп-тепшіп отырып ішсе деп едім».
Ол жұдырығымен есікті ұрды, саусағымен терезені шертті.
– Бұл кім, әй! – деген жеңгедей болған шешесінің жарықшақ даусы естілді.
– Солдат Байшуақов!
– Не дейд?..
Сөзі жараспайтын анасының даусы құлағына майдай жақты. Екі жыл көріспеу оңай ма?
– Кімсің, әй? – деді тағы да жарықшақ дауыс.
– Сұлтанбекпін. Әскерден келдім.
– Не дейд? – деп анасы ілгекті ағытып жіберіп, қабырғаны шырт еткізгенде айнала самаладай жарқырап, етегі делеңдеген шинель киген сыптай солдат қарсы алдында тұрды.
Анасы Күлпара көзі бақырайып үнсіз қалды, екі жыл көрмесе де, құшағын ашып жақын келмеді, сағынышты сөз де айтпады.
– Әкеңді оятайын, – деп ішке кіріп кетті.
«Әжеңді оятайын деп неге айтпайды-ей?!».
Ақ дамбалы делеңдеп, ақ көйлегінің бір жеңі түріліп, бір жеңі алақанын жауып, тапал бойымен қортаңдап әкесі шыққанда, Сұлтанбек бес саусағын шекесіне қойып:
– Рядовой Байшуақов прибыл! – деді саңқ етіп.
– Не деп оттап тұрсың-ей, шешеңнің..! – деп Байшуақ қорбаңдап баласын құшақтай бергенде, «Әжем қайда?» – деді әкесінің құшағынан сытылып шығып.
– Қазір.
Босағадағы кішкентай бөлменің шамын жаққанда, көне көрпені жамылып, басын ақпен ораған кейуана еңкейіп кеп қолын ала берген көзінің ағы мен қарасындай немересінің иығына әлсіз саусағын тигізіп:
– Көрдім бе? – деді де, үнсіз қалды.
– Күтіп жатыр екен ғой, – деді Байшуақ.
– Не болды? – деді Сұлтанбек.
– Әжең сені күтіп жатыр екен. Сені көріп кетті.
– Өліп қалды ма? – деді көзі бақырайып.
– Жүріп кетті, – деді әкесі.
Сұлтанбек өкіріп қоя берді, екі иығындағы «СА» деген жазуы бар қос погоны селк-селк етті.
– Пойыз үстінде өзбектен екі әшмүшке үнді шәйін сатып алып едім, терлеп-тепшіп отырып ішсін деп… – Еңк-еңк етіп сөйлеп тұр. – Енді кімге еркелеймін, – дегенде, туған шешесі:
– Әй, әке-шешең тірі ғой! – деді жұлып алғандай.
Ауылдағы Ленин
Сұлтанбектің солдаттық «демблі» сағынышпен басталып, қайғымен аяқталды. «Кейуана күтіп жатыр екен, жарығын бір көріп, үзіліп жүре бергенін қарашы» деген жұрттың сөзі көңіліне демеу болса, «Келдің бе?» деген әжесінің майдай жұмсақ даусы құлағынан кетпей қойды. Көрші-қолаң, ағайын-туыс, ауыл-аймақ түгел көрісіп, көңіл айтып болған соң «міндетіңді атқарып, аман-есен келдің бе?» дегенде әжептеуір жабағысы көтеріліп қалса, «әйтеуір, әжеңді көріп қалдың» деген сөз де дәтке қуат болды. Үш дос – үш сыныптасы келгенде қатты егілді. Олардың ожарлығы мен майрампаздығын бір адамдай көрсе де, дәл осы күні кешіріп, сағынып келген құрдастарының иығына басын салып, өкіріп қоя берді. Үшеуі де әжесінің зиратына қолды-аяққа тұрмай томпитып топырақ үйді, үйге келгесін де қаралы үйдің ол-пұлын түгендеп, зыр жүгіріп жүрді.
Әжесінің жетісін бергесін достарымен бірге ауыл шетіндегі жеміс бағына келді. Бүкіл ауыл жұрты 1-мамыр мен 7-қараша секілді айтулы мерекені осы баққа кеп өткізіп, көңіл көтереді. Отыратын жайлы орындықтар да бар. Алма мен шиенің саясы, ақ теректердің астындағы шалғын көрпе төсегендей жұп-жұмсақ боп жамбасқа жайлы тиеді. Бірақ, осындай көңіл көтерулерден кейін әр жерде мойны сорайып ақ арақтың бөтелкесі мен балмұздақ орайтын алабажақ қағаздар желп-желп етіп желмен шайқатылып жатады. Бақшаның сыпырушысы жеті баласы соғыстан қайтпаған Ұлтуар апа үн-түнсіз ыбырсып жатқан қалдықты жинап жүреді. « Менің ұлдарым да тірі болса осылай қолға ұстағанын көрінген жерге лақтырып тастар ма екен?» деп ойлап жүре ме, әйтеуір ешкімге тіл қатып, сөз сөйлемей күйбеңдеп, күл-қоқысты жинап кетеді.
Бүгін түс ауа Сұлтанбектің үйіне Есіркеп келді. Ол мектепті тәуір бітіріп, Ленинград Азаматтық авиация институтын тәмамдап кеп аудандық ДОСААФ-қа жұмысқа тұрды. Мамандығымен жұмысқа іліге алмаған соң жалғыз шешесінің қас-қабағына қарап, аудан орталығына қатынап істеп жүр.
– Жүр, баққа барып отырайық. Әжеңнің жетісін өткердің, енді көңіліңді көтер, – дегесін соңынан еріп жүре берді.
Бақтың бір кереметі – дәл ортасында Лениннің оң қолын алға созған аппақ ескерткіші тұратын. Бұл – осы бақтың, осы ауылдың айбары еді. Мерекелік жиналыс басталмас бұрын ел-жұрт қайдан болса да тауып әкеп, ескерткішке гүл шоқтарын қоятын. Жиналыстан кейін осы жерде ән айтылып, көңілді отырыс өтетін. Мектеп бітіру кеші секілді салтанатты сәттер де осында өтетін, көкірегі түртиген қыздар мен түбіт мұрты тебіндей бастаған балаң жігіттер ескерткіш түбінде үйіріліп тұрып бір-біріне қимастық сөздерін айтатын. Бұлар мектеп бітірген күні де бәрі таң атқанша осы жерде отырды.
– Қаладағылар костер жағады дейді, біз солардан кембіз бе? Біз қалаға да, далаға да ортақпыз, – деп «Мәріп көпірдің» баласы – есерсоқ Асқар шөпшек жинап, от жақты. – Олар қой мен ешкіні, бидай мен күрішті ажырата алмайды. Ең сорақысы, қазақша сөйлей алмайды екен. Әкемді атақты көпірші деп Алматыға көрмеге шақырғанда мен де бірге бардым, сонда көрдім ғой, қаланың балдарын, «нан» дегенді «хлеб» дейді екен, солардың ата-анасы профессор, шетінен оқымысты.
– Бәріне қоғам кінәлі, – деп Есіркеп Ленинградта оқып, ел мен жер көргенін алға тартты. – Уақыт кінәлі.
– Уақыт, уақыт дейсің. Уақыт адамға бағынбай ма? – деп есалаң Асқар дес бермей кетті. – Бәрі адамның қолында. Адам не істеймін десе де істейді…
– Мына жердегі ескерткіш қайда кеткен? – деді Сұлтанбек орны ғана қалған ескерткіштің тұғырына таңдана қарап.
– Не, қорқып тұрсың ба? – деді Асқар енді оған тап беріп. – Әскерге барып келдің, енді қорқақтықты қойған шығарсың? Стариктер артыңнан теуіп жұмсаған шығар, – деп сәл іркіліп қалды. – Мен әскерге бара алмай қалдым. Қанша барғым келсе де, жүйкеңнің бір жері дұрыс істемейді деп доғдыр қол қоймай қойды. Әкемде ақша жоқ, военкомға беретін. Сені әкең пара беріп алып қалса, менің әкемнің баласын Отан қорғауға жіберетін ақшасы болмады.
– Сонда бұл ескерткішті неге алып тастады? – Сұлтанбек екі жыл елде болмаған әуестікпен тағы да сұрады.
– Заман өзгерді, құрылыс құлады. – Питер көрген Есіркеп баппен сөйледі. – Қисық аяқ Сейітқазы «Беларусімен» сүйретіп, шошқа баздың түбіне апарып көміп тастады. Парторг солай деп бұйрық беріпті. Ауылдың бала-шаға, қатын-қалашы «Мынау тірі адам ба? деп көшеде сүйретіліп бара жатқан сұлбаға зәресі ұшып қарап тұрыпты. Ай, риза болғаным-ай, қисық аяқ Сейітқазыға, «Беларусінің» түтінін будақтатып, көше аралатып сүйрепті ғой.
– Неменеге риза болдың? – деп есалаң Асқар енді Есіркепке тап берді. – Әкеңді аямаған Лениннен кегіңнің қайтқанына риза болдың ба?
Есалаң Асқардың білмейтіні жоқ. Сақалы жерге тиген әкесі – Мәріп шал шежіре кісі. Кім кімге жақын, кім қай атадан тарайды, бәрін баласының құлағына құйып отырады. Кім қыпшақ, кім табын, кім төре, кім қожа – ауылдың демографиясын ажырата алмайтындар Асқардан сұрайды. Әкесі ел тарихын да тереңнен қозғап, колхоздың қалай құрылғанын майын тамызып айтады.
– 36-шы жылы, колхоз порторгі, анау сенің сыныптасың Есіркептің әкесі Шәдібек, үш ай жаз цемент пен батпақты жалаң аяғымен кешіп жүріп, осы ескерткішті орнатты. «Үш айда бітіресің» деп райком нұсқау берді, бітірді. Бірақ… – деп тақиясын шешіп ап тақырлана бастаған төбесін сипады.
Асқар о бастан өжет, тұлабойында арлы-берлі лықсып тұрған ыстық қаны бар. Сол жолы әкесіне де тап берген.
– Көке, осы сіз әңгімені тәп-тәуір бастайсыз да, ортан беліне келгенде шорт кесесіз. Осы не әдет?! – деп күрек тісі ақсиып, айбат шеккен. Сонда көнекөз Мәріп шал қасында бөгде ешкім болмаса да, айналасына қарманып бір қарап ап:
– Ескерткіште ұлы көсем Лениннің алға созылған қолы толық көтерілмей тұр. Демек, сен Ленин лұғатына мойынсұнбайсың деген желеумен Шәдібекті де 58-ші баппен халық жауының қатарына қосып жіберген. Үш ай жаз лай мен цемент кешкен күндері есепке алынбады. 37-де кеткен Шәдібек 48-де әйтеуір аман-есен сүйегін сүйретіп оралды ғой, – деген төмен шұқшиып.
Осы сөзді есіне түсірген есалаң Асқар Есіркепке тағы да ауыз салды.
– Ленинградқа оқуға түскенде не стипендия, не жатақхана бермеді деп ең ғой. Бар кінәң – халық жауының баласы екенсің. Сен өзі бес жыл ұшқыштың оқуын оқып, ДОСАФ-та не бітіріп жүрсің? Сол жерде сегіз бітірген менің жиенім де жұмыс істеп, айлық алып жүр. Онан да Бәйгеқұмдағы СПТУ-ді бітірсең, трактор бригад боп шалқып жүрер едің.
Ел мен жерді, Қысқы Сарай мен мавзолейді, Лениннің оң жұдырығын түйіп жатқан өлі денесін көрген Есіркеп есалаңмен сөз таластырмады.
– Уақыт қой, – деді де қойды.
– Ленинді көшемен сүйретіп бара жатқанда кемпір-шалдың «Қайран, Шәдібектің есіл еңбегі-ай!» дегенін оң құлағыммен естідім. Сол Ленин саған не берді? Әкеңді соттап, қазақшаңды орысша қылғаннан басқа… Қой, бар бәле Лениннің өзімен кетсін. Қазір біз басқа қазақ, басқа Қазақстанбыз. Мынау екі жыл көрмеген қорқақ Сұлтанбекті кейде Ұлтанбек деуші едім. Енді қойдым, олай айтпаймын, бұл Отан қорғап келген жігіттің сұлтаны. Әжесі өлді, көңіл айттық, тоқсанға келді, той ғой кемпірдікі. Енді сенің ортаға қосылғаныңды неге атап өтпейміз. Өзің алқаш Байшуақтың баласысың, – дегенде, Сұлтанбек тіксініп қалды.
– Әлі іше ме? – деді сұраулы кейіпте жіпсік көзін жыпылықтатып.
– Қазір әкең ардагер ішкіш атанған. Қайта құру келгелі, бригадирліктен түскелі еркін сермейтін болған. Бұрын да ешкімнен сескенбеуші еді. Жаңа жұмысқа ілігіп, жаңа трактор-комбаин, жаңа жеңіл көлікке қол жеткізгендер бір бөтелке әкеліп, әкеңнің батасын алады.
– Сонда не дейді? – деді Сұлтанбектің көкірегінде бір иір-шиір ағыс бұлаң қағып.
– Мәшинеңнің балоны тозбасын, комбаиныңның өңеші кең болсын, жартысын өзің, жартысын өкімет жесін, – деп ақ батасын береді. Жұрт «Байекеңнің батасын алдық» деп мәз боп қайтады.
– Қоятын кезі болды ғой, – деп Сұлтанбектің бойынан намыстың ақ қояны ытқып кетті.
– Сен әскерде жүргенде, «осы бала аман-есен келіп, қатын алған күні, құдаммен бір соғыстырам да, ішуді паққас қоям» депті. Тірі болсақ, оған да аз қалды.
– Сен, көп сөйлей бермей барып кел, – деп Есіркеп есалаң сыныптасына қалтасынан ақша суырып ұсынды. – Сыра әкел.
– Сен физкультурный үністет бітірген спортсменсің ғой. Аяғың жеңіл, – деп Асқар енді кеуделі де иықты, тығыршықтай Жасанға шүйлікті. – Халық жауы баласының ақшасын армансыз жаратайық, сен барып кел. Осы, Лениннің ескерткішінің тұғырында отырып ұсталып кетіп жүрмейміз бе? – Асқар күрек тісі ақсия күлгенде сыған тектес қара қошқыл өңі кешқұрым біртүрлі сұсты көрінді.
– Саясатты да, тарихты да өлтіресің. Сен жоқтан бар жасайсың ғой, тауып әкел, – деді Есіркеп есерсоққа еміне қарап.
– Бұл – халық жауының баласының қалтасынан шыққан ақша емес, ДОСАФ-тың ақшасы ғой, – деп Асқар сөйлеп бара жатты.
Үн-түнсіз отырған Жасан кең тыныс алып, ескерткіш тұғырына арқасын тіреді. Сұлтанбек топырақты жарып шығып, төбесі көрінген көк шөпке шалқасынан түсіп жата кетті.
– Біздің өміріміздің көбі осы ескерткіштің түбінде өтті ғой, – деді сап-салмақты сөйлеп.
– Бұл – біздің ауылдың Қысқы Сарайы ғой, – деп Есіркеп көзбен көргенін ауылдың айшықтарымен салыстыра бастады. – Жақсы болса да, жаман болса да, әкеміздің артында сөз қалды. Ескерткіштің тұғырын көрген жұрт, әйтеуір әкеміздің атын атамай қалмайды, – деп ол да тас тұғырға арқасын сүйеді. – Анау бәдік келгенше құлағымыз тыншысын. Сен тырп етпей жата бер, – деп әскерден «мың қой айдап келген» Сұлтанбектің шәниіп жатысына рақаттана қарады.
«СМАХАН ШЛӨЗІ»
Бұлар Сейітқазы сүйреп алып кеткен ұлы көсем ескерткішінің тұғыры алдында жұлдыз туғанша отырды. Әрнені айтып, әсерлісі бар, әсерсізі бар, көп оқиғаның төбесіне су құйылды. Аттестат алған күні күйеуге қашып кеткен Анардың қызы бес жасқа келгенінен бастап, сүндетке кеш отырған Тілеске ешкім тимей басқа ауданнан қыз айттырғанына дейін әңгіме өзегіне айналды. Әңгімені бастайтын Асқар болса, тып-тыныш отырған қалыпы бар-жоғы белгісіз Жасан сол күйі үн қатпады. Әскерден елді сағынып келген Сұлтанбек: «Суға түскім келеді, ауылдың суын сондай сағындым» деген кезде Асқар тағы да алға кетті.
– Су перісінің баласы мынау отыр ғой. Жаз шыққан күні түсіреді, – деді Жасанға қарап. «Су перісі» дейтіні – бұл ауылда «Смахан шлөзі» деген атау бар. Алып арнаның егістікке алып барар тұсына 50-ші жылы қолдан шлөз соғылған. Ел-жұрт бұны «Смахан шлөзі» дейді. Шлөз – ағын суды көбейтіп-азайтып тұратын қақпа болса, сол қақпаны «Қызылтаңның» тағы бір қарапайым адамы Смахан соғыпты. Ол – мынау отырған үндемес Жасанның әкесі. Талтүсте керзі етікпен цемент илеп, оны арнаға құйып, ерте көктемде бүрсеңдеп жүріп, өзі бас боп осы шлөзді бітіріпті. «Мәріп көпірден» кейін аты қалған бір адам осы Смахан болса, өлгенше өзі соққан шлөзде қарауыл боп өтті.
– Сол кездің адамдары жұмысты қалай әрі жылдам, әрі құнттап істейді, – деп ашық ауыз Асқар әкесінен сұрағанда Мәріп шал асықпай жауап берген.
– Ол кезде тыңғылықты жұмыс істемеген адам өзінен-өзі істі боп кететін. «Халық жауы» деген қармаққа ілігетін. Бәрі Стәлиннің қаһарынан сескенетін. Ол өзі бір жағынан әділ, бір жағынан… – деп тоқтап қалды. Сенің әлгі сыныптасың Есіркептің әкесі де үш ай жаз цемент кешіп жүріп орнатқан Лениннің ескерткішінің оң қолы дұрыс көтерілмей тұр, демек, сен де Лениннің қағидасын қолдамайтын халық жауысың деп, 58-ге іліктіріп жіберді емес пе? Әрнәрсенің жоспары мен міндеттемесі болатын. Жоспарды орындау үшін жөн-жосықсыз істер істелетін. Ұрлық та, кісі өлімі де, бәрі сол жоспар мен міндеттемеден шыққан жосықтар. «Халық жауларын» ұстау жоспары да… – деп тілін тістеп қалды. Әйтеуір Смахан екеуміз қармаққа ілінбей қалдық, – дегенде, Асқар апыл-ғұпыл іліп әкетті.
– Байшуақ ше, Байшуақ? – деп Сұлтанбектің әкесінің атын дауыстап атады.
– Ол ішеді ғой, бастықпен, райкоммен соғыстырып ішеді. Ішкен адам жағымды. Ленин орденін тақты. Әйтеуір бізге зияны тимесе болды да…
– Жаз шыққан күні «су перісінің» баласы шлөзге апарып суға түсіреді, – деген Асқардың сөзінен кейін орындарынан тұрғанда жұлдыз шығып қалып еді.
Үшеуі қисалаңдап үйге қайтты, Жасан ғана ащы судан ауыз тиген жоқ. Сонан бері де ай жарым уақыт өтті. Сұлтанбек әжесінің қырқын беріп, көктем қол бұлғап, оңтүстікке жадырап жаз келді.
– Сен бүгін қандай күн екенін білесің бе? – деді Асқар әжесінің қырқын берген күннің ертесіне екі сыныптасын ертіп Сұлтанбекке кеп.
– Жоқ,
– Өй, қорқақ. Білсең де білмеген боп тұрсың ғой, әлде айтуға қорқып тұрсың ба? Өзің Отан қорғап келдің. Бүгін сенің туған күнің әрі соғыс басталған күн. Екінші дүниежүзілік соғыс.
– Оллаһи, есімде жоқ.
– Киін, суға түсеміз. Кеттік, «Смахан шлөзіне».
– Шлөзге ме? – Сұлтанбек еліріп кетті. Бала күнінде шлөзден тік шаншылып сүңгіген ересек балаларға қызыға қарап тұратын, өзі де осылай сүңгісем дейтін, бірақ жүрексініп, батылдығы жетпей беті қайтатын. Жөндеп жүзе де алмайтын, толқып аққан бұйра ағыс біртүрлі адамды тартып әкететіндей көрінетін. Асқар мен Есіркеп жүгіріп кеп тік шаншылып сүңгіп жатқанда «мен неге қорқам» деген ой бойына қуат беріп, бұл да шлөзден төмен қарай құлдилаған. Қорқатын түк те жоқ екен, сидам білегін сермеп жүзіп, жағаға шықты. Жасан сол кезде-ақ әрі құлаштап, әрі арқасымен жүйткіп еркін жүзетін. «Әкесі соққан шлөз ғой, не істеймін десе де өз еркі» деп ол қызыға қарап тұратын.
Күн қызып, ел-жұрт күйбең тірлікке кіріскенде бұлар шлөзге келді. Питер көрген Есіркеп сыртында «Житомир» деген жазуы бар төрт бөтелке сыра алыпты. «Күн ыстық, шөл басамыз», – деп әдетінше біреуге істер жақсылығынан аянып отырған жоқ. Бірақ, бұлар ойлағандай емес, шлөздің су тартар қақпасы сәл ғана көтеріліпті, су да мөлт-мөлт етіп сылбыр ағып жатыр.
– Мынаған не болған? – деді Сұлтанбек арнаға көңілі толмай қарап. – Бұрын мұндай емес еді ғой.
– Қазір егіс жоқ, егіс болмаған жерде су қайдан болсын, – деді Асқар білгіштігіне салып. – Судың рақатын жолай өзбек көкелерім көріп жатыр.
Әшейінде шалқалап жүзіп, жұртты таң қалдыратын Жасан да тізеден келетін суға әуелі қол-басын шайып, сосын етбеттеп көкірегін батырды.
– Ішдәрет алып болдың ба? – деді тілі ащы Асқар әдеттегі сарынына салып. – Әкеңнің соққан шлөзі суға жарытпай тұр.
– Жасанның әкесінде кінә жоқ, Смахан көкенің еңбегі – еңбек, – деп әділдігі атойлап тұрар Есіркеп ара түсе батады.
– Сонда кім кінәлі? – деп әскерден келгеніне екі ай болған Сұлтанбек те еркекше едіреңдеп сұрау салды.
– Бұл былай, – деді байыпты Есіркеп бағамдап сөйлеп. – Жер сатылып жатыр. Егіс аз, тіпті жоқтың қасы. Егіс аз болғасын су да аз.
– Жерді кім сатып алды? – деді Сұлтанбек түкке түсіне алмай.
– Қалтасы қалыңдар.
– Сатып алғасын егін екпей ме?
– Олар келістіре алмай жатыр. Не егерін, қалай егерін білмейді. Егістің тілін білетін адам қалмады. Бәрі күнкөріс үшін басқа жаққа көшіп жатыр.
– Енді бұл жер солай жата бере ме? – деді Сұлтанбек шын ширығып. -Баяғыда күріштің отағын отап, қалың қамысты «чапаевша» сұлатып, көзін жойушы едік.
– Отақ отап жарытқан шығарсың. «Шайтаннан қорықтым» деп жылап-сықтағасын әкең «қол-аяғы сырқырайды» деп анықтама алып кеп, атына мінгестіріп алып кетіп еді ғой, – Асқар тағы да өткенді қозғап, тілінің бізін сұғып-сұғып алды. Көкірегінде өткен күнге деген бұқпантайлап жатқан ызасы бар секілді.
– Жерді сатып алған адам не істеймін десе, соны істейді. Өзбек жалдап там соғатын шығар. Кешегі егістік енді шүпірлеген тұрғын үйге айналады, – деп көкірегінде сәулесі бар төртеудің бірі Есіркеп бәріне басу айтты. – Жүріңдер, анау жиденің түбіне барып сыралатайық, – арна жағасында киім-кешектің қасында томпиып жатқан ала дорбаны жалғыз жиденің көлеңкесіне қарай алақанына іліп ап салбыратып алып кетті. Жасан үн-түнсіз қалпы қызылала газетті дастархан ғып жайды.
– «Караван», – деді Сұлтанбек газетке үңіліп. – Осындай да газет бар екен-ау. Өзім «Өскен өңірді» сондай сағындым, – деп аудандық газеттің атауын атады.
– Бар. Бәрі бар. «Социалистік Қазақстан» «Егемен Қазақстан» боп, «Лениншіл жас» «Жас Алаш» боп өзгерді. Тәуелсіздік дегеніміз осы, – деп Есіркеп бөтелкенің түбін алақанымен сарт еткізіп бір ұрғанда дөңгелек тығын ытқып кетіп, сыраның көпіршігі быж етіп сыртқа шашырады.
– Төртеумізге төртеу.
– Беларусияда су да, орман да орнында, – деп Сұлтанбек көзбен көргенін айта бастап еді, Асқар тиып тастады.
– Бұл сенің туған жерің, Байшуақ баласы! Туған жерің не істесе де көнесің. Ал, тартыңдар! Суға сүңгімедім деп ренжіме, Сұлтанбек, қалаға барып бассейнге түсесің. Беларусияда түскен шығарсың бассейнге?
Сұлтанбек бала күніндегідей көзін жыпылықтатып, сөздің бәрін жауапсыз қалдырды.
– Осы, сен, Жасан, физкультурный үністет бітіріп, денешынықтырудан сабақ беріп қала бересің бе? – Асқар енді тып-тыныш отырған Жасанға тиісті. – Біздің балдар өзіңді «ДШ ағай» дейді.
– Ей, Асқар, «Физкультурник мектеп директоры болмайды, стомотолог бас дәрігер болмайды» дегенді білесің бе? – Есіркеп тағы да қала көріп, көп оқығандығын аңғартты.
– Өзі жауап берсін. Бұл да сен сияқты оқыған, анау-мынау емес, Алматының физкультурный үністетін тауысқан.
– Есіркеп берді ғой жауабын. – Жасан сасар емес.
– Өй, ақымақ, неге пара бермейсің. «Смахан шлөздің» баласы деген атың бар. Неге бермейсің? Егер берсең, сенің не бітіргеніңе қарамас еді.
– Әкем елу жыл бұрын соққан ғой шлөзді.
– Ей, ақымақ, мына қорқақтың әкесі военкомға 100 сом пара беріп, бір емес, екі жыл әскерден алып қалып, ақырында өзі сұранып барған жоқ па?!
– Оның әкесінің Ленин ордені бар ғой.
– Ленинің де біздің ауылдан кеткен жоқ па? Соны нәйеті қисық аяқ Сейітқазы сүйреп апарып, шошқа баздың түбіне көміп тастаған жоқ па?
– Менің әкемде ақша жоқ, тек «Смахан шлөзі» деген аты болмаса…
– Өй-й, сен де… – Асқар бұл «объектіден» де күдер үзгендей кенересінде жылт-жылт етіп су көрініп жатқан арнаға көз салды.
– Бала күнімізде тік шаншылып сүңгуші едік. Қарашы, дәрет суға жарымай отырғанымызды. Енді бізден туған балдар қалай жүзу үйреніп, қалай әскерге барады. Әскерде жүзу білмейтіндерді не деп атайды?
– Водолаз, – дейді.
– Ых-ых-ых, – Асқар тамағын қырнай күлді. – Соны біліп келгеніңе де шүкір, – деп Сұлтанбекті тағы бір тұқыртып өтті.
– Сен қызып қалғансың-ау деймін, – деп Есіркеп Асқарға қарады. – Неге екі жыл ауылды сағынып келген адамды тобақазығына тақай бересің. Әлде сусын аздық қып отыр ма? Жетпесе күштісін алып кел, – деп арна жағасында маңқиып тұрған есігінде ДОСААФ деген жазуы бар тапал мәшинеге қарады.
– Жоқ, ә, керегі жоқ. Менің де ішімді бір нәрсе тырнап барады. Сұлтанбек біздің екі жыл көрмеген қонағымыз, қонақты жөндеп күтейік. Ішім ашығасын айтқаным ғой. Бар судан да, дәннен де айрылдық. Судың бәрін «Сендерге керек болмаса, бізге керек» деп жолай өзбек көкем пайдаланып жатыр. Бізге сонда не керек, айтшы, сен Ленинградта оқығансың ғой. Егіс керегі жоқ, су керегі жоқ, мал кетті өрісін таппай. Қалған-құтқанын ауылдың тұрғындары күн бата пойызға салып ап Төретамға апарып сатып жүр. Пойызға адам мінуші еді, қазір пойыздың тамбуры толы қой мен ешкі. Енді олар сиыр мен өгізді де мінгізеді пойызға. Ұрылар бас көтеріп тұр, оларға заңның тісі батпайды. Енді не істейміз? Бізді ешкім тыңдамайды, «қой дейтін қожа жоқ». Сенің әкең «халық жауы» боп жазасын өтеп, үйіңе кеп өлді, – деп Есіркепке қарады. – Менің әкем көнін көтере алмай үйде жатыр, – деп сұқ саусағымен өзінің көкірегін шұқыды. – Сенің әкең бар судан айрылғанына аһ ұрып, жұмақта жатыр, – деп Жасанға қарады. – Ал сенің әкең бәрінен жас, кімсің – атқамінер Байшуақ, Ленин орденін кеудесіне тағып жүреді. Сол неге Ленин орденін тағып ап райкомге барып, көрген-білгенін шыңғырып отырып айтпайды.
– Ленинді көміп тастаған жоқ па? – деп үндемес Жасан күңк ете қалды.
– Арақ ішуден қолы тимейді деп жүрсіңдер ғой. – Сұлтанбек бөтелкеде көпіршіп тұрған сыраны тамағы бүлкілдеп түбіне дейін қотарды.
– Жоқ, өзінен бата алуға келген жаңа көлік мінгендерді, жаңа трактор алғандарды ертіп, неге райкомға бастап бармайды? Сөйтіп, ел-жұрттың көзінше айтарын неге айтпайды?
– Райком емес, әкім, – деп түзетті Есіркеп.
– Мейлі, Шпанков баққан шошқа болса да. Халық боп, ел боп көзге түспей ме? Сонан кейін үйіне барып соғыстырып, темірге тілек айтып отыра берсін. – Асқар шаптығып кетті.
– Сен оқымай қалғансың, – деді Жасан Асқарға бір, әкесінің атам заманда соққан тас боп қатып қалған шлөзіне бір қарап.
– Бес жыл оқыған сен де «ДШ» боп жүрсің ғой. Менің «есерсоқ Асқар» деген атым бар, сол жетеді маған. «Атың шықпаса жер өрте». Біздің облысқа тағы бір күріш пен бидайды ажырата алмайтын мұғалім әйел әкім боп келе жатыр дейді ғой. Бұрын агроном күріш өсетін жерге, металлург көмір шығатын жерге бастық боп бармаушы ма еді? – Асқар сабасына түсіп, айналасына аңтарыла қарады.
– Менде бір ұсыныс бар, – деді ішінде жұғын қалмаған бөтелкені оң қолына қыса ұстаған Сұлтанбек. Бір бөтелке сыраға қызып қалған ба, тілі күрмеліп, көзі жасаурай тіл қатты. – Менің ұсынысым – бейіттің төбесі анау көрініп тұр. Әжемнің қырық күн болды ғой сонда жатқанына. Басына барып, Құран оқиықшы, – деп еңкілдеп жылап жіберді.
– «Бала көргенін істейді», «сынықтан басқаның бәрі жұғады». Байекең удай мас боп отырып та бата береді. Сен де ұзап кетпепсің. Ертең де күн бар емес пе? Аузың таза емес, бұл шариятқа жатпайды. Сен қаланың баласы емес, «Қызылтаңның» қара сирағы емессің бе? – Асқар ышқынбай баяу сөйледі.
Сұлтанбек еңк-еңк етіп, нар қамысы сорайып, сырты темірмен қоршалған зират жаққа қарап күбір ете қалды.
– Басымнан да бір сипай алмады.
– Бұны дарияға апарып, суға сүңгітейік. Сағынышы басылсын, – деді Асқар Сұлтанбекке аянышты көзбен қарап.
– Арнаға су тамызып отырған сол Сырдария емес пе еді? Ол да өкпелі баладай ішін тартып қалған. Аралға жете алмай армандап жатыр, – деп Есіркеп көп оқып, көп білетіндігін тағы бір байқатып қалды. – Әйтпесе ДОСААФ-тың мәшинесі жалко емес. Жүріңдер, Сұлтанбектің үйіне барып, Байекеңнің қолын алып қайтайық, – деп алға озды.
Төрт бөтелке сыраның аузы ашылмаған біреуі «ДШ»- Жасанның қолында, үш бос бөтелке асықпай аққан арна жағасында жер бауырлап қала берді. Дастархан боп жайылған «Караван» газеті қайда барып қонарын білмей қара жерге қызыл – жасыл бояуын төсеп желпілдеп жатыр.
* * *
– Ассалаумағалейкум! – деп кіріп келгенде біраздан бері төсек тартып жатқан Байшуақ басын жастықтан сүлесоқ көтеріп, қарсы алдында тұрған есерсоқ Асқарды көріп, есеңгіреп қалғандай тілін тістеп барып тіл қатты.
– Өй, «Мәріп көпірдің» баласы, қайдан жүрсің? – деп әлсіз қолын әрең ұсынды.
– Не, Байеке, сіздің үйге райкомнан басқа адам келуге болмай ма? Көңіліңізді сұрауға келдік. Сұлтанбектің әжесі өліп, әскерден келгенін атап өте алмадық. Соны жууға келдік.
– Өй, аузыңды!..
– Ассалаумағалейкум! – деп Есіркеп кіріп келді.
– Өй, Ленинді баққа қойғанның баласы да осында жүр ғой, – деп оған да күстенген быртық саусақтарын ұсынды.
– Ассалаумағалейкум! – деп Жасан да жәй басып келіп, қолын алғанда оған да таңғала қарап:
– «Смахан шлөздің» баласы да осында жүр ғой, – деп оған да ытқып шыққан ыстық рәуішін танытты.
– Қаліңіз қалай, көке! – деді Есіркеп байыптылығына басып.
– Қал осы. Қатардың көбі кетті. Біз, «Мәріп көпір» екеуміз ғана қалдық. Сендерді көргеніме де шүкір, – деп бір жөткірініп алды. Тығыршықтай тапал бойы босаң тартайын депті, быртық саусақтары да босаңсып, өсіп кеткен тырнақтарының астынан қарайып кір көрініп тұр.
– Сіздің көркіңізге қарап отыра береміз бе? Дастархан жаймайсыздар ма? Әлде Ленин орденіңізді бір көріп, қайта береміз бе? – деп Асқар ә дегеннен аптығып кетті.
– Дастарханды дастарханның иесінен сұра, – дегенде Сұлтанбек ортаға желп еткізіп шымқай көк жібек дастарханды әкеп жайды.
– Сен, жынды, Ленин деп айтып қалдың, сол Ленин біздің бақта тұра беруі керек еді. Ешкімге зияны жоқ, көз үйренген сұлба еді, анау қисық аяқ трәктірімен сүйретіп, шошқа баздың түбіне апарып көміп тастапты, дейді. Қолын созып тұрғаннан басқа не зияны бар еді, – деп шал қамығып қалды.
– Лениннің қызығын мына Есіркептің әкесі көрген жоқ па? Оны өзіңіз менен артық білесіз ғой.
– Иә, Ленині бар, Стәлині бар, бәрі қосылып, сылтауратып біразды қармаққа іліктірді ғой. Әйтеуір Шәдібек аман келді. Науқан ғой.
– Сол науқанды кім ұйымдастырды? «Қызылтаңдағы» Лениннің қолының көтерілмей тұрғанын Мәскеуде отырғандардан кім байқап қалыпты? Сіз өзіңіз осы ауылдың отыз жыл бригады болдыңыз. Сіз сонда Лениннің оң қолы онша көтерілмей тұрғанын байқадыңыз ба? Сол туралы сөз болды ма? – Асқар инесін сұққылап, төтесінен тартты.
Байшуақ селт етіп отырып қалды да, өзіне тән мәнермен:
– Өй, аузыңды, – деді. – Аузыңды! Сенің не дегің кеп отыр? Менің қолым таза. Мен сол сенің әкең соққан көпірден арлы-берлі ат арба мен кісі қарасы өткенде, әйтеуір аман өтсе екен деп зәрем ұшып, тілеуін тілеп тұратынмын. Бір жері опырылып кетсе, әкең де халық жауы боп айдалып кетер еді. Бір ауылға бір халық жауы жетеді. Мен сонда елден тығып, шешеңе бір қадақ бидай бергенмін, – деп қысқа білегі дір-дір етіп, Есіркепке көзін сығырайта қарады.
– Үлкен жақсылық жасаған екенсіз. Сонда осы науқанға кім кінәлі? Кімдер кінәлі деп ойлайсыз? – Асқар оқушыдан сабақ сұраған мұғалімдей бастырмалатып кетті.
– Партия. Бәріміз бір партияға бағындық қой.
– Сталин ше?
– Стәлінге тіл тигізбе. Ондай адам жоқ. Баласын да аямай соғысқа жіберді. Өзіміз ғой, бәрін бүлдіріп жүрген, бірінің астына бірі от жағып… көрші өзбектер неге ұсталмады? Олар бір-бірінің сөзін сөйлейді. «Мәріп көпір» мықты ғой, – деді тәмпіш танауымен «уһ» деп терең демалып. – Тіреуі мықты. Мына Сұлтанбек те әскерден келе жатып, жеті түнде сол көпірдің үстінде тұрып темекі шектім дейді, шешеңнің… – деп өзінің сөз бастап, сөз аяқтар «жаргонына» салды.
– Қазіргі құрылыстар неге сондай берік емес, Байеке! Телебезерден күнде көреміз, қаладағы үйлер опырылып құлап жатыр. Біздің ауылдікі де жетісіп тұрған жоқ. Там соғар болса, өзбек жалдап әуреге түскен біреуді көресің.
– Сен, аузыңды!.. Менен ығзам алуға келген мұғалім сияқтысың ғой өзің. Оны дәулерден, Елбасынан сұра. Қазір төрт қабырғасы тік тұрған құрылыс бар ма өзі, – деп сырқат шал шаптыға бастағанда Сұлтанбек көк дастарханның шетіне күміс подносты әкеп қойып, іле сәл имиіп, қос құлағынан ұстап, ысылдаған самауырды жеткізді.
– Қарашы, осы үйдің еркегі де, ұрғашысы да өзі боп жүр. Осыған бір теңін тауып берсеңдерші, дос болсаңдар. Келіннің қолынан бір кесе шәй ішіп өлсем, арманым жоқ, – деді әкесі іштегі мұңын сыртқа шығарып.
Есалаң тартынған жоқ, тағы да айтарын айтып салды.
– Жасын кішірейтіп, әскерден алып қалып едіңіз, енді жасын үлкейтіп, отырып қалған қыздардың біреуін айттырмайсыз ба?
– Сен де қырық жылғыны ұмытпайды екенсің. Әйтпесе Асқар боласың ба? Әкең тәуір жігіт еді, – деген кезде Сұлтанбек қатар отырған Асқар мен Есіркептің алдына екі қырлы стақан қойды да, – Жасан ішпейді, «ДШ» ғой,- деді. Оған бұлшық еті бұлтылдап, «футболка» жейдесінің қысқа жеңін керіп тұрған Жасан қыңқ демеді.
– Ал, Байеке, аман болайық. Тұрып кетіңіз. Мына Сұлтанбек әскерден келген күні әжесі өліп, көңілі құлазып қап еді, қырқы да өтті. Өлер кемпір өлді, енді өздерің аман болыңдар. Сосын бір шүйкебасты сүйреп әкелерміз, оны мойнымызға аламыз. Бұл өздігінен қатын да ала алмайды, бұл аймақтан бұған қыз тимейді ғой. Ал, алайық, – деп Асқар жартысына дейін құйылған қырлы стақандағы арақты түбіне дейін тартты да, таба наннан бір үзіп ап, тыржиған танауына апарды. Сосын тағы да ауыз қақпасынан сөз шіркінді лекітті кеп, бұрынғы бұрынғы ма, бұ жолы атылған оқ қарсы алдындағы сырқат жеңе бастаған егде адамның қақ маңдайынан тие бастады.
– Осы, Байеке, – деді көпіршіген екі езуін алақанымен бір сипап тастап, – сізді тірі кезіңізде алға салып, ауданның әкіміне апарсақ деп едік. Осы үшеуміз, мына «Мәріп көпірден» қалған бала – есалаң Асқар, бақтағы Ленинді тұрғызған «халық жауының» баласы Есіркеп, сосын мынау – «Смахан шлөзінің» баласы Жасан үшеуміз, өзіңізді алға сап, төсіңізге Ленин орденін тағып, әкімге барайық.
– Сұлтанбек ше? – деп әкесі қосып қойды.
– Оның орнына өзіңіз барасыз. Оның бар-жоғы… деп бір тұқыртып тастап, Сұлтанбекке қарады. – Айтасыз, біздің кім екенімізді, көрсін біздің көп екенімізді. Өзіңізді біледі, бізді осы «Қызылтаңның» қадасын қаққан үшеудің сідігі деп таныстырасыз.
– Тағы не дейін?
– Неге жер сатылып, күріш егілмей қалды? Неге қара қой мен түйе талан-таражға түсіп, күн бата ұрланып жатыр? Неге ауылдағы қызыл қырман жойылып кетті? Неге ел жұмыссыз қалды? – деп…
– Тағы не? – деді аңтарылып қалған Байшуақ аузы-аузына жұқпай сөйлеп отырған есалаң Асқарға жымысқы көзін қадап.
– Тағы… – Асқар тақиясын шешіп қолына ап, тақырлана бастаған төбесін сипады. – Мен сіздің балаңыз Сұлтанбекпен түйдей құрдаспын. Жиырманың екеуіндемін. Қарашы, жетпістің сегізіндегі сіз секілді тазбын, – деп Байшуақтың иегіне төбесін тақады. – Мен қашанғы уранда у жұтып жұмыс істеймін. Мен емес, ауылдың жиырмадағы балдарының бәрі – таз. Уран шаш атаулыны кеміріп жеп жатыр. Тапқан нәпақамыз тамағымызға жетпейді. Қашанғы біреу үшін жұмыс істейміз? Сол жердің бастығы қара қытай да, біз жалдамалы жұмысшымыз. Неге мен өз жеріме өзім қожа болмаймын? Неге мен ауылымның жерін жыртып, егінін салмаймын? Неге мен өз жерімнің пайдалы қазбасына өзім ие болмаймын? Анау Төретамдағы кірпиаз төрелер бірі қалмай көшіп кетті, Байқоңыр деген лас бәлекеттен құтылайық деп. Оу, көке, жер біздікі емес пе?
– Сен оттай бермей алдыңдағыны алып қой! – Сұлтанбек дауысын көтеріп, қайталап құйған қырлы стаканды нұсқады. Ішіп отырған екеу сөзге келмей бірден ащыға қол созды.
– Ал, не дейсіз, Байеке? – деді Асқар көпіршіген езуін алақанымен тағы бір сипап тастап.
Сәл тұнжырап, тығырыққа тіреліп қалған шал шайқалақтап кетті де:
– Әкім менімен артын да сүртпейді. – «Неге?» деген сауалды күтпестен, – Мен сияқтыны есігінен қаратпайды. Бір емес, екі Ленинді тағып барсаң да… Заманың көк тайғақ боп тұр ғой, – деді күбірлеп.
– Сіз ардагер емессіз бе? – деп бастырмалатып кеткен Асқарға:
– Ардагер де адам ба? – деген кезде моп-момақан боп отырған «халық жауының» перзенті Есіркеп:
– Байеке, жұртпен бірге жүз грамм алмайсыз ба? – деп қалды. – Ем боп кетер.
– Соны білетін шешеңнің… бар дейсің бе? – баласына оты кеткен жіпсік жанармен қарағанда Сұлтанбек тағы бір қырлы стаканды әкесінің алдына қойып, «Мәскеудің айрықшасынан» лекілдетіп, ортан беліне келтіре құйды.
– Ал, соғыстырайық, – деп үш қол бірігіп, үш қырлы стаканның шық-шық еткен дыбысы естілді.
Ащы суды тартып жіберіп, ілкіде маңдайынан шып-шып шыққан терді қотыр сүлгімен сүртіп тастаған Байшуақ бұрынғыдай емес, қабағы ашылып, маңдай қыртысы жазыла берді.
– Басқа нәрсе айтайықшы. Құдайдың басқа салғанын көрерміз, – деп қазақы көнбістікке сала сөйледі.
Отырыс түн жарымына дейін ұласты, тағы екі бөтелкенің басы кесілді. Ең соңында терлеп-тепшіген кеселді қарт пырылдап ұйқыға бөкті.
– Шалға тиіспейік. Осы тойғандарыңмен қайтыңдар, – деді үй иесі Сұлтанбек. Оның да тілі күрмеліп қалыпты. Әкесіне көрсетпей теріс қарап тұрып екі рет тартып еді, соны көтере алмай кәйіп боп қалған сыңайы бар.
– Ертең моншаға барайық, – деді бұларды шығарып сап тұрып. – Бойдағы арамның бәрін айдайық.
– Екі рет алғанға арам боп қалыпты. Осы сен шынымен Байшуақтың баласысың ба? – деп Асқар тағы бір қауып алды. Сұлтанбектің де бір айтары бар.
– Солай деп жүрміз ғой, – деп кемсеңдеп кетті. Ол әжесін ойлап, көңілі босап, аз ішсе де апиынның буына елтіп, егіліп тұр еді.
– Ескі клубтың алдында кездесеміз, – деді Есіркеп.
– Құп, – деген Сұлтанбектің естілер-естілмес үні шықты.
* * *
Биылғы көктемнің ақыры бұрынғыдай емес, ерекше құбылыс танытып, адамзатқа сыни көзбен қарап тұр. Қалың қардан кейін нөсер жаңбыр құйсын кеп. Үсті-үстіне төпелеген жаңбырдан қолына ұстағанын қалқан ғып бастарын қорғаштаған біреу, тек ауылдың элитасы – әйел мұғалімдер ғана қолшатырларын төбесіне көтеріп, дөңгелек күмбезге сытыр-сытыр тиген жауынның астында сырдаң қағып мектепке асығып барады. Еркек кіндік қолшатыр ұстау деген бұл ауылға қонбаған қасиет.
Төртеуі ескі клубтың алдында жолықты. Сұлтанбек тор сеткіге кір сабын мен жөкесін аудандық газетке орап салыпты, газеттің жыртылған саңлауынан ескі жөкенің мұрты тікірейіп шығып тұр. Питер көрген Есіркеп тап-тұйнақтай, сыртында футболшы Пеленің суреті бар қолдорбаға жуынып-шайынатын сүлгісі мен сабынын құнттап орап қойыпты. Жасанда ескі былғары дипломат, оның бар дүниесі қашан да осы былғарының ішінде бұғып жатады. Асқардың қолы бос. Оның кір сабыны да, жөкесі де – біреуден, арқасын езер атаймандары да қасына еріп келеді. Ол үшін бәрі кешірімді, өмір сүруі өзгеге міндет.
Сұлтанбек ақ қардың бетіне түскен жылы жаңбырдан кейінгі көк тайғаққа табанын тірей алмай тайып-жығыла берді.
– Солдатский етігімді киіп шығуым керек еді, мына жер тайғанақ екен, – деді тағы бір тайып жығылып жатып.
Қарулы Жасан қолтығынан демеп еді, екі аттап тағы да томп ете қалды.
– Сені «Мәріп көпірге» дейін қолтықтап бармасақ аяғың тайғанай береді екен. Екі жыл әскерде қалай жүрдің? – деді есерсоқ Асқар ескі әуеніне салып.
– Беларусь орманы тайғақ емес, қайда барсаң көк шөп. Оларда біздің ауыл секілді колхоз тарамаған. Бәрі бұрынғыдай.
– Туған ауылың тайғақ боп тұр ғой. Бұл жер құласаң да жамбасыңа майдай жағады. Сөзінің түрін қара. Екі жыл әскерде болған екен, екі жыл соғыста болсаң не дер едің… – Асқар бастырмалатып кетті. – Осы біз сен үшін келе жатырмыз. Сенің бір ауыз сөзің үшін… әскерден келдің, әжең өлді. Сенің көңіліңді аулайын деп… әйтпесе бір құман су бізге жетіп-артылады. Теріс қарап тартқан жүз грамың бойыңнан тез шықсын деп… Тез жүр. – Асқардың аузы босар емес, Есіркеп үн-түнсіз Сұлтанбекті жас балаша қолтықтай жөнелді.
– Осы, – деді Есіркеп артында селпеңдеп еріп келе жатқан Жасанға мойнын бұрып. – Жуынып-шәйініп, Сұлтанбектің бойындағы апиынды айдап шығып, төрт көзіміз түгел, тап-таза күйімізде әкімге барсақ қайтеді. Мынау Ленин орденді Байшуақтың баласы дейміз, бәрімізді бір-бірлеп таныстырамыз. Бәріміз де жақсының көзіміз дейміз. Кеше Байекеңе айтқан әңгімені әкімнің өзіне айтамыз.
– Кіргізе ме? – деді тайғанақтап келе жатқан Сұлтанбек.
– Кіргізбесе күшке саламыз, – деді тарамыс Жасан аяқ астынан жабағы жүні көтеріліп.
– Кірдік. Айттық дейік. Әкімнің көзі бақырайып, қолына телефонын ала салысымен төртеумізді бет-аузын тұмшалаған мілитса қоршап ап, қолымызға кісен сап… түрмеде көзімізді бозартады. Бізге ештеңе емес, мынау үйленіп, әкесіне қызық көрсетсем деп жүрген Сұлтанбек бір күн түрмеге шыдар ма екен. Әкесі естіп, ажалынан үш күн бұрын ана жаққа аттанып кетпесе… Қой, баласын аман-есен қолына тапсырайық. Қаладағылар-ақ шыға берсін көтеріліске, солар да түрмеде көздері бозарып, жетісіп жатыр дейсің бе? Біз моншамызға түсіп, тып-тыныш қайтайық, – Асқар даланы басына көтеріп, тарғыл даусымен қарқылдай күлді. – Әкімге бара қалсақ, кешегі «халық жауының» баласы, сенің статьяң ауыр болады, – деп Есіркепке қарағанда сөзге елігіп, Асқардың аузына қараған Сұлтанбек тайғанақтап барып тағы да етбетінен түсті. Құлап жатып, сөйлеп жатыр.
– Неге осындай жерлерге Беларуссиядағыдай құм сеуіп қоймайды екен, – дегенде әскерден алып келген бір қап желінің ең соңғы уысы денесінен пыш етіп сыртқа жол тартты.
– Құмды «Мәріп көпірден» әрі қарай себеді. Ол жақ – қала. Аудан орталығы «Мәріп көпірден» басталады. Әкімнің мәшинесінің дөңгелегі тайғанақтамай дұрыс жүруі керек. Сен «Қызылтаңның» қазағысың. – Асқарға айтар сөз табылды. Қашанға дейін шырқар екен.
«Мәріп көпірге» де таяқ тастамдай жер қалды. Жып-жылтыр көк тайғақта сүрініп-жығылған төртеу бір-бірін демеп кетіп барады. Сұлтанбек тізесімен оңбай құласа да, қолтықтап алған екеуге құнжың-құнжың етіп ілесіп келеді. Көпірден өтсе моншаның төбесі көрініп тұр. Қарға адым жер. «Әскердегідей рахаттанып буда отырып, бәрінен құлан-таза тазарып шықсам ғой» деп бөдене арман көкірегінде бүлк-бүлк ете қалды. «Достарым далаға тастамас» деп Асқарға бір қарағанда, бүдірі жоқ табаны тағы бір тайғанап кетіп, екі қолтығынан екі қол демеп қалды.
– Өмір қандай тамаша,– деді құнжыңдап тізесін жазып жатып.
– Мынаның сөзіне қара, ұсталмаған сөзді айтып тұр ғой,– деп Асқар барылдақ дауысымен «Мәріп көпірдің» бергі бетін жаңғырта күлді.
Қуандық ТҮМЕНБАЙ