Менің апам
(Хикаят-эссе)
Бұл еңбегімді жүз жылдық тарихы бар
туған ауылым Аққолдың (Цэнгэлдің)
еңбек адамдарына және аяулы Апам
Рысжан Намазбайқызының рухына арнаймын!
– …Ей, құдіреті күшті қу Құдай, мені неге өстіп қойдың?! Уа, Жаратқан Алла, жанымды алшы, ала көрші тез! Не жаздым саған? Қай қылығым жақпай қалды екен?! Әне, келеді олар, сөзсіз келеді!.. Ууф! Көөп, тым көп күттірдіңдер ғой сендер де… Сағындым… Сағындырдыңдар ғой!..
Ол әдетінше зарланып барып, әлденелерді күбірлеп кетті…
***
…Ол кезде бәрі ертегідегідей еді…
Біздің үй өмір бойы (мүмкін мен үшін солай шығар) Аққол ауылын қыстайды да одан көп алыс емес, алты-жеті шақырым жердегі Сарықарынды жайлайды. Атам жарықтық мың салса бір баспайтын торы атына мініп, жаз бойы он шақты қой-ешкі мен үш-төрт тана-торпағын жаяды. Қыс айларында қыстаудағы шағын дүкен үйіне көрік құрып, таға-шеге, топса, нәл, бастырғы секілді бұйымдар істейді. Қолы месекерлі, темірден түйін түйетін кісі. Сөзге шорқақ, көп сөйлемейді. Артық-ауыс сөз дегенді көтере бермейтін шатақ мінезі бар.
Ал, Апам… Ооой, Апам мүлде басқа адам…
– Тұр, балам, тұр. Түнде ескертіп едім ғой, тұр, шай қайнатып қойдым. Ертерек жүрейік.
Арасында сөйлеп қойып, күйбеңдеп, бірдемелерін даярлап, салып жүр. Үйдің іші кәресин шамның әлсіз жарығымен алакөбең тартып, ештеңе анық көрінбейді, уақытты анықтай алмайсың. Көзімді тырнап ашып, киініп, есікке беттеймін.
– «Бисмилла» деп шық!
Бұл оның өмір бойы аузынан тастамайтын көп ескертпелерінің әуелгісі. Таң қараңғысымен тұрып, асықпай жуынып-шайынып, дәретін алып, таң намазын күбірлеп ұзақ оқиды. Сосын құртақандай шәйнегіне тек өзі қайнатып, өзі ғана ішетін орыстың кішкентай төртбұрыш қораптағы түйіршік шайын бұқтырып, әбден қою боп шыққан кезде сүттеп, баппен сапырар еді. Дастарқанға көп дүние қоймайды, шағын тостақтағы сары май (өз сөзімен айтқанда «шайға иіс қылар») мен қаймақ қояды. Мен жесін деп төрт-бес бауырсақ тастайды. Оның шайын ештеңе қоспай-ақ ішуге болады. Өйткені, бал татиды, ондай шайды басқа ешкімнің қолынан ішіп көрмеппін.. Екі-үш кесе ішсең болды, қайда бастаса да еріп жүре бересің.
Сонымен, «бисмилла» деп екеуміз таңсәріден жолға шықтық. Қайда баратынымызды өзі біледі, мен қалмай еріп отырсам болды.
Ол мұндайда нағыз «жүріскер» киімін киеді. Күнделікті кимешек-шылауышын шешіп, басына иегінің астынан байлайтын ескі шыт орамал тартады, үстінде – белін матаның кесіндісімен байлай салған жеңіл халат немесе қамзол. Иығына аздаған тәтті-дәмді, құрт-ірімшік, бауырсақ және екі шыны салған, сыртын термелеп сырып тастаған кестелі қоржын дорбаны іледі. Ал менің әдеттегі жүгім – сыйымдылығы екі литрлік қара тоға мен бір-екі рет шай қайнатуға молынан жететін су құйылған торсық салған тері талыс. Бағытымыз – өзіміз отырған Сарықарын жайлауынан шамамен төрт-бес шақырымдай жерде орналасқан Аққол қыстағының батыс жағындағы бірнеше ескі қораның орны бар Қызылшөл аталатын тау сілемінің сай-салалары.
Апам бүгін солардың арасындағы ең жақыны әрі алабота шөбі мол шығатын Асубай қорасын бетке алыпты.
Қазір шөп-шаламның піскен шағы – тамыз айының ортасы. Бұл ай туа Апамның науқанды шаруалары басталады.
Міне, көп ұзамай, тау басына күн сәулесі түскен сәтте межелі сайға да іліктік. Сайдың іші үлкенді-кішілі қаптаған қорым, сұр тастар. Сәл өрлеп, сайдың тау алқымына таяған тұсына енгенде үстіңгі жағы текшелене біткен тепсең бар. Тепсеңнің үсті – қораның аумағындай жазық алаң. Мұнда кезінде қора болыпты, қазір нобайы ғана қалған, құлаған жұрнағы жатыр. Артық-ауыс ештеңе жоқ, ескі көңнің орнына алабота бітік шығыпты.
– Паһ, биыл да көктеген-ақ екен! – деп, Апам бейне бір жайқалған егін алқабына жеткендей қуанады. Арқамыздағы дорбаларымызды шеттеу жердегі жалпақ тастың үстіне қоя салып, келген шаруамызға кірісеміз. Жұмсақ та қалың көңге шыққандықтан, тамыры қаншама салаланып, ұзарып өссе де шөптің жұлынуы оңай. Өзі уысыңа толып ілінетіндей ұзын да салалы болып өсіпті. Алабота өскен жерге басқа шөп шықпайды, отыра қалып, бір талын қалдырмай сыпырасың кеп. Тікені жоқ, қолға сондай жұмсақ – көк балдыр. Екі алақаның жап-жасыл бояуға малынып, тарта бересің… Бірақ соншалықты оңай да жұмыс емес, оның да өз машақаты бар. Көп жұлсаң алақаның ойылып, тотияйын сепкендей ашиды.
Мұндайда Апам ерекше көңілді әрі әңгімешіл. Өткен-кеткен тарихтан, өз өмірінен алынған әңгімелер тізбегін ертегідей суыртпақтайды…
– Е, е, ол бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған, ғажап заман еді ғой! – деп бастайды әңгімені, бейне бір бұл күндері жаугершілікте, соғыста жүргендей-ақ. Үнінен артта қалған сонооу күндерге — балалық шағына ма, туған жер, өскен еліне, әйгілі Алтай бетіне ме – әйтеуір, әлдебір қимасына деген сартап сағынышы байқалып тұрады.
– Ол жақтың шөбі де шүйгін еді, атты адамның үзеңгісін соғып тұратын… Ал мен екі үйге тел өскен ерке баламын. Әкемнің әкесі – әскери молда болған адам. Иманды болсын! Оның молдалығы әкеме емес, туған ағасы Асылханға дарыған…
Апам кенет әлденеден шошып кетеді. Күбірлеп, әлдебір дұғаларды оқып, үрейден арылғандай болып алақанымен бетін сыйпайды. Мен де жан-жағыма қарап елегізіп, Апама жалтақтаймын. Маңайда тірі жан жоқ, иен сайдың алқымында екеуміз ғана, сонда да қорқынышты. Бірақ, Апам ешнәрседен сасар емес, ол – күшті, ол – ерекше батыр. Қасына ергелі бір нәрcеден қорыққанын, я болмаса қобалжып, жасқанғанын көрген емеспін. Қасымда ол барда ештеңеге алаңдамаймын. Ол бұ дүниедегі тірілерден емес, о дүниедегі әруақтардан қорқады, күні бойы дұға-тілектерін соларға бағыштайды. Бар құрметін соларға арнайды.
– Екі үйге тел өстім дейтінім, иманды болғыр әкемнің ағасы мені құрсақтан шыға сала бауырына салыпты. Ол кісіде бала болмаған. Өзі қара суды теріс ағызған атақты молда. Кірпігіне кір жуымаған өте кірпияз, таза адам еді. Жарықтық бір кесе суға әлдебір дұғаларды оқып, «суф» деп дем салып қойғанда, су таңертең айрандай ұйып, пышақпен бауырша кесіліп тұратын.
Мен аңтарылып, сенер-сенбесімді білмей, Апамның аузына қараймын, екі қолым шөп жұлғанын тоқтата қояды.
– Жұл, жұл. Күн қызғанша, еңсеріңкіреп тастайық. Құлағың менде, екі қолың жұмыста болсын, ұлым. Жұла бер, ертең мұның бір талы да табылмайды.
Мен қара көңді бұрқыратып, тез-тез жұла жөнелемін.
– Ақырын, ақырын, мұндай шаруада қатты қимылдауға болмайды, тез шаршап қаласың. Қатты жүрме, қарап тұрма. Әлі күн ұзақ.
Аспанға күн сала қарап, уақыттың мұғдарын шамалайды.
– Жарықтық жасы ұлғайса да әйелі бала көтермеген екен, сосын туған інісінен мені асырап алған ғой, – дейді Апам әңгімесін жалғастырып. Арасында «әй, осы бірдеме ұғып отыр ма екен?» дегендей қарап қояды.
– Бес жасқа жете бере ескіше хат танытты. Ауыл балаларын жинап алып, өз үйінде мектеп ашқан, әліппе үйретіп, Құран сүрелерін жаттатты, алдын Құран аударатын халге жеткізді. Өте сабырлы, көп үндемейтін, бес уақыт намазын қаза қылмаған, Алланың рақымы түскен пендесі еді. Мені қатты еркелетті. Өзім де зерек едім. Бес жасымда хат танып, екі жылда Құранның барлық сүресін жатқа айтатын болдым. Сегіз жасымда Құран аударып, хатым түсіретін деңгейге жеттім. Әкем күндіз-түні оқытты. Бар ермегі – мен. Ерекше жақсы көретін. Иманды болғыр анам да сабаз адам еді…
Осы тұста Апамның сөз ырғағы бұзылады, бетіне қараймын. Апам қалтасынан беторамалын алып көзін сүртеді, дұға жасап, бетін сипайды.
– Қайтейін! Ей, Алла, кешір мені, менде де Құдай сүйер қылық бар ма! – деп әрі қарай ұғынықсыз күбірлеп кетеді.
– Жұл, жұла бер, құлыным, пүү, па, па! – арт жағына айнала қараған Апам разы болады. – Тау болып үйіліп қалыпты! Ой, жарайсың!.. Түс болып қалған ба, жүр, сәл дем алып, шай ішейік.
Екеуіміз дорбаларымызды ақтарып, оны-мұнымызды шығарамыз, бір кесек шақылдақ құртты кеміре бастаймын. Күзгі тамылжыған күннің шуағы қандай! Әбден піскен сан алуан шөптің иісі, күн қыза әнге басқан шегірткелердің шырылы, бәрі-бәрі бойыңды балқытып, таңертең ерте тұрған ерке ұлды мызғытып-ақ жібереді.
– Тұр, балам. Міне, шай да қайнады. Іш, шайыңды іше ғой.
Ертелі-кеш «тұр-тұрға» үйренген басым ендігі жатыстың мәні болмасын білем. Орнымнан тұрамын. Арада қанша уақыт өткенін Аллам білсін. Апам тезек теріп, от тұтатып, кішкентай тоғаға шай қайнатып қойыпты.
Қандай рахат!.. Өз қолыңмен көл-көсір жұмыс істеп, сол істеген ісіңе қарап отырып тамақтанып көріп пе едің? Көрсең білесің. Екі-үш сағат жол жүріп келір, екі-үш сағат тынбай істеген еңбектің рахаты… Оу, енді рахаттанып отырып ішкен шай! Маңдай терің сүмектеп, өміріңде мұндай дәмді шай ішіп көрмегендейсің!
Апам шай үстінде әңгімеге сараң. Анау-мынау, әжің-күжің, от басы, ошақ қасында айтылатын үйреншікті сөздер… Ерекше дәмді қайнатылған шайға қанған соң аздап мызғып алатын әдеті болушы еді. Бірақ, онысы ұзаққа созылмайды. Ол кезде мен орнымнан тұрып, тау-тасты тамашалаймын, күзгі шаққа тән табиғаттың байлығы мен күйлігін, жомарттығын жырлаған сан алуан тіршілік иелерінің әуенін қуалап алыстап кетемін. Мұнда құйқылжыта сайраған кішкентай құстардың, шегірткелердің, індеріне қыс азығын қамдап, тынымсыз еңбек еткен суыр, тараққұйрық, түйеқұлақ, әр іннің аузын аңдып, тіміскілеген түлкі, қарсақ, мәлін секілді аңдардың қаншама түрін көруге болады. Алыстап кеткеніме алаңдай ма екен, Апам құс ұйқылы болатын. Дауыстап шақырып алады. Келген ісімізді бітіруіміз үшін қайтадан жұмысқа кірісеміз.
Қанша дегенмен, жанды бақа емеспіз бе, күні бойы тырбанып жүріп едәуір мөлшерде алабота жұлып тастаймыз. Бір қораның аумағындай жерде өскен алаботаны түгел жұлып тауысамыз. Апам өз есебін күбірлеп айтып жүреді.
– Анаған бір бұзаушық, мынаған бір бұзаушық, биыл ешбір қаракет істей алмайды ғой, Рәшқа үлкен сабын бермесе болмайды.
Апам өте ырымшыл. Үлкен адам қайтыс болған отбасының адамдары көк шөп жұлмайды, ши тартпайды, қысқасы, табиғат Анаға ешбір залал істемейді деген ырымды ұстанып, ағайын-туыс, көрші-қолаңдағы әлгіндей жағдайға тап болған үйлерге міндетті түрде бір үлкен домалақ қара сабын немесе бір қанат ши тартып береді.
– Өзімізге бір домалағы және Ағаңа (үлкен әпкемді айтады) бір кесек болса жетеді, – деп қояды.
Бәрін біліп, болжап отырады. Күн қай тұсқа барды, біз қайдамыз, қашан қайтуымыз керек, намаз уақыты қашан?.. Сонымен не керек, күн еңкейе алабота жұлуды тоқтатып, тау-тау болып үйіліп жатқан шөпті жаймалап, шашып тастаймыз.
– О-о, керемет болды, мұны осылай тарқатып тастамасақ текке шіріп кетеді, еңбегіміз еш болады. Бұл енді осылай жатып, бірнеше күн кебуі керек, – деп сөйлей жүріп, әбден шаршаған мені тақауырлай түседі. Үйге тезірек қайту үшін мен де барымды саламын. Ондай кезде көпірте мақтап қоятыны да бар.
– Ой, менің ұлым қандай күшті, қандай жұмыскер! Апасының күні, айы, қолғанаты, батыры…
Қысқасы, айтылмаған мақтау қалмайды. Ақыры, жұмыс та бітеді, күн бата үйге қайтамыз. Бір жақсысы, қайтарда көп жүгіміз болмайды. Су құятын бос торсықтан басқасын сол жерге қалдырып, үстіне бір құшақ шөп тастай салады. Жұмысты тындырып, үйге қайтудың да өзіндік рахаты бар. Қанша шаршап тұрсаң да өз қолыңмен істеген еңбегің үшін мақтау естігеннің өзі қандай ғажап!
Қайтарда ештеме естімейсің, естігің де келмейді. Сілікпем шығып шаршасам да Апамның алдында ойнақтап келе жатамын. Үйге жете бере сүрініп-жығыламын. Қайран қамсыз да мұңсыз балалық шақ!
Апамның бір өзі бір мектеп еді ғой, шіркін! Өмір мектебі…
***
Арада төрт-бес күн өткен соң екеуміз тағы да жолға шықтық. Баяғы таңсәрі уақыт, бәрі дәл сондағыдай, жүгіміз — бір торсық су, бір шайлық сүт, Апам алда, мен артта. Өткенін өкінішпен еске алып, артында келе жатқан жалғыз сүйенішіне қайта-қайта қарайлап қойып, тоқтаусыз жылжыған ана мен алдындағы Апасын пана тұтып, болашақтағы бұлыңғыр арманы асықтырған балақай бір-біріне медеу болып, бірнеше сағат жүріп отырып баяғы өзіміз алабота жұлып кеткен сайға да жеттік. Бәрі қаз-қалпында, біз жайып, дестелеп кеткен алабота күзгі аңызақ пен ыстыққа кеуіп, сап-сары болып қурап қалыпты.
Дорбаларымызды қоя салып іске кірісеміз. Құшақ-құшақ сары шөпті алаң шетіндегі тақыр жерге үйеміз. Алдыңғы жолығыдай жұлып тастай салу емес, мына тірлік қарт ана мен жас бала үшін тым ауыр. Мандымайды, бірақ тоқтамаймыз, қыбыр-қыбыр қозғала береміз. Алты айрығымыздан тер кетеді. Күн төбеге көтеріледі. Шегірткелер баяғы әуеніне басып, неше түрлі ән салады. Тас-тастың түбінен секіріп, асыр сала қуаласпақ ойнаған саршұнақтар сәл нәрсені ойынға айналдыра беретін маған ұқсаса, аузына үш-төрт тал тау көдесін көлденең тістеп, қорым арасындағы ініне күні бойы тынымсыз қыстық азығын тасыған сұр түйеқұлақ Апамнан айнымайтын сияқты…
Сонау қарсы теріскейден алдыңіғы аяғын көтеріп, артқы аяғымен тік тұрған суыр аңқиттады. Жұмысты тоқтатып, сонда қараймын. Әдетте суыр албаты шақырмайды. Қандай да бір аң көрсе не өзіне қауіп төнсе ғана тік тұрып аңқиттайды. Міне, дәл жанымнан алып көлеңке сырғып өте шықты. Қолыммен күн сала алқаракөк аспанға қарадым. Теріскейдегі ұшы көк тіреген Қарашоқының басын айналып ұшқан алып екі құсты көрдім. Бүркіт екен! Аспан серілері қанат қақпастан баяу сырғиды. Қарашоқы басын бір-екі айналып, биіктей-биіктей қос ноқатқа айналып, көзден ғайып болды. Қарай-қарай мойным да, көзім де талып, алып құстардың кетіп қалғанына көңілім пәс тартып, құлазып қалдым. Жұртта қалып қойғандай, бір түрлі көңілсіздік басады!..
– Шіркін, ұшсам ғой, ұшып жүргенге не жетсін! Анооу қос қыранда арман бар ма екен? Әй, жоқ шығар, шіркін, мен де ұшып кетсем ғой!
Бір сәт бала қиялым оянып, бірдің басын, бірдің аяғын армандап, қиялға беріліп, басқа бір әлемге сапар шегіп кетем… «Құс боп ұшсам… Мына таудың ар жағында не бар екен?.. Онда да ел бар ма? Онда да біз құсап бейнет шегіп, алабота жұлып отырған адамдар бар ма екен? Шіркін… Соның бәрін көрер ме еді!»
– Тұр-тұр, не жатыс бұл? Қазір кеш түседі, үлгермейміз. Па, па, ол кезде мен де дәл сендей кішкентай, дәл сендей алаңсыз едім-ау!.. – Апам сонаау әңгімесін қайта жалғастырады. Онысы мен зерігіп кетпесін деген далбасасы секілді.
– Бала деген бауыр ет қой. Әсіресе, Жаратқан иеміз сондай, бір шыр еткенге зар болып жүргендерге ерекше мейірім бере ме, қалай? Мен дегенде ата-анамның емешегі үзіліп тұратын. Сол жылы жаздай ел арасында бір үрей, дүрбелең туды. Біреулер «Бұл қара қытай бізге ел болмайды, кету керек, көшу керек, аз күн болса да бас сауғалағанымыз жөн!», – десе енді бір тобы «Қой, көшкенде, қашқанда қайда барамыз? Не көрсек те осы туған жер, өскен елде көреміз, ешқайда кетпейміз», — десіп әр үйдегі басқосуларда әрқалай пікірлер айтыла береді. Ел ішінде бұрынғыдай ойын-күлкі, той-думан емес, «пәленнің пәленін ұстап әкетіпті, түгеннің түгенін атып кетіпті» деген секілді ауыр сөздер айтыла бастады. Ауыл ағалары бірі алай деп, бірі бұлай деп, ортақ мәмілеге келе алмай тарқасады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін сегіз жасар қаршадай қыз мен түгілі үлкендердің өзі де бағамдай алмайтын күн туды…
Бәрі де ертегідегідей… Иен тау іші. Бірі – кейуана, бірі – жас бала. Тас ошаққа от жағылады, шай қайнатылады. Тас дастарқан үстінде аздау болса да дәмі тіл үйірер сүр ет жатады. Тамызда қайдағы сүр деп жүрмеңіздер. Апамның кебежесінен жыл он екі ай сүр үзіліп көрген емес. Ол – барлық іске өте мұқият адам. Бізге тамақты өмірі тоя жегізбейді. Ондайда өзінің бір мақалдары болады: «Кептеп ішсең, кепелеп тышасың», «Қоя жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады, қоймай жесең нең қалады?».
Наурыз, көкек айлары туа аздаған қой-ешкі төлдеп, бір-екі сиырымыз туған соң қызыл көрмейміз. «Шыны-шыны айран-сүт ішкен баланың қарны аша ма, тәйірі, болды енді, жатыңдар, түге!» – дейді, болды. Апам өте конақжай, үйге қонақ келіп, алыс-жуық ағайын-туыстың амандық сұрағанын жақсы көреді. Сол үшін де өзі қысылып қалмау қамымен қызылын ешқашан тақыр-таза тауыспайды. Оның ұстанымында ысырапшылдыққа, тоқмейілдікке орын жоқ. Қайсыбір тамақты шөкімдеп-шөкімдеп аз жасайды, бірақ өте дәмді болады, әлде аз болғасын сөйте ме екен… Өткен түні қызылірімшік қайнатқан, жаңағы екеуіміздің түстігімізге әкелген сүр етті түнімен сол ірімшіктің сарсуына қайнатып, пісіріп әкеліпті. Қызылірімшікке салып пісірген сүрдің дәмін әлі күнге дейін ешкім айтып та, жазып та жеткізе алмаған шығар. Оның қатырып, сүріге салған уызы, қызылірімшікті келіге салып ұнтақтап түйгізіп, жылқының майына бұлғаған майкүрең женті, қып-қызыл болып, былқылдап тұратын мәйек ірімшігі, тезектің шоғына баппен қайнатқан борлама шайы, жалпы тамақ істеудегі ыспарлығы – бір үлкен әңгімеге арқау болар жеке тақырып.
Түс ауғанша толық жинап, кіші-гірім төбедей қобырата үйіп қойған қу шөпке Апам өз қолымен от қояды. Мен үшін қызық көрініс осы. Қашан жанып біткенше екі бетім қызыл жалынмен бірге алаулап, көз алмай телміремін кеп. Алғашында жалын шықпай, қоздана алмай тұтанған алаботадан қою, мұрын жарар қышқыл әрі жағымды иісі бар түтін көтеріледі де сайдың ішін түгелдей тұманға айналдырады. Сүт пісірім солай будақтап тұрып, бір сәтте лап етіп, жалынға айналады. Маңына адам жуытпас қызыл жалын таудай үйілген қу шөпті әп-сәтте жоқ қылады. Орнында сәл ғана төмпешік күл, қып-қызыл шоқ қалады. Сол күл әбден суығанша Апам ертегісін, мен үшін дәл ертегі еді, әрі қарай жалғастырады.
– Ол кезде біздің үйде айналдырған екі-үш адамның ішпек-жемегіне толығымен жететін жиырма-отыз қой-ешкі, екі-үш сиыр, бір-екі мініс ат және шешем қысы-жазы сауып, саумалын ішетін жалғыз биеміз бар еді. Шілденің аяғы, тамыздың бас кезі-ау деймін, азғана қой-ешкіні әлі сауып отырғанбыз. Күндегі әдетіммен үйдегі он шақты қозы-лақты жайып шықтым. Кешкі сауында қозыны жыра-жылға, үйден далдалау жерге қайыра тұру – менің міндетім. Кешке енесіне қауышар сәт таяған сайын қозы-лақ мазасыз, қой сауылып болғанша енесінің даусын естіген төл қайыру бермей, жамырап кетуі мүмкін. Қой сауылып біте әкемнің «Айдаа, оййй!» деген айқайын тағатсыздана күтемін. «Айда, ой»-ды қозы-лақ та біледі. Сол дауыс естілсе болды, үйге қарай лап қояды. Алдарынан күні бойы сағынған, зарыққан, зарланған, қуанған – мың түрлі үнмен енелері қарсы жүгіреді. Бір ғажап көрініс! Кешкі қой-қозының жамыраған, табысқан үнін естіп-көрмеген адамға сөзбен жеткізу қиын. Ол бір ұлы сарын, шексіз махаббатқа толы әуен еді ғой! Ой, шіркін, дүние-ай!..
Апам күрсінеді. Апам егіледі. Апам, Апам, Апам… Ақыры намазын оқып барып тынышталады. Қайтадан әңгімесіне кіріседі. Қаршадай баланы ес көріп, адам деп айтып отыр ма, жоқ, өткен өмірін әйтеуір біреуге айтып кетуі керек пе, әлде анау қып-қызыл шоқ болып жатқан алабота күлі суығанша уақыт өткізу ме – әңгімесін ерекше сағынышпен айтып, сонау Алтай бетінде қалған бала күндеріне деген ынтызарлықпен жалғастырады.
– Сондай әдемі кештің бірі еді. Әкем өмір бойы ағайындарына да қосылып қоңсы қонбаған, елден саяқ, өзімен-өзі жүретін ерекше жан еді. Үнемі жалғыз үй отыратынбыз. Жан дегенде жалғыз баласы – мен. Кешкі қой сауынында ауыл сыртындағы жылғаға қозы жаямын. Сол күні… Ей, Аллам-ай, әлі көз алдымда… Қозы жайып отыр едім, бір салт атты көрінді. Жүрісі суық. Кішкене ағам екен. Негізінде, туған әкем. Оны да соңында білдім ғой, мен сорлы!
– Оу, Рысай, құлыным, қозы жайып жүрсің бе? Еее, жөн-жөн… Балам, қозыңды мен қайыра тұрайын, сен жүгіріп барып әкең тігіп берген жылы етігің мен шапаныңды киіп келші, тоңып қалыпсың ғой, бір жаққа кетеміз, – деді. Қуанып кеттім. Әкем жарықтық діндарлығымен қоса, етік ұлтарып, ісмерлікпен айналысатын қолы месекерлі адам еді. Маған арнап тіккен етігі мен анам байғұс өз қолымен тігіп берген шапанын әдетте той-томалаққа барарда ғана киетінмін. Мына ағам келіп, сол барыңды киіп келе ғой дегенде есім шығып, үйге қарай жүгіре жөнелмесім бар ма! Әй, алаңғасар, аңқау балалық-ай! Қай шайтан түртті екен сонда!.
Апамның дауысы бұзылды. Әлсін-әлі қозғап отырған төмпешік күл әлдеқашан суыған, күн ұясына еңкейіп барады.
– Ойбоой, белім-ай!.. Па, па, балам-ау, қой, құрысын! Иен сайға қона жаздаппыз ғой! Тұр, кәне, ана қара тоғаны салып әкелген презент дорбаның аузын аш… Кәне, балам, кәне… Биссмилла!..
Сонымен не керек, ертегі әлемінен бүгінгі тірлікке қайта оралып, екі орта қап күлді арқалап, қозыкөш жердегі Аққол орталығындағы қыстауға жетеміз. Қыстық үйлердің есік-терезелерін жіті бақылап, әрбір құлып, ілмектеріне дейін тексеріп, әкелген жүгімізді сонда қалдырып, күн бата жайлауға қарай қайтадан жолға шығамыз. Ел жатып қалғанда, арып-ашып, шөлдеп-шаршап үйге кіреміз. Көзім ұйқыға бара бүгінгі көргенім мен естігенім түсіме кіріп, сандырақтайды екенмін…
…Апам айта беретін Алтайдан бір жалғыз мұңлық құс тау асып, шаршап-шалдығып Қобда бетіне келіпті… Осы жақтан бір бала қыранды ертіп ұшпақ болады. Бірақ көкке көтеріле алмай ары далпылдайды, бері далпылдайды. Бірі шаршап, әлі құрып ұша алмаса, екіншісі қанаты қатпағандықтан ұша алмай, әуре болтып жүр екен. Көтеріле бере, үлкен-үлкен бөгеу тастарға кезіге береді. Балапан құс шаршап жетіп, дамылдап отырған Ана қыранға қарайлай береді… Бір сәт екеуі қосылып, әне ұштым, міне ұштым деп жерден көтеріле бере, оңбай құлап түсті… Қарасам, Апам екеуіміз баяғы ескі көң қорада алабота жұлып отырмыз. Аналы-балалы қос қыран күндіз Қарашоқы басын айналып ұшқан екі бүркіт екен, көзден ғайып болып, биіктеп барады… Ұша алмағаныма қапаландым ба екен, әлдене деп сөйлеп, жылап ояндым… Қарсы алдымда Апам отыр. Қолында шыныға құйған суы бар, әлдебір дұғаларын күбірлеп-күбірлеп, бетіме үшкіріп жіберді. Сонда ғана толық оянып, Апамды да тыныштандырып, өзім де тынышталып, қайтадан алаңсыз ұйқыға бас қоямын.
– Күн өтті ме екен, жаман жерді басып кетті ме? Әттеген-ай, бағана құрыммен қағып кіргізбей… Жаман құлыным-ай, апасының көлеңкесі сол! Е, е, Тәңірім, өзің жар бола гөр! Тәубә, тәубә, тәубә! Бисмиллахир-рахман рахим! – деп сөйлеп жүр, қымтап, жауып жүр. Күбір-күбір, дүңгір-дүңгір…
Әй, Апам-ай! Қайран Апам!.. Білмейтінің жоқ тәуіп едің ғой. Жоға, тәуібім не! Доғдыр едің ғой, доғдыр!..
***
Тамыздың ортасында шөп ору науқаны бітіп, ел күзеуге түседі. Біздің үй де ел қатарлы жайлаудан көшіп, Аққолдағы қыстаудың жанына күзеуге қонады. Жұмыс енді қызады. Өмірінде бір сәт қарап отырмайтын, тірлігінде бір минут уақытын бос өткізбейтін, бес күн жалғанда бес уақыт намазын қаза жібермейтін Апам, қазақтың салт-дәстүрін санасынан бір сәт сырт қалдырмай, мұсылманның ырым-тыйымын өміріне бағдаршам қып ұстап, келер ұрпақтың санасына сіңіре білген Апам, біреу білсе де біреу мүлде сезбейтін шаруашылықтың сан-салалы қырын жетік меңгерген Апам нағыз жұмысқа мықтап кіріседі!
Ең әуелі, қыстауда қалған жаман пешті сыртқа шығартады. Тошала үйдегі дәу қара қазанды сол пешке қояды. Бір шақырымдай жерде мөп-мөлдір боп сылдырлап жатқан, жазғы арынынан айырылып моп-момақан, монтаны кейіптегі Қобда өзенінен бізге су тасытады. Қара қазанға суды толтыра құйып, оған әнеукүні екеуіміз әкелген алаботаның күлін салады. Астына лаулата от жағып, сағатқа жуық қайнатады. Қайнаған соң араластыра отырып, уақыты болғанда арнайы жасалған қанар дорбаның астына таза леген қойып сүзіп алады. Енді мұның дорбада сүзіліп қалған шары емес, Апама керегі – темір өңдес қаракөк, лай суы. Дорбадағы күлдің ештемеге керегі жоқ. Сол сүзгіден өткен суды қазанға қайта құйып, күні бойы қайнатады. Бұл тірліктің аты Апамның тілімен «сақар қайнату» деп аталады. Пешке отты күні бойы үзбей жағып, су суалып, қойылған сайын, қазан түбіне жабысып, қарылып қалмауын қадағалап, мұқият араластырып отырады. Ақыры, қайнай-қайнай суы әбден тартылып, қазан түбінде төрт-бес шөміш аппақ, ақ ұнтақ «сақар» деп аталатын бөлек бір құрғақ зат пайда болады. Міне, қараңыз, ауыр дене еңбегіне басындағы білімін қоса отырып, осыншама бейнетпен, өзіне қажетті затын шығарып алады. Мен таң қаламын. Бағана ғана сылдыраған су еді ғой, мына аппақ зат қалай пайда болды? Тіпті, біз әкелген күлдің өзі жайына қалды. Құраннан басқа кітап оқымайтын Апам мұның бәрін қайдан біледі?.. Көкейде сұрақ көп. Бәрі жұмбақ! Апамнан сұрайын десем ол қарбалас жұмыс үстінде жауап бермейді. Істеп жатқан ісіне жан-тәнімен біржола беріліп кетеді. Оның үстіне, енді қазанның басына ешкімді жолатпайды, бізді көрсе анадайдан қуалайды.
– Кет әрмен. Кір үйге, сабын бұзылып кетеді, жоғал! – деп жақындатпайды. Құдды бір сабын шығаратын зауытының құпиясын ұрлап қоятындай. Бізді қойып, ауыл-үйдің үлкендерін де «сабын бұлғап жатырмын, бара тұрыңыз» немесе «үйге кіре беріңіз» деп, сырғақтатып, шығарып жібереді. Сосын өзіне-өзі күбірлеп, сөйлеп жүреді:
– Әлгінің қараған көзі жаман, ананың тілінің сұғы бар, осы кезде кім тазаланып, дәретпен жүреді дейсің. Бұл заманның адамында дәретті қойып сүннеті де жоқ, өңшең кәпір боп кеткен Қашуралар бәрі!.. Қашура – Апамның аузынан тастамайтын замандасы. Сөйтсем, сабын былғаған жерге албаты адам барса сабын шамданып, іріп, бірікпей, бұзылып кететінін атам қазақ әлдеқашан білген екен. Сабын шамданғанда жан-жаққа бытырай атылып, қазан түбінде бір түйірі де қалмай, тасып-төгіледі екен. Қазақтың «сабынша бұзылып», «сабынша құбылып» деген сөзі содан қалған.
Осыншама маңдай тер мен еңбектің ең соңғы жемісі соншама киелі, соншама кірпияз да кінәмшіл болар ма!
Міне, алабота күлінің тұнбасынан пайда болған «сақар» деп аталатын ақ ұнтаққа жыл бойы сабынға деп жинаған шыжық, ескірген тоң май, «Апа, маған да бір бұзаушық ескерерсіз» (бұзаушық – домалақтап дайындалған қара сабынның қол басындай ең кіші түрі) деп көрші-қолаңның келіндері әкеп тастаған қалдық майын қосып қайтадан қайнатып, енді «сабын бұлғау» шаруасы жалғасады. Сақарға қосылған майды суынан әбден арылғанша қайнатып, ерекше баппен араластырып, мұқият бұлғап, қойылған сәтін дәл басып, (сабын піскен кезде қазан, қалақшаға жұға бастайды) қанар дорбаның бұрышына салып алады. Дорбаның бұрышындағы ыстық сабынды қатты-қатты қысып біріктіріп, суығанша нығарлап қатайтады. Көлемі, шамамен, кісі басындай домалақ қара сабын даяр болады. Бұл дегенің сол заманда бір үйге жыл бойына жетерлік сабын. «Аса үнемді әрі денсаулыққа еш зиянсыз, әртүрлі тері ауруларына емдік қасиеті күшті», -деп, Апам сабынын жер-көкке сыйғызбай мақтайды, әйтеуір. Әнеугүні екеуміз әкелген екі орта қап күлден екі осындай сабын, бірнеше бұзаушық даярланады. Бұзаушық ауыл-үйге, соның ішінде, жас босанған келіндерге үлестіріледі. Жаңа туған нәрестені шомылдыруға бұзаушық — таптырмайтын сабын. Қазан түбін қырып-жонып, алақанға салып сығымдап, сықпа құртша істеген ең соңғы кішкентай бұзаушық бізге бұйырады. Оның сыртында Апамның әжім-әжім алақанының табы тұрушы еді-ау, жарықтық!
Әй, Апам-ай! Қайран Апам! Бір өзің бір химиялық зертхана, тұтас кәсіпорын едің-ау!..
***
Апам бір күнін де бос өткізген адам емес деп едім ғой. Үй ішінлегі бауырсақ пісіру, кір жуу, іркіт пісу тәрізді ұсақ-түйек шаруасы тәмам бола қалса:
– Ертең ерте тұр, біраз жүріп қайтамыз, – деп ескертеді. Ертесіне таңсәріден:
– Тұр, балам, тұр, кетелік, шай қайнап тұр, деп үйреншікті әдетіне басады.
Біздің Аққол өлкесі – шиі қалың, сазды, құнарлы мекен. Оңтүстігінен әйгілі асау Қобда өзені, батысынан Ақөзен деп аталатын аппақ сулы өзен келіп қосылған тұсындағы қалың ну, терек пен қайың, майбұта мен тал аралас, нағыз ит тұмсығы өтпес үлкен арал – «Жетіөткелдің» жағасында жиырма-отыз үйлі Аққол қыстағы бар. Бір кездері осы Аққол сұмын орталығы болыпты. Төрт жылдық мектеп, аурухана, 60-70 адам жұмыс істейтін үлкен артель болғанға ұқсайды.
Бұл өлкенің «Аққол» аталуы анау батыстан кеп құятын аппақ өзенге тікелей байланысты. Сол өзеннің аты – «Ақ гол». «Ақ» – аппақ деген мағынаны білдіретін қазақ сөзі, «гол» – моңғол тілінде «өзен» дегенді білдіреді. Бірі қазақша, бірі моңғолша екі сөз бірігіп, «Аққол» болып қалыптасқан. Аққол өзені Алтай жотасының ең биік шыңы Бес-Боғда тауынан бастау алады. Жалпы Бес-Боғдадан басталған өзендердің бәрінің де суы сүт тәрізді аппақ болады. Олай болуы сол Бес-Боғда тауындағы топырақтың құпиясы болса керек… Аққол өзені Бес-Боғда шыңынан басталып, жүз шақырымнан астам құлдап келіп, дәл біздің Аққол қыстағының жанынан, Жетіөткелдің аяғынан Қобда өзеніне құяды. Бірі аппақ, бірі тұп-тұнық екі өзеннің қосылған жері бір ғажап сурет! Екі өзен көп жерге дейін біріне-бірі қосыла алмай, бір арнада екі түспен ағады. Шығысы тұнық та қап-қара, батысы аппақ, әлемнің еш жерінде жоқ екі түсті өзен!
Ал осы Аққол өзенінің Қобда өзеніне қосылмас бұрынғы анаау Қарататырға дейінгі екі жағалауы атты адам көрінбестей ұзын болып өскен қалың шиге толы. Апамның жыл сайынғы дәстүрлі кәсібінің бірі – осы ши тарту. Ол айтады:
– Ши күзде көктейді, күздің соңында ұзарып, жетіледі. Шиді әбден жетілген кезде, күздің толас бермес сылбыраңқы жауыны біте бергенде тарту керек, жаңбыр суынан жер жұмсарып, ши оңай жұлынады. Дәл өзі айтқандай, күзгі ақ жаңбыр толастап, бұлт төмендеп, айналаға, тау-таудың басына тұман шөккен бір сәтті күні екеуміз «ши тарту» сапарына аттанамыз. Қазір Аққол өзенінің бойындағы ел қыстау маңындағы күзеуге толық түсіп болғандықтан жолға шай-шәйнек арқаламаймыз. Үйден шыға салып, әудем жерге жете бере іске кірісіп кетеміз. Ши тарту – алабота жұлғанмен салыстырғанда едәуір бейнет. Ши тартуға алғаш шығуым, қопарып тастайтындай болып бастаған мен алғашқы бір сағат уақытты қолыма тиген шиулының бәрін ортан белінен сындырумен өткіздім. Дұрыс ұстап тартпаса, ши дәл ортаңғы буынынан оп-оңай сына салады. Бұл өсімдікте жеті-сегіз буын болады, буын басында желкілдеп шыққан бір-бір қабығы болады. Бас жағы жіңішкеріп барып, үкідей үлпілдеген жұмсақ бүрімен тамамдалады.
Апам – ши тартудың нағыз шебері. Шиді екі-екіден суырады, біреуі де сынбайды. Түйеше күтірлетеді. Апам маған ши тарту тәсілін ары ұқтырды, бері ұқтырды, болмады.
– Былай ұста, шидің ортан белінен білегіңе ора, түбінің жуантық жерінен ұстап, тіп-тік тарт, сонда екі-үш күнгі жауынға жібіп тұрған түбі тамырымен суырылады.
Бірақ мен бір де бір шиді сындырмай суыра алмадым. Сынған ши жарамсыз болып қалады. Бір сағаттай әуреленіп, түк шықпаған соң шалқамнан түсіп жата кеттім. Сонда сездім, оң қолымның білегі шыдатпай ашып, әкетіп барады. Қарасам, білегім қып-қызыл болып ойылып қалыпты, ши осып кеткен. Тұра салып Апама бардым.
– Жә, жә, ештеме етпес, ертең-ақ жазылып кетеді. Үлкен жігіт емессің бе, шыдау керек. Біздің үйдің жалғыз азаматы, менің ендігі жалғыз тірегім сенсің. (Осы сөз мені ерте есейтті.) Енді бар ғой, менің жұлған шиімді жинап, көтеріп жүр, жарай ма?
Апамның артынан еріп отырып, жұлған шиін қолыма сыйғанша жинаймын, қолыма сыймай кеткен жерге жеткенде Апам сол маңайды біраз айнала тартып, шидің топанын көбейтіп, бір бегделі жерге тастап, әрі қарай тағы «көк қуалайды». Шиді таңдап теріп, тек жуантық, ұзынын ғана тартады. Мен еріге бастаймын:
– Апа, әнеугүнгі әңгімеңді айтшы. Әлгі ағаң неге келіпті? Саған кәмпит әкеліп пе?
Апамды сөйлету үшін мазақ қыламын, күлемін. Өткен өмірінен естелік айтуды өзі де жек көрмейді.
– Әкеліпті ағам, әкеліпті. Тышқанға өлім керек, мысыққа ойын керек. Күл, күл, бақытты заманның көгергірі. Қай жеріне келіп ем, құрғырдың?
– Қозы жайып тұрғаныңда «киіміңді киіп кел» деген жеріне.
– Иә, иә. О, Жаратқан-ай, соры қайнағыр мен «бір жаққа» дегенді «тойға» деп ұқсам керек, әлгі кісі ұстатқан екі шақпа тәттінің бірін аузыма салып, ұшып отырып үйге барып, шапаным мен етігімді киіп келдім. Ағам сол орнында тосып тұр екен: «Келе ғой, қызым» — деп ат үстінен іліп алды да алдына отырғызып, жөнеле берді. Қозы-лақтан әудемжер ұзай бере қарасам, күндегі енесіне табысатын уақыты болған төлдерім үйге қарай шұбырып бара жатыр. Жамыраған қой-қозының дауысы құлағыма келді. «Аға, аға, енді қайттік, қозы жамырап кетті ғой. Апам ұрсатын болды. Біз қайда барамыз?» – деп қыңқылдап едім, ағам: «Ештеңе етпес, қозының бір күн жамырағаны. Әлі талай жамырар, жамырасып-табысқанға не жетсін, мына сұм жалғанда!» – деп көкірегін кере терең күрсінді. – «Мына жақтағы Пәленшекеңнің ауылында той бар екен. Ауыл балалары түгел сонда кетті, біз де сонда барамыз», – деді мені тыныштандырмақ болып. Басқа адам емес, әкемнің інісі, кішкене ағам алып кетіп бара жатыр ғой, бәрі дұрыс болар деп бала көңілім алаңсыз қалыпқа түсіп кете бердім… Бәрін кейіннен білдім ғой! Өмір бойғы өкінішім боп қалды сол Құдай атқыр кеш! Сол күнгі жамыраған қозы-лақтың, шулаған қой-ешкінің үні мәңгілікке құлағымда қалды. Қайтейін! Асыраған енесіне қарай тыраңдап жүгірген лақ құрлы болмадым ғой мен сорлы! Көз алдыма әлі де елестейді, қора шетінде күйбеңдеп жүрген әкем мен қой сауып отырған шешем жамыраған төл мен маңыраған қойға қосылып қалай өксіді екен? Қалай егіліп, не деп еңіреді екен?! «Шіркін, тумағандығын істеді, содан кейін артына қайдан қарасын!» – деп, өкпелеген шығар. Әлде ашумен «жолың болмағыр!» деп қарғады ма екен. Мүмкін өмір бойы бір қарығым ашылмағаны содан болар?.. Жо, жооқ, ол екеуі дәл ондай адамдар емес. Олар мені қарғамайды. Олардан болған жоқ. Тек жылап-жылап, сілелері қатып қойған шығар. Кішкене ағамның алып бара жатқанын көріп тұрды ғой. «Әкетпе!» деп анам да жүгірмеді, «Бұл қайткенің?» деп әкем де қуып келмеді. Тым болмаса, артымнан қуып келіп «қош!» деп, бетімнен де сүймеді. Сазарған күйі қала берді. Қайтейін!.. Қала берді… Тым, тым кеш білдім ғой бәрін. Кеш білдім!..
Ала жаздай ел іші алашапқын, алды-жұтты болғанын, елдің алды осылай, Қобда бетіне әлдеқашан асып кеткенін, біздің ауыл кеңесе-кеңесе келе көпшілігі «Қобдаға асайық» десе менің әкем бастаған азшылық «Көшпейміз! Не көрсек те осы туып-өскен жерде көреміз!» деп қасарып, екіге бөлінгенін, сол күнгі кештен екі күн бұрын әкем кішкене ағамның ауылына барып, соңғы шешімін яғни көшпейтінін айтқанда кішкене ағам: «Екі күннен соң ауыл үдере көшеді, барлығы ат-көліктерін сайлап жатыр. Көшпесең, енді саған қайта-қайта жалынбаймын. Бірақ… Бұл өлкеге қызымды қаңғытып тастап кете алмаймын, өзіммен бірге әкетем!» – деп шорт кескенін, тіпті әкем жүрген кісі әкем еместігін, осы «Кішкене ағам» деп жүрген адамның қызы екенімді, бәрі-бәрін Қобда бетіне ауған көш барысында, бұрын «Кіші апа» деп атап келген туған шешемнен естіп, білдім ғой, қайтейін!..
Апам көзін сулайды. Мен де біреу бірдеме десе жылай салар халдемін. Бір сәт Апамды қатты аяп кетем. Екеуіміз ши тартуды әлдеқашан доғарып, әңгімеге беріліп отырып қалыппыз. Апамды құшақтай алам. Ол да сол сәт ана әлемнен осы дүниеге оралып, мені бас салып бауырына қысады. Құлағымның түбінен көрмегені жоқ кәрі жүректің дамылсыз дүрсілі естіледі. Егіледі. Мекіренеді. Аймалайды.
– Қозым, қошақаным, құлыным! Маған ес қып бергеніне тәуба. Тәуба! Аллаға мың шүкірлік, сансыз Тәуба! Осы шыбыныма ғұмыр бер! Осы қарғамды аман сақта, Жаратқан ием!
…Аз отырдық па, көп отырдық па, кім білсін, бір уақытта есін жияды.
– Ой-боой, түс болыпты ғой. Тұр, құлыным, тұр! Тіпті, мұнда келіп қалыппыз ғой.
Қарасақ, Аққолдың ұшы-қиырсыз көп бейітінің ішінде отырмыз.
– Мынау, жарықтық, Бәленбай ғой, анау иманды болғыр Түгенбай еді ғой, – деп, Апамның аяулы-әндігерлері таусылып бітпейді. Әр қабірдің басына жеке-жеке Құран бағыштайды. Бір-бір шымшым топырақ тастайды. Ең соңында кішкентай-кішкентай қос төмпешікке кеп тоқтаймыз. Апамның бұл екеуіне деген құрметі шексіз. Кәрі көңілі алабұртып, әжімді жүзі әлемтапырақ болып, ұзақ-ұзақ дұға бағыштайды. Әлдеқашан жермен-жер болып қалған қос төмпешік. Маған мүлде беймағлұлм әлем. Апам егіле жылайды, мен де қосыламын, «әмин!» деп бетін сипайды, мен де бетімді сипаймын. Ақыры, құр сүлдеріміз, үн-түнсіз жылжып, көп қабірдің арғы жағындағы күзеудегі ауылдарға бет түзейміз. Бір жолы:
– Е, е, бұл Дарғы атаңның (Әбіл ақсақал) ауылы ғой, Жікеңе (Жібек апамызды айтады) барып шығайық, – десе, келесі жолы:
– Жә, бүгін Рахилаға барайық, ол қаншық үйінде бар ма екен, әуелі? – деп Махаңның үйіне тартады. Барған жерінің бәрі аспа-төк дастарқан, күзгі бағланның жас еті, арғы-бергіден ұшы-қиырсыз әңгіме. Күзгі мамыражай, тоқшылық тірлік… Бәрі де ертегідегідей… Сәл мызғып аласың… Еш қорқыныш жоқ. Қасымда Апам бар!
Күзгі күн төбеден ауып, батыс жамбасқа құлайды. Екеуміз қайтуға қам жасаймыз. Апам өте зерек. Келе жатып топ-топ қып тартып кеткен шиін неше жерге, қай жерге тастағанын жазбай тауып, бір-біріне қосып, ең соңында:
– О, о, көрім тартыппыз, биыл жарықтық жақсы көктепті, бұйыртса қанат жарым болып қалар, – дейді өзіне-өзі разы болып. Тәңіріне мың қайтара «Тәубә» айтып, өз есебіндегі «қанат жарым» шиді бір өзі көтеріп, үйге қайтамыз. Жас ши қандай ауыр! Жүрер жолымыз едәуір жер. Апамның күшіне, шыдамдылығына қайран қалам. Расында да Апам өте күшті еді. Қайтарда міндетті түрде бағанағы көп бейіттің тұсынан өтеміз.
– Е, е, қарғам, жаяу болсаң да, көлікпен жүрсең де қабір басынан шапқылап өтпе, ешбір аят, дұға білмесең де атты болсаң оң аяғыңды үзеңгіден шығарып, «Қиямет жақын» деген сөзді үш қайталап айтып өтсең дұға деген сол. Қашан да жолда жүріп қиналсаң кез-келген мұсылман моласына түней сал, ең қауіпсіз орын – сол. Ескі қыстау-қораға ешқашан барма.
Енді ойласам, оң аяғын үзеңгіден шығарып алған адам сыңар үзеңгімен ешқашан қатты жүре алмайды екен ғой, қазір машинамен кетіп бара жатып та оң аяғымды газдың тепкішегінен ала қоямын. Жалпы Апам қазақи ырым-жосын мен салт-дәстүрді, небір тәрбиелік тыйымдар мен діннің діңгегін берік ұстанған жан еді. «Кісіге қарап есінеме, түшкірме», «есікті керме», «табалдырықты баспа», «жатып алып жұлдыз санама», «тымақты теріс киме», «тымақты қабаттап киме», тағы-тағы толып жатқан «болмайтын» тыйым, шектеулерді қайталаудан жалықпайтын. Күн батқан соң, екінті мен ақшам арасында суға баруға болмайды, әсіресе, қыз бала, әйел адам сақ болғаны жөн. Ал міндетті түрде бару қажет болса кәтелімізге сарыала сапты пышақ салып жібереді.
– Жатарда оттың басы сыпырылмаған, ыдыс-аяғы жиналмай, дастарқан басы ыбырсып жатқан үйге періште жоламайды. Ондай үйге жын-шайтан келіп түнейді, – деп сөйлей жүріп, оттың басын тазалап барып «бісмилла» деп жатын бөлмеге кіріп, көзі ұйқыға кеткенше күбірлеп Жаратқанға жалбарынумен болады. Күнде жатарда айтатын көп тілегінің басы былай басталушы еді, әлі күнге жатарда сол естігендерімді қайталаймын:
– Ей, құдіреті күшті, жаратушы Алла! Өзіңнен басқа қуат жоқ. Бергеніңді алсаң да береріңді алма, Жасаған! – деп басталып, ары қарай белгісіз күбір-сыбырға ұласып, жалғаса береді.
Ыстық асқа отырарда және ауқаттанып болған соң міндетті түрде қол жуу, сыртқа яғни әжетханаға барарда бас киім кию Апамның қатаң қағидаларының санатынан. Осы қол шаю мен дәретханаға бас киімсіз бармау ережесін отыз жылдан кейін Ұланбатыр қаласында жоғары оқу орнында сабақ беретін доктор, профессор атағы бар үлкен ұстаздан естіп, таң қалғанмын. Жасы алпысқа таяған, баспаған жері, аспаған тауы жоқ, өте білімдар моңғол азаматы еді. Мен топтағы қырық студенттің ішіндегі жалғыз қазақпын. Дәріс беріп тұрып, реті келген сөз арасында мені нұсқап:
– Біздің мына қазақ деген ұлттан үйренеріміз, аларымыз көп. Мәселен, бұлар асқа отырар алдында және ас ішіп болған соң міндетті түрде қол жуады. Міне, нағыз тазалықтың әліппесі сол – қол жуудан басталады. Бұлар дәретханаға ешқашан жалаңбас кірмейді. Адам бойына барлық дерт-дербез осы дәретханаға бас киімсіз кіруден пайда болады. Бұл ғылымда дәлелденген, – дегенде аудитория түгел маған қарады. «Міне, біз қандай халықпыз!» деген мақтаныш сезімге бөлендім. Есіме бірден Апам түсті.
…Қайран Апам-ай! Ғалым екенсің-ау! Тұла бойың тұнып тұрған пәлсапа екен ғой!
***
Сонымен, ши тарту науқаны әр күз сайын төрт-бес рет жалғасады. Апам қыс бойына жетерлік 6-7 қанат ши тартып, ермек тауып алады. Әрбір ши тарту сапарымыз Аққол өзенін бойлап, ұзай түседі. Сапарымызбен бірге Апамның әңгімесі де ұзара береді. Сол баяғы сағым боп санасында мәңгі сақталып қалған балалық бал күндерін, Қобда бетіне келгеннен кейінгі аз күн бойжеткен дәуренін сағынышпен еске алады. Содан кейінгі өмірінің біраз тұсын, әсіресе, атама қалай кезіккенін, бұл әулетке қалай келін болып түскенін ашып айта бермейді. Тағдырының осы тұсына өзі де өкпелі ме, сол бір кезеңге деген өкініш, наразылық бары байқалады. Көзі ашық, көкірегі ояу, ескіше ерекше сауаты бар, әрбір дүниені өз қабілетімен бағамдай білетін сұлу бойжеткеннің сол бір аумалы-төкпелі, үркін-қорқында үдере көшіп жүрген жұтаң тірлікті ауылдардың арасында өз ықтиярынсыз, ауыл үлкендерінің құдаласу салтымен ұзатылып кеткенін бірер ауыз сөзбен қысқа қайыратын.
– Арғы беттегі аспа-төк заман көзден бұл-бұл ұшып, Қобда бетіне ілініп-салынып жеткен аш-арық ел белгісіз мекенге келіп қоныстанып, тірлік-тұрмысы түзеле алмай жатқан кез. Ауылдың үлкендері өзара келісіп, Атаңның қарындасын кедейліктен үйлене алмай жүрген менің ағама алып беріп, ол қызға төлейтін қалың мал жоқтықтан біздің жақ еш қалың малсыз мені Атаңа ұстап берді. Ондай қолма-қол алыс-берісті қарсы құдалық дейді. Ол кезде Атаң да кедейліктен үйлене алмай жүрген пақыр екен. Өздері бір құрсақтан он алты перзент екен. Олар да сол кездері Алтай бетінен ауып келген. Сол он алтының көбісі арғы бетте балаларға келген шешек ауруынан қырылыпты. Атаңның бетіндегі шұбар із – сол шешектен қалған дақ. Бұл да сол аты жаман аурумен ауырып, жаны әзер қалған көрінеді (Атамды ел-жұрт еркелетіп, «Шұбар Ата» дейтін). Қазіргі түк көрмеген кейбір қатындар өздері не екенін де білмейтін сол аты жаман ауруды шақырып, балаларын «шешек келгір!» деп қарғайды. Көрер ем бәлем, көк шешек келсе қайда барып тығыларын сол жаман қарлардың!
Әр сапарда баяғы сол ұшы-қиырсыз көп бейітті аралаймыз. Жас күнінен бірге өскен құрбы-құрдас, ағайын-жекжат, көрші-қолаң, істес-шаруалас болған әр адамның басына барып, оның небір жақсылықтарын еске алып:
– Е, мынау жарықтық пәленшекең ғой, топырағы торқа болғыр, жақсы адам еді, мынау әлгі түгенше емес пе, жатқан жері жайлы болғыр, – деп кісі басын санап Құран бағыштайды. Құтты бір базар аралаған әйелдердей бұл тірлігінен еш жалықпайды, қайта көңілі сергіп, ләззат алатындай, әрқайсысымен жеке-жеке кеңеседі. Көңілі сүймейтін адамдардың қабіріне ештеңе айтпастан аяғын тез-тез басып өте шығады. Қайтуға таяғанда, ең соңынан баяғы кішкентай-кішкентай қос төмпешікке келеміз. Екеуіне, әдеттегідей, Құран ұзақ оқылады. Топырағын сыйпайды, еркелетеді. Ақыр соңында көзіне жас алады. Оған қосылып менің де көмекейіме өксік тығылады.
Осы топ бейітті қимай-қимай ұзақ тұрып, бір кезде үйге бет алады. Естіп я көріп пе едіңіз, бейітті қимай, моладан кеткісі келмей жалтақтаған пендені… Құлдыраңдап, қолынан тартқылап жүріп, осы дүниеге бейімдеймін…
Қайран Апам-ай! Бір өзің ашылмай жатқан жұмбақ қазына едің-ау!
***
Қыркүйектің аяғында қыстауға кіреміз. Қарашаның алғашқы қары жауғаннан бастап ел қысқы азығын қамдап, соғым сояды. Соғым сойып біткен соң Апам күздей тартқан шиін шағындап-шағындап бөліп, босағаға кіргізіп қояды. Күнде іңірде екі-үш сағат үйдің ішін ыбырсытып ши аршимыз. Бұл жұмыс, шамамен, бір айға жуық жалғасады, үйдегілердің бәрі жабыла істейді. Бұл шаруаға тіпті Атам да қатысады. Әр тал шиді қабығынан ажырату – бір мехнат тірлік. Мандымайды. Шидің басқы екі буынының қабығы алынса сынып қалады. Сондықтан басқы буындарының қабығын сыдыруға болмайды.
– Қабығы алынған шиді қатты қысып буғанда жуандығы атан түйенің табанының көлеміндей болса бір қанатқа толғаны, – дейді Апам үйдің ішін тазалап жүріп. Кешкі ас-суымызды ішкен соң кішкентай тері торсығын пісіп-пісіп, пысылдай көпіршіп тұрған бал шұбаттан кісі басына бір-бір кесе құйып береді. Ешқашан екі кесе құймайды. Бір кесе – тұрақты норма. Таңдайыңа тақ етіп қана қалады. Шалқалап тұрып шынының түбіндегі соңғы тамшысына дейін сарқып ішеміз.
Апам өмір бойы түйе ұстаған адам. Біздің үйдің есігінің алдынан мәңгі бір інген кетпеген. Бота күнінен қолға үйретілгендіктен өте жуас болушы еді. Бауырынан ары-бері өте беретінбіз. Бауырсақ па, тәтті ме, не берсең соны жей беретін хайуан. Әрбір шай қайнатым сайын Апам екі бауырсақ береді де ботасын салмай, тұрған жерінен сауа салушы еді. Шайлық сүтінен асқанын кішкентай торсығына жиып, шұбат ашытатын. Түйе сүті – өкпе ауруларына, көкжөтелге шипасы тиетін, емдік қасиеті жоғары сусын. Ауыл-аймақ, алыс-жуықтан әдейі іздеп келіп, торсықтап алып тұрады. Апам оларға ешқашан сатқан емес. Тегін таратады.
Інген екі жылда бір боталайды. Төлдеген жылы ботасымен, келесі жылы тайлағымен идіріп, қайта туғанға дейін сауа береді. Інген төлдеуге таяған кезде Апамнан маза кетеді. Түйе малы өте қызғаншақ. Туарына таяғанда төлін ешкімге көрсетпей, алысқа, сай-салаға бошалап кетеді. Түйе малы ешқашан өзен-көл, сулы өлкеге бошаламайды, қырға кетеді. Ботасы аяқтана алмай, суға түсіп кете ме деп қауіптенгені шығар. Сондықтан да Апам төлдеуіне таяған інгенді қолдан әсте шығармайды. Түн ортасында бәлен рет тұрып, қайта-қайта бақылаумен болады. Түйе боталаған соң тәлтірек қағып аяқтана бастаған маймақ ботаны баласындай мәпелейді, оюлап, кіп-кішкентай жабу тігіп кигізеді, көз тиеді деп төбесіне бір шоқ үкі қадайды. Он-он бес күн ботаны ешкімге көрсетпей тығып ұстайды. Оның айтуынша, түйе малына, әсіресе, жас ботаға тіл-көз тез өтеді. Қайбір жылы ботасы өліп қалса немесе ит-құс жеп қойса мойыл көзінен жас сорғалап, аса бір зарлы үнмен боздаған інгенмен бірге Апам да зарлап, жылап отыратын. Түйе малы өте сезімтал, нәзік хайуан. Кіршіксіз тазалықты талап етеді. Сауын уағында Апам қолын жумай түйенің мамасын ұстамайды. Сауып тұрғанда қасына артық адам жолатпайды, артық сөз сөйлемейді. Ондай жағдайда түйе бедірейген қалпы, бір тамшы сүт бермей, иімей тұрып алады. Інген туған соң ботасынан артылған алғашқы уызын пісіріп, өткен-кеткендерге арнап Құран бағышталады. Сосын барып бізге жегізетін.
Жалпы апам мал төлдеген кезде асық ойнатпайды. Үйге келген баланы түрегеп тұрғызбайды, келген жұмысын тізе бүктіріп, отырғызып барып айтқызады. Әйтпесе буаз мал түрегеліп тұрып туады, толғағы ащы болады деген ырым бар. Оң жақ босағаға жасалған төлге арналған шарбақтың үстіне арса ағаш байлап, қыстан қалған семіз сүрі (қазы, қарта) іледі. Үйге келген адамның назары жас төлге емес, сол етке ауады деген ырым.
Апам жылқы малын жақтыра бермейді. Біздің үйдің түйелері шетінен басбілгі болады. Бота күнінен солай үйретілген. Апам айтады:
– Түйе қырық күнге дейін аштыққа да, шөлге де шыдайды. Қыс айында таңертең-кешке қолдан бір-бір уыс шөп асатсаң жетіп жатыр. Мініп барған ауылыңа салмақ салмай, алдына бір уыс шөп қойып байлай салсаң болды. Түйе мінген адам ешқашан тоңбайды. Екі өркештің арасында буың бұрқырап отырасың, түйе – өте ыстық мал. Жүні қалың, жұмсақ, жүрісі жайлы. Мінсең көлік, артсаң арба, жесең ет, барған жеріңде сауа салсаң сусын, – деп түйеге шаң жуытпайды. Онысы рас. Біздің ауылдан жүз шақырым Бұғылыдағы төркініне және аттылыға бір күншілік Сарышөлейтте қыстайтын Атамның туыстарына тайлақты інгенмен қақаған аязда жалғыз өзі тартып отыратын.
Апам – өте туысшыл адам. Алыс-жуықтағы руы жәдік атаулының бәрін төркінім деп снайтын, саңырау сүйектінің бәрі қайынаға, қайны болады. Ондай адамдардың жақсылық-жамандығынан ешқашан қалған емес. Той-томалақтарында әуезді қоңыр даусымен ән салады. «Жас кезінде тойларда кез-келгенмен айтысып кетер ақындығы да әжептәуір еді», – дейді бірге жүрген, заманы бір замандастары. Қара өлеңдерінің өзі ешкім білмейтін, ешкім естімеген соны боп келеді. Ондай тойларға ақ шатырдай кимешек-шылауышын киіп, қолына күміс білезік, сақиналарын салып, шылауышына әшекей түйреуіштерін тағып, кірпігіне кір жуымай барар еді. Өзі де бес уақыт намазын қаза қылмаған, жылына бір келер отыз күн оразасын орынсыз бұзбаған, санасы мен денесін қатар таза ұстап, бой дәретсіз құманнан арыға аттап баспаған өте кірпияз адам еді, жарықтық.
Сонымен, күздей тартқан шиді қыс ортасына дейін, іңір сайын қалғып-шұлғып отырып аршып бітіреміз. Сосын ол бисмилла деп ши тоқуға кіріседі. Алдын-ала дайындап, оң жақ босағаға сүйеп қойған екі сырық ағашының бірін үйдің белағашына байлап, тігінен орнатып, он бір жерінен бірдей етіліп кертілген құлаш жарым ағашты көлденең бекітеді. Жылдар бұрын Қобда өзенінің арнасынан теріп әкелген көлемі бір қарыстай 26 дана ұзыншақ тас та сол бұрыштан орын алады. Қайда барса қолынан ұршығын тастамай жүріп, арнайы ши тоқуға деп қой жүнінен иіріп, доп-домалақ қылып орап, даярлап қойған жіпті он құлаштан қиып, тең ортасын тауып, жіптің екі ұшынан бастап екі тасқа қатты орап, жіптің қақ ортасына жетуге екі-үш қарыс қалғанда шалып тоқтатады. Жіптің дәл ортасын ши тоқу ағашына келтіріп, екі тасты екі жағына жіберіп, 11 кертіндіге 11 жіп салады. Қалған екі жұп төрт тас бел ағаштың екі басындағы ең шеткі екі кертіндіге қабат түседі. Қабат түскен бұл екі жіп «ирек» деп аталады. Ирекке салынған жіпті 1-2, 10-11-ші, яғни шидің екі басына, шетке түскен жіптердің арасында қиғаштай жүріп, бір-біріне байлап отырады. Шеткі жіптің шидің басынан сыпырылып кетпеуін қамтамасыз етеді. Сол үшін де ирек жіптері басқа жіптерден бір-бір құлаш артық алынады. Енді осы жіптердің үстіне шидің бас-аяғын айқастырып, екі-екіден сал да, салынған шидің үстінен асырып, арғы тасты бері, бергі тасты ары алмастыра бер. Апамның бір қанат деп әкелген шиі де бітеді, әр тасқа оралған бес-бес құлаш жібі де түгесіледі.
Бұл жалаңаш тоқылған шилер киіз үйдің артқы жағына, яғни ішінен небір ою-өрнекті кілем-кілше, тұскиіздер тұтылған төргі бөлігіне ұсталады. Екі босағаға кереге ішінен ештеме ұстамайды. Ашық тұрған кереге басын қажеттілікке пайдалану: мәселен, оң жақ босағаға ат әбзелдерін, ер-тұрман, жүген-ноқта және қыран құс жабдықтарын ілуге, ал, қазан жақ босаға керегесіне ас-су әбзелдерін: саба, ожау, шөміш секілді күнделікті тірлікке қажетті дүниелер ілінер орын боп саналады. Сондықтан да екі босағаға ұсталар шилер сырт көзге көрініп тұратындықтан, ою-өрнекті, әшекейлі болуы керек. Бір қанатын орап, тоқу үшін бір қыс уақытты алатын нағыз мехнатты шаруаңыз – осы. Апам оны да асқан төзімділікпен, күнді күнге, түнді түнге жалғап, көз майын тауысып отырып атқарар еді. Ең әуелі, шиге салар ою-өрнегінің өңіне қарай қойдың биязы жүнінен майдалап отырып түтіп, сан түрлі бояуға салып, шиге орар жүнін даярлап алады. Біздің үйдің ең бір тозбайтын, ешкім қаражат шығармай даярлап берген ойыншығы – үлкен бір дорба асық. Атам өткір бәкісінің ұшымен ерінбей отырып, қырып-жонып тазалап қойған сүліктей сұлу аппақ асықтар түрлі түске боялатын кез – осы. Ол бояуға жүн салғанда, біздің ақ асықтан да бір уыс салып отырады.
Апам ши аршыған кезде, ұзын да жуанын іріктеп алып қойған бірінші сортты шиін әкеледі. Ең алғашқы шиден бастап, өз ойындағы өрнегін жасау үшін түрлі түсті жүндерін соза отырып, шиге орай бастайды. Еш жерде үлгісі жоқ, не қағаз бетіне түсірген ешбір сызбасы жоқ, тек өз басындағы, қиялындағы бейнені шығару үшін үлкен ойлану, толғану, кәдімгі шығармашылық үлкен шабыт керегі даусыз. Ол көкейдегі үлкен жоспарлы туындысын сан қайтара ой елегінен өткізіп, пісіріп, қанша әспеттеп алса да дәл қазір ақ парақ алдына кеп, ұлы шығармасын қалай бастарын білмей толғатқан жазушыдан аумай ойланар еді.
Міне, бірінші ши оралды, екінші, үшінші, енді ми жұмысы бәсеңсіп, қол біле бастайды. Әрбір жаңа істі бастар алдында:
– Істің басы ілгері, шайтанның басы кейін, биссмилла! — деп, кірісіп кетеді. Дәл осының алдындағыдай, ораусыз ши тоқылған бел ағашқа жіп ораған тастары салынып, даярланады. Алғашқы он шиді жерге тізіп, ою-өрнегінің басы дұрыс басталғасын, бел ағашқа салып тоқи отырып, өрнегін орай беретін. Шамамен екі ай астам уақытта, мал төлдерге таяп, әсемдеп тоқылған бір қанат ши, бейне бір, қызылды-жасылды түкті кілемдей боп, көздің жауын алып, ұзыннан-ұзақ созылып, аулаға шығар еді. Шидің көлденең басының астына жаңғырық ағаш сап, өткір ақбалтасын жалақтатып, шидің артық шығып тұрған үрпек басын Атам түп-түзу қылып шабады. Екі жағы шеттелген ши мүсінделіп, құлпыра түседі. Келесі босағаның шиі де дәл осы өрнекпен, осы өңмен бірдей боп шығуы ләзім. Екі босаға тең, бірдей көрінуі керек.
Міне, құрметті оқырманым, еңбек атаулыдан қажымайтын, жалықпайтын, жалқы сәт қарап отыра алмайтын жанкешті Апам қазақы киіз үйге қажетті бір мүлікті өзінің шағын қол өндірісінен осылай жасап шығарушы еді. Күз соңында ауыл арасынан тартқан қысқа, ұсақ шиден киіз үйдің іргелігін тоқиды. Іргеліктің биіктігі небәрі 40-50 сот болады. Тоқылған шидің сыртын берік бұлмен, қанар немесе жұмсақ брезентпен қаптайды. Күн салқындаған күзгі уақытта және желді күндері іргелік киіз үйге өте қажет. Осы іргелік жайлы Апам айтады:
– Аққол сұмын артелінің бастығы Құспан деген жарықтық жақсы адам еді. Сол кісі осы іргелікті алғаш басқа бір өлкеден көріп келген бе, жоқ өзі ойлап шығарды ма, анығын білмедім, әйтеуір мені шақырып алып «осылай да осылай, осы дүниені істеп көрші» деп тәптіштеп ұқтырып, материал бергізді. Ол кезде Аққол артелін алғаш құрушы аз адамның бірі едім. Жас кезім, неге болсын көзсіз тәуекелдің шағы. Артель жаңа ғана құрылған, аяғына толық тұра алмай, елдің тіршілігіне қажетті оны-мұны, ұсақ-түйекті аз-мұздап қана шығара бастаған кез. Атаң бастаған бірнеше ұста, шеберлер бірлестік жылқысына таға-шеге соғады, жұқа қаңылтырдан пеш, мұржа-түтік жасайды. Сонымен не керек, бұрын елде болмаған, істеп көрмеген «іргелік» деген бұйымды жасауға кірісіп кеттім. Ісім ілгері басты, нәтижесін көрдік. Көшпелі қазақтың киіз үйлері жаппай іргелікті болды. Сұраныс өте жоғары. Сол жылдың жылдық жұмыс қорытындысында аймақ орталығына шақырылып, озат өнертапқыш танылып, үкімет кеудеме темтік тақты (Темтік деп отырғаны төсбелгі, медаль). Апам кезекті бейіт аралап жүргенінде сол Құспан бастығының да басына ұмытпай бұрылып, Құран бағыштайды. Аз ба, көп пе ғұмырыңда, мынау бес күндік жалғаннан алған бар сыйың — еңбегің бағаланып, кеудең жарқырап, елдің алдында қуанған сәтің ғана шығар?
Қайран Апам-ай, қай еңбегің үшін де, қандай сыйлыққа да лайық едің-ау!
***
Өзімізге қарасты бір-екі сиыр, он шақты қой-ешкі төлдеп болысымен Апам келесі шаруаның қамына кіріседі. Ел де, мал да қыстан шығып, жадырап, жарықтық Жер-Ана бусанып, Аққол мен Қобда өзендері мұзынан арылып, біздің шағын ауылда рахат өмір басталады. Осы екі өзеннің тоғысар сұғымында «Жалпақ» деп аталатын бастау-бұлаққа, көл-көлшікке толы, өлең-қоғасы ну да бітік кең жазира алқап бар. Бұл алқапты нағыз құс базары дерсің. Наурыз айы туа мұнда жыл құсының мың-миллион түрі келеді. Қызылды-жасылды алуан бояумен құлпырып, сан түрлі әуенмен құйқылжытып, сансыз сарынмен сайрағанда кеудесінде жұдырықтай еті бар әрбір пендені еріксіз елжіретер еді. Мойындары былқылдап, қос-қосымен аққулар сұңқылдаса, көлшіктердің күнгейінде күнге қыздырынып жатқан томардай-томардай қаздар қаңқылдайды. Қаздың өзінің қарақаз, саралақаз, қоңырқаз секілді сан түрі бар мұнда. Топ-тобымен суылдай ұшқан шүрегей үйректер, шабақ аулап, қиқулаған үлкенді-кішілі шағалалар, небір түрлі торғайлар дейсіз бе, әйтеуір жұмақ мекенде құс атаулы жұмыртқа басып, өсіп-өніп, жыртылып-айырылып, жаздың жырын жырлап, жақсылық тойын тойлап жатқан бір ғажап өлке! Туған жерге оралған жыл құсының басылмай жатқан сағыныш сазы, күндіз-түні толассыз тойланар махаббат тойы ұлы сарынға, ұлы думанға жалғасар еді!
Қыстай Көкінгеннің арқасында шайлыққа ғана ілдебайлап келген үйде мал төлдеп, ақ шыға молшылық кіре бастайды. Төлдеген саулықтар көкке тойып, Апам бір-екі емшегін тарта жүріп айран іліндіреді, қыстан қалған сүрісінің шетінен бір түйірін салып, иісін бұрқыратып уыз қатырады. Құйрық майға ұн мен сүтін бабымен сіңіріп, шай борлайды, ауыздан дәмі кетпестей доғалатпа қайнатады, ақ ірімшік сүзіп, төл мәйегіне қайнатылған күп-күрең мәйек ірімшікке де ерін тиеді. Сүтке езіп, құйрық майға құймақ құяды. Кішкентай торсығына бір апта жиып жүріп, шәлдірлетіп алғашқы іркітті де пісіп жібереді. Ал енді отыра қап, екі алақанға кезек ауыстырып, ағызып сары май жала. Оның дәмін бұрын дәл солай май жалап көрсеңіз ғана білесіз. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы сары майды қосып жеуге жалпақ тасқа нан жабады, үстіне табақ төңкеріп, тезек күліне көміп пісіреді. Нағыз нан деп осыны айт! Алласына сансыз тәубә, мың-мың шүкірін айта жүріп, туған төлге, шыққан аққа небір ырым-жосынын жасай отырып Апам бір уақ осындай тамақ түрлерін жасап, қыздарына аспаздық өнердің сан қырын үйретеді. Ұстаған малымызға сәйкес ас мәзірі сәл аз-аздан даярланады, бірақ, Апамның қолынан шыққан сол тағам ерекше дәмді болушы еді.
– Барға қанағат жасаңдар, азға өкпелеген мол астан құр қалады, – деп бізді алдаусыратар еді, «тоймай қалды ма екен?» деген күдігін жасырып.
…Қайран Апам-ай, тамақ пісірудің қас шебері, осы күнгі кез-келген кәсіпқой аспаздан жүз есе артық едің-ау!
***
Мал төлдеу науқаны аяқтап, алғашқы ақтан небір түрлі тағамдар жасап, көңілді демдеп алған соң Апам кезекті жұмысына көшеді. Дала толық маужырай жылыған көкек, мамыр айларының бір сәтті күні аулаға өз есебімен күбірлей есептеп жүріп, әрбір қанаты үш, үш жарым метр үшбұрыш жасап үш қазық қаққызады. Осыдан кейінгісі (бізге) маған нағыз ертек, ештеңе ұқпаймын. Сол кезде ұқпаушы едім, әлі миым жетпейді. Қыс бойы ескі жүн киімдерден сөгіп, даярлап алғаны бар, қолдан иіріп дайындағаны бар, аннан-мұннан тапсырып алдырғаны бар – сан түрлі өңді жиған-терген жіп атаулысын шығарып, өрмек құра бастайды.
Әпкелерім оқып берген «Ер Төстік» ертегісі есіме түседі. Сондағы Төстіктің аяғымен іліп, өрмек үзіп кететін жері, өрмек құрып отырған кемпірдің Төстікке айтқаны ойыма оралады. Бір сәт ертегі әлемінде жүргендей, өзімді Төстік батырдай сезініп, қиялға беріліп кетемін. Мен неге жалғызбын? Мүмкін, Төстіктің ағаларындай менде де ағалар болған шығар? Бәлкім олар да байлық, бақыт іздеп алысқа кеткен болар? Жооқ, менде ондай ағалар жоқ. Кенет, кенет ойыма сонау көп моланың ішіндегі қос төмпешік түсті. Сол екеуіне барған сайын Апам неге жылайды? Неге кетерінде қимай қоштасады? Оларға неге ерекше көңілмен қарайды? Бұрын қалай байқамағам, қалай оларды көп қабірдің бірі деп түсініп келгенмін?!
– Апа, ау, Апа! – деймін. – Осы менің ағаларым болған ба?
Ең негізгі түп қазыққа Апам өзі отырып алған, барлық жіпті сол жерден еш шатастырмай шалып, ақ жіп енді неше айналып жүгіретінін, көк жіп қанша рет келетінін, сары, қызыл, жасыл тағы-тағы сан алуан өңді, сансыз көп жіптің есебін түгендеп, үш қызын үш бұт қазықты айналдыра жүгіртіп қойып, қарбалас жұмыс істеп отыр. Өз ісінен басқаға құлақ қойып, мойын бұруға уақыты жоқ. Менің сөзім құлағына кіріп те шықпады:
– Бара ғой, сен тұра тұршы, менің құлыным қабаттаспайды, бар, жүгір, Атаң не істеп жатыр екен, дүкен үйге барып келші.
– Аяққа оралғы болмай кетші, ей, сен!
Бұл – бір апайымның сөзі. Бұртиып, үйге кіріп кетем, қайтып олардың маңына жоламаймын.
Олар осылай 4-5 сағат айналып, сырттан өрмекті әбден құрып, даярлап алып, барлық асай-мүсей жабдықтарымен төргі жатын бөлмеге әкеп, терме қылып құрады. Енді, қызылды-жасылды сан мың жіпті жаңылмай теріп, қос мүйіз, қошқар мүйіз, сыңар мүйіз, сыңар таңдай, қос таңдай деп кете беретін өрнек түрлерінің қай біреуін теріп, басқұр, желбау, туырлық бауларының түр-түрін тоқыр еді. Әпкелеріме өзі бастап көрсетіп бергесін ары қарай олар қағып алып, бірінен кейін бірі термеге мініп, 15-20 күнде бір бау тоқып тастар еді.
Сан түрлі, сан мың жіптің бір де біреуін артық-кемсіз жүргізіп өрмек құрып, терме теру, қаншама өңді жүнді әрбір ши басына еш қатесіз орап, тоқып, небір ғажап ою-өрнектер тізбегінің таңғажайып үлгілерін жасау тек менің Апамның, математик Апамның ғана басы жетер, шешімі күрделі арифметика.
…Қайран Апам-ай! Өмір дейтін майданда ешқашан шегінуді білмейтін ұлы стратег екенсің ғой!
***
Сонымен, менің жалқы сәт жалқаурамайтын Апам, жаны жүдеп, жалығуды білмейтін Апам, қолында бар материалын қолөнері арқылы көргеннің көзі сүрінетіндей бұйымға айналдыратын, он саусағынан өнер тамған Апам, жоқтан бар жасайтын Апам көктем мен күзде өзіне барлық мал атаулыдан шикізат, яғни жыл он екі ай істер ісіне материал жинайды. Ең әуелі, өзіміздің үйдің екі жылқысының жал-құйрығын күзеп алады. Бұрнағы жылдың күзем қылдарына қосып жия береді. Жылқы, сарлық сиырдың қылшығы өте қат. Біздің үй сарлық ұстамайтындықтан қыл арқанға қосар қылды анау-мынаудан шиге, сабынға ауыстырып тауып алады. Ал түйе жүні, шудасы біздің үйде жетерлік. Түйе жүні – ең көп керек болатын әр түрлі жіптің таптырмас материалы. Түйенің шудасынан иірілген жіп ерекше жұмсақ әрі өте берік болады. Түйенің шудасын Апам сан түрмен иіреді. Тебенге сабақтап, жабу тігетін жуантығын, кез-келген киім тігуге арналған орташасын, тек сырмақ сыруға ғана арналған еш кедір-бұдырсыз жіп-жіңішкесін – түр-түрімен даярлайды. Оның жіп даярлау жұмысы – әншейін ауыл-үйді қыдырып жүріп қана істей салатын ермегі. Бос уақытында ғана қолға алатын, қазіргі тілмен айтсақ, хоббиі. Ол кезде Апам сияқты кемпірлер ауыл қыдырушы еді. Бірінің үйіне бірі түстік астырып қойып, оңды-солды ұршық жарыстырып, небір әңгіме тиегін ағытады. Неге екені белгісіз, олар ауыл қыдырғанда міндетті түрде қасына бала ертіп жүреді. Апам мені мұндай қыдыруларға жиі ерткендіктен қыдыру өнерін ерек меңгеріп алдым.
– Бөтен үйге барғанда табаққа түспе, қыңқылдап әрнені сұрай берме, өзім әперем. Балалармен төбелеспей ойна. Үстіңді былғама. Ұйқың келсе, ұйықтап ал. Мен сені ешқашан тастап кетпеймін – тағысын-тағы, мида жатталып қалған «болмайдылар».
«Болмайдылар» қалтқысыз орындалады. Екі қалтамды тәтті-кәмпит, құрт-ірімшікке толтырып, Апамның алдына түсіп ойнақтап қайтамын кешкісін. Міне, осындай қыдыруларда Апамның жіп өндірісі үздіксіз жұмыс жасап, өнімін үзбей шығарып жатады. Мен үшін рахат ондай жұмыс жиі болып тұрады.
Сосын қой қырқылады. Маусым айында қойдың өлі жүні түсе бастайды. Қораға түскі қой сауыны келеді. Біз қой қырқуға шығамыз, қолымызда орыстың бір-бір «шыртылдақ» деп аталатын қайшысы. Күн ысыған сайын қойдың шуашы қозып, өлі жүні түсуге даярланып, астынан тірі жүн көтере береді. Мұны қой «көтерілді» дейді. Сол кезін аңдып отырып, қойдың жүнін шашау шығармай қырқып аламыз. Бұл жүн қойдың «өлі жүні» деп аталады.
Сонооу, бір жағы Қытаймен, келесі жағы Орыспен шекараласып, біздің ауылды аялай қорғап, қоршап тұрған ақбасты Алтай жоталарының бауырынан шыққан әр тамшыны шашау шығармай, өзіне тартып жатқан Сырғалының қос көлінен бас алып, Қобда бойының басынан бақайшағына дейін тіршілік нәрін беріп, өн бойына байлық-барлық, құт-береке, ырыс-несібесін таратушы жалғыз күретамыры іспетті, асау да арынды Қобда өзені біздің Сарықарын жайлауын да толық жарылқап өтетін. Жазғытұрым Алтайдың ұшы-қиырсыз сай-саласын тек өзі ғана арда еміп, ес-ақылынан айырыла долданып, құла сұрлана қаны басына шауып, жаз ортасына дейін жағасындағының бәрін жалмап, қанатты құстан басқаға өткел бермей, арнасынан шыға аласұрған тентек өзен шілде туа адам танымастай өзгеріп, моп-момақан, тұп-тұнық, сабырлы да салиқалы күйге түседі. Қобда өзенінің біздің ауыл жайлайтын тұсы екі жағы тал-терек, бұта-бүрген, нар қарағай, зәулім терек, ақ қайыңмен көмкерілген. Қызылды-жасылды қыр гүлімен құлпырған, бір сұмын халқының жылдық мал азығын дайындап алар ұланғайыр шабындық алаңдары шілденің аяғына қарай пісіп, жетіліп, қызылкүреңдене толқып жатады.
Дәл осы кездің жаймашуақ бір күні біздің ауыл қозыны және бойдақ қойды (саулық қой қырқылмайды) өзеннің бір терең, ағынды, иінді жеріне апарып, жан-жағынан қаумалай иіріп тұрып, әрқайсысын суға тоғытады. Кейбір арты салтақтарын екі қайта салып, ақ қойды ақ, қызыл қойды қызыл болғызамыз. Біз үшін бұл – рахат шаруа. Қашқан қой, тереңге шалқалай лақтырылған қозылар мен тоқтыларға шамасы жетпей, суға бірге құлаған жалаңаш, жалаңбұт ауыл тентектері – бәрі-бәрі қым-қуыт, айқай-шу, бала біткен ақыл-есінен айырыла кіріседі-ай кеп бұл іске! Қой-қозы әбден тоғытылып біткесін отарды үйге қарай бағыттап жіберіп, барлық бала сағаттап суда жатушы едік. Асыр салған, аңғал да алаңсыз қайран балалық-ай!
Апамның тақауырымен үстері қайтадан кірлемей тұрып, күзем қырқылады. Бұл іске бүкіл ауыл жұмылдырылады. Ауылдың Атам бастатқан қырықтықшылары қырқады, біз жүн жиямыз, қаптаймыз. Апам бәрін бақылауда ұстайды. Жүн өң-өңімен бөлек-бөлек қапталады. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» деп ала қойдың жүнін қызылға салғызады.
Қырқылған күні кешкісін қозы жамырағаны қызық. Әр саулық өз қозысын танымай жеріп, қашып жүреді. Қозысы аналарын қуалап, артынан қалмай, өз баласы екенін дәлелдеумен әбігер болады. Біз жатып кеп күлеміз. Ертеңнен бастап қозы бөлінбейді, қой сауылмайды. Қой суалды, күз болды деген сөз.
Енді сол күзем жүннен қашан киіз бастырып алғанша Апамда маза болмайды. Ауылдағы келін-кепшек, қыз-қырқын түгел жиылады. Өткен қыста Жетіөткелдің нуынан Атама кескізіп алдырып, сарықабықтап аршып, көлеңке жерге тобылғыдай қылып кептірген тал сабаулар біздің үйде пайда болғалы қанша уақыт өткені белгісіз, көне көк тулақты үздіксіз бірнеше күн тарсылдатып соғады-ай кеп. Бұл күзгі жүнді «күзем жүн» немесе «тірі жүн» деп атайды. Жазғытұрымғы «өлі жүндей» емес, бұл тірі жүннің жазылуы, түтілуі өте тез. Тулақты айнала отырған қыз-келіншектер жан-жағынан сабап, әп-сәтте бір сабам жүнді үлпілдете түтіп шығара қояды. Өлісі бар, тірісі бар – барлық жүн сабаудан осылай түтіліп, жұп-жұмсақ боп шұбатылып шығады. Дәл осы кезде:
– Алтайдың бір асуы Табан асу –
Жығылған тайлақ тайып жаман асу.
Жүніңнің асты бітіп, үсті қалды,
Бересің енді қашан тулақ шашу? – деп сыңғырлай күліп, бір-бірін қағытпалай қалжыңдасып, әуелете салған ән естіледі қыз-келіншектер арасынан. Мұны да әу баста, бұрнағы жылдары жүн сабағанда Апам өзі үйретіп қойған оларға. Біз ән естілген үйге қарай жүгіреміз, топырлап, бізге де қызық керек. Апам тығып жүрген бір-екі уыс кәмпит, тәттісін әкеп шашады көк тулақтың үстіне тасырлатып. Жата қалып шашу талаймыз, бізбен бірге қыз-келіншектер де шашуға таласады. Қыран-топан күлкі. Еңбектің рахатына бөленіп, мәре-сәре болған көңілді топ шай-тамақтарын ішіп, үйді-үйіне тарайды.
Ертеңіне ерте тұрған Апам далаға от жағып, қазан асып, су қайнатып, киіз үйдің белдеулерін ағытып, туырлықтың астынан ши суырып, өмірі бітпейтін әурешілігін жалғастырады. Үйден шешіп алған екі қанат шиді қатарластыра қойып, бір-біріне көктеп, енін өсіреді. Сол жалпақ шидің үстіне қанар-қанар жүнді төгіп, сабаумен шабақтап, жұқалап жазады. Жазылған жүнге шөміштеп ыстық су шашып, қайтадан бір қабат жүнді қолмен мұқият жазып шығады. Бұл «шиге жүн тарту» деп аталады. Мұнда, шығатын киіз не мақсатқа жұмсалатынына қарай әртүрлі тартылады. Мысалы: туырлық, үзік жабатын киіз сәл қалыңдау, сырмақ, текемет істелетін киіз жұқа деген секілді.
– Сырмаққа арналған киіз ақ, қара, қызыл жүндерден жұп-жұқа болып, қап-қатты қайрақтай сапалы шығуы керек. Өйтпесе, сырмақтың оюын ойғанда киіз созылып, іс болмай қалады, – деп Апам келін-кепшікке істің мән-жайын, амал-тәсілін үздіксіз үйретумен болады. Екі ұзын шидің бойына асқан ұқыптылықпен тартылған жүнге тағы да ыстық су себіліп, астындағы шиімен қоса шиыршықтала оралады. Шидің сырты арқанмен жіп-жиі етіліп таңылады. Ауылдың кешегі қыз-келіншектері түгелімен жиылып, былқылдай басып, сылқылдай күліп, ақ білектері күнге шағылысып, аппақ шидегі киізді аунатады-ай бір. Небір қызық әңгіменің, әзіл-қалжыңның тиегі ағытылады. Мұндай күндері Апамның қолы ерекше ашық. Қысқы соғымнан дәл осы жұмысқа арнайы сақтаған ең соңғы сүрісін қазанға салып, ешкімге бермей тығып жүрген тәтті-дәмдісін дастарқанға қояды. Жаңа ғана әр талы әр жерде тозаң боп жатқан жүн әп-сәтте бүтін бір кесек киізге айналады. Арқанды шешіп, киізді шиден шығарып, енді тек киіздің өзін басуға кіріседі. Шиден шыққан бос киіз басқан сайын қатайып, ширай түседі.
– Өмірі менің алдымнан киіз бос болып қалған емес, қайрақтай боп шығады, – деп, бәзбір кексе қатындар Апама естірте бөсіп жатады. Өндірілген кесек-кесек киіздерін қайта-қайта ұстап көріп, жасаңға жайып суытып, суыған киізді келесі бетіне аударып, шиыршықтап қайта бір сағат басқызып, пысыртады. Пысыру – шуашынан арылту, киізді әлі де ширата түсу.
Міне, жазғытұрым наурызда жылқы күзеуден басталған материал даярлау жұмысы күздің соңына дейін осылай жалғасады. Енді Алтай-Қобданың ұзақ қысында қыруар іс істеуге болады. Кесек-кесек киізден кесіп-пішіп үзік, туырлық, түндік жабады. Оларды тыстайды, қаптайды, шетін жиектейді. Киізді неше түрге бояп, сырмаққа ою ойып, туырлық қас ойыстырады. Қалған киіздің қиындыларынан сан түрлі ою-өрнекпен әшекейлеп, қызылды-жасылды шашақтап уыққап, керегеқап, келіқап, шынықап, ыдысқап, шайтұлып, тұзтұлып, қысқасы, көшпенді қазаққа не қажет, соның бәрі Апамның асықпайтын, жалықпайтын жасырын өндірісінен шығып жатады. Таңды таңға ұрып, оңды-солды жіп есіледі, киіз боялады, ою ойылады. Көз жауын алар сан түрлі шашақтар төгіледі. Салақұлаш ұзын төсекаяқтардан бастап, кимешек-шылауыштың төбелдірігіне дейін шашақтап тастаушы еді-ау! Түйеге тағар бұйданың өзін тек қара аладан ғана есер еді. Жазғытұрым келер төлге, бұзау басына мойыншақ, қозы-лаққа көген, оюлы жабудың, бауырынтақтың үлкенді-кішілі түрлері – бәрі-бәрі жасала береді, жасала береді. «Мұның бәрін жасап пайданың астында қалады екен» деп ойласаңыз қателесесіз. Ауыл-үй, ағайын-жекжаттың көңіл жетері кез-келген уақытта алып кете береді. Ол бір елдің берекесі бұзылмаған, бәз-баяғы қалпындағы кез еді ғой! Ешкімге ештеңе де сатылмаушы еді!
…Қайран Апам-ай! Буындары шодырайған саусақтарың қандай месекерлі еді?! Бір өзің жүздеген түрлі бұйым шығаратын сан-салалы өндіріс едің-ау!
***
Күздегі сырмаққа деп бастырып алған киіздерінен еш бояусыз, аққа қараны ойыстырып, құдалардың ғана астына салар есік пен төрдей қарала сырмақтар сырылса, енді бірде қосмүйіз, қошқармүйіз боп ойылған бір тобы сан алуан бояуларға тоғытылып, қызылды-жасылды маяуза, текеметтер шығып жатар еді.
Апам сырмақ оярда ешбір үлгіге қарамайды. Қандай көлемдегі сырмаққа қай оюдың үлгісі сәйкесетіні басында, санасында қорытылып, қарағайды отқа шала жағып алған күйе қаламмен киіз бетіне сызылады. Сосын қыл қауып тұрған өткір кездігімен киізді ешбір созбай, қимыжықтамай ояды. Ойылған түрлі түсті киізді өң-өңіне қарай ойыстырып, алдымен астар киізге тепшіп ап, сосын барып сулық жібін жүгірте отырып сыратын. Сырып болған сырмақты маржандай қылып жиектейді. Барған үйінің сырмағына қарап:
– Ее, алыс шаншып, бос тартып, он екі жерден бір көктеген, сиырдың жабуына жарамайтын, бір салабаның істегені екен, – деп үй иесіне естіртпей мінеп-сынап отырады. Өзі асқан ісмер адам басқаның ісін қалай жақтыра қойсын. Өзі сонау елді отырықтандыру, бірлестіктендіру тұсында «Аққол артелінде» атақты етікші болған. Ол кезде нағыз әлекедей жаланған жас шағы. Осы өлкеге алғаш Аққол сұмыны орнап, сұмын халқын өздері өндірген қол бұйымдармен қанымдайтын қолөнер шеберлерінің біріккен орталығы «Артель» деген үлкен өндіріс ошағы ашылған. Сол артельдің негізін қалаушы шеберлері – осы Апам мен Атам. Атам – дүкен құрып, көрік ұстайтын ұста кісі. Аттың таға-шегесінің небір түрін шығарады. Ай таға, қайырма таға, бүршік таға. Етікке қағатын нәлінің де сан түрін жасайды. Ай тағаны жазда мініс атқа, қыста қояберсін атқа қағады. Қайырманы қыстың мініс атына, ал, бүршікті жалтыр мұзға салып жүрісін жатылдырарда жорғаға немесе қыс айында арба, шана шегетін, ауыр жүк тартатын аттарға қағады. Бүршік тағалы жылқы таяды-ау дейтін еш қауіп болмайды. Жас кезінде Атамның шеге соққандағы жылдамдығы сондай, бір қыздырған темірдің алауы қайтқанша үш шеге соғып үлгереді екен. Бұл күндері мен көрік басып тұрамын, анда-санда екі шеге, әйтпегенде жаппай бірден шығарады. Атам – Апама мүлдем кереғар адам. Көп сөзі жоқ. Сосын өте күйгелек. Қиғанда ыршып кеткен, қып-қызыл шоқ боп жатқан шегені жалаң қолымен ұстап, табаққа тастай салады. Саусақтары күйіп-күйіп, әбден сірі боп кеткен мүйіз, ешбір от әсер етпейді. Шоқша сақалды. Денесі шағын, лып етіп қозғалатын өте шапшаң. Мұрынға насыбай атады. Осы насыбайы таусылып қалса немесе дүкен үйіне біршама уақыт кірмей, іс соқпай қалса Атамды түсіну қиындап кетеді. Маңайын қырып кете жаздайды. Ондайда сырын білетін Апам көмекке келіп, пешке арша өртеп, насыбай күлін даярласып, көрігіне шоқ салып беріп, көңілін табады. Атам насыбайды танауға молдау қып тастап жіберіп, көрікке отырады. Сәт сағатта бірнеше аттың тағасын соғып, алты айырығынан тер саулап, буы бұрқырап, шекесінің тырысы, бойының құрысы жазылып, таң асқан жүйріктей дүр сілкініп, дүкен үйінен шығар еді, жарықтық.
– Ее, сорлының «иесі» ұстап қалыпты ғой. Бойында «дүкеннің иесі» бар. Әй, шал-ау, шайыңды іш енді, – деп Апам күңкілдейді бұ жақтан. Бір сәт екеуі отыра қалып қою күрең шайдың бірнеше шәугімін аттандырып салады. Не жеп отырған бір түйір қою тағам жоқ, не айтып отырған бір ауыз әңгіме жоқ. Бір-бірін тек көзқарас, ыммен ғана ұғысқан екі кәрия ұзаақ отырып шәй ішеді.
Апам сол жаңа орнаған артельде етікші боп қызмет атқарған. «Ерінбеген етікші болады» деп, өмірінде ерініп көрген емес. Өз ісінің қас шебері. Екеуінің де артельде жүріп алған орден, медальдары бар. Апам оларды көзінің қарашығындай сақтайды. Сөйтпегенде қайтсін, сонау жастық шақтарынан қалған белгі, өкіметке адал еңбек еткенінің жалғыз куәсі сол бірнеше темір сөлкебай ғана. Апамның ешкімге ұстатпай, ешкімге бермей сақтайтын тағы бір заты бар – сыртын жұқа, жылтыр темірмен оюлап, құрсаулаған шағын ағаш қобди. Қобдидың аузына шағын құлып салған. Онда ешқандай алтын-күміс, асыл моншақ, әшекей бұйым жоқ, кішкентай ғана сүйкімді сандықтың іші тола құрал-сайман. Осыдан қырық-елу жыл бұрын Аққол артелінде ұстаған құралдары. Арасында қайың ағашының ашасымен саптаған шот, кішкентай қол ара, етік табандайтын кіп-кішкене балға, шеге суыратын балықауыз (тістеуік), етік тігетін тебен, ірілі-ұсақты инелер, етік ұлтаратын ағаш қалыптың түр-түрі, біздің де алуан түрі бар. Негізі етік тігетін біз үш түрлі болады – жай біз, қармақ біз, қаю біз. Оларды тауешкі, қарақұйрық, бөкен мүйізімен саптайды. Одан басқа етіктің табанын, өкшесін мінейтін өткір ұстара, кездік секілді саймандары сақталады. Оларды өзі де ұстамайды (кездігінен басқасын), өзгеге де бермейді. Ерекше қызғанышпен қызғыштай қорушы еді. Жалпы, Апам сайман атаулыға ерекше мән беретін, қастерлейтін, киелі санайтын. Бұл сандығынан тысқары да асай-мүсейлері: тері илеуге арналған қырғыш, ирек, жанай, дескі, терме тоқуға арналған: жай қылыш, адарқылыш, терме пышақ, мосы, арқауағаш, тағы-тағы әрбір іске арналған қаншама сайман-сақпыттары болатын.
Қайран Апам-ай! Бір өзің бір дәуірдің көне жәдігерлер мұражайы едің-ау!
***
Қыс бойы киізбен, сырмақпен айналысқан Апам наурыз айына қарай, күн сәл ұзарған шақта жүнді жүнге жалғап, арасына сарлықтың, жылқының қылын жүгіртіп, арқан еседі. Киіз үйдің бас белдеу, аяқ белдеуі, ат үстіне жан арқан, қыл арқан, түйеге тең арқан, тарту арқан т.б небір түрлерін қасындағы кәсеге құйған суымен алақанын сулап қойып, есілген жібін көсілген аяғының басына орай тартып, қойдың салалы да биязы жүнінің арасына жылқы қылын жымдастыра кіріктіріп ескенде әлгі арқандары кедір-бұдырсыз, нағыз өрімші өрген сегіз таспа бұзау тіс қамшының өріміндей болып шығады. 6-7 құлаш бір арқан шығару үшін 8-9 құлаштан үш жіңішке жіп есіледі. Сол үш жіңішке жіпті біріктіріп, бір-біріне жымдастырып ескенде арқан болып шығады. Бұл үш жіпті ширатып, біріктіруді «арқан тарту» деп атайды.
Апам осы үш жіптің бірін үнемі ақ жүннен еседі. Сонда ала арқан шығады. Жаз жайлауда қайсыбір ит-құс қатты жылдары осы ала арқанның бірнешеуін жалғап, қотан сыртын кең айналдырап қоршап қояды. Түнде қораға келген қасқыр екеш қасқыр да ала арқаннан аттамай, тайсалып кетеді екен. Соған қарағанда, Апамның бізге «ешкімнің ала жібін аттамаңдар» деуінде үлкен мән бар секілді. Ала жіпті аттамау – ешкімге қиянат жасамау, әсіресе, ұрлық қылмау деген сөз. Түн қатып, түсі қашқан ұрының барлық теріс әрекетін жалғыз ауыз сөзбен жеткізген сұңғыла халық бір тұтам ала жіптің анағұрлым қыруар бейнетпен, екі алақанды тауысып отырып есілген еңбекпен келгендігін, ондай ақ-адал дүниені ешқашан аттауға болмайтынын бір ауыз сөзбен ұрыға да, бір тылсым күшпен бөріге де ескертіп, санасына сіңіріп қойыпты-ау!
Қайран Апам-ай! Арлылық пен адамгершіліктің, әділдік пен адалдықтың мызғымас алтын діңгегі едің-ау!
***
Апамның жыл сайын істейтін ендігі бір ісі – тері илеу. Бұл да бір бейнеті қалың, шаруасы ауыр жұмыс. Атам ондай іске қырсыз болғандықтан ғана Апам істейді, әйтпесе бұл еркектерге тән шаруа. Күздің аяғына таман біздің үйдің пешінің іргесіне үш жерінен темірмен құрсаулаған, шамамен жүз литрлік ағаш бөшке кеп жайғасады. Бұл – и ашытатын ыдыс. Аздап су құйып, ұн салып ашытып, божыған айран құйып, тұз салып и ұстайды. И әбден ашыған кезде, жаз айында сойған тақыр қой-ешкі терісінен бастап, қойлы ауылдардан оны-мұны беріп, ауысып-қиысып алған сеңсең терілер, жүні бұп-бұйра қозы-лақ терілері рет-ретімен иге салынады. Иде 5-6 күн жатқан теріні шығарып, әртүрлі әдіспен ішкі шелінен арылтып, аппақ болып ағарғанша илейді. Сосын ағаштан жасалған, араның жүзі секілді кертіліп істелген ирек ағашпен ирекке салады, темір жүзі бар аша ағаш жанайға салып, күні бойы жанайлайды. Теріні пұшпағынан жоғары іліп қойып жанайлайды, бұл шаруаны негізінен Атам атқарады. Идің соңына Атам соғым өгіздің терісін арқан қып үш елімен тіліп, соны салады. Бір өгіз терісінен 10-12 құлаштық бір әдемі қайыс арқан тіледі. Бұл арқан 10-15 күн иде жатып шыққан соң қораның көлеңке жақ сыртына аязға керіледі. Аяздап тұрған арқанның жүнін (түгін) арнайы қырғышпен қырып алып тастайды. Сосын үйге әкеліп жібітіп, пышақпен ішкі шелінен арылтады. Сосын барып илеу басталады. Биік белағашқа арқанды 3-4 қабаттап талқыға салады. Талқы – шамамен, екіден үш пұт салмақтағы қазандай үлкен тас. Жоғарғы ұшы белағашта, келесі ұшы талқы тасқа байланған төрт қабат арқанды ыспамен (арнаулы ысқыш ағаш) жоғары төмен ширатып, жатта айналдырады. Арқанның екі қабатының арасына салған ыспаны төмен бассаң, тас бір бағытта шыр айналып, арқан ширығады. Енді ыспаны жайымен көтерсең, тас келесі бағытқа шыр көбелек айналып, арқан шегіне дейін қайтадан ширайды. Осылай бір-екі күн талқыға салған арқаннан алғашында шып-шып су шығып, соңында сықырлап құрғайды. Әдемі, тұнық, сары өң кіреді. Талқыдан шыққан арқанды тоқпаққа салып, сосын тесік мүйізден өткізеді. Осылай да осылай шылғи жас өгіз терісі біраз бейнетпен жұп-жұмсақ сары қайыс арқанға айналады. Бұл іс Апамның күнделікті тақауыр, бақылауымен бітеді. Ал, қой-ешкі, қозы-лақ, аң-құс терілері әбден илеуі қанып, жылы да жұмсақ дайын материал болып тікелей Апамның өз қолынан шығып жатады. Қыс бойы Апам бұл материалдан ойына келгенін істейді. Қозы-лақтың терісінен балаларға бұп-бұйра кеудеше, бешпент, шымқай қызыл не ақ (қозы терісі) түсті көз жауын аларлық сәнді де жып-жылы елтірі ішік, сеңсең ішік, сеңсең кеудеше жасалып жатады. Әдетте, тері киімдері қыз балаларға елтіріден, ұлдарға сеңсеңнен тігіледі. Қой-ешкінің тақыр терісінен ат үстінің тері жарғағы, балағына сәндеп ою басқан тері шалбары, саба, күбі, көнек, шайтұлып, тұзтұлып, талыс сияқты күнделікті керек-жарақ ыдыстар, тұлыптар өндіріледі. Арасында бір-екі түлкі, қарсақтың да терісі иленіп, іске жарап жатады. Бұл енді, некен-саяқ, өйткені аң терісінің табылуы қиын. Көп жылдар бойы сандыққа тығып, жинап жүріп, түлкінің он екі пұшпағынан төртбұрыш төбелі бір керей пұшпақ тымақ әзер шықса, екі түлкіден бір түлкі тымақ, келіскен бір түлкіден бір ішікке түлкі жаға деген секілді бұйымдар жасалады. Иленген теріден киім пішкенде өткір ұстарамен ішкі бетінен, түк жағынан емес, тері жағынан пішеді. Сонымен не керек, бұл да Апамның елден ерек бір қыры еді.
Әй, Апам-ай, нағыз сегіз қырлы, бір сырлының өзі едің-ау!..
***
Аққол ауылы мен біз барып оқитын сұмын орталығының арасы 6-7 шақырым. Әр аптаның сенбі, жексенбі күндері біздің үй балаға толып кетеді. Мектептің жатақханасында тұрып оқитын аға-інілерім (қырдағы туыстардың балалары), сұмындағы апайымның үйінен келетін әпкелерім – бәріміз Аққолға, Апама жеткенше асығамыз. Әлбетте, Апам ондай жұмыс күшін қалай пайдаланбай қалсын! Қобда өзенінің жағасына күздеушілер көп. Қалың сары көң бар. Жұлып жейтін шөп азайғанда ауылдың бар сиыры сол көңге үймелейді және қара суға, суатқа топырлайды. Сиырдың тоң тезегінен аяқ алып жүргісіз. Жыл он екі ай қыстаудан ұзап көшпейтін біздің үйге таптырмас дайын отын. Міне, әр аптаның демалыс күндері істейтін ісіміз осы. Үйдегі бар баланы ертіп Апамның өзі шығады. Әр баланың қолында бір-бір қанар, үлкенді-кішілі бір-бір балға. Тақыр шымды жерге тас боп жабысып, қатып қалған жапаны балғамен ұрып босатып, қанарға тыға бересің. Алғашында тоң тезекті етігімізбен тебе-тебе етіктің тұмсығы тесіліп қалып, Апам бала басына бір-бір балға жасатып берген. Бірнешеуіміз Атамның көрік үйіндегі салмағы әртүрлі балғаларды (таға, шегенікі әр қалай) ұстаймыз. Апам жұп-жуас Көкатанды шомдап жетегіне алады, қасына қарымдылау, ересектеу екі баланы ертіп, төрт-төрт қанардан теңдеп үйге таси береді. Осылай, қаңтардың қысқа күнінде 30-40 қанар тезек теріп, үйге тасып аламыз. Келесі аптада келсең жазық жағалау тезекке тағы толып тұрады. Тағы тереміз. Ол кезде сонау Қобда басынан қарағай отын әкелетін, аймақ орталығынан көмір алып жағатын көлік те, шама да, қаражат та жоқ. Әйтеуір, қыс бойы жинап алған тезек келесі жылдың сол уағына дейін жетіп жығылатын. Бұл күндері Апам түйені қалай шомдайды, шом деген не, шомның шытасы, қапталы, бауыр жібі қайсы, түйеге жүкті қалай артады, тең арқан, тарту арқан, бастыру арқан дегендер не, бір бірінен айырмашылығы, қолданылуы қалай, байлаудың сан түрі, қай байлау қандай жерге қолданылады, қысқасы, түйеге жүк артудың толып жатқан амал, тәсілдерін әр балаға үйретумен болады. Осы орайда, сол оқиғадан қырық жыл өткен соң, былтыр болған бір оқиға еріксіз еске түседі.
Біздің сұмынның жүз алпыс мұғалім мен қызметкерлерден тұратын мектеп ұжымы он шақты машинамен әйгілі Бес-Боғда шыңына саяхатқа шығады. Бес-Боғда тауының әлемге әйгілі бес шыңын дәл жанынан барып көру үшін машналарын түу етекте қалдырып, он неше шақырым атпен және түйемен жол жүруі шарт. Жол өте күдір. Сол жерді жайлайтын ауылдар ат, түйелерін үнемі дайын ұстайды. Мектептің саяхатшылары төрт-бес түйені жалға алып, қос-қолаң, азық-түлік, қазан-ошақ артайын десе соншама көп адамның ішінен түйеге жүк артуды білетін жалғыз мектеп күзетшісінен басқа ешкім жоқ болып шығады. Түйені шөгеріп, жүкті артып болып, енді түйені тұрғызса жүк сау етіп қайтадан түйенің бауырына түседі. Алла сәт бергенде, жалға алған түйелері арту көрген, өте жуас, кексе атандар болып шығыпты. Сөйтіп, жүз адамның бес түйе жүгін жалғыз жігіт түс ауғанша артқан екен. Осы әңгімені естігенде Апам есіме түсті, жағалаудан қақаған аязда, буымыз бұрқырап, тезек теңдеп жатқан күндерім кино лентасындай көз алдымнан сырғып өтіп жатты. Анау түк көрмеген, ең бастысы Апа көрмеген ақсаусақ, келер ұрпаққа айтары да, көрсетері де жоқ (саяхатшы) топқа жаным ашыды. Ұрпақ тәрбиелеу үшін алдымен Апам секілді көргені көп адамдардың мектебінен дәріс алу керек екен ғой.
Қайран Апам-ай! Өмір дейтін мектептің қайта тумас ұлы ұстазы Өзің екенсің-ау!
***
Іңірде, мал қоралаған соң бір-екі сағат қолымыз босайды. Кешкі ас-су әзір болғанша асық ойнаймыз, сәл үлкейіңкіреген кезде көзір ойнайтын болдық. Көбінесе Апам маған кітап оқытады. Кітап болғанда, біздің үйде бары жалғыз кітап — Апамның сайман сандығында жататын шағын көлемді, қалың бетті «Алпамыс батыр» жыры.
…Жиделібайсын жерінде,
Қоңырат деген елінде.
Байбөрі деген бай бопты,
Төрт түлігі сай бопты… – деп, соза әуендетіп, мақамдап оқимын. Әпкелерімнің арқасында бірінші сыныпқа үйден қара танып кіргендіктен басқа балалар секілді еш қарыптамай көз жүгіртіп оқи берем. Оған да Апам себепші. Қазақстаннан келетін, кейін тоқтап қалды ғой, «Балдырған», «Ара», «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» қатарлы журналдардың суретті беттерін алып, үйдің қабырғасына тұтас жапсырып қоятын. Жапсырып қоятын да осындай отырыстарда балаларға оқып беріп, хат танитындарына оқытатын. Соның нәтижесінде біздің әулетке қарасты балалардың бәрі мектепке бармай жатып-ақ хат танып, санауды біліп баратын.
«Алпамыс батыр» жырын қанша қайталап оқып берсең де Апам тыңдаудан жалыққан емес. Алғаш рет естіп отырғандай әсер алып:
…Қырық арқан бойы зынданда,
Қырық күн жатты Алпамыс… – деген жерлеріне келгенде, «Паһ-паһ, байғұс-ай!» — деп көзіне жас алып, жылап отырады.
Әй, қайран ақкөңіл Апам ай!
***
Бір күні біздің үйде бір ғажап оқиға болды. Қыстың ұзақ түні.
– Кет, пәлекет, кет!..
Әлдебір сарт-сұрт еткен дыбыстан оянып кеттім. Сыртқы әйнегін қара күйе басып, онсыз да әлсіз жарықты одан әрмен барандатып, сығырайып кәресин шам жанып тұр. Жеті қараңғы түн. Терезе перделері, желдеткіштер, үйдің есіктері шалқасынан ашық. Үйдің іші недәуір салқындап кетіпті. Басына жаман шытын иегінің астынан алып тарта салған, үстінде жатарда киетін көйлек-дамбалының сыртынан шолақ жең камзолын ғана киген, қолында төркінінен келген сары ала қамшысы бар Апам жүр үй ішінде ойқастап. Сары ала қамшысының мойын шашағындағы сары ала жездері салдырлап, оған Апамның зікірі қосылып, бейне бір бақсы ойнап жатқандай тым үрейлі, қорқынышты көрініс. Мектепке бармаған, 5-6-лар шамасындағы кезім, бар дауысыммен бақырып жіберуге шақ қалған кезде сырттан кіріп келе жатқан Атамды көріп, әзер тоқтадым. Әпкем де оянып алған, көрпенің астынан көзі жылтырайды. Апам сары ала қамшымен көзге көрінбейтін әлдекімді сойып жүр. Күбір-күбір, кейде дауысы қаттырақ шығып кетеді. Құран аяттары, дұғалар, арасында «Шық, пәлекет, шық!», «Кет, пәлекет, кет!» деп зіркілдейді. Үйдің қайдағы бір қараңғы бұрыштарын, ірге, қуыс-қалтарыстардың бірін қалтырмай шықпыртып жүр.
– Жынданып кеттің бе, ей?! Жат енді, – деп Атам көрпесіне кіріп, ішігін жамылып жатып қалды. «Осы кемпірде ес болсашы!» деген көзқараспен қымтана түседі. Үйдің іші аңырап барады, Апам қояр емес. Бір кезде төргі біз жатқан бөлменің есігінің маңдайшасындағы фото сурет салған рамка шарқ етіп жерге түсті, «құланның қашуына шүріппенің басуы» дөп келіп, жел қозғады ма, сыртқы есік сарт етіп жабылды. Апам бұл кезде әбден кәріне мінген:
– Әне кетті, кетті әне. Кет, пәлекет, кет! – деп екілене айғайлап, есікке қарай ұмтылды да жолындағының бәрін сарт-сұрт еткізіп сыртқа шыға жөнелді. Сыртта сүт пісірім айналып, қайтадан үйге кірді. Әлгіндегі түрінен мүлде бөлек. Кәдімгі, күндегі Апам. Жүзінде әлдекімді жеңгендей сәл қуаныш табы бар. Атам мен өз төсегінің бастастыра салған қоспасындағы көп салалы адалбақанға әкеп «Бисмилла!» деп қамшысын ілді. Сырттан орта қап тезек әкеліп, от жақты. Пешке арша және тағы бір шөп түйіршіктерін тұтатты. Күбірлеп дұға оқыды. Есік-терезелері жабылып, от жаққан үй қайтадан тіршіліктің, тірліктің кәусар лебін шашып, жандана жөнелді.
– Құдай-ау, сақтай гөр, әшейін ұйықтап жатсам, аяқ жағымнан Гүл болып кіріп келеді қойныма қарай. Ойыма сап ете түсті: «Гүл сабақта еді ғой, бұл енді кім?» – деп дұрыстап қарасам әлгі аты жаманның өзі. Адамның ең жақын, жақсы көретін адамы болып келеді дейді ғой ол Қашураң. Бәлемді ит терісін басына қаптап, қуып салдым. Ее, Жаратқан ием, өзің жар бола гөр! Құдайдан басқа қуат жоқ. Мың бір атты пәлеңнен, жүз бір атты қатеріңнен сақта, Алла! – деп сөз аяғын Құран аяттарына жалғастыра күбірлеген Апам төсегіне қисайды. Гүл – кенже қызы, орталықта сабақта, екінші сыныпта оқиды. Бір жағынан қорқып, бір жағынан тоңып жатқанмын, біртіндеп маужырап, көңілім жайланып, ұйықтап кетіппін.
Таңертең ояна сала киімімді көтеріп ауызғы ас үйге, пеш түбіне келдім. Бұл – күндегі әдетім. Пеш түбіне келіп, Апамды жалындырып отырып әзер киінемін. Оның өзінде тәтті-дәмдіден (мысалы, қаймақ жағылып, үстіне құмшекер себілген нан секілді) пәре берсе ғана. Апам мен Атам таңғы шайларын ішіп отыр. Күңкілдеп кеңесіп қояды:
– Түнде көрші шал, Құмарды айтам, сырқаттанып қалыпты. Үйінде бір шишан тұр. (Машина деген сөзі) Сұмыннан доғдыр келіп, қарап жатыр дейді. Кеше кешке ғана сап-сау, атын суарып жүр еді суат басында, – дейді Атам күрең шайды соза ұрттап.
– Әп, бәлем! – дейді Апам: – Түндегі пәле осы үйден шығып, сонда барған екен ғой. Ол сорлы пәленің кіргенін білмей ұйықтап қалды-ау. Ой, әттеген-ай! Бәсе, бәсе, түндегі түрі жаман еді. Ей, Алла, мың шүкірлік, сансыз тәубә, тәубә!
Жаңа көргендей болып Апамның бетіне бажырая қараймын, түндегі көріністі көз алдыма елестетемін.
Келген дәрігер «Қозғамаңдар, жартылай қысым шауып қалыпты» деп ем-домын жазып беріп кетті көрші қарияға. Төсек тартып айға жуық жатып, әзер деп аяғына тұрды. Аузы сәл қисайып, жүрісі өзгеріп қалыпты. «Ее, мүлдем жатып қалмаған соң болды ғой, бұған да шүкір!» десті көрші-қолаң.
…Әй, Апам-ай, қайран Апам, тап-таза Әулие едің-ау!
***
Апам ат тергейді. Меніңше Ол саңыраудың (біздің ауылдың руы) үлкенді-кішілі, сапалы-сапасыз көп шал-шауқанның атын түгел тергей бермейді. Бұрынғы үлкен апаларымыздан жалғасқан Атамның әкесінен бастап жеті атасына дейінгі ең басты-басты аталарының аты кететін барлық сөзді (атауларды) айтпайды, басқа баламасын қолданады. Мәселен, Атамның әкесінің аты кетеді деп ет-сүт, құрт-май қоятын «тошала үйді» «ет үй» немесе «ауыз үй» дейді. Біздің бір бабамыздың аты Торғай. Апам торғайды «кішкене құс» дейді. Енді бір атамыз – Қазбай. Апам қазыны «ойма» дейді. Ең үлкен бабамыз – Қошық деген кісі. Апам қошқарды «қойата» дейді. Осылай ат тергеу жалғаса береді, жалғаса береді.
Қазақы салт-дәстүр, жол-жоралғы, ырым-тыйым, діни наным-сенім – бәрі-бәрін бір бойына сіңірген, бойындағы барын айналасына шуақ етіп шашқан әмбебап адам еді.
Бір басына осыншама көп өнерді сыйғызып, сыйғызып қана қоймай, жетпіске келгенше қажымай-талмай іске асырып, өзінен кейінгілерге үйретіп, зердесіне құйып, ұстаздық етті. Мен едәуір есейіп қалған кезде Апам айтады:
– Әй, балам, пайданы басыңа қыл, басыңнан асса досыңа қыл! – деп.
– Неге? – деймін. – Адамның пайдасы басынан аса ма өзі? «Басымнан асса ғана досыма қыламын» деп жүргенде ғұмырым түгесіліп қалатын шығар. Тіпті, басыңнан асса ғана пайда қылар достықтың не құны бар? – деймін әлгі пікіріне қарсы уәж айтып.
– Ой, балам-ай, өз басына пайда істей алмаған адам досына қаншалықты қарық қылып пайда қылар дейсің. Мәселен, иен далада атпен келе жатып жаяу досыңды кезіктірдің дейік. Досыңды мінгестіре кетейін десең атың арық, екі жігітті алып жүре алмайды. Оған атыңды бере салсаң өзің жаяу қаласың. Міне, өз басына пайда қылып, астындағы атын ойнақтатып, баптап міне алмаған адам досына да пайда қыла алмайды. Сондықтан да адам алдымен өз басына ұқыпты, еңбекқор, әрбір істің ебін, қырын білетіндей болуы керек.
Екеуміздің арамызда осындай пікірталас әңгімелер күнделікті болып тұратын.
Апамнан он жас үлкен Атам жетпіс алтыға келіп дүниеден өтті. Өмірінің соңында сол баяғы алдынан жалт беріп үркетін, ақ айыл, шабан торысы екі рет топ еткізіп жығып кетіп, соңғы жолы қабырғасы мертіккен Атам жылға жуық төсек тартып жатып, ешкімге ләм-мим деместен аттанып кетті. Көрігін басып беруге енді ілінгенімде қарттықтың қайығы көлденеңдей берді. Қайтпастың қайығына отырып, дүниеге қалай үнсіз келсе солай үнсіз кете барды. Меніңше, Атамның кеудесінде мынау әділетсіз, сайқал дүниеге деген жібімес бір тоң кеткен сияқты. Ешкімге айтпаған шер, ақтара алмаған сыр кетті. Өмірінің соңғы жылдары мүлдем тұңғиыққа тартып, сөз атаулыдан бойын аулақ салды. Осынша жасқа келсе де қолғанаты болмай, бой жазып демалмаған, ешқашан таусылып бітпес күйкі тірлік, күйбең өмірдің дегеніне әбден мойын ұсынып, құлақ кесті құлына айналған Атам іңірде, екі-үш тана-торпағын қоралаған соң қарабарқын тартқан, алакөлеңке шағын ас үйдің төрінде күпісін беліне бүктеп салып, жалқы сәт жаны рахаттанғандай күйге түсетін. Екі көзін тарс жұмып, қабырғаға сүйеніп шалқасынан жатар еді. Жатар еді де ескі қара домбыраны ақырын тыңқылдатар еді. Қара домбыра ақырын, ақырын болса да асқан мұңлы үнмен бебеулер еді, жүрек қозғар, көңіл құлазытар сағынышпен тұншыға безектер еді. Шыт-шыт тілінген, ебедейсіз сірескен саусақтар домбыра пернелерінде сып-сып жүгіріп, дом ағаштың шанағынан шыққан үн ботасы өлген Бозінгенді идіргендей ме әлде «Балаң өлді Жошы хан, сенесің бе осыған, сенбейсің бе осыған?» – деп зарланғандай ма… Қара шаңырақта, қара кеште, қаусаған қара шал қара домбыраны осылай бір қара әуенмен баяу ғана бебеулетер еді. Көңіл түкпірінде не кетті екен? Мүмкін тұтарға тұтқасыз, қонарға тұрақсыз, тігерге тұяқсыз, құйрық-жалсыз тұлдыр дүниеге талақ айтып, тәрк еткен кәрі жүректің хош-хошы ма? Әйтеуір, жұмбақ дүние!
Атам өмірден өткесін Апам біраз қартайып қалғандай болды. Қалай дегенмен елу жыл отасып, тағдырдың жақсы-жаман ауыртпалығын бірге арқаласқан қосағы ғой. Күрт түсіп кетті. Бұған себеп те жоқ емес. Осы жылы мен де мектепке, бірінші сыныпқа бардым. Екінші әпкем тұрмысқа кетті. Апам үлкен қызынан туған кішкентай-кішкентай екі ұл жиенімен бір үйде жалғыз қалды. Есігінің алдын қарттық кеп тықырлатқан шақта нағыз жетімдік, қаңыраған үйге сыймай кетердей сүреңсіз тірлік енді басталғандай. Тағдыр Апамды қайтадан сынаққа алды. Қақаған қыста есік алдынан тайып жығылып, ортан жілігі мертігіп, үш ай төсек тартып жатып қалды. Сүйекке біткен қайсарлығымен «Құдай салды, құл көнді», Жаратқанға деген ерек сеніммен үш айдан соң қайтадан жүріп кетті. Бұрынғыдай іс істеуге, жұмыс-шаруаға халі недәуір азайып қалды. Тек «бүйтер ме еді, сүйтер ме еді» деп қыж-қыж қайнаған кәрі кеудеде жап-жас қалпы жүрек қана қалғандай. Апасын бағады деп төртіншіден ары оқытпай, сабақтан шығарып алған кенже қызы, обалы кәне, жеті-сегіз жыл Апамды жас баладай мәпелеп күтті. Амал не, ол да жат жұрттың адамы, бір күні көрші ауылға келін боп кете барды. Апам тағы жалғыз қалды. Бұл аз болғандай, сексендегі алжыған қайнысы таяқпен ұрып, қолын сындырды. Апам тағы да төсекке таңылды. Қыздары бірінен кейін бірі келіп, қанша бағып-күтіп отырса да үйі бөлектің күйі бөлек, енді олар бөтеннің кісісі екендігі кәрі жүрекке инедей қадалды. Менің он жылдықты бітіруім осы кезге дөп келді. Ес біліп, етек жапқалы емес, дүниеге келіп көзімді ашқалы Ата-Апамның жанында болып, тек жақсылыққа, тек ізгілікке ғана бағытталған тәрбиеде өсіп, қайсыбір істің соңына дейін жету үшін асқан төзімділік, қайсарлық, сол шаруаны бітірсем деген ынта-жігер, жан-тәнімен соған берілу дегеннің бәрін зердеме тоқып, жаттап өскен, «сен жақсы оқуың керек, біз жетпегенге сен жетесің! Надандық, қараңғылық тек бізбен кетсін, сен оқы!» деген қағидаларды құлағыма құйып, көкейіме тоқып өскен мен үшін сабақ оқу қиынға түскен жоқ. Аймақтың орталығына барып мамандық таңдау конкурсына түстім. Өнер саласынан екі жүздей үміткер небәрі жиырма орынға таласып, бақ сынастық. Топ жарып, бірінші болып Қазақ елінен өнер институтының «киноактёр» класына жолдама алып, қуанышым қойныма сыймай, жайлаудағы үйге қайттым. Алып ұшқан көңілім ауылға жете су сепкендей басылды.
– Бармайсың! – деді Апам. – Ешқайда кетпейсің. Кетсең мені мыналарға қор қылмай, өлтіріп кет!
Апам бұл кезде далаға кіріп-шығып қана келетін халі бар, күні-түні жата беретін күйге ауысқан. Үлкен қызынан туған жиені Серік үшеуміз бірге тұрамыз. Апамның ендігі ісі, қолынан келері – бұрынғы кірпияз тазалығы мен ешқашан қаза жібермейтін бес уақыт намазы ғана. Сосын белгілі-белгісіз әңгімелерді жүйелі-жүйесіз айта береді, айта береді.
Сонооу алабота жұлып, ши тартып жүргенімізде бала күнінен бастап келін болғанға дейінгі өмірін талай мәрте айтып, ары қарай не болғанын айтпай келген Апам енді міне, төсек тартып жатып:
– Бұл ауылға келгелі көргенім бейнет, тартқаным қайғы-қасірет, – деп біресе дұп-дұрыс әңгіме бастап, біресе Құран аяттарын кірістіріп, енді бір сәтте әлдекімдерді жер-жебіріне жете қарғап-сілеп, ағыл-тегіл егіліп, берекесі кетер шаққа келді. Апам, менің дана да тақуа, ақылды Апам көз алдымда басқа адамға айналып, олай да емес, санасынан, ақыл-есінен күн санап айырылып бара жатты.
Ее, жаратушы Алла, мынау АДАМ деген мақұлығыңның көзін ал, құлағын ал, аяқ-қолын ал, тек санасын ала көрмеші! Он сегіз мың ғаламдағы барлық тіршілік иесінен адам баласының жалғыз-ақ артықшылығы тек сол санасы ғана. Санасынан айырылған АДАМ ессіз мақұлықтан да төмен күйге түседі екен!
– Сен кетпе! – деді Апам ақыл-есі орнына келген бір сәтте. – Мүлдем жалғыз қалам ғой. Жалғыз қалудан қорқам. Өмірімде талай мәрте зар еңіреп жалғыз қалғанмын. Білем, обалыңа қалдым. Қайтейін! «Көзі қарайған там сүзедінің» кері де.
Апам кей күндері осылай сап-сау болып, өзін өте сергек ұстап, әңгімесін бастайды, бірақ, әңгіме соңы баяғы қарғану, зарлануға ұласып, шатасып кете береді.
– Менің түбіме жеткен алыстан келген жау емес, бірге туғандарым, өз күндестерім, өз абысындарым, көре алмаған қайынсіңлілерім. Мен күндестіктің құрбанымын. Бойымдағы артықшылықтарым өзіме сор болды. Менің ақындығым, серілігім, діни сауаттылығым, кірпияз тазалығым, он саусағымнан өнер тамған ісмерлігім – бәрі-бәрі күндестерімнің көзіне қызғаныштың қызыл құрты боп құйылды, қайтейін! Көре алмады, олардың бар ойы тек мені мұқатып қалу, елдің алдында сағым сынуы, менің тіршілігім олардың тіршілігінен төмен тұруы, олардан менің аспауым ғана. Ақыры, дегендеріне жетті.
Таппай қойғам жоқ-ау, таптым. Құдай маған шекесі торсықтай, балпанақтай-балпанақтай едел-жедел екі ұл берді. Екеуінде де толғағым ащы болды. Ол кезде ауыл үйдің кемпір-кешек, абысын-ажындары әйелдерді үйде босандырып ала беретін. Қайзіргідей емхана қайда! Есеңгіреп, қол-аяғымды бауырыма ала алмай талықсып жатқанымда көре алмаған күншіл қайынсіңлілерім балаға қастандық жасап үлгерген. Екеуі де бір жасқа шығарда шетінеп кетті. Ол заманның адамдарының білмейтін бәлесі жоқ, қастандықтың небір түрін жасайды. Өсімдік, шөп-шалам түрлерінен адамның жанына қас дәрі-дәрмектің бірінен-бірі өткен сорақысын, адам өлтіретін удың түр-түрін жасап алады. Алмас-қоймас дейтін сұйық затты дұшпанының ерттеулі атының үзеңгісіне жаға салса болды, сол атқа мінген адам ауылдан ұзап барып сеспей қататын көрінеді. Адам баласының бір біріне деген жаулығы, қиянаты заман өзгерген сайын асқан қаныпезерлікпен өзгеріп, жаңа сипат алып, аса құпия зұлымдықпен ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді екен. Бәрі-бәрін соңыра, тым, тым кеш білдім ғой мен бейбақ. Алғашқы баламды түсіріп тастамақ үшін адамның тырнағын үгітіп, тамаққа қосып жегізіп, суға араластырып ішкізіпті ғой, жаман қарлар! Бұл дүниеде адамның тырнағынан лас, нас нәрсе жоқ. Тырнақ алғанда, тек үйде ғана емес, далада болсын, бей-берекет алуға болмайды, жинап алып міндетті түрде отқа салу абзал деуші еді бұрынғылар.
Екіншісінде, баламен бірге түскен жолдасын таза жерге апарып көмбей, итке жегізіпті көре алмаған күншіл, қанішерлер. Мен білмейтін тағы қанша қастандықтары барын қайдам? Қолдарынан келгенін істеп жүріп екі ұлымды да жұтып тынды. Қайтып бала көтере алмадым. Сол істегендері денсаулығыма да әсер етті. Андағы жонымдағы томпақ, сиыркөз жара – содан қалған белгі.
Апамның айтып отырғаны жон арқасына, қос жауырынының дәл ортасына шыққан үлкендігі тауықтың жұмыртқасына таяу қап-қара томпақ жара. Бітеу емес, дәл ортасында аузы бар. Апам арасына бір-екі ай уақыт салып әлгі жараны бізге қатты-қатты сыққызады. Сыздап ауырады-ау, шамасы. Жан-жағынан саумалай сыққан кезде жараның қақ ортасындағы көзден жіп-жіңішке, қап-қара, қоймалжың бір зат ширатыла атылып шығады. Сол зат түгесілгенше сыққызады. Бірер айда қайтадан толып кетеді.
– Сол ғой, сол. Әлгі сайқалдардың жасаған қастандығы, үгітіп ішкізген тырнағы андағы… – дейді Апам кіжініп. Сенерімді де, сенбесімді де білмей, белгісіз біреулерге ызаланып, талаурап тұрған томпақ жараны қыса түсемін.
Апам бір сәт үнсіз қалады. Көзінен сорғалаған жас бетіндегі сан мың ұсақ әжімдерді қуалап, жастығына үздіксіз тамып жатады. Өмір бойы маған «Оқы, оқы!» деп алып, соншама еңбекпен топ жарып, алдыңғы болып түскен оқуыма жібермей қойғанына қырысып жүрген мен осы сәт Апамды аяп кетем. Көзімнен қалай жас шығып кеткенін байқамай қалам. Апама көрсетпей теріс айналам.
– Бәрін де кеш білдім ғой. Соңында мүлде бала көтермей қалған соң бармаған бақсы, көрінбеген көріпкел қалмады. Ол кезде үлкен Кәлпенің де, кіші Кәлпе атаның да құдіреті аспандап тұрған, жарықтықтардың (Апам күбірлеп дұға жасап, бетін сипайды). Қолмен қойғандай айтушы еді, әулиелерім!
Екі баланың да өз жақындарымның қастандығынан шейт болғанын, енді қайтіп бала көтере алмайтынымды тура айтты ғой, мен мұңлыққа! Екі бірдей құлыным емес, өзім өліп қалмағаныма өкініп, Құдайға нәлет айттым! Зар жыладым. Өзімді-өзім жұлдым. Өмірге деген ешбір үмітім қалмады. Өмірім өксікке толы запыранға айналды. Қасіреттен қан жұтып, жатып қалдым. Не керек, бәрі бекер, жалған дүние ғой! Аз күнгі тіршілікте адам деген мақұлықты дүние боқпен алдап, арсыз нәпсісін оятып, қанша ауыр болса да қайғы-мұңын уақытқа жеңдіріп, құлқын үшін, қу тірлік үшін орныңнан қайта тұрғызады екен. Ей, Жаратушы Жасаған, пенделікпен артық айтқан ғайбат сөздерімді, күпіршілікпен істеген күнәларымды кеше гөр!
Біздің үйдің азғана малын бағып-қағу Серіктен аспайды. Апамның ас-суы, бағым-күтімі маған қарасты. Апамның бұрынғы үйретуі бойынша үйдің бар тірлігін екеулеп бітіреміз. Шөп шабамыз, тезек тереміз, ши тартамыз, тоқимыз. Қой-қозы қырқамыз, киіз басамыз. Осылай, күнделікті күйбең тірлік өз дегеніне бағындырып, бір қалыпты, бір сыдырғы, жадау да жұтаң өмір сырғи берді. Апам сол күйі, күн артынан күн, ай артынан ай өткен сайын қыңқыл-сыңқыл, ауру-сырқауы молая түсті. Ілініп-салынып, әрең деп тысқа өзі шығып келеді. Жүдеген көңілге бұл да медеу.
– Сен енді кетпейсің ғой, иә? (Балаша қайта-қайта сұрайды) Ее, кетпе, кетпе. Мен жалғыз қаламын ғой. Жалғыздықтан қорқам… Мен солай, екі ұлдан өлідей айырылсам, көрмегенім әлі алда екен, екі ұлдан тірідей айырылғам. Енді сенен айырылу… оны көтере алмаспын! Екі баланы жерге беріп, қан жұтып жүріп мен жалмауыз қақшаңдап қайта тұрдым. Өлі мен тірінің арасында сандалып жүріп, өзімнен тумаса да алданыш болсын деп Атаңның жамағайын бауырынан бір ұл асырап алдық. Қайным көзі ашық, ер көңілді еді, жарықтық, иманды болсын! «Ағайынның азары болса да безері жоқ» деп жер бауырлап қалған Атаң екеумізді сәл де болса жұбатпақ ниетпен қиды бір баласын. Балам сүп-сүйкімді болып өсіп, әбден боқ-сідігінен арылған шағында алыста тұратын қайным мен абысынымды «Ойбай, ана қатын асырап алған баласына өгейлігін істеп, аштан қатырады екен, киім-тамақ бермейді» деген өтірік-өсекке сендіріп, баласын қайтадан алғызды ғой баяғы сол күндес-күншіл абысын-ажын, қайын сіңлілерім. Жастық па екен, жоқ түк білмес мақұлықтық па, ол да сабақ болмай Атаңның тағы бір туған інісінің немересін бауырымызға салдық. Ол бала да томпаңдап жүгіріп жүрген шағында әкесі келіп, аттың үстінен іліп алды да сол күйі тайып тұрды. Баланы әкетуге еш сылтау-себеп жоқ, әншейін, іштарлықпен әкетті. Жылай-жылай қала бердім, қайтейін? Міне, екі ұлдан осылай тірідей айырылып, шаңырағым ортама түсіп, аңырап қалғам…
Апамды әлі де сөйлеткісі келіп, үлкен әпкем әзілге сүйеп:
– Осы ауылдан соншама бейнет шегіп, зәбір көріп неғып жүрдің? Атамнан мүлдем айырылып, төркініңе кетіп қалмадың ба? Өзің Атама ессіз ғашық болып, байланып қалғансың ғой, – деп әдейі күйдіреді.
– Тпүшу, оттапсың! Сен нені білесің? Ненің ғашықтығы?! – деп Апам шыр-пыр болады. – Ол заманда «пәленшенің пәлен жаққа кеткен қызы байдан айырылып келіпті» деген сөзді есту қыздың төркіні үшін өлім еді ғой. «Байдан келген қыз» атанып, өзім бір өліп, «пәленшенің қызы» дегізіп ата-анамды екі өлтіргенше не көрсем де осы босағадан сүйегім шыққаны абырой емес пе маған! Қазір ғой: «Кімнен кім айырылмапты, кетем» деп екі-үш боқмұрынын шұбыртып, ұят-аяттан жұрдай, қарны шермиіп, төркініне келіп алатын намыссыз қыздар мен «ішіме сыйған бала сыртыма да сыяды, әкетем» деп бұлданатын көкбет шешелердің пайда болғаны.
…Әй, қайран Апам-ай! Шыдамдылық пен төзімділіктің, бірбеткейлік пен намысқойлықтың асқақ үлгісі едің! Жақсы-жаман барлық құндылықтарыңның ең ұшар биігінде адамдығыңның кірпік ілмес күзетшісіндей ар-ожданың тұрыпты-ау!
Осындай өткен заман естеліктері әр түн сайын қайталанып, есіне түскен сайын Апам өз-өзінен қорланып, мүжіліп, таусыла берді. Белгісіз бір әруақтармен сөйлесіп, біреулермен келісіп, біреулермен керісіп, біреулерді қарғап-сілеп, кейде дауысын соза зарланып, мына дүниеден мүлдем алшақтап, басқа бір әлемге кіріп бара жатты. Ақыл-есінен таза жаңылып, етінен де әбден арылып, екі көзі шүңірейіп, өте тереңнен (бейнебір суалған құдықтай) қараған көз жанары төзіміңді тесе, өткір жылтырайды. Өң-бейнесі де өзгеріп, адам танымастай қарасұрланып, мінез-құлқы мүлде басқа кейіпке кірді. Өзіңе танымай тұрғандай, суық та жат көзбен жанарынан ұшқын шаша тесіліп қарағанда суқаныңды ұшырып жіберердей. Күн бе, түн бе, уақыт атаулыдан әбден жаңылып қалды. Өздігінен дәрет алудан қалды. Уақытпен санаспайды. Күндіз-түні отырып алып намаз оқиды. Екіндісі, ақшамы, құтпаны қайсы, бәрібір. Ойына түскен уақытында оқи береді. Кезек-кезек кеп күтіп отырған қыздарымен ашық ұрсысады. Үйге біреу келсе:
– Мына қатындар маған шай-тамақ бермей отыр, мені өлсін деп, қастандық жасап жатыр. Басқа жерім ауырса да қолым ауырмаушы еді, осылар бірдеңе істеді қолыма (қолына қышыма жара түскен), – деп жамандай жөнеледі.
Бірде санасы сәл дұрыстау отырған күні:
– Апа, енді намаз оқығанды қойыңыз. Алла өзі қабыл етсе, үзбей жетпіс бес жыл оқыпсыз. Намаздың сізге, сіздің намазға өкпелеріңіз жоқ шығар, ендігі күнәсі болса мен алайын, отырып-тұрудан, дәрет алудан қалдыңыз, осы дұрыс емес пе? – деп, өзіне салмақ салып, теріс түсініп қала ма деп қорғалақтай, сұраулы жүзбен қарадым.
– Ее, дұрыс, дұрыс, – деді жарықтық кішкене балаша көне кетіп. – Сен айтсаң қойдым, қойдым. Алла өзі кешсін мен бейбақты, қайтейін! – деді кемсеңдеп. Сол күннен бастап намазды мүлдем қойды. Жүйелі әңгіме жоқ, таңды-таңға ұрып зарлануы, өткен-кеткендермен сөйлесуі көбейді. Түзге шығудан қалды.
Отыз пара Құранның үтір, нүктесіне дейін жатқа білетін жады, халқымыздың небір хисса-дастандарын, өлең-жырларын, мақалы мен мәтелін, жұмбағы мен жаңылтпашын саф алтындай сақтаған санасы, химиялық, астрономиялық, философиялық, математикалық ғылымдар негізіндегі осыншама қыруар өнерді меңгере білген алтын басы жүз емес, тоқсан емес, сексен жасқа жетер-жетпей жұмыс жасауын мүлдем тоқтатты. Себебі не? Кінәлі кім? Елден елге шекара асып, кірен бұза үдере көшірген, үркіншілік заман ба? Бәлкім ауыр еңбек, аш-жалаңаш, жоқшылыққа толы уақыт шығар? Әлде пешенесіне жазылған ауыр тағдыры, қиыншылық пен қайғы-қасіретке толы өмір жолы ма?.. Жооқ, бұлардың ешбірі де кінәлі емес. Оның тағдырын ауырлатқан да, өмірін тозаққа айналдырған да АДАМ. АДАМҒА АДАМ ғана жау! Адамға адамнан асқан ешбір жау жоқ. Адам бойындағы ІЗГІЛІКТІ жою үшін адамдардың қолымен жасалған АЙУАНДЫҚ, ЖАУЫЗДЫҚ қана кінәлі!
Төсегіне қисайғаны сол еді, тағы сөйлеп кетті:
– Ей, құдіреті күшті Жасаған-ай! Олар маған не істемеді? Бәрін де істеді ғой, бәрін. Маған істеген қастандықтарың өзіңе, өзіңе болмаса, ұлыңның ұлына, қызыңның қызына келсін!.. Ей, қу Құдай!.. Кімім аштан өледі деп жүгірдім? Кім үшін күнді күнге, таңды таңға ұрып, жан беріп, жан алыстым, ей, Жаратқан?!.
Бірде ол түн ортасында тұрып алды. Санасы да сап-сау, бұрынғы ақыл-есі түзу қалпы.
– Далаға шығарып, дәретке отырғызыңдаршы, – деді сергек дауыспен (күнде үйге отыратын).
– Енді мені дұрыстап жуындырыңдар, – деді. Үлкен қызы асықпай әбден жуындырды, шайындырды. Әлдеқашан ұмытылып, оқымағанына жыл болған намазы есіне түсіп, ескі жайнамазын төрге жайғызып, бір орнында отырып намазын өтеді.
– Болды, шаршап қалдым, жатқыз! – деді.
– Бисмилла, – деп, төсегіне жатты да қор етіп ұйықтап кетті. Ұйқысы көп ұзаған жоқ, таңға жуық ұйқылы-ояу күйінде өзгелерге түсініксіз, бізге түсінікті әңгімесін қайтадан бастады.
– О, Жаратқан! О, Тәңірім! Келдіңдер ме? Келді ғой, келді ғой, әне. Менің ақ қанат періштелерім! Келді ғой әне, құтқарушыларым! Бәсе, бәсе, келетіндеріңе сеніп едім… Оһ, оһ, көөп, көп күттірдіңдер ғой! Сағындым ғой, сағындырдыңдар ғой! Кетеміз бе? Кетейік. Мені ертіп келуге келген екен ғой. Оһ, оһ, оһ, кетейік. Кетейік… Шаршадым мына сұм жалғаннан! Күндестігі жоқ жаққа кетейікші. Әкетіңдерші! Ешбір күншілдігі жоқ, аппақ өлкеге әкетіңдерші мені!.. Қос Құлыным-ау! Мынау опасыз, баянсыз да бәтуасыз қу тірліктен құтқарыңдаршы! Е, сөйтіңдерші… Сендерсіз бұл дүние еш қызық емес екен! Сағындым ғой сендерді!
– Уа, құдіреті күшті Алла-Тағалам-ай! Өзің жар бол, өзің жарылқа! Уф, Илә иллә иллойлла, Мухаммед Расул Алла!..
Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз наурыз айының тағы бір таңы атты. Аққол қыстағындағы шағын ауламызға қараң-құраң адам жиналып, Атамнан қалған қара шаңырақ көтеріліп, Апамның қолымен оюлап жасалған туырлық, үзіктер жабылып, мезгілсіз уақытта киіз үй тігіліп жатты…
2025 жыл, қаңтар
Соян МЫСА