БҰРҒЫШЫНЫҢ ХИКАЯЛАРЫ
Қыркүйектің бірінші жексенбісі – елімізде Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні. Биылғы жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Осы ретте біз оқырманға жұмысшы өмірінің қыр-сыры жайлы сыр шертетін мұнайшы, барлаушы Бисенбай Бисенғалиевтың «Мен – геолог-барлаушымын» атты кітабынан үзінді ұсынып отырмыз. Автор даладағы барлау экспедицияларының қызығы мен қиындығын, табиғатпен бетпе-бет келетін сынамалы сәттерді, мұнайшылардың адал еңбегін көркем тілмен баяндайды. Шығармада еңбек адамының табандылығы, мамандыққа беріктігі һәм ұрпаққа өнеге болар еңбек дәстүрі айқын суреттеледі.
ӨНДІРІСТЕГІ ӨРТ
Бұрғылау шебері ретінде бұрғылау бригадасын басқарып жүргенмін. Үстірттің үсті, Бейнеуден 60-70 шақырымдай қашықтықта, елсіз маң далада қазып жатырмыз. Қыс. Қар қалың, аяз сәл бәсеңсігенімен, әлі де күші қайта қоймаған. Ауа тап-таза, жел жоқ, айнала көз жетер жерге дейін аппақ болып көз қарықтырады. Бір күннен асты, ұңғыда каротаж жұмыстары жүріп жатыр. БКЗ. Ақырғы емес, аралық БКЗ.
Каротаж құрылғылары забойға дейін кідіріссіз барып тұр, геофизиктердің жұмысы бірқалыпты жүруде. Каротаж отрядының құрамында Қошқардағы мектепте бір класс төмен оқыған Сәтқали Құлжығаров деген жерлесім бар, геофизик инженер, олардың жұмысының жағдайын білу үшін каротаж басшылары жұмыс жасайтын станцияға жиі барып тұрамын. Сәтқали білімді, жұмысын тым-тәуір меңгерген геофизик екені білініп тұр. Мектепте де жақсы оқыған, Қошқардағы кітапты көп оқитын оқушылардың бірі болатын. Ал біздің РИТС-1 мекемесінің атынан осы геологиялық (геофизикалық та ғой) жұмысты бақылауға басшымыздың геология саласы бойынша орынбасары Сыдиқ Диханов ағамыз арнайы келген. Түнге қарай геофизиктер өз жұмыстарын толықтай аяқтап, аспаптарын жинастырып ауылдарына шығып кетті. Мен түнгі вахтаға, каротаж жасалатын мезгілге әдейі сәйкестендіріп жоспарланған, құрал-саймандарды профилактикалық тексеруден өткізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтаған бойда бұрғыны қазуға түсіруге тапсырма беріп вагоныма келдім. Сәкең екеуміз шай ішіп алып, жайланып отырып каротаж материалдарын талдауға кірістік. Сәкең бұл жағына өте мұқият, қолына түрлі-түсті қарындаштарын алып, графиктерге шұқшияды дейсің. Өз ісінің білгірі еді, оның қолында геофизиктердің аспаптары жазған графиктер сайрап, сөйлеп қоя беретін. Кардиолог дәрігерлер оқитын кардиограмма сызықтары сияқты ирек-ирек (синусоида) сызықтар ұңғының бойындағы жағдайды түгел айтып береді. АКЦ (алдыңғы түсірілген техникалық бағанның сыртындағы цементтің сапасын, қай жерлерде жақсы, қай тұстарда нашар екенін көрсетеді), инклинометрия (қисық, түзулігін), термометрия (ұңғыдағы температураны), кавернограмма (ұңғының тарылғанын, жуылып кеткен үңгірлерді), каротаж кезінде жазылатын басқа да аспаптардың деректері негізінде ұңғының өн бойындағы температура қандай, ствол түзу қазылып жатыр ма, қанша градусқа қисық кеткен, қандай тереңдіктерде қандай тау жыныстары орналасқан, қай тереңдікте ұңғы қанша миллиметр тарылған немесе кеңіген, қай тереңдікте апан үңгірлер (каверналар) бар, алдыңғы түсірілген бағанның «башмағы» орнында тұр ма… соның бәрі тексеріліп, әрі қарай қазу кезінде ескеріледі. Сәкең соларды шым-шытырық оқиғалы роман оқығандай талдайтын. Оның қасында жүріп біз де ондай графиктерді біршама оқи алатын болдық.
Бірде сондай отырыс ұзаққа созылып, түннің бір уағы болғанын сезбей қалыппыз. Ұйықтар алдында қондырғыны бір шолып шығатын әдетім бойынша енді киінейін деп жинала бергенімде көмекші бұрғышы кіріп келіп: «қондырғы өртеніп жатыр!» деп айқайлады да дереу кері қарай жүгіріп кетті. Қолыма ілінген киімді кие салып, Сәкеңе: «Тездетіп поселокке бар, күндізгі вахтаны оятып, бұрғылау мұнарасына алып кел», – дей сала солай қарай жанталаса жүгірдім. Көріп келе жатырмын, насос тұрған сарайдың бір жақ қапталын оттың сумаңдаған жалыны жалмап жатыр. Сарай биік әрі осы қапталы ұзын болатын. Сарайды қаптаған қап-қалың брезент лапылдап жанып жатыр. Сарайдың қаңқасы темір құбырлардан тұрғызылып, олардың арасын жалпақ қайың тақтаймен толтырған да сол тақтайларға тартылған брезентті жіңішке ағаш тіліктерімен бастырып қаққан ғой. Осы материалдардың бәрі тез жанады, оның үстіне ұңғы қазыла бастағаннан бері май шашыраған, қысқасы, өртенуге әбден дайын тұрған заттар. Түнгі вахтаның бұрғышысы Титов Александр деген тәжірибелі, жақсы маман еді, моторшысы Ильясов Сәбит деген білікті маман, бұрғышының бірінші көмекшісі Харченко Иннокентий (бәріміз Кеша дейміз) деген пысық, алғыр, тығыншықтай шағын денелі спортшы жігіт, қазір Ақтауда тұрады, кейде сыртынан көріп қаламын. Вахтаның адамдарының біреулері шелектеп су шашуда, кейбіреулері қолдары жеткен жерлердің брезентін, тақтайын багормен, балтамен, сүйменмен, пышақпен жыртып, жұлып, кесіп алып тастауда. Жігіттердің қолында өрт сөндіргіш, кирка, багор, техникалық киіз, шелек, күрек сияқты құралдар. Бұрғылау насосы арқылы техникалық су шашып өртпен күресуге мүмкіндік болмай тұр. Дизельдері қызып, дайын тұрған №1 насостың втулкаларын, клапандарын, поршень-штоктарын ауыстыру жұмысы басталып кеткен де әлі толық жинастырылмаған, ал №2 насостың дизельдері әлі қызбаған. Бұрғышылар №1 насосты жинастырып болып, құралдарды түсіріп жатқанда №2 насостың дизелін қыздырамын деген жоспармен моторшы Сәбит жұмыстанып жатқан ғой. Өрттің шығу себебі осында жатқанын кейінірек тексеру барысында Сәбиттен, №1 насосты жинастырып жатқан жігіттерден естігенмін. Осылайша насостардан қайыр жоқ болғасын, тілсіз жауға қарсы тек адам күшімен күресу ғана қалғаны белгілі болды.
Сарайға жеткенше жүгіріп келе жатып бұл өртке қай жағынан тиісерімді ойластырумен болдым. Өртке жеткен бойда Кеша мен тағы бір жігітке менімен бірге сарайдың төбесіне шығыңдар деп айқайладым да сарайдың ұңғыдан алынған жынысты тазартатын сұйық құйылған әйдік күбілер — чандар тұрған жағындағы аласалау жерден жоғарыға өрмелей жөнелдім. Сәбитке электр тоғын айыруды, бірақ электр станциясын әзірге өшірмеуді тапсырдым, әйтпесе сарайдың қабырғасының жоғарғы жағымен тартылған кабельдер жанып жатыр, оларға су шашып жүрген, кабельдерді ұстаған адамдарды тоқ соғуы мүмкін. Бар ойым жоғары қарай лаулап шапшыған оттың жолындағы төбеге жабылған брезенттер мен ағаштарды алып тастау, сонда от тек қабырғаны ғана жалмай алады. Әйтпесе сарайдың төбесіне от жетсе болғаны, жанған брезент пен ағаштар сарайдағы дизельдерге, насостарға, олардың тартпа бауына түседі де өрттің аумағы жайылып кеиеді. Сарайдың арғы жағында, іргесіне тиіп тұрған бірнеше мұнай, әртүрлі сұйық химреагенттер жинастырылған 50 текше метрлік қазандар тұр, олар мен сарайдың арасында мұнай араласқан су, шайылған ертінділер бар, от тисе лаулай жөнеледі. Сарайдың еденінің асты да мұнай, дизельдерден аққан май араласқан су жаз кезінде кілкіп жататын, қазір қатып жатқан болар. Сонда да от тисе дүр ете қалмақ, ондай болса ештеңені құтқарып үлгере алмаймыз. Қазіргі басты қауіп төбеде, бетін аулақ қылсын, егер төбеге от шығатын болса құримыз деген ой миымды тесіп бара жатты. Онда бүкіл қондырғыдан айырыламыз. Осындай жаман ой денемді де, санамды да қалтыратып жіберді. Қарап тұрып өлуге болмайды, күресіп, жанталасып өлу керек.
Жанұшырып, маймылша өрмелеп төбеге шықтым, қолымда үлкен, өткір селебе пышағым бар, жұмыста жүргенде жанымнан тастамаймын, шалбарымның белдігінде, қынында жүреді. Оны пышақ емес, қанжар деу керек шығар. Жігіттер балта ала шығыпты. Біз шыққанша оттың тілі жалмаңдап төбені жалай бастады, төбені жапқан ағаштардың кейбіреулері сытырлап жана бастады, брезенттер ысып, буланып қыза бастаған. Төменнен, қабырғаны жалмап келе жатқан оттың жалыны жоғарыда жүрген бізді жақындатар емес, бет қаратпайды. Лаулаған отқа жақындауға тырысып, жалма-жан брезентті жыртуға, айыруға, тақтайларды кесуге, балталауға кірісіп кеттік. «От – тілсіз жау» деген өте дәл айтылған теңеу екенін сонда ғана сездім. Үнсіз жалмап жатыр, жоғары өрмелеп ұмтылуда. Лаулаған оттан шегіне-шегіне сарайдың орта тұсына жақындап қалыппыз. Бірақ ештеңеге мән беріп қарауға, мойын бұруға уақыт жоқ.
Қанша алысқанымызды білмеймін, төменге, сарайдың ішіндегі құралдардың үстіне құлаған өрт шалған тақтайлар мен брезенттерді төменде жүрген күндізгі вахтаның жігіттері сүйреп алып кетіп жатты. Төбеде жүрген біздің аяғымыздың астындағы тақтайлар шала жанған, кез келген уақытта сынып кетуі мүмкін, олай болса біз де солармен бірге төмен құлаймыз. Қабырғадағы тақтайлар мен брезенттердің нобайы өртеніп кетті, жігіттердің жыртып, жұлып алып үлгергені шамалы. Сарайдың төбесінің үштен біріндегі тақтайлар мен брезент жұлынған, өрт шалған, жартылай күйген…
Осылайша тілсіз жауды тоқтатқан болдық. Әупірімдеп жерге түстік. Сарайға қараудың өзі қорқынышты. Қалай ғана сол төбеде жүргенбіз, жай жүрмей, арпалысып отпен алысып, қалың брезенттерді жыртып, жұлып, тақтайларды сындырып… біраз жұмыс жасаппыз-ау. Аяғымыздың астында, төменде самсаған темір, ауыр құрал-жабдық (дизельдер, компрессор, насостар, жұмыстарын тастай сала өрт сөндіруге кірісіп кеткен бұрғышылардың шашылып жатқан саймандары). Төмендегі жайраған темірдің үстіне осындай 5-6 метр биіктен құлап түссең аман қалмасың белгілі, ия өлесің, ия мертігіп мүгедек боласың. Солығымызды басып, өртті тоқтаттық па, жоқ па деп өз көзімізге өзіміз сене алмай, темекіні сорғылап, тыныс алып тұрмыз. Қасымда тұрған Кешадан: «Как мы не провалились с такой высоты?», – десем, ол: «Я тоже об этом думаю, сейчас мне страшно смотреть на крышу сарая», – деп жауап берді. Күндізгі, түнгі вахта түгел осында. Тіпті әйелдер де асханадағы ыдыстарды (кастрөл, шелек, бақыраш) әкеліп, жігіттерге су тасып көмектесіпті. Жігіттер су шашып, кейбіреулері қар аралас топырақ лақтырып, әйтеуір бәрі де жан сала арпалысыпты тілсіз жаумен. Міне, бүкіл бригада тайлы-таяғы қалмастан, тіпті қыздар мен әйелдерге дейін уақытпен санаспай, жалаңдап тұрған үскірік аязға қарамастан жұмыла кірісіп, жанталаса қимылдап, тілсіз жауды жеңіп шықтық. Бірлік бар жерде тірлік бар деген осы емес пе. Ұжымыма, бригадама ризамын.
Айналамыз соғыстан кейінгі алаң сияқты, шашылған, шала күйген ағаштар, өрт шалған, түгел өртенген брезент қалдықтары. Құдай қарасқанда, лүп еткен жел болмады. Осындай баға жетпес қолдау көрсеткен Құдайға қалай шүкіршілік айтпассың! Сәлден соң жігіттермен бірге айналаны жинастырдық, бірнеше жерде өрттен шыққан үлкен-үлкен үйінділер пайда болды. Осылайша арпалыспен жүргенде қысқы таң да ағараңдай бастады. Айналадағы аппақ қар күйе басып қап-қара болыпты. Ендігі мәселе, сарайдың өртенген жерін жабатын ағашты, брезентті қайдан табамыз, өртеніп кеткен кабельдердің, светильниктердің орнын немен толтырамыз? Мынандай ашық күйінде дизельдерді қыздыруға, жұмыс жасатуға болмайды. Дизельдердің жұмыс жасайтын температурасын (температурный режим) көтере алмаймыз, күн аяз, қазір жел жоқ, бірақ ертең не болатыны белгісіз ғой. Үстірттің азынаған ызғырық желі аяқ астынан көтеріле қалмасына кім кепіл? Ашық, ызғырық жерде жұмыс жасау жігіттерге де қиын, салқын күйінде жұмыс істесек дизельдерге салмақ түсіп, істен шығуы мүмкін. Сондықтан қалай да сарайдың ашық қалған жерін жабуымыз керек, қазуды тоқтатпауымыз керек. «Отан бізден пәлен метр проходка сұрап жатыр, мұнай көзін қалай да табуымыз керек» деген жалған, пафосты сөздер айтпағанмен, жұмыс жасау керек. Біреу бізге сарайымызды бүтіндеп, жұмыс жасайтын жағдай жасап береді деп ойламасақ та болады. Оған уақыт та жоқ, бұлайша соза берсек, чандардағы бұрғылау ерітінділері қатып қалады, оның сал-дары өті ауыр болады. Өзіміз бүлдірген екенбіз, енді жағдайды өзіміз қалпына келтіруіміз керек. Мүмкіндігінше орталық сезбейтіндей қылып, жымын білдірмей жіберген жөн.
Қондырғы басында басы артық ағаш та, брезент те, керек десең, шеге де жоқ. Ойластырып отырып, қондырғыны айналып шығып тапқаным, химреагент жинайтын сарайдан біраз материал алуға болады екен, мұнараның 25 метр биікте тұрған, екінші деңгейдегі жұмыс алаңынан да біраз материал түсіруге болатын сияқты. Қондырғы басына келетін цемент, бетонит сазы сияқтыларды жауып қоямыз деп пайдаланып жүрген біршама брезенттеріміз бар, осыларды дұрыстап жинастырсақ сарай жабылып та қалатындай. Таң әлдеқашан атқан, күндізгі жұмысқа шығатын вахтаны жуынып-шайынып, ыстық тамақ ішіп, сәл де болса демалыңдар, вахтаға асықпай, түске таман шығарсыңдар деп поселокке жібердім. Олар түні бойы көз ілместен өртпен арпалысты, әрі өткен күні вахтада болып, тәулік бойы мігір таппай шаршаған. Диханов Сыдиық ағама: «Сіз орталықпен байланысқа шығыңыз, таңғы берілетін ақпаратты кідіртпеңіз. Каротаж жұмыстары созылып жатыр, геофизиктердің бірер аспабы істен шығып, оңдап, қайтадан жазуда. Ұңғының жағдайы жақсы, бұрғы жақсы жүріп тұр дерсіз. Мені қондырғыда шаруаларымен жүр дей салыңыз. Ал мен сарайды тездетіп қалпына келтіру жұмыстарына басшылық жасайын, жігіттерге көмектесейін. Кешке дейін бұрғыны ұңғыға түсіруге жағдай жасауымыз керек», – деп жағдайды түсіндірдім.
Кірісіп кеттік. Оңай болған жоқ, жігіттердің жұмыла қимылдауының арқасында кешкі вахта бұрғыны ұңғыға түсірді. Сарайдың төбесін жаптық. Вагоныма сүйретіліп әзер жеттім де шала шешініп, тамақ ішпестен төсекке құлай кеттім. Жаратушыға алғыс айтып, күбірлеп жатып ұйықтап қалыппын. Бұл бір естен кетпес қиын түн болды.
Қалған жұмыстар өз ретімен жүре берді. Шаршағанымыз, тоңғанымыз өзімізге олжа. Екінші деңгейлі жұмыс алаңын көп жалаңаштамауға тырыстық, тек керегін ғана алдық. Көпшілік жерлерді, әсіресе химреагент сарайын бөшкелерді бұзып, солардың қаңылтырымен жаптық. Ол кезде қондырғыға польшалық дизельдерге құюға арналған арнайы М10Г; М8Г деген жағармайларды көк, әдемі импорттық бөшкемен әкелетін. Майдан босаған бөшкелерді кері тапсыруымыз керек, бірақ дәл есебін алып отырған жан болмағандықтан босаған бөшкелер тапсырылмай, қондырғы басында жиналып қалатын. Бірер күннен соң әлгі бөшкелерді автогенмен тіліп, қаңылтырын балға мен төске салып тегістеп, тым жақсы химреагент сарайын жасап алдық. Қалыңдығы мен жалпақтығы әр түрлі тартпа бауларды тілік тақтай ретінде пайдаланып, сарайдың қабырғасына, төбесіне брезент қаптадық. Қолда бар осындай материалдарды пайдаланып, аяқ астынан орын алған бұл қиындықты да артқа тастадық.
Енді осы өрттің қайдан шыққанын тексеру барысында анықталған жайды жазайын. Бұрғышылар №1 насосты жинастырып жатқанда моторшы Сәбит №2 насостың дизельдерін қыздыруға кіріседі. Сарайдың қабырғасына жақын тұрған шеткі дизельдің картеріндегі майды қыздыру үшін астына факел (неге әдеттегідей астауша қойсұымады?) қояды да радиаторға ыстық су құю үшін екі шелегін алып даладағы суды-майды қыздыратын құралға жүгіріп кетеді. Асығып жүріп, бұрыла бергенде аяғымен қағып кеткен факел сарайдың қабырғасына қарай құлағанын көрмей қалған. Май сіңіп, өртенуге дайын тұрған брезент пен тақтайлар сол бойда гулей жөнеледі. Ал Сәбит болса шелектерін тастай салып, ГСМ қазандары мен қондырғы арасындағы сұйық дизель жүретін құбырлардың бойына екі жерден үлкен қылып жағылған оттың бірі сөніп бара жатқанын көреді де соған отын тамызуға жүгіреді. Сол отты жағамын деп жүргенде сарайдың қабырғасындағы алаулаған өртті көріп кері жүгіреді. Насосты оңдап жатқан жігіттер де өртті Сәбитпен бір мезгілде байқайды. Бұл кезде өрт әбден күшіне енген. Қалғаны белгілі ғой, жоғарыда жазғанымдай, жанталас әрекеттің арқасында аман қалдық. Бірақмен осы өрт үшін Сәбитті ешқашан жазғырған емеспін. Сәбит Астраханьдағы Теңіз училищесін кеме моторшысы мамандығы бойынша жақсы бағамен аяқтаған, біраз жыл Волгада жүзетін шағын кемелерде жұмыс жасаған өте сауатты, білікті, көзі ашық жігіт. Қателік кімде болмайды, бәріміз де пендеміз. Бұл жерде де кінәнің бір ұшы қақаған қыста жазғы дизель отынымен жұмыс жасауға мәжбүр қылған басшылықта сияқты.
Бірақ, бұрғылау алаңында өрт шыққаны туралы хабар орталыққа да жетті. Өрттен кейін «МНГР»-дің бір инженері әлдебір шаруалармен біздің қондырғы басына келген, қондырғыны аралап жүріп химреагент сарайының басқаша түрге айналғанын (көк қаңылтырмен қапталғанын), шлам амбарларының ішіне жасырылған өртенген ағаштар мен брезент қалдықтарын көреді, насос сарайының төбесі, сарайдағы құралдардың от шарпыған, күйелеш-күйелеш болған, ыстан баттасып (қанша жусақ та тазарта алмадық) тұрғанын байқайды, жұмысшылармен әңгімелесіп бірдеңелерді біледі. Ауылға келгесін РИТС-1 басшылығына бәрін хабарлайды. Бұл маған жайлы тиген жоқ. Қондырғыны өрттен құтқарып қалдың деп ешкім басымнан сипамағанын, ағаштан жасалған болса да орден бере қоймағанын сезіп отырған боларсыздар.
Өрт қауіпсіздігін сақтауды бір сәт естен шығарудың, сәл шалыс басудың аяғы қандай қайғылы жағдайға алып келетінін көрдіңіздер ғой…
Сол жолы бұрғылау қондырғысы өртенген болса әбден шаталатын едім. Ол жайында ойлаудың өзі қорқынышты, қаншама миллиондаған сом тұратын бұрғылау қондырғысы, оның ішінде осында ғана орнатылған су жаңа польшалық, өте қуатты WOLA-H дизельдері, әр біреуінде 700 аттың күші бар 7 дизель және қарайған қаржы шығындалып, қазу жұмысы аяқталып қалған қымбат ұңғы да жойылады. Өрт соның бәрін жалмағанда менің тағдырым өте аянышты, дұшпаныңа да тілемейтіндей ауыр болар еді. Су түбіне кетер едім. Бұл қорқыныш соңынан, қазір пайда болды, сол кезде ойыма келгенде үрей бойды билеп, аяқ-қолымды байлап тастар ма еді, қайтер еді? Ол кезде жас болдым, бойымда ыстық қаным тулап, қорқуға мұрша бермей тұрды ғой. Қайран жастық…
Қиындықтан қорқатын адам бұрғышы, геолог-барлаушы болар ма еді.
Бұл жолы да Жаратушы Ием басыма төніп келген осындай ауыртпалықтан алып қалды, әдеттегідей қорғаушы періштем кірпік ілмепті, қанатымен қорған болыпты. Талай қорғады ғой, осымен нешінші рет қорғап қалғаны тек өзіме ғана аян.
Бұл да болса менің тағдырым.
МАЛШЫНЫҢ ТАРТЫМДЫ ТЕҢЕУІ
Мыңсуалмас алаңындағы бір бұрғылау қондырғысының басында жұмыста жүргенмін. Жаз айы. Айналада жайлауға, қырға шыққан малды ауылдар баршылық. Жазғы кез малшы қауым үшін рахат шақ қой! Шопандар малдарын өріске жайып жіберіп біздерге қонаққа келеді, әңгіме айтамыз, шай ішеміз, түскі асқа асханаға апарып өздері ұнататын «қызыл супымен» сыйлаймыз. Малшылардың көпшілігі біздің асханаларымыздан тамақтанғанды жақсы көреді, тамақтың түрі көп (борщ, щи, котлет, піскен тауық, бәліш, самса, шай, компот, квас…), ұнағанын алып беріп дәм татқызамыз. Шайға тістейтін тәттілер де көп. Квас ішкенді ұнататындар шай құйған термостарына құйып үйлеріне алып та кетеді.
Сондай бір күні қондырғыны асықпай аралап келе жатыр едім, далада ат үстінде бір қырындап, қолындағы ердің артқы қасына тіреген қамшысына сүйеніп, бұрғылау қондырғысына бар ынтасымен қарап тұрған көрші малшыны байқадым. Қондырғыда бұрғы ауыстыру үшін құбырларды көтеру енді ғана басталған. Ұңғы біраз тереңдеп кеткен, құбырлардың салмағы ауыр, сондықтан баяу жылдамдықпен ыңырана, күшене көтеріп жатқан. Дизельдер толық қызбаған, сондықтан оларға газды көп бермей, ақырын жасалып жатқан жұмыс қой. Дизельдер әбден қызып, бабына келгенде бұрғышы ышқынтып газ беріп, бойындағы бар күшін сарқа пайдаланып қалады. Бәйгеге шапқан ат сияқты ғой, тері шығып, бойы бусана бере қамшы басатын.
Аттың үстіндегі жігіт ағасының қасына келіп, амандастым. Күнде хабар алысып отырған адамдармыз ғой. Нені қызықтап тұрғанын сұрадым. Көрмей жүрген қондырғысы емес, күнде көреді, қалай жұмыс жасайтынын да біледі. Кейде біздердің не жасап жатқанымызды өздері айтып отырады. Малшы жігіт маған қарап:
– Ойпырмай, мына бұраубай дегенің аумаған адам сияқты екен ғой, барлық қимылдары, барлық мүшелері адамнан аумайды. Бұрын қалай байқамағанбыз? – деп қарап тұр. Түсіндіруін сұрағанымша өзі бастап айта жөнелді. Байқасам, шынымен солай екен. Мен де бұған дейін қалай аңғармағаныма таң қалдым. Ауыл малшысының аңғарымпаздығына таңдандым. Ауыл адамының, соның ішінде малшының көп дүниені бізден бөлекше көретінін, жете зер салып, біз байқамайтын құбылыстарды байқайтынын сезетін едім. Ал мынаны айтқан соң өзім қарап көргенде тіпті таңырқадым.
Оның байқауынша әңгіме былай екен: Жоғарыдан салбырап адамның екі қолы секілді «қолдар» (көтергіш блокка ілінген екі штроп пен элеватор) төмен түседі, содан жерден ауыр жүкті екі қолымен қысып ұстап (ұңғыдағы құбырларды элеваторға іліп алып) жоғары қарай ышқына, ыңырана көтереді (дизель6 моторының дауысы басында солай ышқына, ыңырана естіледі), әбден жоғары көтеріп болған кезде «уф-ф-ф» деп дем шығарады (дизельдердің қуатын редукторлар, жылдамдық қорабы арқылы жүк көтеретін лебедкаға беру үшін ШПМ деген 8 атмосфералық қысыммен толтырылған ауа толы резина муфталардан шыққан ауаның ысқырып шыққан даусы ғой). Содан тағы да төмен қарай келесі жүкті көтеруге түсе береді. «Ауыр жүкті көтеріп қиналғаны да, «уфілеп» демалғаны да аумаған адам» дейді. Бірінші рет көріп тұрғандай, жұмыс жасап жатқан қондырғыға басқаша көзбен (малшының көзімен) зер салып қарай бастадым. Дәл солай екен. Қалай дәл тапқан теңеу! Қайран қалмасқа болмайды. «Ойпырмай» дегенімді білмей қалыппын.
Содан кейін өзім де үнемі бұрғылау қондырғысын адамға теңеп, бойынан адамға ұқсастық іздеп, тауып жүретін болдым. Адамның бойындағы ең қасиетті нәрсе — қан ғой, қаны дұрыс, сапалы болса адам мықты болады. Ал қаны жаман, қан құрамы бұзылған адам аурушаң болып келеді. Қанның өз құрамы бар. Бұрғылау қондырғысының да өзіндік қаны бар, ол — ұңғыны қазуға қажетті бұрғылау ерітіндісі. Бұрғылау ерітіндісі болмаса ұңғы қазылмайды, қазылған тау жыныстары жердің бетіне шығарылмайды, ұңғының қабырғасы жақсылап сыланбайды, бұрғының пышағы жақсылап айналып тұратындай болып жуылмайды, салқындатылмайды, жердің астында үлкен қысыммен жасырынған әртүрлі тау жыныстары, сұйықтықтар өздеріне сәйкес келетін қарсы қысым болмаса ұңғының бойымен далаға атылып, күн сайын фонтан атыла берер еді…
Адамның өмір сүруі үшін қан керек болса, ұңғыны сапалы түрде қазып шығу үшін бұрғылау ерітіндісі қажет. Бұрғылау ерітіндісінің де әр ұңғығыға, әр тереңдікке, ұңғыда кездесетін тау жыныстарының ерекшеліктеріне… тағы сол сияқты көптеген талаптарға сай келетін толып жатқан құрамдары, параметрлері болады. Солардың кейбіреулерін атап кетейін; өзіндік салмағы, жабысқақтығы, суды кері серпуі, жылжудың тұрақты кернеуі, жыныс қабығының қалыңдығы, құрамындағы мұнай, температура… Бұл тек күнделікті қазу кезінде сағат сайын өлшеп, қадағалап отыратын көрсеткіштер. Осылардың біреуі ұңғы қазу үшін жасақталған технологиялық құжаттағыдан сәл ауытқыса ұңғыны сапалы қазып шығу қиынға соғады. Бұл жөнінде әлі де талай нәрсе айтуға болар еді, бірақ әңгімеміздің негізгі тақырыбынан ауытқымайық.
Міне, осылайша адам мен бұрғылау қондырғысын салыстыра отырып түйген пікірім осы болды. Басқа да көптеген ұқсастықтар бар (дизельдер, насостар, манифольдтар, компрессорлар, ауа түтікшелері…), қондырғының әр тетігін адам ағзасына ұқсатып қарастыруға болады, тек дұрыс салыстырып, ұқсастықтарды көре білген жөн. Бұл үшін малшы жігіттің көзі, санасы сияқты аңғарымпаз көз, сана керек. Бұрғылау мамандары бұрғылау жүріп жатқанда көтергіш блокқа ілінген темір арқанның вертлюгке соғып сыңғырлаған дыбыс шығаратынын жақсы біледі. Тап осы дыбыс бұрғылау маманы үшін әлемдегі ең тамаша әуен деуге болады. Осынау сиқырлы сыбдырды билеп басып келе жатқан қазақ қызының шолпысының сыңғырына теңер едім. Бұрғылау учаскесінің басында жүрген маман үшін осы бір сыңғырлаған дыбысты тыңдап жатып ұйқыға кетіп, таң алакеуімде сол дыбысты естіп ұйқыдан оянудан артық не бар! Аса қуатты дизельдердің (әр дизельде 500-700 аттың күші бар, ал бұрғылау қондырғысында солардың 7-еуі тұрады) бірқалыпты уілдеп, бойындағы бар қуатын іске қосып, ауыр салмақты құбырларды ышқына тартып жұмыс жасап жатқанын көріп, сезіп тұру да нағыз рахаттың бірі ғой, шіркін…
«ҒАРЫШТАҒЫ» ТҮЙІСУ
«Сазтөбе» алаңындағы кезекті ұңғыны қазу үшін бұрғылау қондырғысын тасып жатырмыз. Ең қиыны ауыр мұнараны тартып, ұңғы қазылатын жерге дәлдеп қою. Бұны «нүктеге» қою дейді. Ауытқуға болмайды, дәлдік, шеберлік керек. Мұнара ауыр (Уралмаш-3Д). Сазтөбенің жері өте нашар, жазда да, қыста да баланың еңбегіндей былқылдап жатады. Жазда кеппейді, қыста қатпайды, тұзды жер. Көктем, күзде әбден ми батпаққа айналады. Біздің мұнара тартып келе жатқан уақытымыз жаздың шырқырап тұрған шілдесі. Бұрғышылар бригадасы көшіп келуге дайындық жасай бастадық. Мұнара құрушылар мұнараны тартып келе жатыр. Сол жылы Сазтөбеде маса буып тұрды, далада жұмыс жасап жүргенде масалардың ортасын тұманды жарғандай жарып жүруге тура келетін. Өте ірі, қазақтар айтатын «түйедей» қара маса. Жұмыс жасағаныңнан масамен арпалысқаның көп: аузыңа, мұрныңа тобымен кіріп, шағып, есіңді кетіреді. Мұнара тарту өте ауыр болды, қаншама трактор істен шығып, сол жерде жөнделіп, қайтадан қатарға қосылып жатты. Мұнараны алыстан тартып келе жатыр еді, Тасымнан болуы керек. Тасым –Сазтөбеден көп алыстағы, құрғақтағы алаң.
Сазтөбенің жеріне келе мұнараны көтеріп тұрған шынжыр табанды «тележкалар» сына бастады, тракторларға жалғанған жас баланың білегіндей жуан болат арқандар (32 мм.) шарық жіптей үзіліп жатты. Мұнараны тартып келе жатқан бригаданы басқаратын тәжірибелі маман, ондай құқайдың талайын көрген, мұнара құрастырушылар басқармасының басшысы Лазарь Ідірісов ағамыз. Шаршамайтын, жұмысқа берілген адам. Осындай қиыншылық болатынын біліп, әдейі өзі келіп жұмысты басқаруды қолға алған. Ләкеңнің өзі келмесе де бригададағы жігіттері, прорабтары өте мықты мамандар.
Мұнара өлдім-талдым дегенде «нүктеге» тұрды. Бір трактор Сазтөбеден 15-20 шақырымдай жерде жолшыбай бұзылып қалыпты. Оған алаңдап тұруға уақыт болмай, қалған тракторлармен ілдалдалап жеткен ғой. Бірақ әлгі тракторсыз болмайды, әр трактордың өз орны, атқаратын жұмысы бар, егер тағы біреуі істен шықса оны алмастыратын ештеңе жоқ. Тағы бір қауіп, елсіз далада қалған тракторды тонап, керек бөлшектерін түсіріп алушы да табылуы мүмкін. Сондықтан Ләкең кешкі тамақты ішіп алған соң бір тракторшының қасына адам қосып, далада қалған тракторды сүйреп әкелуге жіберді. Сүйреп келгесін бұзылған жерін осында жөндейміз деп шешті. Трактор кеткеннен кейін біраз уақытта күн батты, қараңғы түсті. Тракторлар таң атқанша келмеген соң машина жіберіп, тракторшыларды алдырдық. Қызықтың көкесі енді болды. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп құлағынан айырылды» дегеннің кері. Өзіміз трактор жеткізе алмай жанталасып жатқанымызда, көмекке кеткен трактор айдалада бұзылып тұрған тракторға бетпе-бет соғылыпты. Ондайды біреу айтса сенбес едік. «Елсіз даладағы екі трактор қалай бетпе-бет соғысуы мүмкін? Бұнда бір шикілік бар, қателігін, шалалығын жабу үшін ойлап тапқан дәлелі шығар. Кең дала ғой, қаланың ішіндегі тап-тар асфальт жол емес» дер едік. Ауылда жүріп естісек солай ойларымыз анық. Ал мына жерде өзіміз, осы өндіріске тікелей жауапты басшылар, төрт көзіміз түгел жүрміз, көзіміздің алдында болған оқиға. Кімнің алдында ақталуға дәлел іздейсің?! Артынан машинаға мініп барып тексердік. Дәл тракторшылардың айтқанындай болыпты.
Олардың айтуынша, мұнара сүйреткен ізбен жүріп келе жатқанда қараңғы түсіп кетеді. Тракторда бір ғана фар жанатын болып шығады (негізінен бұл тракторлар тек күндіз ғана жұмыс істейді әрі көбі ескі, далада жүрген күтімі жоқ техникалар ғой, бір фары жанғанына да шүкір). Бір фардың жарығымен ілдалдалап келе жатқанда ол да күйіп кетеді. Енді не істеу керек, далада тұра беруге болмас деп (бәрі де талай қиыншылықтан өткен әккілер ғой), қолда бар заттан факел жасап алады, факелді екінші тракторшы трактордың тұмсық жағында ұстап отырып жолды жарық қылуға тырысады. Осылайша соқыраңдап келе жатқанда алдарында тұрған тракторға қалай соғысқандарын білмей қалады. Факелдің жарығы жүріп келе жатқан трактордың табан жолын ғана көрсетуге жараса керек. Болары болды, бояуы сіңді. Адам аман, соған да шүкір дедік.
Арпалысып жүріп қондырғыны да құрдық, бұрғышылар поселкесін көшіріп әкеліп, жұмысшылардың бұрғылауға дайындық жұмысына кірісуіне жағдай туғызып, Ләкең екеуміз жүк тиелген күркілдеген Краз машинасына мініп, жолшыбай Арыстанов алаңында жүріп жатқан мұнара құрушылардың, бұрғылау бригадаларының жұмысын байқап ауылға келдік. Ол кезде қазіргідей асфальт жол жоқ, қырдың қара жолы, күн шыжып тұр… Жаспыз ба, осындай өмірге үйреніп кеткенбіз бе, 500-600 шақырымдық дала жолымен жүк машинасының кабинасында күн-түн демей жүре беру біз үшін әдеттегі жағдай болатын. Бір жағынан, Ләкең сияқты ағамызға серік болудың өзі бір ғанибет. Аңқаулау, көргені көп әңгімешіл адам, тарихты, әсіресе шежірені терең біледі. Мұқият зерттеп, шежіре білетін қарияларды қай жерде болмасын іздеп барып, әңгімелерін жадына сақтап, қалың қызыл дәптеріне (біздер әзілдеп осы дәптерін «Ләкеңнің киіз кітабы» деуші едік) түртіп алып жүргеніне талай мәрте куә болғам. Ол кісімен жұмыстас болу да рахат. Келіспейтін, таласатын (жұмыс жайында) кездеріміз де болатын, бірақ бұл достығымызға кері әсерін тигізбейтін.
Айдың қорытындысын талқылайтын жиналыста бұл оқиғаның тарихын естіген басшымыз Ғиззат Өтешұлы Балмұқанбетов (марқұм, жаны жаннатта болғыр, сөз тапқыш, қуақылығы бар еді): «Ойпырмай, естімеген елде көп деген, бұларыңды басқа жұрт естімесін, Маңғыстаудың кең сахарасында, түн ішінде Ләкеңнің екі тракторы далаға сыймай соғысып қалыпты десе ел күлер, масқара болармыз. Менің білуімше, ғарышқа ұшырылған америкалық және советтік кемелер ғылыми терең есептеу, әбден жеріне жеткізе жасалған жаттығулардан кейін, жердегі ғалымдардың басқаруымен, қатаң бақылауымен әрең дегенде бір-бірімен түйісуші еді, сендердікі одан да асып кеткен сияқты ғой», – деп бәрімізді күлдірген. Ол кезде күлуге болады, бәрі ойдағыдай, бәрі де өз орнына келген. Ал Сазтөбеде жылауға шақ қалғанбыз.
ҚАСҚЫРДЫҢ КЕГІ
«Жіңішке Кебір-Хайрулла» деген алаңдағы ұңғыларда ерітінді жоғарыға шықпай, жер қыртысындағы апандарға жұтылып кететін жағдайға тап болдық. «Жұтылу» деп аталатын апаттың бір түрі. Көп арпалысып, ештеңе шықпағасын бригадалар ұңғыларды тастап, басқа алаңдарға көшіп кетті. Ал кейбір жұмыстарды «Қараой» алаңындағы бригаданың вагондарына орналасқан қосалқы бригада күнделікті қатынап жасайтын болды. Басшысы Н.Г.Евтушенко деген ардагер бұрғышы, өз ісінің шебері. Өзі аңшы, аң аулау десе ішіп отырған асын ұмытатын адам. Жақсы шал, әңгімешіл, әсіресе, аңшылық жайындағы әңгіме десе жанып түседі. Тамақ ішуді ұмытып, күні-түні айта беруге бар. Екеуміз көп жолдас болдық. Талай әңгімелерін тыңдадым. Айтқанының көбісіне сене бермейтін едім, бәрімізге белгілі, аңшылар мен балықшылар мақтаншақ келеді ғой. Ол бұрғылау алаңына жұмысқа келгенде де үнемі мылтығын ала келеді, сәл қолы қалт етсе машинаға (кез келген, аяқ артуға жарайтын көлікке) міне салып далаға шығады, киік қуады, қарақұйрық атады. Мыңсуалмас, Қарақұдық алаңдары жақтағы ұшпалардан арқар іздейді, қоян, түлкі аулайды. Ешқашан құр қол қайтпайды.
Мен осы Қараой, Жіңішке Кебір ұңғыларының жұмысын қадағалау, жұмыс барысын көзіммен көру үшін орталық Елеместен осы бұрғылау қондырғысының басына келгенмін. Жіңішке Кебірде жұмыс жасайтын бригаданың негізгі орналасқан жері Қараойдың басы, вахталық ауысымдағылар күн сайын Жіңішке Кебірге барып тұрады. Қараойда жұмыс жасап жатқан бұрғылау бригадасының басшысы Бозбаев Қадыржан деген құрдасым. Қараойдан Жіңішке Кебірге баратын жол тақтайдай тегіс, тұзды сордың кеуіп кеткен табанымен жүреді. Асфальттан артық, зулама жол. Вахталық ауысымды УРАЛ машинасымен ауыстырамыз, былайынша шаруаға мінетін көлігіміз ЗИЛ-130 ағаш астаулы көнелеу машина, шофері Нурик (қазақша Нұралы деген атын ешкім атамайды) деген толық денелі, орташа бойлы елгезек жігіт. Бір күні вахтаны ауыстырып болып, Жіңішке Кебірден Қараойға демалуға әкеле жатқанында Григорыч (Николай Григорьевич Евтушенконы осылай атаймыз) жалпақ сордың үстімен бөлтіріктерін ертіп бара жатқан қаншық қасқырды көріп қалады. Вахта тасыған көлікпен (іші толы адам, түнгі вахтадан шаршап шыққан) қууға болмайды, амалсыздан діңкесі құрып келе жатқан оған сол сордың бойында әлдебір шаруамен Жіңішке Кебірге бара жатқан Нурик кездесе қалады. Жаны шығып, не істерін білмей, аңшылық делебесі қозып, көзі жанып отырған Григорычқа дәл тап болған, құдайы аспаннан бере салыпты. Шал жандәрмен Нурикті тоқтатып, вахтаны демалысқа қоя беріп, өзі Нуриктің қасына отырып алады, еш нәрсе түсіндіріп жатпастан тез жүруді бұйырады. Нуриктің кейіннен айтуынша, шалдың дегбірі кетіп, тыпыршып, екі көзі жанып тұр екен. Тездетіп қасқырлар жүріп бара жатқан тұсқа жеткенде олар алысқа ұзамағанын, бөлтіріктері жай жүретіндіктен сордың арғы бетіндегі жарқабаққа, оның арғы жағындағы қалың өскен бұйырғын, жусан сияқты қатты, биік өскен шөпке жете алмай жанталасып жүгіргендерін көреді. Жарқабаққа жетсе болды, Григорычқа құйрығын да ұстатпай кетеді, машина жүре алмайтын тік жарқабаққа шыға алмайсың. Ал мыналар жалпақ, тақтайдай тегіс, аппақ тұзды сордың үстінде не істерін білмей жанталасуда. Григорычтың мылтығы қондырғы басында қалған, қолында қаруы жоқ. Нуриктің машинаның моторын бұрап қыздыратын қисық «бұрауын» қысып ұстап алыпты, есі-дерті қасқырларда көрінеді. Нурик: «Ондай елірме аңшыны бұрын-соңды көрмеппін» дейді. Шалдың не істемек ойы бар екенін білмей Нурик машинасын қасқырлардың тап қасына апарыпты. Шал машина тоқтаған бойда секіріп түсіп қасқырларға қарай жүгіре жөнеліпті де бара сала шеттеу жүрген бөлтірікті желкесінен қыса көтеріп алыпты, жетіп келген қаншықты «бұраумен» жасқаған, дәлдеп ұра алмайды, қаншық қасқыр шалға жақындамайды, енді шалың келесі бөлтірікке қарай жүгіріпті. Мұндай «концерттен» зәресі зәр түбіне кеткен Нурик кабинадан шықпай отыра беріпті. Екі бөлтірікті желкесінен салбыратып ұстаған Григорыч машинаның кабинасына, өзі отыратын жерге лақтырып тастап, қайтадан қасқырға қарай жүгіріпті. Бөлтіріктердің иісі кабинаны алып кеткен, Нурик солардан да қорқып, тырп ете алмадым дейді. Сонымен шалың осылайша шалт қимылдап қаншықтың барлық бөлтірігін, тіптен аузына тістеп алған ең соңғысын да жұлып алып, машинаның кабинасына тоғытыпты. Қаншықтың өзін де ұрып алмақ болған екен, ол ниетінен нәтиже шықпапты, тістері ақсиып ызаланған қаншық бірнеше рет шалдың өзіне жармасыпты.
Сонымен кабина толған бөлтіріктерді қапшыққа салып шал Қараойға жетті. Келген вахтадан Григорычтың қайда қалғанын естіп тағатсыздана күтіп отыр едім, артынан барайын десем көлік болмай, шыдамым таусылған. Келді, қапшық толы тыпырлаған бөлтіріктердің иісін сезген қондырғы басындағы көп ит жым болды, бәрі қашып кетті. Қайда тығылғандарын білмеймін, біреуінің дыбысы шықпайды. Темір-терсек бөлшектер жинайтын қоймаға бөлтіріктерді қамап, есігін кілттеп тастадық. Шалың әңгімені боратты. Қалай айтамын десе де, қалай мақтанамын десе де бір ауыз қарсы сөз айта алмаймыз. Нуриктің таңдануында шек жоқ, есінен танып қала жаздаған. Оның әңгімесін тыңдап болғанша қараңғы түсті. Сол сәтте рациядан Григорычтың анасы дүние салды деген хабар жетті. Пойызға отыру үшін Опорныйға кетті, кеткенге дейін бірнеше бөлтірікті сұраған адамдарға, естіп, арнайы келген көрші ауылдың малшыларына таратып беріп үлгерді. Біреуін сойып, терісін, тұмсығын, табандарын Опорныйда тұратын «Бұрғышы» деген лақап аты бар шопырға берді. «Бұрғышы» оларды балалардың қой ауруына ем болады деп Григорычтан сұрап алды.
Сол түні қондырғының айналасында қасқыр ұлыды, вахтаның жігіттері зәресі қалмай қорықты. Түнде қондырғыдан вагондарға қарай ешкім жалғыз аттамайтын болды. «Шал кетті, пәлесіне біз қалдық», – деп есімізге аламыз Қадіржан екеуміз артынан.
Ендігі жерде айналадағы ауылдардың малына шаба бастады, қаншық қасқыр аямай қырды. Қараойдан Жіңішке Кебірге бара жатқан жолда Волганың суын Жаңа Өзенге тасымалдайтын жуан құбырдың үстінен өтетінбіз. Сол құбырдың бойында бір тесік болатын (әдейі тескен бе, әлде басқаша ма, кім білсін), сол тесіктен қатты қысыммен атқылаған су үлкен аумаққа жайылып, көлшік болып жататын. Сол көлшіктен аймақтағы малдың барлығы су ішетін. Енді сол суаттан қасқыр тартып кетіп жараланған малды жиі көретін болдық. Сан етін ойып алған, қаны шығып, терісі жалбырап тұрған тайлақтарды, тайларды, сиырларды талай көрдім. Далада теңкиіп жатқан малдың өлекселері де жиі кездесетін болды. Бұрғылау қондырғысының басындағы иттердің көзі жойылды, қасқыр тартып кеткен. Міне, аңшы шалдың құмарлығының елге тигізген кесірі. Жасаған ерлігі шынымен жай адам жасай алмайтын көзсіз ерлік. Біреуден естісем сенбес едім. Далада бетпе-бет кездесіп қалғанда өзіңді қорғау үшін қасқырмен амалсыздан арпалысу бір басқа ғой. Ал қасқырға өзің барып тиісіп, қолыңда қаруың жоқ, оның үстіне бөлтіріктерін ерткен қаншық қасқырға шабуыл жасау дегенің адам сенбейтіндей оқиға. Қазақтар бұндайды «ақкөздік» дейді.
Сол күні Григорычтың анасы дүниеден озуы да тегін емес-ау, қаншықтың қарғысы болар деп ойлаймын. Аңшы шалдың ойланбай жасаған «ерлігі» айналадағы бейбіт елге осындай шығын әкелді, жазығы жоқ совхоздың, жекеменшіктің ірілі-уақты малдары құрбан болды, иелері шығынға ұшырады. Шалдың ақкөздігі қымбатқа түсті. Бұрғылау алаңына ілуде бір келетін осы шалдың бойын билеген аңшылықтың бір сәттік желігі тұрғын халыққа орасан зиян әкелді. Тағы бір айта кететін жағдай, Григорычқа көмектескен шопыр Нурик те жылдар өте келе далада қоян аулап жүріп қайғылы қазаға ұшырады (бұны да қасқырдың қарғысы демей гөр).
Бұл оқиғаға еш қатысы жоқ, басқа бір алыс алаңдарда, бұдан ертелеу де, бұның соңынан көп уақыт өткесін де біздің бұрғылау қондырғыларында құтырған қасқырлар жұмысшыларға шапқан оқиғалар болды.
Бөлтіріктерінен айырылған қасқыр осылай кек алды.
Бейсенбай БИСЕНҒАЛИЕВ