ТОЛСТОЙ ЖӘНЕ ҚАТУЛАНҒАН ЖАСТАР

            Арман ЛАНУ

(1913-1983 жж.. өмір сүрген француз жазушысы,

ағайынды Гонкурлар атындағы

сыйлықтың 1963 жылғы иегері)

  Камюды соңғы рет Университет көшесіндегі «Нувель ревю франсез» стендінің қасында жолықтырғанмын. Золя мен Толстой туралы шын көңілден, қызбаланып әрі терең сүйсініспен айтып еді. Камю кейбіреулердің Бальзак, Гюго, Диккенс немесе Толстой секілді классиктерге шүйліге беретін және олар неғұрлым талантты болса, соғұрлым зәрін төге түсетін снобизмін (әсіре талғампаздық) қостамайтын.

            Шындығында, алдын-ала құрылған ауқымды жоспарды жүзеге асыру барысында халықтардың өміріндегі тұтас қатпарларды талмай қопарған, олардың қайғы-қасіретін терең түсініп, адамзат тарихының сатылы түрде жылжитынын жан-жүрегімен сезіне білген, соның бәрін романдағы жанды тіршілікке айналдырып жіберген құдіретті жоққа шығарып, бұл ешқандай жетістік емес, кемшілік деп кеңірдек керу қиынға түспейді. Толстойдың шығармаларын олар тым созылыңқы, шарттылыққа құрылған деп бағалайды да «роман-фельетондармен» қатар қояды. Шамасы, өздерінің талғамшыл теорияларын басшылыққа алған бұл әшкерелегіштер классиктерді жұрттың бәрі оқитынын да кемшілік деп білетін сияқты. Осы талғампаз дендилердің, сюжетсіз әдебиет пен характерсіз, кейіпкерсіз, фабуласыз романдарды уағыздаушылардың (бұл дегеніңіз адам интеллектісінің құлдырауы емей немене, фабула!) жүздеген кітаптарға тұтас халықтарды сыйғызып жіберген суреткерлердің шығармаларын оқығанда шабыты ояна ма екен? Ал ондай еңбекті өмірге әкелу аса қуатты таланттың ғана қолынан келеді. Әдебиеттің ұлы жүгін арқалаған сондай еңбекқорлар қайда қазір? Бүгінгі романға нақ солар жетіспейді.

            Лев Толстойдың өмірден өткеніне елу жыл толуын атап өте отырып, алған сабағымыз бізді, ең алдымен, өнердегі мәнерлілікке баса көңіл бөлуден абай болуға, қоғамдық өмірге араласудан бойын аулақ салып, саналы түрде шығармашылықпен шектеліп қалғандардан сақтануға шақырады; бұл сабақ қарапайым ақиқатты еске салады: шығарманың ауқымын және өмірмен байланысын елеусіз қалдыруға болмайды. Толстой біздің эпопеяға сүйсінуімізді қайта оятты. Альбер Камю соны сезген. Ол ұлылықты аңсайтын.

            Қазіргі кезде мазмұннан жұрдай, көлемі шағын шығармалар сәнге айналып тұр. «Ұсақ заттардың ғұмыры ұзақ болады…» Ондайдан біз де бас тартпаймыз. Олар да керек, олардың да өз міндеті бар. Дегенмен ізденіссіз туған шығарма, қаншалықты адам психологиясын зерттеуге немесе ғылыми-техникалық мәселелерді зерделеуге арналса да қансыз-жансыз болғандықтан өлі дүниеден басқа ештеңе емес. Кафка да (1883-1924 жж.. өмір сүрген австриялық жазушы, әдебиеттегі экзистенциализм ағымының өкілі), Бютор да (1926-2016 жж.. өмір сүрген француз жазушысы, «жаңа роман» ағымының көрнекті өкілі), Кэтрин Мэнсфилд те (1888-1923 жж.. өмір сүрген, ағылшын тілінде жазған новеллист-жазушы – ауд.) керек. Бірақ олар солай жазды екен деп болашақты түгелдей өзгертіп жіберуге бола ма екен? Сирек кездесетін немесе әдеттен тыс нәрселерге құмарлық – эгоизмге бой ұрған кез-келген дәуірдің басты дерттерінің бірі.

            «…Бойкүйездік – адам жанының азғындауы». Зұлымдықты анықтауға Толстойдың осы сөзі көмектеседі. Әдебиет – жаңалықты сезінудің мәңгілік құралы болғандықтан өзіңе-өзің қызығушылық, ішкі дүниеңдегі тәтті азапқа немесе сыртқы жаңалықтарға құмарту – осының бәрі үшінші жақтан жазылған романдардың кесірі! – көбінесе өмірден қашқақтаудың толып жатқан тәсілдерінің бірі болып шығады. Осындай қызығушылықтың астарында өзіміз тіршілік етіп, біте қайнасып жатқан, күндердің күнінде солардың алдында жауап беретін өмірден және айналадағы әлемнен қорқу жатыр. Бұл дезертирлік емей немене?

            Әрине, кез-келген суреткердің өз тақырыбын өзі таңдауға және оны өз мәнерімен жүзеге асыруға хақы бар – үзіліп түскен алманың төменге құлайтыны тәрізді бұл да табиғи құбылыс. Торыққаннан жанұшыра шыңғырып, өз қаламынан шыққан жолдардың құтырынған тамыр соғысын көтере алмай әлсіреген Реверди (1889-1960 жж.. өмір сүрген француз ақыны) – сөз жоқ, үлкен қаламгер. Осыны білу үшін оның өлуін күту міндетті емес. Антонен Арто да (1896-1948 жж.. өмір сүрген француз ақыны, актер, драматург, режиссер. Өнерге «қатігез театр» ұғымын енгізбек болған, бірақ көрермендер тарапынан наразылыққа тап болған – ауд.) сондай. Екеуі де басқаша жаза алмады. Әркім өзінің жан дүниесінде пісіп-жетілген нәрсені ғана жазады. Оның бәрі түсінікті. Бірақ әдеттен тыс, жекелеген адамдарға тән, шектен шыққан көріністерге сүйсіне алмайтындармен салыстырғанда жұртшылыққа айғайлау мен шыңғыру арқылы әсер етуге тырысып, адамның қайғы-қасіретіне бойкүйездікпен қарайтындар зұлымдыққа бейімірек екенін көрмеу мүмкін емес қой. Олар соны «міне, қараңдар, біз адамды соншалықты жақсы көреміз. Адам санасындағы жүйкенің жұқаруы, шизофрения, паранойя тәрізді кесір-кеселдер жасырынған қараңғы түкпірлерге үңілеміз, есірткінің әсерінен есалаң жағдайға түскендерге бей-жай қарамаймыз» деп бүркемелек болады.

            Бәлкім олар да адамсүйгіш шығар. Жүйкесі жалаңаштанған адамдарды. Есі ауысқандарды. Бірақ туыстарымен бірге еңбек етіп, күнін көріп жүрген қарапайым адамдарды емес. Эпопея дегенді естігенде олар жыларман болады. Толстой айыптаған жағдайға олар осындай әдеттен тыс нәрселерге қызығушылығы арқылы тап болады.

            Әдебиет жазармандар мен оқырмандардан тұрады. Егер жазушылар өздерінің шығармаларынан кез-келген эпикалық элементті және адамдардың бірлігі мен бауырластығы туралы сарын атаулыны түгел алып тастаса адамзатқа опасыздық жасаған болар еді. Онда олардың алуан түрлі мәнермен әспеттелген қызығушылығы мен нәзік жұбатуының тасасына жасырылған эгоизмі әшкереленіп қалар еді.

            Мерейтой деген белгілі бір деңгейде жасанды шара екені түсінікті, дегенмен жақсы қырлары да баршылық: онда суреткердің өзі де, оның шығармашылығы да қайтадан көрініс табады. Толстойдың дүние салғанына елу жыл толуы қаламгерлердің прециозамен (ХҮІІ ғасырдың орта тұсында Францияда пайда болған, әсіре әсемдікке негізделген әдеби ағым – ауд.), формаға бас ұрумен, гонгоризммен (ХҮІІ ғасырда Испанияда шыққан, форманың мінсіздігіне құрылған әдеби ағым) әуестену кезеңіне тұспа-тұс келді, осыны да ескеру маңызды сияқты.

            Толстой әлемі аса бай әрі бәрін қамтиды; біз одан ауқымдылықты, кеңдікті, шабыттануды үйрендік; оның таланты – кемеңгердің өз халқына ұқсауының ғажайып үлгісі. «Соғыс және бейбітшілік» романы жеке адамның да, көпшіліктің де қайғысы мен қуанышы отқа оранған Мәскеудің жалынында бірге қайнап, екі әулеттің тағдырын өзгертіп жібергенін жарқырата көрсеткен. Орыс халқының жан дүниесінен қайнап шыққан Кутузов көз алдымызда тірі адамдай тұра қалады; бір қарағанда, «романдағы аруға» тән белгілердің бәрі бойынан табылатын Наташа Ростованың қайталанбас бейнесі де сондай және жадымызда мәңгі жатталып қалады. Адамдар алуан түрлі. Бірақ халық біртұтас. Тарих деген осы. Қатуланған жастар «Соғыс және бейбітшілік» туралы естігенде қаншама тыжырынғанымен бұл роман әлі де құнды, қазір сәнге айналған арзан сөзбен айтқанда,  «бағасын жоймаған».

            Толстойдың мерейтойында оның жеке адамға тән ерекшеліктер мен жалпыға ортақ жәйттерді дархандықпен біріктіріп жіберетінін, ұсақ детальдарды да мұқият көркемдейтінін, сонымен қатар, сұрапыл эпикалық қуатын қалай көрмеуге болады! Туған халқын шын сүйетіні анық байқалып тұрған осы алып суреткер адамдардың қайталанбас тағдырының қыр-сырын да жеткізе білген.

            «Соғыс және бейбітшілік»? Ия, әрине. Алайда Толстойдың бүкіл шығармашылығын «Өмір мен өлім» деп атауға болар еді. Бұл — испандардың «Viva la muertе!» («Жасасын өлім!») деген ұранына кереғарлықтың жарқын үлгісі, өлімнің суреткерді шабыттандыруы өмірден еш кем түспейді. Екеуі бірін-бірі мінсіз толықтырып тұр. Жазушының өмірі де, шығармашылығы да осы екеуінің өзара сұхбатына құрылған. Толстойдың шығармашылығының өзегін өлім құрайды деп Горький де айтқан. «Ол одан өмір бойы қорқып, жек көріп өтті, «Арзамас үрейі» оның жанын өмір бойы аңдумен болды, бірақ ол, Толстой, оңайлықпен өлуші ме еді?»

            Ақыры оның осал тұсын тауып, стансы бастығы Астаповтың үйіне қуып тыққан да сол өлім. Өзінің бір кейіпкері («Иван Ильичтің өлімі» хикаятында ) секілді өлімге де ол  тайсалмай тура қарады:

            «Кенет өзін тұншықтырып, бойынан шықпай қойған нәрселердің екі жақтан, ондаған жақтан, барлық жақтан бір мезгілде шыға бастағанын аңғарды. Соларды аяп кетті, қайткенде де оларды қиналмайтындай ету керек. Оларды да құтқарып, өзі де осы қиналыстан құтылғаны жөн. «Қандай жақсы әрі қалай оп-оңай! — деп ойлады ол. – Ал ауырсыну ше? – деп сұрады сосын өз-өзінен. – Оны қайтеміз? Қайдасың сен, ауырсыну?»

            Сосын тың тыңдады.

            «Ә, міне ол. Мейлі, ауырсыну ғой бұл».

            «Ал ажал ше? Ол қайда жүр?»

            Бұрын өлімнен қорқатын, сол қорқынышы үйреншікті болып кеткен, қазір соны таппай жатыр. Қайда ол? Өлім қандай болады өзі? Ол қорыққан жоқ, өйткені ажалдың өзі де жоқ болатын.

            Өлім деген жоқ, оның орнында жарық сәуле бар».

            Осы ғажайып үзінді біреулерге ұнамауы мүмкін. Құдай тектес жазушы-демиургтың өмір мен өлімнің мәңгілік арпалысына бүйтіп араласуы, бір қарағанда, оп-оңай тәрізді. Бірақ көп ұзамай Әзірейіл келеді. Жазушы көз алдымызда өзінің кейіпкеріне айналып кетіп, тылсымның күшімен өзінің өлімін сипаттап берді! Сөйтіп ажалдан да үстем түсті. Жарық сәуле… Ендігі өмір сонда.

            Үлкен суреткерлердің бәрі адамның ішкі әлемін де, сыртқы дүниені де жақсы біледі. Марсель Пруст та солардың қатарынан: ол өз әлемі арқылы тұтас қоғамды бейнелеп берді.

            Егер біздің қатуланған жастар Толстойдың қоғамдық пафосы мен кейіпкерлерінің халықтық сипатынан жиренетін болса, неге жазушының ішкі қасіретіне үңілмейді, өздері қуана-қуана қылғытып жұрген шығармалардағы нәрселерді неге содан алмайды? Толстойдан олар өздерінің ойына кіріп-шықпаған талай нәрселерді тауып, көптеген жаңалық ашқан болар еді. Түптеп келгенде, адамдардың жазушыға деген қызығушылығы неден оянатыны соншалықты маңызды ма? Жілік майына дейін жекешіл деуге болатын Андре Жид әу бастағы субъективті негізді ғана мойындайтын, бірақ Толстой мен Золяны пір тұтты, өз бойында болмаса да сол екеуінен молынан табылатын қабілет үшін құрметтеді оларды. Бәлкім біздің әсіре әсемдікке құмар жазармандар Альбер Камюдың өзі Золямен қатар қойған, ал Золя «Ұлы орыс» деп атаған қаламгердің қадірін күндердің күнінде түсініп қалар. Мәселе мынада: Толстой да, Золя да «Өмірдің мәні – күрес» деген адамгершілік қағидатты ұстанған жазушылар.

                                                        

          Аударған Нұрлан Қами




ПІКІР ЖАЗУ