АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ
(Ғылыми-танымдық эссе)
Басы «Жұлдыз» журналының №8 санында
Қытай: «Қытай оқырмандары Абайды тани береді»
Қытай халқы Абайды біле ме? Оның шығармашылығы қытайда қандай деңгейде зерттелген? Міне, осы сұрақтарға тереңірек үңілсек, Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен өмірі қытай әдебиетшілеріне етене таныс екеніне көз жеткіземіз.
Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай Пекинде салтанатты кеш өткізілген. Ал Шыңжаң-Ұйғыр автономиясы өлкесіндегі қоғамдық ғылымдар академиясында «Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны» атты салтанатты жиын ұйымдастырылған. Қытай баспасөзінде ғалымдардың Абай туралы мақалалары жарияланып, өлеңдері қытай тіліне аударылған.
Шыңжаңның қоғамдық академиясында өткен жиынға қатысушылар Абайдың қытай әдебиетіне қосқан ықпалы туралы зор мақтанышпен айтты.
Қытай Халық Республикасында Абай шығармалары ауызша да, жазбаша да тараған.
ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап мектептер Қазақстанда шыққан оқулықтардан Абайды оқып, тани бастаған. 1949 жылдан бастап байланыс терең орныққан. Бұл туралы жоғарыдағы академияның академигі, ұлты да, жаны да қазақ Жақып Мырзахан былай деп жазған екен.
«…Біздің бірнеше буын ақындар мен жазушылар Абай мектебінен өтті. Абай шығармашылығы қазақтар ғана емес, ұйғыр ағайындарға да жақсы таныс. Жақында Деделия Абай өлеңдерін ұйғыр тілінде сөйлетті.
…Біздің елімізді миллиардтар елі деп атайды, ханзу тіліміз бар. Абай осы тілге аударылды. Абайдың аудармашысы Хабай деген әдебиетші екен».
Иә, Пекиндегі ұлттық баспада Абай өлеңдері кітап болып шыққан. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы 1980 жылы жарияланып, кейін төрт том болып қайта жарияланған. Алматыда өткен Абай оқуларына қатысқан қытай әдебиетшісі Су Чжоу Сюнь «Абай және Қытай оқырманы» атты тақырыпта баяндама жасаған. Ол Абай Құнанбаевтың әлемдік деңгейдегі тұлға екенін, Қытай оқырмандары Абай шығармашылығын үш кезеңмен тани бастағанын атап өтеді.
Бірінші кезең Қытай Халық Республикасы құрылуынан басталады. Бұл кезеңде Абайды ең алдымен қытай қазақтары тани бастайды.
Су Чжоу Сюнь Қытай жеріне емін-еркін келіп-кетіп жүрген ілгерідегі қазақтар Шыңжаңға Абай шығармаларын да алып келгенін жазады. Абайдың шәкірті Есет (Әсет – У.Қ.) 1916 жылы отбасымен бірге Тачәк өңіріне тұрақтайды. Жеті жылдан соң Іле жайлауында дүние салады.
ХХ ғасырдың 20-30-жылдары ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен қашқан қазақтар Қытай елін паналайды. Абайдың өлеңдері мен әндері Қытай төріне жетеді. Кеңес одағы мен қытай елінің қарым-қатынасы қалыптасқан тұста Шыңжаң өлкесіне Қазақстан оқулықтары жеткізіледі. Осылайша Абай рухы Қытай жеріне жетеді.
Екінші кезең Қытай Халық Республикасының қалыптасуы мен 1993 жыл аралығын қамтиды.
«ЮНЕСКО шешімімен ұлы Абайдың 150 жылдығын атап өту қажеттігі туралы шешім шығысымен, ұлы ойшылдың шығармашылығын баспадан шығару тағы да қолға алынды», – деп жазады Су Чжоу Сюнь. Бұл ретте бүркеншек атпен жазатын Хабай – профессор Ха Хуаньчжан көп еңбек сіңірді.
Ол бір топ әріптесімен бірге Абай өлеңдерін қытай тіліне аударып, оларды араб графикасына салып, қазақша таратты. Осы мақаладан Хабай лақап атымен белгілі болған профессордың ұшан-теңіз еңбегімен танысуға жол ашылады. Ол 1950 жылы Абайдың «Ескендір» поэмасын қытай тіліне аударған екен.
Ал 1958 жылы Ха- Хуаньчжан – Хабай Абайдың тағы екі поэмасын қытайшаға тәржімелейді.
1982 – 1984 жылдары Синьцзян баспасынан Абай өлеңдері мен қарасөздері басылып шығады.
1993 жылы Пекиндегі Ұлттар баспасында Ха Хуаньчжанның «Абай және оның өлеңдері» атты мақалалары жеке кітап болып шығады.
Хабай (Ха Хуаньчжан) – Қытайдағы абайтану ілімінің бастауында тұрған ғалым және аудармашы, профессор.
«Қытай оқырмандары үшін абайтанудың үшінші кезеңі 1994 жылдан басталады, – деп ой түйеді Су Чжоу Сюнь. – Өйткені ЮНЕСКО-ның XXVII сессиясына қатысқан 180 елдің өкілі 1995 жылды Абай жылы деп жариялады».
Иә, осы сәттен бастап Су Чжоу Сюннің Абай шығармашылығын зерттеу жолы басталады.
Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Қазақстан Жазушылар одағының шақыруымен ол Қазақстанға келіп, абайтанушылармен танысады. Семейге Қарауылға барады. Қазақ мәдениетінің рухы болып қалған Абай басына барып, тәу етеді.
1994 жылды тұтастай қазақ жазушыларының шығармаларын тануға арнайды. Ол 20-дан астам мақала жариялайды. Солардың ішінде «Абай портреті», «Семей туралы очерк», «Абай – Қазақстанның рухани әкесі», «Абай елі туралы жолжазбалар», «Абай, Шәкәрім, Мұхтар», «Шыңғыстаудың үш бәйтерегі», «Шәкәрім – Абайдың адал шәкірті» сынды көпшілік көңілінен шыққан мақалалар болды.
Ол өз досы Ақбалмен бірге Абайдың «Қарасөздерін» қытайша сөйлетеді.
Абай шығармаларының қытай тіліне аударылуы жөнінде тағы бір автор өзіне назар аудартады. Ол – Қытай әдебиетшісі Хуан Жунсен.
«Оның (Абай – У.Қ.) өмірге келуі қазақ даласына ерекше әсер етті. Оның қалдырған мұрасы – қазақтың ғана емес, адамзаттың мұрасына айналды», – деп жазған Хуан Жунсеннің еңбегі «Абай мұрасы – Қытай тілінде» деп аталады. Бұл мақала 2004 жылы «Дәуір» баспасында халықаралық ғылыми-теориялық конференция материалдарында жарияланды. Ол – «Қазақтың бас ақыны» атты халықаралық конференция еді.
Иә, Абай феномені көршілес Қытай халқына да әсер етті. Мұны Хуан Жунсен екі тұрғыда қарастырады.
Біріншісі, «4 мамыр» деген XX ғасырдың басындағы студент-жастардың ішкі және сыртқы қайшылықтарға қарсы ереуілінен бастау алады. Пекин алаңдарына қалыптасқан тәртіпке қарсы, бостандық пен демократияны талап еткен жастардың шығуы себеп болды.
Бұл көтеріліс Қытай қоғамының даму тұжырымдамасын өзгертті. Еуропаның, Ресейдің ішіндегі өзгерістер Қытай жастарына ықпал етпей қоймады. Ал Абай поэмасындағы бостандық пен демократия лаулап жанған оттың ұшқынындай әсер етті. Әрине, Абай бұл кезде Кеңес Одағының бір ақыны ретінде қабылданды.
«Мемлекетімізде бүкіл Қытайды қамтыған экономикалық өзгерістер мәдени салаға да ықпал етпей қойған жоқ, – деп жазады Хуан Жунсен. – Қытайда тұратын өзге ұлттардың тілі мен әдебиетіне, мәдениетіне баса назар аударыла бастады. Қытай қазақтарының аңыздары, ертегілері, батырлық және лирикалық эпостарының үлгілері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер жинала бастады. Кітап болып жарияланды».
1956 жылы 15 тамызда Қытай Халық Республикасының бірінші Мәдениет министрі То Моро Пекиндегі ғылым мен техника сарайында баяндама жасайды. Ол өз сөзінде Абай шығармашылығын насихаттаудағы М.О.Әуезовтің еңбегіне зор баға береді.
ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап Қытай халқы шетел әдебиетін де кеңінен тани бастайды. Бұл абайтанудың екінші кезеңі болмақ.
Үрімшіде Абайды қытай тілінде насихаттау жұмысы бір арнаға түседі.1982 жылы Абай өлеңдері, ал 1987 жылы «Абайдың қарасөздері» қытай тілінде жарияланады. Қытай ғалымдары Абай өлеңдері мен прозалық мұраларын зерттей бастайды. Олар екі ғасыр бұрын өмір сүрген атақты Конфуций ілімі мен Абай философиясындағы ой-толғау үрдістерін көреді. Абай шығармашылығы ғылыми зерттеу объектісіне айналады. Магистрлік, докторлық диссертациялар қорғала бастайды. Мәселен, 2000 жылы Нанжин университетінде Жан деген ғалым-әдебиеттанушы «Абай – қазақ даласының бұлбұлы» атты ғылыми диссертация қорғайды.
«Қытай халқы Абайды қазақ халқы сияқты құрметтейді және поэзиясын қызығушылықпен оқиды, – дейді Хуан Жунсен. – Қытай оқырмандары Абайды тани береді».
Бұл сөзге қосылайық, қолдайық.
Шыңжаң қоғамдық академиясының академигі, белгілі қоғам қайраткері Жақан Мырзаханның «Абайдың тарихи сабақтары» атты мақаласы 2016 жылы Үрімшіде жарияланған болатын. Енді осы мақалада айғақталған ойлы сөздерге көз жүгіртіп көрелік.
«Абай Құнанбаев өзінің поэтикалық талантымен қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге көтерді, – деп жазады Жақан Мырзахан. – Оның «Қарасөздері» өзінің терең философиялық ойларымен Абайды ойшыл ақын дәрежесіне жеткізді. Және оны қазақ халқының көсемі деп бағалауға болады».
Жақан Мырзаханұлы Абайдың 150 жылдық торқалы тойына атақты қытай жазушысы әрі Мәдениет министрінің орынбасары Ши Янбин және әдебиетші Сұлтан Жанболатпен бірге Алматыдағы, Семейдегі салтанатты жиынға қатысады. «Абай және Қытайдағы қазақ әдебиеті» туралы сөз сөйлейді. Сондай-ақ, 1995 жылы Абайдың «Қырық бесінші» қарасөзі туралы мақала жариялайды. Ол қазақтың қайдан шыққандығы жөніндегі Абай пайымдауларына ой жүгіртеді.
1994 жылы Шыңжаң халық баспасы «Мұхтар Әуезовтің абайтану мәселелері» туралы кітап жариялайды. Оны құрастырушы Әбділдәбек Ақыштайұлы болады. Осы зерттеуге Абайдың қарасөздері енеді.
Абайдың «Қырық бесінші» қарасөзін кезінде М.О.Әуезов «Қазақ ұлтының шығуы туралы қысқаша тарихи дерек» деп бағалаған екен.
«Осыған қарағанда М.О.Әуезов осы «Қырық бесінші» қарасөзді терең зерттеу керек деп есептеген сияқты», – деп жазады Жақан Мырзахан.
1995 жылы «Абай. Қарасөздер» кітабы қытай тілінде жарияланады. Оны көрнекті жазушылар Су Чеу Шин мен Акбар Мәжитұлы аударады.
Бұл кітап 45-ші сөзбен аяқталады. 1993 жылы Алматыда шыққан кітапта да 45-ші сөзбен біткен. Қытайда, 1995 жылы «Іле халық баспасында» шыққан «Абай даналығы» кітабында да ол 46-шы сөзді жеке тарихи мақала ретінде қарастырады.
Шындығына келгенде, «Қазақтар – сақ, ғұн, жалпы түркітектес халықтардың тіліне жататын ұлт» деген тұжырымға келген Жақан Мырзахан, бұл ойларды Абайды терең зерттеуші М.О.Әуезовтің «Тарихи очерк» деп бағалаған ойларынан кейін басшылыққа алғанын баяндайды. Сондай-ақ, Абай «Біздің қазақтың ықыласы атасын ғарабтан шықты дегенді, яки бәни Исраилден шықты дегенді ұнатқандай, онысы – әрине тауарихтан хабар тисе, сол жақтан тигендіктен, ислам діні бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, діндестерді жақын көрсеткендіктен һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған іс», – деп жазбай ма?
Зерттеуші осы сөздерді басшылыққа ала отырып, ХІХ ғасырдың биігінен қазақтар өз ұлтының тарихын, шығу тегін білгені дұрыс деп есептегенін айтады. Оны Абайдың өз сөзімен дәйектейді.
«Біздің қазақтың маңғұлдан шықпақтығы бізге ұят емес, бірақ біздің білімсіз-ғылымсыз қалмақтығымыз ұят».
«Абайдың ойынша, адамзат баласы екі жақтан келген, – деп жазады ол. – Бірінші толқын Үндістан жағынан, екінші толқын моңғолдар жағынан».
Жақан Мырзаханның айтуынша, Абай ғұламалығы мынадан көрінеді. Олар тек қана қазақтың тегі емес. Жалпы адамзаттың тегі.
Ғалым Жақан Мырзахан, Еуразия кеңістігіндегі сақтар мен ғұндар тікелей көшпелі еуразиялықтардың тұқымы деген ойға келеді. Бұл ретте көне Қытай жазбаларына сүйенеді.
«Абайдың солтүстік көшпелілері дегені сақтардың еуразиялық келбетіне қарай айтылған болар, олар – Үндістан тарапынан, моңғол түстес ғұндарды Моңғолия жақтан келген билер», – деп ой түйеді Жақан Мырзахан.
Көрнекті академик, ғалым, Абайдың «Қырық бесінші» сөзінің тарихи негізін ала отырып, Абайдың тарихтану мәселесінде ерекше тұлға екенін, бұл арнайы ғылыми зерттеуді қажет ететіндігін алға тартады.
Бүгінгі заманауи технологиялар кезінде, көне жәдігерлерді қайта қарап, оны тәуелсіз Қазақстан мұрағаттарынан қайта зерттеу қажет-ақ.
Демек Абай әлемі кең. Ол – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болатын даналық философиясы.
Түркия: «Абай – бүкіл түркі халықтарының бабасы»
Түркия елі біздің қандас бауырларымыз ғой. Сондықтан да Абай есімі бұл елде өте танымал. Осы ретте түрік мәдениетінің көрнекті өкілі Зия Йылмазер бауырымыздың Анкарада 1995 жылы шыққан «Абай шығармаларының таңдамалысына» жазған кіріспесіне тоқтала кетейін.
«Ұлы Абай – қазіргі қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, ол жазушы, ағартушы, аудармашы және биік деңгейдегі мемлекет қайраткері.
…Абай Шығыс пен Батыс поэзиясынан еркін сусындады. Ол қазақтың өлең құрылысына жаңа форма алып келді. Ғылым мен техниканың орнын поэзиясына арқау етті». Түркияның мемлекет және қоғам қайраткері Намық Кемал Зайбек: «Абай – қазақтардың ғана емес, бүкіл түркі халықтарының бабасы», – деп ұлы ақынға деген құрметін білдіреді.
«Біздің елімізде бұрын Абайды жақсы білмейтін, – дейді ол. – Бірақ 1994 жылдан бастап Абайды мектеп оқулықтарына енгіздік. Ересектер үшін симпозиумдар, басқа да іс-шаралар өткізіп, ұлы Абай мұрасын насихаттай бастадық. Телевизиядан хабарлар берілді, арнайы пошта маркасы шығарылып, лоторея ойнатылды. Мұның бәрі Абай шығармашылығын насихаттауға бағытталды».
Ол Абайды таныған ұлт өседі, білім мен ғылымға жетеді, әлемде тыныштық пен бейбітшілік орнайды деп ой түйеді.
«Біз былай деп есептейміз, – дейді Намық Кемал Зайбек. – Абай қазаққа керек. Абай ислам әлемі үшін керек. Абай адамзатқа керек!»
«Ясауи мен Абай бізді қолдасын!». Алматыда өткен «Қазақтың бас ақыны» атты халықаралық жиында түркияның әдебиетшісі Танер Себен Абайға жүрекжарды сөз арнады. Назар салып көрелік.
«Анкараның Каваклыдере ауданының көрнекті көшесінің біріне Абай есімі берілді. Ыстанбұлда Абай атындағы лицей бар. Бұл Түркияның Абайға деген ұлы құрметі. Ыстанбұлдық қазақтар жиі қоныстанған көрікті Зейтинбурн ауданында Абай ескерткіші бой көтерді».
Иә, Түркия елінде Абай ілімі жоғары құрметке ие.
2006 жылы белгілі түрік оқымыстысы Али Аббас Чинардың «Қазақ мәдениеті және әдебиеті» атты монографиясы жарық көрді. Сондағы «Абайдың философиялық әлемі» атты мақаланы ерекше атап өтер едім.
Али Аббас Чинар Абайды талантты ақын ғана емес, сол ғасырдың қазақ әдебиеті мен қазақ халқы тарихының білгірі деп есептейді. Ол ескі және жаңа әдебиеттің синтезін жасап, классикалық қазақ поэтикасына түр мен түс алып келген жаңашыл ақын деп есептейді.
Зерттеуші Абайдың француз, ағылшын, неміс лирикасын терең зерттегенін айта отырып, орыс мәдениеті арқылы Еуропа, Батыс әдебиетіне жол ашылғанын атап өтеді.
«Абай өзінің көркемдік әлемін қалыптастыра отырып, өз халқының да көзі ашық, көкірегі ояу ұлтқа айналуын армандайды. Халық тағдыры оны қатты алаңдатты. Жүрегі қан жылап, жансебіл жыр жолына айналды», – деп төмендегі мысалды келтіреді.
Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.
Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың,
Көрсеқызар келеді байлауы жоқ.
Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың,
Бас-басына би болған өңкей қиқым.
Осы сөздерді жаза отырып Абай баба не ойлады? Алдына қандай мақсат қойды? Али Аббас Чинар оны былай түсіндіреді: «Абай өз халқын ерекше сүйеді. Бірақ олардың басы бірікпес мінезін сынға алады. Әкесінің баласына айтқан назы секілді, ол өз халқын сынай отырып, бірлікке шақырады».
Али Аббас Чинар Абай шығармашылығын екі кезеңге бөліп қарайды.
Біріншісі, шәкірттік пен 1881 жыл болса, екіншісі осы жылдан басталады.
Осы кезеңде Абай ұлттық бірегейліктің тіні – тіл екенін ұғынады. Сөз қадірін білген адам – Абай ұғымында зерделі адам, ойлы адам. Қоғам дамуын сезіне алатын адам. Осы ойларға жүгіне отырып, Али Аббас Чинар Абайдың «Сегізаяқ» өлеңімен мысалдар келтіреді.
Білгенге маржан,
Білмеске арзан,
Надандар бәһра ала алмас.
Қиналма бекер, тіл мен жақ,
Көңілсіз құлақ – ойға олақ.
Ақын еңбек адамының басты қасиеті болуға тиіс деп есептейді. Өтірік, өсек, ұрлық, доспен жанжалдасу – адами қасиет емес.
Ғылымды іздеп,
Дүниені көздеп,
Екі жаққа үңілдім.
Құлағын салмас,
Тіліңді алмас,
Көп наданнан түңілдім.
Абай өзінің бүкіл ғұмырын өз халқын ағартуға арнады, білім-ғылымға шақырды. Осы ойлар Абайды кейде пессимистік күйзеліске түсіреді. Қанша тырысса да, халық ол жолға түсе алмайды. Тастың өзі үн шығарады, бірақ халықта үн жоқ. Неге?
Жартасқа бардым,
Күнде айғай салдым,
Онан да шықты жаңғырық.
Естісем үнін,
Білсем деп жөнін,
Көп іздедім қаңғырып.
Баяғы жартас – бір жартас,
Қаңқ етер, түкті байқамас.
Абай жалғыз жолаушы сияқты. Оны халық түсіне алмайды. Сондықтан да жаны жабырқау, ой жегідей жейді.
Атадан алтау,
Анадан төртеу,
Жалғыздық көрер жерім жоқ.
Ағайын бек көп,
Айтамын ептеп,
Сөзімді ұғар елім жоқ.
Моласындай бақсының
Жалғыз қалдым – тап шыным!
Али Аббас Чинар: «Абай өз халқының ұлы болғандықтан, бәрін жүрегімен елейді. Көңілдегі ой, кестелі сөз халықты оятуға, білім-ғылымға ұмтылуға арналады», – дейді.
Ол Абайды қазақтың ойшыл, дана ақыны ғана емес, бүкіл түркі әлемінің жарық жұлдызы деп бағалап, ұлы тұлғалар санатына жатқызады.
2007 жылы «SDU Buletin» журналының бірінші санында белгілі қайраткер Халдун Вуралдың «Абай және оның Батыс әдебиетімен байланысы» деген мақаласы жарық көрді.
Ол Абайдың туған кезеңін, өмір сүрген жолын сараптай отырып, медресе, сонан соң Приходская школада оқып, білім мен ғылымға бой ұрғанын айта келіп, әкесі арқылы қазақ даласының ақын, сал-серілерімен танысып, көп нәрсені ойға тоқығанын және өз бетімен Батыс пен Шығыстың философиясына ден қойғанын атап өтеді.
«Абай – әлем әдебиетін оқыды, зерттеді, – дейді ол. – Абай орыстың классикалық ақындары мен жазушыларының шығармашылығымен таныс болды. Пушкин, Лермонтов, Л.Толстой шығармаларына ден қойды. Байрон, Гете, Дюма, сондай-ақ Рабиндранат Тагорды оқыды».
Ақын, ұлы ақын ретінде Абай әлемді таныды, жүрегіне тоқыды, поэзиясынан жан дүниесі мен идеялары көркем бейнеге ұласты.
Абай үшін ең ұлы тұлға – адам. Оның сезімі, көңіл күйі, рухы, тәні мен жаны, кісілігі мен келбеті, ойы мен мақсаты.
Қазақ халқы Абайды қадірледі, құрметтеді. Сондықтан да Абай деп атады.
Абай – қазақ әдебиетіндегі нағыз трагедиялық ақын. Өз заманы ақынды түсінбеді.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Өз мақаласында Али Аббас Чинар: «Абай – классик ақын, оның поэзиясы – шыншыл», – дейді.
Дәл айтылған сөз!
2010 жылы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Тәуелсіздік және абайтану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізген болатын. Сонда белгілі әдебиеттанушы Кадыр Четин құттықтау сөз сөйледі.
Ол Абайдың қарасөздері Қазақстанда тәуелсіздік идеясының қайнар көзі болғанын қуана жеткізеді.
… «Қазақтардың тәуелсіздікке барар жолында маңызды табыстарының бірі Абай тарапынан қаланғанын көрдім, – дейді олі. – Абай тәуелсіздіктің басты элементтеріне тоқталған, оған терең бойлаған және бүгінгі күнге дейін бізге жетуіне себепкер болған. Бұл тәуелсіз элементтері не дейсіз ғой?
Ең алдымен тәуелсіздік қайдан пайда болады? Тәуелсіздік бір мәдениеттен пайда болады.
Абай – ұлы кемеңгер, ақын, жазушы, білімді адам.
Оның өлеңдерінің бірінде:
Махаббатпен жаратқан адамзатты
Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті.
… Абай тәуелсіздікке апарар жолды әу баста-ақ көрсеткен.
… Абай – қазақтардың рухын жалғастырушы білімді адам».
Сонымен, Түркия қазақ ақыны Абайды адамзаттың Абайы деп танитын оқымыстылар сөзімен жеткізіп отыр. Демек, Абай поэзиясы әлем төрінде тұр деп білеміз.
***
Өзбекстан: «Абай – адам рухының елшісі»
1961 жылы Ташкентте «Абай Құнанбаевтың таңдамалы шығармалары» кітабы шықты. Осы кітаптың кіріспесін Өзбекстанның белгілі ақыны, қазақ әдебиетінің үлкен жанашыры Носир Фозилов жазды.
Ол Абайдың бала кезінен оқуға, білімге, білмекке құмарлығын атап өтеді. «Сондай-ақ ол Шығыс әдебиетіне ерекше ден қояды. Науаи, Саади, Хафиз, Физули сынды адамдар оның сүйікті ақындарына айналады, – деп жазады ол. – Медреседе оқып жүрген кезінде Абай:
Физули, Шәмси, Сәйхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси.
Хожа Хафиз – бу һәммәси,
Мәдәт бере шағири фәрияд, – деп Шығыстың ұлы шайырларына бас иіп, солар секілді аты өшпес ақын болғысы келеді».
Носир Фозилов Абай әкесімен бірге елді аралап жүріп өмірдің әділетсіздігін көріп, бай мен кедейлердің тұрмысын көріп, көзі, жүрегі, сезімі басқа арнаға бұрылғанын атап өтеді. Өмір тіршілігін көре отырып, Абай өз халқын сүюді үйренеді.
1880 жылдары Н.Фозиловтың пікірінше, Абай Семей жаққа жер аударылған саяси тұлғалар Михаэлиспен таныс-біліс болады. Сол жер аударылғандардың ішінде Буташевич, Петрошевский, Дуров, Чернышевский сынды ақын-жазушылармен пікірлесуге Абай ақын мүмкіндік алады.
Саяси тұтқындардың бірі А.Леонтьев Абаймен кездескен сәтін былай деп еске алыпты.
«Мен қырғыздың (қазақтың – У.Қ.) ақсақалын жақсы білемін. Ол – Ибрагим Құнанбаев. Ол кітапханаға барып Дрэпер мен Милльді оқиды. Бірінші кездесуімізде ол менен индукция мен дедукцияның айырмашылығын сұрады. Кейін Абайдың орысша аударылған ағылшын философтарының шығармаларын құмарта оқығанын байқадым. Бірде онымен Дрэпердің «Ой дамуының тарихы» атты еңбегі туралы бір кеш бойы әңгімелестім. Ол бұл пән туралы кең мағлұматы бар екенін көрсетті.
Иә, еркін ойлы Абай үшін бұл кездесулер мен пікірлесулер оның өрісін өсірді. Саяси-рухани көзқарасының қалыптасуына ықпал етті. Тіпті 1886 жылы уезд басшысы Новорицкий ақынның үйін тінткізеді. Бірақ ештеңе таба алмаса керек.
Абай үшін азамат болу – парыз. Өзбек әдебиет зерттеушісінің пікірінше, «Абай өз заманының жыршысы болды. Өз халқының үніне, тіліне айналды.
Ақын өткен күндерден емес, болашақ күндерге үміт артады.
Носир Фозилов Абайдың қазақ әдеби өлең құрылысына сегіз және алты жолдың рифмалар енгізгенін атап өтеді.
«Абай – соңына өлмес мұра қалдырды, – дейді ол. –
Өлең – сөздің патшасы – сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, – деген сөздер арқылы жүрегінде оты бар жастарға жақсылық жолын көрсетіп кетті».
Әрине, мұндай сөздер жүрекке жылы тиетіні рас қой.
Өзбекстанда тұратын өзі де, сөзі де қазақ Қалдыбек Сейданов бауырымыздың Абай шығармашылығы туралы зерттеуі туралы айтпай кетуге болмайды.
2015 жылы Ташкентте «Абай әлемі» атты жинақ жарық көрді. Сол кітапқа Қалдыбек Сейданов ағамыздың «Абай және өзбек әдебиеті» деген көлемді мақаласы кірді.
Ол Абай мұрасы қазақ – өзбек әдебиетінің өзара байланысының жарқын көрінісі екеніне назар аударады. Осы мақаладан өзбек әдебиетіндегі Абайдың орны туралы тың, жаңа деректер табасың.
ХХ ғасырдың 20-жылдары Абай өлеңдері өзбек қауымы арасында кеңінен танымал бола бастайды. Туысқан қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев өлеңдері өзбек оқырмандарының жан дүниесін байытады. Қазақ мәдениетінің алтын жұлдызы өзбек ішінде тез тарай бастайды.
1921 жылы қазақша шығатын «Ақжол» газетінде Абайдың «Тұлпардан тұғыр озбас шабылса да» өлеңі, өзбектің «Инкилоб» журналының 1922 жылғы 3-нөмірінде «Ақын. Кейде өсер көңіл құрғырың» атты өлеңдері жарияланады.
ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Абай есімі өзбек елінде кеңінен танымал бола бастайды. 1930 жылы «Қызыл Өзбекстан» газетінде ұлы Абайдың дүниеден өткеніне 30 жыл өтуіне байланысты Абай шығармашылығы туралы көлемді мақала жарияланады.
«Білім» деген оқулыққа Абайдың «Күз», «Жаз», «»Шырылдауық шегіртке» сияқты өлеңдері енеді. 1935 жылы «Совет әдебиеті» журналында Елтоқ Ділмұхамедовтің «Қазақ халқының ұлы ақыны» деген мақаласы жарық көреді.
Өткен ғасырдың 40-шы жылдары Абай есімі Өзбекстанда ұлықтана түседі. 1945 жылы таңдамалы Абай шығармалары өзбек тілінде кітап болып басылады.
Профессор Әбдірахман Сағди 1945 жылы «Қазақ ақыны Абай және оның шығармалары», Міртемірдің «Ұлы ақын», ғалым-драматург Мақсұд Шайхзаденің, филология ғылымдарының докторы, профессор Н.М.Малаевтың мақалалары жарық көреді.
Сол ғасырдың 50-60-шы жылдары өзбек ғалымдары, қайраткерлері, ақын-жазушылары Абай шығармаларын үзбей аудара бастайды.
Қазақ әдебиетінің классигі, атақты жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының өзбек тіліне аударылуы өзбек оқырмандарын ерекше қуанышқа бөлейді. Оны өзбек тіліне аударған көрнекті әдебиетші Зумрад болатын.
1961-1963 жылдары Абай ақынның өлеңдері таңдамалы кітап ретінде екі рет басылып шығады.
Өзбек оқырмандары 1970 жылы Ғафур Ғұлам атындағы Көркем әдебиет баспасы шығарған «Абай өлеңдері мен поэмалары» атты кітапты үлкен әдеби жаңалық ретінде қабылдады. Оған Абайдың «Масхұт», «Ескендір», «Әзім әңгімесі» атты поэмалары енді. Оларды өзбектің көрнекті ақындары Ұйғұн, Міртемір, Асхад, Мұхтар, Сұлтан Ақбари, Жұманияз Жаббаров тәржімелейді. Осылай Абай өлеңдері өзбек халқына бұрынғыдан да таныла түседі.
1971 жылдың 31 мамырында Ташкентте, Науаи атындағы Опера және балет театрында Абай ақынның туғанына 125 жыл толуына орай салтанатты кеш өтеді. Опера театрының сахнасында Абай өлеңдері оқылып, өзбек әншілері Абайдың әндерін орындайды.
Академик Вахид Захидов, профессор Лазиз Каюмов сынды атақты өзбек ғалымдары Абай ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы сөз сөйлейді.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың туғанына 130, 140, 150 жыл толуына орай өзбек жерінде салтанатты жиындар өтіп, Абай өлеңдері оқылып, Абай әндері шырқалады. Ондаған мақала жарияланады.
Хакім Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай өзбек ағайындар үлкен мәдени шаралар өткізіп бізді және қуантты.
«Абай поэзиясы екі әдебиетті жақындатып ғана қоймайды, – деп жазады Қалдыбек Сейданов. – Абай шығармашылығы жарқын құбылыс ретінде қазақ-өзбек халықтарының бауырластығын нығайта түседі».
«Абай әлемі» кітабына енген құнды мақалалардың бірі «Абай әлемі» деп аталады. Авторы – белгілі өзбек әдебиет зерттеушісі Абдолла Рүстемов.
«Әр халықтың өзінің ұлы перзенттері, ұлы тұлғалары болады, – деп жазады Абдолла Рустемов. – Олар өз халқының тағдырын бөліседі, атқарған қызметімен ұрпақтың санасында қалады. Ұлы адамдардың өмірі ұлтқа қызмет етуімен бағаланады». Абдолла Рүстемов өткен тарихқа көз жүгірте отырып, Абу Али ибн Сина, Әл-Бухариді, Мырза Ұлықбекті, Бабырды, Әлішер Науаиді еске алады.
Осы тарихи алтын жұлдызды адамдардың санатына Абай Құнанбаевты қосады.
«Абай» қазақтың ұлы ақыны ғана емес, ол – ұлт ақыны, – дейді ол. – Оның өлеңдері ешқашан құнын жоймайды. Абайдың қарасөздері көпке таныс. Ол туған жердің толғауы, халыққа қалдырған асыл мұра».
Абдулла Рүстемов: «Абай – адам рухының елшісі, – дейді. – Оның өлеңдерінен сан алуан өмір сұрақтарына жауап таба аласың. Ол ақынның қиялын оятып, биік арманға жетелейді. Шындық сөз – жүрекке жылу, тарыққанға жол, адасқанға үміт береді».
Ол Абай өлеңдерінің құдіретін ерекше бағалайды. Өз ұлтының дербес өмірін айта отырып, ақын адамзатқа ой салады. Ол бір ұлттың шеңберінен шығып, өзі хакімдікке жетеді. Міне, осы ойларды оқығанда өзбек әдебиетшісі Абдолла Рүстемовке деген құрметің артады. Ол: «Абай өмірі – ерлік өмір», – дейді. Шынында, Абай қайталанбас тұлға, құйрықты жұлдыз сияқты адамзаттың рухани кеңістігінде жарқырап жанып тұр. Мәңгілікке жана береді.
(Жалғасы бар)
УӘЛИХАН ҚАЛИЖАНОВ