ЖАС ЖАЗУШЫЛАРҒА
«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің бүгінгі қонағы – орыс және кеңес әдебиетінің көрнекті өкілі, прозаик, драматург Алексей Николаевич Толстой. Жалпы, Толстойлар әулетінен шыққан қаламгерлер көп, олардың санын кейбір зерттеушілер 16-ға дейін жеткізеді, арасында Левтің туған ағасы Николай мен баласы Лев Львович та бар. Кейінгісін замандастары Тигр Тигрович деп келекелейді екен, бәрібір әкесінің деңгейіне жете алмайды, әдебиетке араласпай-ақ жайына жүрсе қайтеді деп жақтырмаған шығар. Қаламгер Толстойлардың арасынан оқырмандар негізінен үшеуін — Лев Толстой мен екі Алексейді ғана біледі. Алексей Константинович Толстой ХІХ ғасырда өмір сүрген, тарихи романдар мен пьесалар жазған, орыс әдебиетінде өзіндік із қалдырған жазушы. Ал Алексей Николаевич Толстой 1883 жылы туып, 1945 жылы дүние салған. «Бірінші Петр», «Азапты сапар» эпопеялары мен басқа да ірілі-ұсақты прозалық шығармалардың, көптеген пьесалардың авторы. Бір қызығы, кеңестік кездегі замандастары оны ақсүйектер әулетінен шыққандықтан «қызыл граф» деп атап кетіпті.
Жақсы жазған кезде әрқайсымыз да қалаған нәрсемізді жазамыз. Мен мұның астын сызып көрсетіп тұрмын. Өнер туындысы адамның бірдеңе жазуым керек, жазуға тиіспін деп ойлауынан емес, сол бірдеңені өмірге әкелсем, жазсам деген құлшынысынан туады. Өнер мен ғылымның арасындағы айырмашылық осы. Ғылым – зерттеу, тәжірибе, көптеген тәжірибелердің жиынтығы, идея, жаңалық. Өнер – образдар мен алуан қилы сезімдер арқылы жеткізілген жеке бастың өмір тәжірибесі, жеке адамның өмірінен алынған, бірақ жалпыға ортақ жәйттерге негізделген хикая.
Қай-қайсымыздың да тәжірибемізге сүйенсек, жазу үрдісі дегеніміз – жеңу, игеру. Материалды игерсең, өзіңді жеңгенің.
Жазу барысында алдыңыздан толып жатқан кедергілер шығады, солардың бәрінен өту керек. Бұл өте қиын. Жазу ешқашан оңай болған емес, ештеңе де «қаламның ұшынан сауылдап түсе қалмайды». Жазу әрқашан қиын, бірақ неғұрлым қиынырақ болса нәтижесі соғұрлым жақсы болып шығады.
Осы кедергілерден қалай өтуге болады? Бұл жерде бір нәрсені ғана анық айта аламыз: ықтимал көркемдік шешімдердің арасынан өзіңіз үшін неғұрлым қызықты, неғұрлым тартымдысын таңдағаныңыз жөн.
Басқаша айтқанда, қолға алған көркем шығармаңызды өзіңіздің қаншалықты жақтырмайтындығыңызбен тексеруге болады: соны жазу өзіңізге ұнай ма, жоқ па? Егер ұнамаса, жалығатын болсаңыз – жазбаңыз, бәрібір жалған болып шығады. Өзіңіз үшін тартымды, жаныңызға жағатын нәрсені ғана жазыңыз.
Мұны айтып тұрған себебім, тәжірибесіз жас жазушылар көбінесе шығарма жазу үшін әлгі кедергілерден өтуді суқаны сүймей тұрса да еш құлшыныссыз тұқшыңдай береді. Ондай кедергілерден жиіркене аттамай, самғап өту керек.
Бағдар тұтатын темірқазығыңыз мынау болсын: өнер – образдар жасау үрдісі, жұмыс барысы суреткердің өзі үшін тартымды болуға тиіс, тартымдылығы соншалық, тіптен оқырманның оқуға қызығуынан да қызықтырақ болуы керек. Кейде жазушы шығармасын қызығушылықпен жазады, бірақ оқырман селт етпейді. Бұл тек жазушының ойын жеткізу тәжірибесі жоқтығын білдіреді, дегенмен бағыты дұрыс.
Ғылым тәрізді өнер де — өмірді тану. Ғылым тәжірибе жасау арқылы (ғалымның идеясы бойынша) ақиқатқа көз жеткізеді. Тәжірибе неғұрлым көп жасалып, фактілер мол жиналса, ғылыми тұжырым соғұрлым дәл болады. Егер қандай да бір ғылыми зерттеу барысында тәжірибе мен фактілер неғұрлым мол жиналса, онда ғылыми тұжырым абсолют дәлдікке жақындай түседі.
Ал өнер туындысын кемелдікке жеткізу үшін тәжірибенің көп жасалуы міндетті емес. Өнер жалпыға тән (характерлік) фактілерді іздеуді мақсат етеді… Бір адамды кездестіріп, әңгімелестіңіз делік, кенеттен сол адамды негізге ала отырып дәуірге тән типтік кейіпкер жасауға болатынын ұғасыз. Ондай болуы мүмкін бе? Әбден мүмкін.
Өнер, тағы да қайталаймын, тәжірибені көп жасауға емес (ғылыммен салыстырғанда), суреткердің өз-өзіне сенімділігіне, тіптен «озбырлыққа салынуына» негізделеді, сонда ғана дәуірге тән жалпыландыруға қол жеткізе аласыз. Достоевский жан жылуынан жұрдай, ішкі әлемі қаңырап қалған боскеуделер типіне жататын, отансыз, құдайсыз (…) Николай Ставрогиннің бейнесін сомдағанда – бұған сенімім кәміл — қойын дәптеріндегі жазбаларға емес, өзінің ішкі сеніміне сүйенген болса керек.
Мен бұл жерде өмірді бақылаудың керегі жоқ, қойын дәптерге ештеңе жазбаңыз деп тұрған жоқпын. Мен тек жайбарақат бақылап қана қоймай (фактілерді тіркеумен шектелмей), өмірден өзіңіз жалпыландыруға лайық деп тапқан прототиптерді іздеуіңіз керектігін айтпақпын.
Бәлкім менен: қандай да бір адамды бақылаған кезде дәуірге тән типтік бейнені жасауға қажетті материалды нақ осы кісіден аламын деп ұйғарғанда не нәрсеге сүйендіңіз деп сұрарсыз. Шынымды айтсам, білмеймін. Қателесуіңіз де мүмкін. Байқап көріңіз. Суреткердің психологиялық, ақыл-парасат тұрғысындағы және эмоциялық құралдары әлі зерттелген жоқ. Күндердің күнінде оны да зерттейтін шығар. Батыл болыңыз және өз-өзіңізге деген сеніміңізге селкеу түспесін. Бақылағандарыңыз бен түйсінгеніңізге қарап, дәл қазір дәуірге тән типтік бейне жасап жатырмын деп ойлауыңыз мүмкін. Соны жасау барысында ешкімді алдамасаңыз, бұра тартпасаңыз және өзіңізді қанат біткендей сезінсеңіз – 100 жағдайдың 99-ында сізді шығармашылық табыс күтіп тұр.
Ал өзгелер салып кеткен жолдан шықпай, жан-жақтағылардың бәріне жымиып, қылымсып-тәлімсіп, өзгенің бөркін өзіңізге өлшеп, ыстық-суықтан қашып, жұрттың айтқанын тыңдап жүре берсеңіз – бұл өнер емес, кәсіп болып шығады, кәсіп болғанда нағыз зиянды әрі арсыз кәсіп.
Суреткер батыл, арманшыл, идеясына адал болуы керек. Қателесуден қорықпаңыз. Қателесу – ұлы туындыға барар жолда міндетті түрде кездесетін тәжірибе.
…Араларыңызда қарт жазушының жүріп өткен жолына қызығушылық танытатындар да бар шығар.
Сол себепті өзім туралы аз-кем айта кетейін. Бір кездегі күдік-күмәнім, оңбай жығылғаным, түңілгенім, өз-өзіме риза болғаным, тағысын-тағылар туралы.
Мен 15-16 жасқа келгенде өлең жаза бастадым. Нашар өлеңдер. 1905 жылғы революция кезінде төңкерісшіл өлеңдер жаздым, олардың да оңып тұрғаны шамалы. Ол кезде жазушы болсам деген ой басыма келе қоймаған.
Бірақ шығармашылық үрдіс мен үшін әрқашан тартымды болатын: алдымда дәптер мен қалам, сия тұр. Бірдеңенің шеті көрінетіндей, міне-міне, енді жақын қалды, бірақ әлі шығатын емес. Сезіміңді, есіңдегілерді, ойларыңды қағазға түсіре бастағанда бәрінің бояуы оңып сала береді.
Бұл едәуір ұзаққа созылды. Қырымда жүргенімде бір ақын француз тіліндегі прозалық шығарманы аударған екен, соны оқып берді. Мен ондағы образдардың жарқындығы мен айқындығына таң қалдым. Сол сияқты жазғым келді. Сөйтіп еліктеуден бастадым, қандай да бір жолды таңдап, әлдебір сүрлеуге түспек болдым, шығармашылық күш-қуатымды сол соқпақпен болашаққа аттандырмақпын. Бірақ бұл менің емес, бөтен біреудің жолы болатын.
Сезімдерім, есімдегілер, ойларым түгел әлгі жолға түсіп, тартып кетті. Жарты жылдан кейін ғана өз тақырыбымды тапқандай болдым. Бұл менің заманы өткен, кедейшілікке ұшырап, азып-тоза бастаған ақсүйектер туралы анамның, туыстарымның айтқан әңгімелері болатын. Ақылға сыйымсыз аңғал да жарқын адамдар әлемі. Капитализм 1909-1910 жылдары әлі дендеп ене қоймаса да аузын арандай ашып келіп қалған, соғыстың қарсаңы, Ресей жартылай отаршы елге айнала бастаған – таяудағы тарих қой – өтіп бара жатқан крепостнойлық дәуірге тән типтер деуге болатын әлгі алаңғасарлар бар кейпімен көз алдымда тұра қалды. Бұл нағыз көркемдік табыс болатын.
«Еділдің арғы жағы» («Заволжье») деп аталатын алғашқы кітабым солай өмірге келді. Баспасөзде мен туралы жаза бастады. Өзімді жазушымын деп есептейтін болдым. Шын мәнісінде түк білмейтін дилетант едім. Орыстың тілін де, әдебиетін де, философиясын да, тарихты да білмейтінмін. Өзімнің мүмкіндіктерім де беймәлім, өмірді қалай бақылауға болатынынан мүлдем хабарым жоқ.
Ақталу үшін бір ғана жәйтті айта аламын: соның бәрін түсінетінмін және салдары қандай ауыр болатынын сезетінмін. Салдары сол – одан кейінгі әдеби тәжірибелерім осы алғашқы «жетістігімнен» әлдеқайда төмен болып шықты.
«Еділдің арғы жағы» кітабымнан кейін әбігерленіп кеттім – тақырып іздеп, өз стилімді қалыптастырмақ болдым, өмірді бақылауға тырыстым, бірақ бақылау жемісті болуы үшін менде тәжірибе де, керекті құралдар да жоқ болатын.
Солардың нәтижесі ретінде бірнеше сылбырлау әңгіме жаздым. Өткенді еске алып болдым («Еділдің арғы жағынан» басқа «Ақсақ қожайын» («Хромой барин») және «Алаңғасарлар» («Чудаки») деп аталатын екі роман жазғанмын), қазіргі заманды әлі сезіне қойған жоқпын, оны бейнелеу қолымнан келмейтін.
Шарасыздыққа тап болғанымды сезіп жүрдім. Жағдайды түзеу үшін неден бастауым керектігін білмедім. Сол бір бұлыңғырлау кезде (1911-12жж.) тақырыптық, идеялық тұрғыдан ақыл-кеңес беретін ешкім болған жоқ.
Біздің, сол кездегі жас жазушылардың қалыптасу кезеңіміз сұрапыл реакция мен зиялы қауымның азғындай бастаған кезіне сәйкес келген.
Соғыс басталды. Адамзат әлемі қопарылып түсті. Толқын ағызып әкеткен ағаштың жаңқалары секілді шашылып қалдық. Әдеби салондардан басқа ештеңе көрмеген жас жазушылар кенеттен халықтың буырқанысы мен ашу-ызасының қайнаған қазанынан бір-ақ шықты.
Біздің, ішінара, өзімнің жазушылық мектебім солай басталды. Нағыз өмірді енді көрдім, бұрынғыдай терезеден бақылап отырмаймын, дулы тіршіліктің ең қызулы жерінде жүрмін, енді шынайы өмірдің кесек-кесек қатпарларын өнер туындысына айналдыру үшін қажетті құрал табу мәселесі туындады.
Бұл құрал, сонымен қатар, өзімнің де қалыптасуыма септігін тигізетіндей болуға тиіс, өйткені өнер туындысын өмірге әкелу үрдісі әрқашан қосарлы түрде жүреді. Өнері өрге басқан сайын суреткердің өзі де өсе түседі. Ал оның өнері өзі бейнелеген халықтың өркендеуімен бірге өрлей береді. Суреткер өз кейіпкерлерімен бірге дамиды.
Сонда бұл қандай құрал? Менің жағдайымда, ол – өз халқыңның сөйлейтін тілі.
Орыс тілін білмейтінімді алғаш рет сонда түсіндім. Неге олай емес, былай жазамын? Ана сөзді емес, мына сөзді неге қолдандым? Тілдің заңдары қандай өзі? Не нәрсеге сүйеніп анықтаймыз оны? Әсемдікке ме? Бірақ бір ғана әсемдікпен өмірді суреттей алмайсың. Эстетикалық талғам – бос сөз, өйткені ол шындықтан ада, халықтың өмірінен, оның тарихынан алыс жатады.
Енді мен орыстың халық тілін ертегілер, әндер, «Сөздер мен істер» деп аталатын ХҮІІ ғасырдағы сот актілерінің жазбалары, әулие Аввакумның шығармалары арқылы зерттей бастадым. Өмірдің өзінен тыңдауға кірістім. Біртіндеп тілдің құпиясы неде екенін түсіне бастадым.
Француз символистері ойды бір ғана сөзбен жеткізуге болады, тек сол сөзді таба білу керек дейтін.
Суреткер сол бір ғана сөзбен, тұтас ұғымды білдіретін жалғыз-ақ сөзбен жұмыс істеуге тиіс. Алмас тіл деген осы – жазушы әлгіндей толыққанды сөздерден тұратын алмас тілді меңгеруге ұмтылуы керек.
Алмас тілге қалай қол жеткізуге болады? Қалай табамыз оны? Ондай тілде ешқандай заңдылық жоқ. Грамматикасы болмайды, оны жасап шығару мүмкін емес.
Бірақ алмас тілдің өзі бар.
Адамның тілі аса күрделі рухани және тәни үрдістің нәтижесі. Адамның миы мен денесінде алуан түрлі эмоциялар, сезімдер, идеялар жүріп жатады және соған ілесіп дене мүшелері қимылдайды. Сөйлеген кезде адамның бет-жүзі құбылып, қолы қозғалады. Мұны тым дөрекі қабылдамаңыз. Кейде сол қимылдар жасалмауы да мүмкін, олай болса бұл – әлгі қимылдың жүзеге аспауы немесе соны жасасам деген тілек қана. Суреткер адам жанындағы қозғалыстың заңды жалғасы ретіндегі сондай қимылдарды алдын-ала біліп отыруға тиіс.
Қимылдан кейін сөз жүреді. Кейіпкердің не айтатыны қимылынан туындайды. Егер сіз, жазушы, өзіңіз сипаттап отырған кейіпкердің қазір қандай қимыл жасайтынын алдын-ала сезіп, тап басып танысаңыз (бұл жерде міндетті шарт — кейіпкерді өзіңіз анық көріп тұруыңыз керек), онда әлгі қимылдан кейін айтылатын сөйлемдегі әр сөз өзіне тиесілі орында тұрады және сол сөздердің бәрі, айтқан кездегі екпін түгелдей кейіпкердің қимылын толықтырып, оның сол сәттегі жан құбылысына сай келетін болады.
Бұдан шығатын қорытынды – біріншіден, сіз, жазушы, әрқашан қиялыңыздағы бейнелерді көзіңізге елестете білуге тиіссіз, өзіңіз бейнелеп отырған оқиғаны көре алатындай болуды үйреніңіз. Қиялыңыздағы оқиғаны неғұрлым анық көретін болсаңыз, шығармаңыздың тілі соғұрлым дәл де шынайы болады.
Алмас тілге жетудің жолы осы. Бұл – халықтың ауыз әдебиетінің тілі, көре білетін, сезе білетін суреткердің тілі.
Екіншіден, халықтың тілі, алмас тіл әрқашан толыққанды қимылды, айқын да анық қимылды бейнелейді. Өнерде болжамдап қана бейнелеуге, бұлыңғырлыққа, шала-шарпылыққа жол жоқ…
Тілдің өзі әр мезеттегі құбылысты бейнелеу арқылы түзіледі, типтендірілген адамның сезімі типтік жағдайда мейлінше ширығып, белгілі бір сөйлемнің ырғағынан көрініс табатын бір ғана қимыл жасайды (болжам арқылы болса да).
Тілдің өзі өмірдің әлеуметтік түп-негізінен бастау алып, тіршіліктің қатпар-қатпар қабаттарынан тамыр тартып жататына осылай көз жеткіземіз.
Ондай тілді қайдан естуге болады? Оны көру керек. Жазушы өзі сипаттап отырған болмысты ішкі көзімен көре білуді үйренгенде ғана көркем шығарманы дүниеге әкеле алады, бұл – жазушы үшін заң.
Демек көре білу қабілетін қалыптастыру керек. Осы тұрғыда жұмыс істеңіз.
Қалай? Айналадағы өмірді бақылаңыз, адамдармен қарым-қатынас жасаңыз, ойланыңыз, оқыңыз, танымыңызды кеңейтіңіз. Өмірге белсене араласып кетіңіз. Жалпы, жазушының жұмысы шаш-етектен. Жазу деген оңай емес.
Айналадағы өмірді бақылай білуді үйреніңіз. Және бұл өзіңізге ұнайтын болсын. Үнемі, әр уақытта, үздіксіз бақылай беріңіз, жалпыландыруды үйреніңіз, адамның іс-қимылы мен сөзіне қарап өткені мен бүгінін біле алатындай болуыңыз керек.
Сонда ғана суретшінің, жазушының өмірден алған әсері жинақтала береді де күндердің күнінде біреуді кездестіріп қалады, сол кездесу өз-өзіне сенімін оятып, батылдық береді: әлгі адамның қай типке жататынын дәл табады. Егер одан: біздің дәуірдің типтік кейіпкері осы деп ұйғаруыңның себебі не? – деп сұрасаңыз ол сізге: — мен оны танып тұрмын, ол менің жан дүниемді селт еткізіп, терең ішкі дүниемде бұғып жатқан көркемдік толғанысымды оятты, — деп жауап береді. Бұл өте дұрыс жауап.
Ал менің көне дәуірлерде өмір сүрген кейіпкерлерім неге жанды адамдар болып шықты? Егер мен ауылда емес, қалада туып, бала кезімнен бері мыңдаған жәйттерді – қысқы дала, иесіз қалған қыстақтар, қарлы боран, ұлттық ойындар, шаруалардың үйлері, бал ашудың қалай жүргізілетіні, тамызық дегендердің не екенін білмей, қой қораның иісін сезбей, ертегі тыңдамай өссем, онда көне Мәскеуді сипаттай алмас едім. Көне Мәскеудің суреттері бала күннен жадымда қалған естеліктермен бірге қиялымда қайта жаңғырды. Өткен дәуірді айқын сезініп, сол кездегі нәрселерді сипаттай алуым балалық шақтан тамыр тартып жатыр.
Кейіннен сол адамдарды, сол дәуірді тарихи құжаттарды салыстыру арқылы тағы бір тексеріп шықтым. Құжаттар маған романды дамытуға серпін берді, ал өзім сипаттап отырған нәрселерді нақтыландыруға балалық шақтан есімде қалған әсерлер, дөп басып айтып беру қиынға түсетін білінер-білінбес жәйттер септігін тигізді. Ұлттық өнер дегеніміз осы – туған жердің түтіні, әр сөздің қосарлы мағынасы бардай көрінетін, қазіргі тіл мен алыста қалған балалық шақтан жадыңда жатталып қалған, иісі де сезіліп тұрғандай әсер ететін сөздерден тұратын ана тілің – соның бәрі өз халқыңа ғана тән. Шынайы өнер содан туындайды.
1939 ж.
ЖАЗУШЫ — СЫНШЫ — ОҚЫРМАН
Кейбіреулер сынның маңызы мен мәнін жоққа шығармақ болады. Бұл тұжырымның шындыққа жанасатын тұстары да бар, сыншылар жазушы мен оқырманның арасына тұрып алады да өнердің басты қасиетіне — өнер туындысын тікелей қабылдауға кесірін тигізеді. Жазушы мен оқырманның арасы қол созымдай ғана болуға тиіс. Бірақ сын болған және бола береді. Сондықтан оның зиянын емес, пайдасын іздеп көрейік.
Өнер туындысының өмірге келіп, халыққа таралуы үш кезеңнен тұрады. Бірінші: жазушы айналадағы өмірден әсер алады, алған әсері оның санасында жинақтала береді. Шашырап жатқан мыңдаған бөлшектер біртұтас болып бірігеді. Адамдардың бойынан көрген мыңдаған ерекшелік жинала келіп, типке айналады. Мыңдаған адамдардың ерік-жігері тұтасып кетіп, бір адамның ерік-жігерін құрайды. Материалды қорыту деген осы. Екінші: жазушы өзіне әсер еткен эмоциялар мен фактілерді, адамдардың ойларын өнер туындысының материалы ретінде пайдаланады. Үшінші: өнер туындысы өмірге келген соң шыққан ортасына қайтып барады – оқырман назарына ұсынылады.
Сынның міндеті не, осы үрдісте ол қандай қызмет атқарады?
Сын тікелей бақылауға кедергі келтіреді, әркімнің көзқарасы әртүрлі, бұл бағалы қасиет, көру үшін көре білу керек. Сыншы олай емес, былай қара деп үйретеді. Олай қараған адам көрмейді. Сынның зияндылығы осы.
Сын шығармашылықтың жеке басқа тиесілі заңдарына араласпақ болады, өзінің рецептін тықпалап, өз теориясын ұсынады (бәлішті аспаз емес, етікші пісіргендей).
Сын оқырманның өнер туындысын қабылдауына да араласады. Үлкен суреткерге қиянат жасалып, өз деңгейінде бағаланбауына көптеген мысал келтіруге болады. Дарынсыз сорлыны көкке көтеріп, кемеңгер қылып шығарудың мысалы да толып жатыр. Соның бәрі сынның зиянды қыры.
Сынның шынайы міндеті қандай?
Роман, өлең, драма, т.б. шығарма жазып, жариялауға бел буған көзсіз батырлардың басым көпшілігінің қоржыны бос: қабілеті тиісінше ұшталмаған, жалпыландыруды білмейді, өмірлік тәжірибеден жұрдай. Көбінесе жас жазушы дегеніміз азды-көпті таланты бар жазу құралы ғана.
Оқырман туралы да соны айтуға болады. Өнерді қабылдау өнер туындысын өмірге әкелуден де қиынға түсетін кездер болады. Өз пікірін батыл айтатындардың көпшілігі – өмірді енді бастаған жас оқырман.
Сынның маңызды да аса қажетті міндеті сол: оқырман мен жазушының өмір мектебі, университеті, энциклопедиясы болып, екеуінің де мәдени деңгейін көтеру.
Батыс елдерінде сын бұл міндеттен баяғыда бас тартты. Ондағы сын баспагерге, антрепренерге, тігіншіге, сән-салтанат бұйымдарын шығаратын фабрикантқа қызмет етеді. Сын ол жақта «маусымдық сәнді бұйымды» жарнамалап, сұранысты қалыптастырады.
Біздің жолымыз бөлек, міндетіміз басқа. «Жазушы – сыншы — оқырман» тақырыбының төңірегінде көтерілген пікірталас сынның міндеті маңызды да өткір екенін көрсетіп берді. Бұл міндеттің үдесінен бір ғана жолмен шығуға болады – сын жазушының да, оқырманның да мәдени деңгейін көтеруге тиіс.
1926 ж.
Алексей Николаевич Толстой