ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ ЗАМАННЫҢ КҮРДЕЛІ БОЛМЫСЫН КЕЙІПТЕЙ АЛДЫ МА?

Проза – дәуір айнасы десек, қазіргі қазақ қаламгерлері заманның күрделі болмысын, мінезін кейіптей алды ма? Кім не жазып жатыр? Прозалық шығармалар қандай бағыт алып, қандай тақырыптарды қамтуда? Аталмыш мәселені «Жұлдыздың» жалқы сауалына» салып көрдік.

Жадыра ШАМҰРАТОВА, жазушы:

– «Қазіргі қазақ қаламгерлері заманның күрделі болмысын, мінезін кейіптей алды ма? Кім не жазып жатыр? Прозалық шығармалар қандай бағыт алып, қандай тақырыптарды қамтуда?» деген сұрақ түсінікті. Жалпы прозада қазіргі шақтың қозғалыс-әрекетін беру деген мақсаттың өзі «жазғанымды келешекке оқытам» дегеннен әлдеқайда анық мақсат па дейсің. Осы орайда оқырман ретінде жазушының өз кезеңін сезініп, тап осы уақытты жазғанын құп аламыз, өйткені келер буынның оны қабылдау-қабылдамауы деген мүлдем басқа сұрақ, бұл тіпті мағынасыз, өйткені бүгінгі соншама тез өзгеріп жатқан уақытта қазір біз ұстанып отырған мәдениеттің өзі тым құрыса он бес-жиырма жылға  тұрақтылық таныта алмайды. Сондықтан жазушы тек бүгін ғана жаза алатынын жазып, жақсы дүние бергенінше бере алса – ол керемет нәрсе.

Меніңше, проза әрдайым адамның ойлауымен, қоғамдағы жағдай, экономикалық, саяси ахуалмен де тығыз байланысты, өйткені, Жүсіпбектің «Күнікейдің жазығын», Бейімбеттің «Айт күндері» мен «Қара шелегін», одан беріде Т.Нұрмағамбетовтің «Жыланның уы», «Сәмбі талдың мұңын» қайта оқып отырып, жазушы қай кезеңде туып, қандай өмірді кешсе, сондай проза туады екен деген ой келеді.

Көркем дүниені адамның өзін-өзі тануының құралы деп есептейтін біз сияқты оқырман ішінара әлі бар. Білмеймін, мүмкін, бүгінгі алгоритмдер мен жылдам әсерлердің дәуірінде бұл қияли ой көрінетін де шығар, өйткені көркем әдебиет мұндай стратегияға келе бермейді, қазір алгоритмдер салмақты әдебиетті ығыстырды, тереңдіктің орнын үстірт әсер басты,  біз бұны трендтер ауысуы деп түсіндіргіміз келеді, бірақ, бұл шын мәнінде белгі. Мәдени дамудың ең қиын кезеңді бастан өткеруінің белгісі. Идеалдардың күйреуі, қоғамның инфантилизациясы… осыдан келіп қазір кітаптан көп нәрсе жоқ, бірақ сол ағыл-тегіл кітап оқылмайды, елдің бәрі білімді, бірақ соған қарамастан мәдениетіміз биік емес, қарама-қайшылық белең алған мәселелер көп. Жарайды, бұл бөлек тақырып (сіздің осындай сұрақ қойғаныңызға рахмет, бұл жайында бөлек мақала жазуға болады екен деп ойлап қалдым), енді тақырыпқа келейік.

Қазақ әдебиетінде жақсы дүние жоқ дей алмаймыз, бірақ, ақпараттық шудың арасынан құнды дүниені байқамай қаламыз. Урбанизация, әлеуметтік теңсіздік, экологиялық дағдарыс, ұлттық болмыс пен жаһанданудың қақтығысы, жаңа буынның рухани дағдарысы сияқты мәселелер қазірдің өзінде біздің прозада жазылып жатыр. Әсіресе жастар прозасында қаладағы жалғыздық, цифрлық дәуірдегі адам тақырыптары көтеріледі. Дегенмен, әлемдік әдеби үрдіспен салыстырғанда қазақ прозасындағы қозғалыс баяу. Жазушыларымыз көп жағдайда тақырыпқа батыл бармайды, қоғамдағы жаңа құбылыстарға жылдам реакция беру дәстүрі әлі қалыптаспаған. Мысалы, интернет, жасанды интеллект, урбанистік мәдениет сияқты құбылыстар жайында шығармалар әлі де көп емес. Көбіне жазушыларымыз идеяны астарлап, символикалық түрде беруге бейім, осыдан келіп бұл оқырманға  «қазіргі уақыттың нақты суреті» емес, ой-толғам, метафора ретінде жетеді.

Сапа да біркелкі емес. Үлкен буынның кейбіреуі ескіше баяндауға ұмтылады немесе өзін қайталайды, ал жас буын мәтінді «үзік» құрылымда құруға бейім, миф, аңыз, дін, философияны қазіргі уақытпен байланыстыруға, кейіпкердің ішкі санасын негізгі нысан етуге талпынған ізденісте болғанымен, кейде шеберлік жетпей жатады.

Мифтер мен аңыздар

Осы жерде Ғалымбек Елубай деген есім ойға оралып отыр. Пікір өзімдікі  – соңғы жылдардағы қазақ прозасының үлкен жаңалығы Ғалымбек Елубай дер едім. Ерте сөнген жазушы, шағын әңгімелерімен ерекше болып келді. Соңында «Жүз жетінші көктем» деген жалғыз кітабы қалды. Бізге «Алтай адамы» деген ұғымды әкелген ғажайып суреткердің ерекшелігі мистикасында ма, магиясында ма?  «Ай жамылған әруақтардағы» Шұғынықтың жалғыз ұлының оянбай қалуы, «Сүйек күлі», «Көл бетіндегі зираттағы» оқиға, «Мықтың үйі» даланың өз мистикасы емес пе? «Су жұтқан іздер» әңгімесі «Бұл әңгімелер сол бір жатаған балшық тамдар секілді ескіріп кетті» деп басталады, автор неге ескі әңгімені қозғап отыр?

«Екі баласы бар әйел алайын деп жатқанын естіген ағасы сонда шелектегі судан аяғын ақырын суырып алып Ізтілеуге ежірейе қарап:

– Із қалды ма?  – деп сұрапты.

–  Жоқ!

  • Онда есіңде болсын! Бұл да сондай шаруа. Кегіңді жазықсыз жаттан алыпсың ғой. Айда! Өз қатыныңның үйіне бар!

Автор осылай бір ауыз сөзбен түйе салады.

Су қозғалыстағы стихия, жолындағысының бәрін жуып-шайып кетеді, кейде өткен істердің су аяғы құрдымға кетіп не уақыттың шаңында қалып, ізі қалмайтыны да рас. Айта кетелік, бұл жерде метафора деген тек тілдік құрал емес, көркем ойлау кезінде қаншама әрекет беріліп, қаншама мінез ашылды. Мәселе –  «жиырма жыл бұрын бұғалыққа басы сыймай бұлқынып кетіп, жиырма жыл кейін бодан болған жұртына» Такламакан шөліндегі түрмеден оралған Ізтілеудің бұл ісін педофилия деп үкім шығаруға да, өзі жоқта даладан ұл тапқан әйелінен өш алу үшін қорғансыз  жас қызды құрбандыққа шалды деген айыптауға да тіреліп тұрған жоқ. Оның бәрі өткен оқиға. Мәселе – шеңбер болып шыр-көбелек айналып жатқан дүбір дүниеге ынтазар адамның мейманасы барда, өзімшілдігі барда мына жердің бетінде кек алу да, әлімжеттік те жасала беретінінде және оның бәрінің шешіміне әділеттің нүктесі қойыла бермейтіндігінде.

* * *

Қазіргі прозаға тән негізгі бағыттардың бірі –  тарихи романдарда халық жадындағы мифтер мен аңыздар көркемдік құралға айналып, оқырманға өткеннің символдық мәнін жеткізеді. Мысалы, Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романында мифологиялық элементтер мен аңыздық сарындар бар. Баяғы тарихи шығармалардағы сияқты құрғақ баяндау азайып, кейіпкер психологиясына, ішкі драмасына көбірек мән берілген.  Шығармадағы оқиға бүгінгі уақытта болып жатыр. Былғары табыт кімдікі, ғалым бастаған топ оны не үшін қазбақшы болғанын білгенше қаншама аңыз естіп, адамдардың іс-әрекеттерін бақылап, табиғаттың тылсым мінезіне куә болып, адамның ашкөздігінің ақыры неге соғатынын ойлап отырып, соңына қалай жеткеніңді байқамай қаласың. Бір жағы «Былғары табытты» мистикалық реализм бе дедік. Өйткені бұнда адам санасынан тысқары дүниелердің элементтері бар. Сақ қағанатының сарқын қағаны мен сұлу бегімі елес болып он үштегі Отанға көрінетіні, баланың бір ес жиғанда қабірде жататыны… Шын өмірдегі оқиғалар мен әруақ әлемі өзара ұштасып, ұшырасып отырады. Әрине, мистика бұнда ең маңызды емес, кейбір мәселелерді кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы ашып көрсету үшін керек болып тұр. Мистиканы кейде магиялық дейміз. Ол романда сюжеттік элементтер үшін емес, бір-бірінен алыс екі бөлек ұғымдарды тұтастықта қарай отырып, оқырманды иландыру үшін керек болған. Магиялық реализмдегі сияқты Толу да екі әлемде өмір кешеді. «Көзге көрінбес қырық қабат тылсым әлемді әруақтық санамен көретін» Толу мен Отан гипнотикалық трансқа түсіп уақытқа сапар шегеді. Толғанбайдың санасындағы тұңғыш сақ қағанатын құрған бірінші Тәңірқұт – білге Сақа қаған дәуіріне тап болғаны… Классикалық мифологиялар мен архаикалық мәдениет мағлұматын пайдалану да бар. Автор бұны эксперимент ретінде алып отырмаған сияқты, осы тәсіл арқылы әлеуметтік, жекелік проблемаларды қозғап, ұлт, мемлекет ретінде шешілуі тиіс үлкен мәселелерге назар аудартқысы келеді.  Сондай-ақ, ұлттық экологиялық мәселелерге үн қосу, қазақтың тарихына үңілу, оның ішінде ұжымдастыру, қуғын-сүргін тарихының қайғылы беттері, қазіргі заман адамының күрделі қарама-қайшылықты ішкі әлемі, оның қоршаған ортамен және өзімен қарым-қатынасын көрсету мақсатын байқаймыз.

* * *

Асылбек Ықсан да «Сарайшық трагедиясында» хоррор мен мифтік сарынды ұштастыра отырып, тарихи-әлеуметтік астармен беріп, ар жағындағы әділетсіздік пен жазадан құтыла алмайтын адамдық күнә туралы ойға жетелейді. Шығармада алма бағының тарихы ерекше мәнге ие. Ғалымдар еңбегімен өсіріліп, кейін халыққа қуаныш сыйлаған бақтың тоқсаныншы жылдары кесіліп, отқа жағылып,  күйреуі тек табиғат трагедиясы емес, рухани азғындықтың да көрінісі. Мұнда жазушы алмаға киелік сипат беріп, оның тағдыры арқылы адамзаттың әділетсіз істеріне табиғат пен тарихтың үнсіз қарсылығын көрсеткен. Шығармадағы аңыздық қабат та шығармаға арқау болып тұр. Хан қызы мен бағбан арасындағы қасіретті махаббат тарихы, ханның қатыгездігі мен бағбанның қорлықпен өлтірілуі әділетсіз биліктің сипатында көрінеді. Ал бұндағы фантастикалық элемент – бағбан рухының алма ағашын кескен жігіттің бейнесіне еніп, кек алуы – хоррорлық эффекті күшейтеді. Жігіттердің кеме жасап, үлкен теңіз арқылы алысқа, одан әрі ұлттың тарихының бір кезеңдерінде болған салтанатты шағына, ескірген даңқына ұмтылуы сияқты армандары да оған таңғажайыптық реңк қоса түседі. Ал енді алма ағашының «қанын» бірден сезіп, көзді ашып-жұмғанша жетіп келетін елес – «әділет орнатушы». Автор қорқыныш пен мистиканы қолдана отырып, әділетсіздіктің, ашкөздіктің, табиғатқа қиянат жасаудың түбі қайғылы аяқталатынын меңзейді.

Қоғамдағы өзгерістердің прозадағы көрінісі

Урбанизация: ауылдан қалаға ағылған жастардың тағдыры, мегаполистегі жалғыздық, рухани күйзеліс жазушы Қуандық Түменбай әңгімелерінің негізгі тақырыбы. Жазушының жаһандану, ұлттық болмыстың босаңсуы, дәстүр мен заманауи құндылықтар қақтығысы көтерілген «Бөтен» әңгімесі жайында айтайық. Автор мұнда адамгершілік пен қатыгездіктің арасында таңдау жасамайды, бірақ шығармада мұңға да, бақытқа да орын бар. Қазақ қызының қытай жігітін ұнатып, содан балалы болғаны, туған балалары өліп-өліп, өлім сарқытындай бір қызға қарап қалған шешесінің қытайдан туса да жиенін жанолжа, мыңжылдық қуаныш  көруі… жатжұрттың қазақ қызына емексіп қарауын кешірмейтін Бекбосын сияқты намысты жігіттерді қанша бағаласаң да, өз қолыңды өзің кесе алмай пұшайман болатының… «Бөтеннің» аты Жалғас болды. Қаны қытай болса да, қазақтың келешегі осылай жалғасады енді! Бұл «қан алмасудың» түбі не болатынын болжаудың өзі көңілсіз… Өткен жылы халық саны жағынан Үндістанның Қытайды басып озғанын, ал қытайлардың өзінің қартайған ұлтқа айналып бара жатқанынан секем алып, үшінші бала тууға рұқсат беріп, тіпті әйелдеріне бүкіл жағдайды жасап жатқаны, олардың үрім-бұтағы әлемнің әр жерінде берекелі дән сияқты шашылып, түскен жерінде өркен жайып жатқаны, бір сөзбен айтқанда миграциялық экспанция мәселесі  бізді ойландыруы тиіс.

Роботтар тақырыбы

Біз оқырман ретінде жаңа буын құндылықтары: интернет дәуіріндегі жастардың мінезі, «клиптік ойлау» деп аталатын ойлау формасы, виртуалды кеңістікке тәуелділік жайлы шығарма оқығымыз келеді. Жаңа дәуір, роботтар өмірі жайлы тақырып бізге қызық. Жазушы Ділдәр Мамырбаеваның роботтар тақырыбына жазған дүниелерінің бірнешеуін оқып көрдік. Роботтарға жұмысымызды жеңілдететін техника деп қана қарамау керек, роботтар тақырыбы – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі шындықтың да әдеби көрінісі болуы мүмкін. Автордың «Жерұйық қайда?» деген сұрағының ауқымы кең: жерұйық тек жайлы жер емес, қоғам десек, адамзат арман еткен әділетті, таза қоғам қайда бар? Біз құр армандап жүрміз бе әлде ондай қоғамға шынымен жетуге бола ма?  Егер оны қоймай іздесек немесе жаңадан құрамыз десек, жер  бетінен іздеу керек пе әлде басқа планетадан құрған дұрыс па? Жерұйық бізден қашты ма әлде біз өзіміз одан жерініп, басқа бірдеңе іздеп жүрміз бе? Және осы шығармадағы Жақсылық пен астробиологтың арасындағы диалог жай жауап қатысу емес. Бірі – табиғат заңына сүйеніп ойлайды («озон қабаты жоқ болса – тіршілік бола ма?» деген сұрағын алға шығарады), екіншісі – адамның тоқтаусыз, тежеусіз, қанағатсыз амбициясына қарап болжау жасайды. Жерді әбден улап болған адамзаттың  бұны қателік, жауапсыздық, қазіргі өркениет үшін сын деп қабылдауға санасы әлі дайын емес. Егер біз алда-жалда шынымен де «Жаңа әлем» қалыптастыратын болсақ, онда оған кімдер өзін лайық санай алады, ол «әлемде» кім өзін еркін сезінеді? Әлбетте элиталар ғана ұтуы мүмкін.   Бұл жерде әлеуметтік теңсіздік те көрінеді. Бұл диалогтың ішкі драмасы –  адамзаттың ендігі бағытына қатысты үміттің азаюына қатысты. «Жерұйық» – Асан Қайғының іздеген жұмағы еді, ал енді сол жұмақ жерден жоғалып барады. Біз, әрине, автордың  «Адам жаңа планета іздеп жүр ме, әлде жоғалтқан арман-мұратын, табиғатпен үндестігін, жалпы тазалықты іздеп жүр ме?» деген  сұрағын түсіндік. Ділдәр Мамырбаева бұл шығармада да тек қана ғылыми фантастика жазып отырған жоқ. Ол жоғалған адамзаттық құндылықтар жайлы, экологиялық апаттың салдары, технологиялық амбицияның шегі, әлеуметтік әділетсіздік, рухани құлдырау жайында айтып отыр. Балалар мен жасөспірімдерге арналған көркем мәтін ретінде бұл шығарма олардың санасына әжептәуір күрделі де болуы мүмкін, бірақ автор бәріміз үшін аса маңызды сұрақтарды нәзік жіппен әкеп ойымызға байлайды. мес шығар дейміз, ол баланы ойлануға, болашақты елестетуге, қиялға берілуге  жетелейді.

 Мән іздеудің жалғасы…

Сананың ағысы, көп дауыстылық (полифония), уақыт пен кеңістікті еркін қолдану сияқты эксперименттік формаға бара алатын жазушы Дидар Амантайдың «Ғұмырнама» деген шығармасы бар. Өзіне ғұмырнама жазып, кейін содан шыға алмай, бүкіл мақсатымен, ғұмырымен соған байланып, өзінен-өзі маталып, тіреліп  қалған Қайдос мырзаның қателігі – жұрт өзін шежіресі бойынша қабылдайды деп ойлағанында еді (өзіне сенімсіз адамдар біреудің өзі туралы пікіріне тәуелді. Бұл біздің тарихты біресе олай екен, біресе бұлай  екен деп, біресе аталарымыздан әлемде теңдесі жоқ ғажайып тұлға жасауға құмарлығымыз секілді нәрсе ғой). Қайдос ғұмырбаян арқылы өзінен идеал адам жасамақ. Бірақ, оның соңы уайымға айналды. Адам өзін ессіз мақсатқа байласа оның соңы уайымға көрінеді. «Уайым – қайғының қорегі. Қайғы уайым жеп өмір сүреді. Қайғыдан құтылуы үшін уайымның көзін табуы керек. Тапты. Қайнары ғұмырнама. Ол өмірбаянын жоюға тиіс еді. Бақыт сонда келеді. Бақыттың бір аты алаңсыздық». Өзі қолдан жазған ғұмырнамадан шыға алмай, еркін тыныстап өмір сүруді ұмытқан ол ақыры соны өртеп барып тыныштық табады.

Реалистік дәстүр

Әлбетте қазақ әңгіме жанрындағы сенімді позицияда қашанғыдай реализм бағыты тұр. Бірақ, ол бұрынғысынан өзгерген. Тармақталған. Бүгінгі әңгімелерде оның сюрреализм, сыншыл реализм, метафоралық реализм, магиялық реализм деген түрлері бой көрсетуінің себебі – жаңа заманға сай пайда болған жаңа адамдардың типiн суреттеу үшін осы ағымдар керек болғаны анық.

Қанат Тілеуханның әңгімелерінен адамның күрделі қарама-қайшылықты ішкі әлемі көрінеді. Кейіпкерлерінде қаһармандық сипат жоқ, бәрі өзіміз сияқты қарапайым адамдар,  ондағы әкені де, шешені де, әпкені де, ағаны да танитын сияқтымыз. Сюжетті әлеміштеп, көмкеруге, жазу техникасын қиындатуға тырыспайды, жайбарақат отырып (кейде бақылаушы позициясында) сол ет пен сүйектен жаралған, артық сөйлеп, кем қылық көрсететін біз секілді адамның өміріндегі оқиғаларды береді. Бір отбасындағы адамдар, бір үйлі жанның әрқайсысының көңіл-күйі, сезімі, айнала дүниеге қатынасы көрінеді, автормен бірге оқырман да өзіміз дұрыс деп таныған шындық өмірдің нақты көрінісін, салдарын, әлдебір құпияларын түсінуге тырысамыз. Ол кейіпкерлеріне  баға бермейді, кейіпкер жанында не болып жатқандығы туралы да ұзақ-сонар түсініктеме жоқ, бірақ, әрекет, диалогтар арқылы оқырманға көңіл-күй дарытуға тырысады.

Бүгінгі прозаның тағы бір өкілі Абай Аймағамбеттің әңгімелерінің формалық жағына келсек, көркемдік құрылым мен баяндау тәсілі дәстүрлі, сонысымен жақын, жылыұшырайды. Уақытпен үндестік бар, бүгінгі қазақ қоғамы мен адамының болмысын бейнелейді. Кейде шымшып, кейде күлдіреді. Бірақ ең бастысы әр кейіпкердің дауысы, ішкі драматизм бар – өзімізді көрсетеді. Ең керемет ұнағаны – «Классиктің ақиқаты». Абайдың бұл әңгімесі – қазақ әдебиетінің көлеңкедегі шындығын көркем бейнелеп берген әдеби-философиялық миниатюра десек болар. Өйткені бұнда «жазушы – әдеби жүйенің ішіндегі билік орнында тұр және әдеби жүлде – әділеттің өлшемі емес, жақындық пен пайда құралы» деген бүгінгі «шындықтар» айтылады.

Өзгерген құндылық

Қанағат Әбілқайырдың «Періштелер жоқ жерде» шығармасында билік пен халықтың, бай мен кедейдің арасы барған сайын ашыла түсуі анық көрінеді. Бұндағы адамдар ақшаны оңай табатын, жолдарын меңгерген өзіміздің қазақтың жігіттері, бірақ,  олардың бүкіл іс-әрекеттерінен мағынасыздық көрінеді. Не істесе де бар мақсаттары –  естен кетпестей көңіл көтеріп, іштері түйілгенше қарқылдай күліп, бір-бірін басып озып  мақтану ғана. Ақша оңай келген адамның бос уақыты көп, ақшасы көп адамның қиялы да ұшқыр, жаңа қазақтар бір-бірін көзі бақырайып, тіл-ауыздан қалардай таңғалдыру үшін ғана (тек таңғалу үшін) адам етінен сүйсініп жейтіндей дәмді ас әзірлетіп, шетелдің танымал деген мегажұлдызын әкеліп қарсы алдыңа жымитып отырғызып қоя алады. Ақшаң болса, оның еш қиыны жоқ.  Осы қағанағы қарқ болған топқа кереғар елеусіз біреу – кедей халықтың өкілі – жас жігіт. Ол жігіт өзінің жаны үшін қорықпайды, еріккен байлардың көңіл көтерерлік бір сәттік ермегі үшін жанын жалдап, оққа ұшуға бейіл.  Жалғыз арманы – қаланың шетінен үй алса болды. Егер жазатайым еріккен, мас, дарақылардың оғы тиіп мерт болса, өле қалатынын біледі, ал, өлмесе, онда ақша алатынына сенеді. Өмірдің шешімі не деген тар еді дейсіз, біреуге қызық керек, қарқылдап күлу керек, ал кедей жігітке жаны қадірлі емес, үй алса болды. Біздіңше, Қанағаттың бұл әңгімесі – ақша біткен байлардың бәрінің психологиясы сондай дегенді емес, түбі адамзатты құртатын – оның шектен тыс еркіндігі, содан туатын жүгенсіздік пен бетімен кеткендік дегенді меңзейді. Қалай десек те, біздің  бұрын түк көрмегендік, тәрбиесіздік, шектен шыққандық, жүгенсіздік деп есептейтіннің бәрі осы күні бір-ақ ауыз сөзбен еркіндік деп аталатын болды. Бұл басқа еркіндік екен, бұл еркіндікті бір сезінген адам  моральдық нормаларға шекесінен қарап, мемлекеттің шегелеп қойдық-ау деген заңына да пысқырып қарамайды екен. Осы шексіз еркіндіктен  түсініктер өзгереді, құндылық деп келгендер аяқасты болады, содан да дүниенің аяғы басына келіп, адам баласы биік мұраттарға ұмтылуды қойып, ақшасы болғанымен жаны бос, сол үңірейіп тұрған жерді мағынасыз қызық, бос ермек, анау-мынаумен толтырмақ.

* * *

Былтыр қазақ оқырмандары Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған»  романдарын оқыды, бұл кәдімгідей серпіліс болды. Осы жерде айта кетейік, бұл жазушылар пародия, интертекст, мифке қайта жүгіну сияқты постмодернистік тәсілдерді меңгере бастаған. «Абыл мен Қабыл» тола символ, бұл шығармаға қатысты біраз пікірлер жазылды да. «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы болса, осы оқиғаға автордың және қарапайым адамның көзқарасын білдіреді. Бұл батырлық жайлы емес. Оның кейіпкері кішкентай адамдар, жазалау машинасына басылған, өлмесе де қайтып қарсылық таныта алмастай жарақаттанған қауқарсыз адамдар. Неге бұлай болды, адамдар неге қиналды? Үйін қорғағаны үшін осылай жазалауға бола ма? Адамдардың өмірін құртып, есінен айырғысы келетін жүйе қандай жүйе? Жол арасынан біреулердің мұңды жанарын көресің, алақ-жұлақ етіп шошынған қарасын байқайсың… Ол тек Елдеске қатысты емес. Оқиға кейіпкердің өзін шиеленіс, қарсылық кезінде кінәлі деп сыртынан көрсетіп жіберген інісін іздеуінен басталады. «Бетіме қалай қарар екен, сол кездегі қылығына өкінетін шығар» деп келсе, інісі көп жылдан бері  жындыханада болып шығады. Елдес жындыға айналыпты. Елдестің көргендері, бала кезден бергі көз алдынан өткен көріністер, жалғыз қалғанда көзіне қос көрінуі, әпкесінің баласын бағып жүргенде оны пойыз басып кеткені, үйлерінен қуылып, тергеуге алынып, жаны қиналғанда туған ағасын сатып жіберуі – оның бәрі санаға салмақ. Адамның санасы жұмыртқаның қабығынан әлсіз. Осы жерде айтайық, автор жүйке ауруының әртүрлі қалпын әжептәуір жақсы зерттеген, сырқаттың ішкі-дүниесін жақсы жеткізеді, мамандармен байланыста болғаны көрініп тұр. Жалпы адамның есі ауысуының да мәні болады. Кейде біз бұл аурудың белгілерін осы қоғамның өзінен байқап қаламыз. Мысалы, Пушкиннің «Пиковая дамасындағы» Германның аузына келгенді айтып кететіні бар емес пе еді, біздің де кейде көп әңгімеміз осыған ұқсайды.  Жалпы сандырақтау, биополярлық ауытқу, шизофрения, мидың ауруы дегендер кейде инфекциядан, уланудан да болады. Біздегі әсіре діншілдер, әсіре патриоттар, Құдаймен сөйлесетіндер, өте мақтаншақтар, аса дарақылар, өзін көрсетпесе ұйықтай алмайтындар, сайқымазақтар, сондай белгісі бар адамдар, әлдебір идеяға берілгеннен мына нақты өмірді сезінбейтіндер қанша?

Романда түрме бар. «Ең жақсы мәтін автордың өзінің бастан кешкен оқиғасын беруінен туады» дейді ғой, мысалы, Воннегут деген жазушы немістердің тұтқынына түсіп, Дрезденді қалай бомбалағанына подвалда мал соятын жерде жасырынып отырып куә болады, сосын қирандының астынан мыңдаған сүйекті алып шығады. Нәтижесінде жиырмасыншы ғасырдың «әлеуметтік қатыгездік машинасы» деп бағалаған оқиға бойынша романын жазып шыққан. Кеңестің диссиденті Варлам Шаламов – өзі айдауда болған, Сталин лагерінде 21 жыл жүрген адам, сюжеттері мен кейіпкерлерін беруде натурализммен келеді, бұнда ГУЛАГ-тың естелігі бар. Өмір бойы түрмеде отырып, «Қылмыс» романын жазған өзіміздің Қажығұмар Шабданұлын айтсақ та жетіп жатыр. Біз, әрине, Қанат Әбілқайырға «түрмеге неге түспедің» деп талап қоя алмаймыз, соның өзінде автор еңбектенген.

Әрине, кейіпкердің түрмедегі он төрт жылын тағы біраз беруде уақыт қысқан шығар дейміз (романның бар-жоғы үш айда жазылғанын ұмытып кете береміз), бұл соншама маңызды да болмас, десек те, қалай болғанда да кейіпкердің бастан кешкені бізді бей-жай қалдырмайды. Өйткені, тап қазір осы жерде отырғанымызбен бейбіт күннің өзінде адамның  кінәсіз жазаланып, қиянат шегіп, кінәлілер миығынан күліп, моральдік тәлкекке тап боларлық нешетүрлі жағдаймен бетпе-бет келуі мүмкін…

* * *

Соңғы жылдары қала прозасы – ауыл тақырыбы үстем болған классикалық қазақ прозасында өзгеше бағытта көріне бастады. Үлкен шаһардағы тұрмыс, ішкі күйзеліс, оның себеп-салдары Сағадат Ордашева, Есбол Нұрахмет, тағы басқа авторлар шығармаларында көрінеді. Осы қарбаластың ішінен мән іздеу, әйел шеккен мехнат, жалғыздық, әлеуметтік теңсіздік мәселелері Самал Шәймерденованың әңгімелерінде кездеседі.

Жастарды неге айтпайсыңдар деп жатады, әрине, жақсы шығарма болса оқудан тартынбаймыз. Мысалы, Ә.Жақсылықтың «Нотрдамда» құлшылық ету керек пе?» шығармасындағы Карл қоғамы таңған ойлармен емес, өзінің миымен еркінше ойлай алатын, іштегі логика мен қоғамдағы пайымның сәйкессіздігін көре алатын кейіпкер, осы бюрократ, мадақшыл, өзінің тот басқан топсаларына ғана сенетін «догматичный» қоғамды қабылдамайды. Қоғам да өзгеше ойлайтындарға келгенде суық, аяушылықтан ада, оғаш көрінгендер үшін жындыханадан орын дайындап қойған. Бірақ қарсылыққа ұшыраса да, қамалса да үрейге жеңдірмей, дүрбелеңге түспей, мына өмірге түкке қажетсіз қағида, ережелерге қарсылық білдіре отырып, еш маңызы жоқ, мезі қылғанның бәрінен қашқысы келетін, шегінбейтін Карл сияқты адамдар түбі адамзаттың жетіліп, қоғамның әділеті күшейетініне сендіреді.

Еркіндікті іздеу арқылы өз ішіне, айналасына үңілетін мінез керек бізге. Әйтпесе, адалдық туралы әңгіме айтып, бірақ әділетсіздікпен үнсіз  келісіп,  өзімізді жиі алдағаннан да  ішіміз үңірейіп жүре берсек,  ұшпаққа жеткізер шын өзгеріс көрмей-ақ  қартаятынымызға шүбә жоқ… Шынында… өзің өзгеріс тілемей тұрып…  Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе, жоқ па?

* * *

Сөз соңында айтайық. Бүгінде біздің қаламгерлерге жаңашыл жазады деген ұнамды сияқты, өйткені дәстүрлі дегенді ескішіл деп түсінетін болдық. Әрине, бізге жаңа дүниелер керек. Осы уақытқа сай, бүгінгінің әңгімесін айтатын, жаңа ой керек. Десек те, әдебиеттегі дәстүршілдік деген – тозған мақыра-мүкәммал үйіліп тұратын ескі сарай емес, ол деген өзінің алдындағы үздік үлгілерді білу, бір сөзбен айтқанда ең жақсы нәрселердің жиынтығы ғой,  қаламгер бойында талантпен қоса керемет қуат, шығармашылық әлеует болса ғана дәстүрге ілесе алады, әйтпесе… Қалай болғанда да жазуға келгенде биік моральді ұстанатын, эпитет пен метафоралар қолданатын мектеп жоғалмауы тиіс, олар (Жүсіпбек, Бейімбет, Мұхтар, Әбіш, Сайын, т.б.) – жазудағы үздік үлгі болып қала береді.

Және де… нені оқиды, нені таңдайды, әркім өзі біледі, әрине. Бірақ біз оқырман ретінде ойымызды әрі-бері қозғап, автор жасырып отырғанға назар аударып, шамамыздың жеткенінше түсінуге жетелейтін ауырлау, былайша айтқанда «жеңіл оқылмайтын» проза оқуға үйренсек, бұдан тек өсер едік. Бізге интеллектуалдық проза керек. Оқырман осындай авторды оқыған сайын одан көркем мазмұн мен терең философиялық қабаттың табиғи үйлесімін көре береді, біртіндеп соған үйренеді, оның миы да эмоциядан бұрын ойлауға әзірленеді. Бұл енді жеке пікірім (келіспеуге болады).

Мирас МҰҚАШ, жазушы:

– Интернет дәуірінде ақпарат алмасу, қажет дүниеңді дереу тауып алып, жылдам шолып шығу ыңғайлы-ақ. Ғаламда жаңа заманның технологиясы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Алайда көркем әдебиет адамзаттан ешқашан ажырамайды. Ең бастысы қазіргі таңда кітапқа, әдеби шығармаға деген құрметтің арта түскенін аңғаруға болады. Бұл көңілге қуаныш сыйлайды. Өйткені қаламгердің ішкі толқынысынан, ойынан туған туындының қашанда ұпайы жоғары тұруы тиіс. Әсерлі кино көргендейін, адамды түрлі сезімге бөлейтін шығарма оқудың ләззатын түйсінетін оқырман бар кезде көркем туындылардың да ғұмыры ұзақ болары анық.

Қазір тамаша, тың тақырыптарға барып жүрген замандастарымыз бар. Жүрексініп, ықпай ауқымды шығармаларға қалам тербеудің өзі қазақ әдебиетінің көкжиегі кеңи түскенін айғақтайды емес пе. Мәселен біз өмір сүріп отырған қоғамның айнасы іспетті деректі шығармалар жазылды. Оған Ырысбек Дәбейдің «Қоңызын», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адамын» жатқызуға болады. Ал Мақсат Рамазанұлының «Абыл мен Қабыл» сынды күрделі, психологиялық тақырыпты оқырман назарына ұсынуы қазақ әдебиеті үшін үлкен олжа ғой. «Жошы хан» сияқты тарихи шығармалар мен «Бекзат» сияқты бойыңа рух құятын кітаптар жарыққа шықты. Тізбектей берсең бұл тізімнің де көлемі арта береді. Мен өз замандастарым бойынша ғана айтып отырмын. Дәл қазір түйсінбеуіміз мүмкін. Бірақ уақыт өте келе мен жоғарыда атаған ауқымды дүниелердің салмағы да арта түсетініне еш күмәнім жоқ. Жақында жас жазушы Абай Аймағамбет Арал тақырыбын тереңінен қаузайтын тамаша повесть жазып шықты. Әлі жарық көрмеген сол туындыны оқып көріңіздерші. Жас жазушының тынысы қандай кең екенін байқайсыз. Қазақ әдебиетінде осындай жігіттер келіпті деп шын мерейленесіз.

Ал жеке өзіме келер болсақ қазір аудармамен айналыса бастадым. Якут, саха жазушыларының шығармалары қызықтырады. Табиғат, тайга, адамдар мен жануарлар арасындағы байланыс, сенім мен наным түсінігі таң қылдырған. Демек оларда да Джек Лондон шығармаларына өте ұқсас штрихтар жеткілікті. Өйткені өмір сүру болмыстары өте ұқсас. Біздің қазақы дүниетанымға да сәйкес келетін тұстарын аңдайсыз. Әрине әлеуметтік, қоғамға ой салатын шағын әңгімелер де жазылды. Бірақ жарыққа шықпады. Жастау күнімізде сиясы кеппей жатып, басылымдарға жарияланғанын қалап тұратынбыз. Қазір жан-жақты қарап, толықтырып барып ұсынуды жөн санаймын. Өйткені оқырман алдындағы жауапкершілік жүгін көтере аламын ба деген алаң болады. Әрбір қалам ұстаған жан баспаға барар дүниесіне немқұрайлы, асығыс қарамаса екен деп те ойлайсың.

Демек қазір түрлі бағыттағы тақырыптар қамтылып, жазылып жатыр. Жазушылар одағының арнайы жобалары бойынша да қаншама құнды кітап оқырманмен қауышты. Әлі де жазылып, ұсынылып жатыр. Министрліктің мемлекеттік тапсырыс аясында іріктеліп шығатын кітаптарының өзі мол мұра. Бүгінгі қазақ әдебиетінің, қазақ көркем шығармасының мұрасы.

Заман, технология қазіргіден де қарқынды дамиды. Әдебиетке де әсерін тигізуі ықтимал. Алайда қайталап айтайын көркем туындының алар орны өз биігінде қалады.

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург:

– Жазушы Ұларбек Дәлейұлының 2024 жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Жошы хан» тарихи романына Шыңғыс қаған және оның үлкен ұлы ‒ Жошы ханның қым-ғуыт, аласапыран заманда дүниеге келуі, жастық шағы, қатысқан қан-қасап жорықтары, өмірінің соңғы кезі алтын арқау болған-ды. Онан, Орхон (Орхұн), Селенгі бойындағы қайталанбас көшпелі мәдениет, байырғы бабалар дәстүрі, танымы, көзқарасы, ұстанымы, шеккен дәурені шығармада шынайы суреттелген. Рoмaндағы тapиxи шындық пeн көpкeмдiк шeшiм мәceлeлepi автор концепциясы негізінде жүзеге асары анық. Ұларбектің Жошы әлeміне үңіліп, ұңғыл-шұңғылынa бoйлaп, оның қopшaғaн opтaмeн тығыз саяси қapым-қaтынacын көpceтуді, күрескердің ерлік хикаясы мен қиын заманның қыспағынан қымсынбай өткенін ащы шындық, асқақ романтикамен бейнелеуді басты бағдар еткені байқалды. Aғын cудaй тacқындaғaн уақиғaлap легі тapиxымыздың мaқтaн тұтатын тұcтapын дa, көкірек қарс айырыла, күpciне бac шaйқaр тpaгeдиялық жaғдaйларын да баян етеді. Ұлттың құт-бepeкeci – бipлiгi мен ынтымaғындa. Oдaн aйыpылсаң болғаны – жaт жұpттың қopлығынa ұшыpaйсың, жер бетінен өшесің. Осынау идея – аталмыш көpкeм шығарма өзегі. Өткен дәуір шындығын көрсететін «Жошы хан» романының көркемдік жүйесінде, идеялық, тақырыптық, жанрлық, стильдік жаратылысында фактілердің атқарар қызметі орасан. Себебі, деректер, құжаттар мен хаттар көп бұрмаланбай, көркем шығармаға дәлме-дәл көшкен-ді.

2025 жылы «Мұтылған» атты тұңғыш романым ойлы оқырманға жол тартты. Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбайдың, Одақ орынбасары, жазушы Бейбіт Сарыбайдың мұрындық болуымен, «BELES» құрылыс компаниясының президенті Махат Төрәлінің демеушілігімен «Жас қалам ‒ жаңа роман» жобасы жүзеге асты. Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» және менің «Мұтылған» атты романдарымыз басылып шықты. Осы ретте, игі істің басы-қасынан табылған азаматтарға алғыс айтам. Бұл айтулы уақиға болды деп есептеймін. Әр баянды бастама ‒ кейінгі тарих. Айталық, Есенқұл қажы Маманұлының 1914 жылы тұңғыш қазақ романына бәйге жариялағанындай (С. Торайғырұлының «Қамар сұлу», Т. Жомартбайдың «Қыз көрелік») немесе 2000-шы жылдары «Сорос-Қазақстан» қорының «Қазіргі заманғы Қазақстан романы» (Николай Верёвочкинның «Зуб мамонта», Т. Әсемқұловтың «Талтүс», Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», Илья Одеговтың «Звук, с которым встает Солнце») байқауының әдебиетке қозғау салғанындай, жоғарыдағы ізгі іс те көптің көкейінен шықты.

Тегінде, романға шейін новелла мен әңгіме жазып машықтанған дұрыс. Балаларға арналған роман жазбақ ойда бар. Әзірге ойластырып, пісіріп жатырмын, іште. Сол себепті, оған дейін балет тілімен айтқанда, экзерсис қажет.

Әлі үлкен дүниелер жазылады. Сенем. Романның керек болмаған кезі жоқ. Оқырман қысқа-қысқа дүниелерден де шаршайды. Сонда романды іздейді. Себебі, оның орнын ешбір жанр баса алмайды, алмастыра алмайды, оқығанда шөлің қанады ғой, ләззаты бөлек, ешбіріне ұқсамайды. Жанрды таңдайтын, талғайтын оқырман бар. Бұл бір жағынан көлем, ал екінші жағынан кісінің мұң-мұқтажына, ахуалына, қыжылына, сол сәттегі көңіл-күйіне, сұранысына да байланысты. Мөлтек романдар да (микро-романдар) жазылып жатыр. Бұл да – уақыт талабы. Қазір жаһанданудың қарқыны қатты. Адами құндылықтарды тәрк ететін, сезім, көңілді ұмытыңқыраған, қатал технократтық қоғам орнауда. Мен құрғақ сюжетті аса ұнатпаймын. Әр шығармада, әр материалда оқырманға бір хабар, бір идея жеткізуге тырысам. Егер идея болмаса, онда көркем шығарманы жазудың да керегі жоқ деп ойлаймын. Әуелі, бұл ‒ ұзақжылғы ізденістің нәтижесінде туындаған дүние. Қоғамдағы қордаланған мәселелер әркез маза бермейтін. Осы романымда Мұтылған атты кейіпкер арқылы азаматтық ұстанымымды білдірдім. Сөйтіп, ішке сыймай жүрген дүние сыртқа шықты. Мазмұны, формасы (пішіні), құрылымы ‒ ой-қазанында пісіп-жетілген нәрселер.

Уақыт ‒ Алланың еншісіндегі дүние. Біз ‒ адамзат соны орны-орнымен жұмсай білсек өзімізге де, өзгеге де пайдамыз тиеді. Уақыт жағынан тарлық көрмедім…

Жазу лабораториям туралы қысқаша айта кетсем. Ең әуелгіде жоспар құрам. Ол санамда пісіп-жетіледі. Сосын оны қойын дәптеріме түртіп аламын-дағы, сол бойынша ойланып-толғанып жүрем. Өйткені, құрылым болмаса тағы қиын. Дайын болды-ау дегенде ғана жазуға отырам. Прототип те, сюжет те өмірден алынады. Өмірлік материалдарды алыстан іздемеймін. Өзім көрген, өзім түйсінген, жүрегімнен, санамнан өткізген дүниелерді көркем шығармада қолдануға тырысам. Жазу барысында мына жүйеге жүгінем: біріншіден, бәрін түгел жазып алам, екіншіден, үстінен тағы бір сүзіп шығам, үшіншіден, олқы деген тұстарын алып тастаймын.

Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Мытылғанның өмірі» атты толғауында: «Жаралы жаным шықсын деп / Қара жер мені жұтсын деп / Өлген соң елім мұтсын деп / Атымды қойдым ‒ «Мұтылған» деп жазады. Бұл ‒ қиналыстан, ішкі толғаныстан, жанның қысылғанынан шыққан сөз. Мұтылған ‒ ойшыл Шәкәрімнің бүркеншік есімі. Романымда қазіргі қазақ қоғамы туралы айтылған-ды. Сол себепті, Мұтылған деген атты, қазақ үшін таныс ұғымды тағы бір жаңғыртып, оған басқаша реңк дарытқым келді. Мұрат деген жігітті Абай мен Шәкәрімнің өлеңдерін жатқа білгені үшін, ойшылдығы үшін, ұлтшылдығы үшін ел-жұрт Мұтылған деп атап кетеді. Бүкіл уақиға орталықтан шеткерідегі Т ауылында өрбиді. Романымның жанры да жаңаша ‒ метароман. Жазушы, әдебиеттанушы-ғалым, алаштанушы Нұржан Қуантайұлы «қазақ әдебиетіндегі тұңғыш метароман» деп баға берді. Романымды жазу барысында саналы түрде классикалық жолдан қашуға тырыстым. Себебі, біреудің сәтсіз көшірмесі яки эпигоны болуды қаламадым. Ал, қалғанын оқырман қауым романнан оқып алар, спойлер керек емес, кітап сатылымда бар.

Осы ретте, жаңалығыммен бөлісе кетсем. Былтыр Қазақстанның 7 ірі театрында драмаларымның премьерасы өткен еді. Ал, биыл, яғни 2025 жылы 8 кітабым жарық көрді. Бұл ‒ көп жылғы ізденістің, адал еңбектің, табандылықтың, қажыр-қайраттың арқасы. «KITAP баспасынан» 7 кітабым, ал 1 кітабым «Балалар кітапханасы» топтамасы аясында, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, методист-ғалым, «Әліппе» оқулығының авторы Бижан Құрманғалиқызының жетекшілігімен «Arman-PV baspasy»-нан жарық көрді, атауы ‒ «Бәйшешек». Ал, қалған «Ясыны іздеу», «Оралу», «Құбыжық. Әлем драматургиясы ‒ I», «Туған күн. Әлем драматургиясы ‒ II», «Сенім», «Әділ қазы», «Мұхамедсәлім Кәшімұлы шығармашылығы және XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі ағартушылық идея» (PhD доктор, әдебиеттанушы-ғалым Гүлназ Бөкенмен бірге) секілді кітаптарда аударма, драматургия, эссе, әдеби сын, әдеби портреттер, әлем халықтарының аңыз-әңгімелері, алаштану, проза, көсемсөз бағыттары қамтылған. «Мұтылғаннан» кейін «Жат» деген роман бастадым. «Арық сөйлеп, семіз шық!» ‒ дейді ғой, қазекем. Әзірге, пәлен-түген деп ештеңе айтпай-ақ қояйын, Алла қаласа, аяқтаған соң әлеужеліден ести жатарсыздар!..




ПІКІР ЖАЗУ