БІЗ БЫЛАЙ БАЙЫҒАНБЫЗ…
Кімнің байығысы келмейді. Баюдың жолында, баюдың барысында ерлі-зайыптылардың басынан нелер өтіп, нелер кетпейді. Баю үшін бір мезгіл ыңқытып арақ ішіп, мысалы мына мен мас болып маңқылдап та көрдім. Несін жасырайын, аузыма бір қасық арақ кірсе мақтанып байлық жайлы айтып, жұрттың миын шірітетінім есімде.
Байлыққа қарай бара жатқан жолда, құрсын, біздің үйде болды ғой неше түрлі комедияға бергісіз комедиялар. Мына біздің би бір құдайдан тілеген қатын. Құдайдан тілеген қатын дейтінім, кейін қалған кешегі кеңес қоғамы тұсында менің айлық табысым 100-110 сом деңгейінен жоғары ыршып көрген жоқ. Осы деңгейді келіншегім көпке шейін қомсынып «осы-ақ па?» деп жүрді. Содан мен айлаға көштім. Ол қандай айла дейсіздер ғой? Айтайын. Кассирге жалынып-жалпайып айлық табысымды 1 сом, үш сомдықтарға майдалатып, сөйтіп бір етектей ақшаны келіншегімнің алдына тезек төккендей төгемін де саламын. Көзі жайнап, бетіне қан жүгіріп, ол «мынаның бәрі біздікі ме?» деп, мұрынының үсті терлеп, ақша санап кетеді. Арасында үһілеп қояды. Бір жақсының бір жаманы бар деген емес пе, сөйтіп жүргенде оның көзі көпке үйреніп, анау-мынау көпті азсынатынды шығарды. «Осы-ақ па?» деп…
«Ауру қалса да, әдет қалмайды». Қазір теңге заманында да, яғни байығанға шейін айлық табысымды сол баяғы әдетімше кассир қызға майдалатып, әл-Фараби бабаның сәлде ораған бейнесі бар бір-бір теңгеліктерді үйге арқалап әкеліп жүрдім. Кассир қыз «қойыңызшы ағай, қайдағы жаман ырымды шақырмай» деп ауызының ауданын бір-екі рет үлкейтіп еді, мен бір қорап шоколадпен тұншықтырып қойдым.
Сонымен, біз былай байыдық…
Жоқшылық, тапшылық адамға не дегізбейді, байығанға шейін біздің үйде болмашы нәрседен өрт шығып, эпицентрі белгісіз қашықтықта қаншама рет жер сілкінді. Ана жетпейді мен мына жетпейдінің шақпағынан от шашырап, болды ғой талай үшінші дүниежүзілік соғыс…
Вопшым, біз былай байыдық…
Әрине, оңай келер байлық жоқ. Орталық стадионның тазалықшылары бөтелке жинап байыпты деген қызық хабар құлағымызға тиіп, ерлі-зайыпты екеуміз төсекте қатар жатып, жарысып сөйлеп, содан бірімізді-біріміз түсінбей, аяқ жағы дүниежүзілік соғысқа айналып кеткен түндерді қазір есіме алсам жүрегім ойнайды. Менен гөрі келіншегімнің дауысы ашықтау. Оның дауысы балконнан, терезенің көздерінен шыға бастағаннан электр, телеграф сымында қаз-қатар отырған торғайлар үркіп ұшып, көршілер есік-терезелерін сарт-сұрт жаба бастайды.
Ұзын сөздің қысқасы, біз былай байыдық.
Бір күні телефон шыр ете қалды. Мен тұтқаны жұлқып көтеріп, «арғы бетке» құлақ тостым.
– Тыңдап тұрмын.
– Бұл кім екен, маған Дірек ағай керек еді.
– Өзі.
– Салаумағалейкүм, мен Лысый деген інішегіңіз болам. Бір қарағанда балаңызбын.
– Қалай «бір қарағанда», қазақпысың?
– Қазақпын. Сіз мені танисыз, ағай. Ақтаулықпын.
Лысый мекен-жайды жазып алып: «қазір сізге сәлем беріп шығамын, көп уақытыңызды алмаймын» деді.
Бәтеңкесінің өкшесі мыж-мыж, балмұздақ па… жоқтан шүкір мұртына ақтаңдақ бірдеме жұққан, көзілдірігі сатпақ-сатпақ ербиген біреу үйге кіріп келді. Лысыйымыз осы болды.
– Аға, мен төрге шықпаймын, асығыспын. Шаруамен жүрмін, – деп Лысый әрмен қарай: Ақтау-мұнай-шеврон деді ме, арасына Американы қосты ма, бірталай түсінікті-түсініксіз сөздер айтып, зуылдап алып асты.
– Та-а-к, болдың ба?
– Ер жеткен балаларыңыз, жақын-жуықтарыңыз бар ма? Бізге сенімді, қайратты жастар керек. Бізде айлық табыс жаман емес. Айына үш мың доллар. Коттедж үй болады. Гаражы, ауласы, машинасы…
Лысыйдың үсті-басына көңілі толмай, ерінін шығарған да емес, шығармаған да емес – ауызы біртүрлі боп отырған біздің би:
– Айына үш мың доллар? Үш мың доллар дегеніңіз теңгеге айналдырғанда-а, – деп, алға қарай кетіңкіреп қалған астыңғы ерінін жылдам жинап алды.
Қазір не көп – алаяқтар көп. Осы қу сондайлардың бірі болып жүрмесін деген сақтықпен, мен:
– Шырағым, ол неғылған батпан құйрық, – дей бастап ем, би:
– Біздің бұ қасқа енді сөйтеді ғой, – деп басындағы орамалын жұлып алып, әрмен қарай сілкіп жіберді. – Үйлерін шетелдіктерге беріп үй жасап, тағы басқа да тірліктер жасап жатқан жоқ па, жұрт қазір. Бұл…
– Жеңгей дұрыс айтады, жеңгейдің түсінігі бар адам екен, – деп Лысый пәлекет біздің биді тілімен түртіп қалды.
Маңдайым быт-шыт болып, мен Лысыйға қарадым.
– Біздің үйдің телефонын кімнен, қайдан алдың, сен қу?
– Біздің ең үлкен көкеміз, ең үлкен бастығымыз Мәскеуде тұрады. Сіздің және бірнеше адамның аты-жөнін, мекен-жайларын маған берген сол кісі. Көмектес деді.
– Бастығың кім деген?
– Кеңпейілов Кедір деген. Сіз ұмытып қалғансыз, біз ол екеуміз студент кезімізде сіздің үйде талай болғанбыз. Сіз құдайдан тілеген адамсыз.
«Құдайдан тілеген адамсыз» деген сөзі ішімді жылытып, мен берілуге қарадым.
– Сонда ол неғылған батпан құйрық?
– Бізге Америкадан, Канададан көп зат келеді. Алдыңғы кезекте жұмысшыларымыздың аузы-мұрнына тыққыштаймыз. Ауысып жатса өздеріңіз сияқты құдайдан тілегендерге…
– Слушай, сонда ол неғылған батпан құйрық?
– Сіз батпан құйрық дей бересіз. Бос жатқан батпан құйрық жоқ, аға. Бізде, мысалы, қант бар, вермишель бар, Вьетнам күріші бар…
– Бағасы?
– Бағасы – сутегін. Қолға квитанция береміз. Бізге теңгеден гөрі құжат тиімдірек.
Биге көзім түсіп кетіп еді, бетіне қан жүгіріп, адам болып қалыпты.
– «Жалмаңдаудың қажеті жоқ, берейін десе құдай өзі береді, құдай өзі береді» дейтін едің. Берді деген осы, – деп бидің тілі сыртқа шығып, аузының айналасында жүріп қайтты.
– Размері есімде жоқ, етік бар, шампан бар, – деп, Лысый інім әрмен қарай лыпылдатты. Нанайын ба, нанбайын ба?…
– Әзірге екі қап қант, бір қап вермишель, бір қап үн ала тұрыңыздар. Сосынғысын – сосын.
Бидің ауызы жылдамдық ала бастады.
– Күн ыссы, ұн ашып кетеді. Бір қап жарайды. Қантың мен вермишеліңнен тағы бір-екі қап қарайлас, айналайын.
– Болады. Былғары пальто, еркектердің бәтеңкелері бар. Размері есімде жоқ, қазір сұрап білейін, – деп Лысый орнынан түрегеліп, телефонға барды.
– Алло, Таня, а…а, Лариса, привет, это я… Жеңгей, жазып алыңыз.
Біздің би шапқылап жүріп қалам-қағаз тауып алып, Лысыйдың айтқанын айтқандай, айдақтатып-сойдақтатып жаза бастады.
– Етік женский. 37-размер. Бәтеңке швейцарский 39 размер. Кілем… персидский…
Алатын заттарымыздың рет саны 39 болып, қырыққа біреуі жетпей тұр еді. Лысый:
– Айтпақшы, импортный тырнақалғыш пен тісшұқығыш бар. Қаласаңыздар, – деп, телефонды бір пәле қып жіберді.
– Құрсын, тырнақалғышты қайтеміз, – деп біздің би төбеге қарап бір күліп алды.
– Қашан жеткізіп берейік? Ертең ондарда? Меніңше бүгін дұрыс. Қараңғы түсе. Он бірлерге таман. Ақы-пұлына, айттым ғой, еш қиналмаңыздар. Тек транспорт пен жүкшілерге шамалап нетсеңіздер болды.
– Қанша? – деген менің сауалыма Лысый:
– Көп емес. 500 теңге жетеді, – деді өкшесі жырым-жырым «швейцарский» бәтеңкесін аяғына іліп жатып.
Түнгі сағат он бірлерде қара көрсетіп, азық-түлігімізді ырсылдап-пырсылдап он екінші қабатқа жеткізіп беретін Лысый бауырымыздан – міне, он екі жыл болды – әлі хабар жоқ.
Милиционер ағайындарды кеше ғана біреулерге қосылып жамандап, іске асырмай тастап ем, алдарына баратын болдым-ау, ойбай ғана құдай-ай! Міне, біз осылай байыдық.
ҚАРА ШАМАДАН
Есіктен ешкідей қара шамадан кіріп келді. Ән салып, газет басып тұрған мен де, машинаның артында аузы жыбырлап газет санап отырған Аухади де екеуміз де есікке қарай жүгірдік. Есікке мен бұрынырақ жетіп, ілмешегін ілдім. Аухади шамды сөндірді. Бас-аяғы санаулы секундтың ішінде екеуміз де суық қаруланып алдық. Аухади бүгін ғана басталған рулон қағаздың үстінде жатқан бір метрдей пышақты, мен клище тесетін бұрғыны алдым. Тың тыңдадық, терезеден сыртқа көз қыдырттық, ешқандай бет көрінбеді. Аухадиге менің төрт-бес айлық ағалығым бар еді, мынандай сын сағатта сонымды ескеріп, оған қуат беру мақсатымен өтірік батырси қалдым. Іште тұрып сыртқа айбат шектім.
– Уа, бұл қайсыларың түн ортасында түлен түртіп жүрген?
Жауап жоқ.
– Уа, орта есеппен нешеусіндер?
Тіл жоқ.
– Бұл тегін емес. Екеуміздің біреумізге өшігіп жүрген бір дүлей күш бар, – деді Аухади. – Анада терезенің ашық көзінен пышақ салбыратты. Енді міне тағы… Бұл қара шамаданның ішінде біреудің басы аузын ашып, есінеп жатпаса неғылсын…
Менде қай бір бүтін жүрек бар, «безгегім» ұстап қоя берді. Айт-айтпаса да бұл тегін шамадан емес. Бүгін түннен тірі шықсақ ертең коллективке қалайда хабарлау керек. Қауіпсіздік жағдай жасалмай болмайды. Бірде болмаса бірде терезенің ашық көзінде қос ауыз мылтықтың екі танауы үңірейіп, қорғасын түкіріп жібермесіне кім кепіл!
Аудандық газет редакциясы жанындағы осы баспаханада менің печатник болып қызмет істегеніме екі жыл. Баспахананың мехнатын басында барлар біледі. Мысалы, мына мен, яғни Саламат ағаларың осы уақыт аралығында не көрмеді. Маңдайларындағы бір-бір бетті ақырғы түзетуден өткізіп, әріп теруші қыздар күнмен бірге ұзатылып кетіп жатады. Сонан соң арттарына қарайлай-қарайлай корректорлар қол бұлғайды.
Сөйтіп барлық байлық, барлық билік бізге қалады. Мұның өзі бір жағынан бізге мақтаныш та еді. Өйткені бір ауданның ойдай газетінің жауапкершілігі біздің мойнымызда. Бүкіл аудан бізге қарап жатыр!
Екі жыл бойынғы жұмыс процесінде маған көмекші құтаймады. Есептеп қарасам осы уақыт ішінде он қаралы көмекшім болыпты. Бәрі де баспахана бейнетінің бірер күн «қызығын» көріп ізінше қол бұлғайды.
Енді қайтсін. Клище, әріп ұшады, жіп үзіледі, қағаз тастап тұратын таяқша сынады, оқтын-оқтын валикке газет оратылады, түнімен алас ұрып шығамыз. Міне әлгі: «Маған бай шақ келмеді», – деп бір мақтаншақ жеңгеміз айтқандай, маған көмекші шақ келмеуінің себебі осыдан. Рас, мына Аухадидің тұқымы бөлектеу екен, айналайын. Әзір сыр бермей жүр. Міне, енді қара шамаданды да көріп отырмыз.
Осынша өшігетіндей қайсымыз қай адамға қиянат жасадық, кімнің обалына қалдық, соны еске түсіру үшін екеуміз газет басатын машинаның артына келіп, ойласып қалдық.
– Оллаһи, өз басым аманмын, – деп қарғанды Аухади.
Менде қарғандым. Дегенмен де мен оған бір-екі адамнан сезігімнің барын айттым.
– Өткен жылы бір жексенбінің кешінде Бейбітшілік көшесінің бойымен қақайып кетіп бара жатсам, жинақ кассасының алдында әлгі ауданымызға танымал аласа кісі тұр.
– Айдабол!
– Сол ағаң. Тұрысы менен сәлем дәметіп тұрғандай. Сауабы тиер дедім де, иегімді айдалада бара жатып шошаң еткіздім. Ол да дайын екен, кідіртпей жауап берді де сұқ саусағымен өзіне іліп шақырды. Бардым. «Сен өсесің, сен өсетін жігітсің» деді. Дұрыстап рахметімді айттым.
Бірде онымен тағы да көшеде қауыштым. Ол арғы бетте, мен бергі бетте. Мені көре сала айқайлап, домалап жетіп келді. Жайшылық па деп едім, жайшылық деді. «Сен өсесің, сен өсейін деп жүрсің», – деді. Жақсылыққа жорып, тағы да молдау етіп алғысымды айттым. Ол кері домалап кете барды.
Тағы бірде дүкенде көгендеулі галстуктерді дөңгелетіп қарап тұрсам, біреу жауырынымнан шымшып тартты. Бұрылып қарасам, сол бір тұтам ағай, «Шығып кетші», – деді. Шығып едім, сонау сордың жағасына дейін шығынтты. Мен аздап секем алып; «Сіз мені өлтіргелі жүрген жоқпысыз?» – деп едім, ол кейіңкіреп тастады да: «Мен тілектес адаммын, – деді. – Сен өсесің, сен өскелі жүрсің!».
Ит өлген жерге дейін шығынтқанда айтқан бар құпиясы осы. «Көңіліңді коньяк көтерсін», – дедім. Оның менімен ісі жоқ, бұйымын бітірген адамдай домалап алып асты.
Мен адам танысам мына қара шамаданның «авторы» сол. Ол мені не біреуге ұйғарып жүр, не бірдемеге бастап жүр. Ертең мен ол бір тұтамды жұтып жіберемін!
Енді екінші сезікті адамымды айтайын.
Биыл жұмыстан кейін Оспан екеуміз шахмат ойнап отырсақ, бойы көз шамамша екі-үш Айдабол шығатын бір жігіт салбырап тұрып алды. Мен: «Сізге кім керек?» – деп едім, ол: «Бізге сіз керек» – деп сыртқа басын ырғады. Басыма неше түрлі бәле келді. Кішкенеден кейін жаңағы жайсаңға тағы бір ұрланып қарап едім, ол қапы жібермеді, сыртқа басын ырғады. Мен міз бақпадым. Ол мені түсінбей қалды деді ме, әлде такаппар санады ма: «Шығып кет деп тұрмын ғой», – деп жер тепті. «Шықпаймын, бірдеме бергің келсе мына кісінің көзінше бер», – деп, менде артықтау кетіп қалдым. «Жоқ, шығасың», – деді ол.
Шықтым.
– «Топан» деген роман жазып тастадым. Соны үйге барып оқып шығасың», – деді ол. Көндім.
Алдына салып үйіне айдап әкелді. Қасыма бір бақыраш көженің суын қойды. Сосын «Топанның» қолжазбасын шаңын бұрқыратып алдыма топ еткізді. Бір бақыраш көженің суының арқасында авторына алаң-ғұлаң карап қойып, аттап-аттап шолып шықтым. Шыбын жаным үшін өкіртіп мақтап бердім.
Бір кезде ол: «Ал олай болса сен осы романнан газетіңе үзінді басып жібер», – деді қасымдағы бақырашты қозғап-қозғап қойып. Бақыраш қозғалған сайын шыбын жаным тыпырлап барады. «Бітіп тұрған бүтін дүниені жырымшылап, алақандай аудандық газеттің бетіне қор қылғанша жетінші поезбен Ақтөбеге қоя бер», – дедім мен тұтқыннан шығудың жолын іздеп. «Сен олай болса осыны толайым машинкаға басып бер», – деді ол. «Машинкаға басылғаннан гөрі қол жазбашасы құндылау, нанымды, өтімдірек келеді», – дедім мен. «Ал сен олай болса анада редакцияға түскен өлеңдерге шолу жасағанда менің поэзияма тіл тигізіп не әкеңнің құны бар еді?» – деп, ол бақырашты тағы да қозғап-қозғап иманымды ұшырды.
Кешірім сұрадым, ең жаңа өлеңдерін сұрадым, тұтқыннан әрең құтылдым. Мына қара шамаданның иесі сол болмаса?
– Романисіңді қайдам, Айдабол ағай атақты ақ көңіл кісі деп естимін. Сіз түгіл, әне бір жылдары осы аудан басшыларының біреуінің кабинетіне кіріп барыпты. Кіріп барыпты да: «Ақсақал, столыңызға ие болыңыз, өсесіз, өсірем» депті.
– Күн шықсын, сосын көрерміз, – дедім мен. Қазір валиктерді босатып, аздап мызғып алсақ? Жүз қаралы газет қалыпты, таң қылаң бере сартылдатып тастармыз. Қазір екеуміз де осы шөккен күйімізде ұйқының ауылына жүріп кетейік?
Жүріп кеттік.
…Атып тұрдық. Есіктің арғы жағынан «мына екеуі өліп қалған ба?» – деп айқайлаған үй сыпырушының даусынан шошып ояндық. Есікті ашсақ әжей, оның артында жетісіп, күліп баласы Нәкей тұр. Нәкей өткен аптада облыс орталығына командировкамен кеткен еді. Ол тырқылдап күлген бойы қара шамаданды өңгерді де жүре берді.
Үмбетбай УАЙДИН





