БІЗДІҢ ҮЙДІҢ ҮТІКТЕРІ
Жадыраған жаз келісімен сайын сақарада көбелек қуып, тышқанның ініне су құйып, жардың беткейінен «тау жолын» жасап, сол «жолда» күресіннен теріп алған бәтеңкенің өкшесін немесе ағаштан добалдап жонып алған «машинамызды» айдайтын, тал шыбықты ат қылып мініп, үй жасап, «қыдырып» келген «туыстарға», «көршілерге», «құда-құдағиларға» «дастарқан» жайып, «қонақтарға» сіріңкенің қорабына алабел ара салып «музыка» қойып беретін, ташан теуіп, бестас, соқыртеке ойнаған, қарағайдың шайырын шайнаған қызықты шақтарға; үйдің аяқ жағындағы бастаудың өлеусірей ағып жататын жіңішке суына көпір жасап «инженер» болған, садақ, рогатка, зақпы атып «мерген» болған күндерге; аппақ ай мен оның сүттей жарығы тек өз туған жерімде ғана деп сезетін, жайлаудың салқын саумал ауасын сіміре жүріп ақсүйек ойнағандағы жұлдызы жымыңдаған сол бір түндерге; қыс болса кендір немесе тарамыс жіппен жиі сырып берген момын қара (мақталы қара шүберек шақай) киіп көкбалақ болып шана, коньки теуіп, сиырдың қатқан жапасы, жалпақ тас, күректің басы немесе тулақ секілді заттарға отыра салып қарлы беткейден зымырап кеп сырғанайтын, үйге орала сала пештің аузын ашып, шылқа су болған момын қара шақайды пештің аузына таяу жерге кептіріп қойғанда шоқ түсіп кетіп тесіліп, таяқ жеген; ат жалын тартар азамат болсақ деп аңсап, «өтпейді-ау» деп алаңдай беретін еш нәрседен қамсыз, ойын ғана қуған пәк балалық шағыммен амалсыз қоштасып, алтын ұя мектептің қақпасынан аттап, мектеп тәрбиесін қабылдап, білім алуға қадам тастадым. Бұл – 1981 жылдың күзі еді.
Екінші сыныпқа өткенге дейін мен байғұсқа арнап сатып алған шалбар бұйырып көрмепті. Шешем жазда қара шибарқыт шалбар, қыста мақталы шалбар немесе тері шалбар тігіп беретін. Ол кезде қазіргідей дайын тұрған ішкиім (үлкендер «тізкиім» деп те айтатын) қайдан болсын! Алаетек бұлдан немесе сәлдебоздан тізеге жететін ыштан тігіп, сала құлаш бау ызып өткізіп, екі ұшын тұйықтап береді. Екі ұшы тұйықталмаған баудың бір жақ ұшы ышқырдың ішіне қашып кетіп, ішкиімім аяқтың басына дейін түсіп кететін жағдай да болып қалады. Ыштан бауының екі ұшының тұйықталуы ішкиімге тұсалып қалуды болдырмаса да кейде одан да ұятты жағдай туатыны бар. Қапелімде қайшы немесе бәкі қайдан табылсын? Шешуші сәтте ыштанның бауы шиеленіп қалып, бұтқа жіберуден басқа амал қалмайтын кездер де болған. Ондайда киімің құрғағанша топқа қосылмай, қасыңа таяғандардан бойыңды аулаққа салып, іш кірнең ұстаған адамдай тыжырынып жүресің де қоясың. Егер мектепте болып, жағдай «ауырлау» болса сылтау айтып, рұқсат сұрамай болмайды.
Қой-ешкі, сиыр сауу, беткейге кететін қара тоқал ешкі секілді мөшке ешкілерге желінқап кигізу, су әкелу, үй тазалау, екі-үш күнде бірер таба нан пісіру сынды түгесіліп бітпейтін күнделікті үй жұмыстарынан әредік қолы босай қалса шешем «Көбелек» маркалы тігін машинасын іске қосып, жыртылған киімдерді жамап-жасқап, кейде қайта-қайта жіп шайнап кетсе машинаның тісіне, арқау жіп ораған «қайығына» май тамызып, үзілген жіпті инеге өткізе алмай әуре болып жатады. Кейде жіп өткізуге көмекке мені шақырады:
– Көзің өткір ғой. Келші, қарғам!..
Шешем жарықтық тазалыққа қатты мән беретін сыпа адам еді. Асты-үсті көрпелердің тысын ай сайын жуып, қаптап, тебенмен сырып қоятын. Ол кезде қазіргідей дайын көрпеқап, жастыққап бар дегенді білмейміз.
Есімнен бір шықсайшы. Бірінші сыныпқа түскен жылы қыста мектепке тері шалбар киіп бардым. Әрине, сыртына ағаларымның көне кездеме шалбары қапталған. Қорбиып тұратын икемсіздеу шалбар киіп келгенімді біліп қойған тентек балалар шалбарымды шыбықпен, ұсақ таспен торсылдатып ұрғылап:
Киген екен жүн шалбар,
Таңғалсаң осыған таңғал.
Қонжықша қорбаңдап қашады,
Құйрыққа түртіп қусаңдар.
Шалбары мүлдем тосып ап,
Сасық желмен ішін толтырад.
Таяқпен түртіп қалсаңыз,
Шығарад дыбыс торсылдап, – деп тақпақтап әбден есімді шығарған соң тері шалбар деген бәлені кигеніме қатты өкініп, демалыс күндері мұз сырғанағанда болмаса мектепке ондайды киіп бармайтын болдым. Шешем енді қара шибарқыттан мақталы шалбар тігіп берді. Байқаймын, маған шалбар тігіп бергеніне шешем ептеп өкінетін де секілді. Өйткені, шаруаға жұмсағанда ойыннан мойын бұруға мұрсам тимей жүріп алсам қамшы, шыбық, бишік секілділермен құйрыққа талай рет шықпыртқан кезде атыңнан да, затыңнан да айналайын қорғаушы шалбарым сірескен күйі былқ етпейтін. Ондайда тері шалбар киіп жүргеніме риясыз қуанамын.
Сол жылдары жастар арасында кең балақ шалбар кию, шаш өсіру, шәпкенің ішіне айналдыра қатты қағаз салу немесе төбесін шошайтып ішіне орамал салып кию деген үрдіс пайда болды. «Сібірткі балақ, шөп желке» модасы делінетін. Шәпкенің ішіне орамал болмаса да жаман-жұтық қағаз, газет салып, үлкендерге еліктеп біз де әлімізше қырланып бағатынбыз. Әрине, базар шалбарды білмеген соң біздің үйдің тұрмысында «үтік» деген атау болып көрген емес. Ағаларым университетке өтіп, қыстық демалысқа келген жылы ғана шалбардың қырын шығарып кию дегенді көрдім.
Сол жылы қыс қатты, қар қалың болды. Жел өтіндегі жотада мойындары сорайып қалтырап тұрған бірнеше тал қурай, келмеске кеткен жастығы мен тамырына қуат әкелер көктемін аңсап дағдылы ызыңына басқан. Өріске қоя берген тік тұяқ ешкілер қарды тарпи-тарпи жалығып, тіске сыздық болар дәнеңе таба алмаған соң төркіншіл әйелдей үйге қарай қайта-қайта қашып, ағаш қашаға алдыңғы аяқтарын іліп, қаз-қатар тізіле тұрып, лапастағы шөпке мойын созып әлек. Салақтаған шөпке жуық тұрған кей ешкілер ауызына әрең ілінген талшығына қатарындағылардың таласа кетуінен алаңдап, ермен иісі бұрқырап тұрған шөпті тым асығыс, ептеп тамсана шайнайды. Әй қу кеңірдек-ай десеңші, кейбір әбден кәнігіп алған тәжірибелі, тұяғы епті ешкілер саты арқылы лапастың төбесіне шығып кетеді. Біздің үйдегі дастарханға нормалап қана жіңішкелеп туралатын таба нан секілді, көктемге дейін шақтап берілетін малға арналған аз ғана шөптің берекесін кетіруге әбден дәндеп алған бұл ешкілерді қуалау, әрине, менің міндетім.
– Кебенек келгірлерді қуып салшы. Байқа, балам, сирақтарын қашаға өткізіп сындырып алмасын, – дейтін шешем ескертіп.
Қыста кей кездері пештің қызып тұрған плитасына түкіріп ойнаймын. Ыстық темірге түскен түкірік жанын қоярға жер таппай, «быж-быж» етіп дызақтай қашып, соңында плитаның үстіне ақшыл дақ қалдырып барып ғайып болады. Бетім пештің ыстығынан әбден қызып, түкірігім аузымнан әрең шығатын болған кезде немесе шешем байқап қалғанда ғана бұл ойыным тоқтайды.
– Пештің үстін былғағаның не, осы да ойын болып па! Отқа түкірме, жаман болады. Аузыңды бұрап жұлып аламын! – деп ұрсады шешем.
Дәл осы қыс. Орман қорғаушы болып міндет атқаратын әкем орман алаңының жылдық қорытынды жиналысына барып, көңілді оралды. «Озат қызметкер» болып бағаланып, бір сары шекпен боқша және сыртына Мау Цздұңның бас суреті салынған темір шөңкемен марапатталыпты. Үйіндегі нан-құртын салсын деп жаны ашып беріп отыр дейсің бе! Шекпен боқша, әрине, үкімет орындарының рұқсатымен кесілген қу қарағайға таңба басатын, басында «+» бедері бар балға мен таңба басуға қажетті қалбырдағы қызыл сырды салу үшін берілгені анық. Әкем жоқта бұл балғаны алып ағаш үйдің құлақтарына таңба басып, «орман қорғаушы» боламын.
– Балғаның басындағы қосу нені білдіреді? – деп сұраймын әкемнен.
– Осы ағашты кесуге «қосылдым» дегенді білдіретін шығар, – деп күлетін.
Марапатқа келген бұл темір шөңкені шешем ұн илегенде су дайындайтын ыдыс қылып алды, одан қалды, ағамның шалбар басатын табылмас құралы болды. Шөңкеге қайнаған су құйып алып, шалбардың үстіне басып қызылтанау болып жатады. «Көрмегенге көсеу таң», қарап тұрып таң-тамаша боламын.
– Аға, шалбарыңды неге шөңкемен басып жатырсың?
– Мұны «үтіктеу» деп атайды. Шалбардың қырын шығарып, бырыс-тырысын жазамыз. Әкемнің мына шөңкесі «үтіктің» рөлін атқарады.
– Қырын шығармай кие берсең болмай ма?
– Қалада шалбардың қырын шығарып киеді. Киім деген шалбарланбай, бырыспай тұрса ғана жарасады. Ауылдан келген «жабайылығыңды» сездірмеуің керек.
– Тері шалбар киіп жүрген әкем де жабайы ма? Үкіметтің қызметін істейді ғой.
– Қала мәдениетінен қағыс қалсаң «жабайы» боласың.
– Қаладағы кей адамдар жамандық істейді дейді. Сонда шалбарды бырыстырмай кисе ғана мәдениетті болғаны ма?
– Қойшы, басымды ауыртпай!
– Аға, мен қашан өстіп киемін?
– Әрине, базар шалбар киген кезде.
Сол күннен бастап үтік деген нәрсенің шалбардың қырын шығаратын аспап екенін білдім әрі сөздік қорыма «үтік» деген зат есім мен «үтіктеу» деген етістік қосылды.
Кейде ағам дегдіген шалбарын жатарда төсеніш көрпенің не текеметтің астына басып жатып:
– Біліп қой, үтік жоқ кезде бұл ең тамаша тәсіл, – деп қояды маған. – Төсеніштің астына бассаң, аунақшымай жатуың керек.
Тәлейім жанып, аяқ астынан маған да бір базар шалбар бұйырғанын қайтерсіз. Түнгі тойға барып келген ағамның шалбарының балағы бірнеше жеріне шоқ түсіп тесіліп қалыпты. Жарым күндік уақытпен қысқартылған базар шалбар менің еншіме тиді. Недәуір кең-мол болса да ши борбайыма базар шалбар бұйырғанына мәзбін. Тұра жүгіргенде бір аяғым басқа балағыма ілініп, оңбай омақассам да жығылғанымды базар шалбардың «абыройы» дереу ұмыттырып жібереді. Жығылып бара жатқан қас-қағым сәтте миымның қуысын шалбардың тізесін қалай да аман сақтап қалу керек деген тапқыр ой кеулеп ала қояды. Тұра сала жер сүріп қанаған алақаныма емес, шалбардың тізесі мен қырына әлсін-әлі қараймын да амандығына көз жеткізген соң «ақырын жүріп, анық басуға» тырысамын. Ал, кешке қарай ел орынға отырғанда шөңкемен «үтіктеп» ала қою мен үшін әдетке айналды.
– Мынаның шалбарының қыры не деген көп, мынауың «гармон шалбар» болыпты, – деп күлетін ағам. – Бұрынғы қырынан аудырмай дәл сол ізбен бүкте. Мынауың қырлау емес, шиырлау ғой, жаным.
«Тауықтың түсіне тары кіреді» дегендей, көбінесе жұлысып-тартысып ойнап, тайынша мініп тепектеп, қозы-лақ қуудан жазбайтын бір сыдырғылау түсімнің де түрі өзгерді: түсімде қыры пышақтың жүзіндей кездеме шалбар киіп қоразданып келе жатамын немесе үтік басып жатып қолымның қозғалысынан оянып кетемін де көзім қайта ілінгенше «енді қайсы ағамның шалбары күйер екен, шіркін» деп ойлап жатамын.
– Мынау түсінде үнемі шалбар көретін болыпты, – дейді ағам асқа отырғанда мысқылдап.
– Түсіне жын кіргеннен сым кірген әлде қайда жақсы емес пе, – дейді шешем. – Сендер киетін шалбар бұған да бұйыратын күн туар.
Қолдау тапқаныма тәп-тәуір марсиып қаламын.
Бір күні, орман алаңына қыдырып кеткен ағам тұтқасы бар, жарты кірпіштей бір нәрсе әкеліп, ішіне шоқ салып жатты. Бәлкім «қорықтық» қайнатып ішкелі жүрген шығар, мынау соған арнап жасалған ыдыс болар деп ойладым. Қайтер екен деп байқап отырмын. Ағам шалбарын қыры бойынша бүктеп, үйдегі тоқымдай ғана астақтайдың үстіне қойған соң темір шөңкеге құйып әкелген суды шалбарының үстіне аз-аздан сеуіп, судың буын бұрқыратып, «қара машинаны» шалбардың үстімен ерсілі-қарсылы жүргізе бастады. Үтіктеп жатқаны түсінікті, әрине. Үтіктің екі жағынан бу бұрқ-бұрқ етіп шығып, ыстық темір үтікке төбесін қарып алған су тамшылары «быж» етіп секіріп қаша жөнеледі.
– Мұны не деп атайды, аға?
– «Шоқ үтік» деген осы, ыстық шоқтың өнімі қайнаған сумен басқаннан жақсы болады екен, – деді ағам. – Біреудің үйінен сұрап әкелдім, қазір апарып беремін.
Бұл мен көрген екінші үтік еді.
Қысқы демалыс аяқталып, ағаларым оқуға кетіп қалған. Бір жолы түстен кейін шөңкеге көмірдің шоғын салып, әлгі шалбарымды үтіктей бергенімде шешем көріп қалып:
– Еріккен жүгірмек сол. Ойламайтын ойың, қылмайтын қылығың жоқ сенің. Тамақ пісіретін ыдысқа неге көмір саласың, іші қарайып кетпей ме! – деп шөңкені қолымнан жұлып алды. Жасанды кездеме шалбардың алақандай жері шөңкенің түбіне жабысып қалғанын көріп, екі-ақ ырғып есіктен шыға қаштым. Артымда қуғыншы жоқ екенін байқап, есік көзіне сәл аялдағанымда, шешем:
– Су сеппей үтіктеп, көп-көрім шалбарды күйдіргенін қарашы мынаның! Сап-сау нәрсеге жамау түсетін болды енді, – деп күңкілдеп, тігін машинасын алып жатыр екен. Бүгінгі жұмысты ертеңге қалтырмайтын әдеті.
Кейін электрі бар, бағы мен базары, дырдуы мен күйбеңі басқа ортаға келген кезімізде токқа жалғанатын бу үтікті пайдаландық. Ал, қазір киімді іліп қойып үтіктейтін «тік тұрма» үтікті әке-шешем көре алмай кетті….
«Қатты жүрсем шаңдыаяқ, ақырын жүрсем салпыаяқ» дегендей, таудағы жапаға толы тұрмыс кезінде қатты сөзді ең көп еститін едім. Үйдің сетері де, серісі де университетке оқуға түскен ағаларым. Өте бір қатты-қайырым жұмыс болмаса оларды көп жұмсамайды. Жазда қымыз ішіп қыдырып, той тойласа, қыста көршілердің үйіне барып қарта ойнап, сүрі жеп, орта мектептегі кластастарын іздеп, бас қосып, көбінде сауық құрып жүреді. Ауылдағы қыз атаулы соларға жуық.
– Үйге бір келгенде әлгі далабезерлердің септігі тимейтін болды-ғой. «Бір әке он ұлды баға алады, он ұл бір әкені баға алмайды» деген осы екен-ау! – деп ашуланған әкеме шешем сап-сап айтады:
– Қатықсыз тамақ жеп жүдеп-жадап, өңдері бозарып, жүкаяқтың астына өскен ақ шөптей әлжуаз болып кетіпті. Кітап сорып, оқудан шаршап келді ғой, көңіл көтерсін, серпілсін, ми сергітсін. Үй жұмысына оларсыз-ақ жетіспеуші ме едік.
Осындай сөздің мөрті келе қалғанда:
– Мен ойнасам болмай ма? – деймін күндестігім қозып. Қанда бар әдет шығар…
– Жақсы оқып, университетке барсаң сен де осылар құсап шырт-шырт түкіріп, шертиіп жүресің. Селтеңдеу саған дәл қазір жараспайды, – дейді бала тәрбиесіне аса қатаң, әрбір іс-әрекетімді сынап-мінеп, тезге салып, «үтіктеп» отыратын шешем. – «Өнерпаз болсаң арқалан» демеуші ме еді Абай атаң.
– Кешке дейін неге мені ғана жұмсай бересіңдер? – деп жыламсыраймын.
– «Баланың кішісі болғанша иттің күшігі бол» деген осы, – деп күледі әкем. –Ағаларыңның жақсы жағы, ұнамды сөз-әрекетінен тәлім ал, ұлым. «Алдыңғы арба қалай жүрсе соңғы арба солай жүреді» деген, жақсы оқып, ағаларыңа ілес.
Содан бастап, мен де университет оқып кетсем ұрыс естімейтін шығармын, шаңымды қағып, сөз-әрекетімдегі «бырыс-тырысты» жазу үшін өздерін отқа төсеп отыратын үйдегі осы «үтіктерден» жыраққа кететін күн болса «отырсам опақ, тұрсам сопақ» болудан құтылармын деп армандайтын әрі сол арманыма міндетті түрде құлшынатын болдым…
Сол арманға да жеттік, әйтеуір…
Бірақ, бірақ…
Бала күнімізде қанат қағып шалғайға кетуді соншалықты тілеуші едік. Ер жеткен кезімізде сол шалғайдың қара шаңырақ екенін енді сездік-ау, ә…
…Бір кем дүние-ай!..
Қаусылхан ҚАСЫМХАНҰЛЫ





