ӘБУДІҢ ҚОС КҮРЕҢІ

Зауза айының аяғы саратанның басына жуық бір күн, бір түн қатарынан жаңбыр толастамай, тосын мінез көрсетті. Күндіз-түні көк жүзін торлаған қара-сұр бұлттар –  бірде түйісіп, бірде аз-мұз ара жіктерін ашып, бірде сатырлай, бірде бәсеңси жауып, әйтеуір, ойына не келсе, сонысына жол беріп, «Әй, дейтін әже, қой, дейтін қожа» жоқтың қасы болғандай күйге енді. Қос күрең ат аула ішінде қыстан қалған еркек, жусан, ажырық, сарымия аралас сүр шөпті құлықсыз тісіне басып, оны құлықсыз шайнайды. Биік ауланың ықтасын бетінде кесік құлақ сұр төбет шоқиып отыр. Әлсін-әлсін тілін жалаңдатып, қыңсылап қояды. Көз қыры қолына төрт бұтақты айыр ұстап, талтайып тұрған үй иесінде, бірақ, негізгі назары – итаяқта. Мезгіл кіші бесін мен екіндінің арасы, кенет, батыс бетте жалт ойнап, күн күркіреп еді, себелей жауған ақ жауын сәл-пәл бәсеңсиін деді. Десе де, көк жүзіндегі бұлттар қабағын қарс түйіп, нығыздала түсті.

Іштен ұзынша халатын орай жамылып, қалыңдау орамалын жағынан бастыра тартып, аяғына резеңке галош киген орта бойлы, толықша, ақсары өңді бәйбіше шығып:

–  Апырай, мына аспан тесіліп кеткен болар, тіпті садақаға өгіз сойып жаудыра алмайтын жауын тегіннен-тегін шелектеп құйды-ау, –  деп мысқылдай дауыстады да, кілт тоқтап: –  Е, Жаратқан Ием, кешіре гөр пендеңді, аузы құрғырдың қалай сөйлеп кеткенін байқамай қалыппын ғой, тілім де бір қышымайтын кезде қышып. Әншейінде сөйлеуге сөз таппай күрмелетін еді, қарашы, жоқ жерден сумаңдай қалуын! –  дегенді қосымшалап, үш-төрт адымдай жерде аулаға сүйеніп тұрған отағасына қадала қарады.

Үнсіздік. Сол үнсіздік құрығанда сүт пісірімдей уақытқа созылар ма еді, қайтер еді, шұнақ құлақ төбет ауланың арғы бетінен арс-арс етіп ызалы да, ызғарлы үн шығармаса.

–  Көтек, бұған не көрінді, әй! Бұл шіркіннің қарадан-қарап тұрып, абалайтыны бар, кей-кейде, – деп бәйбіше үнін біртоға шымырлата шығара бергенде атының үстінен ауладан бойлай қарап тұрған Бекбосынды көзі шалды. Шалды да күлімсірей отағасына қарай қадам басты.

–  Ассалаумағалейкүм, Әбеке! Сәлем бердік, жеңеше, –  деп дауысын шиқылдата шығарған тосын жолаушы аттан емес, ауладан қарғып түсті.

–  Бұл не өнерің, аттың құлағында ойнауыңды аулаға ауыстырғаның, а? –  деді жас жігіттің ұсынған қолын уыстай қысқан Әбу жылы шырай көрсетіп.

–  Шырағым-ау, әйтеуір жай жүрсің бе, жай жүрсең болды ғой. Ақбөпенің дені-қарны сау ма? Көптен көрінбей кеттің ғой, жүдә! Тездетіп, шай қояйын, үйге кірсеңдерші, –  деген бәйбіше кейін бұрылып, сыртқы есікті шалқайта ашты.

–  Иә, иә, апай, күн шыға күреңге тақым салып-ем, содан көтере жортақ, кейде бүлкіл. Ал енді бар ғой, біздің өңірде жауын атымен жоқ, жауынның көкесі Шымырдан шыққасын білінді. Шамамен осы арадан жеті-сегіз шақырымнан кем болмаса артық емес. Таңғалдым, табиғат шіркін осындай алалық істегенде деймін-ау, адам не істемесін! Бізде ала құйын шаң, мында рахат. Әлгі Шәки Асан баласының: «Көкала шаңның астынан, Құтырып шыққан құйын көрдім. Өзіне-өзі қас қылған, зәнталақ қой деп түйіндедім», –  дегені тура алдымнан шықты-ай!

–  Ой, айтқышым-ай, сонда бір ұмтылыс жерге қанша уақыт жүргенсің! Әйда, үйге кірейік, қалғанын дастархан үстінде айтарсың, –  деп Әбу қоңырлау үнін көтеріңкіреп тосын қонағына есік жақты нұсқады.

***

Аудан әкімі Тайлан Құдайберді баласы демалыс күні болса да, оң аяғын сылтып басып, кеңсесіне келіп еді, сыртқы есіктің алдындағы күзетші жігітпен қол алыса амандасып, хал-жағдайын тереңірек сұрап, жақында үш қабат қырық екі пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталатынын ескертіп, одан бұйырса екі бөлме берілетінін түбірлей айтып, оны да көңілдендіріп, өзі де көңілденіп, баспалдақты санап басып, екінші қабаттағы –  әуелі қабылдау бөлмесінен өтетін, өзінің жұмыс орнындағы орынтаққа «Уһ» деп отыра беріп еді, алдындағы қып-қызыл телефон аппараты жұлқына шырылдап қоя берді. Бұл: «Ия, тыңдап тұрмын», –  деді сып-сыпайы дауысын көтеріңкіреп. –  Тайланбысың, үніңді бір жүйеге түсірсейші, кейде олай, кейде бұлай қылмай, мен ғой, жаңа ғана қарауымдағыларды жинап, бас қостық, сенің ауданыңның бір ғасырлық тойы ақырап айында емес, саратанның яғни маусым айының он сегізі мен он тоғызында –  негізінен сенбі, жексенбі екі күнде атап өтіледі. Әлі біраз мезгіл бар, солай, бастық, саспа, қаржы жағынан көмектесеміз! Тек киіз үйлердің жағдайын ойластыр. Қонақ көп болады. Алды бейсенбі, жұмаға келе бастайды ғой.

Бұл: –  Ойпырым-ай, Сәке-ай, біз әлі уақыт жеткілікті деп, талтаңдап жүрсек, өзі қыстан да қысылып шықтық дегендей, алды-артымызды өлшеп, пішкен де жоқ едік, –  дей бергенде облыс басшысы:

–  Сенімен салғыласып жататын уақыт жоқ, бітті, бір-екі күнде жоспарды нақты жасап, бізге ұсын. Әй, сосын, көрші аудандармен хабарлас, ат бәйгісіне «Джип» тігіледі, бұл біріншісі, екінші-үшінші орынға да бағасы төмендеу көлік, ал төртінші-бесінші орынға екі-екі миллионнан. Ат бәйгісін есте қаларлықтай етіп, дүбірлетіп, дүрілдетіп өткіз, соятын малдарың семіз болсын! Орден, медальға ұсынатын мықтыларыңды атап-атап жазып, жоспарыңа кіргіз, болды, –  деді де Сапар Байғұтұлы телефон трубкасын тастап жіберді. Бұл үн-түнсіз, түр-түсі бұзылып, өңі қуаң тартып, түкірігін де жұта алмай, сілейді де қалды.

–  Ал, керек болса, «күштінің құйрығы диірмен тартады», деген осы, –  деп күбірлеген Тайлан әп-сәтте маңдайынан тамшылаған терін алақанымен қыра сүрткіледі. «Мінезімді қатайтыңқырап, біздің жайбасарларды, қысып-қысып алмасам болмас, нақты-нақты тапсырмамен желмаяша желдіртейін оларды. Ана сызылған екі сұлу қатынды да қуаламасам, әбігерге түсіріп, әйтпесе, өздері қонақ боп масқара қылар. Ең бастысы, ақ шаңқан киіз үйлер мен кең де, биік шатырдан үшеуін тіксек, ән-күйді Салтанаттың бір өзі-ақ қатырады, тек оны асыра мақтаңқырап қоюды ұмытпауымыз керек. Аһа, бәйгіні ұйымдастыруды, көрші аудандардан бәйгіге қосатын желаяқтарға сұраныс беруді Өрнек пен Таласбайға жүктейін, екеуі де жүрдім-бардым емес, қызуқанды жігіттер. Наградаға ұсынатындарды өзімнің орынбасарым Сабырға тапсырайын».

Өзінің бір ауданның әкімі екенін, және де облыстағы жер көлемі де, малы мен жаны да ең көп, табиғи байлығы да мол тарихи аудан екенін жадынан шығара жаздап барып, иегін шошайта басын сілкілей шалқайыңқырап, өзіне-өзі келе бастады. Екі қолының алақанын ашыңқырап, өзі кеудесін тақап отырған үлкен үстелді итеріңкіреп, құйрығының астындағы орынтақты кейіндеу шегерді. Ал қоңыр түсті үстел мұның жедел қимылына мыңқ еткен жоқ, қайта жып-жылтыр беті –  терезеден түскен болар-болмас сәулеге мың құбылғандай күй кешті. «Ей, сәулем-ай, салдың мені әуреге-ай! Аппақ айдай бетіңе, Қарап келдім, тәубеме-ай! Әй, әй, шіркін-ай, Өтеді-ау, сөйтіп, бір күн-ай!» деп ән жолдарын ыңылдады да дереу жүзін қатайтып, алдындағы телефонның трубкасын оң алақанымен қыса ұстап әріптерді терді. Мұны әрі шапшаң, әрі нақты орындаған болуы керек, үнін сәл-пәл салқындатып, трубканы ерніне тақады. –  Мен ғой, үйдемісің, жо-жоқ, қонақ-сонақты қоя тұр, әкимат қызметкерлерінің аяқ жетер жердегісін түгелдей маған жина, иә, солай, артынып-тартындырмай тездет, шаруа бастан асады. Мен жұмыстамын, –  деді де трубканы өз орнына сақ еткізді. Сәлден кейін трубканы қайта көтеріп, сұқ саусағын қимылдатты.

–  Алло, Әмина, маған термоспен шай әкеліп тасташы. Жоқ, оны-мұны, тістейтіннің қажеті жоқ, кәдулігі сүт қатқан қою, әрі ыссы шай, болды, –  деп байқамады ма әлде әдейі істеді ме, трубканы аппараттың жанына қоя салды.

Айналасы бір сағатқа жетер-жетпес уақытта, ішінде екі сұлу келіншек те бар жиырма шақты әкимат қызметкері, оған қоса басқа салаға да жауап беретін лауазым иелері аудан әкімінің кең де жинақы бөлмесіндегі жайлы орындықтарға жайғаса құйрық басты…

***

Бәйбішенің шайы да, дастархан мәзірі де тез әрі дәмді болды. Шай үстінде Елеусіннің аузына бір тыным болсайшы. Тағамды да шайнап, жұтып үлгереді, сөзді де сөйлеп үлгереді. Сондағы айтатынының көбі белгілі жайлар: ауданның айтулы тойы бір жүз жылдығы, бәйгеге қосылатын аттың саны шамамен бір жүздей болатындығы, жүз шақты киіз үй тігілетіні, көршілердің де бұл тойға қаптап келетіні, әйтеуір, құлақтың құрышын қандырарлықтай етіп, әңгіме айтуға белсене кірісіп еді, сол екі арада үй иесі Әбу Елеусінге күлімдей қарап:

–  Әй, Елеке-ау, осының бәрін кім айтты саған, әлде боспа сөзді долбармен боратып отырсың ба? –  деп сұрап қалып еді, Елеусін одан әрі өзеурей түсті. Қақалып, шашалып, ыссы шайды үрлей ішіп, аяғын дастарханның шетімен жаба жасырып:

–  Апырау, мен білмейтінімді білемін деп бопсаламаймын, оны өзіңіз де сезіп отырсыз. Менің жанұшырып жүргенім, сіз қос күреңді тездетіп жабуласын, құдай оңынан берсе, ең болмаса, екінші, үшінші бәйгеге тігілген екі машинаны әлдекімдердің қанжығасына бөктертпей, алып қалсақ деген ойдан туындап тұр емес пе! Ал бірінші бәйге «Джип» маркалы өте қымбат машина көрінеді… Мұны маған ағам айтты, ол өзіңіз білетіндей, әкімнің орынбасары деген лауазымда ғой.

–  Сонда осыны айту үшін дуалдан қарғыдың ба, атыңнан кәдімгі Елеусін құсап түсіп, құдай берген екі аяғыңмен талтаңдап келмейсің бе, ә, атбегім? –  деп Әбу қонағына мысқылдай сөйледі.

–  Ойбай-ау, жаны құрғыр тәтті емес пе, шұнақ құлақтың жанары ат үстіндегі маған тікелей қадалған соң, басқа айла-шарғым болмады. Тіпті, аттың үстіне қарғи ма деген үрей ғой мені дуалдың үстіне еріксіз шығарған, әйтпесе, нем бар аттан дуалға, дуалдан аулаға секіріп.

Елеусін өз сөзіне өзі селкілдей күлді. Күлкісінің тап-таза, әрі шынайы екенін байқаған бәйбіше:

–  Өй, айналайын, менің Зұлпыхарымның құрдасы, сені көргенде жалғызымды көргендей боламын. Қазанға сыбағаңды салып қойдым. Бүгін жайланып осында қон. Ана төбетті қорасына қамаймын, сосын емін-еркін жүресің, қаласаң, моншаға түсіп ал, –  деді жылы шыраймен тіл қатып.

–  Бәйбіше, айтуың өте орынды, –  деп басын изеді Әбу. –  Сағира әйел-затының озығы еді-ау, шіркін! Ажалдың құрығына ертерек ілінді ғой, әйтпесе, екі боздағының жанында рахат өмір кешіп жүрер еді. Иә, Айтқалидан айырылған соң бір қанаты кесілген ана бүркіттей боп қалып еді, ол қайғыны да жеңіп шыға бергенде, аты жоқ ауруға шалдықты…

Әбу терең күрсініп, жанында отырған жас жігітке суланған жанарымен ұзақ қарады.

Дастархан үстін көңілсіздік бұлты көлеңкелегендей болып еді, Ұлболсын бәйбіше ұмсыныңқырап, жастағашқа сүйеулі тұрған домбыраны қолына сығымдай ұстап, отағасына ұсынды да:

–  Әбекем, салшы Айтқалидың «Қос күреңіне», бір бой жазып, серпіліп қалайық, балам да тыңдасын әкесінің әнін. Мүмкін, бәрі мүмкін, бұл жарық дүниеде мүмкін емес нәрсе бар ма, өзі, –  деп ақжарқын кейіп аңғартты.

Әбу домбыраның күйін түсіріп сәл-пәл әлек болды. Қос ішекті бір босатты, бір қатайтты, әйтеуір бір тоқтамға келді-ау!

Шанақтың үстінен шертіп, әуелі мұңлы әуен шығарды, содан барып екпінді де, еңселі әуеннің сазын шертіп-шертіп жіберіп, қоңыр дауысын әуелетті:

Ай, ай, арман-ай, е-ей!

Қос күрең көкжиектен көріндің бе-ей,

Шаң ұшпай тұяғыңнан бөліндің бе-ей!

Топ жарып, қосарланып, шапқаныңда,

«Бұла күш –  деп тіледім, –  Тәңір бергей», ау!

Айналдым, шабысыңнан қос күреңім-ай,

Ақташы ақтарылып  дос тілегін-ай!

Екеуің жетпіс атты артқа тастап,

Тұяқпен қара жерді кескіледің-ай!

Пай, пай, қос тұлпарым-ай,

Пай, пай, қос сұңқарым-ай,

Шашасынан шапқанда шаң шығармай,

Әуеледің шабыстың асқар тауына-ай!

–  Көптен айтпағасын ба, ән мені жатырқап қалыпты. Осымен доғарайын, –  деп Әбу домбырасын тізесіне қойды.

–  Жо-жоқ, көке, дауысыңыз маған ұнады, іштей қосылып отырдым, –  деді Елеусін қозғалақтап.

–  Солай ма, өй, айналайын, әншілігі дарымағанмен әкеңнің кескін-кейпін ұстап қалыпсың! Ал ана бастық баламды білмеймін, қолы тимейді ғой, қызметтің аты қызмет, –  деді Ұлболсын бәйбіше шоқаяқтағы шоқты көсеумен қызартыңқырап. Содан кейін сәл-пәл үнсіз қалды да:

–  Әбекең жасы ептеп кіші болғанмен әкеңмен бір-бірін ұғынып, туғандай сыйласты. Ал мен шешең Сағирамен өте жақын араластым. Көрші тұрдық, аралас-құралас болдық. Сағираның сүйіп салатын әні «Арман-ай» болатын, кейде екеуміз қосылып айтамыз. Жас айырмамыз бар болғаны үш жас. Ол он жетіде, мен он төрттемін. Сосын күз айы ғой  деймін, Айтқалимен қол ұстасып кете барды, –  деп әннің сазын создырыңқырап, әр сөзін анық етіп шырқай жөнелді:

Арман-ай, ақша бұлттай биіктесің,

Сездім мен қолыма оның ілікпесін,

Көкейге қонған мақсат арман болып,

Шіркін-ай, есік қақпай кіріп келсін!

Ах-ау, арман,

Дүние жалған!

Сайқымазақ өмірдің соңына еріп,

Күтеміз бе арманды оң мен солдан-ай!

–  Өй деген-ай, әп бәле, дауысың тым ашық қой, кішкене мұңдылау, кішкене жабыңқылау қылсаң, ән мәтіні өрнектелетін сияқты, –  деді Әбу қозғалақтап. Дегенмен, қайталап айтамын, үнің тыңдаушыға әжептәуір әсер ететін сияқты.

Дастархан көпке шейін жиналмады. Осыдан сәл бұрынырақ әңгімеге араласып отырған Елеусін кенет ой көкжиегіне иек артқандай тұнжырап, шыныаяқтағы ыстық шайына қол созбады. Мұны байқап қалған Ұлболсын бәйбіше:

–  Қарағым, тамақ алып шайды ішіңкіресейші, жол жүріп келдің ғой. Мына дастархан сенікі, осы үйдің төрі де сенікі, шалжиып жат, тұр, отыр, әйтеуір, қысылмай еркін демал, көптен бері көрінбей кетіп-ең, қуаныштымыз. Өйткені, күні кешеге шейін Зұлпыхар екеуің бірге жүрдіңдер, ол анау, шетелге оқып, шетелде қалып қойған. Иә, солай, қайтейін, өз тағдырын өзі шешсін, біздің оған «пәлен еді, түген еді», деуге шамамыз келмейді. «Жалғыздың жары Құдай» деген аталы сөз бар ғой, сені анда-санда бір көрсек, мауқымыз басылып қалады, –  деді де теріс қарап көзін сүртті.

Үнсіздік басталып еді, бірақ, ұзаққа созылмады:

–  Апай, мен біраздан бері Құмкөлдегі немере апайыммен бірге тұрамын. Ол жалғыз, мен екібастан, ағайым қарсы болған жоқ, жеңгем кішкене ренжіп еді, артынан басылды. Сондағы мектептің шаруашылық жағындамын, жағдайымыз жаман емес, –  деп Елеусін ентіге сөйледі.

 –  Бәсе, бәсе, сені анада ағаңнан сұрағанымда ол кібіртектеп қалып еді-ау! Осы сен арақ ішіп, темекі тартпаймысың, масқара ғылып, әйтпесе, жалғыз бауырын жанынан шығара ма, есі дұрыс азамат, –  деп Әбу қонағына шаншыла қарады.

–  Ей, Отағасым, неғыласың баламды тергеп, тексеріп, ақыл-иесі дұрыс қой, қарағымның! – Бұл Ұлболсын бәйбішенің сөзі.

–  Көке, сұрағыңыз орынды. Құдай деп айтайын, мен екеуінен де мақұрыммын. Қорыта айтқанда, екеуінің де түр-түсін танымаймын. Олар мені танымайды. Ақ көке, осы сөзді мен жүрегіммен айтып отырмын, –  деді Елеусін денесін тіктеп.

–  Е, е, солай болуы керек қой, өзіңді-өзің сақтамасаң,кім сақтайды, сені, –  деп үй иесі де жайдарылана түсті.

 –  Көке, менде бір сұрақ бар, қоюға бола ма? –  деді Елеусін жаңа ғана қолына алған шай толы шыныаяқты дірілдете ұстап.

 –  Апырау, рұқсат сұрап әбігерленбей-ақ, қоятын сұрағыңды қоя бермейсің бе, –  деді үй иесі езу тартып.

 –  Осы әкемнің әндететін «Қос күрең» әнінің сіздің қос күреңіңізге тікелей қатысы бар ма әлде жоқ па? Соны анықтайын деп едім.

Әбу аз-кем кідіріс жасады. Алдындағы шыныаяғын көтеріп, шайынан бір ұрттап, қайта қойды. Сонан соң тамағын екі-үш рет кенеп, сөз саптауға әзірлік танытты. Бірақ онысы да көпке бармай, жанында қаздиып отырған жігітке назарын тереңірек салып:

 –  Шырағым-ау, кішкене ойланып сөйлесең қайтеді, Әбудің қос күреңі бар болғаны бес жастың о жақ, бұ жағында. Ал Айтқали әндететін «Қос күрең» әніне кемінде бір ғасырдан асты, бұл ежелден халық әні ғой. Сөзінің өзі «Мен халық әнімін», деп тұр емес пе! Мысалға, әннің ең соңғы шумағын:

… Қос күрең бір ғасырдан оза шаптың,

Мойныңа қос алқаны таза тақтың.

Думанды той мен айтқа көрік беріп,

Шіркін-ай, жасадың-ау, ала шапқын, –  деп түйіндеп тастайды емес пе, а? «Ала шапқын» сөзінің өзі «мен әріденмін», дегенін байқауың керек еді. Әлде осы әннің атауын білесің де ішкі түйінін, тіпті қайырмасымен бар болғаны алты шумақты жатқа білмейсің бе, а? Қой, білетін шығарсың? Әрине, білесің, –  деп Әбу сөзінің артын жұмсартты.

 –  Әбекем, шайың суып қалар, бұл әнді соңыра үлкен тағамнан кейін қарағыма түгел айтып берерсің, –  деп Ұлболсын бәйбіше әңгімені түйіндеп тастап еді, малдос құрып отырған екеуі де, жағын ашып тіл қатпай, тек бастарын ғана изеді.

 –  Ақ көке, кешірім өтінемін, менің сұрағым өте-мөте ыңғайсыз әрі сауатсыз екенін енді түсіндім, –  деп Елеусін оң алақанын жүрек тұсына қойды.

***

Үштаған бөлімшесі осыдан шамамен жиырма жылдай бұрын қомақты да көрікті ауыл еді, содан не керек азды, тозды, ешкімге қажет болмай қалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мектеп жабылды. Жұрт басы ауған жаққа көше бастады. Берекесіз, мерекесіз, сәнсіз, салтанатсыз бөлімшеде бар-жоғы алты тұрғын үй қалған. Еңселі үй –  Әбудің зілмәңкесі. Шарбағы кең, құдығының суы мол, әрі тұщы. Бау-бақшасы, төрт-бес түп жеміс ағашы бар. Екі сиыр бұзаулаған, қос күрең аула ішінде. Он шақты қой, ешкісін көршілердің жандықтарымен бірге кезектесіп өрістетеді. Осындағы алты үйдің де шаруа-күйі әп-әсем, ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Өткенде айтыс ақыны Өрнек келіп түстеніп, басын шайқап, таңдайын тақылдата қағып кеткен. Іле-шала алты шумақ өлең жазып аудандық газетке жариялатыпты. Сол алты шумақты көрші Көзайым бәйбішенің төрт жастағы немересі жаттап алыпты (бұл өлеңді аудандық газеттен облыстық газет көшіріп басыпты) сол өлеңнің алдыңғы екі шумағы былай:

…Үштаған – жердің көркі жұмақ екен,

Жан-жағы жылжып аққан бұлақ екен.

Жұмақта өсіп-өнген тал, теректің,

Ортасында алты-ақ үй тұрады екен.

Апырай, мынау неткен өмірлі жер,

Ән салған құстар түрі көңілді жер.

Сөзіме сенбесеңіз, құрбы-құрдас,

Сапарлап Үштағанды көзіңмен көр…

Содан адам айтса нанғысыз уақиға болыпты. Осы өлеңді оқыған бір топ жастар киелі мекенге жетіп келіп, әр жақ, бер жағын аралап, көші-қон түйінін түйіндеуге аудан, одан облысқа барып, рұқсат алуға, егер бәрі ойдағыдай болса, Құрақты көліне таяу жерден құс өсіретін фабрика құрылысы мен тұрғын үй құрылысын тездетіп бастап жіберуді ойластырыпты. Жастардың бастамашысы – облысқа кеңінен танымал кәсіпкер Еңсеген Көрікбай екен. Құрылыстың бригадирлігіне Әбу Сарман баласына өтініш жасапты.

***

Күн көзі кіші бесінге қарай ауып, шырайын сол күйінде сақтағанымен ыстығын сәл-пәл болса да бәсеңдеткен кезі еді. Үй жанына жеңіл машина тоқтап, ішінен екі жігіт түскенін көзі шалған Әбу шарбақтың есігін шалқайта ашып, тосын қонақты қарсылауға қадам басты. Үй иесін жанарына іліктірген екеу аяқтарын адымдай, жүздерін жылыта:

 – Е,е, бригадир ағамыз үйінде екен ғой, – деп күбірлесе ұмтылды да, –  Ассалаумағалейкүмді, – ашық дауыспен айтып, бірінен соң бірі қос қолдарын ұсынып еді:

 – Уағалейкүммүссәлем, апырай, әкімнің екі орынбасары бірдей келіп сәлем береді деп кім ойлаған, – деп жаурындарынан сипай амандасты да, – Ал үйге кірейік, қош келдіңіздер, – деп кілт бұрылды.

 – Уай, бәйбіше, шақырсаң келтіре алмайтын қонақ келді, қарсыла, – деді де, кіреберістің  есігін серпілте қайырып, әуелі екеуін кіргізіп, сосын өзі кірді.

 – Ей, қарақтарым, төрлетіңдер, төрлетіңдер, Сабырмысың, мәссаған, мынау Жақан ғой, екеуіңді көрмегелі, әй, жылдан асты-ау, асты, үй-іштерің, бала-шағаларың, – дей бергенде, – Әй, бәйбіше, састырмасайшы, әуелі аяқкиімін шешіп, төрлетсін, малдос құрып отырсың, сосын да уақыт жетеді ғой, – деп басу айтты отағасы.

 – Апай, сәлем бердік, ден-қарыныңыз сау ма, дұрыс, әрі өте дәл және әділ айтасыз, жылдан үш ай асты сізді көрмегелі, жұмыс, жұмыс деп, әйтеуір, кінәмізді жуып-шаямыз ғой, әйтпесе, осы тұрған жерге кез-келген мезгілде жетіп келіп сәлемдесуге болады ғой, – деді Сабыр күңгірттеу үнін көтеріңкірей сөйлеп.

 – Солай, солай, айтуыңыздың жөні бар, кейде еріншектік етектен басатыны шындық, – деді Жақан төрге жайылған ұзынша көрпенің үстіне тізерлей беріп. Екеуі де мұнтаздай тап-таза бөлме ішіне тамсана, таңырқай, кірпіктерін қағып та, қақпай да шолып өтті. Сабыр бейне бір айна алдында отырғандай, шашын саусақтарымен тарағандай кейіпте саусақтарын сүңгіте кейін қайырып, одан қос алақанымен кезек-кезек беталдын сипалап, тамағын дыбысын шығарар-шығармастай етіп қырнап-қырнап қойды. Ал, Жақан шалбарының балағын тартыңқырап малдос құрды да шошақ иегі мен құс тұмсығын шалқайтыңқырап, бөлменің дәл ортасына ілінген әдемі люстраға шаншыла қарап лампыларын санады, «тура он екі екен» дегендей, ернін жыбырлатты. Тіпті өзінен бір құлаштай жерге тізе бүккен үй иесін де байқамай, басын кегжитіп отыра берер ме еді, қайтер еді, алпамсадай денелі Әбудің әуелі ыңыранып, сосын барып:

 –- Ауыл-аймақтарың аман ба? – деп дүр еткен дауысынан селк етіп, денесін жинақтап алып, жөн-жосықсыз басын изектете берді… Енді-енді өз аузына өзі сөз сала бергенде оң жағындағы Сабыр бұрынырақ қимылдап:

– Құдайға шүкір, Әбеке! Апай екеуіңізге сәлем берейік деп бүгін бір жинақталып едік, сәтті болды, әйтеуір, – деп қабағын жадырата, соңғы екі-үш сөзіне салмақ сала тіл қатты. Осы екі арада бөлмеге апыл-ғұпыл кірген Ұлболсын бәйбіше:

 –- Соңғы кезде маған бар ғой көріпкелдіктің бір пұшпағы қонайын деп жүр. Біреу-міреу келіп қалар, қонақ айтып келмейді деген оймен қазанға етті мол етіп салғанмын, қамырын да илеп, жайып, әзірлеп қойғанмын. Үлкен тамақ дап-дайын, ал отағасым, қонақтардың қолын шайдыр, мен дастархан жаяйын! – деді де кілт кейін бұрылды.

– Мәссаған, ой, апайым-ай, – деп Сабыр, оған Жақан қосылып, – Әй, бәрекелділеп, екеуін үй иесі қостап:

 – Апырай, енді, апайларыңның осындай бір көріпкелдісі бар, анда-санда, әрине, өнебойына емес, – деген тәтті сөздер бөлме ішін жаңғыртып жібергендей болды…

Сонымен не керек, бір табақ семіз қойдың еті, асықпай-үсікпей желініп, зерең-зерең сорпа ішіліп, мәре-сәре болды да қалды. Әбекең күректей алақанымен екі қонаққа кезек-кезек ет асатты. Қонақтар да «Жо-жоқ, өзіміз аламыз, ой-буй, мынау кіл құйрық қой, әй, Әбем-ай, әбден шылқып тойып едік», деп шегіншектемей ұсынылған асатуды ауыз толтыра асап, екі шайнап, бір жұтты… Ас қайырылып, дастархан жиналды. Қол шайылып, екі қонақ аз-кем тыныстауға бет бұрды. Үй иесі қос жанарын жарқырата ашып, осы бөлмені жаңа көргендей бір шолып өтті де:

 – Ертеректе болса керек, жалғыз атты жолаушы киіз үйдің сыртына таяу келіп, «Кім бар-ау, хабарлас» деп дауыстайды ғой, баяғы. Үйден жас келіншек шыға келіп «Мен бармын» депті. Ат үстіндегі ер адам шалқайыңқырап, «Апырай, әйел-затының қарсылауы тым ыңғайсыз секілді, еркегің қайда?» деген екен, келіншек: «Бұл үйдің еркегі де, әйелі де өзіммін» дегенде, ат үстіндегі сасып қалып, «Көтек, не дейсің, әй,» десе керек. Сонда келіншек жүзін құбылтып, «Көтек әйелдің сөзі ғой, сен бөрік киген әйел шығарсың, үнің де ұр да жық емес, тым жасық қой, еркек болсаң да, әйел болсаң да түс, бір тостаған шалабым әзір», депті дейді. Сол айтылған мысал сөз сияқты үйдің іші апайларыңдікі, сырты менікі, – деп Әбу аяғын созды да: – Дегенмен, әңгіме айтып, дидарласып отыруға ол кісі қарсы емес, қайта сондайға жаны құмар, – деген сөзді қосымшалады.

 – Келе-сала әкімнің яғни Тайлан Құдайберді баласының сізге жолдаған хатын қолыңызға ұстатуға ыңғайсызданып едік, соның ретін өзіңіз келтірдіңіз-ау деймін, солай емес пе Жақан, – деп Сабыр әріптесіне жымия қарап еді, ол:

 – Дұрыс айтасыз, Сәке, дәл кезі, мен де іштей, жөні қалай болар екен деп ойлағаннан шақшадай басым шарадай болуға әзер-әзер қалып еді, әйтеуір, Құдай бір иінін келтірді-ау! Әйтпесе, анау орталықтан екеуміз бірдей әкім хатын қорғаштап келгендей боламыз ба, ағасы солай түсініп қалама деп қипақтағанымды несіне жасырайын, – деп Жақан құйрығымен сәл-пәл оңға жылжыды да, алақанымен аузын басып жөткірініп қойып, бешпентінің ішкі қалтасынан конвертке салынып, жабылған тұсы мұқият желімденіп, сыртына Сарман баласы Әбуге деп жазылған хатты суырып алып үй иесіне ұсынып еді, Әбу:

 –- Өзің еңбектеніп әкелдің, енді аш та өзің оқы, – деп күлімсіреді. – Жақан Сабырға жалтақ-жалтақ қарағыштап, сонан соң барып, желімделген тұсын түкірігімен сулап, жыртпай ашты да, ішіндегі екі бүктетілген бір бет қағаздағы жазуды мәнерлеп оқи бастады:

«Аса қадірлі Әбеке! Бәйбішең Ұлболсын екеуіңізге сәлем-сауқатымды қолтыққа қысып, өзім арнайы барып әңгіме-дүкен құрам ба деп ойлап жүр едім, мына аса үлкен шаруа аяқастынан килікті. Облыс басшылары торқалы жүз жасты (ауданның) соноу күзден саратанның 18-і, 19-ы күндеріне белгіледі. Сонымен шаруаны тығыздап, нығыздады. Басқа оны-мұныны естіп жатқан боларсың. Айтайын дегенім, ауданның абыройлы болуына атшабыстың (бәйге) үлкен ықпалы барын менен жақсы білесің. Өтінерім: бірінші, Жаратқан Ием, екінші Ата-баба аруағына сыйынып (садақа беріп дегендей), қос күреңді жабула, не қажет, оны мына екі бастыққа тапсыр, тез жеткізеді. Егер қалтаң жұқарса, оны да жасырмай ишарат қыл! Тап осы кезде бізді пайдаланып қалуды жадыңнан шығарма (күлкі деме, шынайы шыным). Әр тұста хабарлау басталды. Менің іштей есебімше бәйгеге шамамен жетпіс-сексендей ат қосылады. Оның ішінде аса қауіпті бес-алты желаяқтар бар, оларды өзің де сезетін шығарсың (Шығыстан – Сандалкөк пен Шиеторы, Солтүстіктен – Сұркөжек пен Шаңтимес, Жетіқарадан – Шалқасқа мен Торғауыт, ой-буй, осылардың бәріне хабар кетті; Оңтүстіктен – Кекілді мен Шабдар дейтіндер ат емес, жел дейді ғой). Әйтеуір, жерге қарап, жер болып қалмайық! Бүгін түнімен көз ілмей, таң қылаң бере, қос күреңнің сауырын қымта, ал бәйге бала жөнінде мен ақыл айта алмаймын, өзің шеш. Уақыт тым тығыз. Сөйт, Қабекем, Аллатағалам жар болсын, өзіңе, бәйбішеңе дұғай сәлем! Сәлеммен, сені (сізді) аса құрметтеуші – Тайлан Құдайберді баласы. Айтпақшы, осы тойдан кейін бригадир міндетіне кірісесің, ол шаруа ыңғайланып жатыр, жігіттері мықты. Сонда сенің Үштағаның бел асып, беліне белбеу жарасатын болады. Алла сәттілікке жазсын!»

Аудан басшысының өз қолымен (сиямен) жазған хаты оқылып болған соң, бөлмені тұманданған үнсіздік басты. Жақан-қызарды, Сабыр-бозарды, ал үй иесі демін сыртқа шығармай, сұлқ қалды. Бөлмеге бәйбіше кірді, жүзі шырайлы. Үшеуіне таңдана, таңырқай қарайтын секілді. Ақшыл өңі-одан сайын ағарып, ай маңдайы жарқырап қос жанары нұр шашқандай. Сәл имектеу мұрыны мен жинақы еріні – екі бетімен үйлесім тауып, сұлулыққа бір мысқал жақындатқандай. Иек асты мен толықша мойнында білінер-білінбес екі сызық бет ажарына көлеңке түсіретіндей халде емес. Бәйбіше қолмен қатарластырғандай маржан тісін көрсете:

 – Оу, Отағасым менің, оу, Зұлпыхарымның әкесі, оу, Сабыржан, оу, Жақанжан, білдірмей кіріп, мен де тыңдадым, хаттағы мына сөз бен сөйлемдердің өзі – бәйгені жеңіп алуға жол ашып тұр ғой. «Құдайын ұмытпаған адамға құл бол», деген аталы сөз бар емес пе! Апырай, қандай мәдениетті, қандай ақылды адам аудан жетекшісі. Осы хаттың мазмұны үшеуіңді бөле-жармай соноу, соноу көкжиекке жетелеп, ұлы дүбірге олжа салып тұр ғой, мен білсем. Жабула, қос күреңді. Осы үшеуің бірінші болып, тойлайсыңдар, әлі! Мен ішіне тұтасымен үш қазы салып, бір қазан жылқы етін асып, әзір отырайын. Сары самаурынды селкілдетіп, аққұманды бұрқыратып, шай дастарханын кең қылып жайып қояйын. Сосын сендерді сырттан емес, сыртқы босағадан күтіп алып, уыс-уыс мәмпасиден шашу шашамын ғой. Оған қоса Айтқалидың «Қос күрең» әнін де шырқап, шашуға шығарамын. Зұлпыхарымның қара домбырасын көк сандықтан шығарып, іліп қоямын. Мүмкін, уақыты болса жалғызым да тойға келер. Әй, бірақ жер шалғай ғой, шалғай! Тіпті, шетке кетті ғой, қызыл теңізден де әрі дейме! Оқудың түбіне жетіп еді, енді қызметтің түбіне жететін шығар, менің бал-бөбегім! Айтпайды, айтқанынан қайтпайтыны тура әкесіне тартқан. Отағасым, Сабыржан, Жақанжан тұрып, сыртқа шығып ауа жұтыңдар, мен шай жасайын, – деді бәйбіше үнін жұмсарта, жайдарландыра сөйлеп.

  Екі қонақ таза ауада жарты сағатқа жуық жүріңкіреді. Шалт бұрылып олай, шалт бұрылып бұлай адымдады. Шамалы уақыт өткенде Сабыр қалт тұра қалып, басын екі алақанымен қысып ұстай теңселіп:

– Ой-буй-и, ұят болды-ау, Жәнипаның апайға беріп жіберген сәлемдемесі – мүлдем естен шыға жаздапты ғой. Әй, Жақан-ай, сенің көзіңше болды емес пе, машинаның багажына, а? Сен менен өткен, мен сенен өткен ұмытшақ екенбіз, қап! – деген ол машинаға қарай екібүктетіле ұмтылып.

 – Әй, Сәке-ай, қайта сенің есің бар екен, жарайсың! Ал мен бар ғой, ұмытшақтың ұмытшағымын. Талай рет Зағирадан сөгіс алғанмын, ауызша әрине. Бірақ оның сөгісінен дұрысталып жатқан жадым жоқ, – деп адымын ашыңқырады.

Едәуір салмағы бар қара сумка – неге екені белгісіз Сабырдың қолына емес, Жақанның қолына тиді. Екеуі бір-біріне қарсы тұра қап, темекіні бұрқырата бастап еді,. Сыртқы есікті айқара ашқан үй иесі:

 – Ал жүріңіздер шай әзір екен. Менің осы өмірде істеген ғажап бір ісім, темекі дегеннің маңайынан жүргенім жоқ. Осы жарық дүниедегі бірінші жауым – арақ пен темекі болды, –  деді. – Сөзі анық, бірақ, қоңырлау, әрі қатқылдау үнін мейілінше жұмсартып.

Екі қонақ бір-бірін иығымен қағып, «Мұны неге айтты екен?» дегендей, жаутаңкөздене аяқтарын санап басты. Ішке кіре бергенде, Жақанның қолындағы қара сумка – Сабырдың оң қолына шапшаң ауысты да, кең бөлмеге жайылған дастарханның төменгі шетіне орналасқан сары самаурынның алдына тасталған көрпешіктің жанынан орын алды. Жалт қараған Ұлболсын бәйбіше:

 – Ей, Сабыржан, мұның не? – деп биязы ғана сұрап еді, Сабыр:

 – Апай, айып етпессіз, Жәнипа келініңіздің беріп жібергені, ілкіде кіргенде есімізден тарс шығып кетіпті.

 – Ой, мың жасасын, мың жасағыр, осы келінім мені ұдайы есіне сақтап жүреді. Әйтеуір, амаңдасса болды, жазда сәлемдемесі, қыста сыбағасы, маған деген көңілі бөлек-ау, тіпті бөлек. Осының бәрі тәрбиеден, сол тәрбиені санаға сіңіруден өрістейді, – деп бәйбіше мәз болды.

Шай үстінде Әбу Жақанға: – Осы сенің кіші балаң өз қолыңда ма? – деп еді, Жақан: –  Жо-жоқ, оқуын аяқтар-аяқтамаста атасы мен әжесіне қайқайды. Ал үлкені солардың қолында, бізбен есептеспейді. Құмшағылда бес сыныптық мектеп бар ғой, соның соңғы сыныбын аяқтады. Екеуінің арасы бір жас үш ай ғана. Содан кейінгісі қызалақ бала, оның да есіл-дерті солар.

 – Атқа отыра ала ма? – Бұл, үй иесінің екінші сұрағы.

 – Екеуі де аттың құлағында ойнайды. Әкем екеуіне: – «Атқа мінбеген бала қазақ емес», деп, үлкеніне асау тайды үйреттіріпті ғой, екі рет жығылып, құм қауыпты. – Жақан селкілдеп күлді де, – Әкем екеуіне екі шумақтан төрт шумақ өлең шығарып жаттатыпты. Одан «Ертөстік» пен «Перғауын» ертегісін қайта-қайта оқытып, мазмұндама жаздырыпты.

– Апырай, ә, ұлағатты кісі ғой, ол көкеміз. «Он алты жасымнан ұстаздық еттім» дейтін еді, ол бір сөзінде, – деп Сабыр әңгімеге араласты. – Әрі көргені көп, әрі топқа түскен қажырлы да қайратты кісі ғой, көкеміз, – дегенді қосымшалады.

 – Оу, отағасым, шай суып қалса, шай бола ма, әңгімені шайдан кейін жалғарсыңдар, – деп Ұлболсын бәйбіше өктемдеу сөйледі. – Ыссы қуырдақты асаңқырасаңдар ыссы шай сіңе береді және де шайға қаймақ қатып отырғанымызды байқайсыңдар ма, өзі! –  Бәйбішенің сөзі аса қуатты сөз болды ма, үшеуі де бірдей назарларын қою да күрең шайға аударды.

 – Баяғы да атам марқұм, иманды болғыр, -– деп сөзін жалғастырған бәйбіше шоқаяқтағы шоқтан сары самаурынның тұрбасына көсеумен қып-қызыл шоқтың екеу-үшеуін салып еді, самаурын әндете жөнелді. – Енеме анда-санда бір-екі шумақтан өлең шығаратын әдеті бар еді, – деп сөзінің үзілген тұсын қайта жалғады. – Бірде ол, атамды айтамын, енеме қарап:

… Бәйбіше, сары самаурын үнсіз қалды,

Шоғы жоқ, тұрбасында дымсыз қалды.

Шоқаяқ шоғы сөніп, күл бұрқырап,

Үстіндегі аққұман тынымсызданды, – демесі бар ма, қысылғаннан тер бұрқ ете қалды, тым жаспын ғой байқамаппын, шайдың суып кеткенін. Шоқаяқты іле жөнеліп, қазан астындағы қидың шоғынан толтырып әкеліп, самаурынды да әндеттім, аққұман да сақылдады. Сонда атам:

Па, шіркін, сары самаурын ән салады,

Аққұман әнді тыңдап тамсанады.

Шоқаяқ өз күшіне енгеннен соң,

Менің арқам осы деп жар салады, – деп еді, енем ішек-сілесі қата күлді, оған ұятта болса мен қосылдым. Қайран, менің атам мен енем-ай, қайран, сол күндерім-ай, есіме түскенде, оңашада жылап аламын, – деп бәйбіше көз жасын сүртті.

Аз-кем уақыт дастархан үстінде сары самаурынның ыңылынан басқа қозғалыс болмап еді, мұны да бірден байқаған бәйбіше:

 – Менің шайымды ішкенде байқаған шығарсыздар, аққұманға аздап қалампыр саламын. Сонда шай қызара түседі де, әрі ыссылығын төмендетпейді. Апырау, қуырдақ таза еттен, таза майға қуырылған, бір қасық та су араластырғаным жоқ, белсендірек болсаңдаршы, отағасым, кәне, кәне, өзің көрсетші, ағаш қасықпен көсіп-көсіп, -– деп еді, Сабыр мен Жақанда қозғалыс пайда болды да, қуырдаққа ағаш қасықтар тиісе бастады. Төңкерілген шыныаяқтар қайта жазылып, шай құйылды. Зереңдегі қуырдақ ортайған сайын, шайдың да мәртебесі арта түсті… «Шай, шай ішсең, көңілің жай», деген нақыл сөз күшіне енді. … Шай көп ішілді, екі зерендегі қуырдақта еңсерілді. Ас қайырылып, дастархан жиналды. Жақан атып тұрып, самаурын мен шоқаяқты іле жөнеліп еді, қайта оралып, өз орнына жайғасты.

– Ал, қонақтарым, бәйбіше екеуміздің жағдайымыз өте жақсы. Жақында күйеу бала мен жиен қарындасым көшіп келіп, осы араға қоныстанбақшы. Оғанда қуанып жатырмыз, өрісіміз кеңейеді, қолымыз ұзарады деп. Енді тікелей бәйге яғни ат шабыс мәселесіне ойыссақ, өткен күздегі жарыста озып келетін күреңнің төрт аяғы мен тынысы қалпында. Екінші күрең еттірек, уақыт аз, қазысын жыртып, сауыр етін ортайта алсақ, және көктемде соңғы азу тісі түсті. Әйтеуір, тісі аз-мұз белгі берді, жаңасын айтамын. Азу тісі ісініп қинап жүрмесе, қайдан білейін! Оң жақ алдыңғы тұяғының шеті – тай күнінен жарылып сынған. Қазір жаман емес, тұзды, ысқылтым суға салып, жер май жағып, қалың етіп орап тастағанмын, сол нәтижесін берген сияқты. Бірақ ұлан-асыр шабыста күш түскенде сыр бермесе. Сол көзінің  қалың еті қызара беретін еді, оны емдегендей болдық. Танауын үйкелеп, пысқыра беретіні бар-ды, сөйтсек, ішкі шеміршегі ісінген екен, Қапез емдеп берді, сөйтіп, тынысы қалпына келе бастады. «Жаман сырын айтам деп, шынын айтады» дегендей, бір қаптай таза сұлы болса, сосын екі-үш кесек қара тұз болса қарастырарсыздар, басқа  ешнәрсенің қажеті жоқ. Жақан екі балаңды тездетіп бізге берерсің, мен бір жеті сынақтан өткізейін! Біреуі болмаса, біреуі көңілден шығар. Сонда үлкені он екі жаста, кішісі-он бірдің о жақ, бұ жағында ғой. Жастары тура келіп тұр. Мүмкін, құдай беріп, екеуі де пайдаға жарап, көңілден шығар. Тайланның сәлем хатына ризашылығымызды білдіремін, дұрыс қой, жанашыр сөз. Айтпақшы, бір өтініш: Сұлының дәні ірірек, қабығы жұқа болса, ал сүр шөп өзімізде жетерлік, – деп Әбу ұзақ сөзін аяқтағандай ишарат білдірді.

   –- Әбеке, енді былай ғой, өзі, қажетіңізше қаражат жағын ойластырсақ, оны-мұны, уақ-түйекке, «Артық мал көз шығармайды» дегендей, – деп Сабыр сипақтата сөйлеп еді, үй иесі қабағын шытып:

 –  Шырағым, атам қазақта аталы сөздер жүдә көп қой, соның бір-екеуі – «Асатпай жатып бәрекелді деме», «Түшкірмей жатып, жәрәкімалла деме», дейді. Осы ұлағатты нақылды қанағат етейік, жарайма! Бәйбіше, екі қонағыңа рахметіңді білдір де, ағарған жұтқыз, – деді дауысын көтеріңкіреп.

 – Сенің сөзің, менің сөзім ғой, жолдарың болсын, айналайындар! Менде әңгімеге араласып белімді жазып қалдым. Мынау менің келін боп түскенде тартқан шарқатым еді, Жәнипа келінге апарып берші, көзімдей көрсін, – деді Ұлболсын бәйбіше қолындағы бүктемені жазып.

 – Ой, апай сіздің әңгімеңіздің өзі бізге тай жетектеткендей болды ғой, солай емес пе, Жақан, – деп Сабыр тізерлей орнынан тұрып, бәйбішеге басын иіп ізет көрсетті де, ол ұсынған кере құлаш ақшыл шарқатты төрт бүктеп, оң қолтығына қысты.

 – Апай, бізге көрсеткен құрметің Алладан қайтсын!Анау алыста еңбек етіп жүрген ұлыңыздың қызығын да, шыжығын да көріп, қызықтаңыз, – деді Жақан да қабаттаса сөйлеп.

 – Өй, айналайындар, айтқан тілектерің періштенің құлағына шалынсын! Отағасым, ана қара сумка бос кетпесін деп, екі келінге бір-бір асымнан ет салдым, «Қой, ыңғайсыз ғой» десең, алып тастап, екі банкі қаймақ салайын, – деді бәйбіше күйеуіне сұрақ белгісімен қарап.

– Ай, бәйбішем-ай, өте-мөте ақылды шешім, енді бірінен-бірін айырма, етті де, қаймақты да сал қоржынға, сонда қомақтылау болады, – деп Әбу мәз болды…

***

 – Оу, бәйбіше, енді саған жұмыс табылды, – деді Әбу көтеріңкі дауысының пернесін баса сөйлеп. – Түсіндің бе, түсіне қоймасаң, сырттағы тайқазанға толтырып, жо-жоқ ернектетіп су құясың да екі рет қос уыстан тары салып, сарқылдатып қайнатасың, бір бес-он минуттай уақыт. Сонан соң бетін шыптамен жаба қой, өз еркімен салқындасын. Тоқым тердің алдында екі атқа жарты шелектен ішкіземіз. Тамағын жібітуге, сосын ішін шайқауға бұл «дәрің» аса құнды. Тоқым тер күніне екі рет, бір аптадан кейін жабу терге ауысқанда, сулық алудың алдында қанжылым суға көшеміз ғой. Бірақ ұлы тердің алды мен соңында тағы да тарының суын қанғанша ішкіземіз.

 – Ой, маған ымдасаң болды ғой, қатырып тұрып орындаймын. Бірақ бір дүдәмалы бар екен. Құдықтан суды сол бойда әкелу керек пе, әлде, күні бұрын екі-үш бидонды толтырып қоюға бола ма? Осының екі арасын айырып берсең болды., басқа сұрақ жоқ.

 – Гәптің өзі мөп-мөлдір бал татыған суда ғой, қанша дегенмен, бидонның қақпағы жабылады, су тұншығады, құдықтан сол бойда шелектеп тасуға мен де көмектесермін! Абай айтқандай, «Бойда қуат, ойда көз» бар ғой, әзірге! – деп Әбу күлімсірей тіл қатып еді, Ұлболсын белін жазып, отағасына бақырая қарады да:

 – Мына майшелпек бәйбішең саған су тасытып қойып, Құдайдың алдында және иманды болғыр ата-енемнің алдында белшемнен күнәға батар жайым жоқ, білдің бе? Рас, мен ақсақ-тоқсақ болсам, бір жөн. Екінші рет сенің аузыңнан шыққан мұндай сөзді естімейін, – деп көзіне жас алды.

Жауырыны қақпақтай балуан денелі Әбу Сарман баласы не айтарын білмей, тіпті тілі күрмелгендей аңтарылып қалды.

***

Түннің хақ ортасы-ау, деген шамамен Әбу сағатына үңілсе, шынында түн ортасы екен. «Бисмиллаһир рахманир рахим» деп күбірлеген ол жайлап төсегінен көтеріліп, қолына ілінгенін үстіне кие салды да, сыртқа шықты. «Таң атса, сәрсенбі, сәрсенбінің сәтіне қос күреңнің саурын тоқыммен жауып, барғанша біреуін, қайтарда біреуін мініп қайтады. Аяқтарын суытып су кешеді, бауырына су тигізіп, денелерін аз-мұз тітіркендіреді. Барғанша шоқырақ, қайтқанша шоқырақ, ауыздыққа тіремейді. Қасқа жолдың Ата жолмен қиылысар тұсы – жеті шақырым, соған тұмсық тірегенде, жетектегі күреңге ырғып мінеді де, астындағысын жетекке алады. Әзірге шоқырақтан артыққа, яғни көсілте шабуға болмас, деп ойлаған ол сүр шөпті қытырлата шайнап тұрған қос күреңді жетектеп жиырма қадамдай қашықтықтағы кермеге байлап, жұмсақ тұсаумен екеуінің де алдындағы екі аяғын тізесін жоғарырақ тұсады да, құр айылмен төсінен тартып, ауыздығымен жүген кигізіп, тізгінді айылдың астынан өткізе онша сірестірмей қаңтарып тастады. Үйден жарты шелектей қанжылым су әкеліп шелекті көтеріп, ауыздығын алмай, бір-бір жұтқызып аузын шайдырды. Қос бүйірін таянып, аузын толтыра ауа жұтып, сосын шым-шымдап шығарып, тыныс жолын тазалауға ұмтылыс жасады да, кілт бұрылып үйге қарай қадам басты. Сыртқы есіктің алдында шоқиып отырған кесік құлақ төбетке ішінен «хал-қалай» дегендей ишарат жасады.

Таң толықтай атып, күн көзі енді-енді қылтия бергенде, қос күреңнің саурын ысқылай сүртіп, екеуін де әуелі, көлемдірек жұмсақ терлік, содан соң ішкі беті матамен тысталған мол тоқыммен саурын жауып, одан жонаны беліне көлденен салып, құр айылмен төсінен бір тартып, ырғып мініп алды да, «Ия, Алла, пендеңе жәрдем ете гөр», – деп ашық дауыстап, бірден шоқырақтата жөнелді, жетегінде екінші күрең, бағыты тура құбыла бет.

Бала күнінде тайға, құнан мен дөненге жайдақ мініп қалыптасқан құйрығы – жылдар белесі өтсе де жатырқап, қыңқ еткен жоқ, қайта екі аяқ салақтайды демесең, әуелі терлік, одан тоқым, одан жона – май құйыққа тіпті жақсы да жағымды болғандай. Жіңішке күрең едәуір шоқырақтан кейін ауыздықты тіске баса тартып, бауырын жаза түскісі келіп еді, үстіндегі иесі рұқсат етпеді. Жетектегісі бірқалыпты еліріп, елеңдеген жоқ, ауыздығын шайнап, құлағын да қайшылаған жоқ, иесінің түпкі ойын сезінген секілді.

Сол шоқырақ – қасқа жолдың құмдауыттау шетімен Ата (күре) жолға түйісер тұсына келтіргенде, Әбу жетектегіні бүйірлестіріп, қапталдастыра бере, көз ілеспес шапшаңдықпен барысша ырғып астындағыдан келесіге мініп алды да, тым болмағандай жолдың қапталымен шоқырақтай берді. Күре жол үшбұрыштанғанда барып, атты езулемей, ауыздыққа салмақ түсірмей кейін бұрылыс жасады. Сол шоқырақпен үйдің сол жағындағы жазықтыққа іліге бере аттан ырғып түсті де, екеуін де сағалдықтан қыса ұстап жетектей жөнелді. Біресе, желдің өтіне, біресе, күн көзіне қарсы, біресе, ық бетке, әйтеуір, тек аяқтарын қозғап қана екі күреңді Әбу бір сағат мөлшерінде қыдыртты да, аз-кем тері кепті-ау, дегенде барып, сол күйінде сірестіре қаңтарып, кермеге қарама-қарсы байлап тастады.

Бәйбішесі шайды әзірлеп, тағамның түр-түрін пісіріп, дайындап отыр екен, сырттан жуынып-шайынып келді де:

 – Әй, Ұлболсыным-ай, мына тамақтарды қай уақытта дайындап үлгергенсің, –  деп тіл қатты да дастархан шетіне малдос құрды.

 – Ал, Отағасым, іске сәт, Алла оңынан беріп, қуанышқа кенелейік,-деді бәйбіше жадыраңқы жүзбен.

 – Әмин, айтқаның келсін, айтқаның келсін, – деп екі тізесін кезек-кезек қозғады Әбу.

 – Көже суын өзіңнің айтқаныңдай етіп қайнаттым, бірақ, әй, әзір суымас, ет пісірімдей мезгіл қажет болар!

 – Асығыс жоқ, әбден суысын, рахмет, дегеніңе жет. Әлгі Досболсын қарттың бір батасы бар еді ғой. Қалай еді, әлі, апырай, жадымнан шұғыл кеткені ме? Еһе, былай, былай: «Өрістесін өмірің, Шарықтасын көңілің! Дәм-тұзың мол боп қашан да, Жаныңда жүрсін, серігің! Санасыз ұлың болмасын, Түзден ішсін, таңғы асын! Періштелер қуаттап, Арманы көкке самғасын», деп кете беретін еді ғой. Осы бата саған бұйырсын, бәйбішем! – деген отағасы қызыл-күрең шай толы шайтабақты «Бисмиллаһи» деп қолына алды.

 – Әлгі екі жеткіншек келіп қалар деп тағамның түр-түрін дайындауға кірістім. Оларға сұйықтау қылып айран-көше жасамасам болмайды ғой. Ал суды қайнатып, суытып қоймасам, бала біткеннің бәрі сусақ келеді. Әйтеуір, екі қарағымның бабын табу менің басты міндетім. Өйткені, олардың мойнына алған жауапкершілігі тіпті шексіз! Отағасым, сен ол екеуіне қатты сөйлемей, жайлап түсіндірерсің! Мүмкін, бұрын бәйге атына мініп көрмеген шығар! Мүмкін, Жақандағы балапан еркелеу болар!

– Еһе, бұл өтінішті орындауға тырысып көрейін! – деп Әбу өзінен-өзі жымиды да: –  Әуелі келсінші, сосын әуселесін байқайық, қолдарынан не келеді! Ал қалжыңбас, ырбаңбайлар болса, онда келген жеріңе кете ғой деуден басқа амал жоқ. Оны өзің де жақсы түсінесің. Бізге дәлдубастың мүлдем қажеті жоқ. Екеумізге де тамақ ішіп, табақ болатын емес, атқа шабатын, оның ішінде бәйге атына мінетін, айтқанды бұлжытпай орындайтын, тақымы берік, құйрығы құтты бала керек қой, бәйбішем-ау! Соны сен жүрегіңмен ұғып отырсың, бірақ аналық мейірімің, аналық болмысың бой бермей жетектеуде.

 –- Рас, рас, айтқаның өте орынды, отағасым! Менікі тек өзің айтқандай аналық, әрі әйелдік бипайлау сөз ғой, –- деп бәйбіше шоқаяқтан шоқ салып, сары самаурынды әндеттірді, аққұманды тұрбаның жез қалпағының үстіне қойды.

 – Ал мен енді әлгі Орынбайдың әдісіне салып ішейін, бәйбішенің шайын. Ол әуелі өлеңдетіп алады ғой, былай деп: «Бәйбіше, құй, шайыңды мен ішейін, Әуелі іш-бауырыммен келісейін. Сонан соң сораптайын, қою шайды, Өзіңмен жарыспайын, бөлісейін! Қосылып самоварға ән салайын, Қосылсын, өкпе, бауыр, жан сарайым. Дастархан мәзіріне сәл үңіліп, Ой, ғажап жемей тұрып тамсанайын! Қайырмасы: Ах-ау, айдай, Бәйбіше құйған шайды-ай!

 – Ойпырым-ай, қалай ұмытпағансың, жадың мықты қалыптасқан ғой, мен әлдеқашан есімнен шығардым, бұл шумақты, – деп бәйбіше аққұманды қайтадан шоқаяқтағы шоққа қойды.

 ***

Күн көзі сәске түске таянса да қос күрең әлі кермеде байлаулы тұр. Осы көрініс өздеріне ыңғайлы, жанына жайлы сияқты. Иесін жанарлары шалса да оқыранып, немесе төрт тұяғын қозғап, «Қашанғы қақшиып тұрамыз, бізге де бір жанашырлық көрсетсеңізші, аяғымыз ұйып қалған секілді» дегендей, ишарат білдірген жоқ. Тіпті, ең қажеттілік – бойын жаза керіліп зәрде шығармапты. Екеуінің шыдамдылығы – иесінің ойлағанындай болмады ма, әйтеуір, жанына барып, саурын сипап, «Жарайсыңдар» дегендей жылылық танытқан жоқ. Қайта естілер-естілместей етіп,-Көрерміз әлі, құқайларыңды, – деді. Сәлден кейін кесік құлақ төбеттің қасымен адымдай басып, анадай жердегі тайқазанды әспеттеп жапқан шиды көтеріп, екібүктетіле көз жүгіртіп «Дұрыс екен», деп күбірледі. Сонан соң шиды қайта жауып, батыс беттегі көкжиектен көтерілген қос бұлтқа назарын салып, түские жақтырмай қарады. Айтыс ақыны Жәдігердің «Бұлт» деген өлеңі ойына оралып езу тартты да, ішінен ернін жыбырлата жатқа айтты:

… Ақша бұлт салмағың жоқ, көшіп жүрсің,

Мен, мен деп кеудеңді ұрып, бөсіп жүрсің!

Терістіктен жел тұрса, өктем, өктем,

Зым-зия боп бұқпақтап қашып жүрсің!.

Машинаның дыбысы шыққандай болып еді, кесік құлақ көк төбет үйді айналып, бір-екі рет қаттырақ үнін шығарды да, үнсіз қалды. Әбу алдындағы ауланың  аласалау тұсынан бойлай қарап еді, мықтаса алпыс-жетпіс қадамдай жерге тоқтаған жеңіл машинаның ішінен екі бала түсті. Сәлден кейін машина зулай жөнелді. Екеуі жалтақ-жалтақ айналасына қарайды. Әбудің денесі өз-өзінен қозғалып, әуелі сыртқы есікке бас сұғып:

 – Әй, Ұлболсын, балдарың келіп қалды, – деді де, сәл-пәл артымен шегініп барып, шырқ айналып, жылдамырақ аула сыртына ұмтылды. Екі бала Әбуді көре-сала қолын былғалап, бір қадам алда тұрғаны:

– Ата, ата, бізбіз ғой, Жақанның балдары, машинаның жүргізушісі «Асығыспын» деп есіктің алдына апармады, – деді дауысын қаттырақ шығарып, – Мен Әлібекпін, мынау інім Құрман. Төбет бізді бірінші қарсылады, ақылды екен. Өзінің ірісін-ай!

 –  Өй, айналайындар, бері жүріңдер, бері жүріңдер, – деп Әбу біресе, кейін, біресе, ілгері аттады.

 – Ата, кешіріңіз, мына сумка зілдей, ішінде не барын бізге айтқан жоқ. Мен «Бұл не?» деп сұрап едім, мамам жауап бермеді.

– Қазір, қазір, мен барайын. – Әбу адымын кеңірек ашып, әне-міне дегенше қастарына жетіп барып еді, екеуі бірдей:

 – Ассалаумағалейкүм ата, ассалаумағалейкүм ата, – деп қолдарын қосарлана ұсынып, онысымен қоймай, екеуі тағы да қабаттасып:  – Ата, қалайсыз, шешем жақсы ма, міне, біз, бәйге балдарың, қабылдайсыз ба? – деп мәз болды. Сумка шынында салмақты екен. «Шырағи-ау, мұның ішінде не бар, соншама ауыр болатындай», деп ойлаған Әбу, толық қара сумканы кеудесіне тірей құшақтап көтерді де, сол аяғын ілгері басты.

 – Ата, кеттік, абай болмасаңыз, жаңа шофер сумканы тартып қалып, бауын үзіп жіберді. Ата иығыңызға салсаңызшы, сонда жүруге ыңғайлы болады ғой, – деді үлкендеуі. – Мен алдыңызға түсейін, жол көрсетіп.

– Дәл солай, ата, білесіз бе, Балуан Шолақ елу бір пұт кірдің тасын көтерген ғой. Сонда пұтты килоға шаққанда, сегіз жүз он алты кило болады. Аллам сақтасын, піл көтеретін салмақ қой, бұл, адам емес, өзі өлеңінде, айтайын ба, ата!

 – Айта ғой, балам, айта ғой!

 – Айтсам, былай:

Бұл күнде жиырма бесте менің жасым,

Қамалдың бұзар кезім тау мен тасын.

Кешегі сентябрьдің базарында, –

Көтердім елу бір пұт кірдің тасын.

 – Қайдан білейін, тым ауыр салмақ, бірақ, балуанның өзі өлеңдетіп айтқан соң, сенбеу күнә! Аңыз емес, шынайы шындық, Балуан шолақты да, Қажымұқанды да Аллатағаламның өзі ерекше жаратқан пенделері ғой, – деді Әбу сыздықтай сөйлеп.

 – Ата, Қажымұқан жалаңаш кеудесіне томардай тас қойғызып, салмағы он кило балғамен ұрғызған ғой, сосын үстінен машина жүргізген. Мен жазушы Қалмақан Әбдіқадыровтың «Қажымұқан» деген кітабын оқып жатыр едім, мамам: – Каникулда оқисың, – деп қолымнан жұлып алды. Қап, бүгін ұмытып кетіппін, сізге оқып берер едім, – деді Құрман жүлдірмелете сөйлеп.

 – Шаруа бірыңғайланса, ол кітапты алдырамыз ғой, сосын Сәбиттің «Балуан Шолақ» романында тауып беріңдер деп өтініш жасаймыз, әйда, қызық сонда болады: Оқимыз, тамсанамыз, таңданамыз, адам баласының шексіз мүмкіндігіне бас иеміз!

 – Сіз өтінбеңіз, ата, бұйрық раймен бұйырсаңызшы, – дей бергенде:  – Құдай, қос құлын құлдыраңдап келіп қалды ма, Құдай берді ғой, о, жарықтарым, – деп Ұлболсын бәйбіше құшағын жая ұмтылып, екеуін кезек-кезек бауырына басты. Сендерді көрмегелі қашан…

 – Әуелі екеуінің дайындап әкелген сәлемін қабылдасайшы, – деді Әбу бәйбішесіне дауыстап.

 – Әже сәлем бердік, қалайсыз, саулығыңыз жақсы ма? – деп екеуі қабаттаса тіл қатып. – Мамам сіз туралы көп әңгіме айтты. Әжелерің ғажап адам. Үйдің іші-сыртына көмектесіңдер, қолдарың босағанда, тамақтан аздап ішіңдер, әйтпесе, салмақтарың артып кетеді де, атаң бәйге атына мінгізбей, дереу кері қайтарады, – деді.

– Жүріңдер, жүріңдер, дастархан жаяйын, үстіне тәтті тағам қояйын, қарақтарымның қарны ортайған шығар, шөлдеген болар, – деп бәйбіше екеуін екі қолынан ұстап жетектей жөнелді.

Әбу зілдей қара сумканы кіреберіс сенекке қоя салып, өзі қақшиып тұрған қос күреңді бір айналып, сыртқы аулаға кірді. Ойы – былтырғы күзден жатқан бұрыштағы шөмеле шөптің арасын ашып, еркегін, жусанын, көкшілдеу майсасын, ақселеуі мен қоңырбасын бөлек-бөлек ажырату, әйтпесе, көлдің шөбі емес, қырдың шөбі қаттылау, әрі ащылау келеді. Суырып әрқайсынан тісіне басып көрді, дәмі де, иісі де жаман емес. Шаңын қағып, бір мезгіл, осы күйінде, бір мезгіл сәл-пәл уақтап, жылы суға салып, жұмсартып берер. Қайткенде де биылғы шыққан көк шөптің пайдасынан гөрі – зияны басымдырақ. Көп жеп қойса, ішін өткізуі ықтимал. Жалама көк тіпті болмайды. Тісін, тілін, көмейін бояп тастайды. Тістің арасына кіріп, сыздатуы да мүмкін!

– Отағасым, жүр, шай дайын! Сосын, тағы айтам, артық болса кешір, солардың ыңғайына жығыла берсейші! Байқадың ба, екеуіде ақкөңіл, ашық, мықты азамат болуға талпынып тұр. Сабақтары да жаман емес көрінеді, – деп сыбырлай сөйледі бәйбіше.

 –  Жарайды, байқап көремін ғой, уақытпен тілдеспесек, бесеумізге де қиын соғар.

 – Бесеуің кім, апырай, біреулер келе ме? – деп Ұлболсын жалт қарады.

 – Жоға, өзімізді айтамын: қос күрең, екі бала және мен, барлығын қосқанда бесеу емес пе!

 – Ой, Құдайым-ай, нені жұмбақтап тұр десем. – Бәйбіше аппақ тісін көрсете сыңғырлай күлді.

***

– Ата, біз сізді күтпей тамаққа кірісіп кеттік. Ой, әжем айтпақшы, ақ әжем пісіріп-түсіріп қойыпты тағамның неше түрін. Мамам көрсе, мәзірдің тең жартысын жинап алар. Ата, әже, мамам Құрманды да мені де мешкейлер қатарына жатқызады. Бірақ мен үлкен атам мен әжемнің қолында тұрамын ғой. Қарным тоқ қой, бірақ, күндіз ет, кешке ет, сосын нан. Бауырсақ өте сирек, кейде шелпек болады, ол да жетеу немесе бесеу емес, үшеу, – деп Әлібек біраз сипаттама беріп тастады.

 – Әже, біздің келмегенімізге үш жыл болды. Мен кейде сізді түсімде көремін, – деді Құрман ұртын томпаңдатып.

 – Әңгімені басқа салаға бұрайық. Екеуің атқа мініп көрдіңдер ме, өзі. Әлде, тек сыртынан тамашаладыңдар ма? – деп Әбу сұрақ қойып еді, –- Ой, ата, үлкен, атамның бір емес, екі-үш жылқысы бар ғой, соларды кезек-кезек міндім. Өткенде тайға бас үйретем деп оңбай жығылдым. Бір емес, екі рет. Атам мәз боп күледі де, маған ыңғайсыз сөз айтты.

 – Ағамның онысы несі-ей, бауырындағы балапанына, не деді сонда? – Әжесі сұрақ белгісімен қарап, баланың аузынан тосын сөз күткендей әсерленді.

 – Ата, айтайын ба? – деді Әлібек күлімсіреп. – Негізі қызық, бір сәттік оқиға сияқты деуге де болатындай.

 – Айта бер, айта бер, оның несіне қысыласың, өй, айналайын, әйтеуір «Анаңды, шешеңді» демеген шығар, – деп әжесі тағы да ынтыға түсті. – Баяғы да көрші тұрғанда, ағайым боқтық сөзді ара-тұра қойып қалатын, – дегенді қосып қойды.

 – Екінші ретте, тай ырғып-ырғып кеткенде, құмдауыт жерге топ етіп құлап-ем, атам сұрлана теріс айналып, екі қолын бірдей сілтеледі де маған қарап:

 – Ай, бос көтен-ай, өмірде осылай жығыла бермесең тәуір болар еді, шынашақтай тайдан жығылғанда, бас білмейтін алмас өркеш атанға қалай тақым саласың а? – деді.

Деді де тайдың жүген, ноқтасын сыпырып тастап, үстіне ырғып мініп алды да, «Ал, жықшы мені, ал жықшы мені», деп айқайлады. Тай екі-үш рет секірді де, сілейіп тұрып қалып еді, «Ә, солай ма, бос көтенді лақтырдым деп масатанған шығарсың, көрсетейін мен саған көрімді, – деп екі аяғын жерге тигізді де, құлағын бұрап тұрып ноқтасын кигізіп, ұзын арқанды ноқтаға байлап, сауырыннан бір ұрып еді, тай тырп етпей, мүсәпірлік танытты. Ең болмаса, арқанын сүйретіп, бет алды шауып кете алмады. Ой, сонда бірінші өзіме, екінші тайға жынымның келгені-ай!

  Әбу селкілдеп ұзақ күлді, ал Ұлболсын бәйбіше басын шайқап, жеңіл күрсініп: – Әй, ағатайым-ай, әй, ағатайым-ай, ол кісі сүйтеді, енді, – деп орнынан тізесімен көтеріле беріп, сылқ етіп қайта отырды да:

 – Ал тағам алайық, ал шай ішейік. Қос құлыным, айда ішіп-жеңдер, осының бәрін екеуің үшін пісіріп, түсірдім. Екеуің бүгін біздің қадірлі қонағымызсыңдар, ал ертеңнен бастап, отағасымның көмекшісі, қолқанаты боласыңдар. Алда сендерді қызық пен шыжық күтіп тұр, – деп отағасына жалтақ-жалтақ қарап, жүзін жайдарландырды.

 – Айтпақшы, – деді үй иесі қою күрең шайды ұрттап ішіп, – Балдарың бір зілдей сумка толы саған базарлық па, әлде, сыбаға ма әкеліпті. Сенекке қойдым, өзің аузын ашып қарап, реттерсің, – деді.

 – Ата, ол мен білсем, ет-ау деймін, өйткені, сарайда бір кісінің қой сойып жатқанын байқағам, – деп Құрман мырсылдап күліп еді, Әлібек қосарлана қосылып: – Бәсе, сумканың ішіндегісі ет екен ғой, бірақ, неге сонша ауыр. Әй, неде болса, келді ғой, егер атам күтіп алмағанда, – деп сөзінің артын жұтып қойды.

 –  Ей, бәйбіше, ішіп болдық қой, ас қайырайын! Бисмиллаһи рахмани рахим, ей, Жаратушы Жаббар Ием, жолымызды оңынан беріп, мақсат-мұратымызға жеткізе гөр, әмин! Алақанымен бетін сипаған үй иесі мен екі бала тез тұрды да, бәйбіше күбірлеңкіреп барып, бетін «Әумин» деп сипай асын қайырып: – Отағасым, сәл кідір, «жақсыныкі – жария, жамандыкі – құпия», деген нақыл сөзге арқа тірейік. Жұмбақ сумканы төрткөзімізді түгендеп барып ашайық, не қызық  бар екен, сүйтейік, – деп еді, – Ой, әже, тауып кеттіңіз, – деп екі бала алақан соқты. Ал үй иесі: – Дұрыс айттың, бәйбіше «жақсыны көрмек үшін» деген, көрейік, таңдай қаға таңданып, ішпей-жемей тояйық», деп топты бастады.

Белінен, ұзынынан шандып байлаған жібек жіпті пышақпен кестірмей шешіп алу үшін біраз жұмыстанған бәйбіше – терлеп-тепшіп ені – жарты метр, ұзындығы – бір метрдей сумканы ашты-ау, ақыры! Бетінде: құнан қойдың үйітілген басы, жағы бөлек айырылған, үйітілген төрт сирағы – бәрі бір пакетте – әбден тазарып жуылған ішек-қарын, одан сәл төмен қойдың табақтай құйрығы – ол да бөлек пакетте. Қойдың таза етінің өзі – (құйрықсыз) екі үлкен табақты толтырды. Қарап тұрған үшеу – еттің – бір май, бір ет болғанына аузын ашып, көзін жұмды. Енді ендеп жабылған көк түсті матаны көтеріп жинап алғандағы көрініске таңдай қақпасқа шара болмады: мүйізі қағылып, жағы айырылып, үйітілген сиырдың басы, үйітіліп, тұқайы қағылған төрт сирағы – ал керек болса, одан төменгі қатты картонның астында, ені – бір қарыс жарымдай, ұзындығы – бір метрге жуық, денесі басынан бөлектеніп, қабығы әбден аршылып тазаланған сазан жатыр екен.

 –- Құдай салмасын, бәсе, бәсе, тым зілбатпан еді-ау! Ой, көп жаса, айналайын, қарындасым! Ал енді ішкі-сыртқы қалтаны қара, бір жапырақ қағазда бірауыз сөз бар шығар! Міне, күтпеген жерден ноғайлы Шалгез жыраудың бір шумағы алдымыздан жарқ ете қалды: «Жайыңды білген қарындас, Ол қарындас, һәм жолдас, Жайыңды білмес қарындас, Өзі дұспан, өзі қас», – деп толғайды ғой, шіркін! – деді Әбу салмақты үнін жеңілдете сөйлеп. – Тура да, шынайы сөз, һәм адамның емешегін үзетін сөз.

   – Ата, ата, қағазы мынау, – деп Әлібек үшбұрыштанған бір қағазды ұсынды. – сыртқы қалтасында екен, тап беріп, тауып алдым…

   – Кәне, кәне, оқышы, қарағым, – деді бәйбіше ұмсынып.

   – «Ағай, апай, азын-аулақ сәлемдемені қабыл алыңыздар! Бұл бастамасы ғана, Құдай оңынан беріп, қуанышқа кенелсек, тай сойып, той жасаймыз ғой!» сәлеммен, Зағира Оспанқызы.

 – Ой, сөзіңнен де, өзіңнен де  айналдым, – деп Ұлболсын бәйбіше мәз болды.

   ***

Талтүс, күн көзі тастөбеде. Шөмеленің ала қыстай қар астында жатып, өзінің мәнін, сәнін, сапасын жоғалтпағаны анықталды. Иесі жылы суға салып болар-болмас жұмсартқаны да, шөптің атау-атауымен бөлек-бөлек (мысалы, еркек, сарымия бір бөлек, жусан өз алдына дегендей), қойылғанда о бастағы өз дәмін сақтап қалғанын – қос күреңнің құмарта, күтірлете шайнағанынан-ақ белгілі болды. Екі бала қасына жақындамай, сырттай қызықтап тұр еді, үйден ескі бешпентін желбегей жамыла шыққан Әбу қос күреңге қадала қарап тұрды да, сәлден кейін дауысын біртоға шығарып:

   – Неге үркектеп, шегіншектейсіңдер! Екеуі де құлын күнінен қолға үйренген, жанына барып саурын сипап, тіпті шөп тістетіп, көзін сүртіп, көңілдерін көтеріңдер! Әлібек, сен жіңішке күреңге мінесің, ал, Құрман балам бел күреңге мінеді. Екінді мезгілінде екеуің екі аттың суын аласыңдар ма! Бұл жер, атқа отыруды, мініп-түсуді, аттың тынысын сезінуді, шабыста денеңді қалай ұстауды, қай уақытта, қалай қамшылауды, тағы басқасын үйрететін тәжірибе мектебі емес, бұл араға яғни маған дайын бәйге бала керек, оны-мұны кемшілігін көзіне шұқып бір рет қана айтатын, білдіңдер ме? Бәйге атына мініп, бәйге бала атану әрі оңай, әрі қиын. Егер, сана-тұйсіктерің түйіліп қалмаған болса, бір көрсетіп, бір айтқанды қағып аласыңдар! Ал егер о бастан қалыптаспаған сайқымазақ, кержалқау, жеңіл-желпі болсаңдар, онда тек мен емес, қос күрең де екеуіңді жек көретін болады, аржағы белгілі жай.

   – Мен дайынмын, ата! Көптен бері аңсап жүрген арманыма осы жолы қолымды созбасам, мен үйіме жаяулатып кетейін, – деп Әлібек атасына қарады.

  – Мен де дайынмын, ата! Қыр арқасына атақты бәйге бала боп мінемін де, ондаған бәйге аттардың көкала шаңын, өзім де жұтпаймын, сәйгүлігіме де жұттырмай, жел бетте, жел болып ұшамыз! Ата екі шумақ өлең оқиын ба? – деді Құрман.

   – Оқы, қарағым, оқы! Өзің шығардың ба?

   – Осы бойда, бірден тізбектеймін, ата!:

   Ал заулады, ал кетті,

   Кетті озып бел күрең.

   Дауылдатты, желдетті,

   Шабыс емес, жел білем!

   Қалды кейін демігіп,

   Сәйгүліктер қаншама!

   Еміс-еміс көрініп,

   Атам шықты қарсы ала!

   – Е,е, тәп-тәуір көрініс қой, ой, жолың жарқырап, жеңіске жет, қарағым! Мына екі шумақ біз күтер жақсылықтың бастамасы болсын, – деді Әбу баланың басынан сипап. – Талабың таудай боп, құзар шыңның төбесіне өрмелеп шығуға Жаратқан Ием жазсын! – дегенді де қосақтай айтты.

   ***

Мезгіл екіндіге аяқ басқанда, шөпті күтірлетіп, сүйсіне шайнаған екі күрең ауладан жетектеп шығарылып, жарты шелектен тарының суын ішкізді. Екеуі де демін алмастан жұтып алып, тамсана ауыз шайды. Әбу екі аттың басына жүген кигізіп, ауыздықтады да, ноқтаны сыпырып тастады. Беліне терлік салып, құр айылмен төсінен тартты. Ауладан оздырыңқырап барып, екеуін қолтықтан көтеріп мінгізді. Сосын қолын шығыс бетке шошайтып:

   –- Ана құдық басынан шығатын екі аяқты жолдың екеуің екі шетімен сон-оу жалғыз ағашқа шейін шоқытып барыңдар да, ағашты айналып, қайтарда сәл-пәл қаттырақ шоқырақтатыңдар. Жолдың екі жағы таза, кедір-бұдыр жоқ. Қамшыны айналдырып, не болмаса, ауаға сермелеп жүрмеңдер, атқа тақымды қысып, босатып белгі берсеңдер болды. Бір-біріңмен сөйлесіп, даурығуға, немесе ысқыруға, жөн-жосықсыз күлуге болмайды. Қайтарда құдықтан өте бере атты тоқтатпай, ырғып түсіп, жетектей жөнеліңдер! Жай-жай, омырауынан жаурындарыңмен тірей, солығы басылғанша, бір бетке қыдыртып, солығы басылған соң, күнге, көлеңкеге, желге, ыққа аяқтарын қозғап қана қыдыртасыңдар, бір сағат шамасында. Өзім барып, нұсқау беріп көрсетемін ғой. Ал, жолдарың болсын!» – деді де бел күреңнің құйымшағының үстінен алақанымен қақты.

Шоқырақтап, ілезде біраз жерге тұяғы тиген қос күреңнің ту сыртынан қадала қараған қанығы атбегі – екі баланың атқа отырысына көңілі қанбағанмен, іштей риза секілді. «Бұлар атқа мінуді қайдан тоқып жүр екен, а? Атасы тақымдап жүрген шығар! Өпіремдеу, қайратты, бір сөзді, кезінде болған, толған адам ғой», деп күбірлеген рай білдірді де, кілт кейін бұрылды. Ауланың шет жағына әуелі біреу, сосын екінші сауысқан әуелей ұшып, өтіп кетті де, қайта оралып, сәл кейінірек қонды.

  Іштен бәйбіше шығып, шұғыл түрде қайта кірді, одан есікті шалқасынан ашып, қабырғаға сүйеніп тұрған шылапшынды қолына алып, теріс айналды. Одан сенектегі төсенішті екі бүктеп босағаға қойды да, түсініксіз тілде бірдеңе деп міңгірлегендей болып еді, Әбу кенеттен:

 – Әу, бәйбіше, неменеге күйгелектеніп жүрсің, бері келсейші! Әлгі еттеріңді дұрыстап жайғастырдың ба, әлде көмек керек пе? – деп жып-жылы үнін жадырата шығарды.

   – А, Құдайым-ай, қасыңда екі балапан көрінбегесін, көңіліме күдік кіріп, сыртқа беттей алмай, күйбеңдеп жүргенім ғой, өзің қамқорлығыңа алып, бірдеңе шығарар едің, әй, бірақ, оған уақыт көтермейтінін білемін! Енді өзіңе-өзің ақылшы, өзіңе-өзің әмірші боласың-тағы. Мен байғұстан не көмек, әйтеуір, қарайып жүргеніме риза екеніңді сезінемін!

   – Әу, бәйбішем, сол екі балапаның ат үстінде ұшып жүр, сірә, пайдаға асып қалама деген үміттемін! Екеуі де пысық, кері шегінбей, алға ұмытылып тұр екен, – деп отағасы айтқан әрбір сөзін шегелеп тастап еді, бәйбіше:

   – Сүйінші десейші, кәтепті қара нарым-ау, сенің аузыңнан шыққан сөзді – мен пайғамбарымның сөзі деп ұғамын ғой, болды, толды, менің шаруам түгенделді, – деді де қайырулы есіктен бөлмеге зып беріп кіріп кетті.

Әбу есік алдынан отыз-қырық қадамдай жердегі сәл көтеріңкі тұсқа табанын тірей басып, шығыс бетке жанарын ашыңқырап, бойлай қарады. Қарады да жіңішке күреңнің үстіндегі бар болғырдың оң аяғын жинаңқырап алмай, әрлі-берлі қайшылағанына көңілі сәл-пәл ортайып қалды. Басқасы ыңғайға келген сияқты. Межелі жерге жеткенде екеуі де аттан ытқып түсіп сағалдырықтан жүгенді қысып ұстап жетектей берді. Жетектеуінде мін жоқ, айтқанды мұқият тыңдап, ұққанына іштей риза болып, әзірге шүкіршілік етті. Сағатына көз қиығын салып, уақытты межеледі. Бел күрең пысқырып, тұмсығын баланың оң иығына үйкеледі. Ал, жіңішке күрең құлағын қайшылап, ту, ту, алыстан дүбір естілгендей әсерге бөленді. «Жақсы ырым, жақсы ырым, әй, Алла, оңынан бере гөр», деп күбірледі де, назарын төмен салды, ат иесі. Есіне он жасында бәйге атқа отырғаны, әкесінің: «Екі аяғыңа сақ бол, қолтығына жақындатпа, айналаңа алақтап қарама, аттың қос құлағының ортасынан ғана алдыңа қара. Денеңді тік ұстама, еңкейт, бірақ, жалына қолыңды тигізбе, ат үстіне жалаңаяқ, жалаңбас, бір жиде, ішінен қойдың жабағысын тіккен шалбармен мінесің! Ат үсті жел, ат үсті тер, ат үсті қызу – осының бәрін денеңе қабылдат», дегені есіне оралып, тұңғиық ойға батып, селк етіп қайта шықты.

   ***

Сағатына қарады, уақыты асыңқырап кетіпті, дауыстаңқырап шақырды. Екі бала мен қос күрең қасына келді. Анау-мынау деп мыжыған жоқ, екі атты кермеге бір-біріне қарсы қаратып қаңтарып тастады да, екеуінде алдыңғы аяғының тізе буынынан сәл жоғарырақ тұсады. Сосын Әлібекті басынан аяғына шейін көз жанарынан өткізді де:

   – Ат үстінде өзіңе-өзің ие болсайшы, оң аяғыңды неге салпақтатасың, а? Әлде, аяғың ұйып ауыра ма, ашып айт, – ол аяқ ертең я бүрсүгіні саған кедергі жасамасын! Енді бір байқасам, қайтып ат үстіне мінбейсің, түсіндің бе?

   – Түсіндім, толық түсіндім! Ата мені біржолға кешіріңіз, енді қайталанбайтынына уәде беремін, – деді Әлібек қызарақтап.  – Өзім қалай байқамадым, білмей дағдарып тұрмын.

   – Жақсы, біржолға кешірейін, – деді ат иесі. – Екі аяққа ие болыңдар, қолтыққа жақындатпай, салмақты құйрыққа салып, тізені сәл-пәл бүгуге әбден болады. Атты отқа жібергесін, кермеге отырып, жаттығу жасаңдар! Тізені сәл бүксең, балтыр өзінен-өзі қайырылатынын білуге ақылдың қажеті жоқ, оған түйсік керек.

   – Ата, бірауыз сөз айтуға бола ма? – деді Құрман, – Тек бір ауыз сөз!

   –- Ал айта ғой, жүрексінбей, айта беріңдер, тек тақымыңдағы ат жөнінде болсын! Артық бұра сөздің қажеті жоқ.

 –- Айтсам, бел күрең үстіндегі мені жақсы сезінеді, кейін бұрылғанда ол – «Тізгінді сәл-пәл босатсайшы» дегендей, екі рет пысқырып, ауыздығын тісімен төмен басты. Мен болар-болмас тізгінді босаттым да: -– Болды, бұдан артыққа атамның рұқсаты керек, – дегенді іштей айттым. Сосын ойыма бір шумақ өлең оралғандай болған соң жадыма тоқыдым.

 – Ой, Құрман, бір ауыз емес, сөзің он ауызға толығымен, тіпті асып кетуі де мүмкін, – деп Әлібек мысқылдай күліп еді, атасы: – Айтсын, айтсын, кедергі жасама, – деп езу тартты.

 – Бір шумақ өлеңім енді екі шумақ боп кетті, ата!

 – Ал толғап жібер, сөзді көбейтпей, негізі аз сөйлеп, сол сөйленген сөздің нәтижесі толымдырақ болса ғой, шіркін!

   – Толғасам, былай ата:

   Шабысты күрең шығарды,

   Салды ғой топқа ылаңды.

   Бауырын жазды көсілтіп,

   Серпілткендей тұманды.

   Шабысты күрең көрсетті,

   Күн көзі оған нұр септі,

   Қара үзіп қалды басқа аттар,

   Көтере алмай тірсекті.

 – Нүкте қойдым ата! Тағы бір шумақ қосуға болатын еді, бірақ, мағынасыз боп кете ме деп жасқандым. Әрі Әлібекке күлкі болып қаламын ба, деген күдік те мазалағаны рас. Сіз, өзі қысқа, өзі нұсқа дегендей, ортаға ой тастадыңыз, мен оны дер шағында ұқтым. «Көп сөз – боқ сөз» дегенді ағай Рақым қайталай беруші еді.

 – Мен емес, сен ғой, ортаға ой тастаған. Егер талаптансаң, сенен бәйге бала да, тіпті, сөз зергері де шығуы мүмкін. «Толағай талап – тауды да қопарады», деген ескілікті сөз бар. Кеттік, үйге, әжеңнен өлеңіңе байғазы сұрайық, –  деп Әбу еңкейе беріп, Құрманды көтеріп алды.

   ***

   – Әй, бәйбішем, мына балаң көңіл көкжиегінен көріне ме деген үмітім жоқ емес. Аңғарымды өзі, бала-балжыр емес. Тақымы құтты болар, сенің екі балапаныңның, әсіресе, Құрман балам, өзінің талабы, өзіндік ой-толғамы бар секілді. Өлең де шығарады. Осында келгеннің өзінде екі рет, екі-екі шумақтан екі өлең шығарды. Егер ақын шықса, жазбадан гөрі суырып салмаға бейімдеу.

 – Айттым ғой, жо-жоқ, ойладым ғой, екі балапаным да, жай балапан емес, алғыр, тәртіпті, ішкі сарайы көркем балапандар. Ал, кәне, оқы, оқи ғой, құлыншағым!  Мен мұқият тыңдап алайын бір.

 – Әже, егер рұқсат етсеңіз, сізге арнап екі шумақ өлең шығарсам деймін! Ана төрт шумақты кейін оқимын ғой!

 – Маған, қой ұят болар, біреу-міреу күлкі қылар, – деп бәйбіше сасып қалды.

 – Шығар, ал сайрай бер, әжең өлең арнауға тұратын әже, – деді отағасы, – Қақпа қолын, бәйбішем, балапанның ниеті өзіңе ауып тұр емес пе!

 – Ақ әже, мен бастайын, айып етпегейсіз!

  Ақ әже, салтанатты аппақ әже,

  Осы үйден өз бақытын тапқан әже!

  Тербетіп шаңырағын әз атамның,

  Ішіне өмір отын жаққан әже!

 Ақ әже, салтанатты арман әже,

 Тәтті ғой, әрбір сөзің балдан әже!

 Алыстағы ақ көкем үйленгенде,

 Той қамын осы бастан ойлан әже!

– Ой-буй, қарағым-ай, алдыңнан күн, артыңнан ай тусын, Жаратушы Жаббар Ием екеуіңе назарын аударуға періштелер көмектессін! Жұлдыздай жарқырап, ел-жұртыңа абыройлы болыңдар! Ей, менің өмірлік серігім, сенің жолыңда жаным пида! Ей, менің жалғыз қарашығым, сенің жолыңда да жаным пида, мына періште баламның айтқаны келіп, осы құтты мекенімізде ағыл-тегіл той болсын! Ей, Алла тағалам, алдағы ұлы дүбірге қосылатын қос күреңнің жолын оңғара гөр, енді, – деді де, бас салып екі баланы құшақтап, ағыл-тегіл жылады-ай, кеп!

– Қой, жылағаны несі, әй, бәйбіше, тоқтат, көрсетпе, көз жасыңды, – деп алпамсадай үй иесі батыл сөз айта алмай, назарын төмендете берді.

 ***

 Екі баланы төсекке жатқызып, бәйбішесіне:  – «Оу бекерден-бекер, көз жасыңды төге бер ме, ыңғайсыз ғой», деп айтқысы келіп ұмтыла түскен үй иесі өзін-өзі тежеп, «Қуаныштан көңілі ептеп бұзылған ғой, оны несіне түртпектеймін», деп ойлады да, жалаңаяғына галошын іле салып, сыртқа шықты. Іңір қарағысы бірден қоюлана түсіпті, тып-тыныш көршілердің бірді-екеуінде ғана терезе әйнегі жылтырайды. Электр желісі жақын арада қалпына келуі тиіс, келіп-кеткендердің айтуына қарағанда. Әйтпесе, баяғы керосин шамның бедел алып, қайтадан таққа мінгеніне жылдар жүзі болып еді. Әйтеуір оған да көз үйренген. Сенекте бір шам, ас бөлмеде бір шам, қалған үш бөлмеде үш шам, кейде шыны тұрбасы қаракөлеңкеленіп, иісі тынысты тарылтатыны да сиректеу болса да кездесіп тұрады.

Үштағанды дүбірлеткен жуықтағы әңгіме, төрт үйдің бес-алты адамын қуанышқа бөлеп, тіпті сарқылыңқырап қалған көңіл-күйлері қайта көтеріліп, әңгіме-  әңгімеге жалғасты. Қуат шал кемпірімен екеуі қызыл секті аулада ұстап, жем мен шөпке байлап қойыпты.Электр тоғы жарқ етіп, сонымен қоса құрылыс материалдары тасымалдана бастағанда «Құдай жолы» садақасына секті бауыздап қан шығармақшы көрінеді.

Әбу қос күреңнің жүгенін сыпырып, тұсауын шешіп, қыр арқасындағы терлікті бастыра төсінен тартқан құр айылды алып, терлігімен сауырын ысқылап сүртіп, жетектей аулаға кіргізіп, екеуіне екі бөлек шөпке тұмсықтарын тигізді де, өзі кейін шегініп барып, ауланың есігін жапты. Кеудесін құбыладан тек табы ғана білінген самалға тосып, адымын аша беріп еді, бұрыштан:

 – Әбеке, екі атты жайласын деп үн-түнсіз күтіп тұр-ем, бір шаруа бар, саған айтатын, бәйбішеңді ертіп шық, үйге барайық, – деп көрші Дүйсен оң аяғын тіреп басып екі-үш аттады.

 – Апырай, қас қарайып кетті ғой, ертеңге қалдырсақ қайтеді, ол шаруаны, тым тығыз ба?

 – Жо-жоқ, ертең тым кеш, Бәліш күтіп отыр.

Әбу сөзді көбейтпей, кере адымдап, сәлден кейін бәйбішесі екеуі – Дүйсенді қолтықтап, отыз қадамдай жердегі шатырсыз, жатаған үйге, – Кеш жарық! – деп кіріп барды.

Дүйсеннің:  – Әй, Бәліш, шаруадан бұрын тездетіп, етіңді әкел, – деуі мұң екен, ілезде қол шайылып, дастархан үстінде білекпендей қазысы бар, бір табақ ет ортаға сылқ етіп қойыла қалғанда шақырылған екеуге қоса, үй иесінің өзі басын шайқап, табаққа тесіле қарады.

-Мәссаған безгелдек, бұл дастарханның атауы қандай, қап, құр қол келдік қой, – деп Ұлболсын бәйбіше шыр-пыр етті.

 – Ой, иісін-ай, жылқы жарықтықтың еті, әсіресе, сүрленгенде, жемей-ақ, аузыңның сілекейін шұбырта бастайды-ау, шіркін! «Жемей-ақ тоясың», деген бір ауыз сөз – неге айтылды дейсің! – деп Әбу ақтарыла сөйледі.

 – Қой болмас, жаңа екі балапаныма беремін деген екі бес мың, Бәлішке бұйырған екен, апырай, апырай! – деген бәйбіше қасында тізелес отырған отағасының алақанына қыстыра салды.

-Әй, осыны біліп-ем, менің асыл бәйбішем, қашанда «Асыл» деген сөздің анықтауышы ғой, – деп Әбу екі қызыл ақшаны ұмтыла еңкейіп, Бәліштің қолына ұстатты.

 – Жо-жоқ, алмаймын, қой, ойбай, ұят болады, бұл несі-ай,  – деген Бәліш жоқ, сытырлаған екі қызыл ақшаны камзолының қалтасына сүңгітіп жіберді де. – Бисмиллаһи, беташардың бастамасы болсын! – деп сылқылдай күлді.

Жылқының бір табақ еті жақсы желінді. Қойдың құрты араластырған сорпа да жақсы ішілді. Бірақ, бөтендей оқыс әңгіме айтылмады. Ас қайырылып, дастархан үсті бір емес, екі рет сүртіліп шай шабдығы жасала бастады. Айтылатын шаруа, тұйыққа тірейтін әңгімеден еш хабар жоқ. Қою, күрең шай шайтабақтарға құйылған мезгілде Әбу кеудесін кере демін алды да:

 – Оу, Дүйсеке, оу, Бәліш, бұл не жұмбақ айтсаңдаршы, шешуін ойланайық, тек тамақ іше бергенше, – деп дауысын жүйелендіріп шығарды. – Әлгі бір нашарлау нақыл бар ғой, «Әкесі өлгенді де естіртеді», деген. Құдайым одан сақтасын, бірақ, манағы шаруаның айтылар уақыты озып барады. Уақыттан жүйрік не бар, осы, әй, қайдам, – дегенді де қосып жіберді.

 – Иә, иә, отағасының сөзіне мен де қосылам, әлгінде Бәліш «Беташар» деген аса құнарлы сөзді айтып қалып еді,  – деп Ұлболсын бәйбіше жай ғана қабағын керіп, болар-болмас езу тартты.

Кенет, Бәліш үлкен тамақтың алдындағы сылқылдаған күлкісін тағы да жалғастырып, – Бұл жеңгейдің бетін мына мен былай деп әндетіп ашатын шығармын, сірә! Өйткені, менің жолым да, кезегім де келіп тұр. Ұлболсын зейін қойып тыңдашы, сенің менен үш ай он бір күн үлкендігің бар ғой.

 – Жөн, жөн, тұп-тура айтып отырсың, солай емес пе, отағасым, – деді бәйбіше салмақты үнін жеңілдетіп. Осы екі арада Дүйсен әңгімеге араласып:

 – Қой, Бәліш, адамның тағдырын күлкіге айналдыра ма, ұят болар. Әркім өз ісіне өзі жауап береді. Марқұм Әмина дені дұрыс әйел-заты еді ғой, – дей бергенде, Бәліш:

 – Жоға-ау, күні кеше емес пе, топырақ жамылғаны апайдың! Соншама не боп барады, адыраңдайтындай, тісі сарғайып, жасы жетпістің бесеуіне келгенде. Ең болмаса, жылын беріп, сосын қозғалсайшы, – деп көзіне жас алып, күрсініп-күрсініп қойды.

 – Түсінікті, Қартаңбай аға төсек жаңартқан екен ғой. Жұмбақтарыңның шешуі оңайға түсті, – деген Әбу селкілдеп күлді де: – Бұл қашан болған жаңалық өзі, біз неғып білмейміз! Анау-мынауды жауып қойып, ертең қағаберісте кіріп, «Құтты болсынымызды» айтып, міндеттен құтылайық. Сосын енді жаңа жеңгейге үй көрсетіп, дастарханнан дәм таттыруға асығыс жоқ-ау! Солай емес пе, бәйбіше!

 – Әрине, әрине, өте-мөте жөн сөз. Бір үйде бір өзі, бала, қызы бөлек, олардың өз отбасы бала-шағасы бар, сосын, енді ыңғайы келіп тұрғасын тәуекел еткенінің меніңше еш сөкеттігі жоқ сияқты, қайта өте дұрыс, тірі кісі тірлігін істеу керек қой, өлгеннің артынан өлмек жоқ. Қап, ертерек білгенде ақылдасып, бәріміз бас қосып кіріп шығуға болатын еді, – деді Ұлболсын әр сөзін қадап-қадап.

 – Біз де бүгін естідік, сірә келгендеріне үш-төрт күндей болған-ау, шамасы. Бір әйелдің аула ішінде жүргенін  Балқия байқап қалып маған айтты. Ол мені мазақтайды: «Әйда, беташарыңды дайында, келін түсті. Кемел үйленіпті, сен шырқа, мен шашылған ақшаны жинайын» деп.

 – Анық па, әлде, беталды сөйлеп тұрсың ба, қалжыңдап десем;  – Мені жын ұрып па, әбден көзімді жеткізгесін айтып тұрмын ғой! Осындай нәрсені екіүшті етіп, даурығатын мені сен кім деп ойлайсың, а? – деді де кілт бұрылып, жүгіре басып кете барды.

 – Әй, әй, тоқта, әңгіме-дүкен құрайық, жүр, үйге шай ішейік, – деп едім, – Асығыспын, шаруам бастан асады, ендігі қалғанын саған өткізіп тапсырдым. «Ах-ау, бикем жар-жарға» саласың ғой, енді, үзілдіріп, – деп маған дауыстаңқырап сөйледі. Көрші естір, ұят болар деуден аулақ, өзін еркін ұстайды.

 – Неде болса, қуанышты жай ғой, үш-төрт үйдің жандарын дүбірлеткен, мұны тойлайық, адамның аты адам емес пе? – деп Әбу бұл әңгімеге нүкте қойды. – Кемел ағаның тәуекелі, тәуекел-ақ, – дегенді де жалғастырып жіберді.

 ***

Түн ортасы ауа сыртқа шыққан үй иесі қос күреңнің қасына кеп, тың-тыңдап еді, шөпті шайнауы тіпті қасаң екен. Болар-болмас жақтарын қимылдатады. Елеңдеп, бастарын көтеріп, тісін-тісіне қайрамайды. Жайлары белгілі – аз-мұз шөлдейін дегені. Қазір су беріп, бей-жай қылуға жол жоқ, серейіп жатып тыныстауы мүмкін, және де су ішсе, бойын қыздырып, сулығын алу керек қой. Екеуін қосарлай жетектеп керме ағашына әкелді, шоқтығына иектетіп, терлік салды да, құр айылмен төсінен тартты. Жүгенді ауыздықтап, онша сірестірмей қаңтарып, ауыздық астындағы шығыршықты қыса, уыстай ұстап, екеуін екі жағына алып, терістік беттегі жел табын бетке ұстап, жетектей жөнелді. Қою қараңғылықты қақ жарып, ұзаңқырап кетті де, шығыс бетпен орағыта тыныс беріп, тұнық ауамен дем алдырды. Сөйтіп, біраз, шамамен бір сағат жарымдай жүріп, кешегі жауыннан пайда болған қақ суды кештіріп, сәл-пәл төрт тұяғын, әсіресе, бауыр етін салқындатты. «Дегенмен, екеуі де шала-шарпылаудан гөрі ептеп, көрегендігі бар, бұл суды ішуге болмайтынын сезіп, ернін қимылдатып, ауыздығын жаламайды, мұнысы енді тәртіптілігі», деп іштей ойлады иесі. Қақ суды кештіргеннен соң жөпелдеметіп жетектей кермеге төстерін тірей, екеуін де қаңтарып тастады да, тізесінен жоғары төсіне жақындатып тұсау салды.

Көкжиектен қызыл-сары белдеу көрінгенше ат қасына отыруды мұрат етпеді ме, Әбу екі аттың тұрысына мұқият зер сала қарады да, әлденеге ернін жыбырлатып, жай басып, жалпақ алып, сыртқы есікті шалқасынан ашты. Аула үстінде шоқиып отырған кесік құлақ төбет аузын екі рет ашып есіненгендей кейіп танытқанмен иесіне көз қырын да тастамаған сияқты, өзімен-өзі болып кеудесін тік ұстады.

 ***

Шай дастарханы жайылып, самаурын сақылдап, аққұман ысылдай буы бұрқырағанда жаймен бөлмеге кіріп:

 – Әу, қос балапан тұрып, жуынып-шайынып, шайға келіңдер, – деп дауысын ортадан төмен екпінмен шығарған Ұлболсын бәйбіше тез оралып, ежелгі орнына отырып үлгерген отағасына әспеттеп құйған шай толы шыны-аяқты оң қолына ұстатты да:

 – Шайың сіңімді, тағамың тәтті болсын, отағасым, – деп басын иді. Бұл, марқұм енесі қалыптастырып кеткен ежелгі әдеті. Осы ұстаным көкірегінде хатталып, жадында жатталып қалғаны анық. Айтпаса, көңіліне кірбің түсетін тәрізді.

 – Өзіңе де, дастарханың тек жақсылыққа жайылсын, босағаң әрі құтты, әрі берік болсын, бәйбішем, – деді Әбу қоңырлау дауысын күмбірлетіңкіреп. Дәл осы сөздің аяғын күтіп тұрғандай, есік кенет айқара ашылып:

 – Ассалаумағалейкүм ата, сәлем бердік, әже! – деп бірінен соң бірі дауыстай сәлемдесіп, екеуі  кіріп келді де, дастархан шетіне отыра-отыра қалысты.

 – Бәрекелді, бәрекелді, бақытты болыңдар, қарақтарым! – деді Әбу жайдары жүзін күлімдетіп.

 – Ата, анада үлкен атам, әй, екі маубас-ай, сендер мынадай ұйқыларыңмен Әбу мен Ұлболсынды шаршатпасаңдар болар еді, қорқамын мен екеуіңнен, кішкене тірілсеңдерші, жастарың біразға келді, – деп бізді сойып салды. Ата, кешірім сұраймын, қатты ұйықтап қалыппын! Тағы бірде үлкен атам «Әй, жүгірмек, саған айтамын, тек атқа міну, ол бәйге атына міну емес», – деп түрткілейді.

 – Ата, әже, мені де кешірім етсеңіздер, бұдан былай сергек жатуға тырысамын, – деді Құрман да міңгірлеп.

 – Апырай, үлкен атаң сендерді қырлап-мінеп, пысысын дейді ғой. Рас айтады, атқа міну, бәйге атына міну деген сөзге жатпайды. Оның қыры мен сыры көп. Дегенмен, ұмтылыстарың көңіліме қонар деген үміттемін. Солай емес пе, бәйбішем» Сеніңше қалай, ас ішіп, аяқ босату оңай, ал алға қойған мақсатқа қол жеткізу қиындау шаруа.

 – Иә, иә, қарақтарымды өзіңіз талай-талай сынақтан өткізесіз ғой, – деді бәйбіше дереу сізге көшіп. – Менің бұл әдіс-айлаға төрелік айтуға өрем де, ойым да жетпейтіні рас. Кәне, бөгде әңгімені қоя тұрып, тамаққа шүйлігіңдер, міне, айналайындарым, екеуің үшін пісірдім, түсірдім дегендей…

Дастархан үстін үнсіздік тұмандағандай болды. Тіпті ауыздың сылпылы да, шыны-аяқ пен қасықтың тырсылы да самаурынның сазды әні де, аққұманның ысылдағаны да бір нүктеге бағынып, сапырылысқан емес, салтанатты күй кешкендей әсерде болғаны шынайы шындыққа жанасар еді.

 – Енді көже пісірім уақыттан кейін, қос күреңді жуындырайық, аздап үстерінің кірі ашылсын, сосын барып, тоқым жабарға әзірлейік! Сәл ысқылтымдау су болса, екеуіне шелек жарымнан үш шелек, ыңғайына қарай өзім жуындырамын ғой, сарайға кіргізіп, екеуің әжеңе көмектесіңдер, – деді Әбу сөзін үзіңкірей айтып.

 – Ақ әже, қазір тасиық па, суды? – деп Әлібек елең ете қалды.

 – Бәрі әзір ғой, айналайын, сендер атаңа не қажет, соны апарып тұрсаңдар болды, дәл уақытында.

 – Ата, өткен жылы жіңішке күрең бәйгеден озып келіпті ғой, басқаларын шаң қаптырып, сонда бел күреңді, – дей берген Әлібектің сөзін:  – Балам, өткен өтті, оны қаузай бермейік, – деп атасы бөліп, басқа арнаға бұрып жіберді.

 – Ата, Ақан сері өзі шығарған өлеңінде:

 Құлагер, әкең тұлпар, шешең сұңқар,

 Соғып ең құнаныңда сегіз арқар, – десе тағы бір өлеңінде:

 … Атығай-Қарауылға олжа салған

 Қыз сағақ, бота тірсек, сандалкерім, – дейді. Осы төрт жолды түсіндіріңізші! Мысалы, «Сегіз арқар», «Қыз сағақ», «Бота тірсек», «Шешең сұңқар» дегендері теңеу ме әлде шынайы сөз бе, а?

 – Қарағым, балам, кейін бір көңіліміз көтеріліп, мына шаруамыз бір жүйеге түскесін бұл жайды әңгіме етерміз, жарай ма?

 – Жарайды, ата, осы сөздерді мұғалима апайдан сұрайын дедім де, ұрсып тастар деп қорықтым. Апайымыз қаталдау, шап ете түседі, – деп Құрман аузын жапты.

Үйдегі қазанға су ысытылып, сарайға екеуі жеткізіп, ыссысында, суығын да ойдағыдай етті. Атасының: «Анау керек, мынау керегін» сол сәтінде екеулеп ұсынып тұрды. Кезек-кезек екі атты жуындырған ат иесі, екеуіне де қалыңдау бөз мата жабуды мәлінте жауып, терлік пен тоқымды жабудың үстінен тастап, шап айылмен төсінен тартты. Бұл жолы жона салынбады. Екеуіне жарты шелектен тарының суын ішкізіп, сірестіре қаңтарып, кермеге байлады. Жіңішке күрең аз-мұз елеңдейді, ал бел күрең сұлқ тұр.

 – Ей, балдарым, енді кідіртпейік, әзірленіңдер! Барғанша шоқырақ, қайтарда – сәл-пәл қаттырақ, бірақ, ауыздыққа тіреп әумесерленбеңдер! Қара жолдың екі шетімен, жіңішке күрең – сол жағында, бел күрең – оң жағында, ал қайтарда да солай, оң мен сол. Тұлабойларыңа бекем болыңдар! Қамшы тигізбеңдер, «Шу» деген сөз жарайды. Қара жол – көлденеңдеген ата жолдан өткенде, ауыздықты қисайта тартпай, орағыта шабыңдар да жаңағы іздікке қайта түсесіңдер ғой! Барғанша жеті шақырым, қайтарың – жеті шақырым, сонда он төрт. Бір-біріңмен сөйлесіп, ыржаңдасаңдар, бәрібір білемін! Онда дереу үлкен аталарыңа қайтасыңдар, ол қабылдаса, әй, қабылдай қоймас! «Аулақ жүріңдер, жолдарың анау», дер.

Әбу қос күреңді кермеден алып, сәл жетектеді де, екеуін екі атқа демеп мінгізіп, – Ал, жолдарың болсын, бірден шоқырақтатыңдар, аяқтарыңды бүгіп, – деп қаттырақ дауыстады да, өзі де ілесе жүгіріп барып тоқтады. Жанарын шашыратпай бір нүктеге қадады. Жалт еткізіп аудармай, қадала, көз шарасын кеңейте қарады да, іштей риза болғансыды. Екеуінің де атқа отырысы – өзіне ұнады.  Сосын: «Ана үлкендеуінен гөрі, сәл кішірегі мығымдау» деп іштей сыбырлағандай болды да, «Ей, Жаббар Ием, кешіре гөр; пендеңді», деп тілін кәлимаға келтірді. Сәлден соң тағы да бір үңіле қарап, кілт бұрылмай, артымен шегіншектеп барып, малдосын құрып, біраз отырды.

 – «Межелі жерге келе бергенде, атты тоқтатпай, ырғып түсіп, сағалдырықты қыса, уыстап, қыдырта беріңдердерді», әдейі айтпай, ішіне бүгіп қалды. Мұнысы соңғы сынақ, егер өткенде шегелей түсіндіріп, сулықтан кейін қыдыртқандары естерінен шығып кетсе, онда мықтап ойлануға тура келеді, мұны ұмытса, ертеңгі ұлан-асыр шабыста – өздерін-өздері билей алмай, ескертпенің бәрі жадынан шығып кетеді де, екі аттың бағы емес, сорына шығады. Құдай сақтасын, одан! Оның жолы – әрмен, ей, АллаТағалам, қос күреңнің жолын оңғара гөр! – деген тілек тілінің ұшына келді.

Орнынан тік тұрып, шалбарының артына жабысқан топырақты да қақпай, адымдай басты, ойы – ат үстіндегі екеудің қимыл-қозғалысына барлау жасап, егер тәртіпті бұзса, шоқырақтан текірекке ауысып, тізгіні тежеліп, кілт кідірген екі аттың сағалдырығына жармаса жүгіріп, сосын барып, сығымдылған сағалдырықты сәл-пәл  босатып жетектей беру… Екі бала аттан түсті  ме, әлде отыр ма, оларға назар аудармай, өз жоспарын қалпына келтіріп, адымын қысқарта – оң мен сол, арты мен алды, жел табы мен күн көзі, қашан аттың тері кепкенше қозғала беру, қозғала беру… Бірақ, мүмкін, екеуі де, онша майшелпек сияқты емес еді, әсіресе, кішілеуі! Екеуінің арасы бір жас үш ай екен ғой. Анаусы-он екі жасқа, мынаусы-он бір жасқа толады екен. Аз жас емес, адамдыққа қарай қалыптаса бастайтын шақ. Ол осылай ойлап, ішінен осылай күбірлеген секілді болды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген нақылға жақындау сөз бар, мына екеуі бүгін көңілін қалдырса, Көксайдағы Сеңгірбайдың екі баласына қолқа салады, басқа амал жоқ, дегенді де ойына оралта шүкіршілік етті. Сәл кейіндеудегі суы сараңдау, бірақ, аса тұщы, әрі дәмді құдыққа арнайы барып, астау толы суды төңкеріп тастады. Аз-мұз тер шығарған қос күрең судың иісін сезіп, емексіп қалар деген ойдан туындаған еді, бұл әрекеті.

 ***

Құдықтың оң жағында, шамамен отыз-қырық қадамдай тұстағы шағыры қалың төмпешікке аяғы іліккені сол еді, қоңырлықтың жыңғылды тұсынан сағым көтеріп-түсірген сияқты дүбірлетіп, өзі көрсеткен жолдың екі жағымен шоқырақтан сәл басымырақ шабыспен езулете жақындап-ақ қалды. Әбу тұрған орнынан қалт етпей қақшиып, сіресті де, денесін қайта босатты. Бұл межелі жерден жетпіс-сексен қадамдай қашықтықта, бір ұмтылса жетіп барады. Өзін-өзі әзірлеп, қарағай басындағы қара барысша өнбойын жиыра бастады. Екі аттың екпіндете келіп, межелі жерге жетер-жетпесте текірекке көшкен қос күрең үстінен екі бала жалт етіп, ырғып-ырғып түсті де, солығын баспаған атпен бірге жүгіре жөнелді. Сәлден кейін бүлкілге, одан аяңға көшірген екеуі – қалыпты жағдаймен қос атты қыдырысқа бағындырды, қадала қарап тұрған ат иесі: – Пай, пай, мына балдар қайтеді-ай!  –  деп дауыстап жіберді де қара жерге тізерлей отыра кетті. Ойына әкесі үнемі ыңылдай сазына келтіріп, сонан соң ептеп үнін шығаратын екі шумақ ән сөзі оралды:

Міндім де көк бестіге армандадым,

 Көрсем де көкжиекті таңқалмадым.

 Күндізгі көк аспанды көзбен сүзіп,

 Өткенді кеткенімен ойға алғаным.

 Не болды, ойға алғаным арман болды,

 Әйтеуір сол ой маған қорған болды.

 Жақсылық өр жаныма жақын келіп,

 Жамандықтың күрмеуі жалғанбады…

«Мүмкін, осы екі баланы менің аузыма періште салған шығар, әйтпесе, бір-екі күннен кейін Сеңгірбайдың үйіне аттануды ойластырып, тіпті жоспарлап қойған», – деп ой шырмауына орала бергенде, үй жақтан машинаның гүрсіл-дырылы естілді де, тыныштала қалды. Бұл адымдай басып, аулаға жақындағанда, алдынан бәйбішесі шығып.

 – Оу, Әбекем, бір машина бір қапшық сұлы әкеп тастады. Сені сұраған жоқ, «Асығыс едім, мынау сұлы», – деді де тайып тұрды. Кім берді, кімге әкелді, бір ауыз сөз айтқан жоқ. Тіпті, ең болмаса, есікке таяу апарса ғой, апармады.

 – Апырай, сөйлемесе сөйлемесін, дер кезінде әкелгенін айтсаңшы! Кәне, мәссаған, аузын кәдімгідей шандып тігіп тастапты. Бәйбішем, я пышақ, я қайшы әкелмесең болмас!

Әбу қайшымен қапшықтың аузындағы шандыманы қиып, сұлыны қолымен уыстай алып, таңдана, таңырқаған кісіше басын шайқап: – Бәйбіше, іздегенге-сұраған екен, нағыз қабығы жұқа, дәні дәмді ақ сұлы! Ой, кім берсе де көп жасасын, көп жасағыр! Бұл анау-мынау емес, қолға түсе бермейтін сұлы. Оу, бәйбішем, бір аяғын қайнатпай, ыссы суға бөктіре қояйық, таңда екеуіне асатамын ғой.

 – Әлгі екі бала аман-есен келді ме, Әбекем! Қарақтарым шөлдеген болар, шай қояйын, тездетіп. Ыссы тамақ жасап қойғанмын! Айран көже де әзір!» Осы екі аттың көже суы да таусылуға таянған шығар! Отағасым, неге үндемейсің, әлгі екеуі көңіліңнен шықпай тұрмағай, масқара ғылып а?!

 – Саспа, бәйбішем, сенің екі қарағың менің көңіліме де, көкейіме де қонып келе жатқан сияқты. Сондықтан мына отағасың саған көп-көп рахмет айтуға оқталудамын, сәл-пәл шыда, жарай ма?

 – Аздап сезгенмін, өйткені, екеуі де кержақ емес, алға ұмтылып тұр ғой! «Жақсы сөз жарым ырыс», сөзіңнен-ақ қанағат алдым, түсіндім. Алла оңынан берейін десе, қолында ғой. Үйге кірсейші, дастархан жаюлы, мәзірлері қоюлы, айда қалампыр салған қою шайды шынашағымды шошайтып құяйын! Меніңше, «Әліптің артын бақ» деген нақыл өз орнынан ығысып, «сыйға сый, сыраға бал» деген сөзге орын берген сияқты, – деп еді, отағасы:

 – Аз-мұз шыда, мен төртеуіне сыртынан көз жүгіртейін. Енді бір шамадан кейін, бәріміз бас қосып, тартамыз, бір қойлық шайды, – деп Әбу бәйбішесін жаурынынан қақты.

 ***

Шақырайып тұрған күн көзінен жасқанды ма, үш-төрт түйір ақша бұлт өз деңгейіне көтеріле алмай, кейін шегінді. Жел табы болар-болмас білініп, батысқа қарай ауытқыған сияқты. Соноу-сонау көкжиектен ашуына мініп, түйіліп шыққан қоп-қою бұлт – неге екені белгісіз, біреу тастөбесінен ұрғандай, мелшиді де қалды. Қанатын қайыра жайып, айдын көкке бойұсына қозғалуды кейінге қалдырды-ау, шамасы. Әйтеуір қорғаншақтап, бұқпантайлап қалғаны анық.

Күн көзі өз биігіне ентікпей, сабырлы да, салихалы қалыппен көтерілуді жан-жақты ойластырған сияқты. Дәл қазір ашық та, жарқын, аса шырайлы қалпын сақтауда. «Бұлтқа кедергі болмай тұра тұрайын, деп ойлап-ем, бұлардың қозғалатын түрі жоқ-ау, сірә! Онда мына мен көрсетейін өзімді, көлеңкемді жер бетіне түсіріп, қыр арқамды күн шуағына тосайыншы бір» дегендей, дәу қарақұс қос қанатын қақпай, қалықтаумен ғана биіктен биікке самғап барады. Әне, басын оңға, солға бұрып, керілген қанатын жинақтамай-ақ бір-екі рет қағып, қайта қалқыды. Сөйтіп, өз мәртебесін өзі көтеріп, «көк жүзіне әзірше мен қожамын» дегендей, мінез көрсетеді.

Әбу қос күреңді жетектей қыдыртқан екі баланың шаршап-шалдығатындай кейіп көрсетпейтініне кәміл сенімі мол. Екеуі де ширақ, ауру-сырқаудан аман, өкпе-қолқалары өз күйінде, демікпе, жөтел, тамағы құрғақсу, түкірігіне шашалу, танауы бітеліп, амалсыз түшкіруге итермелеу, ерні кеуіп, сілекейі шұбыру – дегендер атымен жоқ. Жарау атқа мініп «бәйге бала» атануға ұмтылғандарға жаңағы ескертпелердің өзі түгілі, ізі де болмауы керек. Желмен жарысып, ағызып келе жатқан сәйгүліктің қыр арқасындағы тізгін ұстарды жөтел қысса не болады?  Мұрнының іші кеуіп, аузына сілекей жиналып, көмейі жыбырласа не болады?! Ондайлар – бәйге атының қыр арқасына құйрығын тигізу түгілі шылбыр ұстаудан аулақтатылуы керек, иә, бұл жазылмаған заң. «Мына екеуін түнде де, күндіз де, жүгіртіп, секіртіп, құдықтан екі шелекпен су тасытып, ана жатқан екі көктасты көтертіп, тізесіне салмақ сала отырып-тұрғызып сынақтан өткізіп алмасам, болмас», деп ернін жыбырлата, дыбысын шығармай, баскиімін былғалап «келіңдер» дегендей белгі берді. Ат иесінің бас киімін былғалап шақырғаны жанарына іліккен жіңішке жирен ішін тартты.

Жақындап келген төртеуінің алдынан қарсылаған Әбу қос күреңнің маңдайынан сипап, көз аясын таза орамалмен сүртіп, кермеге шейін өзі жетектеді де, екі балаға жылы көзқараспен:

 – Ақ әжең сендерді күтуде, әй, сірә, тамақтың құрығанда екі-үш түрін дайындаған шығар! Ал жуынып-шайынып, дастарханға отыра қалып, кірісіңдер, мен сәлден кейін барамын, – деп еді, Әлібек:

 – Ата, шоқырақты менсінбегендей, жіңішке күрең ауыздығын екі рет төмен басты, ойы сіз айтқан ауыздыққа тіреу-ау деймін! Бірақ, тізгінді шым-шымдап тартып, қалыпқа түсірдім, сәл ірікпесем, бауырын жазудан тайынатын емес, – деп күлді.

 – Сен оған айт, мезгілі келгенде, ауыздыққа тіреп көсілту ешқайда қашпас, күшіңді сол кезге жинай бер, деп. Ол ақылды, сөзді түсінеді, әне-міне дегенше, ол күнде болып қалады. Ал Құрман балам, бел күрең саған сырын шашпады ма?

 – Жоқ, ата, ол шоқырақты да, текіректі де жаны сүйеді. «Шу, жануарым», деген ыссылау сөзді күтеді-ау, деймін! Үсті  жайлы, басы жұмсақ. Аздап тақымымды қысып едім, шоқырақты артқа тастады, өзіңіз айтқан тұсқа дейін, – деп үйге қарай жүгіре жөнелді де, қайта оралып:

– Ата, айтыңызшы, осы біз сынақтан өттік пе, әлде, негізгі «Бәйге бала» келгенше шоқырақтамай, текіректемей тұра тұрамыз ба? – деп теріс айналды да:  – Ата, сұрағым оспадарсыз болды ма, кешірім өтінемін, – деп тізесін бүкті.

 – Өй, жігітім, екеуің де әзірге жаман емессіңдер! Ал, ертеңгі тоқым терде бүгінгідей жақсы көрсеткіш болса, онда тәуекел деп екеуіңе біржолата тоқтаймын! Сөз осы, уәде, уәде!» – деді Әбу үнін мәнерлей сөйлеп.

 – Ата, көп жасаңыз, ашық әңгімеңізге рахмет! – деді Құрман, – Біз сіздің қолқанатыңыз болуға тырысамыз!

 – Ата, ата, Құрман екеуміз ақ әжем мен сізді өте қадірлеп, бағалаймыз және де алға қарай да сізге көмекші болатынымыз, айдан анық! Жақсы оқып, әжем екеуіңізді мерейлендіреміз, – деп дауысын шыйырлата шығарды Әлібек.

Әбу аңтарыла сәл тұрды да: – Ал үйге барып, әжеңді қуантыңдар, осындай ықыласты сөзбен, – деді де, қос күреңнің бөз мата жабуын сыпырып, терлікте салмай шап айылмен төсінен тартып, тізгіннің ұшын айылдың астынан өткізіп, сірестіре қаңтарып тастап, алдыңғы аяғына тізеден жоғарырақ тұсау салды. Бұл жолы екеуінің де тұяқтарын бір-біріне тақастыра орады тұсауды.

Үйге кіре бергені сол еді, алдынан бәйбішесі шаттана шығып, отағасының қолын сипай ұстап, сәл-пәл жетектей түсті де:

 – Құдай бізді жарылқады, сон-оу, сон-оу алыстағы жалғыз қарашығыма екі бірдей бауырды бере салды. Сездің бе, қара нарым, мына екі періштенің айтқан сөзін… Сездің бе, деймін, екеуінің аузына бұл сөзді періштелер салған шығар, әйтпесе…

 – Иә, не айтты, жүйелі сөз бе, жүйесіз құр далақпай сөз бе?

 – Осы арадан жеті жылдық мектеп ашылады деген сыбыс бар, ақ әже , егер мектеп ашылса, біз кетпейміз, сіздерде қаламыз, – деп қарап тұр. – Жүрегім жарылып кете жаздады, қуаныштан. – Апырау, үлкен атаң сендерді бізге бере салмай, қамшылап қуып кетеді ғой, десем; екеуі қосарланып:

 – Жо-жоқ, ақ әже, ол үлкен ақыл иесі, бәрін түсінеді. Сосын қызы Ләтипаның екі тентегі осыларда ғой, біреуі үште, біреуі төрт жаста, – дейді.

 – Әй, бәйбішем-ай, уақытында көрерміз. Білесің бе, «Бала, баланың ісі шала» деген сөзді. Дегенмен, сенің қуанғаныңа мен де қуанып тұрмын, жүр, ішейік, «шай, шай ішсең көңілің жай», деген нақылға төрелік берейік, – деді Әбу кілт бұрылып.

 ***

Тура кіші бесінге шейін қос күрең аяғын суытып, қаңтарулы тұрды. Әуелі жіңішке күрең күн көзіне қарсы байланды. Содан ет қайнатымдай мезгілден кейін ауыстырылып, бел күрең күн көзіне қарсы байланды. Бел күрең тұмсығын сәл көтеріп, ыссы ауамен демін алды. Басын шұлғып, кекілін желпілдетті. Жанарын ашыңқырап, тұмсығын бел ағашқа үйкеледі. Осы қимылды сырттай бақылаған Әбу «тфа, тфа, арғымақтығымды көрсетермін, әлі, көрерменді таңдай қақтырып, таңдандырамын әлі», дегендей ғой, мына «кермаралдың кербезінікі», деп ат иесі екі иығынан кезек-кезек түкіріп ырым жасады да, алға жеті қадам, кері жеті қадам аттап басты.

Кіші бесіннен өтер-өтпесте ат иесі екеуін жетектеп, үй жанындағы құмдауытқа кезек-кезек аунатты. Жіңішке күрең үш рет асып, аударылып түсті де, ұшып тұрып қатты сілкінді. Ал бел күрең бір рет асып, аударылды да, құмға екі жағын кезек үйкеп, шапшаң тұрды, бірақ, сілкініп, пысқырған жоқ. «Ым, ым, моншақтатып ағызған терден кейін жеңілейемін ғой, сонда байқарсың, аунағанды, дегенің-ау, бұл. Оны да көрерміз», – деп күбірледі, ат иесі. Үйді екі мәрте айналдыра жетектеп, тұяқтарына зер салды, көңілдегідей, жеңіл көтеріп, жеңіл басады, тұяқтарын тіремейді. Аулаға кіргізіп, екеуіне екі қолтықтай еркек шөпті бөлектеп салды, ұмтылыстары  керенауланбады, көңілдегідей.

Үйден шапшаң шыққан екеуі қосарлана қабаттасып:

 – Ата, біз бүгін түні бойы киімімізбен аула ішіне жатсақ қайтеді, екеуміз екі аттың жанына. Сонда олар да ұйықтайды, біз де сергек ұйықтаймыз, – демесі бар ма! Әбу аз-мұз езу тартты да:

 – Жарау ат тұрып қалғиды ғой, сонда сендерде тұрып ұйықтайсыңдар ма? Сөз емес сөзді айтқанша тайқазанды босаттым, құдықтан шелектеп су тасып толтырыңдар да, астына от жағыңдар!» Екінді мезгілінде аттың суын аласыңдар, бұл жолы бір сағаттай ғана қыдыртсаңдар жетеді. Міне, екеуіңе нақты тапсырма, – деп жылы шырай білдіріп, арқаларынан қақты.

 – Ал кірісейік, ата, өткенде сулығын деп едіңіз, сонда суы мен сулығы бір мәндегі сөз бе? – деді Құрман қайырыла беріп.

 – Сеніңше қалай? Ал, ойлан, балам, жаңылыссаң атқа обал.

 – Меніңше, екеуі бір мән беретін сөз сияқты.

 – Меніңше де солай, – деп күлді Әбу бойын түзеп. – Тек «сияқтыңды» алып тастасаң екеумізге де жеңіл.  – Ата, сізге бір шумақ өлең арнайын ба, тап қазір, – деді Құрман екі бүйірін екі қолымен қысып.

 – Мақтау сөздің қажеті жоқ деп шегінгендер өте сирек, меселіңді қайырмайын, ал айта ғой, әлде, мадақтамай, сынайсың ба?

Дәл осы сәтте қос күрең бірінен соң бірі пысқырып бастарын көтеріп, ауладан асыла қарады. Сосын бір түрлі сілкінгендей кейіп көрсетті де, қайтадан қалыптарына түсті. Бірақ ауыздарындағы шөпті ұзақ шайнайтын түрі бар.

 – Ей, Құрман, қос күрең өлеңіне бізді де қос, негізінен еңбек біздікі емес пе, – дегендей рай білдірді. Масқара ғылып, өкпелеп жүрер, көңілдерін көркейтіп, атам мен қос күреңді жырға қосақтап қоссайшы, бос сөз кімге қажет, – деді Әлібек.

 – Онда, сенің айтқаныңа үнімді қосып көрейін:

 … Атам менің ар-намыс, күшін бойға сақтаған,

 Атам менің, бапкер ғой, қос күреңді баптаған,

 Бапкерліктің сан қырын бала кезден жаттаған.

 Қос күреңі қос тұлпар, тұяғынан шаң шықпас,

 Атам менен үшеуін жырға қосып мақтанам.

  Құрастырып шумақты жыр айтуға ұмтылам,

  Таңдап алды, аташым қос күреңді жылқыдан.

Екеуінен сірә да озбас бәйге аттары, –

Таңқалдырар халықты шаң шығармай шапқаны,

Озып келер қос күрең ұлан-ғайыр шабыста,

Ей, Әлібек, ей, Құрман тізгініңді тең ұста,

Мәре, мәре сызығын бірінші боп кеспесек,

Неге, неге, неге,  біз, қосыламыз жарысқа!

 – Өй-дөйт, дерсің, соңғы түйінің ұнады, Әлібек екеумізге! Иә, деймін-ау, ұлан-асыр шаң қаптырып,  мәре сызығын бірінші болып кеспесек онда несіне қос күреңді әуре етпекшіміз, дегенді өлең жолымен шегелей айттың-ау, ой, бар бол, бар болғыр, ой, нар бол, нар болғыр! Әй, осы сенде ақындық өнердің өзі болмағанмен көлеңкесі сені маңайлап, саған жол ашып, аузыңа сөз салғысы келіп жүрген сияқты. Оқы, оқы да тоқы, – дей бергенде, Әбудің сөзін:

 – Уай, отағасым, Бәліш кешке Кемел мен бәйбішесінің орнын басқан бәйбішені шақырып қойыпты. Екеумізге бірге болыңдар деп өтініш жасады, – деген көркем сөзі бөліп жіберді.

 – Жарайды, жарайды, екі балаңды, сосын екі күреңді жайғастырып, сонан соң барармыз. Балдарыңа су тасытып, қазан астына от жақтыр, тары көже бір қайнасын, басқа шаруаны бізге қалдыр, – деді Әбу көңілді леппен.

 – Апырай, ұмыта жаздағаным-ай, қазір кірісейік, әй, екі балапаным, суды қазанға сәл-пәл тұндырып құйыңдар, жарай ма, иектетіп толтырмасаңдар да болады, – деді Ұлболсын бәйбіше отағасына жалтақ-жалтақ қарап.

 ***

Жан-жағы қызыл жолақ тартып, қызуы сәл бәсеңсіген күн көзі – екіндіге таянғанда, қос жиренді ауладан шығарып, жарты-жарты шелектен тары көженің суын ішкізген ат иесі терлік салмай, екеуін ат үстіне мінгізді де:

 –  Осы жолы терліксіз байқап көріңдер, құйрықтарың мен екі санның ішкі бетіне тер сіңіп қажалсын, әйтпесе, жаман үйреніп кетерсіңдер! Әзірге беталыстарың жаман емес, аяқастынан сыр беріп қалмасаңдар! Ұлан-асыр шабыста кім сендерді мәпелейді, аттың қыр арқасына терлік салып. «Бәйге бала» атануға күш-жігерге қоса, айла-тәсіл, шеберлік, өткірлік аса қажет, сосын астыңдағы аттың тынысымен бірге жан-жағыңдағы көсіле шапқан аттың да оның үстіндегі баланың да қандай харакетке барарын сезінбесең болмайды. Ат үсті жел, сол желмен бірге сенде желге айналып, онымен тілдесесің, өйтпесең, санаңды сарқа ойланбасаң, егесіп, құйрықтасып, тістесіп, қажасып келе жатқан жүйріктер бел алып кетеді де, ал сен мүшәпір боп шаң жұтасың, білдің бе? – деп қадау-қадау сөз айтып еді, ат үстіндегі екі бала ауызын ашып, көзін жұмғандай әсерде болды: – Ал бірден шоқырақтатыңдар, – деген өктем үннен кейін қос күрең алға ұмтылды.

… Суын алғандағы атқа отырысы: «Қайтарда анау қоңырлықтың тұсынан аз-мұз ауыздыққа тірерсіңдер», деген тапсырмасы, содан кейін шоқырақтан текірекке ауыса беріп, атты езулеп тартпай, ырғып жерге аяқтарын тигізер-тигізбесте, әлі солығы басылмаған атпен бірге жарыса жүгіруі – сағалдырықтан қысып, уыстай ұстап, бірте-бірте бүлкілге, одан аяңға, одан төртаяғын қадап басуға жеткізуі – қадала қарап тұрған ат иесін «ой, бәрекелді» деуге мәжбүрледі. Атты қыдыртудың оң мен солын, арты мен алдын, кілт бұрмай, орағыта жетектеуіне риза болған сияқтанды. «Енді бір рет тоқым терден кейін, екі күн қатарынан ысқылтымдау сумен жуындырып, таңертең және қызыл екіндіде суын алып, жетектей қыдырта беру – аржағын орайына қарай, мүмкін, жабу тердің алдында, тағы бір рет  тоқым астында терлетіп, таң асырар, бірақ, сарылтып көп байлай беруді жіңішке күрең онша қаламайды». Ерсілі-қарсылы жүріп, ойын қорытындылағанда, «мені ұмытпа» дегендей бүйірден түртіп тұрған басқа амал-тәсілге көзін жеткізе алмады.

   ***

Осылай тағы бір рет тоқым асты терлетіп, бір мәрте ағыза терлетіп, терін қалың жабу астында кептіріп, жонын, төсін сулы шүберекпен ысқылап, күніне екі рет сулығын алып, түнде тұрып, қос уыс қайнатылған арпаны асатып, аяғын қозғап, бір рет ішіне от жағылған ыссы сарайға бір-бір сағаттан тұрғызып, күніне екі мәрте тарының қайнап салқындаған суын ішкізе сала жетектей жүгіріп, аз-мұз болса да ішін шайқап, екі-үш мәрте төрт тұяғын сабынды жылы суға малып қойып, үш-төрт сағаттай қаңтарып тастау секілділер көзден таса қалған жоқ. Екі бала ат иесінің көңіліне шуақ туғызғандай әсер алды. Екеуі де пысық, айтқанды бұлжытпай орындайды. Міне, бүгінді қосқанда аты-шулы бәйгеге бар болғаны жеті, айтпақшы, сегіз күн қалды. Енді арасына екі күн салып, екі рет жабу терісін сыпырып,  ал, екі күн қалғанда, аудан орталығын маңайлап, қос күреңді жат көзден бүркемелейді. Қыр астына тұрақтап, күніне екі мәрте сулығын алады. Күндіз де, түнде де кезектесіп қыдыртады. Тәулігіне бір рет қос күреңнің аузын ашып, тұзды жылы сумен шаяды, жағын керіп қойып, тістерін тазалайды…

Есік алдына әлдебір шаруамен шыққан бәйбішесі көз қырына ілікті де:

 – Сен осы төбетке ас құюды есіңнен шығарып алған жоқпысың, тілін жалаңдатып саған қарай береді ғой, түге! Мұның бітіріп жатқаны шамалы, бірақ, ес қой, әйтеуір қарны тоқ болсын! Сосын енді атасы ит «Жеті қазынаның» біріне кіретіні тағы бар. Сондықтан бұл шұнақ құлақтың мәртебесі де, беделі де, биік! Аңызға қарағанда жайлы қоныс, жайлы тұрмыс іздейміз деп талаптанған он-он екі жас шамасындағы алты балаға – Алдаспан деген аты-шулы байдың төбеті ереді ғой. Балалар: «қал, саған не жорық», десе де қалмайды. Сөйтіп, алты баламен бірге ит те ғайып болған көрінеді. Әрі күйші, әрі ақын, әрі қобызшы, әрі әнші Байбол Мырзағұл баласының:

 Ей, жамиғат!

 Итті көрсең, жақын тартып қамқорла,

 Асата сал, наның болса, қалтаңда,

 Жеті қазына, жеті ғайып бірі ғой,

 Жоқ боп кеткен жер жұмағы Балқанда, – деп басталатын толғауы тыңдаушының жанына қатты әсер еткені сөзсіз. Мен Байбол марқұмның аузынан емес, Сарқұттың айтқанынан тыңдап-ем, балалық кезімде. – Пай, пай, Алла берейін десе, бере салады-ау!

 – Әй, Отағасым-ай, дәл мезгілінде есіме салдың, әйтпесе, кешеуілдетіп қалуым мүмкін еді, бұл да біздің отбасының бір мүшесі ғой! Айтпақшы, шай дастарханы дайын. Сүт пісірімдей уақыттан кейін жуынып-шайынып төрлете берулеріңе әбден болады, – деп Ұлболсын бәйбіше тез-тез сөйлеп, ішке кіріп кетіп еді, шұғыл түрде қайта шығып:

 – Осы екі балапан қайда жүр, көрінбейді ғой, – деді.

 – Сарайды тазалаттырып, астына құм төктіріп жатырмын, ертеңгі күні ат терлеткенде, – деп Әбу сөзін келте қайырды.

 – Е,е,ол қарақтарымның қолынан бәрі келеді. Өйткені, жұмыс істеуге тым ықыласты. Абай айтқандай: «Керенау, кердең, бір, керім», емес. Алға қарай талпынып «Ақ әже, не бар істеп тастайын», деп жұлқынып тұрғаны мені қуантады.

 – Өйдөйт дерсің! – Отағасы мырс-мырс етті де, шынайы күлкінің шырайын шығармады.

 ***

Ақ әжесінің екі-үш түрлі тамағына екі бала «Сендер үшін пісіріп, түсірдім» деген аса мәртебелі сөзді естігеннен кейін, кірісіп-ақ кетті. Қасықпен көсіп асамай, сыздықтата шай ішіп, анда-санда ащы құртты оң ұртына, одан сол ұртына томпайта жылжытып, дастархан төрінде малдос құрып, кеудесін сәл алға емес, артқа қарай шалқайта ұстап, тым сараңдау тамақтанып отырған үй иесіне көзі түскен Құрман Әлібекті тізесімен білінер-білінбестей түртіп, қасықты тарелканың ернеуіне сүйей қойып, шай толы шыныаяққа қол созды. Созды да шынысын бөлектеп көтеріп, қою, қызыл күрең шайды ұрттап қалып еді, ыссы екен, тілін күйдіре жаздап әрең жұтты. Әлібек қасығын оң қолының саусақтарымен мығым ұстап ауызындағысын шайнап отыр. Дегенмен, ненің не екеніне көзі емес, көңілі жетті-ау деймін, ол да ожаудай ағаш қасығын ас толы ыдысының ернеуіне қоя салып, шыныаяғына жанарын тігіп, сәл-пәл кейін жылжыды.

Екеуінің мұндай байқампаздығына риза болған үй иесі өзінің әдейі жасаған «Сынақ-тәжірибесінің» іске асқанына іштей қуанып:

 – Бәйге балдарым, сендерге әзірге ақ әжеңнің тәтті тағамын тоя жеуге рұқсат. Ал дүбірге екі күн қалғанда, күніне өлшеммен екі рет жеңілдеу тағам, бір тәулік қалғанда түс мезгілінде ғана тамақтанасыңдар! Салқын суға рұқсат жоқ, ыстық,  сүтсіз шай ішуге болады. Аман-есен боп, Алла қолдаса, осы сарыатанның он алтысы күні кешке таман сол маңға барып қоныстанамыз! Көлігіміз түйе арба, қос жиренді жетекке аламыз. Бізге сол арада жағдай тудырады ғой. Айтпақшы, екеуіңде «бәйге бала» атануға лайық деп, сенім артып отырмын. Алда екі мәрте жабу тер бар, Алла сәтін түсірсе, қос күрең моншақтап терлесе, бағы ашылар! Әзірге анау еді, мынау еді, деп көріпкелдік жасай алмаймын. Ал, енді ақ әжеңнің түрлі-түрлі тағамын тауысып жеуге тырысайық, – деп ат иесі ағаш қасықты оң қолының саусақтарымен сабынан ұстап, алдындағы үлкен зереңге тамсана қарады…

Арасына екі күн салып алынатын жабу терге тиянақты әзірленген екі бала мен бір бапкер – сәрсенбінің сәтіне ертерек тұрып, қос күреңді жабулады. Әуелі бөз матадан әдейі тігілген жабумен, оның сыртынан кәдімгі мол пішілген киіз жабумен мойынын орай жауып, төсінің тұсынан шуда жіппен тігіп, артын құйрықтың астынан орай, айналдыра жамбас тұсынан ілгектей салды да, жалпақтау жұмсақ айылмен төстен бір тартты.

 – Күн ыстық болатын түрі бар, жел жоқ, киіз жабудың сыртынан алаша жаппай-ақ қояйық, барлығып қалар. Күн көтеріле Аллаға сыйынып атқа мінесіңдер, әуелі жіңішке күрең, содан кейін бел күреңнің терін аламыз. Жіңішке күреңінің терін сыпырып, сарайдан шығара бергенде, бел күреңді шоқытасың. Айтарым, барғанша шоқырақтатыңқырап, қайтарда ауыздыққа тірейсіңдер. Қашықтық сол өткендегі – күре жол мен ата жолдың қиылысынан бір шақырымдай әрірек көкпекке тіреле кейін бұрыласыңдар! Ат үстінде де ықшам отыруды ежіктеп жатпаймын, қолдарыңа қамшы бермеймін, – «Бауырыңды жаза түссейші», дегенді өкшелеріңмен белгі беріп, ымдайсыңдар ғой, – деп Әбу бәйгі балаларға нұсқау беріп тастады.

Күн тұсау бойы көтерілгенде, – Ал, жөнел, – деп Әлібекті жіңішке күреңнің үстіне демеп мінгізіп, ат шоқырақтай бергенде, Құрманға бұрылып:

 – Байқашы, сарайдың ішіндегі қазан қайнап жатыр ма, екен? Ол судың бізге қажеті шамалы, керегі жылуы мен буы. Әлібек атын жетектей кіргенде, сен есікті жаба қой да, менің белгімді күт, сосын бел күреңге ырғып мінесің ғой,  – деп ат иесі қаттырақ үн қатты.

Құрман жүгіре басып, сарайға кіріп шықты да: – Ата, бәрі ойдағыдай, төселген құмға ат тұяғы мол батады, оны да байқадым, іші тұнып тұр ыссылықтан, – деп айдалада жүргендей айқайлап сөйледі. Құрманға: «Тек, дауысың тым ащырақ шықты ғой, ұят емес пе!» деген ешкім болмады. Кесік құлақ төбет мұның жанына шоқиып отырды. Бұған бірдеңе-сірдеңе айтқысы келгендей, жалтақ-жалтақ қарайды, бірақ, тілі яғни сөйлеу қабілеті жоқ…

Шамамен «Көже қайнап пісті-ау, ішіндегі сүр құйрық жез табаққа түсті-ау», дейтін уақытта Құрман биіктеу шығыс тұстан бетке көз салып еді, масқара-ай, жіңішке жирен ағызып, таяп қалыпты. Үстіндегі бәйге бала бұлдырап көрінеді.

 – Ата, ата деймін, келіп қалды, апырай, енді. – Құрманның дауысы тағы да ащы шықты.

 – Бәсе, уақыты болды ғой, күреңді жетектеп моншаға кірген бойда, сен ырғып мініп қайқай! Жөн-жосықты білесің, қайтарда ауыздыққа тіреуді, – дей бергенде, жіңішке жиренді сағалдырықтан қыса ұстап, екеуі шалқасынан ашқан есіктен ішке зып беріп еніп кетті. Бұл есікті тарс еткізіп жапты да, кермедегі бел күреңге ырғып мініп, жосылта жөнелді.

 ***

Дастархан әдеттегідей талтүсте жайылған сияқты, қос күрең үлкен тері сыпырлып алынғаннан кейін, жалғыз-жалғыз қыдыртылды, одан қостанып қыдыртылды, әйтеуір, түскі шай кідірістеп, кідірістеңкіреп барып үлкен бесінде Ұлболсын бәйбішенің: – Оу, отағасым, оу, екі балам, дастархан мәзірі үшеуіңді күтуде, қашан келеді деп, – деген ашық та, жайдары үні анық естілді.

 – А,а, бәйге балдарым, қос күрең кермеде ұзақ тұрады, бүгін! Тарының суына қандырамыз, бірақ, суын яғни сулығын алмаймыз. Баптаудың заң, законы солай, мен ес білгелі, әлгі «Бір тойда – екі жарлық жоқ», дегендейін ғой. Жүріңдер, ішейік, жейік, сосын әжеңнің бабымен пісетін еті де бар шығар, оны да жәукемдейік! «Піскен асқа – тік қасық» деп қазекем неге айтты дейсің,  – деп жайдарлана сөйлеген отағасы адымының арасын аша түсті.

Дастархан анау-мынау емес, кең жайылып, асыра айтқан кісіге – үстінде ине шаншар жер жоқ. Сары самаурын сақылдап, аққұман бұрқылдап, шоқаяқтағы қи шоғы қып-қызыл боп нұрлана түседі.

 – Алыңдар, тойғанша ішіп-жеңдер, қара қазандағы етте мол. Бүгін қуанышты күн, мен білсем, қос күреңнің жабу тері сәтті шыққан, яғни жақсы терлеген. Өйткені, менің отағасым аса көңілді. Алла оңынан беріп, ертеңгі күнгі ұлан-асыр тойда, қос күреңнің атақ-даңқы елге жайылса, оның тізгінін ұстап, қыр арқасына мінген екі қарағымның да аты-жөні аспандар еді. Сонда болар еді, осы аруақ қонған босағаның шаттығы мен шадыманы, солай ма, отағасым, – деп ақ әже толқи да шалқи да сөйледі. – Сөзім бәтуасыздау боп кетсе, үшеуіңнен кешірім сұраймын, – дегенді де қосып айтты.

 – Дұрыс, дұрыс, ананың ақ тілегі шынайы ғой, періштенің құлағына шалынар,-деп үй иесі қостап қойды.

 – Ақ әже, мына тағамның бәрін пісіру үшін қанша ма күш жұмсадыңыз, мысалы, қонақ шақырғанда болмаса, мамам бізге кәші-мәші, азын-аулақ бауырсақ сондайларды береді, – деді Құрман күлімсіреп. – Содан мен мамама бір шумақ өлең шығарып едім, ол маған ұрысып тастады. Өзім ұялып қалдым.

 – Қандай, айтшы, біз де естиік, – деп Әлібек елең ете қалды.

 – Айта ғой, онда тұрған не бар, – деді ақ әжесі.

Құрман жалт етіп атасына қарап еді, ол бармағын шошайтып, көзін қысты.

 …Мамам менің жалқау ма әлде сараң ба,

Сырт көзімен қарайды ғой тағамға.

 Күнде кәші, күнде кәші – мезі етті,

 Басқа тамақ жесек, бізге жаман ба!? – дедім, бар болғаны осы. Мамам бұл шумақты қабылдамай дереу маған ұрсып, пәле қылды. «Сен жүгермек мұны таратып жіберерсің, өй, пәтуасыз», деп ойдай сөз айтты, мен үндемей, жағымды ашпай құтылдым.

 – Апырау, жап-жақсы шумақ, бәрін ашып айтқансың! Тура шаншып түскенсің, мен де үлкен атамды ептеп сынар едім, әттең, өлең жаза алмаймын, – деді Әлібек.

 – Иә, деймін-ау, қайта қуанып, арқасынан қағудың орнына. Өзі бірдеңеге ренжіп жүрген ғой, әйтпесе, мамаңның мінезі өте жайдары болатын. Ол несі-ай, менің қарағыма нашар сөз айтқаны, – деп ақ әжесі күлсін-ай кеп.

Үй иесі қолын созып, жақын отырған Құрманның жаурынан сипап, еңкейе түсіп, тас төбесін иіскеді. Бірақ аузын ашып, ештеңе демеді. Аңғарған адамға беталдынан балаға деген ризашылықты байқауға болар еді.

 ***

Түн ортасына таман сыртқа шыққан Әбу қос күреңнің шылбырын шешіп, жүгенін сыпырып, төс айылды босатып, керме ағаштан кері жүргізді. Екеуіне кезек-кезек көтеріп беріп, шелекке жақын тары көженің суын ішкізді. Сосын сауырын жұмсақ шүберекпен ысқылап-ысқылап, біраз жетектеп аяқтарын қозғап, аулаға кіргізді де қос-қос уыстан қайнаған арпа асатты. Тағы да жарты шелектен төмен тары суын жұтқызып, дайын тұрған сүр шөпке тұмсықтарын тигізді.

Екі күннен кейін тағы да сол әдіспен жабу терін алды. Ат иесі қос күреңге де, екі балаға да риза: терді саулатып-ақ сыпырды, құйрық-жалын тарап, аулаға емес, кең сенектің қара көлеңкелеу тұсына байлап, күн көзінен, ыстық желден жасырды, екі күнде суын алмай, күндіз аз, түнде көп қыдыртты. Сұлыны күніне үш реттен асатып, тарының суын екі ретпен орта шелектен ішкізіп, бір орында сарылтып көп тұрғызбай, кенеп жабумен мәлікте жауып, қыдырысты көбейтті. Екеуінің де аузын ашып, қайта-қайта көмейіне жанарын тігіп еді, көңілі толды, тілі қызғылт, көмейі ақшыл екен. Түнде екеуін монша-сарайға кіргізіп, тұяғы бататын қып-қызыл топыраққа салқын су төгіп, тұяқтарын кіріктіре бір таңға ұстады. Сөйтіп, саратанның он бесінші жұлдызынан он алтыншы жұлдызына қараған түн ортасы ауа – түйе арбаға буыншақ-түйіншектерін, шәйнек, мосы, бір бидон ауыз су, ішінде он шелектей тарының қайнап салқындатылған суы бар ағаш бөшкі мен аздаған азық-түлік, бір шелек қайнатылған сұлыны арбаға салып, үшеуі қалқанды арбаға құйрық басып, алмас өркеш сары атанды жолға салып, делбе қақты. Алда, қырық шақырымдай аудан орталығына таяу барып қоныс теппек… Екі қапқа тыққылаған шөпті де ұмытқан жоқ. Жуырдағы Жақанның Туғанбай арқылы жіберген бір жапырақ қағазында: «Әбеке, бәрі жөнімен, дұрыс. Сағабұлаққа киіз үй мен шатыр тігіледі. Орталық мықтаса – үш шақырымдай, өте қолайлы қоныс. Ас-судан кенде болмайсыңдар! Алла қолдасын! Айтпақшы, уақыт болса, қағаберісте кіріп-шығармын, Жақан».

 – Әй, балдарым, күн көтеріле Тұйықтан өтсек, Басты шағылдан бір шай ішіп, іңірлетіп жетеміз ғой. Әлгі қойдың жабағысын ішінен тіккен штандарыңды киіп қарап па едіңдер?-деп Әбу екеуін қазір ғана көргендей бақырая қарады.

 – Ой, ата, ақ әжем қатырып тікті ғой, тура фабрикадан шыққандай, және жұп-жұмсақ, әрі қалың, – деді екеуі қосарлана, қабаттаса сөйлеп. – Беліндегі резеңкісі қос қабат, ой, ақ әжем-ай!

 – Екі-үш реттен киіп қарадық, қатып тұр, – деді Әлібек жеке-дара үстірмелетіп. – Сонда атқа жалаңаяқ, жалаңбас тек көйлекпен мінеміз ғой. Менің шашымды қидырып тастағаным қандай тамаша болды, а, білгендей, а?!

 ***

Бірде желіп, бірде көсіп аяңдап, бабымен жүрген сары атан арба мен үстіндегі үшеуді жүк құрлы көрмей, қызыл іңірде Сағабұлаққа маңдай тіреді. Екі жас жігітпен бір келіншек күтіп жүр екен, қуана қарсылап, бұларды киіз үйге кіргізіп, арбаны туарып, атанды да, екі күреңді де, қақшитып байлап тастады да, тездетіп шай жабдығын жасап жіберді.

 – Ағай, шөліркеп келген боларсыздар, ара қашықтық біраз жер ғой, – деп иіліп, бүгілген келіншек шайды бабына келтіре құйды.

Екі бәйге бала да, бапкер де шайды біраз ішті, су құймай, тек таза майға ғана қуырылған қып-қызыл қуырдақтан асап-асап жіберген үлкен кісі – ауыздағысын асықпай шайнап, қылқ еткізіп жұтты да:

 – Пай, пай, дәмдісін-ай, етті тураудың өзінде көрегендікке қоса, тәлімді тәрбие жатыр. «Ас берсең, алысқа бер» деген мұны айта жүретін болдық, – деп теңселе сөйледі.

 – Ата, айтуыңыз өте-мөте орынды, ұят болса да айтайын, бұл қуырдақ мені де өзіне еріксіз тартып барады, – деді Құрман оң жақ тізесін селкілдете үн қатып.

Әлібек інісін байқатпай түртті де: – Талтүсте сары далада, сары шәйнекпен шай іштік, атам құйып берді, – деп еді, келіншек үнін ойнақтата сыңғырлата сылқылдай күлді де, езуін шапшаң жиып: – Ағай, кешіріңіз, «Сары далада, сары шәйнек», деген тіркес сөзге шыдай алмағаным, – деп назарын төмен салды.

 – Бізді қарсылайтын екі жігіттің дастарханға келмегені несі, шақыру тілемейтін шығар, біреуін шырамытқан сияқтымын, – деді Әбу қоңырлау дауысын көтеріңкіреп. – Кімнің келінісің шырақ, бір ибалы бала екенсің!

 – Досмағұл деген қарттың, көп жыл қой баққан, қазір аудан орталығында тұрады. Жаңағы шырамытқаныңыз менің күйеуім шығар, қасындағысын білмеймін, бұрын көрмеген адамым. Ағай, бірауыз сөзім бар еді, тек өзіңізге… – Сол бойда Әбу:

 – Ой, шайқор балдарым, көлік жақты байқастап келіңдерші, сосын асықпай ішерсіңдер, – деп сыбырлай нұсқау берді. – Екеуі шығып кеткен соң:

 – Ағай, аттарыңызға сақ болыңызшы, екеуінің сіздің келетініңіз жөнінде сыбырласып тұрғанын көріп қалдым. Олар мені байқаған жоқ, ал мен «Қос күреңнің біреуін», дегенін анық естідім. Күйеуім ащы суға жақындау, сіз келердің алдында бір шөлмекті бөліп ішті. Ағай, қате айтсам, кешіріңіз, «сақтансаң, сақтармын», депті ғой, Жаратушы Ием де. Менікі тек естігенім мен байқағаным, ішіме сыймаған соң, айтпасқа болмады. Ағай, егер мен жаза басып, қате сөйлесем, тағы да кешірім сұраймын! – Келіншектің ақшыл жүзі күрең тартты.

 – Бағың мен бақытың қатар өрлесін, қарағым, – деп ат иесі кеуде кере бергенде, екі бала жып беріп, кіріп келді.

       ***

Шай ішіп болып, ас қайырылып, енді-енді аяқтарын соза бергенде, дастархан қайта жазылып, құда табақ қойдың еті ортаға өзіндік салмағымен топ ете қалды. Бас пен жақ, жамбас бөлек ыдыста. Дәл сол сәтте: – Ассалаумағалейкүм, кеш жарық-ау, – деп кіріп келген қапсағай денелі, ұзын-тұра жігіт дастархан шетіне тізерлей отыра кетті де:

– Әбеке, естіп жатырмыз, сапарыңыз сәтті боп, АллаТағала оңынан берсін, тілекшіміз, мен Жағыпар Оспан баласы деген ініңізбін. «Қасында болып, оны-мұнысына көмектес», – деп Жәкең бұйрық берген соң, сәл кешігіңкіреп, айып етпеңіз, – деді де ыдыстағы бас пен жақ, жамбасты Әбудің алдына қарай зырғытып, өзі ет турауға кірісті. Арасында «жетерін білсең, жей тура», – деп асап қояды.

 – Келін, қарағым, мына жақты өзіңе ұсынамын, басқа ақ жаулықты көзге ілінген жоқ. – Әбу ұмтылыңқырап қолына ұстатты да,  – Балдарым, екі құлақ екеуіңе бұйырды, – дей бергенде:

– Ата, ата, біз құлақ жемейміз, – деп екеуі ат-тонын ала қашып:

 – Ата, ата, қуырдаққа тойып алдық, арбаның үстіне қисайып жатуға бола ма, етті ертең жерміз, – деп азар да безер болды.

 – Ой-буй, бұлар енді сөйтеді, барыңдар, барыңдар! Қарағым, інім, қош келген екенсің, мына басты өзің дөңгелетші. Мен әуелден орашолақпын, көзін, құлағын, миын, кеңсірігін, таңдайын ал, алдыңа қояйын! Жамбасты да өзің мүжі, еңселі жігітсің ғой. – Әбу майлық орамалмен қолын сүртіп, тұздығы құйылған табақ толы етке оң қолының саусақтарын тығыңқырап жіберіп, уысын толтыра асады…

    ***

Арбаның үстінде қалғып кеткен екі баланы қымтаңқырап, қос күреңге қос уыстап арпа асатып, жарты шелектен бөшкідегі тарының суынан, әуелі өзі татып қарап, сосын ішкізіп, ауыздығын тістете жүгендеп ұшын төсінен тартқан жалпақ айылға қайыра кигізе – екеуін екі жағына алып, сағалдырықтан қыса ұстап, шылбырды қарына іле жетектей жөнелді. Сол жетектеу шамамен үш сағатқа созылды-ау, дегенде барып арбаның жанына қайтып келді. Сол-ақ екен:

 – Ағай, ағатай, шай дастарханын жасап қойып, күтіп отырғаныма көп болды. Жақан ағай келіп бір сағаттай сізді күтті. Бар болғаны екі шыны шай ішті де, сізге хат па, қалай дейтін еді, қалдырып кетіп қалды. Асығыс екен, машинаны өзі айдап жүр. Арбадағы екі баланы да оятқан жоқ, тіпті оларды сұраған да жоқ. Ағатай, қағазы міне! – деп үшбұрышталып қатталған қағазды Әбудің алақанына салды да, кейін шегінді.

 – Ой, ғұмырлы бол, қарғам, – деп алғысын білдірген ол қағаздың орауын еппен жазып, әрбір сөзіне тоқталып оқи бастады:

 – «Әбеке, ассалаумағалейкүм! Қонақтарды орналастырумен айналысып жүрмін. Көрші аудандардан, қашықтағы облыстардан біраз қонақ келіп үлгерді. Есебімше, қашықтан келген он бес ат бәйгеден үміткер, кіл желмен жарысқандар дейді, айтушылар. Ал көршілерден, аннан-мыннан барлығы жетпіс санының о жақ, бұ жағында екен. «Белгілі бегейі» қайсы, «Аты-шулысы» қайсы, «Бәйгіні шаппай аламын» қайсы, – оны бір құдай білмесе, әйтеуір, гу-гу әңгіме… Қос күреңді тізімге кіргіздік, сіздің аты-жөніңіз. «Бәйге баланың» (екеуінің) аты-жөні жазылды. Қашықтық елу шақырым, айналма бес шақырымнан он айналым. Біреулер өте көп десе, біреулер түк емес, дейді. Бәйгіге – үш машина, төрт миллион ақша, сыйлық – бесеу, алдыңғы үшеуі – машина, арты екеуі – екі-екі миллион теңгеден. Бәйге – ертең жоқ, бүрсүгіні яғни он сегізінші саратан күні күндізгі сағат он бірде басталады. Қос күреңнің маңдайы жарқырасын! Ініңіз Жақан… Айтпақшы, сүйінші, ауданға орден берді., Жарлық шығыпты»…

 – Қарағым, – деді Әбу шай үстінде, – Ауданға орден беріпті, құтты болсын! Онда сенің де қосқан үлесің бар. Өйткені, адамға тек жақсылық тілейтін жүрегің көктем, жаның жаз, болмысың бөлек жан екеніңді – көріп те, сезіп те отырмын.Ғұмырлы да, өмірлі бол, айналайын!

Үнсіздік, сәлден кейін:

 – Рахмет, ағатайым, әкем марқұм болғалы мұндай жылы сөзді естіген жоқ едім, ал, анам мен мектепке барар жылы аяқастынан бақилық болып кетті, – деп көзіне жас алды келіншек.

 – Е,е, «Жазмыштан – озымыш» жоқ деген, имандары салауат болсын, – деп екі тізесін кезек-кезек қозғады Әбу. Тағы да бірдеңе айтқысы келіп, ұмтыла түсті де, тамағын кенеп барып тежелді.

 – Қарағым, – деді ат иесі, – Алаңсыз демала бер, егер қаласаң, арба үсті кең ғой, екі баланың жанына жата қал, таза ауа, жақсы ұйықтап, бойың жеңілейіп қалады. Дастархан үстін жинап әуре болмай, жаба салсаң болады ғой, түн ортасы боп қалды. Таң қазір-ақ атады. Көрмейсің бе, Абай айтқандай «Желсіз түнде жарық ай» боп тұр, ауа-райы.

 – Өзім де балдардың жанына жатсам деп ойлап, сізге айтуға батылым бармай тұр еді, Жо-жоқ, дастарханды жинаймын ғой, осы «Дастарханың жиналмасын», деген сөз жаман ырымға жата ма, менің енем өте-мөте ұлағатты кісі, тақуа адам: «Аяқ-табақ жиналмаса, шайтан аралайды, ырысың ортаяды», деген сөз бар. Ыдыс-аяқтың тап-таза болғаны жөн, оған ерінбе, ал жатарда аяқ-қолыңды жуып жат», деп күнбе-күн есіме салып отырады.

 – Өзің біл, айналайын, мен екі атты жетектеп, ұйқысын ашып, көңіл-күйлерін ширатып келейін. Таң атпай тамақ пісіріп әуре болма. Бүгінгі тамақ, – дей бергенде, келіншек:

 – Ағай, кешірерсіз, ет тураған аға кетерде ниет білдірген соң, піскен тағамның бәрін сол кісіге бере салдым, қуана-қуана алып кетті, тіпті сорпаға дейін құйып алды, – деді де, жүзін төмен салып, жеңіл күрсінді.

 – Солай ма, дұрыс, өте дұрыс болған екен, – деп қоштаған Әбу үнін жарықшақтандырмай сергек сезіммен көтерді де, – Алла жар болсын, өзіңе! Инабаттылық пен мейірмандық, жәрдем жасауға әзір тұру деген сөз…

Екі атқа сүр шөптен аздап жегізейін деген ойынан кілт бас тартқан ат иесі – екеуіне әуелі, өзі дәмін татып қарап, жарты шелектен су жұттырды да бөшкінің аузын ескі шүберекпен шандып байлап, ағаш тостағанды төңкеріп, оны да ескі әдісіне салып, шандып тастады. Содан кейін шелектен қос уыстай арпа асатып, жетектей бере кілт тоқтап, тағы да қос уыстан арпа асатты. Айдың сүттей жарығына маңдайларын тосып, жанарларына көз жүгіртіп, жақтарынан сипап-сипап қойып еді, екеуі де «Деніміз дұрыс» дегендей, қосарлана пысқырып-пысқырып жіберіп, ауыздарын аңқита аша тістерін көрсете есінеп-есінеп алды. Қос күреңнен жақсы ырымды өз көзімен көрген бапкер «Әй, АллаТағалам, оңынан бере гөр», деп ішінен тілек етті де, «Аллаһумма инни әсалукә мин фадликәл азим» дұғасын іштей оқып, және де «Аллаһумма әнтас саламу уә минкәс саламу тәбәрәкта иа зал жәләли уәл икрам» дұғасын күбірлей оқып, құбыла бетке тізе бүгіп, құлшылық жасады.

    ***

Түн ортасы ауа екі атты сықита қаңтарып, шылбырын сүйрете салды да, көгалдау жерге тізерлей отыра қалып еді, қалғып кетіпті: Соңғы айналым екен, үстінде екі бала қос күрең бір-бірімен егесіп, жұлдызша ағып келе жатыр екен дейді. Бұл екі балаға: тізгін қайда, тізгін, неге тартпайсыңдар, неге бір-бірімен егестіріп, қапталдастырасыңдар, басқа аттар қайда? Қайда деймін! – деп айқайлай жүгіре түсіп, бетін басты, түсі екен, дір ете оянып, тілін кәлимаға келтірді, жанарын жарқырата ашып, айналасын шоли қарады. Қос күрең қаңтарулы күйінде сіресіп тұр. «О, тоба, бұл не түс, түсімді Жүсіп пайғамбарым жорысын», деп әрлі-берлі адымдай басты. Мойны сіресіп қалыпты, екі алақанымен қыса уқалады. Демін ішіне тартып, «уһ» деп аузынан шығарды да, екеуін екі жағына, оңы мен солына алып, аяқтарын қозғап қана ілбіте қыдыртты. «Абдырама, көрген түсің тура түс, біз келеміз, біз жеңеміз», дегендей, жіңішке күрең мұның сол иығына астыңғы ернін үйкеледі. Тұра қалып, екі аттың қарнына құлақ тосты, жоқ, ешқандай өзге дыбыс білінбейді. Орағыта жүріп үйге жақындады. Таң сібірлеп, алтын шапағы қараңғы көлеңкені шегіндіре бастады. Күн көзі шығатын көкжиек алау нұрға бөленді. Шолпан жұлдыздың жарығы әзір бәсеңдер емес.

Арбаға тірелді. Сары атан жусап жатыр, екі бала тәтті ұйқыда, келін төсегін жинап, тұрып кетіпті. Киіз үйден шам сәулесі білінеді. Қос күреңді сәл-пәл аулақтатып, төсіндегі айылы мен басындағы жүгенін сыпырып, тек ноқтамен қалдырып, бөз матадан тігілген жабумен мәлінте жапты, алды-арты мен бауырын ілмектеді. Екеуінде алдыңғы аяғының тізесінен жоғары тұсынан тұсаулады. Арбада бастырылып жатқан шөп толы қапшықты суырып алып, сүр шөпті алдарына аз-аздан тастады. Қос күрең ұмтыла түсіп, сәл-пәл дымқылдау еркекті күтірлете шайнады. «Екеуіне бір қолтық, жо-жоқ, көп болады», деп іштей күбірлеп, ернін жыбырлатты ат иесі.

 – Ағай, кешірім өтінемін, ұйықтап қалыппын. Қазір, қазір, шай әзірлейін. «Ұйқы-тәтті, ұйқы-тамақ, бірақ, ұйқы-дұшпан», деп Бейбарыс бабамыз айтыпты, деп күйеу балаңыз білгішсінеді. Өзінің ұйқысы аз, өте сергек, сосын кітапты көп оқиды, бірақ, ащы сумен дос, құдай білсін, ішіңкіреп қойып, бір жерде құлап қалды ма, қасындағысы өзіне сай адам-ау, сірә! Әлгі «Балықшы, балықшыны алыстан таниды», дегендей. – Келін сөйлеп жүр, сөзі қатқылдау емес, оны анығырақ жеткізіп, таратып тұрған маңдағы кіршіксіз саф ауа екені түсінікті жай.

Күн көзі нұрлана, жарқырап шықты. Кербездене жартылай көрініп, сәл-пәл кідіріс жасамады. Шайдай ашық, көк жүзінде ең болмаса, бір шөкім бұлт жоқ. Самал ауа тынысыңды кеңейтіп, «Мені жұтсаң шөлдемейсің, мені жұтсаң, қарныңда ашпайды», дейтіндей мамыражай жаздың бір күні енді-енді басталды, күн ұясына қайта кіргенше қанша уақыт бар. Ізтай ақынның:

 … Таңғы ауа менің жан досым,

 Таңғы ауа менің арманым.

 Таңғы ауа менің қандасым,

 Бөлісер өмір салмағын, –

дегені шынайы шындыққа жанасатындай, өміршең шумақ екенін мойындағандаймыз. Арба қалқанына қонған сары шымшық торғайда шықылықтаған сиқырлы үнін – тамаша табиғаттың кескінді көрінісіне арнағаны анық.

 – Ағай, шай дайын, балдарды, айтпақшы, бәйге балдарды оятамыз ба? Ойпырым-ай, шаршаған екен, бас көтермей соқты ғой, ұйқыны. Ертең ұлы дүбір екені, оған қос күреңнің қосылатыны жадыларынан шығып кеткені ме, ол несі-ей!

 – Айтуың орынды, айналайын, бүгін түн оларға ұйқы жоқ, сондықтан өздері оянғанша біз үндемейік, – деп ат иесі сөзін бір-ақ қайырды.

Әбу жуынып-шайынып, киіз үйдің табалдырығынан аттағанда, алдымен көзі түскені сары самаурын әндете селкілдеп өз музасын өзі шырқауға талаптануда. Ал, шоқаяқта аққұманның буы бұрқырап, ол да муза ойнап, қонақты салтанатпен қарсылауға ұмтылуда. Дастархан кеңінен жайылып, үсті түрлі-түрлі мәзірге толыпты. «Апырай, бұл тағамдарды мына келін қай уақытта пісіріп жүр екен», деп күбірлей бергенде, сілекейді еріксіз шұбыртатын біреу емес, екі шұңғыл тарелка толған қуырдақты дастарханға қойған келін: – Ағатай, түнімен далада жүрдіңіз, ыссылай асаңызшы қарбытып, әрі бойыңыз мұздады, әрі шөлдедіңіз, оған қоса қарныңызда ашқан шығар, әрине, ашты, – деп үстірмелете сөйлеп, қонақтың қолына ағаш қасықты ұстатып, қуырдақты жақындатты. «Енді шегінетін жер жоқ», дегендей ат иесі ағаш қасықпен көсіп-көсіп асады-ай, кеп. Тәбеті ашылып, шырайлана түсті де, қою шайды сілтеді. Алдындағы қуырдақты еңсере беріп еді, кенет:

 – Ассалаумағалейкүм, ас тәтті болсын, мақтап жүреді екенмін, – деп кеше қызыл іңірде қарсылаған екі жігіттің біреуі кіріп келді. Әбу иегін көтере жанарын тігіп:

 – Ей, күйеу бала, аман-есенбісің, «жалт еттің де жоқ болдың, көрген түстей сағымдай» дегендей, із-түссіз жоқ боп кеттіңдер ғой, қасыңдағы мықтың қайда? – деп езу тартты да: – Тіпті ет турап беруге жарамай, зыттыңдар ғой, – дегенді қосты.

Келін назарын төмен салып, біресе, қызарып, біресе, бозарып: – Ұят болды-ау, ағайдан, естіген құлақтан ұят, бізге сеніп тапсырды, ал сен, қайдағы біреуге еріп, далбақтап кеттің, – деді жұп-жұмсақ үнмен.

 – Аға, қасымдағы жігіттің бір танысы: «Екі күреңнің біреуін ақсату керек, соған сен жұмыстан», деп біраз ақша беріпті. Сосын: «Мына жыланды аттың артқы аяғына жақындатып, я болмаса, бауырының астына тастасаң болды, аржағын жыланның өзі біледі, сенің басты шаруаң сол», деген көрінеді. Менің сізді қарсылайтынымды біреуден естіпті де, маған қолқа салып, өлердегі сөзін айтып, жалынып, жалпайды. Екеуміз ақаңды жақсылап іштік, осында да іштік. Ақжиде жақтырмай, қабағына кірбің кіргесін сізді қарсыладық та зыттық. Ол: атты жайғастырғанда-ақ жыланды тастағысы келіп еді, мен: «Ағай сезіп қалса, екеуміз де құримыз, шаруамыз шапыраш болады», дедім… Және де жыланды байқатпай жиде ағаштың түбіне тастап кеткенмін.

 – Осыны сөз деп ағайға ұялмай-қызармай қалай баяндап отырсың, енеме сездірсем ғой, өзі барып полицияға өтініш жазар еді, – деп езу тартты келіншек. – Ағай, ағай, қуырдақ суып қалар, шай, шай, қап, – дегенді қосарлай қоса айтты.

 – Жо-жоқ, қарағым, ұлағатты әңгіме, бұл жерде үлкен адами болмыс пен адамгершілік оқиғасы сөз болуда. Дегенмен, күйеу бала – заман үлгісіндегі жігіт қой, ақты ақ, қараны қара дейтін! Әлгі Низами ақынның: «Өміршең адамның сөзінде өлексе болмайды, өйткені, ол ақ сөйлейді, оның айтқаны – ақ қардай аппақ», дейтіні осы біздің күйеу баладай жігіттерге арналған ғой.       – Үлкен кісі ұмсына түсіп, ағаш қасықты толтыра асады да, қуырдақты. Онысымен қоймай: – Күйеу бала, сен де қуырдақтан шет қалма, – деп аузындағысын сылқ еткізіп бір-ақ жұтты да қасықты тағы да қолына алды.

 – Аға, – деді мына сөзден бедел алған күйеу бала, – Содан, өзі менен де өткен ішкіш екен, екеуміз үш шөлмекті босатып, төртіншіден аздап қана дәм татқанда, ол сылқ етіп құлады. Әрине, мен онымен жарысып ішсем мен де ессізденер едім, бірақ, қулыққа көштім, бірде су, бірде арақ! Менің миымда сіз тұрсыз, ал Ақжидем өзім ғой. Содан жыланды, өзі маған «Ал, ал, ал» деп қоймай берген жиырма мың теңгені қалтама басып жаяулатып зыттым.

 – Оны қайда қалдырдың, байғұс бірдеңеге ұшырап, жазым болар, – деп үлкен кісі қозғалақтап қойды.

 – Өзінің орталықта екі бөлмелі пәтері бар, екінші қабатта, басы артық кілтті бақырайтып тұрып, шарайнаның алдына қойдым да, сыртынан кілттедім, есікті.

 – Ой, пәлі, ал шай ішіп, қуырдақты аса, өзің «Контрразведкіде» қызмет істеуге лайық екенсің! Бәсе, бәсе, Ақжиде қызым, адамды таниды ғой, «Ақ махаббат» деп сендейлерді айтады, – деп ыссы шайды ұрттай түсті, үлкен кісі.

 – Ағай, жүрегіңізден шыққан ыстық сөзіңіз, періштенің құлағына шалынсын, Аллтағала сізге не тілесеңіз, соны берсін, – деді Ақжиде.

Шай ішіліп, қуырдақ желініп, күн көзі тұсау бойы көтерілгенде, әуелі Құрман, одан кейін Әлібек оянып, дүр сілкінді де арбадан сырғи түсіп, киіз үйге бас салып кіріп келді де: – Ассалаумағалейкүм ата, аға, апай, – деп екеуі қосарлана сәлемдесті.

 – Оу, бәйге балдарым, екеуің жарадың, ұйқыны сойдыңдар, бүгін түнде сендерге ұйқы бөлінбейді, яғни ұйықтамайсыңдар! Ал енді асықпай, жуынып-шайынып, сонан соң апайың берген тағамды да шайды да құнттап ішіп-жеңдер. Біз әбден мыйлықтадық. Сәлемдесулерің өте ғаділетті, әрі инабатты, түс көрген жоқсыңдар ма?

 – Ата, мен түсімде айдын көлде суға түсіп жүрмін! Ақ әжем екі шелегін толтырып, иінағашпен көтеріп бара жатыр, – деді Құрман ашық дауысын көтеріңкіреп.

– Ой, ата, мен ұйқыдан басқа ештеңе көрмедім де, білмедім де, шөлден таңдайым кеуіп қалыпты. Ата, маған бір стақан мұздай су ішуге рұқсат етіңізші, – деді Әлібек үнін мүләйімсітіп.

 – Мүлдем болмайды, оны қайдан ойлап таптың? Қызым, келін дегеннен гөрі қызым деген сөз ұлағатты. Шайыңды қыздыр, күйеу бала екеуміз қайта бастайық шайды. Мына екі бәйге балам, кіріссін! Бұлар негізінен шайқор, – деп үлкен кісі тез-тез сөйледі.

   ***

Қос күрең алдына тастаған шөпті тауыса жеп, бастарын сәл-пәл шұлғып «Енді не берер екен? дегендей, жанына келген иесіне айналып қарап, бел күрең құйрығын жалт көтеріп, үш-төрт түйір «тезек» тастады. Ал жіңішке күрең керіліп тұрып қуығын босатты.

Үлкен кісі еңкейе бір түйір тезекті езіп қарап, өңін жылытты да, қасында тұрған күйеу балаға:

 – Шырақ, бөшкенің аузын аш та, екі шелекке ортасынан ғана құйып маған берші, сосын аузын мұқияттап қайта жап, – деп бұйрық рай түрінде сөйледі. Бұйрық дереу орындалды, қос күрең суды құмарта, ықыласпен ішті.

 – Кешкілік суын алуға бұл араның жерін жатқа білмейміз, масқара ғылып сүріндіріп алсақ, төрт шелектей жылыдан жоғарырақ, ыссыдан, төменірек су керек, соңыра таман. Соны ойластырып, қызыма көмектесерсің. Қазір екі баланы шақыршы, шай ішіп, тамақтанып болса, – деп күйеу балаға тағы да сөз тастады.

Жедел басып келген екі балаға ат иесі: – Екеуің екеуін жетектеп қыдыртыңдар, мен дауыстағанда, қайтып ораларсыңдар, – деп сөзін қысқаша қайырды да:

 – Сары атанды да суарып, отқа жіберейік, бірақ, тарлау ғылып тұсамасақ, қайдан білеміз, мұның ойында не барын, – деген сөзі көмескілене шыққанмен орнықты, әрі шешімді көрініс берді.

 – Қазір аға, атанға байланысты жайды, мен тездетіп орындап тастайын, – деді күйеу бала сөзі де, ісі де ықшам екенін екенін көрсеткісі келгендей ыңғаймен.

Үлкен кісі біршама уақыт өзімен-өзі болып, шатырға бір кірді, бір шықты. Одан айналып қарады. Одан арбаны әрірек жылжытты, екі тертені жоғары көтеріп, екі дөңгелекке байлады. Сосын ораулы кенеп ат жабуды сілкіп-сілкіп қалқанға ұзыннан тастай салды.

– Ағай, – деді шапшаңдата адымдап жанына келген Ақжиде келін, – Етке қамыр яғни нан илеп, жайып, әзірлеп қойдым, біреу-міреу кеп қалса, ұят болар деген оймен етті көп астым. Үлкен тамақты шамамен қай уақытқа дайындайын!

 – Ой-буй, қарағым-ай, түс мезгілінде шай ішейік, кіші бесінде ет жейміз, екіндінің маңында тағы да шай, күн батқаннан таң шапақ бергенше біз қозғалысқа түсеміз ғой. Күн шығар-шықпаста тағы бір шай ішіп, түйе арбамен барлығымыз «Бәйге төбеге» таяу барып, ат қыдыртамыз, бәйге басталғанша: содан кейінгі сөз, қос күрең мен екі балаға беріледі ғой…

 – Түсінікті, әбден түсіндім, ағай! Біз, күйеу балаңыз екеуміз осында қаламыз, тілекші боп. «Қыз тілегі қабыл», деген нақылға арқа сүйеп, қос күреңнің жеңіс тойын тойлаймыз ғой, ағай! Бізге соқпай кетіп қалмаңыздар!

 – Аузыңа май, қызым, құдай тілекті қабыл қылса, әрине, әрине, осы арадан той тойлап аттанамыз! Әмин, айтқаның келсін, қарағым! – Әбу жүзін құбыла бетке бұрып, тізерлей отыра қалды да, – Бисмиллаһи рахмани рахим, – деп қос алақанымен бетін сипады.

Киіз үйдің қақ төріне малдос құрған Әбу:

 – Күйеу бала, әлгі жыланды алып кел, «Жақсыны көрмек үшін», деген көрелік, сөйтіп, көрімдігін берелік, – деп дауыстап, жалма-жан екі алақанын уқалады.

Зым-зия жоқ боп кеткен күйеу бала – жан-жағы тесік, көлемі едәуір картон шерені алып келді де, табалдырықтан аттамай, босағаға аялдап еді, үлкен кісі қозғалақтап:

 – Кір, кір! Қызым сен шыға тұр, дастарханыңды сосын жаярсың, шыға тұр дегенім, жылан тым сұсты ғой, шошып кетеррсің, масқара ғылып, сенім жоқ, ыңғайға келсе, өзімізт шақырармыз, – деді де тамағын кенеп қойды.

Күйеу бала картон шерені ашты да тізесін бүкпей төңкерді. Едәуір көлемдегі шұбарала жылан сылқ етіп жерге түсті де, басын көтермей шиыршықтала оратылып, «ыс, ыс, сы» дегендей әлсіз дыбыс шығарды. Айбат шегіп, ысылдап, жанарын жарқырата ашып, бауырымен жылжи жөнелмеді. Үлкен кісі орнынан тік тұрып, екі -үш аттап, жыланды қолындағы таяғымен түрткілеп еді, ең болмаса, таяққа тісін батыра алмады.

 – Е, е, белгілі болды. Үй жыланы ғой, мынау, адамды жатырқап мінсінбей тұр. Әрі өзі аш, шөл шығар. Күйеу бала, айтпақшы, есімің кім еді, сенің? Маған айтып едің, әй, меніңше айтқан жоқсың! «Атқа жеңіл құдаша» дегендей, күйеу бала деу, жеңіл…

 – Шыман Досмағұл баласымын, ал келініңіз Ақжиде Досмағұл келіні, Өтешқызы.

 – Ал Шыманжан, жұқалтаңдау етіп, екі кесім шикі ет пен жалпақтау тарелкаға құйып, салқын су әкеліп, жыланның жанына қойшы, байқап көрелік, мүмкін, біз ойлағандай болар. Негізінен жылан екі түрлі, улы, усыз. Улысы – көбірек, усызы – аздау.

 – Құп болады, қазір, қазір, аға! Оны мүлтіксіз орындауға тырысайын. Ақжиде шикі ет қайда?

 – Оны неғыласың, мында, мында, – деген дауыс шықты да, күбір-сыбырға көшті.

Шеңберлілеу ыдысқа бармақтай-бармақтай ет пен түбі таяздау ыдысқа салқын су құйылып, жыланның бүйіріне таяулау қойылды. Сәлден кейін жылан басын шұғыл көтеріп, ыдыстағы екі кесек етті, көз ілеспес шапшаңдықпен езуін керіп, екі рет жұтты да, суға қарай бұрылып, екі-үш рет тілін шығарып, сүйкімсіздеу жалаңдатып, суды ішті ме, әлде, жалады ма, әйтеуір, тұмсығын тыққандай болды.

 – Түсінікті, қолға үйретілген усыз жылан, жемтігін шағып емес, орап, қысып өлтіріп жұтады. Мұның қаруы – денесінде . Бұл енді, ішіндегі езіліп тарағанша ұйықтайды. Әлгі мықты келсе, көрсетерсің, сосын айтуын өзің келістіресің ғой. Тіпті, өзеуреп болмаса, жыланды білегіңе орап, ананың танауына тақа, шошып кетсін! Ал, жәшігіне көтеріп салда, көлеңкелеу жерге қой, рахаттанып ұйқысын қандырсын. Қызым, дастарханыңды жая бер, – деп Әбу сәл кейінірек жылжыды.

      ***

 – Қарағым, қызым, екі бала мен қос күреңді шай соңында шақырамыз. Екеуіне бөлек шай беретін болдық. Күйеу балаға су мәселесін айтып едім, Шыман қызыма ескертіп пе едің?!

 – Оны Ақжидеге айтпай-ақ өзім қатырдым. Су дайын, сақылдап қайнаттым, суытуы  оңай ғой. Екеуін шақырайын ба, шаршаған шығар!

 – Дауыстап, шақыра ғой, ой, құдай-ай, олардың шаршайтын мезгілі ме, қазір, мүсіркейтіндерді тапқан екенсің! – деп үлкен ксі сәл-пәл жымиды.

Екі атты бірден шатырға кіргізіп, үстеріндегі бөз мата жабуын сыпырған ат иесі төрт шелек сәл ысқылтымдау суды қасына алып, шатырдың есігін жауып, іске кірісті. Қос күреңді асықпай, жуындырып, төрт тұяғын кезек-кезек көтеріп, жүрегін тазалап, сауыры мен құйымшағына аз-мұз сабын тигізіп, оны ысқылай жуып, соңынан ысқылтым суды бөліп-бөліп, біресе, жамбасының, біресе, саурының, біресе, құйымшағының үстіне ағыза құйды да, қайтадан бөз мата жабуды мәлінте жауып, төсінен жалпақ айылмен бір тартып, жүгеннің тізгінін айылдың астынан қайыра байлап, сірестіре қаңтарып тастады. Екеуінің де алдыңғы екі аяғының тізесінен жоғарырақ тұсаулады. Сосын шатырдың есігін сыртынан мұқияттап, бойын тіп-тік ұстап, киіз үйге беттеді.

Кіші бесінде ет желінді, одан екінді де шай ішілді. Қас қарая қос күреңді шатырдан шығарып, екі бала екеуін жетектей жөнелді. Артында жай басып, жалпақ алып ат иесі, бапкер Әбу – жаңа туған айға тура қарсы жүріп келеді. Айнала тым-тырс, бетке соғар жел жоқ, мазаны алатын шыбын-шіркей, маса жоқ, тіпті қос күреңнің тұяқ дыбысы да естілмейді. Бәріне жаңа туған ай куә, сансыз жұлдыз жымыңдап, қошамет көрсеткендей ниет танытады, бірақ, жарығы әлсіз, өздері – тым-тым алыста. Түн ортасы ауа екі баланы екі жағына  ала – қос күреңді ат иесінің өзі жетектеді де:

 – Қалай жағдайларың? – деп дауыстап еді:

 – Ата, өте жақсы, ұйқы бізден қорықты, мүлдем қашты, бәлем, өзіне сол керек, – деді екеуі қосарлана үн қатып.

 – Өй, жарайсыңдар, айналайындар! Енді аздан кейін таң шапағы білінеді, үйге оралып, шайға бас қоямыз. Бірақ, екеуің тек шай ішесіңдер! Мана еттен аз-мұз жеуге рұқсат еттім, ал сорпаны ішкізбегенімді өздерің түсініп тұрсыңдар. Айтпақшы, шайды екі шыныдан ғана, сұйықты көп ішсеңдер, ұлан-асыр шабыста іштеріңде шайқалып пәле болар. Ат бәйге сап түзер алдында, суды жұтпай, ауыз шаярсыңдар!

 – Түсіндік ата, тіпті шайды да ішпей-ақ қоялық, – деді Әлібек үнін көтеріңкіреп.

 – Жо-жоқ, екі шыны шай денелеріңді сергітеді, жүрек соғысын қалыпқа түсіріп, миға да әсер етеді, – деп Әбу сөзін түйіндеді.

 ***

Таңағы шайдан әбден жайланып шыққан бапкер аса көңілді еді, қос күреңді аунатты, жарты шелек су ішкізіп, қос уыс арпа асатты. Сәлден кейін, екі сауырын, екі жамбастың аралығын, құйрық астын, көз айналасын, тамағының астын, төсін, шабының арасын салқын сумен әбден мұқияттап сүртіп, енді жетектей бергенде, екеуі қабаттаса керіліп зәр шығарып, қуығын босатты. Құйрығын шаршылай көтеріп жіңішке күрең үш, бел күрең төрт тезек тастады. Үлкен кісі зәріне  назар аударып еді, сарғыш емес, ақшылдау екен, әрі көпіріп көбіктенбеді. Ал, тезегі иіссіз, қатты, және де ішінде бір түйір арпа жоқ. Айналып қарады, саурының еті ортайып, терісі босап, екі шаптың арасы ашылып, қазысы айрықтана жыртылып, үме майы мүлдем жойылып, төрт тұяғының түсі қарақошқылдана бастаған екен. Әсіресе, сан еті мен қол еті көтеріле тартылыпты. Аузын ашып, көмейіне зер салды, аппақ, тыныс жолында кедергі білінбейді, тістерінің арасы тап-таза. Екеуі де, иесіне басын сүйкегесін, тағы да өте дымқыл бір уыс арпа асатты, бір тостағандай су жұтқызып аузын шайдыртты. Жіңішке күрең басын көтере беріп, пысқырды да, ал бел күрең қос құлағын бұрай тың-тыңдап, көкжиекке көз тікті. Сөйтіп, екеуі де «Біз әзірміз, шабысқа» дегендей, сыңай танытты.

Алмас өркеш сары атан қалқанды арбаға жегіліп, кенеп жабумен жер сыздыра мәлінте жапқан қос күрең жетекке алынды.

 – Ағатай, Алла оңынан берсін, жолдарыңызға ай мүйізді қара серке садақа, – деп Ақжиде бетін сипап еді, күйеу бала Шыман:

 – Біз жеңеміз, жеңіс те бас бәйге де біздікі, қос күрең, екі інім, төртеуіңді әулие-әмбие, ата-баба аруағы қолдасын! – деп дауысын қатты шығара, екі алақанын бір-біріне ұрғылады.

«Шу» деген белгі сөзді естір-естілместен сары атан желе аяңдай жөнелгенде, күн көзі ұясынан бар болғаны үш қарыстай ғана көтеріліп еді.

   ***

Бәйге төбеге тақалмай, сәл кейінірек арба туарылды. Сары атан арбаға ноқтасынан байланды. Екі күреңді екі бәйге бала жетектей қыдыртты. Зу етіп, түсі көкшіл жеңіл машина келіп, ішінен Сабыр мен Жақан шықты адымдай басып:

 – Ассалаумағалейкүм, Әбеке, ал, қос күреңнің маңдайы жарқырасын, – деп дауыстады. Үндері жарқын да, ашық, кедергісіз шықты.

 – Уағалейкүммүссалам, аманбысыңдар, ауданымыздың бір жүз жасы құтты болсын! – деді Әбу екеуін қарсылай қадам басып.

 – Әбеке, асығыспыз, бәйгеге алпыс жеті ат қосылады. Әр тұстан жүйріктер келді. Ұзақтығы елу шақырым, айналым бес шақырымнан. Бірінші, яғни бас бәйгіні көбейтті, «Джип» жеңіл көлігіне қоса, бір миллион ақшасы бар. Қалған төрт сыйлық сол қалпы. Ағасы, мен сіздерге соға алмадым, кешіріңіз, – деді Сабыр кібіртіктей сөйлеп.

 – Е,е, Жақан келді ғой, әйтеуір, бәрі оңынан болса, абырой сонда шалқып таси береді. – Ат иесі жанарын қос атқа қадады.

 – Айтпақшы, бәйге сағат онда басталады, солай шешіпті. Аттардың тізімі – аудандық газетке жарияланыпты. Сізге бір данасын ала келдік, – деді Жақан Әбуге газетті ұсынып. – Мұнда атбегі, бәйге бала – бәрінің аты-жөні жазылған. Кісілер, келушіні айтамын, қарақұрым, тіпті сөйлескен сөзден, даурықпа, айқайдан адамның басы айналады.

 – Е,е, дұрыс, аудан жұрты оқиды ғой, таныс-тамыр дегендей, – деп қойды Әбу.

 – Ал, Әбеке, біз қозғалайық, іздеп қалар, – деген әкімнің екі орынбасары машинаға беттеді.

     ***

Мәреге аттар топтастырылды. Екі бөлікке бөлінді, алғашқы топ жарысқа түскеннен кейін, бес минуттан соң екінші топ жөнелмек. Әбу қос күреңнің жабуын сыпырып, екінші топтың артына тұрғызды.

 – Балдарым, екінші топ іркес-тіркес болғанда ғана, шамамен екінші айналымның аяқ тұсы – бірінші топқа ілігерсіңдер. Сосын, үшінші-төртінші айналым бітіп, беске кеткенде, Әлібек, сен топ бастайсың, алтыншы айналымда Құрман, сен топ бастайсың! Содан екеуің кезек-кезек алға шығыңдар, сегізінші айналым бітер кезде сендермен егесетін, тынысы кең ат болса, Құрман бел күреңді сал, ұран-айқайға! Жаңағы екі-үш жүйрікпен қажас, бірақ тым тақал ма, Әлібек сен әліптің артын бағып, тоғызыншы айналымның жартысын өте бере, сал, ұран-айқайға! Жібер, басын, бірақ, тізгінді тең ұста!Егер, мүмкіндігің болса, Құрманға «Кеттік» деп дауыста. Алла сәтін салып, мәреден бірінші боп өтер болсаңдар, «Жасасын, Тәуелсіздік!», деп қаттырақ үн қатыңдар! Аттың тек саурына ғана қамшы тигізіңдер! Алақтап жан-жаққа қарамаңдар, білдіңдер ме? Сауысқаннан да сақ болуға тырысыңдар! Біреу-міреу қапталдасып, арам ойын байқасаңдар, қамшы жұмсаңдар! Ат пен аттың аралығы бір жарым, екі қадамдай ғана болу керек. Ал, ақ жол тілеймін, Алладан!

Құрман көкала шаңнан бел күреңді алып шығамын деп жүріп Әлібектен көз жазып қалды. Басшылыққа алғаны атасының нұсқау сөзі. Екінші айналым бітіп, үшінші айналымның орта тұсында алдыңғы топтың жел жағына ілікті. Бел күрең жұлқына тізгін тартып сірескен жоқ, басы жұмсақ, үстіндегіні яғни тізгін иесін тыңдайтын-сынды. Көптің алдынан өткенде бұл алаңдамады, көзі – аттың екі құлағында болды. Әлібек жанарына ілінбеді. Содан бесінші айналым аяқталған тұста «Шүу» деп дыбыс берді. Алда үш-төрт ат, тағы да сәл еңкейіңкіреп, солармен үзеңгілесті, дара шапқаны жіңішке күрең екен, қуанып кетіп, құйысқандасты, бірақ,  Әлібек қарамайды. «Әй, тәуекел», деп бел күреңге дыбыстап еді, ой-хой, ол жұлдызша ағып, алға шықты. Алдында атасы жылқы жоқ, содан бұл алтыншы айналымда жалғыз топ бастады. Жетінші айналымда тізгінді ептеп тежеген бұдан үш ат басып озды, біреуі – жіңішке күрең. Құрман сәл-пәл басын жасатып, өзімен қажасқан торы атпен біраз салғыласты. Үстінде баласы ірірек, мақтаншақтау-ау, деймін! Шалқайып, бұған бірдеңе дегісі келеді. Бұл, күреңнің басын сәл тежеп, оншақты қадамдай кейін қалды. Мұнымен тағы да төрт-бес ат бақ сынасты. Бір құланың аяқалысы тым ширақ, ауыздығын тісімен тіреп, төмен баса береді. Үстіндегі қыз бала сияқты жанарын қадай қарап еді, анық қыз екен. «Осыдан қауіп-ау» деп ойлады бұл. Сегізінші айналым басталар тұста жаңағы шымқай құла шабысты өрістетті. Мұның жанынан зу ете қалған ол алдағы жіңішке жирен бар топқа қосылды. Әні-міне дегенше сегізден тоғызға кетті. Енді қалғаны он шақырым, бұл «Тәуекел» деп сыбырлады. Алдағы төрт-бес ат бірін-бірі қажасуға көшті. Құла бой берер емес. Құрман сасайын деді де, балтырын қысып, күреңге «Шу» деп белгі беріп, саурына қамшы тигізді.  Тізгінді сәл-пәл босатты. Күрең шабыстың шаңын шығарды. Алдағылармен қапталдасқан бұл «Әлібек кеттік» деп дауыстады. Екі-үш қарақшыдай қажасқан шымқай құла кейіндей берді. Бұл күреңге тағы да қамшы тигізді. Көзі мұнарланғандай болды. Мәре сызығын анық көрді де, «Жасасын Тәуелсіздік!», «Жасасын Тәуелсіз Қазақстан!» деп бар даусымен айқайлап, мәреден өте шықты. Жанары жаяу жүгірген атасына түсті. Оның «Айналдым, айналдым», деген шыңылтыр үні құлағына анық естілді…

 ***

Орағыта шапқанда күреңнің басын шым-шымдап тартып, кейін бұрыла бергенде, жүгіріп келген атасы ат үстінен көтеріп алып, бәйге баланы бауырына қыса құшақтап, ыстық ернін маңдайына тигізіп, «Айналайынымды» тағы да қайталады. Сонан соң ақ көбіктеніп ыдырынған күреңді сауырынан бір сипап өтті де, жіңішке күреңнің үстіндегі Әлібекке қарай жедел адымдады. Әлібек бұған үш саусағын көрсетті. Радиодан атбегілерді шақырған дауыс естілді. Бір сүт пісірімдей уақыттан кейін қара жерді солқылдатқандай, күмбірлеген үн бәйге қорытындысын хабарлады: Бірінші бәйгені Ащысай ауданының бел күреңі жеңіп алды. Бапкері – Әбу Аралбай, бәйгі бала – Құрман…

Екінші бәйгені Шығыстың Қатон ауданының шымқай құласы иеленді. Бапкері – Ғалымбай Шайқы, бәйге бала – Шырын Шайқықызы.

Үшінші бәйгені Ащысай ауданының жіңішке күреңі иеленді. Бапкері – Әбу Аралбай, бәйге бала – Әлібек.

Төртінші бәйгіні Оңтүстіктің Өрнек ауданының шабдары иеленді, Бапкері – Қарасай Құттымұрат, бәйге бала – Жанмұрат,

Бесінші бәйгіні Жетіқараның торғауыты иеленді. Бапкері – Атшабар Намыс, бәйге баласы – Мұратхан.

 (Соңы)

Астана, 30-саратан 2024 жыл.

Марат Мәжитов




ПІКІР ЖАЗУ