ӨМІР ЕСТЕЛІГІМЕН ҚЫМБАТ
Театр – тірі өнер десек, оның жүрегі – актер. Кәсіби актер үшін әрбір спектакль, әрбір рөл – бір ғұмыр, бір тағдыр іспетті. Өйткені актер – жаны мөлдір, жүрегі нәзік, рухы биік адам. Кейде осы тазалық шабытты шыңдап, қолға қалам алғызатын сәттер де болады. Оны біз белгілі актер, режиссер, Қазақстанның Халық әртісі, ұлттық тұлға деңгейіне көтерілген Асанәлі Әшімов мысалынан анық көреміз. Сахнадағы сырлы өмірді, олардың шығармашылық ізденіс жолындағы арпалысын, жан күйзелісін, қуанышы мен күйінішін, өнердегі достық пен бәсекелестікті сол ортада жүргендерден артық ешкім білмейді. Сондықтан да мұндай авторлардың жазбасы салмақты, өміршең келеді. Жуырда асқаралы алпысты бағындырған қазақ театр өнерінің ірі тұлғаларының бірі, сахна мен экранда дара талантымен танылған, ұлттық рух пен заманауи актерлік шеберлікті үйлестіре білген Бекжан Тұрыстың «Өмір естелігімен қымбат» атты кітабы жарық көрді. Журналымыздың осы нөмірінде аталмыш кітаптан шағын үзінді жариялауды жөн көрдік.
ЕТІҢДІ АЛЫП КЕТПЕЙСІҢ БЕ?
Әдеп сақтай жүріп әзілдесе беретін әдетіммен қарияның дауысын салып Салиха апайға хабарласқаным Әнуар Боранбаев ағама қатты ұнап қалды, білем, енді ол кісі Уайыс ағама хабарласу керегін айтып, «жөн сілтесін».
Бұл жолы – ауылдан келген «кемпірмін». Мұндайда ауылымдағы шешелерімнің аты аузыма оңай ілінетін. Нөмірді теріп, ар жақтан тұтқаның көтерілгенін күтіп тұрмын.
Шолпан апай сәлемімді құлықсыз алды. Уайыс ағам үйде жоқ көрінеді.
– Келін, айналайын, ауылдағы Сапихан апаңмын мен. Әлгі осында оқитын жүгермек оқудан шығып қалып, соған келдім. Уайыс қарағым «тлипонның» нөмірін өзі беріп, көмектесетінін де айтқан соң сонау жақтан осында кеп… Вокзалда тұрмын.
– Барлығына Уайыс жүгіреді деп ойлайсыздар… Балаңыздың үйіне бармайсыз ба? – деп салды ол.
Шолпан апайдың ренжитін жөні бар. Сол жылдары Уайыс, Құман, Мейірман ағаларым Алматының «паспорты» болатын.
Біреуміздің танысымыз милицияға түсіп қалса да, ауылдағы біреудің баласы оқудан қуылса да, енді біріміздің жерлесіміз емтиханнан құласа да, ағаларды сүйрейтін едік. Осы ағаларымның араласуымен, әйтеуір, кез келген келеңсіздік оңтайланып реттеле кететін. Шолпан апайдың жақтырыңқырамай тұрғаны да содан.
– Ол жүгермек оқудан шығып қалды ғой. Құдай-ай, 80-нен асқанда елдің алдында жүрген азаматқа сеніп үлкен қалаға қайдан ғана келіп едім, енді қайда барам? Барар жер, басар тауым да жоқ, құдай-ай… Оны да қойшы, өздеріңе деп, ана баланың оқытушыларына деп екі ірі қараның етін қапқа сап әкелген едім, оны қайттім? – деп, шынымен, кәдімгідей жыладым.
Көз жасым «араласып» діріл қосылған дауысым жүрегін жібітті ме, әлде етті ауызға алған соң ойы өзгерді ме, Шолпан апай да бағанағыдай емес, тұтқаны қоюға асықпай, сөйлесетін ыңғай танытты. Мұнысын сезген мен жыламсыраған үнімді үдете түстім.
– Тұра тұрыңызшы… Қай вокзалда тұр едіңіз? – деп сұрады ол.
– Қайдан білем, шырағым! Пойыздан түскенім осы…
– Қасыңыздағы біреулерден сұрасаңызшы, – дегені сол Жарқын ағаны қасыма шақыра сап, жағдайымды «түсіндірген» болып жатырмын. Тұтқаны қайтадан қолыма ұстатқанша асыққан ол күлкіден булығып әрең тұр.
– Сіз ешқайда кетіп қалмай, сол жерде күтіңіз, апа! – деген Шолпан апайға ешқайда кетпей күтетінімді айтып, телефонды қойғаным сол, ағаларымның «ха-ха-халаған», «хи-хи-хилаған» дауысы кетті дейсің ғимаратты жаңғыртып. Әбден күлдік.
Артынша Уайыс ағамның үйіне қоңырау шалдым. Бірақ тұтқаны сол күйі ешкім көтермеді…
Театрдағы лифтінің қасында кішкентай қуыс деуге де, алаңқай деуге де келмейтін шағын жер бар. Әнуар ағам сонда тұр екен. Амандасып, қал сұрасып жатырмын. Маған риза кейіппен қарайды. Енді ше, Салиха апайдың «құдаларға» деп асқан етін жеп, әріптес достар арқа-жарқа болып, әңгімелесіп қайтты ғой күні кеше.
Бір кезде… Уайыс ағамның төбесі көрінді. Қабағы салыңқы, дұрыс ұйықтамаған секілді. Масқара-а-а! Кеше әзілдеуін әзілдеп үйіне қоңырау шалғаныммен, артынан ескертуді есімнен шығарыппын ғой. Звондауын звондағам, бірақ үйінде болмаған сыңайлы, қоңырауға ешкім жауап бермеген. Қап! Енді қайттім! Әнуар ағаға «ештеңе айтпаңызшы» дегендей ымдап үлгердім. Әдеттегідей амандық-саулық сұрасып жөнімізбен кеттік.
– Ай, Бекжан, ана ағаң әбден уайымдапты. Сонау «Алматы-І» вокзалға барып Сапихан апасын іздеп сандалыпты. Шолпан дұрыс түсінбеген болар деп «Алматы-ІІ» вокзалына, одан «Сайран» автовокзалына барып табанын тоздырыпты күні бойы. Екі күннен бері дұрыс ұйықтамаған екен тіпті. Шолпанмен де сөзге келіп қалған көрінеді, – деді сәлден кейін Әнуар ағам кезіккенде.
– Ойбай, аға, мен екенімді айтпаңызшы. Ренжітіп алатын болдым ғой, – деп енді мен алаңдайын.
– Айтпаймын, – деді Әнуар ағам. – Бірақ көріп тұрсың ғой, Уайыс ағаңның көңіл күйі жоқ, бар, бірдеңе алып келмесең болмайды, ауызбастырық бер маған, – деуді де ұмытпады.
Айтқанын орындап, сұрағанын әкеп бердім. Арада бірер апта өтті. Уайыс ағамның жайын Әнуар ағамнан біліп жүрдім.
– Бір апта болды дұрыс ұйықтамағаныма. Сапихан деген апаны есіме түк түсіре алмадым. Екі вокзалды да шарлап шықтым сол күні. Үйге кеп Шолпанмен ренжістім. Тіпті патруль тәртіп сақшыларына да кіріп, жағдайды түсіндіріп айттым. Мені іздеп жүрген апа табылса, хабарласуларын өтініп адресімді қалдырдым. Ауылда болғанда қызды-қыздымен біреуге уәде берген болып тұрмын ғой, әйтпесе, сонау жақтан адам маған сеніп келе ме? Енді елге қай бетіммен барам? – депті Уайыс ағам.
«Кең болсаң, кем болмайсың», – деп қолында барды шашып жүретін ақеділ ағамның алдында бұрынғы қысылғаным қысылған ба, мұны естігенде өзім қиналдым енді. Сапихан «екенімді» айтып мойындайын десем, қорқам тағы. Сөйтіп, біраз күн өткен…
Мұхтар Әуезовтің «Қилы заманында» Уайыс ағам – Ұзақ батырды, мен Жаңабайды ойнайтын едік. Қойылымның алдында ағам қарсы жолығып:
– Қал қалай-ей? – деді.
Байқаймын көңіл күйі жақсы.
– Жақсы, аға, – деп жауап беріп, жанымнан өтіп бара жатқан Уайыс ағама, не түлен түрткенін білмеймін, Сапиханның «дауысына» салып:
– Әй, айналайын Уайыс, етіңді алып кетпейсің бе? – дегенім сол… Уайыс ағам артына бүкіл денесімен бұрыла қарады. Демде өңі бұзылып:
– Өй, енеңді! – деп бір боқтап алды да, тез басып жүріп кетті. Ашуланғанын да, ренжігенін де бірден сездім.
– Ағатай, кешіріңізші! Тоқтаңызшы! – деп артынан еріп келе жатқанымды Әнуар ағам да көріп, не болғанын түсіне қойды да, бізге ілесті. Уайыс ағам қайырылмаған күйі бөлмесіне кіріп, есігін ішінен іліп алды. Жалынғаныма құлақ аспады. Өкпе-реніші орынды. Ішім алай-дүлей болып тұрғанымда Әнуар ағам енді коньякқа жұмсасын.
– Звондатқызатын – өзіңіз, ауызбастырық сұрап, енді коньякқа жұмсап, – деп бұрқылдаған күйі айтқанын тағы орындадым.
Жақсы көріп сыйлағаннан да ағалардың айтқанын екі етпеуші едім. Жалпы, сол уақыттарда үлкен мен кішінің арасындағы сыйластықтың жасандылығы жоқ еді, үлкеннің айтқаны табиғи түрде орындалып жататын. Ешқандай есеп болмаушы еді арада…
Артынан Уайыс ағам осыны рақаттанып өзіме талай айтып берді. «Өй, енеңді!» – деп кейде ашуға ерік беріп, кейде еркелетіп өзімсінетін кеңпейіл ағалардың орны бөлек еді. Сол ағаларымның бәрі де осы күні өмірде жоқ, бақилық болды.
«АКАДЕМИК» ПЕН АКТРИСА
«Қымызxанада» Теңгетай болып қазақ көрерменінің жүрегін жаулаған Нүкетай апаны білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә! Қашан көрсең жайдары қалпынан танбайтын қақ-соқпен ісі жоқ, сәби мінезді апаммен әріптес болам деп кім ойлапты?!
Бір ұжымда істеп келе жатқанымызға да біраз жыл болды. Өнерге жан-тәнімен берілген осы бір абзал жанмен қаншама рет әзілдестім десеңізші… Адамдар арасындағы жылы қатынасқа да дәнекер – жарасты қалжың. Іргедегі ынтымақтың ырысты болуы, ең алдымен, жаныңдағы адамдармен шырайлы. Әзілді түсінетін, қалжыңды көтеретін адамға ғана орнымен еркелейсің. Нүкетай апа – менің сол еркелігімді көтеретін үлкен жүректің иесі.
Ол кезде қазіргідей қалтателефон жоқ. Бір күні апаның үйіне қоңырау шалдым. Тұтқаны Нүкетай апаның өзі көтерді.
Дауысымды жуандатып:
– Амансың ба, қарағым! Мынау Нығметтің шаңырағы ма? Нүкетай бар ма? Нүкетай керек еді маған, – дедім.
– Сәлеметсіз бе! – деп сыпайы һәм сызыла амандасты
Нүкетай апам тұтқаның ар жағынан. – Иә, Нығметтің үйі. Мен ғой, Нүкетайдың өзімін.
– Е-е, айналайын Нүкетай, қалың жақсы ма, шырағым! Мен анау Сәлкен Қожахметов деген академик ағаң боламын, естуің бар шығар?
Кемпірдің немесе шалдың дауысына салып біреуге әзілдеп қоңырау шалғанда өзім туған ауылдың үлкен ата-әжелерінің есіме түскен атын айтып, сөйлесе беремін. Ал мына Сәлкен Қожахметов деген – тура сол сәтте тілімнің ұшына келген есім, өмірде осы аттас адам бар ма, жоқ па, оған бас қатырғаным шамалы.
– Білем ғой, естігем… Қалыңыз қалай? – деп жатыр Нүкетай апам. Ойдан шығарылған адамды қайдан танып-білсін, театрда істейтін, өнердің төңірегінде жүрген адамның академикті «білмегенін» өзіне ұят санап тұрғанын сезіп тұрмын.
– Нүкетай шырағым, өзіңе айтар сөзім бар еді уақытың болса, – дедім.
– Әрине сізге уақыт табылады ғой, – деп жатыр Нүкетай апам да.
– Мұнымды наз деп қабылдайсың ба, өкпе деп түсінесің бе, өзің біл. Өзіңнің ойыныңды көрейін деп 3-4 рет театрға іздеп барып едім, көре алмадым. Театрды не істеп жібергенсіңдер?
Қойылып жатқан пьесалардың көркемдік-идеялық құндылығы жоғары деп айта алмаймын. Өңшең бір танымайтын актерлер қаптап кеткен бе… Әйтеуір, көре алмадым сені.
– Жоқ, ойнап жүрмін, аға. «Отыз ұлың болғанша», «Бес бойдаққа бір той»… Басқа қойылым болған күні барып қалғансыз ғой.
– Қайдан білейін, шырағым. Мен қазіргі жас актерлердің арасынан Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Ә.Молдабековтің деңгейіндегі артистерді іздеймін. Зәмзагүлдің Қарагөзі, өзің ойнаған Майра қандай еді! Қарап отырып көзің тоятын.
Театрдың қаруы – үні емес пе еді. Қазақ сахнасының үні жоғалып барады. Көңілім құлазып қайттым. Қазіргі актерлерде үн жоқ. Дауысы 6-қатардан әрі аспайды. Өңшең дауысын жұтып қойған біреулер! Үнін естірте алмайтын болған соң айғайға басатын болыпты. Ал құр айғай адамның жанын тербеп, жүрекке жетуші ме еді? Соңдарыңнан ізіңді жалғайтын шәкірттерді неге тәрбиелемейсіңдер? Жыл сайын Өнер академиясының актерлік және режиссуралық мамандығын бітіріп жатқан жастардың түрі осы ма? Бұл сендерге сын емес пе?
Нүкетай апам менімен іштей келіскендей үнсіз тыңдап тұр. Сөйлеп жатырмын:
– Бәрін шетінен дарынсыз, сахнада өзіндік үні, дауысы жоқ дегеннен аулақпын. Анау әлгі Қаптағай Бауыржан деген бар, қазір өзі тегімізді қазақша қылып, «-ов», «-ев» дегенді алып тастаған соң аты қайсы, пәмилесі қайсы екенін де айыра алмай қалдық қой. Өзінің аты Қаптағай ма, Бауыржан ба?
– Қаптағай деген тегі ғой, аға.
– Ие, сол Бауыржан – бөлек! Жақсы ойнайды. Сол балада Ыдырыстың үні бар. Ұлылардан қалған өнерді аманат деп түсінетіні көрініп тұр. Нарынқолдың баласы деп естідім, рас па?
– Иә, Нарынқолдан.
– Онда өзімнің інім болды ғой.
– А-а, сіз де Нарынқолдан ба едіңіз, аға. Бауыржан да, мен де – сол өңірденбіз. Айтары жоқ, Бауыржан – мықты актер! – деп Нүкетай апам да жайлап әңгімеге араласты.
– Сосын әлгі… Біләл деген, ой, құдай-ай, аты Біләл ме, пәмилесі Біләл ме, дауысы сондай жағымды бір жас бала бар ғой…
– Ерлан Біләл деген балаңыз, аға. Ол да – өзіміздің Нарынқолдың баласы.
– Е, бәсе! Сөз саптауына, сөйлегеніне қарап шамалап едім.
– Солай де. Сосын ана тағы біреу бар ғой. Ой, құдай-ай, анау ше, шалды ойнап жүретін. Кім еді, құдай-ай…
– Бекжан ғой, аға, айтып тұрғаныңыз. Бекжан Тұрыс деген.
– Иә, иә. Дәл өзі!
– Ол да сол – өзіміз жақтың баласы, аға. Бар-жоғы 27 жасында шалдың ролін ойнады. Менің «күйеуім» болып ойнады ғой, тіпті Бекжанның «Бес бойдаққа бір той» қойылымындағы шалды ойнағанына Тынымбай Нұрмағамбетовтің әкесі сенбей қойған, қызық болғанда. Талантты актер, өзіміздің Нарынқолдың жігіті, – деп мақтай жөнелген Нүкетай апаның сөзін бөліп:
– Сен ренжіме, Нүкеш, сол Бекжаныңды мен актер ретінде қабылдай алмаймын, ұнамайды. Бір актерлік фактура жоқ, театрға кім алып жүр өзін?
Ылғи тек шалды ойнайды да жүреді сахнада.
Пауза. Үнсіздік.
Содан кейін барып Нүкетай апам:
– А-а-а… Ой, ол Ұйғыр ауданының баласы ғой, – дегені.
– Нүкетай апа, не деп тұрсыз сіз? Солай деңіз. Ұйғыр ауданынан деңіз. Осыны сізден естимін дедім бе мен, ойбай, – деп күліп жібердім.
Академик Сәлкен Қожахметов емес, Бекжан болып сөйлегенім сол… Пауза! Содан кейін іле-шала:
– Шешек-ай, шешек! Мен тағы да алдандым ба? – деп Нүкетай апам быж-тыж болды да қалды. Тұтқаны орнына қойып, ой, бір рақаттанып күлдім дейсің.
Осыдан кейін Нүкетай апаны көрген сайын: «Солай деңіз, ой, ол Ұйғыр ауданынан ғой деңіз!» – деп жүрдім. Ол, ол ма, мен хабарласардың алдында бір журналист апамнан сұхбат алмаққа келісіп қойған екен. Менің әлгі әзілімнен соң қоңырау шалған журналисті тағы да қылжақтап тұрған мен екен деп ұрсып-ұрсып телефон тұтқасын тастай салған ғой, ана журналист болса, аң-таң. Ертеңінде театрға Нүкетай апаны іздеп келіп қоңырау шалғанын айтқанда, менің еш қатысым жоғын біліп, әлгі журналистен ұяла кешірім сұраған екен. Сөздерін ұмытыңқырап қалғанда: «Мышбаева, не болған сізге?» – деп «ұрсатыным» бар.
«Давлением көтеріліп…», – дейді сондайда. Ернін жымқырып алатын әдемі қылығы тек өзіне ғана жарасады. Еркелеп жүрем. Баласындай еркелетер, қалжыңымды түсінер сол Нүкетай апам.
Қазақ өнерінің аспанында алтындай жарқырап, көрерменіңізге саф өнердің сәулесін шашып, мейірім төгіп арамызда жүре беріңіз, Нүкетай апа! Жүз жасаңыз!
Бекжан ТҰРЫС



