МҰНЫ ТӘЖІРИБЕ ДЕП АТАҢЫЗ
«Жұлдыздың» шеберлік мектебінің бүгінгі дәрісін 1903-1987 жылдары өмір сүрген АҚШ жазушысы Эрскин Колдуэлл жүргізеді.
Эрскин Колдуэлл

Әдебиетті өмірлік кәсіп ретінде таңдаған адамдар кей кездері мен неге актер, банкир немесе аяқ киім сатушы болмай, жазушылықты таңдадым деп өз-өзінен сұрайтын болар.
Өзін сергек ұстайтын, әйтеуір есте сақтау қабілеті сыр бере қоймаған адамдар бозбала кезінде жан дүниесінде сілкініс туғызған, сөйтіп өмірлік бағытын таңдауға септігін тигізген әлдебір оқиғаны еске алатын шығар. Өз басым ондай жолы болғыштардың қатарынан емеспін. Осыдан жиырма бес-отыз жыл бұрын осы жолға түсуге итермелеген қандай оқиға екен деп кейде таңдана ойлап қоямын.
Жазушылық еңбек мен үшін жаным сүйсініп, рахаттанатындай оңай іс болған емес, мен мұны нық сеніммен айта аламын. Әр жолы жазу үстеліне отырғанда қобалжи бастаймын, жұмысымның нәтижесіне ешқашан көңілім толмайды. Сәл де болса алға жылжу үшін үнемі өз-өзімді қамшылай беремін. Менің тәжірибемде жұмыс істеу — орнымнан тұрып, өзім істеуге тиісті шаруадан әлдеқайда қызықты нәрселерді көру үшін басқа жаққа барудан бас тартып, таңертеңнен кешке дейін өз-өзімді жазу үстелі мен жазу мәшинкесіне байлап қою; өзім білетін аядай ғана әлемдегі адамдардың жанды бейнелерін сомдап, елеулі оқиғаларды ойлап шығару; ойларымды дәл бейнелейтін сөздерді табуға тырысып, білінер-білінбес сезімдер мен өмір рухын – нақты көріністер мен солардың әрқилы реңктерін қағаз бетіне түсіру ғана….
Әрине, жазушылықпен шұғылдануға мені ешкім мәжбүрлеген жоқ. Жазушы мамандығын таңдауға қандай да бір ұстаз ешқашан кеңес берген емес. Сары шашты бозбаланың арқасынан қағып, қолдау білдіретіндей әлдебір қаңғыған редактор немесе баспагер біздің жаққа келмепті. Анам менен дәстүрлі мамандықтардың бірін таңдайды деп үміттеніп, құқықтанумен немесе медицинамен айналысуға итермелейтін; әкемнің бұл туралы не айтқаны есімде жоқ, бірақ егер мен қоғамда діни идеялар салтанат құруын қолдайтын жолға түссем өкпелеп қалуы әбден мүмкін болатын.
Жасым қырықтан асқанда ойланып қарасам, он екі мен он алты жастың аралығында жазушы болсам деген тілек те, ұмтылыс та, бейімім де болмапты. Дегенмен жасым он бес-он алты-он жетіге келгенде бір өзгеріс болған сияқты, кейіннен, жиырма бір-жиырма екі жасымда басқаның бәрін қойып, жазумен ғана шұғылданғым келетінін ұқтым. Содан кейін өркөкіректікке салынып, ешқандай қосалқы қызметсіз тек қана жазушылық еңбекпен айналысамын деп ұйғардым. Алдыма қойған алғашқы мақсатым – он жылдың ішінде кітаптары кәсіби тұрғыдан басылып жататын жазушы болып шығу. Өз-өзіңе серт беру оңай екен, көп ұзамай жалаң ниетті жүзеге асырылған болмыс деп қабылдау жеткіліксіз екенін түсіндім. Шешімталдық пен табандылықтан кенде емес екем, бірақ шеберлік деген қасиет маған ұзақ уақыт бойы жалынан ұстатпай қойды.
2
Жазуға деген құлшынысым Голливудтың атышулы көркем жерлерін адақтап шығуға құмартудан да басым түсті, «Варвиктегі» бөлмемнен шыға қалсам бір сағаттан аспай қайтып келетінмін. Сондағы баратыным көшенің бұрышындағы дәмхана, ол жерде он бес центтік таңғы ас немесе жиырма центтік ленч күтіп тұрады, кешкісін Голливуд гүлзарында орналасқан жақын маңдағы мейрамханаға барып, жиырма центке бір кесек ет пен қуырылған картоп алып жеймін. Жиырма центтік бифштекстің еті жұмсақ деуге келмейді, есесіне қарным тоқ. Ол кездегі бюджетім аптасына он екі доллар болатын, бос гильзаға салып сақтайтын темекі мен поштаның шығынын өтеуге жетіп жатыр; тәжірибелік журналдарға әңгімелерімді күн сайын дерлік бұрқыратып жолдап жатамын.
«Варвик» мейманханасында жатқаныма алты апта болған соң қол жеткен табыстарыма қанағаттанбайтынымды аңғардым. Толыққанды роман жазбай көңілім көншімейтіні қазан-қараша айларына қарай біртіндеп санама жете бастады, Шығыс Джорджияда жиі жолықтырған фермерлердің – жерді жалға алушылар мен үлескерлердің өмірі туралы жазуым керектігін ұқтым.
Ренс және Джефферсон округтарына бармағалы біраз уақыт өтіпті, соған қарамастан Шығыс Джорджияның құмдақ жоталары мен темекі таситын жолдардың бойын мекен еткен, басыбайлы жері жоқ, кедейліктен көз ашпаған әулеттер жайында әңгімелемей тұрып басқа адамдар туралы шынайылықпен жаза алмайтынымды сездім. Кезінде шолу мақсатында танысқан романдар енді маған өмірден мүлдем аулақ жатқандай көрінетін болды; ол кітаптардың авторларын шынайы өмір емес, ойдан шығарылған жәйттер мен жасанды оқиғалар көбірек қызықтыратын сияқты.
Өзім білетін адамдар туралы жазғым келді, әдеби формаға да, дәстүрлі сюжеттерге де алаңдамай, олардың күн сайын, жылдар бойы қандай ахуалда өмір сүріп келе жатқанын дәл бейнелеуім керек деп шештім. Сол кездің өзінде-ақ көркем әдебиеттің ұзақ мерзімге төтеп бере алатын шынайы материалы – кейіпкерлердің не айтып, не істейтіні алдын-ала дайындалып қойған шебер құрылған сюжет пен қосалқы желілер емес, адамдардың өздері деп есептейтінмін. Сөйтіп бір тоқтамға келдім. Заттарымды жинастырдым да Аризона мен Нью-Мексиконы, Техасты басып өтіп, ата-анам тұратын Джорджиядан бір-ақ шықтым.
Ренстегі үйіме желтоқсан айында жеттім. Ауа дымқыл, күн салқын екен. Мақта өсіретін плантациялар қоңырқай түске еніп, қоршау ретінде егілген қызылбұтадан тұратын шарбағы мүлгіп кетіпті.
Қалашықтың шет жақтарындағы фермаларда, азынаған желге қамсау бола алмайтын жыртық лашықтарда тұратын батырақтардың отбасылары жылыну үшін ошақтың қасына тығылады. Көпшілігі торығуға бой алдырған. Біреулері аштықтан қиналып жүрсе, басқалары ауруға шалдыққан; медициналық көмек дегенді ешкім ешқашан көрген емес. Киім де, тамақ та жоқтың қасы, көбінесе мүлдем болмайды; барлық жерді жұмыссыздық жайлаған. Жағдай осыдан бірер жыл бұрынғыдан да құлдырап кетіпті. Макс Перкинстің (1884-1947 жж.. өмір сүрген, Эрнест Хемингуэй, Скотт Фицджеральд, Томас Вулф тәрізді классиктердің кітаптарын шығарған әдеби редактор – аудармашы) «ұлттың экономикалық өмірі бұзылған, оны сауықтыру үшін біраз уақыт керек» деген сөзі ойыма оралды, Шығыс Джорджиядағы жалшылар мен батырақтардың өмірі баяғыдан бері сондай.
Ауылдық жерлерді күн сайын аралаушы едім, елді мекендер мен тас жолдан қашықтаған сайын көңілім жабырқай түседі. Әр жолы аштықтан ісініп кеткен балаларды, талғажау етерлік бірдеңе табу үшін егін алқабына жете алмай сілесі құрыған ауру қарттарды көруге бойымды үйрете алмай қойдым. Күндіз көргенімді кешкісін қағазға түсіремін, бірақ күнделікті көріп жүрген кедейліктің, шарасыздықтың, құлдыраудың қаншалықты тереңдеп кеткенін жеткізе алмай қойдым. Бэрк, Джефферсон және Ричмонд округтарының өміріне қаныққан сайын жазбаларыма көңілім толмауы күшейе түсті. Қандай хикаят жазатынымды білемін, тек сол оқиғаларды бастан кешкен адамдардың жанына жақын әрі түсінікті болатындай етіп жазып шығуым керек деп ойлайтынмын. Ақыры осы ойымды жүзеге асырғанша басқа ештеңемен айналыса алмайтынымды ұғып, Ренстен кеттім де Нью-Йоркқа көшіп бардым. Сонда ғана алдымнан бұрын қолым жетпей келген ұшы-қиырсыз көкжиек ашылғандай болды.
Бесінші және Алтыншы авенюлардың арасында орналасқан күңгірт тастан қаланған үйдің төртінші қабатынан арзандау бөлме жалдадым. Тар бөлмеде енсіз кереует, түнгі үстел мен орындық қана бар, терезеден көшенің арғы бетіндегі үйлердің қоңырқай қабырғасы көрініп тұрады. Бұл маңдағы үйлерді бұзғалы жатқан, сондықтан пәтерақы арзан болатын, кейін ол жерде Радио-ситидің аспанмен таласқан зәулім үйлері тұрғызылды. Әлгі бөлме үшін аптасына үш жарым доллар төлейтінмін. Тамақтануға күніне елу цент жұмсаймын, көбінесе бір бөлке қара нан мен бір фунт ірімшік алып, бөлмеме әкеліп жеймін. Күніне бір рет, әдетте кешке салым Алтыншы авенюда орналасқан жақын маңдағы дәмханаға барып, он центтік жасымық сорпасын аламын, бес центке бір кесе кофе ішемін. Тұрғын жай мен тамақтануға аптасына жеті доллар төлеймін — Калифорниямен салыстырғанда бес доллар үнемдеймін, сөйтіп қаңтардан сәуірге дейін қыс бойы Нью-Йоркта тұрдым.
Ең алдымен елу центке жазу мәшинкесінің жаңа лентасын сатып алдым, екінші сортты арзан қағаз алуға жиырма бес цент, екі қарындашқа бес цент жұмсадым. Содан кейін Джорджияда жүргенде жазғанымның бәрін жыртып тастадым да жұмысқа кірісуге дайындалып, Нью-Йоркқа келе жатқанда автобустың үстінде ойыма оралған кітаптың атауын жазып қойдым. Роман «Темекі жолы» деп аталуға тиіс. Шығыс Джорджиядан Саванна өзеніне қарай созылып жатқан қыраттардың жанымен өтетін, темекі жапырақтары тиелген ауыр кеспектерді тасымалдайтын жол солай аталады. Маңыздылығы жойылған кезде бұл жолдар жер иеленушілердің меншігіне өтеді, ал олар жолды жөндеу дегенді ойына да алмайды.
Тырнақалды романым сәтті шығарына күмәнім болған жоқ, қолжазбаны үш айда жазып шықтым. Күн тәртібім былай болатын: таңертең ұйқыдан тұрып, сірне қосқан бір тілім нан жеймін де жазуға отырамын. Айтқым келген оқиғалар жадымда жатталып қалған, сондықтан алдын-ала қағазға түсірген жазбаларымды қарауға уақыт шығындаған жоқпын. Кешке қарай жұмысты тоқтатып, сорпа ішуге барамын, сосын Елуінші көшелерді аралап қыдырып қайтамын. Серуеннен оралған соң қайтадан жұмысқа кірісіп, түнгі сағат үш-төртке дейін жазамын. Кезекті тарауды жазып біткен соң әбден көңілім толғанша түзетемін, содан кейін ғана келесі тарауды жазуға отырамын. Қағаз таусылып қалса үнемдеу үшін парақтың екінші бетін пайдаланамын.
…«Темекі жолының» көлемі екі жүз беттік алғашқы нұсқасын 1931 жылы сәуір айының басына таман аяқтадым. Қарасам, Маунт-Вернонға баратын автобусқа билет алуға жететін ақша қалыпты. Сәл кейінірек «Америка топырағы» басылып шықты… Сол әңгімелер жинағым жарық көрген соң Макс Перкинс роман жазғың келмей ме деп сұрады. «Темекі жолының» алғашқы нұсқасы дайын тұрғанын айтқан жоқпын, бірақ жаздың аяғына дейін романның қолжазбасын жіберіп қалуым мүмкін деген үмітім барын білдірдім.
3
Сұрақ: Жазушылық шеберлікке баулитын мектепте оқыған жоқсыз ба?
Жауап: Жоқ. Мен өз тәжірибемнен үйрендім, бәрін байқап көрдім, қателестім. Қашан нәтижесіне көңілім толғанша жұмыс істей бердім.
Сұрақ: Кейіпкерлеріңіз нақты өмірдегі адамдар ма? Оларды өмірдің өзінен алатын шығарсыз?
Жауап: Жоқ, бәрі ойдан шығарылған. Бірақ өмірде шынымен кездесетін характерлер сомдауға тырысамын.
Сұрақ: Сіздің бір кейіпкеріңіз менің ағайыма ұқсайды, сөзі де, ісі де бірдей. Сол кейіпкеріңізді әлгі кісіден көшірген жоқсыз ба?
Жауап: Жоқ. Бірақ өзім ойлап тапқан кейіпкерлердің бірі нақты өмірдегі адамға ұқсайтынын білгенде көңілім көтеріліп қалады.
Сұрақ: «Темекі жолы», «Саяхатшы», «Қасіретті өңір» секілді шығармаларыңызды қандай мақсатпен жаздыңыз? Бұл кітаптардың пайдасы неде?
Жауап: Мен кітаптарды бір ғана мақсатпен – адамдар өздерінің бет-бейнесін көретін айна жасау үшін жаздым. Ал менің туындыларымның пайдасы мен зияны оларды оқыған адамның сол айнадан көрген бейнені қалай қабылдауына байланысты.
Сұрақ: Сіз кедейлер туралы көп жазасыз. Жағымды жәйттер жайында неге жазбасқа?
Жауап: Өмірдің қызығына бөгіп, рахатын көріп жүргендер оның бейнетін кешіп жүргендерден әлдеқайда аз. Осы бір әлеуметтік шарттылық келмеске кеткенде ғана кедейліктің адам жанына қаншалықты әсер ететіні туралы жазудың керегі болмайды деп есептер едім.
Сұрақ: Мектептегі немесе университеттегі арнаулы курстар жазушылық шеберлікке үйрете ала ма?
Жауап: Өзіңіз бел шешіп кіріспесеңіз ешкім ештеңе үйрете алмайды. Ұстазыңыз қаншалықты адал болса да сізден жазушы жасап шығарамын деп уәде бермейді, ал оқу-үйрену өз-өзіңізге көмектесуге мүмкіндік туғызады.
Сұрақ: Әңгіме жазғым келеді. Тілші болғанның пайдасы тие ме әлде зияны көбірек пе?
Жауап: Әдеби жұмыстың қандай түрінен болса да зиян шеккен ешкімді көрген жоқпын. Газетте жұмыс істеп, үнемі жазып жүрсеңіз күн сайын жазуды әдетке айналдырасыз. Тілші болып жұмыс істеген адамдар шабыт қашан келеді деп күтіп отырмайды.
Сұрақ: Белгілі бір уақытта жұмыс істейсіз бе, кез-келген уақытта жаза бересіз бе?
Жауап: Аптасына алты күн, таңертеңгі тоғыздан кешкі беске дейін жұмыс істеймін. Жылына он ай солай еңбек етемін.
Сұрақ: Сол уақыттың бәрін жазумен өткізесіз бе?
Жауап: Жоқ. Бірақ сол уақытта жазу мәшинкесінің қасында отырамын. Кейде бір жол да жаза алмайтын күндерім болады.
Сұрақ: Әңгімелеріңіз бен романдарыңызды қайта жазып шыққан кездеріңіз болды ма әлде бәрі алғашқы жолы сәтті шыға ма?
Жауап: Жұмыс аяғында қасымда тұрған қоқыс шелегі қағазға толып қалады. Әңгімелерім мен романдарымды он-он екі рет қайта жазған кездерім болған.
Сұрақ: Егер өміріңізді қайтадан бастауға мүмкіндік туса жазушылық кәсіппен қайтадан айналысар ма едіңіз?
Жауап: Бұған күмәнім жоқ. Өмір сүруге қажетті қаржыны басқа тәсілмен табамын деп ойламаймын.
1951 жыл.
Тәржімалаған Нұрлан ҚАМИ




