ҰЛТ РУХЫНЫҢ ҰЛЫ СУРЕТКЕРІ және АҚТАЛМАЙТЫН «ҚЫЛМЫС»

(Шәуешек феномені сериясымен)

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы Балқаштың шығыс терістігіндегі Таңсықта туған. Оған да биыл 100 жыл. Ол жазған алты томдық «Қылмыс» қазақ көркем сөзінің биік белгісі әрі әлем әдебиетінде анолыгы жоқ роман.

Оның көркем әдебиет үшін құбылыс саналған осынау романында кейіпкері Биғабіл бастан кешкен 80 жыл шын мәнінде ХХ ғасырдағы қазақ халқы көрген шегі жоқ қорлық пен зорлықтың суреттер тізбесі. Өзі өз кейіпкеріне прототип болған қайсар ұл сол бір дәуір зұлматын өз басынан өткерді. Қайыса көтерді. Ол өмірінің қырық жылын түрмеде өткізді. Тіпті, сынбай, иілмей, илікпей өткізді.

Қажығұмардың ерлігі мен еңбекқорлығы, асқан таланты мен қайсар мінезі және жүйрік қаламы қырық жыл түрме азабын тартқызған тағдырдың өзін тәлкек етті. Біз оны «Қылмыс» романынан көреміз. Жазушының есімі елінің есінде мәңгі қалды. Қазірде Қажығұмарды күллі қазақ біледі.

Өз басым Қажекеңді көрдім. Шәуешек шаһарында біраз жыл шапанын ұстап, қолқанаты болып, ілесіп жүрдік. Шәуешек туралы, онда жасаған қайталанбас феномен тұлғалар туралы ақиқат сөз айтуға оны ант аттамай жазуға қазірде құлшынамыз. Біз Қажығұмар туралы сөз қозғасақ алдымен оның даңқын асырған «Қылмыстың» 6 томын айтамыз.

  1. Қажығұмар және «Қылмыс».

Алты томнан – үш мың беттен тұратын «Қылмыс» романын топтап қолыңа ұстатсам ең алдымен сен оның салмағын сезесің. Оны оқи бастағанда алты қатпар асқар тауға беттегендей боласың. Ал кітапты оқып біткенде сансыз әсерлі сәттердің түп-түгел бір Биғабілдің басынан өткенін көріп, тауқыметті тағдырға түршіге қарайсың. Ондағы адам баласының соншама беріктігіне тамсанып, «қайсарлық» деген сөздің шын мәнін терең танисың.

Бұл алты кітап «Алтын орда», «Көшпенділер» сияқты ғасырларға созылған хандық пен  әйгілі тарихи тұлғаларды қатыстырып баяндамайды. Немесе, «Дарабоз», «Тағдыр», «Аласапыран» романдарындағыдай халықтық тұлғалардың кешуін әңгімелеп, бейнесін жасауға құлшынбайды. «Қылмыста» оқиға бірінші жақ баяндау тәсілімен бас кейіпкер Биғабілдің «Менімен» оның жан дүниесінен өтіп, тізбектеліп, өрбіп отырады.

Прозада бірінші жақпен баяндаудың тағы бір артықшылығы – сіз кейіпкермен тіке беттесесіз. Екеуіңіздің араңызда автор болмайды.

Сөйтіп, кітаптағы оқиғалар көркем кейіпкер Биғабілдің ес біле бастаған шағынан 1920 жылдардың соңынан басталады. Ондағы бала кейіпкердің айналаны қалай көретініне, сезетініне қараңыз.

«…Ертеңіне Қуандықтан екі түйе сұрап әкеліп, Жәкең Байназар ауылына көшіпті. Қыс түсуге таяған кез. Құлназар мен Байназар ауылының қыстауы бір екен. Жаппарға там салып беруге екі ауылдың азаматы түгел шығыпты. Екі ауылдың түйесін бір-ақ тізіп Балқаштан қамыс әкеліп түсіріпті де, байлаған екі қабат қамыстың арасын топырақпен толтыра отырып, кең бір ауыз үйді қаздитып тұрғыза қойыпты.

Келдімұраттың «Кеңқарын» дейтін ауылы Тарбағатайдың бауырындағы бір қойнауда екен. «Кеңқарын» бізді келісімізбен кең бауырына тартып, сіңіріп әкеткендей болды.»

Басында осылай жаймашуақ өмір сүріп жатқан бірі-біріне қамқор бейғам ел болатұғын. Бас кейіпкердің әкесі Жаппар нағыз қыран аңкөстігімен екі әйелден тараған балаларын асырап, жанталасып өмір кешкен кісі еді. Ендігі жерде Кеңес заманы орнап, қызыл өкімет келгенде Жаппар байқұсқа «аталары бай болған» деген «қылмыс» таңылады. Сөйтіп, қудалауға ұшырап бір жерде отыра алмай, ауылдан-ауылға осылайша көшіп-қонып жүреді.

Белсенділер жағынан жалалы болып, неше дүркін тоналып, бала-шағасының жейтін арпасы мен жалғыз сиырына дейін үкіметке алғызған Жаппардың Үржардағы үйіне сақшыдағы туысы келеді:

«– Ал Жаппар, менен қайран кетті. Тізімге ілініпсің, ендігі арызың өтпейді. Айдалмай тұрып, неғұрлым тез кетіп қал!..

– Айдалған кісі тірі қайтпайды ғой.

Шешемнің қимылы ширай түсті. Айналдырған бір пұт тарының бір бөлігін шекер қосып, жармалады да бір дорбаға салып, төсекте жатқан әжеміздің бас жағына қойды. Қалған тарыны қоржынның бір басына, талқанын бір басына салып, тігіп тастады. Енді бұл үйде жейтін ештеңе қалған жоқ…»

30-жылдардағы ашаршылық әр үйде осылай басталды. Қазақтың ұйып отырған әр ауылын, әр ұясын, әр шаңырағын осылай ойрандады.

Ату, шабу, айдау, бостыру, аштан өлтіру бұл Кеңес үкіметін құрушылардың салған лаңы, ұлтты жоюды мақсат еткен қырғыны еді. Ол осылайша екпінмен ондаған жылға жалғасты. Ал мына көрініс өмірге енді ғана таңырқай қараған баланың өмірді үрей көзімен көріп, бала көңілмен сезгені және оны суреткердің сонша бейнелі жазуы еді. Кітапті оқып отырған кісі де осы тұста Биғабілдің күйіне түсіп, соның көз алдындағы сурет пен қимылды көріп, еміреніп, тебіреніп, елжіреп, аяп, жаны ашып, жүрегі толқып отырар еді. Бұл – суреткерлік.

Осынау ірі шығарманың 17 тараудан тұратын алғашқы екі бөлімінде Тарбағатайдың сулы-нұрлы батыс күнгей бөктері мен жиделі, тораңғылы, бүрген-бұталы, қамысты, қақты Таңсық даласының қыраттарын, азынаған желін, жөңкілген бұлтын бала көзімен, балғын көңілмен суреттейді. Дәстүрлі қазақ өмірінің қаймағы шайқалар тұстағы тіршілік-тынысын, дүниетанымын көз алдыңа көлбетіп-ақ салады. Сағынасың. Айтпақшы, Биғабіл осы екі тарауда суреттелген туған жерін (өмірінің елінде өткен 7 жылын) 6 кітаптың өн бойына – роман желісінде тізілген 160-тан астам оқиғалардың бәрінде дерлік әдісіп тауып, қайталаумен, еске алумен, зарыға сағынумен өтеді.

– Осы сағыныш, осы зарығу біз үшін ғұмырдан да қымбат сезімдер еді. Сол сағыныштың мәйегінде отанның бостандығына деген құштарлық, азаттыққа деген аңсар жататын.

Қазір де біраз жастарға отан туралы, ұлт сүйгіштік туралы айтсаң фольклор тыңдап отырғандай есінейді. Біразы қағынан жеріп, тілінен безіп, өзге ел асып, тілсіз, ұлтсыз, елсіз өгей өмірге кетіп жатқаны да шындық. Туған өнген топырағынан тамырын суырып алып, жақынынан жырақ, өскен ортасына ожар, отанына жат болып кетіп жатқандар қанша ма?! «Қылмыстағы» мұншама кешулер мен әсерлі сюжеттер, берілмес күрескер рух, бодаусыз ұлт сүю, еш бір теңдессіз отан аңсау – Қажығұмар феномені. Оны жұртқа жаю – насихаттау ең алдымен осы жаңағы жастарымызға керек.

«…Шәуешек шекарасына келіп қалыппыз. Шешем бейіттің ішіне кіріп, күн батқанша тасаланбақ болып еді, мен қорқатындығымды білдіріп қыңқылдадым. Мені дедектетіп қайта шықты да, әлгі арықтың ішіне түсірді. Желкемнен басып жатқызып, өзі жан-жаққа баспалай қарады.

– Астағыпыралла, келіп қалды! – деп менің басымды баса түсіп құлады. – Қыбырламай жат, иті бар екі әскер келіп қалды!

Мен де шешем сияқты етпеттен қыбырсыз жатып қалдым. Біз көрмесек, олар да көрмейтіндей. Көзімді шарт жұмып алыппын. Жүрегімнің қатты соғуынан жер дүрсілдеп кеткендей сезілді. Сөйтсем, аттың аяқ дүбірі екен. Біз келген жақтан бейітке келіп, аттан түскендей болды. Ит шәу ете түсті.

– Нельзя, – деді бір жуан дауыс. Иттің үні екінші шықпады.

– Қыбырлама, – деп сыбырлады шешем, – жел солар жақтан, кимылдамасақ сезбей қалар!..  Аттары ар жағына жайылды… Бұл жаққа беттемесе екен!.. А, құдай, ақсарбас!..»

7 жастағы Биғабіл (әлде Қажығұмар) шешесінің жетегінде туған жерден мәңгіге кетіп бара жатыпты. Туып, жер басып 7 жыл ғана өмір сүрген отанды 80 жыл аңсайтынын, сол бітпес аңсау мен сағыныш ол – жазып бітпес «Қылмыс» болатынын ол шақта сәби кейіпкеріміз  қайдан білсін.

Кейіпкер түрмеде «Қылмысын» мойындап, жазып біте алмай отырады. «Менің қылмысым өте көп, маған көп қағаз, қалам, сыя керек, тергеушім» дейтіні бар.

Ол әр тарауды бастағанда «Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!» деген сөзден бір айнымай бастап кеп береді. Сарказимге, ашы юморға, жүрек шайлығар мысқылға толы роман алты томның аяғынан шыққанша сізді баурап отырады.

Жаңағы Шәуешектің тұсынан шекара бұзған эпизодтан соң тергеушіге Биғабілдің былай дейтіні бар:

 «Әділетті «тергеушім», өзімді ұратын күрзіні қаһарлы қолыңызға енді ұстаттым білем, қандай қашқын екенімді баяндадым ғой. Дәлелдеп айтқанда, пролетариат диктатурасындағы Совет одағынан сол кезде феодализм диктатурасында тұрған Шыңжаңға қашқанмын. Пролетариат диктатурасына қарсы феодал болмасам, феодалдық елде нем бар еді?! Демек, мен қаршадайымнан бұзылған кері төңкерісші қашқынмын».

 Өлімнен қашқан қазақтың барар жері – ең таяу тұсы Шәуешек болатын. Ол – босқын, баспанасыз, жұмыссыз, иесіз, тек өлмеу үшін, талғажау үшін тартысқан тағдыр драмасының сахнасы сияқты еді.

Батыстан шығысқа қарай төрт жүз шақырым, ені 50-100 шақырым қатпар-қатпар Тарбағатай тауларының асу бермес суық кезеңдері мен елсіз сай жылғаларында халқымыз жоғалды. Халы құрып, көзі аларып, демі үзіліп, сүйегі шашылып қалған жүз мыңдаған қазақ қараусыз, санаусыз, қақысы жоқтаусыз, көмусіз ит-құсқа жемтік болып қалды.

Жүз мыңдаған бауырының ол өлімі – қырғыны туралы келер күнге қазалы хабарлау таудан аман асқан азғантай куәге аманат еді. «Қылмыс» романының бір мәні сол зұлматтың шынайы көрінісін келешектегі туыстарына жеткізу болған. Бұл романдағы бас кейіпкер Биғабілдің басынан кешер ауыр траго-драмалы күндердің де басы осы кезең.

Бірінші кітаптың ендігі кезеңінде топ-топ босқын бір қап бидайға сатылған бала, қорланған, зорланған, үміті үзілген, ары тапталған қыз-келіншек, ана, әке – босқындағы қазақ өмірі суреттеледі.

Інісінің жерлік көше балаларынан таяқ жеген аянышты халін жаза келіп, «Құдіретті тергеушісіне»:

 «Қылмыссыз адам жазаланбайды, егер Биғабіл өзі осылай қаңғымай, жейтін ешнәрсесі қалмаса да, қозғалмай жатып алып, шағы жеткенде тып-тыныш қатып қалса, қылмыссыз болар еді» дейтіні бар.»

 Осылай аянышты оқиғаға толы өмір мен ащы мысқылға толы баянды оқи отырып, Биғабілді есейте түсесіз. Біздің босқан халқымыздың жан түршіктірер кешулері мен бала Биғабілдің әлсіз, бірақ намысқа толы ғұмырбаяны бірде тебіреністі, бірде мысқылға толы тәсілмен оқырман еркін баурай түседі.

  1. «Қылмыстың» тілі

Роман тілінде көркем баяндау басымырақ, суреттеуді де әмсе сұлу қолданады.

Әйелінің күміс білезігін (ең соңғы мүлкін) алдамшы сарттың уағдасына сеніп алғызып қойып, оның жұртын сипап қалған әкесі Жаппардың бір сәттегі қимыл-қозғалысы Биғабілдің көз алдында былайша суреттеледі:

 «Дос ауылымыздың сарыала жұртын көргенде жүрегім зу ете түсті: «достың» жұрты бос қалыпты. Әкем түтігіп кетті, өзіне Бигелді көзінің қырымен қарағанда, біз бір-бірімізге жаутақтай қарасқанымызда, онан сайын қысылып, онан сайын тұншықты. Жүгін жұртқа тастай салып, жыртық тақиясын қолына алды да, үн-түнсіз бүлкілдеп желе жөнелді. Көз ұшындағы бір ауылға қарап бүлкілдеп барады. «Досының» көшіп барған жерін білмек сияқты. Әкемнің төбесі әрең көрінсе де әлі бүлкілдеп бара жатқаны анық байқалды. Ойлы-қырлы сары далада ылдиға қарай домалаған доп сықылды сол бас әр қырға бір соғылып, әр кедергіге бір қағылып, әр қырсыққа бір шалынып, ырши домалап барады. Сары аспан, шақырайған сары күн сары уайымның лайсаң теңізіндей, сарылған сарыдаланың толқындары да сап-сары сияқты, сары дөң, сары белестер көрінеді.

«Қара доп», «Сары толқындарға» сүңгіп көзден тасаланады. Үнсіз дағдарған шешеміз сол жаққа қарап отырып ауыр күрсінді.»

Қандай сурет, тағдыр суреті, өмір суреті. Өлең ғой бұл. Жүректен төгілген-ақтарылған ақ өлең. Мұңлық өлең.

  1. Алаш барған

 1-2-томда айырықша орын алған тартысты уақиғалар топтамасының бір парасы – ол жаққа ауып барған Алаш зиялыларының іс-қимылы, ұйымдасып жасаған ұлы істері, көркем бейнесі – еңбегі мен тағдыры.

Романда Биғабілға ұстаз болатын Елсадық Құрманғажы атты кейіпкер бар. Прототипі – Мырзасадық Құрманқажыұлы. Ол кісі – Мағжан Жұмабаевпен Уфада бірге оқыған, Сұлтанмахмұтпен сырлас болған. Алашордасына, кейін Ахаңдармен бірге Кеңес үкіметіне де қызмет еткен Алаш оқығандарының бірі.

30 жылдарға қарай Тарбағатай асып, Қытайдағы қазақтар арасына барған Алаш азаматтары ағарту ісіне құлшына арласты. Бұл Алашорда құлағаннан соң Алаш зиялыларынын бейбіт халықты ағарту жолындағы жанкешті құлшынысының шекара сыртындағы жалғасуы болатын. Олар Шыңжаң қазақтары ортасына барған соң да бас сауғалап тыныш жатпады.  Ол жақта жаңаша мектептер ашуға, халықтың сауаттануына, оянуына өлшеусіз үлес қосты.

Соның бірі әлгінде айтқан зиялы кейіпкер Елсадық (Мырзасадық). Бұл өзі аса ірі ұлттық қызмет. Алаш орда мүшесі болған, кейін, Кеңес өкіметі келгенде Семей облысы атқару комитетінің төрағасы болған Ғазез Қалбанов деген кісі өткен – Қаратай Әбдікерім болыстың күйеу баласы. Ғазез Семей атқару комитетіне төраға болғанда «Қылмыс» романындағы Елсадық (Мырзасадық) Семей сотының төрағасы болған кісі.

Берік Әбдіғалидың «Алаш әскері» жобасында «1919 желтоқсанда Алаш әскерінің фелд фебелі Мырзасадық Құрбанов (романдағы Елсадық) Ақтармен бірлесіп, Зайсанды қорғау соғысын ұйымдастыру штабында болды» деген дерек жүр.

Сол қатарда Зият Шәкәрім мен ағайынды Марсековтар да болған. Олар Шәуешекке орныққан соң Алтай Сарсүмбедегі Шәріпхан дутыңды (Алтай аймағының гувернаторы) ортаға алып, Үрімжідегі қытай үкіметіне жоба ұсынып, медресенің бәрін жауып, Кеңестік Қазақтар дайындаған жаңаша оқытуды жолға қоюға қолдау табады.

Үкімет қолдауымен «Қазақ-қырғыз ағарту ұйымын» құрып, 1934-1939 жылдары қытайдағы қазақтар ішінде 2, 5, 10 сыныптығы бар 274 мектеп ашады. Ал ол жаққа босып барған қазақтың сауаты бары түп-түгел мұғалім болып кетеді.

Бүгінде ҚХР-дағы екі миллион қазақтың Ахмет Байтұрсынұлы жасаған қазақ жазуының әлі күнге жалғыз мұрагері болуы сол жігіттердің еңбегі.

Романда осы бір пидайы қызмет сан қырынан сүйінте суреттеледі. Бас кейіпкер Биғабіл осы қозғалыстың ортасында жүреді.

Олар ағартумен ғана шұғылданып қоймай, Алаш қозғалысының жасырын ұйымының қызметін де жолға қойғанын біз кейін білдік.

1933 жылы Шәуешектегі Жакуда болыстың Қапланбектегі Әбілмәжінге «Алаш оқығандары Шәуешекке тездетіп өтіп алсын. Оларға енді ол жақта қалу қауіпті» деп хат жазатыны; ол хат НКБД-ға ұсталып, Әбілмажін Түсіп пен Ертай Ермековтың (Әлімхан Ермековтың інісі) «Кіші алаш ордашы» деген қылмыспен 1936 жылы атылып кететіні Шәуешектегі осы ұйыммен байланысты болған. Ал бұл ұйымның қызметі 1986 жылды 30 желтоқсанға Қажығұмар соңғы рет тұтқындалғанға дейін жалғасқаны анық, бұл туралы соңыра айтамыз.

«Қылмыс» романының бірінші томының соңы мен екінші томы толықтай біз баяндаған уақыт пен оқиғаларға арналады. Екінші томның басында 1941 жылы НКБД-ның (Кеңес одағы 8-армиясының деп те айтылады) араласуымен 600-ге жуық азамат, біз атаған кейіпкерлер мен тұлғалар түп-түгел Үрімжіге «жиналысқа» шақырылып, жан түршігер азаптаумен (тірідей қапқа салынып көмілген) өлтірілгені «Қылмыс» романында ойып орын алған.

4.Үш аймақ төңкерісі (Шығыс Түркістан Республикасы)

«Қылмыстың» 3 томында қытай қазақтарының ұлт-азаттық қарулы көтерілісі, ұлт әскері азаттық лебі және олардың ішкі қайшылықтары Алтай, Іле, Шәуешек – 3 аймақ төңкерісі жазылады. Алтай елінің ерлігі, Оспан батыр образы – сол заманның адамдары әйел бейнесі, кестелі сөз, шебер қисынға құрылған шытырман оқиғалармен өріледі. Қапысыз бейнеленеді.

Бұл – Үш аймақ төңкерісі өзі көп жазылған ашық тақырып. Сөйте тұра Қажығұмардай қаламгердің уақытқа және қоғамға қарау бұрышы оның өзгеше қолтаңбасын айқындайды. Әсіресе, 1947 жылғы қыркүйекте Оспан батырдың Үш аймақ үкіметіне қарсы шығып азаматтық соғыс басталған тұстағы Оспан батыр мен Дәлелхан Сүгірбаев бейнелері шынайы және әсерлі жазылады.

  1. 5. Социалистік мемлекет құрудың машақатты науқандары.

Қылмыс романының 4-5-томын оқығанда социализім құру дәуірдегі 1950-60 жылдардағы науқандар мен саяси кейіпкерлерді, олардың сөздерін, бейнелерін кітапта қалай дәл суреттегенін (кейіпкерлердің прототиптері көбіне бізге таныс адамдар) ойлап, автордың айрықша жаралған еске ұстау қабілетіне таңғалдық.

4-том басында «Шығыс Түркістан Республикасы» атанып, екі жылдан соң «Үш аймақ үкіметі» деп атауын өзгерткен үкімет басшылары Кеңестің ұшақ апатынан қырылып қалған соңғы, қазақ полктары таратылып жатқанынан бастайды. Олардың орнына Үрімжіге коммунистік үкіметтің Халық азаттық армиясы келіп жатқан кез. Осы бір уақиғалар сарказим мен юморге толы жаныңды қытықтағандай әсерлі суреттеледі.

4-том 1950 жылдың басынан бастаған беті ҚХР құрыла бастаған алғашқы кезең асықпай суреттеліп, 1954 жылдың соңындағы Іле қазақ автономиялы облысының құрылған сәтімен аяқтайды.

Романдағы ең бір қуанышты әсерлі шақ осы 4-томның толастар тұсы. Қазақстан одақтас республика болып, ал, КХР-дағы қазақтар автономиялы облыс атанып, жиырма аудан, үш қаланы құрамына алып, Алтай, Іле, Тарбағатай үш аймақты бітіріктіретін жарты миллион шаршы шақырым аумақта құрылады. Тіл-жазуы туралы күрескен ондағы қазақ оқығандары бұл салада Қазақстанмен тұтастығын сақтап қорғап шығады. Бұл дегеніңіз ол жақтағы қазақтар үшін баға жетпес бақыт еді.

Қаншама қиылған жан мен төгілген қанның бодауы сияқты еді.

          «Дүниежүзі пролетариаттары бірігіңдер!» деген ұранды маңдайына жапсырған коммунизмді мұрат еткен осынау екі алып мемлекеттің достығы он жылға жетпей ойран топыры шығатынын Қажекеңнің кейіпкері Биғабілдар тіпті ойлаған жоқ.

          «Жағай Іле қазақ автономиялы облысының құрылу тойын әдейі кешіктіріп, жазу өзгертудің осы қаулысын күтіп отыр екен. Үрімшіден осы қаулы барысымен, Құлжада «Қос жеңіс тойын» дайындап, Қазақстанды да шақыртыпты. «Совет одағы» мен «Жұңхуа халық республикасындағы» қазақтардың екі отауы мәдени-ағарту салалары жағынан тағы да жақындасып, шекараның екі жағынан тұтасып қалғандығына Қазақстан қатты қуанған екен. Мәдениет өкілдері Құлжаға зор көлеммен келіп, бірге тойлатты. Бұл тойдан соң аса аңсаған сағынышты енелері мен құлындары жанасқандай барыс-келіс, мәдениет алмасу істері тіпті жиелей түсті. Мұндай жайт достың сүйінішті көңілін, қастың күйінішті кезін тартпасын ба. Армандар төлдеп, тілектер гулдеген бір қысқа уақыт үміт қарлығаштарын қайшылыса ұшырып, шекара тәртібін ығыр етті білем».

Біз келтірген үзінді 4-томның соңғы абзацы. Бұндағы Жағай деген кейіпкер кәдімгі Жағда Бабалық. Ол шынымен де автономиялы құқыққа жету жолында күш салып күрескен әрі сол автономиялы облыстың тұңғыш әкімі болған кісі еді. Әлгінде айтқанымыздай екі елдің арасы ашыла бастағанда қазақстанға келіп, жарты ғасыр өмір сүрді. Өмір бақи хат тасып, пошташы қызметінен зейнетке шықты.

Келесі 5 томда түрме өмірі бұл дүниенің тозағы дерлік – Тарым лагері туралы әңгіме өрбиді. Онда тіпті сол тозақтағы адам өмірінің әне бір қыры — еркек пен әйелдің, онда да ұйғыр ұлтына тән образдар да қайталанбас дара әсерлі, лирикалы, кейде тұрпайы да суреттеледі.

        Романның 4-томы Қажығұмар соңғы рет тұтқындалғанға дейін жазылып болған, еді. Алғашқы екі томы «Шыңжаң халық баспасынан» шыққан кезде оқыған біз Қажекең «Анау ана бір кісі, мынау мына бір әйел емес пе» дер едік. «Біліп отырсыңдар» дейтін. Сонан кейінгі томдары туралы сұхбат құрар едік.

– Осы романда прототип өзіңіз бе, бәрі де өз басыңыздан өтті ме? – дейміз.

– Иә!.. – дейді, – алғашқы томдарда 50 пайыз, соңғы томдарда 20 пайыз өмір өз кешуім. Жалпы романда Биғабіл өмірінің төрттен бірі өз кешуім, қалғаны көбі бірге болған жандар мен жасампаздықтың үлесіне тиер» дер еді.

  1. 6. Қазақстанға қиялмен оралу

5-6-томдар соңғы рет түрмеде жазылды. Романның 6-томында жасы 80-ге таяған жазушының көңілінде алаң, асығу байқалады. Ендігі мұрат – елге жету еді. Отанға асығу еді. Романның соңында Қажығұмардың көркем бейнесі – Биғабіл Алматыға жетеді. Онда да шекарадан қашып өтеді. Досы Жағда Бабалық күтіп алады.

          Шын мәнінде Қажекеңнің «Елге жетсем» деген арманы орындалмады. Сағыныштың 80 жылдық сарығы басылмай кетті. Есесіне оның өмір бойы күрескен асқақ рухы, босқын, бодан халықтың өмірбаяны еліне жетті. Өзі жетпесе де, ерлігі, көкейтесті мақсаты, отансүйгіштікке толы телегей теңіз өсиеті жетті отанына.

«Қылмыс» романы юмор мен ащы мысқылға толы болуымен тілінің ерекшелігіне қарай сахналауға сұранып тұрған шығарма. Ал оқиғалығының қызықты қым-қиғаштығымен телехикая үшін де тартымды дүние болар еді. Ең бастысы адамның қасиеті, биік рух, отанға деген сүйіспеншілік жөнінен қоғамға, жастар тәрбиесіне тым керек құндылық болмақ.

  1. Қажығұмарды ол жақтағы қазақ қашан да қастерледі

Ол бостандықта болғанда да, түрмеде болғанда да қазақ атаулы Қажекеңді құрметтеумен болды. Мәселен, Қажекең соңғы рет 1987 жылы 15 жылға сотталғанда, ол кісі жатқан бірінші түрменің қазақ басшылары Қажекеңді барынша күтімге алып, жазушылықпен шұғылдануына, сырттағы азаматтардың сәлем-сауқат беріп, көмектесуіне икемді жағдай жасаған. Үрімші 1-түрмесінің бас дәрігері болған Сағидолла Әли деген азамат (қазір Алматыда) «Біз түрме қызметіндегі қазақтар Қажекеңнің түрмеден аман шығуына, моральдық жағынан қажымауына ар-намысымыз алдында биік міндеттеме алғандай едік және соны орындадық», – деп еске алады.

Шыңжаң қазақтарының арасында аса ірі тұлға саналатын профессор, жазушы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі Шыңжаң провинциясы мәслихатының хатшысы болған Сұлтан Жанболатпен әңгімелескенімде, 2005 жылы Қажекеңнің Қазақстанда шыққан «Пана» романын көтеріп, 80-ге келген, үй қамағындағы Қажекеңе сәлем бере барғанын айтады. Шәуешекке барып әнгімелескенін, Қажекеңнің ар тазалығы мен адамдық қасиетті ерен биік қоятын, сөз бен қимылда ширақ әрі өте аңғарымды екеніне көз жеткізгенін әңгімелейді. Сол кезде Сөкең: «80-дегі Қажекеңнің алдында 70-ке келген (профессор, үлкен бастық) мен ақыл тыңдаған аңғал жігіттей сезімде болдым», – деп еді.

          Сөйтіп, Қажекең Сұлтанға «Қазақстанға жиі барып, не бітіріп жүрсің? – дейді ғой.

– «Көрші» деген журнал шығарғалы жатырмыз, Қазақстан жазуымен, соны дайындап жатырмын.

– Кім қаржыландырады?

– Қытай.

– Мақсаты не?

– Екі елдің түсінісуінде. Қазақты қытай, қытайды қазақ тануына мүмкіндік жасау мақсат.

– Қытай қаржыландырады ғой?

– Иә.

– Е, «қазақтарға қытайды үгіттеймін» де?

Мен селк ете түстім дейді Сұлтан Жанболат.

– Дегенмен көрші болған соң қазақтар қытайды шынайы білсін деп…

– Е, қытай ақша салып, журнал шығарып, шын бейнесін жаздырады саған. Ақша табасың, абырой таппайсың.

– Мен қайтып Үрімжіге барған соң денсаулығымды себеп етіп, жобадан бас тарттым, – дейді Сұлтан Жанболат.

Қажекең өмірде айналасына қамқор, әділетшіл, балажан кісі еді. Біздің ол кісіні көрген тұсымыз – 80 жылдық өмірінің ең бейбіт, бақытты саналатын 8 жылы еді. Сол кездегі аймақ бастығы Арыстанбек Ошақбайұлы Қажекеңді Шәуешек зиялыларының атасы ретінде бағалап, барлық ірі шараларда ағартып, алға ұстайтын. Тек Арыстанбек Уәли ғана емес, аймақ халқының бәрі де Қажекеңді елдің рухани көсемі, әділдік пен тазалықтың байрағы көретін еді. Онда ол кісі Шәуешекте болатын. Осы Жайнар дүниеге келген, халық төбесіне көтерген бақытты шағы еді. Үйіне барғанымызда Жайнар алпысқа таяған әкесінің иығына шығып, артына қайырылған ақ күмістей шашын сипалап, еркелеп отыратын. Жазушының баламен балаша ойнаған мерейлі жүзін көретін едік…

          Қазақ әдебиетінде аналогі жоқ 6 томдық «Қылмысты» Қабдеш Жұмаділов бас болып, Шәуешектен оралған кәсіпкер жерлестерін жинап, төте жазудан кирилицаға көшіріп реттеді. Ол жұмыс пен оған есептелген он екі мың доллар қаржыны Асқар Жәкулин бастаған Шәуешек азаматтары топтады. Роман Қабдештің күш салуымен және Мұқтар Құлмұхамметтің қолдауымен шыққан соң Қабекең оны мемлекеттік сыйлыққа ұсынған. Біздің комиссия оны бермеді. Тек «Жас Алаш» газеті халықтық қолдауымен дайындап, «Ұлттық рух» сыйлығын ұсынды. Бұл өзі бөлек мақаланың жүгі, сәті келгенде ұсынармыз.

Қажығұмар Шабданұлы жайлы Қазақ энциклопедиясындағы шағын мәтінді 90-шы жылдары біз жазып едік. Ермұрат Зейіпхан Шыңжаң әдебиетіне байланысты, бес-алты тақырып көтеріп келген. Сол энциклопедиялық анықтамалық Ермұрат екеуіміздің атымызбен шығыпты.

Қажығұмыр туралы сол мәтінде «Үміт» деген астыртын ұйымды атағамыз.

ҚХР соты Қажығұмарды соңғы рет соттағанда «Сепаратистік Үміт ұйымына басшылық етті» деп, 1987 жылы 15 жылға түрме жазасын кесті. Әрине Қажығұмар ол «қылмысты»  мойындаған жоқ. Сот үкім оқығанда «Мені тағы да 15 жыл өмір сүреді деп сенгендеріңізге рахмет» деген көрінеді.  Сол баяғы мойымайтын мінез, өзгермейтін мысқыл. Ол жолы сотталған жалғыз Қажекең емес, топты адам. Мырзағали Қайынбаев, Майхан Жайсанбай, Нұғымбек Қалым, Қабдікәрім Қайынбай қатарды қазақтар бірге сотталды. Оған қоса, бір ай бұрын Шауешекте дүниеден қайтқан Сұлтан Қалымұлы да сепаратистік ұйымның бұрынғы жетекшісі деп сипатталды.

          Енді мынаған қараңыз: Берік Әбдіғали ақтарған архив деректері бойынша  1920-30 жылдардың арасында Тарбағатай тауының шекара жоталарында Ниязбек болыс бастаған Алаш қалдықтары жүзге жуық әскер ұстап отыр. Олардың әрекетін Семейдегі туысы Мырзасадық Құрбанов ұйымдастыруы мүмкін» дейтін ақпараттар бар. Айтып отырған Мырзасадық, «Қылмыстағы» Елсадық. 1986 жылдың соңғы күні Қажығұмармен бірге ұсталған кісілердің бәрі де, Мырзасадық пен Ниязбек болыстың жақындары.

          Осы құрамда істі болған, Қабдікерім Қайымбаймен сөйлесіп жүретінбіз. Ол әлгіндей ұйымның барын аса сақтықпен оңаша да бізге де айтқаны бар. Біз одан арман сақтықпен елеусіз қалдырғанбыз.

1968 жылы әкеміз Ахметбек істі болған.  Қытайдың мемлекеттік кадры бола тұра сол үкімет жағынан «Кеңес одағына бүйрегі бұратын сепаратист топ құрып, оған басшылық етті» деген жаламен Әкеміз алты жыл қудалауға түскен. Ол әйгілі, Мәдениет Революциясының кезі. Жеті жастағы біз Қажекеңнің Биғабіліне ұқсап, бәрін көз алдымыздан өткізіп едік. Сол себептен де саяси сақтығы ерте қалыптасқан біз үшін ондай ұйымға сену және оған тартыла қою, немесе, осындай пәлекет бар» деп белсеніп шулата қою мүмкін емес еді.

          Дегенмен, Алтай Сарсүмбедегі осы тектес ұйым 1973 жылы тұтқындалып, Қызырбек Орал деген ақын бар біразы атылған. Сол ұйымның жас белсендісі аталған жастай қуғын көрген сол кездегі колледждің студенті Армиябек Сағындықұлымен кейін курстас, сырлас болдық. Қазақстанға бірге оралдық.

          Ондай ұйым бар дегенге сенбеген біз Қажығұмарлар ұсталып, Мырзасадық Құрманқажыұлы туралы дерек пен Жакулаболыстың хатты туралы есті, шынымен де ондай ұйымның өмір сүргеніне және Қажығұмардың соңғы тұтқындалуымен сол бір Алаш қозғалысының ақырғы тобы қызметін тоқтатқанына кейін сенгендей болдық. Оны «сепаратистік ұйым» атаған соттаушыларға кінә қоймадық. Кейіпкерімізді ақтамадық. Неге ақтамағанымызды соңыра айтамыз.

          Қажықұмар Шабданұлының туғанына 100 толғанда тағдыры шыңырау, тауқыметі таудан ауыр шын таланттың қайталанбас шығармасы «Қылмыс» қалың қазақтың рухани қазынасына, қазақ тілінің қалқыған қаймағына айналды.   Сіз де оқысаңыз екен.

  1. Ақталмайтын «Қылмыс»

           Бір ұлт мемлекеттігінен, территориясына иелік құқықғынан айырылып, Отаны отаршының табанына түскен кезеңде сол ұлттың өкілі отарлаушы халықпен тең құқықта өмір сүруді талап етсе ол – «қылмыс». Тіпті кейде олардың жиналып, отаршының тілінде емес, өз тілінде сөйлегені қылмыс. Ол заманда осы Алматы қазақтары қазақша ондай қылмысқа күн сайын ұрынған. Атамекенінен айрылса оны сонша жақсы көргені, сонша сағынғаны қылмыс. Туған жерін өз атымен атағаны қылмыс. Әуелі десең отаршының көзіне күйік болып, тірі жүруінің өзі қылмыс. «Қылмыс» романы соны жазады.

          «Алаш арыстары ақталды ма?».. Егер отарланған халықтың ұлт болашағынан үмітті өкілдері қай ғасырда қолдан кеткен тәуелсіздікті, ұлттық мемлекеттікті аңсаса ол аса ауыр қылмыс. Бізде қазір де қолданыста келе жатқан «Алаш зиялылары ақталды» деген сөз бар. Олар неден – қандай қылмыстан ақталды. «Олар неден ақталуы керек өзі?», «Біз мемлекет болуды армандаған жоқпыз…», «Біз автономия құрған жоқпыз», «Біз аштан қырылуға қарсы күрескен жоқпыз», «Біз Жапония моделіндегі ел болуға ұмтылған жоқпыз» деп ақтала ма?

          Тергеушіге берген жауабында Әлихан: «Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын. Қазаққа, оның өмір сүруіне қандай бағыт тиімді болса, мен соны таңдадым»  деді. Бұл ақталу ма? Жүсіпбек Аймауытов: «Қазақты сүйемін. Енді сүйетін одан басқа ұлтым жоқ» деді. Қажығұмар да солай оның «Биғабілі» отан аңсады. Соңында өз сөзімен айтқанда «Екі империяның шекарасын бұзып, отанына оралды. Ол да ақталған жоқ. Ақтауға жатпайтыны бұның бәрі адамдық ақиқат үшін, әділет үшін қылмыс емес. Ол – күрес. Ол – ротест.

          Алаш зияллары ақталмаған, ақталмайды. Себебі: олардың ісін, күшін берген қызметі қылмыс емес, ол — ұлт үшін күрес! Ондай құбылыс үшін ұлт ақталып, арылып әуре болмайды. Қайта сол азаматтардың ерлігі үшін мақтанып, марқайып, оны бүгінгі ұрпақтың санасына көшіреді.

          Егер азат санамен қарасаңыз олар жасаған қызмет, ғұмырын, ақыл-парасатын, жанын берген мұрат-мүдде ол Қылмыс емес. Егер азат санамен қарасаңыз ол ұлы, қасиетті күрес, жаннан қымбат мұрат. Ол бүгінгі ұлт мүддесі үшін күрес, ұрпақ мұраты үшін күрес. Сол кезде орындалған сіз үшін күрес, біз үшін күрес. Тәуелсіз қазақ мемлекеті үшін күрес. Адам өмірінде, ұлт ғұмырында одан қасиетті бір нәрсе болуы мүмкін бе? Мүмкін емес. Ақталу оны жоққа шығару. Одан ақталу – масқара, бишара сипат, ақталу қажет емес. Ақтамаңыз!

          Поляк ұлтының ұлы күрескер ақыны Адам Микевичтің сөзімен аяқтасам «О, Құдай мен бір күні оларды ұмытсам, сол сәтте сен де мені ұмыт!..» Біз оларды ұмытпаймыз. Күн сайын еске аламыз.

          2012 —2025 Алматы.

ҚАЖЫҒҰМАРҒА

Қайсарлық жайлы өлеңді

қанжармен тасқа қашадым.

Өлеңнің атын мен енді

«Қажығұмар» деп атадым.

 

Сағыныш кернеп денемді,

ернімді тосып самалға,

ат қойдым бітпей өленді

Қажығұмар деп оған да.

 

Бетімнен сүйіп замана,

Қасырет жайлы жазбадым.

Оған да сенің, Қажы аға,

атыңды қоя жаздадым.

 

Қамалап сиқыр сырлы бір

жағаның дәмі бұйырмай,

мұхитта қалдың бір ғұмыр

шөлмекке салған диюдай.

 

Ұлтыңның рухы атандың.

Ақ тәнің алыс қалды әрі –

Шәуешек дейтін шахардың

Қалқалап жасыл талдары.

                                                   (09.2011. Алматы.)

 

Алмас Ахметбекұлы




ПІКІР ЖАЗУ