АЛҒАШҚЫ СЫНАҚ…

Цехтарды аралап келіп, кабинетіме кіре бергенім сол еді, дәлізде жолыққан директордың хатшысы Жәмила директордың орынбасары Поляков іздеп жатқанын айтты.

– «Самал, кел, отыр, маңызды шаруа бар», – деді  Поляков  жүзіме барлай қарап. Бұлтты күні күңгірт көзілдірік таққаныма таңданып қалғандай.

­Мына шағым-талаптарды қарашы, – деп жұмыс столында үйіліп жатқан құжаттарды көрсетті. – Көбі Өзбекстанның Ханабадынан, Тәжікстанның Гиссарынан келген. Әр вагонға тиелген шифердің 30-35 пайызы сынық, жарамсыз деп көрсетілген. Сараптама актілері де бар. 8 толқынды шифердің 60 пайызы ғана бүтін жеткен, қалғаны 5-7 толқынды болып шыққан немесе мүлдем жарамсыз болып қалған. «Талаптарыңызды толық мойындаймыз» деген жауапқа қол қоюдан шаршадым. Пломбасы бұзылмаса тасымалдаушы – теміржол қызметі жауап бермейді, соңында кінәлі біз болып шығамыз. Тіпті мына Сарыағаш пен Түркістанның сауда базалары да үнемі «пәлен шифер жетіспейді» – деп шағымданады да жатады. Мыналардың он шақтысында тиелген шиферге қосымша ретінде жіберілетін 40 келілік шеге салынған жәшіктер жоқ деген актілер бар. Не істейміз? Тұтынушылар ұятсыз болып барады. Үш адам қол қойып, акт жаза салады. Акт жазудың не қиындығы бар? Содан кейін «жарамсыз» немесе «жетіспейді» деп құжаттарын почтамен бізге айдап жібереді. Бізді кінәлі десе өздері адам жіберіп, вагонға қалай тиегенімізді көрсін. Пломбасын өздері салсын. Бұдан әрі бұлай жұмыс істеу мүмкін емес! ­– деді қызбаланып. Сосын алдында жатқан бөлек-бөлек құжаттарды ұсынды. Жүзінен «заңгер ретінде қандай ұсыныстарың бар, қалай тоқтатамыз мынаны?» деген сұрау аңғарылады. Жауап беруге асықпадым.

Өзім орысша сөйлегенде, жазғанда «склонение», «падеж» дегендерден қателесе беретіндіктен бе, осы орыстың қазақша таза сөйлейтініне риза болатынмын. Арал маңындағы қазақ ауылында өскен деп естігенмін. Мақал-мәтелдерді бір адамдай білетін сияқты едім, бірақ бұл кісі мақалдап кеткенде аузым ашылып қалады.

– Осыған біздің қызметкерлер кінәлі деп ойламайсыз ба, Николай Петрович? – деп қарсы сұрақ қойдым.

Менен бұндай жауап күтпесе керек, аңтарыла қарады.

Қалайша біздің адамдар кінәлі болады? Шифер тиегенде электрокар жүргізушісі, техникалық бақылау бөлімінің бақылаушысы, қоймашы сол жерде жүреді, басшылар да жиі тексеріп тұрады.

    Жергілікті тұрғындар «шифер зауыты» деп атап кеткен  құрылыс материалдарын өндіретін комбинатқа заңгер болып келгеніме әлі жыл толған жоқ, сондықтан директордың орынбасары мені көп жайды білмейді деп ойлайтын секілді. Жұмыс күнімнің жартысын кабинетте құжаттарды қараумен өткізсем, қалған жартысында өндірісті зерттеп, шифер, асбест-цемент құбырларын шығаратын, одан қалса керамзит пен минералды мақта өндіретін негізгі цехтарда жүретінімді, жәй жүрмей өндірістің қыр-сырын бүге-шігесіне дейін біліп алуға тырысатынымнан қайдан хабары болсын.

Николай Петрович, шиферді вагонга тиеуді үш жұмысшы атқаруға тиіс. Бірақ солар әр вагонға шифер тиегенде түгел қатыса ма, әсіресе түнгі ауысымда? Шифер алушы – тұтынушылардың кейбіреулерінен, мысалы бір сауда базасы қабылдап алған вагондардағы өнім «жетіспейді» немесе «жарамсыз» деген талап-арыз келеді, бірақ сол тұтынушы алған басқа вагондарға қатысты шағым түспейтініне көңіл аудардыңыз ба? Яғни кейбір вагондардағы шифер де, шеге де тұтынушыға түгел жетеді.

Сонда не айтқың келіп тұр?

Менің байқауымша, күндіз өнім тиелген вагондарға қатысты арыз сирек келеді немесе мүлдем келмейді. Себебі қадағалайтын көз көп. Ал түнгі ауысымда өндіріс мастерінен өзге басшы қызметкер жоқ, сол кезде өнім түгел тиелмейтін секілді.

    Директордың орынбасары шылдыр еткен телефон тұтқасын көтеріп, сөйлесіп болды да:

Теміржолға шақырып жатыр, вагондар жетіспейді екен, келген соң ақылдасайық, ұсыныстарыңды айтарсың, – деді.

    Кабинетіме келіп, шифердің «ГОСТ»-ы (мемлекеттік стандарт) қалай жасалатынын, Қостанай облысындағы Жітіқара қаласынан әкелінетін асбест, Шымкент цемент зауытынан алынатын цемент туралы біраз нәрселерді оқып, жұмысқа тұрғалы  көңіліме түйгенімді ой елегінен өткізіп, директордың орынбасары кабинетіне қайтып оралғанда қандай ұсыныс айтарымды жұптап қойдым. Бүкіл комбинат басшылығының бас ауруына айналған бұл мәселені жұмысқа орналасқалы зерттеп жүргем. Оның үстіне, шифер шығаратын цехтың бастығы Шалқаров мың жарым адам еңбек ететін комбинаттағы жалғыз заңгерді – мені кінәлап, намысыма тиген.

…Жұмысқа орналасқаныма бірер ай өткенде комбинатта жүзден астам адам қатысқан үлкен жиналыс болды, ондай жиналыс әр тоқсан сайын өткізіліп тұрады екен. Өндірілген құрылыс материалдарының саны мен сапасына қатысты тұтынушылардан түскен талаптар талқыланып, жіберілген кемшіліктердің себеп-салдары анықталып, ұсыныстар қаралып, шаралар белгіленіп, хаттама толтырылып, кінәлілер анықталса тәртіптік жазаға тарту жөнінде директорға ұсыныстар айтылады. Директордың орынбасары өткізген жиналысқа цехтар мен бөлімдердің басшылары, бас технолог, бас механик секілді басқарушылардан бастап сапа мен санға жауап беретін техникалық бақылау бөлімінің бақылаушылары, лаборанттар, қоймашылар, кран жүргізушілері, электрокар жүргізушілері мен комбинат күзетшілеріне дейін қатысты.

Сол жиналыста директордың орынбасары жиналғандарға: «Соңғы кездері жұмыс сапасына қатысты тұтынушылардан «шифер жарамсыз, сынық көп» немесе «жіберілген өнім жетіспейді, кем шығып жатыр» деген талап-арыз жиілеп кетті. Қазір ондай шағым керамзит цехының өнімдеріне қатысты да түсіп жатыр. Мойындамасақ, сотқа шағымданып өндіріп алады. Ұсыныстарыңызды айтыңыздар. Кінә кімнен, не істеу керек?» – дегенде шифер цехының бастығы Шалқаров біраз нәрсенің басын шалып келіп: «Ондай талап-арыздарды мойындамау керек, біз шиферді комплектілеп, бір жәшік шегесімен қоса тиеп жібереміз. Сауда базасындағылардың жағдайы белгілі, оларды саудагер десек те болады, сарапшылармен келіседі де 50 шифер сынса 250 деп жаздырады, сөйтіп ақша жасайды. Ал шифердің сынып, жарамсыз болуына теміржол кінәлі, олар вагондарды сұрыптағанда, әсіресе Арыс станциясында қатты екпінмен жібереді. Сотта жеңілетін себебіміз – біздің заңгер жас, тәжірибесіз, жұмыстың ретін білмейді, сол себепті заңгерді бұрын сотта, прокуратурада істеген зейнеткерлерден алу керек» – деп түйіндеген.

Залда отырғандардың бәрі маған қарады, әлде өзіме солай көрінді ме, әйтеуір осында отырған 100 қаралы адам осы келеңсіздік үшін мені кінәлап тұрғандай. Ондай жазғыруға жауап беруге дайын емес едім, еш жауап айта алмадым. Тек көзімнен екі тамшы жас үзіліп түсті, ауа жетпей бара жатты. Абырой болғанда сол кезде жиналыс та аяқталды. Содан бері осы мәселе қатты толғандырып жүр. Директордың орынбасарының кабинетіне ширығып, өзіме деген үлкен сеніммен  кірдім.

Орынбасармен бірге екі сағаттай отырып, бәрін бүге-шігесіне дейін талқыладық. «Мені қолдасаңыз, көмектессеңіз – нәтиже шығарамыз» – дедім оған. Мәселені шешудің басқа жолын көрмеді ме әлде шынымен сенді ме, бәлкім сынап көрейін деген шығар, қолдайтынын айтты, сөйтіп менің жоспарым бойынша әрекет ететін болдық.

Кабинеттен шыға бергенімде Поляков қайтадан шақырып алды.

Қара көзілдірік тақсам болды, көзімнің көгергені байқалмайды деп ойлайсың ба? Не болды? Күйеуің сабап жүр ме?

Үнсіз отырып қалдым. Бұл менің ең осал, жанды жерім болатын. Аузымды ашсам жағдайымды сұрап отырған бастығымды құшақтай алып жылап жіберетін сияқтымын. Үндеген жоқпын. Ол да сұрауын сұрағанмен, ыңғайсызданғандай төмен қарады. Сәлден соң басын көтеріп:

Самал, сен жоғары білімді заңгерсің. Жас мамансың. Республикадағы жалғыз университеттің заң факультетін бітіргеніңді ұмытпа. Күйеуіңмен арадағы мәселені өз күшіңмен шешуге тырыс. Заңгердің көзі көгеріп жүргені жарамайды. Жұрт не дейді? Ешкім көрмесін мына түріңді. Құжаттарды алып кетіп, бірнеше күн үйіңде жұмыс істе. Еңбек және жалақы бөліміне өзім ескертемін. Келіскеніміздей, көп вагон жөнелтілетін күні автобус жіберемін, – деді.

Арада 2-3 күн өтті. Үйге сыймай жүрмін. Комбинаттың жұмысын тексеретін комиссияның құрамында екенімді, жақын арада түнгі тексеруге баратынымды күйеуіме ескерткенмін. Айына 50 сом төлеп 5-ші  қабаттағы бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрамыз. Бір жақсысы, телефоны бар. Алдын-ала ескертемін деген директордың орынбасарынан хабар жоқ, айнып қалғаннан сау ма деп күмәнданып та қоямын. Өзім телефон соға алмаймын. Жүзі жылы, адамгершілігі мол адам, бірақ басшы болғандықтан субординация сақтау керек. Кейде «осыны дұрыс істедім бе»? – деп өзімнің ұсынысыма күмән келтіремін. «Істің көзін тауып істесең әрі жеңіл, әрі нәтижелі болады» – деп әкем айтып отыратын. Өзім құрмет тұтатын Ораз ағам бір нәрсе шешілмей жатса: «біраз ойланайық, бұндайда творческий подход керек» – дейтін. Бұл жоспар мен үшін істің көзін тауып, проблеманы шешу мақсатында ойлап тапқан «творческий подходым» болатын.

Содан 4-ші күн дегенде директордың орынбасары хабарласып, түнгі сағат 3-те заводтың автобусын жіберетінін айтты. Комбинатқа келгенде тағы бір автобустан Поляковпен бірге транспорт цехының бастығы Мамытов пен қолына құрал-сайман ұстаған сол цехтың екі жұмысшысы және бас технолог Тұрғалиев түсті. Оларды да алдыртыпты. Менен «не болды түн ортасында, тыныштық па?» – деп сұрағанынан-ақ олардың ештеңеден хабарсыз екенін білдім. Яғни Поляков сөзінде тұрған, өйткені бұл екеуміздің — директордың орынбасары мен заңгер ғана дайындаған «операция» болатын.

Цехқа келгенде шифер тиелген он шақты вагонның есіктері жабылып, пломбалары салынған екен, тасымалдаушы — теміржол қызметінің алып кетуіне әзір тұр. Соңғы жақта қатар тұрған екі-үш вагонға шифер тиеліп жатыр, бірақ ол жерде электрокар жүргізушісі ғана жүр, айналасында басқа ешкім жоқ. Шифердің санына жауап беретін қоймашы да, бір алғанда 30 дана шифер алып, бір десте шифердің  санын 150-ден асырмауды, сындырмай, бүлдірмей тиеуді қадағалайтын техникалық бақылау бөлімінің бақылаушысы да жоқ болып шықты. Олардың қайда екенін сұрасақ, біреулері «осы жерде  жүрген» десе, енді біреулер «түнгі буфетке кеткен» – деп әрқилы жауап береді. Ойда жоқта, түн ортасында келген бізді көрген түнгі ауысымдағы жұмысшылар шала бүлінді де қалды. Жұмыс орнында жоқтар біртіндеп жинала бастады. Түн қараңғысында шашы жалбырап, омырауының түймелерін жүре салып келе жатқан бір контолер әйелді көзім шалды. Көлік цехының екі жұмысшысы қолдарындағы аспаптарымен тасымалдаушының алып кетуіне әзір қылып қойған вагондардың пломбаларын бұзып, есігін аша бастағанда айналада тұрғандардың  көзі  шарасынан шығып кете жаздады…

Комбинат қызметкерлері ертеңгі  сағат 9-да жұмысқа келе бастағанда директордың орынбасары төрағалық еткен, шұғыл шақырылған комиссия мүшелері түнімен жұмыс істеп, ашылған вагондардағы шиферді санап, акт жазып біткенбіз. Он шақты вагонның біреуіне ғана бір жәшік шифер шегесі салынған, басқаларына салынбаған. Кейбір вагондарда жүзден аса шифер жетіспейді, кейбіреулерінен 30-60 шифер артық шықты. Бәріне акт жасап, комиссия мүшелері ғана емес, осы жұмысқа жауап беретін, өз міндеттерін дұрыс атқармаған қызметкерлердің де көздерін жеткізіп, қолдарын қойғызып алдық. Өздері куә болған фактілерден қайда қашсын?

Бұл оқиға комбинатты дүр сілкіндірді. Асханаға барсам да, есік алдына шықсам да жұрттың бәрі мені жаңа көргендей шұқшиып, тесірейе қарайды. Сөйтіп кабинеттен  шығудан қалдым. Директордың орынбасары екеуміз бұл туралы және қолданылатын шаралар  жөнінде  екі жұмадан кейін өткізілетін сан мен сапаға қатысты тұтынушылардан түскен талап-арыздарды  қарайтын жиналыста айтатын болып шешкенбіз. Шифер цехының  бастығы мен басқа да үлкенді-кішілі басшылар енді менімен санаса бастағандай, бұрынғыдай шекелерінен қарамайтын болды. Директордың орынбасары осы кемшіліктерді жою үшін қандай шаралар қолдану керектігі және кінәлілерге тәртіптік жаза беру туралы бұйрықтың  жобасын  жасауды тапсырды.

 Осы кезде Өзбекстандағы Ханабад құрылыс материалдары комбинатынан біз жөнелткен шиферлерге қатысты «көп сынық шықты, шифер жарамсыз, комбинат уәкілін жіберіңдер!» – деген  телеграмма келген. Комбинаттағы техникалық бақылау бөлімінің  басшысы – зейнеткер жасына жетіп қалған Мироновтың орнына бас технолог екеумізді жұмсады. Сөйтіп Өзбекстанға жол тарттық. Сол баяғы «кім кінәлі, не істеу керек?» – деген сұрақтардың жауабын іздемекпіз. Біздің комбинат кінәлі ме әлде құрылыс материалдарын алатын тұтынушылар ма? Соның ара-жігін ажыратып алу керек. Басқаларды яғни бізден құрылыс материалдарын алатын тұтынушыларды кінәламастан, оларға негізсіз, дәлелсіз  талап қоймастан  бұрын алдымен өзімізді тексеріп алуымыз керек деп шештім.  «Өзіміздің комбинаттың адамдары жұмысын адал, тиісті дәрежеде, заң талаптарына сай атқарып жүр ме?» – деген сұрақ күндіз-түні маза бермей қойды. Сол сұраққа бір-ақ түнде, кенеттен өз адамдарымыздың жұмысын тексергенде ғана ішінара жауап алғандай болдым. Кемшілік біздің жұмысымызда екен, соны дереу түзеу керек. Шифер алуға келгендер республикамыздағы шифер өндіретін екі зауытты салыстыра келіп: «Семейдің шиферінен сендердікі сапалырақ» – дейтін. Онда неге сынық көп? Еңбекке  жаңа араласқан адамның әр күні бір сынақ екен. Кейде өмір мені «емтиханды қалай тапсырады» деп сынап тұрғандай көрінеді. Дегенмен директордың орынбасары жұмысқа жаңадан келгеніме қарамастан қолдау көрсетіп, сенім білдіргені қанат бітіргендей болды.

Тоқсан сайын өткізілетін кезекті жиналыс өткізілетін күн де жетті. Директордың орынбасары жиналысты ашып, жасап жатқан жұмыстарымыз туралы заңгер айтады деп сөзді маған берді. Қайта-қайта түзетіп, машинкаға басып қойған баяндамамды оқудан бас тарттым. Жиналған халықты бірден елтіп әкететіндей ортақ әңгімеге тартып, бәрімізге қатысты нәрселерден бастағым келді. Алдымен өткен жолы вагондарды қайтадан ашып, тексергенде анықталған  жағдайларға тоқталып,  бұл біздің комбинатта жұмыс істейтін 1,5 мың адамның атына кір келтіретін факт екенін атап өтіп, екінші рет қайталамауларын сұрадым. Біреуді біреу тексеріп, бақылап жүрмеуге тиіс, әркім өз жұмысын саналы түрде, өз дәрежесінде атқаруы керектігін айттым. Сіздерді цех басшылары, мастерлер, ауысым басшылары қорғаштап бағады, ал сіздердің жұмыс уақытында өз міндеттеріңізді тиісті дәрежеде орындаудың орнына немен айналысып жүргендеріңізді алдын-ала ескертпестен оқыс тексерген кезде ғана білдік, жалақы алып істеп жүрген жұмыстарыңызды тиісінше атқаруларыңыз үшін осындай тексеруді жалғастыра беру керек пе?  – деп бір тоқтадым. Шифердің шегесі салынбаған вагондардағы жетіспейтін өнімнің құны жауапты қызметкерлердің жалақысынан ұсталатынын айттым. Себебі, тәртіптік жаза лауазымды қызметкерлерге болмаса, жұмысшыларға соншалықты әсер етпейтінін, нәтижелі болмайтынын байқағам. Үстінен арыз көп түсетін кейбіреулерінің фамилияларын атап, орындарынан тұрғызып, кемшіліктерін мойындай ма, жоқ па – соны сұрадым. Бір кезде жүзден астам адамды уысымда ұстап отырғанымды сездім. Осы сәтті пайдаланып, әңгімені шифердің сапасына қарай бұрдым.

Шифер цехының бастығы Шалқаров пен Техникалық бақылау бөлімінің бастығы  Мироновқа қарап:  «Сіздердің жұмыстарыңызға қоятын талабым  бар» – дедім. Зал дүр сілкініп, біресе маған, біресе Шалқаров пен Мироновқа қарап қалыпты. Бұл екеуін директордан басқа ешкім сынамайтын, ештеңе талап етпейтін. Екеуі бастарын көтеріп, көздері бақырайып, тесірейе қарап отыр. «Мына жаңадан келген жас маманның есі дұрыс па? – деп ойлап тұрған шығар. Директордың орынбасары да «Самал бірдеңені  бүлдірмесе жарар еді…» дегендей, қабағын шыта қарайды. Бас технолог екеуміздің Ханабадқа сапарымыз туралы баяндап үлгермегем. Әрине, қарапайым жүмысшыларды сынау бір басқа да, жеке тұрмысының жайлылығы жағынан кейде комбинат директорынан да жоғары тұратын шифер цехы мен ТББ (ОТК) басшыларын сынау мүлдем басқа екенін мен де білемін.

Құрметті басшылар, бұндай шиферді соғыс кезінде шығарсаңыздар «саботаж ұйымдастырды, қаскөйлік жасады» деп бірден түрмеге отырғызар еді, себебі сіздер халықты, үкіметті, партияны алдап жүрсіздер! – деп шегеледім. – Бекітілген стандарттар мен техникалық талаптарға сай келмейтін өнім шығарғаны үшін Қылмыстық кодексте қаралған жауапкершілікке сәйкес 3 жылға дейін бас еркінен айырып, түрмеге отырғызып қоюы мүмкін. ГОСТ бойынша 8 толқынды бір дана шифердің салмағы қанша болуы керек, білесіздер ме? 26 килограмм 100 грамм. Шиферлердің ұзындығы да, ені де, қалыңдығы да тиісті құжаттармен бекітілген. Ал сіз, құрметті Шалқаров жолдас, 26 килограмның орнына әр шифрді неге 22 килограмнан жасайсыз? ГОСТ-ты ондаған, жүздеген ғалым дайындап, зерттеу институттары бекіткен. Олар бір шиферге қанша цемент, қанша асбест, қанша су керектігін, олардың проценттік ара қатынасын, т. б. жақтарын, қанша уақыт кебуі керектігін – бәрін де жан-жақты зерттеген, сол үшін қаншама сынақтар мен тәжірибелер өткізіп, кандидаттық, докторлық дәреже қорғаған. Ал сіз сол талаптарды оп-оңай бұзып, 22 килограмнан жасайды екенсіз. Неге? Шифердің ұзындығы мен ені дұрыс. Қалыпта құйылатындықтан оны өзгерте алмайсыз. Егер өлшемдерін өзгерту қолыңыздан келсе олардан да 2-3 сантиметрден «жеп» қалар ма едіңіз. Сіз шифер мен цементті үнемдеп, жоспарды асыра орындап, сыйақы алмаңыз. Үнемдемеңіз, ГОСТ-қа сай құрылыс материалын жасаңыз. Шифер 30-50 жылға дейін қызмет етуі керек. Менің ауылдағы әкемнің үйінің шифері 40 жылдан астам уақыттан бері әлі бүтін күйінде тұр. Ал сіз жасаған шиферлер 40 жыл түгіл тасымалдауға да шыдамай сынып жатыр. Теміржолды айыптап керек емес, әуелі өз кемшілігімізді түзеп алайық. ГОСТ бойынша тиеген шиферіміздің 1,5 пайызын яғни 30 шиферді табиғи шығын ретінде есептен шығаруға болатыны тиісті нормативтік құжаттарда бекітілген. Егер сіздер талапқа сай салмағы 26 килограмм болатын шифер шығарсаңыздар жолшыбай сынған шифердің саны 30-дан аспас еді. Ал сіздер шығарған шифер тым жұқа, өз салмағын да көтере алмайды…

Техникалық бақылаудың басшысы Миронов жолдас! Сіз неге ГОСТ талаптарына жауап бермейтін ондай шиферлерді жарамсыз деп таппайсыз? Вагонға тиеп, тұтынушыларға жөнелтуге неге рұқсат етесіз? Ондай құрылыс материалдарын алған адамдар комбинат туралы, қаламыз, еліміз, халқымыз туралы не ойлайды? Ханабадқа барғанда ұяттан кіретін тесік таппадық. Өз көзімізге сенбей, әр шиферді қайта-қайта өлшеттік. Амалсыздан жарамсыз тауар шығарғанымызды мойындап, актілерге қол қоюға мәжбүр болдық. Салмағы 21-22 келіден аспайтын әрі  дұрыс кептірілмеген шифердің бір шетін көтерсең, өз салмағын көтере алмай быт-шыт болып сынып кетеді. Бас технолог Ханабадтағы жағдайды айтқан шығар, мен олардан сол жарамсыз шиферлер мен сынықтарын бір жұма сақтап қоюды өтіндім, өздеріңіз жасаған шиферді танитын шығарсыздар, екеулеп барып көріп қайтыңыздар.

 Өздеріңіз көріп отырғандай, қоймашыларыңыз шиферді вагонға тиегенде санамайды, не өздері ол жерде болмайды, электрокар айдайтындар қалай болса солай тиейді немесе әйтеуір кем болмасын деп артығымен тиейді, өйткені өздерінің қалтасынан шығып жатқан жоқ, шегені өздері бірігіп ұрлайды. 26 килограмм шифердің орнына 22 килограмм шифер жасайсыздар, осындай фактілерден кейін де тұтынушылар мен тасымалдаушылар  кінәлі дейсіздер ме?

Біреуден жауап күткендей залға сұраулы жүзбен қарадым. «Мынау өзі аспаннан салбырап түскенбе, тағы не айтар екен?» дегендей бәрінің көздері менде.

Сәл үнсіздіктен кейін: «Комбинаттың күзетшілерін де тексеру керек!» – деп тағы бір сырдың шетін шығарып қойдым. Себебі қоймадан алынған, бірақ вагондарға тиелмеген ондаған жәшік шегенің қайда кеткені белгісіз, кім алғаны, кім сатқаны анықталмаған. Ал 40 келі шифер қағуға арналған бір жәшік шегенің бағасы 40 сом тұрады.

– Кемшілікті алдымен өзімізден іздеуіміз керек, тек содан кейін ғана басқалардан, тұтынушылардан талап етуге болады, – деп сөзімді аяқтадым.

Кім бастағанын, не үшін екенін білмедім, арт жақтағы есепшілер отырған жерден біреу қол шапалақтап еді, зал бірден қостап, ду ете түсті. Президиумдағы орныма оралғанда директордың орынбасары «Молодец!» деп сыбырлады.

Айтқан сөзімнің салмағын енді сезінгендей өзім де қорқып кеттім. Басшыларды сынадың деп жұмыстан шығарып тастамас па екен деген ой басымда жүгіріп өтті. Бұл жұмысты 3 ай бойы қаланы жаяу аралап, әр мекемеге бас сұғып жүріп әрең тапқаным да есімде. Ақыры болмаған соң облыстық Әділет басқармасы басшысының қабылдауына барып, сол мекеменің жолдамасымен келгенмін. Бірақ, жұмыстан шығып қалуым мүмкін-ау деген ой бірер секундқа басыма келгені анық. Осы сәтте өндірісте істейтін заңгер маман ретінде бір саты жоғары көтерілгенімді сездім. Ендігі міндет – тұтынушылармен жұмыс істеу. Басымда сан алуан ой пісіп-жетіліп жатқандай…

…Сәбиім ауырып, біраз уақыт еңбекке жарамсыздық парағын пайдаланғанмын, қайтадан жұмысқа шыққанымда директордың орынбасары көңілсіз қарсы алды. Тәжікстандағы «Таджиктара» өндірістік бірлестігінен «көп сынық шықты, шиферлеріңіз жарамсыз» деген телеграмма келген екен, комбинаттың уәкілін шақыртыпты. Басшылар ТББ (ОТК – Отдел технического контроля) бастығы Мироновты жіберген, ол 7-8 вагонға тиелген шифердің жартысына жуығы сынық екенін мойындап, актілерге қол қойып келіпті. Әрине, сынық болатынын білемін. Бірақ, осыншама мөлшерде болмауы керек, бұған сенімім кәміл. Өткендегі жиналыстан кейін жағдай біраз дұрысталып, шифердің сапасы жақсарып, қалыңдығы мен салмағы орнына келген.  Оның үстіне, комбинат директорының орынбасары Поляковқа  вагондарды кез-келген уақытта ашып, тексеруге рұқсат етіпті. Ол құқын орынбасар маған берген. Ондай құқықты қалай пайдаланбассың? Осыдан кейін «жетпейді», «жарамсыз» деп комбинатқа түсетін арыздар күрт азайған. Ал әр вагонға тиелген 1970 шифердің 700-800 данасы жарамсыз болып шыққаны мен үшін күтпеген жағдай болды.

Әкем бала кезімде: «адамның бойынан жамандық іздеме, жақсылық ізде, ең жаман деген адамның бойынан да жақсы қасиет табуға тырыс, жаман адам болмайды, тек біреулердің бойында жақсы қасиет көп те, біреулерде аз», – деп отырушы еді. Сыроватка басқаратын асбест-цемент құбыр шығаратын цехтың жұмысын жиі мақтайтынмын. Комбинаттағы құрылыс материалдарын өндіретін негізгі төрт цехтың ішіндегі ең мақтаулы, ерекше жұмыс орны осы. Бастығы – жасы 60-қа келіп қалса да ширақ, тік жүретін, шағын денелі,  артынан  қарасаң 25-30 жастағы жігіт кетіп бара жатқандай көрінетін егде кісі.  Шүңірейген көздері адамға тура қарағанда жан дүниеңді ақтарып шыққандай. Соны өзі де сезе ме, адамға тіке қарамауға тырысатын. Жиналыстарда екі сөзінің бірі «жұмысшыларға жағдай жасау керек» деп басталып, әйтеуір пайдалы бір ұсыныс жасаумен аяқталатын.  Қарауындағы жұмысшыларын қызғыштай қорғайтын.

Мен бүгін асбест-цемент құбыр жасайтын цехтағы сол адамның кабинетіне келдім.

– Саламатсыз ба, Семен Абрамович.

– Қош келдің, заңгер!

Басын көтермесе де мен екенімді қайдан білген деп ойлап, үнсіз отырып қалдым. Бір нәрселерді тез-тез қағазға жазып, тығыз шаруамен айналысып жатқан секілді. Бір кезде  қағаздарын жинастырып: «Тыңдап отырмын» – деп жанар тіктеді. Оған мәселені түсіндіріп, өндірісті әлі жақсы білмейтінімді айтып, шифердің сынуын қалай тоқтатамыз, сіздер шығаратын құбырларға шағым түспейді ғой деп кеңес сұрай келгенімді айттым. Бірақ, оның ешқандай кеңес бермейтінін ішкі түйсікпен сезгендей болдым.

Самал, ренжіме. Ешқандай кеңес бере алмаймын. Ондай сұрақты шифер шығаратын цехтың бастығына қой. Бұл мәселеге араласа алмаймын. Менің территориям емес. Мәселе шифердің сапасыздығы туралы ғой, құбырларға қатысты мәселе болса келе бер. Өткендегі тексеріс сенің ұсынысыңмен жасалғанын Поляков айтқан. Саған дейін заңгер болып еркек те, әйел де, жас та, кәрі де істеген. Бірақ ешқашан ондай шара жасалған емес. Дұрыс істегенсің. Менің берер кеңесім – проблеманы өзің зерттеп, өзің шешуді  үйрен. Дайын жауап іздеме. Өмірде бір проблеманы шешу – бір қиын есеп шығарумен тең. Сен қазір есеп кітабының соңғы бетінен есептің жауабын көріп алып, жаза салғың келіп тұрған сияқтысың. Жауабы дұрыс, бірақ есепті дұрыс шығару жолдарын толық түсіндің бе, басқаларға тәтпіштеп айтып бере аласың ба? – деп сұраулы жүзбен қарады.

Тәжірибелі адамнан кеңес сұрай келгенім дұрыс болмаған ба деген күмәнді ой миымды жеп, не айтарымды білмей үнсіз отырмын. Сыроватка маған қарамастан терезеден далаға көз салып, өзімен-өзі әңгімелесіп тұрғандай сөзін жалғастырды.

Әркім өз жұмысын жақсы біліп, тиісті деңгейде атқарса проблемалар аз болар еді. Біреулер өзіне лайықты орында отырмайды, біреулердің ақылы, білімі немесе ұйымдастырушылық қабілеті жетіспейді. Біреу жұмысында салақтық танытады, біреу бейқамдыққа салынып, басқаларға артық сенім білдіреді, біреу өзгенің көнілін қимай, бұрмалаушылыққа жол береді. Осындай жағдайлардан кейін талап төмендейді. Талап төмендеген жерде былық-шылық басталады, – деп сөзін аяқтады. Бұл кабинеттен өмір деген кітаптың жаңа бір парағын оқығандай әсерде шықтым. Шығып бара жатып, үлкенді-кішілі басшылардың бәрі партия мүшесі, бұл неге коммунист емес деп ойладым.

Одан шығып, Техникалық бақылау бөлімінің бастығы Мироновтың кабинетіне келдім. Душанбеге барған іссапары туралы тәптіштеп сұрамақпын. Кеше оның қол қойған актілерімен танысып шыққанмын, «Таджиктара» өндірістік бірлестігінен тағы да шақырту келсе өзім бармақпын. Шифердің сынықтары туралы актіге қол қойғаны үшін директор мен орынбасарынан біраз сөз естіген секілді. Көңіл қошы жоқ екен. Мироновтың екі сөзінің бірі «понимаешь» – деп басталатын. Сол себептен болса керек, заводтағылар  алыстан Миронов көрінсе, бір-біріне «Понимаешь» келе жатыр дейді. Мінезі жұмсақ, қорқақтау адам болатын.

Мироновқа өзімді түнімен мазалап шыққан сұрақты қойғанымда не дерін білмей абдырап қалды. Бұл сұрақты күтпегені көрініп тұр. Біраздан кейін: «бұл туралы директор да, орынбасары да сұраған жоқ» деді. «Олар өндірісшілер, ал мен заңгермін, сондықтан маған әңгіменің қалай өткенін бүге-шігесіне дейін білу керек. Душанбеге билет алғаннан бастап не істеп, не қойдыңыз — түгел айтыңызшы? – дедім.

— Самал, понимаешь, олардан «шифердің сынықтары қайда?» – деп сұрап едім, бір өзеннің жарқабағына апарып, шиферіңнің сынықтары әне, түбінде жатыр, көргің  келсе сені де жібере аламыз!» –  деп жардан құлата жаздады. Қатты қорықтым. 2-3 күнде қанымдағы қанттың мөлшері жоғарылап кетті, диабетикпін ғой», – деп бір тоқтады. Ызам келіп тұрса да жыларман болған жүдеу түрін, жасаураған көзін көріп аяп кеттім. «Зейнеткерлікке шығуға күн санап жүр», – деп еститінмін.

– Әзілдеген ғой, сіз түсінбегенсіз. Ең болмағанда актілерде шифер сынықтары трест территориясында жоқ, ереже бойынша 3 күн сақталуы тиіс, бірақ бұл мерзімге дейін жойылып кеткен», – деп жеке ойыңызды неге жазбадыңыз? Түркіменстанға барғанда шифер сынықтары жатқан жердің ұзындығы мен енін өлшеп, шамамен қанша килограмм болатынын, базаның шығыс бөлігінде жатқанына дейін жазып едік қой. Шифердің сынықтарын көрмеген екенсіз, онда неге әр вагондағы шифердың тең жартысы «сынық, жарамсыз» деп көрсетілген актілерге қол қойдыңыз? Сынық болды ма, жоқ па – құдай біледі! – деп ашуымды әрең тежеп, кабинеттен шығып кеттім. Директордың орынбасарына кіріп, «Таджиктара» өндірістік бірлестігінен комбинат уәкілін шақырту келсе мені жіберуді өтіндім.

Бұл да көп күттірген жоқ. Николай Петрович трестің комбинат уәкілін шақыртқан   телеграммасын беріп жатып: «Ол жаққа бірінші баруың, күтіп алып, қонақүй дайындап қойсын, хабарласайын», – деді.

– Жоқ, Николай Петрович, іссапар құжаттарын дайындап, ұшаққа билет алайын. Менің баратынымды олар да, біздің адамдар да білмесін. Автобуспен аэропортқа апарып тастаса болды, – дедім.

– Неге? Келетініңді білмесе шиферді қабылдап қояды ғой.

– Қабылдамайды, қабылдауға хақы жоқ. Өндірістік тауарды саны мен сапасы бойынша қабылдау туралы Одақтық мемлекеттік арбитраж бекіткен П-6, П-7 нұсқаулығы бойынша олар уәкіл шақыртқаннан кейін үш күн күтуі керек емес пе? Бүгін бірінші күн. Кешке ұшып барып, таңертең тресте боламын. Ал сіз уәкіл баратыны туралы оларға бүгін емес, ертең кешке қарай хабарлаңызшы, – дедім.

– Қонақүй мәселесі қиын ғой, қонақүйге хабарласайын, – деді.

Жоқ, керек емес, қонақүйден орын табылмаса вокзалда түнермін, инкогнито баруым керек, – деп шығып кеттім.

                 Душанбеге келіп, аэропорттан түсісімен әркімнен сұрап жүріп 8 қабатты «Душанбе» қонақүйіне тарттым. Орын жоқ екен. Болмайтынын білгем, кездейсоқ табылып қалар деп үміттенгем. Жұрттың бәрі маған таңдана қарайды, бұған мен де таңдандым. Сөйтсем, қонақүйден де, айналасынан да бірде-бір әйел адамды кездестірмеппін.

Ер адамдар басқаша киінеді екен. Үстерінде әйелдердің көйлегіндей ұзын ақ жейде, ондайды бірінші рет көруім, жеңсіз қара жилет, балағы шолтиған шалбар, бастарында жұқа ақ тақия, бәрі сақал қойған. Ташкенттегі «Алай» базарға азық-түлік алуға жұмасына бір барып тұратынмын, ондағы әйелдердің кең, алабажақ шәйі көйлегі мен еркектердің ала тақиясына көзім үйренген, бірақ мынадай тосын көрініске таңданып қалдым. Алдына келіп жатқан кісі жоқ, іші пысып отырған қонақүй қызметкеріне қайтып келіп, «мыналар тәжіктер ме?» – деп сұрадым. Үстіме қысқа жең кофта, джинси шалбар кигенмін, жергілікті емес екенімді байқаған ол: «жоқ, ауғандықтар», – деді. Таңдануым күшейе түсті. «Ол жақта бірнеше жылдан бері соғыс жүріп жатыр, бұлар қыдырып жүрген секілді», – деген ой қылаң ете қалды.

Содан сұрастырып жүріп, кешке қарай әрең дегенде дәретханасы далада орналасқан жатақхана таптым. Жуынып, үйден ала келген тамағымды жеп алдым да ұйқыға жаттым. Іссапардың ақшасынан үнемдеп, қызыма бала бақшаға киетін киім алуым керек еді. 125 сом жалақымның 50 сомын пәтерақыға төлейміз. Электр жарығы, су, газ, телефон ақысы тағы бар. Күйеуім жиі ауырып, жолы болмай жүрген.

Ертеңіне үстімдегі шалбар мен кофтамды тастап, әдейі алып шыққан өзбектің қызылала шәйі көйлегін киіп, басыма орамал тартып, «Таджиктара» қайдасың деп тартып кеттім. Жұмыс уақыты жаңа басталғанына қарамастан трестің алды толған адам. Сол жылдары Орта Азия елдерінде жер сілкінісі жиі болатын, сондықтан құрылыс материалдары, соның ішінде шифер өте қат болатын. Адамдармен әңгімелесе келе білгенім, тұрғындар 10 дана шифер алу үшін де жергілікті билік орындарына арыз жазып, айлап кезекке тұрады екен.  Яғни шифердің бағасы ұшып тұр.

Маған да шифер керек еді, қайсысы жақсы – 8 толқынды ма, 6 толқынды ма? – деп әркімнен сұрастырып, сыр тартумен болдым.

Біздің комбинат 6 толқынды шифер де шығаратын, бірақ олардың сапасына қатысты ешкім шағымданған емес. Бағасы 55 тиын. Маған көңіл бөліп жатқан адам жоқ екенін байқап, трестің ауласына кірдім, күзетші деген атымен жоқ. Жұрттың маған көңіл аудармауының тағы бір себебі, сол кезде республикалық Госснабтың (материалдық-техникалық қамсыздандыру жөніндегі мемлекеттк комитет) лауазымды қызметкері өзімен бірге істейтін бірнеше адамды атып өлтіріп, ең соңында өзі атылып өліпті.  Әрине, ондайды газеттерге жазбайды, бірақ сымсыз телефон гуілдеп тұр. Екінің бірінің аузында сол туралы әңгіме. Барлық мекемелерде күн сайын жиналыс дейді. Саудагерден екі есе бағасына алған джинси шалбарымды киіп келсем маған бірден көңіл аударар еді, мына жерде жүрген әйелдерден бөлек болып көрінетін едім.

Менің есебімше, біздің шифер әлі вагондарда тұруы керек. Өйткені, ереже бойынша тұтынушы комбинат басшыларының жауабын бүгінгі жұмыс аяғына дейін күту керек.  Поляков «комбинат уәкілі барады» – деп бүгін кешке таман ғана хабарлайды. Үлкен ауланы кезіп жүріп, шифер тиелген вагондар тұрған теміржол тұйығын таптым. Вагонның есігіне екі бөренені сүйеп қойып, жүк түсірушілер біздің шиферлерді екі жақтан бірнешеуден алып сырғытып түсіріп жатыр. Ереже бойынша шиферді арнаулы жүк түсіретін электрокармен түсіру керек. Бұлай түсіруге болмайды, сонда да сынық жоқтың қасы. Ханабадтағыдай ұялмайтын болдым деп шифердың сапасы жақсы болып шыққанына қуандым. «Бұлардың  тұрақты сарапшысы Айдинян қайда екен?» – деп ойладым. Душанбедегі сауда-өнеркәсіп палатасындағы жалғыз сарапшы сол секілді, бұларға жіберілетін шиферге сараптама жасау үшін бірнеше жылдан бері сол ғана келеді. Кейде маған трест осы адамды өздеріне жұмысқа түпкілікті қабылдаған секілді көрінеді. Егер мекемеден келетін сарапшылар ауысып тұрса өйтіп күдіктенбес едім.

Вагонның қасында жүк түсірушілер ғана жүр, басқа ешкім көрінбейді. Олармен сөйлесіп, Айдинянды іздеп жүргенімді айттым. Мені өз адамы деп есептеді ме, жүк түсірушілердің бірі оның өте сирек, анда-санда ғана келетінін айтты. Шифер түсіргенде сапасын тексермей ме деген сұрағыма қарапайым жұмысшыға тән аңғалдықпен: «қоймашы  қанша сынық шыққанын телефонмен айта салады», – деді. «Мәссаған, керек болса!» деп күбір ете түстім, айқайлағым келгенмен айқайлауға болмайтын еді. Арасында жүк түсірушілерге  көрсетпей вагондардың нөмірі мен жүкті қалай түсіріп жатқандарын бірнеше рет фотоға түсіріп алдым. Университетте криминалистикапәнінен сабақ берген профессор Попов фотоға түсіруді мықтап үйреткен. Сонда фотоға түсіруге қызықаным сондай, 4-5 ай бойы стипендиямнан жинап ескі «ФЭД» фотоаппаратын сатып алғам, әзірше жарап тұр. Сәбилерімнің бала бақшадағы мейрамдары мен тауға шыққанда пайдаланатын фотоаппаратымды алғаш рет жұмыс бабымен алып шыққам.

Кешке дейін сол жерде жүріп, бірнеше адамдармен әңгімелесіп, жұмыс бітуге бір сағат қалғанда трест басшысы Адиловтың кабинетіне кіріп: «шақыртқан екенсіздер, АЦК комбинатынан (Комбинат асбецемконструкций) келген уәкілмін», – дедім. Трест басшысы  Адилов ұзын бойлы, қара қасты, қара көзді, ақсұр өңді әдеміше жігіт екен. Үндінің артистеріне ұқсайды. Бұндай жігіттерге басшы болғаннан гөрі киноға түсіп, көптің сүйіктісіне айналған дұрыс секілді.  Орысша акцентсіз таза сөйлейді. Дикциясы да күшті. Көп болса менен 2-3 жас үлкен шығар деп топшыладым. Шамамен 800-1000 адам жұмыс істейтін жердің басшысы болуға тым жас секілді. Шақыртқан қызметкерлері біреулеп-екеулеп келіп  жатыр. Мен  үнсіз отырмын, басшы да үнсіз. Қарауытып кеткен түрінен ашу қысып, ыңғайсыз жағдайда отырғанын байқадым. Дәу де болса ішінде боран соғып жатыр.  Көңілімді қорқыныш жайлады, Мироновтың айтқаны есіме түсті. Өз-өзіме жігер беріп, қол сөмкемнің қалташығына салып қойған аңшы бәкісін сыртынан сипап қоямын. Санап отырмын, кабинетке  41 адам кірді,  басшымен  – 42, бәрі еркек. Мен жалғыз әйелмін.

Басқарушы маған қарап: «уәкіл болып заңгеріміз барады» – деген телеграмманы бір сағат бұрын алдым, ал сіз таңертеңнен бері осында жүр екенсіз» – деді. Әрі ренішті, әрі өкінішті кейіппен айтты. Жан дүниесінде не болып жатқанын түсініп отырмын, жайсыз жағдайға қалу кімге ұнайды, бірақ ол білдірмеуге тырысты. Маған қарап: «Келіп қалыпсыз, сөйлеңіз,» – деді.

Шақыртқан сіздер, не айтасыздар, алдымен сіздерді тыңдайын? – дедім. 40-тан аса адамның он шақтысы сөйлеп, біздің комбинаттың жұмысын жамандады. Шифердің сапасы нашар, мына вагондардан сынық аз шыққан себебі — өзіңіз келетін болғандықтан әдейі сапалы шиферді таңдап артқансыздар, – дегенге сайды. «Шифердің сапасы жақсы екенін көріп тұрып «сынық көп, жарамсыз» деп неге комбинаттан уәкіл шақырттыңыздар? Шақырмасаңыздар келмейтін едім, не үшін шақырдыңыздар?» – деген сұрағыма ешкім жауап бере алмады.

Сөзімді бұл трест біздің комбинаттан неше жылдан бері шифер алып келе жатқанын,  жүйелі түрде әр вагонға сараптама актісін тіркеп, талап-арыз жазатынын, сарапшы Айдинян өнімді қабылдауға бүгінгідей қатыспаса да кабинетінде отырып сараптама актісін жаза беретінін, тіпті жұмысшылар вагонның пломбасын қалай ашқанын көрмесе де пломбадағы оттискінің әр әрпін актісінде көрсететінін, шиферді түсіру қашан басталып, қашан аяқталғанын сағаты ғана емес, минутына дейін жазып, өтірік құжат толтыруға әбден әккіленіп алғанын, оның бұл әрекеті туралы басшыларға ғана емес, ОБХСС-қа  (Социалистік меншікті жымқырумен күрес бөлімі ) да жазатынымды айттым. Басқа тұтынушылардан наразылық келгенде әр вагондағы шифер сынығы 150-200 данадан асып көрмеген, бұларға келген вагондағы шифердің тең жартысына жуығы «сынық», «жарамсыз» деп акт жасалады, соны істеп жүрген Айдинянның үстінен Сауда-өнеркәсіп палатасына  шағымданып, бұларға шифер алуға разнарядка (рұқсат қағаз) бермеуді сұрап Одақтық Госснабқа хат жазамын, жеңіл жолмен ақша тауып отырғандарын әшкерелеймін,  өндіріс пен сауданы салыстыруға болмайды, біз әр шиферді үлкен қиындықпен өндіреміз, бірде асбест болмайды, біресе цемент зауыты жөндеуге тұрып қалады, енді бірде электр энергиясы үзіліп қалады, бірде вагондар жоқ, тағы басқа толып жатқан қиындықтарға қарамастан сапалы өнім жөнелтіп жүрміз, шифер алуға берілген разнарядка бойынша міндеттерімізді адал орындаймыз, ал сіздер дайын асқа тік қасық болып, әрі жалған айтып, арам жолмен еңбегімізді жеп жүрсіздер дедім. Осы айтқандарыма дәлел ретінде мына вагондардағы шифер сынықтары 1,5 пайызға яғни есептен шығаруға жататын табиғи шығынның есептік мөлшері – 30 шиферге де жетпегенін, бір вагоннан 17, екіншісінен 21, басқа вагондардан да осы шамада шыққанын, күні бойы жүріп әр вагоннан түсірілген шиферді санап шыққанымды айттым. Ашынғаным сондай, қарсы сөйлеген адамдардың бәріне нақты, дәлелді жауап тауып беріп тұрдым. Олардың сөзінен тек айыптау ғана емес, қорқыту да байқалып қалды. Бірақ Адилов маған да ештеңе айтпады, жан-жақтан талап жатқан қызметкерлерін де тоқтатқан жоқ. Бірталай уақыт өткеннен кейін айтатын сөздері таусылғандай тыныштық орнаған кезде Адилов менен: «Самал, сен таза қазақ қызысың ба?» – деп сұрады. Түсінбей қалдым. Анкетада көрсететінім болмаса, ұлтым туралы ешкім ешқашан  сұрап көрмепті. Бойымды тез жиып: «ия, таза қазақпын, әкем де, шешем де қазақ!» – дедім.  «Үйіңе барған соң мамаңнан сұрашы, бойыңда еврейдің немесе татардың қаны жоқ па екен?»  – деді де «Ертең таңертеңгі 9-да кездесеміз» – деп жиналысты жаба салды. Бұл сөзі әзіл ме, кекету ме әлде басқа мәні бар ма – қалай қабылдарымды  білмедім.

Есік алдына шыққан соң маған «Душанбе» қонақүйінен «люкс» орынға тапсырыс бергенін, ақысын трест төлейтінін, орынбасары апарып орналастыратынын айтты. Мен жататын орным бар екенін, ақшасын  екі күнге төлеп қойғанымды айтып, бас тарттым.

– Келетініңді неге хабарламадың? Миронов алдын-ала хабарлаған, жақсы қарсы алдық, оркестрден басқаның бәрі болды, – дейді. – Айтпақшы сіздерде үнді шайы жоқ қой, бізге келгендер үнемі үнді шәйін алып кетеді, ертең 5 келі үнді шәйін дайындап қоямыз. Өзіміз сіздерге барғанда да үнді шәйін апарамыз, – деп тағы бір сырдан хабар бергендей болды.

Ол Миронов қой, ал мен Қасымовамын. Маған ештеңе керек емес, – деп жауап қаттым.

Өтіріктері ашылып, заңсыз әрекеттері әшкере болғанын түсінді, артық сөз айтпаса да ренжулі екені жүзінен көрініп тұрды. Түсінгенін байқап, мен де одан әрі қазбаламадым.  «Осыларды сіңіріп алсын,  өзі де күтпеген секілді ғой» – деп ойладым. Жатақханаға апарып тастауға берген машинадан бас тартпадым, қараңғы түсе бастаған.

Ертеңіне мен тоқтаған жатақханаға машина жіберіпті. Трестке келген соң вагондардан шыққан сынықтарға акт жасадық. «Әр вагонға ең болмағанда ГОСТ-та қаралған 30 дана шиферді «сынық» деп жазайық» дегендерге «көзіммен көріп тұрғаным осы, экспертиза актілеріне өтірік мәлімет жазып, артық шифер алғандарыңдай есептен шығарудың жолын өздерің табарсыңдар» – деп көнбей қойдым.

– Шәке, – деп трест директорының атын өзімше қазақша бұрмалап, өзіме қаратып алдым. – Ана бұрыннан  жинап қойған  шифердің сынықтарын құртпайсыздар ма? Келемін деп хабар берсем соларды вагонның қасына шашып тастап, ол да болмай жатса Айдинянды шақыртатын едіңіздер ғой, – деп  күлдім. «Неге бұл жігіт киноға түспейді екен» – деп тағы ойладым. Өмірімде бұндай сымбатты жігітті көрмеппін. Өте мәдениетті басшы екенін кешеден бері қарамағындағылармен қалай сөйлескенінен байқағам. Құжаттарды реттегеннен кейін кабинетінде отырып шәй іштік. Анасын жақсы көретінін, жұбайы дәрігер болып істейтінін, ол қазір білімін көтеру курсында оқуда екенін, сондықтан өз үйіне емес, анасының үйіне қонаққа шақыратынын айтты. Рахметімді айтып бас тарттым. Кенет ол  Расул Ғамзатовтың ана туралы өлеңін шабыттана оқып берді. Жалпы поэзияны жақсы көретін адамдар жаман болмайды деп ойлайтынмын. Ол туралы жаман ойларым сейіле бастағандай. Басшы болып жақында келіпті, бұндай жайсыз істерден шынымен хабарсыз секілді, тәртіп орнатам деп отыр ғой деп жамандыққа қимай, ақтап алғандай болдым. Сарапшы Айдинянның мәселесін басшылар өздері шеше жатар, ал мен түрін көріп кетейін деп жұмыс орнына іздеп барсам «ауырып жатыр» деген қысқа жауап алдым, рас-өтірігін кім білсін.

Қоштасарда Адилов «Алдыңызда екі қолымды көтерем, бірақ өзіңізге айтар екі нәрсем бар, бірі – үнді шәйін алмағаныңызға ренжідім, көңіл аударуға тұрмайтын кішігірім сыйлық еді, тағы бірде сіздерге барғанда әдейі екі есе етіп алып барам. Сонда шын көңілден сыйлағанымызға көзіңіз жетеді, – деді. – Бір сұрайтыным, Айдинянның үстінен арыз  жазбаңызшы, 10 баласы бар еді», – деп өтініш білдірді. Бұл мәселені комбинат басшылығы шешеді деп жауап бердім. Аэропортқа апарып тастауға өзінің Волгасын берді, көлікке отыруға жақындай бергенімде есігін ашып отырғызды. Мұндай құрмет көрмегелі қашан, риза болып қалдым. Біздің жігіттер неге осындай емес?

…Самолеттен түскенімде директордың орынбасары өзі қарсы алды. «Бұл ненің құрметі?» – деген сұрағыма: «Обкомнан келе жатыр едім, директор сені  ала кел деген. Ол  бізді күтіп отыр», – деді.

Қаланың сыртындағы аэропорттан екінші шеттегі комбинатқа жеткенше  уайымдаумен болдым. Ештеңе бүлдірмеген сияқтымын, қайта жеңіспен келе жатқан секілдімін.  Николай Петровичтен сұрасам:  «ты у нас хулиганка, Самал!» – деп күледі. Түсі суық, көбіне түнеріп жүретін директор кабинетіне кіргенде білгенім, Адилов маған айтпаса да директорға «заңгерлеріңіз трест территориясына барлаушы сияқты рұқсатсыз кірді», – депті. Ұлты татар болғанмен қазақи тәрбие алған директор Бәкеңнен сөз қалған ба: «Оны маған неге айтып отырсыз, кіргізген күзетшілеріңізден сұрамайсыз ба, неге кіргізеді, неге шығарып жібермейді?» – депті. Біреуі 50-дің бел ортасына келген, екіншісі әлі 30-ға толмаған екі басшының арасындағы диалог осындай болыпты.

Көңілім орнына түсіп, екі басшының сөздеріне күліп алғаннан кейін сөмкемнен әр вагоннан 17-21 дана ғана, басқа вагондардан да шыққан сынық шифердің саны тіпті 30-ға жетпейтіні көрсетілген, өзім қол қойған актілерді екі басшының алдына тастадым. Қандай актілерге қол қойғаным туралы әлі ешкімге айтпағам. Вагондардағы сынықтардың саны 30-ға да жетпегенін көріп, екеуі өздерінің сапалы өнім шығарып жатқандарын айтысып балаша қуанды. Осы жұмысқа тұрғалы өзіме-өзім риза болғаным осы болар. Шығып бара жатқанда директордың  орынбасарына: «Автобус Самалды үйіне апарып тастасын және заңгерге 10 сом сыйақы жазыңдар», – деп тапсырма беріп жатқанын естідім.

Осылай бір күн қызығымен, бір күн шыжығымен уақыт өтіп жатты. Бір күні почтаны алсам, Сарыағаштағы ауданаралық сауда базасынан бір вагонда «60 дана шифер жетіспейді» деген телеграмма келіпті. Осы базадан шағым түсе берген соң арнайы бұйрықпен 5 адамнан  тұратын комиссия құрып, солардың көз алдында тиегенбіз. Тіпті 3 шиферді артық салдық. Бұдан да  60 дана жетіспейді дегені адам сенгісіз нәрсе.

Өндіріс орнындағы заңгер бас маман болмаса да жауапты қызметкер саналып, лауазымдық нұсқаулық бойынша директорға бағынғанымен жұмысыма директордың орынбасары басшылық етеді. Негізгі тапсырмаларды беретін де сол. Бұның өзі  заңгердің жұмысына мән бермеу, оның жұмысын өз дәрежесінде бағаламау деп ойлайтынмын. Жұмыстың бәрін директордың орынбасарымен ақылдасып шешетін болғандықтан Сарыағаш ауданаралық сауда базасы туралы мән-жәйді түсіндірдім. Бұл базаға өзім екі рет барып, бәрі дұрыс екенін дәлелдеп берсем де осындай наразылық хат келгенін, үшінші рет директордың бұйрығымен комиссия құрып тиегеннің өзінде 60 дана шифер жетпейді деп хабар келгенін, пломбасы бүтін, сондықтан тасымалдаушының кінәсі жоқ, ал біз жазықсыз кінәлі болып, жауапкершілікке тартылғалы тұрғанымызды айттым. Мүндайды тоқтатуға арналған ұсынысымды айтқанда Николай Петрович ыршып түсті.

ОБХСС (Социалистік меншікті жымқырумен күрес бөлімі) қызметкерін қатыстырып тиеу керек дейсің бе, айта көрме, басымызға пәле тілеп аламыз! – дейді.

«ОБХСС» пен «Народный контроль» десе неге бәрінің төбе шашы тік тұратынын түсінбеймін. Басқа амал жоқтығын айтып түсіндірген соң ғана «мұны директормен ақылдаспаса болмайды, өзім шеше алмаймын», – деді.

Мен олардың рұқсат беретінінен үміттеніп, қаланың Еңбекші аудандық ОБХСС бастығының атына мәселені қысқаша баяндап, «контрольный отгрузка» жасауға бір қызметкер беруін сұрап, хат дайындауға кірістім. Содан екі басшы ақылдасып, заңгер қолға алған мәселелер бірте-бірте шешіліп жатыр ғой, бұны да көрейік деп келісім беріпті.

Жазған хатымызға жауап болмаған соң ОБХСС бастығының қабылдауына бардым.  Қозы қарнын сипалап, терін сүртіп отырған бастық мені тыңдап алып:

– Неше жылдан бері осында істеп келем, мұндай өтінішті бірінші рет естіп тұрмын. Заңгерсің ғой, сондай заң да бар ма? – деп сұраулы жүзбен қарады.

– Ондай заңды мен де кездестірген жоқпын, «творческий подход» қой.

– Бұл не деген сөз?

– Дәл айта алмаймын, кейбір мәселелер заңда қаралған жолдармен шешілмесе заң жүзінде тыйым салынбаған жолдармен шешуге болады.

– Яғни заңсыз жолмен бе?

– Жоқ, заң жүзінде тыйым салынбаған жолмен. Заңда қаралмаған әлде заң шығарушылар ұмытып кеткен немесе көңіл аудармаған, бәлкім қарастыруды артық санаған, тағы басқа осындай жағдайлар. Ондайды істеуге заң бойынша тыйым салынбайды, ешқандай тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.

-Жоқ, беретін адамым жоқ, қызметкер жетіспей жатыр. Бұрын өндіріс орындарында ұрлық жасалса енді мекемелерде де жаппай ұрлық! – деп деміге тоқтап, «кете бер» дегендей емеурін білдірді. Тағы бір рет әрекет жасап көрмек болдым.

– Өзіңіз айтыңызшы, мыналар аз-аздан болса да социалистік меншікті үнемі, үздіксіз талан-таражға салып жатыр. Сіздер де осындай ұрлықшылармен күресіп жүрген жоқсыздар ма? Басқа амалымыз қалмай тұр. Базаның бастығы Ворм деген өте ақылды, білімді, жоғарыда таныстары көп, айлакер адам, оған қарсы не істей аламыз, осылай жем болып отыра береміз бе?! – деп сөзімді әрең аяқтап, жылап жібере жаздадым. Ворм деген фамилияны естігенде елең ете қалды.

– Қайдан дейсің? Сарыағаш? Ворм ба? – деп қайталап сұрады. Бір нәрсені есіне түсіруге тырысқандай көрінді. Жазған хатым да, бағанадан бері айтып отырған сөздерім де оған Вормның фамилиясындай әсер етпеп еді. «Мына кісі хатымызды оқымаған да шығар», – деп ойлағанымша болған жоқ:

Сіздерге штаттан тыс қызметкеріміз зейнеткер Халиковты беремін, міне телефоны, хабарласыңыз, өзіне де ескертіп қоямын! – деп қабағын шытып, біреулерге телефон соға бастады. Қуанғаннан төбем көкке жеткендей болып рахметімді жаудырып, шығып кеттім.

Ертеңіне сол кісіні баяғы автобусымызбен алып келіп, директордың бұйрығымен комиссия құрып, Сарыағашқа жөнелтілетін бір вагонға «контрольная отгрузка» жасауға кірістік.

«Штаттан тыс қызметкер» атамыз үш адам үш қайтара санап шыққан дестелерді, жалпы саны 1970 дана шиферді ешкімге сенбестен өзі санап шықты, кейбіреуін жүрелеп отырып қайта-қайта санайды. Шынын айтқанда, шаршатып жіберді. Актімізді жасап, жұмысымыз біткен соң:

Ата, бүгін бейсенбі, заводтың асханасында «рыбный» күн екен, сізді қалаға шашлыкқа апарайын», – дегем.

Жоқ, қайта сол «рыбный» күн жақсы, сүйегі жұқарған біз секілді шалдарға кальций керек», – деп көнбей қойді. Асханадан тамақтандырып, рахметімізді айтып, автобусымызбен үйіне жеткізіп салдық.

Біраз уақыттан кейін бұл вагонға да Сарыағаш ауданаралық базасынан «30 дана шифер жетіспейді» – деген телеграмма алдық. Оған жауап бермей, базадан келетін ресми талап-арыз бен құжаттарды күттік. Базадан шағым келген соң ОБХСС-тың атына хат жазып, дәлелдемелерді келтіріп, бұл вагонға ОБХСС қызметкерінің қатысуымен  «контрольный отгрузка» жасағанымыз туралы актіні тіркеп, осылар шағымданады-ау деген  тұтынушыларға жөнелткен вагондарға тиелген шиферге қатысты бұйрық пен өнімнің паспортына осы құжаттардың көшірмелерін қосып жібердік. Осыдан кейін қағаздан бас көтертпейтін  шағым азайды, бұрын үстімізден түскен шағымдар жұмасына 2-3 рет қаралса, енді сотқа айына бір-екі рет қана баратын болдық.

Николай Петровичке бір барғанымда ОБХСС-тан Сарыағаш ауданаралық базасы туралы жауап алғанын, бәрі дұрыс шешілгенін айтты. «Олардан енді шағым келмейді» – деп қосып қойды. Осы жөніндегі құжатты маған неге көрсетпейтінін сұрағанымда жымиып: «Сен әлі жассың…» – дейді. Жұмысқа жеккенде жас та емеспін, жас сәбилі ана да емеспін, ал мәселе шешіліп, нәтиже шыққанын көзіңмен көріп қуанайын десем «жассың» дейді! 25-тегі адам жас па? Көңілім жабырқап, ренжіп қалғанымды көрген директордың орынбасары:

Самал, ренжіме. Өзім де толық білмеймін. Базаның директоры келіп, біздің директорға жағдайын түсіндіріп, кешірім сұраған секілді. Біз үшін ең бастысы – енді олардан шағым түспейді. Бізге керегі сол емес пе, басқасының қажеті не? – деді.

Тілімнің ұшына келген сөйлемді ірке алмай:

Кешірімді алдымен ОБХСС-тан сұраған шығар? – деп бұрқ ете түстім. Ішімнен бұл да бір шешілген мәселе болды, әрі қарай қазбалап нем бар, мүмкін кейбір нәрселерді білуге шынымен де жас шығармын деп ойладым.

                        Райхан ҚАМИДУЛЛАҚЫЗЫ

 




ПІКІР ЖАЗУ