ЖАҚЫПЖАННЫҢ ЖҮРЕК ЖЫРЫ
Алдымен сөзді ақынның көктемгі өмірінен, ақын Мұқағалидың наурыз, мамыр көңілінен сабақтағым келеді. Өйткені… Жалпы, Мұқағалидың мен оқымаған өлеңі, бойыма тоқымаған дастаны, қарасөз қайырымдарынан құралған әдеби қазбасы, жалғыз жол әлеуметтік жазбасы жоқ десем де, Жақыпжанның жаңа кітабы қалыптасқан хас ақын Мұқағалиды, қазақ поэзиясындағы төл асқарын – Хан Тәңірін қалап-қашап тұрғызған бас ақын Мақатаевты былай қойып, жас ақын М.Мақатаевтың творчествосының талай жаңа беттерін тауып таныстырып, оның тың да тосын өмір сәттерімен бізді табыстырғаны – елеулі олжа, Мұқағалитануға қосқан үлес дер едік. Бұған қоса тіпті бұрын байқалмаған базбір ақындық бойларын байқатып, самдағай да соны азаматтық сұлу ойларымен сездіруі мені жаңа жақсылықтармен байытып, өлеңдік-өмірлік те қазына екені, жаңа ашылып, көп жаңалықтармен ұшырастыруы – көл-көсір дәлел тілемесе керек.
Біз енді сол Жақыпжан тапқан мол олжа-үлес, Нұрғожаев ашқан қымбат қазыналармен оқырман қауымды да дидарластыра бастайық.
Келіншек – жастық, кереметсің-ау, керемет,
Керексе, пәлі, керемет кімді елемек?!
Ерекше гүлде нәр алып жүрген көбелек,
Керексе болды, үйі де талқан, не керек.
Қызғалдақ – қыздар қауызын ашқан көктемде,
Қырындай қарап, қыздарға жанап өткенде.
Талай да талай бозарып алма беттер де,
Талай да талай қызарған бозаң беттер де.
Қымыздық самал құйылып тұрса қырлардан,
Теңселуші еді қиылып гүлдер бүр жарған.
Талықсып кетіп тамылжып тұрған нұрлардан
Талықсып барып толастап еді бұл жалған.
Жайғасып алып жазира жаздық мақпалда,
Келіншек – жастық базарлап барып жатқанда.
Абдырар еді алыстан қарап ақ таулар,
Бар тірлік тегіс мас болып жатқан шақтарға.
Мен бұл өлеңді бұрын да оқығанмын. Жақсы жыр екенін алғаш оқығанда-ақ мойындағанмын. Алайда Жақыпжанның мына кітабын парақтап, зерделеген соң, көз алдымда бұл жырдың тек жақсы өлең емес, қазақ поэзиясы түгіл әлем поэзиясында сыңары жоқ сұлу, теңдессіз сымбатты табиғаттың суреті екенін аңғардым. Бұл өлеңге тамсану аз, таңдану керек: «Келіншек – жастық, кереметсің-ау, керемет!..». Жастық шаққа қаншалық ойласаң да, қаншама ұлы ақын болсаң да, бұдан да дәл, пәрменді теңеу табу қиын. Мүмкін емес. Себебі, бұлықсыған жас келіншек кезі – әдемі, әлем тірегі әйел баласының ең сұлу да сырбаз кезі. Шынтуайтына келсек, бұл шағында әйел баласы қандай бір қыздан да, жар қосағына айналмаған ару Жульетта мен Қыз Жібектен де ажарлы. Өйткені қауызы енді ашылған қызыл гүл мен күлтелер толық ашылып құлпырған қырмызы гүлде қандай айырма болса, қыз бен келіншекте де сондай айырма бар. Қыз – жаңа көз ашқан бұлақ болса, келіншек – атқылаған ақ бұлақ қой. Бірақ еркек қауымының пенделігі ме, әлде періштелігі ме, күйеуі бар күндей келіншектен гөрі, аппақ Айдай қыздарға көбірек құмар, ынтық. Ғашық болса тіл қата алмай, дірілдеп қалады. Оны жай көргенінің өзі – бір өң мен түстей. Өзі басын бағалайтын, ұнатып қалған жігітті көргендегі қыз басындағы ахуал да нақ осындай. Мөлдіреп тұрады. Автор Мұқағали осы өлеңінде атап айтпаса да, жігіт те жүргенін аңдаймыз. «Бозарған алма беттер» – қыздарға тән болса, «қызарған бозаң беттер» – жігіттердікі. «Құйылып тұрған самал…», «Қиылып тұрған гүлдер…», «Талықсып кетіп тамылжып тұрған нұрлар…», «Толықсып барып толас тапқан…» арман да жалған дүние… «Барын осылай базарлап жатқан келіншек жастыққа, осынау төрт құбыласы тең, байлық пен бақыттан мас болған адам өмірі кезеңіне қаумалаған табиғат та мәз, алыстан қарап тұрған ақ таулар да абдыраса жарасады. Тек «керексе болды, үйі де талқан… көбелек» қана осынау керемет жас та мас шақтың өткіншілігін білдіріп, «бес күндік өмірдің» күрес екенін еске салып тұрғандай.
Айтпақшы, Мұқағалитанушы Жақыпжан Нұрғожаевтың кітабының аты – «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін». Осыған дейін Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен өнері, өзі мен шығармашылығы туралы жүздеген мақалалар (мың демесек те) жазылып, ондаған кітаптар жарық көрді. Әдемі «Мұқағали» деп аталған (екі рет басылды) естеліктер кітабы, үш томдық мақала, эсселер жинағы бар. Толымды дүниелер. Бұлардың ішінде Жақыпжанның да бір томдығы бар екенін айта кету артық емес. Десек те мына шоң кітаптың орны ордалы, жасаған тұжырымдары қордалы. Бүгінге дейінгі Мұқағалитанудағы басты кітап, жаңа да жинақты сөз десек те жаңылыспаймыз. Барлап, бағамдап отырсам, мұның бастауы 43 баспа табақтық кітаптың есімінен-ақ басталыпты.
«Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін!»
Кең дүние – жарық өмір, арман көңіл – жас нәресте есігін ашып, табалдырығынан аттағанда нақ осындай әлем екені күмәнсіз. Шынында да мың бір күндік сәуле, әрбір сәті-секунды миллион теңгеге, миллион долларға сатып ала алмайтын бал дәурен. Кейін, кейін… оның өнер шығаратыны, есіңді алатыны, бақыт пен қайғыға батыратыны. Жұмақпен бірге тамұқпен де табыстыратыны… Жас ақын Мұқағали мұны әлі білмейді, мүмкін, сезетін-ақ шығар. Алайда ол Ақын болғандықтан «Мен келе жатырмын!» деп жар салады. Есігіңді аш демейді, айтары: «Төсіңді аш!». «Ана бол маған! Көптің бірі емеспін, Сана-сезім көсемімін!
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар – бусанып терлегенім.
Аспаныңдай кей сәтте күрсінемін,
Жас талыңдай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние, керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме кірші менің!
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған.
Кең дүние, кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам!
Жас жігіт Мұқағали Мақатаевтың бозбас өлең өруші емес, «Байтақ ел, балауса тау, бозаң даласының» шын Жаршысы болып, әдебиет табалдырығынан аттағанда алғашқы жариялаған ақындық ақжүрек кредосы, адамдық серті, азаматтық өрті осы. Армысың, Кең дүние! Төсіңді аш! Мен келемін!
Автор Жақыпжан Нұрғожаев та кейіпкерін өзі көрген, ақиық ақын Мұқағалимен танысқан, Алаштың ақыны М.Мақатаевпен табысқан 1970 жылдардың ортасынан бері алғаш көкейіне қонып, содан кейін түнеп, содан бергі жылдар бойы жанын мазалап, жүрегін тербеткен негізгі стихиясы, кең де күрделі Басты тақырыбына осылай кілт салып, мәңгілік Мұқағали Мақатаев атты құпиясы мол, қазынасы көл-көсір кең дүние – жерұйықтай Жыр бағының есігінен еніп, армансыз аралапты. Сонда туған жері, өскен елі Мұқағалиға төсін ашқанын көріпті. Сыбағасынан кенделік көрсетпепті. Алайда Мұқағали қатарынан озып, Алатауға бойын созып, Халықтың Ақынына айнала бастағанда нешетүрлі кедергіге: күндестік пен бақталастыққа тап келсе, келесі кітаптары кенеуше – бай, кемелше – сай басылмаса, әріптестерінен қағажу көріп, қаламақыға жарымаса, жібі түзу костюм киіп, талантына сәйкес сұлу сүйе алмаса, мұның бір емес, бақандай екі себебі бар. Біріншісі – адам баласы жаратылып, жер басқалы бастан кешіп келе жатқан (әдетте бағын айтпай, қалдырып кетеміз ғой), теперіш-соры – сайтанға ерген, жамандыққа мерген пендешілігі. Ал, екіншісі әрі ең бастысы – жарлы-жақыбайға бай-бағыланды (Құдай теңестірмесе де) теңестірген советтік жүйе, социалистік қоғам. Міне, сондықтан да Мұқағали күйініштен әуелі жаны, артынан тәні ауырып, емханада жатты. Махаббаттың балын жеп, ғадауаттың да уын сімірді. Бақ пен сорға да белшесінен батты. Бәлкім, бұған адам ретіндегі оның тым адалдығы, жұртқа өте сенгіш аңғалдығы, ешкімге де «сен жамансың» деп айта алмаған аса ақкөңіл мінезі, көк шөпті де жұлмайтын, тентек баланы да жағынан ұрмайтын періштедей адамгершілігі де себеп болған шығар.
Жә, бұл енді – басқа мәселе.
Біз – тақырыбымызға, тікелей Жақыпжан құрдастың кітабына оралайық.
Жас ақын Мұқағали Мақатаев өміріндегі маңызды бір сәт – бізге бұрын мәлімсіз жәйт. Автор оны ақынның өз естелігі ретінде ұсынады:
«Не керек, сұрастыра отырып ел аралаған ағаларымды Мысабек деген жылқышының үйінен таптым. Ермұхан аға мені ұмытпапты. «Сен өлең жазушы едің ғой, кібатыңды шығардың ба?» – деп сұрады. Екі-үш өлеңімнің бір жинақта жарияланғанын айттым.
Қанекең кең иықты, ұзын бойлы, қарыс маңдайлы, әдемі кісі екен. Мен оның ғұламалығына тәнті болдым. Білмейтіні жоқ. Жердің үстіндегіні де, астындағыны да біледі екен. Айта да біледі. Тыңдай да біледі.
Ермұхан аға мені Қанекеңе таныстырғанда ол:
– Мұқағали дейсің бе? Мен жас кезімде сен сияқты бойшаң, көрікті жігіт едім. Атымыз да ұқсайды екен, – деді жылы жымиып.
– Қалайша, аға? – деп таңғала сұрадым.
– Менің шын атым Ғабдул-Ғани ғой. Бала күнімде анам Әлима «Ғаниым, Ғанышым» деп еркелетуші еді. Кейін мектепке барғанымда журналға есімім «Қаныш» болып жазылып кеткен екен. Солайынша қалды ғой.
– Менің азан шақырып қойған атым Мұқаметқали екен. «Пайғамбардың аты балаға ауыр тиеді» деп Мұқағали атап кетіпті.
– Шыңғыс ханның Мұқали деген қолбасшысы туралы естуің бар ғой?
– Иә, аға. Мұқали Шыңғыс ханның ең сенімді, ең адал досы болған.
– Бәрекелді! Сен ақынсың ғой. Бір өлеңіңді оқып берсең қайтеді?
– Жол үстінде туындаған соңғы өлеңімді оқып берейін, аға.
Таныс өлке,
Таныс аймақ,
Таныс маң:
Анау жерде – құрбылармен алысқам,
Анау жерде – құрбы жанмен табысқам.
Алба-жұлба ақша бұлттар жарысқан,
Таулар әне, ұйықтап кеткен данышпан,
Жолдар анау шұбатылып шаңы ұшқан,
Таныс өлке, таныс аймақ, таныс маң.
Шабындықтар,
Егістіктер,
Тоғайлар.
Төбелердің төбесінде – көк айдар.
Ақ сағыммен араласып, аулаққа,
Сағым болып бара жатыр көп ойлар.
Бір тынбайды шегірткенің шырылы,
Жел қозғаған ақ шилердің сыбыры.
Бәрі таныс – кісінеген құлыны,
Ін аузында шаңқылдаған суыры.
Айналайын!
Атамекен, Ақ мекен!
Қандай қазақ іздеп сені тапты екен?!
Туған өлке тәтті екен ғой,
Тәтті екен!
– Ой, пәлі-ай! Атыңа затың сай шын ақын екенсің ғой. Мұқалидай мықты, сенімді, адал бол! – деп батасын берді Қаныш аға. Мәз боп қалдым…» («Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін», Алматы, 2021 ж. 150-151-беттер).
Ұлылар өмірінен келтірілген керемет дерек бұл. Ұлы ақынның әрбір лебіз-сөзі, әрбір өлең жолы, өмірінің әрбір сәті мен соңында қалған заты – алтын, асыл мұра болса, мына жерде жас ақын Мұқағалимен бірге біз жер жүзіне заты мәлім, асыл ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевпен, әйгілі тарихшы-оқымысты, Кенесарыны, кеңес өкіметі кезінде ақтаған Алаш арысы Ермұхан Бекмахановпен жүздесіп отырған жоқпыз ба?! Қос қайраткер, ғалым, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың жабық, тиым салынған «Қилы заман» романының ізімен арада 30 жыл өткен соң жүріп, атақты Албан көтерілісі, халық қырғыны болған жерді көздерімен көріп, санамен зерделеуге арнайы сапарға шығыпты. Шамамен, 1958 жылы. Міне, осы жолы мектепте жұмыс істейтін Мұқағали олардың келгенін естіп, жазғы демалыс кезін пайдаланып, іздеп шығып жолығады. Міне, осы жағдай аталмыш кітапта кеңінен байсалды бедерленген.
Осы жерде аттап кетуге болмайтын тағы бір эпизод бар:
«Қаныш ағаның әңгімесін ұйып тыңдап отырғанда үй иесі Мысабек қазір ас келетінін айтты. Леген ұстаған он жасар қара бала қонақтардың қолына су құйып, орамал ұсынды. «Үлкен азамат бол! Өркенің өссін, елің гүлдене берсін!» деп батасын берді ғалымдар. Төр ортасына аласа дөңгелек жозы қойылып, дастархан жайылды. Мысабек табаққа салынған бағлан басын «Иллаһи әмин!» деп Қанекеңнің алдына әкеп қойды. Тай табақпен жас бағлан етін мүше-мүшесімен дастархан ортасына әкеп қойғанда «бас пен жамбас бірге жүреді» деп Мысабек Қанекеңнің алдына қойылған табаққа жамбасты да қоса салды.
Қаныш аға біздің өңірдегі бас тартудың өз ерекшелігіне – шеке құйқасын төрт бөліп, төбесіне ауыз толарлық ет қойғанына назар аударды. Оны байқаған Ермұхан аға: «Қанеке, бұл елде қадірлі адамына үй иесінің баласы бас қойып, бата сұрайды. Батасын берген соң, бастың төбесіне қойылған етті балаға ұсынады. Ал, үй иесі тай табақтағы етті өзі тартады. Шеке құйқасын төртке бөлудің ырымы: «Ұлың еліңнің төрт төңірегіне бас болсын» дегенді білдірсе, төбесіне қойылған ет «Ризығы, несібесі мол болсын» дегенді білдіреді», – деп түсіндірді.
– Пәлі, Ермұхан, сен елдің салтын менен жақсы біледі екенсің, – деп күлген Қанекең бастың төбесіндегі етті әлгі қара балаға ұсынды.
– Рахмет, Қанеке! Сіздің жолыңызды берсін! – деп тілегін білдірді үй иесі…». (Аталған кітап, 152-153-беттер).
Бұл жерде Албан елінің қонақ қабылдау, бас тарту дәстүрін білудің өзі бір ғанибет екені өз алдына, біз үшін екінші бір маңызды нәрсе – осы үш ұлыны күткен үйдің кімдер екенін білу деп білеміз. Біздіңше, Қаныш, Ермұхан, Мұқағалиды қонақ етіп күткен нақ қазақ шаңырағы – талдап-таразылап отырған кітаптың иесі – Жақып Нұрғожаевтың үйі, Мысабек – оның әкесі, ал қолға су құйып, бастың төбесіндегі етті асаған, қасиетті Қаныштың батасын алған қара бала он жасар Жақыптың өзі. Біз мұны жері, елі бір екендігіне қоса үзеңгі жолдас, дос қаламгеріміздің кейде мақалаларына «Ж.Мысабекұлы» деп қол қоятынынан білетінімізді есімізге түсірдік. Мұның анық-қанығын өзінен сұрамай-ақ артынша «Аққу-арман» хикаятының «Қазақтың коды» аталатын тараушасынан-ақ біле аламыз.
«Кәкімбектің көзі қабырғада ілулі тұрған портретке түсті.
– Мұқағалидың портретін іліп қойып, дұрыс істепсің, Жақан.
– Иә, аға, талдықорғандық бір суретшіге арнайы тапсырыс беріп, жасатқам. Хан Тәңірі шыңымен иық тіресіп тұрсын деген ойымды айттым. Тақа шедевр болмаса да, көңілімнен шықты әйтеуір.
– Мұқағалидың жұмыс үстелінде Абайдың бюсті тұрады екен. Соған қарап отырып, шабытын қамшылап отыратын көрінеді. Сол сияқты сен де Мұқаңның портретіне қарап шабыттанып отырасың-ау.
– «Шабыттанып» дегеннен гөрі «қуат алып» деген сөз дәлірек келеді, аға. Ақиық ақын алдында есеп беріп отыратын да кезім жиі кездеседі.
– Бұныңды тәуір көріп отырмын, інім. Ақындықтың да, ақылдылықтың да пайғамбары Абай: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал», – деп кеткен ғой.
– Паһ, шіркін! Сізден сөз қалған ба, аға?! «Ақындықтың да, ақылдылықтың да пайғамбары – Абай» деп әдемі айттыңыз. «Мағжан – ақындықтың Абылайы» дегеніңізді естуім бар. Мұқағалиды кіммен шендестірер едіңіз?
– Мағжанды «Жиырмасыншы ғасырдың Абайы» деп те жүр ғой. Олай болса Мұқағали – жиырма бірінші ғасырдың Абайы. Мұқағали да Мағжан сияқты халық мұңын Абайша жырлап өтті. Ол – бір. Екіншісі – өзі «Мен жиырма бірінші ғасыр ұрпақтарының құрдасымын» деп айтқанындай, осы ғасырда оза шауып келген одан өзге ақынды мен білмеймін. Өйткені бүгінгі жас ұрпақтың аузына ең алдымен ілігетін ақын Мұқағали. Біз бұны қалайық, қаламайық, ақиқаты – осы.
– Бұныңыз да тың ой, шын ой екен, аға».
(Ары қарай Кәкімбек аға Салықов Жақан (Жақыпжан Нұрғожаев) екеуі «Кеген шайын» емес, «Кеген кофесін іше отырып, әңгімелерін жалғастырады. Жұртқа мәлім қалжыңбастар қатарынан табылмаған соң, Жақаңның бұл қалжыңын біз де шын көріп қалсақ, шетін жәйт емес. Несі бар, кофе Кегендікі бола алса, ол Кегенге емес, кофеге мәртебе ғой).
Кәкімбек алдындағы кофесін ұрттап қойып:
– Қаныш Сәтбаевтың Кегенді аралағанын білесің ғой, – деп сұрады.
– Білгенде қандай, аға! Мен бала кезімде Қаныш ағамның сол сапарында ақ батасын алғам.
– Міне, ғажап! Қалайша?
– Менің әкем Мысабек жылқы бағатын. Біздің үй жайлауда отырғанда Қаныш аға, қасында Ермұхан Бекмаханов пен Мұқағали ағаларымыз бар, бір күн қонақ болған…» (Аталған кітап, 242-243-беттер).
Автор мен ақиық ақындарымыздың бірі Кәкімбек Салықов арасындағы әңгіменің маңызды бір жері – Кәкімбек ақын аузымен Абай, Мағжан, Мұқағалиға берілген бағалар болар. Дуалы ғана емес, ақиқатқа мейлінше сай халықтық бағалар. Әрине, мұны Кәкімбек бірінші беріп отырған жоқ, реті келген соң оның аузымен алға тартылып отыр. Іс жүзінде бұлар – көптің көкейіндегі, Мағжантанушылар мен Мұқағалитанушылар кейінгі кездері түгелге жуық тоқайласып, мойындаған, әдебиеттану жүзіне ұсынған бағалаулар. Десек те бұл екеуі де Абайдан асып, озып кете алмағанын, жекелеген тұстарда, әсіресе халықтың қарапайым өмірін – қайран көңілін терең тап басып, мұңы мен сырын нәзік танып, мұқтажы мен асыл арманын аялап тербетуге келгенде, өзіндік өресімен жаңа, жарқын өріске шықты демесек, қалған тұстарда бұлар да Абайға маңайлап жете алған жоқ. Балалыққа, жастыққа, ер жігіт ес-сесіне келгенде емес, әсіресе Алашқа ағалыққа, Адамзатқа жағалық, адамдық даналыққа келгенде Мағжан, Мұқағали түгіл (өзіміздікі ғой деп төмен санауымыз емес) Әбілхасан Фирдауси, Александр Пушкин, Жорж Байрон, Иоганн Вольфганг Гете, Рабиндранат Тагорларыңыз да Абаймен иық теңестіре алмайды. Біздің бұл байламдарымыз – базбір өзіміздің білгірлерге, әсіресе басқа: парсы, орыс, ағылшын, араб, хинди тілдеріндегі миллиондаған оқырмандарға айту – күпірлік, қазақы бөспебайлық көрінуі де ғажап емес. Десек те бізге осы бағалау-шындығымызды дәлелдейміз деп тақырыптан ауытқып, арнайы монография жазып жатудың қажеті шамалы. Сондықтан да осы ретте Мұқағалидың тек өзіне жүгініп, оның Абай туралы да емес, Аманжолдың Қасымы туралы мына бір мәшһүр жолдарын келтірсек те жеткілікті шығар деп ойлаймыз:
Дейсіңдер-ау Қасымның несі басым?!
Қасым солай болмаса, несі Қасым?
«Ақынмын!» деп қопаңдап жүргендердің
Әммесінен Қасымның десі басым.
Адамды білмеймін, алып, абыз Ақынға керегі – үш нән де нәзік нәрсе: Ес (адамзаттық ақыл-сана), Сес (ерлік, сұлу сезім – жалын жүрек), Дес (нұрлы қайрат, өзіндік өң-өрнек). Қыршын өткен Сұлтанмахмұт Торайғыровта да, Мағжан Жұмабаевта да, қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровте де, Аманжолдың Қасымында да, от болып жанып кеткен Төлеген Айбергеновте де осы үш қуат-қасиет, құнар-құдірет кенен де кемел болатын. Тағдырлары ортақ: Социалистік серті – Батыраштар мерт етпесе, қоғам тап қылған ажал ерте алып кетті. Айырма – базбіреулері жанартау жүрегінен шалқар шуақ шаша алып кетсе, енді біреулері он екіде бір гүлін аша алмай кетті. Мұқағали Мақатаевты да өлім қақпанына ертерек түсіргенмен, ол махаббаттың торғын түнін тамылжытып, Халықтың Үнін айта алды; қазақ поэзиясының дара бір Алтын Күніне айналып, ХХІ ғасырда да шалқар шуақ шашып тұр…
* * *
Кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімі «Мәңгілік аза күй», «Аққу – арман», «Гәкку – ғұмыр», «Жыл құсы» атты эссе-хикаяттардан түзілсе, оның екінші бөлімінде алуан әңгіме-эсселер бас қосқан. Мұндағы «Мәңгілік аза күй» кітаптың басты хикаяты болғандықтан ба, біз оны талдап-таныстыруды мақаламыз соңына қарай қалдыруды жөн көрдік. Ал, «Аққу – арман» негізінен Мұқағали Мақатаев пен қазақтың ұлы композиторы Нұрғиса Тілендиевтің адамдық та азаматтық, шығармашылық та суреткерлік қарым-қатынасына арналса, «Гәкку – ғұмыр» өлең сөздің патшасы Мұқағали Мақатаев пен қазақ әнінің шаһы – ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов достығын, өмірлік те өнерлік ынтымақтастығын паш етеді. «Жыл құсы» хикаятында Мұқағали Мақатаев пен жазушы, есейген шағынан бастап қазақ жырының Хан Тәңірін аялап өткен Бексұлтан Нұржекеев ағалық-інілігі, танысып-табысуы тілге тиек етіледі. Төрт хикаят мазмұндық, мағыналық тұрғыдан ғана төрт бөлек, жеке-жеке ерек дүниелер ғана емес, жанрлық-пішіндік, көркемдік-кестелік өре, өрілуі тұрғысынан төрт түрлі бағыт, қалып танытады. Сондықтан да «Мәңгілік аза күй» реквием-хикаят болса, «Аққу – арман» – өрнек-хикаят, «Гәкку – ғұмыр» әпсана-хикаят. Ал «Жыл құсы» – деректі хикаят. Бейнебір қазақтың домбырасынан құйылған ән, төгілген күйдей сыр шертіп, жүректі тапқан төрт хикаят мазмұндарына сай жарасымды, сұлу форма, түр тапқан.
«Аққу – арман» жарқыраған әдемі ат қана ма? Жоқ, Жақыпжанның бұл хикаятындағы ақын Мұқағали мен сазгер Нұрғиса Тілендиевтің өмірлері де, көңілдері де аққу қанатты, арман санатты. Әнге жазылған мәтін-сөздері де, Нұрағаңның Мұқаңның сол мәтін-сөздеріне шығарған әндері де аққу бітімді, арман сымбатты. Егер Нұрғиса Тілендиев: «Мейлі, наныңыз, мейлі, нанбаңыз, Мұқағали екеуміз тура отыз күн бойы біздің үйде өндіре жұмыс істедік. Мен отыздан астам ән шығардым. Сол әндердің бәріне ол мөлдіретіп тұрып өлең жазып шықты», – десе, мұның жалған емес екенін, айдай анық ақиқат екенін біле тұра сену қиын. Саны жөнінен де, сапасы жөнінен де жержүзілік рекорд. Бұл – әлем музыкасы тарихында бұрын болмаған құбылыс. Феномен. Өмірде жүзеге асқан арман.
Қандай інжу-маржан сөздер! Гәкку сөздер! Аққу әндер!
Қандай ғажап, ғаламат әндер!
Көңілімді бақытпен алдандырып,
Арман қуып келемін, арман қуып.
Арман бар да арманға тоқтау бар ма,
Жан бар ма екен арманға салған құрық?! – деп жазыпты Мұқағали Мақатаев. Адам баласы аса қызық, жан-дүниесі жұмбаққа толы жаратылыс қой. Кейде өзгелерді түсінбек түгіл – өзін-өзі де түсінбей қалатыны бар. Әйтпесе қолы жетіп тұрған, орындалған арманын, басына қонып тұрған бағын да білмей, байқамай қалуы бек мүмкін. Біраз уақыт өтіп кеткеннен кейін немесе басынан ұшып кеткенде бір-ақ біледі. Көңіліңді бақытпен алдандырған расында да жақсы. Бір арман біткен соң, екінші арманды армандайсың. Адамның мінез-құлқы осындай сипатқа сайса, Мұқағалидың да талай арманға құрық салғаны, сол армандардың оны аялағаны да шындық. Өкініштісі – қол жеткен соң, небір асқақ арманның да арман болудан қалып, кәдімгі үйреншікті көп құбылыстың біріне айналатыны. Демек, бұл да – өмір заңдылығы. Шіркін, адам баласы осы игілігіне айналған, меншігіне көшкен арманды сол Арман қалпында аялап, қадірлей білсе ғой. Өйткені кеше ғана сол үшін жан сала күрескенін, мәселен, туған жері үшін, қырдан самал боп ескенін, «Керек болса, сен үшін өлемін!» дескенін адам қалай тез ұмытады?! Мұның бәрін жиып қойғанда, Мұқағалидай ақын бола алудың өзі – Арман емес пе?! Ендеше, осы өмірде жүзеге асқан арман – Ақындық үшін лайықты бақ пен тақ, бақытты өмір мен халық көңілі қажет десек, онда сөз басқа.
Сонымен, кірпияз, тентек, өр Нұрғиса Тілендиев маздақ та маңғаз ақын Мұқағалиды өзіне лайықты серік, берік ақын, керек ақын деп танып, іздеп тауыпты. Мұның өзі – амал жоқ, қайталауға тура келеді, қазақ поэзиясы мен музыкасы қандай ырыс әкелді, қандай керемет те кемел байлық-қазына сыйлады – біз соған кезінде куә болдық. Ал осы асыл мұра бүгінгі күнгі халыққа да сұлу ұлттық рух сыйлап, рухани-адамгершілік тұрғыдан қаншалықты байытып жатқанын көріп отырмыз. Жақыпжан осыған орай қос ұлы өнерпаздың, қазақ поэзиясы мен музыкасындағы өнерлік Жаздың дүниеге келу, оларға «Мұқаметқали», «Нұрғиса» деген аттар қойылуынан бастап, тың қызғылықты өмір деректерін ұсынып, өну-өсу белестерін көзге елестетіп, шығармашылық лабораториясына сындарлы саяхат жасатқан.
Қос ұлы қазақтың да жарық дүниеге келуі, өз аттарын иеленуі, ерекше болыпты. Сол кездердегі Мұқаңның Тиын әжесі мен Нұрағаңның анасы Салиханың бастан өткергені айта қаларлықтай да, таңданарлықтай да оқиға. Бұл енді ғасырларға созылған көшпелі тіршілік тарихқа айналар шақта ғана орын алған соңғы оқиғалар шығар-ау. Тіпті Салиха ананың Нұрғисаға босануы – төтенше жәйт. «Босанған соң елмен бірге келерсің» деп Үшқоңырға жер-жайлау көруге кеткен күйеуі Тілендінің сөзін тыңдамай, жолға шыққан Салиха ана Шолақ Қарғалының етегіне іліне бергенде толғақ қысып, маңында ауыл түгіл су да жоқ, айдалада босанады. «Есін жиып, көзін ашса, шарана-нәресте кеудесінде жатыр. Үні шықпағанға «өліп қалған шығар» деп қараса, кіндігі аттың қылымен байланған. Аузын аша қарманып, ана көкірегін іздеп жатыр. О, тоба!..» («Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін», 64-бет). Сонда қалай босанды? Нәрестенің кіндігін кесіп, жылқының қылымен байлаған кім? «Манағы көз алдына көрінген ақсақалды кісі ме? Ол – адам ба, жоқ Қызыр әлексалам ба?!» Ғайыптың көмегімен осылай дүниеге келген Тілендінің үшінші ұлы әке үмітін ақтап, атына сай өз әулетіне ғана емес, қалың әлеуметке нұр құйып жатса, мұнда қайран қаларлық түк те жоқ тәрізді. Қысқасы, Мұқағали да, Нұрғиса да зор талант иелері ғана емес, тар жол-тайғақ кешулі тағдыр иелері. Жақыпжан қос талант өмір-тағдырын тақырыпшалар арқылы кезектестіре әңгімелеп, кейіпкерлерінің адам ретіндегі кескін-дидарын да, азамат суреткерлер ретіндегі күрделі де көрікті, кемеңгерлік келбет-тұлғаларын да жан-жақты да жарқын мүсіндегенін разылықпен айта аламыз.
Міне, кірісу – «Жұмбақ жүздесуден» кейін «Бастау» тарауындағы тақырыпшалардың біразын алға тартайықшы: «Жұмбақ жүздесу» (екеуінің алғашқы жолығысуы), «Сенің атың – Мұқаметқали», «Нұр құйса», «Әжесінің мінезі», «Бұлақпен қоштасу», «Үй төбесінде» (осында отырып домбыра тартқан Нұрғисаны Ахмет Жұбанов көріп, қамқорлыққа алады), «Өсиет», «Бата», «Таңғы қонақ», «Өмір университеті», «Әкесіз ұрпақ», «Жігер»; «Аққу-тағдыр» тарауындағы тақырыпшалар: «Белгісіз күй», «Аңқау, сенгіш», «Твардовскийдің қазасы», «Меншік ақын», «Жас толқын», «Тентек балдыз», «Қарасаз», «Жоғалған сенім», «Үзілген үміт», «Күнделік», «Болашаққа арыз»; үшінші тарау «Гәкку-ғұмыр» жоғарыда айтылған отыз сөз – отыз ән туу, жазылу процесінен жақсы хабардар етеді: «Толқыныс», «Келісесің бе, жас қайың?..», «Алғашқы ән», «Дариға, домбырамды берші маған», «Шабыт», «Мен сендерді іздеймін», «Қос аққу», «Гәкку-мұң», «Саржайлау», «Ұлылық», «Күздің сыйы», «Іштарлық», «Қасымның десі»; төртінші тарау – «Дариға-жүрек»; бесінші тарау – «Ақын-табиғат», тағысын тағылар…
Бұл жерде «Қайсы бірін түгендейін» деген де сөз сұранып тұр.
Мұқағали өлеңдерінің көркемдігінде мін жоқ болса, Нұрғиса әндерінің қай-қайсысы да – классика. «Дариға, домбырамды берші маған…», «Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың…» т.с.с.
Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші, балам,
Бейуақ іңірдегі көңіліме
Күй болып күңіреніп енші, далам.
«Дариға, сол қыз!..». Қазақтың өміріне Қасым ақын енгізген осы бір қастерлі ұғым, арманды ғұмырдың бір жарығына айналған ару-қыз алаштың Дариға Тілендікелініндей керім келіншектері болып жалғасты. Ұлы сазгердің жан жары. Ұлы сазгер сұраған дариға-домбыра. Әсем ән әуелегенде бала да, туған дала қойнына сыйып кетті. Біздің бейуақтағы көңілімізді жарқыратып жіберіп, әлі мәуелеп тұр.
Күй төресі «Саржайлау» – Тәтімбеттің ұлы шығармасы: сары жаздағы самалды, сабатты жайлау болып есімізде сақталған. Ал, Нұрғисаның «Саржайлауы» – ән төресі. Ұлы композитор Н.Тілендиев сазды, назды, жазды әлемнің бір Төбесі болып көңіл төрінде шалқаяды.
Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген!
Кең өлкем, әлдилей бер, сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.
Саумал бұлақ – балдай дәрім,
Салқын самал – баурайларың.
Саялаған, беу, туған жер,
Сағындырған, Саржайлауым!
Әнді білмейтін болсаңыз, мына жолдарды және бір оқыңызшы. Сары жаз. Жасыл кілем. Саумал бұлақ. Салқын самал. Адам баласы бағзыдан аңсаған, Асан Қайғы бабамыз сарсылып іздеген Жерұйығыңыз да осы емес пе?!
Біз неге бұлай байлам жасадық? Бұл Ақын сөзінің құдіреті екені күмәнсіз. Өйткені, жүректі жарып шыққан сұлу сөз де – тұтас бір Сән. Сән дегенде, әдетте сыртқы әсемдік, модалық жарасым үлгісі еске түссе де, өз басымыз бұл жерде ішкі, мазмұндық – табиғаттың көрік-келбетін тамылжытып жеткізе алған жанды сәнділікті, тірі суретті табиғатты айтып тұрмыз. Өйткені, өкінішке қарай, Жақыпжан Нұрғожаевтың кітабының ішіне, менің мақаламның тиісті тұсына да Мұқағалидың осы сөз-солқын сәніне ажырамай ілесіп астары домбыраның екінші ішегіндей – әні бірге ене алмайды. Біз сондай ғажайыптан – Нұрғисаның нәзік, әлеуетті, әдемі әнінен мақұрым қалуға мәжбүрміз. Ал ол қосылса, онда жерұйық жер бетіне жұмақ өмір орнағанмен бірдей… Мұқағали сондықтан да (мүмкіндік болса): «Әнді тыңда әуелі, ән өлмейді. Әнсіз – тамұқ, кең болсын әлем мейлі. Әлемді кезіп жүрген махаббат бар, ән соны әрқашан да дәлелдейді», – тебіренсе керек. Тек тыңдап қана әнмен таныса, табыса аласың.
Біздің басты кейіпкеріміз – Мұқағали Мақатаев болғандықтан тұла бойы түгіл күллі клеткасы – әсем ән дертіп, сиқырлы саз шертіп тұратын Нұрғиса Тілендиевтің «Есіңе мені алғайсың» әнін тыңдағанда да қайран Мұқағалидың сөздік болмысы, сәндік толмысы бірден санаға оралып, еске ала бастайсың. Ең ғажабы: әрбір тыңдап, көңіліне тоқып отырған адам әуелі, әйтпесе қоса-қабат жас бала болса – анасын, жас жігіт болса – аяулысын, елшіл ел ағасы болса – Алаш арыстарын, әйтеуір кім-кім де қымбат жанын елжіреп, сағына еске алады. Өзі тап келген жайсаң жыл маусымы, өте ыстық туған жер табиғаты әсер етіп, қозғап… Ақын осылай сұлу суреттегендіктен осындай сезім, сыр мен сымбат бесігінде тербелгенің қаперіңде де жоқ… Міне, бұл енді ақындық қасиеті, таланттылық тылсымы болса керек.
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге,
Қоңыраулатқан аспанды
Найзағай шаншып өткенде,
Есіңе мені алғайсың.
Мұндай көктемді қалай еске алмайсың?!
Тұнжырап тұрған орманға
Тұнжырап жалғыз барғанда:
Мен бар деп мынау жалғанда,
Жоқ деген сөзге алданба,
Есіңе мені алғайсың.
Жапырақ жауып жатқанда,
Күз келген күрең шақтарда,
Ағаштар мұңға батқанда,
Есіңе мені алғайсың.
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда,
Бозарып тұрып ақ таңда
Есіңе мені алғайсың,
Есіңе мені алғайсың!
Жарқын жаз. «Тұнжырап барсаң да орманға, Мен бар деп мынау жалғанда есіңе ал» деп тұр қымбат адамың. Қалай есіңе алмайсың?! Күрең күз. Сары жапырақтар үзіліп түсіп жатыр. «Ағаштардың мұңға бататыны» сондықтан да шығар. Бұл кезде де оны қалай есіңе алмайсың?! Ақырған аязды қыс. Бірақ осындай қыс та жүрегіңе жақын, жат емес. Тоңып, «бозарып тұрып ақ таңда» тағы да есіңе аласың.
Мұқағали бізге, міне, осылай ақ жүрегін ашып, жан дүниесін жарқыратып жайып салып, сәлем айтады. «Өздеріңнің асыл жандарыңды ғана сағынбай, көктем келгенде, жаз шыққанда, күз оралғанда, қыс түскенде, сендерді өліп-өшіп сүйген, жырына қосқан мына мені де естеріңе алғайсыңдар» деп. Бұған сөзі де, өзі де лайық ақынның тілек-өтінішін орындайық онда, ағайын!
* * *
Адамның көңілі бөлек те, өмірі бөлек. Егер адамның өмірі мен көңілі сәйкесіп, тең жатса – тамаша! Алайда өмірінен кейде көңілі көтеріңкі болады да, кейде төмен түсіп кетеді. Өмір болған соң осылай болуы қисынды десек те, екеуі де ортақ өлшем-таразы бәрібір бар. Біздіңше, ол – сол адамның бастан кешкен өмірінің шындығы, нақты бітірген ісі, қалдырған ізі. Адам жалғыз емес, отбасында, қоғамдық ортада ғұмыр кешіп, жұмыс істеп өмір сүретіндіктен өз тұрмысын өзі қалыптастырып, тіршіліктегі орнын өзі анықтаса да, әлеуметтік жүйе, саяси ие деген бар. Міне, осы әлеуметтік-қоғамдық жүйе мен саяси-рухани ие тән түлетіп, жан бағатын тұрмыс пен өмірдегі тынысты белгілері бар. «Еңбегіне сай өнбегі», «бергеніңе қарай алары» десек те, алып ақын Мұқағали Мақатаев пен ол туралы кітаптың екінші бір кейіпкерлері – тау Нұрғиса Тілендиевтің, ән королі Шәмші Қалдаяқовтың өмірлері неге жоқшылықта өтті, көңілдері – рас, кейде тұңғиық Атырау теңізінің тереңінде шарлап, асқар Алатаудың биігінде барлап, самғаған да шығар, асқан да, тасқан да болар, бірақ көбіне-көп неге төмен болды?! Иә, неліктен?! Көздерінің тірісінде-ақ басқан іздері өшпестей жанып тұрса, қалдырған іздері жарқырап ұлы дала мен қалаларды жарық етіп тұрған жоқ па? Ендеше Мұқағалидың өмірден иіні бүтінделіп, бір жаңа, жақсы костюм кие алмай өтуі қалай? Алуан атақ, құрметтерді қойшы, халық төбесіне көтерді ғой десек те, Шәмші Қалдаяқовтың бір баспанаға жарымауы қалай? Бұлардың бітірген істері – елге берген асылдары әлі көз қарықтырса, қызмет етіп жатса, мемлекет үшін терген қазыналары қазір де қоғамның баға жеткісіз байлығы, әншілердің айлығы, билік иелерінің шайлығы болып тұрған жоқ па?! Мұқағалидың әрбір өлеңі – бір қаралыққа, 20 мыңдық теңгеге, бір миллиондық долларға татыса, Шәмшінің әрбір жүздеген шырайлы әндерінсіз егемен еліміздің күні батып, таңы атпайтыны анық қой. Бұл шындықты мойындасақ, олар өмір сүрген кезеңдегі өмір – қасқа, өлшем – басқа еді ғой десек те, олардың көзі тірісінде таланттарына сай, бітірген еңбектеріне сәйкес бағалануы туралы сөз болуы мүмкін емес.
Әрине, кешегі күндер – тарихта да, қазіргі күндер – бүгінгі шақта да бәрі-барлығы тарихи және салыстырмалы. Демек, әңгіме – олардың көзі тірісінде керемет болмаса да қанағаттанарлық бағалануында. Біз енді өткеннің еншісінде кеткен бұл жайттарды қайта қаузап, бас ауыртпастан Мұқағалидың да, Нұрғисаның да, Шәмшінің де халық тарапынан (кейде мұның өзі олқы соғып, біржақтылық танытып жатса да) жеткілікті қадірленіп, алақанға салынғанын айтпасақ әділетсіздікке саяды. Оларды аман сақтаған да әрине, әуелі таланты, содан соң халықтың осы шын, шынайы махаббаты. Рас, халық – миллиондаған әртүрлі адам, сондықтан бұл мойындау, құрмет жеке өкілдері арқылы жүзеге асырылады. Солардың сүйіспеншілігі, алқалауы арқасында аталмыш таланттар қиын болғанмен қызық та, аласапыран, айрықша ажарлы, думанды ғұмыр кешті.
Міне, қызық та ғажап мысал. Алтын күздің аяғында аспан еркелері құстар ғана емес, сығандар да жылы жаққа қайтады екен.
«– Өй, Шәке, сен оны қайдан білесің? – деп таңдана сұрады Мұқағали.
– Е-е, Мұқа, бұл Шәмші не көрмеді? – деп күлді ол. – Мен жастау кезімде сыған таборында бір жаздай өмір сүрген адаммын…» (Аталмыш кітап, 287-бет).
Шәмшіні сонда сыған таборына кім, не апарып жүр? Құдай. Сонан соң – Махаббат.
Тұзы жеңіл консерваторияның студенті Шәмшінің бұрыннан «ішкіш» деген атағына енді «төбелескіш» деген «мәртебе» қосылады. Арашалап жүрсе де, жанжалды бастаушы боп табылып, оқудан шығарылады. Жығылғанға – жұдырық, ақысын төлей алмай, жалдаған пәтерінен де қуылып, көшеде қалады. Баспана құнын төлей алмаған жас жігітте қайдан ақша болсын, қалтасының түбін қақса, қалған қарабақырлар небәрі отыз тиынды құрайды екен. Ол кезде бұл – он тұшпара (манты) сатып алуға жететін ақша. Содан Шәкең көк базарға тартады. Өз аузынан әңгімелеуіне бақсақ, ахуал былай өрбиді:
«Базарға кіре бергенімде біреу иығымнан түртіп қалды. Таныс біреу ме десем, бір бүйірін таянып, бір алақанын жайып, қызылала көйлек киген сұп-сұлу сыған қызы тұр. Сиқырлап алғаны. Жын ба, пері ме?
– Дай, дорогой, погадаем, – деп көзін қысқанда арбалып қалғандай болдым. Қарнымның ашқанын да ұмытып кеттім. Қалтамдағы қара бақырлардың бәрін уыстап тұрып «Мә» деп алақанына сала қойдым. Сөйтсем «Сперва скажи имя» деп бұлданып, алмайды. «Оу, атым не керек?» деп ойладым.
– Сама найди мое имя, – дедім жорта қырсығып.
– Ай, а ты знаешь, если мы сами находим имя, человек сразу умирает, – деді ол отты көзін жарқ еткізіп. Шошып кеттім.
– Э-э, постой, я жить хочу. Меня зовут Шәмші, – деппін сасқанымнан.
– А, ты мне нравишься. Дай мне руку, – деді ол өзімсініп.
«Нравишься» деген сөзі майдай жағып кетті. Арсалаңдап алақанымды ашып көрсетіп ем, білегімнен ұстай алғаны. Қолы күйдіріп барады.
– Ты тоже мне нравишься. А как тебя зовут? – деп сұрадым «шын атын айта қоймайды-ау» деген далбаса оймен. Ол маған сиқырмен қарағандай:
– Ай, цыганки свое имя не говорят. Если говорят, то неправду говорят. А тебе я правду скажу. Я – Изольда, – деді.
Мені сиқыр басты ма, әлде сұлулықтан басым айналды ма, «Изольда, Изольда» деп іштей қайталай бердім. Па, шіркін, өзі де, аты да қандай сұлу!
Изольда болса менің алақаныма үңіле қарап:
– У тебя долгая дорога. Шам, долго будешь жить, – деді.
Мен күлдім:
– Ай, а до пенсии доживу?
– Дорога долгая, но не ровная. Богатство не наживешь. Ни врагов, ни друзей не найдешь. Всех потеряешь, – деді ол ойлы жүзбен.
– Ну, ладно, это все будущем, а что сегодня? – деп сұрадым айтқанына аса сене қоймасам да.
– У тебя сегодня нет, а завтра неизвестно, – деді ол көзіме тік қарап.
Осы сөзіне біртүрлі боп қалдым. Өзімнің аянышты халімді тап басып айтқандай.
– Почему так говоришь? – деп сұрадым жабырқау жүзбен.
– Ай, для этого не надо быть гадалкой. Ты мне свои последние деньги отдал. А из кармана крошки сыпятся. Кто же хлеб в кармане носит? Не от хорошей же жизни ты пришел сюда, правда ведь? – деді ол басын шайқап.
Оның маған аяушылығын білдірген түріне қарап мен де басымды изей бердім.
– На, возьми обратно свои деньги, а то голодным останешься, – деп көз ілеспес жылдамдықпен тиындарымды қалтама сала қойды. Тіпті қолын кері қайтарып та үлгермедім.
– Я знаю, ты гордая птица. Но ты сейчас жалкий воробей. Я знаю, ты выстоишь. Крылья расправишь и полетишь высоко-высоко. Твоя жизнь – одни взлеты и падения. Так говорят линии на ладони. Это – линия судьбы. Их начертал Бог, – деді ол маған ойлана қарап.
Сенер-сенбесімді білмей, аңырдым да қалдым. «Құдайым-ай, тағдырыма айқыш-ұйқыш салып берген сен неткен қатал едің!» деп іштей налып тұрмын. Маңдайыма жазып бергенді алақаныма қарап оқып берген мына сыған қызына несіне өкпелеймін. Ақша үшін емес, тегін-ақ оқып берді ғой. «Взлеты» дегені ұнап тұр. «Падениясы» көкейіме қонбайды-ақ. Менің абыржып тұрғанымды көріп жұбатқысы келді ме, Изольда:
– Шам, ты поешь? – деп сұрады. Маған осы сұрағы да, «Шам» деп өзімсіне ат қойғаны да ұнап кетті. Сонда да:
– Немножко, – дедім мақтанғандай болмайын деп.
– Сегодня погости у нас в таборе. Цыгане любят петь. Послушаем казахские песни, оценим их, – деді ол мені шын көңілімен қонаққа шақырып. Мен байғұсты елегеніне қуанып кеттім…» (Аталған кітап, 283-285-беттер).
Ұлы Шәмші Қалдаяқовтың өміріндегі бір оқыс, бірақ оқшау да ордалы оқиға осылай басталып еді. Бұл Құдай өлтірсін бе дегеннен гөрі тағдырдың бір қисынын келтіргені, Жаратушының жас та жалын жүрек, адал да аңғал, алайда композиторлықтан да гөрі адамгершілік (яғни, азаматтық) талантқа сақы жігітті жарылқауы еді. Ақ өмір, пәк ниетке сай.
Сонымен, Шәмші Изольдаға еріп сол кездегі Алматы түбіндегі – Чапаев колхозының бергі шетіне келді. Жолшыбай Изольда оған табор тәртібін таныстырып, өзін қалай ұстауы керектігін үйретіп-ақ барды. Сыған қызының өз атын жасырмай айтуы, Шәмшіні өздеріне қонаққа шақыруы – жаны ашығандықтан ғана емес, бірден ұнатып қалғандығынан да болатын. Шәмшінің айтқаны да шындық-ты: сұлу да сиқыры бар қызды қалай ұнатпасын?!
Табор көсемі – бароны Стево екен. Изольда мұны таныстырғанда қойған бірінші сұрағы: «Бұл адам саған сене ме?» – деген сұрақ болды. Изольда оған: «Сенбейді», – деп жауап берді. Мұның мәнісі – «Мына өмірде адам тек өзіне сенуі керек» екен.
Жалпы, сығандар көшпелі өмір салтынан ажырамағандықтан ба, тәуелсіз де сері, өнерлі халық көрінеді. Мал ұрлауы – күнкөрістің көзі ғана емес, қазақтың барымташылықты батырлық деп бағалағанындай, дүние тапқыштықпен тоқайласар жігіттікке де санайтындай.
Не керек, Шәмшінің сығандар ортасында қарын тойдыруы жай ғана нәрсе, ол етене ел тапты. Бұған тұрмыс салты қазаққа ұқсайтынына қоса, олардың мәрттігі, өнерді сүйіп қана қоймай, әсіресе ән өнерімен егіздігі әсер етті. Тек бұл емес, саңлақ сазгер Шәмші Қалдаяқов та сығандар көңілінен шығып, олардың өмірін де сәндендіріп, тәнті етті. Жайсаң мінез-құлқы, өзін қазақ ретінде ұстап, қазақтың өлеңмен (әрі ән) бірге жаратылған халық екенін айғақтай алуы – сығандарға қатты сыйлатты. Тіпті, мұның бәріне себеп – Изольдаға деген ақ, аяулы махаббаты болар. Естайдың атақты «Қорлан» әнін шынайы шырқай отырып, Қорланға қолы жетпей қайғы құшқан Естай болып қалмай, өз мөлдір сезімін де, ғашықтығын да мөлдіретіп жеткізе алды. Ашық та еркін, ерке сыған қызы Шәмшінің самала да сұлу сүйіспеншілігін көре, сезе отырып – о бастан-ақ ұнатып қалған Изольда қалайша осынау адами да асыл бақытынан бас тартсын?!
Асыл да аяулы, оттай ыстық махаббат еді бұл.
Осындай махаббатқа мас, осындай бақыттан басы айналған екі жас – төмендегідей тіл қатысса, таңданатын түк жоқ:
«– Изольдаға бұлайша сүйісуді кім үйретті?
– Изольданы сүйісуге ешкім үйреткен жоқ.
– Изольданың еріндері оттай күйдіреді ғой.
– Изольданың еріндеріне Құдай от тұтатады.
– Изольданың еріндеріне Құдай неге от тұтатады?
– Изольданың шын ғашық екенін Құдай біледі.
– Изольда шын ғашық болмаса менімен сүйісер ме еді?
– Изольда шын ғашық болмаса Құдай оны Шамға кездестірмес еді.
– Шамды базарға Құдай айдап апарған ба?
– Шамды Изольдаға Құдай әдейі кездестірді.
– Шамды Изольдаға Құдайдың шын ғашық еткені ғой?
– Шамды Изольдаға Құдай қосты.
– Шамды Изольдаға Құдай мәңгілікке қосты ма?
– Шамды Изольдаға мәңгілікке қосқан-қоспағанын Құдайдың өзі ғана біледі.
– Изольда Құдайдың екеумізді мәңгілікке қосқан-қоспағанын бал ашып біле алмай ма?
– Изольда өзі туралы бал ашып біле алмайды…» (295-бет).
Маздақ та мөлдір махаббаттың мәңгілік болуын кім қаламайды? Шәмші Изольдамен бірге бола бергісі келді. Мұны Изольда қаласа да, тағдыр бұйрығы басқа болып шықты. Сығандардың жылы жаққа қайтатын кезі келіп, тәжік, ауған жері арқылы Пәкістанға жетпекші. «Шам бізбен бірге жүре бермей ме?» – деп сұрады Изольда. Шәмші оған еріп кете алмады. Ол – қазақ-тын, туған жерін, Отан-анасын тастап кете алмады. Махаббат құрбандыққа баруды, ерлік жасауды да қажет етеді. Бұл Шәмшінің қолынан келмеді деп айтпай-ақ қояйық. Ол Изольдаға «Мені сүйсең, қал…» деп неге айта алмады? Бұл да – біз жауап қайтара алмайтын сұрақ болар.
Бәрібір осынау от махаббат өшкен жоқ. Шәмшінің жүрегінде емделмес дерт болып қалды, мәңгілік серт болып жанды. Мұның бір жарқын жемісі – Шәмшінің «Сыған серенадасы» әні еді.
Қандай ән?!
Бұрынды-соңғы қазақ әндеріне ұқсамайтын, бұрқ-сарқ еткен айрықша ән. Тасыған ыстық қан. Тағдырға көнбей, сыңарынан айрылғанына сенбей, тулаған Жан.
Біз мақаламыздағы осы бір жолдарды тек Шәмшінің өмір-өнері туралы әңгіме-эссе деп есептемейміз, Мұқағали Мақатаев туралы сөз деп есептемейміз. Осындай бір аңсарлы тағдыр, жанын жадыратып жайнатқан сұлу сезім Көктемі, арпалысты өмірдің солмас-сарғаймас Көк белі Мұқағали ғұмырбаянында да кездеспеді дейсіз бе? Талай рет кездесті ол да. Тек болып қалды Арманы, тікелей белгі-із қалмады. Айтпақшы, бұлай деуіміз де бекершілік.
Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй, жаным!
Сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнің түймелерін.
Сүй, жаным!
Сүйе бергін, кім біледі…
Бір кезде еске аларсың түнді, мені.
…Жалт етіп өте шыққан баяғыда,
Жастықтың талықсыған бір күні еді.
Ұялып барады өтіп бұлақ – бала,
Бұйығып, үн қатпайды жылап қана.
Баланың маңдайынан сипалаған,
Дірілдеп Айдан тамған шуақ қана.
Тау-аталар түкситіп қабақтарын,
– Ар аттадың, – дегендей, – қарақтарым…
Сүйген жүрек қалады есеңгіреп,
Есеңгіреп, білмейді таң атқанын.
Сүйген ерін сүйгісі келе берер,
О, жастық! Махаббат тап, көгере бер!
Сүйгемін жоқ, өлгемін – дер едім мен,
Сүйдің бе деп сұраса менен егер.
Мен ақынның осы өлеңінен бастапқы бір-ақ шумақты келтіріп кідірейін деген едім. Бірақ осындағы махаббат оқиғасы дамып, жаңа сыр-сипаттарын алға тартып жетелей жөнелді. Мұндағы махаббат тіпті балғын, мөлдір, талықсыған махаббат. Пәк ғашықтар бірінші рет бастан өткерген құпия. Қуанышын да, қалай шоқ басқанын білмей қалған қорқынышын да үнсіз жылап қана білдіреді. Ыстық құшақтан балқып естен айрылған жастарда не кінә бар? Күнәсіз сезім. Лирикалық кейіпкеріміз сондықтан да «Сүйгемін жоқ, өлгемін» деп жауап берсе де сенесің. Өліп-өшіп сүю, өртеніп сүю деген де осы болса керек.
Салыстыруда да тая басу бар десек те, Жақыпжанның тану, таразылауларына түбірлей зер салсақ, Шәмші Қалдаяқовтың махаббаты – Гәкку махаббат болып бой көрсетсе, Мұқағали махаббаты – Аққу махаббат болып сой сездіреді. Екеуі де – енсіз, ессіз, кең жазира, асқар да тұңғиық әлем. Бұларды біраз байқап көрудің өзі уақыт қана алмайды, мақаламызды ұзартып жібереді. Мен осы себептен Мұқағали махаббатын тамыршыдай тап басып, балшы Изольдадай төбесінен түсіретін ақынның «Аққу деген…» өлеңіне тоқталайын да, топ жарайын:
Жанымды үңгіп жанарың жеп барады,
Неге сонша телміріп көп қарадың?!
Дөп қарасам мен саған – өртенесің,
Өртенерсің, қарама, кет, қарағым.
Аққуды атар мергенің мен емеспін,
Ажал оғын алған жоқ менен ешкім.
Айдын көлдің аққуын арашалап,
Аттан салып талаймен төбелестім.
Тауы – құмға, айналған жаны – мұңға,
Қорғаушыңды, аққуым, таныдың ба?
Неге сонша телміріп көп қарадың,
Медет тұтып, мұң шағып, жалыну ма?
Пана таппай жалғанның жарығында.
Неге? Неге қарайсың соншама ерек?
Айырмамыз, арамыз сонша бөлек.
Аққу деген – адал құс, айналайын,
Айдынына аман-сау қону керек.
Түсініктің керегі бар ма? Бұл жолдарға керегі жоқ. Соншалықты тазалық, тектілік, адалдық, адамгершілік көрініп-ақ тұр. Алайда өлеңнен тысқары өмірге қадам бассақ, «Жарық дүниеде де осындай адамдар болады екен-ау» деп таңданасың. Ол – ақын Мұқағали Мақатаев. Ол (ондай ақын-адам аз ғана емес) – жалғыз. Оның бірде жыр жүзінде: «Аққуын таппаған, аққуына жолықпаған сормаңдаймын», – дегені де бар. Жолықса да, қарғаға айналдырып алды ма?! Әлде мына өмірде сұлу әйелдерге, азаматтар жарларына үнемі Ақ Махаббат болып жану – Аққу болып қалу мүмкін емес пе? Біз бұл жерде бұған төрелік айтып, себебін іздеп шаршамай-ақ қоялық. Бәрібір біздің білетініміз: ақын Мұқағалидың, азамат Мақатаевтың Аққу Адам болып жасағаны, өмірден өткені. Содан соң білетініміз – жас шағында, отызды орталаған тұсында да қасында жақсы адамдар, достар, ақ жүректілер көптеп болғанмен, өмірінің ақырғы кезеңіне аяқ басқанда жанында санаулы ғана Гәкку адамдар қалғаны. Соның бірі – Шәмші Қалдаяқов.
…Ақпанның төрт жылда бір айналып келетін ақырғы, 29-ыншы күнінде қазақтың ән патшасы, «Вальс королі» Шәмші Қалдаяқов та өмірден бақиға баз кешті. Сол күні екінші Алматыдағы «темір жол вокзалының басында пойыздан түскен бір сыған әйелі: «А где здесь театр Мусрепова?» – деп сұрастырды жағалай. Біреу жол көрсетіп тұрып: «А что там?» – деп сұрады әлдебір әуестікпен. «Там провожают в последний путь «Короля вальса». Великий Шамс покинул нас», – деді ол даусы тарғылданып, көз жасы мөлтілдеп…» («Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін», 389-бет). Қоштасуға келген Изольда еді бұл.
Ақиқаттан аңыз, аңыздан ақиқат осылай туса керек.
Кітаптағы төртінші «Жыл құсы» хикаятындағы өмірлік деректер аңызға айналып үлгірген жоқ. Мұндағы негізгі кейіпкер – қара сөз шебері Мұқағали Мақатаев. Жас талантты жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің онымен танысқаны, Мұқағалидың Бексұлтанның тұңғыш повесі «Күнәлі махаббатты» оқып, жарық көруіне көмектескені, керісінше Бексұлтанның да кейін ағасына, оның асыл мұрасы жариялануына шарапатын тигізгені тілге тиек етіледі. Хикаяттың бұлай аталуына М.Мақатаевтың «Жыл құсы» повесін өзек жұлынды желі ету жәрдемдескенін аңғарамыз. Талантты ақын прозада да талантты екенін танытқан. Десек те біз осы жолы да оның тікелей «Жыл құстары» атты өлеңін асыл өзек етуге мәжбүр болдық. Себебі, жыл құстары: қарлығаш, аққу, тырналар прозаик Мұқағали Мақатаев үшін де таңдамалы тақырып еркіндіктің нышаны болып қана қоймай, прозаның да негізгі нәрі мен әрі, яғни ауылдағы ерлік-елдіктің де етене, егіз бір көркемдік-көрінісі екенін көреміз.
Үлпілдеген, үрпиген үкім менің,
Жыл құстарын сағынып күтудемін.
Көз алмай шұбатылған құс жолынан
Бүкіл елім күтуде, бүкіл жерім.
Қырларым да күтуде, дөңдерім де,
Сағынады бізбенен көл де бірге.
Үкім менің, қарашы, жыл құстары
Келеді екен қайсы ендік белдеуімен?
Қараторғай, қарлығаш, тырналарым,
Қашан бізге әкелер жыл хабарын?
Қашан қонар зергерлер – аққу, қаздар,
Әшекейлеп көлдерін, жылғаларын.
Қашан болар тоғайда ән сабағы,
Ән салады, қашан кеп жан салады?
Қашан мынау жайқалып емен, терек,
Жапырақтар жабыла қол соғады?!
Жыл құстары оралып, табиғатты мәз-мәйрам етіп, күллі көл, қырлар, орман-тоғайлар, шалғындар мен жылғалар базар-тойын бастаса, қолына қонған үкісін де торда ұстамай, бостандыққа босатпақ?! Біз бұндай бүкіл ел қуанышынан, жер жұбанышынан қалайша қалыс қалмақпыз?
Жақыпжанның осынау мазмұны да – сом, ашқан жаңалығы мен тапқан жақсылығы да шоң, жеке-дара шығарса қос том кітабының екінші «Эсселер, әңгімелер» бөлімінің де Мұқағалитануда алар еншісі мол, сыбағасы бөлек. Бірақ біз бұл жолы оларға міндетті еншісін бөліп беріп, тиесілі сыбағасын ұсына алмадық. Қайда барсаң да кес-кестейтін көлем шектеулілігі патша көңілімізге кезек бермегенін жасырмалық. Адамына қарап киімді пішпеген, киімге қарап адамды өлшеген заман ғой.
«Ақ атан шөккен жер». Рас болса, батыр бабамыз қайтыс боларда: «Менің мүрдемді Ақ түйеге артыңдар, сол атан қай жерге жетіп шөксе, сол жерге қойыңдар!» – депті. Көзімізбен көрмеген соң, арада екі-үш ғасырдай уақыт түскен соң, айтыпты-мыс дейміз ғой. Мұнымыз дау жоқ, ұят қана емес, күпірлік. Ақиқат нақ солай болмаса, ардақты Райымбек батыр бүгінде өз атымен аталатын ұлы даңғыл бойында неге жатыр?! Жол жағасында. Ағылған темір көліктер дүбірін емес, қайран халқының жан-жүрек дүрсілін тыңдап. Ол өлгеннен кейін өзі өле сүйген халқынан ажырамауды, қазағының ұлы жол бойындағы ғұмыр сапарына құлақ салып жатуды көздегені ғой. Көріпкелдік әрі ұлылық. Әйтпесе, аты ұранға айналған атақты батыр дамылдайтын зират, туыс-ағайындар қабірін таппап па? Ол – тіпті де Албанның батыры ғана емес, алты Алаштың да батыры. Автор осындай тарихи ақиқаттарды Мұқағали Мақатаевтың қаһарман бабасы туралы «Райымбек! Райымбек!» дастанын қашан және қалай жазғанын таныта-тарқата отырып, біздің еселі енші-ырысты сыбағамызға айналдыра білген.
Бір заманда осынау ұзын Ташкентке бағыт түзеген тас жолдың бойында ел аз еді, ескі бекет те беріректе салынған. Қырқа ұласатын биіктеу көгалды жердегі қабірдің басында батырдың аты-жөні таңбаланған көк тастан басқа ештеңе жоқ-тын. Бұрын әулие деп сыйынып келген ел кеңес өкіметінің қысымымен ұмытуға айналған. Бодандық бұғауынан әлсірегенде барып есін жинаған ел батырдың басына сағана орнатып, қасына Ақ атанын да жайғастырды. Бағзыдан «Ташкент» аталған жол-көшеге совет өкіметі салтанатпен берген Октябрьдің 50 жылдығы атының ауыстырылуы тәуелсіздік алуымызбен тұстас келеді. Бүгінде көше басында аталмыш әңгіме кейіпкерлері – Мұқағали Мақатаев пен ақын Нұрлан Оразалин Нарынқол бағытына аттанатын автобусқа мінетін еңселі «Саяхат» автобекеті де жоқ. Есесіне еңселі Райымбек батыр ескерткіші асқақтап тұр. Біздіңше, бұл ескерткіштен де биік ескерткіш, бәлкім, теңдесі алдағы ғасырларда да табылмайтын жауһар Жыр кесенесі – Мұқағали Мақатаевтың екі рет батыр аттас Дүрдастаны.
«Ақиық артына қайрылмайды». Талды жайлауы. Мұқағали. Бұларды жайлауға бастап келген Батай…
«Ән – махаббат». Белгілі әнші Бақыт Әшімова мен ақын Мұқағали Мақатаев.
«Бозатаудан шыққан үн». Отызға жетпей үзілген отты шатыр Төлеген Айбергенов пен ақын Мұқағали Мақатаев.
«Бұлт аунаған күн». Заңғар Ғабит Мүсірепов пен ақын Мұқағали Мақатаев.
«Егіз асқар», «Ақжолтай», «Жалғыз көкек»… «Күрең күз», «Тоңған жүрек».
Эссе, әңгімелер осылай жалғаса береді.
Жақыпжан кітабы туралы мақалам онсыз да созылып кеткендіктен осымен тұжыруға да болар еді. Десек те оның «Ақынды ақын оятпаса болмайды» деген эссесіне тоқталмай кету обалдай көрінеді. «Тіпті, мұның екі себебі бар. Біріншісі – Олжас пен Мұқағалидың арасы нашар болыпты, Олжас Мұқағалиды қудалапты, оны Одақ мүшелігінен шығарған да Олжас екен» деген сөздің бекер екендігі.
Біздіңше, бұл – ойдан құрастырылған базбір тілектес еместер ойдан қиыстырған алыпқашпа пікір. Өйткені Мұқағали Олжас екеуі де атақ-даңққа бөлісе алмай таласқан емес, сондықтан мұндай пендешіліктен жоғары тұрған адамдар екенінен хабардармыз. Екіншіден, Жақыпжанның Олжаспен Мұқағали туралы да тілдескені анық. Бұған қоса: «Ақынды ақын оятпаса болмайды, Ақынды ақын түсінбесе, сол қайғы…» деген өлең жолдары да Мұқағалидың өз қаламынан туған жолдар.
Олжас ақын тағдыры да – қызық, Құдай берген кенен бабына – талантына қоса адамзаттың тұңғыш ғарышкері Юрий Гагарин сияқты бірден бағы жанып, әлем жырының зеңгір көгіне шырқау қалықтап самғаған суреткер. Дер шағында бағаланған, адамзат танып, мойындаған Ақын. Мына дүниеде кездейсоқ ештеңе жоқ десек, онда Олжастың Ю.Гагарин космосқа ұшқан қазақ даласында кіндік кесіп, қазақ ақыны болып жаратылуы да бекер емес, бір ғажап сәйкестік, заңдылық бар тәрізді. Яғни, мұндағы басты бір фактор – Олжастың көне қазақ халқының өкілі екендігі десек те асыра айтпаспыз. Өйткені 1960 жылдың жазында «Литературная газета» бетінде 24 жастағы қазақ ақынының тұсауын кескен Леонид Мартыновтың: «…Дала далиып жата бермесін. Міне, сіз сияқтылар оның есіне Адам Атаны түсіруге тиіс. Сонда ғана ол көтеріледі… Білесіз бе, мен омбылықпын ғой. Қазақ базарының қасында тұрдық. Далалық тамырлар біздің үйге жиі түсетін. Аттарын ұмыттым, бірақ өздерін «Адам» атайтыны есімде. Кейін есейгенде білдім, қазақша «адам» деген кәдімгі адам (человек) екен ғой. Құдай заңын оқып жүрген кезімде библиялық Адам маған қазақ кейпінде көз алдыма келетін. Белбеуіне қамшы қыстырған, басындағы малақайы нұр (нимба) шашып тұр. Солай, әне…» (аталмыш кітап, 768-бет). Осыған орай өзімнің де «Ана тілі» газетінде жұмыс істеп жүрген кезімде (ұмытпасам, 1991-1992 жылдардың бірінде) осындай ой айтып, бір білімді қазақтан «соққы» алғаным жадыма оралады. Алайда «Библияның» авторы есептелетін еврей халқының тілінде де Адам адам аталмайтынын алға тартып, сол уақытта ғылыми көзім жетпесе де өз сенімімде қала бергенмін.
Сонымен, 1961 жылдың 12-сәуірі. Сол күні Олжастың осы оқиғаны мерейлене паш еткен отты өлеңі көктен қызғылт листовка – жыр-жапырақтары болып жауған еді. Мұндайға Алматы аспаны ғана емес, Алаш баласы да бірінші рет куә болған-ды. Көшеге жүздерінен ұлы жаңалықтың бақыт құшағында балқыған адамдар толып кеткен. Бәрінің санасындағы ортақ сезім – өздерін орыс та, америкалық та, қытай да, француз да, араб та, қазақтар да емес, алып ғаламда жүзіп бара жатқан Жер атты планетаның тұрғындары екендіктерін ұғынулары еді. Он сегіз мың ғаламдағы жалғыз ортақ мекен перзенттеріне қандай бір адамға да белгілі бір ұлт өкілі болса тұра жұмыр Жердің ұлы болып өмір сүру қажет қана емес, жарасады. Олжастың бір аптаның ішінде жазылып бітіп, мамыр айында жеке кітап болып жарық көрген «Адамға табын, Жер енді!» поэмасының негізгі айтқаны да, айтары да осы еді. Осындай ортақ ой-жауапкершілікті, ұстаным-мәртебені жарқын жеткізген дарқан дастан іле-шала Мәскеуде оқылып, теледидардан көрсетіліп қана қоймай, төрткүл әлемді шарлап кетті. Париж… Нью-Йорк… Олжас осылайша бірер айдың ішінде атақты ақынға, адамзаттың ақынына айналып шыға келді.
Осынау жайларды байыптаған Жақыпжан Нұрғожаев Олжас пен Мұқағали екеуін тілдестіру – кезекті бір тәсіл ғана, ол осы арқылы екеуінің үндес, рухтас ақындар екендіктерін аңғартады. Мұқағалидың да адамның ғарышқа ұшуын жақсы жырлағаны өз алдына, бұл да – жыр космосына еркін қанат қағып самғаған ақын. Басты гәп – көп тілдерге келісті аударылуда және ақындық деңгейіне, көркемдік қуатына сәйкес танылуда. М.Мақатаев «Чили – шуағым менің!» дастанында «Адамға табын, Жер енді!» поэмасымен парасат тұрғысынан сабақтасып қана қоймай, Олжас айтқан ордалы ойды өзінше жеткізген.
Барлық ақын – баласы бір ананың!
Ақын келсе, өмірге қуанамын.
Ақын өтсе өмірден – жылағаным,
Барлық ақын – баласы бір ананың!
Барлық ақын – бауыры тірі адамның!
Бүгінде қанатты сөзге айналып кеткен осындай жарық жолдар қай елде, қай тілде сөйлесе де, олқы соқпас еді. Мұқағалидай ақындар – дауылды дәуірлер үні, Алаштың ақыны ғана емес, Адамзаттың да Ақыны! Ендеше
Ақын Адамзатты аятпаса болмайды,
Адамзат өз Ақынын түсінбесе, сол – қайғы…
* * *
Ұлы шығарма неліктен туады, жазылады? Атап айтқанда, Жақыпжанның «Мәңгілік аза күй» реквием-хикаятында ең алдымен Мұқағалидың соңғы шандоз шығармасы, «Моцарт. Жан азасы» реквием-дастанының қашан дән-идеясы пайда болып, соның тамыр тарту, өскінге айналып, дің бекіту, жапырақ жарып, желек жаю процесін сәтті барлап, аталмыш ақын туындысының жаралу құпияларына бойлатқан. Бұған қарағанда, осы «Моцарт. Жан азасының» жазылуына бірден-бір себепкер-түрткі болған адам – Алаштың екінші бір асқар арысы Асқар Сүлейменов. Бәрі-бәрі оның Мұқағалиға өз кеңсесіне шақырып Батыстың ұлы композиторы Моцарттың «Реквиемін» тыңдатуынан басталған. Ал, Асекеңнің Мұқағали Мақатаевпен көзі тірісінде қатты сыйлас, дос-жар екенінен де, қазақтың және Батыстың данышпан сазгерлерінің атақты да классикалық туындыларын бір емес, қайта-қайта құмартып тыңдайтын ғадетінен көбіміздің жақсы хабардар болғанымыз да рас.
Мұқағали Моцарттың «Реквиемін» алғаш тыңдағанда-ақ қатты әсерленіп, жан дүниесі астаң-кестең болғанмен, бірден сол кезде жазбай, кейін… әбден пісіріп, тақырыпты түбегейлі зерттеп-зерделеп, тағдырдың маңдайға салғаны сол ма, өз өмірінің тек соңғы сәттерінде: жарық дүниемен қоштасар, мәңгілік бақиға аттанар шағында ғана жазғаны, жаза алғаны шындық. Бұл да Моцарт тәрізді Мұқағалидың соңғы сөзі, халқына өсиет шығармасы, Аққу әні, өз қазасының жаназасы – Жан Азасы болып туған еді.
Жақыпжан Мұқағали ағасы өмірден өтерде қасында бола алмаса да, аяулы Азасы – ақырғы бұл шығармасын жазған сәтінде куә болып, сырласа алмаса да, бірге болғаннан бетер «Мәңгілік аза күйін» «тарта» айта алыпты. Бұл үшін ол М.Мақатаев ізімен жүріп қана қоймай, Ай жылап, Аспан көшкен «Мұқағали. Жан азасын» бастан кешкен. Мұндағы оның от жүрегін жұмсап, махаббаты арқылы ғадауатпен майдандаса жүріп жеткен жеңісі, басты бітірген еңбегі – кейіпкері Мұқағали Сүлейменұлы:
Айдын көлден ажырар сағатында,
Арман кетер аққудың қанатында.
Арман кетсін, алайда жыр қалмасын,
Жердің мынау жеті қат қабатында, – десе, осы айтылғандай, жердің жеті қат қабатында Алатау ақынның қаламынан туған дүрия жыр марқұм Мұқағалиға қатысты құпия-сыр қалдырмауға тырысқан. Және көбінесе осы нұрлы мұрат-мақсатына жеткен. Бұл тұрғыда басқаны былай қойып, Мұқаңның жүз рет басылған, сан-алуан қойнау-бөктері ашылған өлең, дастандарының өзінде жаңа «жырлар» жатыр; өйткені әрбір ұлы шығармаларды, мәселен, «Райымбек! Райымбек!», «Моцарт. Жан азасын» айтпағанда, «Аққулар ұйықтағанда», «Чили – шуағым менің», «Алтай – Атырау», тағы басқа дүниелерінің өзінде жеті қат, жетпіс зат барлығы көп дәлел тілемейді. Мұның үстіне «…Жан азасының» мән-мағынасын терең түсініп, елден ерек бөлекшелігін терең түсініп, ғасырлардан ғасырларға өтер жаңалығын, жақсылығын айқындап, бүгінгі күні де қазақ халқының төбесінен құйылып тұрған «мың күндік» сәуле-шуағын халыққа шашу үшін Жақыпжан Нұрғожаев тапқан мәйекті де дәйекті деректер, мазмұндық базар, көркемдік керектер қаншама?! Мәселен, орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің «Моцарт пен Сальери» деген «кішкентай трагедиясы» іс жүзінде кішкентай ма?! Моцартты уландырған Антонио Сальери шынында да у берді ме, жоқ па? Пушкиннің Сальериі – өмірдегі Сальери ме, әлде өңделген көркем образ-тұлға ма? Күндестіктен ғана оның кісі өлтіруі мүмкін бе? Сальери Моцартты мерт ету үшін терең әлеуметтік-саяси себеп те керек шығар. Бұл кейіпкер Мұқағалидың жетелі ойы ғана емес, Жақыпжанның да қаламгерлік өре-бойы.
Асқардың ой-тамызығы. Моцарттың әйгілі туындысы әсерін бөлісе отырып, пікір бөліскенде Асекең: «Сіздің Анна Ахматованың, Роберт Рождественскийдің «Реквиемінен» бірде-бір кем түспейтін дүниені тудыра алатыныңызға сенемін», – дейді. Аға-досын қамшылау, оған сену ғана емес, қазақ жырының бір жоғы түгелденсе деген ізгі ниет.
Жақыпжан Мысабекұлының кітабы арқасында біздің қазақ әдебиетінде де өмір мен өлімнің мәңгілік күресінің, адам мен ажал арпалысының небір маржан үлгілері бар екенін білеміз. Әрине, мұның бәрінің ғасырлар тұңғиығындағы бастауында Мәңгілік Өмір үшін шайқасқан күйші Қорқыт атамыз тұр. Ал, беріде (тікелей бейнеленуін алғанда) ұлы Мағжан Жұмабаев пен Қасым Аманжолов тұр. Әрине, бұларды қазір халық та жақсы біледі. Ал Қайнекей Жармағамбетовтің «Ақын мен ажал» балладасы ше?! Рас, аталмыш туындыны Асқар Сүлейменов пен Мұқағали Мақатаев кезінде-ақ білген. Бірақ біз – ХХІ ғасырдың оқырмандары оны тек енді ғана біліп отырмыз. Онда да Жақыпжан кітабы арқылы.
Қанға бөктің, қайғы төктің,
Айтшы сонда тапқаныңды.
Бірі ғой деп көнбіс көптің
Құрма маған қақпаныңды.
Қалжырату неге керек,
Бере алмаймын жас жанымды.
Өлу маған тым ертерек,
Аяқтамай дастанымды.
Өлмес жыры жәрдемімен ақын өлімді шегіндіреді: «Зәресі ұшып қашады ажал, Белестерден асады ажал». Қайнекей Жармағамбетов балладасын осылай тәмамдаса, өліммен тіресе жүріп, Моцарт та «Реквиемін» жазып бітіріп еді. Мұндай тағдырды Мұқағали Мақатаев та бастан өткеріп, Мәңгілік өмірге қадам басқан-ды.
…Жиырмасыншы ғасырдың бірінші ширегінде қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев жайнаған Өмір жырын кілт үзіп, кенеттен «Әлдиле, өлім, әлдиле!» деп жырлағанда Алаш арыстары ақылға салып ұғып, «Адамзат бүгін – адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар, бірақ. Ертең өзің қандайсың білмейсің; өлмек үшін туғансың, ойлан, шырақ!» – деп жазған Абай оқырмандары ойлана, бой ұра қабылдағанда жаны жарлы, жұтаң кедейлерге қоса қолдары – білегінен қан, «езілуші таптың» үстемдігін орнату үшін оп-оңай миллиондаған адамдарды еткен құрбан Кеңес үкіметі шошына да қорқа қабылдаған. Озық ұлт орыстың түршіл, өнершіл, символшыл ақындары терең қазған, заманынан асып туған жас Сұлтанмахмұт та біраз жазған Өлім жыры парасатпен пайымдағанда ессіз ескілік емес, жаңалық, жамандық емес, жақсылық болатын. Әрине, халықта кінә аз, талғам да таным-тәрбиемен қалыптасады. Осыған орай Мағжанның:
Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз, салқын, күн бұлтты.
Жел бұйығып тербелген.
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін,
Әңгіме ғып күңіренген.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі – тәтті күй.
Балқиды жаным бұл күйге,
Мені де, өлім, әлдиле…
Әлдиле, өлім, әлдиле!.. – деп жазғанында соншалықты сұмдық жоқ болатын. Керісінше түсіне бағаласақ, мұнда тозықтықтан гөрі озықтық, ажарсыздықтан гөрі соны, сылқым сұлулық бар еді. Өлім де Өмірдің егізі, сыңары екенін қарабайыр айта салмай, қарсы шықпай құдайшылықпен мойындаған ұлылық, суреткерлікпен әдемі жеткізген Ұлықтық жатыр еді.
Ештен кеш жақсы! Маздақ Мұқағали Мақатаев мәңгілік Мағжан Жұмабаев жолын жалғастырып, советтік социалистік заманның надандығын түзетіп, адамдығын күзетіп, имандылық құран-сыр ұсынды, алдымызға тұран-жыр тартты:
Көнеді жаным бұл күйге,
Әлдиле, өлім, әлдиле!
Мақаламызды осының бәрін маған айтқызған, осының бәрін Мұқағали Мақатаев шығармаларынан тапқызған Жақыпжан Нұрғожаевқа түйіндетейін:
Мәңгілік сарын – Аза күй,
Бола алмас бұған – Қаза би.
Бақыт САРБАЛАҰЛЫ



