ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

 Қай мемлекеттің болсын, даму жоспарына орай жолға қойылып, кезеңімен және кезегімен, міндетті түрде жасалуы тиіс негізгі шаруалар болады. Дер кезінде қаперге алып, қамқорлап, даму барысын анықтап, дем беріп отырмаса, көз алдында тұрып-ақ, бір сәтте құрдымға кете салатын ұлттың материалдық емес мұрасы – қайталанбас дауыстар мен жеке қолтаңбалы аудио-бейне таспалар, міне, осы қатарға жатады. Әлемді аузына қаратқан кеңестер одағы тарихынан белгілі тәжірибелерге зер салып, өзегіне үңіле түссек, халық қазынасының елеусіз қалып, қамқорлықтан шетқақпай болған сәті байқалмайды. Өйткені, кез-келген ұлтқа тән өнердің асыл тегі түпөзекке негізделетіні белгілі, тіпті кей жағдайларда соған тәуелді. Бір кездері саяси реңкі басымдау болса да, «өнердің халықтық принципі» деген ұғымның қалыптасуы бекер емес. Ендеше бұған мемлекеттік деңгейде мән беріп, материалдық емес мәдени мұраны ұлттық бренд дәрежесіне көтеріп отырған дамыған елдер деңгейінде қарамайынша, қазақ руханиятындағы қордалы мәселелердің шешім табуы қиын. Болашағына ой жіберген ордалы жұрт мұндай маңызды шаруаларды ертеңге қалдырмауы тиіс. Солай еткенде ғана ұлттың рухани қазынасының келешегі бар.

Кеңестік Советтік Республикалар Одағы ыдырап, Қазақстан егемендік алып, азат ел атанып, ортақ аядан шыққан елдер есін жия алмай жатқан сол бір абыржы тұста мына біз қынаптан жаңа шыққан, жалманы қан көрмеген жалаң қылыштай, қылшылдап тұрған жас едік. Міне, сол екі арада, көзді ашып-жұмғанша сынаптай сырғып отыз төрт жыл өте шығыпты. Басқасын айтпағанда, біздің замандастарымыз есін жиып, өсіп, өніп, етек-жеңін қымтап, бір жобаға келіп қалғаны былай тұрсын, алды мосқал тартып, жан-жағына қарап, ақиретін ойлай бастады. Мұның жайын не үшін айтып отыр дейсіз бе? Иә, жасыратыны жоқ, әуелгі жылдары қиын болды, халық «байтал түгіл бас қайғының» күйін кешті. Оны көзіміз көрді. Жұрт аш-алаң уақытта халық қазынасы – материалдық емес мұраның жайын қозғау мүмкін емес еді. Шүкір, қазір ахуал өзгерді. Мемлекетпен қоса ұлт та есейіп, есін жыйып, жан-жағына басқаша қарай бастады. Алайда, аш құрсақтың шала тойғаны – халық қазынасы толайым қамқорлыққа алынды дегенді білдірмейді. Жалпы, бұл үдеріс үнемі және жүйелі саясат негізінде үдемелі жүргізілмейінше, ұлттың арына баланған асылдарымыздан көз жазып, жер сипап қалуымыз қапелімде.

Ұлт кәделеген мұра мәңгіленсін десек…

Менің жеке мұрағатымда сақтаулы келе жатқан матиалдық емес мәдени мұраның түріне, көлеміне (Шерімбет жобамен, екі жарым, үш мың сағат. – Авт.), мазмұнына таңғалып, таңдай қағатындар баршылық. Көбінің қоятын көкейкесті сауалы: «Мұның бәрін қашан, қалай, қайда жүріп жинап үлгеріп жүрсің?» Содан соң жиі айтатындары: «Бұларды енді қайтесің, бір жерге тапсырасың ба?»

Бұл қос сауалдың алғашқысына қатысты гәп тым ұзақ, оны қалай ықшамдап айтсаң да бір мақала көлемі көтере алмасы анық. Қазір ойлап отырсам, шынында да мен бала болып жарытпаған екенмін. Жоқ, басқаша ойлап қалмаңыз, ата-ана, туған-туыс, аға-іні, дос-жаран дегеннен шылбыр үзген жеріміз жоқ. Шүкір, ауыл баласына тән тіршілік еттік: қой бақтық, отын шаптық, орақ орып, шалғы ұстап, аңға шығып мылтық аттық, су тасыдық, балық ауладық, қора-жайға қарадық, топай құйдық, тіпті үй жинап, аула сыпырып, ата-анамызға қолғабыс жасадық. Жасыратыны жоқ, мектепте жүргенде шамалы шатақтау болдық, бірақ сабақ үлгерімін ақсатпадық. Сол кезде өзіме ерекше байқалғаны: арман, аңсарым ойын баласына тән емес, мүлдем басқа нәрсеге – халық мұрасының жайына ауып тұратын. Бұл күйді өзім қатарлы балаларға айтсам түсінбейтіп, маған бір түрлі сезіктене қарайтын. Мұның жайын сезген соң, айтпайтын болдым. Жыр айтып, топқа тым ерте түскеннің әсері болар деп ойладым. Алайда, әлгі мұра жинау жайлы ойға қашан, қалай, кім арқылы душар болдым? Саналы түрде келдім бе, жоқ әлде бейсаналы ма? Оның мән-жайы емістеу екен, соған қарағанда есімнен шығыңқыраса керек. Уақыт бедерін де біраз шаң қапты дегендей.

Жалпы, адам баласының бойынан ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір сыз беретін қасиет пен қабілет атаулы кейде кездейсоқ нәрселермен ұштас болуы әбден мүмкін. Мен ерекше ден қойып, толық оқып, пәм алған алғашқы жыр кітабым 1961 жылы академик Мұхтар Әуезовтың алғы сөзімен жарық көрген Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Рүстем – Дастан» деген шығармасы. Марқұм әкем көзәйнегін іліп алып, өзіндік сарынға салып оқып, ыңылдап отырушы еді. Содан соң қолыма ұстағаным сыртын моншақты қызыл матамен тыстап тастаған, әбден тозығы жеткен «Үш ғасыр жырлайды» жинағы. Ол да қара шалдың жастанып жататын кітабы. Осы қолақпандай антологияны парақтай бастаған сәтте бала қиял шартарапты шарлап ала жөнелетін. Ойлап отырсам, жыраулар поэзиясының жауһарларымен салыстырмалы түрде тым ерте – бес-алты жасымда, бесіктен белім шықпай тұрып ауызданыппын. Соның әсері болар, мектеп табалдырығын аттаған жылы жазып, үйден сауат ашып бардым. Біздің үйдің алдындағы көлік қоятын шағын қалқаның қақпасы, ішкі беті, сырт қабырғасы, қора-қопсы, тіпті әжетханаға дейін, менің «қолтаңбам» тұратын. Барлық жерге алдымен есімімді (соған қарағанда өзімді онша жек көрмеген сияқтымын ғой), сосын құлын, күре, бұзау, лақ, қозы, ит, күшік деп жан-жануар атаулының атын жазып, тізе беретінмін. Анау-мынау емес, сорғалатып майлы бояумен жазатынымды қайтерсің. Соған қарағанда, бізге бормен жазу керектігін ешкім айтпаған-ау, шамасы. Әлде біздің үйде ол да жоқ па екен? Білмедім, әйтеуір дүние шіркініңнің қай түрі болсын, тым қат кезі ғой.

Жыршыдан алғаш тыңдаған, зарлы дауысындағы сарыннан бала жүрегіме ерекше бояу жұғып, мөр басылған; санамды мақпал мақамының мың сан өрнегі билеп, қиялымды әбден илеп, сазға толтырған марқұм Көшеней Рүстембеков еді. Жамағайыным Әлім Аймұрзаев қаладан әкеліп берген үнтаспадан майдангер ақын Әбзәли Егізбаевтың оқ пен от арасында жүріп, туған елге жолдаған хат-өлеңдерін магнитафоннан бір-екі тыңдағаннан жаттап алып, Көшағаңның дауысына ілесіп айтып машықтанып, бала күнгі репертуарыма айналдырғанмын. Қазір соның бәрі ұмытылып қалған. Бір-екі тыңдап, қайталасам ойыма орала кететін түрі бар. Бірақ енді оны қай жерге алып барып жырламақсың? Тіпті түсініп, ұғатын адамның қарасы қалып жарыған жоқ. Сол үшін де, шама келсе жадымды жаңғыртпауға, жырдың мазасын алмауға тырысумен келемін. Мектеп қабырғасында жүргенде қазақ-совет композиторларының біразының әнін жатқа айттым. Алғаш сахнаға алып шыққан әннің бірі «Қара кемпір», екіншісі «Адам мен қайыңның сырласуы». Біріншісі – Алтынбек Қоразбаевтың төл туындысы, екіншісі – терме әуенімен айталатын Мұқағали Мақатаевтың сөзі. Осы көріністің өзі эпикалық жыршылық дәстүрдегі репертуар саясатының заманның ыңғайы мен тыңдаушының таным талабына қарай бұзылып, қаһармандық, батырлық, лиро-эпикалық шығармалардан елдің жери бастағанын білдіретін елеусіз үдеріс. Былайынша айтқанда, кәсіби жыршылық репертуардың шөжіген кезі. Елдің той-томалағы мен мектепаралық жиындардан соң бала жыршының тұсауын кескен алғашқы төр – Жалағаш аудандық Мәдениет үйінің сахнасы.

Бұл кезеңде талай нәрсенің басын шалдық. Шынын айтқанда, жаттап айтпаған ән қалған жоқ. Осы кезеңде ерекше қызығып, ден қойып оқыған кітаптарым жалпы медицинаға, оның гинекология саласына қатысты. Олай болатын себебі, туған ағамыз Төкең – Төремұрат осы саланың маманы болуы себепті, біздің үйде тұтас кітапхана болды. Әуелі түрлі-түсті суретін тамашалап, әрі қарай қызығып оқып, не керек біраз «шөлімізді» содан бастық. Кейін, ғылымға қадам басқанда, әсіресе адам ағзасы мен аспаптардың шығу тегін салыстырған кезде көрдім, сол кезде оқыған медицина тақырыбының пайдасын. Бірақ, осылардың арасынан жүйелі түрде не алдың деген сұраққа жауап табу қиындау. Осы тәжірибенің барлығы жинала келіп, менің фольклортанудағы алғашқы баспалдақтарыма айналған-ау, шамасы. Мұның жайын кейін қанша жерден қаласам да, есіме толық түсіре алмадым. Үнемі жаңарып тұруға бейім жадтың сондай жақтары болады. Кім білсін, бәлкім мидағы мәліметтер толығып, жүйеленген сайын, бірі екіншісін ығыстырып, негізгілеріне орын қалдырумен айналысатын болса да өзі білсін. Олай болса, көп нәрсенің жайын да «бастамашы болған» ниет деген белгісіздің төңірегінен іздеген жөн. Ал ілкі ниет тудырған аңсарды толық есіңе түсіре алуың екіталай. Осыны ойлай бастасам болды, сонау бел-белесте қалып кеткен балалығым еске түседі. Ойыма бірден оралатыны «Романтик» деген дыбыс жазғыш құрылғы.

Әлі есімде, әкем марқұм Мырзалы Жүсіпұлы шиеттей бала-шағасының аузынан жырып, бір зейнетақысына әлгі құрылғыны сатып алып берді. Өзі сондай арзан да емес. Менің қатарым мұндай мүлікті даңғыра музыка ойнатып, дискотекаларға алып барып, көше кезіп жүретін. Ондайларға қыз-қырқын да қырындағыш. Сол көшеңді мезгілінде біз де кездік. Бірақ ол кезде мен әлгі құрылғыны ескі сөздің мөрін білетін кемпір-шалдың аузына тосып, дауыстарын таңбалап, әңгімелерін жазып алып, оны қағаз бетіне түсірудің машақатын бастап кеткенмін. Былай қарасаң, ғылыми мекемеден тапсырма алған, белгілі бір тақырыппен айналысып жүрген кәнігі фольклортанушы маман жасайтын шаруа ғой. Бала да болсам ел арасынан мұра жинау ісімен кәсіби түрде шұғылданғаныма, яғни фольклор үлгілері дыбыс таспасына қалай қатталып, таңбалануы тиіс деген сауалдың үдесінен толық шыға білгеніме қазір өзге түгілі, өзім де таңғаламын.

Басқаны айтпағанда, айтушыдан өзінің немесе сөз дерегін жеткізіп отырған автордың өмірбаян мәліметтерін жүйелеудің өзіндік ерекшеліктері бар. Оның барлығын нақты мамандық бойынша институт қабырғасында машықтанып жүріп, кейін ғылыми жетекші арқылы немесе осы салаға қатысты жазылған ғылыми кітаптардан оқып аласың. Ал енді мұндай әдіснаманы бейсаналы түрде атқарып шығу дегенің логикалық тұрғыда болмаса, тәжірибе жүзінде мүмкін емес. Соған қарағанда, кейде адамды бір түсініксіз «тылсым күш» алға қарай жетелеп, бағыт беретін болу керек. Мұны ғылымда атауы саналы немесе бейсаналы әрекет. Әуелде бейсаналы басталған қай нәрсенің де кейін саналы әрекет арқылы белгілі бір игілік жолына бастауы мүмкін. Қалай десем де, бала күнімнен табанымнан таусылып жүріп жиған, терген, түрлі мұрағат қорларынан алған, жеке жинаушылар аманат еткен қайталанбас дауыстар бұл күнде жұрттың бәрі таңырқайтын жеке мұрағат мүлкімнін негізін қалады. Маған жиі қойылатын алғашқы сауалдың тұжырып айтқандағы түйіні шамамен осы арада.

Ал енді екінші сауалдың жайы кейінгі жылдары өзімнің де тынышымды алыңқырайтын түйткілдің бірі екенін жасырып қайтейін. Осы былтыр Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлы Нәлібаевқа хат жазып, «Сыр бойының музыкалық фольклоры» деген екі томдық мегажобаға орай ұсыныс еттім. Өйткені, менің қолымдағы материалдық емес мұраның – аудио таспалардың басым бөлігі Сыр бойынан өткен сүлейлердің кейінгі ізбасарлары – әнші, күйші, жыршыларға, солар жайында дерек берушілерге қатысты. Әрине, қандай мәдени мұра болсын, шапағат сәулесі мен көлеңкесінің шашырап түсуіне орай, бір аймақпен ғана шектелмейді. Сыр бойы деген ұғым қазіргі таңда территориялық тұрғыда тек Қызылорда облысы деген тар аядағы танымды білдіргенімен, батысында Ақтөбе, Шалқар, Арал теңізі арқылы Маңғыстау өңірімен; оңтүстік-шығысында Қостанай, Жезқазған жерімен; күнгейі мен теріскейінде тұтас Қаратау арқылы Қызылқұм, Арыс, Шардарамен; одан әрі Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан жерін жиектеп отырып тұтас Жиделі Байсынды қамтиды. Мұра жинау барысында, әсіресе кейінгі жылдары, біз шамамыз келгенше осы өңірлерге тән фольклор үлгілерін хаттауға тырыстық. Менің жеке мұрағатымдағы мүліктің етек-жеңі тым далиып тұрғаны сондықтан. Әзірге ол хаттан ошар жоқ. Бірақ бұл ерте ме, кеш пе, әйтеуір жасалуы тиіс, сөйтіп күллі қазақтың қолына тиіп, ұлттың игілігіне айналуы міндетті негізгі шаруаның бірі.

Мысалы, қазір Маңғыстау өңірінде осындай жұмыстардың барысына қатысты жап-жақсы қозғалыс бары байқалады. Аймақтағы мұраға жанашыр Ақылбек Өтеш, Сұлтанбек Құдайберген деген жігіттерге, облыстық халық шығармашылы орталығын көп жылдан бері басқарып келе жатқан Ақмарал Сейілова қарындасқа осы топыраққа табаным тиген сайын құлаққағыс етумен келемін, Маңғыстаудың музыкалық-этнографиялық мұрасының қайда, кімдердің қолында сақтаулы келе жатқаны жөнінде. Жергілікті билік басындағылар қолдау білдіріп, жан-жаққа хабар салып, кезінде жазылып қалған аудио таспалардың ізін шығарып, ақысын төлеп, сатып алуға ниет таныта бастағандарына қарап, сең қозғалғанын байқаймын. Ал біздің әл әлі сол қалпында, сіресіп тұр. Басқасын айтпағанда, Мұрын жыраудан қалған мол мұра – 1942 жылы ауызша айтудан қолжазбаға айналған «Қырымның қырық батыры» тармағындағы қазақтың қаһармандық жырлары мен оның кейінгі, түрлі күзеу мен түзеуден өткен басылымдарын беттестіріп, терең текстологиялық талдау жасап, бұл бағытта жазылған түрлі деңгейдегі зерттеу, мақалалар мен мәлімет атаулыны сүзгіден өткізе отырып, ғылыми басылым жасап, көпшілікке қайта ұсыну керек деген ойтүрткі жасағаныма да екі-үш жылдың жүзі болып қалды. Мұндай күрделі мәтінтанымдық жұмыс Тұрмағамбет, Нұртуған, Ерімбет сияқты шайырлардың шығармаларына да жасалып, ғылыми басылымның жайын қолға алу қажет. Айналып келгенде, мұның барлығы тек маңғыстаулық немесе қызылордалық ағайынға ғана тиесілі мұра емес, күллі қазаққа ортақ қазына. Қай деңгейдегі басшы, иә қосшы болсын, алдымен осыны түсінгендері абзал.

Мәселе сонда, егер менің жеке мұрағат мүлкімді шынымен де тапсыру қажет болса, мұның бәрін қайда тапсырасың? Егер беру қажеттілігі туса, кімнің қолына берген жөн? Бұл көз қимастықтың сөзі емес, әрине. Былай қарағанда, мен өзіме тиесілі қазабат жұмыстардың біразын абыроймен атқарып, кандидаттық, докторлық диссертация жазып, одан өзге де монография, зерттеулерімді күрмеп, Сыр бойы мен Маңғыстаудың музыкалық мұрасы былай тұрсын, Қазақстандағы этностардың музыкалық фольклорына қатысты үш тілде екі томдық музыкалық антология шығарып, қазақша айтқанда бас-аяғымды жинақтап алған қазақпын. Шынын айту керек, «Мә, дәл қазір ала ғой» деп қолына ұстатып, беріп жібере қоятын адамның да реті жоқ. Бергенмен де оның жайын түсінетіндер аз. Оның үстіне, жасырып қажеті қанша, жастар ғылымның ауыр жұмысынан бас тартып, бірыңғай жеңілдің үстімен жүруге көшкен. Сондықтан да, кімнің қолына ұстатып жіберсең де мұраның қор болатыны анық. Мұнда жинақталған мыңдаған айтушының дауысын алдымен ажыратып, ретімен жүйелеп, бір ізге түсірудің өзіне «мен мықтымын» деген маманның бес-алты жылы кетері анық. Ал мен болсам, «Бәрін өзім жасап беремін!» деп отырғанымды талайға айтумен келемін.

Өз басым мұрағат мүлкіне еш уақытта әншейін аудиотаспа деп қараған емеспін. Мұндағы дауыс иелерінің барлығы бір заманда қара жердің белін қайыстыра басып жүрген тағдырлар, өздерінің жарық көретін сәтін күтіп, мұрағатта тұншығып жатқан ғазиз ғұмырлар. Қалай десек те, бұл қайталанбас дауыс иелерін мұрағат «тұтқынынан» босатып, тірілердің қатарына қосып, келешек ұрпақпен қауыштырып, материалдық емес мұраны мәңгілендіру керек. Солай, мен мұрағат мүлкінің жағдайын саналы ғұмырымда тек осылай сезінумен ғана келе жатырмын. Бұл жайында кім, не десе де басқа анықтаманы білмеймін, білгім де келмейді. Оған қоса, қазір аудио мұрағат сақтайтын мемлекеттік мекемелердің өзінен береке кетіп, бақ тайған. Түсін түстеп, есім-сойларын атап, ешкімнің көңіліне тимей-ақ қояйын. Естілер онсыз да бәрін біледі, әңгіме не жайында екенін іштері сезеді. Сондықтан да мен жеке мұрағатымды бөгде қолға тапсырудың орайын таба алмадым. Тапсырар едім, егер менің ойымдағыдай жауапты мекеме, иә маман болса.

Оның үстіне, көлемінің шалқып жатқаны сондай, тек ден қойып, тыңдап шығудың өзі қазабат шаруаға айналып бара жатқанын кімге айтып түсіндіресің? Мына қым-қуыт тіршіліктің арасында соған арнайы уақыт бөліп, жылдар бойы жүйелеп, әлі бір шетіне шыға алмай келе жатқаным өз алдына. Айтпақшы, биыл жарым сағаттық кездесуде, ішіме симаған соң соның шет-шепірін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Тынымбайұлы Қариннің қаперіне салдым. Талай нәрсенің келімін келтіріп жүрген, ұлттық мұраның жайын бір адамдай білетін азамат қой, басын шайқап, таңырқап қалған. Жалпы, айналып келгенде, қалай десек те мұның барлығы ұлттың мүлкі. Олай болса, халық қазынасына мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық қажет. Әрине, алдымен сол көл-көсір дүниеге иелік жасап келе жатқан мұра жинаушыларды қаперге алу міндет. Содан соң жоспарлы түрде жұмылып, іске бел шешіп кірісу қажет!

Тек біз ғана емес, кезінде жеке мұрағат қалыптастырған Шора Сарыбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Мардан Байділдаев, Хабиболла Сыдиықов, Тымат Мерғалиев, Талиға Бекхожина, Зәуре Жанұзақова секілді жидашылар болды. Бір ғана Сыр бойында, Тұрмағамбет ауылында ғұмыр кешкен қарапайым киномеханик Оңғарбай Кәнтаев жинаған мыңдаған сағаттық аудио мұрағат болғанын білуші едік. Ізерттеп, ізіне шам алып түсіп, індете түсер болса, сол жанкештілерден қалған мұндай аяулы мүлік Қазақстанның талай аймағында кебеже құрсақ, кең қарын қара сандықтардың түбінде жатуы әбден мүмкін ғой. Олай дейтінім, бір ай да болған жоқ, сондай асыл қазынаның бірі – Қазалы аудандық радиосының алтын қоры, 86 жастағы Ордабай Аяпбергенов сақтаған ірілі-уақты 80-90 үнтаспаны Алматыға алып қайтқанымды әлеуметтік желіде жариялағанмын. Шүкір, салыстырмалы түрде менің жеке мұрағатым цифрлық жүйеге көшіріліп, жүйеленіп болып қалды. Ал есім-сойы аталған жидашылардың отбасында сақталған (бәлкім сақталмаған да шығар. – Авт.) мұраның күйі нешік? Кейінгі кезде менің көңілім осындай нәрселерге алаң.

Мұны айтасыз, барлық облыстардың халық шығармашылы орталығы мен радио-телевидение тораптарында сақталуы тиіс жергілікті жердегі ән, күй, жыр мұраның тізгінін ұстаған түрлі мамандық иелерінің орындауындағы қайталанбас дауыстар қайда? Бұлар сақталды ма? Сақталса кімнің қолында, қазіргі заманауи цифрлық жүйеге көшірілді ме? Көшірсе кімдер, қалай, немен көшірді, оның тұпнұсқасы қайда? Жалпы, осындай мың сан мәселемен жүйелі түрде айналысып келе жатқан министрлік, белгілі бір құзырлы мекеме, болмаса жекелеген мамандар бар ма? Әй, қайдам-ау. Баяғы «Қазақтелефильм» бірлестігі әр облыс бойынша, барлық саланы, соның ішінде әсіресе өнер мен мәдениет тақырыбын қамти отырып, баға жетпес деректі фильмдер түсірген болатын. Ал енді мұның жайын кім біледі? Кезінде Франция, Мәскеу, Орынбор, Өзбекстанда, олардан да басқа алыс-жақын шет елдерде таңбаланып, үнтаспаға бетінде қалған баға жетпес дауыстардың жай-күйімен қашан айналысамыз? Е, әзірге сол баяғы «жағдайды несін сұрайсың, айтсам жылайсың» дегеннің кері. Әңгіме үдеген сайын бірінің басын келесінің құйрығы іліп алып шығып жатқаны да сондықтан. Мәселе көтергенде тұрған айып бар деп ойламаймын, тыңдайтын құлақ болса, әрине.

Міне, материалдық емес мәдени мұраға қатысты осындай қыруар мәселе ойға оралғанда күндіз күлкі, түнде ұйқы қашады. Тарих тегершігі енді берісі он, әрісі жиырма жылға ілгері басқан кезде, егер бүгіннен бастап, жедел һәм жүйелі түрде қолға алмайтын болсақ, мына өгіз аяң жүрісімізден жаңылмасақ, осылардың бәрінен толайым айрылып, сақал сипап қаларымыз хақ. Басқаны айтпағанда, қазір аудио мұраны сауатты түрде көшіріп, тазартып, іріктеп, авторларын ажыратып, түпнұсқа қалпын сақтай отырып, сараптама жасай алатын маман қалмай барады. Мен білетін сондай екі жанкештінің бірі – күйші, музыкатанушы Базаралы Мүптеке деген қорлы қазақ өмірден ерте көшті. Ендігі қалған жалғыз мұрағаттанушы Саян Ақмолда бұл қазақтың қай жыртығын бүтіндеп үлгерер дейсің. Оған ізбасар болып, ісін жалғайтын шәкір тәрбиелеуге де ден қойып жатқан ешкім жоқ. Қалай десек те, ұлт мұрасының жайын әріден ойлап, мұны зерттеп, зерделеп, бір жүйеге келтіріп, келешектің игілігіне айналдыра алатын жиырма шақты фольклортанушы, музыкатанушы, орындаушы-айтушы мамандардан өз алдына шағын институт құрып немесе белгілі бір институттың жанынан арнайы бөлім ашып, жедел түрде іске кіріспейінше, жақын арада халық мұрасын ұшпаққа шығара алмасымыз анық болып тұр.

Әзірге, біздің қолымыздағы жеке мұрағат мүлкі қалай жинақталды, осы далалық фольклорлық-этнографиялық экспедиция сапары барысында кімдерге жолықтық, не көрдік, не білдік, не бітірдік деген шалқып жатқан сауалдардың шет-шепіріне тоқталып өтейік. Үмітсіз – шайтан! Ал біз бар болғаны ет пен сүйектен жаралған пендеміз. Кім білсін, бәлкім осыны оқығаннан кейін жанайқай сөзіміз Президенттің құлағына тиіп, анасы қалжа жеген бір облыс әкімі шығып немесе маңдай тер, табан етімен жиған мүлкінің қиқымдайын көзі қиып, халық кәдесіне жаратайын дейтін ұлтжанды кәсіпкер табыла кетіп, қазақтың игілігі үшін жиған-терген мәдени мұра толайым жарық көріп те қалар. Ол да мүмкін. Өйткені мына жұмыр жердің бетінде мүмкін емес нәрсе жоқ.

Бала кезден жалаңаяқ дала кезгем…

Әрі кетсе сол он төрт, он бес жас шамасында шығармын. Дәуімбайдағы мен оқыған № 202 орта мектепке Жалағаш аудандық мәдениет үйінің басшысы Мақашу Әбжанов келіп, Әли Еркебаев ағамызбен ұзақ сөйлесті. Соның арасында, біздің сыныпқа оқу бөлімінің меңгерушісі Базаркүл апай келіп: «Сен ешқайда кетіп қалып жүрме, Жүсіпов, қазір директорға кіресің», – деп қатқыл дауыспен зілді ескерту жасап кетті. Оған дейін де кабинетіне түрлі себептермен кіріп-шығып, бойымды үйрете бастаған кезім. Онша қаймыққан жоқпын. Ішімнен «көп болса» деп қоямын. Иә, көп болса бір сілкіп алар, онда тұрған не бар? Мен кіргенде мейман екеуі әзіл-қалжың араластырып, ерекше көңілді отыр екен. Қатал басшының жайраң күйіне таңғалдым.

– Іздегенің осы бала ма? – деді Әли аға мені иегімен нұсқап.

– Иә, осы – деді әлгі кісі.

Алғаш рет көруім, жүзі жылы, көзі күлімдеп тұратын, әзілкештеу кісі екен. Екеуі тағы бірдеңелерді айтып, күлісіп ала жөнелді. Мұнысы енді мен үшін түсініксіздеу болып көрінді. Есіктен шығып бара жатып, әлденені пысықтағандай: «Әлеке, онда солай деп келістік қой», – деді. – Иә, айттым ғой, болды, келістік», – деп жатыр директорымыз. Әлгі қонақ шығып кеткен соң: «Көрдің бе сені қандай адамның іздеп келіп тұрғанын? Жақын арада аудандық «Мәдениет үйі» ұжымы Қарақұмға, қойшыларды аралауға шығады. Сені сол топқа қосуды сұрап келіпті. Мен міндетті түрде барады дедім. Қалай, батырым, барасың ба?!» – деп арқамнан қақты. Қарақұм қайда, ол не қылған қойшылар, не үшін барамыз, онда шаруам қанша. Басымды изедім де, жылы жымидым. Бастысы, мектептің мыжуынан құтылып, біраз бой жазып қайтсам болды емес пе?

Арада бірнеше күн өткен соң «Алтын арай» ансамблімен бірге дайындала бастадық. Бас-аяғы бірнеше аптада «Қарақұм, қайдасың?» деп жолға шығып, тартып отырдық. Айдау жол, ішек-қарынды бұрап, көтеншегіңді солқылдатып, ұрып-соғып келе жатыр. Мақаң шынымен де әңгімешіл екен. Анекдот айтып, бір уақыт әртістерін әбден ішек-сілесі қатқанша күлдіріп, содан соң жүйелі сөзге көшіп, Жалағаш пен Қармақшы төңірегінен өткен баяғы жақсы мен жайсаңдардың үлгілі сөздерін будақтатып, зеренін шайқап, сапырып келе жатыр. Жол ұзақ, әңгіме ауаны салиқалы. Бір кезде Базар жыраудың Маутанға айтқан сөзіне ауысты.

– Базекең байдың ауылына келіп: «Уа, байеке, Қарақұмға жырлауға бара жатыр едім, мінерге бір атыңның майын бер, мүддіғам сол», – десе, әлгі мыңды айдаған сараң неме бермепті. Содан жаз бойы Құрақұм жақты аралап, күзде қайтып оралса, Маутекең өліп қалыпты. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтын ағайын емес пе? Мына сөзді сапта тұрып айтыпты, – деп Базекеңнің «Бай да өткен, батыр да өткен асқары» деп басталатын әйгілі жырының тиегін ағытып қоя берді. Мына қыруар жұрт Қарақұмға бара жатқан соң жолсапардың тұздығы үшін айтылып отыр ма, әлде әңгіменің орайы солай ма екен? Жалған айтып керегі не, оның байыбына бара алмадық. Бірақ әйтеуір, мына риторикалық тәсілмен, әр сөзін тасқа таңба басқандай етіп баяндаушыда мін жоқ.

Автобус толы әртістің назары Мақаңда, ауыздарын ашып, көздерін жұмып, тебіреніп қалған. Онсыз да жолаушыларын «өбектеп» келе жатқан айтақыр, қасқа қара жолдың тербетуі өз алдына. Ал мына әріден қозғап, ақтарылып отырған кісің нағыз су төгілместің өзі екен. «Аға, осы сөзіңізді жазып алайыншы», – дегенім сол еді: «Берікжан, айналайын, сен жазып алатын айтушылардың тізімін өзім айтамын, кейін», – деп лебізін сабақтай түсіп, өрістеп келе жатқан әңгіме желісін бұзбай, әйгілі Қарадос бидің қарақалпақ Маманмен қағысуы, табын Шоңбайдың басынан кешірген қиын тағдыры, Жанқожа заманындағы жорықтарға қатысты, табын мен әлімнің арасындағы ер Жәкең жайындағы дау-дамайды шет-шепірлетіп барып, сөзін жуасыта келе, мүлдем басқа тақырыпқа ойысып, өзге жағалаумен жосылып отырып, күні бойы айтқан тарихи деректердің ізін жуып-шайып әкетіп, ұзаңқырап барып бір тоқтады. Қасқаның сөз таспалау шеберлігіне тәнті болдым.

Қарақұмға маңдай тірегенде түскен үйіміз Мақаңның туған ағасы, былайғы жұрт «пұшық Сақып» атап кеткен қойшының отбасы екен. Әртістер қауымы өнерлерін көрсетуді осы арадан бастап кетті. Көп ұзамай бүгін осында қонатынымыз хабарланды. Қой сойылып жатыр. Дастархан жайылып, жұрт жайғасқан соң Жорабек ән айтты. Бір аяғын бұрап басады екен. Кезінде Ғарифолла Құрманғалиевтің өзінен дәріс алыпты. Әрі қарай белгілі ғой, қас қарайған соң домбыра бізге көшті. Содан, қашан таң сарғайып атқанша сүлейлердің сөзін сылқылдатып соқтық та отырдық. Репертуарымдағы терме, толғаулар мен көлемді жырлар сол кездің өзінде бір күн, бір түніңді толық атқарып шығуға жарайтын. Не керек, таң сыз бере тоқтап, демалдым. Түс әлетінде тұрсам, түндегі жырдың жайы талқыға түсіп жатыр екен. Сөз өрбітуші сол, Мақаң. Жуынып, шайынып келіп, амандасып, дастархан басына жайғастым. Сол сәтте Сәкең кірді, қолында шүберекке оралған бір түйіншегі бар.

– Шырағым, өзіңді көрмесек те, сырттай есіміңе қанық едік. Ертеден қара кешке дейін қойдың соңында жүрсек те, құлағымыз түрік: «Бір жыршы бала шығыпты», – дегенді қазір әркім-ақ айтып келіп жүр осы жаққа. Алдыңда жолыңды тосып, күтіп отырған жыр құмар ағаларың баршылық. Дауысыңа абай болшы, үнемді жырла, шаршап қалма, болашағың зор екен, – дей келе, қолындағы мүліктің шүберегін сыпырды. Онысы кере қарыс ескі кітап. Кітап емес, қолжазба екенін кейін білдім. Жалпы, менің ел аралап шығып, Қарақұм мәнзілінен қолжазба көруім осы еді. Сәкең әлгі көне «кітапты» маған ұсынып жатып, басынан өткен уақиғасын айтты.

– Е, тағдыр айдаса бұл адам дегеннің жүрмейтін жері жоқ екен. Бір мінәйі себептермен сотталып кетіп, бірнеше жыл Ақтөбе жақтың дәм-тұзын татып қайтқан бұл ағаң. Несін жасырайын, сот үкімі оқылған сәтте: «Осымен бәрі бітті, қалған жерде өмір жоқ. Болғанмен оның не мәні бар дейсің?» – деп қайғырдым. Туған-туыс, жақын-жуық еңіреп отыр. Сонымен, қолымды артыма қайырып, алдарына салып, алып жүрді. Ақыры Ақтөбеден бір-ақ шықтық. Арада екі-үш ай өткеннен кейін, ортамызға бір қария келіп қосылды. Есімі Үбісұлтан, руы кете, қармақшылық. Кете болғанда да, әйгілі Тұрмағамбеттің туысы көрінеді. Өзі тақуа, тазайын, әңгімесі есті. Сөзді шақтап, өлшеп айтады. Аяғын санап басады. Жарықтық, Құдайдың ерекше жаратқан пендесі екен. Мұндағылар да қай бір жетіскеннен отыр дейсің? Бірі жылап-сықтап, екіншісі артық-ауыс мінез көрсеткісі келіп, қауыр-дауыр болып жатқан сәттің бірінде, әлгі кісі әдемі дауысымен жігіттерді бір қайырып алып:

– Әй, інілерім, сөзге құлақ түріңдер. «Ат жақсысы –  кермеде, ер жақсысы – түрмеде» деген бұрынғылар. Мені сендердің араларыңа айдап әкеліп тұрған тағдыр ғой. Ендеше былай келісейік. Сөз тыңдап өскен қазақтың баласы шығарсыңдар? Күндіз әркім өз шаруасымен болсын. Қас қарайған сәттен бастап, әңгіме тыңдағысы келетіндер қасыма шоғырлансын. Бос отырмайық, ескіден гәп құрайық. Басқа түскен баспақшы. Бірің емес, бәрің де сол шырмаудасың. Құр уайымнан пайда жоқ. Менің кіндік қаным тамған топырақ мына Қызылорда облысының Қармақшы ауданы, «Ақтайлақ-Кезең» деген жер. Ел құлағы елу, естулерің де бар шығар. Сөз бұйдасын ұстаған игі-жақсылардың жанында жүрдік. Үлкендердің қолына су құйып, атын ерттеп беріп, қосын жегіп, қызметін жасай жүріп сөз үйрендік, жыр жаттадық. Тұрмағамбетті білетін боларсыңдар? Өз қолымыздан жөнелткен ағамыз еді, иманды. Оның жайынан да айта жатармыз, шүкір, алдымыз кең ғой. Ендеше бос отырмайық, ертеңнен бастап сондай нәрселерді базарлайық, – деп біраз әңгіме шертіп, жұрттың алды есіней бастағанда, құптан оқу үшін дәрет алуға тұрып кетті.

Құданың құдіреті, Үбісұлтан дегенің нағыз сүлейдарияның өзі болып шықты, тіпті түбі тесіліп кеткен бе дерсің. Мен мұндай деңгейде әңгіме айтатын дүлейді бұрын-соңды естіп, көрмеген екенмін. Әрі-берідесін түрмеге түскеніме қуанбасам да, еш өкінген жоқпын. Қанша уақыт айтып, тәпсірлегені есімде жоқ. Қандай сөздің ретін келтірсе де, судағы балықтай, еркін жүзіп бара жатқаны. Арасында салалы жыр керек пе, ертегі, аңыз дейсің бе, Үбекең қамшы салдырмады. Әрі-берідесін қарияның шайын қойып, ішетін асын бөлек даярлап, дәретін суын әзірлеп, қас қарайған шақта пірін күткен мүрит құсап, кәдімгідей жолын тосып отыратын болдық.

Бір күні кешке: «Ау, сендер осының бәрін тегін тыңдай бересіңдер ме?» – дегенде барып, жұрт қопаңдап, жан-жағына қарай бастаған. Сөйтсек, әңгіме шертіп, жыр толғағанына да пәленбай айдың жүзі болып қалған екен. Содан соң сәл жимиып алып: «Енді мен айтып отырамын, ал сендер соны жазып, хатқа түсіресіңдер!» – деді. Сол күннен бастап Үбекең айтып отырды, төрт жігіт қапталдасып, айтқан жырларын ғана теріп, қағазға түсіріп отырдық. Біздің үлгеріп жазып алғандарымыз  қалың төрт «кітап» болған кезде, кесілген жазасының мерзімі бітіп, Үбекең аман-есен еліне қайтты. Бүкіл түрме жылап қоштасты. Қазыналы қарияның аузынан шыққан жырлардың бір парасын мен қолжазбалап едім. Мерзімім біткен күні соны өзіммен бірге, елге алып қайттым. Қалған үш бөлігінің қайда кеткені қазір есімде жоқ. Мынау сол қолжазба, шырағым. Талабың тай жегендей бала екенсің. Осыны саған табыстағым келіп тұр. Бір қажетіңе жаратарсың!

Жиылған жұрт Сақып Әбжанұлының айтқан сөзіне уыздай ұйып қалыпты. Төрде, жағын таянып отырған Мақашу да «Дұрыс, өте дұрыс!» дегендей ымыра танытып, жеңіл ғана басын изеп отыр екен. Әртіс ағайындарым жан-жақтан жамырап: «Ал, Берікжан олжаң құтты болсын!» – десіп жатты. Мұның ішінде не бар, не жоғын білмесем де, ерекше толқыдым. Сыйлық алғаныма емес, керісінше, мойныма жүк артылғандай сезіндім. Жанымды теңіздей толқытқан әлгі сезімі құрымағыр шынымен де алдамапты. Әулиепейіл ағаның үйінен не арқалап шыққанымды кейін білдім.

Ерекше «олжамды» сөмкеме салып алып, сапарымызды әрі қарай жалғап, Қарқұмдағы шопандарды толық аралап қайттық. Баяғы есті қариялардың «Құрақұм дегенше, қарағым десейші!» деген құйқалы топыраққа, шопан ағаларымның арасына келесі жылы өзім қайта келіп, оншақты күн жүріп жыр айтып, бір жүк көлігінің бортын малға толтырып қайтып, сөйтіп, әке-шешемді бір шала байытып тастағанмын. Баласынбай, керісінше, данасындай төрден орын берген, қас өнердің шырынын таңдайға тату үшін жиған қорын берген, қайран жұрт. Осының бәрі ұлы дәстүрін құрметтеген, жыршы-жырауларын сыйлаған Сыр бойы қазағының қасиет еді-ау. Уай, дүние-ай десеңші!

Эпик жыршы Үбісұлтан Аяповтың айтуынан Сақып арқылы жеткен әлгі қолжазба «Орқа – Күлше», «Сұрмерген», «Әзіреті Әли мен Дариға қыздың күресі», «Мырқы батыр», «Сәдуақас сақи», «Ұры қарға» сияқты сюжетті жырларды қамтиды екен. Әрине, бұл бұрын баспа бетін көрген мәтіндер екенін кейін білдім. Өкінішке қарай, Үбекеңнің айтуынан қағаз бетіне түсірілген қалған үш «кітап» кімдердің қолында кетті, оның мазмұны жайында дерек жоқ. Жалпы, менің қолыма тиген қолжазбаның құндылығы – Үбісұлтан секілді білікті жыршының репертуарын анықтап, ол жырлап айтқан сөз қорын бағамдауда таптырмас дерек екенінде. 1976 жылы Сыр бойына жасалған, құрамында З. Жанұзақова, М. Жармұхамедов, М. Байділдаев сияқты мамандар болған арнайы фольклорлық-этнографиялық экспедиция № 243 үнтаспаға Үбекеңнің орындауында «Үбісұлтанның әні», «Көтерме», «Құлақбасар», «Сүйіндіктің әні», «Тұрымбеттің әні», «Сүлейменнің толғауы», «Айтжан-ай» тәрізді бірнеше шағын шығармаларды ғана таспалапты. Ал оның шығармашылығына қатысты жеке өмірбаян деректері, шалқыған репертуарының жайы немесе айтқан әңгімелеріне қатысты бір ауыз сөз жоқ. Осыдан кейін ел арасына ғылыми мекемелер шығарған осындай экспедициялық топтың даярлығының әлсіздігіне қарның ашады. Бұған қарағанда жыршының жеке тұлғасы, оның сөз қоры жайында түрмеден жеткен мәліметтер берген дәйек әлдеқайда ауқымды. Міне, менің бала кезімнен айналысып, жеке жүргізген жинау жұмыстарым қазақ фольклортану ғылымының осындай олқы жақтарын толықтыра түсуге септескенін бұл күнде ауыз толтырып айтуға болады.

Жолжазба деректерінің арасында: «1989 жылы қысқы демалыс кезінде (қаңтар, ақпан. – Авт.) жеке жинау жұмысына шығып, Қызылорда облысы Жалағаш ауданының Мәдениет, Жаңаталап, Аққыр, Ақсу совхоздарын аралап, Байнияз, Мырзаш, Абай, Ібән, Байділда, Матай, Мәлік, Әлмеш, Рақмет секілді жыршы, әңгімешілерді жазып, фотосуреттерін алып, өмірбаяндарын нақтыладым. Жұмысымды алты күн ішінде күрмедім. Алматы, 15. 03. 1989», – деген мәлімет сақталыпты. Осы тізімнің арасындағы Мырзаш Итемгенұлы деген жыршыны сол жылдары Ембіде тұрған жездем Сәндібай талай рет ертіп келіп, отымыздың басында жырлатқан болатын. Баяғы Сақып қойшыдан алған қолжазбадағы «Сұрмерген», «Мырқы», «Қарға» сияқты эпикалық жырларды кейін осы Мырзаштың айтуынан естідім. Сұрастыра келгенде, ол да бір кезде «түзеу үйдің» дәмін татқан, Сақып ағасымен аралас, туыс болып шықты. Әлгі жырларды сол Сәкеңнің қолжазбасынан көшіріп алып, жаттапты. Олай болса, бізге түпнұсқа табысталғаны ғой. Сөйтіп, осындай салыстырмалы, салғастырмалы жұмыстар арқылы жыршылық репертуардың аймақтық ерекшелігіндегі ауыс-түйістер тарихын бажайлап отыруға болатынын білдік.

Осы экспедиция кезінде бірталай құнды материалды мұраланып қайтқаным есімде. Ақсу совхозының тұрғыны Ұзақбай Иманалиев деген қариядан табын Шоңбай ақынның өлең шежіресінің толық нұсқасын алғанмын. Кезінде мұны ол Жақап Зәуірбайұлынан көшіріп алған екен. Кейін осы нұсқаны өзім басшы болып тұрған жылдары Қызылорда облыстық Мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен, «Мәдени мұра» өңірлік бағдарламасы аясында жарық көрген «Сыр саңлақтары» антологиясында жарияладым. Жинаққа мұнан басқа бір құнды қолжазба енді. Кейінгі тарихшылар көрмей жүрген болар. Бәлкім фольклорлық мәтін болғасын көз қырына ілінбей келе жатса да өзі білсін. Жергілікті мұғалім Әлмағамбет Ахметұлынан алған, туған нағашысы Шоңбай Жұбанұлының бұрын жарық көрмеген, ғылыми айналымға түспеген, тек Әлекеңнің қолында ғана сақталған «Жақап Шортанбай биге сынатқан сөзі» деген шартты атаумен берілген шығарма деректілігімен құнды. Халық батыры Жанқожа Нұрмұхамедұлы өлтірілгеннен кейін, үстінен шешіп алынған сауытқа, әлгі қасиетті мүліктің кейінгі даулы тарихына қатысты сыр шертетін осы шығарманы өлердегі сөзімді айтып, бір күнге сұрап алып кеткенмін. Алайда, берген уәдемде тұра алмай, түнімен қолжазбаны көшіріп үлгермей, ақыры Алматыға жүріп кеттім.

Қош, сонымен, консерваториядағы оқуыма кірісіп, қолжазбаны асықпай көшіріп алып, түпнұсқаны келесі демалысқа шыққан кезде алып келдім, иесіне табыстау ниетімен. Сөйтсем, сол екі аралықта Әлмағамбет ағамыз келместің кемесіне мініп кетіпті, иманды болғыр. Мына жағдайды естіп, қапелімде еңсем еңкіш тартып кетті. Ойпырмай, не ойлады екен? Алдап кетті деді ме, әлде уәдесіз біреуге жорыды ма? Амал қанша, отының басынан дәм ауыз тиіп, марқұмның рухына дұға жасадық. Әлекең қадим мен жәдитке бірдей сауатты Әбдірашит Бердәулетов сияқты мықтыдан тәлім алғандықтан, осы өңірден өткен біраз шайырдың шығармалары мен өміртарихынан хабардар болатын. Аталмыш шығарманы тағасы Шоңбайдың өзінен жазып алғанын айтып еді. Біз көрген қолжазбаның шетінде: «1959 жылы июльде Шоңбайдың өз аузынан жазып алынды. Шоңбай ақын сол жылы 73 жаста еді», – деген бұрыштама жазуы бар болатын. Міне, осы мәліметтердің өзі шығарма тікелей автордың өзінің айтуы бойынша қағазға түсірілгенін білдіреді. Әрине, қай шығарма болсын, қолжазбалау кезінде, кейін қайта көшірген уақытта бірлі-жарым өзгерістер мен жанама түзетулер болуы әбден мүмкін. Кейбір өлең жолдарының ұйқасқа келмеуі, түсіп қалған сиқты әсер қалдыруы соның айғағы. Қалай десек те, енді оны еш уақытта алғашқы қалпына келтіре алмасымыз анық. Бастысы: Әлмағамбеттен қалған Шоңбай ақынның белгісіз болып келген шығармасы бүгінгі ұрпағының қолына аман-есен табысталды. Мен бәрінен де бұрын соған қуандым. Өйткені, аманатқа қиянат жоқ, болған да емес. Уақыт өте келе, дамыған техника жетістігін сәтімен пайдалана отырып, қолға тиген қолжазбаларды көшіріп алып, түпнұсқаларын алған жеріме таратып, ұрпақтарының қолына табыстай бастадым. Бәлкім, мәнәйі себептермен берілмей қалса, бірнешеуі қалған да шығар. Күні мен сәті туғанда, олардан да толайым арыламын. Алмақтың да салмағы бар деген – осы!

Сөзімнің әуселесінде айттым ғой, жеке экспедиция сапарымен жүріп өткен жолымды толық қамтып шығу үшін оның аужайынан кітап жазылу керек. Онсыз жиналған мұраға, мәлімет берушілерге қатысты айтарыңды толық қамту мүмкін емес. Мұра қаттау жұмысының негізгі мақсаттарының бірі – халық арасында, түрлі деңгейде сақталған фольклор үлгілерін, мейлі ол қарапайым, қысқа мәлімет болсын, сол табиғи қалпында айтылу үлгісін сақтай отырып жеткізу. Мысалы, Жаңаталап совхозынан Матай Ғаниев деген қарияның айтқандарын жаздым. Жалпы, мәлімет берушілердің деңгейі әр түрлі болады. Матай қандай шағын эпизодты болсын, ерекше мәнерде айта білетін. Дауыс бояуы әсерлі. Сөздің ырғақты айтылуына көңіл бөледі. Сондай-ақ, жазып алу үдерісін сезінуі керемет. Өмір бойы кәсіби студияда дауысын таңбалатын жүрген әртіс сияқты:

– Атам Қарадос он төрт жасында, жағалбайлының жерінде түйе қарап жүріп, бір жиынға кездесіп, жеке үйге кірсе, кілең билерге табақ тартылып жатыр екен. Бұл да босағаға отыра кетіпті. Сонда жапсарда отырған билердің бірі: «Уа, мына бала кім екен, аты-жөнін сұраңдаршы», – деген екен. – Сондағы берген жауабы: «Әкем менің жетесіз, / Шешем менің некесіз. Басы туған жігіттің, / Аты-жөнін сұрап нетесіз?» – деп өлеңдетіп алып келіп, әлгі жауаптан кейін сол жиындағы төртеуі жесірдің, үшеуі ердің құнына қатысты жеті дауды шешекені; сөйтіп, балқы Қарадос атасының он төрт жасында билікке кірісіп кеткені жайында баяндай келе, әрі қарай керейт Жарасбайдың, Зарқұмның, Тынымбайдың, Досан бидің, одан әрі «Екі молданың әңгімесі» сияқты бірқақпай, езутартар сөздердің шетін шығарып отырды.

Осы қатардағы ескі әңгімелер мен езутартарға жетік айтушының бірі – Мәлік Тоғызбаевтан Алданазар, Тұрмағамбет, Жаңабайдың жігітшілігі жайында, әлім Сайым, балқы Базар, Өске шешен, сарғасқа Ораз ахунға қатысты бірқатар мәліметтер қатталды. Жоғарыда, репертуары тілге тиек болған Мырзаш Итемгеновтен қыпшақ Досбол датқа мен Бұқарбай батырдың дүниеге келуі, Бұқарбайдың сыналуы, Наурызбайдың тобына қосылуы, Сәрке мен Қарқараның тарихы, Сәркенің Асауға қатысты әңгімесі, Тұржан ахун, телеу Жорықбай, жәментік Шоңбай, Тұрмағамбеттің үш жеңілісі, балқы Базар, сарыбай Әзілкеш, Ерденнің нағашы іздеуі сияқты біршама ескі сөздер жазып алынды. Сол жолы Аққұм совхозынан Сұлтанбек Ысқақов, Байділда Сәрсенов, Әбан Аралбаевтарға жолықтым. Кері айналып Аққырға соғып, жыршы Байнияз Желдербаевтың репертуарын таспаладым. Бұл кезде менің қолымда кәсіби экспедицияға арналған электромеханикалық катушкалы құрылғы жүр. Мұны тасымалдап, алып жүрудің өзіне бір арба жан керек еді.

Жалағашқа жасалған жеке жинау жұмысының қорытындысымен эпик жыршы Байнияз Желдербаевты марқұм Мұрат Каримуллиннің қолдауымен Алматыға алдырып, репертуарын «Алатау» бағдарламасына жазып, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің студенттері бірнеше күн жырлатып, мәре-сәре болғанбыз. Ол кездегі, біздің қатарымыздағы қыз-жігіттер халық қазынасына ерекше ықыласты болды. Қазіргі академик Бағдат Телтаев бастаған жігіттер Алматы қаласы бойынша, университеттер арасында түрлі кездесулер ұйымдастырып жүретін. Сондай кештердің төрінде біз отырушы едік. Бәлкім, қазір соның бәрі «бәлду-бәлду бәрі өтірік» болғанымен, үлкен ғылымға біз осылай келдік. Сөйтіп, қазақ фольклортануы, соның ішінде эпикалық жыршылық дәстүр жайындағы іргелі ғылымның әлемдік деңгейде, заманауи теориялар мен соны әдіснама негізінде түбегейлі зерттелуіне үлес қостық.

 

Балалықты қидық, есесіне мол мұра жидық…

Біраз уақытым, әсіресе балалық шақ, бозбала дәуір, жігіт-желең кезім мұра жинауға кетті. Әрине, күні-түні тек сол шаруамен айналыстым деген сөз емес. Ел ішіндегі құнды мәліметтерді білетін, ескі сөз дерегін айтатын біреу бар десе, болды, қашан жолыққанша асығып, дыбыс жазғыш қобдишамды арқалап ала жүгіретінмін. Кейде барған жеріңнен еңбегің қайтпайды, үмітің ақталмайды. «Осы бірдеңе біледі-ау» деп артынып-тартынып жеткен кісің жарытып ештеңе айта алмайтын біреу болып шыға келеді. Ондай кезде аттың басын шорт бұрып, бірден кетіп қалудың өзі ыңғайсыз. Тағы бірнеше күніңді бос кеттіге есеп қылмасқа амалың жоқ.

Маңдай тіреп келгеніңде тілдесуге шамасы жетпей, төсек тартып жатқандар болды. Ақбастының табанынан сөз жәдігерлерін жинап жүрген кезімде сондай қарияның бірінің көкірегіндегі қазынаны алып қала алмай, өкінгенім бар. Құлжан деген шайыр өткен бұл өңірден. Әрі туыс һәм қайын жұрт. Жарықтықтың Есентүгелмен айтысын білетін жалғыз адам Досқай екен. Смағұл шайыр «Едіге, сенің әкең Баян қарт-ты» деп жырға қосатын жайсаңның ізі. Бұрынғылар адамды былай қойғанда құмай тазы, алғыр құс, жүйрік аттың тегін де шежірелейтін. Сопылық тарихатты тұтынған арғы бабам Жақып, оның баласы Жүсіп атамның бәйгенің алдын бермеген Сары аты сол Едігенің әйгілі Көк арғымағынан түскен құлын екен. Әлгі туындыны жатқа айтатын жалғыз сол деген соң, дереу Досекеңді іздедім. Арал қаласынан тапқанымды қайтейін, артынып-тартынып, бүкіл асай-мүсейімді көтеріп барғанда, бала-шағасы аузына су тамызып отырды. Хат арқылы жазбаша айтысқан Есентүгел мен Құлжан шайырдың арасында «тірі почта» қызметін атқарып, өлеңдерін тасып, жолшыбай екеуінің де жауап сөздерін жаттап алып, ел арасына таратқан Досқай қария үнсіз жатты. Мені көргенде иегі кемсеңдеп: «Кешігіп қалдың, шырағым, енді шама жоқ», – дегенді жәудіреген жанарымен ғана ұғындырды, жарықтық. Оның алдында бір кездескенімде жазып алудың жайын келісіп кеткенмін ғой. Не керек, содан көп ұзаған жоқ, үзілді. Әттең, көкірегінде талай қазына кетті, мен іздеген «Есентүгел мен Құлжанның айтысының» мәтініне қоса.

Кеңес одағының кесапаты ғой, талай аузы дуалының ізіндегі елдің жады әлдилеген уәлі сөздер жол-жөнекей жиналды. Біз бел шешіп кіріскен уақытта әлгі жайсаңдардың жайын білетін көнекөздер сирек. Ал, айтушылардың қатары қалың кезде оларға мән бермеген қоғамның таңдайға татқан рухани азығының «түрі ұлттық, мазмұны социалистік». Қандай қадірлі әңгіменің болсын, ізі суымай, келесі буынның көкірегіне көшу үшін оны ұғып, санада сақтап, топқа салып айтып, жеткізу өз алдына, алдымен тыңдай алатын сауатты орта болу керек. Онсыз, қалған сөздің бәрі бекер, мұның сыртындағы әрекеттердің де ғылыми негізі әлсіз. Біздің жұрт алдымен уыздай ұйыған сондай ортасынан, сол арқылы сөз тыңдау мәдениетінен ажырағанын білуі тиіс. Оның үстіне, халық қазынасы бәз баяғы қалпында сақталуы үшін халық «У ішсең руыңмен» деген ескі де болса есті тәмсілдің төңірегіне топтасу қажет. Кезінде мұның бәрі тек қызыл сөз үшін, тегін айтыла салмаған. Кез-келген халық мұрасынан этникалық сипат іздеуден бұрын, белгілі бір рулық орта өзінің тұтастығын сақап тұрған кезде ғана мұраны мәңгілендіру мүмкіндігі бар. Мұның жайын ұқпайынша, ауызша таралу қасиетіне ие халық ауыз әдебиетінің тегіне терең бойлау мүмкін емес. Біз кез-келген ұлттық құндылық түрін түрлі оқу орындарында кәсіби деңгейде үйретіп, сол салаға машықтанған «маман» даярлау арқылы басты нәрсені – мұраны табиғи ортасынан, ауызекі жеткізу дәстүрінен ажыратып алып, «жетім қозы» дәрежесіне түсіретінімізді ұқпайтынымыз өкінішті, әрине.

Біздің жақта, менің кіндік қаным тамған топырақта, күні кешеге дейін өмір сүрген пірадар қариялар арасында Дос пен Ақидың әңгімесі ерекше әспеттелетін. Солардың үлгілі сөзін шет-шепірлеп, үзіп-жұлқып болса да айтқан көнекөздерді тыңдап, қазанның түбінен қаспақ алып қалғанымызға мәз болып жүрміз ғой. Сондай асыл сүйектің бірі – наурыз Ақи. Базой беттегі «Ақидың белгісі», «Ақидың көлі» деген жерлерге тәу етуді ойға алып жүруші едім, ақыры табаным тиді. Көзінің тірісінде осы төбенің басын жалпақ жайлап, дәрпі төрт тарапқа түгел жайылып, көзі жұмылған соң да сол жерге иелік етіп жатыр екен жарықтық, мәңгілік құшағында. Берген батасы қабыл дуалы ауыз болыпты. Көнекөз қариялардың куәландыруы бойынша, отыз ұлды Достан әуелі келіп, батаны осы Дос пен Ақидан сұрапты. Неге екені белгісіз, екеуі де батасын бермеген соң, Сырда тұратын замандасы Байсалдан алыпты…

Бір күні, ел аралап жүріп, Ақи бір жамағайын інісінің үйіне түсіпті. Түскен шаңырағынан сәбидің үнін ести алмапты. Перзентсіз екенін сезіп, кетерінде: «Келін шырақ, жақын келіп, қолыңды жайшы», – десе керек, иманды. Келіні қолын қусырған екен, білегін көтеріп, батасын беріп, бетін сипапты да, кете беріпті. Арада бірнеше жыл өткенде сол ауылға тағы жолы түсіп, әлгі шаңыраққа ат басын бұрыпты. Бұл жолы жағдай мүлдем басқа. Інісінің отбасында тұлымшағы желбіреген бала жүгіріп жүр. Бір жақсылықтың болғанын іші сезіп, дереу шақырып алып: «Айналайын, есімің кім?» – десе, – Ақиберген!» – депті әлгі ойын баласы. Мән-жайды бірден түсіне қойып, інісін шақырып алып: «Ой, шырақтарым-ай, бұларың не, бекер қылыпсыңдар-ау. Менде бала беретін құдірет қайдан болсын, бәрі де бір Алланың қалауымен болған жақсылық еді ғой», – деп елді жиып, бір мал садақа бергізіп, баланың есімін Құдайберген деп қайта қойып кетіпті. Міне, шын әулиелік деген осы шығар. Біз ел аралап, сөз маржанын тере жүріп, осындай есті әңгімелердің рухында қалыптастық. Негізі, не жесең содан тұрасың деген рас. Адам баласы бар болғаны таңдайға татқан сөздің дәмі мен астың дәні-нен тұрады!

Ал енді арнайы іздеп барып, жолыға алмай, бос қайтқан кездерімнің өкініші, ол енді өз алдына. Бір күні әкем сондай қария жайында сөз қозғап, Қамбашта естіген әңгімесін айтып, құлағымды көтеріп қойды. «Шөмекей, қошқаралы Сансызбай сахи отының басына түскен бір қонағына атан сойғысы келіпті. Оның бұл әрекетіне баласы қарсылық білдіріпті. Содан, белінен шыққан балаға сөзін өткізе алмаған шал, шынтақтап жатып, бір жағына қарай қисая кетіпті. Сол кезде саxидың бәйбішесі Айым, баласына қаратып: «Әй, балам, сойсаң – қазір атан өледі, сойғызбасаң – ертең атаң өледі», – депті. Міне, біздің шешелеріміз қандай қайратты hәм ақылды болған. Бұл сөзді ол Қамбашта тұратын Шора қариядан естігенін айтты. Әкемдің Дәуқара есімді ақиреттік досы болды, әйелінің есімі Зәру, сол Шораның қызы. Біздің шал Қызылжарға – Дәуқара досына барған кезде тыңдапты әлі кісіні. Сонымен, не керек, жазған құлда шаршау жоқ, әкемді ертіп, бір қойдың салмағы шығатын асай-мүсейімді арқалап пойызға мініп, «Қайдасың, Қамбаш?» деп тартып отырдық. Келсек, қария ел аралап, әңгіме-дүкен құрып кеткеніне біраз болыпты. Күтіп, бір-екі күн жаттық. Қашанғы жата бересің, қайттым, басым салбырап. Қайтар жолда әкем бір жылдары Шораны ғылым академиясынан біреулер іздеп келіп, ештеңе ала алмай кеткенін айтты. «Е, нағыз қырсықтың өзі болды ғой» деп ойлап үлгергенімше, екінші бір әңгіменің шетін шығарып үлгерді:

– Жетес бидің сөзін іздеп келіп едік, сізден соны жазып алсақ дейміз. Осы өңірде өткен би-шешендердің айтқандарын, жалпы ел аузында сақталған мұраны біледі деген соң әдейі келдік, – деген соң Шөкең алыстан келген меймандарға қонақ асы беріп, олар құрылғыларын шығарып, жазып алуға енді ыңғай таныта бергенде:

– Шырақтарым, талаптарың оң болсын! Шүкір, не сұрасаңдар да, қанша керек десеңдер де сөз деген шіркінің жетеді. Бірақ сендер Жетесті қоя тұрыңдар. Ол – күні кеше ғана өткен адам. Қажет болса, оның әңгімесін де толық айтармыз. Сартай деген би өткен. Үш жүздің баласы қатысқан жоңғарға қарсы жорықта ерлік көрсеткен батыр адам. Заманды болжаған тілеу Мөңкенің жаназасынан шыққан әулие», – дей бергенде, әлгі фольклорлық экспедицияны бастап келгендердің бірі:

– Аға, біздің уақытымыз шектеулі, оның үстіне жазып алатын лентамыз да шақтаулы еді. Бізге Жетестің сөздерін айтсаңыз жетеді, Сартайдың қажеті жоқ», – депті.

– А, солай ма? Егер әулие Сартайдың сөзі қажет болмаса, бізде айтатын әңгіме де, уақыт та жоқ!» – деп бетін бір сипап: «Шырақтарым, жолдарың болсын!» – деп атына мініп, жүріп кетіпті дегенде, сартылдап жүріп келе жатқан пойыздан түсіп қалып, бетім ауған жаққа қарай жүгіргім келді. Е, кещелік дегеннің де түрі көп екен-ау. Сөйткен Шора қарияның білген сөз қорынан еш нәрсе таңбаланбай, көкірегіне қаттаған қазынасы өзімен бірге кетті. Осы күндері, әсіресе жолаушылап Қамбаш көлінің тұсынан өткен сайын, әлгі уақиға есіме түскенде, өзімді қоярға жер таппай кетемін. Көзіңмен көргенің өз алдына, мүлдем көрмегеннің де өкініші оңай болмайды екен. Мұра жинап жүріп, соған көзім жетті.

Зерені толық әңгімешілердің осындай да әдеті болады. Ел аралап әңгіме айтатыны өз алдына, көңілінің қошы келмесе, абайсызда титығына тиіп кетсең, қапелімде қитығып қалады. Одан кейін қандай айла, амал жасасаң да, енді сөз шығаруың қиын. Әңгімешілер сияқты, кешегі кеңес одағы тұсында көп білетін жыршылар да Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түрікменстан жақтағы қазақтардың ас, тойларында жырлап, қоржындарын қалыңдатып қайтатын. Сондай көп білетін сөзшең, ақбастылық Кеулімқош Тәңірбергенұлын көзім көрді, айтқандарын түгел бейнетаспаға түсіріп алдым. Бұл өңірде халыққа қадірлі, елге елеулі Көлжан мен Сыдық дегендер өткен. Екеуі де аяғын сылтып басады екен. Айтпақшы, Кәкең тармақтайтын сөз төркіні әуелде осы екеуінен тараса керек. Теңіз кенересінде, ағайынның қатары қалың, Көкарал, Көктырнақ, Ауанның арасы есті сөзге ырғалып тұрған, сөз тыңдалған, былайғы жұрт содан пәм алған уақыттар ғой. Екі шал қатар жүріп, ел аралап айтады екен әңгімелерін. Сонда сарқылмайтынға ұқсайды, иманды болғырлардың қанары. Кімнің үйіне түссе, қонақасы сол жерде. Ізді әңгіме де сол қоныс иесінің әрідегі ата-баба, игі жақсыларының жайынан тін тарқатып, шұбатылып кете беретінге ұқсайды. Жалпы, баяғы ізді әңгімешілердің деңгей, дәрежесі шамаман осындай болған.

Қош, бір күні жағалай-жағалай, жақын-жуықтағы үйлердің біразына барып болғанға ұқсайды. Күншуақта отырып:

– Ал, бүгін кімнің шаңырағына түсеміз? – деген Көлжанның сауалына: «Мына түгеншекеңнің үйі тұрған жоқ па, жақын жер ғой, соған барайық», – деп қалса керек, заманында Ақи әулиемен қатар жүрген назакеш Достың баласы Сыдық қария.

– Оу, ол үйге өткенде түскен жоқпыз ба?

– Түссек түскен шығармыз, бірақ қайта келмейміз деп уәде беріп кеткен жоқпыз ғой, – деп етек-жеңін қағып, кетіп бара жататын көрінеді, имандылар.

Ел аузында есімі қалған Дос Ақмырзабаласының да ізінде қалған әңгіме көп. Оның тінін тарқатыңқырап айтуға бұл жерде орын тар. Ел арасында абайламай Досқа астам сөйлегенінің кесірінен «Бәймембет аштан өліпті» деген тәмсіл бар. Ағайын адамдар ғой, бір жылы Дос жасы үлкен ағасына сәлем бере келсе, Бәймембет баласына қандай өсиет қалдырғанын, өлгенде қалай жерлейтінін, кімдерді шақырып, қайтіп жайлануы керектігін тапсырғанын айтып қоймапты. «Е, мына кісі менің кедейлігімді бетіме басып, өзінің байлығын көрсетіп отыр-ау» деп кілтиіп қалған назакеш Дос «Әй, ақсақал, мен Құдай болсам алдымен Сүлейді аламын, сосын малыңды талан-таражға саламын» десе керек. Сол кезде «қызыл тымақты» атанып жүрген Сүлей Бәймембет баласының Шалқар жағында болыс қызметінде жүрген кезі. Былайғы халық назасына қалудан қорыққан Дос айтқаны келетін дуалы ауыз екен. Осы сөзді айтып, ауыз жапқанша «Сүлейдің сүйегін алып шығып келе жатыр деген хабар шығыпты. Осындай сөздерден кейін, бұрынғының адамдары артық-сауыс бірдеңе деуден аяқтарын тарта-тарта жүретін. Оның жайын көзіміз көрді.

Аралда Әбілхан деген ұстазым болды. Білігі терең еді, мәдениет саласында жұмыс жасады. Кезінде айтысқа да түсті. Өзі шайыр болатын. Арал өңіріндегі жыршылық дәстүрді қайта жандандырған жанашырдың бірі. Соңында екі мың жолдай жыр қалды. Көңілін көншітпеген өлеңдерін жойып жібергенін айтып отыратын, иманды. Өзіне осындай деңгейде ревизия жасай білген. Білегінде «Алеша» деген татировкасы бар. Сотталған, Гурьвте ОЛП-1 деген жерде отырған. Жалпы, мен көрген шалдардың «түзеу үйден» дәм татпағандары аз. Қазалыда мал дәрігерлік техникумында оқыған. Орысшасы судай ағып тұр, Сергей Есенин, Александр Твардовски мен Пушкиннің өлеңдерін жатқа соғады. Қысқасы, осы Әбекең ұстазымның дауысын, айтқан біраз әңгімелерін таспаладым. Кейін іріктеп ұсынбаса, арасында жұрттың жалпы тыңдауына болатынымен қоса, болмайтын, эротикалық сипаттағы сөз үлгілері де бар. Жалпы, кезінде А. Сейдімбеков пен С. Қасқабасов сияқты кітап шығармағанмен, фольклордың бұл жанрын да жиғанбыз. Кейін реттеп, ғылыми негізін қатаң сақтап, пайдалануы үшін ғана аз данамен бастырып, кітапхана сөрелеріне тапсыру қажет. 2006 жылы Арал мен Қазалы ауданы әкімдеріне жағдай айтып, солардың атынан алғысөз жазып, Әбілхан Махановтың соңында қалған қолжазба негізінде «Жұдырықтай жұмыр жер» деген жинағын шығардым.

Айтайын дегенім, Әбекеңнің Қазалы тұратын Тұрғанбай Елеукеев деген досы болды. Сыр бойының атақты күйшісі шал Мырзаның шәкірті, Нартайдың концерттік бригадасының белді мүшесі болған Жалдыбай күйшінің баласы. Кезінде ол да «түзеу үйдің» дәмін татқан. Айлас адам мұңлас деген осы шығар. Мен Тұрекеңді көрген жоқпын, бір-бірін жақын тұтқанын Әбекеңнің айтуынан, екеуара жазысқан хаттары арқылы білдім. Кейін оған Тұрғанбай қолжазбасымен танысқанда көзім жете түсті. Көрші ауданда тұрып, бір-бірінің жанын ұғып, тіпті ұшыраспай қалса хат-хабар алысқан ақиреттік достардың арасындағы байланыстың жайы күрт үзіліп, бір-бірінің жаназасына келе алмау себебіне көпке дейін таңырқап жүрдім. Сөйтсем, екеуі қатар үзілген екен ғой, иманды болғырлар. Осындай да адам айтса нанғысыз жайттар болады екен. Мұны кейін, құжаттарын беттестіргенде байқадым.

Тұрғанбай тоқығаны көп, зерек кісі екен. Мына мысал сөздің нобайын кезінде сол Тұрекеңнің жазбасынан көріп, жадқа алған едім. Қазіргілердей төтесінен дүрсе қоя бермей, тұспалдап қана сөйлейтін қазақтың бір тәмсілі ғой. Жол жүріп келе жатып, дәмдес болған бір қыз, екі жігіт – үш адам жөн сұрасыпты. Сыбай-салтаң әрі қылжақбастау жігіт қыздың қасындағы қырықтың қырқасындағы қырмасақалдың кім екенін білгісі келіп, ыңғай таныта қойса, қырындайтындай пейіл танытып: «Қарындасым, қасыңыздағы жігіт сізге кім болады?» – деп қутыңдапты. Сонда қыз сыпайы жымиып: «Бұл жігіттің шешесі менің шешемнің қайын енесі, / Сонда мен бұл жігіттің боламын несі?»деп өзіне қайыра сауал қойыпты. Мына жауапты естіген сәтте әлгі жігіт қызарақтап, абайсыз айтқан сөзінен өзі ыңғайсызданып, қипақтай беріпті. Ұялған адам тек тұрсын ба? Тұрекең осы тәмсіл түртілген қолжазбаның шетіне: «Сонда әлгі қыз мына кісіге кім болғаны?» – деп оқырман мен тыңдарманға сауал тастапты. Е, несін айтасың біз деген бір заманда сондай, ымырамен өмір сүрген халықтың жұрағаты едік-ау.

Міне, «Бір әңгіменің дүмін бір әңгіме келіп түртеді, / Бір соқырдан сөйтіп тағы бір соқыр үркеді» деп соқыр Ілияс сөз бастайды екен», – деп жаңаталаптық Өміртай көкеміз айтпақшы, бір сөзге екінші уәзипа килігіп, біз де бірталай жерге барып қалған сияқтымыз. Жалпы, мен жеке жүргізген фольклорлық-этнографиялық экспедицияның «жырын» сарқып айту үшін әжептәуір уақыт керек. Адамның «жаны» сыртылдап соққан сағаттың тіліне таңылып, оны білегіне байлап жүрген қазіргідей заманда оған жағдай қайда? Бір жөні табылып жатсақ, бұл тақырыпқа кейін тағы айналып соғармыз. Қолдағы түйіншектердің теңін шешіп, кезінде өзім үшін түртіп қойған жазбаларға көз қиығын жүгірткен едім: «1991 жыл, жаз айы. Арал өңіріне жасалуы тиіс жеке экспедиция. Кішкене, Кеулімқош, Тәнен, Молыққан, Ізжан, Нұғыман, Мәдірейім, Қожахмет, Әбужан, Тілеуқабыл, Әлшүкір, Дауыс, Құлмырат, Көптай», – деген кісі есімдері шыға келді. Иә, мына шағын жоспардың өзінен-ақ кімдерді жазып алуды межелегенім көрініп тұр. Есім-сойларының тұсына «мұғалім, жұмысшы, зейнеткер, қойма меңгеруші» деп белгі соғып: «Ұлдай – қыздар арасына шыққан депутат… Перизат – Сексеуілде тұрған, Нұрмағамбеттің қызы, қайтыс болды… Нұрмағамбет – Сексеуілде поселкелік кеңестің төрағасы, жол бойында кондуктор, Ақтөбенің көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысқан. Үш рет сотталған… Әубәкірдің өлеңдері мен төртқара Жанұзақ жырау жайында Тілеуқабыл біледі… Қос Төлеудің өлеңдерін іздестіру керек», – деп түйінделген мәліметтер толайым жұмыс барысын айқындап, қандай деректерге көңіл бөлу керектігін мақсат еткенімді көрсетіп тұр.

Иә, сарғайған дәптерге соғылған бұрыштамадағы шағын тізімге ғана көз жүгіртсем, аталған топтың арасынан Тәнен, Мәдірейім, Қожахмет, Әбужан, Дауыс, Көптайдың дауысы жазылмағаны анықталып отыр. Бірақ бұлардың ішінде бесеуімен кездесіп, мәлімет алғаным есімде. Ал Қожахмет қарияны таппай қалдым ба, әлде сол кезде бақилық болып кетті ме екен? Оған нақты анықтық енгізбеппін. Не себепті мына бесеудің дауысын жазып алмағанмын? Мұның жайы ептеп есімнен шыға бастапты. Есесіне, ақбастылық Кеулімқош Тәңірбергеновтен, «Бозкөл» совхозында тұратын Тілеуберген Төребековтен, сол кездегі Калинин, қазіргі Бұқарбай батыр кеңшарында тұрған Құлмырат Мысатаевтан, аралдық Ізжан Жалғасовтан, жағаталаптық Өміртай Кемеловтен халық қазынасының бұрын еш жерде кездесе қоймаған, ешкім жазып алмаған үлгілерін хаттағаным есімде. Жалпы, менде дауысы сақталған мәлімет берушілердің бірсыпырасы мен айту үлгісі, орындау машығы таңбаланған әнші, күйші, жыршылар тізімін 2022 жылы жарық көрген «Эпикалық жыршылық: жанды орындау және импровизация» деген монографиялық еңбегімде бергендіктен, бұл жерде қайталап, сөз көбейтудің ретін таппадым.

Сонымен, жалаң аяқ жар жағалап жүріп, жеке жинау жұмысы нәтижесінде және түрлі мұрағаттан алып жүйелеген ән, күй, мақам үлгілері; терме, толғау, хат, жауаптасу, эпикалық жыр үзінділері; сондай-ақ әнші, күйші, жыршы, ақын, актер, жазушы, ғалым, қоғам қайраткерлері дауысы мен сирек фотосуреттері; бір сөзбен айтқанда халық қазынасының кәсіби фольклортанушы, өнертанушы, әдебиетші, тарихшы мамандарға, қазақ руханиятын қадірлейтін көзіқарақты оқырманға арналған шағын бөлігі «Маңғыстаудың музыкалық мұрасы» (96 ән, күй, мақам), «Сыр сүлейін сұрасаң» (298 ән, күй, мақам), «Қайталанбас дауыстар» (523 ән, күй, мақам), «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұрасы» (100-ден астам этникалық диаспоралардың 563 шығармасы) деген атаумен, тіпті кейбірі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде музыкалық анталогияға айналды. Бұл топтамалар арасында зерттеулеріме қоса, жүздеген энциклопедиялық мақалаларым бар.

Әзірге, біз атқарған шағын шаруаның барысы – осы. Оның бәсін халық білмесе, мен ештеңе дей алмаймын. Әуелде бізге бейсаналы түрде жүктелген «тапсырма» тоқтамай еңбек ету еді. Басқасын қатырмасам да, саналы ғұмырымда тап соның үдесін үңірейте қоймаған сияқтымын.

Берік ЖҮСІПОВ




ПІКІР ЖАЗУ