Аттила, Әбілқайыр һәм Шоқан

   Осыдан қырық төрт жыл бұрын – 1981 жылы Қазақстандағы бірден-бір ғылыми-танымдық басылым – «Білім және еңбек» журналында елді елең еткізген мақала жарияланды. Сонау V ғасырда өмір сүріп, алып империя құрған, жер қайысқан есепсіз көп әскері Шығыстан Батысқа қарай топан судай лап қойып, жолында кездескен елдер мен халықтарды бықпырт тигендей сапырылыстырып жіберген, сөйтіп «халықтардың жаппай босқыншылығы» деп аталатын тарихи құбылысты өз қолымен жасаған, батыс елдері қаһарынан қаймығып, басқыншы деп кінәлаудың орнына күнәға батқанымыз үшін Жаратқан Иеміздің өзі жазалауға жіберген «Құдайдың қамшысы» деп атаған айбынды Аттила біздің бабамыз болып шықты. Қазақ даласынан шығып, Батыс әлемін бір өзі жеке-дара билеп тұрған Рим империясын тізе бүктіріп, алым-салық төлеткен асқақ әміршіні туған топырағына қайтадан әкелген зерттеушіміз сол кезде небәрі отыз бір жаста болатын. И.И.Мечников атындағы Одес­са мемлекеттік университетінің Роман-герман филоло­гиясы факультетін тәмамдаған ол испан тілі мен әдебиетінің маманы болып шықты. Одесса теңіз портында қызмет істеді.

Алты алаштың абызы, ғұлама ғалым, есімі халқымызбен бірге мәңгі жасай беретін әйгілі Әлкей Хақанұлы Марғұланның шәкірті болып Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институ­тында жемісті еңбек етті, Лондондағы Central Asia News File журналында Орталық Азия мен Қазақстан бойынша тілші болып, халықаралық журналистиканың дамуына үлес қосты. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясында испан тілінен сабақ беріп, Кубаның Қазақстандағы елшілігінде аудар­машы және кеңесші қызметін атқарды. Абылай хан атындағы Әлем тілдері уни­вер­ситеті мен Қазақ-Аме­рика универ­си­тетінде ис­пан тілі мен латын тілінен дәріс берді. Бұл күндері қазақ ұлттық гуманитарлық білімінің қайнар көзі, қара шаңырағы Әл Фараби атындағы ҚазҰУ Филология факультетінде ұстаздық етіп, білімқұмар жастарға білгенін үйретіп, тәрбиелеп, тәжірибесін бөлісіп жүрген профессор, тарих ғылымының кандидаты, шоқантану, аттилатану саласында іргелі зерттеулер жүргізген көрнекті тарихшы, бірқатар оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар жазған Самат Көшенұлы Өтениязов биыл 75 жасқа толды.

Ғалымның мерейлі тойы ҚазҰУ-да атап өтіліп, «Әлем әдебиеті мен мәдениетіндегі Аттила тұлғасы» тақырыбында халықаралық конференция өткізілді, жер-жерден әріптестері келіп құттықтау айтты, ізгі тілектерін білдірді. Конференцияға Түркиядағы Кастаному университетінің профессорлары Орхан Сөйлемес, Сефа Башымоғлы, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры Махамбет Жүсіпов, Бішкек мемлекеттік университетінің профессоры Доолотбек Сапаралиев және жергілікті ғалымдар, ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы, студенттер мен магистранттар, ақын-жазушылар мен журналистер қатысты. Конференция барысында «Аттила – 1625» кітап көрмесі ұйымдастырылып, Самат Көшенұлының «Әбілхайыр хан», «Ш.Ш.Уәлиханов – жиһангер зерттеуші» және Түркияда жарық көрген «Attıla ve Avrasya tarıhındekı yerı» кітаптарының тұсаукесері өткізілді. Қазақ ғалымының Аттилаға арналған көлемді зерттеуі туысқан түрік тіліне аударылып, Түркияда жарық көруі шын мәніндегі тарихи оқиға.

Биыл халқымыздың осынау аяулы да алып перзенттерінің бәрінің мерейтойы. Аттиланың туғанына 1625 жыл, Әбілхайыр ханның туғанына 340 жыл, Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл болса, осы кітаптардың авторы, тарихшы Самат Өтениязовтың өзі бір ғасырдың үш ширегін жасап тастапты.

Еліміздің рухани өміріндегі елеулі құбылыс болған аталмыш конференция жайында күнделікті баспасөз құралдарында материалдар жарияланып, ғалымның еңбегіне жан-жақты баға берілді, әріптестері пікір айтып, шәкірттері ризашылық білдірді. Ғалымның аттилатану саласына сіңірген еңбегін еліміз ғана емес, шет мемлекеттер де елеп-ескеріп, ғылыми дәрежеге лайық деп тапқаны (С.Өтениязов – Мадрид университетінің профессоры) да ауыз толтырып айтарлық жетістік. Біз бүгін Самат Көшенұлының мерейтой қарсаңында жарық көрген кітаптарына тоқталмақпыз.

Самат Өтениязовтың аталмыш конференцияда тұсауы кесілген үш кітабының бірі түрік тілінде басылғандықтан біз оның қазақша баламасын, атап айтқанда, осыдан екі жыл бұрын «Атамұра» баспасынан жарық көрген екі томдық «Аттила және оның Еуразия тарихындағы орны» деп аталатын шығармасын қарастырамыз.

«Білім және еңбек» журналына алғашқы мақаласы жарияланғаннан кейін Аттила бастаған ғұндардың адамзат тарихындағы орны, жауынгер көшпенділердің даңқты көсемі жайындағы С.Өтениязовтың зерттеулері, танымдық туындылары әр жылдары қазақ және орыс тілдерінде жарияланып тұрды. Ғалымның академик С.Зимановтың басшылығымен жазған «Аттила» атты зерттеу еңбегі алғаш рет жаңа ғасырдың басында «Арыс» баспасынан кітап болып басылып шықты.

Өтениязов одан кейін академик С.Зимановтың жетекшілігімен «Аттила және оның әлем әдебиетіндегі орны» атты көлемді монография дайындады. 2010 жылы басуға ұсынылған кітап әртүрлі жағдайларға байланысты кешіктіріліп, арада он жыл өткен соң 2021 жылы ғана Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың басшылығымен жарық көрді. Саматтың осы құнды жұмысына арнап жетекшісі Салық Зиманұлы «Аттила туралы жаңа басылым» атты кіріспе мақала жазды. Онда академик: «Автор ғұн тарихы мен Аттила тарихының басқа да түркі халықтары сияқты қазақ еліне ерекше қатысы бар екенін жан-жақты көрсетеді», –  деп айырықша атап өткен.  Мәтінге қосымша материал ретінде берілген мазмұнға бай безендірме суреттермен танысқан оқырман көптеген тың мәліметке қанығады. Бұл еңбекті ғұндар мен Аттилаға қатысты барлық проблемаларды түгел қамтып,  қысқа  да  нұсқа  баяндаған анықтамалық құрал деуге болады әрі көне тарихқа құмартушылар үшін өте пайдалы кітап.

С.Өтениязовтың осынау  үлкен кітабының  алғашқы бөлімінде ежелден бері Қытаймен көрші тұрған көшпенді ғұндар біздің дәуірімізден бірнеше ғасыр бұрын-ақ өз алдына орда тігіп, тұтас ел болғаны, дәуіріміздің 2-ші ғасырында Батыс Қазақстан өңірінде іргелі мемлекет  құрып,  содан  соң  батысқа қарай  жылжығаны, 4-ші, 5-ші ғасырларда қуаты еселеп арта түскені, әсіресе  Аттила билік құрған 434–454 жылдары мүлдем күшейгені қызғылықты тілмен баяндалады.

Тарихи жәйттерге рет-ретімен тоқтала келіп, ғұндардың Еуропаға келуі бұл жақтағы жағдайды қалай өзгерткенін ашып көрсеткен автор «Батыс ғұндары Еуропада өшпес із қалдырды» деп тұжырымдайды.

Келесі бөлімде ғұн мәдениеті мен өнерінің адамзат тарихындағы алған орны мен атқарған рөлі қарастырылған. Автор мұнда Орданың мемлекеттік тілін, ғұндар мен түркі тілдерінің сабақтастығын және ғұн, қыпшақ, қазақ халықтарының арасын жалғастырып тұрған этнографиялық, мәдени және тұрмыстық сипаттарды ашқан.

Үшінші бөлімде ғұндар мен олардың ұрпағы боп келетін ежелгі түркілер ең көп қоныстанған Шығыс Түркістан, Моңғолия, Алтай, Қазақстан, Орта Азия жерлеріндегі обалардан алынған зергерлік бұйымдардың тағдыры, Бірінші Петрдің Сібір коллекциясы, оның тарихы, 17-ші ғасырдан басталған Сібір обаларын тонау қалай жүргізілгені, қазақ жерінде совет заманында жүргізілген  археологиялық зерттеулердің нәтижелері баяндалады.

Одан кейінгі бөлімде Аттиланың латын,  испан әдебиеттерінде, Скандинавия халықтарының, немістердің батырлар жырында қандай орын алғаны, шығыстан шыққан қаһарманның бейнесі оларда қалай көрсетілгені тарихи шындықпен салыстыра отырып қарастырылған. Автор француз және неміс драматургиясында жасалған Аттила образын талдап, көшпенділер көсемінің тұлғасы неміс және итальян музыка өнерінде қалай бейнеленгенін әңгімелейді. Әсіресе әйгілі «Риголетто», «Трубадур», «Травиата», «Аида» сынды операларымен әлемге мәшһүр болған ұлы композитор Джузеппе Вердидің «Аттила» операсы жайында танымды да қызық талдама жасайды. Опера 1846 жылы Венецияда, совет заманында Бурят театрында, Мәскеудегі Үлкен театрдың сахнасында қойылған.

Автор ағылшын, орыс және қазақ халықтарының әдебиетінде және француз, испан, итальян, түрік халықтарының бейнелеу өнерінде Аттила образының ашылуын сипаттап, «соңғы жылдары қазақ елінде ғұндар мен Аттилаға тек тарих пен әдебиет зерттеушілері ғана емес, қылқалам шеберлері де көңіл бөле бастады» дейді.  Мысал ретінде Ташкентте тұратын қазақ суретшісі Әбдімәлік Бұқарбаев салған «Аттила» портретін, алматылық архитектор, суретші, мүсінші Әміржан Омаров сомдаған «Аттила» мүсінін атайды.

Ғұн ордасы тарихын және ғұндардың даңқты көсемінің өмір жолын зерттеушілер Еуропада аз болмағанын айта келіп, кітаптың бесінші бөлімінде автор бұл тақырыпқа тереңдей түскен. 4-ші – 8-ші ғасырларда өмір сүріп, Рим империясының гүлденген шағы мен 5-ші ғасырда қалай құлағаны туралы көптеген деректер қалдырған тарихшыларды атаумен қатар 15-ші ғасырдан бастап Еуропада аттилатану ғылымы қалыптасқанын, оның француз және неміс мектебі болып екі үлкен салаға бөлінгенін көрсетеді де бұл жайында нақты мысалдар келтіреді. Христиан дініндегілер ұзақ уақыт бойы ғұндар тарихын бұрмалап келгеніне шолу жасайды. Христиан тарихшылары Еуропа төрінде әділ патшалық құрып, адал дипломат болған Аттиланы жағымсыз етіп көрсетуді ешқашан тоқтатқан емес, бірақ «христиан әлемі қанша айыптаса да Аттиланы әлем тарихы мен мәдениетінен алып тастай алмады. Шындық жеңді», – дейді автор.

Аттилатанушы Өтениязов ғұндардың адамзат тарихындағы орны мен рөлін зерттеу  18-ші ғасырдан бастап біршама әділ жүргізіле бастағанын, 1856 жылы Парижде екі том болып жарық көрген Амадей Тиерридің «Аттила және оның ізбасарларының тарихы»  атты зерттеуі аттилатану мәселесінде шын мәнісіндегі революция жасағанын атап өтеді. Тиерри ұзақ жылдық ізденісінің нәтижесі ретіндегі осы еңбегін Аттиланың есімі адамзат тарихындағы ұлы тұлғалар – Александр Македонский мен Юлий Цезарьдің қатарынан орын алды деп түйіндейді, сөйтіп христиан дінінің әсерімен ғұндарды жүрген жерін түгел қиратып-бүлдіруден басқаны білмейтін жауыз кейпінде көрсету мақсатымен жазылған басқа зерттеулердің бәрін жоққа шығарып, Аттиланың есімін еуропалық зерттеушілердің сыңаржақ айыптауларынан батыл арашалап алды деп көрсетеді автор.

Кітаптың эпилогы ретінде «Аттиланың арманы» деп атаған қорытынды сөзінде Самат Көшенұлы әлемге әйгілі тарихи тұлға болған Аттила «демократиялық   мемлекет құруды армандаған» дей келіп, бұған оның Рим қаласында білім алуы, Республикалық Римнің ілім-білімі мен архитектурасының қарыштап дамығанын өз көзімен көруі себеп болғанын айтады.

Самат Өтениязовтың тарихи зерттеулері ұлт тарихындағы үш бірдей алып тұлғаны қарапайым халыққа, оқырманға жақындата түсуге негізделген. Олардың алғашқысы ғұн патшасы Аттила болса, екіншісі – Әбілхайыр хан. Самат бұл тақырыпқа ұстазы академик Ә.Марғұланның ықпалымен көңіл аударыпты. С.Өтениязовтың аталмыш конференцияда тұсауы кесілген үш кітабының бірі де Әбілхайыр ханға арналған.

Бұл, негізінде, қазақ елі үшін жабық тақырып болды және кейбір тұрғыдан әлі де сол күйі қалып жатыр деп көрсетеді автор. Біздің билік Ресейдің екпінімен Әбілхайыр ханның тарихын бүркемелеуді әлі де жалғастырып отыр. Әбілхайырдың Қазақ тарихындағы орны ерекше және ол жасаған ерліктерді тиісінше сараптап шықсақ оның Ұлттық қаһарман деңгейінен де асып кететін тарихи тұлға екенін бұл күндері қазақтың зиялы қауымы, әсіресе тарихшылар жақсы біледі. Өкіметіміз селсоқтық танытып, көңіл бөлмегенсіп жүрсе де бұл пікір қазір қазақ зиялыларының арасында кең таралып отыр.

Кітаптың алғашқы тарауы «Еуразия тарихындағы Қазақ мемлекетінің орны» деп аталады. Адамзат тарихынан өз орнын ойып тұрып алған бабаларымыз құрған Ғұн, Оғыз, Қарлұқ, Қыпшақ мемлекеттері, Алтын Орда және үш ғасыр өмір сүрген Қазақ хандығы туралы С.Өтениязов талай мақала жариялаған болатын. «Қазақ хандығы – Еуразия тарихындағы алғашқы демократиялық мемлекет, оны құрған – қазақтар, біздің бабаларымыз», – дейді ол.

Кітаптың 30-40 беттеріндегі «Ақтабан шұбырынды оқиғасына дейінгі тарихи жағдайлар. Қайып хан тұсындағы дағдарыс кезең (1715 – 1718 жж)»          деп аталатын тарауда осы уақытқа дейін ешқандай кітапта, оқулықтар мен зерттеулерде кездеспеген тың тақырып қозғалыпты. Онда Қайып ханның Ресей басшыларымен жақсы қарым-қатынас орнатқаны, ата жаумен осындай байланыста болу Қазақ мемлекетінің саясатына кереғар келетіні жан-жақты баяндалған.

Қайып 1715 жылы Тәуке хан дүниеден өткенге дейін Ресей басшыларымен байланыс жасап тұрыпты. Сосын Ресей басшыларына сүйеніп, өзін Қазақ елінің ханы деп жариялаған. Шын мәнінде ханды сайлайтын халықтық орган – Билер кеңесі оны қолдамаған. Өйткені ол Қазақ еліне ешқандай қызметі мен еңбегі сіңбеген жолбике ғана. Сол кезде, Қайып сөз жүзінде хан болған 3-4  жылда Ресей Ертіс бойындағы Өскеменге дейінгі Шығыс Қазақстан жерінде бірнеше қамал соғып, орнығып алды. Соның арқасында олардың қазаққа қарсы одақтасы – жоңғарлар күшейіп, Жетісу өлкесін, соның ішінде қазіргі Алматы облысы мен Қырғызстанның көп жерін басып қалды. Оның ақыры Ақтабан шұбырындыға ұласып, Қазақ елі үлкен апатқа ұшырады. Сосын қазақ билері Қайып ханды өлім жазасына бұйырды, бұл – тарихи шындық…

Қайып ханның Ресей патшасына жоңғарға бірігіп қарсы тұрайық деген мазмұнда хат жазып, көмек сұрағаны ешқандай ақылға сыймайды. Олардың жоңғарды қару-жарақтың барлық түрімен  қамтамасыз етіп, Қазақ еліне айдап салып отырғанын Қайып хан білмеуі мүмкін емес.

Кітапта Әбілхайыр ханның хаттары келтіріледі. Қайып хан Ресейден көмек сұраса Әбілхайыр казак отрядтарының Қазақ еліне шабуылын тоқтатуды талап еткен… Сондай-ақ бұл зерттеуде Әбілхайыр ханның 48 жыл бойы  Қазақ елін Ресей басқыншыларынан жан аямай қорғағаны жан-жақты дәлелденеді.

Зерттеудің 40-47 беттерінде Ақтабан шұбырынды оқиғасының шынайы авторы Жоңғария емес, Ресей екені нақты көрсетілген.

Сондай-ақ Ақтабан шұбырынды оқиғасы Батыс Қазақстанда яғни Кіші жүз жерінде болмағанын, Кіші жүздің ханы Әбілхайыр өзі билеп тұрған жерді емес, қазақтың басқа жүздері орналасқан жерлерді, тұтас елімізді қорғағаны кең көлемде баяндалады.

Кітапта тарихи жаңалық өте көп. Төртінші және бесінші тараулардағы Ералы сұлтан, Күсеп батыр, Қарасақал – Шона батыр, Аюке хан, Унковский туралы зерттеулер – қазақтың тарих ғылымына енгізілген құнды жаңалықтар.

Ералы сұлтан – 1757 жылы Қазақ еліне баса-көктеп кірген Қытай әскерін тоқтатып, халықты ауыр апаттан құтқарған, 1771 жылы қалмақтарды бірнеше рет талқандаған қолбасшы. Шығармада Ералы Әбілхайырұлы (1720-1794) қазақтың ұлттық батыры екені толық дәлелденген.

Ресейге қарсы 1736-40 жылдар аралығында өршіген Башқұрт көтерілісінің басшыларының бірі Күсеп батыр туралы зерттеу де бағалы.

Ғалымның қазақ-башқұрт қарым-қатынасы тарихындағы әйгілі Қарасақал – Шона батыр туралы кең көлемді зерттеуіне туысқан екі халықтың арасындағы достық арқау болған. Күсеп батыр мен Қарасақал Шона батыр екі халықтың мақтанышына айналған тарихи тұлғалар.

Аюке хан мен Унковскийге арналған тарауларда Ресейдің ұзақ жылдар бойы Қазақ еліне жасап келген қысастығы мен қиянаты таратып жазылған. Ресей мен Жоңғар мемлекеті өзара достық және дипломатиялық қатынас орнатып, Қазақ елін екі жақтан таламақ болғаны нақты деректермен әшкереленеді. С.Өтениязов тарихшылар мен жазушылар Ақтабан шұбырынды тақырыбына талай рет қалам сілтесе де Унковскийдің жазбаларын ескермегеніне қынжылыс білдіреді.

«Қазақ өнері мен ғылымындағы Әбілхайыр ұрпақтары» деп аталатын тарауда Жәңгір ханнан бастап қазақтан шыққан тұңғыш генерал Ғұбайдолла Жәңгіровке дейін тарихи мәліметтер берілген.

Бақытжан Қаратаев, Санжар Асфендияров, Іңкәр Бірімжанова тәрізді тұлғаларға қатысты тарауларда Әбілхайыр ұрпақтарының Қазақстан ғылымындағы орны сараланады.

Осы бөлімнің соңында (252-бет) қазіргі заманның қаһарманы деуге лайықты тұлға, Әбілхайыр ханға арналған кесенені өз қаржысына тұрғызған кәсіпкер Зұлқожа Қожаев туралы деректер келтірілген.

З.Қожаев Ақтөбе өңірінде даңқты бабаларымызға қойылған ескерткіш монументтерді тұрғызуға қаржы бөліп, Әбілхайыр, Тама Есет, Жалаңтөс, Бөкенбай батырларға арналған іс-шараларға белсене араласып, қолдау көрсеткен азамат.

Бұл істің қиындығы сонда, Әбілхайыр жерленген «Хан моласы» атты жер Ақтөбе қаласынан 580 шақырым қашықта жатыр. Оған баратын жолдың 200 шақырымнан астамына асфальт төселмеген. Құрылыс материалдарын жеткізу, құрылысшыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету де оңай емес. Осы күрделі құрылыстың жалпы шығыны 500 млн. теңгеден асып жығылыпты.

Хан моласындағы Әбілхайырға арналған еңсесі биік  кесене Қазақ мемлекетінің 550 жылдық салтанатты тойының қарсаңында 2015 жылы күзде ашылды. Архитекторы Бек Ыбыраев. Үш бөліктен тұратын кесененің биіктігі 23  метр. Қазақтың барлық руларының таңбалары ойып жазылған.  Сегіз қырлы мавзолей кесененің биктігі 15 метр, диаметрі 9 метрге жуық. Негізгі материалына Маңғыстаудың тасы қолданылған. Ескерткіш мавзолейдің басында түнеухана ретінде үлкен үй салынған. Кесене 2023 жылы жазда жөндеуден өткізіліпті.

 З.Қожаев басқаратын «Алихан Ойл З» компаниясының ізгі істері тек осы кесенемен ғана шектелмейді. Елдің алғысын алған азаматты халық үшінші Аман Төлеев деп атауы тегін еместігіне осы кітаптан көз жеткізуге болады.

С.Өтениязовтың аталған Халықаралық конференцияда тұсауы кесілген үшінші кітабы «Ш.Ш.Уәлиханов – жиһангер зерттеуші» деп аталады.

Кітаптың алғашқы тарауы Шоқанның ғылыми жұмыстары қай бағыттарда жүргізіліп, қай салаларды қамтығанын анықтауға арналған. Отызға да толмай өмірден өткен әйгілі ғалымның артында қалған мол мұрасы, оның зерттелуі, басылып шығуы, осы салада туындаған кейбір мәселелер жайында кеңінен әңгімеленеді.

Екінші тарау «Шоқан туған орта» деп аталыпты. Атының өзі айтып тұрғандай, онда болашақ ғалымның ата-бабасы, туып-өскен жері, әжесі Айғаным туралы көптеген қызықты да жаңа деректер келтірілген. Әсіресе заманының көзі ашық, озық ойлы адамы болған, әйел басымен қоғамдық істермен айналысып, жергілікті тұрғындарды ішкі Ресейден қазақ даласына қоныс аударған орыстар мен казак-орыстардың озбырлығынан қорғаған, халықты егіншілікке баулыған, мектеп ашқан, патша өкіметінің қазақ даласындағы билеушілерімен хат жазысып тұрған көрнекті тұлға ретінде тарихта қалған Айғаным бейнесі жан-жақты сипатталған.

Кітапта Шоқанның балалық шағы, Омбыдағы кадет корпусында оқыған жылдары, қызмет еткен кезеңдері, Қашқарияға сапары, орыс ғалымдарымен достығы, басқа да маңызды жәйттердің жай-жапсары толық ашылған.

Бірге туған іні-қарындастары, нағашы жұрты, әсіресе төл нағашысы Мұса Шорманов пен оның елге қызмет еткен ұрпақтары туралы мәліметтер де келтірілген.

Қысқасы, бұл күндері еліміздегі Шоқантанушы ғалымдардың көшбасшысы деуге лайықты Самат Өтениязовтың бұл кітабы да ұлтымыздың рухани байлығын арттыра түсуге қомақты үлес болып қосылған туынды екенін атап өтпекпіз.

            Нұрлан ҚАМИ




ПІКІР ЖАЗУ