ЖҰЛДЫЗЫ БИІК ҒАЛЫМ

 немесе

Хасен Әбішұлы – қазақ этноастрономиясы ғылымының негізін тұңғыш қалаушы

 

Хасен Әбішұлы – қазақтың халықтық астрономиясын жинастырушы, жүйелеуші және зерттеуші астроном-ғалым. Ол 1902 жылы Қарағанды облысы, Егіндібұлақ, қазіргі Қарқаралы ауданында туған. 1981 жылы Алматыда дүниеден өткен.

Хасен Әбішұлы орта мектептерде физика және астрономия пәндерінен сабақ берген, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі (1962 ж.), қазақтан шыққан алғашқы физика-математика ғылымдарының кандидаттарының бірі (1951 ж.), Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтының доценті. Оның физика және астрономия ғылымдары саласынан 11 ғылыми, 6 әдістемелік мақалалары, 55 көпшілікке арналған мақалалары, 6 жеке ғылыми еңбектері жарық көрген. Сол еңбектерде қазақ халқының аспан денелері жөніндегі ежелден қалыптасқан түсініктері, атаулары мен ұғымдарына ғылыми талдаулар жасалынып, қазақтың халықтық астрономиясы, оны зерттейтін жаңа ғылым саласы – қазақ этноастрономиясының негізі қаланған.

Хасен Әбішұлы 70-тен аса мақалаларын, төмендегідей жеке еңбектерін баспадан шығарып, оларды оқу-тәрбие үрдісіне кеңінен ендірген: «Элементы астрономии и погода в устном народном творчестве казахов», «Астрономия терминдерінің орысша-қазақша сөздігі», «Халық астрономиясы», «Аспан сыры», «Аспан сыры», «Аспан сыры».

Енді сол еңбектерге мазмұндық талдаулар беруді жөн көрдік.

Хасен Әбішұлының ең алғашқы жеке еңбегі 1949 жылы Қазақ ССР Ғылым Академиясының баспасынан аты әлемге белгілі академик Г.А. Тиховтың жауапты редакторлығымен шыққан «Элементы астрономии и погода в устном народном творчестве казахов» атты ғылыми кітабы.

Бұл еңбектің мазмұны қазақтың халықтық астрономиясының қазіргі ғылыми астрономияның негізі мен бастауы екенін көрсетеді. Еңбектің бірінші бөлімінде қазақтардың аспан денелері туралы аңыздарына, мақалдары мен мәтелдерінде олардың көшпелі мал шаруашылығындағы өмірі көрініс беретіні, қатты боран кезінде мал бағудың қиындығы, көктемде малдың арықтауы және «қыс қысыл, жаз жазыл» мақалының мәні түсіндіріледі. Қыстың ұзақ, суық кезеңінен кейін малдың қырылуы, «жұт» мәселесі, сондай-ақ «көк қоян жұт», «қырғын тауық жұт», «доңыз жұт» атауларының шығу себептері баяндалады. Қазақтардың шаруашылық өмірінің жыл мезгілдеріне байланысты өзгеруі, сондай-ақ аспан шырақтарына бақылау жасаудың ауа райын алдын ала болжаудағы маңызы да сөз болады.

Кітаптың екінші бөлімінде жыл атауларының жануарлармен байланысы, 12 жылдың «мүшел» жүйесінің қалыптасуы, әр айдың атаулары, мысалы, қаңтар, ақпан, наурыз, мамыр, маусым, қыркүйек, қазан, қараша және олардың пайда болу ерекшеліктері, «Наурыз» айынан басталатын жыл басы туралы ақпараттар беріледі.

Үшінші бөлімде қазақтардың планеталар, жұлдыздар мен шоқжұлдыздар туралы білімдері, олардың аттарының шығу тарихы, аңыздар мен мақал-мәтелдер арқылы аспан денелерінің айлар бойынша қозғалысы және бақылаушы есепшілердің болжамдары сипатталады. Ал кітаптың төртінші бөлімінде аспан денелерінің қозғалысын және жануарларды бақылау арқылы есепшілердің ауа райын болжау, сондай-ақ алдағы қыс, көктем, жаз және күздің сипаттарын анықтау мәселелері қарастырылады.

1959 жылы жарық көрген Х. Әбішұлының «Халық астрономиясы» атты еңбегінде автор астрономия ғылымының жетістіктерін халыққа таныстыра отырып, сонымен қатар қазақ халқының аспан шырақтары туралы жинақталған тәжірибесін де қамтыған. Бұл кітап студенттер арасында оқу құралы ретінде кеңінен қолданылды және қазақ тілінде астрономия пәні бойынша алғаш жарық көрген оқу құралы болып табылады.

Оқу құралы кіріспе мен он алты тараудан, барлығы 183 параграфтан тұрады. Кіріспеде астрономияның зерттеу объектілері, оның даму тарихы, қолданылуы және қазақ халқының астрономиялық түсініктері туралы ақпарат беріледі.

Тарауларда: аспан сферасы мен оның айналуы, Жердің негізгі қозғалыстары, Күннің жылдық қозғалысы, уақытты өлшеу, практикалық астрономияның негіздері, Күн жүйесі мен планеталардың қозғалысы, Айдың қозғалысы, Жердің құрылымы мен магнит өрісі, атмосферасы, ауа райы, бүкіл әлемдік тартылыс заңы, теориялық астрономияның мәселелері, астрофизика құралдары мен әдістері, планеталар мен олардың серіктері, кометалар мен метеорлар, жұлдыздар, әлемнің құрылымы және космогония мәселелері қарастырылған. Әр тарауда қазақтың халықтық астрономиясының элементтері көрсетіліп, оның ғылыми астрономияның негізі екендігі айқындалған. Автор: «Бұл кітапты жазғанда, осы кездегі астрономия ғылымының жеткен тамаша табыстарымен шама келгенше халқымызды таныстыра отырып, сонымен бірге жергілікті материалды да, яғни аспан шырақтары жайындағы халықтың көп жылғы тәжірибесін де екшеп пайдаландық» деп көрсеткен.

Х. Әбішұлының «Аспан сыры» атты кітабының «Халықтың астрономиялық ұғымдары және оның мәні» тарауында автор: «Жергілікті ұғымдар – халық аузындағы өлең, мақал, мәтел, тақпақ сөздер, аңыздар, жұмбақтар, тағы сондайлар әсіресе астрономия саласында ұшан-теңіз. Құлаққа таныс бұл ұғымдар, тыңдаушының жүрегіне жылы тиіп, оған түсініктірек келеді» деп, әдебиеттегі аспан шырақтары туралы әңгімелерді келтіріп: «Біздің міндетіміз халықтың көктегі мен жердегіні пайымдағанынан алған мол тәжірибелерін жинастырып, жүйеге келтіріп, оған ғылыми баға беруде болып отыр» деген.

Кітаптың келесі «Ай мен Күн» атты тарауында Ай мен Күн турасындағы аңыздар, Айға, Күнге табыну, олар туралы ырымдар, астрономия ғылымындағы олардың зерттелуі туралы мынадай мәліметтер берілген: «Уақыт есептеуде, бағдарлауда барлық халықтар өмірінде қашаннан туар Ай бекем орын алып келді. Өліара, жаңа туған Ай, орталанған Ай, толған Ай, қорғалаған Ай дегендегі Айдың түрлері (фазалары) бірінен соң бірі тапжылмай алмасып келіп отыратын табиғат құбылыстары. Айдың әр түрлері, күн мен түннің алмасуындай кезектесіп көрініп, уақыт өткенді білдіреді. Бір көзі ылғи аспанды шолып жүретін шаруалар: Ай толып қалыпты-ау, не туған Ай тураған етпен бірдей деген осы да, Ай қорғалап қалыпты десіп, көргенін көңіліне түйе жүрді».

Кітаптың: «Шолпан» тарауында Шолпан туса-ақ таң ататыны, Шолпан «Айдың қызы туралы аңызы», Тұлқатын – Шолпанның екінші аты, Шолпан пердесінің ашылуы, Шолпан артынан Олпан туатыны;

«Есекқырған» тарауында Юпитер планетасының «Есекқырған» деп аталуы туралы аңыз, оның Сарыжұлдыз аталуы себебі;

«Марс» тарауында қазақ халқының Марс планетасын Қызылжұлдыз деп атауы;

«Темірқазық» тарауында Темірқазық – көктің кіндігі, Темірқазық – қазақтың құбыланамасы, Темірқазық арқылы қазақтардың қарапайым өлшеулер жүргізіп, қорытындылар жасауы;

«Жетіқарақшы» тарауында Жетіқарақшы туралы аңыз, оның аспан сағаты, Жетіқарақшы әңгімесі – мағыналы шығарма, «Қырыққарақшы» деген жұлдыз бар екендігі, Жетіқарақшының «құйрығындағы» үш жұлдыздың біреуі Үркердің қызы, ол туралы «Қыз бен жігіт айтысы»;

«Үркер» тарауында Үркер – жұлдыз ағасы, ол туралы хикая, Үркердің қазаққа бесенеден белгілі екендігі, «Үркер нешеу?», «Үркерді қазақ неге есептейді?», «Үркер көкке шықты», «Үркер туды, сорпа ас болады», «Үркер көтерілді», «Үркер көтерілсе, қошқар басын көтереді», «Үркер батқанда таутеке тастан ұшады», «Үркердің туып, батуы», «Үркер есебі – қазақ календарының арқауы», Сұлусары жұлдызы туралы қазақ түсінігі;

«Босаға» тарауында «Босаға батса, бие құлындайды», Босаға қандай жұлдыз?, Босаға туралы ел аузындағы мысалдар;

«Үшарқар-Таразы» тарауында Орион жұлдызының қазақша аттары, Үшарқар қандай жұлдыз?, Шайтантаразы жұлдызы, Үшарқар ертегісі, ол ертегі қалай шықты?, Таразы деп неге атады?, «Таразы туса таң суыр», «Үшарқар-Таразы жұлдызы – Айша туып, Күнше батады»;

«Қамбар жұлдыз» тарауында Қамбар жұлдызының осылай аталуы, оның орны мен қозғалысы туралы аңыздар, Қамбар жұлдызы мен Айдың тоғысуы, оның ауа райына ықпалы;

«Қарақұрт жұлдызы» тарауында Қазақ жеріне батпайтын шоқжұлдыздардың бірі – Кассиопея, оны қазақтар «Қарақұрт» немесе «Өрмекші жұлдызы» деп аталу себебі, түрлі қызықты ел арасындағы әңгімелер;

«Қосжұлдыз» тарауында Үркер жұлдызының алдында Қосжұлдыз туатыны, ол туралы әңгімелер;

«Сүмбіле» тарауында Сүмбіле – Сириус жұлдызы екені, Сүмбіленің суыққа туатыны, Сүмбіленің аты-жөні қайдан?, «Сүмбіле туар жылтиып…», «Сүмбіле туғанда сұңғыл әйел жатар ма?», Сүмбіле туралы ақындардың жырлары, Сүмбіле туғанда адамдар тұрмысындағы өзгерістер, Сириус – Текесүмбіле, Процион – Лақсүмбіле аталуы туралы әңгімелер, Сүмбіле жұлдызына сипаттама;

«Халық ережесі» атты тарауында елге белгілі Үркер, Таразы және Сүмбіле жұлдыздарына түсінік, олардың қозғалыстары, тууы және батуындағы ереженің халықтық және астрономиялық мәндері, ол туралы есепшілер не дейді, ол жұлдыздардың түсі, түс – жұлдыздардың ен-таңбасы;

«Қоймүйіз нүкте» тарауында күн мен түннің теңелу нүктесін қазақ тілінде «колюр» деген сөзді «қоймүйіз» деп атау жөн екені;

«Тоғыс есебі» тарауында ай есебі, жұлдыздар айға беймәлім, тоғыс айы, айлардың тоғысуы есебі, оны елдің пайдалуы туралы;

«Құйрықты жұлдыз» тарауында ғылым тілінде комета деп аталатын аспан денесін қазақ халқы «құйрықты жұлдыз» деп, оның түріне лайықты ен тағып, ат қойғаны, ал жұлдыз туралы әр түрлі наным-сенімдер мен ол туралы ел арасындағы түрлі әңгімелер;

«Ақпа жұлдыз» тарауында ғылым тілінде «ақпа жұлдызды» метеор деп атайтыны, ақпа жұлдыз туралы халықтық, діни және ғылыми түсініктер, ақпа жұлдыз туралы түрлі әңгімелер;

«Әлемді тану мекеніміз жерден басталады» тарауында шексіз әлемді танып білу ең әуелі Жердің сыр-сипатынан басталатыны, Жер шары – Күн семьясының бір мүшесі ғана, аспан денелерінің шежіресін дәл айтып беру оңай, әлемдегі бәрінен ұшқыр не?;

«Құсжолы – Галактика» тарауында Құсжолы туралы, оны халық «Тырнажолы» деп те атайтыны, қазақ Құсжолын бақылап, оның орналасуын, күрделі сипатын пайымдап, оны Жер тараптарын айыру үшін пайдаланып, Құсжолын ғылымда Галактика деп аталатыны, оны зерттеудің маңызы туралы;

«Жыл құстары мен Құсжолы» тарауында Құсқанаты деген қандай ұғым, Жыл құстары адаспай мекенін қалай таба алады?;

«Бағдарлау» тарауында аспандағы адастырмайтын белгілер, Жетіқарақшыны таныған – жеті қараңғы түнде адаспайтыны;

«Күн мен Айдың тұтылуы» тарауында тұтылулар себебі, олардың астрономия тарихында маңызы туралы;

«Жай түсу, күн күркіреу, кемпірқосақ» тарауында сол физикалық-астрономиялық құбылыстар туралы ел арасындағы әңгімелер, жай түсу деген не және ол қандай нәрселерге түседі, аспандағы кемпірқосақтың пайда болуы ол туралы түрлі аңыздар, оның пайда болуы туралы ғылыми түсініктер;

«Полярлық шұғыла» тарауында шұғыланың пайда болуы, оның тегі туралы;

«Жеті саны» тарауында жеті саны туралы қазақ тілінде кездесетін 37 ұғымға түсініктеме бере келіп «Халықтар тіліндегі басты жұлдыздардың аттары» беріліп, оларға салыстырмалар жасалған.

Кітаптың қорытындысында автор: «Ақиқатында, аспан денелері жайындағы халықтар творчествосы қай тұрғыдан алып қарағанда да құнды екені даусыз» деген. Біздіңше, ол құндылық – «халық астрономиясы», ал халыққа тиісті дегені – аспан денелері туралы сан ғасырлық халықтың тәжірибесі – сол қазақтың халықтық астрономиясы. Өйткені қазақ халқының аспан денелері туралы сан ғасырлық жинақтаған тәжірибесі – қазақтың халықтық астрономиясы деп аталады.

Кітап оқырмандар сұрауы бойынша тағы да екі рет басылым көрді.

Х. Әбішұлының «Халық астрономиясы» және «Аспан сыры» еңбектеріне Қазақстанға белгілі ғалымдар өте жоғары ғылыми баға берген. Мысалы, математик, астроном, ғалым-педагог Мыңбай Исқақов былай депті: «Халық астрономиясының» бірінші кітабы 1959 жылы шыққан. Онда аспан күмбезі, Жер мен Айдың қозғалысы, Күн жүйесі, уақытты өлшеудің тәсілдері, практикалық астрономияның негіздері, бүкіл әлемдік тартылыс заңдары, астрофизика әдістері, кометалар мен метеорлардың ерекшеліктері, жұлдыздар әлемі және космогония мәселелері талданған. Кітап 16 тараудан құралған. Екінші кітап «Аспан сыры» деген атпен 1962 жылы жарияланған. 30 тарауға бөлінген бұл кітапта халық астрономиясының жалпы сипаты, оның ғылыми маңызы, қазақ халқына ертеден мағлұм планеталар, Күн мен Айдың тұтылуы, айырықша жарық жұлдыздар, Құсжолы т.с.с. мәселелер баяндалған».

Ал ғалым-зерттеуші Камалбек Раманқұл Х. Әбішұлының «Аспан сыры» кітабы туралы: «Ал, мен мүмкіндікті пайдаланып, өзімізге жақын тұста өмір сүрген Хасен Әбішев ағамыз туралы ой қозғасам деймін. Ол кісінің «Аспан сыры» атты кітабы қазақ ғылымында шоқтығы биік дүние. Жұлдыздардың халық атауларының шығу тегі, тоғыс қайтару, мезгіл анықтау, жұлдыз бағдарлама, т.б. астрономия ғылымына қажетті дүниелерді, елде «жұлдызшылар» деп аталатын ақсақалдардың өз ауыздарынан жазып алып, оларды ғылыми бағытта өңдеп, осыған дейін әлі жазылмай жүрген төл кітаптың негізін қалады» деп бағалаған.

Қазақтың халықтық астрономиясының негізгі бағыттарының бірі – астрономиялық сөздіктері. Ондай ең алғашқы сөздік 1959 жылы Х. Әбішұлының құрастыруымен шыққан «Астрономия терминдерінің орысша-қазақша сөздігінде»: «Астрономия терминдерінің бір жағы оқыту тәжірибесімен байланысса, екінші жағынан, халық аузындағы астрономиялық ұғымдар мен сөздерді жинап, бір жүйеге түсірумен де тығыз байланысты екені айқын. Өйткені, қазақ халқы аспан әлемі жайында аңыз-ертегілерге, ұғымдар мен атау сөздерге бай халық. Ерте кезде қолына құрық ұстап күні-түні қой күзеткен қойшы да, еңбектене егін еткен дихан да, кіре тартып күні-түні жол кешкен керуенші де аспандағы жұлдыздарға қарап жөн іздеп, жорамал жасаған. Олардың әрқайсысына өзінше айдар тағып, ат берген. Астрономия терминдерін жинағанда осы бір халық қазынасына сүйену – басты міндет еді. Халық арасынан жиналған қолда бар материалдарда пайдаланылды. Плеяда-Үркер, Полярная звезда – Темірқазық, Венера – Шолпан, Орион – Таразы, Млечный путь – Құсжолы, т.б. нағыз халықтық атаулар. Халық аузында қолданылып жүрген астрономиялық атауларды жинап, бір жүйеге түсіріп, зерттеу – болашақтың жұмысы» екенін айтып, оларды жинастыруға және зерттеуге шақырған еді. Осы сөздік пайдаланылып елімізде астрономия ғылыми бойынша көптеген әдебиеттер қазақ тілінде жарық көрді. Мысалы, 10 сыныпқа арналған «Астрономия» оқулығын Х. Әбішұлы бірнеше қайтара қазақ тіліне аударды.

Қазақтың халықтық астрономиясын білім беру саласында пайдалану идеясын көтерген және оны жүзеге асырған да Хасен Әбішұлы. Ол туралы математик, ғалым-педагог Ауданбек Көбесов өзінің «Мектепте халық астрономиясы мағлұматтарын пайдалану туралы» мақаласында: «Қазақ педагогикасында халық астрономиясы мәнін ерте ұғынып, осы салада көрнекті де игілікті жұмыстар тындырған зиялы оқымыстылар болды. Бұл тұрғыдан ҚазПИ-де қазақ тілінде астрономиядан алғаш рет дәріс оқып, ғылыми зерттеулер жүргізген марқұм Хасен Әбішұлын бірінші атауымыз керек.

Қазіргі ғылыми-педагогикалық талап тұрғысынан алғанда ұстаздың сонау 1959 жылы Қазақ мемлекет басылымынан жарық көрген «Халық астрономиясы» атты кітабының берері мол.

Хасен Әбішевтің халық астрономиясына арналған тағы бір тамаша еңбегі «Аспан сыры» деп аталады. Ол – аспан шырақтары құбылыстары туралы суреттермен безендірілген дербес әңгіме-этюдтер жинағы іспеттес дүние. Бұлардың ішінде «Ай мен Күн», «Шолпан», «Қарақұрт жұлдызы», «Тоғыс есебі», «Жыл құстары мен құс жолы», т.б. бар. Бұл әрі ғылыми, әрі әдеби очерктерді бастауыш мектептің табиғаттану, ана тілі, жоғары кластарда география, физика, астрономия сабақтарында, үйірме жұмыстарында, астрономиялық кештерде сұрыптап пайдалану үшін аса пайдалы болары сөзсіз».

Аса талантты ғалым-философ Жақан Молдабеков өзінің «Халық астрономиясы материалдарын оқу-тәрбие процесінде пайдалану тәсілдері» атты мақаласында: «Кезінде ғалым Х. Әбішев көтерген бұл ауқымды іс кейінгі жылдары бәсеңдеп қалды. Республикада астрономияны орта мектепте оқыту мәселесі өте нашар деп айтуға болады. Х. Әбішевтің «Аспан сыры», «Халық астрономиясы» сияқты тамаша еңбектерін сабақта пайдаланған ұстаздар бұрын көп болса, соңғы кезде жоқтың қасы. Халық астрономиясын сабақта пайдаланудың ұтымдылығы, оның туған жер, өскен өлкемізбен байланыстылығы, ана тіліміздегі ұғымдардың құлаққа жағымды, оқушылар жүрегіне жақын тиюі олардың логикалық ой-өрісін дамытып, пәнге деген қызығушылығын арттырады» деп тұжырымдаған.

Х. Әбішұлы қазақтың халықтық астрономиясы бойынша көптеген ғылыми және көпшілікке арналған танымдық мақалалар шығарған. Мысалы, солардың бірі оның «Білім және еңбек» журналында шыққан «Кең дүние» мақаласында түнгі аспанды бақылау, аспандағы жұлдыздардың орналасуы, жұлдыздар туралы халықтық аңыздар, олардың атауларының пайда болуы туралы үш адамның ашық аспан астында әңгімелесуі өте тартымды, әрі көрнекті түрде сөз болған. Басқа мақалаларында да автор халықтың аспан шырақтары туралы түсініктерін өте қызықты етіп баяндаған.

Еліміздегі бас әдеби журнал «Жұлдыз» редакциясы 2025 жылдан бастап «Жұлдызнама»  атты жаңа айдар ашып, онда аспан сыры туралы жалпы түсінік беретін мақалалар жариялауды жөн көріп, Хасен Әбішевтің «Аспан сыры» атты еңбегін жариялай бастады. Оқырмандар оларды өте жылы қарсы алып, қызығып оқуда, олар автор туралы мәліметтерді де білгісі келеді.

Қорытынды ретінде айтарымыз, қазақ халқының астрономия жайындағы түсініктерін, атаулары мен ұғымдарын жинап, жүйеге келтірген Хасен Әбішұлы «Элементы астрономии и погода в устном народном творчестве казахов» атты еңбегінде: «Халықтық астрономия – қазақ халқының ауыз әдебиеті жанрларындағы мақалдарында, мәтелдерінде, ырымдарында, ай санау жүйесінде, аңыздарында» екенін, «Халық астрономиясы» оқу құралында: «Қазақтың астрономиялық ұғымдарының тағы бір өте құнды жері оның дені халықтық шығарма», ал «Аспан сыры» атты кітабында: «Мал қамы үшін ғасырлар бойы халқымыз жұлдыздардың туып, батуын, қозғалысын қаяусыз бақылап «есептеп», пайымдағанын поэзиялық формада әліптеп халықтық астрономия жасады» деп, ол ең алғаш «қазақтың халықтық астрономия» ұғымын ендіріп, қазақтың халықтық астрономиясының мазмұнын жасады.

Сонымен, Хасен Әбішұлы – қазақтың халықтық астрономиясын зерттейтін жаңа ғылым саласы қазақ этноастрономиясының негізін тұңғыш қалаған ғалым-астроном деп толық айтуға болады.

Қалдыбек БӨЛЕЕВ,

п.ғ.д, академик, профессор




ПІКІР ЖАЗУ