ЕР МАНАСТЫҢ ЕЛІНДЕ
Көмбені не көмген алады, не көрген алады…
Халық нақылы
Қызық ә!…
Бүгінгі таңда біз – бір ғасыр уақыт бұрынғы бабаларымыз бастан өткерген қилы заманның шындығын сарғайған парақтардан, шаң басқан архив құжаттарынан, көне жазбалар мен көзге оттай басылатын фотодеректерден іздейміз.
Парақтап отырып кейде үнсіз күрсінесің. Бірде ішіңе пышақ сұғылғандай, жүрек шым ете түседі. Кейде еріксіз көзге жас келіп, көз алдымызда елес сияқты зымырап өткен тағдырлар тұра қалады… Біз оларды көрмедік. Бірақ сеземіз. Біз олармен өмір сүрмедік. Бірақ тынысын естиміз.
Архив құжаттарына үңілген сайын ойға келетін бір ғана сөз бар: «Қиямет…»
Иә, бұл сөз – асыра айтылған теңеу емес. Бұл – халықтың басынан өткен нәубетті жылдардың, сұрапыл зұлматтың, жойқын саясаттың ұлтқа салған ауыр салмағы.
Бірақ бізге жүктелген міндет тек мұңға батып отыру емес. Ең маңыздысы – сол кезеңдерден қылкөпірдей өткенімен, ұлттың рухын өшірмей, болашаққа жол ашып кеткен арыстардың алдындағы борышымызды түсіну. Олардың еңбегін тану, тағдырын таразылау, мұрасын ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы.
Кешегі қасіретті күндерді зерттеу – бұл жай ғана дерек жинау емес. Бұл – уақытпен бетпе-бет келу. Бұл – тарихпен тілдесу. Бұл – жүрекпен сезініп, санамен сараптау. Мұндай жұмыс екінің бірінің қолынан келе бермейді. Оның салмағы – жазылмайтын эссе, бейнеленбейтін фильм, айтылмаған ащы шындық. Оның салмағы – үнсіз қалған ұрпақтың жанайқайы.
Дегенмен, мойындау керек, тоталитарлық советтік режимнің тұсында мұндай құжаттардың біразы жойылды. Бірақ, шүкір, бәрі емес. Архивтерде қалған үнсіз тігінділер, мөр соғылған папкалар, тіпті кейде қолтаңбасы өшіп бара жатқан хат көшірмелері – бүгінгі зерттеушіге өткеннің ізін жалғауға жол сілтейді. Мүмкін, бұл – саясаттың ойыны болар. Мүмкін, тарихи астары бар бір ымыраның белгісі болар. Бірақ қалай десек те, бізге жеткен әрбір құжат – аманат. Бізге сеніп тапсырылған тарих.
Біздің зерттеу жұмысымыздың арқауы да – осы рухани сабақтастық. Бұл сапарымыз – Алатаудың қос баурайын мекен еткен, түбі мен діні бір, тарихы мен тағдыры ұқсас қазақ пен қырғыз халықтарының әдеби-мәдени байланысын, рухани тұтастығын архивтік құжаттар арқылы тану.
Алдымен Қазақстандағы архивтер мен кітапханалардың сирек қорларымен жұмыс жасадық. Мұрағаттың ішінен бағыт іздедік. Тұман арасынан көрінген шамшырақтай, бізге нақты жол нұсқайтын деректер табылып, зерттеуімізге тірек бола бастады. Содан кейін зерттеу нысандарын айқындап, көрші қырғыз еліндегі ресми мекемелерге – архивтер мен ұлттық кітапханаларға арнайы сұраныс хаттар жолдадық.
Осылайша сапарымыз Бішкек қаласындағы күндермен жалғаспақ.
Бұл сапар – жай ғана зерттеу емес, жүректің пен сананың түндігін түрген сапар. Бұл – бүгінгі ұрпақтың өткенге бас июі ғана емес, болашаққа аманат арқалауы.
Мен бүгін өз зерттеуімнің алғашқы нақты қадамын бастамақпын.
Бұл сапар – жай ғана іссапар емес. Бұл – жүрекпен сезілетін, жанмен танылатын рухани байланыстардың жолы. Мен мұнда «ТМД архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты жобамен келдім. Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесіп жүзеге асырып отырған осы жобаның аясында мені бауырлас Қырғыз елінің астанасы – Бішкек қаласы қарсы алды.
Бұлыңғырлау аспан мен саумал салқын таңғы ауада қаланың көшелерімен жүріп келем. Бір кезде алыстан биік ғимарат көрінді – Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы. Қолымда сөмке, ішімде – толқыған сезімдер…
Ғимараттың ауласына аяқ басқан сәттен-ақ маған бұрынғы дәуірдің лебі сезілді. 1970 жылдары салынған бұл еңселі нысан уақытпен бірге жасасып, заманалар үнін бойына сіңіріп үлгеріпті. Кіреберістегі алып тұлға – Шыңғыс Айтматовтың ескерткіші мені үнсіз қарсы алды. Ұлы жазушы – қос халықтың ортақ рухани тұлғасы. Ескерткіштің қос қанатында – елге еңбегі сіңген тұлғалардың бюстері. Қазақ пен қырғыз – өзге болсақ та, өзек бір, көне бастауымыз, тамырымыз бір.
Мені академия алдында ұстазым Жақыпбек Алтаевтың досы, профессор Жолборс Жоробеков аға күтіп алды. Жылы шырайлы, кең пейілді жан екен. Келген мақсатымды сұрап, ілтипатпен тыңдады. Көзінен – зейін, сөзінен – салмақ байқалды. Бірден жұмысымның мәнін, бағыт-бағдарын сұрап, нақты көмек көрсетуге ниет білдірді. Осындай ілтипат пен қолдау адамға сенім береді екен.
Жолборс ағаның жол бастауымен біз Философия институтының директоры, профессор Нур Саралаевтың қабылдауында болдық. Бұл кездесудің де әсері терең болды. Нұр аға – ойы кең, сөзі салмақты, әр сөзінің астарында парасат жатқан тұлға. Ол менің зерттеуімнің бағыт-бағдарын мұқият тыңдап, өз тарапынан қолдау көрсететінін айтып, бірқатар пайдалы кеңестер берді.
Мұндай қолдауларды кездестірген сайын, менің ішкі серпінім күшейе түсті. Демек, қазақ пен қырғыз арасындағы әдеби байланыстарды зерделеуге, зерттеуге деген сұраныс бар, ықылас та бар.
Келесі бағытымыз – Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институты болды. Алайда институт директоры, академик Абдылдажан Акматалиев іссапарда екен. Жолборс аға телефон арқылы жағдайды баяндап, менің ғылыми мақсатымды жеткізді. Академик жұма күні арнайы қабылдайтынын айтыпты. Бұл да бір тағдырлы кездесудің алғышартындай көрінді. Іштей бір қуаныш сезімі пайда болды. Демек, бұл сапар тек деректер жинаумен ғана емес, тағылымды жүздесулермен де байиды екен…
Күннің екінші жартысында біз ҰҒА-ға қарасты Тарих институтына бет алдық. Мұнда мені академик Абылабек Асанканов қабылдады. Ол кісінің болмысы да, болжауы да – байсалды. Менің тақырыбым – қазақ-қырғыз арасындағы тарихи-әдеби байланыстар екенін естігенде, ерекше қызығушылық танытып, ой өрбітті. Тарих тереңіне бойлап, қос халықтың бірлігін, ортақ шежіресін тілге тиек етті.
Әңгіме барысында ол кісі маған осы бағытта ізденіс жүргізіп жүрген екі ғалымның байланыс нөмірін, есімін беріп, қолдау көрсетті. Бұны нағыз ғылыми ынтымақтастықтың жарқын мысалы дер едім.
Сапар барысында Аида апаймен де кездесудің сәті түсті. Ол – архив ісінің тәжірибелі маманы екен. Қырғыз архивтеріндегі қазақ әдебиетіне қатысты материалдардың аз болса да, бар екенін айтты. Ізденіс жолында нені, қалай, қайдан іздеу керектігі туралы нақты бағыт-бағдар берді. Архивке алғаш келген адам үшін мұндай кеңестер – алтынға бергісіз. Ішкі тылсым архив әлемі маған енді біртіндеп ашыла бастайтындай…
Ғылым – ұлттың жүрегі, ал оның ордасы – ғылым академиясы. Менің зерттеу сапарымда осы орданың төрінде болған сәттерім ерекше әсер қалдырды. Бұл сапар тек дерек жинап, есік қағумен шектелмеді. Мұнда мен адамдардың жүрегінен шыққан шынайы ықыласты, көмектесуге деген пейілді, бауырластық лебін анық сезіндім.
Иә, мені қарсы алған әрбір жан – өз ісіне адал, руханиятқа жанашыр, бауырлас елден келген мені шын ниетімен қабылдаған жақсы жандар еді. Олардың сөзі ғана емес, көзқарасының өзі-ақ: «Қолымыздан келсе көмектесейік» деп тұрғандай. Мұндай ілтипат пен ашық көңіл – жат жұртта жүрген адамға ерекше медеу. Сол сәтте мен ішімнен: «Міне, осы – нағыз туыстықтың, рухани үндестіктің көрінісі» деп ой түйдім.
Алайда жоғарыда атап өткенімдей, Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы былтыр ғана күрделі жөндеуден өткен екен. Сырты жаңарып, іші әрленіп жатқан ғимараттың бір бұрышы – мені ең қатты қызықтырған академия кітапханасы – әзірге оқырман қабылдауға дайын емес көрінді. Қайта құру, қалпына келтіру жұмыстары әлі толық аяқталмаған. Кітапхананың есігі әзірге уақытша жабық.
Бұл ақпаратты естігенде, көңілімде бір сәт өкініш сезілгендей болды. Өйткені қай елдің болмасын ғылым академиясы жанындағы кітапханалар – баға жетпес рухани қазына, зерттеушілер үшін таптырмас дереккөзі екенін жақсы білемін. Көпшілік біле бермейтін, сирек қолжазбалар мен архивтік материалдардың көпшілігі дәл осы ғылыми мекемелерде сақталатыны анық.
Бірақ үмітім үзілген жоқ. Керісінше, іштей бір уәде бердім: «Бұйырса, келесі жолы осы киелі ордаға бірінші кезекте ат басын бұрамын!» – деп. Себебі бұл тек физикалық кеңістік емес, бұл – руханияттың қайнар көзі, тарих пен әдебиеттің үнсіз куәгері, ұлт зердесінің қойнауы.
Кітапхана – жай ғана кітап жиналған мекеме емес. Ол – бір ұлттың жады, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын алтын көпір. Сол көпірден өту, оның қойнауына үңілу – әрбір зерттеуші үшін қасиетті міндет. Ал мұндай ғажайып мүмкіндік маған келесі сапарымда бұйыратынына сенемін.
Қазірше бұл ғимараттың жарық терезелері мен үнсіз сөрелері алыстан ғана қол бұлғап тұрғандай. Бірақ сол үнсіздіктің ар жағында жатқан әлемге үңілу – менің келесі сапарымның басты мақсатына айналды.
Кеш түсті. Қала шырақтары біртіндеп жанып, көшелер бойымен сығалап, тыныштықты баурап барады. Ал мен бүгінгі күннің әр сәтін еске алып, қойын дәптеріме тағы бір бет қостым.
Бір күннің ішінде бірнеше мекемеде болып, бірнеше ғылыми тұлғамен жүздесіп, маңызды мәліметтерге қол жеткіздім. Бұл – бастама ғана. Бірақ әр бастама – үлкен жолдың басы. Көңілімде – үміт, көкірегімде – шабыт. Ертеңгі күнге үмітпен қараймын.
А. Осмонов атындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасы мені ертең құшағын ашып қарсы алады. Онда архив пен қолжазбалар қорынан тың мәліметтер табуға ниеттімін.
Өйткені архив – жай ғана сөрелер мен парақтар емес. Ол – тарихтың тылсым үні, ұлттың жазылмаған шежіресі. Бізге қажеті – сол үнге құлақ түру, сол үнді келер ұрпаққа жеткізу.
Іссапардың екінші күні таң бозынан ерте ояндым. Қонақүй терезесінен төгілген жарық пен жап-жасыл ағаштар арасынан сығалап тұрған таулардың ақ бас шыңдары бүгінгі күннің тағы бір ерекше боларын меңзегендей. Түнде алған әсерден әлі де арыла алмай, көңілім толқып тұр. Білесіз бе, кеше ғана 6 миллион кітапты қанатына қондырған Алыкул Осмонов атындағы Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасының табалдырығын аттап, оқырман билетін аштырып едім. Бір ғана кітапхана – бүтін бір әлем секілді. Қағазға басылған әр парағы – ұлттың жан дүниесі, зердесі, тарихы.
Сол кезде маған кітапхананы түгелдей таныстырып, тарихынан сыр шерткен ардагер кітапханашы Байкал апай болды.
Бұл кітапхананың тарихы тереңде жатыр. Ол алғаш рет 1934 жылы ашылып, араға төрт жыл салып республикалық деңгейге көтеріліп, 1939 жылы Кеңес жазушысы әрі ойшылы Н.Г.Чернышевскийдің есімімен аталыпты. Қырғыз елі Тәуелсіздікке қолы жеткен соң, 1993 жылы, кітапханаға Ұлттық мәртебе беріліп, оның маңыздылығы мен миссиясы бұрынғыдан да арта түседі.
Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес. Ол – мәдениет пен ғылымның өзегі, ақпарат пен ағартудың тірі тамыры. Қазіргі таңда мұнда 6 жарым миллионнан аса кітап қоры мен басылымдар, түрлі ақпараттық ресурстар жинақталған. Бұл – әрқайсысы бір дәуірдің үнін жеткізетін үнсіз шежірелер.
Кітапхананың оқырман саны жылына мыңдаған сандарға толығып отырады. Күн сайын 1000-ға жуық адам осында келіп, біліммен сусындайды. Әрбір зал – белгілі бір салаға арналған, ғылым мен ізденістің алаңы.
Кітапхана қызметінің маңызды бағыттарының бірі – ұлттық библиография қалыптастыру. Мұнда 160 мыңнан аса құжат тіркелген, оның 38 мыңы – қырғыз тілінде. «Кыргызстан жөнүндөгү адабияттар» атты ретроспективалық көрсеткіш – осы еңбектің айқын дәлелі.
Тарих, археология, әдебиет, ауыл шаруашылығы секілді көптеген сала бойынша библиографиялық жинақтар жарық көріп келеді. Бұлар – рухани картаның нақты белгілері.
Кітапхананың мақтанышы – сирек кітаптар мен қолжазбалар қоры. Мұнда көне басылымдар, ноталар, карталар, диссертациялар, көркем суретті кітаптар мен газет-журналдардың құнды нұсқалары сақтаулы.
2009 жылы кітапхананың бастамасымен «Манас» эпосы ЮНЕСКО мен АҚШ Конгресі кітапханасының қолдауымен Дүниежүзілік электронды кітапханаға енгізілді. Манасшы Саяқбай Қаралаевтың толық нұсқасы, орысша, ағылшынша аудармалары, тіпті деректі фильм фрагменттері де осы платформада бар. Бұл – қырғыз халқының рухани байлығын әлемге паш етудегі ірі қадам.
Ұлттық кітапхана заманауи технологиямен жабдықталған. Электронды каталогтар, цифрлық ресурстар, интернет арқылы әлемдік дерекқорларға қолжетімділік – оқырман үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінде Қырғызстан пайдаланушылары Ресей мемлекеттік кітапханасының 600 мың диссертациясына онлайн түрде қол жеткізе алады.
Кітапхана әлемнің 40-тан аса елімен тығыз байланыс орнатқан. Олардың қатарында АҚШ Конгресінің кітапханасы, Ресей Ұлттық кітапханасы, Франция, Жапония, Иран, Малайзияның ұлттық кітапханалары бар. Бұл – Қырғызстанның рухани дипломатияда да белсенді екенін көрсетеді.
Ұлттық кітапхана – тек кітаптар сақталған ғимарат емес, ұлттың рухани жадын сақтайтын, келешекке жол сілтейтін шамшырақ. Ол – өткені мен бүгінін жалғап, болашаққа бет түзейтін мәдени көпір.
Бір кездері шапанын желбегей жамылып, ат үстінде жыр айтқан қырғыз жырауларының да, жазу үстелінде ғасырларға хат қалдырған қаламгерлердің де дауысы бүгін осы кітапхана төрінде жаңғырып тұрғандай.
Кітапханадан шыққанда, мен тек білім емес, көңілге терең ой, жүрекке от берген рух ала шықтым.
Кітапхана ғимаратының құрылысы 1980 жылы басталып, 1984 жылы салтанатты түрде пайдалануға берілген. Ал 2015 жылы, қырғыз поэзиясының көрнекті қайраткері Алыкул Осмоновтың туғанына 100 жыл толуына орай, оның есімі бұл рухани ордаға беріледі. Ақынның есімі кітапхана қабырғасына алтын әріппен қашалып, мекеменің болмысына мәңгілік рухани дем беріп тұр.
Бүгінде бұл кітапхана – тек Қырғызстанның ғана емес, күллі түркі дүниесінің, тіпті әлем халықтарының әдебиетімен еркін танысуға мүмкіндік беретін кең өрісті ордаға айналған. Мұнда: қазақ, қытай, түрік, корей, араб, француз, британ, неміс, үнді, орыс әдебиетінің бұрыштары бар.
Әрбір елдің елшілігімен тығыз байланыс орнатылып, оқу залдары жиһаздармен жабдықталып, кітап қорлары жаңа басылымдармен толықтырылып отырады.
Кітапхана есігі – барша халыққа айқара ашық. Оқырман куәлігін алу бар болғаны 50 сом. Ал зейнеткерлерге бұл қызмет – тегін. Қоғамның әрбір мүшесіне білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету – кітапхананың басты ұстанымы.
Соңғы жылдары Қырғыз Республикасының Президенті бастамасымен 100 аталым бойынша мың данадан кітап басылып, ел ішіндегі барлық кітапханалар қорына таратылған. Бұл – ұлттың білім көкжиегін кеңейтудегі үлкен серпіліс.
Кітапхана қазіргі таңда «ИРБИС – 67» автоматтандырылған жүйесімен жұмыс істейді. Электронды іздеу мен мәліметтер базасы жүйеленіп, екінші қабаттағы фойеде орналасқан бас каталог арқылы оқырмандар іздеген кітабын оңай таба алады.
Биыл – Алыкул Осмоновтың туғанына 110 жыл. Ақын рухына тағзым ретінде кітапхана ұжымы «А. Осмонов энциклопедиясын» әзірлеп жатыр. Бұл – ақынның шығармашылығына, өмір жолына арналған кешенді еңбек болмақ.
Сондай-ақ кітапханадағы байырғы қызметкер, өз ісінің нағыз жанашыры Байкал апай – Алыкул есімімен аталған мемлекеттік сыйлықтың иегері болған 42 қайраткердің өмірбаянын жинақтап, танымдық еңбек дайындауда. Бұл еңбек те ел руханиятына қосылған сүбелі үлес болары сөзсіз.
Бүгінгі Ұлттық кітапхана – ақпарат пен парасаттың алтын көпірі, өткен мен болашақты жалғайтын рухани кеңістік. Қай бұрышына барсаңыз да, тыныштық пен терең ойдың ізі сезіледі. Ал Алыкул есімі бұл ордаға поэтикалық леп, көңілдің жарығын, көкіректің сәулесін дарытып тұрғандай әсер қалдырады. Кітапханадағы бір сағатым осындай ақпарат алумен бітті. Негізгі шаруа келесі күнге қалды.
Зерттеу сапарымның келесі күні таңмен таласа сол қасиетті білім ордасына қайта жол тарттым. «Достық» қонақүйінен жаяулап бара салу қиын емес. Көшелеріндегі тыныштық, адамдардың жымиып амандасуы, күн нұрымен шағылысқан қала сәулеті – бәрі мені беймәлім бір жайлылыққа бөлеп бара жатты.
Кітапхана есігін аша бере, мені жылы жүзді, биязы мінезді бір азамат қарсы алды. Аты – Айдар Анарбеков. Кітапхананың хатшысы екен. Әңгімелесе келе оның білімді, парасатты жан екенін байқадым. Өз елінің тарихына, мәдениетіне шынайы жанашыр көзбен қарайтын азаматтар осындай болар. Ол маған кітапхана ішін таныстырып, қажетті мәліметтерге қол жеткізуіме барынша көмектесті.
Директор ханым орнында болмауына байланысты мен оның орынбасары Кырчообаева Сайрагүл Асанбайқызының қабылдауында болдым. Жанары жылы, сөзі мейірімді ол кісі де менің Қазақстаннан, бауырлас елден келгенімді естігенде ерекше ықылас танытты. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Мейірімді жүздер, ізетті сөздер жүрекке шуағын себеді екен.
Осы сапар барысында өзіммен бірге ала келген Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасынан жаңарып, жаңа тыныспен жарық көріп келе жатқан «Кітап және кітапхана» журналының 2025 жылғы №1, 2 сандарын және өз авторлық кітабым – «Апамның алақаны» атты әңгімелер мен өлеңдер жинағымды, сондай-ақ «Көктем нәрлі болмаса» атты очерктер мен мақалалар топтамасын Қырғыз Ұлттық кітапханасының қорына тарту еттім. Бұл мен үшін бір міндет қана емес, екі ел арасындағы рухани көпірге қосқан шағын үлесім деп білдім.
Кітапхана қызметкерлері – өте білімді, ізетті жандар. Олардың әрқайсысынан кітапқа, руханиятқа деген махаббатты сезуге болады. Десе де, уақыт өз ізін қалдырмай қоймаған.
Ғимарат іші біраздан бері күрделі жөндеу көрмегені байқалады. Ескі жиһаз, кей жердегі қабырғаның сылағы кеткен… Бірақ бұл кітапхананың рухани салмағына титтей де көлеңке түсіре алмайды. Кешегі күні барып келген Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының жаңа кейпі еске түсті. Жаңарған, жайнап тұр. Сол секілді бұл киелі шаңырақ та бір күні жарқырай түсеріне сенгім келеді.
Бішкек қаласы күн санап түрленіп келеді екен. Жаңа ғимараттар бой көтеріп, қала келбеті көркейіп жатыр. Осы даму мен жаңғыру толқынына кітапханалар да ілессе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі бұл – тек ғимарат емес, бұл – елдің зердесі, ұрпақтың рухани темірқазығы.
Бұл күн мен үшін тек ғылыми ізденістің бір парағы ғана емес, нағыз рухани байланыс пен бауырлас елге деген жүрекжарды сезімнің көрінісі болды. Кеудемде бір мақтаныш бар. Әдебиет пен кітап арқылы туысқан екі халықтың арасындағы алтын көпірге мен де бір кірпіш қалап жатқандаймын.
Кітапханадағы Ұлттық библиография бөлімі, оның ішінде – «Кыргызстан библиографиясы» залында жұмыс жасадым. Естіген құлаққа жай ғана атау сияқты болғанымен, осы бөлімнің ішіне енген сәттен бастап мен өзімді уақыттың терең қойнауына түсіп бара жатқандай күй кештім.
Қарапайым, кішкене ғана бөлме. Бірақ шаң басқан каталогтар мен қоңыр тартқан картотекалық жәшіктер – нағыз рухани кеніш екеніне көзің бірден жетеді. Көз алдымда – бір ғасырға жуық тарихтың ізі. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап бүгінгі күнге дейінгі бүкіл қырғыз баспасөзі мен кітаптарындағы қазақ әдебиетіне, қаламгерлеріне қатысты материалдар осы тізбектерде үнсіз ғана мені күтіп жатқандай.
Саусақпен ақтарылған әрбір кішкентай карточка – өз заманының үнін жеткізуші. Түрлі машинкамен басылған, кейбірі қолдан жазылған. Жылдар, авторлар, тақырыптар, мекемелер – бәрі бір-бірінен сыр шертеді. Мен қолыма алған әр карточканы қойын дәптеріме түртіп, маңызды мәліметтерді жазып отырдым. Еңбек үстіндегі толассыз сәттерде дәптерімнің ортасынан асып кеткенін байқамай да қалдым.
Арасында жүрегімді дір еткізер тың деректер кездесті. Көзіме алғаш түсіп, жанымды толқытқан бірқатар материалдарды ерекше белгілеп, 40 түрлі деректі іріктеп алдым. Содан соң кітапханашы-библиографтың көмегімен солардың түпнұсқаларын арнайы архив қорынан алдыртып, өз көзіммен көру бақытына ие болдым.
Бұлар – көпшілік оқырман үшін екінің біріне қолжетімді дүние емес. Бірақ менің зерттеуім – арнайы бекітілген ғылыми жоба болғандықтан және өзім де Ұлттық кітапханада ғылыми қызмет атқаратындықтан, бұл жолы есіктер маған айқара ашылды. Мұны сәттілік дей алмаймын – бұл маған жүктелген жауапкершілік.
Кітапханашы маған осы картотекаларды бұған дейін арнайы қарап ізденген кісілердің тым аз екенін айтты. Көбісі бұл архивтің қандай байлық сақтап отырғанынан бейхабар күйде. Сол сәтте менің бойымда бір жеңіл діріл өтті.
Уақыттың қойнауында ұмытылып бара жатқан асыл мұралармен жүздесу – ғажап та, ауыр сәт. Әсіресе жүрегімді елжіреткен – жыр алыбы Жамбыл Жабаевқа қатысты деректер. Келер жылы 180 жылдығы атап өтілетін Жамбыл атамыз туралы қырғыз тілінде жарық көрген бірнеше мақала мен очеркті көзім шалды. Бұрын-соңды оқымаған дүниелерім. Әр жолы – алтынға бергісіз.
Осы кітапхана архивінде өткізген уақытымда мен парақтаған әрбір карточка, әрбір мақаладан екі халық арасындағы әдеби, рухани байланыстардың қаншалықты тереңде жатқанын сезіндім. Бір-бірімізді үнемі сырттай білетіндей көрінсек те, шын мәнінде, біз – бір әдебиет, бір тағдыр, бір тарихпыз.
Бірінен соң бірі тізілген үш бірдей карточка жәшігін ақтардым. Екеуі – арнайы «Казак адабияты» деп белгіленген. Үшіншісі – аралас әдебиеттер ішіндегі қазақ қаламгерлеріне қатысты мәліметтер жинақталған бөлім. Бұл үш жәшік – қарапайым ағаш қорап емес, ғасырлар жүгін көтеріп тұрған үнсіз шежіре дерсің.
Жәшіктердің қақпағын көтеріп, ішіндегі карточкаларды көргенде – көзім қарауытып кетті. Қаншама парақ, қаншама жазу, қаншама уақыттың тозаңына көмілген әріптер…
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне тиесілі кейбір жазбалар тым көмескі, әрі қатты сарғайып кеткен. Қарапайым көзбен оқу мүмкін емес дерлік. Қуанышқа орай, Ертай досымның кеңесімен өзіммен ала келген үлкейткіш әйнек жанымды аман алып қалды. Сол құралдың көмегімен қаншама ұмытылған есімдер мен ұмыт бола бастаған туындыларды қайта таныдым.
Арасында көзім жасаурап кеткен сәттер де болды. Кейбір карточкаларда қазақ қаламгерлерінің Қырғыз елінде жарық көрген кітаптары туралы деректер тұр. Бәлкім, сол жазбалармен осы күнге дейін ешкім кездесіп те көрмеген шығар? Библиограф апайдың өзі де: «Бұл карточкаларды соңғы жылдары арнайы қарап, зерттеп отырған адам кемде-кем», – деді. Іштей бір толқу, бір мақтаныш, әрі үлкен жауапкершілік сезімі пайда болды.
Кешке қарай, жәшіктер арасынан өзіме ең қажетті деген бұған дейін іріктеліп алынған қырық тізіммен қоса есептегенде сексеннен аса құжатты іріктеп алдым. Ал мен үшін әрқайсысы – інжу-маржан. Бұл деректер ертең менің зерттеу жобамның негізгі діңгегіне айналатынына сенімім мол.
Күннің ең соңғы сағатын мен тағы да Сирек қорда өткіздім. Бұл бөлім – кітапхананың шын мәніндегі қасиетті орны. Осы жолы Гүлшат апайымның еңбегін, мейірімін, білімін бұрынғыдан да тереңірек ұқтым.
Маған тағы бірнеше құнды материалдарға қол жеткізу мүмкіндігі бұйырды. Қарапайым оқырманның қолына оңайлықпен тимейтін дүниелер. Архивтің үнсіз тынысынан, сірә, ұлттың өзі сөйлеп тұрғандай болады.
Арасында беттері әбден тозған, тіпті кей жерлері жыртылып кеткен қолжазбалар да кездесті. Бірақ сол тозған парақтарда – біздің ұлттың тозбас рухы жатыр. Кейбір мақалаларда Жамбыл Жабаевтың қырғыз поэзиясына әсері, қырғыз тілінде жарық көрген жырларына деген жылы лебіздер жазылған.
Бүгінгі кеш – ерекше. Қала шырақтары бірінен соң бірі жанып, қараңғылықтың шымылдығын шетінен түріп жатқан шақта мен өзімнің дәптеріме қайта үңілдім. Жазылған әр жолдың артында маған белгісіз әлемдер бар екенін ұғына түстім. Бұл сапар – жай ғана іссапар емес. Бұл – ізденіс. Бұл – рухани сапар. Бұл – менің қазақ әдебиетіне деген адалдығымның, зерттеуші ретінде парызымның нақты көрінісі.
Ертең тағы сол жерге барамын. Тағы да күтемін, тағы да үміттенемін. Мүмкін, мен ашпаған тағы бір жәшікте, мен көрмеген бір карточкада – біздің әдебиетіміздің тарихына жаңаша көзқарас сыйлайтын бір жол жатуы мүмкін…
Ғылыми ізденісімнің үшінші таңын әдеттегідей Бішкектегі аса көрнекті мәдени мекемелердің бірі – Қырғыз Ұлттық кітапханасында бастадым. Таңертеңгі сергек көңіл күймен кітапханаға келгенімде, мені ерекше бір рухани тыныштық пен тарихи салмақтылық қарсы алды. Бұл күнгі жұмысым кітапхананың екінші қабатында орналасқан және тұтас бір қанатын алып жатқан «Абай» залында өтті.
Бұл зал – қырғыз-қазақ рухани байланысының алтын көпірі іспетті. 2020 жылы арнайы демеушілердің қолдауымен ашылған бұл рухани орда бүгінгі таңда қос ел арасындағы әдеби, мәдени алмасулардың орталығына айналған. Залға кірген сәтте мені кең әрі жарық кеңістік, жаңартылған заманауи жиһаздар, қазақи нақыштағы әсем безендірулер бірден баурап алды. Зал кітапхана ішіндегі ең жоғары деңгейде жабдықталған бөлімдердің бірі екені бірден байқалды.
Мені жылы шыраймен қарсы алған зал меңгерушісі – Соноева Майрам апайымыз. Апайымыз өте ақжарқын, адамға мейіріммен қарайтын, өз ісіне шын берілген жан екен. Алғашқы таныстығымыздан-ақ залдың тарихын, атқарылып жатқан істерді ықыласпен әңгімелеп берді.
Залдың қабырғаларында қазақ және қырғыз руханиятының біртуар тұлғаларының портреттері тізбектеле ілінген. Әсіресе Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Шоқан Уәлиханов және қос халықтың ортақ тұлғасы саналатын Шыңғыс Айтматовтың көлемді суреттері – екі ел арасындағы рухани сабақтастықты көзге де, көңілге де айқын сезіндіреді. Залдың төрінде қастерлі бейнемен сомдалған Абайдың бюсті тұр. Оның екі жағында қатар тігілген Қазақстан мен Қырғызстанның тулары қос елдің бауырлас екенін үнсіз паш етіп тұр.
Бұл залдағы кітап қоры да ерекше назар аударарлық. Қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қатысты әдебиеттер, ғылыми еңбектер, Абайтануға байланысты мол деректер – барлығы жүйелі түрде жинақталған. Кітаптар маған негізінен таныс болғанымен, бүгінгі күнгі жұмысым қырғыз қаламгерлерінің қазақ әдебиеті туралы жазған еңбектерін зерттеуге арналды. Сол еңбектермен тікелей танысу, салыстыру, ғылыми тұрғыдан пайымдау – мен үшін аса құнды тәжірибе болды.
Залдың ішінде арнайы жабдықталған конференция өткізу бұрышы бар екен. Ол да өз алдына бір мәдени орталық сияқты әсер қалдырды – мұнда түрлі әдеби кештер, тұсаукесер рәсімдері, екі елдің зиялы қауымы бас қосатын рухани басқосулар өтеді екен. Кеше ғана Қазақстанның Қырғызстандағы Елшілігінің кеңесшісі, белгілі саясаттанушы Ербол Сарыпбеков ағамыз маған хабарласып, түскі асқа шақырған еді. Сол әңгімеміз барысында ол кісі де осы зал туралы жылы пікір білдіріп, бұл жердің қос халық арасындағы достықтың бір нышанына айналғанын ерекше атап өткен болатын.
Айналадағы барлық детальдар – кітап сөрелерінен бастап, қабырға безендірулеріне дейін – осы залдың үлкен бір идеяға, ұлт пен ұлтты жақындастырушы мақсатқа қызмет етіп тұрғанын айқын көрсетеді. Қазақ пен қырғыз – түбі бір, тамыры терең екі туысқан ел. Ал осындай рухани ошақтар сол туыстықтың жібін үзбей, қайта бекемдеп отыратын алтын арқау іспетті.
Қырғыз Ұлттық кітапханасындағы «Абай» залы – менің ғылыми сапарымдағы ерекше бір белес. Бұл залдан алған әсерім, оқыған деректерім, кездескен адамдарым – бәрі де жүрегімде ұзақ сақталары анық.
Зерттеу, ізденіс іссапарымның төртінші күні Қырғыз Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде өтті. Бұл күн – жай ғана күнтізбедегі бір сәт емес, мен үшін тарихпен бетпе-бет келіп, өткеннің үнін естіп, дерексіз емес, деректі уақытпен тілдескен ерекше белес болды. Архив – үнсіз, бірақ үнемі сөйлеп тұратын мекен. Оның әр сөресі, әр парағы, әр мөрі – өткеннің тамыр соғысы.
Бұған дейін Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы атынан арнайы хат дайындалып, Қырғызстандағы зерттеу нысандарына жолданған болатын. Ондағы мақсат – екі елдің ортақ тарихындағы ұмыт қалған, тасада қалған деректерді қайта тірілтіп, сол арқылы елдік жадыны жаңғырту. Бұл ниетімізді қырғыз ағайындар жылы қабылдады.
Сапардың алғашқы кезеңінде Қырғыз Ұлттық кітапханасының сирек қорымен жұмыс істесем, бүгін Орталық мемлекеттік архивтің табалдырығын аттадым. Бұл мекен – талай шындықтың үнсіз сақтаушысы. Архивке ену, одан бұрын архивпен жұмыс істеу ғылым үшін үлкен жауапкершілік.
Бірден айта кету керек, архивтің тәртібі қатаң. Ондағы кез келген құжатты еркін ақтарып, парақтай салу мүмкін емес. Әсіресе, ХХ ғасырдың алғашқы жартысына қатысты құжаттар ерекше режимде сақталады. Олар – тек арнайы мамандардың рұқсатымен ғана қолжетімді. Алғашқыда маған да бірнеше құжатқа рұқсат берілмейтіні жайлы айтылғанда көңілім су сепкендей басылды. Тіпті, негізгі қорларды көре алмайтын шығармын деген күдік те пайда болды.
Бірақ дәл осы тұста, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы, Қырғыз Халық жазушысы Сұлтан Әкімұлы Раев ағамыз бен оның көмекшісі Сабырбек Бөрібай мырзаның қолдауы мен араласуы ерекше рөл атқарды. Олардың араласуымен бірнеше сағат ішінде бұрын жабық деп танылған қорлармен жұмыс істеуге рұқсат алдым. Бұл – тек маған ғана емес, тұтас зерттеу бағытыма, ұлттың рухани игілігіне жасалған қолдау деп түсіндім.
Алдымнан 18 тігінді құжат ашылды. Құжаттардың сыртына дейін ерекше таңбаланып, кейбірінде «тек арнайы рұқсатпен» деген белгілер соғылған. Бұл – ол материалдардың қарапайым емес екенін, онда саяси, мәдени, әлеуметтік тұрғыдан құпия немесе сезімтал мағлұматтар жатқанын білдірсе керек.
Әр тігінді – тұтас бір дәуірдің айнасы. Сол парақтардың арасынан ХХ ғасырдың зұлмат жылдарында қазақ пен қырғыз халқының бастан кешкен қасіреттері мен күрестері, жойқын аштық пен қуғын-сүргіннің ізі сайрап жатыр. Бұлар – жай хаттар мен қағаздар емес, тағдырлар. Жоғалған арманның, көмілген үміттің, бірақ қайсар рухтың жазбаша көрінісі.
Құжаттардың ішінде қазақ пен қырғыз арасындағы мәдени байланыстар, әдебиет, білім, баспасөз салаларындағы ықпалдастықтар нақты мысалдармен көрініс тапқан. Әсіресе, екі халықтың зиялылары арасындағы рухани үндестік мені ерекше толқытты. Сол кездегі қиын жағдайларға қарамастан, әдебиет пен өнер халықтың еңсесін тіктейтін күшке айналғанын көру – жүрек тебірентерлік жағдай.
Архивтегі жеке қорлардың ішінде мен үшін аса маңыздысы – Жүсіп Абдрахмановтың жеке іс қағазымен жұмыс істеу болды. Бұл – қырғыз халқының тағдыры мен мемлекеттілігінде ерекше орны бар тұлға. Оның жазбалары арқылы сол заманның мемлекеттік құрылымы, елдік күресі, ұлттық мүдде жолындағы тартыстар айқын аңғарылады.
Сонымен қатар, Ешенәлі Арабаев, Иманәлі Айдарбеков, Қасым Тыныстанов сынды тұлғалардың да еңбектеріне үңіліп, олардың Алаш қайраткерлерімен үндестігін, пікірлес екенін байқадым. Олар – ұлтқа қызмет етудің нағыз үлгісі. Бұл есімдер – бір ұлттың ғана емес, тұтас түркі жұртының рухани мұрасына айналған.
Құжаттар арасында кейбір фотоматериалдар ерекше әсер қалдырды. Жан түршігерлік сәттер, халықтың азалы кейпі, қуғын-сүргінге ұшыраған зиялылардың бейнелері – ешқандай көркем шығарма бере алмайтын шындықтың көрінісі.
Нәтижесінде, 18 тігіндінің ішінен 8 құжатты арнайы сканерлеуге рұқсат алдым. Бұл – үлкен сенім. Ал ол сенімді ақтау – маған жүктелген рухани аманат. Бұйырса, осы деректерді жүйелеп, ғылыми айналымға енгізіп, кең аудиторияға ұсыну – алдағы күндердің еншісінде.
Бұл сапар – мен үшін тарихпен тілдесу ғана емес, өз халқыңның, өз бауырларыңның жүріп өткен ауыр жолын тереңнен сезіну, олармен бірге тыныстау, бірге күрсіну, бірге тәу ету.
Бүгінгі архивпен тілдескен күн – кешегі өткенді бүгінгі санаға жақындату үшін жасалған бір қадам. Біз өткеннің үніне құлақ аспасақ, келешектің іргесі босайды. Ал сол үнді жеткізу – тек ғалымның емес, әр ұлт перзентінің қасиетті борышы.
Күн сайын архив залында өткен әр сағат – тарихтың тынысын тыңдағандай әсер қалдырды. Құжаттардың бірінде – аштық. Бірінде – қуғын. Бірінде – мәдени серпіліс. Ал бірінде – туған тіл мен төл рух үшін күрес жатқанын байқадым.
Зерттеу жалғасуда.
Мұндай сапарлар бізге тек тарихи мәлімет емес, халық жадын жаңғырту жолындағы маңызды тетіктердің бірі екенін ұғындырады. Ал тарих – құрғақ дерек емес, тірі жан, үнсіз тіл, және бізге сеніп тапсырылған аманат.
Бішкектегі ғылыми сапарымның арасында бір сәт тынығып, жан дүниеме азық іздеген сәтте өзімді кітап дүкендерінен бір-ақ таптым. Бұл мен үшін қалыпты, тіпті ертеден қалыптасқан, жүрекпен жазылған әдет.
Жалпы, кітап дүкеніне бас сұғу мен үшін жай ғана сөре қарап шығу емес. Ол ішкі бір үнге құлақ асу, жүрекпен тілдесу, өзіңмен өзің оңаша қалу. Студенттік шақтан басталған бұл мінезім – қалтамда соңғы тиын қалған күндердің өзінде «жоқ» деп кітаптан бас тарта алмайтын шынайы оқырмандық сезімге айналып кетті. Сол күндерден бастап арманым болған өзімнің жеке кітапханам бүгінде мыңнан аса кітапты құшақ жая қарсы алып отырған рухани мекенге айналды. Ол – менің ішкі әлемімнің айнасы, сапарларымның куәгері, тоқтамайтын ойдың тұрағы.
Бішкектегі кітап дүкендері де маған тосын сезім сыйлады. Әр дүкенге кірген сайын сөрелерге үңіле бердім. Арасынан таныс есімдерді іздедім. Бейтаныс аттарды түртіп қойдым. Бұл жолы Қырғызстан тарихы мен мәдениетіне қатысты кітаптар мені ерекше қызықтырды.
Сөйтіп, үлкен қуанышпен екі бірдей құнды кітапты өз сөмкеме салып шықтым. Бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ, қырғыз, түрік және хандар шежіресі» атты еңбегінің қырғыз тіліндегі нұсқасы, екіншісі – «Базакул Данияров – алгачкы агартуучу» атты ғылыми-деректі монография.
Алғашқысы – маған бала күнімнен таныс. Шәкәрімнің шежіресі – жай ғана генеалогиялық тізбек емес, ұлттың рухани коды, тағдырлы тарихты тұтастандыратын тұғыр. Оның осы еңбегін қырғыз тілінде көру – екі халықтың тарихи сабақтастығын, ортақ тамырларын, рухани жақындығын тағы бір дәлелдегендей болды. Қырғыз оқырманы үшін де бұл еңбек – өзін тек ұлт ретінде емес, түркілік кеңістіктің бір бөлшегі ретінде тануға жол ашады.
Ал екінші кітап – Базакул Данияров туралы монография – Қырғыз ағартушылығының алғашқы қарлығаштарының бірі туралы тың, әрі тұщымды еңбек екен. Беташар парақтарын ақтара сала, ұлттың ұлы мұрат жолындағы алғашқы қадамдары мен қайраткер тұлғалардың тағдыры бейнеленген осы кітапқа бірден кіріп кеттім. Қаламы ұшталған, баяны нақты. Көзі ашық, көкірегі ояу елдің ұлына айналған ағартушының өмірі мен еңбегі – бүгінгі ұрпаққа тағылым болары сөзсіз.
Кітап тек оқу үшін ғана емес, ойлану үшін, толғану үшін, ең бастысы – түбірге үңілу үшін керек. Ал менің жол сөмкемдегі бұл қос кітап – бірінің түбі қазақтан, екіншісінікі қырғыздан шыққанына қарамастан – менің жалпы түркі дүниесіне деген қызығушылығымды, ортақ рухани кеңістікті тануға деген ұмтылысымды дәлелдегендей.
Кейде сапардан оралып келе жатып, ең бағалы дүние ретінде сувенир емес, дәл осындай кітаптарды арқалап келетініме өзім де шүкір деймін. Себебі кітап – уақытша көңіл емес, мәңгілік ой қалдырады. Ол ел мен елдің арасындағы көпір. Тарих пен болашақты жалғайтын рухани арқау.
Қос кітап та алдағы зерттеулеріме тың серпін береді деп сенем. Бірі шежіренің тереңінен сыр тартса, екіншісі ағартушылықтың алғашқы қарлығашын көз алдыма әкеледі.
Жолда жүріп те кітап іздеу, кітап табу, оқырмандық сезімді ешқашан суытпау – мен үшін ішкі тәрбие, жазылмаған ереже, өмір салтына айналған құндылық.
Екі елдің – қазақ пен қырғыздың – әдебиетін, мәдениетін, тарихын қатар зерттеу мен үшін ғылыми ізденістің ғана емес, рухани жауапкершіліктің де жүгі болды. Өйткені бұл – шекарадан өткен дерек емес, арғы-бергі бабаларымыздың ортақ өркениетінің ізі, ұмыт бола бастаған ұлы мұралардың сөнбес сәулесі.
Қырғыз Республикасының Мемлекеттік орталық архивіндегі жұмысымның екінші күні ерекше өнімді әрі әсерлі өтті. Бірінші күні ашқан бумалар мен танысқан құжаттардан кейін, бүгін бірнеше көлемді топтамаларды қарап, қажет деген мәліметтерді іріктеп алдым. Қанша дайындалып барсам да, архив жұмысында бәріне үлгеру қиын екенін түсіндім. Бір ғана сканер құрылғысы, ұзын-сонар кезек, әр бетті ұқыппен қарап, түзеп, сапалы көшірме жасау – жүйкені де, төзімді де сынайтын шаруа екен. Бірақ осы сәтте бала күнімде апам айтатын: «Жаратушы жарылқаса, бәрі болады» деген қарапайым, бірақ жүрекке үміт ұялатар сөзді еске алдым. Шынында да, тәуекелге бел буып, адал ниетпен кіріскен іс өз жолын табады екен.
Архивке алғаш келген сәтімде мұндағы мамандардың жүздері тым ресми, тіпті сәл суықтау көрінген еді. Ал енді міне, сол кісілер маған бауыр басып, туыстай болып кеткенін байқаймын. Құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік жасағаны үшін архив директоры Мамат Момынов ағамызға және «Құжаттарды пайдалану және жариялау» бөлімінің жетекшісі Жолдошбекова Бакыт Бакасовна апайға айтар алғысым шексіз. Осы кісілердің қолдауымен әрбір маңызды құжат арнайы сканер құрылғысы арқылы өңделіп, ресми мөрімен бекітілді. Бұл – менің зерттеуімнің құндылығы мен заңдылығын бекемдейтін айғақ болмақ.
Таң алагеуімде көзімді ашып, көңілде – үміт пен күдік аралас күй кешіп жолға шыққан күнім осылайша нақты нәтижемен аяқталды. Түске дейін құжаттарды қарап, сканерлеп жүріп, түстен кейін күтпеген керемет бір кездесудің куәсі болдым. Шыңғыс Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры, академик, қазақ әдебиетін зерттеп жүрген белгілі ғалым Абдылдажан Акматалиев ағамен сұхбаттасудың сәті түсті. Ғылымда кейде дерек жетпей қалмайды, керісінше, сол деректі қалай ұштастырып, қандай ой түюіңе байланысты тың идея туады. Ол – пікір алмасудан, білгір адамдармен жүздесуден басталады.
Ағамыздың ғылымға деген адалдығы, әдебиетке деген махаббаты мені тәнті етті. Жетпістің белесіне жақындағанына қарамастан, ширақ ойлап, шымыр сөйлейтін ағамыз менің зерттеу бағытыма ерекше қызығушылық танытып, нақты әрі бағытты кеңестер берді. Қойын дәптерім сол сәтте толып қалғандай сезіндім. Ұлттық ғылым академиясының төртінші қабатын түгелге жуық жайлаған бұл институттағы жұмыстың қарқыны да, жүйесі де өзгеше. Әр маман өз саласына беріліп, өз ісіне жанын салып отырғанын байқадым. Ғалымдар өз елінің ұлы перзентінің атымен аталған мекемеде, мемлекет қамқорлығында отырып, туған әдебиет пен тілді зерттеп жатқанына қуанып, кеудемді мақтаныш кернеді.
Институттан шығып, қайтадан архивке беттедім. Жол бойы – ой, архивке жеткенше – жоспар. Барсам, көптен күткен құжаттарым дайын екен. Күнімнің қалған бөлігін архивте өткізіп, жобама қажет фото-құжаттарды түгелдеп, қоржынымды толтырып қайттым.
Алда – жүйелеу, реттеу, сұрыптау. Қаншама тарихи дәйектер мен құжаттар, академиялық пікірлер мен архивтік айғақтар… Бұлардың бәрі дайындалып жатқан еңбегімнің өзегіне айналмақ. Қазірдің өзінде үш-төрт сағаттық ұйқы режиміне көшіп, күндіз жинаған деректерімді түнде жазуға кірісіп кеттім.
Бұл жазбамен бөлісу арқылы өзіме де есеп беріп отырмын. Сол арқылы іштей жаңа идеялар, тың ойлар туып жатыр. Ғылым жолы – ұлы жол. Ол жолда ұйқысыз түн де, қажырлы еңбек те, адал ізденіс те – серік.
Қолдау білдіріп отырған барша жанашыр жандарға алғысым шексіз. Алда атқарар істер әлі көп, бірақ алғашқы нәтижелер көңілге дем береді.
Бүгінгі күнді мен қала мәдениетін тануға, оның рухани тамырларын сезінуге арнадым. Себебі, қаланың тек сырт келбетін емес, оның жаны мен жүрегін – өнері мен әдебиетін таныған кезде ғана шынайы зерттеу басталады.
Таңның бозарып атуы Бішкекке ерекше жылылық сыйлап, күн сәулесі қала көшелеріне жан бітіргендей әсер қалдырды. Тіршілік тынбай ағып жатыр. Қала дамып, жаңарып, өзгеріп барады. Әсіресе соңғы күндері байқағаным, құрылыс жұмыстары өте қарқынды жүріп жатыр. Мен орналасқан Достық қонақүйінің маңындағы Фрунзе көшесі бойында бірнеше күн бойы түн ұйқысын төрт бөліп, тоқтаусыз жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Құрылысшыларда тәртіп қатал, тапсырылған нысандар уақытылы бітуі тиіс деген талап бар көрінеді. Мұндай темірдей тәртіп елдің алға жылжу ниетін көрсетсе керек.
Бүгінгі сапарымның алғашқы бағыты мен үшін ерекше маңызға ие. Мен классик жазушы, бүкіл түркi әлемінің мақтанышы – Шыңғыс Айтматовтың музей-үйіне баруды жоспарладым. Бұл үй жазушының 1986 жылдан 2008 жылға дейін өмір сүрген қасиетті шаңырағы. Қазір бұл мекен – Айтматовтың рухы сезілетін, оның тынысы сақталған музейге айналған. Қонақүйден музейге дейінгі жол біршама ұзақ екен, алайда жол бойындағы көріністер мені жалықтырмады.
Көлік музей үйге үш жүз метрдей жақындағанда тосын көрініске тап болдым. Арнайы күзет бекеті тұр. Яғни көліктердің ары қарай өтуіне тыйым салынған. Қару асынған қос әскери қызметкер маған жылы амандасып, қайда және не мақсатпен келгенімді сұрады. Музейге келгенімді айтқанымда, «сәл күте тұрыңыз, ішкі қызметкер өзі келіп алып кетуі тиіс» деп жауап берді. Осыдан-ақ бұл үйдің қандай маңызды нысан екенін аңғару қиын емес.
Арада он минуттай өткенде орта бойлы, жүзінен иман нұры төгілген жігіт келіп, жылы шыраймен амандасып, кім екенімді, не мақсатпен келгенімді сұрады. Жол бастап келе жатып, өзін Дастан Ахматов деп таныстырды. Көп ұзамай, Айтматовтың жиені екенін айтты. Әңгіме үстінде мен одан «Неге бұл үй сонша қорғалады?» деп сұрадым. Сонда ол жымиып:
– Біз ұлы жазушымыздың қолтаңбасы қалған шаңырағын ерекше қорғаймыз ғой, байке, – деп қысқа ғана, бірақ терең жауап берді.
Бұл сөздің мәнін мен үйдің ауласына кірген сәттен-ақ түсіне бастадым. Көзім жайнап кетті. Жасыл желекке малынған кең аула, түрлі-түсті гүлдер мен мұқият күтілген өсімдіктер бұл жердің тек үй емес, шығармашылықтың, ой мен сезімнің мекені екенін бірден аңғартты. Ауланың әр бұрышынан жазушының тыныштығы мен шабытын қорғап тұрғандай бір ерекше аура сезілді.
Үйдің ішіне енгенімізде бізді күлімдеп қарсы алған экскурсовод қыз өзін Бегімай Ниязова деп таныстырды. Жас болса да, болмысы салиқалы көрінді. Мен қалжыңдап, «Айтматовқа сіздің қандай туыстығыңыз бар?» деп сұрағанымда, ол да жымиып:
– Апам Айтматовтың шығармасындағы кейіпкерді қатты жақсы көріп, сол есімді маған қойған екен, – деп жауап берді.
Екеуі менің зерттеу мақсатыма ерекше қызығушылықпен қарап, музейді бірге таныстыратындарын айтты. Біз экскурсиямызды бірінші қабаттан бастадық. Алғашқы сұрағым:
– Бұл үй жазушы қайтыс болғаннан кейін өзгертілді ме? – болды.
– Жоқ, мүмкіндігінше сол қалпында сақтауға тырыстық, – деді Дастан.
Іштей бір қуаныш толқыны жүрегімді тербеп өтті. Бұл – шынайы құрметтің белгісі. Әр бөлме, әр бұрыш, тіпті әр зат – жазушының қолының табы қалған куәгерлердей әсер қалдырды. Айтматовтың жұмыс үстелі, жазу машинкасы, кітап сөрелері – бәрі сол күйінде сақталған. Терезеден түскен жарық та бір кездері оның жан дүниесіне шырақ болғандай әсер етті.
Экскурсия барысында мен музейдің әлі күнге дейін мемлекет меншігіне өтпегенін білдім. Таңғалып:
– Онда сіздер жалақыны қайдан аласыздар? – деп сұрадым.
– Үйдің екінші қанатында Айтматовтың ұлы Элдар Айтматов тұрады. Ол кісі осы музейдің және Айтматов қорының басшысы. Біздің айлықты сол кісі береді, – деді Дастан.
Бұл сөздерден соң мен Айтматовтың мұрасы шын мәнінде тек мемлекеттік деңгейде ғана емес, отбасылық қамқорлықпен де қорғалып жатқанын түсіндім. Үйдің іші мен сырты, экспонаттар мен архивтер – бәрі ерекше күтімде. Музейдің кіріс құны біздегі орташа бағаға қарағанда сәл жоғарылау, бірақ бұл баға жазушының рухани мұрасына деген құрметпен өлшенсе, әр тиыны ақталады.
Сапарымның осы бөлігінен алған әсерімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл жер – тек бір ұлы тұлғаның үйі емес, бүкіл әлемге рухани мұра қалдырған тұлғаның жан дүниесі, қазақ пен қырғыздың ғана емес, күллі адамзаттың ортақ қазынасына айналған ой кешенінің бір бөлшегі.
Музей ішін аралап жүріп, рухани толқыныстың теңізіне сүңгігенімді өзім де аңғармай қалдым. Бұл жай ғана жазушының үйі емес, бұл – тұтас бір ұлттың рухын көтеріп, күллі адамзатқа ортақ құндылық қалыптастырған тұлғаның көзіндей болған киелі орын. Қос қабатты бұл үйдің есігінен енген сәттен-ақ Айтматовтың тынысы мен ой әлемі сезіліп тұрғандай. Ал көзіммен көріп, жүрегіммен түйсінген әрбір зат – жазушының өмір сүрген дәуірінен үнсіз сыр шертіп тұрды.
Музей-үй 2011 жылы ашылыпты. Екі қабатты бұл ғимараттың ерекшелігі – сән-салтанатпен емес, қарапайымдылықпен ерекшеленеді. Іші тым қымбат жиһаздармен көмкерілмеген. Керісінше, барлығы ұқыпты, ыңғайлы, әрі жылы атмосфера қалыптастыратын етіп жабдықталған.
Жазушының жары Роза Айтматова үйдің ішкі дизайнына ерекше мән берген екен. Себебі бұл шаңырақта әлемдік деңгейдегі жазушылар ғана емес, КСРО-ның басшылары, БҰҰ өкілдері, шетел мемлекеттерінің президенттері қонақ болған. Мұның бәріне музей қабырғасына ілінген суреттер куә. Әр фотосурет – бір кезеңнің көрінісі, бір оқиғаның естелігі.
Үйдің екінші қабатына көтерілгенде алдымыздан ашылған көрініс бір сәтке тынысты тарылтқандай болды. Бұл қабат – жазушының жеке кітапханасы мен қонақ қабылдайтын бөлмелерге арналған екен. Кітап сөрелерінде әлем әдебиетінің жауһарлары тізіліп тұр. Айтматовтың өзі де әлем әдебиетінің ең биік сатысында тұрғанын ескерсек, бұл кітаптар оның шығармашылық әлемінің айнасы іспетті.
Дастанның айтуынша, Айтматов екі мәрте Нобель сыйлығына ұсынылған. Бірінші рет КСРО-ның күйреуіне таяу, Горбачевпен бір мезгілде ұсынылыпты. Бірақ бір мемлекеттен тек бір адам ғана тізімге іліге алады деген ереже бойынша ол жолы жазушы бұл тізімнен тыс қалған екен. Ал екінші мүмкіндік 2008 жылы туған. Бұл жолы бар құжаттар рәсімделіп, жағдай толық пысықталғанымен, маусым айында жазушы бақиға бет бұрыпты. Ал Нобель сыйлығы дәстүрлі түрде қазан айында тапсырылады. Ережеге сәйкес, қайтыс болған адамға бұл марапат берілмейді. Осылайша, Айтматовтың әлем мойындаған ұлылығы Нобельден тыс қалып қойған.
Бұл – іштен шым еткізер өкініш болса да, Айтматовтың шын мәніндегі ұлылығын кемітпейді. Оның шығармалары әлемнің 174 тіліне аударылып, жалпы таралымы 100 миллионға жеткен екен. Мұндай көрсеткіш – өзі өмір сүрген ғасырға ғана емес, келешек ұрпаққа да ұмытылмас рухани мұра қалдырған дара тұлғаға тән жетістік.
Музей қызметкерлері менің сапар мақсатыма ерекше ықыласпен қарады. Дастан мен Бегімай – екеуі де менің келген бағытымды, әдеби-ғылыми зерттеу жобасын шын ниетпен түсініп, барынша жан-жақты мәлімет беруге тырысты. Музей жанындағы шағын кітап дүкеніне соғып, Роза Айтматованың «Өмүр белеси» атты мемуарлық кітабын сатып алдым. Бұл еңбек жазушының жарының көзімен жазылған, терең естеліктер мен өмір белестерін баяндайтын құнды еңбек екені сөзсіз.
Музей ауласында қоштасар сәтте Дастан мені алма бағының жанына ертіп апарды. Ол жердегі ағаштардың бірі – Айтматовтың өз қолымен отырғызған алма ағашы екен.
– Қалауыңыз болса, осы ағаштың бір алмасын алыңыз. Жақсылықтың, шабыттың, рухани жалғастықтың белгісі болсын, – деді Дастан.
Мен іркілмедім. Қып-қызыл, піскен бір алманы үзіп алып, ішімнен «осы ағаштай тамыры тереңге жайылып, жемісім мол болсын» деп тілеу тіледім. Бұл – мен үшін тек алма емес, символдық маңызы бар ерекше сыйлық болды.
Осыдан кейін мен таяуда ғана бой көтерген «Ынтымак-2» саябағына бағыт алдым. Бұл жерде Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған қос ескерткіш орнатылыпты. Жол бойы ерекше әсерден көкірек сарайым толып, жүрегім толқыды. Алуан ойдың жетегінде саябаққа жеткенде көзіме бірден ұқыптылықпен безендірілген кең алаңқай түсті. Айналасы жасыл желекке бөленген. Көпшілікке ашық, тыныштық орнаған бұл орын екі алып тұлғаның кездесу ордасы іспетті.
Ескерткіш композициясы өз алдына бір шедевр. Мұнда қос алып – ұстаз бен шәкірт қарт Алатауды бетке алып, терең сұхбат үстінде бейнеленген. Олар үнсіз тілдесіп отырғанымен, екеуінің арасындағы көзқарас пен иық түйістірер достық – ел мен елдің арасындағы бауырластықтың, әдеби мұра мен рухани сабақтастықтың символындай көрінді. Бұл көрініс – тек Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы туыстықты емес, екі алыптың идеялық үндестігін, шығармашылықтағы жалғастықты да айқын бейнелеп тұр.
Осылайша, мен бүгінгі сапарымды терең рухани толқыныспен аяқтадым. Бұл күн – мен үшін тарихпен, әдебиетпен, мәдениетпен астасқан ұмытылмас бір белес болды. Айтматовтың үйінде басталған әсер – Әуезов пен Айтматов бейнеленген ескерткіш жанында рухани биіктікке жетті. Бұл күннің сазын сөзбен суреттеу қиын, бірақ жүрек жазушының рухымен үндесіп, өзге кеңістікке өткен секілді әсерде қалды. Әуезов пен Айтматовтан рухани батасын алғандай күй кештім.
Қалған уақытымды да тиімді пайдалану мақсатында Қырғыз Ұлттық музейіне бардым.
Өткен мен бүгін, ұлт жады мен тарихи шындық тоғысқан бұл музей – тек жәдігерлер жиынтығы емес, тұтас бір халықтың рухани тамырын, күрескерлік жолын, өнері мен өрісін айшықтап тұрған қасиетті орын.
Музей – Бішкек қаласының дәл жүрегінде, ел астанасының кең жазиралы алаңында еңселі бейнесімен алыстан менмұндалап тұр. Бұл – сәулеті мен мағынасы қатар өрілген ғимарат. Оның сыртқы келбетінен-ақ бір халықтың рухы мен тағдырын арқалаған тарихи салмақ сезіледі. Алаңның қақ төрінде көк аспанмен таласқан, биіктігі 100 метрлік алып ту тігілген. Желмен бірге ырғалып, кеңістікті кернеп тұрған сол Қырғыз туы – бұл елдің еңсесі мен егемендігінің, жүрегі мен жан-дүниесінің символы. Оның астындағы адамдар кішірейіп кететіндей – ту мен тарихтың алдында бәріміз теңбіз.
Тудың тура алдында – болмысы бөлек, мағынасы терең ескерткіш. Арғымағына қонған, жүзін Алатауға бұрған Манас батырдың еңселі мүсіні. Бұл ескерткіш – тек қола мен тас композициясы емес, тұтас бір ұлттың санасына терең сіңген эпостың, батырлық пен бірліктің, болмыс пен болашақтың көркем көрінісі. Оның маңындағы бос кеңістік те тектен-тек емес – ол ел жадындағы үнсіздік пен құрметтің орны секілді. Жан-жағынан баяу шалқыған қырғыздың ұлттық күйлері естіліп, сені бір сәтте-ақ ғасырлар тереңіне, шежірелі тарих қойнауына жетелей жөнеледі.
Музейге кіру тәртібі қарапайым – билет алып, еркін аралайсың. Бірақ ішкі кеңістіктегі рухани байлықтың құны ешқандай ақша өлшеміне сыймайды. Қабырғаларды жағалай ілінген экспонаттар, заманауи мультимедиялық шешімдер мен мұрағаттық материалдар залдан залға өткен сайын ұлт тарихының жаңа бір парағын ашып, таным көкжиегін кеңейте түседі. Залдарда арнайы экскурсия жетекшілері болмаса да, ұлттық киім киген қызметкерлер әр келушіге ілтипатпен қарап, бағыт-бағдар беруге әрқашан дайын. Бұл да қонаққа деген қырғызша қонақжайлықтың бір көрінісі.
Музей үш қабаттан тұрады. Әр қабат – өзінше бір дәуір, бір тыныс. Бірінші қабат – көне заманнан бүгінге дейінгі қырғыз халқының тарихы мен мәдениетін баяндайтын археологиялық жәдігерлерге толы. Мұнда ежелгі қыш құмыралар, тасқа қашалған таңбалар, ат әбзелдері, қару-жарақтар мен зергерлік бұйымдар – бәрі де өткен өмірдің үнсіз, бірақ айқын куәсіндей. Әйнектің ар жағындағы әр жәдігер – ежелгі Қырғыз жерінде тіршілік еткен халықтардың тылсым тынысын, өмір салтын, рухани танымын шертеді.
Алайда мені ерекше толқытқан – репрессия құрбандарына арналған зал болды. Бұл жерге кірген сәтте, бірден ауыр тыныштық орнап, жан дүниеңді ерекше күйге бөлейді. Қарапайым фотосуреттер, тергеу хаттамалары, сот үкімдері, жазықсыз атылған боздақтардың есімдері – бәрі үнсіз тілмен сөйлейді. Қабырғада ілінген әр бейне – бір тағдыр, бір үміт, бір қайғы. Жастық жалынмен ел үшін еңбек еткен, бірақ сол елдің қолымен жазықсыз жазаланған боздақтардың бейнесі жүректі сыздатады. Бұл залда әр адамның жүрегімен үнсіз егіле алатын ерекше энергетика бар. Сол үнсіздік ішінде бар ұлттың тағдыры тұнып тұр.
Музей ішінен өзіме ерекше таныс, ыстық дүниелерді де жолықтырдым. Бір бұрышта – Абай Құнанбайұлының кітабы мен Шоқан Уәлихановтың суреті. Екеуі де – қазақ руханиятының темірқазығы. Бұл бұрышта ерекше бір ақпарат беріліпті. Әлкей Марғұланның Шоқан Уәлихановтың «Манас» жырын қағазға түсірген қолжазбасынан алынған фотосуреті мен жазбаша мәліметі берілген. Бұл – қазақ пен қырғыз арасындағы әдеби, ғылыми байланыстың шынайы көрінісі ғана емес, қос елдің рухани тектестігін дәлелдейтін құнды дерек.
Тағы бір әсерлі кеңістік – Шыңғыс Айтматовқа арналған бұрыш. Бұл шағын ғана бөлме – алып жазушының әлемдік әдебиеттегі орнын ғана емес, ұлттық ойлаудың, адами биіктік өлшемін көрсететін рухани орталық іспетті. Айтматовтың Саяқбай Қаралаевпен бірге түскен тарихи суреттері, оның аңыз жыршыдан «Манас» туралы тыңдаған сәттерінен естеліктер. Бұл елдік жадтың алтын беттері. Сондай-ақ Айтматов пен Мұхтар Шахановтың бірлесіп жазған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітабы – екі халық арасындағы әдеби достықтың, рухани үндестіктің мәңгілік нышаны.
Музейден шыққанда жүрегімде сан алуан сезімнің тоғысқанын анық аңғардым. Бір жағынан – өткенге деген тағзым мен терең тебіреніс, екінші жағынан – бауырлас елмен рухани ортақтықты сезіну, мақтаныш пен үміт. Бұл – мен үшін жай ғана бір музеймен танысу емес, қос халықтың тектестігіне, тарихи бірлігіне көз жеткізу, рухани байланысымыздың тамыры тым тереңде жатқанын сезіну болды.
Қырғыз Ұлттық тарихи музейі – жай ғана жәдігерлер жинақталған орын емес. Бұл – ұлттық сана, тарихи зерде, ел болмысы мен болашақ ұрпаққа аманатталған рухани кодтар сақталған қасиетті орда. Мұнда әр келуші – мейлі ол турист болсын, зерттеуші болсын, жас бала не қария болсын – өзінің жүрегінен бір үзік үн табары анық. Себебі бұл кеңістікте тарих тек тілмен емес, жанмен сөйлейді.
Мұндай музейлер – халықтың өткенін ұмытпай, болашағына жол ашатын алтын көпір. Мен де сол көпірден өткеніме қуаныштымын. Бұл сапар – менің зерттеуіме тың серпін, рухыма нұр, танымыма тереңдік сыйлаған тағылымды белес болды.
Кейде бір апта – бүтін бір ғұмырға азық болатын рухани олжа сыйлайтын кезеңге айналады. Мен үшін Қырғыз Республикасына жасаған іссапар – дәл сондай тағылымды сапар болды. Бұл сапардың аясында алған әсерімді, көрген-білгенімді, танысып, табысқан адамдар мен игі істерді бір ғана сөзбен түйіндеу мүмкін емес.
Бұл ғылыми сапар Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жүзеге асырып жатқан «ТМД елдеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары» атты ауқымды жоба аясында іске асты. Бағытым – бауырлас, тағдыры мен тілі, ділі мен діңі тамырлас Қырғыз елі екенін жоғарыда оқып таныстыңыздар. Ендеше қысқаша талдап, тұжырымдайын.
Іссапарымның алғашқы күні Қырғыз Ұлттық академиясынан бастау алды. Мұнда елдің маңдайалды ғалымдары, академиктер мен профессорлармен жүздесіп, ғылыми институттардың директорларымен мазмұнды пікір алмасу мүмкіндігі туды. Ғылым жолындағы бағыт-бағдар беріп, ізденісімізге жол сілтеген кеңестер мен тілек-ниеттер жүрекке жылу болып орнықты. Бұл – нағыз рухани серпілістің басы болды.
Түс ауа Қырғыз Республикасының Ұлттық кітапханасына жол тарттым. Мұнда оқырман билетін рәсімдеп, кітапхананың құрылымымен, бөлімдерімен, қорларымен жан-жақты таныстым. Бұл мекеме – тек кітап сақтайтын қойма ғана емес, тұтас бір халықтың рухани жадын сақтап келе жатқан киелі орын екеніне көзім жетті.
Аптаның ортасы – зерттеуімнің ең қызған сәттерімен жалғасты. Сәрсенбі күні қас қарайғанша Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қоры, библиография бөлімі, сондай-ақ арнайы архивімен мұқият жұмыс жасадым. Осы арқылы қырғыз руханиятының іргетасын қалаған тұлғалар мен кезең-кезеңмен қалыптасқан әдеби-мәдени процестер туралы тың мәліметтерге қол жеткіздім.
Келесі екі күнді Қырғыз Республикасының Орталық мемлекеттік архивінде өткіздім. Онда жиырмадан астам іс-құжат қорымен жұмыс істеп, маңызды деректерді зерттеу жұмысыма сәтті енгіздім. Мұндағы жүйеленген архив құжаттары – өткен ғасырдың құнды естеліктерін көздің қарашығындай сақтап отырған жәдігерлер екен.
Арнайы уақыт тауып, Қырғызстан ғылым академиясының Тарих және әдебиет институттарының жетекші ғалымдарымен кездесіп, пікір алмастым. Әрбір сұхбат – ізденісіме терең бағыт беріп, жаңа ой тудырды.
Ал Шыңғыс Айтматовтың жеке кітапханасы мен музей-үйімен танысу – ұлт әдебиетінің заңғар тұлғасы тұрған қасиетті кеңістікті сезінуіме себеп болды. Бұл – әлемге танылған алып қаламгердің рухы қонған қарашаңырақ.
Сондай-ақ, Ұлттық музей, қалалық кітапханалар, ондағы қазақ әдебиетінің бұрыштары, елшіліктегі кездесу, мәдени шаралар туралы мағлұматтар – сапарымды мазмұнды, тағылымды ете түсті. Қазақстанның Қырғыз Республикасындағы елшілігімен де байланысып, арнайы кездесу ұйымдастыруым арқылы осындағы қазақ әдебиеті мен руханияты жайлы тың ақпараттар алдым.
Сапар барысында тек әдеби, ғылыми орта емес, елдің жалпы ахуалына да зер салдым. Атап айтқанда, қырғыз елі соңғы жылдары экономикалық тұрғыдан да айтарлықтай алға басып келеді. Тарихы терең, рухы мықты елдің болашағы жарқын екеніне көз жеткіздім. Өз елінде су көздеріне бай бұл елдің байлығы – тек табиғи ресурстарда ғана емес, адам капиталы мен рухани дүниесінде жатыр.
Бір сәт «Ер Манастың» жаһанды мойындатқан эпосынан бастау алған дәстүрдің бүгінгі күнде де жалғасын тауып, Айтматовтай әлемдік тұлғаны өмірге әкелуі – бұл елдің рухани қуатының дәлелі емес пе?!
Осы сапар – менің ғылыми-зерттеу жұмысымның мазмұнын байытып қана қоймай, тың идеяларға жол ашты. Қаншама мол материалдар, құнды деректер мен шынайы кездесулер, жанды әсерлер осы сапардың шуағынан өрбіді.
Әрине, мұндай сапарлар жеке еңбектің ғана емес, ұжымдық қолдаудың жемісі. Осы сапарға дайындық барысында бағыт-бағдар берген, кеңес айтып, жанашырлық танытқан барша тұлғаларға шын жүректен алғысымды білдіремін.
Қазақ-қырғыз бір туған, алға қарай ұмтылған!
Қанат АЛТЫНБЕК



