БЕСҚАРАГЕР

КЕРБЕЗ КІРПИЯЗДЫҢ МЫСТЫ МИЫҒЫ
(Ғабит Мүсірепов)

Кірпігіне ғана емес, жандүниесіне де қылау түсірмей, тәнін де, жанын да сондай бір кербез кірпияздықпен тазалап;
келбетіне де, көңіліне де кір қалдырмай, қазақы тіркеспен тура мағынасында айтқанда (лықсымалы ойды күрделендірмес үшін әдейі тасымалдап бердім):
«тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып»;
мынау жалғанды менсінбегендей жанарын тіршіліктің иығынан асыра паң қарап;
дүниенің еңсесін мысқылды миығынан төмен ұстап;
жалпымен де, жалқымен де аралықты алыстатпай, не жақындатпай, кеудесінен де өзіне тартатын;
миығынан мысқылдай сынай қараған сұсы өңменңнен өтетін;
бір сөзбен қайырғанда, мына ғаламды демімен ішіне тартып ап, дымын біртіндеп қана сыртына шығаратын пенде атаулының ішіндегі мысы басым бір де, бірегей тылсым иесі – қазақ көркем ойының нысаналы сұңқары Ғабең – Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов еді.
Сыртының өзі осындай аса кірпияз, кербез, мысы басым көрінетін Ғабеңнің ішкі жандүниесінің жүйке талшықтары да тістескен тікенді тамыр сияқты күрделі, қарама-қайшылықты, жанкешті аласапыранға толы, тереңге тартатын иірімді, қатпар-қатпарлы: «Ақын-жазушы көп пернелі, көп ішекті домбыра сияқты. Әр қайсысының өз пернесі бар. Құлағын қалай бұрадың, пернелерін қалай түзедің – ол солай сөйлейді» («Күнделіктен», Ана тілі, 1997, 84-бет), – деп өзі айтқандай, ол өзінің құлақкүйін өзі ғана білетін пернелі «перне», шерлі «ішекті», сырлы еді.
Ол, бейне бір, беті тынып қана жататын, ал тереңіне тартқанда, мынау жеті қат жердің астындағы арпалысты ағыстарға ұқсайтын. Сырты – миығынан мысқыл ажырамайтын кірпияз кербез, ал жандүниесі – толассыз буырқанған мұхиттың дүлей (тайфун) толқыны сияқты болатын. «Өткен күннің өкілі болып қалудың қасіретін сезбейтін де бір адам болады, ә?» («Күнделіктен», 80-бет), – деп өзі таң қалса – таң қалатындай мимырт можантопай мінезден ада, Ғабең, керісінше, өткен күннің сол қасіретін тұла бойымен тұтастай сезініп өтті! Қарама-қарсы ағыстар мен қақтығыстан тұратын Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтің тағдырлы талқысын Ғұсни шешемізден басқа (Ғабең менің әкеммен құрдас болатын, оны өзіне де айтқам, сондықтан да Ғұсни кейуананы «шешем» деп айтуға дәтім барып отыр) санаулы ғана жан иесі біліп, түсінген шығар-ау, сірә!.. Оны мұндай керағар, сынын – сыртына, сырын – ішіне қаратып өмір сүруге мәжбүр еткен: «Сұм заман, сыбағама сені-ау берді» («Күнделіктен», 29- бет) – дегізген «сұм заманы» еді. Тісін тісіне басып өмір сүрсе – сүргендей еді Ғабең.
Қаншама қысым-қыспаққа, арандатуға ұшыраса да жазушының «пернені сөйлетуі – өз қолыңда болғанмен, бұрау мен пернелерін түзеу жазушының өз қолында емес, басқарушылардың қолында» ((Күнделіктен», 84-бет) болған «сұм заманда» да Ғабең өзінің «ішегін» өзі бұрап, өз «пернелерін» өзі түзеп, өзінің көңіл күйінің құлақ күйін өзі келтірген мысты жазушы. Сол мысты келбетін сырбаз және қасарысқан қарсылықты қалпында сақтай білді. Сөйтсе де бір сәт: «Өкімет алдына екі-ақ рет сұранып барған екенмін. 1) 1957 жылы Жазушылар одағына осы күнгі үйін сұрап барғанда. 2) Осы күнгі өзім тұрған пәтерді сұрап бардым (1969 ж.) («Күнделіктен», 27-бет), – деп сол мүттайымдығына мұңая мойынса болады. Онда да өзі үшін емес, қазақ руханиятының қасиетті шаңырағына сай ғимаратты, Сауда министрлігіне арналып салынған қазіргі Жазушылар одағының үйін үкіметтен қалап алған. Қалап емес, мысымен баса отырып, ырықтан тыс алған. Ал, ана үй – мен табалдырығын аттаған үй, Ғабеңнің сүйегі шыққан үй, қазіргі мұражай.
Ол іштегі азаматтық ар-ожданның адуынды адал қуатын, ел басына қатер төнген «тар заманның» қастаншықпағыр зауалды: «Маған, кейде түннен көрі күн қараңғы көрінеді» («Күнделіктен», 105-бет), – деп жаздырған тұсында да, ажалдың бетіне қарап тұрып, үш рет (Менің білетінім ғана) сыртына шығарды. Міне, Ғабеңнің мінезінің тылсымы осы тұста анық танылады.
Бірінші, 1931-1932 жылғы ашаршылық тұсында қазақтың тұқымын үзуге бағытталған жазалау саясатына қарсы шығып, Сталинге әшкерелеу хатын жазды (Ол, қауымға Ш.Мұртазаның «Бесеудің хаты» атты пьесасымен белгілі).
Екінші, 1937-жылы Бейімбет Майлинді ұстағанда, өзі Орталық комитеттің қызметкері бола тұрып, Жазушылар одағындағы әшкерелеу жиналысында: «Бейімбат жау болса – мен де халық жауымын», – деп ашық мәлімдеме жасады. Сол бір қысым көрген тұстарының өзін Ғабең мысқылмен: «Ақылдылықтың пайдасы да тиеді, ақымақтықтың пайдасы да тиеді. Алғашқысын әр кезде күтесің, соңғысы өзі келіп ұрынады. Мысалы, 37-жылы Шаяхметов пен Әбдіхалықов саяси бір ұтыс жасау үшін мені партиядан шығартты, орнымнан алды, қоғамдық жұмыстардан ажыратты. Мен арман етіп жүрген еңбектерімді жазып алдым; одан бұрын талай бастаған нәрселерім қол тимегендіктен аяқталмай қала беріп келіп еді. Екі ақымақтың ақымақтығы маған пайда болып шықты емес пе?» («Күнделіктен», 199-бет), – деп еске алады. Неткен мысқылды ризашылық.
Үшінші, 1947-1953 жылдары қазақ ұлтының үстінен «сумақай Сусловтың» сыпсыңымен жүргізілген науқан тұсында, Орталық комитет, соның алдында Одақтың өз ішіндегі Шығармашылық талқылау кезінде «Абай» романы туралы 54 ескерту айтқан Ғабит Мүсіреповке: Мұхтар Әуезовтің алашордашыл-ұлтшылдығын әшкерелеген және «Абай» романын» жоққа шығарған баяндама жасауға мәжбүрлеп, егер солай істесе, партия қатарына қайта алынатындығына кепілдік береді. Бұл – қазақ әдебиетінің шаңырағын ортасына түсірудің қастаншықпағыр арандатуы еді. Егер Әуезов бүгін түрмеге түссе, ертеңінде Мұқановтың да қамалатыны шешіліп қойған мәселе болатын. Содан кейінгі тұзақ Мүсіреповтің өзіне түсетін. Әр қайсысымен ілесе бір-екі ақын, жазушы қоса кететіні және анық, сонда одақтың шаңырағы ортасына түспегенде не қалады. Мұны бірден аңғарған Ғабең, сол кезде, Әлжаппар Әбішевті араағайындыққа шақырып, Мұхтар Әуезовпен беттеседі. Ол туралы Әлжаппар Әбішев: «Бүгінгілер үшін қайталап айтайын, ол Мұхаңның тағдыры үшін оның өзімен айтысуға барыпты. Оның ойынша: Мұхаң сақтанбаса, өзгелеріміз сақтандырмасақ, одан айырыламыз. Одан айырылу – Абайдан да айырылу. Егер қазіргі бетінен қайтпаса, халықты осындай апатқа ұшыратушы – Мұхаңның өзі болуы мүмкін. Ғабең сөзді осылай бастады. Бір минут толастамастан төрт жарым сағат бойы сайысқанда екеуінің түйілген қабағы бір ашылған жоқ… – Мен борышымды өтедім,– деу болды Ғабеңнің ең соңғы сөзі. Ол соны айтты да орынынан түрегелді. Мұхаң үн қатқан жоқ», – деп еске алады. Әрине, «Абай» романының кейбір тұстары өзгеріске ұшырады. Бірақ, Абайдың және Әуезовтің өз басы аман қалды. Қазақ пен қазақ руханияты үшін жасаған осы үш ерлік оның қатпарлы жандүниесінің қайсарлығын білдіреді және сүйіндіреді.
Ал, алпысыншы жылдардың ортасында Жүсіпбек Аймауытовтың шығарма­шы­лығын ақтау туралы Орталық комитетке ашық хат жазып, Д.Қонаевқа жолығады. Бірақ: Созақ көтерілісіне қатысуға шақырып жазған үндеуінің қолқаты бар-мыс – деген желеумен хаты талқыланбай жабылып қалады. Ғабең аз топ әдебиетшілердің алдында: Менің стилім – Жүсіпбектің стилі. Жазуды содан үйрендім. Қарындаш ұштауым да, бетті шимайламай жазуым да, ұқыптылық та Жүсекеңнен көшті, – дейтін. Жүсіпбек Аймауытовтан «мұраға алған» қарындашқа деген құрметінің мәнісін Ғабең «Күнделігіне»: «Ақ қағазға қара қарындашпен бір ноқат (нүкте) түсірсең, сол ноқат қағаздың салмағын ауырлата түседі екен. Сол ноқаттың салмағын өлшеуге де болады екен. «Точка, написанная на белую бумагу простым карандашом имеет измеримый весь)» (157-бет), – деп жазыпты. Мүмкін, тек қарындашпен жазуының сырының өзі «сөзім салмақты болсын» деген осындай ырымшыл мінезде жатпасын. Кім білсін, шығармашылық психологияның жұмбақ тылсымы көп. Реті келгенде айта кетейін, Ж.Аймауытов ақталған соң, тоқсаныншы жылдары Жүсекеңнің қызы Муза (Мағрифа) Жүсіпбекқызы Аймауытова (Сахно) Ақтөбеден – Алматыға келіп, менімен жолықты. Сонда көп әңгіменің арасында: «Әкемнің сенген адамы Ғабит Мүсірепов еді. Отызыншы жылдары Қызылқұмда көтеріліс болғанда, олармен кездесу мақсатымен Ғабит Мүсірепов самолетпен ұшып келіпті. Шешем Евгения Қарабатырова сонда Ғабеңмен арнайы жолығып, әкемнің: Ғабитке ғана берерсің – деген қолжазбасын беріпті. Ол қолжазбадан сол күйі хабарсыз қалыпты. Мен де Ғабит Мүсіреповке жолыға алмадым», – деді. Бір мәтқапы дүние сол. Мен оны білмедім, әйтпесе, оны Ғабеңнен сұраудың реті бірнеше рет келіп еді.
Тура сол тұста, алпысыншы жылдардың ортасына ала тағы бір батыл қадам жасайды. 1956-1957 жылдардағы «Әдеби мүра» туралы талқылаудан кейін: Қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады. Оған дейін қазақ әдебиеті болған емес – деген қасаң қағидашылар қаһарына мініп тұрған кезде, Қазтуған жырау туралы жиырма екі жасар Мұхтар Мағауиннің шағын мақаласы «Қазақ әдебиетіне» жариялана қалады. Жас зерттеушіні іздеттіріп, тауып, Орталық теледидарға ертіп апарып, орта ғасырдағы жыраулар әдебиетінің іздеушісі табылғаны туралы қазақ жұртынан шүйінші сұрап, арыз бен жаладан көзі ашылмай жүрген Мағауиннің жолын ашып береді. Беделді академиктердің тойтарысына қарамастан, Әлкей Марғұлан мен Ғабит Мүсіреповтің және табанды қайраткер ұстазы Б.Кенжебаевтің кандидаттық диссертация қорғау кезіндегі сөйлеген пікірлері Мағауинге дес беріп, қазақ әдебиетінің тарихы бес ғасыр ілгері жылжыды. Алтынбек Сәрсенбаев марқұмның: Халық қаһарманы атағын Мағауинге беру керек! – деп жазғаны да сондықтан. Соңғы екі батылдық, оның туған ұлтының руханиятының игілігі үшін қашанда тәуекел жасауға қасым екендігін танытады.
Сондай тайталасты сәттерде де Ғабең қатуы ішіндегі қарсыластардың дымын сыртқа шығармай, мысымен үнсіз ғана миығымен бағып, өндіршегін созғандардың өрекпіген делебесін басып отырыпты. Қашан Ғабеңнің алдына барғанша, ол кісінің, Құнанбай айтқандай, «үнсіз ырғасу мен бопсаға» мызғымайтын мінезімен, мысымен басатын миығын өзімше толық сезініп болғандай едім. «Езу тартқаны қасірет белгісіндей көрінетін бір адамды бүгін көрдім» («Күнделіктен», 86-бет), – деп өзі жазғанындай, маған Ғабеңнің миығынан күлгенінің өзі триумфатордың трагедиясындай зарлы көрінетін. Өйткені, бұл мызғымайтын қайсарлық пен зілді емеуірін, миығынан езу тартқан мысқыл оның көркем шығармаларында тіпті астарланып, қатпарланып, оның өзі: «Шығарма тек қана мазмұн, тек қана түр емес. Ол – мазмұн астары, ол – түр астары, теңеу астары. Яғни, астарлы ой, астарлы бояулар, әндер, суреттер, дыбыстар, сыбырлар… Шығарма, ауырту керек, емдеу керек, қуанту керек, ренжіту керек, шығарманың бояулары ақ пен қара ғана емес, қызылы да, көгі де, сарысы да бар… Стиль – жанды сөздердің логикалық құрамы. Бұған ой да кіреді, үн де кіреді, ритм де кіреді, идеяның тұспалдамасы да кіреді, теңеуің де кіреді, дыбыс ырғағы да кіреді, т.т.» («Күнделіктер», 167-168 бет), – деп айтқанындай, емеуіріндеп көрініс беретін.
Тура осы талаптарды Ғабең ауызекі әңгімесіне да қоятын. Бірақ, онда барлығы да миығымен, ойлы ырғалысты салмағымен, дауыс ырғағымен жеткізетін. Ал, мұны қалай қағазға түсірерсің?!. Естеліктің жазылу арасының ширек ғасырдан астам уақытқа созылып кетуінің бір себебі осында жатыр. Ал, Ғабеңнің: «1.Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз! 2. Ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз! 3.Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз! Осы үшеуінсіз шығармаға жан кірмейді» («Күнделіктен», 140-бет), – деген талабының екінші тармағы ғана бұл естеліктің шартына сай келеді. Өйткені, Ғабең, «қыздыратын» да, «ызыланатын» да, «кекектенетін» де, «кектендіретін де» кейіпкер емес. Ынтықтыратын, ынталандыратын, ықыласты тылсым тұлға!
Иә, тура мағынасынан алғанда, қайталап айтайын, оның шығармалары да Ғабеңнің өзіне тартқан: өте кірпияз, кербез, мысқыл араласқан миығы астарлы, есіле ширатылған тылсымы ішінде, бір сөз бен екінші сөздің, бір сөйлеммен екініші сөйлемнің, бір абзац пен келесі абзацтың, бір оқиға мен екінші оқиғаның демі үзілмейтін толқынды, ырғағы ширақ, бір сөз – екінші сөздің, бір сөйлем – екінші сөйлемнің, бір көрініс – екінші көріністің емеуірінді астарын ашып, сол емеуірінмен нүкте қойылады. Артық сөз, артық емеуірін, артық қоспа не жанама сурет, не көтеріңкі дауыс жоқ. Ғабеңнің пайымы бойынша: «Сөзге – сөз жарығын да, көлеңкесін де түсіріп тұрады… Сөйлемнің де, сөздің де өз әуені бар. Сөйлемнің де, сөздің де көзге елестері, ойға қонар-қонбасы бар» («Күнделіктен», 121-бет). Ғабеңнің шығармаларындағы сөз бен сөйлемнің бір-біріне сәулесін түсіріп, жолын ашып, мағынасын тереңдетіп тұратындығы да сондықтан.
Бастапқы ырғаққа ілесіп, шабандамай, бір тыныспен оқып шығасың. Сәл саңлау қалдырсаң болды, әсер жойылады, сөздің ішегі үзіледі, көңіл ауаныңды қайтадан құлақ күйіне келтіруіңе тура келеді. «Менің жауым – етістік. Етістікпен соғысумен келемін. Бірақ, түбегейлі жеңетін түрім жоқ», – деп өзі айтқандай, Ғабаңнің сөйлемдерінің арасында қазақ тілінің көкбауыры – еді, болды, етті, қылды, жасады, істеді, сияқты – сияқты етістіктер кездеспейді, көзді бөгемейді.
Себебі: «1. Проза – қара сөз емес, ырғағы бар, екпін лебі бар, өз ритмі бар, негізгі ойыңды теңеу, бейнелеу арқылы оқушының сезіміне дөп тигізетін көркем сөз» («Күнделіктен», 157-бет). Тіпті, «Оянған өлке» сияқты көлемді романның өзі: Көш «Тағы да таласып келіп, тағы да тақасып келіп қонды»… «Кең далаға сыймай келген жоқ, сиыспай келді»; ал, «Қазақ солдаты»: «Зытып келем, зытып келем. Артыма қарай-қарай зытам… Зытып келе жатқаным – қашып келемін. Артыма қарай-қарай қашамын. Қарай-қарай беретінім – қорқып келемін» – деп бірден оқыс қимылдан басталады. Енді сіз де сол екпін мен ырғаққа түсіп Мүсіреповтің көркем әлеміне қарай екпіндейсіз.
Тек әр сөздің астары мен емеуірінінің арасына саңлау қалдырмаңыз. Саңлау қалса – Мүсіреповтің әлемі мұнарға айналып кетеді. «2. Жазушы әр сөйлемінде кеткен әрбір артық буынды, не болмаса жетпей тұрған бір буынды сезінуге тиісті…» («Күнделіктен», 157-бет)», – деген жазушыға қойылған талап, оқырманға да қойылған талап. Ғабеңнің талабы бойынша: кітап оқып отырғанда сезімің сергек, ойың ұшқыр болуы керек әрі тойып тамақ ішіп ап кітап оқымау керек. Ал, өлең емес, қара сөзді буындап түсіну де оңай талап емес. Мәселенки, неге «кең далаға сиып тұрып, сиыспады», неден «қорқып зытып келеді»? Әсіресе, соңғы түйінді сөздің емеуріні мен астарын зердеңізде зерлеңіз. Онсыз, жазушының не айтып отырғанын түсінбей қалуыңыз әбден мүмкін. Сондай-ақ, бұл: «Жанның көркі – көркем сөзде… Көркем сөз – жанның сәулесі!… Көркемсөзге мен ризамын, жанымды саламын жүрекпен бірге. Шын ақынның айтар сөзі – жүрегінің қанымен бірге шықсын!» («Күнделіктен», 104 бет), – деп көркем сөз үшін, сіз үшін жанын қасым еткен Ғабең сияқты сөз зергерінің жанкешті азабын сезінбегеніңіз – сыйламағаныңыз болып табылады. Ғабеңнің жазу өнеріне деген кірпияздығы сондай, ол өзінің мінезіне орай, шығармаларына да: «Меніңше, өнердің ең ауыры: 1) Әдебиетте қалжыңның шектен шығып кетпеуін сақтай білу; 2) Ойыңды, идеяңды, қорытындыңды күн бұрын білдіріп алмау; 3) Тойып отырып нәзік нәрселерге соқтығу» («Күнделіктен», 155-бет), – деп кірпияз талап қойды.
Қауіп осы арада. Оған бір мысал.
Әлі есімде, мектеп пен университеттің оқулықтарында, жекелеген шығармашылық өмірбаяндарда: Ғ.Мүсірепов отызыншы жылдары жазған «Қос шалқар», «Шұғыла» әңгімелерінде идеологиялық көркем қателіктер жіберді – деп жазылған. Бұл екі әңгімені арасына жылдар салып, қайталап та оқыдым. Ешқандай саяси астар таппадым. Кәдімгі қосшы, мойынсерік, тәргілеу. Содан, тоқсаныншы жылдардың басында «Дулыға» дилогиясын жазу кезінде рет-ретімен қаттала ашылып, бірінің үстіне-бірі қойылған кітаптарға көзім түсіп кетті де, төменгі жағы ғана көрініп тұрған беттегі: «– Соп, соба! Қара сиыр соқаны сүйрей жүріп, күйсей жүр, шолақ құйрықты сүйрей жүріп, күйлей жүр!.. Бұқа керек!.. – дейді Сатығұл», – деген сөйлемді оқығанда дауыстап жіберіп, орнымнан ұшып тұрдым. Астафир-алла! Мынау кеңес өкіметіне қарсы жазылған шығарма ғой. Көк сиыр арқылы социалистік қоғамда бір әйелдің басына түскен бар ауыртпалықты жеткізіп тұр ғой. Соқа сүйреткен көк сиыр – қосшының мүшесі әйел. Ол таң бозынан тұрып еңбек күн табу («соқаны сүйреу») керек. Сөйтіп жүріп, өзінің тамағын тауып жеу («күйсеу») керек. Соның үстіне, тағы бала табуы («күйлеуі») керек! Бала таптыратын еркек те қат, бәрі жұмыста. Ол да табыла қоймайды. Ол үшін «бұқа керек»! Мына, Сатығұл соны емеуірін етіп айтып тұр ғой! Кім жазды екен, бұрын нағып байқамағанмын!, – деп қаттаулы кітапты суырып алсам, Ғабит Мүсіреповтің бірінші томындағы «Шұғыла» әңгімесі екен. Ал, керек болса, мен мұны кем дегенде үш рет қайталап оқыдым. Сонда бұл емеуірінді түсінбегенім ғой. Иә, түсінбеппін, Ғабеңнің емеуірінін. Ал, мұның астарын Ғабең өзінің «Күнделігіне»: «Шаймерденнен қалған бір мұра. – Тұрмысты көркейт дейсіңдер, тұрмысқа жағдаят дейсіңдер… Он екі қатын, сегіз сиыр бригадам бар. Жалғыз мен қалай жағдаят қылам? Осындай жағдаяттан қандай көркейт болсын» («Күнделіктен», 37–бет), – деп «Бұқа керек!» деген сөздің әдібін жазып қойыпты. Мен оны қырыққа келгенде бір-ақ аңғардым. Солай. Ғабеңдердің кербез миығымен қағаз бетіне түскен сөздің астары қайда жатыр!
Міне, сарказм – мысқылды миық дегеніміз осы! Сонда ғана, жазу столына отырар алдында жуынып-шайынып, иіссу сеуіп, оншақты қарындашты қатар ұштап, парақтарды текшелеп, тасқа қашағандай етіп әр сөзді нығарлай баптап, етістікпен күресуді де ұмытпай, сондай бипаз ұқыптылықпен қағазға түсірген, үтір не нүкте түспей қалса, жаңағы парақты тастап, жаңа бетке қайтадан көшіріп жазған сөздің тылсымы қандай деші!.. Сол азапты сәті туралы: «Маған бүгінгі күн өте қысқа болып барады. Бір бет жаздым, екінші бетте 4-5 сөз орынсыз тұрғаны анық сияқты бола береді. Амал не, қайта көшіремін де. Сонда 3-бетті бастай алар ма екенмін? Не деген қысқа күн!» («Күнделіктен», 161 бет), – деп жазыпты. Бір бетте түзетілуге тиісті 4-5 сөз үшін әр бетті қайталап көшіре берсе, әрине, күн қысқара береді. Ал, осы тақылетпен 500 беттік романды жазып шығу үшін қаншама, бізше бағалағанда, басы артық уақыт кетеді десеңші. Ал, Ғабең үшін ол – өнер жолында таңдап алған азапты рахаттың бірі. Сол азаптан ләззат алады.
Бір ғанибеті, Ғабеңнің мінезі де тура осы жазғанынан аумайтын.
Иә, Ғабеңнің сырты – кірпияздың кербезі, кербездің кірпиязы. Ал жан дүниесі – қайсарлы қасиеттің нақ өзі еді. Мыс пен миығы – азаматтық намыстың саф құймасы болатын. Осындай сыр-сипаты, жандүниесі қарама-қарсы қайшылықтарға толы, бірақ, сынын да, сырын да тылсым демінің ішінде ұстаған күрделі ұлы тұлғаның алдына төрт-бес рет тап болып, сынақтан өту реті түсіпті. Бұл жазбаға басқа тақырып қойса да болар ма еді, кім білсін. Басты кейіпкерім – Ғабең емес, Ғабеңнің мысты миығы болғандықтан да, «Кербез кірпияздың мысты миығы» деп қойдым да, әңгіме қалай өрбіді, тура сол қалпында қағазға түсіруге тәуекел еттім. Тек аңғарта кетерім, осы жазбада келтірілетін емеуірінді аз сөздің астарлы мағынасы барынша түсінікті болу үшін, Ғабеңнің ойының астарын ұғынуға дәнекер болар деген оймен, өзінің «Күнделіктеріндегі» емеуірінді-астарлы тәмсілді ішінара кіріктіріп отырдым. Әйтпесе, «Айтқың келген ойыңмен айтқан ойыңның арасында айырма бар, айтқың келген ойыңмен қалай айтқаныңның арасында айырма бар» ((Күнделіктен», 94-бет), – дегеніндей, Ғабеңнің өзі «айтқысы келген ойымен, айтқан ойының арасында айырма» бар екенін мойындап отырса, ал мен мүскін, оның айтпаған, бірақ, айтқысы келген ойының емеуіріні мен астарын қалай тауып, жеткізе аламын. Тек, емексіткен емеуірінннің ежеқабыл түйсігіне ғана еліттік. Одан басқа лаж бар ма, енді?!.. Иә, тап солай. Өзге лаж жоқ.

«БАСТА!..»

Тағдырлы тәбәріктің бәрі тосыннан басталатыны сияқты, менің Ғабеңнің үйінің табалдырығын тұңғыш аттауым да, мыс пен мысқылды миықтың алдына алғаш тап келуім де еркімнен тыс райласа кетті. Досым, әнші Жәнібек Кәрменов «Жалын» баспасына редактор боп орналасып, «Өнердегі өмір» атты өнер қайраткерлері туралы кітаптар шығаруды ойластырып, жоспарға СССР халық артисі Қалибек Қуанышбаев туралы еңбекті маған жүктеп, жоспарға кіргізіп қойыпты. Екі жыл сүйретпелеп жүріп ем, ақыры тығырыққа тіреп тынды. Содан, дерек жинау ісі қауырт басталып кетті. Тура сол күндері мен өзімнің «Күнделігіме»: «1981 жылы қыс айында қазақтың ұлы актеры Қалибек Қуанышбаевтың қызы Бақытжамал апай: «Егер Каллеки туралы бар шындықты, ақиқат сөзді білгің келсе Ғабит пен Ғабиденге (Ол кісі осы ғұламалардың ортасында еркелеп өскендіктен де еркін сөйлейтін) жолық. Олар сенімен дұрыс әңгімелесе қоймас. Мен қазір телефонмен хабарласып берейін» – деді. Іле екі үйдегі шешемізбен ашық-жарқын сөйлесіп, екеуіне де қос Ғабеңді шақыртып, олармен қысылып-қымтырылмай әңгімелесіп, күні, сағат, минутына дейін анықтап-ап: «Ал, бұны баласынбай сұрағанының бәрін айтыңдар. Әйтпесе, Каллеки риза болмайды» – деп трубканы қойды да, маған: – Егерде, әсіресе, Ғабит, ырғалып отырып алса, маған айт. Батыл сөйлес. Қатындарына (тура осылай айтты) тағы да тапсырып қоямын, – деді» – деп жазыппын.
Жамал апайдың бұл сөзі көңілімді орнықтырса да, үш күн Ғабеңнің шығармаларын, әсіресе, драмаларын, олардың қойылымдары туралы мақалаларды ықтияттап оқып, Каллеки орындаған бейнелер туралы пікірлерді тиянақтап шықтым. Өз-өзімнен сынақ алдым. Жөнімді айтқанда, ақсақалдар алқасының мүшелері, соның ішінде Әлжекең (Әлжаппар Әбішев) мен Ғалекең (Ғалым Ахмедов): «Ғабең өте кірпияз, сыншыл және ырымшыл. Үсті-басыңа, шашыңа, ұстаған қаламыңа, сөйлеген сөзіңнің мәнеріне, өзіңді-өзің ұстауыңа дейін мән беріп, бір әрекетің ұнамай қалса, сөзді сол арадан доғара салады. Ығына ықтап қана қоймай, әр айтқан сөзіне, дауыс мәнеріне, астарына, емеуірініне сақ бол. Тіпті, сөйлеп отырғанда терезесінің жақтауына қарға-сауысқан емес, қарлығаш пен көгершін қонақтасын деп тіле. Ол кісінің бұзыла салуы оп-оңай. Ғабеңнің аңкөстігін білетін Еркеғали бір жолы 500 шақырым жол жүріп, Балқаш көліне алып барады. Жағалауға жете бере, қамысты емес, ұйысып жатқан қоғаны көріп: «Аңшылық бітті. Қамыссыз жағалауы бар көл –көл емес», – деп көлікке қайта мініп, түспей қойыпты. Еріксіз, күтіп отырған үйге де кірмей, со бетімен кері қайтыпты. Ең бірінші кездескен кездегі әсерің әңгімеңе де, алдағы кездесулеріңе де ықпал етеді. Оны Ғабең ұмытпайды», – деген сөзінен соң сипалақтауым бұрынғыдан да көбейіп кетті. Өмірі сеппейтін иіссуды да жеңілдеп сеуіп үйрендім. Мұны қазбалап отырғаным, Ғабеңнің өзі ғана кербез емес, әңгімелескен адамынан да сондай ұқыптылықты талап ететін кірпияз мінезінен мағлұмдар ету. Өйткені, күні бұрын белгіленіп, дайындалған жауапты жиналысқа бара жатқанда, алдынан өзі жақтырмайтын адамның сұлбасын көріп қалса болды: «Енді жол болмайды. Қара мысық өтіп кетті алдымнан», – деп кері бұрылып үйіне қайтып кеткен кездері де болған екен. Құдай оның бетін аулақ қылсын деп іштей жалбарынумен болдым.
Ақыры, белгілеген күні тура сағат тоғыз жарымда есігінің алдына барып, тура сағат онда екінші қабаттың оң жағындағы Ғабеңнің пәтерінің қоңырауын бастым. «Иә…» – дегендей созылыңқы бәсең дауыспен ілесе сүйрете басқан аяқтың дыбысы естілді. Есікті теңселе ашып, әйнегі асыл көзілдірігінен жанарының шарасы шыға маған қарады. «Ассалаумағалейкум, мені Жәркен апай (Жамал апайды барлығы солай атайтын) жіберді. Кәллеки туралы…» – дей бергенімде: «Ііі-кі, иә» – деп кері бұрылып, жазу бөлмесіне беттеді. Міне, Ғабеңнің «Ііі-кі» деген әйгілі үйреншікті үнін осылай алғаш рет естіп, шаңырағының табалдырығын осылай тұңғыш рет аттадым.
Аяғын тырпылдата сүйрете басып, жазу бөлмесіне беттеді. Демімді ішімнен алып, қарсақтабандап қасына бардым. Бірден көзге шалынғаны, дәліздің де, өзге бөлмелердің де, жазу бөлмесінің де жаңа ғана жинастырылғандай боп жарқырап тұрған мұнтаздай тазалығы. Төрде үлкен жазу столы. Аю терісінен қапталған орынтақ. Найзаның үшіндей сүйірленіп ұшталған оншақты қарындаш. Қатталып, екі қатар етіп қойылған ақ қағаз. Екі-үш кітап. Әр қайсысының ара жігі бірдей. Қарсы алдында кішкене стол мен орындық тұр. Демек, менің келетініме орай қойылған. Соны мекзегендей боп: «Ііі-кі, иә» – деп бұрылып, сол тырпылымен жатын бөлмесіне беттеді. Сондай бір ептілікпен орныма отырып, екі қалың жаңа дәптерді қатарластыра қойып, арасына үш-төрт қаламды тізбелей қыстырып, сұрақтарым жазылған қойын дәптерді ашып, қаздиып отыра қалдым. Бөлмесінде ұзақ бөгелді. Кітап сөрелеріне көз қиығымды саламын. Сондай ретті жиылған. Кешіккен сайын: Ұмытып кетті ме, әлде, ұнатпай қалды ма – деген күдік те келе бастады. Бір кезде үстінде шапан, басында түрік тақиясы бар, балағы кең көк барқыт шалбар, аяғында былғары сүйретпе киген, иіссудың емес, әтірдің жеңіл иісі аңқып, бұл жолы аяғының дыбысын білдірмей, көтере басып Ғабең кіріп келе жатты. Сөйтсем, бөгелгені басқа емес, осы киім ауыстыру рәсімі екен. Әңгімелесуді жұмыс деп біліп, оған ерекше мән бергенінің белгісі. Жәркен (Жамал) апайдың «ырғалып» және «батыл сөйлес» деген сөзі ойыма оралды. Маң-маң басып кеп, орынтаққа шалқая отырып, біраз «ырғалып» алды да:
– Иә, Ііі-кі, баста!, – деді.
Қарсы алдына қаздиып тік отырдым да еңсемді көтеріп, дауысымды қырнап, жаттап алған сөздерімді ыңырсымай, етістік қоспай (Етістік қосқанды жек көретінін білемін ғой), нақпа-нақ, түйінсөздермен ғана: Келу мақсатымның себебі, Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкесі, шаншарлар, дала сақнасы, алғашқы театр қойылымы туралы мүдірмей айтып, Каллекидің актерлік шеберлігі туралы сауал қойып, қолыма қаламымды ала беріп ем:
– Сен оны қой. Тыңда. Әңгіме мағынасызданып кетеді, – деді
Содан кейін бағанадан бері екі көзін менен алмай, сынай қарап отырған Ғабең: «Ііі-к» – деп бір ырғалып, терезеге қарап алды да баяу дауыспен:
– Кәллеки халықтың өз ішінен шыққан адам. ««Өліктердің ішінде тіріден гөрі тірісі де болады. Тірілердің ішінде өліктен гөрі өлірегі болады… Әңгіме, кімнің қалай түсіруінде, ұғынуында емес, көрсете алуында!..» («Күнделіктен», 83-бет, осы мағыналас сөзді айтқаны анық). Каллеки, «тіріден гөрі тірі» рух. (Үнсіз қалды. Сөйлемнің астарлы емеуірінін: Сол үнсіз қалпында алыс көкжиекке көз жіберіп, сайын даланы елестетіп отырғандай сезіндім).
– Ол сақнада ойнамайды, халықтың өзі боп өмір сүреді (Тағы да ырғалысты үнсіздік. Үнсіздіктің астарлы емеуіріні: Ғабең сол сәтте маған Қоянды жәрмеңкесіндегі қалың қара халықтың нөпірі мен Кәллекидің Қажымұқанмен, Майрамен, Жынды Омармен, Исамен арба үстінде өнер көрсеткенін көз алдына әкеліп отырғандай боп көрінді).
– «Самородок!» дейді оларды (Ұзақтау үнсіздік. Бейне, жәрмеңкедегі қалың жұрттың ортасын жарып: Қажымұқан арбаны сүйретіп, Майра сырнайын тартып, Иса домбырасымен желдірмелетіп, Кәллеки Қажымұқанның мойнына мініп алып, қамшылап келе жатқанын елестетіп отырған сияқты).
– Ал, Күләшті «Чудо!» дейді. Мен солай жаздым (Миығынан жылы жымиыс білінді. Іле серги қалып). Ал, Кәллеки қандай рольді ойнаса да соған шүбәсіз сенесің. Сенбеске амалың қалмайды. Солай!.. – деп тосылып қалды,
Сонда ғана әлгіндегі: – Жазба. Тыңда. Әңгіме мағынасызданып кетеді, – дегенінің мәнін түсіндім. Өйткені, осы он бес-жиырма минутқа созылған уақытта айтылған бес сөйлемнің мағынасына: Ғабеңнің тылсым емеуіріні, мысты толғамы, көңіл толқыны араласқан дауыс мақамы, оларды өзімсініп еске алғандағы білінер-білінбестей ғана жұқа езу тартқаны қосылған кезде, әңгіменің мазмұны астарлана кеңейіп, тереңдеп, жанды суреттерге айналып, кейіпкерлердің демін сездіргендей әсер қалдырды. Ол өзінің барлық болмысын бойына жиып, айтарын екі-үш сөзге сидырып, ойының қалған мазмұнын дауыс мақамы мен миығы арқылы үстемелей жеткізеді екен. Сонда өзі тұлғаланып, сөзі астарланып, мазмүны ашыла нығарланып, тылсым дүниеге жетелелеп кететінін сезіндім. Қаламгер ағалардың: «Ғабеңнің емеуірін ойын сол сәтте дамыта отырып түсінуге тырыспасаң, онда ештеңе түсінбей қайтасың» – дегені осы болса керек. Үнсіздікті ұзаққа созбай, әңгіменің желісін үзіп алмас үшін:
– Сақна өнеріндегі аса күрделі, тағдыр тылсымы ішіндегі бейне – «Ақан сері – Ақтоқты» спектакльіндегі Мылқау Палуан бейнесі. Бір сөзі жоқ. Бірақ, қойылымдағы ең шешуші және әсерлі бейненің бірі болып шықты. Осы Мылқау адамға жүктелген шығармадағы авторлық идея сақнада толық ашылды ма, Сіз Мылқау Палуан арқылы қандай тұспалды ишара еттіңіз?, – деп жеделдете сұрақ қойдым. Біраз ырғалып отырды да:
– Шығарманың астарын түсіну керек. Мылқау – жай мылқау емес, ол ыза-наласын ішіне жиған халықтың дүлей күші (Үзіліс. Ғабеңнің, «халықтың ыза-наласы» деп отырғаны: қазақтың басына түскен тәргілеу, қудалау, ашаршылық нәубеті, соған қарсы үн шығаруға дәті жетпей, іштен тұншығып тынуы).
– Ол ыза-наланы Каллеки бір ауыз сөз айтпай, сақнада халықтық болмысымен сыртқа шығарды. Жеткізді (Үнсіздік. Астары: Ызадан тұншыққан халық ашуын іс-қимылымен, бет-әлпетімен, қарсылығын сөзбен жеткізе алмағандықтан да, қос қолын аспанға жайып тұрып, бетінен тарамдай аққан шарасыз көз жасымен жеткізді).
– Каллеки Мылқауды ойнаған жоқ, өзінің досы Қажымұқанды қаперге ала отырып, өмір сүрді. Мұны солай түсіну керек. Менің демегімді – дегеннен асыра жеткізді (Толғанысты үнсіздік. Айтпағы: Ызадан булығып, әділетсіздікке шыдамаған Мылқау сақнадағы теректі жұлып алып, мылқаудың ащы бажылымен айқайлай екпіндеп, сақнаның алдында отырған үкімет адамдарының тұсына жетіп келіп, оларға: Осы қасіретті ұйымдастырған сендерсіңдер! – дегендей ашулы өткір жанарын қадап тұрып алады. Бұл, пьесада жазылмаған көрініс). Ал, Ғабең өзінің бұл көрініс туралы жеке пікірін «Күнделігінде»: «Ақын-жазушыларын жазалап, соттап, айдатып, атқызып жіберетін өкіметі болған елдің маңдайындағы соры бес елі ғой. Ақын-жазушыларын жәбірлеген өеімет адамдары ше? Әне, халқының жауы соар! Солар! Солар! Халқының жүрек отын сөндіріп, ой жарығын өшіріп тастаеған хайуандарға рақым болмау керек» (131-бет)», – деп білдіріпті. Мынау ұзақ үнсіздіктің астарында тура осындай ойдың салмағы жатқаны сөзсіз .
– Әй, Кәллеки! Шіркін, Кәллеки! Кәллеки, өмірдің өзін сақнаға айналдырып жіберуші еді. Айтарын тура айтпай, актерлік қимылмен жеткізетін. Пері Калибек десе – дегендей, перінің нақ өзі еді (Ұзақ жылы жымиысты үнсіздік. Кәллекидің әр жүздесуін есіне алып отырғаны анық).
– Ол жүрген жер – дарақы күлкі мен орынсыз жыртаң емес, ойлы ойын-сауық еді ғой. Біз оны аға тұтатынбыз. Мұхтар ғана «Сен» деп сөйлесетін. Кәллеки, әй, Кәллекеи… – деп ырғала қозғалып алды да, ойға кеткендей боп үнсіз қалды.
Үнсіздік тағы да он минуттан асып кетті. Ойын бөлуге дәтім жетпеді. Өз-өзімен тұңғиық тартып отырды да бір кезде: «Кәллеки, әй, Кәллеки… Кі-қі-кілеп» миығынан күліп алды да:
– Тасқаяқ ойнағаны қызық еді (Үнсіздік). Тасқаяқтың әр тасына түсіне қарай «сүзеген қызыл бұқа», «қарны салбыраған тоқты қошқар», «ақ көйлекті енсіз теке» деген сияқты ат қойып, ойыншыларды да соған теңейтін. «Ой, мына Сәбит шегіншектеп кеп бүйірден сүзіп кетті ғой», «Ғабитты қара, сызылып барып сүмп еткізді», «Үй, мына тоқтықошқарың күйегімен жүр ғой» – деп әрқайсымыздың кейпімізге түсіп, дауысымызды салатын (Ұзақ уақыт миығынан жымиып отырды). Бірде, жазушылар үйінен шығып келе жатсам, қолында таяғы бар Кәллеки терезенің алдынан еңкейіп өтіп барады. – Үй, Кәллеки, мұның не? – десем: «Ой, мына сайыз писительдерің көріп қоймасын деп еңбектеп барам. – Неге «сайыз писитель» дейсіз?. – Ой, театрға бір жылдан бері пьеса тапсырған біреуі жоқ. Өнерді ойламаған жазушыны «сайыз» демегенде не дейміз?! – дегені. Астарлы сөз. Өйткені сол жылдары театр жаңа пьесасыз қалып, құлдырап тұрған. Соны мекзеп тұр (Ойлы үнсіздік). Кәллекиге бәрі жарасатын және ойына келгенді жасырмай айтатын. Одақтың үйіне кіргенде: – Сәлеметсің бе, Сәбит, қалың қалай Ғабит, бармысың, Хамит? Ойбай-ау, қалған «иттерің» қайда кеткен? – дейтіні де сондықтан. Кәллеки, әй, Кәллеки! Содан тағы бірде…, – деп сылқылдап күліп алды да, өз-өзінен мәз болып отырып, Каллекиді араластырып отырып тура бір сағат әзіл-шыны аралас, күлдіргі-сайқымазақ әңгімелер айтты.
Не сөзін бөле алмадым. Өзінің сөзіне өзі риза болып, сондай бір сағынышты көңіл-күймен сықылықтай күле еске алған рақатты қалпын бұзуға қимадым. Ол көңілді әңгіме тура сағат 12-ге дейін созылды. Әрине, «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деген сөзді білемін, бірақ, ауызекісөздің мәнері мен мазмұны басқа, сондықтан да, оны бұл араға кіріктірудің жөнін таппадым. Сол кезде есік ашылып, үйге кейін отасқан қосағы Ғазиза шешеміз көк базардан артынып-тартынып сөйлей кірді:
– Ой, әзер жеттім ғой. Шаршап кеттім, Ғабе!
– Бәйбіше, үйде қонақ бар.
– Ә, Жәркеннің айтқан баласы сенсің бе? Бәрін дайындап кеткенмін. Қазір…
Ғазиза шешеміз аспұзылға кіріп кетті. Ыдыс-аяқтың сылдыры, қазанның қақпағының тықыры естіледі. Буы бұрқыраған қазы-қартаның сорпасының да иісі мұрынды жара бастады. Ғабең ақырын орынынан тұрып:
– Жә, біраз жұмыс бітірдік, демалайық, – деді де ас бөлмесіне қарай беттеді. Ғазиза шешеміз терлеп-тепшіп асүйдің есігінен дәлізге қарай беттеп:
– Шаршап кеттім. Бәрін дайындап қойдым. Ет кесулі, қазы тураулы, сорпа құюлы. Бәрі дастарханда тұр. Енді өздерің іше беріңдер, – деп Ғабеңді жанай өтіп жатын бөлмеге кіріп кетті. Асүйге кіре беріп, дастарханға қараған күйі тұрып қалған Ғабең:
– Ғазиза, қонақ бар дедім ғой, – деді ренішті кейіппен.
– Бәрі дайын тұр дедім ғой. Іше беріңдер өздерің, – деген ашық дауыс естілді.
Мен де ентелеп, асүйге кіре берген едім. Ғабең ыңылдап біраз тұрды да:
– Бітті… бәрі де. Енді мәніс жоқ, – деп қолын баяу бір сілтеді де, кері бұрылып, ортаңғы бөлмеге кіріп кетті.
Алдымдағы дастарханда бәрі дайын тұр. Сорпа құюлы. Коньяктің де аузы ашылған, тостақтары да қойылған. Не ілгері жүрудің, не кері шегінудің бапасын таппай, біраз тосылып тұрып қалдым. Екеуі екі бөлмеде, екеуінің де есігі жабық, екеуі де үнсіз. Бір делебем қозып, дайын тамақтан ауыз тигім келіп ұмтыла бердім де, Ғабеңнің кірпияздығы есіме түсіп, бір нәрсеге ұрынбайын, босқа жеккөрінішті көрініп жүрмейін – деп өзімді өзім тоқтаттым. Тағы да, тура бір үнсіз паузаның мөлшерін ұстап, бір белгі берілер деген оймен бес-он минут күттім. Сыбыс та, дыбыс та жоқ. Сол кезде, жоғарыда айтқан «аңшылық сапарынан» қайтып келе жатқандағы оқиға есіме түсті. Тарғаптың тұсында қатты келе жатқан «Волга» аударылып, жолдың шетіне жантая қисаяды. Әйтеуір, бәрі аман қалады. Сонда, Ғабең қисая жатқан көліктің орындығында жантая шынтақтаған күйі шалқая жата беріпті. Ұзынағаштан көтергіш кран шақыртып, олар келіп, көлікті түзеп, ақауын жөндегенше орнынан қозғалмапты, Алматыға келген соң ғана түсіпті көліктен. Мына, жатыс та соның бір түрі болмасын – деген ой қылт ете қалды. Бір ішкі тәуекелім ұстады да, сау бол – деместен сыртқа шықтым. Шықтым да «Уф» деп бір демалып, жөніме кеттім.
Ешкімге ешқандай өкпе-наз артқамын жоқ. Екеуінің де көңілдері дархан, дастархан маған арнап жаюлы тұр. Мұнда, Ғабеңнің тек өзіне ғана тән: «Адам аз нәрседен көңілсізденуді қоюына болар еді. Ал, ойлансақ, күнінде он-он бес рет әлденеден ренжіп қаламыз. Ертеңінде, кешегі неден ренжігендеріңді салмақтап қарасаң, бәрі жиналып қара күшке тұрмайтын кезі бола береді емес пе? Ал, ренжігенде ше, осыны ойлауға әліміз жетпегендігі ғой» («Күнделіктен», 108-бет),– деп өзі мойындаған кербез кірпияздығы ғана бар. Оны түсінуге болатын еді және түсініп те қалғамын. Ал, мен кеткен соң өздері не ойлады, оны білмеймін. Өйткені, Ғазиза шешей де тұлғалы, Мұхтар Әуезовтің стенографисі болған, «Абай жолының» ауызекі айтылған мәтінін хатқа түсірген, аралас-құраластары салиқалы, өзіндік «мені» мен мінезі бар адам болатын. Әйтпесе, Ғабеңе сырын берсе де, сыртын бермес еді. Дегенмен де, екі тұлғаның үнсіз өкпелескен күйі екі бөлмеде тоң-торыс томсарып, бір-біріне теріс қарап қалғаны, жағымды әсер қалдырды дей алмаймын. Біразға дейін өзімді бір түрлі кінәлі адамдай ыңғайсыз сезініп жүрдім. О, Алла, өзін Ғабеңе ұқсатты деп асылық етпеңіз, жетпіс бестен асқан соңғы біздің де «өмірге артар өкпеміз» тура осындай. Бірақ, көңіліміз қалса да, ертеңгі күннен дәмеліміз. Тәубә.
Сонымен қатар сол «өкпешілдіктің» мәнісі туралы: «Неге өкпелімін? (Әлішерге). Бар ертеңгі күнім айнымай кешегі күніме ұқсай береді. Содан соң, бүгінгі күніме көз салсам – кешегім мен ертеңгіме ұқсас о да шыға келеді. Түске дейін үмітпен қарап, көз алмай отырып, тани қоям. Тап кешегім! Түстен кейін ертеңімді күтем де, оным да кекшегіме ұқсай бастаған соң, өкпелемегенде, қайтейін?!.» («Күнделіктен», 86-бет)» – деуіне қарағанда, Ғабең өзінің осы «өкпешіл» болмысын өзі қатты сынға алған, өкінген. Бірақ, болмыс, мінез солай. Мен куә болған «өкпе» де, сондай күнделікті бойы үйренген жеңіл-желпі «он-он бес» өкпенің бір болған шығар деп ойлаймын.
Міне, менің кербез кірпияздан алған алғашқы өмір сабағым осындай. Расында да, Ғабеңе сын тағатындай мен кіммін. Ешкімге тіс жарып ештеңе айтпадым. Енді ғана қаламымның ұшынан қағаз бетіне сөз боп тамып отыр. Тек, енді бетпе-бет кеп жүздесуге жүзімнің шыдамайтыны анық еді.

«СЕНБІСІҢ?!.»

Жоқ, «бетпе-бет кездеспеспін» дегенім күпірлік болып шықты. Араға жарты жылдай уақыт салып бетпе-бет, бетпе-бет болғанда тура мағынасында, төске-төс түйістіргендей аралықта «өте жоғары деңгейдегі» (сол кездің тіркесі) бипазды жағдайда оқыстан бетпе-бет кеп қалдық. Жазушылар одағының кезекті құрылтайы сол кездегі Үкімет үйінің мәжіліс залында өтпек. Құрылтайдың құрметті қонақтарын күтуге арналған жастардан топ құрылып, міндеттері бөлініп берілді. «Аса жоғары лауазымды, жауапты, құрметті» адамдар мен қонақтардың төргі бөлмеден Төралқалар отыратын столға өтетін есігінің тұтқасы маған бұйырды. Бұйрық пәрменді, бақылау күшті, оққағарлар мен көмекшілер өне-бойымды тінтіп, қалтамды қағып, есіктің жапсарына арқамды тірей орналастырды. Залдағылар емін-еркін жүр, құшақтасып, дабырласып, арқа-жарқа. Бір кезде зал да тынышталып, ішкі жақтағылар да қаздиып тұра қалды. Не боп қалды екен деп залға таңырқай қарап қалсам керек, желкемнен:
– Бірінші Сіз кіріңіз, Ғабе! – деген ашық қоңыр дауыс естілді.
Зал да орындарынан атып тұрды. Артыма жалт қарасам!.. Қонаев! КПСС Орталық комитетінің Саяси бюросының мүшесінің өзі. Димекеңнің де мысы басым кезі болатын. Ғабит Мүсіреповті, біздің тілімізде – Ғабеңнің иығынан оң қолымен асыра құшақтап, сол қолымен білегінен ұстап:
– Сіздің жөніңіз. Ғабе! Сіз кіріңіз! – деп күле мен күзеткен есікті күле нұсқап тұр. Алтын жұлдызы жарқыраған кеудесін сәл шалқақ ұстап Ғабең тұр. Екеуін бөгеп тұрған мен екем. Сасқанымнан:
– Ассалаумағалейкум!, – деп қолымды төсіме апардым. Димекең күлкісінен жазбастан, абдырап қалғанымды сезді ме, кім білсін, жайдары:
– Ә, Сәлем, жазушылар, құрылтайларың құтты болсын! – деп оң қолын ұсынды. Сондай ептілікпен лып еткізіп, тәжім ете қолын алдым да сол қалпы маңғаз тұрған Ғабеңе қарап:
– Ассалаумағалейкүм, Ғабе! – дедім қолымды ұсынуға ыңғайланып. Миығынан маңғаз қарады да сондай бір баяу үнмен:
– Ә, сенбісің? – деп ырғалып тұрды да елеусіз ғана етіп алақанын ашты. Лып еткізіп жұмсақ алақанын ұстай алдым да қарап тұрмастан:
– Төрлетіңіздер, – деп Президиумды нұсқап, есіктің қайырмасының артына тұра қалдым.
Баяу басып, «сіз» десіп, «біз» десіп барып төр алқалар орынына отырған соң, құрылтай басталды. Мен есіктің жақтауына қаққан қазықтай қақайып қатып қап, екі нәрсеге аң-таң боп тұрмын. Әрине, біріншісі, құшақтасқан екі тұлғаның өзімсінген кішіпейілдіктері. Екіншісі, мен үшін ең бастысы: Ғабең мені таныды. «Сенбісің?» – деді. Ұмытпапты. Қолын ұсынды (Алақанын ашты). Ренжімепті – деген таңданыс еді. Соны сезініп, тұла бойым босай бергенде: – Құтты болсын. Үлкен кісінің қолын алдың, – деген дауысқа жалт қарасам, осы араға «қазық қып қаққан» Жазушылар одағының хатшысы Қалаубек Тұрсынқұлов екен. Кейін мұны көріп тұрған жазушылар да жымиысып қолымды алып жатты.
Талай лауазымдыға сәлем бердік, талай есікке жауапты болдық. Бірақ, пәрменді мекеменің есігінен осы тұңғыш ұстаған тұтқам есімнен кетпейді. Әрине, сүйіндіргені – қазақтың екі қасиет қонған тұлғаларының бірін-бірі сүйемелдей құшақтап, бір-біріне өзімсіне сүйеніп, жарастықпен қалжыңдасып келе жатқан жайдары бейнелері. Ал, таңданғаным және осы жолдарды қалыс қалдырмай жазуға себепші боп отырған жәй, арада қанша уақыт өтсе де сексендегі адамның, Ғабеңнің бір бозөкпенің әлпетін жадында сақтап, «Сенбісің?» – деп өзімсіне қол ұсынуы. Ғабең осы «Сенбісің?» деген сөз арқылы: мені танығанын да, әңгімеміздің жарасқанын да, ең бастысы: «Жаюлы дастарханнан ауыз тимей кетіп қалған сенбісің!» – деген емеуірінінде білдіріп тұр еді. Нақты, түйінді және астарлы сөзді қалай дәл табады. Демек, бұл – Ғабеңнің, қимылы баяу болғанымен де, ойлау қабілеті өте ұшқыр екенін дәлелдейді. Әйтпесе, есік пен жақтаудың арасында тұрып, табалдырықты аттап жатып, мұндай мағынасы астарлы түйінсөзді табан астында табуы неғайбыл болар еді.
Алғашқы үзілістен соң екеуі тағы да менің алдымнан өтті, қазықтай қатып мен тұрдым. Димекең «Сау бол» дегендей басын изеді. Ғабең паңдығын сақтады. Ішкі дәлізге шығысымен Димекең Ғабеңнің иығына тағы да қолын салып, өзімсіне тартып, сөйлесіп кетіп бара жатты. Иә, талай «Сенбісің?» – деген сөзді естідік қой. Бірақ, Ғабеңнің сол «Сенбісіңінің» салмағы мен әсері есімнен кетпейді. Кейде, Ғабең ойға оралғанда және осы естелікті жазып отырғанда жауапсыз қалған сол сұрақтың орнын толтырғым кеп: «Иә, бұл – менмін! – дегім келеді.
Сол жолғы жазушылардың құрылтайында мені тағы да екі нәрсе таң қалдырды. Біріншісі, Димекең кеткен соң «қызметтен босап», төрден залға түсе бергенімде бос қалған мәжіліс залының түсе берістегі оң қапталында, бірінші қатардың шетінде тура жаңағы Димекең мен Ғабең сияқты, Әбдіжәміл Нұрпейісовтың иығынан баса құшақтап Олжас Сүлейменов екеуі отыр екен. Олжас басын жоғары ұстап сөйлеп отыр, Әбдіжәміл басын төмен салып, сүлесоқ отыр. Екеуінің ырғасуын білетін қауым үшін бұл да бір сирек көрініс еді. Әлі көз алдымда. Екінші, кең дәлізге шыққанда Кеңшілік (Мырзабеков) жылдамдата кеп, білегімнен қыса ұстап: – Жүр, мен саған Мағжанның әйелін көрсетемін! – деді. Алатауға қараған терезе жақта басына шылауыш тағып, камзол шапан киген, жұқа жүзді, көзі аялы, бірақ сондай мұңлы, жетпістің мөлшеріндегі әйелді көрсетті. Көзіне көзім түсіп кеткенде, денем шымырлап кетті. Не деген тереңге батқан мұң, не деген уайымды еңсе еді. Айналсоқтап, қайта-қайта оралып, көз алмадым. Мені аңғарып, ыңғайсыздық таныта бастағанда ғана, өзім де қысылып қап, алыстай бердім. Алыстан көз қырымды салғанымда, әлі де терезеге қарап, жалғыз тұр екен. Шіркін, танитын, Мағжанды көрген, не білетін бір ересек жазушы қалмаған ба? Бар ғой, бар, бірақ қасына ешкім жоламады…
Осы үш тосын көріністің әсерінен біразға дейін арыла алмай жүрдім. Сырмінездің сырбазы Ғалекеңе – Ғалым Ахмедовке осы жайды айтып бергенімде: – Ғабең сондай адам. Көңіліне алған нәрсесін ұмытпайды. Сенің өзіңе жайылған дайын дастарханнан дәм ауыз тимей, сау бол айтпай кеткеніңді, өзінің «өкпешіл» күйін ұмытпаған. Демек, дық ұстаған. Саған емес, өкпені өзіне артқан. Сен есінде ұмытпайтындай боп қалған екенсің. Абыржыма. Бәрі дұрыс. Әйтпесе, назар аудармас еді, – деп басу айтты.
Сонда Ғабеңнің өзі «Күнделігіне»: «Кейде он жыл кейін кездесетін бір адамдар, уақиғалар, ойлар әлдебір уақытта түсіңе кіргендігін сезінесің. Сен ол адамдарды, уақиғаларды бірден танисың. Осындай жай менде 5-6 рет кездесті. Көйлегіне дейін таныған кезім бар. Уақиғаның немен шешілерін біліп отырған кезім де бар» («Күнделіктен», 108-бет) – деп жазуына қарағанда, «Сенбісің» дегенге таңданудың еш жорасы жоқ екен.
Иә, көңілінің ақ жібінің ортасындағы бір түйіншік боп қалғаным қандай өкінішті. Бірақ, дәл сол сәтте не істей алатын ем. Үйдің иесінің рұқсатынсыз дастарханына қайтып қол сұғам? Өкпелесіп жатқан екі кірпияздың есігін қалай қағып, қалай екеуін мәмілеге келтірем. Бұл, егде тартқанда тағдыр қосқан, бірінің сырына бірі қанық жандардың кешегі тату жарларын, Ғабеңнің – Ғұсни шешемізді іздеген көңіл жоқтауы сияқты көрінді маған. «Дық салсам, кеш, Ғабе, бұл – мен ғой, Жәркен апай жіберген Кәллекидің жүгермегі Тұрсын…», – дегім келді. Бірақ, дей алмадым. «Болсаң қайтейін» – деуі де мүмкін еді ғой. Десе не дер едім?!. Жә, бәрі де өтті де, кетті. Енді, өкінгенмен не қайран?..

«ҒАЖАП!..»

Егер Ғабеңнің көңілінде дық қалса ырғалып тұрып, мысымен басып, миығынан езу тартып, келістіріп тұрып есесін қайтаратын кезі келген еді. Жаңылмасам, 1982 жылы Жазушылар одағының жанынан «Ағалар алқасы» құрылды. Ағалардың жас жазушыларға арнаған аманатты мұратын жеткізуге тиісті бұл кеңес көркем шығармадағы, соның ішінде жас жазушылардың тырнақалды туындыларындағы көркемтіл мәселесіне арналды. Онда басты баяндаманы жасауға «Алыптар тобының» соңғы түлғасы Ғабең – Ғабит Мүсірепов келісімін берді. Бұл жазушылардың арасында үлкен қозғалыс тудырды. Дайындық та қапысыз жүргізілді. Тек, Ғабең ғана уақытты соза берді. Мөлшерлі уақыттан екі-үш ай кешігіп барып, ақыры, басталды. Одақтың үлкен мәжіліс залы адамға лық толып кетті. Жас қаламгерлердің жүректерінің дірілі тіпті ерекше. Өйтпегенде ше, Ғабеңнің ауызына ілігу – әдебиеттің өз өкілі атану, ал, қиығына түссең бітті, маңдайыңа мәңгілік қара таңба басылды, атың өшіп тынды деген сөз. Ғабең маң-маң басып мінбеге барды. Көзілдірігін бір қозғап қойып: «Иә… Ііі-кі» – деп алып баяндамасын бастады.
Отырған жастардың әр қайсысының жүрек дүрсілі естіліп тұрғандай. Тіл туралы тұлғалы толғам айтып, оның тағдырына тоқталып барып, сол тұста жинақтары шыққан Смағұл Елубаев, Марат Қабанбаев, Кәкен Хамзин, тіпті, қырықты алқымдаған Молдахмет Қаназовтың да шығармаларындағы өзі орынды, орынсыз деп тапқан теңеулері мен жаргондарына тоқтады. Әсіресе, Марат қатты шіміркеніп, әдеттегідей тісін қайрай бастады. Ең үмітті, сенімді досымыздың жанұшыруын түсінеміз. Бір кезде… иә, бір кезде: «Ал, кейінгі жас буынның ішіндегі үміт күттіретін Тұрсын өзінің шығармасын «Бесқарагер» деп атапты. Иә, оқыдық. Бірақ!..» – деп пауза жасағанда, үстіме суық су құйып жібергендей селк ете қап, басыма қаным шапшып, екі бетімді баса қойдым. Бітті! Қош, көркем әдебиет. Ғабеңнің мына «бірақ» дегенінен кейін барлық жол жабылады, жолым кесіледі! – деп өзімді-өзім іштей табалауға көштім. «Бесқарагер» әлі жинақ боп басылмаған. Тек «Жұлдыз» журналына жарияланған. Тоқта, тура сол санда Ғабеңнің шығармасы да, ұмытпасам «Жат қолынданың» екінші кітабі басылған еді ғой. Е, сонда көзі түскен екен-ау! Бұл мүсәпір күйімді байқаған қасымда отырған Ұлықбек (Есдәулет): «Саспа, қазір мақтайды», – деп тіземнен қақты. Зал тып-тыныш. Бір кезде Ғабең басын көтеріп, көзілдірігін түзеп, сәл миығынан жымиып:
– Иә, «Бесқарагер». Біздің жас кезімізде «Бесқаргер» деген ән болатын. Оны біз былай айтатынбыз…
Дегенде «Бесқарагер», «Бесқарагер»,
Бес жүзік, бес білезік, бес тана бер, аааа-ий.
Берсең бер, бермесең қой соларыңды,
Қалқашым, оу, қайда жүрсең, еске ала жүр, ааа-ий, – деп мінбеде тұрып созылыңқы, қарлығыңқы дауыспен әннің сөзін соза айтты. Онымен тоқтамай екінші шумағына көшті.
Өкшесі етігімнің айнала жез,
Көзіңнен айналайын дөңгелек көз, ааа-ий.
Екеуміз екі ауылдың ардағы едік,
Қаңбақтай, оу, жел айдаған болдық қой кез, ааа-ий, – деп барып тоқтады.
– Үй, Ғабеңе ән айттырып қойдың ғой. Одан артық не керек саған. Абдырама, – деді Ұлықбек өзінше басу айтып.
Дауысым қандай екен дегендей езу тарта залға қарады.
– Иә, осылай айтатынбыз! Иә, «Бесқарагер». Бесеу! Ал, автордың ұсынған әңгімесі төртеу! Біреуі қайда? Оқушыны неге алдайды? Жараспайды…
Ғабең дұрыс айтып тұр. «Бесқарагер» – бес новелла болатын. «Жанарыма тұнған жасым ең…» атты бірінші және ең басты М.Әуезов туралы новелланы бас редакторымыз Бекежан Тілегенов марқұм жібермей, алып қалған болатын. «Иә, бәрі бітті – деп бұрынғыдан да құныса түстім.
– Иә, бір әңгімесіне «Өртенген өлең» деп ат қойыпты. Жасын – депті. Жасыны – Қасым. Оны біліп қойдым. Ғашықтардың махаббаты әдемі айтылып келеді де, кенет: «Етігімен жарты Еуропаның шаңын сүрткен жаралы солдат көнетоз сұр шинелін иығына желбегей жамылып, сылти басып келе жатты» – деп сұрапыл соғысты айтпай, аяқтай салады. Ол – Қасым ғой, ақын ғой. Мұнысы жарамаған, – деп ұзақ пауза ұстады.
Бұл – үкім, менің жазушылық тағдырыма қазақ әдебиетінің алыптар тобының соңғы тұлғасының ауызымен айтылған, өзгертуге жатпайтын үкім. Қош, әдебиет, қайырыла қалам алмаспын енді – деп күңірене де, түңіле де бастадым. Тыныштық. Сол кезде ашық аспан күркіреп кеткендей боп барып, нығырлау дауыспен:
– Қалғандары ғажап! – деді залға тура қарап.
Мен мең-зең күйге түсіп:
– Не, не деді? – деп Ұлықбекке қарадым.
– Ғажап, – деді. – Мұндай бағаны Ғабеңнің ауызынан Әуезов те естіген жоқ! – деді Ұлықбек білегімнен мықтап ұстап, қысып-қысып жіберіп. Сол жағымдағы Жұматай да мұртымен жымиып қарайды.
Күңгірт аспан сейіліп, ашық күнде үнсіз найзағай жарқ ете қалғандай болды. Өң мен түстің арасында отырмын. Әр жерден күлімсірей бас изеген достарды еміс-еміс аңғарғандаймын. Ғабең ары қарай талдауды қойып, ана тілін жас жазушыларға аманат етумен сөзін аяқтады. Орнымда отыра алар емеспін. Ду қол шапалақ, абыр-дабырды пайдаланып сыртқа қарай беттедім. Астындағы «Қаламгерге» түсіп, су алып, отыра бергенімде жайқала басып Жұматай да келіп:
– Біздің толқыннан Ғабеңнің аузына ілінген сен ғана болдың. Енді жуасың ғой, – деді.
– Әрине.
Әрине, тозақ пен жұмақтың арасынан аман шыққанда шашылмағанда, қайда шашыламын. Одан кейін Ұлықбек пен Марат қосылды. Марат:
– Біздің құйқамызды үйітті. Сен жақсы құтылып кеттің, – деді.
Менің өмірімдегі және Ғабеңнің алдына ең намысты, бағасы қойылмаған емтиханымның бірі осы шығар.
Келесі аптада «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Ағалар алқасының» кеңесінен жариялаған есепте: «Тұрсын Жұртбаевтің повесін сынай келе, «қалғандары жақсы» деп баға берді» – деп жазыпты «ғажапты» – «жақсыға» ауыстырып. Оған да тәубә. Зады, жоғарыда мен баяндаған пікір Ғабеңнің баяндамасының мәтінінде жоқ, сол арада ауыз екі айтқан сияқты. Өткені, жинақта: «Шұбалаңқы топтың алдыңғы жағы «биік белдер» деген қырқамыздың етегіне жетіп, енді алға қарай адымдай бастағандары бар. Жоғарыда аздап сыналған Сүндетов, Хамзин, Елубаев, Софы Сматаев, сыналмаған Тұрсын Жұртбаев, Роллан Сейсенбаев, Айтов, тағы біраз ақын-жазушыларымыз маған осы үлкен үміт деңгейінде сияқты» («Күнделік». Ана тілін анамыздай ардақтайық (Ана тілі, 1996, Б247), – деген пікір ғана бар екен.
Осындағы: «сыналмаған Тұрсын Жұртбаев» деген тіркестің астарында: «Мен сені білемін. Оқыдым ғой. Сынаған жоқпын, көрдің бе» – деген емеуірін жатқан сияқты. Өзінше сипай қамшылағаны. Сөйтіп, бір хикаяттың арқасында «ғажап» күй кешкенім бар. «Сүйсе де, шымшып сүйіп ғадеттенгем» деп Жүзтайлақ айтқандай, Ғабеңнің «ғажабының» да өзіндік азабы бар еді. Бірақ, сол «ғажап азап» шіміркендіріп кетті ме, кім білсін, қайтып көркем шығарма жазуға тәуекелім жетпеді. «Маған, кейде түннен көрі күн қараңғы көрінеді» («Күнделіктен», 105 бет), – деген Ғабеңнің тылсымын мен сол күні басымнан кештім. Міне, Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтің тылсымы осында.
«Сыналмағанның өзінде» сесімен басқан Ғабеңнің мысы осындай салмақты еді. Оған да шыдадық. Тәубә.
«ЖЕЛЕЗНЫЙ УДАР!..»

Жазушылар одағының ғимараты күрделі жөндеуге жабылып, «Жұлдыз» бен «Қазақ әдебиетінің» ұжымы уақытша «Қаламгерлердің шығармашылық үйіне» ауысты. Аптасына екі рет жиналамыз. Түстен бастап тасқаяқтан табыламыз. Сондай салбурынды шақта Ғабеңнің ойын бөлмесіне кіріп келмесі бар ма! Ол кісінің қалай кіріп келе жатқанын бетпе-бет емес, желкеммен анық «көріп», қанық сезіндім.
Ғабеңнің көзінің сұғын қадап, үнсіз мысымен басуды менің пешенеме жазып қойған ба, жоқ, тосыннан солай қиысып отыра ма, әлде, маған солай көріне ме білмеймін, әйтеуір тағы да, тұла бойымды шымырлата шамырқандыра сілкіндіріп жіберді. Бұл жолы Ғабеңнің сұсты мысы тура ту сыртымнан қаусырып, желкеме төніп, сұғын қарақұсыма қадады. Тасқаяқтың ернеуіне иегін сүйей ұяға жақындау жабысып жатқан тасты, сол ернеуге иықтасып тұрған сақамен атуға ұмтылып, көздей бергемін. Кенет, дабырласып, қауқылдасып, жарыса сөйлеген Шөмішбай (Сариев) мен Батырқанның (Дәрімбетов), Жұматай (Жақыпбаев) мен Баянғалидың (Әлімжанов): «Өй, андағы тасқа әуре болма, кірмейді», «Соны кіргізсең аузыңды майлаймын», «Атсын, көңілі қалмаған бала ғой», «Жарайды, Жұртбаевтің де әуселесін көрейік» – десіп жамыраған дауыстары кілт тына қалды. Көлеңкелері де қоса сіріңкенің шиіндей боп сіресе қалды. Аяғының асықпай сүйрете басылған тырпылынан, мына мылқау көлеңкелердің мысы басылып, дымы шықпай, жым бола қалуынан біле қойдым. Білмегенде ше, мен естіп үйренген «тырпыл». Ой, Алла, Ғабең – кәдімгі Ғабит Мүсірепов. Астафир-алла! Тағы сынға түстім бе? Енді не істедім. Көздеуді доғарып, бұрылып сәлем берсем, жақтырмай, тыжырына кері бұрылып кететіні анық. Шардан – көзімді, таяқтан – қолымды алмадым. Көз алдымнан тастан басқа ештеңе көрінер емес. Егер тас ұяға кірмей қалса, онда Ғабеңнің мысқылды миығының табасына ұшырарым анық. Аяқтың тырпылы жон арқама жақындап келіп, көнетоз кеуденің баяу сырылы құлағыма шалынып, ту сыртыма кеп тұра қалды. Шыбын жаным көзіме көрініп, шынын айтайын, сол сәтте, ішімнен Аллаға да сиынып, ата-баба әруғын да шақырып, әкемнің: «Сенің қолыңның қары қатты» – дегені де есіме түсіп, құлашымды кейіндете жаза сермеп, екі көзімді жұмып ап, бар қуатыммен шарды екпіндете соғып кеп жібердім. Сол сәтте тасты көріп тұрсам да, көзіме сұлбасы анық көрінбегені рас. Мүмкін, әруақтардың киесі басып кетті ме, білмеймін. Әйтеуір, құлақ тұндыра сарт ете қалған ашық дауысты естідім. Тас не болды, ұяға кірді ме, жоқ па, қарауға дәтім жетпеді. Таяғымды қолыма ұстап, состиып тұрдым да қалдым. Әлгі сәуегейлер де үнсіз. Не боп кетті өзі, шақ еткен дауысы қатты шығып еді, бір нәрсені бүлдіріп алдым ба? Деп, елегізи бергенімде сыртымнан:
– Мұны «железный удар!» дейді. Ііі-кі, – деген баппен созылып айтылған дауыс естілді.
Сонда ғана артыма бұрылып, жалт қарадым. Ғабең! Әрине, Ғабең! Тас ұяға кірген болды ғой. Бәсе, өзімнің де қолым сүйсініп қалып еді. Ғабеңнің алдында ұятқа қалмаппын, әйтеуір. Сиынған пірлерім қолдаған екен. Әйтпесе, ондай тасты өмірі кіргізіп көргем жоқ. Уф! – деп, іштей тәубе еткен сәтімде-ақ тұла бойым босап сала берді. Іле, сасқалақтап:
– Ассалаумағалейкүм, Ғабе!, – деп қолымды кеудеме апардым.
Ғабең өзінің сараң қимылдайтын әдетімен алақанын ашқандай болды. Лып еткізіп қолын алып, тымпиып тұра қалдым. Паңдана жан-жағын бір шолып өтті де, жазушылардың арасында тасқаяқтан өтіп жатқан Ғабит Мүсірепов атындағы жарыстың кестесіне қарап:
– Сен мында барсың ба? – деді.
Зады, мына тасқаяқтың өзіне үйреншікті сартылын естіп: «Желкелете соқ», «сүйкей соқ», «жағынан сипата жібер», «май жалат», «өңмеңдете соқ», «қақ маңдайдан пер», «иіріп ат». «шиырып ат», «шүйіріп ат», «дамбалдат», «іштен түй», «қосарлат», «Бүлкілдейді дөтенің, Тасқаяқ сенің не теңің» деп дуылдасып сол бәскеге түсіп жатқандардың қызығын көргісі кеп, әйгілі тасқаяқшы емес пе, бүйірі қызып бас сұқса керек. Мені Сафуан, Сәкен сияқты сұр мергендермен салыстырмақ ойы бар екенін түсіндім де:
– Ол жарыста мен жоқпын, – дедім.
– Онда, келесі жылы міндетті түрде қатыс. Сенің өзіңе арнап жеке сыйлық тағайындаймын! Иә! Ііі-кі, – деп сылбыр бұрылып, баяу басып есікке беттеді.
Мойнымнан ауыр жүк түскендей боп, «Уһ!» деп еркін бір дем алдым. Осыны айтып отырып, кейде өзім де сенбеймін. Бірақ, «Өтірікшінің куәсі – қашанда қасында» ғой. Бұл әңгімені, кейде мені әспеттегенсіп, Баянғали Әлімжанов бұрыш қосып айтқанда, кәдімгідей масаттанып қаламын. Ал, Шөмішбай марқұм мұны ауызынан тастамайтын. Несі бар, қорланатын жәй емес, жігерлендіретін «железный удар». Ғабеңнің мақтағанына емес, ту сыртымнан болса да мені танып, өзімсіп сынап, бауырына тарта баға бергеніне, ұмытпағанына марқадам тауып қалатыным анық. Әттең, жас кезінде алдына осылай тап болсам ғой, міндетті түрде ол кісімен тасқаяқ қағыстыратыным жәзмән, тіпті, ол кісінің өзі шақыруы да мүмкін еді. Несі бар, арнайы сыйлық тағайындағанда, арнайы шақырмайды дейсіз бе. Сөзсіз шақырар еді. Бірақ, енді мүмкін емес. Желсөзді малданғаннан басқа амал қайсы?!. Тасқаяқ – шығармашылықпен айналысатын атжалмандардың көкпары емес пе. Қазір де, тасқаяқ қағыстып қоямыз. Бірақ, Ғабең сияқты «железный удар» деп жорта жоғары баға беретін жомарт сыншы қайдан табылсын.
Сөйтіп Ғабеңнің алдында тағы бір тосын сынға түсіп, тағы да намысымды қорғап қалғаным бар. Оған да шүкір.

«МЕН ДЕ КЕРЕЙМІН ҒОЙ!..»

Әр қияметтің де бір шығандап барып ширығатын, есілген жіптің де есіліп барып тарқатылатын, шыдас бермейтін бопсаның өзі де қыстықтырып барып босаңситын, сол сияқты демімен, көз қиығымен басатын мысты миықтың да қанша қыспаққа алса да, жадырайтын кезі болады екен. Таза қазақы мінез бен қазақы қысасқа құрылған, ырықсыз ырғасқан екі жарым сағатқа созылған сол сәтті есіме алсам, қазір де шіміркеніп кетемін. Бір-ақ сәтте, тағы да ойламаған жерден тордың ішіндегі ызбарлы арыстанның алдында жанын қоярға жер таба алмаған лақ сияқты мәттәйім күйге душар болдым да қалдым. Өйтпегенде, қайтемін. Өзіңіз көз алдыңызға елестетіңізші, қарсы алдына отырғызып қойып, екі жарым сағат бойы бір ауыз сөз айтпай, анда-санда ырғалып қойып, «Ііі-кі» деп қасын керіп қойып, әлденені тұспал жасайды. Не айтқысы келді, неге жұмсады, не істеуім керек, ол емеуірінді өзің түсініп, істеуің керек. Сәл мүкіс кетсең бітті, Ғабеңнің өкпешіл кірпияз мінезі белгілі, кілт теріс айнала салуы әбден мүмкін. Ал, ол: Тұрсын, Ғабеңмен сөйлесуге жарамапты, – деген табаға қалдыратын намысты оқыс іс. Бұл, Ғабеңнің мені мысының бар салмағымен басып, миығымен еңсемді нығарлай нығыздап, әр қимылымды қалт жібермей бағып, қашан қапысын тауып, тырнағымды батырмай тұралатамын – деген мақсатты бір ойыны, иә, ойыны екен. Әлгі, қазақтың: Ашулы атан әуселеңді әукесімен басып, дымыңды құртады – дегеніне келетін бұл оқиға мамыражай күйде басталды. Тіпті, баяндап жазайын десең, жазатын сөзі жоқ. Бір-ақ ауыз сөз. Ол сөзбен екі жарым сағаттық әңгіменің мазмұнын қалай жеткізесің. Қызық та, кілтипан да сонда. Ескерте кетейін, бұл өзі қазақ арасындағы таза қазақы мінезге құрылған, таза қазақы бопса. Дегенмен де, тәуекел етейін. Сонымен…
Тау баурайындағы жазушылардың шығармашылық үйіне он күнге жолдама алып, ақшам үйіріле орналастым. Таңертең тоғызға он минут қалғанда асханаға бардым. Дастархандастарым – Марат (Қабанбаев) пен Жұматай (Жақыпбаев) екен. Екеуі де сопиып, қолдарын қусырып отыр. Еркінси шәйнектің тұтқасынан ұстай беріп ем, Марат: «Тоқта, қимылдама. Күтіп отырмыз. Өкпелеп қалады» – деді. Кімді күтіп отырмыз, неге өкпелейді?
– Ғабең келіпті. Ана ақсақалдарды көрдің бе, бәрі де екі қолдарын алдарына сап, сол кісіні күтіп отыр. Тура тоғызда кіреді. Егер, біреулердің тамақ ішіп отырғанын көрсе бітті, өкпелеп, теріс бұрылып кетеді. Бұдан кейін кешігіп келмесек болмас», – деді қыжылмен.
Зады бұл Ғабеңнің «Күнделігіне»: «Жат қолында» аяқталды, «Қайран Майраны» бітірдім. «Екі Мұхтар» деген бес-ақ бет мақаланы бес күн жаздым. Енді осымен соқаны суыратын шығармын. 19. VІІ.84.» (169-бет), – деп жазған уақыттың тұсы болуы әбден мүмкін. Өйткені, келесі жылғы өмір сыбағасы Ғабеңе басқаша бұйырды.
Сонымен… Іле, есік ашылып, маң-маң басып Ғабең де кірді. Асхана ішіндегі күбір-күбір тиылып, тым-тырыс бола қалды. Ғабең екі-үш аттап барып тоқтап, мұқым асханада отырғандарды көзімен шолып шықты. Содан мамырлай басып ең төргі дастарханға отырды. Қасында Ғалекең – Ғалым Ахмедов дегдар. Маңғаздана отырып, жан-жағына тағы да қарады. Бәрі де қимылсыз. Бір кезде шанышқының ұшымен бір түйір дәмді ерніне апарды. Сол-ақ екен, асхананың іші шақыр-шұқыр болды да кетті. Бәрі жапатармағай асқа кіріскен. Марат сондай ашқарақ еді. Тамақты тез ішетін. Мен бір кесе шәйді ұрттап болғанша, ол таңғы асын ішіп бітіп, тықырши бастады. Сөйтсем, Ғабең орнынан тұрмай, ешкім қозғалмайды екен. Онда түскі тамаққа келмей қоюы әбден мүмкін екен. Әйтеуір бір уақытта Ғабең ырғалып барып орнынан көтерілді. Ілезде асхана бос қалды. Әдетімше, таңғы шәйді қанып ішіп, онға он бес минут қалғанда темекі тарту үшін сыртқа шықтым. Темекімді асығыс тұтатып, аттай бергенімде, шыға берістегі оң жақтағы орындықта отырған Ғабеңді көрдім. Лездетіп қолымды кеудеме апарып, ассалаумағалейкумдетіп өте беріп ем:
– Ііі-ік!, – деген Ғабеңнің үні естілді.
– Ассалаумағалейкүм, Ғабе. Жаңа амандастым ғой, – дедім сасқалақтап.
– Ііі-ік – деп таяғымен есікті нұсқап, орнынан баяу ырғалып тұра бастады.
Қолтығынан демейін деп ұмтылып ем, қабағын түйе қарады. Сүйеме дегені. Лып етіп есікті аштым. Ішке кірген соң тағы да қолтықтай беріп ем, бұл жолы тіпті сұстана қарады да, бойын тіктеп, кеудесін жоғары ұстап, кербездене басты аяғын. Сөйтсем, кезекші қыздар қарап тұр екен ғой. Соларға сексендегі серінің көрсеткен қыры, өзінше намыстанғаны екен. Баспалдаққа таяғанда сытылып кетуге ыңғайланып шегіншектей беріп ем таяғын нұсқап, алдым түс дегендей белгі беріп:
– Ііі-ік, – деді.
Жазған құлда шаршау бар ма, соңынан ілестім. Бөлмесі екінші қабатта. Ал, көтеріліп болсашы. Асықпай, баппен екі жаққа кезек шайқала басады. Оң аяғын көтергенде – жаз шығады, басқан кезде – күз болады, сол аяғын көтергенде – қыс түседі, басқан кезде – көктем шығады. Не қолтығынан деметкізбейді, өйткені келіншектер қарап тұр ғой, Ғабеңнің сәні кетіп қалады емес пе! Қойшы, шәй қайнатым уақытта екінші қабатқа көтерілдік. Өзінің тұрақты №2 бөлмесі бар.
– Ғабе, кілтіңізді беріңіз, есікті ашайын, – дедім пысықсып.
Кілтті алақаныма сұлық тастай салды. Ойым: есікті тездетіп ашып, бөлмесіне кіргізе сап, зытып беру. Жататын бөлмесінің де, жұмыс бөлмесінің де есігін қатар ашып, жатар бөлмесіне қарай қолымды созып ем, таяғын бұрышқа қойып:
– Ііі-ік, – деп жұмыс бөлмесіне беттеді де сәл аялдап, иегін көтерді.
Түсіндім. Түсінгенде, адуынды арыстанның торына мықтап түскенімді түсіндім. Амалсыз, қатар тұрған үш орындықтың ортаңғысына барып отырдым. Көзімді Ғабеңнен алмаймын. Көзі, қас-қабағы, қолы бәрі де назарда. Мүлт жіберуге болмайды. Бір емеуірінін, не ишарасын қағыс қалдырсам, міндетті түрде қабағы кіртие қалатынын білем. Алдыңғы жиған тәжірибелерім соны үйреткен. «Қайдан ғана темекі тарта қалдым екен, енді мына тордан қалай аман құтылам. Қалайда қыбын табайын» – деген оймен сергек отырдым.
Кең бөлме. Терезеден Алатаудың шыңдары асқақтай ағараңдайды. Қырынан қойылған жазу столына ырғала басып отырды. Ұзақ тербеліп барып, темекі қорабын алды. Одан бір тал шылымды жайымен ғана ерніне апарып, қисайта тістеді. Содан кейін жәйімен тартпасын ашып, шақпағын алды. Сосын шылымын баппен тұтатты да, ұзақ сорып барып, орындыққа маңғаздана шалқая беріп, сондай бір өлшемді деммен түтінін сыртына сыздықтата шығарды. Бұл рәсім кем дегенде он минутқа созылды. Қашанғы қаздиып отырам, сау болыңызды айтуға ыңғайлана беріп ем, сезе қойды да, босаға жақты иегімен нұсқап:
– Ііі-к, – деді.
Бұрышта тоңазытқыш тұр. Сонша саңлаусыз емеспін ғой. Тағы да түсіне қойдым. Тоңазытқышты ашып қалсам, ішінде зәмзәм суынан бастап, құрма, өрік, мейіз, қазы, қарта, жал, жая, шөп-шалаң, ақ пен қызыл, хрусталь тостақ сыңсып тұр. Мәселе енді басталды? Дастарханға не қоямын? Көңіліндегіні таппасам, Ғабеңнің сыры өзіме мәлім, қылт ете қалуы мүмкін. Қияметтің көкесі сонда басталады. «Қысылғанмен жан қалмайды». Тәуекел. Қазақы дәм ғой деп ырымдағансып қазы-қартаны, тіске басар шөп-шалаңды, шанышқыны, су ішетін фужерлерді столға алдымен қойдым. Ендігі таңдау қиынға соқты. Басталған және басталмаған шөлмек тұр. «Жарымаған Жұртбаев» демесін деп, ашылмаған, сол жылдары аса қат есептелетін «Абсолютті» таңдадым. Қаздиып «Қазақстан» мен «Армян коньягі» тұр. Екеуі де ашылған. Ал, енді қайттым? Қайсысын аламын. Көңілін таппасам, «Ііі-к» деп томсара қалатыны анық. Екеуін де алдына қойдым. Енді, рюмкелердің кезегі келді. Не де болса деп, 25, 50, 75, 100, 200 грамдік рюмкаларды қатарластыра тізіп қойдым. «Боржоми» мен «Сарыағаштың» қайсысын құямын? Ебін тауып, екі фужерге екеуінен құйып, алдына тақадым. Енді, «Абсолютке» кезек келді. Әдеп сақтағансып шөлмектің ауызын 50 грамдыққа тақай беріп ем, қабағы түйіле қалды, одан 75, 100 грамдыққа апарғанымда да қабағы ашылмады, 200 грамдыққа орталай құйсам да қабағы жазылмады, амалсыз, лықа толтырдым. Коньякқа келгенде жаңағы әдісті қайталап, 75 грамдықтан төмендете жылжыттым. Сол кезде «Ііі-к» деп қозғалып, баппен тартпасын ашып, бір қорапшадан оймақтай ғана, тіпті оймақтан да кіші, шынашақтың басындай ғана көзені алып шығып, столға қойды да: «Бізге осы жарайды» – деді. Астафиралла, Ғабең де сөйлейді екен-ау. Көзесі бар болсын, ауызының кішілігі сондай, сыртқа құйып алмайын деп тырысып отырып, екі тамшы құйып ем, мөлтілдеп шыға келді. «Уһ» деп шегіне беріп ем, көзесін көтеріп: «Ііі-ік» – деді. Тағы да әдеп сақтағансып елуден асқан соң жұтуды саябырсытып ем, қабағы тағы да түйіле қалды. Тәуекел. Күнде Ғабең силай бермес! Мен де тауыстым, ол кісінің де қабағы ашылды. Су мен шанышқыға қарай ұмтыла беріп, тосылып қалдым. Асханадағы оқиға есіме түсті. Ғабең екі қолын алдына салған күйі үнсіз отыр. Қой, пәлесінен аулақ. Көңіліне келіп қалар. Ауызбастырыққа жоламадым. Орныма отырдым.
Ғабең өз-өзімен болып, темекісін тұтатып, сыздықтата ұзақ тартты. Менің мазам кетіп барады. Мұнысы қалай, не сұрайды, жазушылар одағының ішіндегі жағдай ма, жоқ нақты бір адам туралы білгісі келе ме, әлде, менің сын бөлімінде істейтіндігімнен хабардар Ғабең, әдебиеттің жаңалығын сұрай ма? Әйтеуір, өзімнің бірінші боп сөз бастамау керектігін білемін. Ол әдепсіздік болады. Бір уақытта тағы да «Ііі-ік» деді. Жазған құлда шаршау бар ма? Бұл жолы еркіндеу қимылдадым. Ғабең тағы да басыртқыға қол созбады. Бұл неғылған үнсіз, тылсым жаза, мені сынап отырғаннан сау ма өзі. Бір жарым сағат болды, әлі бір ауыз сөз айтқан жоқ. Бұл жолы паузаны ұзақ ұстап, темекісін баптап тартып, арасында қозғалақтап қойып, менен көзі алмай бағып отырды. «Адамның ойының портреті жүзінде дегім – келеді» («Күнделіктен», 97-бет), – деп Ғабеңнің өзінің жазғанына қарағанда, менен тапжылмай көз алмай отырғанда, менің жандүниемдегі құбылыстарды оқып отырған болды ғой.
Қайдан ғана алдынан шыға қалдым, қалай құтыламын, бұл не сынақ, апырмау! Дегенімше, тағы да «Ііі-к» – деді. Енді қысылатын не қалды. Батылырақ қимылдадым. Сескенбей тартып жіберіп, отыра беріп ем, Ғабең, о, тоба, «Боржомиге» қолын созып, ернінің үшін тигізіп, бидайдай ғана етті таңдайына салды. Отыра бере, «Сарыағашты» құныға жұтып, қазыны қос қабаттап шаншып, аузыма толтыра асадым. Асадым да, отыра бергенім сол еді, тыныс алдырмастан ырғалып қойып, ұмсына отырып:
– Баста! – деді.
Ой, Алла-тағала-ай, «Бастасы» несі, мен бұйымтай айта келген жоқпын ғой. Әлде, әлдебір астарлы емеурінін аңғармай, не түсінбей қалдым ба? Нені бастаймын? Әлгі үш «200»-дің де буы болар, не сұрайтынын біліп отырған адамсып:
– Қайсысынан бастайын, Ғабе?, – дедім батылсынып. Ыңыранып, ырғалып, езуіне мысқал үйірілгендей боп, нығыздалып барып:
– Мен де кереймін-ғой! – дегені.
Ой, Алла! Не дейді, керейі несі. Бұл кісінің руында менің жұмысым қанша. Керей болса, қайтейін. Неге бұл сұрақты маған қойып отыр? Екі сағат бойы арбағанда осыны айтайын деп арбады ма? Қайдан ғана тап болдым? – деп отыра бергенімде көзім алдымдағы жаюлы дастарханға, босаған шөлмекке, қазы-қарта, жал-жаяға түсті. Сонда мына сыйдың бәрін керейлігін білдіру үшін жасап отыр ма? Тоқта, «Мен де кереймін» дей ме. «Мен де кереймін» деп, неге «де»-ні қосып айтады. Тағы кім керей еді, біреуді меңзеп отыр ғой. Апырмай, керей десе тосылмай, жортақтап кетуші едім ғой. Керей дей ме, керей… деп күбірлей бердім де кенет ойыма осыдан бір апта бұрын «Қаламгерде» Сафакеңе – Сафуан Шәймерденовке айтқан сөзім есіме түсе кеткені. Баяғы сол, менімен емін-еркін тәжікелесе бертін Баянғали Әлімжанов: «Сафаке, мұны несіне еркелете бересіз. Керей, керей деп жездемсініп, апайыма арқасүйеп, барлық керейге ертоқымын теріс ерттеп мініп, күн көрсетпейтін болды. Кегімді бір алып беріңізші», – демесі бар ма. Сонда Сафакең: «Қой, барлық керейді басына бермес. Солай ма, Тұрсыкен?» – деген кезде: «Маған бәрібір, тек таза керей болса бітті, кез-келген керейдің шаруасын үш-ақ минутта бітіріп жіберемін», – деп жауап беріп ем. «А, солай ма, солай де. Жарайды, оны да көрейік» – деген. Ал, күні кеше Сафакең келіп, Ғабеңе сәлемдесіп кеткен. Е, сонда әлгі әңгімені Ғабеңе айтып: «Тұрсын бізді сөйтіп бір шоңқитып кетті. Ол да осында екен. Сізден басқаның тісі батпайды. Өзін ұстап ап, бір тұқыртып, кегімізді қайтарып беріңізші. Сіз де керейсіз ғой», – деген болды ғой. Содан басқа Ғабеңнің мені «Мен де кереймін ғой» – деп «де»-ні қосып тұқыртатын сылтауы жоқ. «Абсолюттің» де абсолютті күшіне кіре бастаған қызуы ма, кім білсін, отыра беріп:
– Ғабе, бітіп кетті емес пе! – дедім.
Ғабең «Аа!» – деп маған аңыра тіке қарады. Мен алдымдағы дастарханға қарадым емеуірін етіп. Егер әлгі Сафакеңнің жұмсағаны рас болса онда мәселе шешіліп бітіп кетті емес пе. Өзі қонаққа шақырса, қазы-қарта, жал-жая тартса, «Абсолютпен» сусынымды қандырса одан артық не керек. Істің бітіп кеткені сол емес пе! – деген емеуірінімді ойланып барып түсініп:
– Иә, солай екен ғой! – деді дауысын соза. – Менің де шаруамды бітіріп жібердім де. Енді сен Еркеғалиға барып, соның шаруасын бітір. Оған тапсырып қоямын. Ал, ана қымызды бөлмеңе алып кет. Күнде сағат онда бөлмеге кеп, қымыз ішіп тұр. Ұмытпа, – деп орнынан қозғалды.
Дастарханды жиып, бес литр қымызды алып, төртінші қабаттағы бөлмеме келіп, енді түскі асқа жинала бастағанда есікті қағар-қақпастан Марат асыға басып кіріп кеп:
– Ғабеңмен не сөйлестіңдер, ей?. Тура сағат онда кіргенсің. Екі жарым сағат отырдың. Таң қалдым, – дей бергенде, есікті еппен ашып, жұмсақ басып Жұматай:
– Біздің де қатарымыздан Ғабеңмен үш сағат сөйлесе алатын адам шықты ғой. Тәубе. Сен үшін мен жуып берейін, – деп басталған шөлмекті ортаға қойды. Сөзіміздің аяғы жиылмай есікті сатыр-сұтыр ашып:
– Қазақ жазушыларының арасында Ғабеңмен мен ғана бір сағат сөйлесе алатынмын. Ал, сен тура екі сағат қырық бес минут отырдың. Сонда, не сөйлестіңдер, ей?, – деп екпіндей сөйлеп Сәкен (Жүнісов) ағамыз кіріп келді.
– Енді мәселе көп қой. Қазақ әдебиетінің, әлем әдебиетінің даму бағдары деген сияқты…, – деп жорта жөнелдім… Е, абзал аңғалдарым-ай, менің тозақ пен жұмақтың арасынан шыққанымды қайдан білсін.
Сөзімде тұрып, Ғабеңнің бөлмесіне күнде сағат онда барып, қымыз ішіп тұрдым. Кейде өзі жоқта, бөлмеме алып та кететін болдым. Сөйтсем, осы сынақтардың барлығы Ғабеңнің мені өзімсінгені екен ғой. Ол кісінің әзілі мен мысқылы аралас, мысқылы – әзілге бергісіз, әзілі – мысқылға бергісіз астарлы емеуіріндерін дер кезінде терең түсіне алмағаным өкінішті. Өзінің Мылқау палуанға қарата «ол халықтың тілсіз өкілі» – деп айтқанындай, Ғабең де – дегдар Ғабит Мүсірепов те ұлтымыздың астарлы-емеуірінді, тылсым тұлғасының нақ өзі еді. Шіркін, сол емеуіріннің қаншасының астары ашылмаған күйі кетті десеңші!
Ал, керейлердің еш жазығы да, бұл араға қыстырылатын себебі де жоқ еді. Онда қазақтың нағашы-жиендерінің, жезде-балдыздарының арасында дәстүрге айналып кеткен жарасымды базына ғана бар. Оның тағдырлы ілігі мынада: менің 16 жастағы әкем Құдакелді атты шабарман бозбала 1918 жылы 24 көкекте Ахмет Байтұрсыновтың хатын Алаш жігіттерінің (әскерінің) сардары Садық Аманжоловқа жасырын апарып беріп, жауап алып келгені үшін қамалған кеңес түрмесінен үш рет: әуелі отыз екінші жылы Алматыдағы Тастақтағы түрмеден, содан кейін Аякөзде қолға түсіп, Шолпандағы қызыл әскер лагерінен, одан сытылып шыққанда тура шекарада ұсталып, үшінші рет Мақаншыда ебін тауып сытылып шығыпты. 39-жылы Ике Әділев пен Зият Шәкәрімовтың қатарында тағы да ұсталған. Бағына орай, сол кезде (1936) Семейде Ет комбинаты ашылып, оған түрме мекемесі де мал өткізуге міндетті болады. Төрт қиырдан – Ноғайсібір мен Монғолияның, Ақмола мен Шығыс Түркістанның аралығындағы айшылық алыс жерден жиналатын малды көктемде жиып, семірте жайып Семейге айдап әкелу үшін жол мен суатты, малдың жағдайын жақсы білетін адам іздегенде, әйгілі қашқын Құдакелді естеріне түсе кетеді. Міне, содан бастап оның «сандыбадтық сандалысы» басталады. Әуелі шешем Хадиша қоспен қоса көшіп жүреді. Он үш құрсақ көтерген екен. Он бірі жолда шетінеп кетеді. Бір қызын (Айымхан) аман сақтау үшін немере ағасы Ескендір бауырына басады. Содан ел арасында: «Хадишаның жатыры қағынған. Бала тоқтамайды» – деген қазақы сумақай сөз тарайды. Жастары да елуге жақындап қалған кез. Содан мен бойына біткенде шешемнің шешесі, керей қызы Нухан қыстауда жалғыз қалған шешемнің қасына келіпті. Іле сіңілісі Туханды шақыртып алады. Бір бөлмені шымылдықпен екіге бөліп, мен туғанда шешемнің өзіне де көрсетпей етегіне салып, сол шымылдықтың ішінде ешкімді кіргізбей бағыпты. Емшек емізбек түгілі Хадишаның шымылдық жаққа қарағанын жақтырмайды екен. Сөйтіп, емшек сүтін ембей, бір бөлмеде тұрсақ та ата-анамды жатырқап, бес жасыма дейін керейдің екі қызының әлпештеуінде болыппын. Әжесінің баласы ерке келеді. Тілім шыға салысымен «керейлету» басталды. Әуелі: «Керей елдің серкесі» дегеннен басталды, ақыры елу бес-елу алтыншы жылдары Нухан мен Тухан әжемнің ақсақалды-қарасақалды, түбіт мұрт туысқандары іздеп келгенде, «керей сақнасына» ашық шықтым. Қойны-қонышымды көрімдікке толтырып: «Кәне, әжесінің баласын көрейік» – деп қауқылдаса ұмтылғанда менің «керейлетуім» де басталды. Қазір де айтуға қымсынамын, керейдің қос қызы – әжелерімнің үйреткен боқауыздарын әр қайсысына арнап сықпыта жөнелдім. Ренжу қайда, керейлерім одан әрмен өзімсініп: «Өзімізге тартқан екен» – деп қойып бұрынғыдан бетер бауырына басады. Көкдөнен тайды бәсіреме беріп, өздері үйретіп беріп кетті. Екі әжемнің көзі жұмылған соң мен әке-шешемді саяқси жатырқап, «қияңқы ұл» атанып, үйге жоламай ел кезе беретін едім (Ол кезде ел іші еркінси бастаған). Бәрі де: «Ой, әжесінің баласы келді» – деп қауқылдасатын, ара-арасында «керейлетіп» боқтағанымды айтқызып, қарқылдаса мақтап, шақпақ қант беретін. Мен мәз болам соған. Мұндай өтінішті керейлердің өздері де жиі айтқызып: «Қайран, намысқой Нухан мен Тухан апайымыздың көзі ғой. Елін, бізді ұмытпасын деп үйретіп кеткен екен-ау» – деп кәукілдесетін және өле-өлгенше (Ғабеңмен «керейлеткен» кезде көздері тірі болатын, айтып бергенімде: «Есемізді бір қайтарған екен!» – деп иықтары көтеріліп қалған) алдымнан жүгіріп шығып, киімімді іліп, төріне шығарып, бәйек болатын еді, жарықтықтарым. Менімен қатар оқыған ұл-қыздары намыстанып: «Бізді неге сөйтіп еркелетпейсіңдер осы» – деп күйіп-пісетін. Мен одан бетер марқадамситынмын. Кейін әдетіме айналып кетті. «Керейлетпесем» олар да «ренжітіп алдықпа» деп бәйек болады. Ал, «керейлетпесем», ана екі әжемнің әруағы риза болмайтындай өзімді кінәлі сезініп, қоңылтақсып қаламын. Ал, Баянғали сияқты «жиендетіп, жезделетіп» желетін қуларды бидайша қуыра жөнелем. Өзім, содан екі әжеме қатар еркелегендей масаттанып, рахаттанып қаламын. Содан ғой, Баянғалидың құрған қақпанына түсіп, Сафакеңнің қармағына ілініп, арыстанның ауызына түсіп жүргенім.
Несі бар, қазақы дәстүрлі тағылымның арқасында Ғабеңнің қолынан дәм таттым, бір апта бойы қымызына қандым. Ол да, 40 шыбар тайға болмаса да, 40 серкештің біріне татитын олжа. Әй, Ғабем-ай, өзімсіп отырып бауырыңа үнсіз тартып, мысыңмен тұншықтырдың-ау! Несі бар, қай жиен ел боп жарытқан дейсің? Біз де соның біріміз. Бір дулы мәжілістен шыққанда Ғабеңе сәлем бергенсіп, еңкейе беріп: «Ғабе, ана «керейлетудің» мәнісі былай» – дей беріп ем: «Білем» – деді. «Оған себепкер менің үлкен әкем Ахаң – Ахмет Байтұрсынов» – деп сыбырлап үлгердім. «Солай ма?» – деп сондай бір маңғаздықпен ұзақ қарап қалды. Сол кезде Сафакең кеп қолтығынан демеп, бұрып әкетті. Ғабеңді ту сыртынан бағып мен қалдым. Демек, бұл «дәстүрсіз дәстүрдің» себебін Ғабең сол кезде-ақ алдын-ала біліп алған болды ғой. Өйткені, барлаушылары сенімді, ұқыпты, тиянақты, өтімді адамдар.
Уа, қайран сылаң сері Сафакем-ай (Сафуан), өстіп те додаға сап жібердіңіз-ау. Рахмет, тәлімді тәсіліңізге! – деп қазір де ризашылықпен еске аламын. Ал, Баянғали ма, Баянғали Астанаға ауысқан соң, ес кіріп, «сіз, біз» дей қалыпты. Әй, айызымды қандырып тұрып сыбағасын беріп ем, қазір тілі қайтадан кәлимаға келіп, «бәрі апайымыздың арқасы» дегенге қайыра көшті. Е, бәсе, бір керейді бас білгі жасауға әлі де жарайды екеміз.
Тәубә. Тек, қиылып тұрып өтінерім, мына мен жазған керейдің – қазақтың руына да, рулы елге еш қатысы жоқ. Жәй, өзімсініп «керейсінген», керейдің қос қызының құшағында бес жыл бойы иісі мен тері сіңіп, ақ сүтін еміп, күнін көрген сіңбенің сүйкемесі ғана деп қабылдаңыздар.

«СУЫҚ ШӘЙ ІШІҢДЕР!..»

Бұл суық шәй мен үшін кәдімгі жәй «суық шәй» деген сөз емес. Тұла бойыңа қан тарататын ыстық шәй да емес, өзегіңді қарып, мұңға батыратын «суық шәй» деген сөздің өзі ғана. Өйткені бұл – мен естіген, Ғабеңнің бақыттың буына балқып, көңілі шалқып, сондай бір ризалықпен бейуаз күйде, шынайы раймен астарлап, емеуіріндетіп айтқан соңғы сөзі. Қалай екенін білмеймін, әйтеуір Ғабең мені адам күтпейтін тосын сәттерде қыл тамырдан ұстай қояды. Әйтпесе, түнгі сағат он екі жарымда шырт ұйқыдан кім оятып алады. Телефон ұзақ шырылдап тұрып алды. Мезгілсіз қоңыраудан секем алып, жылдамдата кеп, сергектеу күймен: «Иә!» – деп едім, ар жақтан егде әйел адамның ширақ еркін дауысы естілді. Бірден: – Әй, Тұрсын, бұл Ғабит Мүсірепов ағаңның үйіндегі Ғазиза апайың. Түн ортасында мазалағаныма кешір. Ғабең жұмсап отыр. Ғабеңнің ана Раядан туған үлкен қызының ертең ұзату тойы. Соған сені шақыр және ана әнші Жәнібек досың екен ғой, соны ертіп келсін. Оның өзінің дербес шақыруы бар. Тізімде. Еркеғали басқарады, Жәнібек қостайды. Сен қазір Жәнібекке хабарласып, жауабын бер. Үйге хабарлассын. Күтіп отырамыз Ғабең екеуміз. Біздің телефон номерімізді жазып ал. Ал, сенімен Ғабең сөйлесемін дейді, – деді. Ар жақтан: – Иә, бұл – менмін, Ғабит Мүсірепов. Естідің бе? Ана Жәнібекке айт. Қазір маған хабарлассын. Күтем. Өзің де кел. Қалып қоймағын, – деп құлақшынды Ғазиза апайға берді. Ол кісі жаңағы сөзді тағы қайталап: – Еркеғали екеуі тойды жүргізсін деп шешті, Ғабең. Жәнібек қазір хабарлассын!, – деп нығарлап тапсырма берді.
Түн ортасында Ғабең хабарласады, тойына шақырады деген үш ұйықтасаң түсіңе кірмейтін мұғжиза ғой. Содан апыл-ғұпыл Жәнібекке телефон шалдым. Оның ұйқысы қатты еді. Шырылдатып тұрып алдым. Бір уақытта: – Иә, кім түн ортасында адамның мазасын алып тұрған? – деп ренжулі тіл қатты. Онысын елейтін мен бе: – Ей, Кәрменов, ұйқыңды аш. Бұл менмін. Жаңа ғана Ғабең – Ғабит Мүсірепов звондады. Сені іздеп жатыр. Дәл қазір хабарлассын дейді. Күтіп отыр, – деп ем: – Ей, Жұртбаев, қалжыңдайтын адамды тапқан екенсің. Ғабең сен екеумізді қайтеді, ей. Түн ортасында іздеп. Біз кімбіз, Ғабең кім? Басты ауыртпа, – деп трубканы қоюға ыңғайлана берді. Енді қайттім, дауысымды баяулатып, барынша түсіндіріп, тойының жайын айтып, Ерағаңның – Еркеғалидың тапсырмасы екенін айтып, Ғабеңнің телефон номерін айтып, әйтеуір, сөзіме сендірген болдым. Енді қайтемін, Ғабең болса ол күтіп отыр! Бес минуттан кейін қайта хабарласып ем, әлі сөйлеспепті. – Жаңа Ғазиза апай тағы хабарласты сені сұрап. Күтіп отыр. Ұят болады, – деп мен де дауысымды қаталдау шығарғансыдым. Телефон номерін қайталап айттым. Екі оттың ортасында қалды деген осы. Сағат бірден асып барады. Тықыршып-ақ кеттім. Жәнібекке тағы да телефон шалып ем, дауысы ширақ шығып: — Ей, Жұртбаев, кешікпе. Бір сағат бұрын кел, – деп трубканы қоя салды. Енді уһ дей бергенде, телефон тағы шырылдай жөнелді. Ғазиза апай екен: – Әй, Тұрсын, Жәнібек хабарласты. Ғабең рахметін айтып жатыр, – дегенде барып көңілім орнына түсті. Жұматайшалап: Біз де Ғабеңнің жұмсауына, Жәнібекті жұмсауға жарап қаппыз ғой – деп миығымнан бір жымиып алдым. Енді қалай, ұлы Ғабеңнің өзі түнгі сағат бірде тойға шақырып отырса. Әрине, бедел де, себепкер де, елетіп отырған да Жәнібектің ұлы дауысы екенін білемін. Дегенмен…
Той Ғабеңнің үйінің маңындағы елеулі лауазымдылардың аспұзылда­рының бірінде өтті. Басталуға бір сағат қалғанда жаңағы аспұзыл-дың алдындағы алаңқайдың ауа райы да жадырап, әуселесі де көтеріліп сала берді. Тұс-тұстан киімдері көздің жауын алатындай жарқырап, сондай бір сері кербездікпен сырбаздана басқан әр жастағы жұптар, әдеттегідей жалпылдап құшақтасып, дабырлап амандаспай, бір-бірімен бас изесіп, баяу сөйлеп, еппен басып тойханаға беттеп келеді. Аға қаламгерлерді көре сап, алдынан жүгіріп шығып, жалпылдай бастап ем, анадай жерде қабағын тыжырына түйіп, көзін өңменімнен өте қадап Жәнібек тұр екен. Атымның сыры өзіме мәлім. Бойымды жиып, ақырын сытылып шығып, оңашалана бердім. Бір сағат бұрын келгенімде айтқан нұсқауы есіме түсті. Кісілердің алдынан жалпақтап шықпай, әдеп сақтап, ақырын сөйлеп, үнемі Ғабеңнің қас-қабағына көз салып отыруым керек екен. Бұл, сынақтан Жәнібек бозбала кезінде өтіп алған. Тіпті, ер мінезді, еркін сөйлейтін Хамаңның да (Хамит Ерғалиев) дауысы пәс. Ал, атақты өнер адамдарының өздері иіліп-қайысып тұр. Оларды иілтіп қойған өзге емес, Мәдениет министрінің өзі Еркеғали Рахмадиев. Олардың әр қимылын бақылып: «Шолжаңдамаңдар! Әдеп сақтаңдар» – деп жатқанын бағана естіп қалғам. Тікелей бастығым емес, еркіндей басып қасына бара беріп ем көзімен ата қарап: «Үй, сенсің бе, Жалпақпай» – деді. Жәнібек министрінің қаһарынан қорғамақ боп: «Ғабеңнің өзі шақырған» – деп еді, «Білем! Кейін!» – деп бетін бұрып әкетті. Ер-ағаңның «Кейін» деп «кейіндеткенінің» кілтипанын «кейін», жиырма бес жылдан «кейін» бір-ақ түсіндім. Ол дербес хикая «кейін» баяндалады.
Сонымен, қонақтар ерте жиналып, үлкенді-кішілі боп қаз-қатар тізіліп тұрып жатыр. Жәнібек мені қақпайлап босағадағы қалтарыстау жерге апарып: «Осы арадан қозғалма. Бірдеңені бүлдіресің. Оңаша отырамыз екеуміз» – деді. Қуанып кеттім. Мына сызылған серілердің қасында қашанғы сызылып тұрам. Бір уақытта Ер-ағаңның қатқыл дауысы естілді. Бәрі тізіле қалды. Есіктен маң-маң басып Ғабең кіріп келе жатты. Көпке ишара жасап, үлкен жазушылардың қасында сәл аялдап, төрге озды. Әркім орнына барып, қашан Ғабең отырғанша тік түрегеп тұрды. Содан кейін орындықтарының дыбысын білдірмей жапатармағай бір сәтте отырды. Бұл неткен әскери тәртіп. Ер-ағаң шешендете қысқа қайырып, Ғабеңе сөз берді. Ғабең орнынан тұрып, құлақ тұнған тыныштықтың өзінде әрең естілетін созылыңқы дауыспен: «Иә, осылай болды. Қыз ұзатып жатырмыз. Бұл қызық дастархан болып тұр. Иә! Алдағыларыңды алып отырыңдар!» – деп орнына отырды. Енді, Ер-ағаң мен Жәнібекке тізгін тиген соң, ауа райы желпіне бастады. Ән айтылды. Ғазиза апай мен Рая жеңгеміз дастарханды аралап, әр кіммен ләм десіп, маған: «Келдің бе? Дұрыс болды» – деп орындарына барды.
Қозғалған, шанышқы ұстаған, дәм ауыз тиген бір адам жоқ. Бәрі бастарын төмен сап отыр. Ғазиза апай Ғабеңе сыбырлап еді, Ғабаң маңғаздана орнынан тұрып: «Бұл қызық дастархан дедім ғой, жаңа. Жаңа заң бар. Хамит! Саған қиын болды ғой. Иә, алдарыңдағы шәйнектегі суық шәйдан ішіп отырыңдар. Ал, Хамит! – деп орнына отырды. Ер-ағаң Ғабеңнің алдындағы шәйнектен кішкене кесеге «суық шәй» құйды. «Ал, Хамит!» – деп күліп өзі ерніне апарды. Қамаң да түсіне қойып, кесеге «суық шәйді» толтыра құйып, тартып жіберді де: «Түу, Ғабе! Суық шәйіңіз шығымды да, жұғымды екен!» – деді. Ғабең миығынан күліп, ризалығын танытты. Сол-сол-ақ екен, ұзына дастарханда бағанадан бері мұрны пұштиып, көкке түштиіп қарап тұрған шәйнектер ерсілі-қарсылы, арлы-берлі қозғалып кетті. Жұрт жапатармағай кесеге қолдарын созды. Іле бағанағы өлі тыныштық бұзылып, жұрт жамыраса сөйлесе жөнелді. Тура сол күні, демек сәуірдің бірі болуы керек, «ішімдікке тиым салынған» заң шығып, дастарханға ащы су қойылмайтын болыпты. Ғабеңе ол заң ұнамайды. Тегін адам министр бола ма, Ер-ағаң амалын тауып, әр столға бір шәйнек қойдырып, ішін «суық шәйға» – коньякқа толтырып қояды. «Қой, Ғабеңнің суық шәйінен ішейік!» – деп жымыңдасып қойып, Жәнібек екеуміз де дәм татып едік-ау!
Үнсіз жымиыспен, сондай көңілді өткен тойды бірінші және соңғы рет көруім осы. Сөйтсем, Ғабең жалғыз менің ғана емес, барлығының мысын басқансып отырып, миығымен риза етеді екен ғой. Өкінішке орай, жүздеген адамды сусындатқан «Суық шәй» деген сөз Ғабеңнің аузынан естіген соңғы сөзім болды. Бір жарым-екі сағаттай уақыттан соң Ғазиза шешей Ғабеңді сүйемелдеп, Ер-ағаң қолтықтап, созалаңдай, ырғала басып есікке беттеді. Шаршаған шығар – дестік іштей. Есікке таман тақап, артына жәймен бұрылды да, қош! – дегендей қолын сәл көтеріп, ту сыртын беріп сыртқа шығып бара жатты. Бұл да Ғабеңнің сұлбасын соңғы көруім екен. Отырыс ұзаққа созылмады-ау деймін. Жәнібек екеуміз үйге қайттық.
Тағы да сағат он екілердің мөлшерінде телефон шырылдап сала берді. Ғазиза апайдың дауысы:
– Тұрсын, Ғабең он жарымға таман диванға жантайып еді. Содан қимылсыз жатыр. Дәрігер келді. Инсульт. Сен маған Қалдарбектің (Найманбаев) телефонын тауып берші. Не өзің де айт оған. Ана Совминнің ауруханасының бастығына айтсын, – деді абыржулы күймен.
Сілейдім де қалдым. Қуаныш пен қасіреттің арасы осыншама тез бе еді. Іле кеш те болса амалсыз Одақтың бірінші хатшысы Қалдарбек ағаның үйіне телефон шалып ем, дауысымды тани қойған Қалекең:
– Тұрсын, білемін. Естідім. Міне, ауруханаға шығып барамын, – деді.
Ғабеңнің жанын Қалекең алып қалатындай боп, бір түрлі сабырлы қалыпқа түстім. Бірақ, мазасыздық таңға ұласты.
… Түстен кейін одақтағы Әлжекеңнің (Әлжаппар Әбішев) бөлмесіне бардым. Екі қолымен екі шекесін шеңгелдей басып отырған күйі басын шайқап:
– Қиын!… Қиын! Әй, Ғабеңнен айырылып қалмасақ еді осы. Қиын! – деп күңірене жөнелді.
– Қалдарбек Бас дәрігер Айтқазинге айтып, жеке бөлме, жеке медбике, жеке күтуші бөлдіріпті. Олар Ғабеңнің қасынан бір сәтке де шықпауға тапсырма алыпты. Кісі танымайды. Құр сүлесоқ жатыр. Тек екі көзінен саулаған жас тиылмай жатыр екен. Айтқазинге: «Тым болмаса бір ауыз бақұлдасуға болатындай күйге келтірші. Еліне өсиетін алып қалайық! – дедім. Әй, қиын – деп күңіренумен болды Әлжекең.
Үшінші күні Әлжекең желпініңкіреп отыр екен:
– Кеше Айтқазинге: Ғабеңнің көзінің жасын тиюдың бір амалы бар сияқты. Бұл кісінің жасын тиса – сұлу әйел ғана тияды. Ауруханаңдағы ең сұлу, кербез, әдепті, қазақша жөн білетін бір келіншекті тауып, қасына отырғызшы. Ғабеңнің текті, кербез, кірпияз екені рас болса, міндетті түрде намыстанып, көзінің жасын тияды, – деп ем, ол көнді. Бүгін барып ем, расында да келісті келіншек екен. Ғабең де көзінің жасын тиыпты. Қолын ұстап отыр екен. Енді тілге де келіп қалар – деді.
Төрт-бес күн өткеннен кейін тағы да Әлжекең:
– Ой, бүгін олжалы болдық. Қалдарбек, Мұхтар Мағауин, Мұхтар Шаханов төртеуміз барып ек. Тілге келіпті. Сұлу келіншектің алақанына алақанын салып отыр. Соны пайдаланып: – Ғабе, халқыңа өсиет айтпай кеткеніңіз жараспайды. Мына Мұхтар жазып алсын. Асықпай айтып беріңіз, – деп ем, келісті. Мұхтар жазып алды. Тіл! Тіл! Қазақ тілі – деп көп айтты. Әй, әулие Ғабем-ай! – деп көзіне жас алды Әлжекең.
Сондағы Ә.Әбішев, Қ.Найманбаев, М.Шахановтың көзінше Мұхтар Мағауинге айтқаны:
«Кешегі өткен Ғабиден досқа: «Енді екі жыл жүрсек жетпей ме?» – дегенім бар еді. Сол мөлшерім – мөлшер болды. Қойны суық қасиетті қара жер құшағына, міне, мен де кеткелі жатырмын.
Үмітпен, күреспен, сеніммен өткізген ұзақ ғұмырымды қорыта қарасам: қуанышым да, ренішім де мол екен. Жаңа қазақ мемлекетінің биік туы менің көз алдымда көтерілді. Бүгінде күллі әлем назары ауған іргелі елге айналдық. Бірақ, әдебиет пен өнер ұлы болмаған жағдайда, ұлт ұлы боп есептелмейтінін ұмытпайықшы. Жан сүйсінтер бірлік жоқ жерде – саналы тірлік те жоқ. Кейде мыстың алтынға, қыранның қарғаға телініп жататыны осының кесірі. Үлкен өнердің – үлкен, таза мінезі болуға керек. Өзім іргетасын қаласқан қазақтың ата әдебиетінің атынан, өздерің қадір тұтқан алыптар тобының атынан өтінемін: мені соңғы сапарға шығарып саларда осы ақтық тілегімді еске алыңдаршы.
Қалам ұстауға халім болмағандықтан, хатты Әлжаппар мен Мұхтарға айтып жаздырдым.
Ал, қасиетті елім, жерім, қиыспас дос-жаран, ағайын-туыс, сәулелі жас ұрпақ, хош, хош болыңдар! Тілім аманат.
Ғабит Мүсірепов».

Бұл сөз Ғабеңнің өзі: «Жазушы қай күні жазуды қойса, сол оның өлген күні. Жазушы қай күні қаламын тоқтатса, оның өлген күні сол, одан кейін жасамаса да болады» («Күнделіктен», 148-бет), – деп жазған «ант мезгіліндегі» әулиелік үкімі болды. Иә, «қолдан қаламың түспесін деген сөздің мағынасы да осы. Ғабең өзінің бақи болар сәтінде де, қалам ұстауға дәрмені келмесе де, тілін күрмей сөйлеп, соңғы демімен: «Қандай жағдайда болсаң да, өз қамыңды ойлай отырып жазсаң, ең алдымен ақын-жазушылығыңа кесафаты тиеді. Олай істегенің – өзіңді-өзің қылмысқа сүйрегенің» («Күнделіктер», 153 бет)», – деген сертіне жетіп, бұл «кесефат пен қылмыстан» бойын саф таза ұстап, «Елім, тілім!» – деп ұлтына қызмет етіп жатыр о дүниеге сапарлап кетті.
Кербездік пен кірпияздық, әйелге деген сырбаз серілік Ғабеңнің сүйегіне сіңген асыл қасиет, киелі мінез екен. Оны өзінің өлімімен де дәлелелдеп кетіпті. Күтуші келіншек те Ғабеңе бауыр басып кетіпті. Қас-қағым жалғыз қалдырмапты. Бір сәтте Ғабең: – Өтінем, Сен сәл шыға тұршы, – депті. Қиыла айтқан сөзін қимай, есікті сыртынан жауып тұрып, екі-үш минут аялдап қайтып кірсе… Ғабең жүріп кетіпті. Соңғы ант мезгіліндегі жанталасты әйел затына көрсетуге намыстанып, ақ өліммен аттаныпты.
Неткен заттылық! Қандай керім кербездік, қандай таза кірпияздық десеңші. Осы ақтық ант мезгіліндегі мінезімен де Ғабең – Ғабит, Ғабит Мүсірепов боп мәңгі бақилық кепиетті тұлға болып қала береді.
Өзінің сүйегін шығарғанда: «Маған «Ақ-Баян» (Көрпештен) жаназа үйім болса басқаны тілемес ем»» («Күнделіктен», 90-бет), – деп өсиет етіп кетіпті. Ғабеңнің жаназасында «Ақбаян» зары орындалды ма, жоқ па — дәл есімде жоқ. Әйтеуір, симфониялық аза орындалғаны анық.
Қош, мысы басым, миығы салмақты, емеуіріні тылсым, астары терең сөз Киесі!

«ҚАРА ШАЛЫМДЫ САҒЫНДЫМ!..»

Шындығын айтсам, Ғабең дүниеден озғанда көңілім құлазып, озанды сарын кеудемде сазып, толқымалы күй кешкенмен де, көзімнен жас шықпап еді. Сөйтсем, ол көздің жасын өзінің ұзаққа созылатын миығымен санамның түкпірінде үнсіз ұялатып кеткен екен. Ұялағаны сол емес пе, тура жиырма бес жыл өткен соң оқыстан өксітіп, Ғабеңе деген сағыныш көзімнен ыстық жас боп ыршып кетті. Созатын несі бар, бәрі де сол баяғы емеуірінмен айтқан, кезінде тура мағынасында жеңіл қабылдаған: «Мен де кереймін-ғой», «Енді Еркеғалиға бар. Тапсырып қоямын», «Сен де кел», – деген астарлы сөздерден басталыпты. Ол сөздердің мағынасы жиырма бес жылдан кейін ашылатынын, ал Ер-ағаңның (Еркеғали Рахмадиев): «Кейін айтам» – деп кейінге қалдырған емексітуінің мәнін 2012 жылы қоңыр күзде ғана түсіндім. Ал, Ер-ағаң болса, оны соншама уақыт оны ішіне бүгіп жүріпті. Тым еркелетіп, бойына жақын ұстап, қандай алқалы, лауазымды мәжілістерде де жанына шақырып ап, кейде Клара жеңгемізге: «Менің ең ет жақыным осы» – деп күбірлеп, ал моншада апта сайын арқасын ысып беретін күйеу баласы Несіпбекке: «Сенен мынау жақын» – деп емексітіп қоятынынан бір жақындықты сезгеніммен, нақты жіп таға алмай жүретінмін. Бірақ, еркінсуімді барған сайын үдете бердім. Еңбек Ері атағын алғанда дер кезінде құттықтай алмай, кешіккен сайын ыңғайын таппай ыңғайсызданып жүр едім. Бір жолы сол кездегі Астананың әкімі Иманғали Тасмағанбетовтің қала жұртшылығының алдында есебі тыңдалды. Ер-ағаңды көре сап: – Айыбымды кешіңіз, – деп жортақтай жөнелдім. Жөндемі ғана қабылдап: – Жиналыстың соңынан қашып кетпе. Мені күт, – деді бұйрық раймен. Шыққан соң күтіп тұрдым. Несіпбек те көлігін көлденең тарта қойды. Сарыарқаның бойымен үйіне келе жатып «Гурман» деген кафені көргенде тоқтатты. Несіпбек те түсе беріп еді: «– Сен кете бер. Біз оңаша сөйлесеміз», – деді. Несіпбектің көзі бағжаң етіп, ырықсыздау басып көлігіне беттеді. Кафеге кірдік. Оңаша орынды таңдады да:
– Сен қозғалма. Сенімен бір оңаша отырғым кеп жүр еді. Бүгін мен сыйлаймын. Не қаласаң де еркің, қысылма. – деді.
– Өзіңіз не қаласаңыз, соған разымын, – дедім байыптанып. Тапсырысты өзі берді. Сүтті шәй алдырды. Сусынды өзі құйды. Сөйтіп, күтушіге жарыдым да қалдым. Сөзі тіпті сыпайы, бірте-бірте көңілі босаң тартып, көзіне шық үйіріле берді. Қанша можантопай болғаныммен де, бір кісініің көңіл алаңын түсінетіндей түйсігім бар ғой. Қалай сергітудің амалын таппай, әлгі үйреншікті «керейсінуге» салып:
– Ер-аға, бір сұрайтын сұрағым бар еді. Міне, жиырма бес жылдан асты, менің асты-үстіме түсіп, сый көрсетесіз де жүресіз. Айтыңызшы, менің қай кісілігімді құрмет тұтасыз? – деп турасынан кеттім. Көзі адырая қарады да:
– Үй, сені адам деп кісі сыйлай ма! Өзім… қара шалымды сағынып жүрсем, – деп кемсеңдеп қоя берді.
Сасып қалдым. Ер-ағаңның марқұм әкесі тоқсанға келіп қайтқан. Дүниеден озарында мені сұратыпты. Әкесінің сол тілегін орындай алмағаны үшін өкінеді екен ғой – деген ой келіп:
– Шіркін, нағыз асыл керейлер солар ғой, – дей беріп ем:
– Кетші-ей, өзің. Қара шалымды, ағамды сағынып жүрмін дедім ғой. Түсіме кіреді. Менің де алдына баратын уақытым жақындап қалды. Сонда: Анаған айтқан аманатымды орындадың ба? – десе не деймін? Содан сенің алдыңнан бір өтейінші дегенім емес пе, ақымақ, соны да түсінбейсің бе? Ағамды, Ғабеңді сағындым! — деп өксіп жібергені.
Мен де тұла бойым шымырлап, Ғабеңнің: «Еркеғалиға тапсырып қоямын» – дегенінің астарын, Ғабеңнің сол бір ауыз сөзін жерге тастамай мені 25 жыл бойы шолжаңдатып келуінің себебін енді түсініп, қыстығырыла өксіп жібердім. Қысық көзімнен ыстық жас ыршып кетті. О, бұл неткен аға-бауырлық ыстық сезім. Өзі сексеннен асса да ағасын – Ғабеңді сағынып, соның аманатына адалдығын сақтап, менен кешу сұрап отыр екен ғой!
– Астафир-алла! Қандай қасиетті едің, Ер-Аға! Кешіңіз, мені, кешіңіз. Мен мешеу басқаша түсініп жүріппін! – деп булыға сөйледім.
Ол ойға шомған күйі біраз отырып қалды.
– Алдыңа барамын, аға! Көп қалған жоқ. Айтқан аманатыңыз міне отыр. Аға!.. – деп буалдыр тартқан көзілдірігін сүртті.
Демек Ер-ағаң: «Өзгеге өтетпес борыштар бар! Өзің өтемесең, өтелмес борыштар бар. Осында ғой мәселе» («Күнделіктен», 86-бет), – деп жазған Ғабеңнің «борыш» туралы ұстанымын білген. Бір ауыз тапсырма сөзін сол «борыштың өзі» деп қабылдаған екен ғой. Ғабеңнің бұл ұстанымын Ер-ағаң білген, әрине. Ондай «борыштың» ләміне мен жараймын ба, жарамаймын ба – «мәселе онда емес», мәселе аманатты борышты кімге «өтеуде» және ол адамның қалай өтеуінде яғни бұл борыш – Ғабең мен Ер-ағаңның арасындағы «соңғы арыздасу аманаты».
Ой, сондағы өкпе-бауыры езіліп тұрып елжірей егілгені-ай. Қайран қасиетіңнен айналайын ағаларым, бір-біріңнің қадіріңді қалай бағалай білгенсіңдер! Бізде оның иісі де жоқ. Бірге туған бауырлар да бірінің қадірін бірі осылай біле бермейді-ау! Мұңайған, жетімкөңіл қалпымызда орнымыздан тұрдық. Ер-ағаңның бауырына кіре қолтықтап үйіне шығарып салдым. Сәл мұңайып жерге қарап тұрды да:
– Қош! – деп бұрылып жүре берді.
Мен орнымнан қозғалуға шамам келмей, өксікке булығып біраз тұрдым. Үйдің есігі жабылғанда ғана барып есімді жиып, Ер-ағаңды соңғы рет көріп тұрғанымды түйсікпен сезгендей болдым.
Расында да араға айлар салып Ер-ағаң да дүниеден озды. Алматыдағы Кеңсайдан, Ғабеңе тұспалдау жерден орын бұйырды. Енді олар мәңгі және бақи дүниенің иесі Бір Алланың ғана алғауында, ағайынды рухты ешкім ешқашанда ажырата алмайды.
* * *
«Әрбір сөздің қыры бар, тұрағы бар, жотасы, тұрқы бар болуы керек» («Күнделіктен», 96-бет). Сонда менің бес рет-бетпе кездескенде естіген «Баста!..», «Сенбісің!..», «Тамаша!..», «Мен де кереймін ғой», «Суық шәй іш!..» деген бес ауыз сөздің «қыры», «тұрағы», «жотасы», «тұрқы» қандай болды екен? Соны дұрыс байыптай алдым ба, жоқ па — ол да дәркүмән. Тылсым тұлғаның емеуіріні мен астарын дұрыс ажырата алдым ба, білмеймін. Бірақ Ғабең, Ер-ағаңның ағасы Ғабит Мүсірепов тұспалдаған, мен түсінген емеуіріннің астары осындай. Жеткізе алмаған емеуіріндерді сіздер өздеріңіз жеткізіп алыңыздар деп емеуірін етуден басқа амалым жоқ. Алайда миығының меже-сұлбасы бұлдыр да болса бағдары дұрыс болуы керек. Дұрыс болуы тиіс! Иә, Ғабең айтқандай, біз де: «Кәріліктен де, жастықтан да сақтанатын жаста тұрмыз» («Күнделіктен», 110-бет). Ең қауіптісі, ғайбаттан – өтіріктен, жаладан, сатқындықтан сақтаса екен, Жаратқан. Қалғанының бәрі салауат.
Айтпақшы, күнара таңғы төртте оянған сайын Ғабеңнің: «Жылдың қай кезінде түнде көп ояна берсең сол кезде туған екенмін деп ойла» («Күнделік»тен, 176-бет), – деген сөзі есіме түседі, сол арқылы Ғабеңді әр таң сайын еске аламын. Ғабеңнің өзі қай мезгілде жиі ояна берді екен, оны сұрау есіме келмепті.


(Жалғасы келесі санда)

Тұрсын ЖҰРТБАЙ




ПІКІР ЖАЗУ