АДАСЫП ҚАЛҒАН АҚБӨКЕН

Мына жарық дүниеге сыймай кеткен ақынның бірі – Серік Томанов. Оның әр өлеңінің әр жолы өзі өмір сүрген уақыттың бет-бейнесі сияқты еді. Қоғам оған, ол қоғамға жатсырай қарады. Ілгеріде орыстың ұлы суретшісі Серовқа замандастары портретін салдыруға онша әуес болмаған деседі. Себебі, суретші объектінің ең бір сүйкімсіз, көңілге қонымсыз тұсын соншалықты шынайы бейнелейтін болған. Біздің Серік Жапарұлы да дәл сол Серов сияқты заман ауанын, сол заманда өмір сүрген үлкенді-кішілі лауазым иелерін, көшеде қалған руханияттың ішкі әлемін дәлме-дәл өлеңге айналдырды. Оның алғашқы кітабының аты да «Адасып жүрген ақбөкен едім» деп аталуы тегін емес. Ол алмағайып кезенде, құйтырқы қоғамда өз бағытынан адасып қалған ақбөкен сынды еді. Шындығында адасқан ақындар емес, бағытынан жаңылған қоғам болар, сірәда!
Серік Томанов қырық жеті жасында инсульт алып, мезгілсіз дүниеден көшті (ол ортамызда жүргенде, биыл 70 жасын атап өтіп жатар едік). Оның атом бомбасы сияқты басына екі мәрте ота жасалды. Ота сәтсіз болды. Маған Серіктің миы мына жалған өмірдің әділетсіздігіне төзе алмай жарылып кеткен сияқты көрінеді.
Серіктің ғұмыры көшеде өтті. Ол солай бола тұра өзінің ғазиз елін, әзиз жұртын алапат махаббатпен сүйді. Серік ащы өмірдің уын балға балады. Серік кермек тағдырдың зарпынан заһармен тандай жібітті. Қасым, Мұқағали, Төлеген, Жұматайлар тәуекел еткен қылкөпірден Томанов та айналып өте алмады.
Томанов томдарға жүк болатын ғұмыр кешті. Аңқылдаған ақынын асыл елі солайша жоғалтып алды. Алайда, Серіктің жұлдызы жарқыраған шоғырлы жырлары әлдеқашан ғарыштағы Құсжолына көшіп алған-ды!

Маралтай

ҚЫЗЫЛ КӨЙЛЕК КИГЕН ҚЫЗ
Қызыл көйлек киген қыз оттай жанды,
Сол сол екен жанарым шоққа айналды.
Аяғымнан әл кетіп тоқтай қалдым,
Ал жүрегім… жүрегім соқпай қалды.

Лап берді де ыстық леп отқа орады,
Есер сезім еркімді ноқталады.
Құдайдың бір әйтеуір сақтағаны,
Қызыл көйлек киген қыз тоқтамады.

Қызыл көйлек қайтып сол көрінбеді,
Өшпей қалды өрт бейне көңілдегі.
Жанарымда біржола қалып қойды,
Лап бергені жалынның шегінгені.

Жүр де мейлі бекерге жоққа налып,
Жалтақтаймын сол жаққа көп қадалып
Шала жанған жігіттер жаман екен,
Өртеніп кетпеген соң отқа оранып.

ЖЫЛҚЫ АРТҚАН МАШИНАЛАР
Бір бұл емес – көргемін кеше де мен,
Белгілі жай бәрі де бесенеден.
Жылқы артқан машиналар өтіп жатты,
Жылымдай жылжи ағып көшеменен.

Аңғармады дегендей неге ел мені,
Арғымақтар қораптан елеңдеді.
Тетіктері темірден жаратылған,
Машиналар алайда бөгелмеді.

Қара жол қарс айырып бар алапты,
Машиналар бетке алды қала жақты.
Жалтылдап жылқылардың жанарында,
«Жигулилер» жарысып бара жатты.

Дүбірлеткен мына дөң, ана белді,
Қайран жылқы қай жаққа барады енді.
Жылқыны емес, қазы мен қартаны ойлап,
Қалың тобыр тамсанып қала берді.

Мынау ел нені күтті,нені ұмытты,
Менің ойым сан-саққа бөлініпті.
Мең-зең боп тұрып қалдым, машиналар,
Артып алып кеткендей серілікті…

СЕЗІМДІ ҚАЙТЕМ ТУЛАҒАН
Көзіңді қайтем қарайтын маған ұрлана,
Сөзіңді қайтем сиқырлы сазды думан ән.
Төзімді қойшы таусылмас сені күтуден,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған.

Күндерді қайтем сынаптай сырғып зулаған,
Түндерді қайтем ұйқымды менің ұрлаған.
Өзімді қойшы өзегін жалын өртеген,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған.

Көңліңді қайтем көрерде көзге бұлдаған,
Сенімді қайтем сенбесең егер шын маған.
Шынымды қойшы шындығым жатпас жүректе,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған.

Сырымды қайтем сыңар боп саған тумаған,
Мұңымды қайтем Мәжнүннің жолын қумаған.
Өмірді қойшы өтер де кетер өкінтіп,
Сезімді қайтем, сезімді қайтем тулаған.

БАСПАНА ЖЫРЫ
Жолықтым қалай мен ғаріп күнге,
Жоққа да, барға – мақұлмын.
Жалғыз бөлмені жалға алып, міне
Жамбас пұл төлеп жатырмын.

Көкейдегі ойды көп қозғамаймын,
Қозғасам болды – қаңғырдым.
Көргенде мені көккөз қожайын,
Көргендей болар мал-мүлкін.

Мұңы емес бұл мұң соқа басымның,
Сонда да қайтем шыдадым.
Отымен кіріп отағасының,
Күлімен қайта шығамын.
Сол боп тұр бүгін қамқор жан маған,
Өйткені, үйін жалға алдым.
Қалтаңдап келіп қағады арқамнан,
Қалтамды қағып алған күн.

Осылай міне он жыл шыдадым,
Мұң бар ма менің мұңымдай?!
Қожайын айтса қол қусырамын,
Берілген адал құлындай.

Тозақы өмірге төзгенімменен,
Талайды келіп бүрген-мұң.
Өгей боп, міне, өз елімде мен,
Өз жерімде өзім кірмемін.

Қорлыққа қанша көнгенімменен,
Қорқыныш та емес ол да аса.
Кім не айтса соны жөн көріп жүрген,
Көнбіс мінезім болмаса.

МЕН ӨЛСЕМ АСПАНДА БІР ЖАСЫН ӨЛЕР
Мен өлсем аспанда бір жасын өлер,
Сен сонда, басымдағы тасыма кел.
Тастай қаш, тіл қатпаса тасым егер,
Айғақтап өлмейтінін асыл өнер.

Мен өлсем, аспаннан
бір жұлдыз ағар,
Жыңғылдар бір бозарып,
бір қызарар.
Етегіңді соларға сырғыза бар,
Олар да айтар мен жайлы
мұңды ғазал.

Мен өлсем, жазылмаған
бір жыр өлер,
Кел сонда тұсамаса тірлік егер.
Басыма кеп бір жылап, бір күле бер,
Түбіңе жетті ме деп құрғыр өнер.

Мен өлсем меніменен бір ән кетер,
Мақамы Мұқтасар мен Құранға тең.
Сонда сен атымды атап, ұран көтер,
Сені көріп, рухым тебіреніп
Сол жерді солқылдатып
тұрар ма екен…
АҚЫН
Ақкөз ақын мен болсам,
Қызыл көз әкім сен едің.
Қой бағып мен қор болсам,
Қор болдың-ау демедің.

Қабандай боп жондандың,
Халықты алдап жеп жүріп.
Қаламдай боп мен қалдым,
Қағазымды кеміріп.

Қарын кетті сені ертіп,
Қанағаттан аулаққа.
Дарын кетті мені ертіп,
Қала жаққа, тау жаққа.

Сенің аузың салымды,
Тақтан таққа мінесің.
Менің аузымдағымды,
«Тақпақ па» деп күлесің.

Сенде билік, тақ болса
Мен бір – жүйрік қаламмын.
Алтынға сен апталсаң,
Халқыма мен алаңмын.

Мен – жүрекпін.
(Сол – артық)
Халқым үшін қайғы алдым.
Қос аяққа боқты артып,
Сен қарынға айналдың.

Мен – жүрекпін,
Сен – қарын.
Айырмамыз сол біздің.
Халқым білер ол жағын,
Мен малымды өргіздім.

Ақкөз ақынның ары
Атылса да өлмейді.
Қызыл көз әкімнің малы,
Сатылса қайтып келмейді.

ӨСІМДІККЕ ҰҚСАТАМ
МЕН ӨЗІМДІ
Мен де бір, өсімдік те бір сияқты,
Екеуміз де сүйеміз күншуақты.
Күндей күліп бір сұлу қарап еді,
Жүрегім жауқазындай бүршік атты.

Жарып шығып кеудемді өлең ізгі,
Өсімдікке ұқсаттым мен өзімді.
Екеумізді әлпештеп анамыздай,
Өле-өлгенше жарықтық жер емізді.

Екеуміз де жаралдық бір анадан,
Содан болар көңілде тұрады алаң.
«Араздасып кетпейік ағайын» деп,
Өсімдіктер қарайды мына маған.

Өсімдікпен өмірде бір тұрағым,
Қатар тұрып бүр жарып құлпырамын.
Екеуміз де ғашықпыз алтын Күнге,
Өйткені Күнге мен де ұмтыламын.

АДАСЫП ЖҮРГЕН
АҚ БӨКЕН ЕДІМ
Адасып жүрген ақ бөкен ем мен,
Бақ мекенімнен шалғайда.
Өзіңді таптым қаптаған елден,
Бәсірә етсең болмай ма?

Адасып келдім алдыңа сенің,
Қаңғымас едім бекерге.
Еркіндігіме мәңгі мас едім,
Әйтпесе саған жетер ме ем.

Жеткізді саған адасу мені,
Қарашыл өмір жолында.
Құрбандық етіп шаласың ба енді,
Тағдырым сенің қолыңда.

АРБАКЕШ
Арпалыса бермей ар-санамменен,
Арба айдасам ба екен базарда.
Әкемнің құны қалса да тегі,
Қалам мен қансыз қағазда.

Түріне елдің көп те қарамай,
Есіл де дертім теңге боп.
Анасын шетке тепкен баладай,
«Ақындық, нең бар менде» деп.

Арманды байлап, арбамды айдап,
Ақшаға құл боп біржола.
Жалған «құдайлап»,
мал-жанды ойлап,
Жүк тасып жүрсем жындана.

Арымды бүктеп қалтама тығып,
(Қалтасы босқа қандай бақ).
Арсыз қылығым арқаландырып,
Арсалаңдасам арба айдап.

Ақын жүректі жүкпен бастырып,
Айызым әбден қанғанша.
Үйдегі ақша күткен «қасқырым»,
Сүйгенін көріп таң қалса.

Жыр жазған барлық қағаздарыма,
Тастасам жиған затты орап.
Сая болмаған сабаз жаныма,
Адыра қал, – деп, – ақ парақ.

Қайыршы еткен қарғап өлеңді,
Қайырылып қайта соқпастай.
Аралап жүрсем арбамен елді,
Сыпсың сөздерден көп қашпай.

Нарық та нағыз тапты құрбанын,
Дүрсінген едім ерсі үнмен.
Бәйгеге қосар бапты тұлпарын,
Арбаға жегіп көрсін ел.

ИТТЕР-АЙ! ИТТЕР!
Жансебіл еді, жығылды шыдам,
Жасып бітіпті бұрынғысынан.
Ибалы көңіл итаяқ болды,
Әркімнің құйған жуындысынан.

Итақайы иттің иіскегесін,
Мәңгіріп мұңды жиі ішкен есім.
Итаяқ жасап алыпты-ау иттер,
Көңілімнің көркем күміс тегешін.

Түршігуменен жиіркенулерді,
Күйкелеш-көмеш күйкі өмір жеңді.
Ибалы тірлік – имандай шыным,
Ит жалап кеткен ит өмір болды.

Иттер-ай! Иттер! Таласа қамап,
Итаяғымды жаласаң жала.
Ит өмір мынау иісінеді екен,
Көзімен иттің қарасаң ғана.

 

Серік  ТОМАНОВ




ПІКІР ЖАЗУ