ІЗІНЕН ІЗДЕП КЕЛІП БІР АҢЫЗДЫҢ…
(«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы»
жобасы аясында жарық көрген «Нәзік түндегі ноктюрн» кітабынан үзінді)
ТҮРГЕНКЕНТ
немесе
ҚАМАЛ ҚАБЫРҒАСЫНДАҒЫ ҚАСИЕТ
…Қорғандар белгілі бір дәрежеде әскери қорғаныспен қатар,
Ұлы Жібек Жолы бойындағы сауда-саттық байланысына қауіпсіздік рөлін атқарып отырғандығы және бар. Оған мысал ретінде Жаркент өңіріндегі «Түргенкентті» айтуға болады… Қамалдың қираған жұртынан өткен дәуірдің белгісі болып бізге жеткен қыш құмыралардың, шойын, темір, шыны ыдыстардың сынықтары көптеп кездеседі.
(Қали Ибрайымжановтың
«Тарихи толғаулар және
Жаркент өңірі» кітабынан)
ҚАБЫРҒА ҚҰЛАСА ДА,
ҚАСИЕТ ҚҰЛАМАЙДЫ…
Жыр болған жартасы да,
самалы да,
Сол сурет сыймайды, әттең, жанарыма!
Алыстан менмұндалап шыға келді,
Мәңгілік байыз тапқан қала мына.
Ай нұры,
Күн жүзіне шағылған әр –
Қарсы алды қасиетті қабырғалар.
Қарсы алды,
түркілік рух тербетілген –
Айбарлы,
асқақ өлке,
қадым қамал!
Елеңдеп,
елес қуған сәтім, міне,
(Еңкейіп күн құлайды екіндіге.)
Құмыққан қабырғалар сыр ашпай тұр,
Үнсіздік құмға сіңген секілді ме?!
Жерұйық Жетісудың даласында,
Бұйығы Бурақожыр1 жағасында.
Қарт қамал,
Қанша дәуір жатыр үнсіз,
Үшарал, Сарпылдақтың2 арасында.
Айналған ел білетін ертегіге,
Өзіңсіз өзегімді өртеді не?!
Өзіңсіз қайраңдаған қайықтайын,
Қараймын жел қиратқан желкеніме.
Табандап тақыр кешіп,
өртте қалар,
Жалғасып жандәрмен күн…
жетпеді амал.
Шұбаған адырлы тау тізбегіндей,
Құлазып құмайт шөлге шөкті обалар.
Ақ қанат арманы ұшқан мың ғасырмен,
Беу, шаһар,
сынық көңіл мұңдасым ба ең?!
Бабалар қоныс еткен дөңге келіп,
Көремін ғасырларды құмға сіңген.
Көремін сол мекеннен елесіңді,
Табардай елесіңнен көне сырды.
Түсімде телегей бақ,
теңіз кешем –
Тербелген кең айдында кеме сынды.
Қайтейін,
түсімде ылғи теңіз кешем…
Толқиды теңіз кеудем –
сені іздесем.
Тасжүрек уақытқа талқан болар,
Қайғымыз екеуміздің егіз бе екен?!
Тұншығып тамағымда тұмадай мұң,
Мүлкіне айналатын мұражайдың,
Мүжілген қабырғаға маңдай тіреп,
Есіме түсе берді бұлағай күн…
Ойларды арқалатып мұңнан да ауыр,
(Шындық па,
шытырман ба шырмалғаным?!)
…Сусиды алақаннан мың ғасырлық,
Бір уыс топыраққа тұнған дәуір!..
Бурақожыр1 – Ілеге құятын өзен
Сарпылдақ, Үшарал2 – ескі қала маңындағы елдімекендер
ДАСТАНҒА ТҮЗЕТУ
немесе
ӨМІРБҰЛАҚ БАСЫНДА
Талдықорған мен Текелі қалаларын жалғап жатқан күрежол бойындағы бұлақ Өмірбұлақ деп аталады. Ел арасында «Өмірбұлақтың көзін ашқан алғашқы адам Шоқан Уәлиханов болған» деген аңыз бар. Өмірәлі-Қашипа атты қос ғашық тұңғыш рет осы бұлақ басында танысқан. Бүгінде олардың отау құрғанына жарты ғасырдан аса уақыт өтіпті. Баянды махаббат белгісіне айналған жерге 2019 жылы Өмірәлі Шакарапұлы арнайы ескерткіш орнатқан.
ҚАРАБҰЛАҚ, ТЕКЕЛІ,
ҒАШЫҚТАРДЫҢ МЕКЕНІ
(Шөмішбай Сариев,
ескерткіштегі өлең )
Адасар асқақ арман,
Соңына жетпей жатып,
Эпостан,
дастандардан –
Таппадым титтей бақыт.
Торығып,
Тоңса жаным,
Торлаған түнек-мұңмен,
Қиссаны қаншама күн,
Қиялмен түзеттім мен!
«Шынымен, шын өмірде,
Ғашықтар қосылмай ма?!»
Ой қамап жүргенімде,
Тап болдым тосын жайға.
Шарықтап шабыт нұрлы,
Кез болған көңілге ұнап:
Алғаусыз ағып тұрды –
Өзгеше Өмірбұлақ.
Құшағын созып аспан,
Күн нұрын шашып күлгін,
Шоң Шоқан көзін ашқан,
Кәусардан татып тұрмын.
Мөп-мөлдір бұлақ көріп,
Мен содан өлең өрдім.
Жырынан жырақ кетіп,
Жібек пен Төлегеннің.
Ой тауып осы арадан,
Сәт туды сезбес мұңды.
Қасірет «Қособадан»,
Қарсы алмас енді ешкімді.
Аңдымай қайғы алыстан,
Жолығып қалмай мұңға.
«Аспанды айнала ұшқан
Алты қаз» қонды айдынға.
Ұлағат ұнағасын,
Жырыма қосып та алдым,
Мәңгілік мұнарасын –
Қосылған ғашықтардың!..
Ғажап қой,
Дер кезінде –
Табылса тағдыр теңі.
…Ерке қыз, енді өзім де
Есіме алдым сені!..
ТАМШЫБҰЛАҚ
Ақсу ауданындағы Тамшыбұлақты зерттеп, артында мол деректер қалдырған, 1859-1865 жылдары Жетісуды аралаған ұлы саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлиханов көнекөз қариялардан мынандай аңыз жазып алған екен:
«Күн сәулесіне құбылған Тамшыбұлақтың тамшылары бірін-бірі сүйген сұлтанның қызы мен шопанның ұлының көз жасы екен».
Сұлтанның қызы Баян әр түн сайын осы қасиетті Тамшыбұлақ шипалы суына келіп, өзінің ауыр тағдырын айтып жылаған екен.
Міне, тамшылап тұрған
тамшылар –
Баян қыздың көз жасы…»
(2018 жылы 19 қарашада жарияланған qazir.kz сайтынан)
ТЫҢДАШЫ,
ШЕРЛІ ДАЛА ШЕРТТІ НЕНІ?..
Беткейден Баян даусы естіледі.
Өрт жаққан өзегіме өкініштен,
Бұл аңыз –
өткен күннің өксігі еді…
Өткен күн…
қайтем сенің қорлығыңды?!
Бәрібір баяны жоқ, болды мұңды.
Бақытын бұлдап тұрған,
жалған бес күн,
Жылатпай қойсаң етті
сол ғұмырды?!
…Ізінен іздеп келіп бір аңыздың,
Басында тұрмын бүгін құла құздың.
Көз жасын ішке жұтып,
үнсіз қалған,
Булыққан жасын көрдім
бұла қыздың.
Кетердей қайғысынан құлап аспан,
Қосылмай сүйгеніне мың адасқан,
Арман-ай,
арзуындай сол арудың,
Тамшы боп жар басынан
жылап аққан!..
Жүрекке тұна қалып сезім бөтен,
Түндерде тынши алмай көз ілмесем,
Мөп-мөлдір Өлең болып,
Сағыныш боп,
Тамшы ма,
Тамып кеткен өзім бе екем?!
ҮСЕК
Көне түркі тілінде «Үс» – су, «ек» – ана,
яғни «Су ана» деген мағынаны береді екен…
Күміс нұр тайғанатқан,
Тарқайтын көңіл шері,
Жаркентті айнала аққан,
Сулардың сен –
үлкені!
Шыңдарды суара кеп,
Ағысын төмен өрер.
Атыңды «Су ана» деп,
Қойыпты-ау көреген ел!
Көшсе де неше заман,
Ізі боп өткен шақтың.
Ентікпей,
есен-аман –
Ілеге жеткен бақсың!
Ойнайды сені көрсем,
Көзді арбап көркем арай.
Кербезім,
Керім,
Еркем,
Келмеппін ерте қалай?..
Күні-түн кірпік ілмей,
Жүзіме толтырды арай.
Жүректің дүрсіліндей
Жөңкіген толқындары-ай!
Арман боп,
аңыз болып,
Есіме түседі ертең.
Үмітім тәрізденіп,
Үлбіреп Үсек еркем!..
Ананың өсиетін,
(Айт деме,
ішің білсін!)
Қай пенде қасиетін,
Тіл жетіп түсіндірсін?!
Анасы еміренген,
Бейкүнә бөбектейін.
Сүйсініп,
сені көрген –
Сәт еді сөз еткенім.
Қоштасып дала-құмға,
Елжіреп еттім үміт.
…Мөлдір шық жанарымда –
Үсекке кетті үзіліп!..
Дәурен ТІЛЕУХАН





