ЖҮРСІННІҢ ҚАЛЖЫҢДАРЫ…
Қазақ поэзиясында өзіндік орны, асқақ үні бар ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман ағамыз жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстанның Халық жазушысы» атанды. Оқырман қауымға «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлытауға бардың ба…», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі», «Ырғай», «Арнадым сізге», «Көктөбедегі кездесулер», «Алыстан және жақыннан», «Гөй-гөй» сынды тамаша туындылар тарту еткен Жүрсін Молдашұлы қазақ әдебиетіндегі артынан аңыз ерткен қарымды қаламгерлердің бірі.
«Жақсы сөзін арнап жатыр жар маған,
Жар дегенім – жар ғана емес:
Бар ғалам.
Бүгін менің туған күнім,
Нешеге
Келгенімді айтуға да арланам», – деп жырлаған дүлділ ақын биыл 75 жасқа толды.
«Жұлдыз» журналының ұжымы алаш баласы ардақтаған белгілі ақынды мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, оқырман қауымға «Жүрсіннің қалжыңдары» атты шағын топтаманы ұсынады. Ұрымтал сәтте ұтымды сөз тауып, қалтарыста қағытпа қалжыңын қалтасынан шығара қоятын Жүкеңнің тапқырлығы тек шығармашылық қуатын танытып қана қоймай, оның өнердегі сан қырлы жолын, өмірге деген терең көзқарасын тамаша жеткізеді.
***
Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы Бала би ауылына ат басын бұрған Жүрсін Ерманның қасында құрдасы Жұмабай Шаштайұлы да бар екен. Үй иелері анау-мынау шаруасымен сыртқа шығып кеткен кезде Жұмабай:
– Бұл қыпшақтар – ежелден жауынгер халық. Осы үй де қыпшақтардікі емес пе. Қорықпай орталарыңда отырғанымның өзі ерлік емес пе? – деп қалжыңдапты. Сонда Жүрсін:
– Ей, шапырашты Шаштай! Осы үйде менен басқа қыпшақты қайдан көріп отырсың? Қорыққанға қос көрінеді деген осы екен ғой! – депті.
* * *
Алматы қаласындағы бір думанды тойдың үстінде жетісулық әнші Нұржан Жанпейісов қазақтың халық әні «Жиырма жеті қызды» шырқайды. Тойға келген қонақтардың ортасында отырған Жүрсін Ерман үзіліс кезінде кездесіп қалған әншіге «Нұржан, жаңағы орындаған халық әні бұрында «Он алты қыз» сияқты еді ғой. Қалған он бірі қайдан келген? Оралмандар ма?» деп жұртты ду күлдіріпті.
* * *
Алматыға айтысқа келгенде ақшасы таусылған ақындардың біразы Жүрсін Ерманнан қарызға ақша алып жүреді екен. Алған ақшаларын кейде қайтарады, кейде ұмыттырып қайтармайды дегендей. Сондай бір айтыстың кезінде Жүрсінге еркелеп жүрген екі інісі қарызға ақша алса керек. Айтыстың соңында Жүкең әлгі екі ақынды сахнаға мақтап отырып шақырып, қолдарына «арнайы сыйлық» деп бір-бір конверттен ұстатады. Қарызды қайтарып алудың әдісін ойлап тапқан Жүкең екі інісіне дайындаған «арнайы сыйлығын» ел алдында тапсырып, конверттің ішінен өзінің қарызға берген ақшасын алып қалған екен.
* * *
Жүрсін Ерман Қазақ радиосын басқарып жүрген кезде жақында ғана тұрмысқа шығатын хатшы қыз «ауырдым» деп сылтау айтып жұмысқа бірде келіп, бірде келмей жүріпті. Хатшы қыздың сылтауынан мезі болған Жүкең: «Егер күйеуге тиген денсаулығыңа жақпаса, ажырасып кет» деген екен.
* * *
Парламент Мәжілісі тарағаннан кейін бір үйде қонақта отырған бұрынғы депутат Бекболат Тілеухан: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, Аздырар адам баласын» деп Абай дәл айтқан. Сол замандағы Абай атамыздың сөзі қазіргі біздің жұмыссыз жүрген жастарымызға айтылған сияқты» деп өз пікірін ортаға салып отырады. Сонда қонақтардың арасында тыңдап отырған Жүрсін: «Бекболат, сен осы қазір жұмыссыз жүр емессің бе?» депті түк білмегендей.
* * *
Бірде Жүрсін Ерман мен жары Бақытжамал екеуі Астанаға келгенде досы, ақын Несіпбек Айтұлы үйіне қонаққа шақырады. Алыстан ат терлетіп қонақтарға арнайы қонақасы беріледі. Бір-бірін көптен көрмеген екі құрдас дастархан басында әдемі әзілдесіп отырады. Бір кезде Несіпбек жақында немересі үйленетінін айтып, Жүкеңе «Мен енді Алла бұйырса шөбере сүйіп ата емес – баба болам, сен далада қалдың» деп қалжыңдайды. Жүкең болса «Сен баба болсаң боларсың, ал сонда кемпірің кім болады?» деп сұрайды. Несағаң «Кемпірім кейуана болады» депті. Жүрсін қулана күліп алып, «Е, онда кейуананың күйеуі баба емес, диуана болады ғой» деген екен. Досының тапқырлығына риза болған Несағаң бастаған дастарқан басындағылар ду күліпті.
* * *
Тағы бірде Жүрсін Ерман жолаушылап келе жатып жанындағы адамдармен бір ауылдағы үйге құдайы қонақ болыпты. Көгілдір экраннан көріп жүрген адамды көзбен көргенде есі шығып кеткен үй иесі сасқалақтап «Жүке, қош келдіңіздер, сіздерге ет асайық па әлде қуырдақ қуырып жіберсін бе?» деп жүгіріп жүр дейді. Сонда саспайтын Жүкең «Үйлеріңізде қазандарыңыз біреу-ақ па еді?» деген екен.
* * *
Бірде қарт Каспийдің жағасындағы Ақтау қаласында дүбірлеген айтыс өтеді. Айтысты ұйымдастырушылардың ішінде намаз оқитын діндар азаматтар да бар екен. Сол ұйымдастырушылардың бірі адамдармен қоштасқан кезде «Иншалла, жұмақта жолығайық» деген сөзді әдет қылса керек. Айтыстың соңында әлгі намазхан жігіт келген қонақтармен қоштасып тұрып әдеттегі сөзін қайталай береді. Содан мезі болған Жүрсін: «Сен елдің бәрін жұмаққа шақырып алып, біз барғанда өзің болмай қалып жүрме!» депті.
* * *
Ақын Рафаэль Ниязбеков бір отырыста Жүрсінді мақтауын жеткізейін деп: «Жүрсін деген арыстан кеуделі, жолбарыс жүректі азаматымыз ғой» деп бастай жөнеліпті. Оңтайлы сәтті қалт жібермейтін, қазақы қалжыңға жүйрік Жүкең: «Оу, Рафеке, мақтаймын деп менің кеудемді зоопаркке айналдырып жібердіңіз ғой» деген екен.
* * *
Жүрсін Ерман «Қазақ радиосында» Бас директор болып жүрген кезінде қарамағында істейтін пародияшы Олжас Сыдықбеков бір асығыс жағдайлармен жұмыстан сұрануға барады. Түскі үзіліске шығып бара жатқан бастығымен қарама-қарсы кезігіп қалған Олжас: «Жүрсін аға, сізде бір шаруам бар еді» дейді қипақтап. Жүкең: «Түстен кейін кел» дейді. Жаңағы жағдайдан кешігіп қалам ба деп қауіптенген Олжас: «Түстен кейін ешқайда кетіп қалмайсыз ба?» деп тақымдайды. Жүкең болса «Ей, енді саған ант-су ішейін бе?» деп бұрылып кете береді. Біршама уақыттан соң төменгі қабатқа түскен Олжас бір шаруаларымен бөгеліп тұрған бастығына тағы қарама-қарсы кезігеді. Сонда Жүкең: «Олжас, сен бағана маған түстен кейін орныңызда отыратын болыңыз дедің бе, не деп едің?» деп қулана күліпті.
* * *
Бір күні Қазақ радиосындағы Бас директор Жүрсін Ерманның кабинетінің алдында отыратын хатшы қыз қазіргі жастардың сән үлгісі бойынша екі құлағына үлкендігі өзінің басының жартысындай дөңгелек сырға тағып келіпті. Соны байқаған Жүкең: «Сен өзі құлағыңа люстра тағып алғансың ба?» деген екен.
* * *
Жүкең қонақта отырса, діннен хабары жоқ дүмшелеу бір кісі «Рамазан айында ораза ұстау міндет емес. Әркім өзі қалған кезінде ұстауына болады» – деген ғой. Сол кезде айтқыш Жүрсін Ерман: – Сонда қадір түнін қай күнге белгілеп отырсыз, – деген екен.
* * *
Бірнеше жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысындағы Ақсуат өңірінде республикалық айтыс болды. Жүрсін Ерман бастаған ақындарды Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев пен айтысты ұйымдастырушы кәсіпкер Дулат Тастекеев бастаған азаматтар құрақ ұшып қарсы алады. Арнайы тігілген қазақ үйдегі дастарxаннан кейін алдағы жоспарды сұраған Жүкеңе ұйымдастырушылардың бірі: – Енді қазір Ырғызбай әулиенің (ХІХ ғасырдағы атақты тәуіп Ырғызбай Досқанаұлы) басына барамыз. Сол жерде керектеріңізді сұраңыздар. Әулие сұрағандарыңызды береді, – дейді. Айтыскер ақын Шұғайып Сезімханның тойына Монғолияның Баян-Өлгей аймағына барып, жолдан шаршаңқырап келген Жүрсін аға: – Ырғызбай бұл жерден қанша шақырым? – деп сұрайды. – Сексен шақырым. Қулана күлген Жүкең: – Онда сонау жақтағы әулиені әуре қылмай-ақ керегімізді қасымыздағы әкімнен сұрай салайық та, – деп тұрғандарды қыран-топан күлкіге қарық қылады.
* * *
Бірде Алматыдағы Ұлттық кітапханада жиын өтіп аяқталып қонақтар қайтып жатқанда кітапханда қызмет істейтін қыз Жүрсін Ерманның сырт киімін алып кигізіп жібермек ниетпен, «киіміңізді кигізуге бола ма?» деп сұрайды. Сонда Жүкең: «киімімді кигізуге болады, шешіндіруге болмайды» деп қойып қалады.
Ел аузынан жинаған
Серікзат Дүйсенғазин





