«ШЕГЕН» – РАСЫНДА ШЕГЕН ЕКЕН…
«А» дегенде кітаптың атына назарым ауып, неге «Шеген» деп қойды екен деп ойлаған едім. Сыдырта бір оқып шыққаннан кейін «Шегеннің» символдық мағынаға ие екенін түсіне бастадым да, кітапты қайтадан парақтай бастадым. Біздің қазақ құдықтың қабырғасына қаланған тас пен қималанған ағашты шеген деп атаушы еді. Ол – құдық қабырғасындағы құм-топырақтардың үгіліп түсіп, құдық суын былғап қоймауы үшін әрі құдық қабырғасының құлап кетпеуі үшін жасалатын құрылым есептелуші еді. Сондай-ақ, шеген дегеннің шеге сөзінен туындайтынын білетіндер баршылық болуы керек?! «Шеген» – расында шеген екен.
Бағы жансын жырымның,
Басқа байлық құрысын.
Арман үшін туылдым,
Ең әдемі жыр үшін, –
деп ақын өзі айтқандай, жинақтағы әр өлең, әр поэма-толғау тақтайға қағылған шегедей өткір, мықты, қалай ырғасаң да қозғалмайтын берік, оқыған адамның ой-санасына да, жүрегіне де шегедей шегенделетін ойы образды, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» лепті өлеңдерден құрастырылыпты.
«Шеген» үш бөлімге бөлініп, 116 өлең (6 ән мәтіні), 8 поэма-толғау, 21 суретті әзіл-оспақтардан құрастырылып, 3000 данамен Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бағдарламасы бойынша шығарылған жинақ екен.
Мен, ең әуелі кітаптың аңдатпасындағы «Жаттанды дидактика мен жалғандықтан ада, ішкі сезімді ірікпей бере білетін талантты ақын…» деген әділ бағаға имандай ұйыдым, тауып айтылған дұрыс баға!
Қырық жылға жуық Шынжаңдағы ең үлкен әдеби журналда жауапты редактор болып істегенім үшін де, мен Ғалым Қалибекті түбіт иек бала жігіт кезінен білуші едім, құдды әкесі сияқты әдебиет пен көркемөнердің сыр-сипатын жақсы білетін, үсті-басына шаң жуытпай таза жүретін, елгезек, қол-аяғы да, құлағы да жеңіл қызқуардың атындай жылдам, тындырымды жұмыс істейтін азамат еді. Ол тұстарда көпіртіп жазбағанымен мен істеген «Шұғыла» журналының көркем жазуларын жазып, қыстырма суреттерін салып, көп қолғабыс жасаушы еді. Өзі де өлкелік бір журналдың көркемдеушісі әрі қатардағы редакторы болып істейтін-ді. «Шегеннің» әзіл-оспақ бөліміндегі өзі салған әзіл суреттерін көріп, отыз неше жылдың алдындағы балаң суретші Ғалым көз алдыма келді. «Тәңір берген сыйдан кенде емеспіз, замандас қаламгердің шығармасы мен болмыс-бітімін білгеннен кейін, әзілің жарасса атаңмен ойна… дегендей әзіл сурет салып, арнау өлең жазып көрдім, оным баспасөзде жарияланып жүрді…» дегені сіркедей қоспасы жоқ шындық болатын. «Шегенді» шегендей шегелеп мықты көрсетіп тұрған бір мазмұнда 21 әзіл-оспақ суреттер мен арнау өлеңдер екен. Менің сурет өнерінен онша сауатым жоқ. Сол үшінде кітаптағы суреттер жөнінде бірдеңе дей алмаймын. Ал, арнау өлеңдердің ішіндегі өзім білетін ағаларыма арнаған әзілдеріне ерекше сүйіндім.
Өңіне қарасаң Мұхаңның ұлы секілді,
Тегіне қарасаң Қабанбайдың «құлы» секілді.
Кіріспеген «шатағы» жоқ,
Алмаған атағы жоқ.
Ақ дегені алғысы,
Қара дегені қарғысы,
Классиктердің сапында,
«Халық жазушысының» соңғысы, –
дейді Қабдеш ағасына арнаған арнауында. Осыны оқығанда, Қабдеш ағаның өзі де бір «мырс» ете түскен шығар-ау, бәлкім?.. Қандай тамаша әзіл. Ертеректе осы жақтан жарық көрген «Жырға сапар» деген жинақтағы Қадыр Мырза-Әлінің:
«Азуға салып кемірдім,
Айқаса кетсе қиындық.
Арпалыссыз өмірдің,
Өзі де бір-ақ тиындық» – деген бір шумақ өлеңін жаттап алған жайым бар еді. Жас күніңде есіңде қалған дүние өмір бойы ұмытылмайды екен. Қабдеш ағаның өмірі арпалыспен, «мыңмен жалғыз айқасқан» өмір еді ғой. Ақынның «кіріспеген шатағы жоқ» деп отырғаны сол болса керек. 80 жылдардың бас кезі ғой деймін, Қабдеш аға Үрімжіге туысшылай барды, мен ол кісінің дидарын сол жолы тұңғыш рет көрген едім, Үрімжідегі бір қымызханада кездейсоқ жолығып қалып, сәлем берген едім. Сонда сол қымызханада отырған он неше қыз-жігіттердің «Аумай Мұхтар Әуезовтің өзі екен ғой» деп таңдай қағысқандары күні бүгінге дейін көз алдымда тұрады. Қабаңа арналған арнаулар да баршылық қой, солардың бәріне де ол кісі Мұхтар Әуезовке ұқсатылып жырланады.
Жырымен желпінтеді, мұңайтады,
Тілімен мұқатады, тыңайтады.
Талайдың көзін шұқып, басын жардың,
Кісіде кие жоқ деп кім айтады?!
Осы бір шумақ өлеңде Қажытай Ілияс ағаның жасампаздық ерекшелігі де, болмыс-бітімі де, дараланып көрініп тұрмай ма?
«Шегеннің» ең үлкен ерекшелігі – ақын сезімінің бүкпесіз, көлеңкесіз, шынайылығы, ой-пікірінің образдылығы, өлең-жырларының иландыру қуатының күштілігі деуге болады. Нағыз ақындардың, талантты ақындардың өлеңдері оның өз басының тіршілігімен, өзі арқылы бүкіл ел-жұртының, жасаған ортасының, ұлтының, халқының өмірімен-тіршілігімен, сол негізде, бүкіл адамзаттың арман-мүддесімен біте қайнасып жатады. Ақынның ойлары мен қуанышы, жүрегінен езетін мұң сарыны өзінің жеке басын күйттеуден тумайды. Бүгінгі дәуірдегі жалпы адамға, адамзатқа ортақ шындықтан туады, солардың бәрін өз өлеңіне сыйғыза отырып, ақын заман үнін-жырын бүгінге арнайды, келешекке жеткізеді.
Естисің бе, есіл мекен,
Жүрегімнің дүрсілін.
Сен – саялы бәйтерексің,
Мен бүр атқан бүршігің, –
деп басталатын «Атажұрт» атты өлеңінде:
Ит сарыған шиіңді де,
Аялауға хақым бар, – деген жолдар бар екен.
Әлеуметтік, тұрмыстық, көшпенді өмір салтының зәрулігінен (қажеттілігінен) де болар, қазақ ұғымында ит жеті қазынаның біреуі делінеді, солайда, ит сарып кеткен бүлік-пұшпақ, бұта-бүрген, селеу-шилерді арамдыққа, ластыққа, жиренішті затқа балайды, ұрпақтарына ондай лат нәрселерге жоламауды, ұстамауды, аулақ жүруді уағыздап насихат айтады. Ерекше күтімдейтін, аң аулауда, саятшылыққа пайдаланатын иттері болмаса, қора-қопсыны, аула төңірегін, мал өрісін қадағалайтын иттерін үйге кіргізбейді (қалаларда бұл салт өзгеріп кетті), босағадан сығаласа, зекіп қуып жібереді. Себебі, итті арам мақұлық есептейді. Бүгінгі күндері иттердің салауаты артқанымен, жалпы ауыл қазақтарының ит жөніндегі ұстанымы әлі өзгере қойғаны жоқ, бұл – өмір шындығы. Бірақ, ата-жұртына кіндігінен байланған, ата-бабасының басы жатқан, күллі үрім-бұтақ әулетінің рухы сіңген ата-жұртының ит сарып кеткен шиіне дейін аялауға хақылымын дейді ақын. Не деген құрмет, не деген сүйіспеншілік, не деген махаббат? Қалай сүйінбеске, қалай таңғалмасқа?
Ит байласа тұрмайтын,
Біздің елдің жеріне.
Аттың басын бұрмайтын,
Адам түгіл пері де, – деп басталатын «Біздің ауыл» өлеңінде ауылдың азып-тозған, әбден сұрқы кеткен бүгінгі бейнесін келістіріп суреттейді. Оқып отырған кімде-кім ол ауылдан торығып, үмітін үзіп, әбден түңіледі. Ол ауылға барғанды қойып, ауыл жақ бағытқа қарағысы да келмейді. Бірақ, ақын ауылдан ауылдастарын бір адым шеттетпейді, ауыл адамдары шеттемейді. Туған ауылдарынан безінбейді, соларына сүйінген ақын:
Тас жауса да төбеден,
Бір үй көшіп көрмепті.
Айырбастай алмайды,
Астанаңа ауылын, – деп ауыл адамдарының қайсарлығын, кіндік қандары тамған ана-топырақтарын шексіз сүйетіндігін асқақтата жырлайды. Қазақта «Отан – отбасынан басталады» дейтін аталы сөз бар. Мейлі қаншалық жүдең тартса да, қоғам, заман, уақыт тауқыметтерін көрсе де, ауыл – сол ауыл адамдарының туып-өскен Отаны, ұлы аналары іспетті қасиетті мекендері, тағдырлары байланған тұрақтары, сол үшін де олар ауылдарымен жапа-машақатты, таршылық-жоқшылықты, тозығы жеткен тіршілікті бірге көруді қалайды. Ақын ойы, ақын сезімі сондай тамаша өрілгеніне қыбың қана сүйінесің, ораты келгенде, ақындықтың талант екенін, талант болғанда да тума талант екенін, талантты танытатын құдірет – шындық екенін «Шегендегі» кез келген өлеңнен сезінгенімді айта кеткім келеді.
Бұрынғы Совет одағы мен Қытай елі арасындағы алауыздықтардың асқынуы салдарынан, 1962 жылғы шекара оқиғасынан тартып, Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі ел арасында мүлдем барды-келді қарым-қатынас болмағаны тарихи шындық, тарихи факт еді. Сол отыз неше жыл көлемінде екі ел арасында ұшқан құс пен аққан судан басқа қыбыр еткен қимыл, қыңқ еткен дыбыстың болмағаны да шындық еді. Сол тарихи уақытты, тарихи болмысты жырлаған ақын «Арғы бет пен бергі бет» атты танымал ақын Ұлықбек Есдәулетовқа арнаған өлеңінде:
Арғы бет пен бергі бетте еркін самғап ұшатын,
Бізден гөрі бақытты еді сіздің жақтың құсы да.
Асып-тасып, зыр жүгіріп Зайсан көлге құятын,
Бізден гөрі бақытты еді Қара Ертістің суы да.
Ата-жұртын аңсағанда боздайтұғын ата-анам,
Бізден гөрі бақытты еді сіздің жақтың баласы.
Біздің жақтың кәрі-жасы күн батысқа телміріп,
Сіздің жақтан самал ессе күтуші еді бір хабар.
«Туғанымды тапқандай боп қуанғаным есімде,
Сізден бұрын өлеңіңіз біздің елге жеткенде, – деп тебірене толғайды. Ақын айтып отырған «Біздер», әрине, Қытайда жасап жатқан екі миллион қазақтар екені айтпаса да белгілі.
Сол 1962 жылғы шекара оқиғасының содан былайғы жиырма жылға ісіктей жайылып, Іле мен Тарбағатай қазақтарын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып, адам төзгісіз тауқыметтер тартқызғанын көзімен көргендердің біреуі мен едім. 1962 жылдың соңынан басталған «Түзетімпаздарға қарсы тәрбиенің» арты «Социалистік тәрбиеге», одан тарихтағы аты шулы «Мәдениет зор төңкерісіне» ұласып қанша мыңдаған отбасылар мен адамдарды ойрандап кеткенін көрген көне көздердің біреуі де мен едім. 1962 жылғы шекара оқиғасында екі жақта бөлініп қалған адамдар аз емес еді, біреудің әкесі, біреудің шешесі, біреудің ағасы, біреудің баласы, біреудің әпкесі, біреудің сіңлісі, тағы біреудің бірдеңесі кетті дегендей «шетелге қашқандардың» туыс-туғандары аз емес еді. 1962 жылдың соңынан бастап соларға қуғын түсіп, істікке ілінді де сол тұстағы саяси идиологияның емеурінімен жасалған «Шетке қашу тобы» дегендер мен «Іште тұрып шетелмен астасқан элемент» деген қылмыс күмәндісіне ілікпеген қазақтар некен-саяқ болған еді. Бір ғана мысалы: 1964 жылы қазан айынан 1965 жылы шілде айына дейін Тарбағатай аймағы Толы ауданының «Қызылту» комунасында өрістетілген «Социалистік тәрбие қозғалысында» мен аталған комунаның 1-қыстағына түскен қызмет группасының жауапты хатшысы болып істеген едім. Жоғарыдан келетін құжаттар мен төменнен жолданатын мәліметтердің бәрі хатшы арқылы істелуші еді. Сонда Толының ауыл-фермаларынан төрт үлкен «Шетке қашу тобы», ал, ауданнан ауданның әкімі Долан Қабиұлының шетке қашу тобы анықталғанын жарнамалаған құжаттар шыққаны күні бүгінге дейін көз алдымнан кетпейді. Сол 1-қыстақтың бұрынғы қыстақбасы Жаныман дегеннің өзін тексергенде, қыстақтағы 90% мүшелерін «Шетке қашу тобының» мүшелері деп тізіп бергені де көз алдымнан кетпейді. Қызметтік тексеру группасы қыстаққа бара қалған кезде, бүкіл қыстақта бір ғана Ғайникамал есімді қыздың үйінен өзге, бірде-бір сенімді семья табылмай бір айдай кеңседе жатқанымыз да әлі есімде.
Сондай жағдайда, сондай саяси-әлеуметтік атмосферада Қазақстанға келгенді қойып, Қазақстанның атын атау мүлде мүмкін емес еді.
Ақын ғалымның жоғарыдағы «Бізден гөрі бақытты еді…» деп сарқыла жырлауының тарихи, әлеуметтік-саяси астары қайда жатқанын аңғарған шығарсыздар, аяулы оқырмандарым. Өлең дегеннің жан бұлқынысынан, жүрек тебіренісінен туатын хикмет екенін саналы, мәдениетті оқырмандар жақсы біледі. Сондай сәттерде туылған өлеңсөз оқырманының да жанын бұлқындырады, жүрегін тебірентеді. Жоғарыдағы келтірінділер қандай ойлы, образды, иланымды көркем кестеленген. Оқыған адамды өз иірім-шүңетіне тартып әкетеді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін атажұртқа көш бастаған алғашқы төртіктің (Жақсылық Сәмит, Армиябек Сағындық, Тұрсынхан Зәкен) біреуі – осы Ғалым Қалибекұлы бауырымыз еді. Біз сөз етіп отырған өлеңнің түйінін ақын:
«Қара өлеңнің қасиеті табыстырды біздерді,
Қара Ертістің Зайсан көлге құятыны секілді», – деп тамаша түйіндепті. Еріксіз басыңды изеп, бармағыңды шошайтасың!
Ғалым, поэзияның ішкі еркіндіктен, рух тәуелсіздігінен туатын мұғжиза екенін жақсы білетін ақын, еркіндігі буылмаған ақын ғана еркін жазып, еркін сөйлей алады, нені жазса да ағынан ақтарыла сыр ағытып, көңілінің түкпірінде көлеңке ұялатпай, жанның шуағын, жүрегінің жылуын мол сіңіріп отырып жаза алады. Өзінің:
Өр Алтай, сендей асқақ болмасам да,
Жаман өлең жазбайтын бір ақынмын, – деген сөздеріне шынайы иланамыз.
Арғы беттегі аға буын жазушылардың да, өз туыстарының да, өзінен кейінгі буындағылардың да ерекше құрметіне бөленген, бұл жаққа келгеннен кейін, өз қаламының қуатымен тез танылған арқалы жазушы Жақсылық Сәмитұлына арнаған «Сен бақыттысың» деген өлеңін:
Жәке бидей тектіден,
Абақ деген елденсің.
Сол асылдың сынығы,
Жер бесікте тербелсін.
Өр Алтайдың тарихын,
Жазу үшін туғансың,
Құшағында Отанның,
Өлу үшін келгенсің, – деп аяқтапты. Жазып отырғанының барлығы боямасыз шындық. Ақын айтқандай, Жақсылық ағаның Өр Алтайдың күрделі де, күңіреністі, тауқыметті тағдырын, аласапыран тарихын тайға таңба басқандай жазып кеткені де шындық.
Кезінде қылышынан қан тамған Хрущевтің қазақ жерін бөлшектеп отарлау қаскүнемдігіне қасқая қарсы тұрып, Қазақстан территориясының бүтіндігін қорғап қалған даңсалы басшы, айтулы қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновқа арнаған «Кие» деген өлеңін ақын:
Тар заманда таптатпаған намысын,
Ту ұстаған баһадүрлер қанысың.
Елден бата, жерден кие дарыған,
Бір ғасырда бір туатын арысым, – деп жоқтаса, Қазақстанды жарты ғасырдай билеген ұлт көсемі Д.А.Қонаевты:
Жерін де сатпаған, елін де сақтаған,
Өзіңдей болса екен қазақтың көсемі.
Дінін де сақтаған, тілін де сақтаған,
Қазақтың ұрпағы болса екен өзіңдей, – деп сағына еске алады әрі қазақтың тұңғыш президентіне дарытпалап сын айтады…
Көркемдіктің басты шарттарының бірі – образдылық екенін Ғалым ақын жақсы біледі екен. Ақынның бұл ерекшелігін мен оның «Шеген» деген көп өлеңдері мен «Апа», «Ата», «Күнделіктегі көлеңке» поэмаларынан кезіктірдім. Олардың бәрін бірден түсіндіру үшін кемінде «Шегеннің» көлеміндей, бәлкім, одан да қалыңдау кітап жазуға тура келетін шығар. Ақынның «Қара нар», «Кеңсай», «Текті», «Ит өмір», «Ұлы махаббат немесе Құлжа кешінде», «Ана», «Әке», «Қанат – қазақ», «Құлпытас» т.б өлеңдерін оқығандардың көз алдына сол өлеңдер арналған тұлғалардың образы менмұндалап жетіп келеріне титтей де шүбәланбайсың!
Адамдық болмыстың шүңетіне, қатпар-қатпарына, тұңғиығына үңіле білу — поэзияның борышы есептеледі. Ақынның қоғамдық ой-санасына жасаған ықпалының қайсы деңгейде екендігін саналы оқырман оның (ақынның) сол борышын өтей алған, өтей алмағанымен өлшейді. Адам баласының ой-санасына сәулесін түсіріп, жүрегіне мейір-шапағат ұялатып, ақыл-парасатына салмақ қоса алмаса, ондай поэзияның көк тиындық құны болмайды, әуелі оны поэзия деп бөгенайлаудың өзі қиянат есептеледі. Өйткені поэзия – рух майданы, ол сұлулықты, көркемдікті, ізгілікті, ақиқатты, әділдікті өзіне мұрат тұтады. Сондықтан да ақынның жүрек жанары талмай іздейтіні — өмір. Нақтылап айтқанда, тақырып болмақ! Ал, тақырыпты талдау барысында ақын уақыт пен кеңістіктің, өзі жасаған қоғамдық, әлеуметтік ортаның күре тамырын кәнігі тамыршыдай ұстай білуі қажет, сонда ғана ақын уақытпен үндес, заманмен сырлас та тілдес, өмірмен егіздің сыңарындай қандас өлең жаза алады. «Шегендегі» барлық жырлардан мен жоғарыда айтып өткен қасиет-ерекшеліктерді толық аңғарғандай болдым.
«Шегенде» лириканың түр-түрі бар екен, соның ішінде азаматтық лирикалар көрнектірек көрінеді. Ақындық өнердің ең жоғары сынына, талғам таразысына түсетін сипаты есептелетін азаматтық лирикаларда ақынның асқақ рухы, әлеуметтік ирада, күш-жігері, идеялық таным-тұрғысы, майданы, көзқарасы, өмірге, болашаққа құштарлығы, ынтызарлығы бейнеленіп жатады. Азаматтық лирикасынан әрбір ақынның адамдық (кісілік) және әлеуметтік бейнесі көрініп тұрады. Содан да болар, азаматтық лирика ақын шығармасының бірден-бір сынтасы, яғни ақын поэзиясының қолқасы, күретамыры, тірлік тірегі, асқақ тұлғасы деуге болады. Ғалым «Жыр – Алматы» деген өлеңінде:
«Шеген» жинағындағы «Апа», «Ата» поэмаларын оқып, өз ата-апаларыңды еске алсаңыз, «Күнделіктегі көлеңкені» оқып еріксіз күйзелесіз, күңіренесіз, жауыз айдауылдарға кектенесіз, шерік ғасырдай құдай қосқан қосағынан тірідей айырылған ана мен аш-жалаңаш тірі жетімдерді мүсіркейсіз. Өмір, тағдыр, заман, қоғам дегендердің не екенін терең сезінесіз.
Ойды образ арқылы жеткізетін ғылым – әдебиет делінсе, оның бірден бір құралы – көркем тіл. Поэзиялық (әрине, прозаның да) шығармаларды әрлендіріп, сұлуландырып тұратын, құлпыртып көрсететін факторлардың бірі де, бірегейі де – тіл. Тіл өзінің ұғымдылығымен, образдылығымен, логикалылығымен адамдар санасына ықпал жасап, көңілдеріне қонады, жүректеріне ұялайды.
«Шегеннің» тілі жөнінде айту орайында аяулы оқырмандарыма бір жағдайды айта кеткім келеді. Осы күндері қазақ еліне танымал болған немесе таныла бастаған Мұрат Шаймаран, Алмас Ахметбек, Армиябек Сағындық, Тұрсынхан Зәкен, Сламқат Сейітқамза, Баяхмет Жұмабай, Құрманәлі Жүнісхан, Бекқожа Жылқыбек, Керім Елемес, Ләззат Игісін, Мағиза Құнапия, Серік Нұғыман, Серік Нүсіп, Дәулетбек Байтұрсын, Қайрат Құлмұхаммед, Ардақ Нұрғазы, Жәди Шәкен, Нұрқан Сұлтанбай, Иманғазы Нұрахмет, Мұқаш Қожахмет, Болат Құрманғажы, Қайрат Ахмер, Қырбақ Нұрғалилар — бәрі де менің алдымды көрген, езуімнен енші алған, менің қолыммен шығармалары жарияланған азамат, азаматшалар еді. Әуелі, өз құрдасым Дәулетбек Қаңбақ та менен көрген қолдау-жақсылықтарын күні бүгінге дейін жыр қылып айтады. Солардың бірі Ғалым Қалибекұлы еді. Мен «Шегеннің» тіліне мысал келтірмедім, «Шегеннің» тілін мақтамадым. Бірақ, жазбамның соңында, ақын, жазушы бауырым Ғалыммен де, шегедей мықты «Шегеннің» шешен де, кестелі, жүйрік тілімен де мақтанатынымды салтанатпен айта кетпекпін, халас!
Сәли СӘДУАҚАСҰЛЫ




