МҮЙІЗ (Қысқа әңгіме)

Алтайдың қоңыр ала жартасының жықпылы ықтасын еді. Боранды күні туған тауешкінің қоңыр лағы күн жылыған сайын үлпілдеп түлеп, шымырланып, шынығып, сіңірі қатайып, айыр тұяғы бекіген. Шамалы шақ, аз уақыттан кейін лақтың шекесінің екі жері томпайып, орайы қыши бастаған-ды. Бөрте лақ әуелде шекесінің неге мұнша қышитынын түсінбей, ауық-ауық жартасқа басын сүйкеп, сүзіп тұратын-ды. Таулы даланың ерек серкеші үйірмен бірге серектен серекке секіріп асыр салып ойнақтап жүретін еді. Көп ұзамай орайындағы бұлтиған қос томпақтың қышығаны сәл басылып, енді орыны шымырлап ауыра бастады.
Бұл ауырсыну – әсте сырқат емес еді. Тек бір ғана тосын жәйді қобалжып күту секілді ме, я болмаса жоғарыдан келіп қалар деп үміттеніп жүрген жаңа бақытының жақсы хабарына алаңдай ма, әйтеуір әлде бір мазасыздыққа душар болды. Күйгелектеніп күйінгендей біртүрлі шыдамсыздық пен күйзеліс бойын биледі. Содан біраз күндер өткен соң төбесінің томпайған жерінің терісі жұқарып, түгі жидіп түсіп, әп-әдемі екі қос бұлтиған мүйіздің тұқылының ұшы қылтиып бүр жара бастады. Осы сәттен бастап-ақ, лақтың әп-сәтте жетіліп таутекеге ұқсап келе жатқанын қасындағылар да аңғарды. Ал, лақтың өзі болса, алдағы болашақта арбиған Ай мүйізді алып таутеке болып, үйірді бастасам деген қиялға берілген. Жас лақ жартастың басынан аққан бұлақтан жиналған айнадай көлшіктен келіп су ішкен сайын әзірше әлі де жетіле бермеген әлсіздеу мүйізіне тамсана қарап, кейде көңілі асыққанда алақызып, біртүрлі мұңға бататынды да шығарды.
Енді, мінеки, екі жасқа жеткен кезінде мүйізі әжептәуір өсіп, сәнденіп, арқасына қарай дөңгеленіп, әдемі бунақтары білініп, ұшы сүйірленгені байқалған. Бұл уақытта жеткен текенің жеті қарыс мүйізі мен бес жасар текенің бес қарыс мүйізі шетелдік аңшылардың қоржынына тоғытылып, сонау Берлин мен Парижге қарай кеткен. Кезегі келгенде бұйырса мынау шоқтығы қоқиған қоңырала теке үйірдің алдында жүретін алғашқы төртеудің қатарына қосылады. Бұлайша төрттің бірі болып қатарда қалу, әрине жас теке үшін мәздекүм абырой, яки аз олжа емес-ті. Бірақ, үйірді жеке дара қайыруға әлі де ертерек! Демек, күйітті үйірден дәмелі, бүйірі қызулы өркөкірек, қуатты хайуан үшін мұндай пәс дәреже сәл олқылау сезілетін-ді.
Бір күні тауешкінің үйірі қоныс аударып, қыпшал, шатқалдың қия қыратындағы жіңішке соқпақпен шұбырып бара жатқан. Таутекелердің табиғи заңы бойынша, шұбамалы тар қиядан үйірдің әрқайсысы жалғыз-жалғыздан тізіліп өтуі тиіс еді. Алайда қасындағы енесі «әлі тұяғы әбден қатаймаған қоңыр серкешін абайсызда құлап қалмасын» деп қауіптеніп, шатқал қаптал жағынан оны қалқалай қорғаштап, сүйемелдеп келеді. Мүйізінің мұншама баяу өсуіне өлердей өшігіп, өзінше ашулынып келе жатқан жас текенің кенет қаны қайнап, мүйізінің ұшына шейін ыза кернеді. Хайуан қарғып барып тас жартастың қабырғасын қатты сүзіп өтті. Басы солқылдап, миы айналып, есеңгіреп ызадан әбден булыққан жас теке тым содыр еді. Тар жолға симай тағаты таусылған ол енді өз енесінің бүйіріне қарай мүйізін қадады… Алаңсыз қатар келе жатқан енесі шегініп те үлгере алмай, қараңғы құздан тайғанап құлап бара жатты. Ал, жас теке осы қылығынан сескенбеді, қыңбады, қарамады да, өкінбеді де. Текешік тек қана – «неге ары жүрмей, қасыма жабысып қыстырылып қалды» дегендей кейіппен лепіре бақылдап, басын шайқап, тайраңдап, ернеуден құлаған енесінен босап кеңейіп қалған кернеуі тар жолмен кердеңдеп өте берді.
Енесін сүзген мүйізінің ұшында сыдырылған терінің жұлымы мен жұғып қалған бір тамшы қанға да назар аудармады.
Уақыт өтіп жатты. Кейінірек айнадай айдыннан су ішуге келгенде: сол жақ мүйізі ішке қарай иіліп, бүгіліп өсіп бара жатқанын байқады. «Мүйізім екі түрлі болады-ау… Әрине бұл үйір басшысына лайық емес аздаған кемістік шығар, алдағы уақытта ұзарып өссе болды ғой» деп, өзін жұбатып кете берген-ді ол.
Арада тағы да екі жыл уақыт зымырап өтіп, осы өзінің үйіріндегі тетелес екі таутеке де Америка долларына айырбасталып, атылды да кетті. Ендігі бос орын өзіне ғана тиеселі. Енгезердей болып еті жетілген қоңырала теке үшін үйірді бір өзі басқарып, еркін қайыруға бір-ақ қадам сәт қалған- ды…
Бірақ, бұл кезде оның ойын басқа бір тосын жағыдай мазалай бастаған-ды. Әлгі ішке қарай иілген мүйізінің үшкір ұшы самайына тіреліпті. «Неліктен бұлай болды?» – деп қанша ойланса да, еш себебін түсіне алмай дал ұрды. Бірнеше айдың ішінде-ақ иір мүйізі жақсүйегін қысып, қан-қақсатып қатты ауырта бастады. Ақыры біздей сүйір мүйізі бас терісін жыртып, жарақатынан қанды-ірің ағып, оған шыбын-шіркей үймелеп мазасын кетірді. Жас теке «тым жылдам өсіп, өзіме сор болған мүйізім мен аяусыз тағдырым-ай» деп іштей қиналып, қынжылып ашынса да, тіпті өз-өзін жұбатып, алдарқатса да, мүйізінің сүңгідей ұшы әлдеқашан терісін түйреп өтіп, етіне кіріп үлгерген еді. «Неге өзгелердің мүйізі өз басына жарасып, дөңгеленіп өсіп, көлбеген Ай секілді көкке серпіп серейеді екен, ал менікі ше…?» деген алуан ойдан ой кезіп іштей қатты азаптанған. Алайда, бұның жұмбағын ол ешқашан шеше алмаған-ды.
Қоңырала текенің мүйізі одан әрі өсіп, самай сүйегін көктеп өтіп барады. Шектен тыс шаншып қадалудың салдары да жанын қинай берді. Бұл «неге?» деген сауал таутекені мүлдемге есінен тандырды. Енесінен адасып, қаңғып қалған жетім еліктей сандалған үрей мен жанына батқан шаншу барлық дене мүшесін езіп, мүжіп өзін-өзі меңгере алмайтындай мүсәпір халде қалды. Өз мүйізі өзінің миына осылайша оқтай қадалды ақыры. Түйрелген мүйіздің сүйір ұшы миының тысқы қабығын жыртып өтер сәтте ғана: «Менің мүйізім мүлдемге теріс өсіпті-ау» деген әлде қалай бір кіресалы-шығасалы ойлар есіне келіп, кетіп есеңгіретіп бара жатты.
Қоңыр таудың қоңырала таутекесінің соңғы ғұмыры – жерге қонған құстардың қайта дүркіреп ұшқанындай күйге түскен өлімші шағы еді.

Моңғол тілінен аударған –
Сұраған Рахметұлы




ПІКІР ЖАЗУ