ТАРИХ, ТУРИЗМ ЖӘНЕ КРЕАТИВ жаңа экономиканың үш тірегі

Еліміздегі ең маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдауға арналған бүкілхалықтық референдум биылғы наурыз айына белгіленгені белгілі. Ата Заңымыздың жаңа нұсқасындағы 3-баптың 1-ші тармағында былай делінген: «Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттары: Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау; адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын сақтау; заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету; жалпыұлттық бірлікті бекемдеу; халықтың әл-ауқатын арттыру; жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясын ілгерілету; қоғамдық диалогты дамыту; еңбексүйгіштік, прогресс, білім құндылықтарын бекіту; жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру; тарихи-мәдени мұраны сақтау; төл мәдениетті қолдау» (астын сызған – автор).

Астын сызған себебіміз – мақаламызда қозғалатын мәселелер осы жәйттерге қатысты. Жаңа ғасырға қадам басқалы әлем елдерінің арасындағы қашықтық біртіндеп жойылып бара жатқаны баршаға мәлім, бұрынғымен салыстырғанда елдер мен елдер, халықтар мен халықтар бір-біріне жақындай түскенін көзі қарақты оқырман әлдеқашан аңғарып үлгергені сөзсіз. Ақпарат құралдарының әлем елдерін қамту ауқымы ғарыш жылдамдығымен ұлғайып барады, соның арқасында кез-келген жаңалық сол мезет дүние жүзіне таралып кетеді, бұған ешкім таң қалмайды, әбден бойымыз үйренген. Сондықтан қазір өмірдің қай саласында болса да жаңа үрдіске дереу ілесіп отыруға тура келеді, әйтпесе кешігіп қаласың. Сол үрдістердің бірі – заман ауанына сай мәдениет саласы да экономиканың дербес секторына айналып келеді. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрі – премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның креативті индустрияны дамыту мәселесіне тоқтала келіп: «Креативті индустрия – экономиканың жаңа драйвері. Бұл салада талант пен идея басты капиталға айналады», – деп атап өтуі осы мәселеге байыппен қарап, терең түсіну керектігін білдірсе керек.
Министрліктің деректері бойынша, қазір креативті сектор еліміздегі шағын және орта бизнестің маңызды бөлігіне айналып келеді. Бүгінгі таңда өнеркәсіп өнімдерімен қатар идея, стиль, тарих, музыка, ойын, дизайн, анимация, қолөнер, тағам түрлері де экспортқа шығарылып, нақты пайда әкелетін табыс көзіне айналып отыр. Осы орайда мақаламыздың тақырыбына алынған үш сала – шығармашылық өнімдерін (креативті индустрия) де, сапалы туризмді де, ұлттың тарихи мұрасын да экономикалық ресурс ретінде қарастыру керектігін қаперден шығармайық. Бұлардың алғашқысы әлем жұртшылығына еліміздің бет-бейнесін таныстырады, туризм сол бейнені көзімен көріп, қолымен ұстауға жағдай жасайды, ал тарихи мұра соның бәрінің түп тамыры мен қайнар көзін көрсетіп береді. Осы үшеуі бір арнада тоғысқанда ғана еліміздің шынайы келбеті айқындалып, халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарып, рухы көтерілетін болады.
Енді осы үш саланы жеке-жеке қарастырайық. Шығармашылық өнімдерді әлемдік деңгейге қалай көтереміз, оны дамытудың негізгі бағыттары қандай, туризм саласын жандандыру жолдары ше, тарихи мұраларымызды жаңартып-жаңғыртып, дүние жүзіне танытуға қайткенде қол жеткіземіз, соны бағамдап алайық.

Шығармашылық саланың болашағы: өркендеу жолдары

Қазір «креативті индустрия» дегенді жиі естиміз. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – шығармашылыққа негізделген кәсіп дегенді білдіретін ұғым. Тереңдете түсіндірсек, ол – жекелеген өнерпаздар мен өнер ұжымдарының көркем ойы мен талғамының жемісі, солардың қолынан шыққан өнімдер мен қызмет түрлері. Олардың қатарына ән мен күй, театр мен кино, кітап пен баспа, сурет пен қолданбалы өнер, сән үлгісі, сәулет, қолөнер, жарнама, телебағдарлама сияқты көптеген дүниелерді жатқызуға болады.
Креативті индустрияның негізіне алынатын шығармашылық өнім оның негізіне не нәрсенің алынғанына емес, мән-мағынасы мен сапасына байланысты бағаланады. Бұл өнімдер ауылда да, қалада да жасала береді және оған жастар да, тәжірибелі аға буын өкілдері де атсалыса алады. Ұрпақ сабақтастығының артықшылығы осыдан-ақ көрініп тұр: жас ұрпаққа тән жаңаша ойлау мен тың пішіндердің аға ұрпақтың бойындағы ұлттық ерекшеліктер мен салт-дәстүр негізінде қалыптасқан шығармашылық мектептің қағидаларымен ұштасуы нәтижесінде қандай қатал талаптарға да жауап бере алатын сапалы өнім пайда болады.
Креативті индустрия әлем елдерінде қазірдің өзінде экономиканың тіректерінің біріне айналып отыр. Адамдар белгілі бір бұйымды емес, ең алдымен – әсерді, көңіл күйді, ойды сатып алады. Кітаптан сырласын табады, дүниетанымы кеңейеді, фильмді көргенде жаңа әлемге тап болады, көрмедегі экспонаттарды тамашалап, талғамы биіктей түседі. Осының бәрі табыс көзі, экономиканың бір бөлігі. Біз де осы жолға түсуіміз керек.
Бұл саланы өркендету үшін қатысушылардың бәріне ортақ, баршаға түсінікті болатындай: автордың құқығын қорғау, еңбекті бағалау, еңбекақыны әділ төлеу, келісімшарт мәдениетін қалыптастыру тәрізді белгілі бір тәртіп орнату керек. Бұл, ең алдымен, зияткерлік меншікке негізделген толық жүйе: идея → прототип → өнім → нарық → экспорт → бренд. Сонымен, креативті индустрия дегеніміз экономиканың «қиыр шетіндегі» әшекей емес, кәдуілгі өндіріс орындары секілді тұрақты сала. Бұған қол жеткізу үшін басты-басты үш бағытта жұмыс істеу қажет. Енді соларды қарастырайық.
Бірінші – цифрлық платформалар құру. Әлемдік нарықта контент тарату да, өнімді қаржыға айналдыру құралдары да цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейді. Авторлар студияға жүгінбестен өз аудиториясын онлайн форматтан таба алады. Бұл орайда бізге цифрлық платформаның логикасын түсінетін, деректермен жұмыс істей білетін, маркетинг пен өнімді өткізу жолдарын меңгерген мамандар керек.
Екінші – жаңа технологияларды кеңінен қолдану. Жасанды интеллект, генеративті құралдар, XR (AR/VR) – кеңейтілген (толықтырылған/виртуалды) шындық, интерактивті мультимедиа, game-dev (виртуалды әлем жасайтын құрылғылар), виртуалды продакшн тәрізді әдіс-тәсілдер мен құралдар, кейбіреулер қауіптеніп жүргендей, шығармашылықтың орнын баса алмайды, тек оны жылдамдатады және қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Болашақта суретші мен инженер, сценарист пен дата-аналитик, режиссер мен UX-дизайнер (цифрлық өнімдердің пайдалануға қолайлы болуын жобалайтын маман) секілді мамандар бірігіп, бір кеңістікте жұмыс істейтін болады.
Үшінші – әсерлендіру экономикасы. Фестивальдар, көрмелер, гастрономия, этно-лагерьлер, қолөнер шеберханалары, тарихи маршруттар – осылардың бәрі «әсерлендіру өнімдері». Креатив осы әсерлердің өзін: драматургиясын, көрінісін, дыбысын, сервисін, мерчін (брендтің рәміздік белгілері бейнеленген өнім), коммуникациясын жобалайды.
Осы үш бағыт та бір мақсатқа — креативті индустрияны «хобби» деңгейінен «сала» деңгейіне көтеруге қызмет етеді. Бұл үшін бір ғана талант аз болады – құқық, келісімшарт, менеджмент, қаржы, сапа стандарты, халықаралық дистрибуция, көрерменді/тұтынушыны зерттеу сияқты өндірістік мәдениетті меңгеру керек.

Креативті индустрияны дамытудың негізгі бағыттары

Бірінші – зияткерлік меншік және құқықтық орта. Креативті экономиканың валютасы – IP (цифрлық мекенжай). Ән, кейіпкер, сценарий, дизайн, ойын механикасы, бренд-айдентика (брендтің айырықша бейнесі) тәрізді креативті индустрияның құрамдас бөлшектерінің құқығы түгелдей қорғалмаса, инвестиция тарту мүмкін емес. Сондықтан:
– авторлық құқықты қорғаудың түсінікті тетігін жасау;
– лицензиялау мәдениетін (музыка, сурет, фото, типография, софт – виртуалды құралдардың бағдарламалар топтамасы) меңгеру;
– продюсерлік келісімшарттардың ашық үлгілерін пайдалану;
– контент заңын пайдалануды ынталандыратын нарықтық тәсілдер қажет.
Бұл жерде мемлекет «тыйым салушы» емес, «ережелерді белгілеуші және орындатушы» болады. Қандай шығарманы да өмірге әкелетін — автор. Ән жазған, күй шығарған, кітап жазған, сурет салған адамның еңбегінің өтемі болуға тиіс. Автордың құқығы қорғалмаса жақсы дүние азая береді. Еңбегі бағаланбаған адамның ынтасы болмайды. Сондықтан авторлық құқықты түсіндіретін, оны қорғайтын жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі керек. Мектептен бастап түсіндірілсе тіпті жақсы: балалар сонда ғана біреудің өлеңін, суретін, еңбегін рұқсатсыз пайдалану дұрыс еместігін біліп өседі. Автордың өз туындысын заңды жолмен тіркетуі жеңіл жүргізілуге тиіс.
Екінші – креативты кластерлер және өндірістік инфрақұрылым. Әлемде креативтің тиімді моделі – кластер. Бір ауданда студия, коворкинг (арнайы жабдықталған, жалға берілетін орын), постпродакшн (фильм, бейнеролик, т.б. түсіруден кейінгі жұмыстар), шағын театр, галерея, медиа-мектеп, құрал-жабдықтарды жалға беру, стартап (инновацияға негізделген жаңа компания) инкубаторы қатар орналасады. Кластер – кездейсоқ «жоба» емес, қала экономикасының құрамдас бөлігі. Қазақстанда:
– өңірлік креативті хабтар;
– дыбыс және видео студияларының қолжетімділігі;
– анимация және VFX үшін жабдықталған орта;
– game-dev және IT-креативін ұштастыратын зертханалар дамытылса, өнімнің өзіндік құны төмендеп, экспортқа шығару мүмкіндігі арта түсер еді. Осының бәрі шығармашылық адамының жалғыз өзі емес, пікірлестер тауып, бірлесе жұмыс істеуіне жағдай жасайтын болады. Кім-кімге де шығармашылық орта, құрал-жабдық, сахна, көрме алаңы, студия, баспа, оқу-үйрену, ұстаз, шәкірт керек.
Сондықтан әр өңірде шығармашылыққа жағдай жасайтын орындар көбейтіліп, мәдениет үйлері жаңаша жұмыс істесе, жас суретшінің шығармалар көрмесін ұйымдастыру жеңілдей түссе, жас композитордың музыка жазуына мүмкіндік туғызылса, кітап шығаруға қолдау көрсетілсе – бәрі алға жылжыр еді. Бұл жерде қала мен ауылдың арасын жақындата түсудің маңызы зор. Өйткені ауылда талант көп, оларға жол ашу керек.
Үшінші — білім беру: креатив пен менеджментті ұштастыру. Талантты жарқырата ашу үшін тек қана өнер мектептері аздық етеді. Бұл үшін продюсинг, бренд-стратегия, авторлық құқық, қаржылық жоспарлау, маркетинг, халықаралық нарыққа шығу секілді креативті кәсіпкерлік түрлерін жолға қою керек. Университет, колледж, қысқа курстар мен тәлімгерлік (mentorship) тәрізді білім беру құралдары тұтас тізбек құрауға тиіс. Әсіресе мектеп жасынан бастап балалардың:
– медиа сауатын ашу;
– дизайнерлік ойлау (design thinking) жүйесін қалыптастыру;
– музыка/видео өндірісінің негіздерін үйренуіне;
– ойын түрлерін жасау амалдарымен танысуына жағдай жасап;
– сценарий жазуды үйретіп, сторителлинг (брендтік өнімнің қыр-сырын ашуға арналған көрнекті сюжет, бағдарлама, кездесулер, пост жазу, т.с.с.) мәдениетін меңгеруін қамтамасыз ету арқылы шығармашылық өкілдерінің жаңа буынын еркін ойлы әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ ретінде тәрбиелеп шығаруға болар еді.
Бұл орайда бір нәрсеге тоқтала кетейік: шығармашылықтың өзегі – талғам. Талғамды тәрбиелеу керек. Кітап оқыған, ән тыңдаған, театр көрген бала есейген соң өмірге басқаша қарайтын болады. Сондықтан мектептер мен кітапханаларды, үйірмелер мен өнер мектептерін креативті индустрияның бастауыш буындары ретінде қарастырған жөн.
Балалармен қатар ересектердің де оқып-үйренуі артық болмас еді: кино түсірудің, кітап шығарудың, көрме ұйымдастырудың, сахна қоюдың өз тәртібі бар. Сол тәртіпті үйрететін қысқаша курстар ұйымдастырылып, ұстаздық-шәкірттік дәстүр қалыптастыру, тәжірибе алмасу мақсатында кездесулер өткізіліп тұрса шығармашылық өнімдердің сапасы арта түсері сөзсіз.
Төртінші – қаржыландыру және тәуекелге бару мәдениеті. Креатив тәуекелшілдікті талап етеді. Кез-келген идея жүзеге аса бермейді. Сондықтан банктен несие алудың орнына: – гранттар мен өндірістік субсидиялар;
– венчурлық қорлар;
– копродакшн тетіктері;
– экспортқа бағытталған жобаларға кепілдік беру және сақтандыру құралдары тәрізді басқа жолдар іздеген тиімдірек болар еді.
Ең бастысы – жұмсалатын қаржыны өнім толық дайын болғанға дейін: зерттеу → әзірлеу → тест → тарату тәрізді кезең-кезеңге бөлген дұрыс.
Мына жәйтті қаперде ұстаған жөн. Кейбір жобалар бірден табыс әкелмейді. Бірақ уақыт өте келе елдің атын шығаруы мүмкін. Сондықтан қаржылай қолдау көрсету «бір жолғы шара» емес, жүйелі болуы керек: жобаға дайындық, оны жасау, халықтың назарына ұсыну кездерінің бәріне де қаржы жұмсалады.
Бұл орайда мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің әрқайсысы өз жұмысын атқаратынын назарда ұстаған жөн. Мемлекет ережелерді белгілеп, жұмыстың әділ жүргізілуіне жауап берсе, кәсіпкер сапалы дүниеге демеушілік көрсетсе, сонда ғана тиісті нәтижеге қол жеткізуге болады. Ең бастысы, қаржылай қолдау тамыр-таныстықпен емес, шеберлікке, сапаға, еңбектің адалдығына қарай көрсетілуге тиіс.
Бесінші – креативтік өнімді экспортқа шығару. Қазақстандық өнімдерді әлем елдеріне экспорттау үшін қойылатын талап екеу-ақ: өнім түпнұсқа болуға тиіс және кім-кімге де түсінікті болуы керек. Ұлттық келбетімізді сақтай отырып, өнердің әлемдік аудитория жатырқамай қабылдайтын түрлерін ұсынған жөн. Бұл үшін:
– халықаралық фестивальдарға жүйелі түрде қатысу;
– локализация және аударманың (субтитр, дубляж, интерфейс) сапалы болуы;
– дистрибьюторлармен жұмыс істеу;
– сыртқы нарыққа бейімделген бренд және PR стратегия қажет. Осының бәрі де маңызды, экспортқа шығарылған өнімнің тағдыры осыларға байланысты шешіледі.
Ал енді өнімді экспорттау тұрғысынан алғанда қай салаға баса көңіл бөлген жөн? Еліміз үшін дәл қазір мына бағыттар дұрыс сияқты:
– Кино және сериалдар;
– Анимация және балалар контенті; – Музыка және ойын индустриясы;
– Баспа, комикс, иллюстрация, әдебиет (сторителлинг);
– Ұлттық киім үлгілері мен жаңаша қолөнер (дәстүрлі бұйымдар мен заманауи дизайнды ұштастыру);
– Гастрономиялық креатив (ұлттық тағамдар арқылы мәдени кодты жеткізу).
Біздің ұлттық өнеріміздің өзіндік сипаты бар: кең дала, көне тарих, күйдің тереңдігі, сөздің салмағы. Бірақ әлемге түсінікті тіл керек. Бұл жерде сапалы аударма, дұрыс таныстыру, жақсы түсірілген бейне, жинақы мазмұн болғаны дұрыс.
Мысалы, қазақтың күйін әлемге таныту үшін тек концерт қою аздық етеді. Күйдің тарихын, мағынасын түсіндіретін әңгіме керек. Сол сияқты тарихи орын туралы жай ғана дерек келтіріп қоймай, адамның жүрегіне жететін оқиғаны суреттеген жөн. Бұл орайда жазушының сөзі, режиссердің көзі, суретшінің қолы, композитордың әуені бірігіп, біртұтас көркем туынды дүниеге келеді.

Қазақстан туризмін әлемдік деңгейге шығару

Қазақстанның табиғаты – Алланың берген сыйы: тау, көл, шөл, орман, кең дала. Бірақ туризм үшін табиғат сұлулығының бір өзі жеткіліксіз. Туризмнің басты шарты – жол, қауіпсіздік, тазалық, ақпарат, қызмет көрсету мәдениеті.
Турист қайда барса да алдымен қолайлылық іздейді. Жол табу оңай бола ма, қонуға орын бар ма, тамақтанатын жер таза ма, бағасы түсінікті ме, дәретхана мәселесі қалай, төтенше жағдайда кім көмектеседі – міне, осы сұрақтар шешілмесе табиғаттың көркі де көмескіленіп кетеді.
Туризмде «бізде мынадай көл бар, анадай тау бар» деумен шектеліп қалуға болмайды. Адамға сапардың жоспары керек. Мысалы, үш күнге келген адам не көреді, қалай жүреді, қайда қонады, қайда тамақтанады, өзімен бірге қандай естелік бұйымдар әкетеді – осының бәрі дайын болса, туристің де көңілі тоқ.
Сондықтан әр өңірге арнап нақты бағыттар жасалуға тиіс: қала ішіндегі мәдени бағыттар, тарихи орындарға баратын жолдар, табиғатқа шығатын қауіпсіз соқпақтар, отбасылық демалыс түрлері, егде адамдарға қолайлы қысқа серуендер – бәрі ойластырылса ғана туризм жандана түседі.
Жол бойындағы белгі, карта, ақпарат тақтайшасы, аялдама тәрізді көптеген нәрсе біреулерге ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Бірақ турист үшін бұл – үлкен көмек. Адам туристік сапар барысында өз бетімен жүре алатын болса ол тағы қайтып келеді және бұл туралы өзгелерге де айта жүреді.
Жолдың сапасы, ішкі қатынастың ыңғайы, пойыз бен ұшақтың уақытылы жүруі, туристік автобус, көлік жалдау қызметі – бәрі туризмнің тірегі. Мұнда жергілікті әкімдік, кәсіпкер, қоғам болып бірлесе әрекет етудің маңызы зор.
Туризм – адамның адамға қызмет көрсетуі. Жылы жүз, дұрыс сөз, көмектесуге дайын тұру – қонақжайлықтың белгісі. Бізде қонақты сыйлау дәстүрі бар. Енді соны қазіргі талапқа сай қызмет көрсету мәдениетімен ұштастыру керек.
Гидтерді оқыту, музей қызметкерлерін дайындау, қонақүй мен тамақтану орындарындағы тәртіп, тазалық, тіл мәселесі – бәрі бір жүйеге түсірілуге тиіс. Әсіресе қазақ, орыс, ағылшын тілінде қысқа әрі анық ақпарат беру – бүгінгі күннің басты талабы.
Қазақстанда туризмнің бірнеше бағытын қатар дамытуға болады:
– табиғат туризмі: ұлттық парктер, тау, көл, жаяу серуен;
– тарихи туризм: көне қалалар, кесенелер, музейлер;
– емдік-сауықтыру: шипалы су, тынығу орындары;
– қала туризмі: театр, көрме, концерт, сәулет;
– тағам туризмі: ұлттық ас, өңірлік тағам дәстүрі;
– ауыл туризмі: қымызмұрындық, мал шаруасы, қолөнер көрінісі.
Әр бағыттың өз ережесі бар. Табиғат туризмінде – экология, қауіпсіздік, тәртіп бірінші орында тұрады. Тарихи туризмде – мәдениетке құрмет, ғылыми дәлдік қажет. Тағам туризмінде – тазалық пен сапа шешуші міндет атқарады.
Туристер жай ғана «сізді Бурабай шипажайы күтіп тұр» деген жарнамаға қанағаттана қоймайды. Ол жаққа қалай жетеді, қайда қонады, не көреді, қай жерден тамақтанады, қандай эмоция алады, қандай сувенир алып қайтады деген сұрақтарға толық жауап беретін 3-5 күндік сценарий нақты жүзеге асырылса ғана туристік бағыт креативті өнімге айналады. Қазақстанда туризмді әлемдік деңгейге көтеру жолындағы алғашқы қадам ретінде туристік маршруттарды қызмет көрсету пакетіне айналдыруды қолға алу қажет. Бұл тұрғыда туроператор, гид, қонақүй, музей, көлік, кафе-дәмхана тәрізді қызмет көрсету түрлері бір платформада «бір өнім» ретінде жұмыс істеуге тиіс.
Әлемдік стандартқа сай туризм саласын жолға қоюдың басты шарты – ыңғайлы логистика. Ұшақ кестесінің тұрақтылығы, ішкі рейстердің қолжетімділігі, пойыздың сервистік деңгейі, жолдың сапасы, туристік автобустар, велоинфрақұрылым, автокемпингтер, ақпараттық орталықтар – осының бәрі бір-бірімен тығыз байланысты жүйеге біріктірілгенде ғана оң нәтижеге қол жеткізе аламыз.
Қарапайым, бірақ өте әсерлі нәрсе – әжетхана мәдениеті. Туристердің ел туралы пікірі көбінесе көркем музейлерге емес, жол бойындағы тазалыққа қатысты қалыптасады. Бұл – ұсақ мәселе емес, әлемдік стандарттың өзегі.
Қазіргі туристер алдағы сапарын жоспарлауды смартфоннан бастайды. Қазақстанда туристерге арналған:
– маршруттардың тізімі, билет/қонақүй брондау;
– музей билеті, экскурсия;
– төлем, карта, навигация;
– қауіпсіздік байланысы (112/туристік полиция),
– көптілді анықтама тәрізді қызмет түрлерін көрсету біртұтас пакет ретінде ұсынылуға тиіс. Ондай «бір терезе» туристің уақытын үнемдейді және «көлеңкелі нарықты» азайтады.
Брендинг пен халықаралық маркетингті жоғары деңгейге көтеру қажет. Туризм саласындағы әлемдік нарықта бәсекелес көп. Сондықтан Қазақстанда «бәрі бар» деген жалпылама сөзді малданбай, нақты позиция ұстанған жөн. Мысалы:
– «Ұлы дала мәдениеті» (номадизмнің қазіргі көрінісі);
– «табиғат пен қала контрастары»;
– «жібек жолының жаңа бағыты»;
– «кино арқылы ашылатын Қазақстан» сияқты нарративтер көптеп жасалуға тиіс. Өйткені брендинг – логотип емес, қызықты да көрнекі әңгіме айта білу. Ал әңгімені креативті индустрияның көркем/деректі, қысқа/толық-метражды фильм, фотосурет, музыка, фестиваль, ойын, визуалды тіл секілді құрамдас бөліктері ғана айтып бере алады.
Енді осы бағытта нақты қандай жұмыстар жоспарланып отырғанына тоқталайық. Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Нұрбол Байжанов 2026 жылғы 26-шы ақпанда өткізілген баспасөз бринфингінде биыл Алматы тау кластерін, Бурабай курортты аймағын және Маңғыстау туристік аймағын дамыту жұмыстарына баса назар аударылатынын хабарлады. Мысалы, Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарында осы аймақтағы тау шаңғысы курорттарын кеңейтіп, біртұтас жүйеге біріктіру көзделген. Мұнда қосымша 30 аспалы жол салынып, 161 километр сырғанау жолы пайдалануға берілмек. Сонда бұл аймаққа жыл бойы келетін туристер саны 5 миллион адамға жетеді екен. Бұл көрсеткішті 2029 жылға дейін 1,7 миллион адамға жеткізу жоспарланып отыр.
Жалпы бұл саладағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылы 28-ші наурызда қабылданған «Қазақстан Республикасында туризм саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасын бекіту туралы» қаулысына сәйкес жүргізіліп жатыр. Тұжырымдама бойынша, қазіргі кезде туризм саласында білікті мамандар даярлау ісі елімізде жоғары білім беретін және жоғары білімге үстеме білім беретін 49 оқу орнында жүргізіледі. Болашақ мамандарды оқыту бойынша да, кәсіби тәжірибеден өткізу тұрғысынан да белсенді әрекет етіп жүрген «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, Қазақстан туристік ассоциациясы, Қазақстан қонақүйлер мен мейрамханалар ассоциациясы секілді туристік ұйымдар әріптестерімен бірігіп, осы бағытта арнайы консорциумдар құрған.
Дегенмен осы оқу орындарында оқытылып жүрген академиялық бағдарламаларда студенттерді нақты тәжірибеден өткізу қарастырылмағандықтан туризм секторының арнайы мамандарға деген сұранысы толық өтелмей отыр. Мысалы, Европа елдерінің білім беру жүйесінде студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізу жалпы оқу бағдарламасының 50%-ынан 70%-ына дейінгі бөлігін қамтиды. АҚШ арнайы оқу орындарында біртұтас ақпараттық жүйе арқылы туризм индустриясы мекемелерімен біріктірілген мамандандырылған бөлімдер (кадрлық агенттіктер) жасақталған, олар еңбек нарығына тұрақты мониторинг жасап отырады және жас мамандарды жұмысқа орналастырумен, салалық мамандықтар бойынша абитуриенттер қабылдауды реттеумен айналысады. Сонымен қатар, туристер үшін тартымды, бірақ шалғайда орналасқан аймақтарда туристерге қызмет көрсету ісіне жергілікті тұрғындарды тарту жолға қойылған. Сонда халықты еңбекпен қамту жұмысы да қыза түседі, жергілікті бюджет те толыға береді.
Мойындауымыз керек, Қазақстанда осындай жұмыстар тиісті деңгейде қолға алынбай отыр. Қазіргі таңда әлемдік туризмдегі басым бағыттардың бірі деп саналатын MICE-туризмді (Meetings, Incentives, Conferences, Exhibitions – іскерлік бағыттағы туризм) дамыту деңгейі де өте төмен.
Халықаралық MICE шараларын өткізу тұрғысынан еліміз Ресей секілді негізгі бәсекелестерінен едәуір артта қалып келеді. 2019 жылғы көрсеткіш бойынша Ресей Федерациясы халықаралық ассоциациялардың 117 шарасын өткізіп, әлемдік рейтингте 25-ші орынды иеленсе, Қазақстан сондай 18 шара өткізіп, 79-шы орынға шығып, бұл шаралардан түскен қаржы 6 миллион доллар құраған. Сол жылы халықаралық ассоциациялар өткізген шаралардың жалпы саны 12951 болса, еліміздің ондағы үлесі 0,07% ғана құрапты. Ковид пандемиясына дейін MICE-туризмнің жылдық ауқымы 725 миллиард долларға жетіп, жыл сайынғы өсімі 7,5%-ға жеткен. Халықаралық MICE шараларын өткізуге атсалысуды жандандыра түссек бұл салада да біршама жетістіктерге жетуге мүмкіндік бар. Әрі елімізге қаржы тартып, туризм саласын өркендетуге қолайлы жағдай жасалуына жол ашылар еді.
Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия, Ұлыбритания сияқты MICE-туризм дамыған елдерде халықаралық MICE шараларын ұйымдастырушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Қазіргі кезде көршілес елдердің бәрі халықаралық шаралар өткізу, ірі-ірі көрмелерге қатысу арқылы шетелдік туристер тартуды белсенділікпен жүргізіп отыр.
Жоғарыда аталған Тұжырымдаманы іске асыру сәтімен жүргізілсе Қазақстанның экономикалық дамуындағы басты бағыттардың бірі туризм болары сөзсіз. 2029 жылға дейін бұл салада 800 мың адам еңбек ететін болады. Сала бойынша қосымша құн салығының мөлшері 6 триллион теңгеден асып түседі деген болжам жасалып отыр.
Туризм саласын дамытуға инвестиция тарту үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдай жасалмақ, соның нәтижесінде келушілерді тұрғын жаймен қамтамасыз ететін және тамақтандыру қызметінен түсетін пайда 260 миллиард теңге құрайтын болады.
Басым бағыттағы туристік аймақтар сапалы көлік-инженерлік және туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Туристердің сұранысын уақытылы өтеу мәселесі де барлық жерлерде оң шешілмек.
Әуежайларды, теміржол вокзалдарын, автостанцияларды қоса алғанда туристік сапарларға арналған жолдардың өн бойында адамдарға қолайлы әрі жайлы жағдай жасалып, жол бойында сервистік қызмет көрсетуге арналған заманауи нысандар салынады. Көлік-логистика инфрақұрылымының барлық тораптарында Интернет қолжетімді болады, мұның өзі туристердің кез-келген уақытта цифрлық онлайн-сервистің ауқымды түрлерін пайдалануына мүмкіндік туғызады.
Қазақстанда 2029 жылға дейін туризмді дамыту бағдарламасында ішкі және сыртқы туризмге тартылатын адамдардың санын көбейту мақсатында осы саланы цифрландыру, инфрақұрылымды жақсарту, қызмет көрсету сапасын арттыра түсу көзделген. Сонымен қатар, туристер орналастырылатын жерлерді «eQonaq» жүйесімен (туристер ағынын және көші-қон барысын бақылау істерін жинақтап, есепке алып отыратын ақпараттық жүйе) 100% қамту, басты-басты туристік бағыттарды (эко-мәдени-емдеу-сауықтыру) дамыту, әуе және теміржол маршруттарын көбейту жоспарланған, белсенді маркетинг те басты бағыттарға жатады.
Ұлттық және мемлекетаралық өзара түсіністік табулы ілгерілетуге жағдай жасайтын мәдениетаралық оңды да өнімді қарым-қатынастар жолға қойылмақ, олар агротуризмді және осы саланың мәдени-танымдық, әлеуметтік, медициналық, экологиялық, іскерлік, балалар мен жасөспірімдерге арналған және басқа түрлерін қамтитын болады.
Ел маркетингін белсенді жүргізудің арқасында аймақтық және әлемдік нарықтарда еліміздің танымалдығы арта түспек. Бұл орайда елімізді картадан бірден тануға болатындай, сыртқы және ішкі туризмді жарнамалауға арналған стратегия іске қосылады. Дүниежүзілік Экономикалық Форумның (ДЭФ) Саяхаттар мен туризмді дамыту жөніндегі ауқымды индексі жөніндегі рейтингте Қазақстан ТОП-50 елдің қатарына қосылуға тиіс. Осы орайда елімізде «Tax free» (шетелдік азаматтар жасаған саудадан алынатын қосымша құн салығын қайтарып беру) жүйесі енгізілгенін атап өтейік.
Тұжырымдамада оңды істердің сабақтастығын жалғастыра беру көзделген, бұл жұмыс туризм саласындағы қызметтің сапасы жоғары болуы, бәсекеге қабілеттілік, тиімділік, тұрақты даму тәрізді қағидаттарға негізделеді.
Ұлттық парктерде және елді мекендерден тыс жатқан туристік орындарда инфрақұрылымды дамыту мақсатында жергілікті атқарушы органдарға тиісінше заң шығару құзырын беру туралы мәселені қарау көзделіп отыр. Бұл мәселе оң шешілсе туризм инфрақұрылымының тиімділігін арттырып, жетіспей жатқан олқылықтардың орнын толтыруға қолайлы жағдай туар еді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу-бақылау бекеттерінде, автовокзалдар мен автостанцияларда, теміржол вокзалдары мен станцияларда, әуежайларда инфрақұрылымды дамыту, Қазақстанды туристендіру картасына сай туристік ықылас артып отырған өзекті нысандарға апаратын автомобиль жолдарын салу және жөндеу, сондай-ақ әуе, автомобиль және теміржол тасымалының қолжетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аудару көзделіп отыр.
Инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мемлекеттің қатысуы стратегиялық құжаттар аясында жеңілдікпен қаржыландыру және инвестициялық келісім-шарт жасасқанда, мемлекеттік органдармен екі арада жерге, инфрақұрылымға қатысты және басқа мәселелер туындағанда инвестициялық артықшылықтар беру түрінде жүргізіледі.

Тарихи мұра – өткеннің аманаты, ертеңгі тірегіміз

Тарихи мұра – көне дәуірлердің куәгері болған ескілікті жәдігерлер ғана емес. Ол – халқымыздың адамзат жаралғаннан бері жүріп өткен жолынан қалған іздер, ата-бабаларымыздың өміріндегі елеулі оқиғалардан сыр шертетін нақты дүниелер, түптеп келгенде, халықтың жады. Жады бар елдің іргесі берік. Мұраны сақтау – болашаққа қызмет ету. Кейде жақсы ниетпен жасалған жұмыс кері нәтиже беріп, «жаңартамыз» деп жүргенде сол бір көненің көздерін жоғалтып алатынымыз бар. Сондықтан тарихи орындарды жөндеу, қалпына келтіру жұмыстарын ғылыми негізде, мамандардың қатысуымен жүргізу керек. Әр тас, әр өрнек – тарихтың куәсі. Мұнда ашықтық та маңызды: қандай жұмыс жасалды, қандай материал қолданылды, кім жауапты – халық түгел біліп отыруға тиіс. Өйткені тарихи мұра – бүкіл елдің ортақ қазынасы.
Музей – қойма емес. Музей – тәрбие мектебі. Ондағы жәдігерлер өздері сөйлеп тұруы керек. Мұражайға қойылған әр затқа қатысты қарапайым тілмен қысқа да анық ақпарат берілсе музейге қызығу арта түсер еді.
Кітапханаларға да осындай көзқараспен қарау керек. Ол тек кітап сақтайтын орын емес. Сондықтан қазіргі кезде кітапханаға оқырман тарту, кездесулер ұйымдастыру, жас ұрпаққа жергілікті тарихты кеңінен таныту, жастарға бағыт беру осы мекемелердің жаңа тынысына айналуға тиіс.
Тарихты құрғақ дерекпен айтып беру тыңдарманға қызық болмауы мүмкін. Ал оны адам тағдыры арқылы суреттесек әсері бөлек болары сөзсіз. Бір батырдың жолы, бір әулиенің ізі, бір керуеннің сапары, бір шебердің қолтаңбасы – міне, тарихты тірілтетін осындай жәйттер.
Бұл жерде жазушылардың еңбегі ерен екендігі даусыз. Жақсы жазылған әңгіме, хикаят, роман тәрізді көркем туындылар, деректі кітаптар, мақалалар, тіптен балаларға арналған ертегілер де тарихи мұраны жұртшылыққа жақындата түседі.
Халқымыздың асыл мұраларын дүние жүзіне танытудың басты шарты – бұл туралы өзіміздің ішкі түсінігіміз анық болуы керек. Қандай құндылықтарды әлем елдеріне ұсынуға болады? Әр өңірдің ерекшелігі неде? Қай дәстүрдің мәні қандай? Осы сұрақтарға әуелі өзіміз толық жауап таппай тұрып, «сырт көз сыншыға» ештеңе айта алмаймыз. Айта қалсақ та сөзіміз шашыраңқы болып шығуы кәдік.
Сондықтан еліміздегі тарихи орындар, халқымыздың тұрмыс салты, дәстүр-ғұрпы туралы сапалы кітаптар, анықтамалар, бейнематериалдар, көрме жобалары дайындалса оларды әлем жұртшылығына таныту ісі де жеңілдей береді. Бұл жерде аударма ісі де маңызды: өзге тілдегі мәтін шала болса оның әсері әлсіреп кетеді.
Тарихи мұраның бір саласы ауызекі айтылатын құндылықтар болса, екіншісі – қолөнер. Күй тарту, жыр айту, зергерлік, киіз басу, ағаш ою, тері өңдеу, ұлттық киім тігу – бұлар тек сахнада ғана емес, күнделікті өмірде де жалғасып жатса ежелгі мұра ешқашан жоғалмас еді. Бұл орайда шеберлерге жағдай жасау – руханият үшін де, экономика үшін де пайдалы болары сөзсіз. Өйткені сапалы қолөнер бұйымы туристерге де, өзімізге де керек. Бұл үшін шебердің еңбегі әділ бағаланып, сауда-саттықты жүйелі жолға қою, шәкірт тәрбиелеуге мүмкіндік туғызу да өте маңызды.
Тарихи мұра – өткен замандардан жеткен, шаңға бөгіп жатқан ескерткіш емес, болашақтың капиталы. Оны дамыту әр жерде «ескерткіш тұрғызумен» біте қалмайды. Бұл тұрғыда көп жұмыс істеу керек. Қазіргі кезде оны үш өлшеммен саралаймыз: материалдық (архитектура, артефакт), материалдық емес (дәстүр, музыка, тіл, салт) және цифрлық (құжат, 3D модель, медиа). Осы үшеуін тұтас қарастырар болсақ, тарихи мұраны сол күйі сақтап қана қоймай, одан әрі дамыта түсуге жол ашылар еді.
Біз көбінесе тарихи ескерткіштерді жаңартамыз деп реставрация жасаймыз да кейде қателікке ұрынып, түпнұсқаның байырғы келбетін жоғалтып аламыз. Әлемдік тәжірибеде реставрация емес, консервация маңызды болып саналады, ол кезде тарихи нысан сол күйі сақталып, қауіпсіздігі мен қолжетімділігі арта түседі.
Бұл тұрғыда тағы бір маңызды бағыт – сторителлинг құралдары арқылы тарихи деректерді әлем халықтары үшін түсінікті тілдерге аудару. Әлем елдері Қазақстан туралы көбінесе жалпылама стереотиптерден біледі. Тарихи мұра сол стереотиптерді бұзатын ең күшті құрал. Бұл үшін тарихты жалаң фактілерге сүйеніп айтып бермей, адам тағдыры арқылы суреттеу керек. Бір тұлға, бір қала, бір керуен жолы, бір жәдігер – осылардың әрқайсысын кинофильмге, сериалға, подкастқа, комикске, деректі фильмге, ойынға, көрме сценарийіне айналдыруға болады.
Егер тарихи мұраны цифр тіліне көшіріп, интернетке орналастырмасақ, әлем үшін ол жоқ есепті. Сондықтан 3D сканерлеу, фотограмметрия тәсілдерін қолданып ескерткіштерімізді цифрландыру; музей коллекцияларын онлайн каталогқа шығару; зерттеушілердің ашық деректерге (open data) қол жеткізуіне мүмкіндік туғызу; көптілді контент (қазақ/орыс/ағылшын және қажет болса өзге тілдерде) жасау тәрізді келелі істерді тездетіп қолға алу керек. Бұл бір жағынан мәдени дипломатия болады, екінші жағынан білім мен туризмнің жаңа арнасын ашуға жағдай туғызады.
Елімізде әлемдік туристік стандарттарды енгізу үшін туризмнің өзін заманауи мәдениеттің бір бөлшегіне айналдыруымыз керек. Мысалы, Қазақстандағы әлемдік сапа стандарты ретінде «қонақжайлық кодексін» қолдануға болар еді. Бұл орайда:
– қонақүй, хостел, глэмпинг, этно-ауыл тәрізді туристер жататын орындарға қойылатын талаптарды мейлінше азайту;
– гид қызметінің этикасы мен қауіпсіздік протоколдарын жасау;
– ұлттық парктерде экостандарттар мен қоқыс менеджментін жолға қою;
– сервистің көптілділігі мен инклюзия стандарттарын енгізу қажет;
Кодекстің орындалуы рейтинг жүйесімен және ашық кері байланыспен бекітілсе туризмнің сапасын нарықтың өзі-ақ көтерер еді.
Туризм қай елде де қаладан басталады. Әуежайдан шыққан турист навигацияны, қоғамдық көлікті, қауіпсіздікті, көшенің эстетикасын, мәдени инфрақұрылымды бірден сезеді. Сондықтан креативті индустрия урбанистикамен тікелей байланысты: street-art (көше суреттері мен т.с.с.), жарықтандыру, қоғамдық кеңістіктегі дизайн, мәдени маршруттар, шағын сахналар, кітап дүкендері, қолөнер маркеттері қаланы жандандыра түседі.
Қазақстанның артықшылығы – ұлан-ғайыр жер байлығымыз бен табиғаттың әр алуандығы. Бірақ оны дереу қамқорлыққа алмасақ, әр өңірдің өзіне тән бірегейлігін сақтай алмауымыз кәдік. Қазіргі кезде тұрақты туризм қағидалары мынадай:
– келушілер ағынын маусымға және локацияға тең бөлу;
– ұлттық парктерде лимит және алдын ала брондау жүйесі;
– жергілікті қауымдастыққа табыстың нақты үлесін қалдыру;
– табиғатты қалпына келтіру жобаларын туризм табысымен қаржыландыру.
Бұл тек экология үшін ғана емес, бренд үшін де маңызды: әлем елдерінен келген туристер заманауи талаптарға сай келетін бағыттарды таңдайды.
Қазақстандағы әр өңірдің өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан олардың әрқайсысын әр тұрғыда пайдаланған жөн.
– Алматы – креативтің табиғи астанасы: музыка, кино, дизайн, гастрономия, тау туризмі, фестиваль экономикасы.
– Астана – MICE туризмі (форум, көрме, конференция), заманауи сәулет, медиа және ірі оқиғалар орталығы.
– Түркістан – тарихи мұра мен рухани маршруттың өзегі, ұлттық мәдени дипломатияның сахнасы.
– Маңғыстау – ғажайып ландшафт, геотуризм, фото-экспедиция, этно-тәжірибе.
– Шығыс Қазақстан/Алтай – табиғи туризм, этнография, экологиялық маршруттар, шекаралық копродукт.
– Жетісу – Жібек жолының ізі, көлдер, агро-туризм, дәстүрлі қолөнер.
– Солтүстік аймақтар – орман-көл туризмі, отбасылық демалыс, шағын форматтағы курорт мәдениеті.
Өңірлердің айырмашылығын әрқайсысына жеке-жеке жасалған арнайы драматургиямен көрсетуге болады. Туризм мен креативті индустрияның өзара ұштасуы осыдан да көрініс береді.
Креативті индустрия, туризм, тарихи мұра бір-бірін толықтырғанда ғана елеулі нәтижеге қол жеткіземіз. Нақты түрде бұл қалай көрініс табады?
1. Брендтік оқиға (event) жасау. Мысалы, Түркістанда тарихи-мәдени фестиваль: музыка, театр, қолөнер, гастро, ғылыми-поп бағдарлама, балалар алаңы. Бұл – туризмді көбейтеді, креативке нарық береді, мұраны танытады.
2. Кино-туризм. Қазақстанда түсірілген фильм/сериал локацияларын маршрутқа айналдыру. Көрермен көрген жерін көруге келеді.
3. Музей + дизайн + мерч. Әлемдік музейлер табысының бір бөлігі сапалы мерчтен түседі. Бізде де ұлттық оюды көшіріп басу емес, сапалы дизайн, авторлық коллаборация, бренд-стратегия арқылы «қазақ стилін» заманауи нарыққа шығару мүмкін.
4. Гастротуризм және агро-туризм. Дала тағамдары, аймақтық ас мәзірі, қымыз/шұбат мәдениеті, еттің түрлі мектебі – бұл да мұра. Оны сервиспен, гигиенамен, әңгімемен қоса ұсынсақ, әлемдік турист үшін тартымды өнімге айналады.
Қазіргі заманда елімізді әлем жұртшылығына байлығымен ғана емес, ұлттық келбетімен, мәдениетімен, сапасымен таныстырғанымыз маңызды. Қазақстанның табиғаты әр алуан, тарихы терең, өнері сан-салалы. Ендігі міндет – осы айтылған ойларды жүйелі түрде іске асыру. Шығармашылық сала – елдің ой-өрісін білдіреді. Туризм – сол ойдың нақты көрінісі. Тарихи мұра – соның бәрінің түп-тамыры.
Егер біз осы салаларды сапалы түрде дамытып, мақсатты еңбек етер болсақ, Қазақстанды күллі әлемге жарқырата танытар едік. Сол кезде өз-өзімізге деген құрметіміз де арта түседі. Құрмет артқан жерде құндылықтардың қадірі арта түседі, құндылық артқан жерде береке болады.
Үстірт қарағанда, шығармашылық сала, туризм, тарихи мұра – үшеуі үш бөлек әлем сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ шын мәнінде олар бірін-бірі толықтырып тұрады.
Мысалы, тарихы тереңде жатқан бір көне қалада жыл сайын мәдени мереке өткізіліп: күй мен ән, театр, жәрмеңке, көрме, ұлттық ойын – бәрі бір мезетте тұрақты ұйымдастырылып тұратын болса туристер де келеді, жергілікті кәсіп те жандана түседі, жастардың ықыласы оянады. Бұл – бір күндік қызық емес, жыл сайын күтілетін дәстүрге айналса ғана тұрақты нәтиже береді.
Тағы бір мысал: белгілі бір өңір туралы сапалы фильм түсірілсе адамдар сол жерді көруге ынтығады. Бұл жерде табиғаттың көркі ғана емес, экраннан айтылатын әңгіменің тартымдылығы жұмыс істейді. Әңгіме тартымды болса, көрерменнің қызығуы артады.
Ал егер музейлер мен тарихи орындарда сапалы естелік бұйымдар шығарылса, бұл да ұлт мәдениетін өзгелерге танытудың тәсілі болар еді. Айтылмыш бұйым тек «ою басылған зат» болумен шектеліп қалмай, оның астарында мән-мағына, әсемдік, шеберлік, тазалық, пайдалануға ыңғайлы болуы тұруға тиіс.
Сөздің соңы іске ұласуы үшін нақты қадамдар жасау керек.
Бірінші, сапа мен тәртіпке сүйенген жұмыстар қолға алынып, туризм, мәдениет, тарихи мұраны сақтау салаларында ортақ талаптар бекітіліп, бәрі соған бағындырылуға тиіс.
Екінші, білікті кадр дайындау керек: гид, музей қызметкері, реставратор, режиссер, кітап шығарушы, ұйымдастырушы секілді мамандардың бәрі өз ісін жетік білсе ғана қызмет көрсету сапасы арта түседі.
Үшінші, өңірлердің ерекшелігін сақтай отырып, әр өңірге арнайы бағдарлама жасау қажет. Барлық өңірге бір үлгі жүре бермейді. Бір жерде табиғат туризмі, екіншісінде тарихи туризм, үшінші жерде қала мәдениеті басым болуы мүмкін. Бұл орайда әр өңір өз күшіне сүйенгені дұрыс.
Төртінші, бұл жұмыстарға жергілікті тұрғындарды да тарту керек. Тарихи мұра халықтың жүрегінде сақталады. Ал туризм халықтың мінезін көрсетеді. Сондықтан тұрғылықты жұрттың пікірі ескеріліп, түскен пайдадан жергілікті қоғамға белгілі бір мөлшерде үлес бөлініп тұрғаны жөн.
Қорыта келгенде айтарымыз: Қазақстанның мәдени капиталын экономикалық капиталға айналдыруды кешіктірмей қолға алу керектігі әркімге де түсінікті. Креативті индустрия, туризм және тарихи мұра, – қазіргі тілмен айтқанда, Қазақстанның жұмсақ қуаты (soft power). Бірақ жұмсақ қуат мақтаныш үшін жұмсалмайды, нақты экономикалық және әлеуметтік пайда әкелу үшін жұмыс істейді. Бұл дегеніміз заман талабына сай жаңа жұмыс орындары, шағын бизнес, өңірлердің дамуы, жастардың шығармашылық мүмкіндігін жүзеге асыруына жол ашу, қалалардағы өмірдің сапасы, елдің халықаралық беделін арттыру.
Ендігі міндет – жалаң ұраншылдықты қойып, тиімді жұмыс істейтін жүйе құру. Еліміз әлем жұртшылығына көркем де бай табиғатын ғана емес, ел азаматтарының өзіндік ой-қиялын, ұлтымызға тән бірегей стилін, өз тарихын жоғары деңгейде ұсынуды меңгерер болса – келушілер елімізді көріп қана кетпейді, алдағы уақытта бізбен серіктес болады. Ал серіктестік – тұрақты дамудың сенімді кепілі.
Көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп бергендей: креативті индустрия мен туризмді дамытуға жеке жобаларды жүзеге асыру арқылы емес, ұзақ мерзімге арналған саясаттың нәтижесінде ғана қол жеткізуге болады.
Кез-келген стратегияның жүзеге асырылуын мұқият қадағалап отыру өте маңызды: креативті өнімді экспортқа шығарудан түскен табыстың жалпы экономикадағы үлесі, авторлық құқықтан түсетін роялти көлемі, креативті кәсіпорындардың өміршеңдігі, туристердің біздегі сервиске, ұсынылған өнімдердің сапасына қанағаттануының индексі, тарихи нысандардың сақталу картасы, цифрланған коллекциялар саны, жергілікті қауымдастық табысының өсуі секілді көрсеткіштер ашық жарияланып тұрса қоғам да, бизнес те, мемлекет те қойылған мақсатқа жету үшін бірлесе ұмтылатын болады.
Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндігі мол, еліміз өзінің ұлттық болмысын сақтай отырып жаңару жолына түсуге тиіс. Креативті индустрия – сондай жаңарудың қозғаушы күші. Туризм – сол күштің нақты жүзеге асырылуы. Тарихи мұра – сол екеуінің ішкі мәні мен мағынасы. Еңбегіміз жанып, осы үшеуін бір жүйеге айналдыра алсақ, әлем халқына тек табиғатымызды ғана көрсетіп қоймаймыз – еліміздің тарихын, азаматтарымыздың көркем ойын, болашаққа бағдарымызды жарқырата жайып саламыз.

Нұрлан ІЗҒАЛИҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ