ӨНЕРЛІ ЕЛДІҢ ӨРІСІ КЕҢ
Адам баласының ешқашан өзгермейтін ең басты екі түрлі қажеті бар. Біріншісі – тән қажеті яғни материалдық игіліктер, екіншісі – жан азығы мен рухани құндылықтар. Соңғы екеуі үнемі бірге жүретіндіктен ортақ атпен рухани құндылықтар дей береміз. Біздің қарастырғалы отырғанымыз да осы, сондықтан, әуелі сол жан азығы мен рухани құндылықтар дегеннің не екенін, оларға нендей нәрселерді жатқызуға болатынын анықтап алайық. Көктен түскен төрт кітаптың бірі Інжілдің ресми мойындалған төрт нұсқасының бірі – Жоһан жеткізген ізгі хабар «Әуелі Сөз болған және ол Құдайдың Сөзі еді, Сөздің өзі Құдай болатын» деп басталады. Адамзат атаулы түгелімен әлмисақтан бері мұсылман екенін (Жаратқан Жалғыздың бұйырғанын істеп, тыйым салғанын істемейтін, бейбітшілікті ұстанып, ешкімге тілімен де, ісімен де зиян келтірмейтін адам) ескерсек, Қасиетті Кітаптарға ешкім күмән келтірмеуге тиіс. Демек, дүниедегі бар мен жоқтың бәрінің бастауы – Сөз яғни рухани құндылықтар. Олардың қатарынан ең алдымен атарымыз – адамгершілік. Одан кейін – мораль. Үшінші орында өнер, оның да материалдық емес түрлері тұрады. Алдыңғы екеуінің ара-жігін ажырату қиын болып көрінуі мүмкін, дегенмен байыппен ойланған адам оларды саралап-сараптап шығары сөзсіз. Адамгершілік құндылықтар — жан азығы, оларға тегіне, нәсіліне, жынысына, дініне, діліне қарамастан барша адамға ортақ қағидаларды жатқызамыз, бұл қағидалар адамның жан дүниесін таза ұстауға, толықтырып-молықтырып, байыта беруге бағытталған. Ал мораль – ұстанған дініне, қоғамдық құрылысқа, табиғат ерекшеліктеріне, қысқасы, қоршаған ортаға қатысты белгіленген қағидаттар. Олар адамның рухани кемелдене түсуіне қызмет етеді. Екеуінің айырмашылығы ретінде бір ғана мысал келтірейін: адамгершілігі бар адам сауатсыз, надан болуы мүмкін, бірақ ол ешкімге қиянат жасамайды, ешкімнің обалына қалмайды, ал рухани дамыған, білімді, бірақ адамгершілігі кемшін адам қиянатқа бара беруі мүмкін. Жауыз ғалым сияқты ғой.
Бейнелі түрде алғанда, осы екеуінің ара-жігін Мәдениет пен Өркениет деп те ажыратуға болады. Мәдениет – жан байлығын қамтамасыз етсе, Өркениет – тәннің игілігін күйттейді. Материалдық құндылықтарға рухани даму арқылы ғана жетуге болатыны осы мысалдан-ақ көрініп тұр.
Халықтың мәдениеті дамыған сайын өнері де биіктей түседі. Біздің халық «өнер алды қызыл тіл» дейді, демек жан азығының қажетін өтеудің басында Сөз тұрады. Ата-бабаларымыздың өміртанымы сонау есте жоқ ерте замандарда-ақ Қасиетті Кітаппен үндесіп жатқан екен-ау! Өнердің ән, театр, кино секілді түрлерінің негізінде әдебиет яғни сөз жататыны да тегін болмаса керек.
Мен мақтаншақ емеспін, бірақ нақ осы өнер тұрғысынан халқымыздың өзгелерден әлдеқайда биік тұрғанына, қазақтың өз сөзімен айтқанда, «оқ бойы озып кеткеніне» масаттанып, кей кездері қанама сыймай кетемін. Сол халықтың перзенті болғандықтан оның жетістігіне, ойшылдығына, даналығына, талғамының биіктігіне қалай сүйсінбейсің!
Ал сонда қай жағынан биік тұрмыз? Фольклорды ғана алайық. Басқасының бәрін былай қойып, «Алпамыс» пен «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» жырларын қарастырайық. Екеуі де осыдан мың жарым жылдай уақыт бұрын дүниеге келген шығармалар. Көркемдігі мен авторының (халықтың!) шеберлігі тұрғысынан қазіргі кәсіпқой ақындардың шығармаларынан артық болмаса кем түспейді. Басқа халықтардың сол замандағы жырларының қайсысын солармен қатар қоюға болады? Қоя алмайсыз. Ертегілеріміз бен аңыз әңгімелеріміз ше? Бір ғана «Қырық өтіріктің» өзі неге тұрады! «Ер Төстік», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Алтын сақа»… Толып жатыр! Мақал-мәтелдердің, жұмбақтар мен жаңылтпаштардың деңгейі де шырқау биіктен бір-ақ шыққан. Ғылым Академиясының жанындағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Бабалар сөзінің» жүз томдығын жариялады. Қай халықта осыншама байлық бар? Алдаспан ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Светқали Нұржановтың айтуынша, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін түгел жинақтар болсақ бес жүз томға жетіп жығылады екен. Не деген мол дүние! Соның бәрі біздің бабаларымыз жасап кеткен інжу-маржандар.
Әндерімізге келсек, қазақтың халық әндерінің кеңдігі мен биіктігіне теңдесе алатын әуенді өз басым өзге халықтардың ешқайсысынан кездестірмеппін. Мәтінінің көркемдігі өз алдына бөлек әңгіме. Бір ғана мысал: «Шашыңнан бір-бір талдап сүйер едім, Қайтейін, жетпейді ғой ғұмыр шіркін»… Ессіз ғашықтың сүйгеніне деген шексіз құштарлығын, өмір бойы аялап өтсем деген арман-тілегін бұдан артық қалай білдіруге болады? Сондай асыл мұраларымызды өткен ғасырдың орта шенінен бастап күллі әлемге жайылып, жолындағының бәрін тапап-жаншып, жойдасыз кең таралған батыс елдерінің «өркениетті» ырғақты музыкасы басып кеткенін ойласам ішім удай ашиды. Музыка – тобырдың емес, жекелеген таланттардың үлесіндегі өнер! Ал ырғақты музыка — тобырлық инстинктіні қоздырудың амалы ғана. Қазақта ондай музыка болған емес. Ертеректе, халқымыздың балаң шағында, бақсылық-тәңіршілдік кезеңде болған шығар, бірақ біз одан өсіп кеттік қой.
Халқымыздың рухани өзегі, Ұлы Мәртебелі күй өнері туралы айтуға сөз жетпейді! Ата-бабаларымыз мыңдаған жылдардан бері шашпай-төкпей жинақтап келе жатқан фольклорлық асылдарымыздың арасынан қазіргі «заман талаптарын» бұла бойына жақындатпай, жуытпай, былғанбай, бүлінбей, шаң баспай, шаршамай, шалдықпай, алқынбай, жұлқынбай келе жатқан жалғыз-ақ өнер түрі – осы күй. «Шөп те өлең, шөңге де өлең» деп бұрқыратып жаза беретін, қарапайым қазақ «ауылдың алты ауызы» деп қоя салатын қарапайым өлең түрлерінен де садаға кеткір тақпақ-шатпақтарымен талай жерді былғап жүрген, сонысына қарамай, өздерін қай жырауыңнан да кем көрмейтін, бәйге-мүшәйра, сыйлық-марапат десе делебесі қозып, арын да, барын да сатып жіберуден жүзі жанбайтын, сөйтіп поэзияның қадірін қашырып біткен кейбір ақындар секілді (ондайлар прозаиктардың арасында да толып жүр, драматургтар туралы айтудың өзі артық) «заманауи күйші-композиторлар» қаптап кетпесе болғаны.
Ал қазір жаһандану дәуірі. Кім екеніңді басыңа қарап емес, аяғыңа қарап бағалайтын заман. Бірақ солай екен деп ағыспен ығып кете беруге болмайды ғой. Егемендік алардың алдында жариялылық кезеңі деген болған, бұрын айтылмай келген шындықтар айтылып, ашылмай келген сандықтар ашылып, кейбір құпия жәйттер жарияға шығып, жетпіс жыл бойы қордаланып қалған шер мен зар, құса мен қасірет, ашу-ыза, өкпе-реніш ақтарылып жатты, желтоқсан көтерілісін бастаған жастар сол науқанға сеніп қалды, ойымызды еркін айтатын күн туды деп ойлап, аңғырттықпен қандықол биліктің қан-қасап қырғынының қақ ортасына бір-ақ түсті, бұл да бөлек әңгіме; сол кезде қазақ поэзиясының орысша үлгісінің негізін қалаған, сөйтіп орыс поэзиясының марғасқаларын түгел шаң қаптырған қас тұлпар, «таңертең шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған, томаға көзді қасқа азбан» Олжас Сүлейменов ағамыздың бір сұхбатында айтқанындай, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жапондардың басшылары мен қосшылары қайткенде ел болып еңсемізді тіктейміз, қай шаруаны қолға алған дұрыс деп ақылдасқанға ұқсайды. Сонда халықтың арасынан шыққан, әр пікірімен ел басшылары да санасатын бір ақылгөй «бізге ұшақ жасаудың керегі жоқ, ол жағынан Американы қуып жете алмаймыз, күшімізді басқа салаға салайық» депті. Сол сияқты, бізге де өзгелердің қаңсығын таңсық көруді доғарып, велосипедті қайтадан ойлап таппай-ақ, өзіміздің асылдарымызды жарқырата түсетін уақыт келген сияқты.
Бұл орайда аузымызды қу шөппен сүртіп, бәз біреулер секілді құрыдық-біттік деп ойбайлай берсек өтірікші болар едік, ерсіз ел болмайды, құдайға шүкір, талантқа кенде емеспіз, бір ғана Димаштың өзі күллі әлемді қазақтың әніне, әуеніне, домбырасына тәнті қылып қойған жоқ па! Киелі де кепиетті даламыздың төл перзенті, қарапайым ғана қара баланың сиқырлы даусын естіп, әніміздің биіктігі мен әсемдігіне тәнті болған түрлі елдің талай адамы тіліміздің саздылығы мен әуезділігіне таң-тамаша қалып, қазақ тілін үйренуді қолға алғанына, енді біреулері домбыра шертіп жүргеніне қалай шаттанбайсың! Өнердің құдіреті деген осы.
Бірақ соны місе тұтып, бір Димашпен шектеліп қалмай, көкірегіне періште дем үрлеп, ұлы даламыздың киесі қонған басқа да өнерпаздарымызды бәйгеге неге қоспасқа? Сол жүйріктеріміздің бағы жанбай жүр ме, әлде бабын келістіре алмаған өзіміз кінәліміз бе? Қарашаға жөн сілтеп, жол көрсетер, қамқорлық жасар атқа мінген азаматтар қайда қарап отыр? Әлде біз де әлгі керауыздар секілді бәленің бәрін басшы-бағландарға, жауапты қызметкерлерге жаба салып, өз елімізді өзіміз табалап, ел ағаларын шетінен сықпыртып отыра береміз бе? Одан жағдайымыз жақсарып кетпесі, өз ағаңды жамандадың деп жақсы ағасын ешкім бере қоймайтыны тағы белгілі.
Ешкімге жағымпазданбай-ақ, шындыққа тура қарап, дұрысын айтайық – олар да қол қусырып отырған жоқ, әжептәуір іс тындырып жатыр. Тек соны көретін көз, айтатын ауыз, тыңдайтын құлақ керек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 20-шы мамырда Ақордада өткізілген Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңындағы салтанатты жиында мәдениет саласының маңызын атап көрсете келіп: «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі», – деген сөзі осы істі мықтап тұрып қолға алыңдар деген нұсқау емес пе!
Оны да азсынсаңыз, 2025 жылғы 5-ші қарашада Президент қол қойған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» № 1081 қаулыда былай делінген:
«Өнер мен әдебиетті дамыту — ұлттық мәдениеттің негізі, ол үшін шығармашылық еркіндікті қолдау, жас таланттарға инвестиция салу, заманауи технологияларды қолдану және халықаралық деңгейге шығу қажет. Мемлекеттік гранттар, оқыту бағдарламалары мен өнер иелерін әлеуметтік қорғау арқылы мәдени құндылықтарды өскелең ұрпаққа дәріптеу басты міндет.
Өнер мен әдебиетті дамытудың негізгі бағыттары:
Жас таланттарды қолдау: Шығармашылық байқаулар, гранттар мен стипендиялар арқылы жаңа есімдерді анықтау және ынталандыру.
Цифрландыру және инновация: Өнер туындыларын, кітаптарды онлайн платформаларға көшіру, виртуалды көрмелер мен мультимедиялық жобаларды дамыту.
Білім беру және тәрбие: Мектептерде көркемдік талғамды қалыптастыру, әдеби үйірмелер мен өнер мектептерінің санын арттыру.
Инфрақұрылымды жақсарту: Театрлар, мұражайлар, кітапханалар мен мәдениет үйлерін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету.
Халықаралық байланыс: Мәдени алмасу, әдеби туындыларды шет тілдеріне аудару, өнер жәрмеңкелеріне қатысу.
Материалдық қолдау: Жазушылар мен өнер адамдарына қаламақы төлеу жүйесін жетілдіру, авторлық құқықты қорғау».
Жазарман қауымға бұдан артық қандай қамқорлық керек? Ендігі әрекет өзімізден болса керек, алдымыздан даңғыл жол ашылды, ойымыздағыны жазайық, жазғанымызды ұсынайық, «саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарап» отырған «қырағы сақшылар» шөміштен қағып, біздің «жүз жылда бір туатын» асылымызды бір шетке ысырып тастап, «өз адамының» сорпасы су татыған көкжасық дүниесымағын өткізсе – шағымданайық, әшкерелейік, сотқа берейік, күресейік. «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген қағиданы ұмытпаған дұрыс-ау, әсілі.
Ал енді қит етсе бәріміз жаппай кінәлап-күстәналап шыға келетін, жыл сайын қандай да бір себептермен әлдебір бәйгелер жариялап отыратын, сол жарыстарға біз де жүйрігімізді қосып, озып келсе – әділдік салтанат құрды деп масаттанып, қалып қойса, басқалардың тұлпары мәреге бұрын жетсе – қиянаттың құрбаны болдым деп ойбайлап, боқтап-боралап жататын құзырлы органдар не тындырып жүр?
Осы орайда төл министрлігіміздің не істеп жатқанын қарастырайық. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ханымның ашық дерек көздеріндегі сұхбаттарына жүгінсек, бұл тұрғыда біраз шаруаның басы қайырылғанға ұқсайды.
Аталмыш қаулының әр тармағына жауап бере алатындай осы істерге сараптама жүргізсек, мына жәйттерге көз жеткіземіз.
Жас таланттарды қолдау: Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар Одағы бұл бағытта бірқатар шараны қолға алып, сәтімен жүзеге асырып келеді. Мәселен, 2024 жылдан бастап Жазушылар Одағының жанынан үш жыл мерзімге белгіленген «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» ашылды. Ондағы мақсат – жас қаламгерлерге әдеби шығармашылықтың қыр-сырын үйретіп, жазушылық машығын қалыптастыру, шеберлігін шыңдау. Жас таланттарға еліміздің танымал ақын-жазушылары мен арнайы шақырылған шетелдік қаламгерлер дәріс оқып, тәжірибесін ортаға салады. Алдағы уақытта Жазушылар Одағы басқармасының отырысында бұл жобаны арнайы талдап, артық-кемін сараптап, тағы біраз жылға ұзарту, тіптен бір жылдық немесе екі жылдық жоғары әдеби курсқа айналдыру мүмкіндігі қарастырылмақ. Сонымен қатар, Одақ басшыларының бастамасымен қолға алынған «Жазушылар Одағы мүшелігіне үміткер» атты жобаның аясында 12-18 жас аралығындағы талантты жастарға арнайы куәлік беріліп, шығармашылық талпыныстарына қолдау көрсету мақсатында арнайы лекциялар өткізіліп жүр, бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғастырыла бермек. Сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған стратегиялық бағдарлама ретіндегі «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасы жүзеге асырылып келеді, оның мақсаты — 35 жасқа дейінгі авторларға арнап еліміздің әр өңіріне шығармашылық экспедициялар ұйымдастыру, сол сапарлардың нәтижесінде өмірге келген әдеби туындыларды кітап қылып басып шығару. Жобаның аясында еліміздің түкпір-түкпірінен ауыз әдебиеті үлгілерін жинастыру, тарихы мен мәдениетін зерттеу жұмыстары жүргізіледі және сол іске тартылған жас авторларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жоба нәтижелі жүзеге асырылып отырғанына алдыңғы жылы 20 кітап, былтыр 20 кітап жарық көргені дәлел бола алады.
Бұл орайда әлемдік әдеби үрдістерден артта қалып қоймай, жаңа жанрларды дамытуға көңіл бөлудің де маңызы зор. Балалар мен жасөспірімдер комикс, фэнтези, детектив, фантастика жанрларына көбірек қызығушылық танытып жүр. Демек жас ұрпақтың көркем әдебиетпен танысып, сөз өнерінің бұлағынан сусындауына жол ашу үшін осы бағыттарда жұмыс істеу керек. Осы салаларда жазылған көркемдігі жоғары кітаптарды көбірек шығарып, әдеби қорларды жаңарту, заманауи авторларға қолдау көрсету бүгінгі таңдағы маңызды міндеттердің қатарынан саналады.
Жастар шығармашылығын қолдауға арналған мемлекеттік «Дарын» сыйлығы мен 2023 жылдан бері беріліп келе жатқан «Қазақстандық жас ақын-жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты» да айырықша атап өткеніміз дұрыс. Жастар – еліміздің болашағы десек, жас таланттарды қолдау – ұлт мәдениетінің алдағы уақытта да жан-жақты өркендей беруін қамтамасыз ету болмақ.
Цифрландыру және инновация: Бұл жұмыс, негізінен, кітапханаларға, осынау мәдениет ошақтарындағы кітап қорларын жаңартып-жаңғыртуға байланысты. Бұл салада да соңғы жылдары бірқатар өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Оларды жай ғана кітап сақтайтын қойма ретінде қарастырумен шектелмей, интеллектуалдық орталыққа айналдыру жолында нақты қадамдар жасалуда. Ұлттық академиялық кітапханадағы, Ұлттық кітапханадағы, өңірлік кітапханалардағы жазбаша және ауызша қорды түгелдей цифрлық нұсқаға көшіру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Бұл күндері электронды каталогтар, онлайн қызметтер, цифрлық платформалар еліміздегі кітапхана қызметінің ажырамас бөлігіне айналды. Заман талабына сай электронды кітаптар мен аудиокітаптар саны артып келеді, әдеби блогтар да көбейе түсті, осының бәрі көркем әдебиеттің таралу аясын кеңейте түсері сөзсіз.
Дегенмен оқырман сұранысын толық қанағаттандыру, оқырмандар іздеген жаңа туындыларды, заманауи жанрларда жазылған шығармаларды, балама әдебиет нұсқаларын түгел тауып беруге әлі де қол жеткізе алмай отырмыз. Бұл үшін кітап қорларын толық жаңартып, жүйелі сараптау жұмыстарын жүргізіп, нарықтағы әдеби үрдістерді мұқият бақылап отыру қажет. Осы міндеттерді абыроймен атқарып шығу білікті кадрлардың арқасында ғана мүмкін болмақ. Бұл бағытта да келелі істер қолға алынып, жас мамандарды еңбекпен қамту жолға қойылған.
Кітап қорын заманауи әдебиет нұсқаларымен толықтыру жұмыстары басталып та кетті. Бұл тек көркем әдебиетті ғана емес, сонымен қатар, ғылыми-көпшілік, кәсіптік, ынталандыру (мотивация) бағытындағы және балалар мен жасөспірімдерге арналған контенттерді де қамтиды. Сапалы контент қалыптастыру бағытындағы осындай нақты қадамдар арқылы кітапханалар еліміздің идеологиялық және интеллектуалдық бет-бейнесіне айналады деп үміттенеміз.
Дамыған елдер түгел өтіп болған цифрландыру үрдісі еліміздегі архив-мұрағат саласын да айналып өткен жоқ. Бұл ретте «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» деп аталатын ақпараттық жүйе әзірленгені атап өтуге тұрарлық іс. Бұл жұмысқа еліміздің барлық өңірлеріндегі архив мекемелері тартылған. Олардың көпшілігі заман талабына сай жетілдіріліп, тиісті құралдармен жабдықталуда. Бұдан былай мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар атқарылған жұмыстарға қатысты электронды құжаттарды мемлекеттік сақтауға тапсырып отыратын болады.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мамандары алғаш рет 8 тілде таралатын «Мәдениет» онлайн-порталын іске қосуды қолға алды. Жаңа портал арқылы халқымыздың мәдени құндылықтарын насихаттау ауқымы тек еліміздегі білмекке құмар жандарды ғана емес, сонымен қатар шетелдік аудиторияны да қамтитын болады. Соның арқасында төл мәдениетіміздің үздік үлгілерімен танысуға ниет білдірген адам үйінде отырып-ақ еліміздің мұражайларын аралап, кітапханаларға барып, театр қойылымдарын тамашалап, ұлттық кинотуындыларды көріп, көрмелер мен рухани қорықтарға сапар шегіп, ұлттық музыкамыздың алтын қорына енген шығармалармен және заманауи әуендердің жаңа үлгілерімен танысуға мүмкіндік алады.
Білім беру және тәрбие: Ұрпақ тәрбиесі тек қана отбасының, әке мен шешенің жұмысы емес, тұтас елдің, мемлекеттің міндеті екені түсінікті. Бүгінгі жас – ертеңгі қайраткер, сондықтан мектептерде өнер салаларының негіздерін үйретуге арналған пәндер енгізу, көркем үйірмелер мен студияларды көбейту, әр түрлі гранттар мен байқаулар ұйымдастыру да дарынды балаларға қолдау көрсетудің оңтайлы да тиімді жолы. Балаларға кітапты күшпен таңып оқытуға болмайды, қызықтыру арқылы бойын үйретіп, кітап оқу машығын қалыптастыру, оқу мәдениетін біртіндеп бойына сіңіре беру қажет. Бұл орайда әдеби шығармалардың жаңа формаларын іздестіріп, өзгеше түрлерімен таныстыру пайдалы болмақ. Қайткен күнде де әдеби мұралар мен ұлттық мәдени құндылықтарды сол күйі сақтай отырып, жас ұрпақтың болашаққа бағдар ұстаған көркемдік талғамын қалыптастыру міндетін абыроймен атқарып шығуымыз керек.
Рухани жаңғыруға халқымыздың болмысы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, арман-мұраты жазбай танылып тұратын, өзгелермен шатастыруға титтей де мүмкіндік қалдырмайтындай өзіндік ерекшелікке қапысыз суарылған ұлттық өнерімізді, әдебиетті, мәдениетті, шығармашылықты жасампаздықпен дамыту арқылы ғана қол жеткізе алатынымызды естен шығармайық. Сондықтан бұл салаға салынған инвестицияны жай ғана қаржы бөліп, қаражат шығындау емес, болашақта өзге елдермен, басқа халықтармен тереземіз тең болуының кепілі деп білген дұрыс. Мәдениеті шырқау биікке көтерілген елдің рухы әрдайым жоғары болмақ. Халқымыздың телегей-теңіз рухани мұрасын заман талабына сай жаңғырта отырып, әлемдік кеңістікке шығарудан ұтпасақ ұтылмайтынымыз белгілі. Сонда ғана ұлттық мәдениетіміз әлемдік кеңістіктен өзіне лайықты орын алады.
Инфрақұрылымды жақсарту: Бұл күндері республикамыздағы мәдениет нысандарының басым көпшілігін күрделі жөндеуден өткізу қажеттігі туындап отыр. Бұл үшін мемлекетке қол жая бермей, бюджеттен қаржы бөлінуін күтіп отырмастан, демеушілер мен меценаттардың көмегіне жүгінуге баса назар аударылып келеді. Өйткені, мәдениет – баршаға ортақ, сондықтан бұл істі бүкіл қоғам болып жұмыла кіріскеніміз жөн.
Бұл орайда еліміздің мәдени орталығы ретінде танылған Алматы қаласында орналасқан екі бірдей ірі өнер шаңырағын жөндеу қолға алынып отыр. Құрылғанына биыл 100 жыл толатын әйгілі М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 1981 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан ғимаратын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу барысында театрдың сыртқы бейнесімен қатар ішкі рухы мен атмосферасы сақталуға тиіс. Сонымен қатар, әбден ескіріп, тозығы жеткен сахналық құрал-жабдықтар жаңартылып, заман талабына сай жарық беру және дыбыс жүйелері орнатылатын болады.
2025 жылдың наурыз айынан бастап Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Н.Сац атындағы Балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік академиялық орыс театры ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда театрдың материалдық-техникалық базасы толық жаңартылып, жалпы ауданы 10 560 шаршы метр құрайтын жаңа кеңейтілген ғимарат пайдалануға берілмек. Онда 200 орындық камералық сахна, өндірістік цехтар, әкімшілік және қоймаға арналған бөлмелер болады. Театрдың құрал-жабдықтары түгелімен, атап айтқанда, сахна механикасы, акустика, дыбыс, жарық беру, бейнелеу жүйелері толық жаңартылады. Жоба аясында театр тарихына арналған мұражай экспозициясын ашу көзделіп отыр.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрынде да күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Театрдың кіреберісі қайтадан қалпына келтіріліп, заманауи күнқағарлар, жылу перделері, сәнді шырағдандар орнатылып, бірінші қабаттың фойесіндегі мәрмәр еден қалпына келтірілді.
Қазақстан Жазушылар Одағының ғимараты да күрделі жөндеуден өткізілуде. Бұл жұмыс та Одақтың өз күшімен, бюджеттен бір тиын алмастан, сырттан инвесторлар тарту жолымен жүзеге асырылып жатқанын атап өтпекпіз.
Халықаралық байланыс: Ұлттық мәдениетімізді дүние жүзіне таныту мақсатында шығармашылық ұжымдарымыз Италия, Франция, Қытай, Әзербайжан, Мысыр, Германия, Корея, Түркия, АҚШ, т.б. елдерде сан мәрте гастроль өткізіп қайтты. Қазақстан театрлары жыл сайын халықаралық фестивальдар мен конкурстарға қатысады. Әсіресе, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар және жасөспірімдер театры әлемдік деңгейдегі фестивальдарда жүлделі орын алып жүр.
Құдыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Грузиядағы Нодар Думбадзе атындағы Халықаралық театр фестиваліне қатысты. «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театры Польша, Словения, Ресей елдерінде өткізілген байқауларда бақ сынап, опера солисі Валерий Селиванов опера әншілерінің Молдовадағы Мария Чеботари атындағы І халықаралық теле-радио конкурсының арнайы сыйлығына ие болды. Әнші Азамат Жылтыркөзов Ресейде өткізілген Классикалық өнер саласындағы BraVo халықаралық сыйлығын жеңіп алды.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының бишілері Ресейдегі Сочи қаласында өткізілген Юрий Григорович атындағы ІХ «Молодой балет мира» халықаралық конкурсына қатысып, Богдан Вербов I сыйлыққа ие болып, алтын медальмен, Есқали Қасқырбай II сыйлық алып, күміс медальмен, Ақбота Бекболатова арнайы дипломмен марапатталды.
Кино саласына келсек, жас режиссерларымыз халықаралық байқаулардан жыл сайын жүлделі оралып жүргені отандық кино өнерінің халықаралық талаптар деңгейіне көтеріліп келе жатқанын көрсететін жетістік деп айта аламыз.
Қазақстан және Қытай Халық Республикасының үкіметтері арасында жасалған екі елде өзара Мәдениет орталықтар құру туралы келісімді іске асыру аясында да келелі істер қолға алынуда. Былтыр Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов осы елге арнайы сапармен барып қайтты. Сапар барысында екі ел жазушыларының арасында тығыз байланыс орнату мәселелері қозғалып, алдағы іс-шаралар жайында келіссөз жүргізілді. Басқарма төрағасы әдебиет саласы бойынша 2012 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен кездесу өткізіп, атақты жазушымен әлем әдебиетінің көкейтесті мәселелері бойынша пікір алмасты.
Министрлік халқымыздың өткеніне қатысты алыс-жақын шет елдерде сақталған тарихи құнды мұраларымызды қайтару ісін де басты назарда ұстайтын болады. Бір кездерде сан түрлі тарихи жағдайларға байланысты шетел асқан ұлттық байлықтарымызды отанымызға оралту басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл саладағы іс-шаралар халықаралық заңнамаға сәйкес жүргізіледі, бүгінге дейін Ресей, Өзбекстан, Қытай және Еуропаның бірқатар еліне арнайы мамандарымыз барып, тиісінше жұмыс істеп қайтты.
Мемлекеттік телеарналардың шет елдерге хабар таратуы сәтімен іске асырылып жатыр. «24.kz», «Qazaqstan International» және «Balapan International» телеарналары алыс-жақын шет елдерге төл хабарларымызды таратып келеді.
Бұл орайда Қазақстан Жазушылар Одағы мен Отандастар қоры бірлесіп өткізген «Ұлы Дала – 2024» халықаралық шығармашылық байқауын да атап өткен жөн. Байқаудың мақсаты шетелде тұратын қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын жинақтап, кітап қылып шығару және оларды Қазақстанда тарату болатын. 2024 жылы байқауға 22 еңбек түсіп, сараптамадан өткен 9 туынды кітап болып басылып шықты. Бұл – Жазушылар Одағының ең ірі әдеби жобаларының бірі.
Сонымен қатар, Қазақстан Жазушылар Одағы балалар әдебиетін дамыту, жас буынның рухани өсуіне қамқорлық жасау, оларды ұлттық құндылықтар мен мәдениетке баулу, балаларға арналған шығармаларды насихаттау, сол арқылы жалпы әдебиеттің дамуына үлес қосу мақсатында халықаралық «Ертөстік» Балалар әдеби сыйлығын тағайындады. Бұл жоба тұрақты жұмыс істейтін болады.
Биылдан бастап «Түркі әлемінің әдебиеті» атты тарихи-мәдени, рухани байланыстарды нығайту жобасы жүзеге асырылмақ. Жобаның мақсаты – түркітілдес елдердің ақын-жазушыларының үздік шығармаларын қазақ тіліне аударып, оқырманға ұсыну. Бүгінге дейін Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан Жазушылар одақтарымен тиісті меморандумдарға қол қойылып, дайындық жұмыстары толық аяқталды. Жоба аясында әр елден 52 автор, барлығы 156 қаламгердің шығармалары аударылатын болды. Бұл бастама түркі халықтарының әдеби байланысын нығайтып, рухани бірлігіміз жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашуға тиіс.
Жазушылар Одағының былтырғы жұмыстарының арасындағы шоқтығы биігі жазушы Төлен Әбдік пен қаламгер Қанат Әбілқайырдың романдарын халықаралық «Букер» сыйлығына ұсыну туралы шешімі екеніне ешкім дау айта қоймас. Бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен өткізіліп, 2025 жылы атқарылған жұмыстарды саралауға арналған «Жас әдебиеттің көкжиегі» тақырыбындағы әдеби басқосуда Одақ басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов хабарлады. Төрағаның айтуынша, бұл бағытта әлі де бірқатар нақты жұмыстар жүргізілуге тиіс.
1969 жылдан бері беріліп келе жатқан Букер сыйлығын алу үшін автордың өзі Британия достастығы елдерінде, Ирландияда және Зимбабведе тұратын болуы, романы Ұлыбританияда немесе Ирландияда жарық көруге және ағылшын тілінде жазылуға тиіс болатын. 2014 жылдан бастап авторы қай елдің азаматы болғанына қарамастан ағылшын тілінде жарияланған романдарға да беріле бастады. Ал 2005 жылдан бері Халықаралық Букер сыйлығы ағылшын тіліне аударылған және «еркін сатылымға шығарылған» романдарға да берілетін болды. Жүлденің мөлшері – 50 мың фунт стерлинг. Қазақ романы осындай беделді жүлдеге ие болып жатса төл әдебиетіміздің мерейі арта түсері сөзсіз.
Материалдық қолдау: Бұл бағытта бұрыннан келе жатқан Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлықты, 2023 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Айбоз» ұлттық әдеби байқауын, Президенттік арнаулы әдеби сыйлықты, «Дарын» жастар сыйлығын, «Әдебиет пен журналистика саласындағы үздік жұмыстар үшін» берілетін марапаттарды, үздік баспа мен кітаптарды қолдау жобаларын айтсақ та жеткілікті. Мәдениет және ақпарат министрлігі жоғарыда айтылған жұмыстардың бәрін 2029 жылға дейінгі мәдени саясат тұжырымдамасы аясында жүргізіп отыр.
Қазіргі заманда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі экономикалық өркендеумен ғана емес, халқының мәдени әлеуетімен де өлшенеді. Сондықтан ұлттық мәдениетті халықаралық имидж қалыптастыратын ұлттық бренд ретінде қарастырғанымыз дұрыс.
Нұрлан ҚАМИ





