ЭКО-ПАКЕТТЕН НАНОТЕХНОЛОГИЯҒА ДЕЙІН…
Жер бетін күл-қоқыс басып барады. Әсіресе, алабажақ полиэтилен пакеттерден аяқ алып жүре алмайсың. Қайда барсаң да, алдыңнан жалбырап сол полиэтилен пакеттер шығады.
Қайбір жылы туып-өскен жерім, туып-өскен жерім болғанда, балалығымның ізі қалған Сарытауыма бардым. Бұл Сарытау – әкемнің қыстауы еді. Қиян қыстауда жалғыз үй отыратынбыз. Әкем ұжымшардың малын бағатын. Аппақ қар жамылған тау арасында жалғыз үй отырсақ та, жалықпайтын да, жабықпайтын да едік. Өйткені біздің үйдің «көршілері» – көкке ұмтылған қарағайлар мен мәңгі жасыл шыршалар, ақ қайыңдар, шетендер мен ырғай сапты тобылғылар, сосын дала «Диснейленді» – қиял-ғажайып ертегілердің кейіпкерлеріне ұқсайтын тас бейнелер еді. Сарытау тұмса табиғаттың құшағында еді. Ал енді сол Сарытаудың сай-саласына әлгі полиэтилен пакеттер толып кетіпті. Шамасы, бұл пакеттер – қырға мал қарап шыққан малшылардан, бәлкім, аң қуған аңшылардан қалған дүние.
– Атасына нәлеті, осы пакеттер шірімейді екен ғой, – деді қасымдағы жолсерігім. – Өзі шірімейді, өзі шірімеген соң айналасындағы шөптерді шірітіп, сарғайтып, топырақтың құнарын кетіріп улайтын көрінеді.
Мен арнайы іссапармен барып, «әлемнің астанасы» атанған Нью-Йорк қаласының көшелерінен көргенімді есіме алдым. Бұл қаланың тұрғындары түнде немесе таңертең ерте ішіп-жемнен қалған қалдығын, үйіндегі басы артық мүлкін түсі қап-қара полиэтилен жаймаларымен орап, көшеге шығарып тастайды екен. Полиэтиленге оралған қоқыстар контейнерлерге тиеліп, соңынан Африка құрлығына тасталады. Африканың кедей елдері АҚШ азаматтарынан артылған қалдықты күл-қоқыстың арасынан теріп алып, күнделікті қажеттеріне жаратады.
Африканы алыстан болса да білеміз. Қара құрлықта дүниенің ең кедей елдері өмір сүреді. Құрлық тұрғындарының кедей болатын себебі – құнарсыз топырақ, қолайсыз табиғат пен кенезесі кепкен сахраның сараңдығынан бұрын, өркениет көшіне ілесе алмай қалғандығында болса керек. «Африканың Күн қуырған шөлейтті аймақтарында әлі күнге дейін бір-біріне жау тайпалар өмір сүреді» дейді білетіндер. Оларға ғылым тұрмақ, осы күнгінің оқуы да керек емес екен. Мұндағы айтпағымыз: ғылым-білімнен шет қалған мемлекет – шектеулі мем-лекет. Ондай мемлекеттің жер асты қазба-байлығы сарқылмастай мол болса да, дамуы, іргелі елдермен тең дәрежеде өмір сүруі неғайбыл. Осыны бек түсінген Қазақстан өкіметі қазір адам капиталы мен ғылым-білімді дамытуға барынша көңіл бөліп отыр. Бұл жайт жаңа Конституциямызда мықтап ескерілген. Нақтырақ айтсақ, преамбуладағы ғылым мен білімнің ұлттық құндылықтар қатарына қосылуы – еліміздің табиғи ресурстарға емес, адами капиталға сүйенетін зияткерлік мемлекет болуға бет бұрғанының белгісі.
Конституцияның 23-бабы ғылыми және техникалық шығармашылықпен шұғылданатын азаматтардың еркіндігіне кепілдік бере отырып, академиялық еркіндікке де құқықтық негіз береді. Бұл – ғылымды қаржыландыруды кезең-кезеңімен арттыруға, ұзақ мерзімді зерттеу бағдарламаларын бюджеттік қысқартулардан қорғауға арналған кепілдіктердің заңнамалық көрініс. Енді ғалымдар мен зерттеушілер өз жобаларын 5-10 жылдың ширегінде ғылыми айналымға қоса алатын немесе нақты іс жүзіне асыра алатын болады. Ғылыми жобаларды білесіз, ол бүгін басталып, ертең аяқтала салатын оңай нәрсе емес. Кейде кейбір жобалардың адамзат игілігіне айналуына он неше жылдар керек болады.
Енді сөз басындағы полиэтилен пакеттердің жайына оралайық. Ғалымдардың дәлелдеуі мен есептеулері нақты болса, бұл пактеттер 400 жылға дейін шірімей жата береді екен. Өйткені, полиэтилен өте қатты, әрі, мықты зат. Қолға ұстағанда ол жұмсақ және тез жыртылып, ыдырап кететін сияқты көрінгенімен, қалпын өзгертпей, зиянды молекулалар түзеді. Ол молекулалар судың табиғи күйіне зиянын тигізеді, өсімдіктер мен жануарларды әртүрлі кеселдерге шалдықтырып, жануарлардан бізге тарайды. Полиэтилен жаймасымен тамақты орап микротолқынды пеште жылытуға мүлде болмайды. Себебі, ол бірден 150-ге жуық канцероген түзеп ер адамда белсіздікке ұшартып, әйелдерді ана болу қасиетінен айыратынға ұқсайды.
Полиэтилен пакеттердің орнына осы күндері қағаз қораптар немесе қағаз дорбалар шықты. Қағаз дорбаларды Қазақстан әзірге сырттан сатып алуда. Әрине, Қазақстан да қағаз кенептер мен қағаз қораптар, экологиялық таза қағаз дорбалар – эко-пакеттер шығара алады. Бірақ қағаздың ағаш үгіндісінен жасалатынын ескерсек, осы арада бізге басты сығымдап ойлануға тура келеді. Неге десеңіз, елімізде орман қоры аз, орманның көлемі де көңіл көншітпейді. Ресми ақпарт көздеріндегі деректерге жүгінсек, Қазақстанның мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы шамамен 30,5 млн гектардан ғана асады. Бұл Республика аумағының – 11,2 пайызы ғана. Орманмен тікелей қамтылған жерлер 14 млн га шамасында болғанымен, бұл жалпы жер аумағының шамамен 5-ақ пайызын құрайды. Көріп отырсыздар, Қазақстанда ағаш-орман аз. Ендеше не істемек керек? Мұнайымызды сатып, мұнайдың тапқан қаржымызға қағаз дорба сатып алып отыра береміз бе, қайтеміз? Иә, полиэтилен дегенді мұнайдың ең соңғы қалдықтарынан жасауға болады. Бірақ оның қоршаған орта мен адам денсаулығына зиянды екенін жоғарыда меңзеп өттік.
Адам аяғы жете бермейтін тұмса табиғаттың құшағындағы Сарытаудың сай-саласына толып, бытқыған пакеттерді көріп, көңілім құлазыған мен Шығыс Қазақстандық жас ғалым Нариман Қайырбековтің полиэтилен пакеттерге балама болатын әдіс ойлап тапқанын ақпараттар арнасынан көзім шалып қалып, қатты қуандым.
Түте-түтесі шығып жыртылғанымен, полиэтилен пакеттердің көп жыл бойы ыдырамай, сол күйі табиғатты бүлдіріп, ластайтынын жаздық. Нариман Қайырбеков болса, сол полиэтилен пакеттерінің орнына биологиялық жылдам ыдырайтын материалдар әзірлеуді ойлап тауыпты.
Таныстыра кетейін, биологиялық жылдам ыдырайтын материалдар әзірлеуді ойлап тапқан кезінде Нариман – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері болатын.
«Жас ғалымның жобасы қоршаған ортаның ластануын біршама шеше алады» дейді сарапшылар.
Жаңалыққа бой ұрған талапкер жас ғалымға ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхананың меңгерушісі Ақатан Қыдырмолла ғылыми жетекші ретінде көмекке келген соң, ғалымдар полимерге ұқсас әрі табиғатқа зиян келтірмейтін материал жасауға білек сыбана кірісіп кетеді.
Олар алдымен табиғи полимерді толықтай зерттеп, оны химиялық өзгеріске ұшыратады. Содан кейін оның құрамынан зиянды заттарды алып тастап, зиянсыздарын енгізіп, қажет материалды қалай алатынын білуге ден қояды. «Бұл зерттеудің процесін толық айта алмаймын, өйткені біз соңғы нәтижеге жетпей ештең айта алмаймыз», – дейді жас ғалым.
Көрдіңіз бе, ғылымның жолы – ұзақ жол, мейілі ұсақ-түйек болсын, ғылыми жоба нақты іске асу үшін оған уақыт керек. Бірақ бәрін уақытқа сілтеп қойып, байырқалап жүре беруге және болмайды. Ғылымға ең бастысы, мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі қажет. Жобаға жұмсалатын қаражат та жеткілікті болуы тиіс. Осы ретте біз ғылыми және техникалық шығармашылықпен шұғылданатын азаматтардың еркіндігіне кепілдік беретін, академиялық еркіндікке құқықтық негіз жасайтын жаңа Конституцияның 23-бабы алдағы күндері ғылымға даңғыл жол ашады деп сеніммен айтамыз.
– Жобаның басты бағыты – табиғи полимерлер негізінде биологиялық ыдырайтын композициялық материалдар әзірлеу. Ал полиэтилен — мұнай қалдықтарынан шығатын материал. Полиэтилен дегеніміз – полимердің күрделі химиялық қосылысы. Сондықтан оның ыдырауына өте ұзақ жылдар қажет. Ал біз ойлап тапқан материал жылдам ыдырайды, – дейді Нариман Қайырбеков.
Нариман Қайырбековтің тілшілерге берген сұхбаттарынан білгеніміз: ол полиэтилен пакеттерге балама болатын қол дорбаны мектепте оқып жүргенінде-ақ ойлай бастапты. Демек, оған да жер әлемді алған ұсқынсыз полиэтилен пакеттердің түрі, қоқыстардың арасында қобарсып жатуы, экологияға келтіретін зияны ұнамаған. Жас ғалымның ғылыми жетекшісі Ақатан Қыдырмолла үшін де қоршаған ортаның жағдайы маңызды екен. Ендеше, біз табиғаттың тазалығын, адамдардың қоршаған ортамен үйлесіп өмір сүруін ойлайтын ғалымдарымыз бар да – кез-келген мәселенің шешімі де бар деп сенейік.
Елімізде оқу-білімге, ғылымға ұмтылып, талпынған жасқа жол ашық. Қазақстанның шығысындағы шұғылалы қала Өскеменде, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде оқыған Нариман Қайырбеков Ақтау қаласындағы Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ғылыми білім беру қорының ғылыми тағылымдама байқауында жеңімпаз атанып, 2022 жылдың жазында Үндістанда да аттанды.
Ежелгі мәдениеттер мен өркениеттердің отаны – Үндістандағы (Керала қаласы) Ганди университетінен шақырту алған жас ғалым аталған оқу орнында халықаралық және университет аралық наноғылым және нанотехнология орталығының зертханасында жұмыс істеді. Оның негізгі зерттеу жұмысы – янтарь қышқылының туындыларымен күміс, мыс және бор иондары кешендерінің түзілу процестерін зерттеу болды. Ал, бұл материалдар катализатор ретінде оптикалық құрылғыларда, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінде тыңайтқыш ретінде кеңінен қолданылады.
«Мен металл нанобөлшектермен де жұмыс жасадым. Олардан биофильмдер алып көріп, бактерияға қарсы қасиеттерін зерттедім. Металл нанобөлшектерінен алынған биофильмдер арқылы азық-түлікті бұзбай сақтаудың мерзімін арттыруға болатындығын дәлелдедім, – дейді қазақастандық жас ғалым.
Нариман Үндістанда білімі мен тәжірибесін жетілдіріп жүрген жылдарда Қазақстанда эко-пакеттерді тұтыну дағдыға айналып үлгерді де, эко-пакеттерді дайындау ісіне «Ұлы Дала» компаниясының негізін қалаушы, эко-белсенді Мирас Аббасов мырза білек сыбана кірісіп кетті.
Ақиқат үшін айта кеткеніміз абзал: Мирас Аббасов эко-пакет шығаратын жалғыз кәсіпкер емес. Қазақстанда эко-пакет өндіретін 44 компания болған. Бірақ сол 44 компанияның бүгінде тек 8-і ғана жұмыс істеп тұрған көрінеді. Эко-белсенді Аббасов былай дейді:
– Осыдан бес-алты жыл бұрын елімізде полиэтилен шығарумен айналысатын 44 компания бар еді. Қазір олардың тек сегізі ғана қалды. Ал, біздің елде эко-пакетттерге деген сұраныс жыл сайын еселеніп келеді. Себебі, Қазақстан полиэтиленге тыйым салу керек екенін тез түсіне білді. Бір қызығы, Еуропа елдерінде мұндай шешім қабылдауға кемі 30 жыл уақыт қажет.
Эко-пакет қалай жасалады? Бұл сұраққа кәсіпкердің өзі жауап берсін:
– Эко-пакет дегеніміз – крахмал ертіндісінен жасалатын экологияға зиян келтірмейтін пакет. Ең алдымен, крахмал арнайы құрылғыға түсіп, балқиды. Содан кейін пакеттің көлемі, қалыңдығы жасалады. Соңғысы – бояу жұмыстары. Ол жерде өнімнің сыртына арнайы логотип, пакетті шығарушы кәсіпорын жайлы ақпарат жазылады.
Кәсіпкер Мирас Аббасовтардан қалыспай матадан жасалған сөмке тігумен айналысатын зейнеткер апа-әжелер де көбейіп келеді. Себебі, матадан тігілген сөмкелерге сұраныс артып, мата сөмкелер сәнге айналуда. Естеріңізге сала кетейік, қарапайым полиэтилен адам ағзасына еніп, кері шықпайтын токсиндер мен канцерогендерді бөледі. Медицина саласындағы ғалымдар қазір ана сүтінде де полиэтилен барын анықтап жатыр. Ал, ананың омырау сүті арқылы зиянды қоспаның баланың қанына тарайтыны айтпаса да белгілі. Сондықтан, әлемдегі 130-дай ел полиэтиленге тыйым салған. Біздің елімізде де осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Арнайы меморандум қабылданып, Қазақстан Үкіметі 2025 жылдан бастап полиэтиленге тыйым салды. Мұндағы басты міндет – ауыл шаруашылық өнімі қалдықтарын қайта өңдеп, экспорттау. Отандық өнімді Ресей мен Еуропа нарығына шығару.
Әрине, Қазақстанның ғалымдары полиэтиленді ерітіп эко-пакет жасаудың айналасында қалып отырған жоқ. Қазір мұнайды қалдықсыз өңдеудің мүмкіндігін зерттеп жүрген жас ғалымдарымыз да жетерлік. Соның бірі – Еркебұлан Напиев.
Еркебұлан балалық шағында әкесі секілді мұнайшы болуды армандапты. Сол арманына қанат байлаған болашақ мұнайшы «Атырау мұнай және газ» институты, «Химиялық технология және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасына оқуға түседі.
«Екінші курстан бастап түрлі конференцияларға қатысып жүрдім, – дейді ол баспасөз өкілдерімен әңгімесінде: – Кейін ғылыми жұмыстарға қызығып, зерттеу жұмыстарымен айналыстым. Осылайша, 2015 жылы қазанда «Мұнайды тасымалдау және сақтау» атты халықаралық конгрестің секциясына жазылдым. Алғаш рет қазан айында халықаралық конгресске зерттеу жұмысымызды сырттай жіберіп, сыннан сүрінбей өтіп, жүлделі 3-орынға ие болдым. Кейін «Мұнай қалдықтарын өңдеудің тиімді әдісі» тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізіп, аталмыш жобаммен 2015 жылдың желтоқсанында Омскіде өткен онлайн конференцияға қатыстым. Сол кезде бірінші орын алып, қатты қуанғаным есімде. Ғылыми жетекшім Аманжан Төремұратұлы болды».
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің ғылыми-техникалық саясатын айқындау мақсатында:
«Қазақстан – ғылыми прогресті анықтайтын алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болуы қажет», – деп ғалымдарымызға міндет жүктеген еді. Президенттің сол сөзіне орай елімізде ғалымдардың алаңсыз әрі сапалы жұмыс істеуіне барынша жағдай жасалуда. Біз жоғарыда есімдерін атаған жас ғалымдар: Нариман мен Еркебұлан сияқты талапкерлерді қолдау мақсатында ҚР Ұлттық ғылым академиясының жанынан алғаш рет Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Оның құрамында қалыптасқан ғалымдар, Ұлттық құрылтай мүшелері, Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес мүшелері, жас ғалымдар бірлестіктерінің төрағалары бар. Кеңестің басты мақсаты – жастарды ғылымға тарту және барынша бейімдеу.
Деректерге қарасақ, елімізде 23 мыңға таяу ғылыми қызметкер бар екен. Ғылыми дәрежесі бар қызметкерлердің орташа жасы – 57-де. Олардың арасынан зейнеткерлік жасқа жеткен ғалымдар да табылады.
Кеңесте омбудсмен лауазымы жұмыс істейді. Оған жас ғалымдардың мәртебесін одан әрі ілгерілету және нығайту міндеттері жүктелген.
«Бүгінгі заманауи ғылым мен өнеркәсіпте әзірлемелер, тұжырымдамалар ғылымның пәнаралық тәсілдері арқылы жасалады, яғни ғылымның әртүрлі бағыттары біріктіріледі, осылайша әлемдік ғылымның серпілісі болады. Академияның міндеті – ғылыми зерттеулерге елеулі өзгерістер енгізе алатын көшбасшы ғалымдарды жинау, оларды Академияның айналасына біріктіру», – дейді Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Расында, елімізге Жас ғалымдар кеңесі ауадай қажет-ақ. Бір ғана әл- Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, мысалы, 350-ге жуық жас ғалым жұмыс істейді. Соның ішінде Метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы, ғылыми қызметкер Мәдина Тұрсынбаеваны ерекше атауға болады. Бүгінде ол ауаның сапасын, атмосфераның ластануын, атмосфераның шекаралық қабатының биіктігін және ауа массасының траекториясын зерттеу бойынша іргелі жұмыс жүргізуде.
Жас ғалымдар кеңесі – Ғылым академиясының ізбасары болып табылады. Кеңесте әлемдегі жас ғалымдар арасындағы тенденциялар мен бағыттарды бағдарлап, Қазақстан ғылымын қалай дамыту керектігін анықтау үшін ғылымның әртүрлі басымдықтары бойынша жұмыс топтары құрлған.
Жас ғалым – ғылыми зерттеулер саласындағы болашақ кәсіби мамандар. Сондықтанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінде де жас ғалымдар елімізде биология мен биотехнология ғылымының дамуына өз үлестерін қосып келеді. Факультетте жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын ғылыми нақты нәтижелерімен өлшеп, ғылымды дамыту бойынша жыл сайын жоспарға сай ғылыми іс-шаралар болып тұрады.
Жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту туралы сұрақтар бойынша жас ғалымдарға (магистрант, докторант және оқытушылар) «Халықаралық бағдарламалар орталығының» өкілдерімен кездесулер ұйымдастырады. Сонымен қатар, жас ғалымдардың ғылыми жұмыстарының нәтижелері сұранысқа ие болуы мен ғылыми шығармашылығын дамыту мақсатында «Web of Science мәліметтер базасын және заманауи наукометриялық әдістерді қолдану» Clarivate компаниясының Орталық Азия аймағындағы ресми өкілдері мен ғылым және оқу ресурстары бойынша сарапшылармен кездесулер болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, биология және биотехнология факультеті факультеттің жас ғалымдарын алыс және жақын шетелдерде өткізілетін халықаралық конференциялар мен симпозиумдарға тұрақты жіберіп тұрады. Атап айтсақ, биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының жас ғалымы Есенбекова А. 2022 жылы Мексикада «II ғылыми-зерттеу конгресіне», биотехнология кафедрасының жас ғалымдары Юрикова О. «Ғылым, теория және практика» IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына (Токио, Жапония), Масжан А. «Микроорганизмдердің биологиясы және биотехнологиясы» халықаралық микробиология конференциясына (Өзбекстан, Ташкент) өздерінің ғылыми жұмыстарымен қатысып, ғылымдағы жетістіктерін конференция барысында көрсетіп қайтқан.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Биология және биотехнология факультетінің жас ғалымдары Қазақстан республикасы жоғары білім және ғылым минстрлігінің қаржыландыруымен жүзеге асатын ғылыми жобаларға да белсене ат салысып келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Биология және биотехнология факультетінің жас ғалымдары мен студенттері жас ғалымдардың халықаралық деңгейдегі келісім шарттары бойынша «Болашақ» бағдарламасымен және басқа да академиялық мобильдік бойынша: Пизан Университетінде (Италия, Пиза қ.), Верген университетінде (Норвегия), Гранада университетінде (Испания, Гранада қ.), Хайфа университетінде (Израиль, Хайфа қ.), Нью-Гемпшир университетінде (АҚШ, Дарем), Лилл университетінде (Франция), Дебрецен университетінде (Венгрия, Дебрецен қ.), Остин университетінде (Техас, АҚШ), Густава Рози институтында (Вильжюф.қ, Франция) білім алып, тағылымдамалардан өтуде.
– Факультетіміздің жас ғалымдарының ғылыми жобалары негізінде жазған мақалалары Scopus және Thomson Reuters базасында жарық көруде. Scopus базасында индексирленетін ағылшын тіліндегі ұжымдық монографияға биотехнология кафедрасының жас ғалымдар: А.С. Қыстаубаеваның, А.Масжанның ғылыми жұмыстары енді, – деп мақтанышпен айтады биология және биотехнология факультеті биотехнология кафедрасының оқытушылары.
Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының мәліметтеріне жүгінсек, Қазақстанда қазір 23 мыңға жуық ғалым еңбек етіп жүр. Мемлекет ғалымдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алғалы бері ғалымдардың жалақы екі есе өскен. Жас ғалымдар жайлы баспаналарға ие болуда. Мемлекет тарапынан қамқорлық пен қолдауды сезінген ғылымдағы жастардың үлесі 46 пайызға жетті.
Қайталап естеріңізге сала кетейін, жаңа Конституцияның 23-бабы ғылыми және техникалық шығармашылықтың еркіндігіне кепілдік беріп отыр. Ал, бұл кепілдік Қазақстан ғылымының алдағы уақытта кең өріс тауып, дамуына жол ашады деген сөз.
Асыл Түзембай




