«ҚОЗЫКӨШ» ӘНІ КІМДІКІ?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің бірінші отырысында сөйлеген сөзінде:
«Қазақстан – ғылыми прогресті анықтайтын алдыңғы қатарлы елдердің қатарында болуы қажет. Бұл мақсат қиын болып көрінгенімен, оған жетуге ұмтылуы керек. Қазақстанда ғылыми әлеуеті жоғары мектептер мен білікті ғалымдар бар. Мемлекет тарапынан да ғылымға жан-жақты қолдаулар көрсетіліп жатыр. Соңғы жылдары елімізде ғылыми зерттеулерді қаржыландырудың көлемін ұлғайтуға және тетіктерін жетілдіруге, ғылыми ұйымдарды кезең-кезеңімен жаңғыртуға, шетелде тағылымдамадан өтетін жас ғалымдар санының ұлғаюына, ғылыми зерттеулерге ерекше маңыз беріліп, бөлінген гранттар саны артып жатыр», – деген болатын.
Осы ретте атап айтуға тиіспіз, қазір дамыған елдерде гуманитарлық саладағы ізденушілер мен жас әдебиетші, музыкатанушы ғалымдар мен креативті индустрия мамандары да білім алып, тәжірибе жинақтауда. Мысалы, М.О.Әуезов атындағы әдебитеттану институтының қызметкерлері қазір алыс және жақын мемлекеттердің мұрағат қорларынан қазақ әдебиетінің тарихы мен әдебиетіміздің көрнекті тұлғаларына қатысты, т.б. құнды деректер тауып жүрген болса, ізденуші ғалымдар буыны үзілмеген гуманитарлық ЖОО-ларда ғылыми-практикалық конференциялар жиі өтіп тұрады. Соның бірі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен «Халық музыкасы» факультетінің 80 жылдығына арналған «Дәстүрлі музыка мәдениеті: өткені мен бүгіні» атты II Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы дер едік. Аталған конференция барысында Қауымдастырылған профессор, Құрманғазы атындағы ҚҰК оқытушысы Еркін Тұрсынғалиұлы мырза баяндама жасап, әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясында айтылатын «Қозыкөш» әніне байланысты көпті елең еткізерлік жаңалық жариялады.
Белгілі әнші, Құрманғазы атындағы ҚҰК профессоры Е.Шүкіманның ізденіп тапқан басты жаңалығы –
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында аталған «Қозыкөш» әнінің көркем мәтіндегі сипаттамасын Ахат Шәкәрімұлының естеліктерінде келтірілген тарихи деректермен салыстыра талдау және фольклорлық зертханада сақталған Ахат орындауындағы аспаптық-нұсқалық үлгінің қалпына келтіріліп, ғылыми саралануы. Бұл материал Шәкәрімнің ерте кезеңдегі композиторлық ізденістерін айқындауға және оның музыкалық мұрасын ғылыми айналымда тереңірек танытуға мүмкіндік береді.
Ахат Шәкәрімұлының естеліктері мен фольклорлық зертхана материалы негізінде жазылған мақала жалпы Шәкәрім музыкасының ғылыми айналымын кеңейтуге бағытталған.
Редакция.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Абай қалыптастырған көркемдік әрі рухани бағдарды жаңа деңгейге көтерген тұлғалардың бірі – Шәкәрім Құдайбердіұлы. Ол өзінің поэзиясы, философиялық пайымдары және музыкалық мұрасы арқылы Абай бастаған дәстүрді жалғастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге қазақтың дәстүрлі музыкалық тілін терең мазмұнмен толықтырды. Әсіресе, ол халықтық үлгіні жалғастырушы ғана емес, қазақ әнін философиялық ойды жеткізе алатын жаңа көркемдік деңгейге көтерді.
Оның музыкалық мұрасы Шыңғыстау өңіріндегі Әбдіғали Алдажаров, Ізкәйіл Абайұлы, Рахымжан Мамырқазов, Есбай Бекхожин, Жебрайыл Турағұлұлы, Зұлғарыш Әзімбаев, Әлмағамбет Қапсәләмұлы секілді белгілі орындаушылар арқылы кең таралды. Ал өткен ғасырдың 20-шы жылдары А. Бимбоэс, А. Затаевичтердің жинақтауымен алғаш хатқа түссе, кейінгі кезеңде ақынның ұлы Ахат Шәкәрімұлы мен Қабыш Керімқұловтың айтуында дыбыс таспасына жазылып, музыкатанушы ғалым Т. Бекхожина (1959, 1966), А. Серікбаевалар (1965) нотаға түсірді. Сондай-ақ, Семейдегі Абай қорық мұражайының архиві мен Т. Ибрагимов, Ә. Сабырова, А. Райымбергенов секілді зерттеуші ғалымдардың жекелеген қорларында да ақын әндері мен күйлері сақталып жетті. Солардың бірі – Ниязбек Алдажаровтың айтуындағы аудиожазба 2008 жылы CD жинақ ретінде жарық көрді. Ақын ақталғаннан кейінгі кезеңде оның әндерінің қайта жаңғырып, кең таралуына әнші Келденбай Өлмесеков елеулі үлес қосты.
Шәкәрімнің музыкалық мұрасы екі рет жарық көрді. Алғаш 1989 жылы Т. Бекхожинаның құрастыруымен «Аманат» деген атпен басылып шықса, 2008 жылы семейлік композитор, зерттеуші А. Ахметжановтың құрастыруындағы «Рухани жол. Шәкәрім: ән, дастан, мұра» жинағы ақынның бұрын-соңды естілмеген көптеген мұралармен толығып, кең түсінікпен баспа бетін көрді.
А. Ахметжанов жинақтаған соңғы басылым мен Н. Алдажаров, К. Өлмесековтер жеткізген әндер арасында «Зағипаның зары», «Ел қайда», «Жаның сүйген жарың болса» тәрізді әндер ұшырасады. Бұл шығармалардың алдыңғы екеуінің әуендік табиғатында халықтық сипат басым болса, соңғысында Шәкәрімнің музыкалық қолтаңбасына тән белгілі бір стильдік үндестік байқалады. Алайда орындаушылар жеткізген деректердің әртүрлілігі бұл әндердің авторлығын Шәкәрімге телуге толық мүмкіндік бермейді.
Жинақтардағы әндер мен жазбаларды негіз етсек, Шәкәрім әндері барынша жинақталғанға ұқсағанымен, ақынның өнерге алғаш қадам басқан кездегі туындылары толық жетпеген. Ахат естелігіндегі ақынның әні ретінде көрсетілген осындай әннің бірі М. Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында аталады.
Қазақ әдебиетінде айрықша құбылыс ретінде бағаланатын бұл роман-эпопея тек ұлы ақынның өмір жолын көркемдік биік деңгейде сомдап қана қоймай, XIX ғасырдағы қазақ қоғамындағы тарихи жағдайларды, заманның күрделі психологиялық иірімдерін терең бейнелей отырып, қазақ халқының ұлттық мінезін, әдет-ғұрпы мен салт-санасын, әлеуметтік жағдайларды кең ауқымда ашып көрсетеді. Сонымен бірге, рухани-мәдени болмысын – сал-серілік, әншілік, күйшілік көріністер тек көркемдік деталь емес, халық дүниетанымының арқауында жатқан музыкалық мәдениеттің тарихи-этнографиялық сипатын тұтас күйінде танытады.
Осы бір көркем туынды аталған роман-эпопеяның екінші кітабының «Жайлауда» бөлімінде Біржан салдың Абай ауылынан аттанып бара жатқанын бейнелейтін шағын эпизодында беріледі:
«…Бiржан атының үстiнде тұрып, «ендi бiр сәт тоқтаңдаршы» дегендей белгi еттi. Құндыз жиектi, жасыл барқыт, пұшпақ бөркiн маңдайынан кейiнiрек шалқайтып тұрып, жаңағы жастарға еңкейiп бас иiп, ендi өзi бiр ән шырқады. Бұрын, бұл жаз бойы айтпаған ән болатын. Арманды, мұңды, кербез әннiң қайырмасы шынды ашты.
Ей, бозбала-ай,
Өтті-ау заман-ай,
Қош бол, аман!.. – деп күлдi де, өңi ағарып, қобалжыған Бiржан, атының басын алыс сапарға қарай бұра бердi… Артынан қарап, қатып, таңырқап тұрып қалған Абайларға әнiн әлi тыймай, арнап шырқап барады. Өзгеден бұрын бұл жөндi ұққан Абай едi.
– Мынасы жаңа ән! Дәл осы арада туған, бiзбен қоштасып айтқан ән ғой! Шын шабыттың өзi ғой! – деп қызығып, тыңдап қалды. Абайдың осы сөзiнен, жаңа ән туып кетiп бара жатқанын аңғарған Әмiр, жүгiрiп кермеге барып, ерттеулi тұрған ала атқа қарғып мiнiп алды.
– Үйренiп қалам! Есте қалмай кеткенi обал да?! – деп шаба жөнелді» [1, 91]. Әнді ғана үйреніп, атын сұрап қалмаған «жаз бойы айтылмаған жаңа әнге» Абай «Қозыкөш» деп ат қояды.
Шыңғыстауда дүниеге келген, бірақ Біржанның әні делінетін «Қозыкөш» әні жайлы алғашқы уәзін көркем туынды арқылы осылай жетті. Бұл ән Абай, Шәкәрім айналасындағы мәдени орта мен олардың музыкалық мұрасына қызығушылық танытып, сөз айтып жүрген зерттеушілердің назарын аудармай қалған жоқ. Олардың тарапынан «Қозыкөш» әнінің шығу тарихы мен авторы жайлы деректер бүгінгі күнге дейін сирек те болса әртүрлі жазылып келеді. Алайда ауызша деректерде бұл әннің Біржан емес, Шәкәрімге тиесілі екені көп айтылады. Бірақ аты аталғанымен, ғылыми түрде айқындалмаған бұл ән туралы ешкім нақты тұжырым жасай алмады.
Мәселен, өнертанушы І. Жақанов бұл әнді «Бір бала» әнімен байланыстырып, оған кезіккен деректер де Біржан төңірегінен көрінген. Мәселен, «Бір баланың» бүгінгі
Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды.
Угай-ай,
Ән салшы-ай, бір бала-ай!
Қос етек бұраң бел,
Қуалай соғар қоңыр жел. – мәтінінің өзі өзгеріске түсіп, кейде оған Берікбол Көпенұлының «Ағашаяғының» шумағы (Айналайын, қарағым, келдің қайдан, Алма мойын ала үйрек ұшар сайдан…) жапсырылып жүр десе, Көкше өңіріне белгілі ақын, жыршы Байсейіт Байбосынов «…Біржанның «Көкек» деген әнімен қатар шыққан «Қозыкөш» деген әнін ескілікті әншілдерден тыңдап өскенін, кейіннен әннің адам танымастай өзгеріп, «Бір бала» аталып кеткенін айтқан. Жезқазған жағында:
Өлең айтқым келмейді қарлыққан соң,
Құла бесті жүрмейді шалдыққан соң.
Қалқатайдың ауылы алыс жатыр,
Жолға шықтым сағынып қамыққан соң.
Ән салшы, қыздар-ай!
Қос етек, қыпша бел,
Солқылдар соқса қоңыр жел. – деп қайыратынын да ескертіп өтеді. Ал торғайлық өлеңші Күләндам Мәлікқызының «Қозыкөшті» Торғай елі «Бір ғана» атап кеткенін, кейіннен «Бір бала» боп айтылып жүргенін және «…Бұл Сарыарқаға жайылған Біржан салдың әні. Әкелеріміз, ескілікті әншілер солай дейтін-ді. «Қозыкөш» «Абай» романында суреттеледі. Біржан салдың Абай еліне келетін жері бар емес пе, ән сол оқиға кезінде айтылады. Әуел бастағы аты – «Қозыкөш»… Бұл әнді мен өз әкеммен кұрдас, өзі әнші, күйші Ахметхан Әбіқаевтан үйреніп едім. Ахметхан аға өле-өлгенше осы әнді Біржан салдың «Қозыкөші» деп айтып өтті. Оны дәл солай деп біздің Торғай өңірі шырқайды. Әннің сөзі былай басталушы еді:
Аулым көшіп барады Қозыкөшке,
Қозыкөште болған іс түседі еске.
Угай-ай,
Ән салшы-ай, бір ғана-ай!
Қос етек бұраң бел,
Қуалай соғар қоңыр жел.
Көш бойында, қалқам-ай, бір ән салшы,
Өмір бойы шықпастай жүрсін есте.
…Біржан салдың тәлкекке түсіп, ұмытылған «Қозыкөшінің» ел жүрегінде осы шумағы ғана сақталыпты…» – деп жазады [2, 53].
Көріп отырғанымыздай, І. Жақанов келтірген «Бір бала» әнінің нұсқалары арасында бірқатар мәтіндік айырмашылықтар бар. Бұл құбылыс халық әндерінің ауызша дәстүрде таралу ерекшеліктерінен туындайтыны белгілі. Соған қарамастан, түрлі нұсқалардағы қайырма жолдарының бүгінгі орындаудағы «Бір бала» әнінің қайырмасымен құрылымдық жағынан бір үлгіде екені анық аңғарылады. Бұл – қазіргі музыкалық нұсқамен тығыз байланысты екенін, яғни бүгінгі әуенмен орындалғанын байқатады. Алайда, бұл әннің стильдік табиғатына қатысты мәселе зерттеуші тарапынан нақты ашылып көрсетілмеген. Атап айтқанда, «Бір бала» әнінің музыкалық тілі Біржан әндеріне қаншалықты жақын деген сұрақ жауапсыз қалған.
Ал Шәкәрімге тиесілі дейтін деректер не дейді? Ахат Шәкәрімұлы: «Шәкәрім жасынан ән-күй шығарамын деп талаптанған. 14 жасында шығарған әні – «Қозыкөш», Біржан сал Абай аулынан қайтарында салғаны – осы «Қозыкөш» әні. Мұны бұрын Қиясбайдың «Қозыкөші» деп атайтын. Қиясбай – Қодардың немересі. Ол өзін баламын деп, балаларды «құрбым» деп мәз-мейрам ететін… Сол Қиясбай Шәкәрімге келіп, «Аға, «Қозыкөш» әніңізді маған бір бестіге сатыңызшы», – дейді. Шәкәрім: «Ат алмай-ақ бос бердім!» – дейді. Содан ол ән Қиясбайдың «Қозыкөші» аталады», – деп, Шәкәрімнің музыкадағы алғашқы тырнақалды дүниесі жайында естелік береді [3, 784]. Бұл жайлы Т. Бекхожина да: «Шәкәрім 14-15 жасында ән шығара бастайды. Оның алғашқы әндері жиналмаған, бірақ ел аузында сақталып қалғандары болуы ықтимал. Солардың ішінде «Қозыкөш» деген әнінің болғаны айтылады», – деп жазады «Аманат» жинағында [4, 6].
Абай мен Шәкәрімнің музыкалық мұрасының жинақталып, жарық көруіне еңбек сіңірген зерттеушілердің бірі – семейлік композитор, зерттеуші Арғынбек Ахметжанов. Ол ертеден Шыңғыстау өңірінің ән-күйлерін, оның ішінде Абай мен Шәкәрімге қатысты музыкалық мұраларды ескі көздердің айтуында жинақтап, 1970-жылдары Шәкәрімнің ұлы Ахатпен танысып, оның әкесінің әндерін дыбыс таспасына жазып, сақтаған. Ақын ақталған тұстан бері (1988) Ахаттан жазылған әндерді нотаға түсіріп, насихаттауды жүйелі жалғастырып, облыстық газет-журналдарға түрлі мақалалар жариялап, 2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдығы аясында «Рухани жол. Шәкәрім: ән, дастан, мұра» жинағын жарыққа шығарса, 2015 жылы Абайдың 170 жылдығына арнап «Абай. Ән мұра» жинағын жариялады. Бұл екі еңбек те «Аманат» (1989) пен «Айттым сәлем, қалам қас» (1986) жинақтарынан кейінгі толымды ғылыми негіздемесі бар жинақ болып табылады.
«Рухани жол. Шәкәрім: ән, дастан, мұра» жинағында:
– «Қарағым Арғынбек, мына жазып алған ескі әндерді естірттің. Бұл өте жақсы. Тарих үзілмей осылай жалғасады ғой. Ал менің ойымда жүрген үш ән бар. Біреуі әкейдің 14 жасында «Қозыкөш» деп шығарған өлеңі. Мұның әні нотаға түскен жоқ. Бірақ бұл Мұхтар романында бар. Абайдың аулына Біржан келіп, қайтарда салған екен деп, Мұхтар осы әннің жайын айтып кетеді (Бұдан әрі Қиясбайға бергені жайы айтылады. — Е. Ш)…
– «Қозыкөшті» айтыңызшы, аға!
– «Қозыкөш» енді… Келе ме екен?.. Домбыра жоқ. Кішкентай… (үзіліс). Ахат ағадан Шәкәрімнің «Қозыкөш» әнін жазып алудың осы жолы да сәті келмеді», – деп өкініш білдіреді [5, 267].
Зерттеу барысында консерваторияның фольклорлық зертхана қорындағы жазбалар ішінде осы аттас туындының сақталғаны белгілі болды [6]. Орындаушысы – Ахат Шәкәрімұлы. Мұны таспаға жазып алып, нотаға түсірген – Асқан Серікбаева. Алайда, шығарма вокалдық сипатқа ие бола тұра, орындаушы тарапынан тек аспаптық түрде, яғни домбырамен ғана орындалған. Осы себепті жазбада ән тек аспаптық шығарма секілді сипат алған. Журналда әннің нотаға түсірілгенін білдіретін «Расшифровала А. Серікбаева» деген белгі қойылғанымен, ноталық үлгі ешбір басылымда жарияланбаған.
Шығарманың әндік сипаты бірден көрінеді. Яғни, ән 11 буынды (4+3+4) шумақтан және қайырмадан тұрады. Ал әуендік құрылымы: ән кеудесі – екі элементті (ABAB), қайталанған қостармақ (4+3+4+о.б; 4+3+4+о.с). Қайырмалық әуен романда берілген мәтінмен үйлеседі («Ей, бозбала-ай, Өтті-ау заман-ай, Қош бол аман-ай!»), яғни 4, 5, 5 буынға негізделген құрылымдық жүйеде шыққан. Әуендік арқауы миксолидиялық ладқа жақын дыбыс қатарында құрылған. Диапазоны нона көлемінде.
Әуенді ән үлгісі етіп қайта қалпына келтіру мақсатында қара өлең мен романда берілген қайырма мәтіні және одағай сөз (шіркін-ай!) қойылып тәжірибе жасалды (Ескерту: Мәтін ән сөзінің түпнұсқасы емес, тәжірибе үшін ғана алынды).
Әннің дыбыс қатарлары, ладтық ерекшеліктері жағынан белгілі халық әні «Баянжан» және Алтай-Тарбағатай қазақтары арасында кең орындалатын «Алтын тау» әндерімен үндестігі бар [7, CD-7, 10-тр], [8, 39], [9, 85]. Әсіресе, «Алтын тау» әніне жақындығы анық көрінеді.
Шәкәрімнің 14 жасында шығарған әні жөнінен Т. Бекхожина да хабардар болғанымен, «Аманат» жинағына қоспауының себебі, бірінші, аталған әннің Шәкәрімге тән жеткілікті стильдік айырым белгілері болмауы, екіншіден, әннің басқа белгілі әндермен жақындығы дара шығарма ретінде қарастыруына мүмкіндік бермегенге ұқсайды. Бірақ оның халықтық нұсқаларға жақын болуын – Шәкәрімнің өнерде де, өлеңде де қалыптаспаған, балаң кездегі шығармасы деп түсіндіруге болатын сияқты. Кейін ақын «жолсыз жазаға» ұшырап, шығармашылығына тыйым салынған уақытта, М. Әуезов Шәкәрімнің жаңғырығы жүрсін деген оймен романға Біржанның әні етіп беруі мүмкін. Ал жазушының романда әнді үйреніп қалушы етіп Әмірді алуында да астарлы сыр бары байқалады. Әмір – Шәкәрімнің үлкен ағасы. Ол да сал-серілік өнерді серік еткен, ірі өнерпаз болған адам. Оның «Сыпыра бойдақ сылқылдақ» аталатын әні А. Ахметжанов арқылы бүгінге жетіп отыр [5, 263].
Бүгінгі күні Шәкәрім мұрасы жан-жақты жинақталып, терең ғылыми зерттеулер жасалып, өз алдына дербес зерттеу саласы ретінде қалыптасты. Сол бағыттардың ішінде ақынның музыкалық мұрасы өткен ғасырдың 90-шы жылдары алғаш рет ғылым нысанына айналып, музыкатанушы ғалым Ә. Сабырованың «Абай и Шакарим: философия музыки и песенный стиль. Вопросы изучения казахской традиционной песни» атты ірі монографиялық еңбегінің жарық көруімен жаңа кезең басталды. Дегенмен, ақынның музыкалық мұрасында әлі де назар аударуды қажет ететін мәселелер бар. Оның бірі – Шәкәрімнің композиторлық шығармашылығының бастаулары мен әндерінің түр-нұсқалары, яғни музыкалық текстологиясы. Қазіргі кезде әртүрлі қорларда сақталған ән нұсқаларын саралап, біріздендіру – Шәкәрім музыкасын зерттеудегі өзекті мәселелердің бірі.
Осы тұрғыдан алғанда, «Қозыкөштің» табылуы – ақынның музыкалық шығармашылығының қайнар бастауларын айқындауға мүмкіндік беретін жаңа дереккөз әрі Шәкәрімнің музыкалық мұрасын толықтыра түсіп, оның әндерінің көркемдік табиғатын тереңірек ашуға жол салатын маңызды жаңалық. Алайда әннің өзі, оның авторлығы, пайда болу тарихы және мәтіні әлі де нақтылауды қажет етеді. Сондықтан бұл бағыттағы зерттеулерді алдағы уақытта ғылыми тұрғыдан жүйелі түрде жалғастыру маңызды. Егер аталған мәселелер ғылыми тұрғыдан нақтыланса, бұл туындыны Шәкәрімнің тырнақалды шығармасы ретінде тануға негіз пайда болуы мүмкін. Қалай болғанда да, әннің ізі анықталды. Ендігі сөз – уақыт еншісінде.
Әдебиеттер тізімі:
Әуезов М. Абай жолы: Роман-эпопея. Екінші кітап. – Алматы: «Жазушы» 2009. – 432 бет. – «Қазақтың 100 романы» сериясы.
Жақанов И. Аққу әні. – Нұр-Сұлтан: «Күлтегін» баспасы, 2022. – 336 б
Шәкәрім. Энциклопедия. Семей-2008. – 812 б
Аманат: — Әндер/ Құраст. Т. Бекхожина. – Алматы: Өнер, 1989. – 128 б
Рухани жол. Шәкәрім: Ән: Дастан: Мұра; Құраст. А. Ахметжанов. Рекламный Дайджест. Өскемен. 2008. – 292 б
Фольклорлық зертхана қоры. Журнал №1. П/№1 – 2949. П/№ кассета 1-85, 1-138 (старые №№). 1958-1968 гг. 33-кассета (бабина).
«Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» аудиоантологиясы
Моңғолоия қазақтарының халық әндері. Құрастырған: Қабыкей Ахмерұлы. Өлгий – 1983 ж. Баян – Өлгий аймгийн СХ-ийн Хэвлэх үйлдзэрт хэвлов (Баян-Өлгей аймағының баспаханасында басылды. – 334 б.
Қазақ халық әндері. Төрт томдық, 1-том. Баспаға дайындаған: Қабылалды Абдоллаұлы. – Шыңжаң Халық баспасы. 2008 жыл. – 431 б.
Еркін ШҮКІМАН,
Құрманғазы атындағы
ҚҰК профессоры





