«Соңғы көш»: ҰЛТ ТАҒДЫРЫ және КӨРКЕМ ШЫНДЫҚ
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері, Абай облысындағы Тарбағатай, Үржар, Аягөз аудандарының және Алматы қаласының құрметті азаматы, майталман қаламгер Қабдеш Жұмаділовтің (1936-2021) «Соңғы көш» романы туралы бастан-аяқ жіліктеп талдаған зерттеу жұмысы жоқтың қасы болғандықтан роман-дилогияға толық талдау жасауға тырыстық. Тарихшы-ғалым Әлімғазы Дәулетханның 1974 жылы жазып, 2011 жылы ғана «Жалын» журналына жарияланған «Соңғы көш» туралы алғашқы пікір» деген мақаласы осы романның бірінші томына жасалған тұңғыш талдау екендігі рас. «Соңғы көш» туралы жазушының қаламдастары да кезінде жағымды пікір білдірген…
«Соңғы көш» роман-дилогиясының 1974 жылы шыққан бірінші кітабы «Қарсаңда», «Қат-қабатта», «Сарыжайлау», «Ақпанда» деген төрт бөлімнен, 1981 жылы шыққан екінші кітабы «Қара қақпа», «Киелі қан», «Кісен ашқан» деген үш бөлімнен тұрады. Сыртқы композицияның элементі ретінде қызмет атқарып тұрған бұл тақырыптардан суреттеліп отырған дәуірдің басты сипатынан хабардар боласыз.
«Соңғы көш» романының экспозициясының өзі көшпенділер өмірінің қанына сіңген дағдысынан басталады. «Шығар күнді төбе басында тұрып қарсы алып, батар күнді төбе басында тұрып ұзатып салу – сақарада мал өсіріп, көшіп-қонған халықтың қанына сіңген ғадет» екені «Қарсаңда» атты бөлімнің басында Қанағат бидің күн еңкейе төбе басына көтерілген сәтінде-ақ айтылады.
Автор «Есігіңнің алдында төбе болса ерттеулі тұрған атпен тең» деп қарайтын ауыл ақсақалдарының бір мезгіл өткен-кеткенді еске алып, жотаға шығып қайтпаса көңілдері көншімейтін сүйек сіңді дағдысын қисынды келтіреді. Батып бара жатқан күн, «боз шолақ аттай келте ғұмырдың тағы бір күні өтті-ау» деген күрсініс келер күннің не ұсынарын көрсетпегенмен, соның жұмбағын шешуге жетелегендей болады.
Төбе басындағы ақсақалдар ауыл саудагері Шөншіктің арқандаулы тұрған жирен аты мен су жаңа көк арбасына қарап, Қанағат би айналасындағы отырғандардан қалада оқып жатқан баласынан не хабар бар екенін сұрағанда шығарманың бас кейіпкері Естай бейнесі елес береді. Шөншік – жай ғана алыпсатар саудагер емес, өліара шаққа қарай қолма-қол бейімделген жандайшаптар мен жансыздардың белсенді өкілі. Қаламгер Қанағат бидің ойына түскен бір оқиға арқылы оның психологиялық болмысынан хабардар етеді. Ауыл шетіне іліккен бір бейтаныс жолаушының Қанағаттан: «Отағасы, Шөншіктің ауылы қайда екен? – деп жөн сұрауы, сасып қалған бидің: «Әзірше бұл маңайда «Шөншіктің ауылы» дейтін ауыл жоқ. Бұл – Қанағаттың ауылы. Ал Шөншіктің үйін сұрасаң, сонау ақ үзікті шеткі үйге бұрыл», – деп жауап беруі арқылы жазушы туындап келе жатқан екі айырық жолдың ымырасыздығын ишаралайды. Автордың сөзімен айтсақ: «біреу озып, біреу тозып жатқан заман…»
Әңгіме барысында Төртуыл руының екі табы – Жұмықтоғас мен Қараменденің байлары Әкпар мен Әбілғазыға қарасты елдің арасында бүлік туындағаны да айтылып, ауырып жатқан биді де тыныш жатқызбай, қатты алаңдатады.
Осы екі рудың арасындағы даудың туына себепші болып, қосақ арасында күйіп жүретін Ұзақ бейнесі – романдағы ең күлкілі образ болғанмен, қазақы қисынға келгенде нағыз кең қолтық, қарапайым қазақтың соңғы сарқыншағы іспетті. Өзі бәкене бойлы болғанмен, ауыл «Дәу апа» атап кеткен өзінен екі есе ірі денелі Қатша атты кемпірінен өзге ешкімі жоқ, сіңірі шыққан кедей, оның жүрген жері үнемі бір зілсіз күлкі туғызбай қоймайды. Дөң басындағылар арада Ұзақтың жоқтығына таң-тамаша қалып, іздей бастағанда «шарға бойлы, шоқша сақалды, кішкентай ғана көк көз сары шал» ақ таяғын беліне көлденең ұстап, осылай қарай емпеңдеп, ұшып келе жатқандағы кейпінің өзі кез-келген адамды езу тартқызады. Ұзақ бұл елге Қанағаттың немере әпкесін алып отырған күйеу болғандықтан, кәрі-жастың бәрімен қалжыңдасып, ойнай беретіндігі қазақы түсінік-түйсікке сай нанымды суреттеліп отырады.
Әңгіменің өзі туралы екендігін сезіп келе жатқан Ұзақ жарқаш-жарқаш жіңішке даусымен шіңкілдеп сонадайдан сөйлеп келеді:
– Өңкей зәндемі, қызталақтар… Бәрің жабылып мені биге жамандап отырсыңдар ғой? Менен басқаны сөз етсеңдер, ауыздарың қисайып қалады ғой, шамасы, – деп аузы сөзден босамай, бәрімен амандасып болғаннан кейін жанжалдың неден басталғанын білгісі келген жұртқа бар пәленің көк сиырдан басталғанын, әйелдің тілін алмайтын «жігіт» болса да сол жолы қара басып, жалғыз сиырды «Мал төркініне обал болмасын, тез Әкпардың аулына апарып, зор мойынға қосып келе ғой», – деп жан алқымға алған кемпірінің сөзіне еріп, Әкпардың әміркен бұқасына алып барғандығын, бірақ ыңыршағы шыққан кәрі сиыр мен кілең балықтай құнажындардың ішінде жүрген бұқамен болған әрекеттен түк шықпағанын жырдай ғып айта бастайды. Әңгіменің аяғы тіпті сұйылынқырап бара жатқан соң, Қанағат би кеугім тартып бара жатқан айналаға қарап, кайтуға ишарат жасайды. Шындығында екі рулы елді дүрліктірген жанжалдың шығуына Ұзақтың кәрі сиырының түк қатысы болмаса да әлгі дау-дамайдың тууына Ұзақтың да өзіндік үлесі бар. Расында көтерем кәрі сиырымен алысып жүрген Ұзақтың іс-әрекетіне іштей күліп тұрған Әкпар оны қасына шақырып алып, сауып ішуге бұзаулы сиыр береді. Мұндағы Әкпардың ішкі есебі – біріншіден, өзін ағайынға қадірлі етіп көрсету, екіншіден, кедей-кепшікке қамқор болып жүрген Қанағат биге қысастық жасау, үшіншіден, ертеңгі су кезегінде Ұзақты шаруашылыққа бас-көз болатын айқайшы есебінде пайдалану. Содан аяқ астынан олжаға батып, атқа мінген Ұзакең жұмысқа шыға салысымен, кезекке қарамай, суды өз жағына қарай мол ғып ағызып жібереді. Су ақпай қалғаннан кейін Жұмықтоғас ішінде Әбілғазы байдың Жаппас деген жанжалқой, қызылкөз шалы мен оның еңгезердей ұлы екеуі осы іске себепші болып жүрген Ұзақты «лақша бақыртып» тоғанның көмейіне әкеп тығады. Содан есінен танып қалған Ұзақты атына көлденең салып байлап, қоя береді. Бұл масқаралау Әкпардың намысына тиіп сол күні тізгін ұшымен барып, шайқас салады. Қараменде жағынан бір адам соққыға жығылып, өлім аузында қалады. Арада болған уақиғаны Ұзақ тым созып жібергеннен кейін осы жағдайды Қанағат бидің немере інісі Бахтияр қайта жаңғыртып айтып береді. Күн әлдеқашан батып, ымырт үйіріле бастаған кезде ауылға түсіп келе жатқан Әкпар бастатқан екі-үш салт аттыны көріп, бәрі орнынан тұрады. Осы кезде «қарағанның басынан ор қоянша секіріп бара жатқан» жатқан Ұзақтың неден қысылып, қашқанын Қанағаттың інісі Нұрғазы ғана біледі екен. «Ұзақ та әл үстінде нашар жатыр» деу үшін оған Әкпар қатты тапсырыс беріп қойыпты. Ал романдағы «ауырып жатқан» Ұзақтың Әкпардан қорыққаннан «ор қоянша секіруі» еріксіз күлкі шақырады. Әкпардың Қанағат аулына келу себебі – Қанағаттың атасы Ысмайылға Сібеті өзенінен берілген осы тоғанның мөр басылған қағазын сұрау. Бірақ Қанағат би Төртуылдың түгеліне жетіп отырған атасынан қалған киелі мұраны «таласқан иттердің талқысына» сала алмайтынын, қолмен істегенді мойынмен көтеру қажеттігін, қара күш пен барымтаның заманы келмеске кеткенін айтып, қағазды бермейді.
Роман сюжеті осындай шым-шытырық шиеленіскен оқиғадан басталып, Қанағат ауылындағылардың мал сату үшін қалаға аттануы, істі болған Ұзақтың олармен ілесуі, қаладағы саяси ахуалға байланысты гу-гу әңгіме, көшедегі ілініп тасталған коммунистік жалынды ұрандар, Шығыс Түркістан мемлекетінің құлауы, осыған байланысты ел ішіндегі дүрбелеңді суреттеуге ауысады.
1945 жылы езілген ұлттар бас қосып, Шыңжаң өлкесін тұтас азат ете алмаса да Алтай, Тарбағатай, Құлжа аймақтарын Гоминдаң басқыншыларынан азат етіп, Шығыс Түркістан мемлекетін құрады.
Романдағы Жасыбай атымен жүрген кейіпкердің прототипі – ырыс қонған қазақтың жомарт байы Башпай деген кісі. Романның журналдық вариантында (Жұлдыз, 1973. №9-10-11) Қосай деп алынған Оспан батырдың кітапта өз атымен алынуы Мәскеудегі Қиыр Шығыс институты Қытай секторының ақтау қағазына тікелей байланысты. Мұнда романға оң пікір айтылып, Алтайдағы Оспан көтерілісінің де басын ашып береді. Сөйтіп, Кеңес Одағындағы бірден-бір құзырлы мекеменің рұқсатын алғаннан кейін романның жарық көруіне жол ашылады. Ал Башпай бай мен Жағданы жазушы өз аттарымен алуды артық санағаны анық. Себебі «Қ.Жұмаділов совет өкіметінің жауларын, бай, би-қажыларын дәріптеп жатыр» деген мазмұндағы хаттар онсыз да тиісті орындарға оқтын-оқтын жөнелтіліп отырған.
Романда Башпай бейнесі бұрынғы бес жыл ғұмыр сүрген Шығыс Түркістан мемлекетінің аймақ басшысы ретінде емес, жомарттығымен аты шыққан өзінің кесек мінезді өмірдегі қалпы бойынша еш боямасыз сомдалады. Жасыбай бейнесі өтіп бара жатқан көшпенділер өмірінің тарпын көрсетсе, осы аймақтың болашақтағы уәлиі Жағыпар бейнесі арқылы жаңа замандағы күрделі тарихи ситуациялардың куәсі боласыз. Жасыбайдан кейін сөз берілген жоғарыдан келген өкіл – «Жасы отыздарға жаңа келген, ұзын бойлы, тарамыс денелі, жылы жүзі балаша күлімсіреп тұратын қара торы жігіт… Әскери формасын әлі шешіп үлгірмеген, сындардай сұлу офицер дік-дік басып мінбеге келді» деп суреттелетін Жағыпар бейнесі – өмірдегі қазақтың белгілі этнограф зерттеушісі Жағда Бабалықовтың прототипі.
Ол өз сөзінде Қытайдың еңбекші бұқарасы да отыз жылдай қан төгіп, күрес жүргізгенін, соның нәтижесінде ҚХР құрылғанын, ұлт-азаттық төңкерісі кезінде, Шығыс Түркістан республикасының құрамына енбей, Гоминданның езгісінде қала берген, ұйғырлар мекендейтін Қашқариядағы жеті аймақты да Қытай Халық Азаттық армиясы бейбіт жолмен азат еткенін, «Дұшпанымыздың дұшпаны – біздің досымыз» деген сөзді мысалға ала отырып, қытай коммунистері қазақтың сенімді одақтасы екенін, Шығыс Түркістан халқы да социалистік дамудың даңғыл жолына түсетінін айта келіп, жұртты Шәуешекке келетін Қытай Халық Азаттық армиясын достық көңілде қарсы алуға шақырады. Бірақ сөзінің залға дари қоймағанын сезген Жағыпар орнына сүлесоқтау барып отырады. Жарыс сөзге ешкім шықпай, жұрт аңтарылған кезде Нартай батырдың даусы саңқ етеді. «Ұстарамен тақырлап қырғызған басы кіші-гірім қазандай» деп сипатталатын Нартай тұлғасы – нағыз батырға лайық бейне. Батыр Жағыпардың сөзіне қызулана қарсы шығады. Аймақтың жаңа бастығы Хамитовтың Нартайдың атына саяси айыптар тағып, балағаттағанын Жағыпар тиып тастайды. Осы арқылы жазушы Жағыпардың Нартайға іш тартатынын, жеме-жемге келгенде Үрімжіден келген өкілдің әділдік жолынан таймайтын нық мінезінен оқырманды хабардар етеді. Бірақ осыдан кейін-ақ Нартай өкімет қаһарына ілігіп, соңынан қиқу түседі.
Қ.Жұмаділов өзінің кезекті бір сұхбатында «Бізге Абайдың, Шәкәрім мен Мағжанның өлеңін үйреткен жандардың бәрі «халық жауы» болып шыға келді… Сонда мен бір әділетсіздік, бір зорлық бар екенін сездім», – дейді. Бұл – 1952 жылы мектеп директоры Тұрсын Мұстафин ұсталғанда сол кездегі 16 жасар болашақ жазушыға келген ой. Міне 13 жасында аяулы әкесінен айрылуы, бұдан кейін қадірлі азаматтар басына төнген нәубәт оның өзіне деген серті мен шартын ерте қалыптастырғанын көреміз.
Шыңжандағы репрессия құрбандарының аты-жөні мен қоғамдық қызметін өзгертпей алуы бір жағы тарихи шындықтан көз жазып қалмаудан туындаса, екіншіден, өткен тарих ізін танымдық-эстетикалық тұрғыдан пайдалана білу арқылы өміршең идеялар берудің құралына айналдырды. Әрі бұлардың Башпай мен Жағдаға қарағанда бергі бетте мүлде белгілі болмауы оларды өз атымен алуына тікелей себепші болды деп білеміз. Бұл жерде «тәуекел түбі – желқайық, мінесің де өтесің, уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» деген халқымыздың байырғы мақалы жазушының бойына қуат, талабына қанат бітіргендей. Себебі жоғарыдағы мақал сол бір алмағайып тұстағы кез-келген қазақтың аузындағы сөз болатын. Тайынбайтын себептері сол.
Естайдың оқиғаға араласуы өз туысқандарына қаланы аралатудан басталады. Көшедегі адамдардың бір-бірімен амандаспауы, өзі сәлем берсе сәлемін алмауы, асханадан тамақты сатып ішу деген нәрселер қанша түсіндірсе де Ұзақтың миына кірмейді. Қаладағы қызу өмірді Естай мен Нұрбек айналасында өрбіту арқылы жазушы жаңа мен ескі дүниетанымның ара жігін байқатады.
Шығарма басталғанда сөз болатын екі байдың арасындағы жанжал бөлімнің соңында аяқ астынан жөнін табады. Бірінің үстінен бірі арыз айтып, қалаға келген Әкпар мен Әбілғазы екеуінің арасындағы дауды көпті көрген, алысты болжайтын Жақып би шешеді. Көшпенді қазақтың қанына сіңген дағдысы осы жерде тағы да бір қылаң береді. Бір жағы өкімет ауысып, бұлардың сөзіне құлақ аса қоятындай оңтайлы жағдай болмаса, бір жағы «сақалымның ағында, өлерімнің шағында» деп келетін Жақып бидің «қағазға жазып алғандай түйдек-түйдегімен» орнын тауып айтқан жүйелі сөзі екеуінің төс қағыстырып, бірінің атын бірі мініп, татуласуына себеп болады. Ғасырлар бойы үлкенді сыйлау, жүйелі сөзге тоқтау деген қазақ мәдениетінің қалыптасқан үлгісі мен небір шиеленіскен дау-дамайды бір-ақ ауыз сөзбен шешетін халық судьясы – сұңғыла би образын оқиғаға араластыру арқылы тартыс қорытындысын шығарады. Әрі Әбілғазының Бәйгекөгін көптен бері қолына түсіре алмай жүрген Әкпардың Жақып биге риза болып, «ішінен жымың» қағуы сол тұстағы сасық байдың тұрмыстық психологиясын көрсетеді. Бұл да жеке пайдасына келгенде ішкен асын жерге қоятын Әкпар образына жарасып тұр.
Жалпы шығармадағы қандай оқиға болмасын басы басталғаннан кейін із-түзсіз жоғалып кетпейді, жазушы уақыт тынысын беру үшін өзінің кейіпкерлерін де, қоғамның басты оқиғасын да алдын-ала айқындап әбден пісіріп алғаны білінеді. Сондықтан да уақыт иірімі алуан түрлі мінезбен үнемі даму үстінде жүйелі түрде беріліп отырады. Қат-қабат шиеленіскен оқиғалар мен тартыстар, науқандық ұрандар мен сайыс сөздер тағы да басқа қазақтардың қоғамдық тұрмыс-жағдайынан туындайтын нақты іс-әрекеттердің барлығы да ақиқаттан аттамауға, шындықты бұрмаламауға қызмет атқарған.
«Қат-қабатта» деп аталған екінші бөлім гимназияны тәмамдаған он сегіз жастағы жас жігіт Естай мен оның досы Жолбарыс және Нұрбектің ауылға қайтқан сапарынан басталады.
Нұрбек мұғалім – эпикалық образ. Романда Нұрбек бейнесі арқылы туған жер, Отан тақырыбы ғана кең көлемде ашылып қоймайды, бүкіл романның мазмұны мен идеясының түп қазығы осы Нұрбек арқылы көрінеді. Әке мен бала, аға мен қарындас, қыз бен жігіт арасындағы махаббаттан да биік махаббат бар екендігі, ол – атақоныс, туған жерге деген өшпейтін шексіз сүйіспеншілік. Бұл жағымды кейіпкер бола ма, жағымсыз кейіпкер бола ма бәрібір, адамзаттың бәріне ортақ осынау қасиетті сезімді суреттеп беру жағынан өз кезінде Қ.Жұмаділовке жеткен қаламгер бола қойған жоқ. Ал роман-дилогияда бұл тақырып барынша кең шеңберде ашылады.
Автордың «Тарбағатай жоталары мұның қысқа ғұмырын ортасынан қақ бөліп тұр екен» деуінен-ақ Нұрбек тағдырында естен кетпес небір оқиғалар жатқандығын жобалайсыз. Жапырағы төгілген алып үйеңкі Нұрбектің көзіне оттай басылады. Ол енді қалың ойдан серпіліп, Естайға оның әкесі Қанағат бимен осы үйеңкінің саясында тұңғыш рет қалай жолыққандығын өз аузынан айтып береді. Шекарадан өте салысымен жолыққан қазақтардың біреуі жөн сұрасқаннан кейін: «Менен басқа біреу болса бұдан да зорғыны көрсетер еді» деп Нұрбектің аяғындағы шегірен етікті шешкізіп алады да жөніне кетеді. Сыры белгісіз бөтен елдегі өз «туысының» қарсы алғаны мынадай болғанда, алда тағы не күтіп тұр деген сауал кейіпкерлермен бірге сізді де баурап алады. Сондықтан да Нұрбектің әкесі Жанғабылдың сәнденіп киініп алған қызы мен әйелінің киімдері мен сақина, сырғаларын «Күн к…нде күміс жылтырайды» дегізбей деп ұрсып тыққызып тастауы көңілге сәл болса да медеу туғызады. Сол сапарда көлеңкесі мол осы үйеңкінің түбіне жетіп, тыныстап отырғанда бір үйлі аш-арыққа атқа мінген бір қазақ пен бір қытай көрінеу зорлық жасайды. Аттарын бергісі келмей, қатты қарсылық көрсеткен Нұрбектің әкесін қан-жоса ғып ұрып, енді кетейін деп тұрғанда «қайдан шыға келгені белгісіз» осы Қанағат би оларды осы қатерден арашалап, үйіне алып келеді. Жөн сұрасқанда, бұлар Қанағаттың әйелі генерал Бакшь алып өтетін «большевик мұғалімнің» қарындасы Балжанмен рулас болып шығады. Әйелінен сүйінші сұрап, арғы беттен келген туыстарын алып келгенін айтқанда Балжанның дауыс салып жылап көрісуі жан тебірентерлік:
Мінгенде атым көк бесті,
Астынан өтсем теппес-ті.
Артта қалған туған ел,
Ойласам естен кетпес-ті, – деген жолдар Нұрбектің есінде мәңгі қалып қояды. Туысым деп іздеп келген Нұғыман бай Жанғабылға енші бермек түгіл маңайына да жолатпайды. Сөйтіп тағдыр ғайыптан кездестірген қазақтың шетте жүрген бір қызы бұларға мықты пана болып, Қанағат аулында тұрақтап қалады. Мұның сыртында Нұрғанымның күйеуі Садық жолда тартқан аштық азабын көтере алмай, «әбден кендірі кесіліп, мәйегі үзілген сорлы», қанша тамақ берсе де тоймайтын ауруға ұшырайды. Туған жерде жүргенде ауылнай болып, қарапайым жұртқа әңгіртаяқ ойнатып «жынды Садық» атанған Кеңес өкіметінің білдей шолақ белсендісі үкіметтің көзін алдап, тұқымдыққа берген бидайды сеппей, құр даланы жыртып тастаған қылмыстары білініп қалғандықтан, тұқымды бөліп алған «атқамінерлермен» бірге қашқан болатын.
Адам болмысының тылсым құбылыстарын ашуда Қ.Жұмаділовтің шеберлігінде шек жоқ. Садық бейнесі – қолында күш тұрғанда қорқау шиебөріні (шакал) көз алдыға елестетсе, басына күн туғанда оның жаратылысындағы бұғып жатқан жасырын мінезі сыр береді. Бүкіл болмысы қолма-қол өзгеріп, ниеті ішіне түсіп кеткен жан түршігерлік трагедияны шіміркенбей оқу мүмкін емес. Бәрінің де көріп келе жатқан азабы бірдей болса да шыққан тегі де, тәрбиесі де, мінез-құлқы да басқадан бөлекше көрінетін Садық – сөз жоқ, кеңес өкіметінің емес, өз астамшылығының құрбаны. Автордың ойы осыған саяды. «Дәніккеннен құныққан жаман» деген қазақы түсінікті көз алдыға әкелетін Садық әрекеті Қ.Жұмаділовтің қаламынан туған жағымсыз образдардың жаңа бейнесі.
Ал осы Садықтың әйелі, Нұрбектің әпкесі Нұрғаным кейіннен Қанағаттың немере інісі Бахтиярға тұрмысқа шығып, бұл елмен ілік-шатыс болады да бұлар арғы бетті біржола мекендеп қала береді. Романда бір Нұрбектің ғана басынан өткен жағдайды таратып жазса да бір кітапқа арқау боларлықтай сюжет шығар еді.
Ал Жолбарыстың өмір тарихымен Қанағат бидің оның ата-тегін сұрауы арқылы танысамыз. Тұлдыр өскен жетім жігіт өзінің қазақ екенін ғана біледі, арғы беттен асып келе жатқанда біреулер мұны Бужыңха деген солаңға (жергілікті помещик) бір пұт астыққа сатып кеткенін, ол кезде үш жаста екендігін, көршілердің айтуынша екі-үш күн «Арғынғазы» деген біреудің атын атап шырылдап жылай бергенін, кейіннен осы аттас адамды қанша іздесе де туысы болмай шығатынын айтқанда үй-ішіндегілер түгел тебіренеді. Қанағаттың келіні Зипаның тағдыры да осыған ұқсас. Баяғыда тау асып, босып келген бір әйел ауылға әрең жетіп, қайтыс болып кетеді де артында қалған үш жасар осы қызды Балжан бауырына салып алады. Қыз он жеті жасқа келгенде Естайдың жиырма жастағы ағасы Төлеутай екеуі бір-біріне ғашық болып, «Зипадан басқа ешкімді алмаймын» деп ағасы екі қолын төбесіне қойып, қиғылық салады. Емшек сүті араласпағаннан кейін екеуін шариғат заңы бойынша некесін қиып, той жасап үйлендіреді. Бірақ үйленгендеріне алты ай толғанда Төлеутай әскерге кетіп, содан қайтып оралмайды. Зипаны бауырына салып алған Балжанның өз басынан өткендері бұдан да ауыр.
Қазақтар «ақ қашқан» жылы деп атаған 1918-1920 жылдары «Тарбағатайдың Бақты шекарасынан өткен Дутов, Анненков, Колчак әскерлерінің саны 11 мыңға, олармен еріп келген босқындардың саны алты мыңға» жетеді. 1920 жылы Кеңес Одағы өкіметке қарсы тұрғандарға амнистия жариялайды. Ақтардың әскерлері мен босқындардың біразы қайтадан елге қайтып, Анненков пен Дутов бастаған 5716 адам мол қару-жарақпен Тарбағатайда қалады. Бұлардың мақсаты біраз тынығып күш жинап алған соң, Қызыл армиямен қайта соғысты бастау еді. Атаман Анненков бұл мақсатқа жергілікті 3-4 мыңдай Қытай армиясын қосып алуға әрекет жасайды. Ян Зыңшын ақтардың ықпалында қалған Тарбағатай аймағынан қорқа бастайды. Оның сыртында бұл жердегі генерал Бакич (романда Бакшь) басқарған армияға Новиковтың қашқан әскерлері қосылып, ақ гвардияшылардың жалпы саны он мыңнан асып кетеді. Ал бұл кезде Тарбағатайдағы қытай әскерінің саны 3000-нан сәл-ақ асатын. Ян Зыңшын 1921 жылы Кеңес Одағымен келісім шартқа отырғаннан кейін ғана, Қызыл армияның тікелей көмегімен Шыңжаңды ақтардан тазалайды. Сол уақытта Кенес Одағы қару-жарақты көп таратқаны сонша, қазақтың әрбір үйінде мылтық болады. Генерал Ян Зыншын атамандардың ішіндегі ең мол әскері бар, 1920 жылы мамыр айында Іледегі әскерінің саны 14 мыңға жеткен Анненковтың Қобда арқылы Ресейге қайту ниетін түсінгенсіп, әскерін бірнеше бөлікке бөліп, өзін алдап, Үрімжіге алдыртып, оған құрмет көрсетіп, апиын түтінін тартқызады. Мол қару-жарақпен келген Анненков аз уақыттың ішінде нағыз апиыншы болып шығады. Ян Зыншын енді әбден апиынға үйренген Анненковты сай-сүйегін сырқыратып апиын бермей қинайды. Арада екі жыл өткен соң Қытайдың аты шулы милитаристерінің бірі Ма Үйңшаңның әскерлері оны ұстап, Ресейге өткізіп береді. Ол Семейде әскери трибуналдың үкімімен атылса, Дутов Құлжада қытай әскерлерінің қолынан қаза табады. Сөйтіп, Кеңес Одағы мен Қытайдың Шыңжаңдағы ақтарды бірлесіп жою соғысы бүтіндей қазақ жерінде жүргізілді. Мұндай жағдайда самсаған қалың қолдан қорықпай, Күдері мен Қанағаттың елшілікке келуі – ерлікпен пара-пар. Мұның сыртында қисынын тауып айтқан жүйелі сөзіне риза болған Бакшь момын елдің жөнсіз мазасын алмауға уәде береді, ал төртуыл жағы оларға жер кепе салып алу үшін ағаш, жем-шөп, ептеп азық-түлікпен қарасатын болып келіседі. «Большевик», «коммунист» дегендердің атын естігендеріңіз болмаса көрмеген шығарсыз», – деп жолда бір қазақ ауылының большевик мұғалімі қызылдарды бастап келіп, әлек салғанын, қару-жарағы мол күші басым жау қызылдарды шегіндіріп, мұғалімді қолға түсіре алмағаннан кейін бойжетіп отырған қарындасын өздерімен бірге алып кеткенін айтып, Бакшь қызды алдырады. Шекарадан өткелі тамақ ішпей, тілге келмей қойған 16-17-лер шамасындағы қыздың қайсарлығына қайран қалып: «Жұдырықтай қызының өзі осындай, большевиктердің өзінен не рақым күтуге болады?» – деп басын шайқаған Бакшь қызға қорлық-зорлық жасалмағанын айтады. Ептеп қызып алған Бакшь оқымаған қара қазақтың ішінен әрі батыл, әрі сөзге жүйрік, дана кісімен бірінші рет сұхбаттасқанына ризалық білдіріп, Күдерінің арқасынан қағады. «Діні жат, аузы түкті, қолы қанды неме бекер қақты-ау арқамнан…» деп тіксініп қалған Күдері би содан ұшынып, ауылға келген соң бір аптадан кейін қайтыс болады. Басы-қасында болғандар бидің сол жақ жауырыны қазанның түп күйесіндей болып, қарайып кеткен деседі. Күдері би өзінің оңалмасын сезгеннен кейін Бакшь берген Балжан атты қызды шақырып: «еліңе апарып салам» деген уәдесін орындай алмағанын айтып, ортаншы баласы, шығармадағы негізгі кейіпкер Естайдың әкесі Қанағатқа қосады. Сол кезде Күдеріге аудармашы болған қазақшаға судай ақтың жүзбасы офицері Тимофей Гаврилович бастаған біраз офицерлер мен солдаттар үш айдай жертөлені қыстап, көктем шыға Тарбағатайдың күнгейін бөктерлеп, Алтай, Сауыр таулары арқылы шығысқа қарай үдере көшкен Бакшьтің әскеріне ілеспей, Күдері аулында қалып қояды. Қанағат би аулына іргелес қоныстанған қазақтар «қотыр қала» деп атаған орыстың аппақ шағаладай шағын поселкасы осылай пайда болады. Ал Кеңес армиясының ақтарды тазалау науқаны кезінде Бәкіш Монғолияға өтіп кетеді. Міне осы мәліметтің барлығы Тимофейдің өткен өмірін еске алуы мен авторлық баяндау арқылы және кейіпкер монолог-диалогы жымдасып, тұтаса байланысуы арқылы беріледі.
Күдерінің өліміне себепші болған осы оқиға нақты өмір шындығынан алынған. Азан шақырып қойылған атымен алынған Күдері – жазушының туған атасы.
Бұл жерде атап өтетін ең негізгі нәрсе – қалың оқырман «Соңғы көш» романы арқылы ақтардың атақты генералдары мен ақ гвардияшыларының суға сіңгендей жоқ болып кеткен соңғы тарихымен тұңғыш рет танысуы. Қ.Жұмаділов романының құндылығы сонда, осы тарихи шындықты көзімен көрген адамдардың өз аузынан естіп, құлағына бала жастан әбден сіңіріп өскен авйтор туған атасының өліміне себепші болған «ақ қашқан жылы» оқиғасының қайғылы қасіретін шындықтан ауытқымай батыл бейнелеп берген. Күдеріге риза болған генарал Бакичтің оған қызылдардан қолға түскен қызды «подарить» етуі әрі оның Қ.Жұмаділовтің туған атасы екендігі кеңес өкіметі тыңшыларының назарынан тыс қалған. Жасыратыны жоқ, олардың көбі сауатсыздау болған ғой…
Қ.Жұмаділовтің жанын сақтап қалған негізгі гәп шығармаларында Шыңжанды суреттеген сияқты болып көрінуінде еді… «Соңғы көш» романындағы қазақтар Темекі деп кеткен Тимофей бейнесі – тағдыр тауқыметіне еріксіз мойынсұнған трагедиялық бейне.
Шығармадағы күлкілі кейіпкер Ұзақтың тау ішіне құлмақ (хмель) теруге барған Тимофейдің күнге күю үшін жартылай шешініп жүрген қыз-келіндерін сайтан екен деп қашуы, Тимофейдің «Ұзақ» деп айғайлап шақырғанын «сайтан қуалады» деп түсініп, ауылға келген соң садақаға бір мал сойып әбігерге түсуі, көзі алақтап аттан түсе алмай жатқанда кемпірінің аттан жұлып алып, жүрегін аптап, ақ шүберекпен ұшықтауы, одан Тимофейдің өзі келіп мән-жайды түсіндіруі – күлкілі юморға толы.
Жазушы түсініктеме бермесе де басқа жемістерді атамай неге құлмақ теруге барады деп отыр? Себебі бұл өсімдік сол кезде сыра, самогон ашытуға пайдаланылған. Романдағы Тимофей бейнесі заты орыс болғанмен ет пен сүйектен жараған пенденің бірі екендігі оның өзінің өткен өмірін еске алатын монолог-толғанысынан анық білінеді. Адамның ішкі психологизмін беруде Қ.Жұмаділов монолог тәсілін мың құбылтады.
Мұны Тимофейден ғана емес, Естайдан да, Дүриядан да, Нұрбектен де басқа да кейіпкерлер монологынан анық көруге болады.
«Сарыжайлау» атты үшінші бөлім туырлығына дейін шешіп алып, киіз үйдің қаңқасы қалғанша тәтті ұйқының құшағында жатқан Естайдың оянғаннан кейінгі сезім құбылыстарын ашу арқылы қазақтың отбасы, аспан, жер ұғымдарына тән этникалық құндылықтары дәріптеледі. «Төңірек шуға толы: мөңіреген бұзау, кісіненген жылқы, әлдеқайда шөгеруге көнбей жынын шашып, бақ еткен түйенің даусы келеді құлағына…». Қимылдарына көз ілеспейтін ағаларына қарап Естайдың таңырқауы тегін емес. «Қазір жау келе жатыр екен» десе сенесің. Бұлар да – өз ісінің нағыз шеберлері, егер күш-көлік сай болса, бір ауылдың жүгін бір сағатта артып болып, келген жауға жұртын сипатып кететін азаматтар. Үнемі сайқымазаққа ұшырап жүретін Ұзақтың орта қап жүкті өгіздің үстіне шығара алмай, қара терге түсіп: «Адамды кедей қып жаратқан соң, күшті қып неге жаратпайсың, қу құдай? – деп, назаланған зарлы даусы, оған көмекке ұмтылған Естай мен ауыл жігіттерінің қамқорлығы ағайын арасындағы ауызбірлік пен ынтымақты көрсетсе, Дәу апаның: «тер сасып малдан келмеген, қан сасып жаудан келмеген сорлы ғой – бұл жездең» деуінде әйел де болса, көшпенділер қалпына тән байырғы түйсік жатыр. Сөйте тұрып, Дәу апаның өзінше еркектік көрсетіп қамшы ала жүгірген Ұзақтан қашып, Қанағаттың үйіне барып тығылатыны қызық. Ондайда кәрі апасына жаны ашып, намысы қозатын Естай:
– Дәу апа-ау, сол қаңбақ шалдан несіне қорқасың? Кеудесінен түйіп қалсаң, шалқасынан түспей ме? – дейтін күйіп пісіп.
Қатша Естайдың бетінен сүйіп күлетін де:
– Қанша дегенмен құдай қосқан қосағым емес пе… Жаман болса да еркек деген аты бар. Бетінен қақса меселі қайтпай ма? – дейтін-ді. Күніне жүз ұрысып, жүз татуласатын сол жездесі мен апасы осы, – дейді автор. Кеудесінен түйіп қалсаң, шалқасынан түспей ме? деген сөзді автор Естайдың аузына тегін салып тұрған жоқ, өйткені Дәу апаның еркекке бергісіз күш-қайратын бәрі біледі. Екінші томның соңғы бөлімінде осы Қатшаның баукеспе ұрылардан төртуылдың жылқысын аман алып қалғандағы ерлігі Ұзақтың аузымен қызғылықты баяндалады.
Көшетін үйлердің жүгі тегіс артылып, «байлау» байлап (қалған ұсақ-түйек ыдыстарды теңнің алдыңғы не артқы жағына қосып байлап қою. Р.З.), бұрау қыстыру (түйеге артып болғаннан кейін, жарты метр бұраумен арқанды қатайту үшін бұрау салады. Р.З), киініп атқа міну, бойдақ малды алға салу, қонған жерде шайлық сүт болу үшін бір-екі сиырдың желініне тезек жағып жіберу, иттің бәрі бағана қойға еріп кетсе де, қалып қалмасын деген дауыстар қарбаласқан қимыл-әрекет диалогы арқылы көрінеді.
Түйелі көштің соңынан жүк артқан атан өгіздердің буындары сыртылдап жолға түсуі, жүк үстіне жабылған кілем-кілше, оюлы жаңа сырмақтар көштің көркін арттыра түскендігінің белгісі. Мол жасаулы, көп түйеге артылған салқар, сәнді көш болмаса да бас-аяғы жинақы тап-тұйнақтай таза көш суреті осылайша шығармада шеберлікпен кестеленген.
Ауылдың жылқы, сиыры аралас ірі малын айдап, көштен озыңқырап кеткен Ұзақ, Естай, Жолбарыстардың өзара әңгімесі роман сюжетін одан әрі қоюлата түседі. Таулы жердің табиғаты Жолбарысты қатты таңырқатып, бейне бір ертегілер дүниесіне еніп кеткендей күйге түсіреді. Ал Естай үшін бұл таңғаларлық нәрсе емес. Ол таудың көкесі әлі алда екенін айтып, Бөкенбай деген жайлауда «биікте жайылып жүрген жылқыны киіз үйдің шаңырағынан көріп отыратынын» айтқанда Жолбарыстың тіпті есі шығады. Романда Нұғыман мен Әкпар ауылдары отырған сондай жұрттың бар екендігіне автор Ұзақ арқылы сендіреді.
Жолбарыс жайлау романтикасына таң қалса, Ұзақ оның темекі тұтататын шақпағына таңырқайды. Тап сол сәтте араларында жоқ болса да, олардың өзара әңгімесінен осы ауылға қалаша киіну, шаш қою, тіпті темекі тарту да Нұрбек арқылы сіңгенін байқаймыз.
Халықтың ғасырлар бойы санаға сіңген діни соқыр сеніміне қарсылық осы Нұрбек арқылы көрінеді. Жұмабек бақсы жиналған жұрт алдында небір ойын түрлерін көрсетіп, аңқау елдің аузын ашырып, көзін жұмдырғаны сонша «енді зиратқа апарып, аруақтармен жолықтырмақ» болады. Расында зират іші қаптаған аруақ. Біреу талып, біреу қашып ес шыққан кезде Нұрбектің сақылдап күлгені тіпті зәрені ұшырады. «Қайда барасыңдар, тоқтаңдар» деп айғайлаған Нұрбек зират ішінен бір құшақ ақ матаны алып шығады. Қылмысы ашылып хас масқарасы шыққан Жұмабек молда өзіне арналған қонақасыға да қарамай, сол кеткеннен Қанағат аулына қайтып ат басын бұрмайды. Кейін бақсылықты мүлде қойып кеткенін автор осы әңгімені баяндап келе жатқан Ұзақтың аузымен бергізеді.
Романдағы жайлаудың жап-жасыл, тап-таза көрінісін суреттеу арқылы автор Жолбарысты ішпей-жемей мас қылады. Ашық аспанның көк шыныдай мөлдіреп тұруы, сонау шалғайда ақ шарбы бұлттардың қалықтауы, шалғыны жапырылып, мұрты сына қоймаған кілемнің түгіндей құлпырған сай-сала, сәл жер тұрса болғаны, көк күреңсе мен теке сақал бетеге баяу ырғалып, жібек шымылдықтай сусыл қағуы, қалың шалғын арасынан қызылды-жасылды сылқым гүлдер бастарын шайқап, үкілі қыздай бұралып, билеп кетуі, сол гүл тектес көбелектердің ұшып жүруі сияқты табиғаттың көрікті көрінісін жазушы адамға тән іс-әрекетпен береді. Табиғаттағы заттар мен құбылыстардың рухы Жолбарыс пен Естайдың көңіл күйімен үндесіп, психологиялық параллелизмнің сипаттарын пайдаланудың шебер үлгісін көреміз.
Бұл көрініс Естайдың көңілі сүйген Нұғыман байдың сұлу қызы Дүриямен кездесу сәттері арқылы одан әрі жалғасады. Жаңадан қоныстанып жатқан Қанағатты бұрынырақ келген Нұғыман «бие бауға» шақырады. Өзіне салса, жаяу кетуге дайын тұрған Естай қыр салтынан аса алмай, мініс аттарға кеткен Байжұманы тықырши күтеді. Себебі ел кезген дуана немесе жүген ұстап жұтап қалған біреу болмаса, кеудесінде жаны бар қазақ атқа мініп жүруі тиіс. «…сондықтан жарты сағатта жаяу барып келетін жерге, жарты күн көлік іздеудің еш сөкеттігі жоқ», – деп жұбатады, автор оқырманды.
Нұғыман әңгіме барысында кеңес өкіметі құрылғанда қызыл тудың бетінде балға мен орақтың ғана суреті тұрғандығын айтып, Қытайдың да жаңа өкіметінің де туы қызыл, бірақ ондағы «жұмысшы, шаруа, орташа және капиталист» деген төрт одақтың бірлігін көрсететін төрт жұлдыздың мағынасын Естайға мақұлдату арқылы үйдегі Әкпар, Жақып сияқты атқамінерлерді тамсандырып, таң қалдырады. Міне осындай қиядағыны көзі шалатын байекеңнің әмеңгерлік салтқа келгенде кеңшілік жасамауы нені көрсетеді? Нұғыманның кіші әйелі, суреттен де сұлу Сақыпжамалдан туған сегіз-тоғыз жастағы Сәлім әмеңгерлік салтының шырмауынан шыға алмайды. Кішкентай ойын баласына біртүрлі жаныңыз ашиды. Әйелдер жағында ойнатылып жатқан, Күләш Байсейітованың пластинкасынан естілген дауыс еркектер жағын елеңдетпей қоймайды. Нұғыман мен Қанағаттан басқа үлкендердің есіл-дерті Дүрия әкелген патефонға ауып кетсе, Естай қыздан көзін ала алмай, телміріп отыр. Күләштің әсем әндері мен оркестрде ойналған күйлер арқылы арғы бет пен бергі беттегі заман ағымы, артта қалып бара жатқан көшпенді тіршілік пен еніп келе жатқан жаңалық кейіпкерлер диологы арқылы алма-кезек сөз болады. Бұдан кейінгі Естайдың бұл ауылдан ат мініп қайтуы, автордың ат берсе де, жүген бермейтін салтты еске салуы, театры, операсы, филормониясы жоқ көшпелі елдің көңіл ашары болған «кең даланы әнмен жаңғыртып, жас жүректерді махаббат бесігінде тербеткен» алтыбақан қызығы, Естай мен Дүрия арасындағы шынайы сезім өзгеше өрнекпен кестеленеді.
Ал бұл кезде қаладағы тіршілік қайнай түскен. Екі түрлі қытай басшысына кез боласыз. Бұл кезеңдегі тарихи деректер бойынша Оспан батыр бастаған толқуды айтпай кету мүмкін емес еді.
Ли-хуң мен Лан-ке сияқты қытай басшыларының қол астындағы бұратана халықты билеудегі әдіс-тәсілдері мен айла-шарғысы әртүрлі болғанымен, түпкі мақсаттары бір, яғни екеуі де жергілікті халықты жалпықытайлық саясатқа тарта отырып, біртіндеп қытайластыру. Бұл жолда Лан-ке өзінің қатыгез, озбыр, қиянатшыл іс-әрекеттері арқылы шовинистік көзқарасын ашық білдірсе, Ли-хуңның иі жұмсақ, адами сипаттары мол, сондықтан да халық сеніміне молырақ ие болған тартымды кейіпкер.
Байларды кәмпескелеген кезде Қытайға өтіп кеткен Нұғыман бай енді Шыңжаң аймағын гоминдаңшылардан біржола тазалауға бет алған қызыл армиясының жеңісіне қарсы. Сондықтан қос ат беріп, Нартайды Оспан батырға жұмсайды. Нартай батыр жеңіліске ұшыраған Оспан қолын бастап келе алмайды. Бұл мүмкін де емес еді…
Шығыс Түркістан аспанында батыр деген аты бес жыл бойы қырандай қалықтаған халық батыры Нартай – ерекше тұлға, Оспан батыр сияқты ұлт-азаттық күрестің бел ортасында жүрген типтік бейне. Ол – жұрт алдына шығарылып, азаптап өлтірілген бейнелердің жиынтық образы.
«Ақпанда» деген бірінші томның соңғы бөлімінде Нұғыман мен Шөншіктердің жауыздық әрекеті бар болмысымен ашылады. Жалпы Нұғыманның қырық қалталы қулығына құрық бойламайтындығы сонша, өз замандастарын былай қойғанда, әккі боп алған атқамінерлер де дал болып, шатасып қалады.
Ал «Соңғы көш» романындағы жағымсыз образдар сол кездегі шығармалардың ешқайсына ұқсамайды. Бұл кеңес өкіметі кезінде керісінше дәріптеуге ие болған «әр заманда бір сұрқылтай», яғни мұндағы сұмпайы образ – уақыт екпініне ілескен жаңа тип.
Айталық, Шөншіктің өзіне қойып алған «Бүркіт» деген жасырын аты оның оңай еместігінен белгі береді. Бұл газетке жұмысқа орналасқан Естай арқылы ашылады. Қанағат аулындағы кешегі көзге ілінбей жүретін, бар-жоғы белгісіз Шөншік саудагердің тыңшылық қызметі төбе шашыңды тік тұрғызады. Оның «Бүркіт» деген атпен ел ішіндегі өкіметке қарсы айтылған сөздерді жазып, ауылының әрбір адамына арнайы дело ашып қоюы, тіпті олардың жүрген-тұрғанын былай қойғанда күнделікті от басында айтыла беретін күлкі туғызатын ұсақ-түйек сөздерге дейін ерінбей-жалықпай жазып отыруы нені көрсетеді? Шөншік арқылы жазушы екі түрлі ойды меңзейді. Бірі – былайғы уақытта еленбейтін жігерсіз, қорқақ адамдардың ішкі жан дүниесіндегі көзге түспейтін «мен де бұлардан кеммін бе» деген жасырынып жатқан бықсық ой-арманы, екіншісі – анда-санда белгі беріп қалса да, осы қоңырсыған иісті елемеуден оның жанған отқа айналып, жан-жағын жайпап, жалмауы. Мысалы, романдағы гимназияның беделді мұғалімдері, жезтаңдай әнші Шәкен мен оқымысты Тұрсын – осы Шөншік сияқты ел ішіндегі «тыңшылардың» іс-әрекетінің құрбандары.
Бірақ Нұғыман мен Шөншіктің жазасын уақыттың өзі береді. Екеуінің де көшкен жұртта жалғыз қалуы, романның өң бойында сөз болатын Шөншіктің әйелінің жеңіл жүрісі, қартайған шағында Сақыпжамал мен Сәлімнің де Нұғыманға ілеспей, көшкен елмен бірге кетуі – олардың арттағы азапты өмірінен белгі береді.
Ал Тұрсын мен Шәкен – шығармада өз аттарымен алынған, өмірде нақты болған адамдар. Екеуі де көзі ашық, қадірменді оқыған азаматтар, олардың не айтқанын қытай қайдан білсін, өз ішімізден шыққан Шөншік сияқтылар болмаса деген ойды жазушы ашық аңғартады. Расында Шәкен «тамақ қытайлар үшін ең басты мәселе екендігін «Шылы ма?» деп амандасқаны «Тамақ іштің бе» деген сөз екендігін, оларда адал, арам деген ұғым болмайтынын, жанды-жансыз дүниені жеуге жарайтын, жеуге жарамайтын деп екі-ақ жікке ажырататынын, халықтың көптігі – құмырсқаның илеуіндей екенін айтып келеді. «Үшке қарсы», «Беске қарсы» деген сияқты саяси науқандардың белең ала бастаған кезінде Шәкеннің әркімге ашық айтқан осы әңгімесінің «терісі теріс айналып» өз басына пәле боп жабысады. Бірінші том интеллигенция қауымының ішінен ең алдымен Шәкеннің жазықты болып, қолға түсуімен аяқталады.
Екінші томның бірінші бөлімі «Қара қақпа» деп аталады. Бұл жерде «қара» деген эпитеттің қолданылуы арқылы айтайын деген ойдың түйіні шешіліп, халық басына зұлмат төндірген қаһарлы да қаралы күндердің теперіш-ызасы анық аңғарылады. «Орыс – темір ноқта, Қытай – қайыс ноқта» деген сөз қалдыртқан отаршыл өкіметтің «Қара қақпасы» яғни түрме тақырыбы кеңес өкіметінің тұсында-ақ осылайша кең көлемді эпикалық жанрда бірінші рет сөз болғандығын астын сызып айтуға тиіспіз.
Байларға қырғидай тиген Кеңес өкіметінің жаңа саясаты бойынша, Қытайда да кейінірек жүзеге асқан кеңестік төңкерістен кейінгі ең алғашқы соққы жергілікті бай-манаптарға бағытталған-тын. Жай уақытта ауыл арасындағы дау-дамайдың түрткісі болып, аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермейтын Әкпар мен Әбілғазы тәрізді атқамінерлердің басына іс түскенде, алғашқы күннен-ақ сыр алдырып, ұнжырғасы түсіп кеткен дәрменсіз хал-күйі арқылы заман адамының рухани-психологиялық өзгерістері мен ауытқуларының астары көрінеді. Бұлардың ішінде жүні жығылмай отырғандары – Қали қажы мен Ұзақ екеуі ғана. Ал бақ-дәулет жағынан да, қажылық тұрғысынан да, жас мөлшері жағынан да осылардың ішіндегі ең алымдысы, қарымдысы да Қали қажы образы арқылы жазушы нені меңзейді? 1930 жылдары Төртуыл ішінен қажы сапарына аттанған бірнеше адам әртүрлі көлікпен Ыстамбұлға жетіп, одан Жерорта теңізін баса Сауд Арабияға қарай бет алғанда, қатты дауыл соғып, кеме щайқалғанда: «Ұлытауға шықтың ба, ұлар етін жедің бе?», «Мысық өлтірдің бе?» деп сұрасып, салт бойынша ұлар етін жегендер мен мысық өлтіргендердің біреуін құрбандық қып теңізге тастайтын күн туғанда Қали қажы отырып: «Әттең, құдай-ай, қойымызды құрттап, айранымызды ұрттап, ауылда жүре бермей, осынау итарқасы қиянға не тілеп келдік екен?!» – депті. Сол сапардағы мына бір сөзіне де назар аударып көрейікші: «Шариғат заңы бойынша құрбандыққа шалынған малдың етін сондағы бәдеуилер жеуге тиіс екен… Кезек Қалиға келгенде ол оқшау мінез танытып, малдың басына өзі бата жасап, сойылғаннан кейін, дәніккен аш арабтарға бермей, қоржынына салып алады. Мұны көрген жолдастары шошынып: «Мұның не сұмдық, Қали-ау? Шынымен-ақ құдайға күнәлі болып, өз құрбандығыңның етін өзің жейсің бе? Мынауың сауапқа жатпайды ғой!» деп жағаларын ұстайды. Сонда Қали қажы кеңк-кеңк күліп: «Қойдың жаны құдайға бағытталғанда, еті өзімізге қалмай ма. Әлде құрбандықтың етін арабтар жемесе Аллатағала сауапқа жазбай ме екен? Солар сияқты біз де құдайдың құлы, пайғамбардың үмбеті емеспіз бе? Өзіміз аштан бұралып жатқанда, кімді жарылқаймыз… Жарандар, көп сөзді қайтесіңдер, онан да кешке таман менің бөлмеме қонаққа келіңдер», – дейді.
Меккеден қайтқан қажылардың сүйсіне айтқан осы әңгімесін автор қоғамдық орта мен тұрмыстық шарттылықтар аясында суреттей келе, аңызға айналған оқиғаның әлеуметтік сипатын ашады.
Әрқайсысы өз ойларымен тұйықталып отырған камера ішіндегі зілдей тыныштықты жазушы тағы да Ұзаққа бұздырады «Қажеке, мұсылман баласына бір рет абақтыға түсу уәжіп деуші еді. Осы жағы құранның тәпсірінде қалай жазылды екен? Есіңізде бар ма? – деді тақ бір мешітте отырғандай құлшынып».
Еріксіз мырс етіп күліп жіберген қажымен бірге қисынсыз сұраққа сіз де мырс ете түсесіз. Осылайша басталған әңгіме Әкпар мен Әбілғазының Ұзақты кекетіп-мұқатуына ұласып, аяғы төбелеске айналып кететін болғандықтан, Қали қажы: «Керіліп жатқан кең далада бітпеген дау, аядай абақтыда қалай бітсін?» – дей келе, араларында Ұзақтың жүруі көңілге сәл медеу екенін, «басқаларымыз мойнымызға тас байлап, суға лақтырылатын жандар секілді» болсақ, Ұзақтың жөні басқа, қайта «ақыл білсеңдер осы Ұзақтың етегінен ұстау керектігін» айтып, оны қорғап қалады.
Жақсылар мен жайсаңдардан қалғысы келмеген Ұзақтың да «сыбағадан құр қалғандай», өзінің тізімде бар-жоқтығын анықтамай, соңғы арбаға мініп үлгеруі монолог араласқан авторлық баяндау түрінде сөз болады.
Осы арада «Қара қақпаның» ежелгі тұрғындарының бірі қашып жүрген Шаштығалиды кенеттен қолға түсірген Естайдың досы Жолбарыспен қайта табысамыз. Бірінші томда Естаймен бірге ауылға барғанда, оның қайтыс болған ағасының әйелі Зипамен көңіл қосып, оны өзімен бірге қалаға алып кететін Жолбарыс қазір түрме бастығының орынбасары, түкірігі жерге түспейді. Бір апта бойы байлармен бірге зембіл көтеріп, кірпіш пен тас, лай тасып, болашақ түрменің іргетасын қаласқан Ұзақты Жолбарыс келген бетте шығарып алады.
Тақыр кедей Ұзақтың түрмеден елден бұрын шығып кетуі заңды сияқты көрінгенмен, бұл тауқыметті баяндау үшін тек қана Ұзақ керек, әйтпесе қазақы тұрмыс-тіршіліктің тынысы тарылатындай көрінеді. Мал сатуға келген Нұрғазы, Бахтияр сияқты ауыл адамдары мен қаладағы Нұрбек, Естайлар, тіпті бір кездегі Нұғыманның келіні Торғындар (бұрыңғы Сәлімнің әйелі) жиналған Жолбарыстың үйіндегі қызу әңгіме үстінде Нартай батыр мен Шәкен әншінің де «Қара қақпада» жатқандығынан құлағдар боласыз. Нартай мен Шәкенді далаға шығармайтындықтан, олармен жолыға алмаса да тұтқындар тегіс қамалған кезде қалықтаған әсем ән түрме ауласын түгел алып кететіндігін Ұзақ майын тамыза баяндайды. Халық басына үрей ұялатып тұрған «Қара қақпа» ахуалы осылайша Ұзақтың еріксіз күлдірмей қоймайтын әңгімелері арқылы оқырманға жеткізіледі.
Қ.Жұмаділовтің ұлт тағдырындағы өшпейтін қайғы-қасіретті нақты іс-әрекет үстінде кекесінді қыжылмен қазақтың халықтық рухына тигізген зардаптарын бір күлдіріп, бір мұңайтып жеткізуі – оның қазақ әдебиетіне әкелген үлкен бетбұрысы. Жалпы Ұзақ бейнесі – өмірді табиғи тұрғыдан тануға бейімдеуден келіп шыққан жаңа тұрпатты типтік образ.
«Қара қақпаға» қамалған 65 байға ойламаған жерден бостандық беріліп, бір күннің ішінде азаттыққа шығуы Жолбарыс сияқты кедейшіл жігіттерді ғана емес, Лан-ке сияқты аудан басшысының өзін де таң қалдырады. Жеңіліспен аяқталған Оспан көтерілісінен кейін қазақтардың қайта бас көтере қоюы неғайбыл екендігі сөз болатын құпия мәжілістен кейін қыр елін дүрліктірген оқшау оқиға да сол күні оқыс аяқталады. Шәуешек түрмесінде жатқан байлардан аудандық үкімет кешірім сұрап, елге барғанда, қамауда болғандықтарын дабыра қылмай, «жиналысқа қатысып қайттық» деу қажеттігін айтып уағдаласады. Бірақ Сібетіден келген ел жуандарына төнетін жалғыз қауіп тағы да Ұзаққа келіп тіреледі. Бәрі оны «ақжолтайым» деп ортаға алып, Әкпар мен Әбілғазы үкімет берген мол сыйлықтарынан аздаған үлес берсе де, біз білетін Ұзақтың аузына ие болуы неғайбыл екені белгілі.
Ғасырлар бойы санаға сіңген дала заңдылығының ара-салмағын өлшей отырып, жазушы кезең шындығын қазақ қожанасыры Ұзақпен байланыстыру арқылы сұрқия саясат қитұрқысын осылайша оп-оңай ашып шығады.
Байлардан жеңіл құтылған «Қара қақпа» сұмдығы ендігі жерде бар болмыс-бітімімен ашылады. Сыртқы дүниеден неше ай бойы тілдесетін жан таппай, ішқұса болып жатқан Нартай батырдың қасына жазушы Шаштығали ұрыны бір аптаға жайдан-жай апармаса керек. Мұндағы жазушының басты мақсаты – бірі күндіз жортса, бірі түнде жортатын даланың қос бөрісін шүйіркелестіру арқылы өз көкірегінде қайнап жатқан запыранды төгіп алу болса, екіншіден, жан баласына ашылып, сыр шертпейтін екі кейіпкерінің басындағы ішкі сырларын ақтарту арқылы кезең шындығын ұлт тағдырымен тамырластыруы. Осы арада жазушы тірі пендеге тіс жарып көрмеген екі шерлінің жүрек түкпірінде беріш боп қатып қалған мұң-наласын армансыз ақтартады. «Ұрлық – түбі қорлық екенін» біле тұрса да, Шаштығали өзінің шешесінен ұры болып тумағанын, шын аты Шаштығали емес, Арғынғазы екендігін, әкесі айдаудан қайтпай қайтыс болғандығын, 1932 жылғы ашаршылықтан бері қарай босқан елмен бірге шешесі Нұржамал, үш жастағы Найманғазы інісімен бірге шекарадан өтіп кеткендігін, жолдағы тартқан азап, көрген мехнаттарын тәптіштеп баяндайды.
Аймақ басшысы тапсырып кеткен «жер реформасы», «үшке қарсы» деген әрекеттердің шұғыл жүзеге асып жатқандығын «қара қақпа» дәлелдеп тұр. Мұндағы қиыны – Нартай мен Шәкен мәселесі. Тергеу аяқталып, «Қара қақпада» жатқандарына үш-төрт ай өтсе де қылмыстарын мойындата алмаған осы екеуіне майор Лан-кенің іші қара қазандай қайнайды. Бұл ниет тергеу барысындағы диалогтан анық аңғарылып тұрса да, жазушының негізгі айтпағы – қайтпайтын қайсарлық, өлмейтін, өшпейтін ұлттық рух. Оны Лан-кеге қайтарған Нартайдың мына жауабынан көреміз:
– Не жағдайды сұрайсыз, Басеке? Түрме – біздің үйреншікті үйіміз. Тағдыр басқа салған соң көнбеске шара бар ма? Тамақ – өкіметтен, өлім – құдайдан…Жатырмыз.
Ермек бұл сөздерді қытайшаға қиналып аударды.
– Өліміңіз де өкіметтен болып жүрмесе! — Лан-ке кекете езу тартты. – Сіз, өзіңіздің досыңыз, қалай деуге болады, «көсеміңіз» дейміз бе, Оспанның үстінен сот болып өткенін естіген шығарсыз? Өлкелік сот Оспан бастатқан бір топ бандыны өлім жазасына кесті. Үкім Үрімжіде халықтың көз алдында орындалды.
Нартай Үрімжідегі сот хабарын Шаштығалидан естіп алғандықтан, бет әлпетінен ешқандай өзгеріс білдірмей үнсіз отыра береді.
– Солай, Нартай батыр. Қазір ол досыңыз о дүниеде өзінің жасаған күнәлары үшін құдай алдында есеп беріп, тозақта жанып жатқан болар, – деді Лан-ке, жаны жай тапқандай езуі жайылып.
– Оспан сендердің құдайларыңның қолына түсіп қалмаса, біздің құдай оны тозаққа салмайды, – деді Нартай іле жауап беріп.
-Қалайша? Халыққа қарабет болған адам құдай алдында да күнәкар емес пе?
-Халықтың алдында кімнің қарабет екенін болашақ көрсетеді… Ал, Оспан секілді мұсылманшылық жолын қуып, азаттық үшін шейіт кеткен адам, егер біздің молдалар өтірік айтпаса, бейіштің төрінде отыруы тиіс, – деген батырдың жауабына тергеуші қалшылдап кеткенмен дым дей алмай қалады.
Бұл кезде Естай сақшыдағы мерзімдік қызметінен құтылып, редакциядағы қызметіне қайтып оралады. Келген бетте редактор оны Шәкен Елубаевтың үстінен шағым айту жиналысына жұмсайды. «Оның мектепті өртемек болып, қылмыс үстінде» ұсталғанын айтқанда, оқушылар орындарынан ұшып тұрып, «Жоғалсын теріс төңкерісшілдер», «Империализмнің жалдамалы малайларына орын жоқ», «Теріс төңкерісші Шәкен Елубаевқа өлім жазасы берілсін», «Атылсын, атылсын!» деп ұрандағанда зал жаңғырығып, «атылсын» деген сөз талайға дейін естіліп тұрғандығы – тарихи шындық. Өзінің сүйікті сахнасымен «Қаракесек» әні арқылы қоштасқан Шәкенді жалақтап тұрған сақшылар алғашқы шумағын толық айтуға үлгертпей, оны желкесінен алып, сүйрей жөнеледі. «Бірақ Шәкен үні тыңған жоқ, мойнына бұғалық түскен асау құлындай шыңғырып, қашан есіктен шығарып әкеткенше ащы айқайға басып бара жатты» – деп аяқтайды автор оқиғаны.
Әңгімеге бір шетінен араласып отырмаса көңілі көншімейтін Ұзақты сөйлету арқылы жазушы «өкімет мал баққан байларға еркіндік бергенмен, егін салатын отырықшы байларға тырнағын батырып жатқандығын, оларды «жер иесі алпауытты төбешік» деп атайтынын, Қарақабақ пен Ащылыдағы байлардың ұлтына қарамай ұсталып жатқандығынан «жер реформасы» туралы саясаттың көп ұзамай-ақ шекара бойында жатқан ауылға да жетіп үлгергенін байқатады. «Төбешік» емес, помещик шығар? – деп, түзеткен Естайдың сөзіне «Е, тәйірі, бәрібір емес пе?» – деп, қолын бір сілтеген Ұзақ әңгімесінен Әкпар, Әбілғазы, Шыныбай сияқты байлардың «қосшы ұйымына» сайланып, жаңа заманға икемделе бастағанын көреміз. Қ.Жұмаділов тарихи кезең сипатына орай шығармадағы әрбір кейіпкерін шашау шығармай, сол заманның идеялық мұраттарымен тығыз байланыстырды.
Жазушы ауырып жатқан Қанағат бидің ел-жұртпен арыздасап, қоштасуын жазушы отыз екі жыл отасқан әйелі Балжанмен, баласы Естаймен, туған інісіндей болып кеткен Нұрбекпен арадағы диалогына сыйғызған. Осы арада сақара салтын даралайтын қасиеттің бірі – өлім аузында жатса да, қазақтың қара шалдарының бітпейтін қалжыңын берудің шебер үлгісін көреміз…
Кеңестік кезеңнің өзінде Қ.Жұмаділов аза тұту рәсімін этнографиялық салт бойынша аса бір дәлдікпен берген. Қанағат биді бүкіл ел болып жоқтап, қалтқысыз қайғырып, ұлттық ұғымға сай салтанатпен шығарып салуы қамкөңіл Естайдың көкірегінде байланған уайым-қайғысымен сабақтасып жатады.
Суреткердің екінші бөлімді «Киелі қан» деп атауы «кие» сөзінің мағынасына мүлде тың поэтикалық рең үстеген. Бұл троптың жай түріне жататын оксюморон тәсілінің образды ұғым тудырып тұрған таптырмайтын тың мысалы болып шыққан. Тылсым құпия – батыр рухының наласы (кие) мен шері (қан) ғана емес, басқа да шейіт кеткен халық ардақтыларының жан тазалығы – адам рухының қасиеті арқылы жаңғырып, ойнамалы адамдарды алып соғады.
Нартайдың нар тұлғасын иліктірудің бірден-бір жолы оны туып-өскен жеріне әкеліп, масқаралау екендігін дәлелдейді.
Батыр бойындағы екіұдай сезім тебіренісі кіндік қаны тамған туған жеріне келгенде ғана нақты белгі береді, соншама қорлауға төзіп тұрған қайсар тұлға жиналыс бітіп, қайтар кезде жайлаудан түскен Зылиқа жеңгесінің қоршауды бұзып-жарып келіп қымыз ұсынғанда ғана көзіне лықсып келіп қалған жасты жасыра алмай қалады. Батыр көзіндегі жасты байқап қалған Зылиқаның «Жауларыңа көз жасыңды көрсетпе!» деп қатулана тіл қатуы, екеуінің шолақ та болса арыздасып, қоштасуы адамды еріксіз толқытады. Бұл жерде қазақ әйелінің кесек тұлғасы екі түрлі жағдайда көрінген. Бірі батырдың өлер алдындағы соңғы дәмін (атау-кересін) туған жерінен татуына себепші болса, екіншіден, әйел де болса қарлығаштың қанатымен су сепкендей қолтығынан демеуге себі тиіп, жігерлендіретін сөз айтуы дейміз.
Үрімжіде елу мың адам жиналған сот мәжілісінде Оспан батырдың атылғаны туралы жазушы оқырманды хабардар еткен-ді. Ал романдағы Нартай бейнесі азаттық аңсары жолында қасық қанын аямай, ұлт рухын ұран еткен Оспан батыр бастатқан ерлердің жиынтық образы болып табылады.
Қалалық қазақ орта мектебінен Тұрсын бастатқан алты мұғалімнің ұсталуы, Нартайдың қасына бір қытайды, ұйғыр Каленажыны, Шәкен әншіні, халдай тұқымы Бужыңханы жатқызу арқылы жазушы Қытайдың ұлт мәселесіне байланысты жымысқы саясатын әшкерелейді, яғни бұл «жергілікті ұлттың адамдарын ғана емес, қытайды да аяп жатқамыз жоқ» деген белгіні білдіреді.
Нысаналы жерге әкеліп, ату жазасын орындаушыны батырдың мысы басатыны сонша, қолы дірілдеп, оқты жанды жерден дәл тигізе алмайды. «Бес мылтық бірден гүрс еткенде» батырдың қасындағы өліктердің арасынан қайта көтерілуі, екінші атқанда да «жел шайқаған теректей сенделіп барып тұрып қалуы», бұдан кейін Ермектің қалтасынан жапон пистолетін шығарып, кезектен тыс қақ жүректің басынан атып жіберуі, қарап тұрған елді, әсіресе Дүрияны қатты шошытады. Осы оқиғадан кейін Ермекті көрсе шошынатын ауруға душар болған Дүрия сол айықпаған күйі бір жылдан кейін қайтыс болады. «Сөйтіп, Нұғыман мен Ережептің арасындағы құдалықты да, Дүрия мен Ермектің арасындағы алдамшы махаббатты да ұстап тұрған күш – Нартай екен. Нартайдың көзі жұмылып, о дүниеге аттанып кетісімен бәрі де құрсауланған ескі кеседей бөлініп-бөлініп түсіп қалды»,– деп жазушы қолдан жасалынған жасанды дүниенің қашан да ғұмыры қысқа болатындығын бұлардың арасындағы байланысты сатылап көрсету арқылы дәлелдеп шығады .
1950 жылдардың аяғындағы мемлекет саясаты үнемі Нұрбек арқылы талданады. Мәселен, қазақшаға аударғанда, түсінуге ауырлайтын «жолбарыс соғу», «еңбек тәрбиесі», «ашық сот», «күрес жиналысы», «шағым айту», «жеміс бөлу», «бес соймау» т.б. екі-үш иероглифтен ғана тұратын формулаларға талдау жасау арқылы жазушы қоғам кемшіліктерін тәптіштеп түсіндіріп қана қоймайды, осылардың қалай жүзеге асқандығын нақты бейнелейді. Мысалы: «Жолбарыс соғу» – зиялылар арасынан қылмыстыларды тауып, жазалау, «Жеміс бөлу» – помещиктерді тәркілеуден түскен мал-мүлікті шаруаларға бөліп беру, «бес соймау» деген жас малды, ұрғашы малды, семіз малды, асыл тұқымды малды, жұмыс көлігін соймау екен. Сонда қандай малды сою керек деген мәселеге Нұрбекпен бірге оқырманы да күледі. Ал «ашық соттың» белең алғаны сонша, Нартайдан кейін араға ай салмай, гимназия директоры Тұрсын бастатқан ондаған адам атылып, көптеген адам ұзақ мерзімді түрмеге кесіледі.
Жазушы өзі сомдаған әрбір кейіпкерінің тағдырын екшей келе, егжей-тегжейін електен өткізу арқылы қыруар оқиғаға сараптама жасаған. Романдағы қандай да бір тың оқиға Нұрбекпен басталып, Нұрбекпен аяқталады. Нұғыманның әйелі Сақыпжамал атамекенде жүргенде Нұрбектің сүйіктісі болса, арада қаншама уақыт өткеннен кейін әмеңгерліктің әлегіне түскен олардың келіні Торғынның айналып келіп, Нұрбекпен дәм-тұзы жарасуы, мұның өзі Нұғыманнан өш алу сияқты көрінгенмен, жас келіншектің шешесінен айрылып, жартылай жетім қалған балаларға шын пейілмен қамқор болуы әрі Нұрбекті өлердей жақсы көруі қиыннан қиыстырылып әкелінген.
Қалаға келген Жасыбай сияқты атақты байдың тек Нұрбекті ғана іздеп, онымен ұзақ әңгімелесуі оқыған азамат тұлғасын кемелдендіре түскен.
Тарбағатай аймағының бұрыңғы уәлиі (губернаторы) Жасыбай (Башбай) – ешбір баймен салыстыруға келмейтін ерекше тұлға.
Жасыбайдың ішкі өлкені аралағандағы көргендерін және жазықсыз жапа шеккендер туралы жеке пікірін Нұрбекке баяндату арқылы жазушы тарихтың ащы шындығын шегелей түседі. «Шәуешекте бірталай адамды қырып жіберіпсіңдер… Жарайды ана Бужыңха, Жәлел сияқты қорқауларға обал жоқ, қолы қанды, жолы зарлы сұмдар ғой олар. Тіпті Нартайдың да арманда кеттім дейтін ештеңесі жоқ, алысты, жұлысты, соғысты дегендейін… Ал ана Шәкен мен Тұрсын сияқты азаматтарға тіпті обал болған екен» – дей келе, Шәкеннің ішкі Қытай туралы айтқанының түгел шындық екенін, өзі одан да сорақысын көргенін, бұған қытайдың неменесіне «өті жарылып, шамданатынына түсінбейтінін» тап басқан қазыналы қазақ байының саналы тұлғасы көрінеді. Аш-жалаңаш босқан жұрт біртіндеп қазақ даласына келе бастағанда, «Шәкен байғұстың» дұрыс айтқанына көз жететінін жазушы Жасыбай аузымен айтқызу арқылы түбі қара қытайдың қаптайтындығынан белгі береді. Жасыбайдың көп ұзамай, келесі көктемде өмірден өтетінін өзіне болжату арқылы және қанша асыраса да иттің ешуақытта жүзден аспайтынын, «ешкі егіз тауып қойдан көп болмас, ит сегіз тауып, малдан көп болмас» дегіздіру арқылы өмірдің мәнін тіршіліктің заңдылығымен үндестіреді.
Шығыс Түркістанда төрт түлік малдың саны жөнінен алдына адам баласы түспеген Жасыбайда да арман көп екен. Ең бірінші, Шығыс Түркістан Республикасына бар малын сарп етер еді, оның ғұмырының қысқа болуы, екінші, қолында билігі мен байлығы тұрғанда кейінгі ұрпаққа белгі боп қалатын сәнді сарай салып, көкке бой созған күмбез тұрғызбағанына өкінетінін, тек «Еміл» өзенінің үстіне салдырған «Жасыбай көпірі» (Башпай көпірі) атана бастаған шағын көпірдің ғана көңілге сәл медеу екенін баяндату шарасыз байдың баянсыз байлығын меңзейді. Десе де, Жасыбай өмірінің соңында көмек сұраған Кореяға бір өзі самолет сыйлай салуы оның уақыт көшіне ілескендігін, артына айтып жүруге лайық із қалдырғанын көрсетеді.
Жасыбай басқалар сияқты азап-тозақ көрмесе де, қарадан-қарап рухани дағдарысқа түскендей көрінуі – оның халық басына төнген қасіретті жан дүниесімен бірге сезіне алуында және қоғамдық жағдайды дұрыс бажайлауында болып тұр. Осы арқылы бір өзі бір ауылды асыраған қазақ байының көпшілігіне тән бекзадалық болмысы сипатталады.
Ал Нұғыман – өкіметке бір тиын бермей-ақ айласын асырып, бар малын ақшалап, қалтасына басып алғанымен қоймай, біреулерге қастаңдық жасамаса тыныш отыра алмайды. Ар-ұят деген қасиетті сезімнің оған құны көк тиын. Сондықтан оның бүкіл іс-әрекеті жауыздыққа бағытталған.
«Соңғы көш» романындағы ұлт тағдырын сөз еткенде тоқталмай кетуге болмайтын бір образ – Шаштығали. Жолбарыс пен Шаштығалидың ағалы-інілі екендігін оқырман білгенмен қалай табысатыны белгісіз. Ортақ бір тақырып төңірегінде жазушының деталь қолдану шеберлігі – оның діттеген мақсатына, көздеген нысанасына қол жеткізуіне септігін тигізіп тұр. Қалалық түрмеде жатқан тұтқындардан таңдап алынған бір топ адаммен бірге Шаштығалидың да отын дайындау үшін қыстаққа аттануы – шындыққа жетудің тірек көзі. Шаштығалидың күй шертіп, небір қиссаларды мақамдап айта білуі бастықпен арадағы байланысты бір табан жақындата түседі. Мұның сыртында Шаштығалиды «ай десе аузы, күн десе көзі бар» дегендей, қос бұрымы тірсегіне түскен Қамария деген бойжеткеннің салт атпен іздеп келуі, лагерьдің үстінен жай түскендей етеді. Уәде байласқан қызы бар екендігін қолға түскендегі алғашқы әңгімесін Жолбарыстың есіне салу арқылы жазушы ұрының өтірік айтпағанына бастықтың көзін жеткізеді. Қыз кеткеннен кейін Жолбарыс екеуінің диалогынан Шаштығалидың отызға келгенше үйсіз-күйсіз жүруі, қыздың уәдесіне берік екені, бірақ өзін соңғы рет сынақтан өткізгені, үш жыл мерзімін өтегеннен кейін түзелмесе, «өкпелеме» деген сөзді айтып кеткендігі – оның болашақтағы жолын анықтауға мүмкіндік беріп тұр. Әлі де үш жыл тосуға көніп тұрған қыздың алыс жерден ара қонып жеткен әрекетіне орай Жолбарыстың: «Дегенмен осының әйелдерге келгенде жұлдызы ыстық болуы керек» деп ойлауы – табиғи заңдылық. Осы оймен суға бір сүңгіп шығуға беттеген Жолбарысты арт жағынан әлдененің салдыр-күлдір ете қалуы жалт қаратады. Қолынан шелегі түсіп, көзі жасқа толып кеткен Шаштығалидың «Шырағым, осы сен кімсің» деп басталатын диалогы оқиғаның одан әрі өрбуіне негіз болып, «көкірегі шерге толған қос жетімнің» Арғынғазы мен Найманғазы екендігі анықталады. Бұған себеп болып тұрған нысаналы деталь – Жолбарыстың «оң жақ жауырынының үстінде өртенген жердің орнындай қарайып тұрған қал». «Періштенің алақанының ізі түскен» деп отыратын анасының өлер алдында да Жолбарыстың арқасындағы қалы туралы Шаштығалидың есіне мықтап салып кетуі – кейіпкердің танымдық дәрежесін, ой-өресін көрсетеді.
Расында келесі тарауда Шаштығалидың фермада есепші болып, таза еңбек жолына түскенін көреміз. « …Тек анда-санда, шылымды қойған адам секілді аңсары ауып кетеді-ау деймін, қабағы түсіп, көңіл-күйі болмай жүреді» деген сөзді жазушы Жолбарыстың аузына тегін сап тұрған жоқ. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей бір күні Қайрақтының шатқалына аң атуға түскен Жолбарыс тура Шаштығалидың ұрлығының үстінен түседі. «Иен шатқалда от жағып жүрген кім болды екен?» деп арнайы түтін шығып жатқан тұсқа баспалап келеді ғой. Өзеннің жағасында шалжиып жатқан Шаштығали тықырды естіген бетте орнынан атып тұрады. Жолбарыс «құлағы мұндай сақ болар ма» деп ойлап үлгергенше, ағасын жазбай таниды. Қатты-ғұтты әңгімеден кейін Шаштығали имандай сырын айтады: «Өнебойы түзде жүрген адамға үйдің тамағы ас болмайды екен. Баяғы аш бөрідей жортып жүрген кездерім еске түсіп, шыдамай кеткен соң, өз тоқтымды өзім ұрлап сойып алдым… Кешір… Бұдан кейін қайталамаспын», – деп төмен қарап кеткен ағасын кешірмеске Жолбарыстың амалы қалмайды. Сөйтіп екеуі шәугімде былбырап піскен етті «рахаттанып соғып» алады да, қалғанын қанжығаға бөктеріп, ауылға бірге қайтады. Содан қайтып Жолбарыс ағасының қайраты мен ептілігінің пайдасын көрмесе, адам жиіркенетіндей зиянын шекпейді.
Академик-ғалым Рымғали Нұрғалидың 1996 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан «Кемел кезең» деген мақаласында: «…Сөйтіп, әділін айтқанда, Қабдеш Жұмаділов қазақ тарихи романистикасының бүгінгі таңдағы ең беделді өкілінің бірі болып отыр. Бұл оның Қазақстанның бергі бет, арғы бетіндегі досы да, дұшпаны да мойындаған шындық», – деген сөзі жазушы шығармасындағы жаңа арна, кең өрісті дәл танығандығының белгісі.
Осыншама оқиғалар сорабынан тұратын «Киелі қан» атты бөлім ауыл ахуалын талдаумен аяқталады. Шығарма композициясының ауылға қарай бұрылуы роман басында сөз болатын Қанағат аулына алып келеді. Тілші ретінде қызмет бабымен жүрген Естай арқылы оның Бахтияр, Нұрғазы сияқты әкесінің інілерімен, сүйікті жездесі Ұзақпен, Әбілғазы, Әкпар сияқты байлармен қайта жүздесеміз. Жолбарыс, Естай, Нұрбектердің іс-әрекеті арқылы бір кездегі қазақ елінің мамыражай тіршілігі мен сол тірліктің шырқын бұзған жаңа заман құбылыстары алма-кезек сөз болады.
Үшінші бөлімнің «Кісен ашқан» деп аталуынан-ақ шығарма шешімінің түйіні тұспалданып тұр. Бұл кезде Шыңжан университетінің тіл-әдебиет факультетін бітіріп үлгерген Естай үшін дүние тағы да «сабынша бұзылып, төңкеріліп түседі». 1950 жж соңғы тұсында «Оңшылдар мен жергілікті ұлтшылдарға қарсы күрес» деген науқанның ерекше екпінмен, халықтық сипат алуы Естайдың «Оңға бейім элемент», «Жергілікті ұлтшыл» деген «қалпақ» киюіне ұласады.
«Барлық гүлдер ашылсын, барша бұлбұл сайрасын» атты «Ашылып–сайрау» науқанынан кейін «Сайрағанның бәрі бұлбұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес… Бұлбұлдан – қарғаны, гүлден – арам шөпті ажыратуымыз керек» деген ұран кезіндегі атқарылған іс-әрекеттердің барлығы бұл кезде оң-солын таңып, саяси санасы қалыптаса бастаған романның бас кейіпкері Естай айналасында өрбиді.
Жазушының өз бейнесі Естай арқылы сомдалатындығын зерттеу барысында айтқанбыз. Сондықтан да сананы сансырататын небір оқиғалар жазушының өз тағдырымен ұштасып, заман ахуалы халықтық қасиеттерді сақтай отырып, одан әрі дамиды.
Естаймен Толы ауданынан келген 3-курста оқитын Гүлжиһан арасындағы шынайы сезім қанша көрешек көрсе де, адам баласының бойындағы мейірім мен ізгіліктің мәңгілік қасиет екенін аңғартады. Ала шапқын уақыттың салдары Гүлжиһан сияқты нәзік сезімді қыздың да жүрек қалауына тосқауыл боп тұрады. Бұған себеп Естайдың «төменге түсетіндердің» тізіміне ілініп, Тарбағатай аймағына бөлінуі. Осылайша Үрімжіні артқа тастаған Естайдың «еңбекпен өзгертуге» жататын өмірі басталады. Қалпақтың» біреуін киіп, Ергейтідегі егіншілік алаңында «еңбекпен түзетіліп» жүрген Нұрбекті қайта шақыртып алған өкіметтің ендігі саясаты – «Үш қызыл ту» науқанын жүзеге асыру. Бұл – «секіріп ігерілеу» науқаны деген сөз. Оның бірі – коммуна құру, бірі жаппай құрыш қорыту.
Естайдың орталықтан келетін «идея қалтасының» (жеке басы туралы толық жинақталған құпия құжат) кешігуінен біраз уақыт бос жүруіне тура келеді. Бұл оның ауылдағы бізге таныс кейіпкерлердің тіршілік-тірлігі арқылы уақыт тынысымен терең танысуына септігін тигізеді.
Мұндағы бір өзгешелік – қазақтың белгілі этнограф-ғалымы Жағда Бабалықов бейнесінің романда Жағыпар деген атпен жан-жақты сомдалуы. 1945-1949 жылдардағы Шығыс Түркістан армиясының полковнигі, бұдан кейін Шыңжаң өлкесі, Тарбағатай аймағы бойынша басшылық үлкен қызметтер атқарған – күрделі тұлға. Ол 1950 жылдары Үрімжідегі өлкелік соттың мүшесі ретінде түрмеде отырған Оспан батырдың «Америка агентерімен байланысы» деген мәселені анықтау мақсатында тергеуге де араласады. Әсіресе Оспан батыр мен Жағыпар арасында болатын жеке дара диалог-әңгімені бей-жай оқу мүмкін емес. Оспанның батырға тән кесек келбеті Жағыпар көзімен былайша суреттеледі: «Кең кабинетте екеуі ғана отыр. Оспан сол күнде елудің ішін мол аралап кеткен, бойы ортадан жоғары, жауырыны тұтас, балуан денелі шойындай қара кісі. Басы ерепайсыз үлкен, маңдайы жырта қарыс. Сол басты үйеңкінің түбіндей алып кеудемен тұтастырып тұрған мойны да сұмдық жуан еді. Маңдайдан тура түскен етекті, дөңес мұрны мен шықшытты келген жақ сүйектері, биік қабақ астындағы алақандай өткір көздері, қауметті қалың тебінгі құлағына дейін тек осындай алып адамға ғана жарасатындай», – дейді.
Оспан батыр мен романдағы Жағыпар болып алынған Жағда Бабалықовтың кездескені – тарихи шындық. Аталмыш кездесудің бір ерекшелігі – Алтай қазақтарының арасынан шыққан Оспан батырдың Тарбағатай жігіттеріне сенімсіздікпен қарау себебін де сөз арасында сұрап қалуы дейміз. «Оның рас. Тарбағатай наймандарына мен аса сене қоймадым» – деп жазушы Оспанды бірден мойындатады. «Өйткені оларды маған қарсы ылғи да айдап салып отырды емес пе… Мен амалсыз өз төңірегіме ең сенімді деген адамдарды ғана топтауға мәжбүр болдым. Е, айтып-айтпай не керек, менің сорым да, дәрменсіздігім де – бүкіл қазақты соңымнан ерте алмағаным ғой» – деп жауап бергізу арқылы жазушы батырдың жан азабының нәзік қалтарысын да осы диалогқа сыйғызған.
Жағыпардың «Американың агенттері» деген мәселенің шетін шығарғанда батыр ешкімнің атын атап, түрін түстемеген қалпында: «…мен туған жерімді басқыншылардан тазарту үшін Америка түгіл сайтанмен де одақ жасауға бар едім. Бірақ сорыма қарай ондай ешкім табылмады ғой» – дей келе: «Оспанның кім екенін не үшін алысқанын мен өлген соң, кейінірек білерсіңдер… Сол байғұс та бірдеңені білген екен ғой дейсіңдер әлі» дегізу арқылы жазушы болашаққа Жағыпар көзімен болжам жасайды.
2010 жылы 90-нан асқан шағында дүниеден озған Жағда Бабалықовтың өмір жолы романда нақты деректер аясында сөз болады, жазушы Ж.Бабалықовтың өз аузымен айтқан әңгімелеріне жан бітіріп, көркем шындық туғызған. Аты аңызға айналған Оспан батыр туралы қазақ әдебиетінде тұңғыш қадам жасалуына Жағда Бабалықов сияқты көргені де көңілге түйгені де көп этнограф-ғалымның белгілі дәрежеде жазушыға ықпалы болғандығын байқаймыз. Қазіргі уақытта Оспан батыр туралы қаншама зерттеулер мен романдар жазылып жатса да, қазақ оқырмандарына суреттеліп отырған ғасыр оқиғасын Қ.Жұмаділовтей дөп басып, нақты көрсеткен ешкім болған емес.
Нұрбек, Естай, Жолбарыстардың ұйымдастыруымен, хат пен сәлемдеме арқалаған Шаштығалидың Жағыпарды Қарабураға арнайы іздеп баруы да қазақи дарқан пейілдің сипатын көрсетеді.
Ал Естайға келсек, ол «идея қалтасының» кешіккеніне бекер қуаныпты, енді оның жұмысқа орналасуы былай тұрсын, азық-түлік норма саясаты бойынша адам басына ай сайын өлшеніп берілетіндіктен, күнделікті күнкөрісінің өзі қиындай бастайды. Тізімге тіркелмеген адамға азық-түлік талонының берілмеуі «идея қалта» дегеннің қандай мағынасы бар екенін көрсетеді. Мұның өзі оқыған жігіттің шыдамдылығын тексеру үшін түзетудің бір түрі болып табылатындығын жазушы ашық айтпағанмен, бұл да сол кездің кереғар сипатымен астасып жатыр.
Өз басынан өткен осы жағдай арқылы автор төмендей бастаған халықтың әл-ауқатын ашық айтып, тұжырымды түйіндер жасайды. Өмірі тамақ атаулыны таразыға салып, санап ішуге дағдыланбаған қазақ ауылдары нормамен берілген айлық азықтарын (12 кило астық, бір кило ет, екі жүз грам май, бір жылға төрт метр кездеме) он күнде тауысып, «шиқылдап қалғандары да» бар. Осылайша ішкі өлкедегі ала шапқын ашаршылық қазақтар тұрған аймақты да тегіс қамти бастағаны нақты іс-әрекет үстінде ашылады. Бұған қосымша Тарбағатайға қатынайтын машиналар босқындарды тиеп әкеліп, қазақтардың қолындағы жеке меншік астығы пен етін тиеп әкетіп жатуынан жағдайдың одан әрі шиеленісе түскенін көреміз.
Босқындарды қаладан әкетуге келген Бахтиярдың әйелі Нұрғанымның Естайды танымай қалуы орайын тауып тұр. «Жоғарыдан келгендер «Нин хау ма?» деген бір сөзді бәріне үйретіп қойса керек, ауыл адамдары әйтеуір сол сөзді жиі қайталап, қонақтарға кезек-кезек қолдарын ала жүгіреді. Бахтиярдың үйіндегі Нұрғаным жеңгесі:
– Нин хау ма? – деп жұрт қатарлы Естайға да қолын ұсына берді де, кенет танып қалып: – Көтек! Қытай екен десем өзіміздің молда жігіт қой! – деп ыршып түсті. Ұялғанынан қайта келіп құшақтап жатыр. – Түрің не болып кеткен, молда жігіт-ау? Қытайдан аумай қалыпсың, – дейді.
– Үндеме, енді бір-екі жылда өзің де солардан аумай қаласың, – деді Естай жеңгесінің қолын сілкілеп. – Нин хау ма, жеңеше?..
Міне, тіршіліктің ырғағы бұзылып, күйкі тірліктің үстемдік алуының соншама дәл берілуі суреткердің шығармашылық даралығын көрсетеді.
Ал ішкі өлкеден келген «қонақтардың» көз көріп, құлақ естімеген жантүршігерлік сорақы қылықтары олардың арпалысқан іс-әрекеттерінен көрінеді. Бес-алты босқынның иен қыстауда бір байталды байлап қойып, сан етінен құлындағы дауысын құраққа жеткізіп, тірідей шырқыратып кесіп алып, отқа қақтап жеп отырғанын Шаштығалидың аузымен баяндату арқылы төбе құйқаңызды шымыр еткізеді.
Міне шекара бойындағы халықтың көш дүбірі шыққан бетте-ақ дүрк көтеріліп, кеңес еліне өте шығуының басты бір себебі ел басына төнген осындай аштық пен қорлықтың салдары екендігі роман-дилогияда бар шындығымен ашылып, динамикалық даму үстінде шарықтау шегіне жетеді.
Көп күттірген «идея қалтасы» келе салысымен жазушы Естайды мектеп оқушылары мен мұғалімдерден құралған құрыш қорытушылар тобына қосып, Барлық тауына аттандырады. Шахтадан терлеп шығып, суыққа шыққандықтан, елді жаппай өкпе ауруы дендейді. Екі өкпесін бірдей суық қармаған Естай да өлім аузынан қалады. Қыс ортасы дегенде мыңдаған оба-пештер мен жүздеген киіз үйлерді артқа тастап, ешкімге абырой әпермей, дүниеге күлкі болған құрыш қорыту жорығы қаншама елдің денсаулығын құртып барып, аяқталады.
Ендігі жерде «прогрессивтік ассимилияция» деген басталады. Бұл «ұлттар тілінің тоғысуы» деген сөз. Коммунизмге барғанда барлығы бір ұлтқа айналатындықтан, қазіргі «ең озық тұрған ұлт – ұлы Хан ұлты. Сондықтан Қытайдағы бүкіл аз санды халықтар тез арады хан ұлтының тілі мен мәдениетін қабылдауы керек» деген теорияға Естай образы арқылы талдау жасаған жазушы «стиль дұрыстау» науқанының аяғы осындай шараларды қорықпай, ашық жүргізудің дайындығы екендігін дәлелдейді. Әлеуметтік жағдайды әбден шиеленістіріп, шегіне жеткізе пісіріп әкелген жазушы енді көшуден басқа ештеңе қалмады-ау деген кезде Естай сияқты жігіттердің көптен күткен арманын бір күнде жеткізеді. Қалың ел қопарылып көше бастағанда, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жүрген оқығандар кешеуілдеп қалады. Әрі түрмедегі Жағыпарды алып шығу керек. Міне осы кезде құпия жиналыстан шыққан Ли Хуң деген Нұрбектің қытай досы «бүкіл күшті жұмылдырып, қазақтардың қолындағы малды қайткен күнде де бермей алып қалуға және елдің үркіп-босуына себепші болып, көшті ұйымдастырып жүргендердің соңына шам алып түсейін деп жатқандығын» дер кезінде хабарлағандығының арқасында Нұрбек бастатқан оқымыстылар бір түннің ішінде аттанып үлгереді. Мұның соңы бүкіл Құлыстайды желдей жүйткіп, ауыздан ауызға тараған ұлы көш дүбіріне ұласып, Қазақстандағы ұлы прогресс заманына бір бүйірден келіп қосылады.
Көшуге келгенде қазақтарды мұндай жылдам деп ойламаған қытай басшылығы айналасы екі-үш күннің ішінде Шәуешек халқының қопарыла көшіп, енді Шағантоғай, Дөрбілжің, Толы аудандары сөгіле бастағанда ғана жоғары жаққа мәлімдеп, байбалам сала бастайды. Нұрбек пен Естайдың тапсыруы бойынша түрмеде жатқан мемлекет қайраткері Жағыпарды (Жағда Бабалықов), бұрын сақшы бастығы болған Жолбарыс пен ағасы Шаштығалиды ебін тауып алып шығуы Қытай өкіметін бей-жай қалдырмағаны анық. Көшкен елдің алдынан тегін бұл-шай, күріш пен ұн үлестіріп, қанша үгіт-насихат жүргізсе де Нұрбек пен Естай сияқты баратын жақтарын жақсы білетін көзі ашық оқығандары бар ел тоқтасын ба, айналасы жиырма күн ішінде ашық тұрған шекарадан екі жүз мыңдай адам мал-жанымен бірге өтіп үлгереді. Шекара бойындағы елдің төніп келе жатқан аштық пен жаппай қуғындау науқанынан аман-есен құтылуы осылайша түйінделеді..
Алтай, Тарбағатай, Іле өнірінде тығыз қоныстанған қазақ халқы қай кезде болмасын, Цин династиясы үстемдік еткен кезде де, Миньго өкіметі тұсында да, әсіресе 1919-1933 жылдар аралығындағы Ян Зыңшын мен Цзинь Шуреннің аяусыз үстемдігінде күн кешірді. Ал 1933-1944 жылдары милитарист Шэн Щицайдың дара билігі тұсындағы Гоминьдан партиясы басқарған кертартпа өкіметтің жауыздығы кезінде шегіне жеткен жөнсіз үстемдікке қарсы қазақтар қоныстанған үш аймақ тұтас көтеріліске шығады. Міне осы тұста Алтайдан Оспан батыр, Шәріпхан Жеңісханұлы, Тарбағатайдан Дубек Шалғынбайұлы, Іледен Әкпар сияқты халық батырлары қол бастайды. «Соңғы көш» романы осы аяусыз қысымға ұшыраған «Үш аймақ көтерілісінің» жеңіліске ұшыраған тұсынан басталып, жаппай қуғындауға түскен қазақ интеллигенциясына төніп келе жатқан зобалаңмен аяқталады.
Бір айта кететін нәрсе – кезең-кезеңге бөлінген тарихи деректердің романда айна-қатесіз көркем айналымға түсуі жазушы ізденісінің жарқын көрінісі деп қарасақ та, ол ешуақытта тарихи мәліметтерді жалаң тізбелей бермейді. Қ.Жұмаділов тарихи құжаттарды заман сырын ашу үшін өз пайдасына шебер үйлестіре отырып, өзінің көшпенділердің соңғы тұяғы екендігін әсте есінен шығармайды. Сондықтан қазақ арасында рулық қатынастардан туындап жататын қақтығыстар мен топонимдік атауларды ғана жіпке тізіп қоймайды, уақыт тынысымен үндесетін халық ауыз әдебиетінің үлгілерін де, ақын, жыршы-жыраулар поэзиясын да, мақал-мәтел мен нақыл сөздерді де, өлең-жыр, дастандар мен аңыз әңгімелерді де кеңінен пайдаланады. Тіпті Дулат пен Балғожа би де, Абай мен Махамбет те, Алаш арыстары да – осы романда жазушы жанымен үндес.
Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Шекара балладасы» (Қабдеш Жұмаділов пен Қажытай Ілиясовтің шекарадан өткен сәтін еске алу) деген өлеңіндегі:
– Ал, кеттік!
– Кеттік! – деді екі мықты,
Бір ойға екеуара бекініпті.
Бірі – аға, бірі – іні, екі дарын,
Тағдырдың аямайтын бетін ұқты.
Қапастың қақпанынан қашып шығып,
Құзынан тәуекелдің секіріпті.
Шетіне шекараның таңда ілікті,
Үркітіп ұры жардан кекілікті, – деп басталатын оқиға – тарихи шындық.
Қ.Жұмаділов сияқты «Қазақ карасөзінің дарабозы» (Б.Шарахымбай), «Соңғы көштің қара нары» (Н.Қазыбеков), «Тағдыры бөлек Тарланбоз» (А.Нүсіпханұлы), «Қазақ прозасының мұзтауы» (Т.Ахметжан), «Тағдыр тамыршысы» (Қ.Ысқақұлы), «Мұраты биік суреткер» (М.Хамзин) «Тағдырлы тұлға» (Т.Жұртбай), «Ұлт жазушысы» (Ә.Меңдеке) бір сөзбен айтқанда «Дарабоз жазушының» (Ж.Елшібек) шығармашылығындағы тың ой мен тақырып сонылығы бұл ғана емес, талай зерттеулердің өзегіне айналары хақ.
Еш жерде жарияланбаған осы зерттеуімді Халық жазушысының 90 жасқа толуына орай кезінде өзінің көптеген шығармалары жарияланған «Жұлдыз» журналына арнайы ұсынып отырмын. «Тас бастаудың суындай таза дүниеге сіз де бас қойыңыз, сусындаңыз, рахаттаныңыз!» – деп ақтарыла алғы сөз жазған Әкім Тарази ағамыздың бұл сөзі менің де жан мінәжатымдай…
Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық
университетінің профессоры,
филология ғылымының докторы





