ЖАН-ЖАНУАРЛАР ЖАҒДАЯТЫ немесе ақсақалдың танымдық әңгімесі

ТӨРТ ТҮЛІК
Төрт түлік – қазақтың негізгі күн көрісі. Еті мен сүті – азық, жүні мен терісі – киім-кешек, ірі қарасы – көлік әрі азық. Төрт түліктің етін асып жейді, ол түлікке түйе, жылқы, сиыр, қой-ешкі – төртеуі жатады. Олардың еті – адал азық. Жейтін тамағын қазақ жалпылай азық-түлік деп атайды. «Төрт түліктің» «түлік» деген сөзі «азыққа» қосылып, азық-түлік аталады. Түліктің қазақ үшін қаншалық бағалы екенін осыдан да байқауға болады. Малын сыйлаған қазақ ешқашан малды басқа ұрмайды. Малды басынан ұрған адамға мал бітпейді деп ырымдайды.
Төрт түлікке жататын төрт жануарды ғана қазақ «мал» дейді, тек сол төртеуінің ғана баласын «төл» дейді. «Мал төлдеген уақыт», «малдың төлі жетілген уақыт» деп, жыл мезгілін де соған орай ажыратады. Төлді дүниеге әкелетін ұрғашы малды төлдің енесі дейді.
Қазақ бір-бірімен жолыққанда «Мал-жаның аман ба?» – деп амандасады. «Мал» дегені – төрт түлік, «жан» дегені – бала-шаға, отбасың дегені.
«Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», – демей ме Абай? «Есектің көтін жусаң да мал тап!», – дейді ғой тағы да Абай. «Малы көптің беті – жарық, малы жоқтың беті – шарық», – дейді қазақ. Шарық дегені – қайрақ тас.
Малды бағатын адам – малшы, байдың отымен кіріп, күлі мен шығып, барлық жұмысын атқаратын адам – жалшы.
Қазанға қайнатып жейтін қазақтың негізгі тамағы – асқан ет. «Ет асып жедік», – деп отырады. «Ет жедік», – дей де салады. Бұрын етке қамыр қоспай жеген. Асқан ет дәмді болу үшін, бұл күнде етке қамыр салады. Дәмді ете түсу үшін, үстіне тұздық құяды. Ет қайнаған сұйық – сорпа. Қазақ оны «Ет – етке, сорпа – бетке» деп, айрықша бағалайды, қастерлейді. Етті қонаққа мүшелеп тартады. Ұсақ малдың басы мен жамбасын жасы үлкен ақсақалға не құдаға тартса, омыртқасы мен жіліктерін де құрметті кісілерге береді.
Сыйлы қонаққа тартатын он екі мүше мыналар: 1. Бас. 2. Бел омыртқа. 3- 4.Екі жауырын. 5- 6. Екі жамбас. 7-8. Екі тоқпан жілік. 9-10. Екі ортан жілік. 11-12. Екі асықты жілік.
Мүшенің бастан кейінгі сыйлысы – жамбас және омыртқа.
Кей жерде мүше жетпей қалса, бұғана мен кәрі жілікті де кәдеге жаратып жібереді. Екі-екіден болатын мүшенің бірі, мәселен, «оң жамбас» десе, екіншісін «сол жамбас» дейді. Кісінің құрметіне лайық арнайы қой сойылса, оған міндетті түрде сойған қойдың басын тартады. Салт бойынша, бас барған жерге жамбас та бірге барады.
Бас тарту мен бас жеудің де өзіндік тәртібі бар. Басты қонаққа үй иесінің баласы не өзі апарып береді. Ал бастың маңдай құйқасы қасқаланған болу керек, яғни құйқасы кірес түрінде кесілген, тілінген болуы тиіс. Ол қонаққа: «Маңдайыңыз жарқырап, үнемі жолыңыз болып жүрсін!» – деген ниетті білдіреді. Бастың тұмсығы міндетті түрде қонаққа қаратылып тұруы тиіс. Ол үй иесінің асымды адал ниетіммен ұсынып отырмын дегенін білдіреді.
Құлағын балаларға береді. Жақсылыққа, елі мен жерінде болып жатқан жағдайларға құлағы түрік болсын дейтін ырым болса керек.
Баста екі құлақ бар. Біреуін міндетті түрде үй иесінің баласына береді. Оның мәнісі – малыңның ырысы өзіңде қалсын, біз ықыласқа ризамыз деген ишара.
Бас тартуға лайық бірнеше ақсақал қатар отырған жағдайда, үлкені бас ұстайды да, ауыз тиген соң, өзінен кейінгі кісіге жылжытады. Бастың екі көзін екі кісі бөліп жесе, алагөз болады деп, екеуін де бір кісі жейтін әдет бар. Бас ұстаған кісілердің жастауы оның миын ашып, құйқасымен араластыра турап, мипалау жасайды.
Әкесі әлі тірі адам бас ұстамайды, мұжымайды: бас ұстауға асығып әкесінен құтыла алмай жүрген адам саналады.
Мипалаудан дастархан басында отырғандар түгел дәм татып шығады.
Таңдайын басты ұстаған кісі таңдаған адамына береді. Негізінен не құдағиына, жеңгесіне, не келіні мен құдашасына арнайы тілек айтып береді. «Бізді мақтағанда таңдайың тақылдап тұрсын, жамандай қалсаң, таңдайың жабысып қалсын», – деп әзілдейді. Құрметті кісілерге ірі қараның шекесін тартады. Оның дәрежесі қойдың басын таратқанмен бірдей.
Қарт кісілерге етті өте ұсақтап үгіп турап береді. Жылқының қазысын қиғаштап, еті мен майын араластыра турайды. Кешкі жегеннен артылып қалған етті ертесі қамырымен араластыра үгіп тураса, оны «нарын» дейді.
Төсін күйеуге тартады. Төс жеген күйеу табаққа өз кәдесін жасап, тиын-тебен тастап та жатады.
Сирағын тамақ пісіріп жүрген әйелдер жейді.
Түйір-түйір етіп ұсақтап турап қуырған жас еттің жиынтығын қуырдақ дейді. Оған негізінен бүйрек, бауыр, өкпе араластырып туралады.
Су қоспай, буға пісірген жас етті «сірне» деп атайды. Қойдың немесе ешкінің жас етін сүйегінен ажыратып тазалап, қарынның ішіне салып, сонан соң қазған шұңқырға көміп, үстінен ұзақ от жағып, оттың қозына пісірген етті «сырбаз» деп атайды. Ет дәмді болу үшін, әркім әр түрлі тұздық жасап қосады.
Қыста суыққа тоңбау үшін, құртты қайнақ суға езіп ішеді, одан қалған құрттың қалдығын малта дейді. Езген құртты сорпаға қосып та ішеді. Құрт ішкен малшы анау-мынау суыққа тоңа қоймайды. «Құмарым құрт ішкендей қанар еді, Бір рет ақ бетіңнен алсам сүйіп», – деп әндетудің де меңзеуі сондай.
Малдың тек шір майын ғана шыжғырып, одан шыққан майды қатырып қояды да, оны тоңмай дейді, ал қуырған майдың ұсақ-ұсақ қалдығын шыжық дейді. Ыстық шыжықты нанға қосып балаларға беріп жатады, «жүрегің таза болады» деп, баланы соған сендіреді.
Етті ұсақтап турап, қамырды жіңішкелеп кесіп жасалған көжені кеспе көже дейді. Көженің неден жасалғанына қарай «тары көже», «бұршақ көже», «бидай көже», «сүт көже» секілді түрлері де болады.
Төрт түліктің бәрі сауылады. Сиырда ғана төрт емшек, қалған түлікте қос емшек болады.
Енді төрт түлікке жеке-жеке тоқталып көрейік. 1. Түйе. Төрт түліктің басы әрі ең ірісі. Шығаратын дыбысын боздау дейді, боздайды. Ол дыбысы қобыздың үнін еске түсіреді. Еркегін бура, ұрғашысын інген дейді. Тарпаңдап жүреді. Мойны имек, құмғанның мойны сияқты. Жотасында екі өркеші бары – айыр өркешті түйе, бір өркештісі – нар, оның ұрғашысы – аруана. Төлін бота, еркелетіп ботақан дейді. Келесі жылы тайлақ, одан кейін еркегі буыршын, ұрғашысы інген аталады. Жалпақ табанды мал.
Күш-көлікке пайдалану үшін, еркектік безін алып тастаған (пішкен) еркек түйені атан дейді. Түйенің ботасы тайраңдап, ойқастап, еркелеп ойнақтайды. Оның ойнақтауы жасына қарай жарасып тұрады. Үлкен түйе өйтіп ойнамайды. Сондықтан «Атан түйе ойнақтаса, жұт болады» деп жатады.
Төрт түлік малдың тартылған (пішілген) еркектерінің жалпы аты – азбан. «Азбан» сөзі жалпылай «еркек» деген де мағынаны білдіреді.
Түйені «Әйтшу» – деп айдайды, «Шөк!» – деп шөгереді, «Көс-көс» –деп шақырады. Жүйрігін желмая дейді. Нардың бурасы айыр түйенің інгенін қайығаннан туған түйені қоспақ, ал айыр өркешті түйенің бурасы нардың інгенін қайығаннан туған түйені нарқоспақ дейді. Түйенің сүтінен ашытылған сусынды біреулер шұбат десе, енді біреулер қымыран дейді. Ол – ұзақ сақталатын ішімдік. «Қырсыққанда қымыран іриді» деу содан.
Түйенің жүнін шуда, одан иірген жіп шудажіп аталады, одан киім-кешек тоқиды, көрпе тігеді.
«Маң-маң, маң басқан,
Шудаларын шаң басқан,
Екі өркешін қом басқан,
Төрт аяғын тең басқан.
Тілін тікен теспеген,
Алабота, теріскен,
Мұрындығы келіскен,
«Шөк», – дегенде, «бық» деген,
Шешіп үйін жүктеген», – деп, түлік басы түйені қастерлеп жырға қосамыз.
Ашуланса, аузында шайнап тұрған шөбін шашып жібереді, оны жынын шашты деп жатады. Өзін қорғау үшін, тебеді, тістейді, Тезегін құмалақ дейді. Ол домалақ, шабдолдың шамасындай болады. Түйенің арғы атасын әрі киесін Ойсылқара дейді. Бір тобын келе дейді. Келе-келе түйесі бар ауылды Түйелі ауыл, ал түйе бағатын адамды түйеші деп атайды. Еті адал, ірі қара малға жатады. Шөлге өте төзімді, күш-көлікке аса тиімді мал. Баласын он екі ай көтеретін болғандықтан, түйенің етін жүкті әйелге жегізбейді, жүктілігі ұзап кетеді деп есептейді.
Түйенің жаңа туған баласын жұртқа көрсетпей, оңаша ұстап бағады. Өзі ірі мал болғанмен, түйенің баласы дүниеге әлжуәз, осал боп келеді. Сондықтан тіл тимесін, көз тимесін деп, көпшілікке көрсетпей бағады. Бөтен адам көрсе, бота қоскүндік ауруына ұшырайды деп сенеді.
Түйе малына деген құрметі болар, қазақта «Нар идірген» атты күй де бар. Ботасынан айырылған інген домбыраның үніне иіп, емшегінен сүт тамшылайды. Әрі әуездің әсерін білдірсе, әрі түйенің сезімтал мал екенін дәріптейтін күй.
Түйе малы тұзды жақсы көреді, сондықтан оған әдейі ауық-ауық тұз жалатып отырады.
Түйе жайында тағы мынандай өлең бар:

Бұл өлең – танымдық мәні бар өлең. Балаларға сөз үйретуге арналған. Қазақ ата-бабаның рухы, әдет-ғұрпы, салт-санасы, болмыс-бітімі баланың бойына сөз арқылы сіңетінін білген, бағалаған, сондықтан сөз үйретуге үлкен мән берген. Сол дәстүрді өзінше жалғастырған Ыбырай Алтынсарин әйгілі «Мақта қыз» дейтін әңгімесінің желісін осы өлеңнен алғаны байқалады.
Түйеге жүк артқанда, екі өркешіне орап орналастырған киізді қом дейді. Орта ғасырда Еуропадан Қытайға қарай тауарды қомдап, Жібек жолы арқылы тасыған. Қомдап тауар тасыған түйелердің тізбегін керуен деп атаған. Керуен жүретін белгілі сілемді Керуен жолы деген. Ал түйені дала кемесі деп дәріптеген.
Түйе – төрт түліктің ең үлкені, ірісі әрі биігі. Апталап су ішпей жүре береді. Шөлді, шөлейтті елдерде әлі күнге дейін оны көлік етіп пайдаланады. Адам оны шөгеріп, сонан соң ғана мінеді. Шөккенде, түйе жамбастап жатпайды, тек төрт аяғын бауырына жиып тікесінен тізерлейді.
Табиғатта әр нәрсенің негізгі жеті түсі бар, олар: ақ, қара, қызыл, сары, көк, жасыл, қоңыр. Төрт түлікте осы түстердің қызылы мен жасылы мүлде кездеспейді. Ал түйенің басым көпшілігі сары түсті болып келеді. Ақ атан, сары інген, қара бура, қоңыр түйе кездеседі де, көк түйе мүлде болмайды, ала түйе де кездеспейді.
Түйе, жалпы, іріліктің, үлкендіктің бейнесі. Әлдебір үлкен адамның жағымсыз қылығын көрсек, «түйенің жарты етіндей неме» деп жақтырмаймыз. Үлкен бала өзінен кіші баланы ренжітіп жатса, «Әй, түйедей болып саған не көрінді?» – деп, оны сөгеміз.
Түйеге қатысты қазақтың біраз мәтелі бар. «Түйенің үлкені көпірде (н) таяқ жейді»; «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан ізде»; «Жүктің ауырын нар көтереді»; «Түйе бойына сеніп, жылдан құр қалыпты»; «Екі түйе соқтығысса, арасында шыбын өледі»; «Түймедейді түйедей етіп»; «Түйенің танығаны – жапырақ»; «Түйеге артқан жүк жеңіл»; «Нар жолында жүк қалмас»; «Көрмес түйені де көрмес», «Түйені түгімен жұтыпты», «Алпыс күн атан болғанша, бір күн бура бол!» деп жатамыз. Айрықша қуанышты жағдайды «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деп бағалайды.
Қазақ түйеге мінеді, оған жүк артады. Ал бас білмейтін түйе мінгізбейді де, жүк те артқызбайды, сондықтан оған бас білдіріп, жетекке жүргізу үшін, тайлақ кезінде мұрнын тесіп, тесігіне жіп өткізіп қояды, ол жіпті «мұрындық» дейді. Ондай түйе мұрындықты тартқан жағыңа жүре береді. Өзгенің жетегінде жүретін кісіні қазақтың «Танауын тескен тайлақтай» дейтіні содан.
«Көш көлікті болсын!» деген тілектің де түйеге қатысы бар. Өйткені қазақ негізінен түйемен көшкен. Не түйесі, не басқа көлігі жоқ адам жаз жайлауға, қыс қыстауға көше алмай, «жатақ» атанады. Көшіп келе жатқан ауылдың көшін ақсақалдар бастайды, қыз-келіншектер көштің соңында ойнап-күліп келе жатады. Көш қия жолда, қиын жолда бірдемеге ұшырап қалмас үшін, алдыңғы түйенің қасында жол бастаушы жігіт жүреді.
Көшіп келе жатқандар ауылдың үстінен немесе қасынан өтіп бара жатса, отырған ауылдың адамдары алдынан сусын, басқа да дәм-тұздарын алып шығып, «Көш көлікті болсын!» деген тілектерін айтады.
«Өзі жаман жігітті түйе үстінде ит қабар» деген де бар. «Жүгі мойына кеткен түйедей» деп те біреулерді сөгіп жатады.
Құстың үлкенін қазақ «түйеқұс» дейді. Қазір оны қолға бағып отырғандар да бар.
Түйе артына қарай шаптырады. Кері сөйлейтін, кертартпа кісілерді «түйеше шаптырып» дейтіні содан.
«Қуырдақтың көкесін (үлкенін) түйе сойғанда көрерсің» деп, ұсақ-түйектің өзін игере алмай жүргендерге кейиді.
Жемқорларды «Түйені түгімен жұтыпты» деп жазғырады. Өте шыдамды, көнбіс, төзімді, көнгіш мал болғандықтан, соны бейнелейтін «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген мәтел бар. Бірде келіншек көшкенде түйеге жүк артса, қомы дұрыс қомдалмағандықтан, жүгі бір жағына қисайып қалады. Оны байқаған атасы: «Шырағым, қомың қисық қой», – десе керек, оған келіні: «Ата, түйе қисық екен», – депті-міс.
Қыс пен күз кезінде күйі келіп, бураның шабыттанған кезін «жарау» дейді. Жараған бура аузынан ақ көбігі ағып, бұтын құйрығымен шапаттап, ұрынарға қара таппай құтырып кетеді. Ондай кезде ол өте қауіпті, ондай шабаланған бура атты адамға да, жаяу адамға да шауып, жазатайым етуі мүмкін. Әркімге бір соқтығатын шатаққой адамды «жараған бурадай» дейтініміз содан.
Дөкір сөйлейтін кісіге «Сөзі түйеден түскендей» десе, иілмей, еңкеймей іс істейтін олақ адамды «түйе үстінен қимылдайды» деп жатады. Дөрекі сөйлейтін кісіні «сөзі түйеден түскендей» дейді.
Аса қиын, жауапты жұмысқа кірісерде адам өзіне өзі «Нар тәуекел!» деп жігер береді. Үлкен тәуекелге бел будым дегені, әрине. «Мынауың бір түйеге жүк болады ғой!» деп, заттың көптігіне таңғалып та жатамыз.
Қазақтың түйені өте сүйкімді мал санайтынын дәлелдейтін нәрсе өте көп. Мәселен, баласына, жер-суға қойған аттарға қараңыз: Нарбота, Нарғыз (Нарқыз), Тайлақ, Ботақан, Ботагөз, Нартай, Нарбай, Бурабай, Түйе мойнақ, Түйесойған, Жәркент өңірінде Бұрақожыр деген тау, Бурақожыр деген өзен бар, Наркеткен деген су, Іленің бас жағында Нараты деген шатқал бар.
Айта берсек, түйеге қатысты талай нәрсе бар. Асан қайғы бабамыз желмаяға мініп жер шолған, Ақан сері өзінің Маңмаңгер деген атына «Жүрісің жолмаядай жануарым» десе, Құлагерін «Бота тірсек» деп суреттеген.
Жігіттің ең ірісін «Нар тұлға», балуанның ең күштісін «түйе балуан», қамыстың ең үлкенін «нар қамыс», қылыштың өткірін «наркескен», арбаның түйе жеккен үлкенін «түйе арба» десе, қонаққа түйе табақпен ет тартады.
Түйенің терісі қалың, мықты келеді, сондықтан оны өңдеп, қымыз құятын саба, мес, қауға, көнек, торсық жасайды. Түйенің терісін жіңішкелеп тіліп таспа жасайды да, сол қайыспен әлгі ыдыстарды тігіп тастайды, сонда ол ыдысқа түйенің терісінен басқа бөтен ештеме қосылмайды, сондықтан оның ішіндегі нәрсе ұзақ уақыт бұзылмайды.
Түйенің шудасынан ескен қысқа арқанды «түйе жіп» дейді. Түйенің жүнінен түйежүн шекпен, түйежүн көрпе, түйежүн шәлі, тағы басқа да киім-кешек тігеді.
Адамның қолы-басын шағатын қалақайды да, қолы-басына тікенше қадалатын жантақты да, тағы басқа тікенді бұталарды түйе жей береді. «Түйе жапырақ» немесе «түйе табан» аталатын өсімдік бар.
Шөлді, шөлейтті жерде өмір сүретін араптар түйені бізден бетер қастерлейді. Олар әлі күнге дейін түйе жарыс өткізеді.
Әлемде «түйе» деп аталмайтын, бірақ түйе тектес жануарлар Қазақстаннан басқа жерлерде кездеседі. Мысалы, «лама», «гуанако» дейтін жануарлар соған жатады.
Қазақта «Қара нар жүк көтермес бел кеткен соң, Кең жайлау құлазиды ел кеткен соң» деген өлең, Оспанхан Әубәкіров ағамыздың: «Түйе жесең, мақтайды, Түгіме жетсең, соттайды», – дейтін әжуәсі бар. Балалар бірінің үстіне бірі секіріп мініп, «түйебас» ойнайды.
2. Жылқы. Төрт түліктің ішіндегі төресі. Шығаратын дыбысын (дауысын) кісінейді, оқыранады, пысқырады дейді. Өріске немесе өрістен айдағанда, бір-бірін жоқтап, бір-бірін іздеп, шұрқырап қозғалады. Арасында пысқырып, осқырып, бүкіл даланы үлкен дүбірге толтырып жібереді.
Қазақтар жылқыны қасиетті мал санайды. Солай екеніне титтей де күмән жоқ. Өйткені ол – елімізді, жерімізді, Отанымызды жаудан қорғасқан жауынгер мал. Қазақтың аңыз батырлары Қарақыпшақ Қобыланды астындағы аты Тайбұрылсыз, Қоңырат Алпамыс батыр астындағы Байшұбарсыз жауға қалай қарсы шыға алар еді? Шыққан күнде де, оған не істей алар еді? Қарақасқа атсыз Қамбар да, Қара жорға атынсыз Қарасай да, Қубас атына мінбесе, Қаракерей Қабанбай да, Көкойнағынсыз Райымбек те қалай батыр болар еді? Жылқы жануарының ең үлкен қасиеті – осы: ердің қанаты, батырдың серігі болуында.
Ол – табиғатынан тазалықты сүйетін мал. Ол суды тек таза жерінен ішеді, лай суды ішпейді. Сол қылығына қарай текті мал саналады, оның тезегінде де жағымсыз иіс болмайды.
Еркегін айғыр, ұрғашысын бие дейді. Жаңадан үйірге түсіп жүрген жас айғырды «сәурік» деп атайды. Жылқының жаңа туған төлін құлын, еркелетіп құлыншақ дейді. Келесі жылы тай болады. Құлын мен тайдың арасында жабағы болады. Одан кейін еркегі құнан, ұрғашысы байтал аталады. Содан кейін дөнен, бес жасында бесті болады. Бірнеше құлындаған үлкен биені мама бие десе, әлі құлындамаған жас биені қысырақ дейді, ал қашпай (айғырға қосылмай) қалған, буаз болмай қалған биені қысыр дейді. Мүлде тумайтын биені бедеу деп атайды.
Бітеу тұяқты, тұяғы өте қатты мал. Жылқыны «Шу!» – деп айдайды, «Дырр!» – деп тоқтатады, «Құру-Құру!» – деп қайырады, «Моһ-моһ» – деп шақырады.
Айғыр болып кетпеуі үшін, еркектік безін алып, пішіп тастаған жылқыны ат дейді. Оны мінеді, әртүрлі жұмысқа салып, көлік ретінде пайдаланады. «Ат» сөзі көп мән сөзге жатады. Айтылуы бірдей болғанмен, мәні мен мағынасы әр басқа алты сөз бар. Біріншісі – мінетін ат. Екіншісі – адамның аты. Кәдірбек, Төлен деген сияқты. Үшіншісі – мылтық немесе садақ ат деген мағына береді. Төртіншісі – «насыбай ат» дейміз. Бесіншісі – көзімен атады. Бұл – бейнелі мағына. Алтыншысы – «жаман атқа қалма! Құдай жаманатынан сақтасын!» – деген мағынада қолданады.
Аттың аса жүйрігін тұлпар немесе күлік, сайгүлік дейді. Шыңғыс ханның төрт ұлын, төрт батырын «Төрт күлік» деп атағаны тарихтан белгілі. Аттың жүрісі жайлысын жүріскер, желетінін желіскер, жорғалайтынын жорға, қанша мінсең де шаршамайтынын мініскер дейді. Аттың атырылып тұрған әрі жүйрік, әрі мықтысын арғымақ дейді. Белі мықты, шыдамды атты қазанат десе, не жөндеп жүрмейтін, не жөнді шаппайтын атты шабан ат дейді. «Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын – осы үшеуі жігітті қартайтады», – деген өлең бар.
Жүйрік атты бәйгеге қосады. Бәйгеге шабатын аттарды жинайтын орын – көмбе, бәйгеге шабатын орын – атшабыс, бәйгенің басталатын жері – сөре, бәйгенің бітетін жері – мәре. Аттар ұзаққа, алысқа шабатын бәйгіні (бәйгені) аламан бәйге, жорға аттардың жарысын жорға бәйге, балалардың тай мініп шабатынын тай жарыс, құнан мініп шабатынын құнан бәйге дейді. Ат үстінде қыз қуу, «аударыспақ», «жамбы ату», «теңге ілу» секілді ұлттық ойындар ойналады. Атты бәйгеге, көкпарға, т.б. ойындарға баптаушы – атпаз, ал атқа құмар адам – атпоз, жылқының қыр-сырын, бабын қанық білетін, оны бағып-қағатын, атпен бәйгеге де шабатын, көкпарға да, басқа да ойындарға дайындайтын шебер адамды шабандоз, ал бағатын адамды жылқышы дейді. Атты мінуге қажетті жабдықтардың жиынтығын әбзел, ер-тұрман дейді. Атқа үстіне ер салып мінеді. Оның қазақы ер, қалмақ ер, құранды ер, орыс ер деген түрі бар. Ердің астына жұмсақтап терлік, ішкілік, сонан соң пішпек, оның үстіне тоқым салады. Ердің үстіне көпшік, оның үстіне ат көрпе төсейді. Аттың үстінде орнықты тұруы үшін, ерді аттың төс жағынан төс тартпамен, шап жағынан шап тартпамен тартады. Ерді алдыға жылжытпайтын қайыс әбзел – құйысқан. Ол аттың құйрық астынан өткізіліп, ердің арт жағына бекітіледі. Ерді артқа жылжытпайтын әбзел – өмілдірік. Ол аттың омырауынан өткізіледі.
Аспанда ұшып жүрген көгілдірік,
Жарасар жүйрік атқа өмілдірік.
Жаным-ау, неге келдің, неге кеттің,
Бір жағын қабырғамның сөгілдіріп? –
дейтін қара өлең бар.
Аттың басына қайыстан жасалған жүген кигізіп, атты сол арқылы басқарып, ары-бері бұрады, тоқтатады. Аттың аузына көлденеңінен салып қоятын жүгеннің темір бөлшегін ауыздық дейді. Ауыздықтың екі шетінде дөңгелек темір шығыршық болады, соған қайыстан жасалған тізгін жалғанады, ат үстінде отырған адам сол тізгін арқылы атты қалаған жағына бұрып, бағыттап отырады. Ал ауыздықтың шығыршығына тізгінмен қабат байланатын жіпті шылбыр дейді. Жылқының құйрық немесе жал қылынан ескен шылбырды қыл шылбыр дейді. Аттың ауыздығын алып су ішкізеді, отқа қояды, сол кезде шылбырдан ұстап отыруға болады.
Ат шөп жеп жайылып кетпеу үшін, жүгеннің тізгінін ердің алдыңғы қасына байлап қойса, оны атты каңтарып қою дейді. Қар көп жауып, мал жайыла алмай қаңтарылып қалатын қыс атын қазақтың қаңтар деп атайтыны содан.
Аттың басынан жүген сыпырылып кетпес үшін, аттың тамағының астынан өткізіп байлап қоятын қайыс бауды сағалдырық деп атайды.
Атты сол жағына келіп, сол аяғын салып мінетін ойық темір – үзеңгі. Оның ерге бекітілген қайыс бауы – үзеңгі бау. Атты жүргізу үшін ұрып отыратын құрал – қамшы. Оның сабы негізінен түзу тобылғыдан немесе еліктің сирағынан жасалады. Қамшының өзі қайыстан өріледі, бес өрім, тоғыз өрім қамшы болады. Ең жуаны – дойыр қамшы. Аттың сол жағы – мінер жағы, оң жағы – қамшылар жағы. Қамшымен ұруды «қамшылау» дейді. «Қамшыладым», «қамшының астына алдым» деп жатады. Көкпар тартқан кезде кейбіреу қамшыласып қалады. Ұрғаны қатты әрі қалай ұруды жақсы білетін жігітті қамшыгер деп ерекшелейді. Атақты қамшыгерлер кісіні арқасынан соққанда, үстіндегі тонын қақ айырып жіберетін болған. Кейбір қамшыгер ұрған адамын өлтіріп те жіберетін көрінеді. Соған қарағанда, қамшыны суық қаруға да жатқызуға болады.
Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі,
Өзіңе бір сөз айтам күлдіргелі, –
деген қара өлең бар. Бүлдіргелі – қамшы ат үстінде қолдан түсіп қалмау үшін, білезікке іліп қоятын қайыс бау. Жылқы артқы аяғымен жекелей де, қос аяқтап та тебеді, алдыңғы аяғымен тарпиды. Аузымен тістейді, тізесімен, кеудесімен қағады. Жөнді-жөнсіз тебе беретінін тебеген ат дейді. Жылқы тепкен адам, жанды жеріне тисе, өліп те кетеді.
Жылқының шаруашылыққа тиетін пайдасы зор. Қойшылар, бақташылар, жылқышылар – жалпы малшылар – малды атқа мініп баққан. «Атты қойшы – ашуы қатты қойшы» саналған. Атпен шана да сүйреткен, арбаны да тартқан. Қос ат жеккен, жеке ат жеккен арбалар болған. Төбесі жабық, мінетін, түсетін текпішегі бар күйме арбаны бірнеше атпен тартқан.
Атпен соқа да сүйреген, оны атсоқа деген. Шөп шауып, мая салғанда, шөмелені маяға сүйреммен тартқан.
Жылқының жалынан, құйрығынан қыларқан ескен. Ол өте мықты болады. Қылшығы қолға, денеге қадалады. Жыланы, бақа-шаяны көп жерге қонғанда, үйдің төңірегіне айналдыра қыларқан төсеп қоятын да әдіс бар.
Тай мен құлынның терісінен тайжақы дейтін сырт киім тігіледі. Оны жас балалар киеді.
Қолға үйренбеген, әлі мінілмеген жылқыны асау дейді. Асауды үйрету үшін, оны ұстайтын арнайы құралды құрық дейді. Құрықтың сабы әрі ұзын, әрі жіңішке, әрі мықты ағаштан жасалады. Оның ұшында жылқының мойнына ілетін арқанбау болады, ал ол арқанның бір ұшы жылқышының қолында тұрады. Арқанның ілмегі жылқының мойнына ілінген соң, құрықтың сабы босайды да, құрықшының қолында тек арқанның бір ұшы қалады, бір ұшы асаудың мойнында тұрады. Бір адамның асауға шамасы жетпесе, бірнеше адам жабылып арқанды өзіне қарай шыжымдап тартады да, әбден асауға жақын келген соң, оның басына жүгенді кигізіп жүгендейді. Асау үйреткен жырынды жігіт немесе бозбала асауға ер салмай жайдақ мінеді. Әйтпесе бірнеше адам жабылып, асауды ерттеп те береді.
Асау, әрине, мөңкиді, тулайды. Жоғары шапшып секіреді, тоңқиып тебінеді. Асау үйреткен адам соның бәріне ептілік жасап, жығылып қалмауы керек. Адамды жыға алмаған асау ақырында шаба жөнеледі. Шаба-шаба шаршайды да, үйретушінің ыңғайына көне бастайды. Мұны асау үйрету дейді.
Атты бұғалық тастап та ұстайды. Арқанның бір ұшын шалма қылып тұйықтайды да, алыстан асаудың мойнына дәлдеп түсіреді. Оны шалма тастау дейді.
Сақ бабаларымыздың мұндай бұғалық арқанды соғыста да пайдаланғанын Геродот өзінің тарихи кітабінде жазған. Грек ғалымы сол өзі жазған тарихта біздің «арқан», «ер», «опат» деген сөзімізді өзгертпей пайдаланған.
Ат үйретудің басқа да жолы бар. Қазақ бұрын баласына кішкене кезінде бір құлынды меншіктеп беріп, оны бәсіре деп атаған. Бала өзінің бәсіре құлынымен бірге ойнап ержеткен. Құлынды құшақтайды, сипалайды, оған жемді өзі береді, желіге өзі байлайды, сөйтіп жүріп мініп те алады. Әбден дос болып кеткен құлыны досының дегеніне көне жүріп, ақырында оның мінетін атына айналып шыға келеді.
Тасты, таулы жерге мінетін аттың не алдыңғы екі аяғын немесе төрт аяғын да тағалап мінеді. Таға аттың тұяғына шақтап темірден соғылады. Аттың тұяғына таға арнайы шегемен (қырлы) бекітіледі. Молдабайдың «тағалаған жорғадай» деуі тау мен тастан таймайтындығында, яғни сөзден сүрінбейтіндігінде. Ат мінген екі жолаушы тоқтағылары келсе, ал айдалада аттарын байлайтын ештеңе болмаса, онда екі атты құйысқандастырып қоя салады. Ол үшін екі атты айқастырып, бірінің құйысқанына екіншісінің тізгінін, ал екіншісінің құйысқанына бірінші аттың тізгінін байлап қояды. Сонда бастары екі жаққа қарап қалған аттар амалсыз бір орнында қозғалмай тұруға мәжбүр болады. «Құйысқандап қойыңыз» деген – сол.
Аттың алдыңғы екі аяғын байлап қоятын қысқа жіпті тұсау, алдыңғы екі аяғы мен артқы бір аяғын шалып, үш аяқтап байлайтын әбзелді шідер дейді. Содан тұсаулы ат, шідерлеген ат деген тіркес туады. Әдемілеп, безендіріп жасалған тұсау мен шідер де болады. Біржанның Ләйлімге: «Шідерімнің бағасы – қырық қысырақ», – дейтіні содан.
Шыбын-шіркейдің ішінде сона, маса мен бөгелек атты шағуға құмар келеді. Әсіресе бөгелек тұмсығын айнала ұшып мазасын алады. Содан қорғанып басын шұлғып, құлағын қайшылап, аяғын тарпып, тыпыршып тұрған атты бөгелектеп тұрған ат дейді. Қазанғаптың «Торы жорға аттың бөгелек қағуы» деген әйгілі күйі бар.
Әрнәрседен секемденіп, әрнәрседен шошына беретін атты үркек ат санайды, ондай атты мінген адам өте сақ болуы тиіс. Мінген кезде тулап, мөңгіп кететін атты мөңгігіш ат санайды.
Жылқының жаңа сауған сүтін саумал десе, арнайы сабада, күбіде ашытқан, піскен түрін қымыз дейді, оның түнемелі қымыз, дөнен қымыз, бесті қымыз деген қанша уақыт сақтағанына қарай аталатын түрлері болады. Жалпы аты – сары қымыз.
Сабаны малдың өңдеген терісінен, ал күбіні ағаштан иіп, соны құрап жасайды. Биенің саумал сүтін сабаға құйып ұзақ піскен соң, бабына келген қымызды өндірге, тұлыпқа, мес пен торсыққа құйып сақтайды, тасиды. Тұлыпты ешкінің терісін бітеу сылып алып жасайды. Торсық та өңделген теріден жасалатын іші қуыс ыдыс. Қымыз көп піскен сайын сапалы болады. Оны пісетін ағаш құралды піскек дейді. Қымыз – қазақтың ұлттық ішімдігі, сусыны. Оның емдік қасиеті де бар, адамды өкпе ауруынан сауықтырады, қуаттылығын арттырады. Сабадағы қымызды тек өрге-төмен піседі, араластырмайды, шайқамайды. Кісіге құйып берерде де тек жоғары-төмен сапырады. Аз дегенде қырық сапыру керек дейтін заңы да бар. Себебі сапырған сайын қымыз жуасиды, дәмді болады. Сабада пісілген қымызды басқа ыдысқа қотарғанда, қымыздың бетінде қара қоңыр түйіршіктер қалқып жүреді, оны дәкемен сүзіп тастайды, қымызбен бірге тостағанға құймайды. Ол түйіршік қымыздың сапасын көрсетпейді, оны көрген кісі қайта одан жиіркенеді. Сабаны әлсін-әлсін тазалап тұрмаса, іші өңезденіп, содан қымыздың дәмі бұзылады. Сабаның ішін тобылғымен, жалбызбен, тағы-тағылармен ыстап, ысталған қымыз жасайды. Қымыздың сапасын таңдайға татуы және таңдайға жұғуына қарай бағалайды.
Жылқының сүбесінен, қабырға етінен қазы, жай етінен шұжық жасайды. Екеуі де кәделі ұлттық тағам.
Құйрық-жалын күзеп жіберген жылқыға ұры да, барымташы да тиспеуі тиіс. Өйткені ол – қайтыс болған кісінің асына немесе жылына соятын мал. Оны ұрлау кісәпірлік саналады. Бір айғырға бағынатын бие-байталдың тобы – үйір. Үйір-үйір жылқысы бар ауыл – жылқылы ауыл, ал бие байлап отырған ауыл – қымызды ауыл. Сауылатын биелердің құлынын байлайтын арнайы бұршағы бар арқанды биебау – желі деп атайды.
Жабайы жылқы қазір Қазақстанда жоқ, оның «тарпаң» деген түрі бұрын Батыс Қазақстан жақта болған екен, қазір кездеспейді.
1870-жылы орыстың жаһангезі Н.М.Піржевалский Шығыс Түркістан мен Моңғолиядан жабайы жылқының түрін тауып, оны ғылымда Піржевалский жылқысы деп атаған болатын. Біраз ғалым оны тарпаңның бір түрі деп қараса, біразы жеке тұқым деп санайды. Америкада мұстанг деген түрі бар. Ғалымдар жылқыны адамзат біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-ІІІ-ғасырда Мысырда қолға үйреткен деп санайды. Алайда қытай тарихында қазақтың арғы бабасы саналатын сақ тайпасы б.д.д. VIІ-VІІІ-ғасырда өмір сүргенін, олардың негізгі байлығы да, көлігі де жылқы болғаны ап-айқын жазылған. Ал б.д.д. ІІ-ғасырда құрылған, тікелей сақ, құн тайпасының мұрагері саналатын үйсін мемлекеті де атты әскер ұстаған, көлігі де, азығы да жылқы болған. «Ат – ер қанаты» дейді қазақ.
1987-жылы Тобыл өзенінің төменгі тұсынан Башқұртстан мен Қазақстанның аралығынан Арқайым атты біздің дәуірімізге дейін ХІ-ғасырда салынған құлыптастан да ат жабдығы табылған.
Аттың арқасына салып мінетін ерді, аяғын салып мінетін үзеңгіні, аттың басына кигізіп басқаратын жүгенді сақ, құн, үйсіндер ойлап тапқан. Демек жылқыны қолға үйреткен – қазақтың ата-бабасы.
Қазақтың ұлттық ойындарының көбі ат өнеріне байланысты.
Соған қарағанда, жылқы малын қолға үйретуде біздің бабаларымыздың орны ерекше. Бұрын қазақ әскері тек атты әскер ғана болған. Әскери жорыққа бабаларымыз ереуіл ат мініп шапқан, алыс жерге ерулі ат та алған. Жауға шапқанда төзімді, икемді, шымыр атты тобышақ ат деген.«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» дегеніне қарағанда, жүйріктің бәрін тұлпарға санамаған, жүйріктің жүйрігін, ұшқырдың ұшқырын ғана солай айтса керек.
Ат мініп жолға шыққан адам жолда атын аш қылмай, қинамай жүруге үлкен мән береді. Сондықтан жол-жөнекей өзі де демалып, атын да демалтып отырады. Айдалада атынан айрылып қалмау үшін, жолаушы атын отқа жібергенде, яғни, шөпке жайғанда, арқандап қояды немесе шылбырынан өзі ұстап отырады. Ал атым ұзақ жайылсын, бірақ бұл маңайдан ұзап кетпесін десе, не тұсап, не шідерлеп жібереді.
Қазақ батырлары әрі мықты, әрі жылдам ат мініп жекпе-жекке шыққан. Батырдың бойында бес қаруы болған, олар: садақ, найза, қылыш, шоқпар, айбалта.
«Қобыланды батыр» жырындағы Тайбурылдың көркем бейнесі қазақ жырының ең бір таңдаулы түріне жатады. Сол үздік жырдың үзіндісі мынау:

Аттың шабысын, жүйріктігін дәл мұндай көркем бейнелеп әсірелей суреттеген өлең қазақтың басқа жырында жоқ. Меніңше, әлем халқының еңбектерінде де жоқ. Себебі жылқыны қазақтай қадірлеген, жан-тәнімен сүйіп сыйлаған халық кемде-кем. Қанаты бар құсша ұшатын Тайбурылдай атты пырақ деп бағалаған дұрыс. Пырақ – ұшатын ат. Ұшатын атты ұшқыр жырға қосу – қазаққа ғана тән мінез.
Атты мадақтап өлең жазбаған, сүйсініп ән арнамаған қазақ өнерпазы кемде-кем. Біржанның «Бурылтай», Ақанның «Құлагер», «Маңмаңгер» әндері өзгелерден оқшау тұрады. Кім шығарғаны бізге белгісіз, халық әні саналып жүрген «Сұржекей» әні қандай? «Арқада толып жатыр жылқылы бай» деп шырқайтын Толыбай сыншының әні қандай? Тыңдасаң, мейірің қанғандай. Аттың қыры мен сырын алақаныңа салып бергендей суреттейтін Абайдың «Аттың сыны» атты өлеңі қандай? Бірінен бірі өтеді. Әрине, атты сүйген халық қана сөйтеді.
Жүйрік атынан айрылғанда, адамынан айрылғандай аңыраған Ақанның Құлагерін жоқтаған әні күллі қазақтың құлағынан кетпейтін жоқтау емес пе? Жүйрігін жоқтап ән шығарған Ақанның сол Құлагерге арнаған жоқтау өлеңін Ілияс Жансүгіров былай жазып алыпты:
Қайтейін, әттең, менің Құлагерім,
Салбырап шабушы едің төменгі ернің.
Баурына сұқтан соқтың келіп өлдің.
Қайтейін бұйырмады арам терің,
Құлагер кішкентайдан құрдас еді,
Түлкіні тастан қашқан бұрмас еді.
Болғанда таң мезгілі танау қағып,
Қойса да тасқа біткен тұрмас еді.
Құлагер кішкентайдан керім еді,
Нағашым сұрағанда беріп еді.
Жылқыны Жыландыдан айдағанда,
Бір сыншы көзі шыққыр көріп еді.
Құлагер кішкентайдан досым еді,
Тігілген жел жағымда қосым еді.
Бәйгеңді осы жолы бір әпермей,
Қазаңның жеткен жері осы ма еді?
Құлагер, атаң – тұлпар, анаң – сұңқар,
Соғып ем семізіңде сегіз арқар.
Анаңның бауырында бір құнан бар,
Тәңірім аман қойса, о да тұлпар.
Құлагер, атаң – тұлпар, анаң – жүйрік,
Алладан Құлагерге келді бұйрық.
Анаңның бауырында бір құнан бар,
Тәңірім аман қойса, ол да жүйрік.
Құлагер кішкентайдан тай болғаны,
Жігіттің артық дәулет бай болғаны.
Өлді деп Құлагерді естіргенде,
Көңілі дұшпан иттің жай болғаны.
Құлагер кішкентайдан керім еді,
Иесі бұл керімнің серім еді.
Алдында келе жатқан Құлагерді,
Маңдайдан қандай ақымақ періп еді?
Құлагер шапқан сайын созылады,
Астаудай төрт аяғы қазылады.
Өлді деп Құлагерді естігенде,
Үйдегі қатын-балаң азынады.
Ауылым Қызылтаудың жел бетінде,
Қараймын Құлагердің келбетіне.
Еліміз: «Апарма!» – деп қақсап еді,
Қараймын енді қалай ел бетіне?
Міндім де Құлагерді өрге бардым,
Құлагер, қазаң жетіп өле қалдың.
Бәйгеге бір апарып қосқанымда,
Жүз жылқы, алты түйе, бір жамбы алдым.
Ту ұстап, тұлпар мінген Мұса серің,
Аралап бұл үш жүздің бәрін келдім.
Әлінің хазіреті дүлдүліндей
Үш жүзге мәлім болған Құлагерім!
Ой – ай, неге келдім, ойбай-ай!
Қазақ өлген адамға жоқтау айтады, арнайы жоқтау шығарады. Ал Ақан өлген атын жоқтап ән де, өлең де шығарған. Демек атын адамдай сыйлаған.
Мұны Жансүгіров әйгілі әнші Қали Байжановтан жазып алыпты.
Құлагердің жоқтауы әлі күнге дейін қазақ халқын терең ойлантып келеді. Атқа мінгендер азайғанмен, атты қадірлейтіндер қазақта әлі көп. Өйткені жылқы – біздің ата-бабамыздың қанаты да, қолқанаты да.
Оларды Мысырға, Жерорта теңізіне, Қапқазға, Америкаға дейін жеткізген – сол. Жылқының иесі мен киесі Қамбар ата саналады.
Қызыл түсті жылқы болмайды, түсі ақ атты қазақ ешқашан «аппақ ат» демейді, «қызыл ат» дейді. 1930 бен 1933 – жыл жайында жазған Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» атты дастаны бар. Қара ат, сары ат, қоңыр ат, боз ат, көк аттан басқа да жылқының түсіне байланысты сөз тілімізде өте көп. Төрт түліктің ішінде түр-түсі көп түрлі мал – жылқы. Соның біразы былай: қара көк, ал қара көк, ақ ала, көк ала, қоңыр ала, ала, жирен, құла, шабдар, ала қасқа, қара қасқа, бурыл, сұр, қара сұр, көкшіл, ақ сары, ақшулан, көкшулан, боз шұбар, шұбар, көк шұбар, ақ шұбар, сары шұбар, теңбіл, теңбіл көк, тарғыл, шағыр, шегір, сүлік қара, кер, қара кер, кер құла, құла кер, баран, қылаң, торы, қара торы, сылаң қара, торы жирен, сары жирен, көк жирен, теңбіл жирен, күрең, қара күрең, теңбіл, қасқа, қара қасқа, көк қасқа, сары қасқа, боз қасқа, т.с.с.
Қазақ өзінің қадірлі малына байланысты мәтел, мақал, көп сөз, көп әңгіме де қалдырған. Соның біразын еске салып көрелік.
«Бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады».
«Атқа отырады» дегені – «қызметкер болады» дегені.
«Жаман айғыр енесіне шабады», «Аттың құлағында ойнайды», «Ат құйрығын кесістік» дейді бір-бірімен араздасқан адамдар.
«Сырын білмейтін аттың сыртынан жүрме», «Кісі – сөйлескенше, жылқы – кісінескенше», «Байтал түгіл, бас қайғы», «Байтал шауып бәйгі алмас» (астарлы мәні адамға қатысты, қазақ ұрғашы малды бәйгіге қоспаған), «Ат шаппайды, бап шабады», «Ат айналып қазығын табады», «Ту ұстап, тұлпар мінген ата-бабам», – деп, өз тегін дәріптейді, «Енесі тепкен құлынның денесі ауырмайды», «Ат тұяғын тай басар», «Асың барда ел таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп», «Арық атқа қамшы да ауыр», «Баласы түзде атқа шапса, шешесі үйде тақымын қысады», «Жақсы ат аяғынан қалады», «Жүйрік аттың тоқымы кеппейді», «Ат жақсысы – кермеде, жігіт жақсысы – түрмеде» (қазақ Ресейге бодан болып тұрғанда шыққан мәтел), «Есектен жығылғанша аттан жығылған жақсы, есек тұяғын тосады, ат жалын тосады», «Атының сыры иесіне мәлім», «Ұзын арқау, кең тұсау», «Аттыға ілесем деп, жаяудың таңы айырылыпты», т.с.с.
Бір атқа бірнеше адам мінсе, оны мінгесу (міңгесу) дейді. Алыс жолға шыққанда, сыйлы кісінің өзіне де, атына да қарап жүру үшін қасына ерген адамды атқосшы деген.
«Ат тұяғы тимеген, адам аяғы баспаған жер» деп, таудың көзден таса жерін айтып жатады.
Қазақтар өзін жылқы мінезді санайды. «Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы, Жігіттің оған құмар өнерпазы», – дейді Үкілі Ыбырай. Аттың жасын тісіне қарап ажыратады. Бие баласын он ай көтереді, оның бала көтеріп жүрген кезін буаз, буаз бие дейді. «Сыйға тартқан аттың тісін ашып қарамайды» деп жатады. Ізет сақтаудың түрі болса керек. Қамшыны бүлдіргесінен ілмейді. Жаугершілік болады деп жорып, өрімі мен сабының жалғасқан жерінен екі бүктеп іледі. Бүлдіргесінен ілсе, ел бүлінеді, жорыққа шығудың ырымы деп есептейді. Жылқының ең нашарын жабы деген. Мініске ғана жараған. Жүйрік аттың бәйгеге шабар алдында да, бәйгіден келгеннен кейін де үстіне жабу жауып күтеді. Айдалада шөлдеген кісі ат жалының түбін сорып шөлін басады. Төрт түліктің ішінде жылқы ғана күйіс қайырмайды, өзге мал күндіз жайылады да, кешкісін сол жегенін аузына қайта әкеліп шайнайды, соны күйіс дейді. Жылқы малының шекесіне біткен бір топ жүнді кекіл дейді. Қазақ кекілді жас баланың маңдай үстіне қояды, ол – алмайтын, қырмайтын шашы. Аттың жүні өзге түліктің жүнінен өзгеше: үстіндегі жүні қылшық, құйрығы мен жалы қыл болады, сондықтан жылқыны қылқұйрық деп те атайды, аттың әдемілігін «құйрық-жалы сүзілген» деп бейнелейді.
«Бір биеден ала да туады, құла да туады» дегенді қазақ негізінен адамға қатысты айтқан. «Аттан!» деген сөз де атқа қатысты. «Атқа мін!» «Атқа қон!» дегенді білдіреді. «Шаттан!» «Сақтан!» дегеніміз сияқты.
Тізгінді тартқанда тез тоқтай қоймайтын, бұрғанда бұрыла қоймайтын атты басы қатты ат дейді. Баласын ертіп келе жатқан әйелді «құлынды биедей» дейді.
Ат жаратушы адам (атпаз) жылқы малының негізгі ауруларын және оның неден болатынын жақсы білуі тиіс. Мысалы, аттың үстіндегі ері дұрыс ерттелмесе, тоқымы дұрыс салынбаса, аттың жотасы сыдырылып, жараланып жауыр болып қалуы мүмкін. Оны пияу дейтін шөптің тамыр түйінімен емдейді. Шауып, терлеп келген аттың қанын таратпай, тез байлап қоя салса, ол қолау болып, аяғы ауырып ақсап қалуы мүмкін. Аттың аяғына қан түсіп, жем түсіп ақсауы содан.«Қан түссе аяғына, ат сүріншек» деудің мәні сода. Ал терлеп, шаршап келе жатқан атқа демалтпастан суық су ішкізіп қойса, онда ол тышқан деген тамақ ауруына ұшырап қалады. Ыстық-суықтың салдарынан жылқы «маңқа» ауруына ұшырап та қалады.
Жүрісі қатты немесе жайсыз атпен ұзақ жүргенде, кісіні ат соғып, денесі ауырып қалады. «Буаз бие мінгенге жақсы» деудің мәні, сірә, жүрісінің ондай кезде жайлы болатынынан шығар.
«Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас, Жаман адамға мал бітсе, жанына қаныс қондырмас» деу де өмір шындығын бейнелейтін сөз. Шынында, семіз ат пен арық аттың, арық ат пен көтерем аттың бір-бірінен қандай айырмашылығы болса, сондай адамдардың да айырмашылығы соған ұқсас. Қыршаңқы ат пен қыршаңқы адамда да белгілі бір ұқсастық бар.
Атқа мықты отыратын, көкпарды одан ала алмайтын жігітті «тақымы мықты» деп бағалайды. Ал атқа жөнді отыра алмайтын, сәл үріксе, жығылып қала беретін адамды көті бос адам деп кемсітеді.
Әсіресе көкпар тартқанда, біреудің атын ұстап, тізгінінен тартып үлгірмесе, үзеңгісінен, құйрығынан тартып тоқтатқысы келетіндерді шаужайға жармасушылар дейді.
Уақытты ажырату үшін, «ет пісірім уақыт», «бие сауымдай уақыт кетті» деп жатады.
Жылқы жайындағы қазақтың әңгімелерінде шек те, шегара да жоқ. Оны түгел қамту мүмкін емес.
«Жақсы ғой жылқы деген бағып жүрсе,
Мойнына үкі, тұмар тағып жүрсе.
Ішінен бір жүйрікті таңдап мініп,
Аулына Қамажайдың барып жүрсе», –
деген қазақ аттың, жылқының қадірін білген ғой.
Біздің дәуірімізге дейінгі кезде сақ бабаларымыз Еуропаға барғанда, «Басы адамға, төмен жағы жылқыға ұқсайды, бұлар «кентавр» деп атапты», – деген де пікір бар. Аттың әдемілігін қыздың сұлулығымен теңестірген Сегіз сері өзінің Мақпал – Гауһартасына: «Жүйріктей әсем баспы, мойнын бұрған», – демей ме?
«Аттың желігі болады» деп жатады. Өйткені атқа мінген адамға желік пайда болады: шауып кетсе алдында жатқан кедір-бұдырдан секіріп кеткісі келіп тұрады. Атқа мінген адам мен қызметке ие болған адамды қазақ ұқсас санайды. Сондықтан «атқа мініпті», «аттан түсіпті» деп тұспалдайды. «Бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады» дегеннің мәні – оның жақтастары да қызметке ие болады дегені.
3. Сиыр мөңірейді, өкіреді. Екі мүйізді, төрт емшекті. Мүйізімен сүзеді, аяғымен тебеді. Мүйізі жоқ сиырды тоқал сиыр дейді. Бір ғана мүйізі барын сыңар мүйізді сиыр дейді.
Төрт түліктің ішінде сүтті ең мол беретін аша тұяқты мал.
Еркегін бұқа, ұрғашысын сиыр, жұмысқа пайдалану үшін пішілген еркегін өгіз, жасырағын өгізше дейді. Арбаға жеккен өгізді «соп!» деп, басқасын «өк!» деп айдайды. Сауылатынын сауын сиыр деп атайды.
Оны сауатын адамды сауыншы дейді. Сиырды қазақта тек ұрғашы адам сауады. Сиырдың артқы екі аяғының (бұтының) арасындағы сүт жиналатын мүшесін желін дейді. Желіннің сүт шығатын, баласын емізетін төрт емшегі болады. Бұзауын иіскеп еміренгенде, сиыр иіді. Иігенде желініне барып сүті жиналады. Сол кезде сауылады.
Бірнеше бұзаулаған үлкен сиырды мама сиыр дейді. Төлін алты айға дейін бұзау, еркелетіп бұзауқан, содан бір жасқа дейін торпақ немесе баспақ, сонан соң екі жасқа дейін тана, тайынша дейді. Одан кейін 2 мен 3 жас аралығында ұрғашысы – құнажын, қашар, пішілген еркегі – құнан өгіз, пішілмегені – бұқа.
Қазақта «Құнажын көзін сүзбесе, буыршын бұйдасын үзбейді» деген мақал бар. «Буыршын» деп бұл күнде түйенің еркегін айтып жүрміз. Алайда орыс оқымыстысы Радлов ел арасынан «буыршын» дегенді сиырға қатысты жазып алған. Соған қарағанда, бұрын солай сөйлеген болуымыз мүмкін.
Қазақ сиыр малын «Ау-хау!» деп шақырады.
Піскен сүттің бетінен қаймақ, шикісінен кілегей айырады. Сүтінен айран ұйытады. Оған су араластырған сусынды «шалап» дейді.
Қайнап жатқан сүтті ашытқымен ірітіп ақ ірімшік жасайды. Ақ ірімшік аз уақытқа, сары ірімшік ұзақ уақытқа сақталады.
Айранды арнайы дорбаға сүзіп, одан қатық, сүзбе жасаса, сұйық құртты ұйығұрт дейді. «Ұйыған құрт» дегеннің қысқарғаны болу керек. ХІ-ғасырда жазылған Махмұт Қашқари бабамыздың «Түрік сөздігінде» йоғұрт деп жазылған. Сүзбеге ірімшікті араластырып ежіге, ал таза сүзбені сығып сықпа жасайды. Суы әбден сорғыған сүзбе қатық болады.
Сиырдың жазғытұрым түлеген жүнінен домалақтап балалар доп жасап ойнайды, ол – киіз доп.
Жүнді алақанына салып сулап (түкірігіңмен) уқалай берсең, ол домаланып үлкейе береді, үлкейе береді. Керекті көлеміне жеткен соң, доп дайын болады. Соғыстан кейінгі жылдарда ондай жүн доппен ойынымызды талай қандырдық.
Сиырдың бір бұқаға бағынған тобын табын дейді. Оны бағатын адамды табыншы деп атаған. Орыстың «табунчик» деген сөзінің түп төркіні – сол сөз. Орыстар Шыңғыс хан мемлекетіне бағынып тұрған кезде орыс тіліне енген сөз. Табын-табын сиыры бар ауылды Сиырлы ауыл деп атайды. Бағатын кісіні сиыршы, бақташы дейді.
Сиырдың өгізін жеккен арбаны өгіз арба деп атайды. Өгізге, көшкенде, жүк те артады. Өгізді соқаға да жегіп, мінуге де жаратады. Оның басына арқаннан бұйда байлап, оны жүген орнына ноқталап пайдаланады. Мінгенде, өгіздің арқасына салатын ағаш ерді ыңыршақ деп атайды. Сиырдың киесі мен иесін Зеңгі баба дейді. Мүйізді ірі қараға жатады.
Әлемнің әр жерінде бұйвол, яак, қодас, тур, зубр, бизон дейтін асыранды да, жабайы да түрі бар.
Сиыр – күйіс қайыратын мал. Күндіз жеген шөбін түнімен қайта шайнап қорытып жатады. Оның сыртқа шығарып тастаған нәжісін қоймалжың кезінде жапа, кепкен соң тезек дейді, оны жинап кептіріп, отқа жағады. Дешті қыпшақ халқының отқа тезек жағатынын арап саяхатшысы Ібін Батұтта да айтқан (XIV-ғасыр). Ол – Алтын орданы Өзбек хан билеген тұс.
Аузынан сілекейі ағып ауыратын сиырдың негізгі ауруын аусыл деп атайды. Ол – жұқпалы болғандықтан, өте қауіпті, жаппай қырылып қалуы мүмкін. Сиырдың жаппай қырылуын «топалаң келді», «топалаң тиді» деп жатады. Сиырдың келеңсіз қылығына ренжіген адамдар оны: «Ой, топалаң тигір! Қарасан келгір!» – деп қарғап жатады. Соған қарағанда, «қарасан» деген де аурудың түрі болуға тиіс.
Бір жылы Шығыс Түркістанға аусыл келіп, сиырлар қатты қырылады. Еркектер кешкісін үй маңындағы жотаға шығып әңгімелесіп отырғанда, Таңжарық Жолды – ұлына әлдекім:
Тәке, аусылдан сиыр біткен қырылып жатыр, соған өлеңмен бірдеңе десеңізші! – дейді. Сонда Таңжарық ақын қолма-қол суырып салып:
Аусыл келді, ендеше, аусыл келді,
Аусыл қырып, сиырлар таусылды енді.
Қатындар «қарасан» деп қарғаушы еді,
Қос қолдап саусағымды саусын енді, – депті.
Сиырдың жонарқасына ет пен терінің арасына қоңыз балалайды. Оны оқыра дейді. Ол үлкейіп, сыртқа шығар кезде, сиырдың арқасын жыбырлатқанда, оған төзе алмаған жануар жанын қоярға жер таппай жанталасады. Көзі алақтап, беталды шаба жөнеледі. Ондай кезде алдында тұрған бала-шағаны қағып та кетеді. Ондай оқыралаған («оқалақтаған» деушілер де бар) малдан бала-шағаны аулақ ұстайды.
Алдында тұрған адамды байқамайтындарға: «Оқыра тиген сиырдай саған не болды?» – деп жататынымыз содан.
Сиырды қазақ аса сүйкімді малға санамайды, себебі ол үйдің маңайына жапасын тастап, былғап кетеді. Сондықтан оны үйден алысырақ жерге ұстаған.
Сиырдың өз төлін аймалағанын қазақ былайша өлеңге қосады:

Жалпы, сиырды балажан жануар деуге болады. Өйткені өрісте жүріп желіні сыздағанда, ол ешкім қайырмай-ақ үйге өзі орала береді: торпағын емізуге асығады.
Теңізде болатын сусиыр дейтін жануар бар. Аты айтып тұрғандай, суда өмір сүреді. Қазақстанда жоқ.
Бауырмал мал деуге де болады. Егер сиыр малын сойғанда, топыраққа оның қаны тамғанын көрсе, бүкіл сиыр сол араны иіскелеп, өкіріп-бақырып жолатпайды, ол араны өте мұқият тазалап тастайды.
Сиырға да жемге араластырып тұз береді, оны шылама дейді. Науаға салып шыламаны да жегізеді, науаға құйып суды да ішкізеді. Ал малға шөп салып жегізетін арнайы орынды ақыр дейді. Тараз қаласының оңтүстік-шығысында Ақыртас атты құрылыс көнеден сақталған. ХІІІ-ғасырдың ескерткіші. «Сиыр сипағанды білмес, жаман сыйлағанды білмес», – деп, жақсылығыңды түсінбейтін адамдарға айтады. Ахаң «Тіл-құрал» кітабінде осы мақалды осы мен жазғандай етіп мысалға келтіреді. Және «Ти!» – десем, тимейді, «Тиме!» – десем тиеді деп дұрыс жазады. Мен де солай жазғанды дұрыс санаймын.
Жақсы мен жаманды ажыратпай, бәріне енжар қарайтын ынжық адамды жетекке жүре беретін бұзауға теңеп, «мынау бір бұзау ғой» дейді.
Бұзаудың, сиырдың терісін өңдеп, былғары етік тігеді, ол әрі әдемі, әрі ұзаққа шыдайды.
«Сиыр су тастамайды» деген де сөз бар. Шөлдеп бара жатпаса да, кезіккен суға ернін бір малып өтетін сиырдың әдеті бар.
Сиырдың сары майы – қазақтың ұлттық тағамының бірі. Оның құрты да солай. Еті дүмбілез саналады. Ол – жеген адамды ыстыққа да, суыққа да жібермейді деген сөз. Ал қазақ аурудың көбі астан және ыстық пен суықтан болады деп санайды.
Қазақ қай малдың да семізін жақсы көреді. Сиырды семірту үшін, арнайы байлап бордақылайды.
Жаңа бұзаулаған сиырдың сүтін қайнатса, ол ұйып, қоюланып, уыз болады. Енесін сол кезде емген бұзау тез жетіледі. Ашқарақ, дүниеге, ақшаға қомағай адамды «уызынан жарамаған» деудің мәні содан.
Түр-түсі жағынан қара, қоңыр, сары, көк, ақ сиыр болады. Таза қызыл түсті сиыр кездеспейді, алайда қызыл қоңыр, қызыл ала, қызыл күрең сиырлар кездеседі. Ала сиыр, қара ала, ақ ала, көк ала, сары ала, қоңыр ала, тарғыл, шұбар, ақ бас, қара қоңыр, қасқа, сары ала қасқа, ала қасқа, қара теңбіл, тағы басқа да түр-түстісі болады.
Сиыр, жалпы, төрт түліктің ішінде ең қорқақ мал саналады. Басқа түлікке қарағанда суыққа шыдамсыз. Суға, сулы жерге үйір және кез келген жерге жапасын жалп еткізе салатын «салақ».
Сиырға қатысты халқымыздың мынандай жұмбақтары бар: «Ел жатса да, енекем жатпайды» – сиырдың мүйізі. Шынында, сиырдың өзі жатса да, мүйізі жатпайды ғой.
«Қара сиырым қарап тұр, қызыл сиырым жалап тұр». Шешуі – қазан мен от: қара сиыры – қазан, қызыл сиыры – от. Бірақ шынайы өмірде қызыл сиыр болмайды.
Бұдан өзге мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркесі де біраз бар. Солардың біразын еске түсіріп көрейік.
«Өлеңді жерде өгіз семіреді». «Өлең» (шөп) сөзі – көп мән сөз. Бір мағынасы – өзен, екінші мағынасы – ұзын, өлең шөп, тағы бірі – өлең сөз «Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық», асықпай жүруді «өгіз аяң» дейді, «Соқыр өгізге бәрі – топан» деген де бар.
«Қырда бұғының мүйізі сырқыраса, ойда сиырдың мүйізі сыздайды». Сірә, бұл мәтел бұғы мен сиырдың бір-біріне жақындығы бар жануарлар екеніне, ал адамның ағайынды қимауына меңзейді.
«Әңгіме бұзау емізеді, бұзау таяқ жегізеді», «Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін» жолын тап, «Қашпаған сиырдың уызына қарап отыр», «Бұқаның өзі қартайса да, мұрны қартаймайды», «Ойы бұзық бұқа бұзаулардың ішіне барып жайылады», «Сау сиырдың боғы емес», «Өгізге туған күн, бұзауға да туады», «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады», «Ит басына іркіт төгілген заман», «сиырқұймышақтатқан іс», «Жерді көтерген көк өгіз құсап», «топалаң тиген сиырдай», «бұзаутіс қамшы», сабын қайнатқанда, қазанды араластыратын бұлғауышты «бұзаушық» дейді, «Жылқы міндім, – жорғалаттым, сиыр міндім, сидаңдаттым» деген де сөз бар, т.с.с.
Сыпайы емес адамды «сиыр сияқты» дейді. «Сиырша күйсеп» деген де бар.
Сиыр – осы күні елді ел етіп отырған негізгі мал. Ал бұрынғы кезде бай адамдарда түйелі бай, жылқылы бай, қойлы бай деп мақтағанда, сиырлы бай деп мақтамаған. Ел ішінде сиырдың сыпайы еместігін еске салатын ертегі шалыс әңгіме де бар.
Есте жоқ ерте заманда жылқы мен сиыр өзара айтысып, бір-біріне: «Сенен мен жүйрікпін!» десіп, ерегесіп қалады.
Ақырында екеуі кімнің жүйрік екенін куәлердің көзінше анықтауға келіседі. Қазылар алқасы құрылып, екеуі жарысады. Олардың жарысатыны жайында тау-тасты мекендейтін аң-құстың бәрі хабардар болады.
Өрге-төмен өліп-өшіп жүгірген жылқы мен сиыр біраздан соң әрі шаршайды, әрі шөлдейді. Жылқыдан оза шауып келе жатқан сиыр бір төбеге жете бергенде, шоңқиып отырған суарға жолығады.
– Суар сасық, су қайда? – дейді ентігіп.
– Сиыр сасық, су әне бір төбенің астында, – деп, суыр сиырды алысырақ жердегі суға жөн сілтеп жібереді. Іле-шала жылқы да жетеді.
– Суар мырза, су қайда? – дейді ол да ентігіп.
– Жылқы мырза, су міне, – деп, орнынан тұрады. Бастаудың көзін суар дүлімен басып, суды әдейі шығармай отыр екен, сап-салқын су сарқырай жөнеледі. Жылқы қанып ішіп, суарға алғысын айтып, ары қарай шаба жөнеледі. Сөйтіп ешқайда бұрылмай шапқан жылқы мәреге бірінші болып келеді де, содан былай жылқыға сиыр жол беретін болады.
Бұл – тәрбиелік мәні бар әңгіме. Сыйластықтың жақсылығын сыпайылық жасай білетіндер ғана көреді деген тәлім.
«Өнерді үйрен, үйрен де жирен» дейді халқымыз. Бұл – өле-өлгенше үйрене беру керек дегенді аңғартатын ақыл. Үйрене беру керек, үйренуден ешкім жамандық көрмейді.
4. Қой-ешкі. Төрт түліктің ең ұсағы, сондықтан «ұсақ мал» деп аталады. Қой мен ешкіні қазақ бір түлік санайды.
Қой маңырайды. Сүзеді, тебеді. Еркегін қошқар, ұрғашысын саулық дейді. Қошқардың иірілген үлкен мүйізі болады. Текеметке, кілемге, түскиіз бен сырмаққа салатын мүйіз өрнекті қазақ қошқар мүйіз дейді. Ал алтыннан құйып жасайтын жануарлар бейнесін аңбейне өрнегі дейді.
Қойдың баласын еркелетіп қошақан, әуелі қозы, үлкейген сайын қарақұлақ қозы, марқа қозы, бағлан қозы, кепе қозы деп атайды. Сонан соң тоқты болады. Одан кейін еркегін ісек, ұрғашысын тұсақ дейді. «Шәй-шәй!» деп шақырады, тоқтатады, «Шәйт!» деп қайырады, «Пүшәйт!» деп те шақырады, «Ырый!» деп айдайды, «қош-қош» деп қозысын бауырына салып, емізуге икемдейді. Піскен сүтінен қаймақ, шикі сүтінен кілегей алып, айран, қатық, құрт, ақ және сары ірімшік, сарысу, сықпа, құрт пен ірімшікті қосып ежіге жасайды. Кілегейді шайқап-шайқап, одан ақ май алады, одан қалғанын іркіт дейді. Майды қайнатып, одан қайырған май алады. Ол бұзылмайды, ұзақ сақталады. Қайнатқанда майдан бөлініп қалған қалдығын торта дейді.
ХІ-ғасырда өмір сүрген, «Түрік сөздігін» жасаған бабамыз Махмұт Қашғари біздің ата-бабаларымыз сүттен йоғұрт жасағанын, малдың шикі майын жир (шір) деп, айырбас жасайтын малдың өзін тауар деп атағанын жазады.
Айранға су қосып жасаған сусынды шалап дейді. Қатықты езіп те шалап жасайды. Жүнінен жіп иіріп, арқан еседі, әр түрлі киіз, (текемет, алаша, түскиіз, сырмақ, туырлық, түндік), басқа қалпақ, аяққа байпақ пен пима, үстіге киетін кебенек басады, қой жүнінен иірген жіптен қоржын, терісінен тон, шалбар, тұмақ тігеді.
Қой жүнінен әртүрлі арқан есіледі. Қысқа, жіңішке арқанды да жіп дей салу әдеті бар. Ал шүйке жіппен тоқыма киімдер тоқылады. Тоқу құралын біз деп атайды, оның ұшында жіпті іліп алатын имегі (ілмегі) болады.
Қазіргі күнде киім тігетін жіпті мәшинежіп десе, бұрынғыны шүйкежіп деген. Ол жіппен киім тігетін темір құралды ине дейміз, жуан инені тебен, одан үлкенін жуалдыз деп атаған.
Матаның ортасына жүн салып тіккен көрпені жүн көрпе десе, оның ішіндегі жүн ары-бері толқып кетпесін деп, жіппен әр жерінен тігіп қоюды қабу, қабып тігу деген.
Қойдың жүнін жуып, шуашынан ажыратып, жіп иіреді. Жіп иіретін құралды ұршық деп атайды. Жүнді жіңішкелеп иірсе, ұршыққа жіп оралады, оның домалақ боп жиналған түрін шүйке деп атайды. Жіпті әртүрлі бояуға салып, одан түрлі-түсті жіп шығарады да, ол жіппен үйдің кереге жақ бетіне ұстайтын ши тоқиды – ол әрі сәнді болса, әрі киіз үйдің ішіне суық жібермейді.
Қойдың санын «бір бас», «екі бас қой» десе, ең шағын тобын бір қора қой, ал одан көбін отар дейді, бір отарда 600 қойға дейін бола береді. Қойдың жайылатын жері – өріс, жазда – жайлау, кеңі – саржайлау, көркемі – көк жайлау; қыста бағылатын жері – қыстау, күзде күздеуде, көктемде көктеуде бағылады. Қойды бағатын адам – шопан немесе қойшы. Киесі әрі иесі Шопан ата саналады.
Қой жататын ашық та, жабық та жер қотан, қойқора деп аталады. Төрт түліктің ең жуасы – қой, «қойдан жуас» деген тіркес соны аңғартады. Қазіргі қазақтар қойды саумайтын болды, сондықтан қойдың ақ майы, қойдың құрты, қойдың айраны, қойдың ірімшігі табылмайды. Қойдың асықты жілігінде асық болады, оны жинап, балалар асық ойнайды. Қолыңа алғанда, жалпақ жағы өрге, бүйірінің дөңес жағы сыртқа, тұмсығы өзіңе, ал ойық жағы ішке қарап тұрса, ондай асық оңқай; ал керісінше, жалпақ жағы өрге, бүйірінің дөңес жағы ішке, тұмсығы өзіңе, ал ойық жағы сыртқа қарап тұратын асық солақай асық болады. Оңқай асық ұстауға, атуға ыңғайлы болып келеді. Оның екі-үш адам отырып ойнайтын түрі – құмар немесе иірмек, үйірмек. Біреуі бастап өз асығын иіреді. Егер асық тоңқайып тұра қалса, онда оны ома дейді. Ол жағдай ойында аса сирек кездеседі. Ома асықтың ең жоғарғы дәрежесі саналады. Егер тағы біреудің асығы ома тұрып, талас тумаса, онда асығы ома тұрған адам барлық асықты қолына жинап алып иіреді (үйіреді). Жерге шашылған асықтың қалай жатқанына қарап, ол: «Мынаны табыңдар!» – деп, асықтың ең қиын деген жатыс түрін немесе бірдей жатқан тобын айтады. Кім тапса, барлық асықты сол алады. Ал егер ешкім таппаса, барлық асықты иірген адам өзі алады. Мәселен, ол: «Алшымды тап!» немесе «Қос тәйкемді тап!» – деуі мүмкін. Иірген кезде асықтың тұру, жату дәрежелері мынандай болады: ең жоғарғысы – ома, тұмсығы төмен қарап, тоңқайып тұрады; одан кейінгісі – шома, керісінше тұмсығы жоғары қарап, дүмімен тік тұрады; одан кейінгісі – алшы, асық тік тұрғанда, жалпақ жақ беті астына, шұңқыр беті үстіне қарап тұрады; одан кейінгісі – тәйке, керісінше жалпақ тегіс жақ беті үстіне қарап тұрады; одан кейінгісі – бүк немесе бүге, дөңес жақ беті үстіне қарап, ал ойық беті астына қарап жатады; одан кейінгісі – шік немесе шіге, дөңес жағы астына қарап, ойық жағы жоғары қарап жатады. Осы дәреже бойынша, иірген кезде кімнің асығы қалай жатып, қалай тұрса, соған қарап иіру қақысына ие болады. Асық ойынының Үш табан, Бір табан, Шеңбер, т.б. түрі бар. Асықты көнге тіккенде, бір алшы, бір тәйкесін араластырып тігеді. Егер араластырмай, біркелкі не алшысынан, не тәйкесінен тігіп қойса, онда ойынға қарап тұрған кез келген бала: «Қаңсыр!» – деп, тігілген асықты түгел сыпырып алуға қақылы. Асық ойнағанда, сақа ұстаған бала көңдегі асықты және қарсыласының жерде жатқан сақасын кезегімен қабаттап атқысы келсе, онда: «Қат-қат!» деп, ал егер не бір табан, не үш табан алысқа жетпей жатып қалған асықты атып алып, сонан соң көндегі асықты да атып алғысы келсе, онда: «Аралаш!» – деп алдын ала ескертеді. Бұл ойын баланы ұқыптылыққа, тәртіптілікке, ережені бұлжытпай орындай білуге және ептілікке баулиды.
Қойдың қазақы қой, меринос, ғиссар қойы, қаракүл қойы, тағы басқа ғылым жолымен будандастырып жасаған түрі бар.
Қазақы қойды «Еділбай қойы» дейді. Еділ бойынан тарағандықтан, солай аталған. Бұл қой бойшаң, ірі әрі құйрығы өте үлкен болады. Оның құйрық майында халестерін дейтін нәрсе өте аз болады. Көбіне қара түсті боп келеді және өзге түстілеріне қарағанда қарасының ет сапасы өте жоғары болып келеді. Орташа салмағы 110-120 келі болғанмен, жақсы бағылған қошқарларының салмағы 162 келіге дейін жетеді. Басқа қойларға қарағанда етті көп береді, құйрық майы да үлкен болады, суыққа, ауа райының қатаңдығына өте төзімді, серейген ұзын, аяғы қуатты, қарды тұяғымен теуіп, тебіндеп жайылады. Қозысы тез жетіледі, туғанда алты келі салмағы болады.
Қойдың қозысын байлап, мойнынан өткізіп қоятын жіпті көген, көгеннің жіпті өткізіп қоятын түйінін бұршақ дейді.
Қойдың шикі құйрық майын қазақтар жас баланы емдеуге пайдаланады. Суық тиген баланың арқасын, тамағын, қолтығын, аяқ-қолын қыздырған құйрық маймен ысқылайды, сылайды.
Қойдың басын ең сыйлы қонаққа, құдаға тартады. Әкесі тірі адам бас ұстамайды. Бас тартылған қонақтың табағына жамбас та қоса салынады.
Қозы бағып үйренген бала малға жақын болады. Енесіне жолатпай, қозыны жеке бағады. Егер бала ие бола алмай, қозылар енесін еміп қойса, оны «қозы жамырап кетті» дейді.
Менің Гүлсүй деген немерем: «Өзі маңырайды, баласы жамырайды; өзі жуас, үсті-басы шуаш, ол не?» – деп, қойды жұмбақтайды. «Шуаш» деген – жүннің өзіндік иісі бар, жабысқақ, желім сияқты түп жағы. Аяғын таза ұстамайтын адамда да сасық шуаш болады.
Қойдың төлдейтін кезін «қой қоздаған кез» дейді. Қоздаған қозының енесін тауып емізетін, енесін таба алмай қалған қозыға енесін тауып беретін адамды сақпаншы немесе сақманшы дейді. Ондай адам 500-600 саулықтың әр қозысын айнытпай танып табыстырады. Ондай малтанығыштық, сірә, тек қазақта ғана болу керек. «Мал баққанға бітеді» дейді ғой қазақ.
Қойдың терісінен тон, шалбар, бешпет, суыққа қамзау болатын қамзол да тігеді. Бешпеттің жеңдісі де, жеңсізі де болады. Жеңсізін шолақжең деп те жатады.
Қойдың негізгі жауы – қасқыр. Қойға қасқырдың шабуы аса зиянды. Қасқыр қойын қырып кеткен адамның хал-жағдайын қазақ қана жақсы түсінеді. Малмен күн көріп отырса да, қазақ «малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген. Малдан да, жаннан да арын жоғары бағалаған. Қой – қазақтың азығы, жанын сақтайтын ішіп-жемі, ал ары – оны адам етіп тұрған басты қасиеті. Қазақ мәтелінің пәлсапасы, мәні сода.
Қойдың жүнінен киіз де басқан, киім де тіккен қазақ киізді жұқалап илеп, одан кебенек дейтін киім де басқан. Ол – сырт киім. Желге қалзау болатын, суды да, суықты да өткізбейтін төзімді. Анығырақ айтқанда, малшы-жалшы мен кедей-кепшік киетін киім. «Ерді кебенек ішінде таны» дегенді қазақ не үшін айтқан? Киіміне қарама, киімнің ішіндегі адамға қара дегенді айтқан. «Киіміне қарап қарсы аласың, ақылына қарап шығарып саласың» дегенді де айтқан.
Адам дүниеге келгенде, оны жөргекке ораса, өлгенде орайтын киімді кебін дейді. Кісісі соғысқа кетіп ұзақ оралмаған адамның туыстарын жұбатқанда, қазақ «Кебенек киген келеді, Кебін киген келмейді» деп үміттендіреді. «Үміт ең соңынан өледі» деген де сөз бар ғой.
Қазақ жақсының да, жаманның да шегі болу керек деп есептейді. Баланы соған жасынан тәрбиелейді. Сондықтан «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен қой бағып, көтен жеген озар» деген. «Семіздікті қой көтереді» дейді тағы. Ал ол сөздің ар жағында адам тұр. «Семіздік» сөзінің астарында да адамның семіруі емес, оның баюы, қызметінің өсуі, тағы-тағылар жатыр. Астарлап сөйлеу дегеніміз – осы. Ақын Қасым Аманжолов астарлап әрі бейнелеп сөйлеудің аса шебер үлгісін көрсетіп, «Өмірге келдім еңбектеп, Шалқалап әкем шықты үйден», – деген ғой.
«Үш күн қой баққаннан ақыл сұрама» дейтін де бейнелі сөз бар.
«Ақылсыз» деп қойшыны кемсітіп отырған жоқ, қой бағудың қиын екенін меңзеп отыр.
Түйе, жылқы, сиыр – бәрінің жайылатын жерін жайылым дейді, ал қойдікі – өріс. Қорадан шығып, өріске кетіп бара жатқан қойды «өрді» дейді. Өрген қой – жайылған қой.
Тойған қой, күн ысығанда, бірінің бауырына бірі тұмсығын тығып тұрып дем алады. Оны «қой үйездеп тұр» дейді.
Қойдың түнеп жататын ауылы немесе жері – қотан. Күнімен қой баққан қойшы түнімен қотанда қой күзетіп шығады. Кенен атамыздың өлеңі еріксіз еске түседі.
«Қойшылар қой баққанда күн батпайды,
Отырса қой күзетіп, таң атпайды.
Ат қылып ақ таяқты қолына алып,
Бел шешіп төсегіне бір жатпайды.
Оу, бозторғай, шырылдайсың шіркін-ай,
Құтылар күн бар ма екен
Осы қойдан бір күн-ай?», – деп зарламай ма Кенекең?
Қазақ қойдың жүнін де, терісін де тұрмыстық керегіне жарата білген. Және оларды күтіп-баптаудың жолын да білген. Қой қотыр болып ауырмас үшін; көнтек болып, жүні жидіп түсіп қалмау үшін, ерте көктемде қойды кәрелін дейтін дәріге шомылдырып, жыл сайын емдеп отырған. Шомылдырмас бұрын жүнін бір қырқып алып, күзде тағы бір рет қырқып алып отырған. Қой қырқу мезгілін күзем, «қырқым», ал сол кезде отырған орнын күзеу деген.
Қойдың жүнінен сан түрлі тұрмыс жабдығын жасамас бұрын оны тулық үстіне жайып қойып, үш-төрт адам жан-жағынан сабалайды. Сабалайтын құрал жіңішке, қатты шыбықтан кесіп жасайды, оны сабау дейді. «Өңшең сабаудай жігіттер» деп зіңгіттей ірі жігіттерді айтады.
Түйе мен жылқының құмалағын (тезегін) қазақ тұрмысына жаратпаған. Ал сиырдың тезегін жинап кептіріп, сонан соң отқа жаққан. Даладан қаппен тезек теру қыз-келіншектерге міндет болған. Жаз жайлауда қой ашық қорада жатса, қыс бойы не төбесі ашық, жан-жағы қоршалған қорада; не төбесі жабық қорада жатқан. Қыс бойы құмалағы аяғымен тапталып, әбден бірігіп-кірігіп, содан кейін қи пайда болады. Қидың қалыңдығы бір қарысқа дейін жететін болған. Сол қиды ойып алып кептіріп, содан кейін оны отқа жаққан. Ол тез жанбайды, әуелі бықсып, артынан қозға айналып, ұзақ жанады. Түнімен ошақта сөнбей қалған қозға ертесі тамызық қосып, бір отқа бір отты жалғастыра береді.
Қойдың құмалағы бармақтың басындай ғана кішкене болады. Соның қырық бір талын санап алып, шал-кемпірлер құмалақ ашып, ауа райын, жолаушылап кеткен жақындарының хал-жағдайын болжап отырған. Құмалақ ашу ақыл-ойдың, білімділіктің бір көрінісі саналған.
Қойдың қотыр, көнтек болудан басқа «айналма» дейтін ауруы да бар. Қой шөп жемей, бір орында айнала береді, оны кейде «жынды» немесе «тентек болыпты» деп те жатады. Көтен ішектің ауыз жақ ұшын айналшық дейді, оны ер балаға жегізбейді, үйкүшік болады дейді. Үйінен шықпайтын жігітті «айналшық жеген бе» деп кемсітеді.
Төрт түліктің ішінде егіз төлді көп табатыны – қой. «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деп ырым етеді. Жарасып, сыйласып жүрген достарды қазақ «егіз қозыдай» деп қадірлейді.
Қошқар мен саулықтың күз айында күйі келеді. Оны күйек кезі дейді. Қыркүйек айы – қойдың күйекке түсетін айы. Күйекке түсетін малдың, әсіресе қошқардың күтімі жақсы болғанын қалап, қазақ қошқарды сол мезгілге әбден даярлайды. Қошқардың үсті-басы кірлеп, бауыры сауыс болып сасып кетпеуі үшін, оны ауық-ауық тазалап тұру керек.
Төрт түліктің дүниеге бала әкелетін жағдайын, жалпылай айтқанда, төлдеу дейді. Соған қоса түйенікін боталау, жылқынікін құлындау, сиырдікін бұзаулау, ешкінікін лақтау десе, қойдікін ғана қоздау дейді. Сірә, «қозылау» дегеннен өзгеріске түскен сөз болса керек. Қой негізінен жазғытұрым қоздайды, одан не ерте, не кеш туған төлді арамза туған дейді. «Қоздау» дегеннің бір мағынасы «көбею» дегенді де білдіреді.
Жаңа туған қозыны арнайы жылы қорада ұстайды, оны кепелек дейді. Орыстың «тепляк» деген сөзін қазақтар солай өзгертіп, өз сөзі қылып алған. Бұрын әлжуаз туған лақ пен қозыларды үй ішіне босағаға көгендеп баққан, өзгелері тас қорада тұра берген.
Қой терісінің жүнді жақ бетіне, айран жағып орап тастаса, біраз күннен кейін жүні жидіп түсіп қалады.
Терінің бетінде қалған шелін сылып тастап, әбден илеп, тазалап, аппақ күйге келтірсе, оны елтірі дейді. Елтіріден аяққа киетін мәсі, кебіс, етік тігеді. Ол етіктің ең бағалысы – былғары етік.
Аяғыма кигенім былғары етік,
Табанымнан барады ызғар өтіп.
Жақсы болсаң, келерсің судан өтіп,
Жаман болсаң, қаларсың суға кетіп, –
дейтін қара өлең бар.
Қойды тамағынан бауыздап орып жіберіп, арам қанын әбден ағызып соймаса, ондай малды қазақ «арам өлген» дейді, етін жемейді, тек қолмен бауыздалған малды ғана адал санайды.
Біреулер малын ұрлап сіңіріп кетпеу үшін, қазақ ірі қараның құлағын кертіп ен салады, сонан соң санына күйдіріп таңба басады, ал ұсақ малдың құлағына ен де салады, сырға да тағады. Орманды, тоғайлы жерде малынан адасып қалмау үшін, мойнына қоңырау да тағып қояды.
Қазақ – той жасап, қонақ шақырып жүретін халық. Оған алдын ала дайындалады. Ең әуелі оған соятын малын әзірлейді. Малды қораға қамап ұстап, оған жем беріп семіртуді бордақылау дейді.
Жаңа сойған малдың етін жас ет дейді. Аяқ асты қонақ келіп қалса, ұялып қалмайық деп, жамбас, жілік, жауырын секілді мүшелерді тұздап, кептіріп сақтап қояды. Ондай етті сүр ет дейді. Жас ет пен сүр етті араластырып асқан етті аса сыйлы адамдарға тартады.
Қозы-лақтың әлі жас кезінде тастаған нәжісін тоңғақ дейді, ол – қоймалжың сұйық.
Жылқы мен қазақы қой қыста қардың астында қалған шөпті тұяғымен тарпып аршып жейді. Оны тебіндеу дейді. Екеуінен өзге мал тебіндемейді.
Қазақ өзінің жуастығын, момындығын қойдың мінезіне ұқсатады. Ал адамды алдайтын алаяқтарды «қой терісін жамылған қасқырдай» деп бағалайды.
Ойынан шықпаған адамға «Сенген қойым сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын» деп ренжиді.
Қазақтың көбі қоңыр көзді, яғни қой көз болып келеді. Қыздары бота көзді, жігіттері қоңыр көзді келеді. «Айғыр көзді» деп, «оқыралаған сиырдың көзіндей» деп, әлдекімдерді жақтырмай да жатады.
Баласын «қоңыр қозым» деп құшақтаса, оның түр-түсін емес, қазақ момындығын, қоңыр мінезді, салмақты, сабырлы екенін меңзеп құшақтайды. Қоңыр әуен, қоңыр күй мен қоңыр үйді де, қоңыр жағдайды да қазақ өзіне тән санайды. Қытай қазақтарының әйгілі әншісі Сәния Өнерханқызы «Қоңыр әуен, қоңыр күй» деген ән салады.
Қазақ халқының тұла бойында түйенің маңғаздығы, жылқының жұлқынған жігері, сиырдың сүзегендігі, қойдың көнбістігі мен ешкінің шыдамсыздығы – бәрі бар. Сөзі астарлы қазақтың мінез-құлқы да астарлы.
Қойы қоздап, түйесі боздап жатқан кез – қазақтың ең бір әбігер әрі берекелі кезі. Малы аман болса, жаз жайлауда, қыс қыстауда қынжылмай өмір сүре береді. Қойы өрісте аман-есен өріп жатса, орнынан өре трегесіп несі бар?
ХIV-ғасырда жазылған «Зафарнамада» Қазақстанның шығысында Ертіс өңіріндегі Моғолстан (дұрысы – Мұңғұлстан) жерінде «Қоймаңырақ», «Қозымаңырақ» аталатын жер бар. Олар әлі де солай аталады. Өйткені қой мен қозы – бұрын да қазір де қазақ үшін қасиетті түлік.
Ешкі: маңырайды, бақылдайды, сүзіседі.
Ешкі – қойдың бір сыңарындай түлік. Мүйізді ұсақ малға жатады. Қой екеуінің ұқсастығы қанша болса, ұқсамайтыны да сонша. Қойдың жүні қалай сипасаң, солай жата қалса, ешкінікі өйтпейді, өйткені оның жүні қылшықты, қатқыл. Ешкінің жүнін шашыратпай, бір-бірінен ажыратпай тұратын майда, жабысқақ жүннің түп жағын түбіт дейді. Сірә, «түп» дегеннен туындаған сөз болар.
Ешкінің иесі де, киесі де Шек-шек ата саналады.
Қазақ баласы бағып жүрген, көріп жүрген ешкінің екі мүйізі бар, сүзеді, тебеді, тарпиды.
Мүйізі жоғын тоқал ешкі деп атайды.
Ересек еркегін теке, оның пішілгенін серке, ұрғашысын шыбыш, баласын лақ, оны еркелетіп шұнағым дейді. Бір жастан асқан еркек лақты текешік, теке жасағысы келмесе, пішіп тастайды да, оны серкеш дейді, ал ол жастағы ұрғашы лақ туша болады. Үлкен еркегі – серке. Күйекке жарамай қалған текені сасайтеке дейді. Күйекке жарамай қалған қошқар, бұқа секілді аталық малдың бәрін де сасай дей береді.
«Шек!» деп айдайды, «Шөре-шөре!» деп шақырады. Сүті құнарлы, көбінесе нәрестеге береді.
Жүнінен түбіт шәлі тоқиды.
Ешкі тау-тасты жерге жақсы жайылады, тұяғы таймайды. Қойды судан, қыспақ жолдан өткізерде серкеге бастатады. «Ақ серке ай мүйізді қой бастаған», – деудің мәні сонда.
Жалпы, ешкіні бағу өте қиын саналады, өйткені ол – аса тынымсыз мал: біресе тау-тасқа өрмелеп шығып кетеді, біресе бұта-бұтаның арасына кіріп кетеді, сөйтіп бағып, қайырып жүрген кісіні әбден шаршатады. Тынымсыз немересін ойнатып жүрген әженің: «Үһ, ешкі баққандай болдым-ау» – деп, болдырып жығылатыны сондықтан.
Ешкінің майы тез қатады. Сондықтан балалар «Ешкі майын жемеймін, таңдайыма қатады», – деп өлеңдетеді.
Ешкі жайында мынандай өлең бар:
Ешкі қойды бастаған,
Қойды артына тастаған.
Ешкі деген жануар,
Сойса, саны қалақтай,
Сауса, сүті бұлақтай,
«Баста!» – десең, бастаған,
Қайырып мүйізін тастаған.
Жалғыз қонақ келгенде,
Жараулысын қайтерсің?
Екі қонақ келгенде,
Ептеулісін қайтерсің?
Үш-төрт қонақ келгенде,
Үй-ішімен тойлаған.
Алты қонақ келгенде,
Артылғанын қоймаған.
Жетпегенін қоймаған.
Тоғыз қонақ келгенде,
Тоймағанын қоймаған.
Тастан тасқа секіріп,
Ойнағанын қайтерсің?
Тентектігін текесі
Қоймағанын қайтерсің?
Қойға қасқыр шапқанда,
Көрегенін қайтерсің?
Жаңа жұртқа қонғанда,
Өрегенін қайтерсің?
Орма құлақ ор ешкі,
Салпаң құлақ сары ешкі!
Бұл өлең – әр қазақ бала күнінен ешкінің мінез-құлқын біліп өссін деп айтылған өлең.
«Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады» дейміз. Оның қандай мәні бар? Біріншіден, аз ешкі бақсаң да, көп ешкі бақсаң да, жаныңды жеп бағасың. Екіншіден, аз мал бақсаң да, көп мал баққандай қиындық көресің.
Сиыр мен ешкіде және қойдың қошқарында ғана мүйіз бар, сондықтан олар өзіне ұнамаған малды да, адамды да мүйіздейді, яғни сүзеді. Қызметі бар адамды да мүйізі бар малға ұқсатады қазақ. Сондықтан «Екі қошқардың басы бір қазанға симайды» деп жатамыз. Оның ауыспалы мағынасы да екі бастық немесе өзін қошқар санайтын екі адам бір мекемеде сиыса алмай жүретінін меңзейді. Мақал-мәтелдің көбі мал жайында айтылғанмен, шын мәнінде, адамдардың қылығын меңзеп жатады. Себебі сөз малға емес, адамға айтылады ғой.
Ешкіні қоймен аралас та, жеке де баға береді. Тау-тасқа өрмелегенді ұнататын адамға: «Немене, ешкі болып кеткенсің бе?» – деп жатамыз, себебі тау-тасқа өрмелеп шығу – ешкінің басты ерекшелігі.
Қой мен ешкіні қазақ «тұяқ мал» дейді. «Қанша тұяғың бар?» – десе, ол «қанша ұсақ малың бар» – дегені.
Жалпы алғанда, қазақ үшін төрт түліктің бәрі де қадірлі. Малын сыйлаған қазақ баласына да төрт түліктің атын қойып отырған. Мәселен, жалайыр тайпасының ішінде Сиыршы аталатын ру бар. Шапырашты тайпасында Теке, Суан тайпасында Қошқар аталатын ру бар. Ал Ақбота, Ақтоты, Аққошқар, Қойшығара, Қойшыбай, Серкебай, Марқа, Қозы, Бота, Ботагөз, Тайлақ, Қарабура секілді адам аттары қаншама?
Қазақ өз баласын төрт түлікті сыйлауға, бағып-бағалауға кішкентайынан баулиды. Малға мейірі оянған бала адамға да мейірлі болады. Сондықтан төрт түлікке қатысты қазақтың балаларға арнаған біраз өлеңі бар. Соның бірнешеуі мынау.
Өзен суда балық бар,
Балық бар деп кім айтар?
Бақылдаған бақа айтар.
Бақа бар деп кім айтар?
Бақылдаған теке айтар.
Теке бар деп кім айтар?
Бие сауған шал айтар.
Шал айтар деп кім айтар?
Тайға мінген бала айтар.
Бала айтар деп кім айтар?
Бала баққан қозы айтар.
Қозы айтар деп кім айтар?
Қыдыра қырда жүгірген
Қызыл киік баласы,
Жар жағалай жүгірген
Жасыл киік баласы.
Жабыла жар сап сол айтар.
Бұл өлеңнің өлең үшін емес, балаға сөз үйрету үшін айтылғанын аңғару аса қиын емес. Сөзді ғана үйретпейді, сөздің мәнін, мағынасын да үйретеді. «Өнер алды – қызыл тіл» деген халықтың тілге деген құрметі де осыдан көрініп тұр.
Мына өлең соның дәлелі:
Қой сүйеді баласын: «Қоңырым», – деп,
«Ештеңені білмейтін момыным», – деп.
Сиыр сүйеді баласын:
«Торпағым», – деп,
«Қараңғыға баспаған қорқағым», – деп.
Түйе сүйеді баласын:
«Боташым», – деп.
«Жаудыраған көзіңнен тоташым», – деп.
Ешкі сүйеді баласын:
«Лағым», – деп.
«Тастан тасқа секірген шұнағым», – деп.
Жылқы сүйеді баласын:
«Құлыным!» – деп.
«Тұлпар болып жүгірер жұлыным», – деп.
Мал бағу – қазақ үшін ұлттық кәсіп. Ол – өте ауыр жұмыс. Бірақ жанбағыстың ең негізгі көзі. «Мал баққанға бітеді» деп түсінген қазақ қай малды қалай бағудың да қыр-сырын терең білген, соны өз баласының құлағына кішкентай күнінен бастап құя білген. Оны өлең етіп былай жеткізген:
«Ешкі бақтым – еңіреп бақтым»,
Қой бақтым – қоңырау тақтым,
Сиыр бақтым – сидаң қақтым,
Жылқы бақтым – жорғалаттым,
Түйе бақтым – түйме тақтым, –
деп сипаттаса, «Лақ бақтым – жылап бақтым», – деп, оны бағудың аса оңай емесін солай ерекшелейді. «Қоңыраулаттым», «сылдыр қақтым».
Қазақ әр малды әр түрлі шақырады:
Қой баласы қоңырым,
Қойдай жуас момыным!
Шопан ата түлегі –
Қошақаным, қайдасың?
Пүшәйт! Пүшәйт!
Жауын жауса, бақырған,
Ешкі атасын шақырған,
Өрісте өскен жануар,
Шекетайым, қайдасың?
Шөре! Шөре!
Жолға шықсам, көлігім,
Жапанда жүрсем, серігім,
Қамбар ата өсірген
Құлыным менің, қайдасың?
Құру! Құру!
Тілімен мұрнын жалаған,
Тілімен бойын тараған,
Көкке мұрнын шүйіріп,
Көз төңкеріп қараған,
Зеңгі баба өсірген
Әукешім менің, қайдасың?
Әук!Әук!
Екі көзі танадай,
Екі өркеші баладай,
Елпеңдеген ойнақтап,
Енесіне қарамай,
Ойсылқара баласы
Ботақаным, қайдасың?
Көс, көс!
Малдың етін жеп өскен қазақ әр малдың етін әр түрлі бағалайды. Оның адам бойына тез сіңетіні, асқазанға ауыр-жеңіл келетіні болады. Соны былай саралайды:
«Жылқының еті кешке ел жатқанша; сиыр еті сарғайып таң атқанша; қойдың еті келесі күн батқанша», – дейді. «Қойдың еті – қорғасын» деп те сипаттайды. Қазақ өзін жылқы мінезді халыққа санайды, сондықтан жылқы етін өзге еттен жоғары бағалайды. «жылқының еті жесең, тісіңе кіреді, жемесең, түсіңе кіреді» деп бағалайды.
Төрт түліктің негізгі жауы қасқыр болғандықтан, қазақтың болжамы бойынша, мал баққан қазақты қасқыр былай бағалайтын көрінеді:
Түйелі қойшы – тым үрейлі қойшы,
Атты қойшы – ашуы қатты қойшы,
Өгізді қойшы – қойға ілесіп өрген қойшы,
Өлген қойын көмген қойшы,
Жаяу қойшы – өгізден де баяу қойшы,
Бала қойшы, алыста ойнап қала қойшы!
Бұл – қасқырдың берген бағасы, оған алып-қосарымыз болмаса керек.
Кеңес заманында қазақтың төрт түлігінің арқасында өмір сүріп келе жатқан халық екенін біле тұрып, басшылар қазақтың төрт түлігін де тартып алып ортақтандырамыз, ұжымдық шаруашылық («мойын серік», колхоз) құрамыз деп, 1930-1932-жылдар аралығында халықты қолдан жасалған ашаршылыққа ұшыратты. Ғалымдардың болжамынша, сол кезде халықтың үштен екісі қырғынға ұшырағын. Қазақтың даласы мен қаласы өлікке толып кеткен кезең болыпты. Ол сөздің шындық екенін тарихшы ғалым С. Шілдебайдың «Ана тілі» газетінде жарияланған мақаласы да дәлелдейді (31.08.25). Ол мемлекеттік мұрағатта сақталған деректерден мысал келтіре отырып, қазақ халқының 1930-жылы 4 миллион 8 жүз мың, яғни 5 миллионға жуық болғанын, 1937-жылы 2 миллион 181 мың 320 ғана қалғанын жазады: 4 800 000-2 181320 = 2.619.680. Әр жылдың 31-мамырында қазақ елі сол күнді ашаршылық пен қуғын-сүргінде қаза болған қандастарын қайғырып еске алады. Қазақ даласына өлім сепкен ол күндер ұрпағымызға үнемі «Оян, қазақ! Ойлан, қазақ! Ұмытпа, қазақ!» деп тұрады. Кеңес одағын билеген Сталиннің, қазақ елін билеген Голощекиннің әдейі істеген ол жауыздығын ұмытпау – ел екеніңді ұмытпау, ел тарихын ұмытпау, төрт түліктің тірлік көзі екенін ұмытпау! Ештеңені ұмытпау!

(Жалғасы келесі санда)

Бексұлтан
НҰРЖЕКЕҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ