ҰЛТ МАҚТАНЫШЫ (Фариза Оңғарсынова туралы сыр)

ДАЛАНЫҢ ҮНІ
«Баянның бақтарында,
шың-құзды шатқалында
ерке өскен жас маралмын,
шомылып ақ сағымға…»
Жазық дала шексіз сияқты. Таңғы уақытта, күн жерді жаңа ғана оятқан сәтте самал жел бұталармен еркін ойнап, шаң басқан шөптерді тербетіп жүрген. Ол тек өзіне ғана мәлім көне тілде бірдеңе сыбырлап тұрғандай. Сол желдің үнін еститін бір қыз бала бар еді.
Фариза әлі бала болатын – дәптердің шетіне алғаш рет өлең жолдарын түсіріп көрген кезі. Саманнан соғылған үйдің табалдырығында отырған балаң қыздың қолында бұрыштары бүктеліп қалған ескілеу жұқа дәптер. Саусақтарына сия жұғып қалыпты, жанары ойлы, байсалды. Әлемнің қалай тыныстайтынына құлақ түріп отыр.
– Фариза! – деген дауыс шықты үйден, – шайың суып қалды ғой!
Қыз басқа бір ғаламнан оралғандай селт ете қалды. Анасының даусы.
– Қазір, – деді Фариза дәптерін кеудесіне қысып, орнынан тұрып жатып.
Үйдің ішін жаңа піскен нанның иісі алып кетіпті. Радиодан шырқаған әншінің даусы мөлдір бұлақтай таза еді. Анасы қызының алдына кесені қойып, ақырын сұрай бастады:
– Қаламың мен дәптеріңді тастамайсың, не жазасың сонда? Кім үшін жазасың?
Фариза ернінің ұшымен ғана жымиып, көзін көтерместен жауап қатты:
– Жел үшін, апа.
– Жел үшін?
– Иә. Ол маған өлең айтады. Соны жазып аламын.
Анасы басын шайқап, не дерін білмей қалды. Бұл қыздың бойында әлдебір өзгеше нәрсе бар, жерден емес, аспаннан келген тылсым. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезең, әркім де тіршілік қамын ойлап бас қатырып жүр, бұл кезде балаң қыздың жүрегінде балғын поэзия бүршік атып жатты.
Сол түні жұқа көрпенің астында, керосин шамының әлсіз жарығымен Фариза тағы да жазып отырды. Жүректен шыққан жыр жолдары ақтарылып жатты:
«Сезім нәзік, ой жүйрік, кейде кекшіл, кейде жарқын қазақтың бір қызымын.»
Ондаған жылдан кейін бұл жолдар тарихқа айналады. Қазақ қыздарының, аналардың үні, халықтың үні, өзі жақсы көрген даланың үні болып күллі әлемге таралып кетеді.
Фариза дүниеге келген ауылда үнемі жел соғып тұратын. Таңғы самал да, кешкі жел де балалық шағына үн қосқандай, бірде сыр шертіп, бірде жұбатқандай болады. Сол желдің арасында бір босаң үн жетпей тұрады – әкенің үні.
Ол әкесін көрмеп еді. Үйдің бір бұрышында бір орын әрдайым бос тұрады – әкенің орны. Сол орынға ешкім отырмайды, кішкентай қыздың жүрегіндегі үнсіздік тереңдей береді. Осы үнсіздік оның алғашқы ұстазы болды: бұл дүниеде өзін қорғап қалар асқар тауы жоқ екенін ерте түсінді. Сондықтан өн бойында әлдебір мінез тасқын судай толқып жүретін. Әлсіздіктен емес. Қайраттан. Өзін-өзі қорғау үшін туған ішкі дауыс.
Фариза өсе келе бұл шындықты қабылдап қана қоймай, оны қуатты күшке айналдырды. Бір сұхбатында ол жылы жымиып:
«Мүмкін, тура сөйлейтінім – әкемнің ерте кеткенінен шығар», – деген.
Бұл сөздің астарында шым-шым мұң жатады, мінезін қайрайтын да осы мұң. Тік мінез, батыл сөз, ешкімнен тайсалмайтын жүрек – бәрінің түп-тамыры әкесінің ойсырап тұрған бос орнынан бастау алған.
Әлсіз бала жылап қалатын сәтте ол тісін тістеп, көз жасын ішіне жұтты. Ешкімнен қорған таппаған бала өз-өзіне қалқан болды. Сол қалқан кейін қаламына айналды – өткір, әділ, қиянатты көтермейтін қалам.
Желдің сыбырына құлақ түріп өскен қыз кейін қазақ әдебиетін жаңа биікке көтерген дауыл-ақын боларын ол кезде ешкім білген емес. Мінезіне мөр басқан сол үнсіздік Фаризаны ақын етті.
Әкесінен сезе алмаған жылулықтан жүрегі қатайған жоқ, шыныға түсті. Шыныққан жүректен кейінірек миллиондардың жүрегін елжіреткен өлеңдер туды. Әр өлеңінде бір сәттік сағыныш, бір үзік мұң арқылы әкесінің бейнесі қайта тіріліп тұрғандай еді.
ҚҰРҒАҚ ЖЕРДІҢ ҚЫЗЫЛ ЖАЛЫНЫ
«Жыр жазу деген – азап, от
әйел боп туған болмысқа,
жаныңда титтей маза жоқ,
жолың да тайғақ, қол қысқа.»
Фариза бұл дүниеге қыңырлықпен келгендей еді. Оның мінезі – тентек желге қайыспай қарсы тұрған жапырақ сияқты: майыспайды, қайтпайды. Ауылдағы қыздар қазан-ошақ маңындағы үйреншікті тірлікке үйір болса Фариза көшенің шаңын аспанға көтеріп, ұлдармен бірге доп қуатын, асық ойнайтын. Жүгірген сайын бойындағы еркіндігі тасқындап, өткір мінезі, тіке сөйлеуі, батыл қадамнан бас тартпауы шыңдала берді. Ол ешкімге ұқсамайтын. Өзінше өмір сүретін, өзінше ойлайтын қыз еді.
Атырау өңірінде су тапшы. Құдайдың жарығы мол, бірақ өмір нәрі – судың өзі жоқтың қасы. Жердің астынан оңайлықпен шыға қоймайтын судай, адамдардың үміті де кейде тереңде жатады. Күн сайын таңертең анасы мен ауыл әйелдері шелектерін көтеріп, арбасын сүйретіп, басқа жақтан су әкелуге мәжбүр болып жүргенін Фариза жақсы білетін. Кішкентай Фариза анасының жанында жүріп, шелек толы судың ауырлығын да көрді. Нәзік жандылардың иығына түскен ауыртпалықты бала болса да жүрегімен сезді.
Ол су тасыған әйелдердің әлсіздігін емес, қайсарлығын көрді. Және сол сәтте кішкентай қыздың ішінде бір арман оянды:
«Мен су инженері боламын. Ауылға су әкелемін. Анам, ауыл адамдары енді қиналмайтын болады».
Бұл оның туған жеріне, ауыл тұрғындарына, анасына деген махаббатының белгісі еді. Осы махаббат кейіннен өлеңдері нәр алатын бұлақ боларын Фариза ол кезде білмейтін. Ол өзі үшін емес, басқалар үшін армандады. Еліне қызмет етуге бала күнінен бел буған қыздың өмір жолы осылай басталды.
Ал поэзия?
Поэзия ол кезде әлі де көкжиектің ар жағында жүрген.
Тағдырдың өз тынысы бар. Ол кейде жел сияқты: көрінбейді, бірақ бағытыңды өзгертеді.
Бір күні мектептен қайтып келе жатқанда Ғайнолла деген сыныптағы бұзық балалардың бірі Фаризаның құрбысы Ләззатты түрткілеп мазақтай берді. Ләззат ойланбастан сөмкесін сермеп қалған, Ғайнолла жерге құлап түсті.
Сол жерде, еш дайындықсыз, еш ойланбастан Фариза бұзық баланы мысқылдап, бір шумақ өлең шығарды:
«Жылтың-жылтың бала,
Ғайнолланы қара.
Ләззаттан жеңіліп,
Құлап қалды жаңа.»
Жеңіл, ойнақы, бірақ дәл тиген бұл сөздер әлгі баланы мазаққа айналдырып жіберді. Бәрі таң қалды.
Құрбылары аң-таң, ал ауыл… ауылда жаңалық жатпайды ғой. Бірден анасына барып:
– Сенің қызың өлең шығарады екен! – деді көршілер сүйінші сұрағандай.
Анасы басын көтеріп, мақтанышпен жымиды:
– Менің қызым үлкен ақын болады, – деді ойланбастан. Бұл жай ғана сөз емес, ананың аузына құдай салған аян болатын.
Сол түні Фариза алғаш рет өзін ерекше сезінді. Жүрегінде тылсым қақпа ашылғандай. Өзін-өзі поэзия әлеміне аттанып бара жатқандай елестетті. Ауылдың қараңғы түнінде аспандағы жұлдыздарға қарап жатып, болашағын көргендей болды.
«Инженер болмасам да поэзиямен, сөзбен халықтың мұңын жеткізер жол табармын…»
Бұл – ақын қыздың ішіндегі жалынның жаңа тұтанған сәті болатын. Ол әлі білмейтін: кейіннен депутат болып жүрсе де, ақын болып жүрсе де жүрегі сол баяғы арманына қызмет етуден танған емес – елінің абыройын арттырып, халқының даусын жоғарыдағыларға жеткізуден аянған жоқ.
Фариза сол түні поэзияны өзінің тағдыры ретінде сезінді.
Су іздеген ауылдың қызы сөз іздеген ақынға айналып бара жатты. Суды армандау –жүрегін оятса, сөзді аңсау – тағдырын қалыптастырды.
Фаризаның өсу жолындағы үлкен тұлға – анасы Халима болды. Білімді, көкірегі ояу, қазақтың ауыз әдебиетін жатқа білетін, сөздің қадірін ұққан жан.
Халиманың өмірі ешқашан жеңіл болмап еді. Әуелі жұбайынан, артынша ұлы мен қызынан айырылды. Сол ауыр күндерден кейін зиратқа жиі баратын. Бейіт басында көкірегін босатып, өксіп те алады.
Анасының жылағанын көрген сайын Фаризаның да жаны түршігіп, кішкентай жүрегі ауырып кететін. Сол көлеңкені сейілткісі келіп, анасына үйдегі кітаптарды дауыстап оқып береді. Кітап көп еді. Анасы қызының кітап оқығанын тыңдайды. Қызының аузынан шыққан әрбір сөз көз жасын құрғатып, көңілін сергітеді. Фариза сөздің шипасы барын түсіне бастады. Анасының мұңын сейілткісі келіп оқыған әрбір кітап өзіне де өмірлік мектеп болды. Сөйтіп қатарынан бұрын оқуды меңгерді. Ерте есейді. Өлімнің көлеңкесін ерте көрген бала өмірді де ерте түсінеді.
БӨТЕНСУДІ ҚОЙҒАН ҚАЛА
«Қаланың тас көмкерген тірлігінен, жаныма жай таба алмай зыр жүгірем. Биікке талпынсам да, тырп еткізбей әйтеуір тұмшалайды түрлі жүген.»
Атырау оны бозғылт көшелерімен қарсы алды. Бұл – оның өміріндегі алғашқы үлкен қала. Мұнда жусан иісі жоқ, желдің жырлы үні естілмейді. Оның орнын көмірдің, асфальттың, қарбалас тірліктің иісі басқан.
Фаризаның қолында шамадан, үстінде өзінен үлкен пальто, үрей мен үміт аралас жанарымен көшені шолып келеді. Бұл қалада ешкімді танымайды. Мұнда туған ауылдың тыныштығы жоқ. Бірақ бір нәрсе бар, ол – мүмкіндік.
Атырауға су инженері болам деген арманын арқалап келген. Ақын болу ойында да жоқ. Ауылына су әкелсем деген арман ауыл қызын қалаға жетеледі. Алайда инженерлікке қабылдайтын бөлімде үміткерлер саны толық екен, басқа бағыт таңдауға тура келді. Енді физика-математика пәнінің мұғалімі болуға шешім қабылдап, физика факультетіне құжат тапсырып еді, бірден қабылданады.
Көп ұзамай ауылдан хат келді. Анасының жазуы – әрі таныс, әрі жүрекке жылы тиеді.
«Қызым, кішкентайыңнан сөзге, кітапқа жақын едің. Неге әдебиет бөліміне бармадың?..»
Бұл оған найзағайдай жарқ етіп, көкірегін нұрландырып жіберген өткір сәуледей әсер етті. Түнде шам жарығымен отырып, ұзақ толғанды. Ішкі дауыс пен анасының сөзі үндесіп, басқа жолға бастады. Ертеңіне физика факультетінен құжаттарын алып, филология бөліміне апарып өткізді.
Фариза енді әдебиет әлеміне қадам басты. Бұл – анасының көрегендігінен бастау алып, өзінің жүрек қалауымен үндесіп жатқан тағдыр жолы болатын.
Анасының бір ауыз сөзі – бір дәуірдің үнін оятқан ақынның өмір жолын таңдауына себеп болды.
Институт оған ғибадатхана сияқты көрінетін. Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтында Фариза үшін қажеттінің бәрі табылды: кітаптар, шынайы ізденістегі адамдар, білімге деген талпыныс.
Бірге оқыған қыздар Фаризаның өздеріне ұқсамайтынын тез-ақ түсінді. Басқалар махаббат жайлы, сән жайлы сөйлессе, ол үстел басында отырып жазудан бас алмайтын.
– Сен неге үнемі жаза бересің, Фариза? – деп сұрайтын жолдас қызы.
– Өлең жазбасам өзімді жоғалтып алғандай боламын, – дейтін ол. – Сөз менің тынысымды кеңейтеді.
Кейде жалғыздықты сезінеді. Үйін, анасын, туған ауылдың иісін сағынады. Сол сәттерде дәптерін ашады, жүрегінің түбінен жаңа жолдар бас көтереді:
«Жаным – дала, көгінен бұлт арылмай, Батпан зілдер басса да жүр тарылмай. Шідерлеулі көңілді зулат, жырым, Баяғының құс қанат тұлпарындай.»
Ол тек педагогиканы зерттеп, әдеби кітаптарды ғана оқыған жоқ. Ол өз болмысын қалыптастырды – батыл, шынайы, берік болуды үйренді. Сол студенттік кезде, 1958 жылдары дәл осы қалада алғаш рет өлеңдері жариялана бастады. Бұл – Фаризаның шын ақын болып қалыптаса бастаған уақыты.
Өлеңдерінің астында қолтаңба: «Фариза Оңғарсынова – студент, Атырау». Бұл қала енді бөтен емес. Жас қыздың есімі ақын ретінде алғаш рет осы қалада естілді.
ӘЙЕЛ ЖӘНЕ СӨЗ
«Бірақ соның бәрінен
биік тұрған бір күш бар,
дидарына Жер де құштар, Күн құштар:
ол – нәзіктік,
мәңгі шуақ, нұры – құт,
сарқылмайтын жылылық,
ол – тірліктің қуаты –
ӘЙЕЛ атты ҰЛЫЛЫҚ!»
Фариза – тек жырдың емес, журналистиканың да жалауын желбіреткен жан. Ол – баспасөз сахнасына алғаш қадам басқан нәзік жүрек иесі, жанының шырағы – тек өлең ғана емес, әділ сөз, шындыққа адалдық еді. Ол жұмыс істеген «Лениншіл жас» – сол дәуірдегі ең беделді, ең абыройлы басылым болатын. Сол газетке өлеңі басылу – жастар үшін үлкен мақтаныш саналатын. Шағын ғана ауылдан келген жас қыздың осындай ортада орнығуы – нағыз ерліктің өзі.
Қаршадай қыздың ауылдан Алматыға келуі – жай ғана көшіп бару емес, қазақ қызының тағдырымен бетпе-бет келген сәті болатын. Ол кезде Алматы – арман қала, «Лениншіл жас» – биік басылым. Фариза сол биікке жүрегінің даусымен жетті. Алдынан даңғыл жол өздігінен ашыла салған жоқ.
Алматы ол кезде Қазақстанның астанасы. Редакциялар гуілдеп, журналисттер тынымсыз жазып, хат тасушылар жүгіріп жүрген кез. Сөз – санаға әсер ететін құралға айналған шақ. Ал оны қолдану – дәлдік пен жүректі талап ететін іс. Сол уақытта ел басшысы Дінмұхаммед Қонаевтың өзі жиналыстардың бірінде:
– Редакцияға жас, талантты кадрларды тартайық. Сондай жастар бар ма? – деп сұрады. Қонаев жаңа толқынға жол ашуды, редакция жұмысына серпін беретін жастарды қолдауды көздеген еді. Қалың адамның арасынан бір дауыс шықты:
– Оңғарсынова деген қыз бар. Жазудан тынбайды.
Сол бір сәт – тағдырдың иілген бұтағы секілді. Қонаев:
– Алдырыңдар оны Алматыға, – деп кесіп айтты.
Фаризаның Алматыға келуіне тікелей ықпал еткен келесі тұлға – Шерхан Мұртаза. Шерағаң – сөздің парқын білетін, дарынды алыстан танитын жан, талантты да еңбекқор жастарды көре білген, биікке жетелеген қайраткер.
Сол кездері Шерхан Мұртаза басшылық ететін «Лениншіл жас» газетіне бүкіл елден үздік қаламгерлерді жинау қажет болды. Бұл тек штат толтыру емес, жаңа журналистика мектебінің іргесін қалау еді. Шерхан Мұртаза Қазақстанның төрт бұрышынан төрт жас талантты арнайы шақырды: Батыстан – Гурьев облысынан Фариза Оңғарсынованы, Шығыстан – Оралхан Бөкейді, Орталықтан – Ақселеу Сейдімбековті, Оңтүстіктен – Мұхтар Шахановты алдыртты. Осы төрт тұлға кейін қазақ әдебиетінің көшбасшыларына айналды.
Фаризаны Шерхан аға жазған-сызғанынан таныды. Шынайы сөз, өр мінез, әйелге тән нәзіктікпен қатар қоғамға тіке қарай алатын көзқарас Шерағаңды бей-жай қалдырмады. Ол «Фаризаның прозасындағы эссе – қара сөз дегені болмаса, баяғы сол есіліп тұрған поэзия» деп жас таланттың өнерін жоғары бағалаған адам. Фаризаны Алматыға шақыру арқылы ол жас ақынға емес, айқындалып қалған тұлғаға орын ұсынды. Фаризаны осындай беделді тұлғалар таныды, бағалады, қолдады.
Ал Фариза болса, туған ауылын, сонау самал соққан Атырауын қимай, үлкен қалаға аттануға жүрегі дауаламай біраз жүрген. Бірақ сөздің салмағы – шақырту емес, сенім болды. Сөйтіп, Алматыға келді. Қаланы, кейін бүкіл елді селт еткізген нәзік дауыс күшейе түсті. Ақиқаттың үні арқырап шыға бастады. Бұл шешім қазақ журналистикасы тарихында жаңа беттерді ашты.
Кейінірек «Қазақстан пионері» газетінің бас редакторы болды. Бұл жай ғана қызмет емес, қыз баланың тағдырындағы үлкен сынақ еді. Фариза бұл сынақтан да сыр бермей, сырғып өтті. Бұл тағайындау кейбір әріптестерінің наразылығын туғызды. «Қалай келді бұл орынға, артында қандай күш тұр?» деген күңкілдер де естілді. Атыраудың бір қиырынан келген жас қыздың үлкен қала – еліміздің астанасындағы алдыңғы қатарлы редакторлық орынға отыруын көбісі қабылдай алмады.
Бірақ ол үн қатпады. Себебі, шындық біреу: Фаризаның артында ешқандай тамыр-таныс болған емес. Оны тіреп тұрған күш – еңбек, қалам, шындыққа адалдық. Ол ешкімнің сүйемелінсіз, ешкімнің жебеуінсіз, түн ұйқысын төрт бөліп, ақ қағазға төгілген ойымен көзге түсті. Ол – өз тағдырын өзі жазған жан.
Қарапайым ауылдан келген жас қыздан көпшілік әдеттегідей «ауыл жастарының ерлігі» жайындағы мақалалар күтті. Бірақ оның мәтіндерінде басқа нәрсе бар еді – жанды тыныс, үнсіз қарсылық, боямасыз шындық.
Сол уақыттан бастап Фариза Оңғарсынованың есімі баспасөзде, радиода, әдеби ортада жиі атала бастады. Оның өлеңдерін студенттер, аналар, ағалар жатқа айтты. Ол Отан жайлы, әйел жайлы, ар-намыс жайлы жазды. Шынайы. Қорықпастан.
Бірақ оның үні күшейген сайын, қарсылық та көбейе берді. Әсіресе – әйел болғаны үшін. Кей әріптестері «мінезі қатты, әйелге жараспайды», – дейтін.
Фариза жауап қайырмады. Тек ары қарай жаза берді.
«Тілемеймін өмірден жеке несіп,
мықтылармен күнелтпен жетелесіп.
Жолы қысқа, қыз бала десеңіздер,
кішірмеймін, мен қайта кетем өсіп.»
Алматы оның жыр бесігіне айналды. Өлеңдерінің көпшілігі осы қалада дүниеге келді. Қала үйлері, көшелері, күзгі жапырақтар – бәрі де оның жан әлемімен астасып, жыр жолдарына айналды. Осы қала – оның шығармашылығына кең тыныс, жаңа бағыт берген рухани орда.
Осылайша, Фаризаның өмір жолы нәзіктік пен табандылықтың жарасымынан өрілді. Оның әр сөзі, әр ісі қазақ қыздарының жүрегіне сенім ұялатып, ертеңге жол ашты.
АҚЫН ЖӘНЕ ХАЛЫҚ
«Күлкімді, жайлы күнімді,
азапты, қайғы-мұңымды
өзіммен бөліскенің үшін,
қатем мен жеңістерім үшін
менің мынау қиындау тағдырым болып
о баста көріскенің үшін
Өлең, мен сені аялап өтем!»
Ол енді өлең жазбайтын, өлеңмен тыныстайтын. Жай тапсырыспен емес, шабытпен де емес, бұл – ішкі қажеттілік. Жүректен қайнап шыққан сөздер көмейіңе келгенде үнсіз қалуға болмайтын.
Фаризаның өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көре бастады. Қазақ әйелдері оның жолынан өз тағдырын таныды – ауыр, кейде сынған, бірақ ешқашан жеңілмеген. Ерлер – анасын, қарындасын, жарын көрді. Ол көптің сезімін көркем сөзге айналдырды.
Ол енді Қазақстанды аралай бастады. Актөбе, Шымкент, Семей, Қарағанды, Атырау, тағысын тағы… Қай жерде де оқырмандар залға лық толы болатын. Біреулері жылайды, біреулері орындарынан тұрып тыңдайды.
Бір ауылда оған бір әже келіп, дірілдеген қолымен сарғайған қағаз ұсынды:
– Сенің мына өлеңің… – деді ол, – …күйеуім соғыстан қайтпағанда жүрегімді кернеген жан сырыммен үндесіп жатыр.
Фариза қағазды алды. Бұл оның 20 жыл бұрын газетке басылған өлеңі еді. Шеттері сарғайған, көз жасының ізі қалған.
– Бұл менің жолдарым емес, апа, – деді ол жай ғана. – Бұл – сіздің үніңіз.
Осындай кездесулер тек оқу мен жазуға ғана емес, ойындағысын ашық айтуға, халықтың сөзін сөйлеуге, үндемей қалуға қарсы тұруға шабыт берді.
Тәні шаршаса да көзінде – сол баяғы дала. Шексіз, желді, өр мінезді. Жиі-жиі ескі хаттарды оқитын. Шекарадан, ауылдан, ауруханадан жазған әйелдердің хаттары. Студенттер, мұғалімдер, қарапайым халық – бір кездері оның өлеңдерінен үміт тапқандар да жазады.
Ол уақыттың өтіп бара жатқанын білді. Бірақ ешкімге, ештеңеге шағымданбады. Тек жазуын жалғастыра берді:
«Адам мәңгі өмір сүрмейді,
Бірақ адамнан қалған сөз – мәңгі.»
Бұл – ақиқат еді. Сөз өлмейді. Ол кітапта, естелікте, ауада қалады. Ол бесік жырына, дұғаға, әнге айналады – ұрпақтардан ұрпаққа жететін үн деген осы.
ӨЛЕҢДЕЙ ӨМІР
«Алғашқы арман-тілекті
Шетке ысырғым келмейді.
Бірді сүйген жүректі
Көпке ұсынғым келмейді.»
Фариза үйіне кеш қайтатын. Қала ұйқыға кеткенде терезесіндегі жарық біраз уақытқа дейін сөнбейді. Үстел үстінде – қолжазбалар, хаттар, кітаптар, ыстық шәй. Және – тыныштық. Жүрек үнін ең жақсы еститін сәт осы.
Фариза тұрмыс құрмаған. «Неге?» – деп сұрағанда жай ғана иығын көтеретін.
– Мен өлеңге тұрмысқа шықтым, – дейтін күлімсіреп. – Ол мені қызғанбайды, бірақ бәрін талап етеді. Бұл жауапта қалжың да, шындық та, жүрек сыры да бар, бәрі қатар өрілген.
Адамдар көп нәрсе айтады. Біреулері аяйды, біреулері сөгеді, біреулері таңданады. Ал ол жай ғана өмір сүріп жатты. Артық түсіндірусіз. Артық драма жасамастан. Бірақ кейде жыр жолдарына жасырылған қасіреті аңғарылып қалады.
Кейде ол бәрі үшін емес – бір адам үшін жазатын. Мүмкін ол адам ешқашан оқымайтын да шығар.
Оның махаббат жайлы өлеңдері тәтті емес, қуатты еді. Онда өтініш жоқ. Жауап күтпейтін сезімнің күші ғана бар.
Фариза өмірінде бір-ақ рет шын ғашық болды. Ол бозбала – студент еді.
– Келесі жылы үйленеміз, саған құда түсем, – деді ол, екі жас солай уәделесті.
Бірақ тағдыр тосын бұрылыс жасап, уәде жүзеге асырылмай қалды. Сол жазда жігіт мотоциклмен көлікке соқтығысып, оқыс апаттан қаза тапты. Сүйген қызына жете алмай өмірден өтті.
Осы жайт Фаризаның жүрегін жаншып, үмітін үзіп кетті. Сол күннен кейін басқа әлемде өмір сүре бастады. Есі дұрыс болса да есі ауысқан адамның күйін кешті. Уақыт тоқтап қалғандай. Сырт көзге – сабыр, ішінде – дауыл. Бұл күй он жылға созылды. Он жыл үнсіздік. Он жыл бойы көз жасы өлең болып төгілді. Сырттай күлімдегенмен, қираған әлемнің сынықтары жүрегінде жаңғырығып жатты.
Содан кейін… ешкімге жүрегі ашылмады. Сезімді ақылмен емес, жүрекпен басқаратын жан еді. Бір рет шын сүйсе, қайтара сүйе алмайтын.
Кейде адамның әмірі өз жүрегіне де жүрмейді. Жан сырын бөлісер жан іздемеген де шығар – өйткені оны алмастыратын ешкім жоқ еді.
Сөз салғандар болды. Бірақ Фариза махаббатқа адал болатын. Естелікке опасыздық жасаған жоқ. Оның жалғыз ғана жүрегі бар. Сол жүрек бір ғана адамға тиесілі.
Содан бері жалғыз жұбанышы – өлең. Жазғанда ғана тыныс алатын. Сөйлегенде ғана өмір сүретін. Ол үшін ақ қағаз – жұбаныш та, жұбай да болды. Көзі ешкімге тоқтамай, өткеннің сағынышын іздейтін. Ол – жүрегін бір адамға арнаған әйел. Қалған өмірін өлеңге арнады.
«Қайғым бар (білем басқалар бекер дескенін)
ол – өзгені сүйе алмай,
жалғыздықпенен
мәңгілік некелескенім.»
Фариза жалғыздықтың да, еркіндіктің де құнын білді. Оның сөзін ешкім басқарған жоқ. Оның үнін ешкім шектей алмады. Өйткені ауыр сәттерде де жайлы өмірді емес, шындықты таңдады.
Бір кеште Фариза терезенің алдында отырған. Сыртта – жаңбыр, түрлі-түсті сәулесі мың құбылған шамдар, қала тіршілігі. Іште – дәптер мен жүрек.
– Апа, сіз осы шаршайсыз ба? – деп сұрады жиені.
Фариза оған қарап:
– Шаршаймын. Бірақ өлең шаршамайды, – деді.
Расында. Ол өлең жазған кезде ғана өмір сүрді. Жаны ауырғанда өлең жолдары туды. Жан қиналысына жауап табылмаған сайын сұрақтары көбейе берді.
Фариза Оңғарсынованың поэзиясындағы сырлы тақырыптардың бірі – жеке өмірі. Бұл туралы ешқашан ашық әңгімелемеген, сұхбаттарында тереңдеп бармаған. Алайда оның әрбір өлең жолы – ішкі дүниесінің айнасы еді. Оның махаббат жайлы жырларында нәзіктікпен қатар терең сыр мен ауыр күрсініс байқалады. Махаббат оның өлеңдерінде үміт пен арман, сағыныш пен тағдыр болып өріледі. Көбінесе бұл сезімдер қайғылы нотамен аяқталады.
Ол сезімді айту үшін сөзден де артық үнсіздікті таңдайтын. Оның поэзиясындағы махаббат – нәзік емес, күрделі. Қайта-қайта отқа күйіп, қайтадан жазылған жүректегі парақтар сияқты. Жалғыздықты да мойындаған жоқ, бірақ жырларынан сезіліп тұратын. Түнгі үнсіздік, қол тимеген кесе, оқылмаған хат – бәрі оның ішкі әлеміндегі күйді танытады.
Бұл жалғыздық еріксіз емес, саналы таңдау болды. Ол поэзияда, оқырмандармен рухани байланыста өз орнын тапқан адам. Ол үшін өлең – өмір, дем, жан тынысы. Жеке өмірі туралы айтылмаса да оның ішкі жан сыры әрбір жолда, әрбір үзілісте, әрбір лепте тіршілік етіп жатты. Өйткені оның нағыз махаббаты – халық болатын.
Өлең оның үні болды. Сырласы болды. Жан жарына айналды. Ол махаббат жайлы жазғанда – жыламады, бірақ жүрегінің соғуы сезіліп тұрды. Оның жырларында тәтті өтініш емес, үнсіз келісім бар. Сағыныш емес, тағдыр бар.
Жалғыздық – оның тағдыры емес, таңдауы. Ол оны жырмен құшақтады. Өлеңмен бөлісті. Оның ең шынайы сұхбаты – жыр жолдары. Ең үлкен махаббаты – халықтың жүрегі.
ӘЙЕЛ – КҮШ
«Жыр –
менің жалғыз тарланым,
аялап өтер ардағым,
талықсып атар таңдарым,
Айымдай жалқы арман-үн;
қарқылдай берсін қарға мың,
бұрқатсын боран-шаңдарын,
тарттырсын дүлей зардабын –
жанымды жырмен жалғарым,
өзімді соған арнадым.»
Фариза рұқсат сұрап сөйлемеді – жай ғана сөйледі.
Редакцияларда «мұны басуға бола ма?» деген кезде, Фариза жүйені сындырып тастаған, бірақ жеңілмеген әйелдер туралы жазып жатты. Ауылдағы арманынан айырылған қыздар, ар-намысын жоғалтқан ерлер, күш-жігерін жүрегіне жинаған әйелдер – оның өлеңдерінің кейіпкерлері еді. Оның қаламынан шыққан әр жол – тік айтылған ақиқат, бүкпесіз баяндалған ішкі жан айқайы.
Ол өтірікті көтере алмайтын, жалғандыққа жаны қас еді. Фариза жұмсартып, бүркемелеп сөйлеуді білмейтін.
– Айтатын сөзді айтып тастаңдар. Өмір сендердің үнсіздіктеріңе қарыз емес, – дейтін жас қыздарға.
Қазақ қыздарының ұяң, тым жуас табиғатына қарсы шықпай-ақ жүректегі жігерді оятқысы келетін. Олардан өз деңгейінде сөйлеуді сұрады. Өйткені үнсіздіктен шындық тумайтынын жақсы білетін.
Поэзиясында да – шын сезім, шын күрсініс, шын махаббат. Ол кездері қыз баланың ашық сөйлеп, ішкі сезімін ашық айтуы – қоғамға жат, тіпті ұят саналатын.
Фариза бұған көнбеді. Ол үнсіз ғашық болмады – шынайы сүйді. Жасырып жазбады – төгіп жазды.
Сыншылар селт етті.
– Бұл қазақ менталитетіне жат. Бұл өлеңдер қыздарымызды бұзады, – деді олар.
Бірақ поэзияны жүрегімен ұққан адамдар араша түсті. Олар Фаризаның өлеңдерін жүрекпен түсінді.
«Нағыз поэзия осы емес пе?» – деген үнсіз мойындау өркениеттен бұрын жетті.
Фаризаға дейін «қыз-келіншектер поэзиясы» деген ұғым бар еді. Сыпайы, жұмсақ, мінәйім жазылған. Фаризадан кейін бұл ұғым ескірді. Өйткені ол әйел сөзін шындықпен суарды. Әйел болмысына күрескерлік, рух, еркін дауыс қосты. Бастағы кимешекті емес, санадағы қорғанды сыпырды. Сезім – ұят емес, шындық екенін дәлелдеді. Ол әйелдерге – дауыс берді. Өзі үнсіз қалғандардың атынан сөйледі.
Ол тек өлең ғана жазған жоқ. Әйелдердің ішкі еркіндігін жазды. Айқайламай-ақ, әйелдердің үнін көтерді.
Ол феминист болған жоқ – бірақ әйел тағдыры үшін соғысты.
Ол саясаткер болған жоқ – бірақ ұлт рухын қорғады.
Ол миссионер болған жоқ – бірақ мыңдаған әйелдің ойына ой қосты.
Оны кездесулерге, конференцияларға, дөңгелек үстелдерге шақыратын. Фариза үндемей қалмайтын. Тік тұрып, қатаң үнмен, дауысындағы отымен көпшілік айналып өтетін шындықты айтатын:
– Неге әйел адам үндемеуі керек, егер оның ойлау қабілеті болса? Неге әйел айтқан сөз – айқай, ал еркек айтса – даналық?
Зал үнсіз қалатын. Себебі олар білетін: бұл жәй ғана сөз емес. Бұл – ақиқат.
Фариза тілді қорғады. Қазақша сөйлеуге ұялып, сыбырлап жүретін заманда өткір мақалалар жазды, ашық хаттар жолдады, эфирлерге шықты:
– Ана тілі – ананың жүрегі. Ана тілінде сөйлемеген – ананың жүрегін естімейді.
Ол жазған өлеңдерде қазақ тілі – мақтанышпен, биік әуенмен, әсем естіледі. Оның өлеңдері қазақ тілінің ең таза, ең терең, ең шынайы тынысына айналды. Ол тілді құрал емес – жүрек деп білді. Жазбаса жүрегі тоқтап қалатын сияқты еді.
Феминизм ұғымы болмаған кезде Фариза әйелдердің жанашыры болды. Ол шын мәнінде революционер еді. Ол айқайлаған жоқ. Бірақ дауысы көпшіліктен қаттырақ шықты. Себебі ол үнде шындық бар еді. Халық соны сезді.
БИЛІК ЗАЛЫНДАҒЫ ҮН
«Адамда ой жоқ, пайым жоқ,
Биліктен басқа уайым жоқ,
Нар мая сирек – айғыр көп.
Ақиқатты айтып алқындым,
От пенен суға шарпылдым –
Сөзіме құлақ салмадың,
Ұқпадың дүние жалғанын,
Алауыздықтан танбадын,
Жақсыларыңды жалмадың,
Ашылғанын сезбей артыңның.
Ендеше тағдыры халқыңның
Қолында кетер әркімнің.»
Парламент – мәрмәр қабырғалар мен ауыр есіктер. Бірақ сол жерде әдеттегі есеп-қисап, бюджет, талқылаулар арасынан ақынның үні естілді.
1995 жылы Фариза Оңғарсынова Мәжіліске саясаткер ретінде емес, ар мен сөздің иесі, миллиондар сыйлайтын тұлға ретінде келді. Халық: «Фариза бар жерде – үміт бар», – дейтін.
Бұл орынға ол билік сұрап емес, билікке шындық керек болған соң келді.
Атырау облысы… Жердің асты – байлық, беті – сор. Ауыз су тапшы. Мұнай бар, бірақ мұнайшылар жоқшылықта күн кешіп жүр. Каспий теңізі тартылып барады. Халық – елеусіз. Жер – тозған. Халық – жаны жаралы, үміті үзіліп бара жатқан Атырау жұрты оған:
– Біздің сөзімізді сөйле. Біздің үніміз бол, – деді.
Фариза саясатқа барғысы келмеп еді.
– Мен ақынмын. Менің орным – өлеңде, – дейтін.
Бірақ елдің ақсақалдары өтінді. Иығына үміт артты.
– Бізге шындық айтатын кісі керек, – деді.
Сол кездегі Атырау облысының әкімі Равиль Шырдабаев та:
«Фариза депутат болмаса бәріміз жұмыстан кетеміз» деп қолқа салды. Бұл сөз – поэтикалық шындықты саяси шындыққа айналдыра алған Фаризаның беделін анық көрсетеді.
Равиль Шырдабаев кейінірек өз өмірбаянында Фаризаның журналистік жолына ерекше тоқталады:
«Жетібай кен орнына алғаш барған журналистердің бірі – бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелде де танымал ақын Фариза Оңғарсынова еді. Республикалық «Лениншіл жас» газетінде жарияланған «Жастар жүрген жер – береке» атты мақаласында ол жас мұнайшылардың өмірін шынайы әрі қызықты етіп сипаттады», – деп жазады.
Бұл сөздер ақынның өлеңде ғана емес, өмірдің қай саласында да шындықты ту еткенін дәлелдейді. Кен орнындағы жұмысшы жастардың өмірін көркем сөзбен де, әлеуметтік әділет тұрғысынан да көтере білді.
Осылайша, Фаризаның Мәжіліске келуі – кездейсоқ шешім емес, елдің ішкі сұранысынан, халықтың шынайы үнінен туған тарихи қажеттілік болды.
Фариза өз кезегінде үнсіз қалған емес. Халқының өтінішін жерге тастамады.
Жүрегі қаламмен соқса да қолына заң жазатын қалам алды. Сөйтіп, саясат сахнасына ақындық жүрекпен, шындық жүгін арқалап шықты.
Ол саяси ойындарды ойнауға қатысқан жоқ. Жай ғана жымиып қойып, үндемей отыратын жерлерде қол көтеріп, қорықпай сөйледі.
Ол – шайқалмайтын сөздің иесі.
Ол – иіле білмейтін тұлға.
Кейде – салқын көзқарастар. Кейде – наразылық. Бірақ ешкім Фаризаның сөзін бөлмейтін. Мәжілісте ол жай ғана орын толтырып отырған жоқ. Білім үшін, қазақ тілі үшін, ауыл балалары, әйелдер құқығы мен ұлттың рухы үшін күресті.
Ол жаңа заң жобаларын жазды. Екі заң – оның өз қолынан шықты. Біріншісі ана мен бала жағдайы туралы, екіншісі балалар құқығы туралы.
Сол кезге дейін балалардың құқығы туралы Қазақстанда арнайы заң болмаған. Фариза соны жазды. Жетім бала, тастанды бала – ешкім ұмыт қалмасын деді.
Ол әр сөйлемді жүрекпен жазды. Әр бапты көз жасымен түзді.
Бұл – жай заң емес. Бұл – аналық жанашырлықтан туған құжат.
Парламентте саясаткер болуға тырысқан жоқ. Ақын күйінде, халықтың өкілі күйінде қалды. Әр мінберден сөйлеген сөзі қарапайым халықтың жүрегіне жетті.
Ол саясатта ұзақ жүрген жоқ. Алдамшы сөз көп, шынайы мән аз. Парламенттен кейін Фариза поэзияға оралды. Бұл жолы билік басындағылардың арасында жүріп те ар тазалығын сақтап қалған адам ретінде жазды.
Фаризаның өмір жолында тағдыр мен таңба қатар жүрді. Ақын болу – көптің көкейінде жүрген сөзді айту ғана емес, сол сөз үшін жауапкершілік арқалау. Ал Фариза үшін бұл жауапкершілік – халықтың сенімі мен үміті.
Ол – соғыстан кейінгі буынның өкілі. Балалық шағы қиын-қыстау кезеңге тап келді. Бірақ сол ауырлық оны қайрай білді. Ерте есейді, ерте ойланды. Ерте жырлады. Фаризаның тағдыры оңай болған жоқ. Шындықты айтудан қорыққан емес. Қоғамдағы әділетсіздік, әйелдің орны, тіл тағдыры, рухани құлдырау – бәрі оның қаламының ұшында тұрды.
Фаризаның жолы – ақынның да, халықтың да жолы. Жыр күрескері заң күрескері де бола алатынын көрсетті.
Оның жүрегі нәзік еді. Сол жүрек мәрмәр залда да, шаңды ауылда да бірдей соқты. Себебі бұл жүрек халық үшін соғып тұрған.
ӨЛЕҢМЕН ӨМІР СҮРГЕН ЖАН
Астананың «Мәңгілік ел» көшесінде мектеп бар. Кіре берісінде ілулі тұрған тақтайшаға:
«№77 Фариза Оңғарсынова атындағы мектеп-гимназиясы» – деп жазылған.
Күн сайын сол мектепке сөмкелерін арқалап, арман жолына түскен балалар улап-шулап кіріп-шығып жатады. Қабырғада ілулі тұрған өткір көзді тұлғаның портретінің жанынан өтеді.
Әдебиет сабағында мұғалім кітабын ашады. Дауыстап оқиды:
«Сенімге толы көңілдер
көктемгі көктей көгерген.
Жасаңдар, құшып сенім-күн,
құлпырған гүлдей құздағы,
жұлдызы жанған жерімнің
жұлдыздай жарқын қыздары!»
Сол кезде бір қыз бала басын көтереді. Өлеңнен өзін таниды. Өзінің үні бар екенін сезеді. Жалғыз емес екенін біледі.
Кітапханаларда оның өлең жинақтары жатыр. Оларды тек үлкендер ғана емес, жастар да қолына алады. Себебі бұл өлеңдерде уақыт жоқ. Ақиқат бар.
Ал ақиқат жасқа қарамайды.
Фаризаның есімі берілген мектеп тек Астанада ғана емес. Бүгінде Қазақстанның батысындағы үш ірі қалада – Атырауда, Ақтауда, Ақтөбеде оның атындағы білім ордасы бар. Бұл – ақын мұрасының өңірлік емес, ұлттық деңгейдегі құндылыққа айналғанының айғағы.
Музейлер ашылып жатыр. Ескерткіштер қойылып жатыр. Мақалалар жазылып жатыр. Бірақ ең бастысы, оның өлеңдері әлі де оқылып жүр. Себебі Фаризаның өлеңдері оқылғанда оның үні өмір сүріп тұрады. Бір емес, мыңдаған адам оның жырын оқып, тізерлеп тұрды. Себебі оның үні арқылы өз үнімен табысты.
«Мен жалындап өтемін
қариялардың қимайтын жас шағы болып,
балапандардың талпынар асқары болып,
ару қыздардың аңсаған арманы болып,
асқақ жандардың алаулы таңдары болып;
жиырмада жесір қалғанның аңсары болып,
сүйіскендерге көз ілер таңсәрі болып…»
Біреулердің артында кітаптары қалады. Кейбіреулерден – ескерткіш қана. Біреулердің дауысы қалады. Фариза Оңғарсынова жай ғана ақын емес. Ол – халықтың айнасы. Оның өлеңдері даңқ іздеген жоқ, шындық іздеді. Сол себепті де олар халқымыздың жадында мәңгі қала береді.
Әр дәуірде де өзімен бірге өзгелердің де үнін жеткізетін адамдар болады. Олар өмірді терең сезетін, жүрегімен сөйлейтін, үнсіз тұрып та бәрін айта білетін жандар. Фариза сондай адам еді. Ол да өмірден өтті. Бірақ жоғалған жоқ. Кітаптарын оқиды. Сөздерін қайталайды. Сезімін ұғады. Бір адам кітабын ашып, шумағын сыбырлап, желден үнін естісе – ол тірі.
Сөз – мәңгі. Ақын – соның тынысы.
ДОС ПЕН ДАРЫН
Фариза Оңғарсынова мен Әбіш Кекілбаев – қазақ руханиятының қос алыбы. Бірі – отты сөздің иесі, бірі – ойдың тереңі. Екеуін де халық ұнатты, бірақ олар бір-бірін ерекше түсінді.
Олардың достығы жылдарға емес, сенімге құрылған еді. Әбіш – философ, көркем прозаның шебері, ал Фариза – жүрек сырын жайып салып, халықтың үнін жеткізуші. Әр кездесулерінде әдебиетпен қатар ел тағдыры, тіл мәселесі, әйелдің орны жайлы сырласатын.
«Фариза – ақын ғана емес, ардың дауысы», – деген екен Әбіш бір әңгімесінде.
Фариза да Әбіштің тереңдігіне таңданып:
«Ол жазушы емес, елдің зердесін жазатын шежіреші», – дейтін.
Олардың достығы шынайы пікірге, парасат пен пайымға негізделген болатын. Бір-бірінің сөзін бөлмейтін. Жеке пікірін ашық білдірсе де араға салқындық түспейтін. Бұл – ұлыларға тән қарым-қатынас.
Әбіш ағамыз Фаризаның шығармашылығын жоғары бағалап, өр мінезін ер азаматтарға үлгі ететін. Олар поэзия мен прозаның ғана емес, ұлттық рухтың да қос қанаты болды.
Кейбір отырыстарда өзара пікірталасқа түсетін. Бірақ бұл ренішке емес, рухани өсуге жетелейтін. Бірін-бірі толықтырып, биікке тартып отыратын. Бұл достық – естелік емес, ұрпаққа үлгі.
«Әбіш – ардың, мен – елдің үнін жеткізсем, онда әдебиет өз миссиясын орындады», – деген еді Фариза бір жолы.
Міне, екі алыптың үн қосқан достығы ұлтқа қызмет ету деген ұлы мақсат жолында тоғысты. Бұл – қазақ әдебиеті мен мәдениетінің алтын парағы.
Маңғыстау даласының ұлы мен Атырау топырағының қызы – екі өңірдің мақтанышы ғана емес, қазақ руханиятының қос тағаны еді. Фариза мен Әбіш – бірі поэзия, бірі проза. Бірақ екеуін біріктірген – елге деген адалдық, сөзге деген қасиет, шындыққа деген құштарлық.
«Фариза – аспанға алау шашып, шоқ таратып жатқан рух жанартауы. Өшпейтін де, сөнбейтін де өжеттік қайнары», – деп Әбіш Кекілбаев қазақтың орны толмас ақын қызы туралы естелік сөздер қалдырды.
АҚЫН МЕН АДАЙ РУХЫ
«Маңғыстау!
Мұнарларың шаншылса аспанды ұрып,
тайталаса алмай қалмай қалады асқар бұғып.
Жанартаулардай лапылдап отты алауларың,
жанары жасық жандарды жасқындырып.
Жастық шақ ізін тастаса –
кешегі бозаң, қатыгез құм дала-мекен,
қара ормандармен қайысып нуланады екен.
Осынау асқақ жандарға замандас болып
мен асылы тектен-тек тумаған екем!»
Фариза апайдың тамыры – Адайдан. Ол осы рудан шыққанын ешқашан жасырмаған, қайта мақтанышпен айтатын. Маңғыстау даласы, оның шөлі мен тауы, желі мен үні – бәрі де оның поэзиясында көрініс тапқан.
Адай – күрескер, өр рухты ел. Бұл рух Фаризаның жырынан да аңғарылады. Оның жырларында жалын да бар, ызғар да бар, биік үн мен ашық ой бар. Ақын осы рухпен тыныстады, осы өрлікті бойына сіңіріп өсті.
Маңғыстауға барған сапарларында ауыл қарияларымен, жастармен кездесіп, шынайы сұхбат құрып, сол өлкенің өткені мен бүгіні туралы ой бөлісетін. Әр келгенінің өзін маңғаз Маңғыстаудың тұрғындары тойға айналдыратын. Адайлар оны аяулы қызы ретінде ардақ тұтты.
Ақынның Маңғыстау өлкесіне арналған шығармаларының ішінде ерекше орын алатын туындысы – «Маңғыстау маржандары» атты өлеңдер жинағы. Бұл кітап – Маңғыстауды суреттеу емес, бұл өлкеге деген терең сүйіспеншілік пен рухани тамырластықтың көркем айғағы. Жинақта өлкенің тарихы, табиғаты, тылсым күші, киелі жерлері өлең өрнегімен бейнеленген.
Сонымен қатар, Фаризаның «Маңғыстау монологтары» атты өлең топтамасы – ақын мен маңғаз Маңғыстау арасындағы ішкі сұхбаттың көркем үлгісі. Бұл өлеңдерде Фариза топырақпен, тастармен, теңізбен, желмен – бәрімен тілдесе береді.
Фариза үшін Маңғыстау – киелі мекен. Мұнда мәңгілік тыныс тапқан 362 әулие, соның ішінде ерекше орны бар Пір Бекет ата оның да рухани болмысының бөлшегіне айналған. Ақын бұл есімдерді құр атап қана қоймайды, жүректен шыққан құрметпен жырға қосады.
Фариза Оңғарсынованың поэзиясы Маңғыстаудың рухани келбетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Оның жырларындағы Маңғыстау – тек географиялық аймақ емес, жан-дүниесінің бөлшегі, ұлттық рухтың символы. Осы арқылы тылсымға толы мекенді барша қазақ баласына жақындатып, өлкенің бейнесін өлең арқылы ұлт жадында жаңғыртты.
Маңғыстаудың кең даласы мен қасиетті мекендері жырларына жан бітірді. Адай – оның рухы. Фаризаның поэзиясы сол рухтан сусындайды.
АҚЫН ТУРАЛЫ ЕСТЕЛІКТЕР
«Сөз деген – сағыныштан туған үн,
Жан естелігін жеткізер мәңгі мұң.»
Фариза Оңғарсынова қайтыс болғаннан кейін де оның бейнесі мен үні ел жадында жаңғырып тұр. Ақын туралы айтылған естеліктер – шынайы құрметтің көрінісі.
Жолдастары, әріптестері, шәкірттері оның турашылдығын, әділеттілігін, терең ойлы адам болғанын жиі еске алады. Ол ешқашан екіжүзді болмаған, сөз бен ісі сай келген тұлға еді.
«Фариза апай сөйлегенде бәрі тынышталып қалады, тек тыңдай беретінбіз», – дейді өнердегі сіңлісі.
Ақын туралы жазылған естеліктерде оның ерекше мінезі, ер мінезділігі, сөзге деген құрметі жиі аталады. Шындықты бетке айтатыны, ешкімнен жасқанбайтыны замандастары үшін үлгі болды.
«Ол кісімен сөйлескенде өзің де шынайы болуға тырысасың. Себебі оның жанында жалған сөзге орын жоқ», – дейді жас ақын.
Естеліктердің көпшілігі оның адамгершілігіне, жомарттығына, жастарға қамқорлығына арналады. Ол үнемі жас қаламгерлерге қолдау білдіріп, бағыт-бағдар беріп отырған.
«Фариза апам алғашқы өлеңдерімді баспасөзге жолдауға батылдық берді», – дейді бір шәкірті.
Оның өмірі мен шығармашылығы туралы айтылған әрбір сөз – ұлттың ұлы қызына деген шексіз ризашылық пен сағыныштың белгісі.
«Ақын өлмейді,
Оның сөзі – өмірдің жалғасы…»
Фариза жайлы естеліктер – келер ұрпақ үшін шындыққа, рухқа, әділетке адал болудың сабағы. Олар арқылы ақын бейнесі тірі, жанды күйінде сақталып отыр.
ЖЫР – ЖҮРЕК ҮНІ
«Жыр жазбасам – дем жетпей, тұншығамын,
Жырым – менің тынысым, күрсінісім…»
Ақын үшін өлең – жай ғана сөз емес. Ол – жүрек үні, ішкі әлемнің жарығы. Фариза үшін поэзия – өмір сүрудің жалғыз жолы болды. Өлеңсіз бір күні – үнсіз даладай, тіршіліксіз аспандай.
Ол қалам ұстағанда дүниенің шынайы тынысы сезілетін. Оның жырларынан жасандылық емес, жаралы шындық аңғарылатын. Өлең оның күнделігі, сыр сандығы, жарасын жазған шипасы.
«Жыр – жай сөз емес,
Жанның жылағаны…»
Фариза әр жырын бір тағдырға балайтын. Ол әр қазақ қызының, әр ана жүрегінің атынан сөйледі. Жүрегін жарып шыққан өлеңдері халқына арналды. Өйткені ол өлең жазғанда тек өзін емес, өз ұлтын, оның үмітін, жарасын, үні мен үнсіздігін жеткізді.
Түн тыныштығында, шамның жарығында туған жырлары мыңдаған жүрекке жарық сыйлады. Ол сөзбен емдеді. Сөзбен күресті. Сөзбен сүйді. Сөзбен өмір сүрді.
«Өлең – менің өмірім.
Сөз – менің тағдырым.»
Фаризаның поэзиясы – уақытсыз. Ол бүгін де, ертең де тірі. Өйткені шынайы жүректен шыққан сөз – өлмейді.
Мейрам
АХМЕТЖАНОВ





