ҚУЫП ҰСТАЙ АЛМАДЫҚ ҚУ ЖАЛҒАНДЫ…

Бүгінгі қазақ поэзиясы салқар көшінің кеуде тұсында келе жатқан, талантты ақындар тасбиығына ерте тізілген өнерпаздың бірі – Ертай Ашықбаев.
Ол жөргекте жатқанда өлең деп уілдеді десек күпірлік болар, бірақ өлең оның ес білген кезден серігі десек қателеспейміз. Былайша айтқанда, ерте есейді.Жүректің, шабытты көңілдің ауанымен қалам тербеп, нәрлі жырлар тудырды. Бозбала шағынан бастап, шашы бозала болған кезге дейін өзінің сара бағытынан айнымаған ақжарма ақын соңғы жылдары ұлттың мұң-мұқтажына да көбірек көңіл бөліп, осы тақырыпта қалам тартып жүр.
Міне, биыл жетпіс деген жастың желкенін керген қазақтың қабырғалы шайырын мерейжасымен құттықтай отырып, бір топ өлеңін жариялауды жөн көрдік.

КӨКТЕМ. ҚҰСТАР
Бұл қыста да озық жұртқа теңелмей,
Мемлекет абыройын төксек те,
Күн жылынды —
Сенбеймін бе, сенем бе, ей?
Табан тиді көк шөпке.

Жердің үсті, обалы не, құлпырды,
Жылытайын тоңып қалған күлкімді.
…«Кешіріңіз, біз осында тудық» деп,
Келіп жатыр
кеткен құстар былтырғы.

Рұқсат та сұрамай,
Қонып жатыр — бұ қалай?
Тағы қашып кетер ме екен
бұл құстар
Желтоқсанда алағай да бұлағай?

Тағы да сол ақ қар, көк мұз тайғақта,
Бұларсыз-ақ мінеміз бе қайратқа?
…Көктем жайлы
өлең жазу қызық-ақ,
Шіркін, біздің аймақта.
Қонды құстар…
жек көрдік пе оны біз?
Ұя бұзып кірленген жоқ қолымыз.
Сендер емес келгендердің
алды-арты,
Үйренгенбіз.
…Құстар, уа, қоныңыз!

ТАҢ

Жұлдыздарын жинап болды
Ай мақтап,
Жапырағын сілкіп қойды
жайлап бақ.
Мең-зең болып кірпік ашты Ақтөбе,
Ілгері озған бір сағатты ғайбаттап.

Бұл Ақтөбе мазасы жоқ кент еді,
Дем алмайды тіпті жел мен желкемі.
Демалып-ақ жатыр жалғыз амалсыз,
Анау үйдің жұмыста жоқ еркегі.

Жатпағанда… қайда бармақ,
не істемек?..
Әйел байғұс бұрқылдайды
кешке кеп.
Ұясынан Күн шығып тұр ұялып,
Еш пендеге көрсете алмай еш көмек.

Жасырғысы кеп тұр көзін бұлтпенен,
Күн шыққанда шаттанбайды жұрт деген.
Жаңбыр тілеп жаутаңдайды аспанға,
Көңіл-әйнек кірін ешкім сүртпеген.

Бүгін жаңбыр жаумайды ғой — белгілі,
Елдің майдай ерімейді терлігі.
Тек тарихқа жаңа беттер қосады
Базардағы әйелдердің ерлігі.

Айтылмайды түйіні бар сөз әлі,
Тек көліктер бір-бірінен озады.
Тез қартайған жеңгелердің өңіндей
Ақтөбенің асфальттары тозады.

Бола қоймас төтен хабар,
тосын жай,
Бір күн өтер еш жаңалық қосылмай.
«Өзің біл, — деп, — тұрмасаң да, тұрсаң да»,
Ақтөбеге таң келіп тұр осындай.

ЖАРЫССӨЗ
Зор қоғамның, не беделді Кеңестің,
Төрағасы емеспін.
Олай-былай барған кезде, әрине,
Мәшинемен алып жүрмес
мені ешкім.

Жазу, сызу — маған қонған бақ, талап,
Дерсіз, бәлкім: «ал, не жаздың, мақтан-ақ».
Әттең, әкем халық жауы болмапты,
Жазар едім бір поэма… ақтап ап…

Қозы бақтым. Үйрек бақтым.
Қаз бақтым.
Ғашық болдым —
тарттым сонда аздап мұң.
Диссиденттік маған
қайдан бұйырсын —
Үкіметке қарсы өлең жазбаппын.
Жаза қояр дерек таппай мүлде мен
Қиналамын. Жиналыста үндемен.
Алматыдан кетіп қалғам ертерек —
Желтоқсанда
танысқам жоқ түрмемен.

Брежнев, асыл задам, құрметтім,
Сізді… және Қонаевты үлгі еттім.
Өкілімін ду қол соққан дүрмектің,
Мен — күріштің
қасындағы күрмекпін.

Жиналыста көбеңсиді көңілім,
Маған назар аудармайды көп інім.
…Жарыссөзде айта салар ерлігі
Емге де жоқ, ай-хай, менің өмірім.

САНТЕХНИК АЛПАМЫС
(Мадақ жыры)

Уа,
сантехник Алпамыс,
алдыңа кеп құлдық ұрды алты арыс!
Қыста тоңбау,
жазда мөлдір су ішу —
бұл-дағы бір алқалы іс.
Ана жағың —
көне бетон,
көк асфальт,
Мына жағың — құбырдағы
қарт ағыс.
Сен шыққанда үйіңнен —
әлденеге мұңданады әр таныс.
Білгің келсе,
сен деген —
төбемізде ұшып жүрген қалқа құс!

Уа,
аймаққа сыйлы ізгім,
темірге қалпақ кигіздің,
тасқа алау тигіздің.
Бір төбенің толқынын
бір төбеге құйғыздың.
Жем-Сағыз бен Ойылды,
Қарғалы мен Електі
бір құбырға сыйғыздың.
Сен шыққанда көшеге,
тікесінен тік тұрады —
Үй біздің!

Басыңнан бақ кетпегей,
жауың жүрсін — беттемей,
бізге де төк мейіріміңді шектемей.
Уа, Алпамыс, бұл сенсіз
мына Ақтөбе шаһарыңыз
не етпек, ей?!
Уа, тоқтайын!
Бұл сөзім астана жұрт әкімдері құлағына жетпегей!

Алысатын ерімді —
күндіз демей,
түн демей,
Қарысатын ерімді —
жауап бермей,
үндемей,
дәрі беріп ұйықтатып,
солар бір күн алып кетіп жүрмегей!..

НЕСІБЕ
Ай-хай, дүние, сайран самал соғады,
Тоқ шаңырақ, құт ірге.
Ақтөбені көрмегендер көп әлі,
Келдің. Көрдің.
Шүкір ме?

Уа, көрдіңіз:
Жайдары жұрт, кішік ел,
Көркем әлем, көк арай.
Талай-талай ақылы мол кісілер
Ақтөбені сағынбайды,
…О, қалай?

Ақтөбенің Алматыдан несі кем,
Астанадан немесе?..
Түсіндіріп берер едім, кешігем,
Өзің айтшы, жеңеше.

Ұқтырар ем, жол күтіп тұр, кешігем,
Алматыға асықтым.
Алматыда, уай,
менің артық еді несібем,
Бірақ ылғи Ақтөбеге ғашықпын.

Ақтөбеде сайран самал соғады,
Күледі Күн, толады Ай.
Ақтөбені көрмегендер көп әлі,
…Обал-ай!

КҮНДЕРІМ-АЙ!
Болмаған соң бақ қонған іргелі бай,
Не сүйеп тұрмаған соң күнде мұнай,
Өмір деген бірде олай,
бірде бұлай.
Жанғаны мен сөнгені есептеулі
Электрдің шамындай күндерім-ай!
Желден жылдам жүгіріп жүлде-құмай,
Уай,
шіркін,
кезбедім жүлгені қай?
«Ала кетші» деп тұрған гүлге де ұнай,
«Қала кетші» деп тұрған түнге де ұнай,
Дүниені түрленткен дүрмегім-ай!
… Қайда кеткен армансыз
күлген рай?..

Мына қардың астында
думан қалды,
Әлдекімге тастадық нулы аңғарды,
Жемістерге жүгірдік будан дәнді.
Жеткізбеген сонда да,
беу, дүние-ай,
Бізден де бұрынырақ туғандарды.
Шөл ішінде,
сұрасаң,
бурам қалды,
Көл ішінде,
сұрасаң,
музам қалды,
Қуып ұстай алмадық қу жалғанды.
«Сүймедім» деп ақ бұлақ-су зарланды,
«Сиредім» деп қараорман-ну зарланды…

Анау менің баяғы бұла түнім,
Бұла түнім,
тауыпты бұ да тыным,
Қайда кеткен дүлділ ой,
дүр ақылым?
Ойнамаймын,
күлмеймін ойдағыдай,
Әуелі мына мені жұбат, інім,
Мен —
жастықтың жұрағат-жұратымын.
Жылжып өтті
қаншама жыл ақырын,
Жазығы жоқ гүл еді жұлатыным,
Кештік бастан қаншама күнә түрін,
Тіршіліктің,
о, көрдік сұрапылын…
Күндерім-ай,
… сонда да… қайтып келсе…
тағы да қайталауға тұра тұғын!

Ертай АШЫҚБАЕВ,
Халықаралық «Алаш»

әдеби сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның құрметті жазушысы




ПІКІР ЖАЗУ