ШЫРМАУЫҚ
(«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жарық көрген «Сал Көкше» кітабынан үзінді)
Санамен салмақтайтын Ер табылса,
Айтылмай неге қалсын менің атым.
Ақан сері
СӨЗ БАСЫ
Салмағы бағзыдағы сағаналық,
Қалмайтын қағаз тозып, адам арып.
Көңілде көптен бүккен бір оқиға
Жазбаққа жыр бастадым қалам алып.
Ағайын басы бүтін, бауыр елі,
Кетпеген дала сәні, тау іреңі.
Бәрінде жаймашуақ, жайлы заман
Молшылық, мамыражай дәуір еді.
Ол заман бұл заманнан мүлде бөлек,
Көкірек бүгінгідей кірлемеп ед.
Жауына түсіп берер астындағын,
Бұйырған қайманаға бір кебенек.
Аңқыған жұпарына дермене тең,
Бітімі жерге таныс, елге бөтен.
Сол шақта дүркіретіп жер әлемді
Бір сетер дүниеге келген екен.
Өткізген уайымсыз, қам қайғысыз,
Ол неткен бақытты адам?
Қандай кісі?
Бір туар мыңжылдықта пенде болар
Адамның бақыт қонған маңдайлысы.
Ол мүмкін,
Пенде болар Құдай сүйген,
Адамды Құдай бар ма бұлай сүйген?!
Басына үйіп берген өнер түрін
Ол болса қыз қырқынды құлай сүйген.
Астына Құлагердей тарлан берген,
Соңына Базарала арлан берген.
Қолында көзі шегір Қараторғай
Аң көрсе бүріп түсер салған жерден.
Астына Құлагердей дүлдүл қонған,
Ән төксе көмейіне бұлбұл қонған.
Өнерді бір басына үйіп төккен
Недеген керемет ең!
Құрғыр жалған!
Ер жігіт үйде туып, түзде өскесін,
Қалайша ән қаңтарып, із кеспесін.
Алыстан тамылжыған үн жеткенде
Тоқтатар кемпір өрмек, қыз кестесін.
Бүк-шік боп жығылмайтын бір асығы,
Адамның осы болар шын асылы.
Қуанса күн күлімдеп, ай нұрланып
Жұбанса бұлт жайлаған құба шыңын.
Білмейді-ау!
Бір күні елден мерт боларын,
Өзегі өшірілмес өрт боларын.
Жайқалған жауһазындай қам көңілдің
Сетінеп, бір-ақ күнде шорт соларын.
Білмейді-ау! деп айтамыз,
Білген,
Білген..
Білгенін ол заманда кімдер білген?
Атағы Алты алашқа тараса да
Санасын бірер жұмбақ күрмеп жүрген.
Өзі де ішкі есебін санаған-ды,
Сол үшін сол тағдырды қалаған-ды.
Ал енді біз айтайық хақ оқырман
Көз көріп, құлақ естіп тараған-ды.
II.
ЫРҒЫН УАҚЫТТЫҢ БЕДЕРІ
Жазылмай өтер ме өлең,
Кетер ме өлең?
Келе ме, адамға айтып
кесел деген.
Біреу жүр жалғыз жарым
жарты түнде
Жағасын елсіз көлдің мекендеген.
Оған жоқ күлекеш күн шұғылалы,
Масаң ой апшысын кеп қуырады.
Көңілі күрт бұзылып күзгі күндей
Ауа райы сияқты құбылады.
Туғаны кеше еді сүмбіленің,
Содан ба, жан сыздайды бір білерім.
Қай күні етектен кеп тартады екен
Ажал құрық асынған құрғыр өлім.
Оларға жан боларма жан ашыған?
Болса да бұл маңда емес, аласұрар.
Айдала,
Жапан түзде,
Ешкімі жоқ,
Бірақ та жалғыз серік баласы Ыбан.
Көңілі сан қуанып, сан мұқалған,
Жүйкесі сан оңалып, сан жұқарған.
Әке, бала екеудің баспанасы
Кәрі қамыс,
Өрген күрке сәмбі талдан.
Құлагер ұстатпаған тағасынан,
Содан соң тілдеспей жан баласынан.
Келген-ді елсіз көлге,
Құтылған-ды
Дос күлкі, дұшпан айтар табасынан.
«Үйленген пері қызға» елге сенсек,
«Бұл Ақан жынданыпты»…
«Тергемесек…»
Көршіге көктем берген қарыздайын
Күллі елде дәл осылай өрген өсек.
«Бұл өзі періменен әуейі» деп,
Іздеген жандар айтқан әдейі кеп.
Жақыннан, жұрттан бөлек
тағдыр кешер
Неткен жан сорлы ғұмыр,
тәлейі жоқ.
Көрмейміз көлеңкесін барсақ бұған,
Деп әркім өзеуреген,
Алшақ, күмән..
Ақанның күні қызық халайыққа
Әртүрлі аңыз тарқап Қамсақтыдан.
Ол енді айтпақ емес ескі өлеңін,
Мәніне бармақ емес ештеңенің.
Баяғы аңыз Ақан,
Қазір жынды.
Тек әні шарлап кеткен Көкше көгін.
Ақанның әні жақсы, өзі жаман,
Ақанның сөзі жақсы, көзі жаман.
Алыста өз өзімен күн өтуде
Момақан, марқа ойлар қозылаған.
Күн өткен жазды мүжіп, қысты малтап,
Бұл мезгіл өткенді ойлап қыстығар шақ.
Қамсақты ары қарай Айыртауы
Басылған көзіне оттай,
Ыстық алқап.
Бұл өңір бала күннен ай көрінген,
Ойнаған асық атып,
Бәйге мінген.
(Тауы алтын, тасы күміс, ағашы жез)
Ел айтар ұжымақтан қай жерің кем?!
Арысы көрінбейтін бұлдыр маңдар,
Етегін ен жайлаған мыңғырған мал.
Бұл өлке талай тарих тасқа жазған,
Бұл өлке ұлыларды тудырғандар.
Бұл өлке Ақан кезген, алқымы бай,
Төгетін есті өлеңнен қарқыны ұдай.
Оралып шылауына күткен кезде
Көретін көп ел мұны жарты Құдай.
Серінің өңінде өлең, түсінде өлең,
Көмейі көп көңілін түсірмеген.
Шет қонған бір ауылға жолы түссе
Қыз қырқын сұлу көзбен ішіп жеген.
Түрленіп тотықұстай тойған жерден,
Жадырап мол дастарқан жайған жерден.
«Еркетай» деп шақырған жеңгелерін
Қайтарған шолжаңдықпен қайран дәурен!
Жүрегін өнер кеулеп үн сарнаған,
Жас желік әлі алыста құрсаулаған,
Ол кезде «Сыпайы ұл»,
«Құйма құлақ»,
Есімі Ақжігіт-ті кір шалмаған.
Көкшетау күйі бөтен, әні де үстем,
Самғайтын шырқау көкке сағынышпен.
Ел іші өнер кеніш, көл дария
Сусынын Ақан соның қанып ішкен.
Кіл өнер Ақжігіттің
қанында ұйған,
Ақан ба?
Барды жоқтың әнін жиған.
Ол тіпті елден жұққан өнер емес,
Өнерді көкірегіне
Тәңір құйған.
Ағайын пыш-пышына,
Тойымшыл хақ,
Рудың жанжалына ойы сырғақ.
Жоламай әпербақан шаруасына
Ұстаған ойын аулақ, бойын сұңғақ.
Молдадан татар сынды тіл сындырып,
Омбыда Арабшаны тұрсын біліп.
Үйреніп Шағатайша,
Парсы тілін
Кеткен-ді талайларды күрсіндіріп.
Жаттамай ережесін құран кәрім,
Ілімнің түбі өзін қуантарын.
Оқып ап Науаи мен Фирдаусиді
Ақыны болып шықты бұл Арқаның.
Сөйткен жан Ақан емес, ақын болды,
Білімі ерте толған хакім болды.
Хилоли,
Камал Ходжед,
Қожа Хафиз
Жырының дәмін сезді,
Жақын болды.
Омбыда сауық кештер, мәрт отырыс…
Айтпаған Ақан онда жарты өтініш.
Билікке кетер еді соңын қуса
Ал мансап –
Алды ыстық, арты өкініш.
Сондықтан жоламады құлқы болмай,
Ашса егер әкімдердің ұрты қандай?
Әжуа қылған шақта Нұртазаны
Қуанды болыс демей жұрты қандай?
Бірақ та Ақан содан опық жеді,
Мезеттік оқыс қылық,
Өкінбеді.
Жағатсып жыр айтпады бай манапқа,
Болмады сарай ақын,
Көпірмеді.
Ақынның ақындығы сол-ақ!
Тынды,
Өйткені от ауызды, орақ тілді.
Адамның белсенділер алдын орап,
Көлденең жолын кесті, шолақ қылды.
Жандарал,
Шенділерге құламады,
Старшын,
Болыстарға ұнамады.
Сал Ақан берілмеді қанша мәрте
Соңына түскен кезде шырақ алып.
Ауылды атқамінер ел торыды,
Сөндірмей қысқа өмірдің келтелігі.
Ақанның сонда жазған бар қылмысы –
Сергек сері болмыстың еркелігі.
Артынан сөз бұйдасын шудалаған,
Өсегі шоғыр топтың құрғамаған.
«Өсеміз ел басқарып» деген байлар
Серіні беделі асқан қудалаған.
Сері Ақан берілмеді,
Сейіл құрды,
Ісіне шенділердің кейіп жүрді.
Осындай арамдықтың түпкі мәнін
Сан мәрте таяқтан соң кейін білді.
Еркі үшін салып еді ойран не бір,
Ондайда опа бермес ойламды өмір
Үйінен теріс айналса досың да жау
Ол уақта қайдан білсін бейғам көңіл.
Қабарып өткен уақыт «сіз» деп,
«Біз» деп,
Бәрі де өлшеулі өмірін ізгі өткізбек.
Есіл күн, сертті сәттер, дертті шақтар
Өткенді көз алдынан тізбек-тізбек.
Өткеннің елес берсе күйі қылаң,
Қызығы шыжығынан биік ұран.
«Бекерге өтпегендей мынау өмір»
Деп Ақан жымиған-ды миығынан.
Тілеубек БАТЫС





