КҮТУШІ

Олар асығыс. Өз істерінен, алдағы жоспарларынан басқаның бәрін ұсақ-түйек көреді. Жолай кезіккен шаруаны апыл-ғұпыл атқара салып, жөней беруге даяр. Сөздері де төбеден түскендей, тақұл-тұқыл, дүңк-дүңк. Әлдекімге бір-екі ауыз сөз айту үшін ойланып жатқылары келмейді. Өйткені, бүгінгінің адамы, іскер, ағыл-тегіл бай адамдар. Шынында, бұған да керегі сол. Ешкімге ештеңені өзі туралы тәптіштеп айтып, мәністеп түсіндіргісі жоқ. Жұмыс берушілер жеке куәлігін аударып-төңкеріп, шырт еткізіп қол телефонмен фотоға түсіріп, өткен-кеткен өмірін ғаламтордан тез шиырлап өтті. Жасырын не бар, бәрі алақандағыдай. Әлеуметтік желіде археологиялық қазбаларға қатысқаны, тарихи көне құжаттарды зерттеуі, көне кітапқа үңіліп отырғаны сияқты суреттері, алған Алғыс хаттары жүретін. Солары сайрап алдарынан шыққан шығар.
Міне, тау етегіндегі екі, бәлкім үш қатарлы ма, айырып болмас биік үйге таяды. «Мерседес» сынаптай сырғып жақындағанда, қақпа ашыла берді. Өмірден оңбай соққы алып, есеңгіреп жүрген бұл айналасындағы қызыл ағаштан оймышталып жасалған жиһазға, алтындаған мүлікке көзінің қиығын да салған жоқ. Үшеуі екінші қабатқа көтеріліп, ханымның жатын бөлмесіне есік қақпастан кірді. Әшейінде біреудің жатын бөлмесіне рұқсатсыз аттап баспас еді-ау. Қазіргі қалпы – басқа.
– Міне, мам, мынау әбден тексерілген, өте сенімді адам. Тек ер адам. Кәрі. Шал. Сені күтеді. Не істеп, не қоятыны, қашан дәрі беретіні, тамақ.., массаж.., жуындырып-киіндіруі – бәрі мында жазылған. Все. Бізде самолет. Кеттік. Связдамыз. Алғашқы айлығын уже беріп қойдық. Бәрі жақсы болады. Басқа адам іздейтін уже уақыт жоқ. Пока. Пока.
Жігіт те, қыз да барып ханымның бетінен сүйді. Ол селт еткен жоқ. Ою-өрнекті кең кереуетте ары қарап жатқан күйі, жата берді. Күтушісіне қарап, таныспады да.
Сарматтың езуінде мысқыл күлкі. Мына өмірге, өзінің өміріне деген мысқыл. Өз шешімі. Олар көндірді, бұл көнді. Мейлі. Осылай-ақ, болсын! Ол – кемпір, мен – шал! Ол – науқас, мен – күтуші! Күнкөріске қаражат керек. Бәлкім керек емес те шығар. Әйтеуір өзін әбігерге түсірген әлемнен басқа әлемге қадам жасамақ. Мейлі, мұны ешкім білмесін, ескермесін, сөйлеспесін. Көлеңке сияқты ілбіп жүре берсін. Тапсырылған жұмысын еш мүкісіз, адал атқармақ. Бар мақсаты – сол.
– Ой, стоп, оның жататын жері…
Қыз бен ұл кері бұрылып, мұны шақырып, ас үй мен жатар орнын көрсетті. Сосын, «керек болса» деп, тағы бір уыс ақша тастап, зыта жөнелді.
Арада ай өтті. Сармат өзі ұйғарғандай өз ісіне мұқият. Ханымның Германиядағы ұлы мен қызы бірер рет қоңырау шалып, үстемелеп тағы ақша салған. Жұмысы бір қалыпты жүріп жатқан соң ба, адам жарықтықтың табиғаты солай ма, әйтеуір, соңғы күндері жүрегін күйдірген өкпе-наздың шоғы суып, өз-өзіне келе бастағандай. Науқастың дәрі-дәрмегін (негізінен дәрумендер сияқты), тамағын беріп, белін сылаған соң, атшаптырым фоедегі сәнді креслода ұзақ отырып, ойға беріледі.
…Осыншама ешкімге керек болмай қалармын деп пе?.. Әлі күш-қуаты бойында. Жылдар бойғы оқыған-тоқығанына, жиған тәжірибесіне ешкім мойын бұрмады. Отыз жыл отасқан бәйбішесі жоқ. Ұл мен қыз балаларын ерітіп, шет елге кетті. Оралар түрлері көрінбейді. Немерелер өзге тілді ана тілдеріндей игеріп алды, сонда мектепке барып жүр. Анда-санда экраннан көргенде мұны «Ата» деп, амандық-саулық сұрасар еді. Соңғы уақытта ата-аналары «қараңдар» деген соң ғана экранға қарай салады. Жақ ашпайды. Мүлде бөгде адамдар сияқты. Бұл болса, сол күні «Бұл не болды, ақыры не болмақ?» деп, түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмай шығады. Ұл мен қыз бұған: «Пап, денің сау, пенсияң бар, ермекке бір жұмыс тауып алмайсың ба? Так же нельзя» деп, ақыл айтып қояды. Бұл болса, соншама жыл жұмыс істегенде тиген зейнетақысының мардымсыз екендігін айтуға ұялады. Қосымша ақы тапқысы кеп бірқатар мекемеге бас сұққан. Бәрі де суық қарап, сұрақтарына қысқа-қысқа жауап қайтарып, тез құтылуға тырысатын. «Уақытымызды алмаңыз» дегілері келіп тұрғанын бұл бірден сезе қояды. Қайда барса – артық, қайда барса – бөгет. Сосын, сандалып анда-мұнда бара беруді мүлдем доғарған. Содан кейін тым-тырыс жалғыз басы сопайып жүре берді. Бір жыл, екі жыл… Немерелері мұны мүлдем ұмытса, балалары да суып бара жатқандай. «Қолдары тиеді деймісің? Шет елде тұру оңай болып па?» деп бұл өзін жұбатқан болады. Оған жұбана қоятын көңіл ме, іші иттей ұлиды. Сөйтіп жүріп газетке «жұмыс іздеймін» деп хабарландыру берген. Ойы – әйтеуір, ойын бөліп, көңілін басқа нәрсеге аударып, уақыт өткізу болған. Бұған қызыққан мына ханымның балалары ғана болды. Күтпеген жағдай. Олар да әбден тығырыққа тірелген болса керек. Мұны еркек басымен әйел адамға күтуші қылмақ. Дәмханада кездесіп, тез-тез жөн сұрасып, келісім-шартқа қол қойысты. Бір жылдан бері төсек тартып жатқан аналарын күту керек екен. Аспаз аптасына үш рет тамақ пісіріп кетеді. Үй жинаушы, кір жуушы да бар. Мұның міндеті – тек, тамақтандыру, науқастың астын ауыстырып, дәрі-дәрмегін беріп, массажын жасау.
Екі қожайын мұның көзінше, дастархан басында отырып, біраз айтысып та алды.
– Бұл кісі ер адам ғой…
– Ну-и, что?
– Как, ну-и, что?
– Шал емес пе?!
– Ну, шал.
– Ну и все! За то грамотный, аккуратный шал. Жоғары білімді, жауапкершілікті біледі.
– Мама ренжіп жүрмесе…
– Неге ренжиді? Ер адамдар дәрігер де болмай ма? Керек десең, генеколог та болады!
– Дәрігердің жөні бөлек…
– Знаешь, онда өзің қал да, бақ!
– А, бизнез?
– Енді не дейсің?
– Просто…
– Еркек болса да, кәрі еркек.
– Шал.
– Ал, бізде бұдан әрі адам іздейтін уақыт жоқ!
– Да, солай! Басқа выход жоқ.
Сол жерде Сарматтың езуіне мысқыл күлкі үйірілген. Өзінің әбден тапталып, есептен шыққанының тағы бір дәлелі де сол еді. Өзі үшін емес. Айналасы үшін. Мүмкін, мына бизнесмендер үшін. Тәртіпті, мәдениетті екен бұл. Тек жыныссыз. Жынысы жоқ. Аруақ. Елес. Шал!
Тосын ұсынысқа өзіне ерегесіп, «қайтер екен?» деп келіскен. Кім «қайтер екен?» деп… Тағдыры ма, жоқ өзі ме?.. Өзін өзі келеке қылу, өзіне пародия. Қожайындар ойнаған жоқ. Сірә, ойлаған да жоқ. Ойлағылары келмеген болса керек. Есіл-дерттері – шет елде, сондағы бизнестерінде-дағы.
Таң қалатындай да емес. Тура өзінің басындағы жағдай… Өзге түгілі өз балалары да мұны сызып тастаған жоқ па? Сызғанда көңілін, ойын, ниетін. Кімге өкпелемек? Өзінің кетеуі кеткен қисынсыз өміріне осылай қитыққан.
Пародиясы жүзеге асты. Елес сияқты үн-түнсіз күнделікті міндетін орындап жүре берген. Күндер өте келе еңсесін езген ауыр ой сәл сейіле бастағандай көрінді. Баяғы өзінің «мені» ту тереңнен сыртқа шыққысы кеп, саңылау іздейтіндей. Алайда жүрегінің мұздап, ішінің алай-дүлей болуы өмірі басылмас. Сыздайды да тұрады. «Неге бұлай болды? Сонда, мына әуезді, көркем, ғаламат қазақ тілі менің балаларым мен немерелеріме керек емес пе? Анау төкпелеткен әдемі термелер, төгілген жырлар… Сонда, батыр-бағландарымыз, ғұлама, әулиелеріміз жатқан, ата-бабаның біз үшін қалдырған ұланғайыр жердің, жеті атамыз жатқан жердің оларға қажеті жоқ па?.. Демек, оларды өзім солай тәрбиеленгенмін ғой… Өзім ғой орысша оқытқан. Неге өйттім? Сол, өзім сияқты орыс тілін білмегеннен балаларым жапа шекпесін, қиындық көрмесін, дедім. Жұрттан қалмасын, жақсы қызметке іліксін, дедім. Әке-шешемнің көргені – анау. Соғыс. Одан кейінгі тар кезең, жоқшылық. Ала жаздай қой соңында көшу, қыста терезесі сығырайған жер пәтерде қыстау. Жылы үйде белдерін жазып, бір демалмай өмірден өтті. «Балам оқып жатыр» деп мәз болған. Мұның оқыған тарих факультетінің қазақ бөлімі жұмаққа шығарған жоқ. Инженер болуға, политехқа тусуге орысшасы жетпеді. Музейлерде, архивтерде көз майы таусылып, мүжіліп отырды. Қазақтың хандары, биі мен болысы, батырлары жөнінде тапқан деректері, ашқан жаңалықтары – өзіне зиян болмаса, пайда әперген жоқ. Сол жаңалықтарға оқымыстылар ортасы енді-енді ғана көңіл бөле бастаған сияқты. Қуанған. Кеш екен. Бұның «ләм» деуге құқы жоқ. Ол тақырыптар жастарға тарқатылып, бекітіліп қойылған. Мұны жолатқылары келмейді. Керітартпа, қисық, сыңаржақ біреу санайды. Ақы төлемек түгілі, айтқан ақылыңнан шошып, аулақ жүргісі келеді. Иә… Балаларға жамандық ойламап едім. Тапқан табыс, маңдай тер солардың оқуына жұмсалған. Ал, ақыры қалай болып шықты? Тіл де, жер де, әке де керек емес мәңгүрттер өсті. Бірақ, орысша оқығанның бәрі олай болып кеткен жоқ қой. Демек, мәселе тәрбиеде ме?…».
Неше жыл өзін жүндей түткен жебір ой толас табар ма? «Сонда, мұның балалары бар, басқасы бар жастардың бәрі жайлы жер іздеп, шетелге кете бере ме? Оданда, өз елдерін сол биікке көтермей ме?».
Бір сәт мұны өзі жақында ғана аңғарған тағы бір күмәнді ой иектеген. Жаңа өміріндегі күмән. «Бұл әйелдің де қайғысы – менің қайғым. Миын шағып, арпалысқан ой алып ұрған. Әйтпесе… жыл бойы төсек тартып жатқан адамның еті қашар еді… Кемпір дейтін кемпір де емес… Не жұмбақ бұл?»
Сағат, минутына дейін бір күні бір күнінен аумайтын уақыт өтіп жатыр. Өте берсін. Аруақ-елеске бәрі бір емес пе? Неден қалып, қайда асығып барасың? Сен асықсаң да, асығып, сені сағынып жатыр дейтін жан бар ма дүниеде?
Науқас әйел мұнымен арада айға жуық уақыт өткенде ғана жөн сұрасқан. Үйде еден жуушы да, аспаз да жоқ еді. Памперсін ауыстырып, денесін жұпар иісті маймен сылап, белін уқалап, қайта қымтаған бұған ол алғаш рет назар аударған-ды. Алғаш дауысын естігені де сол. Құдай-ау, жас адамның дауысы.
– Атың кім?
Бұл үйреншікті өмірдің бұдан былай өзгеріп кетерін іштей сезіп, оны қаламағандай тіксініп қалды.
– Оны қайтесіз. «Күтуші» дей бермейсіз бе?
– Білгім келген соң сұрадым.
– Сармат.
– Сармат?
– Иә.
– Сен шал емессің ғой…
– Алпыс бестемін.
– Мәселе жаста емес!
– Сен де кемпір емессің!
Бұл сөзді қалай айтып қалғанын өзі де білмей қалды. Шамасы, соңғы күндері ойына келіп, тілінің ұшында жүрген тұжырым.
– Кешіріңіз… Байқамай айтып қалдым. Ойымдағыны…
Кенет «кемпір» ішек-сілесі қатып күлсін-ай!.. Әуелі шошынғандай селк еткен Сармат тосылыңқырап барып оған қосыла күлді. Екеуінің де көзінде от ойнап, беттеріне қан жүгіріп шыға келді. Енді, үстіндегі жібек жамылғысын төмен ысырып, әйел түрегеліп отырғанда, бұл еш елең қылған жоқ. Отырмақ түгілі, жүріп кетеріне де сенімді.
– Менің атым – Мәрзият. Мен сені түсіндім. Сен де мен сияқты бақытсыз біреусің. Бақытсыз болғанда… жазықсыз бақытсыз. Әйеліңнің өлгеніне неше жыл?
– Бес жыл.
– Менің күйеуімнің өлгеніне де сонша жыл болыпты.
Марзият күлкісін тиып, шашын жиып желкесіне түйді.
– Ешкімге керегім болмай қалды. Бүкіл еңбек, түн ұйқыны төрт бөлген күндер текке кетті. Бір сөзге құлақ аспайды. Есіл-дерттері – шет ел. Ата-баба жолы, салт-дәстүрге пысқырмайды да. Еш амалым қалмады. Сосын, теріс айналып жатып алдым. Дәрігердің талайын әкелді. Диагноздың не түрін қойды. Осылай бір жыл жатырмын.
– Мен түсіндім… білдім! – деді Сармат.
– Білдің бе? Қайдан білдің?
– Бір жыл төсек тартып жатқан адамға ұқсамайсыз…
Мәрзият тағы күлді. Күлгенде ол бірден он жасқа жасарып, мүлдем сұлуланып кетті.
– Ренжімеңіз…
– Жарайды.
– Көрсеткен қарсылығыңыз екен ғой?
– Солай. Ерегескенде солай теріс қарап, ішпей-жемей жатып алып, өліп қалайын дегем.
– Ммм… Құдай алмаған соң, өле салу да оңай емес көрінеді. Дегенмен, табандап бір жыл жату да ерлік. Мінезіңіз бар екен!
– Қазақ қашан мінезсіз болып еді. Өз жайыңыз ше? – Ханым «сізге» көшті.
– Несін айтайын. Менікі де тура сіздің басыңыздағы хал.
Марзият халатын киіп, орнынан түрегелді.
– Дұрыс айтасыз. Өле салу оңай емес. Қақымыз да жоқ…
– Сосын… – Ештеңеге қызықпай, немқұрайлы жүрген Сармат бұл жолы Марзияттың сырын аша түскісі келген. – Жата-жата солып қалмағаныңыздың сыры неде?
– Адам жоқ уақыттарда денешынықтыру жасап, жуынып, су ішіп қайта жататын болдым. Менің қандай күйде жатқанымды көріп-біліп жатқан біреу бар деп пе едіңіз? Құдайым-ау, бұлар неге сонша қатыгез, неге сонша тасбауыр?!..
– Мені де күні-түні осы ой мүжіп бітірді.
– Шамасы, өзім солай тәрбиелеген болып тұрмын ғой?..
Сармат оқыс күліп, шашалып қала жаздады.
– Неге күлдіңіз? – деп ренжи сұрады Мәрзият. Дауысынан реніш емес, наз сезген Сармат сөзін жалғады.
– Ойлап-ойлап келіп мен де солай түйгем. Бәрі өзімнің тәрбиемнен, деп. Күлгенім – сол. Тек…
– Не «тек»?
– Тек өткенді қайтару мүмкін емес.
– Оныңыз рас.
Екеуін де мұңға батырып, тығырыққа тірер ойдан сытылып шығуды ойлаған әңгіме ауанын өзгертуді көздеп, Сармат:
– Сонда, жалғыз қалғаныңызда қандай жаттығулар жасап жүрдіңіз? – деп сұраған. – Өзі бала күнінен дене шынықтырумен шұғылданып, оны неше түрін білетіндіктен шын қызық көрген-ді.
– Қысқа уақытта көп пайда беретін жаттығулар. Интернетте толып тұр. «Жгонка», «золотой петух на одной ноге», «поза кошки», «ноги верх», «отырып-тұру» дегендер. Оған керіліп-созылуды қосамын.
Бұл күліп, басын шайқады.
– Неге күлдіңіз?
– Қызық екен.
– Не нәрсе қызық?
– Мен де тура сол жаттығуларды жасаймын. Үнемі. Көңіл-күйім болса да, болмаса да. Тиімділігі зор және көп уақыт алмайды! «Жүз ауруға ем» деген атауы бар.
– Екеуіміздің қасіретіміз де, ой-түйінімізде, тіпті, жаттығуларамыз да бірдей болып шықты ғой!
Марзият иегін жоғары көтеріп, денесін тіп-тік ұстап отырған күйі ойланып қалды.
– Мен өзімнің қашанғы бұлай жататынымды білмегем… Ойламағам. – Сарматқа бастан аяқ шола қарады. – Сіз келіп, бәрін бүлдірдіңіз. – Осылай дегенмен, дауысынан зіл аңғарылмады. Байыппен сөзін жалғады: – Уайымдамаңыз. Сіздің еш кінәңіз жоқ. Керісінше… кемедегінің жаны бір дегендей, сізбен әңгімелесіп, жақсы болып қалдым.
– Мені жұмыссыз қалдыратын болдыңыз…
Марзият күлді. Күлкісінен жастық лебі есті.
– Есесіне, бір мұңлықты өмірге қайта оралттыңыз.
– Сізбен бірге өзім де өмірге қайта оралғандай халдемін.
– Өз қолыңды өзің шаппайсың. Өлуге тиіс емес шығармыз…
– Дұрыс айтасыз. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ емеспіз бе?! «Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген!»
– О-о, сіз шын тірілдіңіз! Поэзияға көштіңіз!
– Сіз де!
– Солай ма? Ендеше мен душқа кеттім! Э-э-х, рахаттанып тұрып бір душқа түсейінші! – Сөйтіңіз! Әйтеуір, бас аман ғой! Басқасын көрерміз!
– Сіз солай ойлайсыз ба?
– Иә!
– Мен де солай ойлаймын! Ең бастысы – балалар аман.
Сармат душқа қарай кетіп бара жатқан сұлу әйелден көзін ала-алмай, сұқтана қарап қалды. Жібек халаты желбіреп, бишілерше жеңіл басқан жүрісі аса жарасымды еді. Тіпті, ыңылдап әндеткендей. «Ал, саған ауру кемпір! – деді күбірлеп, – өмірде не болмайды…».

* * *
Орынынан тұрып, бірінші қабаттағы ас үйге барып кофе дайындауға кіріскен Сармат сан-саққа жүгірген ойын жинақтауға тырысты. Мәрзияттың енді мүлдем басқаша өмір сүретіні белгілі болды. Біріншіден, оның ешқандай ауруы жоқ. Балаларына қатты ренжіп, көңілі қалып, жатып қалған. Екіншіден, енді ол жасырынбақ ойнамақ емес. Белсенді өмірге кіріспек. Сонда немен айналыспақ? Не істейді екен? Үшіншіден, оның жасы да алпысқа жетер-жетпес болса керек. Кемпір емес екендігі кәміл. Балалары ғана солай ұйғарған. Дене бітіміне қарағанда өзі бұрын кәсіби спортшы, немесе кәсіби биші болған сияқты. Енді, мұның өзі не істемек? Шамасы, мұның өзі де өзгермек. Жоспары бұзылды. Елес болып жүре алмас. Көңіл-күйі де басқа. Еңсені езіп, ішін күйдіріп тұрған бұрынғы уайым сейілген.
Иісі бұрқыраған кофе дайын болғанда, Мәрзият та екінші қабаттан төмен түсіп келе жатқан-ды. Сармат ұялып-қысылмастан оның әр қадамын, әр қимылын тамашап қарап отырды.
– Кофе ішіңіз!
– Рахмет! Тамаша болды ғой. Иісі қандай еді! Кофе демдеудің шебері екенсіз! – Ханым кофеден бір ұрттап, мақұлдағандай басын изеді.
– Тамаша! Сіз қарсы болмасаңыз, былай істейікші. Фоедегі каминді жағып, соның алдына отырайық!
– Жарайды.
– Бәрі дайын тұр. Тез-ақ.
– Солай екен.
Дайын ағаш, дайын тамызық. Лезде камин отыны пытырлап жанып, от сәулесі жағалай жиһазбен, айна-әйнектермен шағылысып, айнала ерекше күйге енді. Іргедегі шкафтардың бірінен Марзият қарақоңыр шыныдағы виноны алып шықты.
– Сонымен, Сармат мырза, өмірге қайта келгенімізді жуып жіберейік!
– Дұрыс болады! – деп қоштай кеткен бұл ортадағы журнал столына екі фужер әкеп қойып, шынының тығынын ашып, қоюкүрең винодан лықыта құйды.
Арасында кофеден ұрттап қойып, винодан жұтып, отқа қарап екеуі жайбырақат отырысқан. Екеуі де әлдебір қиын сапардан оралғандай халде. Тәуекел етіп, құз басындағы қауіпті, қарлы-боранды, ызғарлы желмен шайқалып тұрған аспалы көпірден аман-сау өткендей. Бар қорқыныш артта қалып, енді жайланып, еркін тыныстап отырғандай. Шіркін, мынау сытыр-сытыр етіп қайың ағаштың жанғаны қандай әдемі! Мынау сәл қышқылтым вино дәміне ыстық кофе дәмі қалай жарасады? Мынау жанында отырған Мәрзияттан қандай ұяң да мейірімді жылу тарайды? Осындай таза ойлы, арлы адамның жанын шіркіндер қалай ғана жаралаған? Қолдауға, қорғауға лайық жан емес пе? Бақытты өмірге лайық жан емес пе Мәрзият? Неге бұлай болды екен? Неге?..
Сармат өз ойының мүлдем басқа арнаға ойысып бара жатқанын сезіп, ол ойдан оянғысы келіп, сәл жөткірініп, винодан үстемелей құйып, қозғалақтап қойды. Мәрзият та өз ойын әрең тізгіндегендей. Кірпігіне іліккен жас тамшыларын қағып-қағып жіберді.
– Сонымен, әңгімеміз қай жерден үзіліп еді, мен душқа кетіп бара жатқанда?
– Ең бастысы – балалар аман ғой, деп тоқтағанбыз.
– Дұрыс айтасыз, дәл солай! Әйтеуір, аман. Басқа мәселенің бәрін шешуге болады.
– Ниет қойса, алынбайтын қамал жоқ.
– Келісемін.
– Сосын, тағдырымыздың, көп әдеттеріміздің бірдей екенін айттық.
Ыстық кофе, дәмді вино ішіп, от алдында жұмсақ креслода отырған Мәрзият бұл кезде байырғы сұлу да тәкаппар қалпына келген болатын. Сармат оны іштей басына адам шыға алмас биік шыңға теңеген. Ол сәт сайын көріктеніп, биіктеп бара жатқандай. Бұған дейін күтіміндегі науқасына бір рет те көз тоқтатып қарамаған. Қараса да, өзінің сол кезгі есеңгіреген, әлемі тапталған адамның көзімен қараған шығар. Не көрді дейсің?
– Әңгіме арасында мен сізден бір сырды бүгіп қалдым. Өтірік айттым, – деп сөзін жалғады Мәрзият. – Ол шындықты айтқым келмеді. Шындығында, менің күйеуім өлген жоқ. Тірі. Мені, балаларын тастап, жас әйел алып кеткен. Мен қанша ақылға салсам да, оны кешіре алмадым. Алдында кінәм болса, кәні? Жоқ. Ресми түрде ажырастық. Сосын, өлдіге санадым. Солай ғана қасіретті көтердім. Таяныш-сүйенішім балаларым болды.
«Мұнымен де мені таң қалдыра алмайсың» дегендей, Сармат селт еткен жоқ. От жалыны келбетін неше құбылтқан сұлу әйелге биік шыңға таңдана да қызыға қараған адамдай отыр. Еш қыбырсыз. Мәрзияттың ойын бөліп, көңілінің көгершіндерін үркітіп алғысы келмейтіндей. Біраз уақыттан соң барып ол тіл қатты:
– Менің де әйелім дүние салған жоқ, тірі. Бір жолдасыма кетіп қалған. Ол бай адам. Мен де ресми ажырасқам. Қатты қиналдым. Соншама табаларлық кінәм жоқ сияқты еді. Жұмысбасты болғаным рас…
Мәрзият шұғыл басын бұрып, бұған күреңіте қарады. Ішінде аласапыран теңіз толқынындай алысқан ойлар ұшқыны бет-жүзін алаулатып әкетті.
– Неге? Неге бүйтеді адамдар? Неге сатқындық жасайды?.. Сіздің жолдас-досыңыз… Енді… біздің жігіттер дос та бола алмайтын болған ба?..
Бұл сөздерді ол ақырын ғана айтқан. Алайда ол сөздері балқыған қорғасындай ауыр еді. Ішкі жан күйзелісінен жалын боп шыққандай. Креслосына шалқая кетіп, үнсіз отырып қалды.
– Өмірде бәрі болатын көрінеді ғой, Марзият ханым! Болды. Өтті. Кетті.
Терең бір тыныс алып, фужерін отқа тосып, хрустальдің мың құлпырған сәулелерін қызықтаған әйел:
– Солай де. Иә, солай шығар. Солай болатын шығар, – деді.
– «Тағы бір сәйестік» деп неге айтпадыңыз?
Сарматтың бұл сұрағына жауап қатпаған Мәрзият «қолымнан түсіріп аламын ба?» деп сезіктенгендей, фужерін столға қойып, креслосына тереңірек жайғасып отырды.
– Ол да тәрбиенің жемісі шығар, – деп Сармат өз ойын ортаға тастаған.
Мәрзият селк ете қалғандай болды. Ойға беріліп кетсе керек.
– Не дедіңіз? Не туралы айттыңыз?
– Сатқындық туралы айтамын. Ол да тәрбиедегі әлдебір олқылықтың көрінісі шығар деп топшылаймын.
– А-а, иә, солай шығар…
– Біздің өмірге оралуымызды жууымыздың аяғы мұңға айналып барады.
– Олай емес. Шындық айтылса ғана мұңнан толық айығамыз.
– Келісемін. Ендеше, айығайық!
– Айықтық! – деп күліп жіберіп, Мәрзият, орнынан лып етіп көтерілді:
– Сармат батыр, тамақ ішейікші, ә?
– О-о, қарсы емеспін!
– Қазір мен керемет қылып қуырдақ қуырамын, бауырсақ пісіремін!…
– О-о, ондай да өнеріңіз бар ма еді?
– Мәссаған! О не дегеніңіз, Сармат мырза! Лариса Гузееваның «Женщина которое не готовить – ведьма!» дегені бар.
– Иә, Гузееваңыз айтқыш адам!
Қимылы ширақ және дәл екен. Арада бір жыл емес, бір күн өткендей. Қай ыдыс қай жерде тұр, қуырдаққа керек ет, пияз, май қайда, бауырсақтың дайын қамыры қайда – тосылмастан тауып жүр. Сармат оның әрекетіне қарап қана үлгеріп отыр. Шындығы – сұлу әйелдің биін тамашалап отырғандай. Марзият жүзінде нұр ойнап, ерекше әдеміленіп кеткен сияқтанды. «Әлде, әйел біткен тамақ пісіргенде, аруақ қонғандай құлпырып кете ме екен?» деп ойлаған мұның мынау керемет жарасымды көріністі бұзып алғысы келмеді. Демін де тыныш алып, үнсіз қалған. Сәлден кейін ғана есін жиып:
– Маған да жұмыс берсеңізші, – деген.
Мәрзият столға пышақ пен ет турағанда төсейтін қалың тақтайды қойды:
– Сіз қуырдақ тураңыз!
Мұның бас бармағымен үлкен пышақтың жүзін тексергенін байқап қалған үй иесі ең төменгі тартпадан бір қарыстай қайрақ алып берді. Үйреншікті қимылмен сырылдатып жанып-жанып жібергенде пышақ қылпып шыға келді. Пышақтың өткірін ұнататын. Әкеден қалған әдет. Қой етін майымен араластыра жылдамдатып турап тастады.
Үй ішін әп сәтте тәбет ашар қуырылған пияздың, жас еттің, тағы басқа дәмдеуіштердің жұпар иісі алып кетті. Екеуінің де ойына алғаш отау құрып, оңаша шыққандары, сол шағын ғана пәтердегі шаттыққа толы сәттері оралған. Сарматтың есіне келіншегінің алғаш түтін түтетіп, қазан көтерген тебіреністі сәті түскен. Мәрзияттың да көз алдына алғаш өз отбасы, өз отағасы үшін тамақ дайындауға кіріскен сәті келді. Сол тәтті тірлікті жалғастыра беруге болмас па еді! Бұйығы, қарапайым, бақытты күндер… Міне, мынау сол әсер! Сол сағыныш. Әлде ол қайта келді ме? Көктемдей қайта оралды ма? Мүмкін бе, мүмкін емес пе? Өмірде не болмайды?…
Сарматтың ойына Алматының «Горный Гиганты», ұйғыр шалдың ауласындағы жазғы үй оралды. Қырмызы екеуі дүкеннен барып шағын шойын қазан, екі білтелі «турист» деген газ плита, бес литрлік кішкентай баллон сатып алған. Сол қазанға піскен алғаш дәм. Мәре-сәре, жадырап отырып түстенгендері – дәл қазіргідей көз алдына келді. Артық дүние мүлік, жиһаз жоқ. Ақша пәтерге төлеуге, азық-түлікке жетсе болғаны. Бірақ, бұлар бақытты болатын. Иә, шексіз бақытты болатын! Ал, сосын не болып кетті. Дүние-байлық алға, бірінші кезекке шығып кетті ме? Сөйтті ғой. Бәрі сөйтті. Сосын бұлар да сол дүрмекке ілесті. Ілескен жоқ, тіпті, жүгірді. Дедектеп жүгірді! Ес-түссіз жүгірген соң, жығылды. Бұлар да, басқасы да… Мынау тұрған Мәрзият та, бұл да… Солай болғаны ма?…
Тамақ пісіруге әуелі ерекше қуанышпен кіріскен Мәрзияттың да әлдеқандай ой үстінде екені көрініп тұр. Бет-жүзіндегі манағы бір алаулаған қуаныш оты да сөнген. Ол бері бұрылды. Сарматқа қарады. Манағы қуанышты ол да іздегендей. Қайда? Қайда кеткен?..
Екеуі ой құрсауынан әрең құтылғандай. Қайта қуануға тырысты.
– Сонымен, қай тұсқа келдік? Өмірге қайта келдік, дедік пе?
– Иә, сіздің мына қуырдағыңыз кімді де болса, тірілтіп алар!
Мәрзият манағы бір жайнаған қалпын қайта тапты.
– Әуелі дәмін көрсеңізші!
– Көрмей-ақ сезіп тұрмын!
Иісі бұрқыраған қызыл қуырдақты екеуі сүйсіне жеген.
– Енді бізді жау алмас! – деді, бойына ерекше күш біткенін сезінген Сармат: – Анам марқұм осындай сүйкімді бір тамақ жасап ұсынғанында, «Осыны жесең бөрідей боласың!» дейтін. Сондай болдық!
– Бөрідей болдым, деңізші! – Мәрзият оның сөзін қуаттай күлді. – Мен сізге кездескенім үшін қуаныштымын. Өмірде жақсы адамдар көп қой. Сіз солардың бірісіз. Егер сіз келіп, арамызда түсіністік болмағанда, мен еңсемді тіктей алмас едім. Өзіңді түсінетін адаммен әңгімелесудің жөні бөлек қой. Қазақтың азаматы – арқа сүйер, сенімді тұлға. Мен сізге қалтқысыз сендім, сырымды ақтардым. Сол үшін сізге көп рахмет, Сармат мырза!
– Жоқ, Мәрзият ханым, керісінше, сіз мені серпілттіңіз! Сондықтан, сізге рахмет! Сізбен танысып, әңгімелескелі мен тығырықтан шыққан тәріздімін.
– Әлі сенімді емессіз бе, неге «тәріздімін» дейсіз?
– Иә, әлі ойымды тиянақтауым керек.
– Оныңыз рас. Мен де дәл сондай жағдайдамын.
Даладан артынып-тартынып, аспаз бен үй сыпырушы кірген. Бұлармен амандасып олар әкелген азық-түлік, оны-мұныларын орын-орнына қоюға кірісіп кетті. Бір қызығы – орнынан тұрып, ас үйде тамақ ішіп отырған ханымға, оған қарсы әңгіме шертіп отырған күтушіге қарап таң қалған жоқ. Неге бұлай? Әлде, қызметтері сондай ма? Әлде, бүгінгінің адамдары сондай ма? Еш нәрсеге мән бермей ме? Сарматқа бұл жағы түсініксіз. Мәрзият та келгендерге үн қатқан жоқ. Ас қайырып, иек қақты:
– Жүріңіз, каминнің алдына барып отырайық.
Сармат каминдегі сөнуге таяған шоқ үстіне ағаш салып, креслоға отырды.
– Мені жұмыстан босатасыз ба?
– Жоқ. Біріншіден, сізді жұмысқа мен алған жоқпын ғой. Екіншіден, әңгімеміз әлі аяқталған жоқ.
– Солай екені солай.
– Енді не істеуіміз керек?
Сармат отқа қарап, ойланып отырып қалған. Мәрзият абайлап бір қарады да, ештеңе деген жоқ. Ойын бөлмейін дегені. Әдебі. Ізеті. Адамды қабағынан ұғар, әр нәрсенің реті мен жөнін білер қазақылық. Осы қылықтың өзі ішін жылытқан.
– Біз – қазақ тым балажанбыз, мейірбанбыз.
– Ол кемшілік пе?
– Кемшілік деуге де болмас. Мүмкін адамның ең асыл қасиеті сол шығар. Туа бітті мінезіміз. Балажанбыз.
Екеуінің әңгімесі түн ортасы ауғанша таусылмады.
– Жоқ, Сармат мырза, әзір осы жұмысыңызда бола беріңіз. Өтінемін. Ал, әңгімемізді ертең ауладағы террасада, самаурынның шәйін ішіп отырып жалғастырайық, – деді, Мәрзият ұйқыға жатар алдында. Сармат бұл сөздің манағы бір әзірде қойған «мені жұмыстан босатасыз ба?» деген сұрағына нақты жауап екенін аңғарды. Не деген аңғарымпаздық! Кісі сұрағын жауапсыз қалдырмау… Құрмет қой бұл.

* * *
Алуан гүл қоршаған террасада иісін бұрқыратып самауырынның қою шайын алдына қойған Мәрзият Сарматқа сұраулы жүзбен қарады:
– Ал, әңгімеңізді жалғастырыңыз.
– Мәрзият ханым, бұл менің неше жыл ойлаған, шиырлаған ойым ғой. Айта берсем, пәленбай кітапқа жүк болатын шығар.
– Ендеше, сіз, қорытып, қысқа қайырыңыз. Тоқ етерін айтыңыз.
– Тоқ етері сол, олар қандай болса да, өз балаларымыз, өз немерелеріміз. Бәрібір жүрегіміз езіліп жақсы көреміз. Қазақпыз. Олар да қазақ. Бізді мүлдем ұмытып, тастап кетпейді. Келісесіз бе?
– Қарсы айтар дауым жоқ. Түндегі әңгімеден кейін оларға деген сағынышым өрши түсті! Қазір жүгіріп кетуге даярмын. Түнімен түс көріп шықтым.
– Жүгіреміз. Жүгірмей қайтеміз? Ой-өріс, мінез-құлықтарында кемшіліктері болса, ол үшін өзіміз кінәліміз. Тәрбиеден қате жібердік. Өбектейміз деп, асыра сілтеп, бүлдірдік. Енді, аз-аздан, мысықтабандап сол қатемізді өзіміз түзетуіміз керек. Басқа жол жоқ. Қазақ тілін үйретеміз. Қазақтың салт-дәстүріне қызықтырамыз. Келісесіз бе?
– Иә…
– Жалпы, әрбір ата-әже немерелерінің тәрбиесіне қатысуы керек! Шет қалмауы керек. Келісесіз бе?
– Иә.
– Қазақ ішінде, үлкендер арасында соңғы жылдары «өзім үшін өмір сүремін» деп, немере бағудан қашқақтайындар шықты. Кәрілердің жас көрінгілері келеді. «Бала бағу – қартайтады» дейді. Табиғат заңдылығын кім жеңе алар? Әдемі қаратаямын десе бір сәрі. Бұл – біздің ой-санамызға мүлдем керіағар пікір. Өйтіп, жас көрініп, ешкім бақытты болма алмайды. Өмірдің мәні – тәрбиелі, өнегелі ұрпақ. Келісесіз бе?
– Иә. Келісемін. – Мәрзият кенет өңі алабұртып орнынан тұрды да, қайта отырды. – Мұндай да болады екен, а? Сіз «Өмірде бәрі болады екен ғой» дедіңіз кеше?.. Солай демедіңіз бе?
– Иә, дедім.
– Мен сіздің бір де бір пікіріңізге қарсы болмадым. Рас па?
– Рас.
– Сондай бола ма?
– Болатын болғаны ғой…
Мәрзият тау басына көз тікті. Үлкен, тебіреністі ой үстінде отыр. Сарматқа ұзақ, сынай қарады да, жымия күліп кесесіне шай құйды.
– Ендеше, мен сізге жауабы қиын сұрақтар қоямын.
Оның өңінде құпия бір сыр бар секілді. Еркелей қарайтын сыңайлы ма?
– Қойыңыз. Рұқсат.
– Менің күйеуімнің жас әйелге кетіп қалуы, сіздің әйеліңіздің басқа ер адамға кетіп қалуына кім кінәлі?
– Бір себептен – өзіміз. Екіншіден – отбасында алған тәрбиелері.
– Сонда, біз де кінәліміз деп ойлайсыз ба?
– Әрине. Өзімізге жар қылар ділі, көзқарасы, тәрбиесі жақын адамдардарды таңдауымыз керек еді. Біз солай істедік пе? Жоқ. Сырт кейіптеріне қарадық. Немесе, жұрттың сөзіне ердік. Жастық деген сол. Қате бастырады.
– Қазіргі жастар да қателесуі мүмкін бе?
– Әбден. Өмір дегеннің өзі қате басу, содан соң соны түзеу ме деймін, кейде. Сондай бір арпалыс…
– Біздің немерелеріміз де қателесуі мүмкін демексіз бе? Олар қателеспеуі үшін не істеу керек, сонда?
– Ата-әжелерінің тәрбиесі, ақыл-кеңесі керек!
– Көндім, Сармат мырза!.. Айтпақшы… Сіз атқа міне аласыз ба?
– Иә.
– Домбыра тарта аласыз ба?
– Әрине.
Мәрзият қуана қолын соғып жіберді.
– Күрестіңіз бе?
– Күреспейтін қазақ болмайды!
Бұл отырғандар осыдан бірер ай бұрынғы тұнжыраған, беттерін әжім торлаған, ұнжырғалары түскен, көздерінің нұры өшкен жандар емес еді. Екеуінің де көңілдері кірбіңнен тазарып, алдағы мақсаттарына аттануға даяр күйге енген. Қол сілтеп, тастап шыққан күш-қуаттары қайтадан бойларына құйлып орныққандай. Енді тек, іштей сол мақсаттарына асығатындай. Сармат өзіне Мәрзияттың көбірек сынай қарап отырғанын сезбей қалған жоқ. Бұрылса, ту сыртынан, қатар отырса, көзінің қиығымен қимылын аңдиды.
– Күн керемет! Бассейінге түсу керек сияқты, – дегенде «тағы бір сынағы ма?» деп, күлкісі келген. Ренжітіп алмауды ойлап, тиыла қойды.
– Мен суды өте жақсы көремін. Судың пайдасы көп қой. Мен өзі өзен жағасында өскен адаммын.
– Бақытты екенсіз!
Екеуі үйге кіріп суға түсер лыпаларын киіп қайта шықты. Ұзындығы жиырма, ені он метр бассейіннің суы жып-жылы екен. Екеуі жарыса жүзіп, сүңгіп, балаша асыр салып, біраздан кейін жағаға шыққан. Мәрзият қысылу-қымтырылуды қойып, тікелей сұраққа көшті.
– Сармат мырза, сіз шынымен алпыс бестесіз бе?
– Иә. Жасын жасыратын қыз емеспін ғой.
– Жас көрінесіз. Денеңіздің бұлшық еттері ойнап тұр!
– Спорт. Тұқым. Атам жетпіс жасында бала сүйген?
– Солай ма?
– Солай.
– Ғажап екен…
– Өзіңіз ше?
– Не, өзім?
– Неше жастасыз?
– Алпысқа шығамын.
– Мамандығыңыз?
– Сәулетші, сосын бишімін.
– Көрініп тұр.
Беті лап етіп қызарып, Мәрзият суға секіріп кетті. Шашын кейін сілкіп, біресе шалқалап, біресе бауырын суға төсеп жүзіп жүріп, күліп:
– Ал, сіз, Сармат мырза, ұятсызсыз. «Күтушімін» деп менің бүкіл денемді көріп алғансыз!..
– Болары – болды! Жұмыс сондай болды. Қысылмаңыз, мен ол уақытта еш нәрсені көрмейтін жан едім.
Төбеден төнген күннен жасқанып, көзін жұмып, шалқалай жүзген ханымға Сармат аялай қарап қалды.

* * *
Жатар алдында екеуі тыныстау үшін екінші қабаттағы кең терассаға шығып, ту биіктен сорғалап аққан жұлдыздарға, тау шыңдарын айналып ұшқан самолеттерге қарап, қызықтаған.
– Мына самолеттер талай адамды армандарына қарай алып ұшып бара жатыр ғой, ә? Бақытын іздеп жер-дүниені шарлаған адамдар.
– Армансыз адам болмайды.
– Сіздің не арманыңыз бар? Отбасын айтпағанда…
– О-о-о, арман ба? Арман жетерлік. Мысалы, бұрын аттары аталмаған, тарихта болған бірқатар сұлтандар, би-шешендер туралы жиған материалдарым бар. Кейбірі, тіпті, сенсациялық жаңалықтар. Соларды реттеп, кітап етіп шығару – бір арман!
– Шынымен, сенсациялық па?
– Иә.
Кенет оң жақтағы шырша басы сытыр-сытыр етті. «Ой» деп шошынған Мәрзият Сарматтың құшағына тығыла кеткен. Сөйткенше, жоғарыдан жерге салақұлаш қар барысы ыршып түсіп, отты жанарын жан-жаққа тігіп, жиырылып, секіруге дайындала берді. Шырша жақтан тағы сатыр-сұтыр бұтақтардың дыбысы естілді. Барыс сол бағытқа оқша атылды да, сәлден кейін айнала тып-тыныш бола қалды.
– Бұл не ғажап?! Қар барысы ма? – деп, қорыққаннан қаны тартылып, бота көздері бұрынғысынан да үлкейіп кеткен Мәрзият Сарматқа қараған.
– Иә, дәл айттыңыз. Қар барысы! Ұрғашысын күтіп, өткізіп жіберді де соңынан өзі кетті!
Сармат болған оқиғаға қуанғандай қалыпта тұр еді.
– Шынымды айтсам, аң біткеннің ішінде осы қар барыстарын өте жақсы көремін! Ылғи шың басында, қар басқан құздарда жүреді. Қандай епті, батыл десеңші! Тамағын адал еңбегінің арқасында, жемтігімен бірге құлап, тау-мен тасқа соғылып барып жейді!
Есін жиған Мәрзият Сарматтың қатты тебіреніп тұрғанына таңдана қараған. Ол сөзін жалғай берді:
– Қандай тәккәппар және мәрт жыртқыш десеңізші?! Қимылы, қозғалысы қандай салтанатты! Жаңа қауіпті өткелден қаншығын қорғап, өткізіп жіберіп, өзі сосын кетті!
– Сонау шың басынан олар мына жерге қалай келді?
– Мәрзият, барысты көру бақыт емес пе? Қуанбайсыз ба?!
– Сөз жоқ. Өте әдемі! Қалай секірді, ә? Жалт етіп бір қарағандай болды.
– Сіздей сұлу әйелді күнде көріп жүр дейсіз бе? Әрине, қарайды!
Екеуі күліп, езулерін жиып үлгерместен, айналаны гүрілдегендей қатты дыбыс алып бара жатты. Үй теңселе жөнелді.
– Жер сілкінді! – деп Сармат бір қолымен Мәрзиятты құшақтап, екінші қолымен террасаның жақтауынан ұстаған. Жер бірер минут теңселіп барып басылды.
Сарматтың құшағында тұрған Мәрзият сықылықтап күліп жіберді.
– Неге күлдіңіз?
– Тау басынан барыс түспесе, жер сілкінбесе сіз мені құшақтамас едіңіз. Қолыңыз қандай қатты еді? Қарысып қалған ба, жіберіңіз енді!
Қалай, батыр, қорықтыңыз ба? Қорықпаңыз! Бұл үй менің өз жобам бойынша салынған! Он бес, жиырма балл болмаса, құламайды!
Әсершіл Сармат тебіреніс үстінде тұрған. Әлгіндей оқиғаларға куә болғанына риза, қуанышты.
– Қорықтым, әрине. Әсіресе, сіз үшін қорықтым… Барыстар жер сілкінерін сезіп төмен түскен болды. Сонда да, басқа үйге бармай, осы үйге келгенін қарасаңшы. Бізге көрініп тұр! Жақсылыққа! Жер жарықтық та жабырқаған бізді бір сілкіп алайын деген ғой! Сілкінбеске, жаңғырмасқа шара жоқ!
Таңға таяу, таудан салқын леп молынан соққанда ғана бөлмелеріне кеткен екеуі әдеттегіден ұзағырақ ұйықтап оянған. Жуынып-шайынып, өз ара келіспесе де сәнді киініп, ас үйде жолықты. Мәрзияттың баптап демдеген қою шәйін ала бергендері сол еді. Осы сәт даладан қарлығаштың қыз күлкісіндей сыңғыр-сыңғыр еткен үні естілді. Екеуі жалт-жалт қарасып, елең етісті де, іле орындарынан тұрып, жедел сыртқа шықты. Көктем күшіне әбден еніп, ауа бас айналдырардай жұпар шашып тұр екен. Албырап, бабына жеткен көктем гүл жарған гүлзар бағы мен саумал ауасын аптап ыстықты жаз құшағына енді бергелі тұрған мамыражай сәт. Екі қарлығаш тынбай сайраған күйлері екінші қабаттағы ашық террасаға зып-зып кіріп-шығып жүр.
– Жақсылықтың нышаны! – деді Сармат, тебіреніп.
– Келіпті! Бақыт құстары… оралыпты… Келмей кетіп еді…
Мәрзият көмейіне тығылған қуаныш жасына тұншыққандай, ақырын, құмыға сөйледі. Бота көздеріне мөлт етіп жас келді.
– Әрине, келеді. Әрине, оралады. Сіздей перизатқа бақыт құсы неге келмесін?!
Сәл алда тұрған Мәрзият шегіне беріп, көз жасын көрсетпейін дегендей Сарматтың иығына басын қойды. Ол дәл жандарынан сықылықтай, зу-зу ұшқан аса сезімтал, бейкүнә құстарды үркітіп алмастай ақырын қимылдап, ханымды еппен құшақтаған. Алғаусыз сезім мен сенімді сағынған, риясыз қамқорлықты аңсаған нәзік жан қалтырап тұр екен.

Серік
ЖЕТПІСҚАЛИЕВ

Көкшетау қаласы




ПІКІР ЖАЗУ