Тарғыл тағдыр
І
Төртбақ денелі Әміре қажының Жүнісі тақымындағы сұлының алқабына жайылып семірген жортақ көк буырылды бір апта бұрын үйірден ұстап, қолтығы жазылып, шабы сабындалып көпіргенше аяңдап, ара-тұра бүлкекке салып әбден сілесін қатырып ащы терін алған. Сілетінің бойындағы Қарасытырда отырған отауының алдына өскен жалғыз дараққа шылбырын қысқа қайырып күрмеп байлап, төсінің тері кепкенше таңасырған. Дөненінің іш құмалағын оңай түсіргеніне мәз боп жүріп тұяғынан аса бастаған майтабанын ақ етіне жеткізбей тәптіштеп бәкісімен сырып кескен. Жүрдек көк буырыл аяңшыл, құлағының түбінен тері шыққаннан кейін ауыздыққа бой бермей қоятын әдеті бар. Жол жортаңына салғанда анау-мынау шоқақтап шапқан тайларға да ілестірмейтін. Жүністің жүрдегі бес жыл бұрын іштегі Ноғайсібір жақтан қан аламын деп жымын білдірмей әкелген кереге жал жирен айғырдың тұқымы. Қазақ арасында үйірлеп жылқы ұрлау барымта саналса да, аузы жеңілдерге ауызбастырық үшін сырымта беріп құтылатын ежелгі әдет. Малынан айырылғандар да із кесіп баса-көктеп келмей, сөз бен аяқ ізі басылғаннан кейін өздері әпербақан жігіттерін жіберіп, жылқы алдырып, есе қайтарып, қармыжысын жібермейтін. Ал Әміренің ұлдары Жүніс пен Қажақат ондай тірліктен аулақ, түмен жылқы айдамаса да мыңғырған мыңның иесі. Бірақ басқа ауылдардың мырзаларындай жігіттерін барымтаға жіберген емес. Олар жылқының санына бас ауыртпайды, сапасына көңіл бөлетін. Әсіресе Жүністің басқа жерден жүйрік көрсе, амалын тауып соны әкеліп қорасына байлағанша, тағат таппайтын көрсеқызарлығы бар және жылқы ұрлаудың небір адам миына қонбайтын тәсілдерін білетін. Ноғайсібірдің бір мұжығы шығарып берген жирен айғырды алып келгенде, талайлар ағыны адамды атымен аударып алып кететін асау Ертістен қалай өткіздің деп сұраған.
– Оның түк қиындығы жоқ. Өзен жиегіндегі құлашым жетпейтін бір көктеректі балталап құлаттым да, бұтақтап, астымдағы атым мен жиренді қысқа байлап, суға ағызып жібердім. Бергі жағаға ағын өзі алып шықты. Ал із кескендер Ертіске жетіп, сақалдарын сипап кері кеткен шығар, – деп рахаттана күлген.
Жирен атты алып келген күні ұзын қыл арқанды қазанға ұзақ қайнатқан да, ыстық күйінде қолды болған атты шандып матап, орап тастаған. Біраз уақыттан кейін арқанды шешіп алып, қараңғыға байлап қойған. Қаз қайтқан маусымда әкелген жирен ат қымызмұрындық шыққан уақытта кейбір жерінің түгі түсіп, орнына ақ-көк түктер пайда болып, шұбарланып сары буырылға айналып шыға келген. Ол оны бәйгеге қосып, атымды шығарамын деп емес, биеге қосып қан аламын деп дәмеленген. Түпкі ойы көктеп, бір жылдан кейін сары буырылдан шыққан көк биесі көк буырыл құлын туған. Жүрдек болар түлікті пошымынан танитын Жүніс көк буырыл құлынды енесінің уызына жарытып, жілігінің кемігі толып, құнан асқанда үйірден ұстап үйреткен. Жорға шығарамын деп көк мұзға салған, алагеуім кешкі шақта көлеңкесімен жарыстырған. Алайда ол ойынан түк шықпай, көк буырыл әкесі құсап жортаңынан танбаған. Өз жылқыларына қарағанда әр мүшесі салалы, көп ішінен бірінші болып көзге түсетін биік дөнен талай түн басын шылбырға сүйеп мүлгіген. Содан бері ол өзінің ұзақ жолға мінетін жан серігіне айналған.
Әр жерде отау көтерген жатақ ауылда көк буырылды шалғай жолға дайындап, шалт қимылдап жүргенін шымыр денелі інісі Қажақат бірден аңғарған. Одан кейін «ағамның көз құртын жеген айналада қандай жүйрік бар еді» деп ойлағанда миына Бұланбайды жайлаған Мұса мырзаның қарагері сап ете қалған. Өздері де осал тұқым емес, Мұса да халқына мырза атанған жомарт жан. Он мың жылқысын он қосқа бөлгенмен, әрбірінің басына қарауыл қойғызбай, сүтті жуасы жылқыға жемдей жұғысты жайлауда оттағанда жылқышыларға қайыртпай еркіне жіберуді қазықтай қадап тұрып тапсыратын. Оның ауылында тұрмыстан тарылып жұтаған жан да жоқ. Жұртының ең әлсізі тебінде шашасы қиылып жылқы жығылған жұт болды деген қыстың өзінен жұпыны шықпайтын, ұзынсарыда жамбас еттен ұзын қанаттап бітеу жалғап кескен жаяларын асып, Мұсаны арнайы шақырып жамағайынымен қонақ қылатын. Мұса – мінезге де бай, көршісінің көзі соқыр болса, бір көзін жұмып жүретін адам, қолы да ашық, көңілге де мырза. Жұтаған ауылдастары болса, сусының мен соғымың болар деп тайымен қосақтап буаз бие атайтын. Ал жылқышыларына қарайласқаны былай тұрсын, еркелетіп ұстайтын. Содан болар төрт маусым бойы тұяқтыларының күйін күйттеген олардың ауыздарын ақ пен қызылдан айырып көрген емес. Жалғыз талабы – адалдық. Пейілдері шын болса, оның да пейілі кең жайлау.
Қысқа тонды, ықшам киінген Жүніс көк буырылдың мінер жақ қанжығасына ұзын құрығын байлады да, шідердің тиегін жонып отырған жылқышысы жырынды Бақанға қарап қазанүй жаққа қарай көзін алартты. Мырзаның ойын ауыз аштырмай ишарасынан танитын ол түнде жауған ұлпа қарды саптамасымен ғырт-ғырт еткізіп, сарша тамызда бөтегесі балдыр ішіндегі тұқыға тойып семірген барылдауық қоңыр үйректей балпаңдай жөнелді. Көп күттірмей шағын дорбаны әкеліп көк буырылға салынған шеге қағылмай жасалған жеңіл шаппа ердің қайыс таспадан тағылған оң қанжығасына, ал екі жемқапты өзінің еріне байлады. Осы кезде анадайдан сырттай бақылап тұрған Қажақат жақындап келгенін олар байқамаған.
– Иә, жол болсын! Тағы кімді қан қақсатқалы кетіп барасыңдар? – деді ол жұлып алғандай рахаттана кеңкілдей күліп.
– Атаң Бекболат, әкең Әміре қажының баласы болсаң, сен білмей тұрған шығарсың осы, – деді Жүніс інісіне бұрылып кейіс танытып. Сөзінің бір қайнауы ішінде бүгілді.
Жүністің меңзегені інісінің әкелерінен жұққан көріпкелдік қасиеті еді. Қажақат ағасының әр басқан қадамынан-ақ не тірлік жасағалы жүргенін айтпай танитын.
– Ішің сезіп тұрған шығар, – деген сосын Жүніс.
– Басқасы басқа, көзің Мұсаның қарагеріне түскені анық боп тұр ғой, ағасы, – деген сырын алдырған Қажақат.
– Мұса шынымен мырза болса, тегіне тартқан тектілігін танытар. Бір жүйрікке бола кектенбес. Он қосының ішінен одан асқан ат табылар. Ал былтыр Көкшедегі бәйгеде жетпіс атты шаң қаптырып, қозы көш жер артқа тастап көмбені шаңдатып өткен қарагердің бітімі бөлек. Қысқа да жуан мойын түліктің белі де мықты екен. Бір күн бұрын жіберген жерден алқынбай келу анау-мынау аттың бабына да, бағына да арман ғой. Шіркін, соны бір тақымға бассам. Арағайындықты көлденең тартып сұрап барсам, Мұсаның шылбырын қолыма ұстата қоюы кәдік. Амал жоқ, – деп күмілжіген Жүніс Бақанға кеттік деп иек қаққаны сол екен, әншейінде аяғын ауыр басатын жылқышы жеңіл қимылдап ақ-көк атқа қарғып мінді. Екеуі уақыт өлтірмей Бұланбай жақты бетке алып жүріп кетті.
* * *
Мырза Мұса Бапан отырған қосқа бүгін таңертең келгенде алдынан қарагер айғыр үйірден бөлініп шауып келіп қарсы алған. Жанына бөтен адам жолатпайтын ақылды жануар келген бетте Мұсаны иіскеп оқыранып, күпсек қарды борандатып тарпыған да, құйрығын тік көтеріп үйіріне қарай қайта шапқан. Құдды бір қуанған бала тәрізді. Бұл оның Мұса мен Бапанға ғана көрсететін қылығы еді, басқа адамды өзі түгілі үйірге де жолатпайды. Салалы саусақтарын батырып жалының астынан сипағанда Мұсаның алақанына жуан мойнының жал майы толғаны байқалған, одан кейін маса қонса тайып жығылардай, бір кесе су сиярдай жарылып тұрған жаясын көріп көңіліне көктем орнаған. Оң құлағына батырмай ойып салған ойық еңі көзге бірден шалынбайды. Алтай-Қарпықтан тараған Ермек бабаларының көтерем ешкіні отыз күнде көтеріп, екінші он бес күнде қазы бітіретін шүйгін шөпті Бұланбай даласын қоныс қылғанына іштей разылық танытқан. Өзінен ботақұрсақ кіші, қысы-жазы қазанның түп күйесіндей боп жүретін жылқышы Бапанға еріп қосқа кіріп, саптамасын тартқызып, қалың сырмасын1 шешіп дастарханға жайғасқан. Қызыл күреңденіп шыққан қою шайға шақпақ қант шағып ішіп, шөлін әбден қандырғаннан кейін қостарын аралауға қамданған. Бұл Мұсаның ай сайынғы әдеті. Осылайша ит-құсқа таланған жабағы-тайларды, айғыр шайнап тастаған сәуріктерді, құлын тастаған байталдарды жеке бөлдіретін. Қысыр, ту биелерді белгілеп, соғым саудасына шығаратын. Көктемде қызылшу кеселіне ұрындырмас үшін жал-құйрығы күзелетін жас түліктерді белгілейтін. Әдетте күзелмеген байталдар не құлын тастайтын, не өлетін. Бүгін де сол шаруамен күн қызарып батқанша жүрді. Жылқышылар Бапа атап кеткен Бапанға енесін қысыр емген ұзын түкті торы тайды қамшысымен көрсетіп, азық етіңдер деп бұйырған. Алдына мыңғырып мал бітсе де, Мұса қылқұйрықтың қызылына құнықпаушы еді. Ортақ ас, ортақ дәулет деп қарайтын. Жер бауырлап соғатын жатаған, қар боратып үдейтін ысқырық пен гуілдеп төпелейтін ызғырық желдің өтінде, алай-дүлей боранда, ара шағып алғандай бетті қуыратын тымырсық, көз аштырмас боранды үскірік, кірпігіңді түсірердей шытынаған шыңылтыр аязда шыныққан, ат үстінде қолдары мен беттеріне қазы жағып жан сақтаған жігіттер әп-сәтте көрсеткен тайды жығып, жұлмалап тастаған да, екі астау қуырдаққа татитын семіз етті қаны солықпай тұрғанда қосқа жіберген. Күні бойы жүріп ашқұрсақ болған Мұса жылқышылардың бірін қалдырмай құрық ұстауға дәмелі болып жүрген жас жылқышылар қазан көтерген қосқа барып, ішік пен малақайларына тұрған қырауды қағып ішке кірген.
Желдің өтімен қостың іргесіне жақын келіп тізгін тартқан Жүністің танауына да семіз тайдың қуырдағының иісі келгенмен асқазаны шұрылдамаған еді. Ол орта жолда аялдап, Бақанға аттарды тынықтырып, жүрек жалғап алайық деген. Бақан қос аттың тұмсығына қанжығасындағы сұлы салынған жемқаптарды байлап, шідерлеп қойған. Өз қанжығасындағы дорбадан екі түйіншекті алған Жүніс екеуі еркін отырардай қарды аршып, астындағы өлең шөптің үстіне жайғасқан. Қолындағы қазыны жапырақтап жұқалап турады да, бір кескенді Бақанға ұсынды.
– Мына бір қайнауы ішінде қалған қазының екі тілімін алдымен сорып, сосын қылғытып жіберсең жеткілікті. Мұндай суыт жүріске сере қазы жарамайды, жас малдың бармақ қазысы жеткілікті. Семіз қазы ішті айдатып жібереді, ал жас малдікі сіңімді келеді. Бұл қарныңды ашырмайтын ас есебінде жүреді. Ал одан кейін аузыңа малта құртты салып, сорып жүре бер. Әрі сусын, әрі әл береді, – деді Жүніс әңгіме бастап.
– Жегеннен соң жұғымыңа жүк болар ет жеу керек қой, – деп қалды Бақан қомағайланып.
– Қанша жыл қасымда жүрсең де түк ұқпапсың ғой, түйсігіңе түйгенің шамалы, түбіңді ұрайын. Тойып ас, шөл қандырып сусын ішкеннен кейін атқа қалай мінесің, бір. Екіншіден, біраз уақыт өткен соң дәрет қысады, аттан түсіп ыңғайланамын дегенше уақыт жоғалтасың. Соңыңда қуғыншы бар. Тойып тамақ жеуді қорытқан басыңда бақырдай ми жоқ екен, – деп жекіген Жүніс әңгімесін еріне жалғады.
– Атын ұмытып отырғаным, мына Кереку жағында Сапар деген жерде бір сері бар екен. Серілігі сондай, атының жалына одеколон деген иісмай жағып жүретін көрінеді. Көңілінен шыққан келіншектердің босағасына әрдайым қосақтап жүретін байталды байлап кетеді екен. Қорасында тышқақ лақ та жоқ ол жортуылға жиі шығып, әкелгенін пышақ үстінде бөліп беретін жомарт болған сыңайлы. Барымтаға шыққанда осылай әлденеді дейтін білетіндер. Менікі де сол амал ғой, – деп есінеді Жүніс аузын алақанымен басып. Одан кейін сүт пісірім уақыттай көз шырымын алды.
Қостың бауырына келгенде Жүніс іштегі күбірлескен адамдардың дауысын естіді. Әбден қызыл еттің қызығына батқан секілді. Оған да керегі сол. Анадай жерде тебіндеп жүрген көп жылқының ішінен қарагерді де байқады. Алты адым жерден қашқан қосаяқтың қыли көз екенін көретін көзі өткір Жүністің жымысқы ойы жүзеге аспасы белгілі болды. Үйден шыққанда ол «өлараның осы қараңғы кешінде қосқа барамын, жылқышылардың аттарының ертоқымын алып суытып қойғанын, сырмалары мен саптамаларын шешіп жеңілдеп, дастарханға отыратын мезгілін күтемін, тамаққа енді тойды-ау деген мезетте қарагерді құрықтап ұстап алып, көк буырылдың құйрығына байлап, қосақтап алып кетемін. Сырттағы шуды естіген жылқышылар ішкендері көмейлеріне келіп ыңыранып тұрып, үстіңгі ауыр киімдерін киіп, сыртқа шығып, аттарын ерттеп мініп ізіме түскенше біршама уақыт өтеді. Ат үстінде селкілдеп келе жатқан тойып шыққан адамды жолда дәрет қысады, олар тоқтап қабат-қабат киімдерін шешіп қажеттерін өтегенше, тағы да біраз уақыт сырғиды. Осылай ырғалып жүргенде мен де қарамды батырып үлгеремін» деп шамалаған. Бірақ ойы оңынан тумады. Әбден семірген кеудесі кең қарагер айғырдың сарыжиренді жүк құрлы көрмей сүйреп кетеріне көзі жетті де, Бақан екеуі өз ауылдарына қарай желістей жөнелді. Қостағылар сыртта бөтен көздер жүргенін аңғарған да жоқ. Иттер де Жүніс пен Бақанның қалталарына салып алған қасқырдың азуының иісін сезіп қыңсылаған да қойған.
Арада он күндей уақыт өткенде қостағы Бапаннан Мұсаға хабар жетті. Көп жылқының ішінен қарагер айғыр ізім-ғайым жоқ болып кетіпті. Мұса бұл сырттан емес, іштен келген ұрлық екенін бірден аңғарған. Күдігі де Бапан жылқышыға ауған.
* * *
Бұланбай ауылында желтоқсанның май қатырар ызғарлы желінен кейін соғым сойылғанда әр үй қазан көтеріп, ауылдастарын ішмайға шақыратын дәстүр сақталған, әр күндерін қадари халдерінше базарлайтын. Жылқыны жанынан жақын көретін Бапан күнделікті талғажау үшін күздікке деп бір өгізін жығатын да, соғымға ұзынсарыдағы тіріге беретін омыртқа2 мен өліге беретін шекеге3 жететіндей етіп жылда семіз соятын. Биылғы соғымы да сере шықты, бәсекелес иткөйлек құрдастарынан бәсі биік болды, ішмайға жөргек жас үлкен қара сақалдарды да, ауыл ақсақалдарын да бірін қалдырмай шақырған. Олардың арасында орта жастан асқан Мұса мырза төрдегі дастарханға барып үйреншікті орнына малдас құрып жайғасқан. Ақсақалдарға шеке тартылып, сары сүйек құдаларына жамбас берілген, Мұсаға арнайы омыртқа ұстатқан. Бірақ ол бітеу тартылған омыртқаның етінен жұлмалап татты да, қалғанын ет тураушыға ұсынды. Көңіл-қошы жоқ екенін Бапан бірден аңғарған және ол Мұсаның бір ашуланса қызуқанды, тіпті кейде шорт кесіп нойыс кететінін, әркез әділдік жағында екенін білетін. Қарагер аттың өтеуіне келген екі ту биенің бірін соғымға жығып жатқанда да өзінің пенделігі үшін іштей налыған. Мұсаның көп жылдық сеніміне селкеу түсірдім-ау деп қуыстанған, жасық мысықтай қибыжықтап қалған. Ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін арқа-жарқа болып отырған ауылдастарының көңілін қабағы қарс айрылып, ұшпа бұлттай түйілген мырзаның гүр еткен зор дауысы бұзды. Алқа-қотан отырғандар жым бола қалды, үйдің ішін үнсіздік басты. Иықтарына қол орамал асынып, сол қолдарына леген, оң қолдарына шәугім ұстап су құюға қамданып тұрған қос бала да тартыншақтады. Келгеннен бері жылқышысына сұрша көзімен тесіле қарап отырған қызылшырайлы Мұса орнынан қозғалақтап Бапанды қасына шақырды.
– Биылғы соғымыңның дәмі бөлек екен, бірақ еті де, еттің түсі де біздің үйірлер жүрген тоғайдың емес, қырдың малымын деп тұр ғой. Бір тілім қазысын жұтсаң, жүрегің кілт ете қалады. Бапан менің мінезімді жақсы білесің, сен мына соғымыңды қырға барып сойып әкелген жоқсың. Ол анық. Жүрек көзім көрсе, сен мұны менің қарагер айғырыма айырбастап алғансың, – деді зілденбей сабырлықпен.
Шудан шошыған шүрегей үйректей болған Бапан сүңгіп кетерге су таппай қалды. Ұяттан жарыларға шақ қалды, қаны бетіне шапшып күйіп барады. Бағанадан жұрт соғымың семіз деп мақтағанда ұшарға қанат таппай отырған ол Мұсаның қасында мысыққа арбалған тышқандай болды, шегінерге жер жоқ, алға басса – зор, артқа басса – жар. Адамды әр қимылынан жете танитын Мұса үнсіз қалғанынан секемденіп тағы да сөз алды.
– Мен бұл жылқының тоғайдікі емес екенін етіне қарап қана емес, бағана босағаңнан аттағанда шыққан иісінен бірден сезіп едім. Жасаған қылмысың болса мойында, қазақ қашқан қыздың да, өлген ұлдың да құнын кешкен.
Бапан мырзаның ел ішінде бас жарылып, көз шыққан оқиғаларда да әділдікке ғана жүгінгеніне талай куә болған. Өтірік атаулығы туғаннан жаны қас, ал ашығын айтса, кешірімді. Мойындаудан басқа амал жоқ.
Түнеу күні айласын асыра алмаған Жүніс ауылға оралғаннан кейін қарагер айғырды қолға түсірудің жоспарын ойластырған. Жылқышы Бақанды Бұланбайдың тоғай жағындағы Бапанға барып, жымысқы ойынан хабар бермей жылқылардың қай кезде жусап, қай кезде жайылатыны, қандай жылқышылар бар, мінгендері қандай аттар екенін, қай мезгілде ауысатындарын бәрін анықтап кел деп жұмсаған. Арам ойы жоқ Бапан болса келген әріптесін асты-үстіне түсіп күтіп қайтарған. Арада екі тәулік өткенде қасында бес-алты сойылды жігіті бар, ышқырындағы күміспен әшекейленген кәмәр белбеуіне тапаншасын қыстырған Жүніс Бапанның қоста жалғыз қалатынын біліп інісі Қажақатты еріте келген. Келген бетте қарагер айғырды ұстап беруін бұйырған. Егер өз қолымен ұстап берсе, Мұсаның кешпесін анық білетін Бапан қарсыласып баққанда, Жүніс маңдайына тапаншасын тіреп:
– Өмір қымбат па, қарагер қымбат па? Мырзаң бір жүйрік үшін жаныңды алатындай әзірейіл емес, мен білетін Мұса болса, елдің шаруасы тұрғанда мұндай ұсақ-түйекке бой алдырмайды. Оның үстіне қарагердің сойдақ тісі шыққан сақа мал, енді ол жарысқа түсіп бәйге алмас. Ренжітпеймін, орнына, әне, екі мес бие ала келдім, – деген қос биені қамшымен нұсқап.
Маңдайына өмірінде алғаш рет суық қару тірелгенде жаны мұрнының ұшына келген Бапан басын қалай изеп қойғанын да байқамай қалған. Ол Жүніс пен Қажақаттың көзі түскенді алмай қоймайтын жуан білекті екенін жақсы білетін. Оның үстіне қысқа түкті, сүліктей жылтырап тұрған қос ту бие де пенделігін оятып, көкірегіндегі нәпсі құрты жыбыр еткен де келіскен. Ере келген екі жігіт қарагердің бауыздарына екі қыл арқанды қылқындыра байлап, шірене тартып жетектеп алып кеткен.
Қылмысын мойындаған Бапанның алақ-бұлақ етіп қуыстанып, жанарына жас үйірілгенін байқаған Мұса жылқышысының мойындағанына емес, өзінің көргендігіне көңілі көншіді. Ішкі сезігін сыртқа алдырмайтын әдетіне басса да, қанның дәмін сезген арландай алпыс екі тамырында қан тулап, алақұйын болып отыр.
– Жаныңа он шақты қарулы жігіт сайла, қолдарына сойылдарын алсын. Ертең Сілетінің бойында отырған Жүністің ауылына аттанамыз, – деген Мұса алдындағы керсең кесеге құйылған құрт былғанған сорпаны төңкере салды. Ашуға берілсе арандап қалатынын білетін айнала отырғандар бір амалын табуға көшті. Шөгел өңді, қараторы келген, төбесіндегі қоқысын4 шешпеген ақсақал майлы қолын бірінші етігінің қонышына сүртіп, сосын су сұратып шайды да шоқша сақалын уыстап бір тарады, қалтасынан өрнектелген күміс шақшасын шығарып, көкбұйра насыбайын ерніне басты. Айналасына қарап еді, ешкім түкіргіш әкелетін түрі жоқ екен. Бәрі ұзындығы тізесінен сәл түсетін қимал шапанды Мұсаның келесі қимылын бағып отырған сыңайлы.
– Мұсажан, екі ел де мал аяғынан күн көріп отыр. Бізге бір сырты түк, іші боқ мал үшін араздасудың қажеті жоқ. Жүніс те, Қажақат та ұрда-жық ақымақ емес. Жүйрік ат пен сұлу қыз кімнің көзінің құртын жемейді? Олар да адасқан шығар. Ал сенің мырза басыңмен бір жұтта өліп қалатын жылқыңды даулап барғаның дұрыс болмайды. Қылмыс үстінде қолмен ұстап алған жоқсың. Бапанның өзін жібер, айыбын жуып келсін. Қасына закон Ахметті қосып бер, заңмен сөйлеп үйренген көзі ашық жігіт қой, – деген ол. Ахмет осы ауылдың жігіті, әр нәрсенің байыбына барып, ақ пен қараны ажыратуда заң бабына сүйенетін, қияс кетпей қиып түсетін оны елі іші «Закон Ахмет» атап кеткен.
Мұса Бапанның үйіндегі шайға қарамады. Басқалары да сүйкімді соғымды арам көргендей көп бөгелуді жөн деп таппады. Таң қылаң бере Бапан мен закон Ахмет Сілетінің бойындағы «Қарасытыр» ауылына аттанып кетті.
* * *
Бапан мен Ахметтің астындағы аттарын қара терге малшындырып жеткенінен Жүніс те, Қажақат та сезік алмады. Бәрі қолға ұстағандай айдан анық, қарагердің құнына келгендерін бірден аңғарды. «Ассалаумағалейкүм» деп келген жоқшыларды қажы ауылының жамағаты «Уағалейкүмдерін» жаудырып қарсы алған. «Жол болсын» деген Жүніс сөзді бірден бастаған.
– Жүніс, Қажақат, екеуің де беделді әулеттің өкілісіңдер. Әкелерің Әміре қажы мен жылқысын Қожым түбегіне жайған Мұса мырзаның әкесі Тәскенбайдың арасында бұрын-соңды ұрлық жүрмеген, екі ауыл қыз алысып, қыз берісіп құдандалы болып ежелден ішек-қарындай араласып жатыр. Сіздердің бұл қылықтарыңызды түсінбеген жайымыз бар. Мырза осы істі бітістіріп қайт деп мені арнайы жіберді, – деді закон Ахмет сөзге жүйрік, ойға алымды екенін аңғартып. Қамшысын бүктеп ұстаған Бапан кінәлі және сол үшін жауапты екенін айқын сезініп, жан-жағына түлкі көрген әлеке тазыдай алақтап тұр.
– Сендер келмес бұрын кінәміз барын өзіміз де мойындап қойғанбыз. Жайдақ жатқан жоқпыз. Бірақ біз жылқыны үйірден қуып алып кеттік пе? Өз жылқышыларыңның қолынан алып, орнына екі мес бие байлап кетті қой, – деді Қажақат дәлелін алға тарта сөйлеп.
– Иә, солай болған. Ауыстырып алғанбыз, – деп сөзге араласты Жүніс.
– Сөздің қысқасы, біз Мұсаны жақсы танимыз, алдында айыпты екенімізді білеміз. Бірақ алыс-беріс жолымен келген жылқыны қайтарып беру әдетімізде жоқ, қарагер мүмкін осы ауылдың құты шығар. Сол себепті айыбымызға бұрын-соңды мырзаларыңның үйіріне түспеген алты ұзынтұра арғымақ дайындаттық. Көнсеңдер соны алыңдар, көнбесеңдер құр қол қайтасыңдар, – деп кесіп айтты.
Закон Ахмет бұл сөзді ұйып тыңдап, қайтсем екен деп біраз ойланды. Шынымен де бұлар қарагерді ұрлап емес, шынуайтында орнына екі бие қалдырып ауыстырып алған болып шығады. Амалын тауып отыр. Бұл істерін сотқа тартқаннан ұтары шамалы. Бір айғырдың орнына үстемелеп алты сәйгүлік береміз деп отыр енді. Оның үстіне Мұса да қан жаңарту керек деп бәйек болып жүрген, қарагердің үйірінде тұқымы бар. Берген арғымақтарын алып ауылға қайтсақ, ең дұрыс шешім осы болар дегендей ойлы көзін Бапанға қадады. Ол да кет әрі еместігін білдіріп, жау тымағын қолына алып тізесін бір қақты.
– Көрсетіңдер онда, – деді сосын Ахметтің де бейіл екенін сезіп.
– Бақан, әкел ана жылқыларды, – деп бұйырды Қажақат жылқышыға қарап. Алты жігіт тоқты тоймас қаңтардың қысқа күнінде қорада қаңтарылып, өздігінен жараған алты арғымақты далаға алып шыққанда жиналғандардың бәрінің ауыз суы құрып, сілекейі шұбырды, бұл жақтың жылқылары емес екендігіне көздері жетті. Алты жігіт алты арғымақты шылбырларын қысқартып, сағалдырықтарына тағылған шығыршықтарынан ұстап билетіп тұр. Бұларды көргенде Бапанның көз алдына үзеңгісіне аяғың жетпейтін әйдік торылардың алты үйірі елестеді. Жылқының жалында өскен ол бар айыбын да ұмытып кеткен. «Туф мынауы жүзіктің көзінен өтеді екен… Пәлі, мынаның ұзын сирақтысын-ай… Мына қысқа мойынды мініп қызды ауылға барсам да болады екен… Мә, мына торының ойнақтауын-ай» деп тамсанып, әрбірінің алды-артына шығып айналды.
– Әй, мырзалар, мына пырақтарды жұмақтан алдырдыңдар ма, ұшқалы тұр ғой, – деп айналсоқтап алақанына түкіріп, ішіп-жеп барады. Тіпті, қарагерді қос биеге ауыстыра салғанына да мәз секілді.
– Келістік, алты торпағыңды аламыз, тек бұдан кейін арамызда мұндай суыт іс болмасын, – деп шорт кесті Ахмет өтірік жаратпағандай торпақ деп кемсітіп.
Жолдан шаршап келген қос даугер сол күні Жүністің қонағы болды. Өкпе-реніш ұмытылып, өткен-кеткенді сөз етті. Етке тойып, соңынан қысырдың қымызын ішіп рахаттанғаннан кейін Жүніс әңгімеге тізгін берді.
– Осы төңіректе жылқы танимын деген адам болса, Мұсаның қасында жіп есе алмас. Оған көзім жетті. Қарагер қасиет қонған түлік, дода десе оң бүйрегі бұрылып тұратын мал секілді, – деді Қажақат таңданысын жасырмай. Бақан мен Ахмет оған оқшырая қарады.
– Қарагерді ат құйрығына байлап, екі жақтан екі арқанмен тартып алып кеткен күні көрсетті ғой қасиетін.
– Созбалақтамай айтсаңшы енді, – деді Жүніс інісіне жаратпай.
– Айтсам, сол енді не ғой… – деп абдырап қалды Қажақат айтарын ұмытқандай шашалып. Тісін сорып, сілекейін жұтынды.
– Жаймашуақ келе жатқанымызды сезген қарагер аяқ астынан аспанға оқтай атылып туламай ма. Ат құйрығына байланған қысқа арқанды босатып жіберген өзімізде де бар. Сол тулағаннан бой бермей, екі жігіттің қолынан арқан сусып шығып кетті. Шапқан күйінде құйындай зулай берді, соңынан тапырақтап біз де қалмадық. Ұстатпасы анық, оны жануар өзі де сезетіндей. Бізді әдейі ашуландырғандай алыста басын жерге салып оттап жүрді. Мұны қалай ұстаймыз енді деп бас қатырып отырғанда Бақан айла тапты. «Қайткенмен бәйге көрген жылқы ғой. Бәріміз қасынан топырласып шауып өтейік, ат жарысы деп ойлап қалған ол бізбен қатарласып шауып тобымызға қосылар», – деді. Айтқаны айдай келді. Қасынан айғайлап, шаңдатып өткенде ол да басын жерден жұлып алып тұра шапты. Сол шапқаннан Қызылқақтың жағасында жүрген Жамансары байдың жылқысына қосылды. Сол жерде аранға қамап әрең ұстап әкелдік қой, – деп түйгенде жиналғандар Қамбар ата түлігінің қасиетіне қайран қалды. Бұдан кейін де қаншама жүйрік туралы әңгіме айтылды.
Екі елдің адамдары өзара татуластықтың белгісіндей сіз, біз десіп таңғы тоңазыған етті турап жеп, шайға қанып тарқасты.
Күн ұясынан қылтия бастағанда жолға шыққан екеу алты арғымақты қосақтап түс әлетінде Бұланбай ауылына алып келгенде бала-шаға былай тұрсын, абысын-ажын да отауларынан шығып қарсы алды. Шетінен желіскер, ұзын сирақ алты асыл тұқымды арғымақ Мұса үйінің алдына байланды. Қарагер айғырын қайтарып берер деп дәмеленген Мұса көптің құлаған көңіліне бола үн қатпады, өтеуіне келген арғымақтарды қанағат тұтты. Өткен іске өкси бермей, шығар көктемде алтауын да үйірге салып, қылқұйрықтарын асылдандырам деп шешті. Тек оның тұнық ойын анасы Күнжан бұзды.
– Айналайын, жарығым, осы алтауы өзіңе жұт болып жабыспаса жақсы болар еді. Біздің әулет бабаңнан бері қызыр қонған әулет еді. Бізге тек адалдық қана жағады, ал мыналардың арты лас секілді. Ұрланған мал болып, иелерінің қарғысы ере келмесе игі еді. Осыны анықтатшы, қарғам, – деген кейуананың сөзі дүдәмал көңілін одан бетер айғыздап жіберген. Етегіне ел қондырған, ақ кимешегін кір тұрып көрмеген анасының сөзінде жан бар екенін Мұса да бастапқыда аңғарған. Маңайда ұзын сирақ рысак өсіретіндер жоқ, бұл іш жақтағы сығандардың жылқысы болар. Құйқалы қара етті болса да қазы беріп жарытпайтын, солқылдақ желісі ішкен-жегеніңді ақтарып сыртқа төңкеріп шығарардай қылатын. Бабы да бөлек. Дәу де болсын іштің жылқысы деп жорыған. Тек ләм-мим деп тіс жармады. Құдайдың салғанын көрерміз деп қала берді.
* * *
Биылғы көктем ерте келген, көкектің соңында жер жүзіне көк шығып, жылқының алды құлындай бастады. Қыста әкелінген алты арғымақ жеке-жеке үйір жинап, арқырап, биелерді бөлісе алмай Қожым түбегінің іші ақар-шақар болып жатқан кез. Қаба жалды, жер сызған қалың құйрықты жабы айғырлар қысырларды қуа-қуа қалжырағандарын ұғынса да, өз еркімен үйірлеріндегі жас байталдарды бермей шайнасып бақты.
Уақытқа тежеу жоқ, зымырап өтіп жатты. Құдай атқыр сол күні Мұсаға алты айғыр ауруға шықты деген жаманат хабар келгенде анасы Күнжанның «өзіңе жұт болып жабыспасын» деген сөзі ойына оралған.
Бапаннан хабар жеткен бойда атқа қонған Мұса қосқа барса, шынымен де алты айғыры инеліктей ілмиіп қалыпты, бәрінің шабына, бауырына ісік жаралар шыққан. Алғашында сақау ма деп ойлаған, бірақ ол аты жаман кесел жас малға үйір. Жасынан жылқымен бірге жайылып өскен ол түліктің тұяғындай қатты еді. Жерге көк шыққанда жылқы жусайтын жерді аралатып, қызыл тамыр шөпті жұлдырып тастайтын. Бір жылы жабағы-тайлар сол шөпті білместіктен жеп қойып, үсті-басына ісік қаптап қынадай қырылған. Ал сақа биелер ондай шөпке жоламайтын. Дәу де болса бұл ауру қарагердің өтеуі болып іштен келген алты арғымақтың қанында болған. Ілмиген арғымақтардың тынысы тарылып қорылдап, ет пен терісінің арасына дөмпиіп пайда болған ісіктер жамандат ауруынан хабар береді. Бұдан құтылатын екі жол ғана бар. Біріншісі – жылқыны атып, өлексесін жерді терең қазып көму немесе өртеп жіберу. Екіншісі – ісікті түбірімен пышақпен сылып алып тастау. Арғымақтарды өлімге қимаған Мұса екінші әдіске көшкен. Бір ай терезесінде жылқылары аман қалғанымен, өзі төсек тартып жатып қалды.
Ауылына алты арғымақ аяқ басқанда жұт шақыра келгенін сезген Күнжан ана баласы Мұсаның күйдіргіге шалдыққанын бірден аңғарған. Дене ыстығы көтеріліп, әр жеріне ісік шыққан оның халі күн санап төмендей берді. Алпамса денесі кішірейіп көктемде келген арық киіктей боп қалды, қос беті суалып, көзі шүңірейіп кетті. Жамандыққа қиғысы келмесе де Күнжан шешей күйдіргіден оңалып, құлан таза айығып шауып кеткен адамды білмеуші еді. Баласын өлімге қимай әр намазында Жаратқаннан жәрдем тілеуін тоқтатпады. Соңғы үш тәулік бойы есі кіресілі-шығасылы боп сандырақтап жатқан Мұса таң сібірлей бере жылқының кісінеген дауысынан оянып, жастығынан басын көтеріп алды. Бәйбішесі Жарқынай желке тұсына бөстек салған. Құлағына сарнаған қарагердің дауысы сіңгендей. Бойындағы бар күшін жиды да бәйбішесіне: «Қарагер де қоштасуға келді ғой. Шіркінді орнымнан тұрып бір көрсем, арманым бар ма?» – деп күбірледі.
Біраз тыныстап алды да әлін жинап: «Көз көрмеген заман келе жатыр. Ұлым Нығыметке айт, малға емес, жанға ие болсын. Тірі болса, малдың орны толар, әзірге елге таратып, қалғанын ортаға қоссын. Қош!» – деп жастығына сылқ еткенде, басы бұрылып барып оң жаққа қарап қалды. Шошынып қалған бәйбіше орнынан жедел тұрып, далада кісінеген жылқыға елеңдеп шығып кеткен енесінің соңынан ойбайлап жүгіре басты. Есіктің алдында қаба жалы төгіліп, қабырғалары ырсиып, ешкі кейіпке енген, алдыңғы бір аяғында үзілген шідері бар ноқталы қарагер енесінің иығына басын салып, көзінен кәусар жас парлап тұр екен.
– Апа, Мұса… – деп өксіп айғайлауға ғана шамасы келген Жарқынай талып қалды..
Айғырдың дауысынан дала жаңғырып кетті, түлен түрткендей ол басын жерге салып бұрылып алды да, жалы жер сыпырып Сілетінің қырына қарай арқырап шаба жөнелді.
* * *
Мұсаның қырық күндік асына кісі көп жиналды. Ашық аспан астында ас беріліп, құран бағышталып, бет сипайтын кезде көптің көзі қырдан шауып келе жатқан қарагерге түсті. Ерсілі-қарсылы шапқылап, басын жерден бір алып, бір салып қайғырып күңіріне кісінегенде жыламаған әйел заты қалмады. Ақсақалдар ақылды малдың тектілігіне таңданды.
– Бұл да Құдайдың әмірі шығар. Осы әулетке таза аруақ қонған болса, суық қол араластырғандарды оңдырмас. Е, Аллам тек өзің пана бола көр! – деп зарлаған Күнжан ананың зары қарагердің де құлағына тиген болуы керек, көзінен жасы парлаған күйде шапқылап Мұса жерленген қорым жаққа қарай зулады.
Мұсаның жылына дейін ауылдың байлары бықпырт тигендей болды. Ұжымдастыру саясаты жалғасып, колхоздар құрыла бастады. Өз еркімен дүниесін ортаға бергендер аман қалып, колхозшылардың қатарына енді. Бермегендер тәркіленіп, Ақтөбеге айдалып кетті. Ал Мұсаның да мыңғырған мыңының біраз бөлігі сойылып, қоймада сасып жатты. Жүніс пен Қажақатты «молданың тұқымы» деген желеумен көз көрмеген жаққа ұстап алып кетіпті деген сыбыс тарап, ел аяғын сауысқандай сақ басатын болды.
Күндер өтіп жатты, ел дастархан жайып қонақ шақыру былай тұрсын, нан тауып жеуге зар бола бастады. Бақаннан тұқым өрбімеді.
Қарашаның қара суығында ұшқындаған қарға қарамай тұрмыс тауқыметі арқасына артылған Нығымет әкесі Мұсаның басына жасырын барып, дұға қайырмақшы болған. Зираттың қоршауының тұсында жартысын қар көмген жылқының өлексесі жатыр екен. Еті ағып кеткен, салалы сүйектеріне қапталған, құзғын-қарға шоқыған қара тері ғана. Нығымет оң құлағындағы ойық еңнен оның қарагер екенін таныды.
ІІ
Жаймашуақ басталған 1941 жылдың маусымы сары сүйекті қыздырып, қарға миын қайнатар аптап болады деп күткен еді, күн ұзаған сайын жылынудың орнына терістіктен өкпек жел соғып, кеші қоңыр салқын тартып, жерге жасырғаны көкке бойлап көгермей шаруаның кеудесіне күдік ұялатып қойды. Сәуірдің соңына таман үйір-үйір боп бөлініп көшкен ала бұлттардың астын азан-қазан етіп, қала халқының көзін аспанға тіктіріп, үйірсек болып алған шақар шағалалар жердегі жеңсік асқа бола таласа шаңқылдасып, ұшбұрыштана ұшып назар аудартқан тырналардың тобы тыраулап, жапа-тармағай жанталасып жарыса ұшқан сұқсұр және сүңгуір үйректердің тобы, қаңқылдаған қаздар ұя басар мерзімдері өтсе де көк кеңістігінен жиі көрінетін болып жүр. Маусымның ортасына таман Омбы шәрінің айналасындағы шағын қамысты көлдердегі құстар түлеп, қанатының қауырсындары түсіп қайта жетіліп, мамырлайтын мезгілдегі бұл ерсі қылықтарына қарағанда балапандары ерте жұмыртқа жарып, тұмсықтары да уақытынан бұрын қатайған сынды. Табиғаттың қатал заңының әр тармағын бұлжытпай сақтайтын бұлардың керағар қылығынан да көкірекке қорқыныш табы ұялайды.
Жұмада басталған ақ жауын жұмаға жалғасып, саябырсып соқыр жаңбырға ұласып, жер дүниенің тоңын жіпсітіп, лайсаңға айналдырып барады. Қазақ жағынан аптығын баса алмай ағып келетін ақ Ертістің де арнасы суға толып, ернеуінен асуға шақ тұр. Балық біткен арнаның тұңғиық тереңіне түсіп кеткен тәрізді. Бұрынғысынша су бетінде қуысып жүрген шабақ пен алабұға да байқалмайды, тісі шыққан көксерке мен шортаны жондарын күнге төсеп тұрмайтын болған, балдыр үстінде қауыз ашатын тұңғиықтың тамырын қорек ететін түйенің табанындай жалпақ табандар мен қарабалықтар да қамыстың қуыс-қуысындағы борыққа сіңіп, қорысқа тығылып қалғандай. Әншейінде ескі ай мен жаңа ай шарбысатын өлара шақта осындай өлі тыныштық болушы еді, балықтар да бір зауалды шақтың келе жатқанынан хабар беретіндей. Толассыз жауған ақ жауынмен қатарласып шақырайып күн шығады да, көп тұрмай аспан әлеміндегі аруды қызғанғандай шымылдықтай болып бүркемелеп сұрғұлт бұлт торлайды. Қаладағы кемсеңдеген кең етекті кемпірлер де тезірек кемпірқосақ шықса екен деп тілейді. Кемпірқосақ жауынның толастағанынан хабар беретін Құдайдың құдыреті екенін олар өмір тәжірибесінен оқып меңгеріп алған. Көбісінің көңілі кібіртік, көкіректерінде күдік бар. Күн ұзарып, түн қысқарған шақта отамалы айдың шалқасынан туғаны да сезімдеріне селкеу түсіргендей. Өткен жылы киіктің көт жуары да ерте келгенде көпті көргендер терең ойға тұмшаланып, алдағы туар күннен қауіптенген.
Биылғы қара күзде жинаған егіндерін сақтайтын қамбаларына егеуқұйрық шабуылдап, биік үйлердегі пәтерлерге дейін кеміргіштердің кіріп кеткені де жақсылық хабардың нышаны емес. Омбы шаһарының байырғы қазақтарының тышқан жайласа жұт болады дейтіні шындыққа жанасатын жаны бар сөз секілді. Сұрланған ауа-райынан сұсты болып көрінетін темір жол вокзалының перронында қарбаласып ығы-жығы жүрген адамдардың жүзінен де жазғы көңіл-күй байқалмайды. Сеңге соғылған балықтай мең-зең күйде, мәңгіріп қайда барарларын білмей қаңғалақтап дал. Түн жарымда Омбының көшелерінде орнатылған дауыс зорайтқыштар арқылы таратылған КСРО Сыртқы істер халықтық комиссары В. Молотовтың: «Сегодня, в 4 часа утра, без предъявление каких-либо претензий к Советскому Союзу, германские войска напали на нашу страну, атаковали наши границы во многих местах и подвергли бомбежке со своих самолетов наши города», – деген жаманат хабары талайларды тітіркендіріп, дүниені аласапыран етіп төңкеріп, астаң-кестеңін шығарғандай. Суыт хабар естіген жанның төбесінен суық су құйып жібергендей күйге душар етсе, көптеген еркек кіндіктілер буынып-түйініп майдан даласына іштей дайындала бастаған, қаланың іші алашапқын қауырт қимылға көшкен. Ертістің оң жағалауындағы орыс деревнялары мен сол жақтағы қазақ ауылдарына да сұрқия хабар жарықтай лезде тарап үлгерген.
Темір жол вокзалының әрбір ұңғыл-шұңғыл тесігін, қуыс-қалтарыстарын жақсы білетін, ішер-жерін сапаржайдың саудасынан айыратындардың бет-жүзін жазбай танитын тарғыл төбет таңнан бері жанын қоярға жер таппай, рельстің бойындағы тастақпен тіміскіленіп кетіп қалған. Көздегені – қоян терісінен малақай, қолғап тігіп саудалайтын, тапқан пұлымен тұрмысын айыратын қарсы беттегі Қозған деген қазақ ауылы жағынан қос аяқты арбасын сүйреп қатынап келетін құлағы мүкіс қазақ шалдың жылқының құйрық қылынан есіп құрған тұзақтарын, қандыауыз қақпандарын тексеріп шығу еді. Ол тірлігінен түк өнбеді, қырсыққанда қақпан-тұзақтарға қоян түгілі, қосаяқ та түспепті. «Жол бойынан тым болмады қарсақ кездессе екен, шіркін», – деп ойлайды таңнан бері тісіне қызыл тимеген төбет. Қуып жетіп, белден басып жапа-тармағай жұлмалап, айызы қанғанша қыңсылатып мыжғылай тістелеп, рахаттанып ішкі шерін сыртқа шығарса ғой. Тек рельс төселген шпалдардан шыққан күлімсі иіс миындағы ойын санға бөліп, қоянның кәуегін таппақ түгілі, қарсақтың ізіне түсуге де мұрша бермей қойды. Алыстан ышқына өкірген тепловоздың дауысы құлағына түрпідей тиіп, кілт тоқтай қалған төбет тілі салақтап төмен салған басын жұлып алды да ауаны қармап жұтынды. Түтіні бұрқырап, көкжиекті тілгілей жарып келе жатқан тепловоз әбжыландай елес береді. Әдетте пойыздардың келер уақытын жақсы білетін тарғыл төбет ондай сәтте әрбір вагонның ауызын асықпай аралап, көрген жанның көңілі босайтындай күйге еніп, құйрығын қос аяғының ортасына тығып мүләйімси қалатын. Кейбір ожарлау жолаушылар боқтап-сілеп бір тепсе, жанашырлары жол бойы жеген тамақтарынан қалған жуындыны алып шығып лақтыратын. Сол ырзығымнан құр қалармын деп қауіптенген ол вокзалға қарай табанына шоқ тигендей жүгіре жөнелді. Мына пойыз бейсауыт қайдан пайда болғанын өзі де түсінбейді.
Вагонның ішіндегі тақтай төсекте жолдорбасын жастанып жатқан Мұқатай Омбының қарасы көрінді деген сөз шыққанда басын жұлып алып, терезеден үңіле қарады. Қала жақындаған сайын жүрегі тас бүйрегі қызып ауыздықпен алысқан қарашыл дөнен айғырдай аласұрып алып-ұшып, кеудесін жарып секіріп шығып кететіндей. Осы қалаға табаны тисе болды, әрі қарай Ертісті бір аттаса, колхоздастыру кезінде көшіп барған мекені, өзеннің сол жақ бетіндегі Омбы облысы, Дробышев ауданы, Исаев селолық кеңесіне қарасты Қозған ауылынан бір-ақ шығады. Шарлақ әскери комиссариатынан 1939 жылы әскер қатарына алынып, екі жыл борышын өтегеннен кейін, Фин соғысында екі жыл қатарынан мылтық асынып, періштесі қағып талай адасқан оқтан аман қалған оның басты арманы – тезірек қара шаңырағына жету, қарт анасын құшағына басып, үйде қалған он екі жанға сәлем-сауқатын үлестіріп беру. Сосын, сосын…
Содан кейін байтал күнінен бой бермеген, биыл беске шыққан торытөбел көшелі ту биені үйірден бұғалықтап жіңішке мойнына арқан салып ұстап, қылқынып, қорсылдап тулағанына қарамай құлағынан уыстай қысып тұрып төмен басып мініп алып, қарғығанда жалына жабысып, мөңкіген сайын тақымын тастай қысап, арғы бетке, Қызылағаш жаққа айлап кетсе… Қауланып қызылқай боп өсетін бала қайыңының ақсөлін екі езуінен сырғып аққанша қанып ішсе…
Жазытөбе мен Жуантөбеге, Найзаға шоқыта шауып шықса, намазын тығылып оқитын әкесі Мұсаның өсиетімен Абылай хан, Жазы батыр мен Байсерке абыздардың аруағына тәу етсе, бала күнінен жаттаған Фатиха сүресін оқып бет сипаса…
Торытөбелді бір тыныстатып алып қанжығалы Миқа бай қоныс еткен Беласардың желін кеудесін толтыра жұтса, Қызылқақтың қызыл тұзына арқасын төсеп шалқалай жатып, күнгей жағындағы Ақтөбе жотасынан қызарып, құлап барып қызыл теңізге батқан күнді тамашаласа… Құлақтанған айды көрсе…
Кіндігіңе дейін енгенде тізеңе тұқы балығының тобыры соғылатын Сұлукөлдің айдынында құлаштай малтыса, одан сергіп шығып Жалаулының жағасындағы қозысирақ қамысынан таңдап жүріп қиып алып, түтікшеге тесіктер ойып сыбызғы жасап, сиқырлы сазына елітіп Қорғанкөл, Оймакөл, Борлыкөлдердің жағасымен аяңдап отырып Бұланбайдан бір-ақ шықса…
Шіркін…
Арман жетегіне мастанып кеткен Мұқатайды бір вагонда келе жатқан командирдің саңқ еткен дауысы селт еткізді. «Ешкім ешқайда шықпайды, орындарыңда қалыңдар! Күнбатысқа жүреміз, соғыс басталды».
Сағынышын судай шайған мына сөзі үшін гүрзі жұдырығымен төбесінен бір қойып, қақшита салар ма еді. Оған шамасы жетіп тұр. Бозбала күнінде жылқы қосына соғым ұстауға келген замандастары түгілі өзінен бір мүшел үлкен талай сақа жігіттер ермек үшін уақыт өткізіп жабылғанда тулақ құрлы көрмей жан-жағына лақша бақыртып лақтыратын. Туғаннан жаурыны жер иіскеп көрмеген оның айбатын әкесі Мұсаның мысы басатын. Балалары Мұқатай, Мұқан мен Нығыметтің білек күшін ара-тұра күштесіп тексеріп тұратын әдеті бар-тұғын бұрынғы балуанның. Сондай уақытта Мұқатай көкесінің жас кезінде сом білекті болғанын талай аңғарған, білегін басып жіберуге именіп жолдан жығылатын. Қарт та сыйластығын сезіп марқайып қалушы еді. Күшін пайдасыз шашып, дүлейі қысып тым дәлдірленіп кеткенде, ат үстінде айбар шашып жүргенін көргенде әкесінің «Ермек атасына тартқан жаман неме» дейтін сөзі сабасына түсіретін. Неге Ермек батыр деп сұрамаған, әкесі де оны айтуға құлықсыз еді. Бір нәрседен бүркенетін, бір нәрседен қорғаштанатын секілді болып көрінетін.
Екі иығына екі лақ шығып алып сүзіссе де орын жететін Мұқатай бура санды, ұстағанын жұлмай қоймайтын апайтөстің кеуделісі. Қорбаңдай басқан жүрісі қоңыр аюды көз алдыңа келтіреді. Әскер қатарында жүріп біраз ысылған, әйтпесе ротаға алғаш келген уақытта «бляха» белбеу белін орауға жетпеген. «Солдатский» керзі етік те бастапқыда балтырын қысып, жүргізбей қойған. Кейін кеңігені не керек, шұлғаусыз киіп жүрді. Ал басына бастырған малақай шақ болмай, ақыры сулап, түні бойы керіп қоятынды шығарған. Жатқан кезде үйілген шөмеледей тұлғасы шөгіп жатқан бураны елестететін Мұқатайды да әскери тәртіп икемге келтірген. Киген кительінен темірдей тәртіпшілдігі көрініп тұратын сымдай тартылған командирдің бұйрығы мең-зең қылып жіберсе де салалы саусағымен етігінің қонышын тартып киіп, орнынан тұрып терезені төмен тартып ашты. Ауылының ауасы Омбыны аттап өтіп кеңсірігіне тығылғандай рахатқа бөледі.
Желін салып қойған мама биедей ыңыранып келіп тоқтағаны сол еді, пойыздың қос қапталынан әскери адамдар қаптап шыға келді де, Фин соғысынан келе жатқан сарбаздар мінгескен вагондардың есігін сыртынан құлыптап жаба бастады. Осы әрекеттен-ақ Мұқатай маңдайына туған жерді көру арманы жазылмағанын түсінді де жолқабындағы әскери малақайды алып терезенің алдындағы шағын үстелдің үстіне қойды да, бір тілім қағазға карандашының ұшын сілекейлеп бір нәрсе шимайлады. Бір-біріне соғылған перрондағы адамдарға жаутаңдай телміре қарап таныс жүздерді іздей бастады. Жылап-сықтаған омбылық сарбаздардың туыстары терезелерден әкелген асай-мүсейлерін, сәлем-сауқаттарын жанталасып беріп жатыр. Қимастық сезім, махаббатқа толы жылы сөздер, жылаған ғашықтар, шулаған бала-шаға. Көз шарасына жас толып, көкірегінде өксік лықсыған Мұқатай ғана төбесін терезеден шығарып жан-жағына жыламшы күйде қарап тұр. Пойыз да «ал жүремін» дегендей пысылдап қоятын емес, ара-тұра ышқынған кезде жүрегі лобып, жігері мұқалғандай. Ақыр аяғында амалы құрыған ол «Исаевтан кім бар, біздің Қозған ауылынан кім бар?» деп қой қайырғандай зор дауысымен даңғырлай айғайға басты. Туған жерге деген сағыныш батырды да мүсәпір халге душар етеді екен-ау.
Ағаштан жасалған доңғалақты итарбасына қоян малақайлар мен қолғаптар салған, қасында тарғыл төбеті бар Бақан шалдың мүкіс құлағына таныс дауыс естілгендей болды. «Мұсаның дауысы» секілді екен деп қойды іштей. Жүрген сайын әлгі дауыс анық естіле бастаған соң терезелерге көз тастады. Қарлығыштың ұядан басын шығарған балапандарындай бір терезеден қысылып шығып тұрған бес-алты бастың ішінде айғайлаған жүзі танысы көзіне жылы ұшырады. «Мұсаның дәл өзі ғой мынау, Мұса ғой…» деп ойлады Бақан бұрын көз көрген мырзаны шырамытып. «Мұсаның бір баласы Фин соғысына кетіп еді, дәу де болса сол шығар» деп ойлаған ол «Исаевтан кім бар» деген дауысқа қарлығып «мен, мен» деп айғайлады жауаптасып. Жерлестердің бірін-бірі көзбен тапқаны сол-ақ екен қатыгез пойыз бір осқырынып алды да ақырын жылжи бастады. Шал терезеге қарай жүгіре асықты. Кәрілік жеңбей қойсын ба, жүрісі өнер емес. Мұқатайдың қолын ұстауға шама қайда? Терезеден көзін алмай келеді. Пойыз ұзап барады. Шал қалар емес. Көп бастың ішінен ішке енген жолаушы сарбаз бір мезетте қайта көрінді.
– Ақсақал, мына малақайды шешеме, Жарқынайға беріңіз. Бауырларыма, бәріне, Қозған ауылына менің амандығымды жеткізіңіз. Кештім бәрін, әкемнің аруағы үшін сені де кештім, мені де кешіңіз, – деп айғай салды сарбаз Мұқатай Мусин. Ол Бақанның қарагерге қылғанын жақсы білетін.
Пойыз бірінші майдан даласынан екінші майдан даласына қарай ұзай бастады. Анадай жерге ұшып барып жалп етіп түскен төрт сайлы әскери көкшіл малақайды көрген бойда тарғыл төбет асыға бөйтеңдей жөнелген. Ызғытып келе жатқан ол малақайға жете бере ойда жоқта өз аяғына өзі шалынып, домалап барып пойыздың астына жоқ болды. Қыңқ етуге ғана шамасы келді. Басын мылжалап кеткен пойыз тері тулақты үсті-үстіне басып ышқынып жүре берді. Аяғын аяңдай басып жеткен Бақан «жылқышы» малақайды қолына алды да өз бетімен кете берді.
Қайырсыз ит-дүние…
ІІІ
Таңдап жүріп хан түсіретін алты қанат ақ ордадан кем болмайтын Мұса байдың үйі маңайына салтанатын шашып тұрушы еді. Бұл ауылға беймезгіл келген жолаушылар да, құдайы қонақтар да мама ағашынан ат үзілмейтін осы шаңырақта қонаға қалуға құмартатын. Іздегендері ас-су, жұмсақ құстөсек емес, Мұса байдың көңілі, әңгімешілдігі, көргендігі еді. Дөңгеленген дүние дүрмегінде маңдайына бақтай болып біткен мыңғырған малдың қызығын көру ұлдарына жазылмағаны өкінішті.
Арқан мен кісенді теңдей ұстап келген ұлы кәмпеске кезінде Мұса бай он үйір жылқысының қоңдысы мен асылын ағайындарына таратып, қалғанын мал-жанның садағасы деп Кеңес колхозындағы ортақ малдың аранына қосып тынған. Өзі күйдіргіден көз жұмған.
Елдегі әр жерде қызыл жалауша ұстаған қарасирақтар мен желге қарап дәрет сындырғандардан құрылған мойынсерік тәрізді қызыл ұйымдардың қамбасы кәмпескеден түскен астықпен аузы-мұрнына дейін толса да, қолдан жасалған нәубет кезінде сол байлық қай қазақтың аш өзегіне жұғын болды? Бидайы борық болып борсып шіріп, адал сойылған ет қаны сорғалап сасып қалды емес пе. Партияның жауы деп мал біткен жандарды итжеккенге жаяу айдатқандардың өздері боздап жүріп сыңар соқпаққа түсіп, былшықтанған жанарлары іріңдеп, соралары ағып сорлап, түтіні түзу шыққан талай үйдің қазандарының қақпағы ошақтың үстінде ашылмай қалды. Керегесі бұталып, шаңырақтары шайқалып ортасына түскен, сүйеу болады деген ұрпағы да жүріп келе жатып құлағаннан тұрмай көп сүйектің ішінде кете барды. Періштесі қаққан жақындарының өзегіне ас батпай ауылдан жыраққа жемтік іздеп ауып кеткен. Қайда көмілгені де, кебінсіз кеткендері де белгісіз, айтар ауыз да жоқ, оны іздейтін шама да жоқ.
Аштық нәубетінен кейін қазақ даласына соғыс зауалы туды, 1939 жылы әскерге алынған Мұсаның Мұқатайы ауылдың бетін көрмей бір майданнан екінші майданға кетті, оның артынан ортаншы ұлы Мұқан 1944 жылы соғысқа алынды. Кенже баласы Нығыметтің де көрген-кешкенін тірі пендеге бермесін, өмірінің күнгейінен көлеңкесі қалың. Бірінші әйелі Жәмилә жастай көз жұмды да соңында Ғазиз атты ұлы қалды. Уақыт оздырмай төсек жаңғыртып, көрші ауылдағы мәйітке жан салған Таймас әулиенің немересі Оспанның қызы Бибіғайшаға үйленген. Текті топырақтың қызын елдің іші Ақбұзау атап кеткен-ді. Нығымет талай рет өз еркімен майданға сұранса да тылға да бүктен шік, жұптан жік шығаратын пысық адам керек деп «броньға» тізімдеп жібермей қойған. Кеңес колхозының төрағасы ретінде күн мен түнін алмастырып майдан үшін азық-түлік дайындатты, аяғы ауыр Ақбұзау болса ішін түбіт шәлісімен буып алып қол диірмен тартып, табандарын тасқа салып егіс бригадасында еңбек еткендерге тамақ дайындаумен болды. 1942 жылы туған Амантайының жасы бірге, Ғазизі он бірді аяқтағанда Нығымет те аурудан көз жұмды. Жығылған үстіне жұдырық болып араға үш жыл салып күтпеген кесел кеудесіне жабысып Ақбұзау жан тәсілім етті. Қос жетімекті бауырына басқан Мұсаның кемпірі Жарқынай әжей сіңлісімен қараша үйде арқасүйер арқан ұстарсыз қалды.
Нығыметтің апа-қарындастары мен қыздары да бірінен кейін бірі өлген. Жас күнінде алтыбақан қасында Жарқынайдың бейкүнә жарқын күлкісіне, айдай ажарына аңсары ауып масайған жігіттер сырттай ғашық болып, бір-бірімен тоқайласып, айдары қанталаған қораздарша сайдың арғы бетінде құрықтасып, алысып-жұлысып жататын. Жарқынайдың таңдауы ат құлағында ойнайтын батыр да батыл Мұсаға ауған, мәңгілік бірге болуға серт байласқан. Міне, сол Жарқынайдың баласы мен келінін бірінен соң бірін ажал-аждаһа қылғыта жұтып, сырғалыларын қара жердің қойнына өз қолымен тапсырып, қайғының қара жүгі бүкшитіп, маңдайын әжім айғыздаған кейуанаға айналып шыға келді. Сұрапыл соғыс басталғанда бір әулеттегі он төрт жаннан қазір төртеу ғана қалған. Мұқатайдан малақайының маңдайшасының ішіне салынған «Күнбастысқа кетіп барамыз, жақында жеңіспен ораламыз» деген үшбұрышты етіп бүктелген тілдей үшбу хат қана келген, ал 1944 жылы соғысқа аттанған Мұқан ізім-ғайым жоқ. Бір хабар болсайшы…
Түнеу жылы ауылдағы құлағы мүкіс тартқан Бақан Омбыдан Мұқатайдың малақайын алып келген уақытта Жарқынай баласының тері сіңген елтірі тымақты құшырлана иіскеп, кеудесіне басқан күйі талып қалған. Қозған аулындағы қараша үй тағы да қайғы үстіне қара жамылғандай еңселерін зіл басып қамығып, зарын естіген сырт көздің желке сіңірі үзілердей болатын. Содан бастап осы үйде зар толастаған емес, малақайды құшақтаған Жарқынай әжей күнде кешкісін баласын иіскегендей мауқын басып маужырап барып ұйқыға кететін, таңғы намаздың уақытында тұрып көнетоздана бастаған малақайды құшақтап дауыс салып зарлайды. Үйдегі Ғазиз бен Амантай бөлтіріктей тістелеп баққан үлкен шешелерінің бұл әрекетіне бой үйретіп алған, сыңарындай боп кеткен сіңлісі қосылып егілетін.
* * *
Мал қораға кіріп сиырлар күйіс қайтарып жатқан іңір түскен уақытта жаяулап-жалпылап ілбіп басып ауыл шетіне жеткен Мұқан балауыз шамның әлсін-әлсін алыстан сығырайған жарығын көргенде өлгені тірілгендей болды. Сонадайдан жылтыраған жарық кеудесіндегі көмескіленген үміт отын үрлегендей. Соғыста жүргенде шаңырағында болған оқиғалардан бейхабар ол кеудесін қуаныш кернеп, адымын жиілете, жылдамдатып алшақ басты. Кіндігі кесіліп, табалдырығының астына көмілген үйіне асықты, ақ сарайым қайдасың деп ауылдың арғы шетіндегі шаңырағына қарай аяңдай берді. Соғысқа аттанған жылы жұпыны болып көрінетін колхозды ауылы жойылып кетуге шақ қалған екен. Құрқылтайдың ұясындай әр жердегі қараша үйлердің терезесінен білте шамның жарығы байқалады. Соған қарағанда зіңгіттей азаматтарынан тірісінде айырылған, қара қағаз алған үйлердің бәйбішелері күн көріс үшін бір-бірінің үйіне көшіп, өз үйлерін бұзып, ағашын отын еткен-ау деп тон пішті Мұқан іштей. Ауылда арсалаңдап, шабалаңдаған ит те жоқ. Мына ауыл тірідей қырылып қалғаннан сау ма? – деп келеді түкке түсінбей. Сол бетімен балалық бал-базары өткен өз шаңырағына, өз шаңырағы емес қирандының үстінен бір-ақ шықты. Әкесі Мұса саман кірпіштен кең етіп қалап салған үйдің құламаған екі қабырғасы ғана қалыпты. Алакөлеңкеде ағасы Мұқатаймен қатар жатып, алғаш санауды төбенің мәткелеріндегі шегелерді санап үйренген ол өз бөлмесінің қабырғасына арқасын тіреп, кеудесінен көкала үйрек ұшар алдындағы адамдай сылқия құлай кетті. Көз алдынан әкесінің сұлбасы кетпей қойды. «Біздің арғы тегіміз – Арғын бабаның ішіндегі Алтай-Қарпық деген ел. Сайдалы Сары Тоқадан Құлын мен Төлеміс тарайды да, Құлыннан біздің атамыз Ермек өрбиді. Бабаларымыз Ермек пен Бармақ батырлар қазақтың Кенесары-Наурызбай деген ұлтшылдарымен тағдырлас екен, Нұраның бойынан келіпті-мыс. Олар Ертістің осы сол жағалауына басқыншы елге бекініс салдырмаймыз, бұл жаққа кіргізбейміз деп көш түзеген. Біз солардан қалған ұрпақпыз. Кейін аталарымыз осы Бұланбай мен Қозған ауылдарында тұрмыс талқысымен көшіп жүріп түтін түтеткен. Осыны естен шығармаңдар, үй сыртында құлақ бар, тілдеріңе тістерің ие болсын», – деп нұқып тұрып айтатын сыбырлап, жан-жағына біреу естіп қоймасын дегендей жалтақтап, күректей алақанымен қаба сақалын сипай тарап.
– Неге Қозған ауылы? – деп сұрайтын балалары.
– Қозған деген рудан шыққан байдың қыстауы болса керек. Ол бізге де сырт сөзден бүркенуге жақсы болды, Ермектің ұрпағымыз десек қазір осылай сыбырласып та сөйлесе алмас едік, – деп жер шұқитын амалсыз. Одан әрі олар мінезі ауыр екенін білетін әкесін арзан сұрақтың астына алып қыстамайтын. Міне, сол Қозған ауылының қазіргі, соғыстан кейінгі сықпыты осындай.
– Мехнат тартып келгенде көрем дегенім осы ма? Қайран шешем, қайран бауырларым қайда? Шоғың өшкені ме, қара шаңырақ? – деп іштей егілді Мұқан. Өксігі өзегін тілгілеп жарып бара жатса да жан-жүрегін қармап тырналаған шері сыртқа шықпады. Айғайлайын деп еді, үні ұртында қалды, жылайын деп еді, жанарынан жас ыршымайды. Кеудемде жан бар ма өзі дегендей жерді жұмырдықтап та көрді, терісі топыраққа тырналанып қан шықса да ауруды сезбейді, сезіне алмайды тіпті. Булығып, қысталанып, төмен салған басын көтеріп еді, алдында тарғыл күшік отыр. Моп-момақан. Ол да ит болып үн шығармайды-ау, шығармайды. Иесін тапқандай. Мұқанның да тілі байланған. Ала жаздай аламан өткізіп, көрші ауылдың балуандары келіп күресіп, жеңісті бөлісе алмай қызыл кеңірдек болып, соңынан татуласып табысып, ас ішіп табақ босатқан соң жілік сындырып, қайта дауласып қалатын кешегі думаны тарқамаған ауылынан бүгін бір тірі мақұлық кездескеніне қуанған ол құйрығын бұлғаңдатқан күшікті бауырынан көтеріп алдына жатқызды да, қалтасындағы қатқан қара наннан бір үзім сындырып берді. Ашөзек күшік нанды жұтып жіберді ме, белгісіз, Мұқанның саусақтарын жалай бастады. Міне, сол кезде барып кеудесінде кептелген өксігі жанартаудай жарылды-ай келіп, ағыл-тегіл жылады. Мұңын шағарға тарғыл күшіктен басқа тірі жан иесін таппады. Қияннан анамды аңсап келгенде тарғыл күшік тап болып мұңын итке шағамын деп ойлады ма? Окоптың сыртында оқ пен оттың ортасынан тыртық-сызықсыз оралғанда құшағына туғандарын қыспай, қарабайыр қос қабырға қарсы алатынын білді ме? Анам қайда, бауырларым қайда, ағайын-жұрт қайда? Мына сұм соғыс тылдағыларды да тәлкекке салып қырып тастаған ба? Бір дивизияда болған жерлестерім Томарбайдың Әміржаны, Әлінің Мұқажаны, Асылбектің Рамазаны, Сағындықтың Дүйсекесі, Әміренің Сағалбайы, Асқынның Салығы, Дайырбектің Біләлі, Аяғанның Тайшығы, Әлінің Рамазаны, бірі де оралмаған ба? Әлде кебенек киген олар да елге келіп, мынадай сұрқия суретті көріп, бастары ауған жаққа босып кетіп қалды ма екен?! Сұрақ көп, жауап жоқ. Аспан да, жер де мылқау. Кеудесінде жаны бар тарғыл күшікте тіл жоқ.
– Тарғыл күшік-ау, сен ит болсаң, мен тарғыл тағдырлы пендемін, – деді алғаш рет бет-жүзі күн астында көп жүріп тат басқан қаңылтырдай тарғылданып кеткен Мұқан. Запы болған жүрегіне қайғы ауа-райы бұзыларда текеметті тырналаған тарғыл мысықтай аяусыз тырнағын батырып бырт-бырт еткізіп тырналайды, жанарынан үзілген бейкүнә кәусар жас тарғыл күшіктің тұмсығына тамып түсті. Көңіл-қошы қайтқан оның көкжайлау көңілі көктемгі бояуынан айырылған топырақтай табғылданып тарғылт тартқан, дауысы да тарғылданып шығады. Асығып жұтына жеген асы қорытылмай қоя болған6 адамдай ашудан қояншығы ұстап, төбеден түтін тартатын жалғыз қуырдай7 болып соқа басының сорасын күшіктің төбесіне тамдырып отырған түрі енді мынау. Қамыттың құлақбауындай болып кеуіп, қайыстай қатып қалған жұтқыншағын сілекейін жұтынып жібітіп алды, сүйекті бітеу жұтқан иттей қиналып жұлдыздар жамырап тұрған айлы аспанға көз салды.
Омбы төңірегіндегі ауылдан келетін жолда ағасы Мұқатай екеуі бозбала шақтарында айлы аспанның астында талай қысырақты тақымға басқаны есіне түсті. Ағасының көнбеген бедеу байталдардың құлағын шайнайтын ашуқор мінезі де бар еді. Жылқыны жылқының тұяғынан қатты адам бағады деген рас-ау. Сілеті мен Жалаулы көлдерін тұйықтайтын ірілі-ұсақты көлдер бірігіп келіп үлкен бір түбекті құрайтын. Сол түбектен шығар ауызда қалың Бұланбай ауылы отыратын. Қыстаулары сол маңда. Түбекте қысы-жазы жайылған жылқы тебіннен де, жауыннан да қысылмайтын. Ағасы екеуінің ат үстінде алысып-жұлысқандары, асау мініп жарысқандары, оларға торы тайымен ілескен Нығыметтің ағалап айғайлағаны, үйге келгенде шешелері Мұқатайға айранды үлкен шараға құйып, бауырсақты соның алдына қарай ысыра беретіні, бәрі-бәрі көз алдына келген Мұқан бір рахаттанғандай болып сілесі қатып зәнталақ ұйқының шырмауына түсті. Таңды атырып алып кетемін бұл жерден деп тас-түйін боп бекінген оны туған үйінің қабырғасы арбап алғандай.
Түсіне 1944 жылы майданға аттанарда шешесінің түбіт орамалының ұшымен көзін сүртіп қоштасқаны, қасындағы сүйеген Ғазиз інісі мен етегіне оралған Амантай кірді.
ІV
Екінші дүниежүзілік соғыс жалғасқан 1944 жылы Қиыр Шығыста барлау ротасында бөлімше командирі болып жүргенде Мұқан Мусин тірідей тобығыңды ойып алмақ түгілі, тауық бауыздаған құрлы көрмей басыңды жұлып алатын тасжүрек жаумен талай бетпе-бет ұшырасып, тоғыз тіл әкелген. Тіл болғанда да анау-мынау емес, погонында жұлдызы көп офицерлер. Қаныпезерлікті де, ине жұтқан иттей болған жаудың офицерін қалай қинап сайрату керек екенін де жан-жақты меңгерген. Кейін кеңес әскерімен одақтас, Германияға қарсы соғысқан елдер арасында аса құпия деген таңба соғылған құжаттарды тасымалдайтын дипломатиялық курьер қызметін атқарған. Соғыс аяқталмай тұрып Жапонияға тыңшылыққа жалдап етіп жіберілген. Соғыс аяқталып, Владивосток қаласына шығу құқығымен үш күндік демалыс алған Мұқан қарулас жолдастарымен қай үйге барса да жұпыны тірліктегі жадағай бір көріністің куәсі болды да қойды. Жайраған дастархандары жиылмай, балдаққа сүйенген еркегі етегі тізесінен төмен түспейтін әйелдерімен қосылып «За Сталина!», «За победу!» деп тамағындағы күре тамырлары білеуленіп ісіп айқайлап ұран айтып, шишаның ішіндегі «жынды суды» стақандарына теңдей бөліп, қылқылдата ішіп, артынан ашыған қырық қабат пен тұздалған қиярды тамсана танауларына басып, қарш-қарш шайнап, бірінің басын бірі иіскегендерін көрген де жиіркенген. Көшеде құлмақ қосылып ашытылған бутыльдарындағы самогондарын құшақтап қаңылтыр күрішкелеріне құйып, дірілдеген қолдарымен ауыздарына әрең апарып, екі езуінен судақтатып ағызып, төгіп-шашып ішкен жеңімпаз халықтың нас қылығынан жұтқыншағына запыран тығылып жүрегі айныған. Алғашында жеңістің дәмі осы ма еді деген дүдәмал ойға да қалған. Саяси сауатты ол бұл да қуаныштың бір белгісі шығар деп өзін мәжбүрлеп іштен тынған да қойған. Жеңіс көрген жұрттың бәрі мұндай тұрмыстың тұсауына шырмалмағандарын көкірек көзі көрмегендей болған.
Көп уақыт өтпей 1946 жылы Владивостоктағы құпия шекара барлаушыларын даярлайтын қысқа мерзімді курсқа қабылданғанда соғыстың әлі толық аяқталмағанын білген. Жатқа жымдарыңды білдірмеңдер деген талапты сақтаған. Күн сайын қара табақтан8 жұртты жұмысқа жұмылдыруға, қираған зауыттар мен фабрикаларды қалпына келтіруге шақырған үндеулер сарнап тұрады. Үш күндік демалыста жүргенде ауылына амандығын білдіріп телеграмма да салған. Бірақ «контрразведкаға» алынғандардың аты-жөні қатаң бақылауда, олардың поштаға түскен хат-хабарлары жолда қасақана алынып, туғандарына да жолданбайтынын ол білмейтін. Меңдуана жеген қойдай мең-зең болып казармаға оралып, әр кеш сайын ауылдағы анасы мен бауырларын ойлағанда жанын қоярға жер таппай қиналатын, түні бойы дөңбекшіп ұйқы сұрап, күбірлеп шығатын.
Барлаушылар курсында адамды қинаудың, жалаң қолмен жауды өлтірудің сан айласын меңгерді. Бұғана сүйектің тұсынан күре тамырды қатты қысып жіберіп кісіні жантәсілім етуге болатынын, құяң тиетін қысқа белдемелердің арасынан саусақпен ұрып, жұлынын үзуге болатыны секілді жүзден астам тәсілді үйреніп, бетін тілсең қан ақпайтын біртоға барлаушыға айналып шыға келген. Күніне екі рет саяси сабаққа қатысады. Ол сабақтардан қалмауың міндет, себептер қабылданбайды. Барлаушы бәрінен хабардар болуы тиіс. Бірде папиросын құшырлана сорып, көк түтіннен қос өкпесі сырылдаған ақсақ полковник Қытайда КСРО-ның құпия соғысы басталғаны туралы ұзақ айтқан. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанда Қытайда екі үкімет пайда болып, мемлекет қақ айырылған екен. Біреуін Чан Кайши басқаратын Гоминьдан партиясы басқарса, екіншісі басында Мао Цзедун тұрған коммунистік өкімет. АҚШ елі алғашқысына қолдау көрсетсе, КСРО билігі Коммунистік партияны жақтаған. 1946 жылы гоманьдандық 310 әскери топ Американың қолдауымен коммунистерді Сунгари өзеніне қарай ысырып, шамамен Оңтүстік Манчжурияны түгелдей басып алған. Гоминьдандықтар кеңес өкіметімен арада жасалған достық пен одақ туралы келісімді бұза бастаған, үшінші дүниежүзілік соғыстың бұрқ ету тәуекелін тудырған. Осыны айтқан ұстаздары Мұқандарға «шамалары келгенше ағылшынша, қытайша» тіл үйрене берулері керектігін шегелеп міндеттеген. Тек бөтен тілді қысқа мерзімнің ішінде меңгеріп алу қиын, уақыт тапшы. Мұны Мұқан да, бір елден шақыртылған қандыкөйлек досы Мәсәлім де жетік түсінген. Қысқа мерзімді оқулары аяқталғанда олар да екі жүз барлаушының арасында «жансыздар операциясына» алынып, Қазақстанның Қытаймен шекаралас жатқан Зайсан өңіріне жіберілген.
* * *
Таң сібірлеп атқан шақ. Әскери ұшақтан секірген «жалдаптардың» бәрі бірдей жерге түскен жоқ. Кейбірінің парашюттері де ашылып үлгермеген күйде оқ тиіп, Қытай шекарасындағы қаулап өскен дүм қарағайларға мүрделері салбырап ілініп қалған. Оны төмен құлдилап келе жатқанда Мұқан да, Мәсәлім де алыстан байқаған. Соғыста жүріп табысқан жерлестер талай қиын шақта бір бақыраштан тамақ ішіп, бір құтыдан сусындаған. Тән сырлары да, жан жұмбақтары да бір-біріне мәлім. Тіпті кейде ауылдарындағы ұқсас жағдайларды жарыса айтып, сағынышпен мәре-сәре болып күлісіп те алатын. Барлаушылардың қатарында жүргенде бұлар ұшақпен Кеңес әскерінің жақтастарына хат-хабар тасушылар қатарына алынған. Жапонияда болған. Үш мәрте Америкадағы коммунистерді қолдаушыларға аса маңызды құжаттар апарғандары естерінен кетпейді. Соңғы рет барған кезде мұхит үстінде жаудың үш ұшағы соңдарына түскені, зеңбірекші жараланып, оның орнына Мұқан отырып оқ жаудырып, екі ұшақты құлатып, үшіншісін өздері қуып құлатамыз деп адасып жүріп бір штатқа қонған. Адасқақ жолдан, қаңғыған оқтан аман қалған жауынгер бастарының көрер жарығы бар екен, сол жолы миссияларын да сәтті орындаған. Бірақ бұларды кеңес бұйрығы аяған жоқ, енді Қытаймен шекаралас елдерге тыңшылыққа жіберілген. Бұйрықты бұра тартуға жол жоқ.
Таудың етегіне түскен бетте Мәсәлім екеуі бір-біріне ысқырып белгі беріп, қалың бұтаның түбінде қауышқан. Мәсәлім жұтқанын түкірмейтін бірбеткей, құлағымен естігені тілінен ытқып шыққан емес. Маса аңдыған адамдай сақ жүреді. Көзіне пышақты қып-қызыл етіп қыздырып басса да, міз бақпай тілімді кесіп ал деп тістеніп, бақайының басына қарап мыңқиып отыратындардың қатарынан. Барлау мектебі темірді тістесе тісі қалатындай қылып үйреткен. Мұқан да сертіне берік, жауға ақпарат бергенше, жағасына жасырын қадалған уды ішіп өлуге именбейді. Жылқының жақсысын жасынан таныған ол адамның жақсысын тануда жаңылған емес. Қазақтың қос ұлының мінезін командирлері де жоғары бағалайтын және ең құпия тапсырмаларды жүктейтін.
Аспандағы қысымнан құлақтары бітелген екеу түкіріктерін жұтына бастады. Сосын белдеріндегі құтыларындағы судан ұрттап іште де маңайдан тың тыңдады. Түн баласының ұйқысын күзеткендей шегірткенің шырылы ғана естіледі. Ара-тұра төңіректегі тыныштықты сұңқылдап бұзған байғыздың дауысы шығады.
– Мына байғыз қайтеді ей, – деп қойды Мәсәлім маңдайынан аққан терін жеңімен сүртіп.
– Бұл бәтшағар жамандық шақырады деуші еді, шалдар, – деген Мұқан құтысын белдігіне байлап жатып.
– Қой, қайдағыны айтпа. Тағы да бір ажалдан аман қалдық. Мүмкін соны меңзеп отырған шығар бұл мақұлық. Жақсылыққа жориық, – деді Мәсәлім шүкірлік етіп.
– Әмин! – деген Мұқанның ойына шешесі Жарқынайдың «Тәңірі баққан қозыны қасқыр алмайды» деген тәмсілі оралды.
Түн ішіндегі екеу су қайнайтын уақыттай тынығып алғаннан кейін сөзді тағы Мәсәлім бастады.
– Мұқан, біз енді осы жерден екіге бөлінейік. Бағана ұшып келе жатқанда төңіректен шамы сығырайған екі жатақ көргенмін. Осындағы қазақ ауылдары шығар. Мен сол жақтан тың тыңдап қайтайын, сен шекара бекетіне бара бер. Міне, ол мына жерде, – деп қалтасынан төртке бұрышталып бүктелген картаны шығарып, айдың жарығымен Буырылтоғай қаласы қонған аумақты, Бақты заставасын сұқ саусағымен айналдырып көрсете бастады. Қос жолдастың жолы осылайша қарс айырылды.
Мұқан Бақты шекара заставасына бұқпантайлап, әр адымын әбжіл басып, көгершін ұстауға шыққан мысықтай сақтықпен таң рауандаған шақта жеткен. Отандастарымен құшақтай көрісіп, болған жағдайды хабарлап, борышын өтеуге кірісіп кеткен. Оған міндеттелген жүк осы жақтың адамдарындай киініп, заставаның ақбоз атына мініп ел аралау, дымын білдірмей халық ішіндегі жағдайды білу, халықтың қай үкіметті жақтайтындары туралы ақпарат жинау болатын.
Күнделікті әдетімен Мұқан бүгін ерте оянып, жолға қамданды. Лашыққа барды да өзіне бірінші күннен бекітіліп берілген ақбоз биені шөлі қанғанша суарды, одан кейін тың жерге шығарып аунатты. Ат тарақпен жал-құйрығын сүзіп тарап, сырт көзді сезіктендірмеу үшін жергілікті қазақтардай жеңіл құранды ер салып, омырауына шеттік арқылы өмілдірік кигізді, екі жамбас үстімен тартып құйрығының астынан құйысқан тақты. Өзі де бұзау терісінен тігілген мәсісінің сыртынан кебіс, кең шалбарын киіп, жұқа көйлегінің үстінен жеңіл шапанын іліп, сыртынан кемер белдігін буынды да, басына биік шошақ төбелі қызай қалпағын бастырды. Алған беті шекараға жақын орналасқан Айтқұл-Жәдік ауылы, бүгін сол ауылдың мырзасы немересінің сүндетінің құрметіне той тарқар жасап, маңайдағы қазақ ауылдарына көкпар бермек деген ақпар келген.
Тастақ жермен жүруге тұяғы төселген ақбоз бие алыстағы ауылдан шыққан айғайды естіп құлағын қайшылап алды. Бұл жақта жұмысқа жегілетін аттарын қара күз бен жер жылтыраған көктем басында тағалайды екен. Ал салтанатқа мінетін аттарын тағаламайды, өскен тұяғы тасқа тиіп сынып өздігінен қалыпқа келіп отырады. Оның үстіне жаппай доданың ішінде сынған таға ұшып шабандоздарды жарақаттауы мүмкін. Доданы көргенде Мұқанның да делебесі қоза бастады. Тек астындағы биенің белі ұзаққа шыдамасын жақсы біледі, өзі де кенже буазға ұқсайды екен. Әкесі марқұмның «жүйрік ұрғашы мал құлынын төске сақтайды да, оның буаз екені бүлкілдеген бүйірінен білінбейді, желін салмай да туа береді» деген сөзі ойына оралған. Соғысқа кетпей тұрып Мұқан Бұланбай, Қозған ауылдарынан шетқары шалғай қонған қоныстарда да түрлі додаларға қатысып, талай үйден серкенің қуырдағын жеген. Көкшулан соғатын көкшұбарымен апта сайын көкпар шауып, талай мәрте иығы шығып, аяғы үзеңгіде кеткен. Бірақ көкпар заңы бойынша шабандоз додада өлсе, ол қайырсыз өлім емес, шейітке саналады.
Күннің қызуынан шаштың әр талы бұйраланатын қарға миын қайнатар аптап ыстықта алыстан тошала үйлерден құрылған Айтқұл-Жәдік ауылы селдір тартып сағымданып көріне бастады. Үлкен ақ орда шеткерірек тігіліпті де, жанында екі қара үй орнатылыпты. Қазандық үйлер болар деп шамалады Мұқан. Одан кейін оның көзі анадайдан шұбатылған шаңға, алдында жылжып бара жатқан бір қара ноқатқа түсті. Жақындаған сайын айғай да сол жақтан анық естіле бастады, Мұқан да елегізіп астындағы ақбозға қамшы басты. Құстай ұшқан ақбоз көзді-ашып жұмғанша бұйра шаңның ортасына алып келді. Қаумалап төпелеген топ алдына апай төс баран айғыр мініп, көкпарды өңгерген қараторы жігітті қоршап алыпты. Ол да қарулы екен, аузына қамшысын мыжғылап тістеп, алдындағы серкені тақымға қысқан. Тақымы тас па дерсің. Ағызып келіп аттарымен қаққандардың біреуі де жұлып алуға қауқарсыз. Мұқан анықтап қарады, өңгерілген серке емес, тана секілді. Бұл жақта жаппай көкпарға серке жеңілдеп кетсе, орнына тана сойып тартады екен дегенді естіген. Тіпті сол тананы да қаны тулап додаға түскен қазақтар жеңіл көріп, ауырлату үшін шабын тіліп тұз салады деуші еді. Дәу де болса тана шығар.
– Мен қағамын, сен тартсаңшы, – деп ақырды торытөбел мінген, көзқабы іскен төрткөз жігіт көптің ішінен ерекшеленіп.
– Тартқанға ыңғай беріп жатыр ма? – деп айғайлады басына орамал таңған сойқан кірпігіне тұрған жас аралас шаңды сүртіп.
– Онда несіне додаға кірдің, ынжық неме? – деп кіжінді торытөбел мінген.
– Шаруаң болмасын, әкеңнің ауызын, – деп әкіреңдеді орамалды. Тоқайласқан екеу додадан шығып бір-біріне қамшы сілтесе бастады. Оларға көз салып дамылдаған ешкім жоқ, бәрі қараторының соңында. Құдды бастарың жарылып, көздерің шықса да бәрібір деген сыңайда. Мұның бәрін Мұқан сырттай бақылап тұрған. Баран атты топтан сытылып шығып сайын далаға қарай шаба жөнелгенде, соңына түсті. Қуғыншы топ алыстай берген, алда келе жатқан екеу. Мұқан қулыққа басты. Құйғытып шауып келіп жанаса кетті, астындағы баран атты құйрығынан көтеріп кеп қалғанда ол екпінімен шалынып қала жаздады. Осы әрекетін бірнеше рет қайталады.
– Бауырым, көкпарыңды өз еркіңмен бере салғаның дұрыс, – деп қараторыға үн қатты Мұқан. Жауап болмады. Шамаң келсе тартып ал дегендей қараторы жігіт міз бақпады. Мұқан өз обалың өзіңе деп шауып келе жатып баран атты жанамалап бір қақты да, құйрығынан көтеріп кеп қалып, оң жағына сырғып шығып, жігіттің алдына өңгерген көкпарды сирағынан сүйреп, суырып алып өз тақымына басты. Өлі дене зілдей екен. Мұндай қарулыны алғаш көрген қараторы әрі қарай қуудың пайдасы жоқ екенін бірден түсінген, мықтылығын мойындаған. Алыстан бақылап тамашалап тұрған той қонақтары «пәлі, сабаз екен» деп сілекейлерін жұтынды. Мұқан алдына тананы өңгерген күйі ел жиналған жаққа ат басын бұрып, тоқтамай шауып отырып он екі қанат, сүйегі ағаштан жасалған ақшаңқаң үйдің алдына әкеліп сылқ еткізіп тастай салды. Мұндай қимылға еті пісіп үйренген тарамыс денелі оның маңдайынан шып-шып еткен тер сол кезде барып жіпсіп білінген. Дода көкпардың орта жолда аяқталып қалғанына біреулер налыса, екіншілері Мұқанның шеберлігіне тәнті болып жөн сұрасып жатты. Астындағы ақбозы ақ көбікке көмілген.
– Буырылтоғайдың қазағымын ғой. Жоқ іздеп шығып адасып кетіппін, аузымның салымы бар екен, көкпардың үстінен шықтым, – деп жалтарды ол той иесінің жөн сұрасқан сұрағына ат үстінде солығын басып.
Қандасының қарымына разы болған тапалтақ келген, аспан аударылып жерге түскендей аптап күні басына қызыл түлкінің пұшпағынан тігілген қызыл бөркін бастыра киген, селтие шыққан күйек сақалды, жер ортасынан асып кетсе де ширақ қимылдайтын той иесі көк көзін сығырайтып, қолын маңдайына апарып күнді қалқалап Мұқанға қарады.
– «Қонақ келсе есің шықсын, есебін артынан есептеп аласың» деген қазақпыз ғой. Аттан түс, қонақ бол! Ат үстіндегі өнеріңмен бәрімізді тәнті еттің, – деп той иесі шын ықылас білдіргенде жанындағылар да қолдай түсті.
– Әй, сабазым, мықты екенсің! Қанша жыл ел аралап баспаған жерім қалмады, ал сендей сабазды көруім бірінші рет. Өллаһи-биллаһи бірінші рет. Оңбай кетейін, сабазым, бірінші рет, – деген көп ішінен қарлығып шыққан дауысты Мұқан бірден таныды. Мәсәлімнің дәл өзі. Дауыс шыққан көптің ішінен суырылып, адымын алшаң басып орта бойлы жігіт арсалаңдап келе жатыр, екі езуі екі құлағында. Кеудешесін аударып киіп алған ба, астары бедерленіп көрініп тұр, үсті-басы алба-жұлба. Басына орамалды екі бүктеп маңдайынан түйіп тартып алыпты, аяғында бұзаубас етік. Әбден сырылып күйі кетіп қалған, біреуінің тұмсығы ашылып, қағылған шегесі күнге шағылысады. Қолында ұшына қызыл байланған ұзын таяқ. Сыртынан қарап дуана ма дерсің. Әттең, мемлекеттік тапсырмамен жүр, Мәсәлімді құшақтай алып: «Әртіссің-ау, Мәсәлім, әртіссің» деуге бар. Тек Мұқан көзінің астымен қарап, күй білдірмеді, ішін күлкі қысып қытықтап барады. Атынан асықпай түсті де, шылбырын жақын тұрған күнге тотыққан қара домалақ бір балаға ұстата салды.
– «Бір күн дәмін татқанға қырық күн сәлем бер» – дейтін біздің үлкендер. Ілтипатыңызға рахмет, ақсақал, – деген Мұқан қаумалап сәлем бергендердің қолын алды.
Тойдың иесі бар, қасындағы жуан, кебеже қарын қара сақалдар бар, бәрі босағаға қарай адымдады. Мәсәлім де олармен бірге қалыспай ілесті. Табалдырықтан апаратын жол таяқ тастамдай ғана қысқа болса да, Мәсәлім сол екіарада Мұқанның құлағына сыбырлап бір нәрсе айтып үлгергеніне қуанышты секілді. Бәрі ақ үйге кіріп тізе бүкті, сусын ішті. Бұл жақта дуананы шетқақпайламайды, қайта оған қайыр-садақ ұсынса, төріне шығарып ас берсе, өз үйіне шексіз несібе болып қайтады деген сенім бар екен. Артынан ас келді. «Тананың қуырдағын кешке жейсіңдер» деп дәмелендіріп қойды той иесі. Мұқанға да керегі осы. Әзірге дастархан басында әңгіме-дүкен құрғандар әр жерде өткен көкпар додасын айтып, жүйрік ат, ұшқыр тазы, күміс ноқта-жүген, тіпті ұзатылмаған қыздар жайлы да сөз етті. Ақыр аяғында саясатқа келіп тірелгенде үй сыртында жау бар деп жасқанды ма, мардымды түк демеді. Мұқан мен Мәсәлім бір-бірін жасаған қимылдарымен түсінісіп, көзбен сөйлесіп отырды. Ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін дастархандастардың бәрі орындарынан тұрып балуандар күресіне бармақшы болған. Бірақ әңгіме түгесілер емес. Той иесі де алыс-жақыннан келген мырзаларды еркін көсілтіп, іштегілерін көріктей көсеп айтқызып, күмпиген кеуделерін басып бөгеуді жөн санамады, барынша ығына жығылып бақты. Ақыры біраз отырып, түйе балуандардың белдесуіне бір-ақ барамыз деп шешіп, шәй алдыра бастады.
Әңгімелерінен сыр аңдаған Мұқан Мәсәлімді сыртқа алып шығып қапсыра құшақтап, кеудесіне басқысы келген. Ишарасын түсінсе де Мәсәлім «дуана» басымен үйден кіріп-шығуды жөн санамады, не болса да дастарханның соңын күтіп іште қала беруге бел байлады. Амал жоқ. Мұқан ат байлауышта қатар байланған мініс аттардың жанына жақындағанда ақбоздың аяқ жағында қып-қызыл болып жатқан «шарананы» байқады.
– Қап, – деп санын соққанын өзі де байқамады. Көкпар тартып келген бетте әлгі балаға шылбырды ұстата салмай, өзі барып қысқа баулап байлауы керек еді. Еті қызып келген ақбозды бала суарып, жемге байлап қойғаннан құлын тастап жіберіпті. Бөтен ауылда «ұрын» жүрген ол кімді барып сыбайды, кімнен есесін қайтарады? Үндемеске амал жоқ. Қақтың ішінен тұмсығы көрінген торы құлынның түгі де шығып жетіліп қалған екен, құлағынан ұстап шеткері жүрген ауыл иттеріне қарай ысыра салды да биені босатып жіберді. Қазан басынан қағанағы қарық болмаған иттер ырылдасып, өлі құлынның уыз етінің парша-паршасын шығарды. Ұяластар екен, бір-біріне ырылдасса да төбелескен жоқ. Амалы құрыған Мұқан енді кетуге ыңғайланғанып ат іздей бастағанда анадай жердегі мама ағашқа жалғыз байланған той иесінің жер тарпып тұрған боз жорғасы көзіне ілінді. «Аман болсам заставаға сен жеткізерсің» деп қойды іштен.
Осы кезде қызылкеңірдек болып әркім өз руының аруағын шақырып айғайласып жатқан күрес жақ та, алтыбақан теуіп ән салып жүрген қыз-желең де, қазандық басындағы абысын-ажын да тына қалған. Мылтық асынған бес қытай сарбазы салт мінген тәпелтек аттарын тебініп, көптің ішін бөле жарып ақ шаңқаң киіз үйдің алдына келіп тоқтады да, екеуі ішке кіріп, Мәсәлімнің қолын қайырып сыртқа алып шықты. Бұл кезде тойға жиналған көп қауым да үдере басып осы жерге жиналып қалған. Мәселімді алып шыққан екеудің бірі оны тілерсегінен басып, тізесін бүктіріп ортаға оздырып отырғызып қойды, екіншісі болса сарнап ала жөнелді. Тапаншасын ұстап, сығырайған көзі жұмылуға жақындап, қызынып алғаны сонша, қолын әрі-бері сермеп сөйлеп жатыр. Оның айтқанынан қасындағы тілмаш та тұнжырап сала берді. Одан кейін жүзін бұрып:
– Мына кісі біздің арамызда жүрген – жансыз. Бұл – жау. Біздің саясатымызға араласып, бірлігімізді бұзғысы келетіндердің жақтасы. Мұндай иттерге кешірім жоқ. Бұлардың жазасы өлім. Сендер араларыңнан шыққан жауды өз қолдарыңмен өлтіресіңдер дейді, – деп тілмаш саңқ еткенде жиналғандар ауыздарын басып, жағаларын ұстады. Сарбаздың бірі ортада тізерлеп отырған Мәсәлімнің мойнына қыл арқанды салды да бір ұшын өзі ұстады, екінші ұшын ұстатуға көпке қарап тұрып қарымы қатты деген мықты жігіт іздей бастады. Төртбақ тұлғасы басқалардан бөлектенген Мұқанды таңдап, алға шығарды да ұстата салды. Бір әскери комиссариаттан шақыртылған, қаншама қанды жолды бірге өткерген қандыкөйлек серігін, талай қылкөпір сынақтан сүйемелдесіп өткен досын қалай өлімге қимақ? Қолына ұстаған қыл арқанды сабын сыққандай сығымдап қыса түсті, мұны тартқан қолым иығыммен неге бірге жұлынып қалмайды екен деп қарғанды тістеніп. Сырт көзге сыр алдырмауға тырысты, сұп-сұр боп кеткен. Мәсәлім болса ыржыңдап отыр, түк болмағандай. «Дуана» болуын жалғастыруда.
– Ла-а! – деп ақырды бір кезде қытайдың топбасшысы. Бұл оның қытайша «тарт» деген белгісі еді. Арқан ұстаған сарбаз жұлқып қалғанда, Мәсәлім серге сылқ ете қалды. Мұқан тартуға именіп тұр. Сол уақытта Мәсәлім енді өмір жарығын көрмейтініне көзі анық жеткендей жұртқа қарап «елге сәлем айтыңдар» деп ақырды екі рет езуінен жылғаланып аққан қанды жеңімен сүртіп. Бұл оның Мұқанға айтқан аманаты еді. Мұқан арқанды тартар емес, алқынып тұр.
– Ла-а! – деп ақырды тағы да қытайлық.
– Тарт, – деді тістеніп Мәсәлім. – Елге сәлем айт, – деді сосын сабырмен.
«Елге сәлем айт». Бұл Мәсәлімнің соңғы сөзі, адал өлдім дегенінің белгісі екенін Мұқан бірден түсінді. Өзін өлімге қия отырып, досын ажалдан арашалап алмақ ниеті. Мұқан қазір тартпаса өзі де көзге күдікті болып ілініп, оның күйін бұл да кешетіні, бастысы жүктелген бұйрық орындалмай қалатыны, бағана айтқан деректерінің бәрі құпия бөлімге жетпейтіні аян. Қаны басына шауып, дәрменсіздік күйін кешкен Мұқан арқанды ұстаған бойда көзін төмен түсіріп, бар күшін салып тартты. Бар ойы досын қинамай өлтіру еді, іші алай-дүлей. Қыл арқанға қылқынған Мәсәлім жан тапсырар алдында бұлқынған да жоқ, серейген күйі ұзарып барып қатты да қалды. Мұқанның құлағынан «Елге сәлем айт» деген сөз кетер емес.
Мәсәлімнің өлі денесі салынған қос аяқ ат арбамен екі сарбаз, тілмаш үшеуі көп бөгелмеді, жұрт тарағанша олар да ізім-ғайым жоқ болды. Ере келген екі сарбаз той иесінің үйінде қалғанына қарағанда Мұқанның сұрланғанынан, жаны қиналғанынан секем алып қалғандай. Мұны Мұқанның өзі де анық білген, күн батуын күткен.
Ырду-дырду болып басталған тойдың соңы өлім жазасымен аяқталып, Айтқұл-Жәдік ауылынан қонақтар да көп бөгелмей күңіреніп тарқасқан.
* * *
Күн ұясына батқан шақта дастархан басына астауға салынған қара қуырдақ келді, қытай сарбаздарынан қорыққанынан ғана қазан көтерген әйелдер ас беруге ынтызар емес еді. Дірілдеген қолы өзіне бағынбай қасықты әрең ұстаған Мұқан амалсыздан бір-екі рет ортадағы дастарханға қол созды да, шандыр шайнағандай жағы сүйегі талғанша күйсеп көп отырды. Одан кейін насыбай атпақшы болған адамдай сыртқа беттеді, қытайлық сарбаз да ілесе шықты. Ел ішінде де сілеусіндей басқан ізіне сақ, табаны шөпке сылдырын шығармай тиетін жалдаптар бар екен.
Мұқан далаға шыққанда күн де қызарып ұясына батқан. Айнала той өткен ауылға ұқсамайды, ошақтардан да қызыл көрінбейді. Тек бықсыған қи мен күйген сүйектің күлімсі иісі жайылған. Табалдырықтан аттаған бойда Мұқан мама ағашқа байланған боздың әлі ерттеулі күйі тұрғанын бірден аңғарды. Бүгінгі орын алған жағдайдан кейін дегбірі қашып, өзінің де аман қалмасын сезген үй иесі қуырдаққа мойын бұрмаған, ал оның рұқсатынсыз боз жорғаға ешкім жоламайтын көрінеді. Мұқан асықпай барып дәретін алды, ізін аңдыған қытай сарбазы да өтірік ат қарағандай болып қалар емес. Оң жақтағы қыздың дүзге отырғанына дейін аңдитын жеңгедей бір елі алыстайтын түрі жоқ. Өлараның түні де көз байлай бастаған. Мұқан көршілес қара үйдің қасына біраз аяңдады да, керіліп бойын жазды. Осы сәтте қасына келген сарбазды торғайды арбаған мысықтай шалт қимылдап, қарақұстан бір ұрғанда, әлгі байғұстың айғайлауға да шамасы келмей қалды. Суып тұрған боз жорғаға қарғып мініп застава жаққа қарай тайпаңдата жөнелді. Күні бойы қаңтарылып тұрған жорға бастапқыда жорғасынан кібіртіктеп жаңылып еді, біраз жүргеннен кейін төселіп сала берді. Төбесінен балғамен ұрылған өгіздей болып серейіп жатқан шалажансар сарбаз есін жиып, үйге барып хабар айтамын дегенше Мұқан да дауыс жетпес жерге дейін ұзап кеткен.
* * *
Маңдайын жел қарып, көзінен жас парлап келеді Мұқанның.
Кеудесі лап-лап етіп жалын атқан көрік тәрізді, қызуы бетіне шарпып, көздері қанталап кеткен. Шекара заставасы да алыс емес, киік көш жерде ғана болса да өзегіне өрт түскен адам үшін тіпті өнер емес.
Қысталап жылайды Мұқан.
Шерменде болған жүрек шері жанарынан парлап қорсылдап жылайды Мұқан. Далиған даңғайыр даладан да қайыр жоқ секілденді.
Айналаны жаңғыртып жылқы қайырғандай айғайлап, боқтап-балағаттап айғайлап та жібермек болды, Мұқан. Өліктей болып меңіреу күйде жатқан мекиенге не деп шағымданбақ сонда? Тылсымнан туып «сен досыңды өлтірдің» деп жауап қатса, не істемек?
Алыстан заставаның жарығы көрінгенде Мұқан кілт тоқтады да, тақымындағы боз жорғаның жүгенін сыпырмай ауыздығын ғана алып, сағалдырығын тартып байлап қойды. Тізгінді қысқартып ердің қасына ілді. Ажалдан аман алып қалған түлікті жалының астынан сипады да, алғыс айтты. «Жан сырымды адам емес, жылқы малы ғана түсінеді» деп егіліп маңдайын сүйеп тұрды. Одан кейін басын келген ізіне қарай бұрып, жамбасынан шапалақпен қағып қалды. Жорға да бауыр басып қалғандай, көпке дейін ұзамай ұзын сабақты изенді бір, ақ отты екі жұлып жеп айналсоқтап жүріп алды. Тек Мұқан «шүу» деп қос қолын көтеріп шапалақтағаннан кейін ғана ауылына қарай жұлдыздай аға жөнелді.
Көденің үстіне малдас құрып отырып шалқасынан құлады да, домалап етпетінен жатқан Мұқан боз жусан араласқан топырақты тырналап тұншыққан адамдай күйге түсті.
– Не деген бітпейтін жас мынау. Көкірекке әбден кептелген зығыр ғой бұл. Барлау қызметіне баруға келісім бермей, көп етіктілермен бірге кетсем, қазір бөтен жерде емес, аман-есен елде жүрер ме едім? Жан бауырым Мұқатайды осы «контррозведчик» деген жазуы бар бұзау терісінен тігілген титтей куәліктің арқасында таптым ғой бірақ. Батальонына барғанымда «бір күн бұрын алдыңғы шепке кетті» дегенді естіп құлазыдым емес пе? Құдайым неге бізді бір дидарластыруды жазбадың? Ертең бұл сөзімді шешеме айтсам, қиыр ұзамақ түгілі көрші ауылға аттап шығып көрмеген ол сенер ме? Ішінде күдік кетеді ғой, Құдай-ай. Не бетімді көрсетемін?
Ер адам жыламайды дейді. Жылайды еркек, көрген тағдыр сызығына налып жылайды.
Көрген күйігі ішіне симай жүрегі егіледі, жаны найзағай ойнап нөсерлейді.
Еркек жыламасын, еркек жыласа ақтарылып, бір мезетте жарылып айналаны ақ жайқаң қылады.
Жоқ, жыламаймын, өзіме өзім серт берем, жыламаймын. Мен қайта өмірін Отан үшін қиған Мәсәлімнің досы болғаным үшін, онымен бірге толарсақтан қан кешкенім үшін қуанамын. Мен сорамды төгіп жыламаймын, – деп жүресінен отырып, жұмырдығын сығымдай түйіп айғайлап жібергенін байқамай қалды Мұқан.
Заставаға шаршап-шалдығып, сүлесоқ боп жеткен күннің ертеңінде Мұқан есін жиып, болған жайттың бәрін тәптіштеп командирге жеткізді. Мәсәлімнің құлағына сыбырлаған құпия ақпарды да айтты. Өз досын өзі өлтіргенін де бүгіп қалмады. Мұны естіген командир «көзін құртыңдар» деп бұйрық береді-ау деп өкінген де, опынған да жоқ. Бірақ командир суыққандылық танытты, Мәсәлімнің қазасына мұңаймады да, жүзінен аяныш табы байқалсайшы тіпті. Қайта мейманасы тасу алдында тұрғандай көздері жылып сала берді.
– Правильно сделал, товарищ Мусин. Правильно сделал. Ты настоящий профессионал, отважный мужик, верный солдат своей Родины, – деді ол қолын созып. Жүзіне күлкі үйірілген командир Мұқанның әкелген хабарына разы секілді. Мұқан болса түк түсінер емес. Осыны аңғарған командир Мәсәлім екеуінің тыңшылыққа кеткен уақытта «жаназасы шығарылып қойғанын» айтып, оның адам өлтірмегенін, қайта мемлекеттік маңызы бар ақпаратты сақтап жеткізгенін Отан-Ана әрдайым мақтан тұтатынын қадап жеткізгенде жүрегіндегі жүк жеңілдеген.
Үш күннен кейін жоғарыдан құпия барлау қызметі аяқталғаны туралы хабарлама келіп, көрген-білгенін ешкімге айтпайтыны, ешқайда жарияламайтыны туралы құжатқа қол қойып, кеудесіндегі «Ерлігі үшін» медалі жарқырап, туған ауылына жолға шыққан. Сол күні Мұқанның қуанғаны-ай…
Ол бірақ күдікке ілінген ақбоз бие де пышаққа ілінгенін, Мұқатайдың соғыста шейіт болғанынан хабарсыз еді.
V
Қылкөпірлердің талайынан өтіп келгенде күтіп алған жадағай тірлікке жаны ауырған Мұқан қанша жатқанын білмейді. Ол таң бозара бере құлағына жеткен ащы да зарлы дауыстан оянды.
Зарыққан зарлы дауыс, таныс дауыс. Шешем бе екен деп қояды іштей. Орнынан атып тұрған ол дауыс шыққан жаққа қарай аяңдай басты, тарғыл күшік те соңынан қалар емес, балағына орала берген соң көтеріп қолына алды. Терезенің тор көзінен білтесі өлшеніп жағылатын сығырайма майшамның жарығы түскен үйге қалай тез жеткенін өзі де аңғармай қалды. Тазқарын8 әйнектің бергі жағынан үңіле қараса арғы жағында тақтай едені жоқ жерге қалың сусыма қамыс төселіпті де, үстіне қазөті көрпе жауыпты. Қолында сарбаз малақайы бар бір кейуана әлгіні иіскеп, кеудесіне басып дауыс шығарып зар илеп жылайды. Зарлаған зары жүйке жүйеңді желім етеді, ішіңді күйдіреді, терісі түскен жараңа қыздырып тұз басқандай жаныңды ашытады, тотияйын тартқандай қуырып тітіркендіреді. «Боздағым-ау, құлындарым-ау» деген ащы дауысты әйелдің өз анасы, бір кіндіктен тарап, қанасынан шыққан үш шаранасын бауырына басып ақ сүтін берген, маңдайынан аймалап сүйетін өз шешесі Жарқынай екеніне көзі жетті. Ажары тайған, төбесіне түйген шашы бурыл тартқан.
Аруана Мұқатайдың малақайы келген күннен бастап күн сайын таң атпастан дауыс салып зарлауды әдетке айналдырған. Күнделікті таңғы тірлігінің шымылдығы көздің ащы жасымен, көкіректің ащы дауысымен түріледі. Ананың балаға деген махаббатының қасында мұхит та бір аяқ қана қара судай. Мұқатайының малақайын алдына алып, кеудесіне қысып құдды бір баласындай сөйлесіп отыратынына не дерсің. Іші қазалы жағдайды, Мұқатайдың оралмайтынын сезетіндей. Есесіне ортаншы ұлы Мұқан оралады деген сезім бойын билеп алған. Ана жүрегі бір ғажайыптың боларына сенетіндей.
Екеуін бөліп тұрған ортадағы тор көзді терезе ғана. Терезеден секіріп кіріп құшақтай алса ше? Жоқ, жүрегі жарылып кетер. Қалай көзіне көрінсем екен, қалай көріссем екен деп ойлады Мұқан. Ақыры есін жинап, есікті тоқылдатқаны сол еді іштегі дауыс та бәсеңдегендей болды.
– Бұ кім? – деген қарлыққан дауыс шықты әр жақтан.
– Мен ғой…
Мұқан «Мұқанмын» деп айтуға үлгермеді. Есік шалқасынан ашылды да арғы жақтан кейуана табалдырықты аттай сала иығына құлап, қапсыра құшақтады. «Мұқатайым, келдің бе? Мұқатайым, оралдың ба? Құдайға тәубә, тірі екенсің ғой, Мұқатайым!» деп тағы зарлады. Анасының зарынан көзі суланған Мұқанның тілі күрмелді. Ұзақ көріскен ана мен бала солқылдап соқтығын басалмай тұрды.
Мұқан бойын жинап сықырлауық есікті босағамен жалғастырған үзбенің тұсындағы тесіктен үйдің ішіне қарады. Анадай жердегі айналма пештің қасында ұйықтап жатқан екі қараға көзі түсті. Бозбала Ғазиз, оны құшақтап, қолындағы дойыр қамшыны білездігіне бүлдіргесінен іліп алып, тобылғы сабын қатты қысып алып пыс-пыс етіп ұйықтап жатқан төрт-бес жасар бала Амантай болуы керек. Ал қамшыны бірден тыныды, ол әкесі Мұсадан қалған мұра болатын.
Сол күннен бастап қараша үйдің басына түскен қара жамылғының шеті түріліп, үйдің ішін мереке нұры жайлағандай болды.
* * *
Есімін төбедегі жекжат та, етектегі жұрағат та етене тани бастаған Мұқанның үйінде соғым сойылып, бүгінгі қуырдаққа Мұсаның кіндігінен тараған ұрпақтары төрт көзі қалмай «шүйгін болсын» айтып түгел жиналған. Жер қыртысының құнары жылқы қартысының қалыңдығынан көрінетін Қозған ауылында құлын кезінен құрық көрмей жайылып, бұла боп өскен байталдың балғын етінің қазан жақтан шыққан иісі кеңсірігіңді қытықтайды. Төрдегі ажарлы әже орамалының ұшымен дастархандағы табақтарды айнала дөңгеленіп тізерлеп отырған туғандарын көріп, жоғалғандары табылып, төрт көзі түгенделгенге тәубе етіп жасаураған жанарын сүртіп қойды.
Туғандарын көзбен түгендеген Мұқан көптің ішінде Амантайдың жоқ екенін бірден аңғарды.
– Амантай қайда? – деді ол зілді кескінде.
– Жүрген шығар осы ауылда. Өздеріңе тартқан жылқықұмар емес пе. Үйдегі жуас тайларды менсінбей, өзгенің асау жабағыларын сұрап мінеді екен тентекнеме, – деді Жарқынай әжей кейісі мен қуаныш сезімі астасып. Осы кезде үйге арсалаңдаған Амантай еніп ауыз есікті серпи салды да, төрге озды. Кірпігіне қырау кіреукеленіп, аузына таңып байлаған шәлі бөкебайы мұз боп қатыпты. Сырт киімдерін үстінен сыдыра салды да, төргі бөлмені ауызүймен бөліп тұрған жал пештің жанына лақтыра салды әжесінің еркесі. Әжесі тірі тұрғанда оның бетіне қарсы келетін адам жоқ, тек Мұқаннан қаймығады.
– Қай асаумен алысып келдің тағы? – деді Мұқан сәлемін алған соң.
– Ауылда асау жоқ, бәрін үйретіп тастағам. Өзіміздің ақбоз мес бие ғой.
– Өй, ол менен басқа адамды жолатпаушы еді ғой. Оған қайтып мініп жүрсің?
Азу тісі қажалса да асаулығы қайтпаған. Кәрілік жеңген биенің белі қайқайып кетсе де, тұқымының текті екенінен таңған емес. Оны мінбек түгілі өткенде жылқышылар арқанмен ноқталаймыз дегенде де жанына жан жолатпай көнбей қойған. Көп жылқының ішіне кіріп, биеге жақындап «әйт» деп айғайлап қалған ойын баласы Амантай жақындағанда иесі келгендей тырп етпей тұра қалған. Амантай адымдап барып ноқтаны басына кигізгенде баланы иіскелеп, жетегіне еріп кете берген. Мұны көрген жылқышылардың бәрі таңғалған еді. Көп жылқыны бастап жүретін ақбоз биені Амантай кешкісін тебінге қоя береді де, күн сайын түске қарай алып келіп суарып жемге қояды.
– Оны қайтіп мініп жүрсің деймін, биік қой ол, – деген Мұқан жауап алған тергеушідей Амантайға көзін қадады сұрағын қайталады. Іші жылып отырғаны айқын.
– Түк қиыны жоқ, көке. Бірінші ұстап алып, тың жердің күпсек қарын теуіп аршимын. Сол жерден шөп жеймін деп бие басын салғанда мойынына жабысып асыламын. Басын көтерген уақытта сырғып арқасына топ ете қаламын, – дегенде үй іші баланың ақылына разы болды. Мұқан ерекше қуанды.
– Қан су емес қой, әкемнің қасиеті саған ауған екен онда, – деп шешесіне қарап еді, кейуананың көз отауына жас үйіріліп қалыпты. – Өшкенім жанды деген осы. Зерек қой менің құлыным, зерек. Ақылды ғой менің құлыным, ақылды тентек, – деген ана жанында жабысып отырған Амантайдың басынан иіскеді.
Үш жерден жасалған жер үстелдерге жайғасқан ет жақындар қуырдақтан кейін қызылкүрең шәй ішіп, өткен-кеткенді жарыса айтуға көшкен.
– Қаншама жыл көруге асық боп, зарығып, өлім мен өмірді базарлап, аңсап келгенде үш мәрте «Мұқатайым» дедіңіз, ә? Тым құрығанда бір рет «Мұқаным» деуге болушы еді ғой. Соған қарағанда мені емес, Мұқатайды ерекше жақсы көріп тұрсыз ғой, – деді Сілеті совхозының портком хатшысы Мұқан Мусин Жарқынай шешесіне бұрыла қарап әзілдеп. Әдетке айналған әзілге әже мыңқ ете қоймады. Болған «қылмысты» мойындайтындай.
Мұқан анасына осылай еркелейтін.
Бейбіт БӨЖЕН





