Сен маған неге,
У сіңген көзбен қарайсың?
Қарайсың, сосын, бастағы
қанға тарайсың.
Қабағын түйген қап-қара
ойға үңілсем.
Масқара түнге малшынған
майда арайсың.
Қыршынды қидың қыл бұрау
арқан салдың да.
Мұң жанып жатыр
Мұқандар өлген шалғында.
– Кісімін десем…
– Жылқысың дейсің …
Ендеше:
Мінетін болсаң кісінеп
тұрмын алдыңда.
* * *
Қыс көзі қырау, жел есті
Қиын қиыннан.
Албасты үрікті,
ырыстар ықты
Тыйымнан.
Ұясын бұзды-ау ұшынған ойлар ақыры,
Қи сасып тұрған қып-қызыл шикі
Миыңнан.
Шолақ тай міндің шоқиып
оның іш қанын…
Көрелік сосын заманның
Іспар Тышқанын.
Сорлы, жетісіп?
Тырнақтың кірін жедің де
қайта құспадың.
Меңсіз де меңсіз, даласыз
туған меңіреу,
Кәсібің сенің ірің жеп һәм еңіреу.
Өз басын өртеп құл болған
Күнсіз күстана,
Көзіңді түртті-ау сөзімен жерік
Не біреу…
Жалғанда мынау масылдар – асыл,
ақын – ақ.
Ермек қып кеттің есектің
артын бақылап,
Қаймана саған қатқылдау
жүзін бұрып тұр.
Айнаға қара ақымақ!
* * *
Қырбақ қар өлең шумақтарындай,
Мейірімді дала кірпігі.
Қаздың қаңқылы ұшады қалқып
құндақтағы ұлдан
Әуенін санамда іркідім.
Жып-жылы нәрлер ойнайды
құрғақ қанымда,
Қайыңдар су жағалайды
балағын түріп.
Күллі жұлдыздар кілкіп, жәудіреп,
қырбақ қарымда.
Шиырлы ізімен шумақ зерлейді
қарала ит үріп.
Дауыл шұлғиды зауда,
Күн қатпарында,
Қағазға тамады шаршаған сана
титығы.
Бақидың суреттері тұр,
қырбақтың жұмбақтарында,
Күн түндіктен құлайды шала ұйқылы.
Ақ өлең – Алтайдың ала күртігі,
Тамырдың табанын жалайды
құндақта дымдар,
Теректің бұтағын ырғайды
самал ұмтылып,
Лағыл даланың лағыл ырғақтарындай.
* * *
Армандар көгімді тырналап ұшады,
Кешіккен, келмеген іңірлер еседі кітаптың бетіндей.
Мойнымнан су кетіп… мысалы, кесе көлденең,
Белгісіз белдердің бедерсіз шетіндей.
Қиялдар шашылып, төгілмей еңбектеп жүргенге.
Ақиқат кеселі күлдіріп келмейді үнемі,
Сындырып, бүлдіріп, кейітіп…
Айталық, көлбеңдеп сүрлемдер
Қапырық үрлейді түріп ап білегін.
Қасыңда әдепсіз кесілген бұрымдар…
Етегін түргендер.
Бәрі де қажетсіз
Сыбырлап құр демдер,
Мүрделер алдыңнан ойқастап сәл епсіз.
Шараптың буынан кермектер жаныңды жылытады,
Дәнектің нәріндей көз жасы.
Дүние бошалап, інгендер боздасып…
Тағы да су кетіп мойныңнан, қағады қаңбақтар қылтаны.
* * *
Боз талдар күлтелі бүр тағып,
Әулие даланың сағымын түйелер кешеді.
Бозторғай зар илеп, шырылдап төбеде,
Тамағын жыртады.
Иесіз әуендер неше мың,
Киесіз түземді мекендеп.
Құстармен алысқа көшеді үн…
Өседі… өшеді…
Құсни саздардың ізінде өртенсем екен деп.
Құс әні – құсалы…
Ойпыр-ай, мәңгі үздік.
Тірліктің басқасы бекер де,
Тырнақтар жүректе,
жұрнақтай жалғыздық
Жаныңды сетерлеп.
Жап-жасыл өңірдің жап-жасыл жаңбыры жағаңнан нөсерлеп…
«Кетер» деп… «өтер» деп…
Тәп-тәтті ойларың қаңғырып,
Ызалы ұшқындар алыста,
Осы маң, Бәлкім, ық.
Батысты шығысқа бағыштап, алқынып.
Күліктер ұшады іштері қабысқан,
Қыл қалам секілді жалқылық.
Бәдіз өксиді
Құстар қанатын жыртады көкте,
Аспан ашулы.
Ана құрсағын өпкен қасыңда,
Басқа ғасыр жүр.
Өктем тұрпаттар кілең дестеге жасырынады,
Ішінде цифрлы құрттар құжынап,
Бастар ашылды.
Топшысын бұлт қаққан құстар ашулы,
Бізді қорғайды екен-ау ауа қабатындағы сүзгі.
Күннің қабығын сыпырып алады,
Шыңдар ұстара сынды.
Қимыл.
Мидың өзектерінде құзғын,
Батпаққа сүйрейді бағзы нұсқа басыңды.
«Мәселе шешілді дедің бе?» –
жұмбақтар жасырған,
Діңгектер кесінділерінде басылған ғасырлар.
Ғасырлар қабаты – уақыттар шеңбері,
Сөйлейді алыстан, кесілген діңгектер меңдері.
Кетпейтін кесепат есіңнен,
Ницшенің
Сорабы меңгерім.
Белгісіз.
Қанаттар жұлынды түлеп,
Аспан ашулы.
Өлеңдер етпеттеп құлайды, тасқа басулы.
Жылайсың бір сәтке құлаған құныңды сілеп,
Өмір болмаған мүлдемге,
Көңіл бәс таласулы.
Бәдізден оянды құлын кісінеп…
Өлара салыстырмасы
Көк Тәңірдің кірпігінде өлімсіреп,
Өлі өңдер.
Қамыстың көз – өзегінде қалғиды ел,
Соқыр қаздың қанатынан қаңғып жеткен өлеңдер,
Бұйра талға қонды солай сән киген.
Моншақтарын шашып тастап жер – түндік,
Қызыл таңның қойынында шырқыраған әлдилер,
Көк шоқының ұялайды бөркінде.
Қиялайды қоңыр шуақ жақпардан,
Жүрегімнің ұясынан ұшып шыққан еркіндік.
Қобыз сыңсып, сойы ұзақ-ұзақтардан,
Қалауымды іліп кеткен қаршыға,
Қақ айырып бөліп берді сертімді.
Көз жасыммен ойып-ойып,
шым қабатын ақтарғам,
Қарашығым жабысады шаршыға әр.
Үш кеңістік хайку сызып, мән із десте ақ қарға,
Бір біріне жұптаса алмай, адасады сан сыңар,
Уысыма тамады арық тамшылар.
Қызыл тұман шөккен жолмен,
Ілбиді пәк атты арба.
Күлгін түстен шошынғаннан жан шығар,
Уыз уақыт нәрін сақтап қатты арға.
Қу жанымда қураған шөп – азу тістің қыршылы,
Тағы бір топ өзегімде…
Аңшылар.
Жұлдыз болу кезегінде тізілген мың тіршілік,
Жұтқыншақ пен көмейдегі тұтылған аз кемеңгер,
Кетік тістер жыртығында қыршылып.
Ең бір ауыр түн көрпесін сілки алмай елеңдер,
Кешу тілеп, кеше қайтқан сағыныштар сарылған.
Беу, Сарыарқа,
Құрманғазы-ай, Күй ата-ай,
Құрғақ милар қуысынан жалығып,
Уысымда жарылған.
Беу, жарасым кеңістік,
Сен бармысың арымда?!
* * *
Көңілімнің жыртығын жамап-жасқап жылы ұйық,
Жел бетімнен иіскейді, көлеңкемен қымтап ап.
Қайқаң басқан жайтаң жаз – жас арудай жымиып,
Райхан сеңгір аспанда мұнар аунап, бұлт абат.
Сөлсіз құрақ ұшынан өңсіз шырақ сөнген бе?!
Ақ пейіл күн тұнжырар қайтқан құстың зарынан.
Жапырақпен қоштасып жаздың иісін көмгенде,
Қабырғасы тыржыңдап нар бұталар арыған?!
Баспаса деп тілейді-е-е-е…
Баяғыдай қырғын қар,
Биіктердің зілінен ығып келген жазғы үндер,
Киіктердің көзінде болмашы бір кірбің бар…
Тозған сағат секілді тоқырап тұр аз күндер…
* * *
Тағдыр қолды бұғаулады…
Өткізбеді бір де адым,
Көз алдымда тұйық жолдар,
тұйық жолдар шырмағы.
Табандағы сансыз,
жансыз қызық құмдағы.
Өмір оның барлық өңін,
барлық ізін ұрлады.
Өрмекшінің жөрмегінде күн тілкімі сүзбе ғып,
Самайдағы қылаулардай ол,
– өткен шақ күздегі.
Алқа таққан мойындағы қамыт табы – ағытсаң,
Кірпігіңнен қалықтайды уақыттың тізбегі
Боз уақыт шудасында болымсыз боз шаңыт бар?!
Шаңырақтан ұшқан шуақ құшып қара жер бетін,
Сүмбіленің сүлкінінде сүлдері көк табыттар.
Талып аққан тас бұлақтар тас жүрегін терлетіп,
Саған қарап қол созады қолайсыз мың бағыттар.
ДАУЫЛ. ҚАРАША. ҮРКУ
Көкпек күлкі жоғалды, жылап-жылап жаз кетті…
бүрлі аршаның бүйірінд-е-е-е еңкіл сайдың үрі жүр,
Сен. Күз бұғағы салбырап түз иірімінен саз бетті?
Уысынан арықтың су шашады күрсінген.
Түр, мүсіндер, сықпыттар сүрең-сүрең сүрейлі өң
Маңдайында арқардың жадау шалқып май шамдал…
Қорқу, қуғын, үркумен қалқи ұшқан үрейлер,
Ай сүтіне малынып, айран майсаң, ай санғал
Көбелектің қанаты – көкшіл өрнек сиялы әр,
Төңірегі біртүрлі өшкен, кеткен өңір кең?!
Жазғы иіген орында мөрдей-мөрдей Ұялар,
Қарашаның қаһарын қайтарады көң іргең!!!
Алыстаған дауыстар бірі – аяныш, бірі – Сен
Тоңған талдың түбінде торғай ғана бүрсең?..