АҚИҚАТ ШЫМЫЛДЫҒЫ

Біз жек көру сезіміне, адамның ізгі қасиеттерін көре тұрсақ та, жеңіл берілеміз. Бұл табиғи дөрекі бейімділік кейде көрнекті қайраткерлерге де тән. Жақсыны жақтырмаудан өткен масқаралық жоқ. Жақсыны ұнату қаншалықты мақтарлық болса, оны жек көру соншалықты ұят болар еді.
Сол бір ызғарлы күндері жүрген ортасын сыйлағандар да, өз басшысына адал болғандар да, өзі өмір сүріп отырған жергілікті ұлтты сыйлаған өзге ұлттың қайраткерлері де болды. Олардың кейбірінің қолында ықпал ету аудиториясы да болды, ал енді бірінің қолында қарулы күш те болды. Бірақ олар қазақ халқына адалдық танытты, берген антына адал болды. Біз бүгін солардың бірнешеуіне тоқтала кетпекпіз.

М. С. Горбачев, КСРО-ның тұңғыш және соңғы президенті:

Бас хатшы өз кінәсын мойындады…

Тарихтан ештеңе жасырып қала алмайсың. Өйткені тарихты бір адам жасамайды. Оның қатысушылары көп. Желтоқсан оқиғасы туралы СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М. С. Горбачев те ағынан жарылыпты. Ол Желтоқсан оқиғасы туралы асығыс шешім жасап, қателіктерге орын алдырған соңғы адам. Жоғарғы Бас хатшы дүниеден өтерінен бұрын «Новой газеты» – Казахстан» газетінің бас редакторы Александр Краснерге берген сұхбатында («Три встречи с президентом СССР» №36 (809) 08.08. 09. – 2022 ж) Желтоқсан оқиғасының тарихы туралы өзі білетін шындықты айтып беріпті.
– 1986 жылы Алматыда Желтоқсан оқиғасы орын алып, жастар бас көтеріп, алаңға шыққанын жиі еске аламын. Қазақстанға ресейлік Колбинді басқаруға жібергенім, әрине, менің қателігім болды. Маған былай істеуге кім кеңес бергенін білесіз бе?.. Ол – Қонаев болатын. Ол зейнеткерлікке шықты, мен одан тәжірибелі басшы ретінде өзінің орнына кімді тағайындау керектігі туралы сұрадым.
–Ол қазіргі таңда Қазақстанның партиялық элитасы арасында жасырын ойындар жүріп жатқанын және қазақ рулары арасында Орталық Комитеттің бірінші хатшысының орны үшін күрес күшейіп тұрғанын айтты. Егер басшыны белгілі бір рудан тағайындасаңыз, олар дөңгелегіңе қарап сөйлеп, басқа рудан сайлауды сұрап әлек қылады. Мысалы, сіз бұл жөнінде жергілікті күрделі жағдайды тез анықтай алмайсыз және қалыпты жағдай күні ертең қатаң бақылаудан шығып кетуі мүмкін. Сондықтан саяси күйреуге жол бермеу үшін орыс ұлтының өкілін басқаруға жібергеніңіз ақыл болады, деді.
Ол жергілікті шенеуніктердің ешқайсысымен достық рәуіштегі байланысы жоқ, тез өзгергіш адам болып шықты. Ал мен Қонаевқа сеніп қалған едім. Өйткені оған сенбеуге негіз жоқ еді. Біз онымен жақсы, жолдастық қарым-қатынаста болдық. Бірақ, оның ақыры қайғылы жағдаймен аяқталды. Жастар алаңға шықты, қан төгілді… Қонаев маған осы ақыл-кеңесін айтып, өз мүддесін көздеді ме, әлде ізгі ниетті басшылықты негізге алды ма, ол жағын әлі білмей келемін. Әлде ол да қателесті ме, білмедім?..
Иә, тағдыр бізбен үнсіз ойнағанды ұнатады. Кейде ол біздің болжамымызды теріске шығарып, аңдаусызда үстімізден түседі. Дарынға, ақылға, қайратқа, тіпті байсалдылыққа да, бәріне де абай болған жақсы. Соқыр жайбарақаттылық олардың құлдырауына әкеліп соқтырады. Керек кезінде сақтық жасамауымыз, асығыстыққа жол беруіміз күйреуге әкеліп соқтырып жатады деген осы болар. Қалай десек те, мұнда мойындалмаған шындық бар. Оның обал-сауабын айтқан адамдарға қалдырдық. Бас хатшы өзінің айыбын мойындады ал бірінші хатшы мойындамай кетті…

ҚАТЕ БАСҚАН ҚАДАМНЫҢ ҚАСІРЕТІ

Ф.БОБКОВ, армия генералы, КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетi
төрағасының бiрiншi орынбасары:

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ресейдiң «РИА НОВОСТИ» агенттiгiнiң ұйымдастыруымен бір топ қазақстандық журналистер Мәскеуде екі апталық іс-тәжірибеден өттік. Агенттік ұжымы Жеңіс күні қарсаңына орай, көрнекті әскер басшыларымен кездесу ұйымдастырды. Осы кездесу барысында Алматыда орын алған 1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiн басуға жалпы басшылық жасап, «Метель» операциясының авторы атанған армия генералы Филипп Денисович Бобковты әнгiмеге тартып, Желтоқсан оқиғасы туралы сыр бiлмекке шақырғанбыз. Өзi қатарында үздіксіз қызмет еткен 45 жылдан астам уақытта ВЧК – ОГПУ – НКВД – КГБ тарихында осы қаһарлы жүйеде Меркулов, Абакумов, Игнатьев, Берия, Круглов, Серов, Шелепин, Семичастный, Андропов, Федорчук, Чебриков, Крючковтардың көзiн көрiп, солардың басшылығымен қызмет еткен ол сол жолы уақытының тығыздығын айтып, ашық әңгiмеден қашқан-ды. Әйтсе де, армия генералы, қауiпсiздiк қызметi партияның саяси ерiк-жiгерiн бұлжытпай орындайтын инструмент (құрал) ретiнде iс-қимыл жасағанын айтып та қалған едi.
Мен де тықақтап, Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде өзінің қандай позиция ұстанғанын сұрадым. Ол менің сұрағыма ашу шақырып: – Сволоч, сен мені тергеуге келдің бе? – деп ашуға басты. Сол тұста біздің әңгімемізге армия генералы В. Третьяк араласып, өз әріптесін сабырға шақырып, оны әңгімеге көндірген болды. Мұндай сәттiң туа бермейтiнiн бiлген бiз тәптіштеп сұрай бергесiн, өзiнiң «КГБ и Власть» деген кiтап жазғанын, соның бiр тарауында Желтоқсан көтерiлiсi туралы «Памятный декабрь 1986 года» деген арнайы бөлiм барын айтып, әңгiме ауанын басқа арнаға бұрып әкете берді.
Сапар алдында мен ол кітапты оқып, танысып шыққанмын. Көңілімде күдікті сұрақтар да қалған-ды. Оны кейін Закаш Камалиденов ағама айтып, пікір алысқанмын. Бiрақ кiтаптың авторлық пайымында жазған ескертпесiндегi «…а пришло ли время» деген екi-ұшты сөзi бiздi оқиғаның көлеңкесiнде адастыратындай сыңай танытты. Демек, бәрін сарқа айтудың уақыты әлі келген жоқ, бірдеңені жасырады…
Көлеңкесiнде отырып, дiрдек қағатын қаһарлы ұйымның №5 идеоло­гиялық саласына басшылық жасаған автордың ненi айтып және оны қалай айтуында да үлкен құпия жатқан-ды. Одан оқырман өзi қорытынды жасар (сол мақала қысқартылып берiлiп отыр. – авт.).
…Маған Геннадий Васильевичпен (Колбинмен – авт.) кездесудiң сәтi 1986 жылы желтоқсан айында түстi. 16-желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Д.Қонаевты Колбиннiң алмастыратынын есiттiм. Жасырғым келмейдi, iшкi жан-дүниемде әлдебiр үрей пайда болды. Соңдықтан мен ертеңiнде Алматыдағы жоғары оқу орындары студенттерiнiң Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiнiң ғимаратының алдына жиналып, өз наразылықтарын бiлдiргенiне анау айтқандай, таңқала қойған жоқпын. Олар: ( жастар. авт.) «Колбинге жол жоқ! – Орталық комитеттiң бiрiншi хатшысы қазақ болуы тиiс» деген талаптар қойды. Мүмкiн, олардың талабы да дұрыс шығар, бiрақ…
Студенттердiң толқуы туралы хабарды алысымен мен Республиканың Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Виктор Мирошникке телефон шалдым. Ол Қазақстан астанасының бiрнеше жоғары оқу орындарының студенттерi түнде жатақханаларда жиналыс өткiзiп, Колбиннiң сайлануына қарсылық көрсетуi орын алғанын мәлімдеді. Таңертең студенттер қала көшелерiне шықты. Қалыптасқан жағдай өте дабыл қағарлық және ол жалпы тәртiпсiздiктерге алып баруы мүмкiн едi. Бүлiншiлiкке шақырған үңдеулер де болды. Алайда Мирошник оқиғаның соншалықты қорқынышты еместiгiн баяндады. КСРО Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы В.Чебриковпен пiкiр алысқаннан кейiн, біз асығыс шешiм қабылдамауға келiстiк.
Сол күнi Мәскеудiң Колонна залында соғыс және еңбек ардагерлерiнiң құрылтай конференциясы болып, мен соның жұмысына қатысып отырғанмын. Конференцияның басталғанына бiр сағаттай болғанда президиумда отырған маған СОКП Орталық комитетiнiң хатшысы Г.П.Разумовский тез арада Чебриковпен хабарласуымды сұрады. Мен оған телефон соққанымда Қазақстан астанасындағы жағдайдың жалпыхалықтық толқуға ұласып бара жатқанын білдім. Бас хатшы Горбачевтан маған жедел арада Алматыға ұшу жөнiнде тапсырма болғандығын бiлдiм. Чебриковтың әңгiме ауанына қарап және Разумовскийдiң өзiн ұстауын зерделей отырып, мемлекет басшылығының оқиғаның алдын алып, күнiлгерi қам жасамағаны үшiн мемлекеттiк қауiпсiздiк қызметiне көңiлi толмайтынын да байқадым. Алматыға ұшып келгенше бiз осы жөнiнде әңгiме құрдық. Бiздiң топ жетекшiмiз СОКП Орталық комитетiнiң саяси бюро мүшесi М.С.Соломенцев менен студенттер толқуының алдын алуда КГБ-ның неге қырағылық танытпағанын сұраумен болды. Мен мәселенi келген бойда анықтауға уәде бердiм.
Бiздiң ұшып келуiмiздiң қарсаңында алаңдағы бассыздық басылған екен. Бiз оны өз көзiмiзбен көрдiк.
Қазақстан астанасының Брежнев атындағы Орталық алаңы адам естен танатындай астаң-кестеңi шығыпты. Алаң мен оған таяу маңдағы көшелерде бiрнеше көлiктiң жанып жатқанын, барлық жерлерде сынған әйнектердiң, ағаш және темiр белдеулердiң шашылып жатқанын көрдiк. Орталық комитеттiң ғимаратындағы жағдай да өте күрделi көрiндi. Колбиннiң жекелеген ескертпелерiнен орын алған жағдайға және Қонаевтың кадрларына бақылау жасамағаны үшiн барлық кiнәнi республика Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң басшысы Мирошниктен көретiнi сезiлiп қалды. Тiптi Мирошниктiң студенттердiң көтерiлiске шығуға дайындалып жатқандығы жөнiндегi хабарды Колбиннен саналы түрде жасырып қалғандығы туралы сезiк те туды.
Барлық жиналғандар студенттердiң толқуын Қонаев пен оның қолдау­шылары ұйымдастырып отыр деген ұйғарым жасалды. Соломенцев көпшi­лiктiң қатысуымен орын алған тәртiпсiздiктiң стихиялы түрде басталмағанын, сондықтан оны ұйымдастырушыларды табу қажеттiгiн талап еттi.
Бұл – бүлiншiлiк, демек оны жоспарлап, көтерiлiстi ұйымдастыру-шылардың штабы болуы тиiс және оған басшылық жасаушылар да бар, – дедi. Тiптi Қонаевтың жарының Мәскеуден ұшып шығар сапарыңда ұшақта отырып, күнілгері Қонаевтың қызметiнен алынуына қарсы наразылық акциясының болатыны жөнiнде айтқан сыбыс сөзi де шықты.
Әйтсе де, оқиға тұрпайы схема түрiнде орын алды. Қонаевты қызметiнен босатқаннан кейiн, Алматының бiрнеше жоғары оқу орындарының студенттерi ерсiлi-қарсылы кезiп кеткен. Ол (Қонаев – авт.) халық арасында аса беделдi болатын және шын мәнiсiнде республика үшiн аз қызмет еткен жоқ. Оған қаншалықты жемқорлық жөнiнде айып таққысы келсе де, одан ештеңе шықпады.
Мәскеуден келген комиссияның бiрiншi мiндетi – қалада қалыпты жағдай орнату болды. Оны тек халықтың өзi ғана орната алатын едi. Сондықтан, бiз көшеге халық жасақшыларын шығаруды ұсындық. Ал, Республика басшылығы барлық үмiттi әскерден күтiп бақты. Осыған байланысты өткiзiлген бiр мәжiлiсте округ әскерiнiң қолбасшысы, армия генералы В.Н.Лобовқа қарсы қысым көрсетiлгенде менiң оған ашық пiкiр бiлдiруiме тура келдi.
– Әскердi бұл iске араластыруға болмайды. Оның мiндетi объектiлердi қорғаумен ғана шектелуi қажет. Әскер халыққа қарсы шықпауы тиiс, – дедiм.
Бұл өте принциптi мәселе болатын. Республикада онсыз да ұлтшылдық сарыны өршiп, орыстарды ұрып-соғу ұраны белең алып тұрғанда ол өте қауiптi шара болатын.
Республика басшылығы қалаға әскер кiргiзуге шешiм қабылдағанда Алматыға КСРО қорғаныс министрiнiң орынбасары, армия генералы Лушев ұшып келдi. Әскери бөлiмдi бейбiт халыққа қарсы шығаруға да болмас едi. 17-желтоқсан күнi кешкiлiк және 18-желтоқсан күндерi қала көшелерiне негiзi орыс ұлтынан құралған жасақшыларды шығардық. Мұның өзi жағдайды күрделендiре түсiп, орыстардың қазақтарға қарсы шығуына әкелiп соқтырды. Айлалы тәсiлге көшуге тура келдi. Содан тәртiпсiздiк кезiнде қарулы күштердiң дайындығын көрсетуге бейiмдiгiн сынау үшiн оған әскердi араластыруға шешiм жасалды. Бiздiң топтың мәжiлiсi Орталық Комитеттiң ғимаратында емес, алаңда орналасқан штабта өткiзiлдi. Бiз әскердi iске араластырудың нақты уақытын ашық түрде шештiк (ескерту: автор бұл жерде әйгiлi «Метель» операциясы жөнiнде айтып отырған сияқты. Себебі, оған кезінде армия генералының жеке өзі басшылық еткен болатын. – авт.).
Барлық мәселелер бойынша қабылданған шешімді СОКП Орталық комитетiне – Разумовскийге мәлiмдедiк. Және одан Қонаевпен сөйлесiп, оның өзiнiң беделi арқылы Алматы халқынан тәртiпсiздiктi доғаруға шақыруға өтiнiш жасауын сұрадық. Кейiн бiзге бұл жөнiнде Горбачевтiң Қонаевпен сейлескенi туралы хабар жеттi. Бiз әскери операцияны сағат 18.00-ге белгiледiк. Кейiн ақылдаса келе, оны бiр сағатқа кейiнге шегердiк. Горбачев пен Қонаев арасындағы әңгiме осы уақытта өткiзiлдi. Арада бiр сағат та өте шықты. Бiз операцияны тағы жарты сағатқа шегердiк.
Бiздi таңқалдырғаны сол, осы жарты сағатта Орталық алаңды былай қойып, оған жақын орналасқан көшелердiң өзiнде шеруге шығушылардың бiрде-бiреуiн көре алмадық. Оларға тәртiпсiздiктi қойып, тез тарауға кiм бұйрық бердi? Осы сұраққа кезiнде ешкiм жауап бере алмады. Және оған ендi бiрде-бiр адамның жауап бермесi де анық.
Орын алған оқиғаны талқылаған Алматы партия ұйымы активiнiң көзқа­расы қызуқанды өттi. Алайда көпшiлiк шеруге шығушыларға қарсы күш көрсету құрылымдарын араластыру арқылы шешуге тоқтам жасап жатты.
Кейiн бұл бас көтерулердiң астарында Қазақстанның тәуелсiздiгi ұранының көрiнiс берiп жатқаңдығы, республиканың өз суверенитетiн талап етушiлер ерiк-жiгерi мен ұлттың сана-сезiмiнiң оянуы ашық бiлiнiп қалды. Мен оқиғаға қатысушы ретiнде, қазақ халқының жөн-жосықсыз ұлтшылдық мүддесiн көтерiп, талап-тiлек жасағанын көрген жоқпын және ондай талаптың болмағанына сенiм бiлдiремiн. (Байқайсыз ба, бұл қайраткер де, қазақ ұлтшылдығының болмағанын айтып отыр. авт) Халық тұрғын үй мәселесiн, азық-түлiкпен қамтамасыз ету жолдарын, жалпы, күнделiктi қажеттi мәселелер жөнiнде талап қойып жатты.
Алматыда орын алған оқиғаға баға берген Александр Николаевич Яковлевтiң (СОКП ОК хатшысы. авт.) мына сөзi әлi есiмде. Ол: «Қазақстанда орын алған оқиға – ол өткеннiң автоматтан атылған оғының кезегi» деген едi. Таңқаларлығы, сол автоматтың ұнғысынан атылған оқ – бүгiн туға айналып, ол сол күндерi Қазақстанның өз егемендiгiн жариялауына жол ашып бердi.
Бiр нәрсе айқын: Қазақстанда сол кезде орын алған оқиға – СОКП Орталық комитетi басшылығының ойланбастан жасаған iс-қимылынан туындаған саясаттың қорытындысы едi. Мәскеудiң Қазақстан Компартиясы Орталық комитетiн басқаруға мiндеттi түрде орыс ұлтының өкiлiн жiберуi ойластырылмаған iс болды. Бұл жерде Қонаевтың қайраткер ретiнде Брежневке өте жақындығына Горбачев және оның командасы тарапынан қызғаныш тудырғаны әсер еткен сияқты. Жалпы, қалай айтсақ та, Колбиннiң республика басшылығына тағайындалуы өте қате қадам болды және ол Қазақстан басшылығыңда келеңсiздiк ахуал қалыптастырып кеттi.
Р.S. Армия генералы Ф.Д.Бобков өз естелiгiнде ағынан жарылған. Әрине, оның оқиғаға нақты жауап бере отырып, кейбiр мәселелердi ашып айтуға батылы жетпегенi де аңғарылды. Әйтсе де, оның қазақ халқына қандай да бір кiнә артпай, Желтоқсан көтерiлiсiнiң Қазақстанның өз Тәуелсiздiгiн жариялауға жол ашып бергендiгiн мойындауы үлкен гуманистiгiн бiлдiредi.
Армия генералының бар айтпағы осы ма, қалай десек те, ол бір сырын жасырып қалды.
Біз Мәскеуде ол туралы ашық сөйлесе алмадық. Есесіне әңгімесінде Закаш ағамды іліп отырды. Кейін Алматыға оралғасын ол туралы Закаш ағама айтып бердім. Ағам кешегі бастығын сынай келе, оның ақшаға құнығып, олигархтар Абрамович пен Гусинскийге сатылғанын айтты.

Соломенцов

М.С. СОЛОМЕНЦЕВ, СОКП Орталық комитетінің хатшысы:

Саяси бюрода Д.А. Қонаевты қызметінен босату жөніндегі шешім Горбачевтің
қысым көрсетуімен қабылданды

Еуропа мен Азияның кіндігінде орналасқан Ресей ешқашан империялық мұраты мен амбициясынан бас тартқан емес. Ол барлық амал шарғысымен өз тәуелсіздігіне ұмтылған ұлттық Республикалардың жолын бөгеп, қажет болса, күш көрсетуге әскер де аттандырып тұрды. Оған идеологиялық жағынан жетекшілік жасауға Саяси бюроның мүшелерін жіберді.
1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде Алматыға барлық арнайы операцияларға басшылық етуге Саяси бюро бір кездері Қазақстанда партиялық қызмет атқарып, партия мүшесіне жат қылық жасағаны үшін Қазақстаннан қуылған Соломенцовті жіберді. Ол бір кездері Қарағанды облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған еді. Оның бұл жолғы келісі екінші және соңғы келуі болды. Партиялық функционер зейнетке шыққасын ақиқатты ақтығымен бірге өзімен бірге алып кетпеуді мақсат етіп, өмірінің соңында 1986 жылғы Желтоқсанның ызғарлы күндері туралы естелік жазып, біраз шындықтың бетін ашыпты.
Автор өзінің «Саяси бюроны тазарту немесе Горбачев қайта құрудың «жауларын» қалай тазартты?!» атты мемуарында Қазақстандағы Желтоқсан көтерілісі туралы айта отырып, сол тұстағы Бас хатшының кадр таңдау саясатында саяси ірі қателіктерге бой алдырғанын жазып, бұрынғы партиялық бастығынан ашуын алыпты. Біз мемуардың Желтоқсан көтерілісіне қатысты тарауын сол күйінде аударып беруді жөн көрдік.
М.С.Горбачев өз қызметіне кірісімен сол сәтінде Г.В.Романовты Саяси Бюро мүшелігінен босатып жіберді. 1986 жылдың басында Горбачев пен Яковлев ақылдаса отырып, СОКП Орталық комитетінің ХХVІІ съезінде Орталық комитеттің, Саяси бюро мен Хатшылық құрамын толық өзгертіп, олардың орнына өздерінің сенімді адамдарын ендірді. Одан кейін, іле-шала министрлерді, Орталық комитеттің бөлім меңгерушілерін, облыстық партия комитеттерінің хатшыларын, атқару комитетінің төрағаларын жаппай өзгерту компаниясын құрып, оны жедел қарқынмен жүргізілді.
Үш жыл ішінде Орталық комитет құрамының 85 пайызы жаңартылып, ол 1934-1939 жылдардағы 77 пайыз көрсеткіштен бірнеше есе асып кетті. 1988 жылы өткен ХІХ партия конференциясы кадрларды алмастырудың апофеозасы болды. Оның қорытындысы бойынша Саяси бюро мен СОКП Орталық комитетінің құрамынан А.А. Громыко мен В.И.Долгих шығарылды. Бұл жағдай менің де басымнан айналып өтпеді.
Горбачевтің кадрларды ақыл-ессіз сапырылыстыруы еліміздің партия және кеңес үкіметі басшылығын әлсіретіп қана қоймай, ол азаматтардың қайғылы қазаға ұшырауына да апарып соқтырды. Мен өзім жеке куә болған бір жағдайды ғана айтсам деймін. 1986 жылы 11-желтоқсанда Қазақстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы Д.А.Қонаевты зейнетке шығарып салуға шешім қабылдаған Саяси бюроның мәжілісі өтті. Бұл шешім Горбачевтің қысым көрсетуімен қабылданды.
Мен Д.А.Қонаевты Қазақстанда қызмет істеген кезімнен жақсы білетінмін. Ол еліміз бен партия мүддесіне адал, тәжірибелі және өз ісін терең білетін принципшіл қызметкер болатын. Еңбек жолын соғыс жылдарының алдында Балхаш құрылысында бастаған ол кен байыту өндірісінде қатардағы машинистен бас инженерлікке дейінгі қызмет жолдарынан өтті. Қонаев кәсіби шеберлігі жоғары өндіріс-басшысы бола білді. 1939 жылы Д.А.Қонаев Риддер кен өнеркәсібінің директоры болып тағайындалып, аз ғана уақыт аралығында өнім қуатын арттыру арқылы оны артта қалған өндірістен алдыңғы қатардағы өнеркәсіпке айналдырды.
1942 жылы сәуір айында Қонаев Республика халықшаруашылығы Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. 1949 жылы ақпан айының соңында өткен Қазақстан коммунистерінің VІ съезінде ол Орталық комитеттің мүшесі болып сайланды. 1955 жылғы наурызда Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Осы уақыт аралығында Түсті металлургия, Құрылыс-монтаж жұмыстары, Геология, Энергетика т.б. министрліктері құрылды.
1959 жылғы Теміртау оқиғасынан кейін Д.А.Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Алайда, 1962 жылы Н.С. Хрущевпен болған арадағы бірнеше келіспеушіліктен кейін Қонаев атқарып жүрген қызметінен босатылып, қайтадан Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. Хрущевтің отставкісінен соң, Орталық комитеттің Пленумы И.А.Юсуповты бірінші хатшылықтан босатып, оның орнына Қазақстанның партия лидері болып екінші рет бірауыздан Д.А.Қонаев сайланды.
Д.А.Қонаев 20 жылдан астам СОКП Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, 25 жыл Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Ол үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, 8 рет Ленин орденімен марапатталды.
Саяси бюроның Д.А.Қонаевты зейнетке жіберу жөніндегі шешімі шыққаннан соң, 1986 жылы 16-желтоқсанда Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Пленумы өтіп, онда Г.В.Колбин Бірінші хатшы болып сайланды. Бұл шешім республика тарапынан қолдау таппады және ол Сталин кезеңінен қалыптасқан ұлттық коммунистік партиялардың Бірінші хатшылары сол халықтың өкілінен сайлануы тиіс деген қағиданы бұзу арқылды жүргізілді.
Г.В.Колбиннің тағайындалуы Алматыда жалпыхалықтық толқуларға апарып соқтырды. Толқуды Қонаевты халық алдына шығарып, оған сөз беру арқылы ғана шешудің мүмкіндігі бар еді. Бұл мәселенің шешімін табу үшін Д.А.Қонаев 17-желтоқсан күні сағат таңғы 11-де Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне келді. Ол Бірінші хатшының қабылдау бөлмесінде 2 сағат отырады, сағат 13-те Колбин оған өзінің бос екендігін және демалуға бара беруге болатынын айтып, қалыптасқан жағдайды оның көмегінсіз-ақ шеше алатындығын мәлімдейді.
Кейін толқу бүкіл қаланы шарпып кетті. Халықтың бір тобыры телеорталықтың жанына жиналды. Күзетшілерге қолдарында темір белдіктері бар адамдар келіп, оларға (олардың бәрі орыстар болатын) өз алдарында тізерлеп тұруларын талап етеді. Сол жерде төбелес туындап, бір күзетші қаза табады. Ол 28 жастағы жас жігіт болатын, соңында әйелі екі баласы қалды. Тағы да бірнеше адам өлім қапты. Көптеген дүкендер мен мекемелер талапайға түсті. Олар жүк көліктерін тартып алып, туларымен Алматының барлық көшелерін адақтап шықты.
Маған Горбачев телефон шалып, комиссияның басшысы ретінде төтенше оқиғаны зерттеу үшін тезарада Алматыға ұшуымды сұрады. Біз ұшып келгенімізде, экстремистер шешуші қарсылыққа дайындалып жатыр екен. Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің төрағасы барлық аулаларда қарулану жүріп жатқанын оған белгісіз бағыттан көліктер тартылып жатқанын мәлімдеді.
Жедел жағдайда ауладан шығар барлық қақпаларды жабу жөнінде шешім қабылданып, оларды келесі күннің түн ортасына дейін қатаң бақылауда ұстадық. Сағат 12-ге Республикалық партия-шаруашылық басшыларының жиналысын өткізуді белгіледік. Екі жарым мың адамға есептелген зал жиналғандарға толы болды. Кейбіреулер өткелек жолдарға да отыруға мәжбүр болды. Мен жиналғандар алдында сөз сөйлеп, орын алған оқиғаға өз бағамды бердім. Кез келген жағдайдан бейбіт түрде шығатын жол іздеуге болатынын айттым.
Жиналыс қортындысы бойынша оған қатысушылар өз облыстары, аудандары, кәсіпорындары мен ұйымдары үшін жеке жауапкершілікте болатындығы туралы ұйғарым жасалды.
Назарбаевқа Министрлер Кеңесін жинауды тапсырып, оның мәжілісіне өзімнің қатынасатынымды айтып, келісімге келдік. Министрлер Кеңесі жалпы қалыпты жағдайда өтті. Жергілікті басшылар барлық кінәні жастарға артты. Мен оған келіспедім. «Кәне, қазір базарға барайық та, мұны кімдердің істегенін сұрайық. Халық бәрін біледі» – дедім.
Орасан зор бай базардың, барлық жері халыққа толы болды.
– Михаил Сергеевич, сәлеметсіз бе! – дейді әр жерден.
– Мен олардан мені қайдан білесіздер? – деп сұраймын.
– Сіз бізде Алматыда да, Қарағандыда да жұмыс істедіңіз.
– Олай болса, сіздер мұнда жастарды неге бет-бетімен жібергенсіздер, неге олар көтеріліп жатыр? – деп сұрадым.
– Михаил Сергеевич, бұған сенбеңіз. Нақақтан-нақақ оны жастарға босқа жаппасын. Мұның бәрін бастықтар ойлап шығарған. Олар өздерімен-өздері тақты қалай бөлісерін білмей әлектеніп жатыр. Осылайша біз бүкіл базарды аралап шықтық, сапырылысқан адамдар біздің ізімізден еріп жүрді. Қауіпсіздік қызметкерлері де не істерін білмей, абдырап жүр. Мен оларды өзімше сабырға шақырдым. Мені ешкім де өлтірмейді деймін.
Үлкен дүкенге де кіріп көрдім, соңымнан иінтірескен халық еріп қалар емес. Одан шығу да қиын болды. Дүкеннің бір қанатында тұрып, халықпен сөйлестім. Өзімнің осында – Алматыда, Қарағандыда бес жыл қызмет істегенімді айттым. Қазақтар мен орыстардың арасында барлық кезде де жақсы қарым-қатынас болғанын үлгі еттім.
– Сіздерден қатты өтінемін дей келе, тәртіпсіздікке қатынаспаңыздар, оған араласуға туыстарыңызға да, достарыңыз бен таныстарыңызға да жол бермеңіздер, – дедім. Одан кейін Ғылым академиясында, университетте, институтта кездесулер өткіздік.
Мәскеумен, Горбачевпен тұрақты байланыста болдым. Ол маған жағдай тұрақтанғанша дейін Қазақстанда бола тұруды тапсырды. Әрине, жағдайдың туындауына не әсер еткенін де сұрады. Мен оған: «Бұл ұлтшылдық. Колбинді алып кету керек» деп жауап бердім.
Араға уақыт салып, Мәскеуге, Назарбаев телефон шалып, өзінің Алматыда орын алған оқиғаға орай жазған менің хатымды оқығанын айтып, ондағы ең басты мәселенің ұлтшылдық екенін айтқаныма өзінің келіспейтіндігін білдірді.
– Мен оған «Сіздің менімен бірге Алматы базарына бармағаныңыз өкінішті-ақ», – деп жауап беруіме тура келді. Онда қарапайым адамдар орасан көп жиналып, бір ауыздан бұл көтерілістің Бірінші хатшының орыс сайлануына қарсы бастықтардың ойдан шығарған айласы деген болатын…
Бұл оқиғаны қалай бағалауға болады? Колбинді тағайындау – бұл Горбачевтің өрескел қатесі еді немесе алдын-ала ойластырылған бүліншілік тудыру әрекеті болатын. Айрықша айтып өтуіміз керек, Алматыда орын алған толқудан соң, Д.А.Қонаевтың айналасындағы жақын қызметкерлердің бәрі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олар – оның көмекшісі Д.Б.Бекежанов, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Іс басқарушысы А.Г.Статенин, Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің шаруашылық басқармасының бастығы А.В.Лысый, арнайы дивизион бастығы М.И.Акуевтар еді. Сондай-ақ, Бірінші хатшының келесі бір көмекшісі В.В.Владимиров, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетінің жеке күзет бастығы А.И.Горяйнов партия қатарынан шығарылды.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып Н.А.Назарбаев сайланды.
Қазір ойлап қарасам, Қазақстанда орын алған тәртіпсіздіктің басты салдары тіпті де ұлтшылдық емес еді, дегенмен, оның да орны бар десек те, ең бастысы – интриганың белең алуы болатын. Ал оның жібінің бір ұшы Алматыда ғана емес, Мәскеуде жатқан еді. Ал ұлтшылдық дегеніміз – КСРО-ны құрту ісіндегі алмастырғыш карта және кеңестік күшке қарсы қолданыстағы қару болды»…
Р.S. Желтоқсан оқиғасында орталықтың эмиссары болған Соломенцев не болса да, ашығын айтып, Желтоқсан көтерілісінің ұлтшылдық емес екендігін мойындапты. Әйтсе де, оның қазақ халқы туралы сол кездегі кездесулерде айтқан ұшқары сөзін ақтай алмаймыз. Ақиқат біреу. Ол – күні кеше ғана өзі Құдайдай сеніп, табынып келген өз партроны туралы аяусыз жеккөрушілікпен айтқан сөзі болып отыр. Мұндай сөзді айтып, жазып отырған ол жалғыз адам емес. Біздің қолымызда сол кездері Горбачевпен бірге бір тудың астында қызмет еткен СОКП ОК хатшысы Егор Лигачевтің «Кто предал СССР», СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі Виктор Гришиннің «Катастрофа от Хрущева до Горбачева», СОКП мүшесі, саяси қайраткер Валерий Легостаевтың «Как Горбачев прорвался во власть», жазушы Борис Олейниктің «Неизвестный Горбачев князь тьмы», жазушы Федор Раззаковтың «Коррупция в Политбюро», академик Георгий Арбатовтың «Ястребы и голуби холодной войны», тарихшы Игорь Фрояновтың «Россия погружение в бездну», армия генералы Фелипп Бобковтың «Как готовили предателей», Гейдар Әлиевтің және Мәскеу қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Юрий Прокофьевтің «Как убивали партию» деген мемуарлары бар. Олардың бәрінде Горбачевтің сатқындығы мен Қазақстанға Колбиннің жіберілгенінің қателік болғанын мойындау тактысы көрініс тапқан.

Ақиқат сыры

Бас хатшыға Қазақстанға Колбиннің жіберілуіне қарсылық білдірген адамдардың бірі – КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Гейдар Әлиев болатын.
Ақиқатты қадірлемеген қоғамның өмірі ұзаққа бармайды. Демек, ақиқатты айту керек. Сондай ақиқатты СОКП ОК Саяси Бюро мүшесі Гейдар Әлиев айтамын деп қызметінен де қуылған сияқты. Сол бір күндері бірқатар республикаларда, соның ішінде Қазақстанда да асығыс тағайындаулардың салдарынан кейбір жерлерде ұлттық қатынастар шиеленісіп кетті. Оларды байқаса да, кейбір бюро мүшелері үнсіз қалды. Сол үнсіздікті бірінші болып, Гейдар Әлиев бұзды. Ол КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының басшылығынан жалғыз адам болды. Гейдар Әлиев 1986 жылғы Алма-Ата оқиғасынан соң, Горбачевті асығыс шешім қабылдамауға көндіруге тырысқан. Ол Қазақстан басшылығынан зейнеткерлікке шыққан Д.Қонаевтың орнына «импорттық» басшыны қоюға болмайтынын, оның орнынан жергілікті тұлғаны ұсыну қажеттігін алға тартты. Алайда ол оған құлақ аспады. Қалыптасқан жағдай халықтың ашу-ызасын тудырып, ашулы халық алаңдарға, көшелерге шығып, соңы қанды қақтығысқа ұласты.
Кейінірек ол ұлттық саясаттағы, атап айтқанда, Закавказьедегі жанжалдарға қатысты Кремль басшылығын белсенді сынай бастады. Және ол Қарабақ дағдарысы тұтануына алып келді. Кейін Саяси Бюро мәселені қарай келе өз істеріне сын айтқан Гейдар Әлиевті өз құрамдарынан шығаруға мәжбүр болды. Оның Саяси Бюродан шығарылуына оның күшті оппоненті Лигачевтің ықпалы болды.
Саяси Бюрода Колбин мәселесі шешіліп жатқанда Бюро мүшелерінің бәрі үнсіз қалған. Кездесуден кейін Әлиев Горбачевқа барады. Бұл әңгімені Гейдар Әлиұлының өзі былайша еске алады:
–Михаил Сергеевич, білесіз бе, мен ол жерде ешнәрсе айтқым келмеді, өйткені ол жерде сөз сөйлеуіме тиісті жағдай болмады. Бірақ айтайын дегенім, мен адамдардың ұлттық психологиясын жақсы білемін. Сіз қателесіп жатырсыз. Колбин жақсы адам. Ол бар болғаны жақсы бірінші хатшы бола алады. Ол Ульяновск облысының бірінші хатшысы болған, әрине, алаяқтықпен айналысса да жақсы жұмыс істеген көрінді. Мұны бәрі біледі. Айтайын дегенім, оны Ресейдегі ең үлкен партия ұйымына тағайындауға болады. Ол жұмыс істейді. Ал Қазақстан үшін Колбин жарамайды. Сіз қателесіп жатқаныңызды біліңіз. Горбачев осы сөзден кейін маған ызамен, ашумен қарап: «Жарайды, көрейік» деді. Сондықтан мен өз міндетімді орындадым, депті.
Міне, Гейдар Әлиев Саяси Бюро «асханасында» орын алған жағдайдың бар ақиқатын осылайша ашып айтқан. Бір нәрсе ақиқат. Кейін Гейдар Әлиев тағы бір ақиқаттың сырын ашты. Бірақ біз оны зерттеп, сұраған да жоқпыз. Гейдар Әлиев Алматыға келген бір сапарында: «Мен Алматыда орын алған Желтоқсан оқиғасының салдарын бір кісідей білетін адаммын. Бірақ қазақ жолдастар, менен ол туралы бірде-бір рет сұраған жоқ» деген болатын. Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.

Күнделік сөйлейді…

Саяси Бюродағы қақтығыс мұнымен шектелмеген. Әр нәрсенің өз уақыты бар, сұлулықтың өзі үнемі қадірлі бола бермеген. Парасат та кейде өзіне ұқсамайды. Әр уақыттың өз күні бар. Біреу оған шыдас береді, енді бірі күн ілгері жарылады. Сол бір күндері СОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Орталық Комитет хатшысы В. И Воротников күнделік жүргізіпті. Оның да Бас хатшымен көзқарастары үнемі үйлесе бермеген. Сол күндері Саяси Бюродағы қақтығыс пікір қайшылығында екіге жарылған. Оның шет-жағасын жоғарыдағы естеліктерден көрдік. Ал енді Воротниковтың күнделік беттерінен Қазақстан басшысына қатысты тұстарына назар салып көрдік.
– 11 желтоқсан. 1986 жылы 11 желтоқсанда СОКП Орталық Комитетінің Саяси бюросында Бас хатшы М. С. Горбачев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың мәлімдемесі бойынша хабарлама жасады. Ол жасының ұлғаюына және денсаулық жағдайына байланысты өзін қызметтен босатуды сұрап отыр, дей келе Михаил Сергеевич, Қонаевпен арада болған әңгіме туралы айтып берді. Ол (Қонаев) Н.Ә. Назарбаевқа теріс сипаттама беріп, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы етіп орыс ұлты өкілін сайлау қажет деп есептейді. Горбачевтің ұсынысы бойынша отставка қанағаттандырылып, Қазақстан КП ОК пленумына Г.В. Колбинді ұсыныс енгізілді ( Ол Свердловскіде, Грузияда жұмыс істеген, қазір Ульяновск облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы).
17 желтоқсан. Маған М. С. Горбачев қоңырау шалды. Қазақстандағы Пленум тыныш өткенін айтты. КП ОК бірінші хатшысы болып Г. В. Колбин сайланды. Жағдай қалыпты. Ол өзінің Саяси Бюро мүшелеріне жіберген мақаласы туралы менің пікірімді сұрады, ол 19-да жарияланады. Мен өзімнің ескертулерімді жібергенімді айттым: «Менің ойымша, жағымды сәттер қамтылған. Бұл дұрыс. Бұрынғы кемшіліктерді бағалауға тағы бір назар аудару қажет сияқты: объективті тұрғыдан қарасақ, жақсы нәрсе жақсы, ал жаман нәрсені жаман болды деп айту керек. Өткенді жамандау – күнә. Ағымдағы істер туралы бөлімді аздап қысқартса болар еді». Ол үндемей тұрды да, жәй «жарайды» дей салды. Сонымен қош айтысты.
18 желтоқсан. Орталық Комитеттің кезекті Саяси Бюросы. Отырыс басталғанға дейінгі Орехова залы. Горбачев 18 желтоқсанға қараған түнгі Алматыда орын алған оқиға туралы жергілікті жерден түскен ақпараттар бойынша мәлімет жасады.
«Алаңда сапырылысқан халық, олардың арасында жастар көп. Қазақстан КП ОК Пленумының Г.В. Колбинді сайлау туралы шешімімен келіспеушілік бар. Бұзақылық әрекеттер. Студент жастар тарапынан орыстарға қатысты таза ұлтшылдық көріністерінің арандату әрекеттері басым. Бұған қарсы жауап шаралары – тек алаңды қоршауға алу. Шерушілердің жалпы саны шамамен 2,5 мың адам. Қарсыласулар орын алған. Зардап шеккендер бар, олардың ішінде Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері де бар. Көліктер мен дүкендерді өртеу орын алған.
Түнде Алматыда 700 адамнан тұратын актив жиналған, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындарда да осындай жиындар өткізілген. Олар халықты теріс көріністерге қарсы тұрып, жағдайды тұрақтандыруға шақырған. Республиканың басқа аймақтарында салыстырмалы түрде тыныштық сақталып отыр. Қазір қарсылық әрекетін кімнің басқарып отырғаны анықталуда, олар негізінен зиялы қауым арасынан, облыстық комитет, теледидар қызметкерлерінен, жоғары оқу орындарының оқытушылары арасынан іздестірілуде.
Қонаевтың өзі республикада бірінші хатшы лауазымына лайықты кандидат жоқ деп есептейді. Бірақ, тексерілмеген ақпараттар бойынша, бастамашылар – оның айналасынан шығып отыр, деушілер бар. Димаш Ахметұлымен сөйлескенімде, ол бастаманың иесінің – Министрлер Кеңесінің төрағасы Назарбаев екеніне (Горбачев оған сенбейтінін білдірді) емеурін танытады, оған дәлел ретінде оның билікке ұмтылысымен түсіндіреді.
Бүгін, 18 желтоқсан, алаң қоршалды. Бірақ шамамен бір жарым мың адам әлі де бар. Қаланың басқа аудандарында да шамамен 5 мың тобыр жиналған. Олар сенбі және жексенбі күндері жаппай шеруге шығу идеясын ұстануда. Саяси Бюро мүшелерімен пікір алмасқаннан кейін мәжіліс залына кірдік. Горбачев мәселенің мәнін қысқаша сипаттап берді. Осыдан кейін сөзін жалғастырып:
«Жанжалды оқшаулау қажет. Қатаң шараларды қолданбау аса маңызды. Бірақ ІІМ-не (Власовқа) дегенмен қосымша күштерді тартуды тапсыру керек. Қонаев көңілсіз, бастамасыз қалып отыр. Ең бастысы, теріс ұлтшылдық көріністерді қазақ халқымен теңестіріп, байланыстырмау керек. Баспасөзге нақты объективті ақпарат дайындау қажет». Осыдан соң Саяси Бюро атынан Алматыға Соломенцев, Власов және Лушевты жіберу туралы шешім қабылданды.
Кешке Горбачев селекторлық байланыс арқылы маған және Саяси Бюроның басқа да мүшелеріне қоңырау шалды. Ол өз сөзінде «Колбинмен сөйлестім. Жағдай жақсарған. Қонаевпен де әңгімелестім оған жауапкершілік туралы ескерттім, оқиғаның барысына араласуды сұрадым. Менің ойымша, ол көмектеседі». Баспасөзге беру үшін хабарлама мәтінін оқыды. Онымен келістім.
1987 жылы 25-26 маусымда СОКП Орталық Комитетінің Пленумы өтіп негізгі екі мәселе: «Қайта құру кезеңінде экономиканы басқарудағы партияның міндеттері» және «Бүкілодақтық ХІХ-шы партия конференция­сын шақыру» туралы мәселе қаралды. Үшінші мәселе ретінде ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Горбачев Лигачевке сөз береді, ол Саяси Бюроның атынан Д.А. Қонаев туралы мәселені қарауға енгізді. Ол былай деді: «Қазақстанның бұрынғы басшылығының қызметінде партиялық қағидаларды бұзуға жол берілді. Протекционизм мен жерлестік өршіп, ол өз кезегінде парақорлыққа, көзалдаушылыққа апарып соқтырды. Облыстық комитеттердің бірінші үш хатшысы және облыстық атқару комитеттерінің үш төрағасы, аудандық комитеттің 41 хатшысы және басқа да жауапты қызметкерлер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. 1986 жылы желтоқсанда Алматыда ұлтшылдық көріністер негізінде тәртіпсіздіктер орын алды».
Орталық Комитеттің Саяси Бюросының атынан Лигачев Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы болған кезінде басшылықтағы елеулі кемшіліктері үшін Д.А. Қонаевты Орталық Комитеттің құрамынан шығару жөнінде ұсыныс енгізді.
Соңынан Қонаев сөз алып: «Мен Орталық Комитеттің қабылдайтын шешімімен келісемін. Мен Орталық Комитет пен Совминде 42 жыл жұмыс істедім. XIX съезден бастап, партияның барлық съездерінің делегаты болдым. Партия маған жауапты лауазымдарды жүктеді. Республикада идеологиялық қателіктер жіберілді, мен оны түзедім. Мен ұлтшыл да, шовинист те емеспін» деді.
Одан әрі Қонаев 1986 жылғы желтоқсанда Алматыда орын алған оқиғалар жөнінде өз түсініктемесін білдірді. Назарбаевты сынады. Ол өзінің атқарған жұмыстары туралы айта келіп, республиканы экономикалық және әлеуметтік тұрғыда дамытудағы, халықты интернациональдық рухта тәрбиелеу жолындағы атқарған жұмыстарын баяндап берді. Өз сөзін: «Міне, бұл нағыз арандатушылық. Асықпаңыздар, оны анықтап алыңыздар. Өйткені онда билік үшін күрес болды. Оқиғаның түпкі төркіні – осында жатыр. Тексеріңдер» деді.
Бұдан кейін: Молдабаев (қате берілген, негізі, Меңдібаев. авт) – Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, Комелетдинов (қате берілген, негізі – Камалединов) – Қазақстан КП ОК хатшысы, Назарбаев – Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы сөз сөйледі. Олар кадр саясатындағы өрескел заң бұзушылықтар мен ру-тайпалық тәжірибедегі көсемдік туралы жіберілген қателіктер жөнінде айтты. Парақорлық пен сыбайлас жемқорлық фактілері туралы да айтылды. Қол жеткен жетістіктер мен мадақтау туралы да әңгіме болды.
Соңғы сөзді Горбачев қорытты: «Д. А. Қонаевтың жұмысы туралы мәселе XXVII съезге дейін көтерілген болатын. Бұл туралы онымен әңгіме де болды. Съезден кейін Қонаевты босатуға шешімге келгенбіз. Алайда Орталық Комитет мүшелерінен оны босатуды талап еткен хаттар түсе бастады. Осыдан соң ол жылдың соңында кететінін білдірді. Біз осылай жасауға шешімге келдік. Ол үстінен не жазылса да, қандай сұрақ көтерілсе де бәрін жоққа шығарды. Осыдан соң, оқиғаның қалай өрбігенін өздеріңіз білесіздер». Дауысқа салынды. Д. А. Қонаев Орталық Комитет құрамынан шығарылды.
PS: Ұлы адамдардың қателіктерін аспан шырақтарының тұтылуы сияқты бәрі байқайды. Өз қателіктеріңді досыңа да ашпа және мүмкін болса оларды өзің де білме. Мұнда көбірек ұмыту сияқты күнделікті тұрмыс ережесі де жарайды. Бұл жерде осы тәртіп бұзылған. Әдетте, сақ адам өзінің көрген жәбірлері мен жіберген кемшіліктерін айтпайды, бірақ достарын сақтап, жауларын тежеп отыру үшін құлаққа жағымды сөздерді айтуды ұмытпайды. Бұл жолы кім жаңылды, оны енді өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

* * *

Орталықтан келген эмиссарлардың бірі кетерінде Колбинге ерекше тапсырмалар берген сыңайлы. Оның бірі – қарамағындағылардың мысын басу ойыны. Бұл – құпия сөздердің бірі. Бұл жерде қулық жүрмейді. Оған өз еркінен тыс барлығы бағынады, тіпті мұны олар сезбей де қалады, сөйтіп табиғи әміршінің құпия күшін мойындайды. Әмір беру дарынын иеленген олар қасиеті жағынан «корольдер», туу құқы жағынан «арыстандар». Өзгелерді өзіне тағзым еткізуге келгенде қалғандарының жүрегін баурап алады. Жаңа сайланған хатшы осы дөрекі мінезін көрсетіп баққан. Күн сайын өз бөлмесіне ОК хатшылары мен бөлім меңгерушілерін жеке шақырып, оларды Д. Қонаевқа қарсы айдап салып отырған. Айтқанына көнбесе, бірге жұмыс ітей алмайтынын білдірген. Олардың арасында хатшының айтқанына көнбегендер де болған. Ал көнгендері жұмыстарын жалғастыра беруге мүмкіндік алып отырған. Бірінші хатшының айтқанына көнбеген қайраткерлер қызметтерінен қоштасып отырған. Сөзіміз дәлелді болу үшін олардың бірнешеуінің сөзіне құлақ түріп көрейік:

Александр РЫБНИКОВ,
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, бюро мүшесі:

Мұндай сәтте ар-ұят пен жұмыстың біреуін құрбан етуге тура келеді

… Бәрі 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін басталды. Колбиннің бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері алдында сөйлеген сөзінен соң, оның Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушылардың қатарында А.Г.Статенинді, М.Акуевті, Д.А.Қонаевтың өзін ауызға алуы оларды қаралауға жол ашып берді. Кейін бұл айып Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Пленумында да айтылды.
Бұл лас іске Мәскеу қатты араласты. Тіпті ол ерекше шектен шығып кетті. Арандату, адамдар арасына от жағу әрекеттері мақсатты жүргізілді. Біреулер бірінің үстінен бірі кінәраттар іздеп, әуре-сәрсеңге түсті. Маған, ауылшаруашылығы саласына жауапты хатшы ретінде Колбиннің Республикамыздың Отанымызға Қазақстандық миллиардтаған пұт астық беруі шындыққа жанаспайды, ол көрсеткіштер қолдан жасалған, ондай астықтың тапсырылуы өтірік, бәрі қосып жазумен болған құр мақтан дегені жүрегіме үлкен салмақ түсірді. Осының бәріне ол Д.А.Қонаевты кінәлады. Әрине, ол арсыздықпен айтылған жала болатын.
1986жылы Республикамыз мемлекеттік ресурсқа миллиард пұт астық тапсырды. Барлық жиналған астықтың әр килограмы есепке алынып, сақтау қорына тапсырылған-ды.
Осы жылы Мәскеудің нұсқауы бойынша Республикамыздың астық өнімдері өнеркәсіп орындары РСФСР-ге – 312258 мың тонна, Украинаға – 335 мың тонна, Белоруссиға – 305,2 мың тонна, Өзбекстанға – 3337,8 мың тонна, Тәжікстанға – 913,9 мың тонна астық жөнелтті. Сондай-ақ, Молдоваға, Эстонияға, Латвия, Литва, Әзірбайжан, Арменияға, Грузияға да көп көлемде астық берілді. 122 мын тонна астық экспортқа шығарылды. Мұның өзі 10 миллион тоннадан жоғары еді. Демек, Одақтас республикаларда пісірілген әрбір бөлке нанның құрамында қазақстандық бидайдың болғандығын айта аламын.
Мұнан басқа 6 миллион тонна астық республикамыздың ішкі қажеттілігіне жұмсалды. Оның ішінде: 3 миллион тонна – халықтың ішіп- жеміне, 2 миллион тонна – жем қорына босатылды. Содай-ақ, 600 мың тонна астық резервтік корға, 800 мың тонна сақтандыру қорына тапсырылды.
Сөйте тұра Колбин тырнақ астынан кір іздеп, тіміскілеу әрекеттерін жүргізе берді. Оған бір нәрседен ілік табу қажет болды. Алайда, ол қанша тер төксе де ешнәрсе таба алмады.
Таңқалмауға да болмас, дегенмен, күні кеше республика басшысы болған Д.А.Қонаевтың алдында «тізесі бүгіліп» иіліп жүрген кейбір жекелеген облыстық партия комитетінің бірінші хатшылары мен республикалық 8 ведомство жетекшілерінің осынау сәтте денесін тік ұстап, кешегі өздерінің басшыларының алдында дауыстарын көтеріп, ар-ұяттарын тәрк еткенін көріп, өзімді қайда қоярымды білмедім. Әрине, бұл іске Колбин өзі бас болып, Димаш Ахметұлының кешегі қызметтес достарын көптеп тартқанын да білемін.
Ол былай басталған еді. Бірде Колбин мені өзіне шақырып: – Біз Сіздің Қонаевтың жақын досы екеніңізді білеміз. Мен Сізден Д.А.Қонаевтың ауылшаруашылығына басшылық жасау стиліндегі жағымсыз іс-әрекеттері туралы Пленумда сөз сөйлеп, оны Орталық Комитет басшыларына айтып беруіңізді сұраймын, – деді. Мен салған жерден өзімнің былай сөйлей алмайтынымды, ол кісі туралы өте жоғары пікірде екенімді айтып, кабинетінен шығып кеттім.
Колбинмен болған әңгімеден соң, араға 30 минут салып, маған Орталық Комитеттің Жалпы бөлімінің меңгерушісі Борис Андреевич Демин келіп: – Маған Орталық комитетте Сізден басқа ақылдасатын адам қалмады. Әлгінде ғана Колбин мені өзіне шақырып алып, Пленумда Димаш Ахметұлының адресіне қарай сыни көзқараста сөйлеуім қажеттігін тапсырды. Не істеуім қажет? Мұндайда не дерсің, мені де шақырып, осындай тапсырма бергенін, бірақ оған өзімнің қарсылық білдіргенімді айттым.
– Егер оның тапсырмасын орындамасам, мені жұмыстан қуып жібереді ғой, – деді Демин.
– Борис Андреевич, – дедім мен оған, – өзің біл, мұндай сәтте ар-ұят пен жұмыстың біреуін құрбан етуге тура келеді, демек, өзіңнің қарсылығынды білдір.
Араға біршама уақыт салып, ол атқарып жүрген қызметінен босатылды.
1987жылы 27-шілдеде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің IX Пленумында мен де Орталық Комитеттің хатшысы және Бюро мүшесі кызметінен босатылдым. Димаш Ахметұлы сатқындықты өте жек көретін, бірақ дәл сол қиын кезде сатқындар өздерін-өздері әшкере етіп алды…

В.Н.ЛОБОВ, Орта Азия әскери округының қолбасшысы, армия генералы:

«Ауғанстан мен Қытай шекарасында жағдай бір қалыпты…»

Әлемнің бірде-бір елінде армия КСРО-дағыдай саяси катаклизмнің құрбаны болып, орынсыз айыптаулардың соққысында қалып көрмепті. Ең қиын деген кезеңнің өзінде бірде-бір Бас қолбасшы өз армиясын қоғам алдында тәрк етіп, беделін түсірмеген. КСРО-ның ең алғашқы және ең соңғы президенті М.Горбачев Жоғарғы Бас қолбасшы бола тұрып: «… 1989 жылғы Тбилисидегі төңкерісте де, 1990 жылғы Бакудегі қанды окиғада да, 1991 жылғы Вильнюстегі әскери іс-қимылда да армияның не істеп, не қойғанын бақылай алмай қалдым, олардың кімнің бұйрығын орындағандарын да білмеймін» – деуі өзіне сеніп тапсырылған аса маңызды стратегиялық құрылымға немқұрайлықпен қарағандығынан болды емес пе екен? Қолында ядролық қару тетігі бар, шабадан иесі неге мұншалықты жауапсыз болды? Әрине, бұл жерде көздеген үлкен саяси ойындар болған сияқты.
Не керек, М. Горбачев 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде де оған көз жұмып қалды.
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі кезінде Орта Азия әскери округының қолбасшысы, армия генералы Владимир Лобов орталықтан 170 шақырым қашықтықта орналасқан әскери гарнизонда болады. Ол тұста әскери округ құрамына Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикаларында орналасқан әскери құрамалар кіретін. Оқиға енді өріс ала бастағанда әскери округ қолбасшысы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы, Г.Колбиннің өтініші бойынша Алматыға шақырылады. Әрине, округ қолбасшысы Бас қолбасшыға яғни Мәскеуге ғана бағынатын. Екі аралықтағы 170 шакырымды сағатына 120 жылдамдықпен 1 сағат 20 минутта жүріп өткен қолбасшы қалаға келгенінде шаһар тас қараңғы құшағында екен. Бұрын Д.Қонаевтың кезінде өзі бірнеше рет болған бірінші хатшының бөлмесінде округ қолбасшысын орталықтан келген эмиссарлар бірден ортаға алып, қысым жасайды. Олардың біреуі салған жерден қолбасшыдан алаңдағы тәртіпсіздікті жаншып басу үшін әскерді тез арада көтеруді талап етеді. Бұл талапты Колбин де құптай түседі. Мәселені бұдан әрі ушықтырмауды түсінген генерал Лобов орын алған дағдарысты жағдайға әскерді араластырмауды жөн деп табады. Колбин және отырғандардың бәрі жабылып, қолбасшыны өз айтқандарына көндіре алмасын біліп, отырған кабинеттен бірден бас қолбасшы Горбачевке телефон соғып, тұтқаны Лобовқа береді.
Бас хатшының: (М.Горбачевтің)
– Сіздерде өзі не болып жатыр?» деген сұрағына қолбасшы бірден:
« – Ауғанстан мен Қытай шекарасында жағдай бір қалыпты, сырттан күш көрсету жоқ, округ әскерлері кез-келген жағдайға дайын тұр» – деп байыпты мәлімдеме жасайды. Округ қолбасшысы алаңға бір топ жастардың жиналғанын, алайда оған әскерилердің араласуға қажеттіліктің жоқтығын айта келіп, өзге ведомстволар тарапынан ешқандай іс-әрекет жасалмағанын айтуды да ұмытпайды. Әйтсе де, сақтық шаралары үшін қару-жарақ қоймалары мен техникалардың, әскери нысандар мен қалашықтардың қатаң бақылауға алынғанын да баяндайды. М.Горбачевтің әскери округ қолбасшысының мәлімдемесінен соң: –Сізге сол жердегі оқиғаның бәрі белгілі, өзіңіз қадағалаңыз! – деуге ғана ақылы жетеді. Әрине, бас қолбасшының әскери күш қолдануға бұйрық беруге құқығы бар болатын. Бірақ ол қанқұйлы қолбасшы ретінде тарихта жаман атын қалдырғысы келмейді. Генерал В.Лобовтың ұстанған позициясына КСРО Мемлекеттік қауіпсіздігі комитеті төрағасының бірінші орынбасары, армия генералы Ф.Бобков қолдау білдіреді.
Орталық комитеттегі осы оқиғадан соң, генерал В.Лобов алаңға барып, шеруге қатысушылармен ашық пікірталасқа араласады. Қолбасшы пікірталас барысында шеруге шығушылардың талаптарынан республика басшылығына «сырттан келушіге» деген қарсылықтың күшті екенін, сондықтан бұл мәселеге аса байыппен бару қажеттігін түсінеді. Ал алаңға тәртіп орнатуға шыққандар әскери қолбасшының бұйрығынан тыс бой көтергендер болып шығады. Осы оқиғадан соң, ішкі қыжылы бар Колбин бар күшін салып, Горбачевтан генерал-полковник В.Лобовты Орта Азия әскери округының қолбасшылығынан босатуды сұрайды. Бас қолбасшы генералдың жұмысынан ешқандай кінәрат таппайды. Сондықтан оны Мәскеуге шақырып, КСРО Қарулы Күштері Бас штаб бастығының орынбасары қызметіне тағайындайды. Генерал Владимир Лобов осылайша ең қиын сәтте бейбіт халыққа қарсы әскер шығарудан бас тартады. Егер қақтығысқа әскер араласқанда не болар еді? Оны көзге елестетудің өзі үрей шақырады.
Армия генералы Владимир Николаевич Лобов кейін атақ-абыройы асып, Бас штаб бастығына көтеріледі. Қазақстан жалпы, қазақ халқы туралы өте шынайы, таза пікірде болады. Оның қазақтарды құрмет тұтуы Башқұртстанда тууы, осындағы мұсылман халықтарымен достық сыйластықта болғаны ықпал етеді.
PS: Бүгінде мәскеулік Владимир Николаевич Лобов біздің отандастары­мыздың арасында ғана емес, сонымен бірге Ресей мен әлемнің әскери басшылары арасында теңдесі жоқ тұлға. Ол 1935 жылы 22 шілдеде Башқұртстанның Бураев ауданы, Бураево ауылында дүниеге келген. КСРО-ғы ең жоғары әскери лауазымға – КСРО Қарулы Күштері Бас штабының бастығы, КСРО Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары лауазымына қол жеткізді.
1989 жылы Владимир Лобов армия генералы атағын алды. Қатардағы жауынгерден Ресей президенті Владимир Путиннің кеңесшісіне дейінгі еңбек жолында ел өмірінің ең қиын, драмалық кезеңдеріне байланысты ыстық нүктелерде болды. Қазақстандағы, Чехословакиядағы, Ауғанстандағы посткеңестік кезеңге дейінгі және кейінгі даулы оқиғаларға араласты. Ресей Федерациясының «Ерлігі үшін», «Құрмет», «Достық» ордендері, КСРО-ның «Қызыл Ту», «II дәрежелі Кутузов», «III дәрежелі Суворов», «Қызыл Жұлдыз», «Қарулы Күштерде Отанға қызмет еткені үшін» ордендерімен марапатталды.
Владимир Лобов – КСРО Қорғаныс Кеңесінің мүшесі, Жоғарғы Кеңес депутаты және КСРО халық депутаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің Халықаралық істер жөніндегі комитет мүшесі болды. 1994 жылы құрметті зейнеткерлікке шыққаннан кейін, қоғамдық жұмыстармен айналысты. Халықаралық бейбітшілік негіздері қауымдастығының «Халық жады» қоғамдық комиссиясының төрағасы, Ресейдің Халықаралық қатынастар қауымдастығының басқарма мүшесі болды. Жаратылыстану ғылымдары академиясын құруға қатысты, Ресей Федерациясы Федеральды Жиналыс төрағасының кеңесшісі, Ресей Федерациясы Президенті мен Үкіметі жанындағы сараптау комиссиясының мүшесі. Әскери ғылымдардың докторы, профессор. Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясы мен Әскери ғылымдар академиясының толық мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, бірқатар әскери монографиялардың авторы. «Әскери айлакерлік өнер», «Стейк айла-шарғысы», «Жүйелер арасындағы экономикалық қарама-қайшылықтағы ақпарат», «Соғыстар тарихындағы әскери қулық-сұмдық», «Ақпараттың орны мен рөлі», «Ресей армиясындағы абыройды көтеру», «Әскери реформа: уақыт сілтемесі», «Әскери қулық», «Әскери қулық пен тосын сый», «Қуат энергиясы – Александр I және Наполеон», «Бүкіл Ресейдің есінде», 1812 жылғы Отан соғысының 200 жылдығына арналған «Бүкіл Ресей есінде» еңбектерінің авторы.
Генерал өз әңгімесінде: –1986 жылы Алматыдағы «Желтоқсан көтерілісі» кезінде алаңға шыққан жергілікті жастарды сабырға шақыруыма тура келді. Олармен сөйлесуден тартынбадым. Осы тыңдаудан кейін Қазақстан партия ұйымының шешімін орындаудан бас тартып, бұл іске әскер араластыруға рұқсат бермедім. Менің сол кездегі шешімім коммунистік партияға бағынудан бас тарту және әскери трибуналға апаруы керек еді. Бірақ оған Бас қолбасшы бұйрық беруден тайсалды, – дейді.
– Республикада билік ауысқан кезде алаңда өз пікірлерін ашық айтқан жастар болды. Олардың ойынша республиканы ұлты жағынан қазақ басқаруы тиіс. Содан кейін менің алдымда наразылық білдірушілермен мәселені бейбіт жолмен шешу міндеті тұрды. Әскери қақтығыстар мен төтенше жағдайлар орын алған басқа аймақтарда басшылар мәселені басқаша шешіп жатты. Бірақ бұл жағдайда менің мойынсұнудан бас тартуыма байланысты ықтимал отставка туралы ойымда болмады. Мен үшін жанжалды қантөгіссіз жою маңызды болды, – депті.
Кейін билік бұл іске Ішкі әскерді араластыруға мәжбүр болды.

Пікір қалдыру