АҚША БҰЛТТАЙ АҚПЕЙІЛ…
Біле білгенге, дүниенің ең әбжілі – уақыт қой. Ойыншықтарға алданған баладай, жаратылыстың түрлі ғажаптарына, төрт маусымның алмасуына алаңдап жүргеніңде, мезгіл шіркін өзімен бірге сені де ақиретке қарай бір көш жерге сүйрей кетеді.
Арпалысып жүріп тісіңе ақау, шашыңа қылау түскенін де аңғармай қаласың.
Алайда, жастайынан нұрлы жолға түсіп, еңсере еңбек етіп, иініне Алла жүктеген парызды жанкештілікпен атқарып өтетін азаматтар да кездеседі.
Солардың бірі – тоқсан жастан аса ғұмыр сүріп, оның жетпіс жылында қасиетті қаламын қолынан тастамай, қазақ поэзиясына, прозасына, сын жанрына өлшеусіз олжа салған Әбекең, қадірлі Әбу Сәрсенбайұлы ақсақал биыл 120 жасқа толды.
ХХ ғасыр басында өткен ұлт қаһармандары, сахара сардарлары тек көркемсөз ұсталары ғана емес еді, олар тумысынан ұстаз, әкелікке, ағалыққа жаратылған, қазақтың әлеуметтік, қоғамдық, мемлекеттік істерінің жаңа замандағы негізін салушылар және соны өрге сүйреушілер болды, рухани көсемдік қызмет атқарды.
Әбекең үш қоғамдық дәуірді – феодалдық, капиталистік, социалистік кезеңдері бастан кешкен қазыналы қарт. Төңкерістен бұрын да, кейін де қаулап өскен қазақ зиялыларының соңғы жұрнағы осы Сәрсенбайұлы болғанда, алдыңғыларының тіпті алапат ірілігі бізді еріксіз таңдандырды.
Шандоз шайыр «Ұстаздар мен тұстастар» атты толғаныстар мен естеліктер кітабында өзіне үлгі тұтып, піріндей ардақтап өткен әдебиетіміздің шамшырақтары жайлы, өнер жолындағы дәстүр жалғастығы туралы пайымды пікірлер түйеді.
Міне, осы алыптардан тағылым алған Әбекең жұрт «төңкерілген сағымдай» бірде алшы, бірде тәйкі түсіп жатса да, баяғы сүтпен кірген саф мінезінен айнымайды.
Ақын палитрасы өте бай. Талай мамыражай заман мен қанқұйлы соғысты көрген атамекен туралы толғаныстары қандай! Осы дала үшін ата-бабаларымыз иманын да үйіре алмай, айдалада опат болды. Көмілмей қалған есіл ерлердің «омыртқасын аш бөрі мүжіп, ортан жілігін оқ жылан сорды». Айталмыш қасіреттерді Әбекең өз поэмаларына арқау етті.
Сондай-ақ, жиһандық соғыстың сират көпірінен аман-сау өткен өрелі ақын өнер әлемінде жүріп өткен өмір жолдарына байыппен көз тастап, тәубасынан жаңылмай өтті. Ол осы ғарасат майданын «Ақырғы гранаталар», «Соғыс жұлдызы» дастандарында өшпестей бедерледі. Біздің ұрпақ күні кешеге дейін Сәрсенбайұлының «Ақша бұлт», «Өлім ойпаты», «Жатырқама, жас сәби», «Солдат шинелі», «Сен құрметте оны», «Жеңіс жолы», «Жалғыз емен», «Түн» өлеңдерін жаттап өсті.
Ай сөйледі:
Жасаймын деп кепілдік,
Мен жиһанмын куәлікке өтімді –
Қазақ, башқұрт Тарих атты ананың
Көзден аққан екі жасы секілді, –
деп, жырлаған Мұстай Кәрім осы өлеңін бес жыл бойы зұлмат соғыста қол ұстасып өткен қандыкөйлек досы Әбу Сәрсенбайұлына арнап жазғандай.
Қаламына қыдыр ұялаған қаламгер әр жылдары «Толқында туғандар», «Капитан ұлы», «Теңіз әуендері», «Офицер күнделігі», атты роман, хикаяттарды дүниеге әкелді. Әдебиетімізде теңіз тақырыбын тұңғыш игеріп қана қоймай, теңіз романтикасын, балықшылардың іс-әрекетін, айдын табиғатын, жайқын судың құбылыс– мінездерін, теңізшілер қолданатын түрлі атаулар мен сөздерді қазақ оқырмандарына алғаш паш еткен Әбу Сәрсенбайұлы болатын. Оның теңізшілер, балықшылар туралы хикаяттарын парақтай отырып, мына бір айшықты тіркестерді осы жерде келтіре кетуді жөн көрдік:
«Кәнігі балықшылар ауа райына байланысты белгілерді, мысалы, балықтың ойнауын, шағалалар қиқуын, бытықананың жиналуын, итбалықтың алаңдауын, т.б. құбылыстарды жаңылмай, дәл болжай алады.
* * *
Теңізде «норд-ост» желі тұрғанда су деңгейі көтеріліп, тереңнен келетін жал-жал толқын көлденең соққылап, қайықтардың жүруін қиындатады.
* * *
Желкенді кемелер сап түзеп теңіз төріне өрлегенде, айдын су үстінде бейне бір ақшаңқан қала тұрғандай, керемет көрініс пайда болады.
* * *
Теңіздің таң алдындағы тымықтығына жетер сұлулық жоқ.
* * *
Қараңғы түнде шыпырлаған балық дыбысы естілісімен, ау құруға дайындық басталады.
* * *
Балықтың қанды тұздығы жағалауда ойдым-ойдым боп ерекше көзге түседі.
* * *
Түйенің қабырғасын коньки қылып байлап, балалар айдын мұзда сырғанап жүр.
* * *
Нөсер теңіз үстімен іргеге ұстаған қара көк шымылдықтай селдетіп барады.
* * *
Қарақаттай мөлдіреген қара уылдырықтың дәмі-ай!
* * *
Көп ұзамай дөңгелек үкі аузынан иісі ашқылтымдау қара-көк теңіз суы бұрқ ете қалды.
* * *
Балық соятын әйелдердің үсті-бастарына балық қабыршақтары баттаса қатып, ащы тұздықтың аппақ соры сауыттана сіресіпті.
Міне, осындай теңізшілер, балықшылар өмірінен алынған тосын теңеулер, бедерлі сөз оралымдары Әбекеңнің хикаяттарында молынан жолығады.
Теңіз тақырыбын өз шығармаларына арқау еткен әлемдік деңгейдегі Эрнест Хемингуэй сынды санаулы жазушылардан ғана тұратын Дүниежүзілік маринистер мен баталистер қоғамына тұңғыш рет мүше болған қазақ жазушысы – тағы да осы Әбу Сәрсенбайұлы.
Бір қарағанда, адамзат баласы қолына қалам алғаннан бері жырланбаған нәрсе жоқ та шығар. Алайда, сонау грек заманынан бері қаузалып келе жатқан әбден таптаурын тақырып болса да, әр заман, әр дәуірдің ақын-жазушылары осы жайды өзінше толғап, басқаша құбылтып, желісін ұзаққа тартады.
Осы орайда, Әбекең өлеңдерінде, прозалық дүниелерінде мазасыз ой, ізденіс, өзгеше толғаныс, тебіреністер айрықша көзге түседі. Тереңнен күмбірлей шығатын мейірімді дауысы, тақуадай таза керімсал күлкісі, жарқын да ойлы жүзі, байыпты көзқарасы, іші буырқанып жатса да, сырт көзге сездірмейтін сырбаздығы, психологиялық ұстамдылығы Әбекең тұлғасын көпшілік ішінде даралай түсетін.
Әйгілі ағалшын ақыны Джордж Байрон: «Әйелсіз тіршілік кешуге, қаратан өтуге болмайды, ал, әйелмен өмір сүру одан да қиын», – деген екен. Осы қасаң қағиданы бұзғандар сапында Әбекең мен оның жары Ләзиза апай да тұрар еді. Екеуі «ища» деспей, жетпіс жылдай тату-тәтті ғұмыр кешті. Ләзиза апай да журналист, азды-көпті шығармалары бар, оның ішінде күнделік жанрына баса мән берген адам. Сол кісінің күнделіктерін оқи отырып, мына бір тосын дерекке көзім түсті: «Қазақстанның бірінші басшысы Жұмабай Шаяхметовтың қабылдауында (12.VIII.1943ж) болдық. Мәжіліс екі жарым сағатқа созылды. Бірсыпыра әңгіме қозғалды. Өзі қазақша таза сөйлейді екен. Ауылшаруашылығы, өндіріс, тағы басқалар жөнінде қалай жазу керектігін айта келіп, ақырында бір мәселеге айрықша тоқталды. Осы күні бозбалашылық көбейіп кеткенін, әсіресе, аудандардағы жауапты қызметкерлердің өздері – балалары, әйелдері бар адамдар бозбалашылық істейді. Майдандағылардың әйелдерімен жүреді. Буаз болған әйелдердің баласын түсірту, туғанын өлтіру фактілері бар. Осыған қарсы күресу керек», – деді.
Міне, әлгіндей азғындық, сорақылықтар республика басшысы Ж.Шаяхметовтың аузымен айтылып отыр. Соғыс жылдары кезіндегі, ауылдағы осы бір әбілет басқыр қиянатты жырға қосқан Өтежан Нұрғалиевті «Соғыс уақытында ел ішінде мұндай сұмдық оқиғалар болған жоқ», – деп талайлар күстаналап еді-ау!
Бірақ, шындық өртенген көңдей, түтіндейді де жатады ғой, демек осындай көрдемше қылықтарды әлі тұмшалаумен келеміз. Әлбетте, әлгі көң сияқты, тасқа басылған жазбалар да өшпейді ғой, осылайша Ләзиза апай да өз күнделігінде талай ақиқатты ақтарады.
Иә, әңгіме өзегі Әбекеңнен шығып кетті-ау!
Халықтың қасіретін жанмен ұққан,
Бұл жырды мен жырламай кім жырлайды?
Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің,
Жандары «біз де айт» деп сыбырлайды, –
деп Иса Байзақов термелеткендей, өмірден көп беріп, аз алған, ақша бұлттай ақпейіл Әбу ақсақалдың сәруар бейнесі де салқар сағым ішінен елес беріп өтеді. Ауызша уәдесінің өзі антқа бергісіз Әбекеңдей сахабалар туралы жазу – бізге борыш, парыз десе де болады. Сәрсенбайұлы теңіз жағасында кіндігі кесілген өнерпаз еді. Ендеше, оның теңіздей өнернамасына әр дәуір өрендері жолшыбай соға жүретіні кәміл…
Жұмабай ҚҰЛ





