АҚТАУҒА «ЖАТПАЙТЫН» ТІЗІМ: С.ҚАРАТІЛЕУОВ пен Б.СИСЕКЕНОВ

 

Автор азамат соғысы тұсында аталған өңірде орын алған трагедиялық уақиғаларға советтік кезеңдегі тар таптық ұстанымнан ада, жаңа көзқарас тұрғысынан қарауға шақырады. Бұл тақырыпқа тек таптық көзқарас тұрғысынан келу сол кезеңде қазақ қоғамында орын алған қазақ ұлт-азаттық қозғалысын жоққа шығарумен тең болар еді. Советтік тарихнаманың бұл тақырыпты түсіндірудегі ірі қателігі оның осы методологиялық қателігіне байланысты.
Азаттық қозғалыс тек көш бастаушылардан тұрмайды. Кез-келген қоғамдық идея, оның іске асуы қолдаушыларының көптігіне және олардың ерік-жігеріне, сондай-ақ материалдық және моральдық мүмкіндігіне тәуелді.
Бірнеше ғасырға созылған отарлық тәуелділік ұлттың сыртқы күштер тарапынан жасалған озбырлыққа қарсыласу қабілетіне кері әсерін тигізді және бұл қоғамдық өмірдің барлық саласынан байқалды. Бұл ең алдымен ұлтты өз мүддесін қорғауға ұмтылған ішкі саяси күштерді ұйымдасқан түрде қолдау мүмкіндігінен айырды. Шешуші сәтте, мәселен, қоғамда Алаш партиясы бастаған саяси қозғалысқа қаржылай көмек ұйымдастыра алатын қоғамдық институттар болмады. Бұл міндетті Алашорда өкіметі атынан ел арасына шыққан жеке белсенді тұлғалардың өз міндетіне алуына тура келді. Мұның өзі қоғам тарапынан бірден түсіністік таба қойған жоқ. Әсіресе, енді ғана құрылып жатқан алаш әскеріне жігіт жинау, оларды көлікпен, азық-түлікпен және т.б. қамтамасыз ету қалыптасқан ұлттық билік жүйесі жоқ қоғамда қиын да күрделі мәселе болып шықты.

* * *
Ұлттық әскер құру әрекетін қолға алған Алашорда өкіметінің бұл ісіне атсалысып, Торғай өңіріндегі белгілі трагедиялы уақиғаларға араласқандар қатарында Қаратілеуов Сәлімгерей мен Сисекенов Бермұхамет те болды. Кейінгі жылдары істі болып, советтік сот орындары тарапынан «ақталуға жатпайтындар» тізіміне енгізілген бұл азаматтардың өмір жолын тарих қоқсығында біржола жабулы қалдыру қаншалықты әділетті болмақ деген сауалдың туындауы заңды деп білеміз.
Әрбір дерек көзі міндетін атқаратын материал – сол заманның өкімі. Бұл әсіресе, тергеу материалдарына қатысты. Оларда сол тарихи кезеңде өмірдің барлық саласына ентелеп еніп келе жатқан большевиктік идеологияның ізі жатыр. Идеология да сол заманның куәсі. Дегенмен ,оның тарихи шындықты бүркемелеп көрсетпей тұратын ерекшелігі бар. Идеология үшін негізгі нәрсе саяси жүйенің мүддесіне қызмет жасау. Өз ретінде прокуратура, сот мекемелері де биліктегі партияның құралы міндетін атқарып, оның идеологиялық тапсырысына жұмыс жасауға бейімделмек. Бұл, әрине, сот жүйесінен алынған құжаттық материалдарды тарихи факті ретінде пайдалануды қиындата түседі. Дегенмен, тергеу ісіне қатысты материалдардың арасында зерттеушіге көмекке келетін мәтіндер, жеке парақтар мен жолдар болады, соларға кезігіп, ақиқатты аршып алып, ғылыми айналымға тарту – зерттеушінің міндеті.
Алдымен Қаратілеуов Сәлімгерей Алпанұлының ісіне қатысты материалдарға тоқталайық. Сәлімгерей Алпанұлының жары – Сәбила 1959 жылы наурызда ССРО Бас әскери прокуратурасына жазған арызында ері Қаратілеуов Сәлімгерей 1887 жылы туған, 1920 жылдан партия мүшесі, Ресей коммунистік партиясының 13-ші съезіне Орал облысынан қатысқан делегат, Қазақстан Орталық атқару комитетіне мүшелікке кандидат, ҚССР Алматы облысындағы «Дегерес» жылқы зауытында директорлық қызметте жүргенде НКВД мекемесі тарапынан 1936 жылы 24 қарашада қамауға алынып, содан бері артында қалған жары ретінде ол туралы ешқандай мәлімет ала алмағанын баяндайды (Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің архиві – (бұдан былай ҚР ІІМ АҚДА), 8366 а: 3-4).
С.Қаратілеуов Өлкелік партия комитетінің хатшысына өзінің өмір жолына байланысты берген мәліметінде әкесі Алпанның аға-інілерімен бірге Гурьев округіне қарайтын орыс-казак поселкесінде тұрып, казак станицасының малын бағып күн көргенін, өзі де 8-9 жастан еңбекке араласа бастағанын жазады. Сәлімгерейді әкесі алдымен орыс мектебінде оқытып, сонан соң Орал қаласындағы ауыл шаруашылығына мамандар даярлайтын училищеге оқуға береді. Ендігі уақытта өз бетінше өмір сүруге көшкен Сәлімгерей 1915 жылы аталған қаладағы Маринскі орта ауыл шаруашылық училищесін агроном мамандығын алумен тәмамдады.
С.Қаратілеуовтің өмір жолындағы екі кезеңді – 1918 ж. қарашасы мен 1919 ж. маусым аралығындағы Алашорда өкіметінің Торғай бөлімшесіндегі қызметі мен 1926-1927 жж. Қазақстанның егіншілік коммиссариатындағы бөлім меңгерушісі қызметін бөліп атаған орынды болмақ. Өйткені, осы кезеңдерде оның жеке тұлғалық көзқарасы мен ұстанымы айқынырақ көрініс тапқан еді.
1917 жылы басталған ел өміріндегі аласапыран саяси өзгерістер тұсында Сәлімгерей Алпанұлы сияқты көзі ашық, сауатты да белсенді тұлғаларға өз ұстанымын анықтап, қоғамдық қызметке араласу жеңілге түскен жоқ. Олардың арасында екі бірдей ұлттық және таптық теңсіздікті басынан кешіріп, жанымен сезінген, соның нәтижесінде большевизм идеологиясымен ұлт-азаттық қозғалыс ықпалы арасында әрі-сәрі күйге түскен жеке тұлғалар болды. Солардың қатарында С.Қаратілеуов те бар еді. Кейінірек партиялық тазалау диірменіне іліккен Сәлімгерей Өлкелік партия комитетінің хатшысы Нұрпейісовтың атына жазған түсінік хатында осы әрі-сәрі күйін бүкпесіз баяндайды (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 в: 16-22).
Дегенмен, осы алғашқы кезеңде оның санасында ұлттық сезім басымдық алғаны анық. Бұл сол сәттегі ұлт зиялысының басым бөлігіне тән мінез болатын. 1936 жылы 14 қарашада партиялық бақылау комиссиясы тарапынан жүргізілген тергеуде Сәлімгерей Мәскеуден келген өкілдің «сіздер ол кезде ұлттық ұстанымда нық тұрған ба едіңіздер?» деген сұрауына «Иә, біз ол кезде большевик емес, негізінен, ұлтшыл болдық» (ҚР ІІМ АҚДА, 8366в: 16-22) деп жауап береді.
С.Қаратілеуов 1917 жылы желтоқсанда өткен Алашорданың батыс бөлігінің ұйымдық съезіне қатысады. Съезд әрбір шаңырақтан жүз рубльден салық жинау туралы шешім шығарғанда бұл шешімге делегаттардың бір бөлігі қарсылық көрсетіп, салық әрбір шаңырақтағы тұяқ санына байланысты болсын деген уәж айтады. Соңғы ұстанымдағылардың қатарында Сәлімгерей де бар. Осы топтағылар 1918 жылдың ақпанында Темір уездік советін құрып, оған төрағалыққа С.Қаратілеуовті сайлайды. Көп ұзамай өңірдегі билік ақтардың қолына көшеді.
Қалыптасқан аумалы-төкпелі жағдайда – ақтар мен қызылдардың арасындағы билік үшін күрес жағдайында жергілікті қазақ жұртын бүліншіліктен сақтау қамын ойластырған Мырзағалиев, Әлібеков және Шолақов бастаған зиялылар тобы Елек қаласының түбінде жасырын кеңес өткізіп, Алашорданың (ұлттық үкіметті) Торғай қанатымен байланыс орнату ісін қолға алмақ болып, бұл міндетті Кенжин мен Қаратілеуовке жүктейді.
Осы тапсырмамен 1918 жылдың қарашасында Алашорда үкіметінің Торғай бөліміне келген Кенжин мен Қаратілеуовтің іссапары келесі 1919 жылдың маусымына дейін яғни сегіз айға созылады (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 в: 16-22).
Бұл Алашорда үкіметінің Торғай облысындағы Әскери Кеңесі құрылып, қызметіне кіріскен кезі еді (Абдыгалиулы, 2017:191). Әскери Кеңес мына құрамда болды: М.Есболов (төраға), А.Байтұрсынұлы (орынбасары), М.Дулатов, С.Қадырбаев және А.Кенжин. 1918 жылдың желтоқсанының алғашқы күндері оның атты әскерінің құрамында 500 адам болды (ҚР ІІМ АҚДА, 8366: 15-15об ).
Міне осы кезеңдегі Торғай өңірінде орын алған қайғылы оқиғалар метрополиядағы азамат соғысы аталған мемлекет ішіндегі тапаралық қанды қақтығысудың қазақ қоғамына да жеткенін көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге оның қазақ сияқты жалпыұлттық мақсат-мүдделері мүлдем басқа ел үшін қаншалықты зиянды екенінің де айғағы болды. Отандық тарихнамада азамат соғысына қатысты жаңа мазмұндағы ғылыми концепция қалыптаса қойған жоқ. Мәселен, осы ретте Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ азаттық қозғалысына белсенді түрде атсалысқан Иман батырдың немересі Амангелді батыр Үдербайұлының 1916 жылғы патшалық билікке қарсы ұлт-азаттық көтерілісті бастап, келесі 1917 жылы кенеттен саяси ұстанымын түбегейлі өзгертіп, ұлттық тұтастық және еркіндік үшін күрес туын көтерген Алашорда өкіметіне қарсы күштер жағында болуын қандай себептермен түсіндіруге болатын еді?
Отандық тарихнама алдында бүгінгі сұранысқа лайық осы сауалға түсінік беру міндеті тұр. Осы ретте большевизмнің қазақ қоғамына да түрлі әдіс-құралдар арқылы жаппай таптық сана мен таптық өшпенділік енгізу әрекеті «жемісін» бергенін көре аламыз, Амангелді Иманов сияқты ірі тарихи тұлғаның түптеп келгенде ортақ мүддедегі отандастарының қолынан қаза табуы соның көрінісі.
Азамат соғысы – революциямен бірге келген аласапыран берекесіздіктің жалғасы, өз ретінде ол адамгершілікке жат алуан түрлі қиянат пен зорлыққа, кек алуға жол ашты. Мәселен, Амангелді батырдың өліміне байланысты Қайдауыл және басқа қыпшақ ауылдарында тұрақтылықты сақтауға жіберілген алашордалық отряд керісінше бейбіт жұртқа түрлі қиянат жасап, берекесін алды. Мұндай жат мінезге түрткі салған – өңірде ауық-ауық білініп қалатын руаралық кикілжің еді. 1916-1919 жылдар аралығында оның өршіп кеткендігі сондай, бұл мәселеге байланысты, мәселен, Орынбор орыс-казак атаманы А.И.Дутов Торғай уезі халқына арнайы үндеу жариялап «бауырларды өзара жаулық пиғылдан бас тартуға» (Әбдіғалиұлы, 2017: 284-285) шақырады. Осы уақиғаларды көзімен көріп, бір емес, бірнеше мәрте ой елегінен өткізген Бермұхамед Сисекеновтің кейінірек «в Тургайском деле все мы грешны» деп көрсетуінің астарында осы сан қатпарлы фактінің ізі жатқанын байқауға болады.
Бұл арада Торғай трагедиясын талдауға алғанда ескерусіз қала беретін мынадай жағдайға көңіл аудару қажет-ақ. Осы кезеңде алаш әскері аталған құрама қолдың қай тұрғыдан алғанда да жағдайы соншалықты мәз емес-тін. Әскер қатарына тартылған жігіттерді азық-түлікпен, қару-жарақпен, көлікпен және басқа қажеттілікпен қамтамасыз ету ісін жолға қойып, жүргізетін мемлекеттік жүйе жоқтың қасы болатын. Бұл мәселелерді, әсіресе, Алаш әскерінің ел арасына шыққан өкілдері қол жайып жүріп, әйтеуір, бір деңгейде шешуге күш салды. Басқаша айтқанда, үлкен саяси додаға араласқан, ал бірақ оған сүйеніш боларлық ұлттың мемлекеттік жүйесі қалыптаса қоймаған елдің белсенді күштерінің күйі осындай қайшылықты жағдайға тап болды. Міне, осы жағдайдың әскер қатарына тартылған жігіттердің көңіл-күйіне әсері болғандығын ескеруге тура келеді. Шешім қабылдаған – Алашорданың әскери кеңесі, ал Қаратілеуов пен Сисекенов – орындаушылар (ҚР ІІМ АҚДА, 8366в: 142).
Б.Сисекенов тергеуде берген мағдұматында, мәселен, «Ырғызда әскер қатарына өз еркімен келген үш жүз жігіттен араға бірнеше ай салып елу-ақ жігіт қалғанын», басқалары ауыр далалық жағдайға шыдамай кетіп қалғанын, ең соңында өзі де жігіттерге еріп қашып шыққанын баяндайды (ҚР ІІМ АҚДА, 78а: 5).
Құжаттық материалдарда Торғайдағы алаш әскері командирлерінің бірі қызметінде болған С.Қаратілеуовтың ыдырау жолында тұрған әскерді сақтауға күш салып, тіптен дезертирлерге байланысты ең ауыр шара қолдануға дейін барғаны айтылады (ҚР ІІМ АҚДА, 78 а: 5).
С.Қаратілеуов пен Б.Сисекенов ОГПУ тарапынан тергеуге 1929 жылы тартылды. Осы ретте бұл істі ұйымдастырушылар тарапынан аталған екі азаматқа байланысты араға он жыл салып неге 1929 жылы қозғау салынды, сондай-ақ азамат соғысы кезеңінде орын алған бұл трагедияны қайта көтере отырып, ОГПУ тергеушілері қандай мақсат көздеді? Осы сауалдарға жауап іздеу қажет.
Біріншіден, 1927 жылдан бастап Ф.Голощекиннің тікелей бағыттауымен және белсенді түрде араласуымен қазақ «ұлтшылдарына» кең ауқымда шабуыл басталды. Осы жылы А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы бастаған алаштықтардың алғашқы тобы қамауға алынды. Осымен бір мезгілде қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысына тілектес, ниеттес тұлғаларды іздеп тауып, жауапқа тарту және жазалау үдерісі қатар жүрді. Сондай-ақ мұндай ұстанымдағы адамдарды анықтау ісі барлық сала мен деңгейде жүргізілді. Бұл, алдымен, коммунистік партия қатарын қамтып, партияны жат элементтерден тазалау деп аталды. Бұл істі белсенді түрде қолға алған Ф.Голощекин әкімшілігі оны мемлекеттік басқару жүйесіндегі қазақ ұлтшылдарынан құтылудың мүмкіндігі ретінде пайдаланды.
Екіншіден, идеологиялық аппарат С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновті қылмыс жасағандар ретінде жауапқа тарту арқылы тарихи әділеттілік орнатушы рөлінде көрінуге тырысқанымен, басқа да көздеген мақсаты бар-тын. Торғай трагедиясына қозғау салу ескі жараның аузын ашумен, яғни, өңірдегі рулар мен этникалық қауымдық құрылымдар арасында тағы да кикілжің туғызумен тең еді. Мұндай құйтырқы әдіс 1925-1926 жылдары «Торғай ісі» аталған Жүсіпбек Аймауытовқа байланысты сот ісінде сыннан өткен-тұғын. ОГПУ-ге енді міне А.Иманов пен Л.Таранға байланысты трагедияны негізге алып, қоғамда жаңадан дүрбелең тудырудың «сәті» келгендей көрінді.
Араға ғасыр салып азамат соғысы аталған тарихи кезең де уақыт тезіне түсті. Ешқашан бұлжымайтын ақиқаттай көрінген тұжырымдарға да түзету енгізілуде. Уақыт ағымында өсіп-өну, кемелдену арнасындағы қоғамның өткен өмірін жиған тәжірибесі мен білім-парасатына сүйеніп жаңа көзқарас тезінен өткізіп отыру толық табиғи нәрсе және ол жалпы адамзатқа ортақ қасиет, тынымсыз қозғалыс пен өзгеріс арнасындағы өмір заңы.
Біз қарап отырған мәселеге байланысты назардан тыс қалдыруға болмайтын мынадай бір жағдай бар. Ол – саяси полиция тарапынан жауапқа тартылған С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновтің қатысуымен Қостанай уездік атқару комитетінің төрағасы Лаврентий Таран мен Торғай уездік әскери комиссары Амангелді Имановтың, сондай-ақ олардың серіктерінің өлтірілуі империядағы өзара өшіккен екі саяси күштің арасындағы азамат соғысы жағдайында орын алған саяси акті екендігі.
Торғайдағы Алашорда Әскери Кеңесінің төрағасы Мырзағазы Есболұлы мен Кеңес мүшесі Міржақып Дулатұлы тергеу барысындағы көрсетулерінде А.Таран мен А.Имановқа байланысты «екеуі де Алашорда Әскери Кеңесінің шешімімен атылды» деп көрсетіп, болған іске байланысты жауапкершілікті ұжым болып мойындарына алатындықтарын мәлімдеген (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 в: 141-142). Осы әскери кеңестің келесі бір мүшесі Асфендияр Кенжин көрсетуінде «Мені әскери кеңеске енгізді… ал, Иманов Алашорда басшылығының шешімімен атылды» деген фактіні жеткізіп, сол арқылы С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновтің бұл істе орындаушылар рөлінде болғанын түсінуге мүмкіндік туғызды. А.Кенжин сондай-ақ, осы көрсетуінде «Алашордаға ұлттық үкімет есебінде қарағандығына» (ҚР ПА, 719: 133; ҚР ІІМ АҚДА, 8366 в: 159) көңіл аударады. Бұл арада С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновтің де Алашордаға байланысты тура осы ұстанымда болғанына күмәндануға ешқандай негіз жоқ. Бұған қосымша С.Қаратілеуов партиялық тазалауға байланысты (1936 ж. 14 қарашада) мәскеулік және республикалық тергеушілерге берген жауабында Алашорда әскеріне ел аралап адам және қару жинау ісіне атсалысқанын, ол кезде «пролетарлық және советтік ұстанымда емес», сондай-ақ «большевик те емес, басым түрде ұлтшылдық ұстанымда болғанын» жасырмай, анық та ашық білідіреді (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 в: 29-40).
Кейін коммунистік партия қатарына кіріп, советтік қызметке араласқан бұл буын соған дейінгі ұлтшылдық көзқарасынан біржола қол үзіп кете қойған жоқ. Мәселен, Қастек аудандық партия комитеті 1936 жылы 29 қазан күнгі отырысында «Дегерес» жылқы зауытының директоры С.Қаратілеуовтің контрреволюциялық ұстанымы туралы мәселе қарап, оның әлі де «алашордалық, ұсақ-буржуазиялық идеология» жетегінде жүргенін баса көрсетіп, партия қатарынан шығару туралы шешім (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 в: 6-8) қабылдайды.
Қорыта айтқанда, қалыптасқан жаңа жағдайда С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновтің ісіне бұрынғы советтік кезеңдегідей олардың, біріншіден, азаматтық, көзқарастық ұстанымын, екіншіден, олардың әскер қызметіндегі адам ретінде Алашорда әскери кеңесінің шешімін орындаушылар болғанын, үшіншіден, уақиғаның елдегі азамат соғысы жағдайында көрініс тапқанын есепке алмастан, тек бір тараптың, яғни, советтік биліктің ғана ұстанымын легитимді факті есебінде қарастыру әділетсіздік болар еді.
Бұған қосымша, А.Иманов пен алашордалықтардың отаны біреу – қазақ елі екенін, бүгінде екі жақтың үрім-бұтақтары осы елде тұрып жатқанын, олардың заман өзгерісі арнасында ортақ мүдде төңірегінде топтасып, өзара түсінісіп кетуі толық табиғи нәрсе екенін есепке алуға тиіспіз.
Осы ретте М.Дулатұлының қызы, Гүлнәр апай Дулатованың естелігінен үзінді келтірейік: «Бас қосып ертеңгі шайымызды ішіп, ыдыстарымызды жинай бергенімізде есік қоңырауы соғылды. Жанна барып есік ашты.
«Гүлнәр үйде ме?» деген дауысты естіп мен де дәлізге жетіп бардым. Қарасам, үйге кірген орта жастан асқан бейтаныс біреу бетіме тіке үңіле қарап, сұсты үнмен: «Мені танисың ба?» – деді. Жасыратыны жоқ, анайы естілген «танисың ба» маған ұнаған жоқ. Ожарлау қойылған сұраққа мен де тайсалмай: «Танымаймын», – десем де әдеттегідей: «Ал, қонақ, шешініп үйге кіріңіз, жоғары шығыңыз, сұраса келе таныса жатармыз», – деп төрге отырғызып, мән-жайды сұрастыра бастадым.
…Қонағым жадырап сала берді, көздері күлімдеп, кеудесін маңғаздана көтеріңкіреп, мақтаныш сезіммен:
– Менің атым – Шәріп. Амангелдінің баласымын, фамилиям – Иманов, – деді. Екеуміз тұрып қол алыстық, бұрынырақ бір-екі рет көргенім болмаса Шәріппен араласымыз болған емес. Алдымда отырған Амангелдінің баласы, ал мен Міржақыптың қызымын. Әкелеріміз екі жолда, екі бағытта болғаны тарихи ақиқат».
Шәріп Амангелдіұлы ашыла сөйлеп, Гүлнәр Міржақыпқызына «жұртшылық өзің туралы жақсы пікірде, көп естимін, құлақпен естігенше көзбен көріп танысып, өзіңмен сырласайын деп келдім, Гүлнәр, – деді Шәріп. – Екеуміз де әкелерімізден қалған ұрпақпыз; өткен күндердің куәсі біз емес, тарих өз шешімін түйгені белгілі. Біздің дәуіріміз, заманымыз ортақ, алған тәрбиеміз бірдей, бірімізге-біріміз жамандығымыз болған емес, саған өкпем жоқ…
Шәріп екеуміз қол алысып қоштасып, бір-бірімізге жылы жүзбен ұзақ қарап тұрдық. «Кетсін осымен көңілдің кірі» (Дулатова, 2012: 72-75), – дедім ішімнен».
Торғайда болған қайғылы оқиғадан соң араға алпыс жыл салып 1916 жылғы халық көтерілісінің қол бастаған батырының ұлы мен осы тарихи кезеңдегі қазақ азаттық қозғалысының рухани көсемдерінің бірінің қызы арасындағы кездесу осылай аяқталады.
Міне, осы кездесу нәтижесінде екі жақтың ұрпақтары түйген тұжырымда ортақ өзек әрі ұлағатты ой бар. Ол – түрлі сындардан аман өткен ұлттың ауызбірлігі мен тұтастығы еш уақытта ескірмейтін құндылық екені.
* * *
С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновтің жүріп өткен өмір жолында ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақтың азаттық қозғалысына бүкіл ынта-жігермен, ықыласпен араласып, артын ала сол үшін советтік жүйе ұйымдастырған тозақ отына түскен азаматтарымыздың қайғылы тағдырының ізі жатыр. Ұлт тарихындағы осы процесті терең сезініп, ой елегінен өткізіп, тиесілі қорытынды шығару кейінгі буындардың міндеті. Олардың жүріп өткен жолын ескерусіз қалдыру, яғни, ұмыту отаныңның, болашақ ұрпағыңның алдында қылмыс жасаумен тең.
Сонымен С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновтің советтік кезеңдегі тағдыры қалай қалыптасты, тарихи фактілерге сүйеніп осы тақырыпқа тоқталайық. НКВД аппараты қойнауында шоғырланған деректік материалдар істің мынадай бағытта және астарда жүргенін көрсетеді. Советтік құпия полиция мекемелері С.Қаратілеуов пен Б.Сисекеновке байланысты тергеу ісімен олар тікелей араласқан оқиғадан соң араға жиырма жылға жуық уақыт салып мәселені қайта көтеріп айналыса бастаған. Ал тергеу ісі мынадай мазмұнда және бағытта жүрген. Тергеушілер, біріншіден, тергеудегі кісілердің көзқарастық ұстанымын анықтауға басымдық береді. Соған байланысты, екіншіден, тергеушілер үшін маңызды нәрсе 1919 жылғы Торғай өңіріндегі қайғылы оқиғаларға байланысты ақиқат кімнің қандай дәрежеде кінәлі екенін анықтау емес, оларға керегі саяси нәтиже, яғни большевиктік идеологияға қарсылық танытқандардың ерте ме, кеш пе — әйтеуір жазаланатынын қоғамдық пікір алдында көрсету еді. Осы мазмұн және бағытта жүрген тергеудің түпкі мақсаты қазақ ұлтшылдығы сияқты феномендік құбылысты қайтып бас көтерместей тұқыртып, біржола жою болды. Осы мақсатта ұлт ішіндегі ру-жүзаралық кикілжіңдерге қозғау салынды, сондай-ақ халықты алаштық саяси белсенді буынға қарсы қою жұмыстары өрістетілді.
Осы орайда азамат соғысы жылдары алаш әскерінің тізесі батқан ауылдардың тұрғындарынан көрсету алынды, агентуралық фактілер жинақталды. Мәселен, 1936 жылғы 5 желтоқсанға тиесілі Торғай аудандық НКВД-ның «Балық» атты агентінің берген мәліметінде мынадай фактілер беріледі: «1919 жылдың ақпаны мен сәуірі аралығында екі ай бойы Торғай ауданының Қоңыраулы өзені бойындағы Сашы және Шүмекті ауылсоветіне қарасты өңірде алашорда басбұзарлары иелік етті. Олардың басында Міржақып Дулатов тұрды, ал оның жақын кеңесшілері қатарында Қадырбаев Сейдәзім, Есболов Мырзағазы, Кенжин Спандияр, Қаратілеуов Сәлімгерей, Теміров Ғабдулла және Қырымгерей (а.ж. білмедім) болды. Қарулы әскерге басшылықты Қаратілеуов жасады, жігіттерінің саны 300-ден асады… Алашорда басшысы Дулатов Міржақып сол кезде Қаржауов Оспан, Бөлеков Ермағамбет, т.б. ақсақалдар арқылы «Мадияр», «Шымболат», «Өтей», «Жылқыайдар» руларынан шамамен 60-қа жуық жігітті атқа қондырды…» Мәліметінің соңында Дулатовтың «Мәдияр», Қадырбаевтың «Өтей», Есболовтың «Шымболат» руларынан, ал қалғандары басқа губерниялардан екенін хабарлайды.
Баяндалған мәліметтің екінші жартысында «Балықтың» алаштық тұлғаларға байланысты кімнің қай ру мен өңірден екендігіне назар аударуы жәйдан-жәй еместігі түсінікті. «Балық» бұл арада қожайындарының тапсырмасын орындап отыр (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 б: 17).
Келесі «Валидов» деген агент осы 1936 жылғы 9 желтоқсанға тиесілі мәліметінде С.Қаратілеуов басқарған отрядтың Қайдауыл болыстығындағы Амангелді Иманов ауылына яғни осы өңірдегі қыпшақ жұртына жасаған қиянаттары туралы баяндайды (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 б: 18).
Бұл арада НКВД агенттерінің қазақ ішіндегі аса нәзік нәрсе – руаралық фактілерге қатысты мәліметтер беруі олардың арнайы тапсырма орындағанын көрсетеді.
НКВД тергеушілеріне тергеудегі кісілердің саяси ұстанымына қатысты фактілерді, мейлі ол 20 жыл бұрынғы уақытқа тиесілі болсын, түрлі жолдармен анықтап табу аса маңызды еді. Ол фактілер әйтеуір қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысы болса жеткілікті. Мәселен, 1937 жылы 31 қаңтарда НКВД тергеушісі қамаудағы С.Қаратілеуовтің Мұстафа Шоқайды әйелімен Ақтөбе қаласында күтіп алып, оларды Темірдегі А.Кенжиннің үйіне жеткізіп, қонақтарының аялдауы қандай себептерге байланысты он шақты күнге созылғаны туралы А.Кенжиннен егжей-тегжейлі жауап алады. Сонымен бірге М.Шоқайдың қандай мақсатпен ел аралап жүргені, аттанар алдында қандай директивалық тапсырмалар бергені туралы да сауалдар қойылады (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 б: 20-24об).
Бұл баяндалған фактілерден тергеушілердің түркістандық және қазақ ұлт-азаттық қозғалысындағы М.Шоқайдың рөлін қатесіз анық білетіндігі, сонымен бірге қазақ қоғамында азаттық үшін күрес ұстанымындағы құпия ұйымдар мен жеке тұлғалардың әлі де болуы мүмкін-ау деген сезікте екендігі байқалады.
С.Қаратілеуовтің саяси көзқарасы мен ұстанымы 1937 жылы 17-18 сәуір күндері берген көрсетуінде біршама жинақы түрде берілген.
Ол коммунистік партия қатарына 1919 жылдың соңында Алашорданы жою қарсаңында кіргенін, дегенмен ұлт-азаттық ұстанымдағы көзқарасы сол бастапқы күйінде сақталып, партия қатарында жүріп те оның тапсырмаларын орындауға келгенде жан дүниесіндегі сәйкессіздік ылғи білініп отырғанын, осы арнада ұлтшылдық ұстанымдағы қызметтестерімен мынадай мәселелерге байланысты жақын болғанын баяндайды. Ол:
«1) Мен Қазақстанға автономиялық республика ретінде берілген құқықтар мен еркіндік деңгей жеткіліксіз, республиканың, әсіресе, бюджет саласындағы, сондай-ақ шаруашылық жүргізудегі одақтық мекемелерге тәуелділігі тым ауқымды деген түсінікте болдым;
2) мен партия ауылдағы таптық жіктелудің маңызын асыра бағалап, қате жолда тұр, байларға қатысты саясаты шектен тыс қатал, жалпы ауылдағы жаңа бастамалар тапаралық шиеленіс бағытында емес, бейбіт, азаматтық келісімді негізге алып жүргізілгені дұрыс деген пікірді жақтадым;
3) жер мәселесінде мен бірінші кезекте шешілуге тиіс өзекті мәселе ретінде алдымен қазақ жұртын түгелдей жерге орналастырып алуды қажет санадым..;
4) сондай-ақ мені елдегі советтік, партиялық аппаратты қазақтандыру деңгейі де мүлдем қанағаттандырған емес, өйткені менің түсінігімде еуропалық қызметкерлер жергілікті халықтың өмір сүру салтын терең ұғына алмағандықтан қазақ ауылындағы жаңа құрылысты тура басқара алмайды, мәселе Губком мен Крайком аппаратындағы хатшыларды қазақтардан қоюмен бітпейді деген тұжырымда болдым» (ҚР ІІМ АҚДА, 8366 а: 14-16).
Сәлімгерей Алпанұлы осы баяндалған мәселелерге байланысты көзқарасының, әсіресе, жер мәселесі мен қазақ елін басқару ісіндегі партиялық басшылыққа наразылықтың Ж.Сұлтанбеков және басқа қазақ ұлтшылдарымен жақындасуға, тіптен Қызылордада қызметте жүрген зиновьевтік оппозиция өкілдерімен бір блок құру жолдарын қарастыруға итермелегенін баяндайды.
Мұндай ұстанымы мен әрекеті оған 1928 жылы Егіншілік комиссариатындағы мәртебелі қызметінен Темір қаласындағы тәжірибе станциясына директорлық жұмысқа ауыстырылуымен аяқталған. Жағыпар Сұлтанбековпен екеуара әңгімеде елде басталған аштық пен халық толқуларының негізінде орталық билік пен оның өкілі Ф.Голощекин жүргізген қате әлеуметтік-экономикалық және кадр саясаты жатқаны туралы ортақ пікірде болғандықтарын баяндайды. Мәселен, ол «Голощекиннің шаруашылық жүргізу және мәдениет салаларындағы білімі өте таяз, ал Исаев пен Құрамысовтың бұл реттегі даярлығы одан да төмен» деген тұжырымға келеді. Ғ.Мырзағалиев пен А.Кенжин де осы пікірде болғанын білдіреді.
1929 ж. партиялық тазалау барысында С.Қаратілеуов партиядан шығарылып, ОГПУ-ге тергеуге шақырылады. 1930 жылдың басында жұмысынан босатылып, Мәскеуге аттанады яғни елден кетуге мәжбүр болады. 1929-1931 жж. халық көтерілістері, сондай-ақ 1928-1933 жж. ашаршылық жылдары елден тыс, денсаулығына байланысты және басқа себептермен сыртта болып, 1935 жылы О.Исаев пен басқалардың шақыруымен елге оралады. Елдегі жағдай бұл кезде күрделене түскен еді. Ашаршылық жылдарындағы қырғыннан соң партияның Орталық Комитеті тиесілі қорытынды шығарып, «Мәскеуден Қазақстанды басқаруға Т.Рысқұловты жібереді екен, Н.Нұрмақов та елге қайтады екен» деп ел ішін кезген сөз жәй қауесет болып шықты. Апатты қырғыннан соң Мәскеулік биліктің қазақ халқының өміріне байланысты «көзқарасын өзгертуі мүмкін» деген үміт ақталмады. И.Сталин, Орталық бұл жолы да қазақтардың өздерін өздері басқарғанын хош көрмеді.
Сәлімгерей Алпанұлы Егіншілік комиссариатында бірге қызметте болған (1926-1927 жж.) ортақ ұстаным, пікірдегі Жағыпар Сұлтанбековпен кездесіп, оның да партия қатарынан шығарылып, абақтыда жатқан Ыдырыс Мұстамбайұлының ісіне байланысты қайта-қайта тергеуге тартылып, елден кетуге ылаж таппай жүргенін байқап, өзінің де елге оралғанына іштей өкінеді (ҚР ІІМ АҚДА, 8366а: 14-39).
1936 жылы 14 қарашада С.Қаратілеуов НКВД органдары тарапынан қамауға алынып, бір жыл үш жарым ай абақтыда жатады, 1938 жылы 26 ақпанда ССРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының шешімімен РСФСР ҚК 58-7, 58-8, 58-11 және 58-13 бабы бойынша «контрреволюциялық оңшыл троцкистшіл террористік ұйыммен бірлікте әрекет жасаған буржуазиялық-ұлтшыл көтерілісшіл ұйымның мүшесі» ретінде ең жоғарғы қылмыстық жазаға кесіледі – ату жазасына бұйырылады (ҚР ІІМ АҚДА, 8366б: 148-151об).
Советтік билік, оның идеологиялық аппараты Сәлімгерей Алпанұлы Қаратілеуовтің Алаш партиясында мүшелікте болып, оның атынан Бүкілресейлік құрылтай жиналысына депутат ретінде сайланып, өз еркімен Алаш – Қазақ ұлт-азаттық әскеріне кіріп, большевиктік ұстанымдағы А.Иманов пен Л.Таранды отрядтарымен бірге жою ісіне, сондай-ақ жаңа өкімет тарапынан қудалауға ұшыраған М.Шоқайды Ақтөбе арқылы шетел асыру шарасына белсенді атсалысқанын, сондай-ақ Егіншілік комиссариатында қызметте жүріп Орталық өкіметтің қазақ жеріне қатысты үстем пиғылды ұстанымына Ә.Бөкейхановтың қолдауымен қарсылық көрсеткенін, жалпы қазақ ұлт-азаттық қозғалысындағы белсенді де жігерлі қызметін елеусіз қалдырған жоқ.

Мәмбет Қойгелдиев

Пікір қалдыру