АБАЙ АУЫЛЫНДА

 Биыл ұлы Абайдың 180 жылдық мерейлі мерекесімен орайлас келіп отырған көрнекті халық жазушысы, абайтанушы-мұхтартанушы, майдангер, ұстаз Кәмен Оразалиннің туғанына да 105 жыл толып отыр.

К.Оразалиннің «Абайдан соң» роман-тетралогиясының алғашқы нұсқасынан үзінді (1 кітап, екінші тарау) 1964 жылы жергілікті Абай аудандық «Совхоз туы» газетінің (25-27.09.64.) №116, №117 сандарында «Абай ауылында» деген атпен жарияланған болатын. Бірақ, сол кездегі солақай саясат «жазылып жатқан кітапта феодал, алашаордашыл адамдардың аттары кіріп кеткен» деген желеумен, кітаптың шығуына көп кедергі келтіріп, сегіз жылдан кейін ғана 1972 жылы кітап жарыққа шыққан болатын. Бірақ, сол уақытқа орай жазушы шығармасындағы Абайдың інісі Шәкәрім мен баласы Тұрағұлдың аттары өзгертілді.

Жазушы К.Оразалиннің 105 жылдығына орай бүгінгі нөмірімізде сол кездегі бірінші кітаптың алғашқы нұсқасынан (екінші тарау) үзінді жариялап отырмыз.

  Абай өткен соң дүние бір жолата күйреп кеткендей сезінген Әйгерім, Ақылбай өлімінен тағы бір қасіретті қаза таныды. Айналасы сексен күннің ішінде үш бірдей асыл жан бұл дүниеден кетті. Кейде, «енді кім қалды?»… дегендей боп жан-жағына ойымен көз жіберетін ол, бір сәт орны үңірейген жандарды байқағанымен асып-төгіліп, келіп-кетіп жатқан ел толқыны көңілге демеу, бойға қайрат беретін.

Абайдың көзі тірі кезінде де бұл үйден адам арылып көрген жоқ. Нендейлік думан, сән салтанатты өз қолынан жөнелтіп еді, Әйгерім. Сондағы көрген жандары аз ба еді?

Абайдың тіршілігі байқатпай ма, жоқ әлде сондағы көріністің шама-шарқы олқы ма, дәл бұл күндердегідей өз үйіне күндіз не түн демей ағылған адам тасқынын көрген емес.

Тегінде, Абайдың тірі кезінің өзінде Әйгерімнің дастарханы жайылып, келушінің ойсыраған күні жоқ. Бірақ, дәл бұл күндердегідей адам – молшылығын тани білген жері жоқ болатын.

Бұл күндері Ақылбай мен Мағыштардың іргелері жылына жайлау күндерінде ғана жақындасатын бөлек-бөлек ауылдар бар еді. Қазіргі тіршілік бұларды күз уақытында да ажыратпай бірін-бірі сағалаған шаққа душар етті. Балалардың сабаққа баратын жұма күнін біліп отырған Әйгерім кеше Тұрағұлдың келуінен көпті күткен.

Тұрағұл да енші алып, бөлек кеткен баласы болғанымен бүгін әдейі қонуға арнап келген ыңғай танытты. Басқа уақыттарда да әкесінің орнына келіншегімен бірнеше күндерді өткізетін ол, бұл жолы жалғыз келді. Әр жыл осындай күзгі шақта, ел балаларын берер кезде Абай алдына келушілер мол-мол сыр қозғайтын. Нендейлік арман айтылмаушы еді сонда?…

Сол әкесімен болған әңгімелерін есіне түсірді ме, жоқ әлде, ағалары Ақылбай мен Мағауияны жоқтады ма күздің ұзақ жауынды түнін бүгін ұйқысыз өткізді. Өзінен гөрі қайтыс болған екі баласының үй-ішін уатуға жасы үлкендеу туыстар солардың маңында көбірек болуын өсиет еткен де, Әйгерімнің өзі болатын. Сондықтан да Тұрағұлға «қарағым неге жалғыз келдің», — дей алған жоқ.

Тұрағұл жауынды түннің көбін далада өткізді. Үйге келген шағында да бел шешіп жата алмай, киімшең жантайып уһледі. Әйгерім баласының бұл күйін танымайды емес. Бірақ, әлденелерді сұрап Тұрашының өзімен-өзі қапалықта өткізген шағын бұзбады.

Баласының күйін ұққан Әйгерім өзі не күйде? Бауырында бала болғанымен Абайдай сүйген жар қайрылмасқа кетті. Пендешілікпен бір төсекте жастықтас болғандығын арқаланып Әйгерімнің де сөзге кезек алып жүрген уақыттары болғанды.

Тірлікте түсінгенімен арғы қасиетін аңдамаған екен. Енді, бүгін соның бәрінен айырылып, қаншалықты жан рахатын көргендей? Әйгерім Тұрағұлға қарағым, сырқаттандың ба, неге мазасыздандың? – деуге батылы жетпейді.

Ана мен бала сөз қозғаса-ақ, мына жауынды қараңғы қапырық түн тынысы атаулыны бір жолата өшірердей ызғар шашты.

Түн ұзақ па, ой ұзақ па оншасын болжауға шыдамы жетпеген Әйгерім таң атуға тақалды-ау деп болжағаннан кейін, күннің шығар сәтін күтіп мазасызданған-ды. Абай өзі бар кезінде де «бұзылған тамдағы» сабақ басталатын жұмада күн шыға үйге от салғызып, «қуаныш сәтін» күтіп отыратын. Мұндайлық Абай көңілінің байлауы көпке үлгі болып кетті де, кімде-кім болсын сабақ басталатын күні ретінде қарсы алушы еді. Жылда Абай үйімен ілесіп, қазан көтеретін ел биыл сол қамқоршы жанның жоқтығын сезінбестей етуі шарт. Сондықтан өз үйіне көптің көз тігіп, барлық тіршілік тұтқасы Абай атымен байланысты деп жоритын қауым алдында бұрынғы салтты Әйгерім де өзгерте алған жоқ. Тілеу-ниетін көпке арнаған үй ішінің бүгінгі ерте қозғалған ыңғайынан-ақ жұрттың аңсағаны орындалғандай болатын.

Шешесі таңғы шәйдің дастарханын жасауға рұқсат еткенге дейін үндемеген Тұрағұл енді, міне өз тілегін айтты:

– Тәте, Мүрсейітті шақыртып алсақ деп едім. Сөз осымен бітіп қалды. Баласының не себеппен Мүрсейітті шақыртқанын түсінгендей үнсіз бас изеп үй қызметіндегі келінінің бірін жұмсап еді. Арада көп ұзаған жоқ сәлем беріп жасы қырықтардың ішіндегі сұлу өсірілген сақалына буырыл араласа қоймаған, үлкен көзді ақсары орташа денелі адам келіп кірді. Оның жүріс-тұрысы жинақы екен. Кебісін тез шешіп, түзу денесін тік ұстаған күйінде төрге жоғарлады да, Тұрағұлдың оң жағынан жайғасты.

Сәлден кейін басындағы қара барқыт тақиясын қозғай түсіп, Әйгерімнің жүзіне аса зор инабаттылықпен, рұқсат сұраған ажармен қарады.

– Жеңеше, күн сылбыраң болған соң кешігіңкіреп келермін деп уақыт күткен ем, шақыртып келгеніме кешірім өтінемін. Әйгерім Мүрсейіттің сөзіне ден қойып, ризалық білдірген белгі етті.

Мүрсейіт малдасын құрып отырған болатын. Аспазшы келіншектің құйған шәйін де ұмтылып, алдына тартқан күйі сөзін жалғастырды.

– Абай ағамызға «аллаһпар»!-айтып, дұға жасаушылар аз емес. Көбінің бары сол шығар. Мүрсейіт осы бір сөздерінің өзін екшеп, нақысына келтіре жайлап айтты. Тәрізі ол сөйлеген сөздерін де соншама ұқыптылықпен дәл басып, анықтай жеткізгенді ұнататын жан сияқтанды.

Үй-іші оның ыңғайын бұрыннан аңдап бақса керек. Тұрағұл оның сөзінің әлі бітпегенін біле отырып, күйін өзгерткен жоқ.

– Тұраш інім бәрімізге ортақ игілікке апаратын қасиетті аманат жүктеп еді, жеңеше, — деп өзінің сөзіне ден қоя тыңдап отырған Әйгерімге әдейі арнаған ой түйінін аңдатты.

– Күз күні сылбыраң болғанымен, осы өткен жұма маған мол қазынаны реттетті. Салқын күні жылы үйдегі от басында Абай ағамның өлеңдерін көшіре отырып, жаттағанға не жетсін! Бұл менің Тұрашым тауып берген ендігі өмірімнің көш басшысы болар ма деп шамалаймын.

Мүрсейіт Бікі баласы өз руы Әнеттен бөлініп, біржолата Абай ауылының туысы болып кеткен. Кейінгі жылдары Ысқақтың үйімен еншілес дос адам қатарына жеткен Мүрсейіт тәрбиені де Абай маңынан алғанымен бертін келе Абай өлеңдері қолына тиген соң бүтіндей өзгерген жан. Тіпті, орыс ғылымына ден қойып, өз бетімен Семей қаласын аралауға жараған қыр қазағының бірі еді.

Абай өткеннен кейін Тұрағұл мен Кәкітайдың ойына жаңадан бір арман ұялады. Ол – Абайдың жазғандарын бір жинап бастыру. Бірлі-жарым ғана өлеңдері жарық көргені болмаса, әлі жинаусыз Абай шығармаларын іздестіріп, қағаз бетіне түсіру шарт.

Бұл міндет ел арасында, осы ауылда орындалуды тілейді. Содан кейін жоғарғы орыннан ізденіп Абай шығармаларын кітап етіп бастырса, өлі аруақ, бүгінгі тірі ағайын туыстары да риза болар — деп шамаласқан.

Мүрсейіт Абайдың тірі кезінің өзінде-ақ, оның өлеңдерін ауыстыртпай дәл көшіретін, әрі анық, әдемі етіп жазатын шеберлігімен көзге түскені бар. Басқа орыннан іздегенге дейін әкесінің өлеңдерін ел ішінен жиып, әзірлік жұмысын дайындауда Тұрағұл осы Мүрсейітті қолайлаған. Кәкітаймен ақылдасқанда, ол да өз арманының ендігі бір аңсаған биігі екенін айтты.

Осылайша, бұл әңгіме Тұраштың аузымен Әйгерімге жеткізілген болатын. Оған көп күндер болған жоқ. Қазір өз ісінен рахат тауып, жадырап отырған Мүрсейіттің сөзі Әйгерімді қобалжытқан болатын.

– Кешегі Абай марқұм жоғын өзіңізден іздеттіретін еді. Балалар ісінің дұрыстығын сізден көріп отырған сияқтымын. «Абайымыз» деуші еді көпшілік. Іні бауырларымыздың мақсатына басшы бола көріңіз. Осыдан соң Әйгерім шәй құйып беріп отырған келіншекке отты тоқсыра қалата түсіп, аздан соң, ауыр күрсініп барып ойын қайта жалғастырды.

– Абай марқұмның көп сөзі маған таныс болмағанымен, ана Тұраш екеуіңізге қанық шығар. Елінің елдігіне көңілі жібіп өткен жоқ қой. Әйел деген сырлы бір жан екенін енді тандым білем. Жарға жардың ақырғы қош айтар қабір басы емес пе? Сол еншіні де бізге қимаған.

Осы бір сәтте Әйгерімнің дауысы дірілдеңкірей, ойын бөліп-бөліп айта бастады. Бірақ, отырыс күйінен айнымай әлде кімдерге кінә артқандай, өкініш өксігін ақтара сөйледі.

– Кенжем Абаймен туысты. Бір бейітте жатқанын қомсынбаймын. Абайды Абай деп басына жеке белгі жасай алғамыз жоқ… Өзінен қалған азды-көпті дүние бар. Аямаймын Күке, соны балалары әкесінің жазғанын бастыруға жұмсасын…

Бұдан әрі Әйгерім сөйлей алған жоқ. Жасқа толы көңілін тыйып, үнсіз қалды. Сонда да оның тынысындағы ауыр күй үй ішіндегілерді де бірге тұнжыратып, сирек қабақ қақтырған болатын.

Осы кезде сыртта суыт жүрісті адамдардың ат тұмсығын тіреген жүрісі білінді. Қысқа — қысқа амандық жөнін қатысқан сөздер де естіліп, жүріс нығая осы үйдің табалдырығын нұсқайды.

Сырттағы қозғалыс үнін естісімен-ақ, Әйгерім кимешек — шәршісін түзеңкірей, жасқа оралған ойлы көздерін сүртіп-сүртіп жіберді де, денесін тез жинап ап, еңсесін көтере есікке бұрылды.

Анасының қозғалыс ыңғайы үй-ішіндегілерге де бір сілкініс тудырғандай сақтандырған. Есіктен Шәкәрім тек өзіне ғана жарасымды тынысы кең мол үнімен:

– Ассалаумағлейкөм! – деді. Мұның артында ілесе келе жатқан Кәкітай да жіңішке дауысымен Шәкәрім дауысын соза түсті. Бұл екеуінің де көптен бері Абай үйіне келіп отырғаны осы болатын-ды.

Алғаш ел жайлаудан бауырға құлағанда өз үйлерін осы бұзылған тамға әкеп орналастырғаннан кейін Шәкәрім Тышқандағы Ақылбайдың, Мағыштың бейітін көтеруге аттанған-ды. Оған жиырма шақты күн өтті. Қазіргі ыңғайлары сол жұмыстарын бітіріп келгенге ұқсайды.

Бұл екеуі Абайдың тірі кезінде осындай бір жұмысты бітірген шақта ғана арнайы сәлем бере келетін. Сондай сәтті көп көрген Әйгерім қайнысы мен баласы кіріп келген кезде көзіне тірі Абайды елестететін сияқтанды. Ол жан-жағына жалтақтап қарай түскенімен Абайды көре алған жоқ. Мүмкін көзіне толып кеткен жас қаға беріс жасаған да бола ма? Әйтеуір сырттан келген жолаушылардың қозғалысы мен амандасулары әлсін-әлсін Абай орнына көзін үңілте түсті.

Ендігі бір сәтте анасының өзгеріс күйін аңдағандай болған Тұрағұл:

«Мұныңыз не?» – деп қарап қалғанын танып еді. Баласының көз қарасынан көпті түсінген Әйгерім өз ойынан сілкініп ажырасқандай ілезде айығып кетті.

Бұл уақытта Шәкәрім мен Кәкітай су киімдерін шешіп босаға жаққа іліп үлгерген еді.

Дастархан басына еркінірек жайғасып қалған Тұрағұл мен Мүрсейіт те оларға қызмет етіп төрді нұсқап тұр.

Осының бәрі аз уақыт ішінде өткенмен Әйгерім көп нәрсені аңдап, болжай қалды. Тағы бір қарбалас шақта Абай, Ақылбай, Мағауия бәрі-бәрі де үй-ішінде анталаса қалғандай елестеген болатын. Әлден соң:

– Төрге шығыңыздар? – деген Тұрағұл сөзінен кейін ғана өзіне қайта келгендей болған Әйгерім, Шәкәрім мен Кәкітайдың әлі де дастархан басына келмей шешінген бойда өзіне қарап қалғанын аңғарса керек.

Енді, қайнысы мен баласына түс тоқтата қараған ол мұндайлық қат-қабат шақта бірден үн қата алған жоқ.

Шәкәрімнің мол денесі де толығынан, толықтығынан айрылып қалғандай сыптығырланып, сақалы, өсіңкіреп кетіпті. Биік маңдайында қатпарлар молайып, бет-бейнесі салбыраңқы тартқан. Бұрынғы ажарлы өңі сынық. Оның үстіне су өткен киімдері де көріктілік беріп тұрған жоқ. Ал, жаратылысында бойшаң емес, Кәкітай қазір қартайып, азып, жүдеп қалыпты. Шүңірейген көз жанарында қажыған жанның азалы ізі бар. Тіпті, бір сәтке осы дүниенің бәрінен түңіліп келгендей сағы сынып, құр тірлік сүлдермен жан-жағына аңырып қарайды.

– Ақылбай, Мағауиямен бір жолата қош айтысып келген беттерің ғой…

Бұлар келгеннен бергі қысталаң шақтан жаңа ғана тыныс тапқандай Әйгерім сөзінің ақырын өз мәнінде айта алмай үнсіз қалып кетеді.

Көп атынан айтылғандай әлгі сөз Шәкәрім мен Кәкітайды да қайра жауапқа тартты. Жетектеген жоқ. Олар төр алдына ибамен көтерілді де ауырлау қозғалыспен баяулап жайғасты.

Үй-іші жым-жырт. Шаңырақтан сапырлата салғыласып жақпар-жақпар күздің түсі суық үңірейген қара-қошқыл бұлттары асығыс өтіп жатыр. Анда-санда болмашы жаңбыр тамшылары сіркірейді. Құлын кісінеп, бұзау мөңіресе болды адам дауыстары жиілеп естіледі. Жел қатая түскен. Түтін атаулы төбеден суырыла тартып, кигіз есіктің етегін есікке сілтей ұрып қалып тұр. Аздан соң үй-ішінде орнаған мол тыныштық Әйгерімнің өксікті үніне қайта ауысты.

– Күн өзге, түн өзге болғанынан Абай, Мағаш, Ақылбайды ұмыта алар ма екем. Сендер бейіт көтеруге кеткеннің өзін тірі адамға жасалған қамдай көретінмін. Оларға істелетін іс көп тәрізденіп, тіпті бізден қол үзбей бірге жүре беретіндей өлімге қиған шағым жоқ.

Әйгерімнің бұл соңғы сөзіне де үн қатқан ешкім болмады. Бәрі-бәрі де сөзге аралассақ-ақ, өздерінің ауыр күйлерін қозғап алатын сияқтанып, үнсіз.

Тек, қана шәй құйып отырған келіншектің қымсына қимылдаған қозғалысы бар. Бар денесі қалжырай ма, жоқ әлде, икімі қашқан ба, әйтеуір, қолдары дірілдеп, жүзін жоғары көтермейді.

Үй-ішіндегі тыныштық біразға созылған шақ болатын. Есік сыртына жақындай адам жүрістері білінді. Бұлар Мұхтар мен Ахметті жетектеген Дінәсіл мен Әуез. Және қастарында Қасымбек бар.

Үлкен адамдардың келуі үй-ішіндегі үнсіздікті тез сейілтіп жіберді. Жамыраса амандасып, бауырдағы елдің жай күйі де қысқа-қысқа сөз орамына ілініп ақыры Әуез Ақылбай мен Мағаш бейітінің көтерілуін қазаның соңғы белгісі болсын деген тілек айтты. Отырғандар да бұл сөзді жедел қостай, бәрі-бәрі де еселеп құйылған ыстық шайға таман жақындай берді.

Әйгерім дастарханға жаңадан бауырсақ, мейіз төктіріп, өз қолымен тәрелкедегі балды Дінәсіл мен Әуездің алдына таман сырыңқырап:

– Менің кішкене нағашымның сапары қайырлы болсын, — деді. Мұхтарымыздың сабаққа ынтасы бар тәтесі, анада Семейде байқағанмын. Жақсы келдің айналайын таңғы дәмге, жақсы оқитын бол.

– Айтсын, тәтесі, – дейді, ойындағы арманын естіген Дінәсіл.

– Балаларым көп болғанымен Мұхтарыма тілегім ауып еді. Баласының алдын қай ата – дәл болжай алған? Үміт шіркін сөне ме? Мына Қасымбекті де ренжітіп, Мұхтарды өз қолымда оқытқалы отырмын, әзір Ахмет екеуін ажыраттырмаймын. Жаңа сапарға арнап шыққан жолында әдейі осы үйге алып келдім.

– Дұрыс табылған ақыл.

– Тілегіңіз қабыл болсын.

– Орайы осы, – дескен сөздер естілді.

Көп тілегі көңілін көтере түскен Дінәсіл баласының алдына таман тағамды сырыңқырап жатыр.

– Енді атаң үйінің дастарханынан тамақ ішіңдер.

Мұхтар әкесінің бұл сөзіне де етпеттей беріле қойған жоқ. Қымсыну мен қыстығу да аңғартпайды. Дәлді бір нәрсеге үңіле қарайтындығын да білу қиын. Әйтеуір маужыраңқы тарқан ажармен өзімен-өзі әлденені күткен ыңғайы бар сияқты. Үй ішіндегі сөздің бәріне әбден кәнігі болғандай алаңдамайды. Өзінің күткен бір межесі бардай сол ойының ыңғайынан шыға алмаған күйі бар. Ол қазір шай ішіп отыр. Дастархан басындағылардың бірде-біріне бұрылмастан ауық-ауық шаңыраққа қарайды. Әлі де жосылып жатқан ызғарлы бұлттың шамасын күні бұрын болжап қойғандай оған деген қызға қарауы жоқ. Кейде, сырттағы үйге құлақ түріп, селт етіп қалып отыр. Тағы бір орайда әлде неге алақызып ұшқын шашқан ойлы көздері сәл жасаураған сияқтанып кірпіктерін сирек қағады.

Бірақ, баланың бұл күйін қазір кім тап басып ажырата алғандай.

Дінәсілдің Мұхтарға арнаған сөзінің жалғасындай аздан соң Әйгерім жөн-жобаға ауысты.

– Абайдың іні, балаларының бас қосқан сәтінде Мұхтаржан дәл келді білем нағашы әже?! Інім мен Кәкітай келген соң, ойға әр нәрсе оралған еді. Бәрінен де мына Мүкең……отыр.

Бұл сөзге соңғы келгендер түсіне алмай қалды. «Ол не әңгіме жөні» дегендей Әуез бен Дінәсіл әр кешіне бір көз қиығын тастатқан болатын. Әңгіме өзі туралы қозғалған кезде Мүрсейіт кеседегі шәйін үстел үстіне қойып Әйгерімге кішілік құрмет көрсете берді.

– Мына іні-балалары Абайдың сөздерін Мүкеңе жаздырып жатыр. Семейде кітап қып бастыра алмаса Әбдірахман оқыған…..дейін қуынбақ. Бізден не көрді Абай, өзінен қалған пұлын осы жолдан аямаңдар деп отырмын. Әруақ жар болсын!

– Алла қабыл қылсын, – деп Әуез бен Дінәсіл жарыса үн қатты. Бұл сөздерден бәрінің де жүзіне жылылық жүгіріп, көңілдері жадыраған адамдар Әйгерімнің ыңғайына қарай ойыса берді.

– Жеңешем дұрыс айтып отыр нағашы, – деді Шәкәрім, – біз басына бейіт тұрғызған Мағауия мен Ақылбай да ұмыт болатын адамдар емес. Абай ағам сияқты олардың да келешегі бар. Сол себептерден біздің басымыз аман, малымыз түгел.

Бұзылған тамда жас баланы алғаш сабаққа беру – дағдымызға айналған ғой. Мына Кәкітай екеуміз Тышқаннан түн қатып жеткеніміз осы. Мұхтарыңыздың сабаққа барғаны қайырлы болсын нағашы әже!

– Айттсын қарағым. Оқытатын молдасының жөн-жосығын да білгеніміз жоқ. Ең алдымен Абай қарағымның дастарханын ырым көріп, осында әкеп отырмыз.

Балаларды оқытатын молда жәйы Шәкәрім мен Кәкітайға белгісіз әңгіме екен

«Мұның мәнісі қалай еді?» – дегендей олар Тұрағұлдан жауап күтіп қалды. Тұрағұлдың Мүрсейітті шақыртқан жайын енді-енді аңдаған Әйгерім баласын тыңдағысы келген ыңғай аңдатты.

Үй-ішіндегілердің тегіс өзіне аңтарыла қалғанын көріп отырғанмен Тұрағұл жауапқа сасқан жоқ. Өзіне тән мызғымайтын берік күйімен біраз ойланып барып сөзін бастады.

– Абай ағамның өлеңдерін жинастырып жатқан соң күн бұрын алаңдатпаймын,-деп Мүкеңе еш нәрсе айта қойған жоқ едім. Талай-талай молдаларға балаларымызды оқытып көрдік қой. Биылша шет жақтан кісі іздемей-ақ, өз адамымызға оқытсақ қолайлырақ болатын шығар деген ойым бар. Менің мына жас балаларға ұстаз тағайындамағым сіз едіңіз, бұған қалай қарайсыз Мүке!

– Жолың болсын қарағым Мүрсейіт, – деді Дінәсіл, – кеше Бікі марқұм өзіңді қандай тәрбиелеп еді, бәрін де білесің, көрдің.

Мүрсейіт бір сәтке аңырғандай бөгеліс тапты да сонан соң жедел үн қатты.

– Көптен үлкенмін бе, қисыны осылай келсе, сөзіңіз сөз қарағым Тұраш!

Сабақты кімнен оқитынын енді ғана білген Мұхтар Мүрсейіттің жүзіне тесіле қарады…

 Кәмен ОРАЗАЛИН

 25-27 қыркүйек, 1964 жыл




ПІКІР ЖАЗУ