Абай поэзиясы: Мәңгілік қайшылықтар үндестігі

Абай өлеңдерін бастап оқығаннан-ақ, бірден көзге шалынатын нәрсе – ақын шығармаларындағы түрлі сезім, мінез, ұғым, сыр-сипаттар мен сан алуан ситуациялық сәттердің қайшылықты көрінісі. Жалпы, айналамыздағы тұрмыс-тіршілік қана емес, төрткүл дүниенің тек қана қарама-қарсы құбылыс-әрекеттердің үйлесімінен құрылғандығы хақиқат. Әлемдік тартылыс күші де осынау ұлы диалектика заңына бағынады. Алайда, Абай поэзиясында шектен тыс қоюланған қайшылықтар төркіні қайдан бастау алған? Мұның өзі ұлы ақын таңдаған әдеби стиль үлгісі ме, әлде өзі қалаған көркемдік әдіс-амалы ма? Осы тектес сұрақтар ойлы оқырмандарды мазаламай қоймайды. Десе де, бұл мәселеге берер сөзбен жауап табу қиын. Бірде өз-өзіне оппозициялық, енді бірде антогонистік сипат алып, көріктен шыққан желдей өлеңнің отын лаулата түсетін, бірақ бір-біріне қабыспай ат құлағынша қайшыласқан сөздердің астарында нендей сыр, нендей сиқыр жатқанын да сезе алармыз ба?
Бұған жауап іздеу үшін, алдымен Абай поэзиясында өте жиі кездесетін қарама-қайшы сарындарды белгілі бір тәртіпке салып жүйелеп көреміз. Солай еткенде ақын өлеңдерінде қолданылған антонимдік лексика мен оған мәндес, шендесе сабақтасқан ұғымдардың түрлік, тектік немесе категориялық табиғатын толық тани аламыз. Осы мақсатпен Абай шығармаларының мәтініне эксперименттік шолу жүргізгенде, ойшыл ақын қырықтан аса қарама-қайшы сөздер мен сөз тіркестерін қолданғанын және антонимдік лексика оның барлық өлеңдерінде дерлік ұшырасатынын байқаймыз. Абай оларды әдейі іріктеп алғандай, өлеңінің кез-келген тұсында әр алуан грамматикалық тұлғада емін-еркін пайдаланған. Мәселен, ақын поэзиясында синтаксистік және морфологиялық тәсілдерді жиі қолданған. Бұл қатарда қос сөздер, сөз тіркестері, жалғаулықтар, есім сөздер, үстеулер, етістіктер арқылы жасалған қарама-қарсы сөздер негізгі орынға ие. Абай шығармашылығындағы қайшылықтарды ғылыми-философиялық категориялар тұрғысынан мынадай негізгі 2 топқа бөлуге болады: 1) Жаратылыс қайшылығы. 2) Әлеуметтік қайшылықтар. Аталған қайшылықтарды іштей тағы бірнеше кіші топтарға жіктейміз.
Осыған орай алдымен, жаратылыс қайшылықтары ретінде:
а) мезгілдік-мекендік (жаз бен қыс, өткен мен бүгін, алыс пен жақын, күн мен түн т.б.
ә) сапалық-физиологиялық (өмір мен өлім, ауру мен сау, адал мен арам, ақ пен қара, жас пен кәрі, аға мен іні, үлкен мен кіші, , т.б
б) жыныстық (қыз бен жігіт, ер мен әйел, кемпір мен шал)антонимдік қатарын атаймыз.
Ал әлеуметтік қайшылықтардың төмендегі түрлері ақын поэзиясында тұрақты тақырыптық және мазмұндық мотивтер санатына енеді:
а) қоғамдық-әлеуметтік (бай мен кедей, ақылды-надан, көп пен жалғыз,т.б);
ә) әлеуметтік-психологиялық (махаббат пен ғадауат, дос-дұшпан, арлы-ұятсыз, иманды-имансыз, үміт-өкініш, дархан-сараң, күншілдік пен татулық, жалқаулық-еңбекқорлық, т.б);
б) әлеуметтік-философиялық (ақиқат-жалған, бейнет-дәулет, қанағат-нәпсі, шын-өтірік, мехнат-зейнет т.б);
в) әлеуметтік-этникалық (қазақ-орыс, т.б.);
г)әлеуметтік-сапалық (жақсы-жаман,пысық-сынық,қатыгез-момын, пейілді-мейірсіз, арзан-қымбат, бар мен жоқ, аш пен тоқ, т.б);
е) әлеуметтік-діни (мұсылман-кәпір).
Атап өтетін жайт, бұл аталған қайшылықтар категориясының лексикалық топтары бір өлеңнің өзінде аралас-құралас ұшыраса береді. Айталық, Абайдың бозбала шағында туған «Сап, сап, көңілім, сап, көңілім» атты өлеңінде жаратылыс қайшылығына тиесілі мынадай антонимдік ұғымдар бар:
Күні-түні жай таппай?…
Ауру да емес, сау да емес…
Адалды сатсаң арамға…
Мұнда мекендік-мезгілдік және сапалық физиологиялық қайшы сөздер қатары алғашқысында қосарлана үндесіп, риторикалық сауалдың уақытын пысықтап тұр, екіншісінде «ауру-сау» антонимдері болымсыз етістік арқылы жас адам көңіліндегі екіұдай қалыпты танытса, үшіншісінде адал мен арам антонимдік қатары алдыңғы тармақтың (иман мен дәулет бітер ме?) сауалына жауап қатып тұр. Мысалда келтірілген сөздер бір-біріне оппозициялық қатынаста болғанымен, Абайдың қолданысында олардың қызмет аясы өзгеше міндет – поэтикалық мүддеге бағынышты. Өлеңде қарама-қарсы ұғымдар ақынның ой еркіне, сезім ырқына көнеді, тұтас өлеңнің негізгі айтар идеясын ашуға септесумен бірге, шығармаға экспрессивтік қуат береді. Абай поэзиясының ғажаптығы да осында! Ақын өлеңіне басты әр беруші қарапайым, күнделікті естіп жүрген бұқаралық лексика. Бірақ сол халық аузында әбден жауыр болған сөздер ақынның қалам ұшына іліккенде қансонарда жортқан алтайы түлкідей құлпырып кететіні бар.
Жаратылыс қайшылығынан туындайтын сапалық-физиологиялық мәнге ие ақ, қара, қызыл, сары, жасыл түстердің ақын қолданысында бірде антитезалық шендестіруге ұласса, енді бірде антонимдік параллелдер түзіп, поэтикалық портрет, пейзаждарға контрастылық дарытып, шығарманың эстетикалық жігерін жандандыра түседі. Абайдың қарама-қайшы ұғымдардың ассосациясын шебер үйлестірген ең үздік туындысы – «Бүркітші» өлеңі бастан-аяқ шендестіруге құрылғаны белгілі. Мұндағы антоним сөздердің бірнешеуі натуралды мәнде кездессе де жеке мағынасы өзгешелеу лексикалық лек бар. Мысалы:
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға –

деп келетін қос тармақта «төменге» – «жоғары» емес, «аспан» қарсы қойылған. Ал түлкінің жауы – қыран заттанған эпитет «қандыкөз» бейнесінде жазбай танылады. Бұл екі түз тағысының барлық әрекеті өте динамикалы екпінмен майдандасқан етістік сөздермен байытылған. Бүркіт пен түлкі ғана емес, жер мен көктің өзі әдеттегісінен бетер оппозициялық суретке еніп, екі жанкештінің өліспей-беріспейтін жекпе-жегіне жанкүйер кейіпте. Майдан аренасы антитезалық әдіспен әсіреленіп, поэзия сахнасы теңеу, аллегория түріндегі асқақ тұспалдауларға ауысады:

Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды қаса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ…
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда…

Абайдың осы атақты туындысында поэтикалық амалдарды атқарушы басты лексикалық қолданыстар арасында ақ, қара, қызыл түстердің маңызы ерекше екендігі даусыз. Қарапайым түстердің құдіреті этнографиялық пейзаж-портреттің эстетикалық қуатын шарықтатып, экзотикасы мол, символдық бояуы қанық этнопсихологиялық портрет деңгейіне көтергенін көреміз. Ақ, қара, қызыл түстерді астастыра, бір-бірімен толықтыра түсетін үйлесімді образдар жасау мысалы Абайдың махаббат лирикасындағы:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,
Аласы аз қара көзі нұр жайнайды…
Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,
Ақша жүз, алқызыл бет нұр жайнайды, –
деген жолдарда ұшырайды. Абай қолына қылқалам ұстаса суретші болып кетердей…
Ақын шығармашылығында сана сергітетін саралы, салиқалы ойлар жас пен кәрінің, шал мен баланың арасындағы жаратылыстан жалғасқан физиологиялық категориялардың конфликтісі арқылы айқындық тапқан. Абай өзі қырыққа толған жылы қағазға түсірген өлеңінде «жасында ғылым бар деп ескермегенін, ер жеткен соң уысына түспегенін» жаза отырып, балаларына – қазақтың өрімдей жас ұл-қыздарына білімді болу үшін бала кезден жалықпай ізденудің қажеттігін айтқаны бар. Мұнда хакім Абай жас пен кәрінің білім алу, ғылымды меңгеру қабылеті бірдей еместігіне назар аудартады. Аға мен іні, кемпір мен шал, жастық пен кәрілік туралы ақын көп толғанады. Ескі қазақ дәстүріндегі аталы сөздердің құны түсіп, ұлтының ұсақтанып бара жатқан қалпын қынжыла жыр етеді. Заманға қарай құбылған қырт шалдармен, қырсау ұлдармен жүз шайыса жаздап, қырықтың қырқасында өзі де «қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген Абайдың реніші – үлкенге де, кішіге де ортақ:

Атаны бала аңдиды, ағаны іні –
Ит қорлық немене екен сүйткен күні?
Абай «шошимын кейінгі жас балалардан» дегенді бір айтса да, өзінің замандастарына көңілі толмайды. Көбінше орысқа бодан болып, «өз қолынан өз еркі кеткен» көнтерлі көпшілік пен «бас-басына би болған өңкей қиқым» ел азаматтарын сынайды. Оларға ақыл-қайрат берерлік, өзіне көмек боларлық қазыналы, қайсар қарияның жоқтығына ыза болғанда кемпір-шалдың Абай поэзиясындағы сұрқында сүйсінерлік орын қалмайды. «Жазғытұры» деген көлемді жырда жастық пен кәрілік шектен тыс қайшылықта сипатталған. Жер жүзі масатыдай құлпырып, жан-жануар, адамзат анталасып, күннің көзі елжіреп, жыл құстары келіп, қой қоздап, түйе боздап, қырдағы ел ойдағы елмен араласып, жастар құрбыларымен жайраңдасып жүргендегі мына өлең жолдарының жазасы ауыр – сарказмның сұмдық суреті:

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,
Жалбаңдасар өзінің тұрғысымен, – дейді Абай.

Осы теңеудің тегеуріні жас пен кәрінің арасындағы қайшылықты айрықша асқындырып жібергендей. Демек, бұл жаратылыстың кереғарлық сипаттары қоғамдағы түрлі әлеуметтік және ұлттық қайшылықтармен тұтас қабылданып, ақын қайғысына уыт қосқан. Абай қаншалықты уайымгер болса, соншама үміткер жан:

Осы елде бозбала жоқ сөзді ұғарлық,
Жақсы айғырда бие жоқ ат туарлық.
Әйтеуір ақсақалдар айтпады деп,
Жүрмесін деп аз ғана сөз шығардық.

Жастарға тәрбие түрінде жазылған бір өлеңінде антонимдердің сан-алуан үлгісін кездестіреміз:

Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік,
Ер табылса жарайды, қылса сұхбат.

Мұнда мағыналық жағынан қайшы келетін басқа да (пысық-сынық, күншіл-тату, алыс-беріс, бай қызы-кедей қызы) лексикалық топтардың коллизиясын көреміз. Абай шағын семиотикалық қақтығыстардың жиынтығынан параллельдер түзе отырып, мәңгі тіршілік күресінің панорамасын жасауға ұмтылатындай. Ақынның қарама-қарсы мәндегі сөздерді алогизмдер үлгісінде үйлестіру тәсілдері де көңілге шуақ ұялатардай шырай тапқан. Мысалы, сүйікті ұлы Әбішке арнаған жырында:

«Жасқа-жас, ойға кәрі едің…»,
«Жаңа жылдың басшысы – ол,
Мен ескінің арты едім»

депті Абай. Соңғы екі тармақ түгелдей антоним тізбегіне байланған. Қайшы мәндерді қолданып қана қоймай, қой асығынша ойнатқан Абай тіліне таңырқау – біздің парыз. Шығыс шайыры шендестіруге жиі жүгінеді. Бұл тіпті, ақынның сүйікті әдісі десек, қателеспейміз. Мәселен, белгілі әдебиеттанушы академик З.Ахметов «Абайдың ақындық әлемі» атты зерттеуінде ақынның «Сегіз аяғында» кездесетін «Мақсұт – алыс, өмір – шақ» тармағында өмір мен мақсат ұғымдарының мезгіл кеңістігіндегі ара қатынаста шендестіре бейнеленуін поэтикалық амал-тәсілге жатқызады.
Абай поэзиясы – қайшылықтар галереясы. Ойшыл ақын бостандығын бодандық бұғауы буындырған бұрынғы жылқы мінезді қазақ тұсауға көнген, дымын шығарудан да қалып, дел-сал күйге, дүмбілез қалыпқа түскен өліара шақта өмір сүрді. Содан ба, ақынның шығармашылық дауысы төрт аяғына бірдей қылбұрау салынған боз биенің боз даланы жаңғыртып шыңғыра кісінеген үнін құлаққа жеткізеді. Әйтсе де, Абай – жалғыз. Ақынның жанайқайы жартасқа тиіп жаңғырыққа айналады. Ақырында Абай көпті сынауға көшеді. Бір өкініш, бір үміт санасын сансыратқан қазақтың өзінен гөрі мінезін сөз еткен, заманына лайық адамын іздеген Абай көп наданға – бір ақылдыны, тобырға – толық адамды, кәпірге – иманды ұлды, «өңкей нөлге» – «единицаны» қарсы қоя жырлайды. Ұлы шайырдың: «Көп шуылдақ не табар, // Билемесе бір кемел, // Единица жақсысы, // Ерген елі бейне нөл» – деп келетін ойлы жыр жолдары талант иесі мен тозған қазақ қоғамының басындағы ымырасыз қайшылыққа ашық меңзейді. Біз ақынның «Келдік талай жерге енді» атты өлеңінен мына жолдарды оқимыз:

Өзің жалғыз, надан көп,
Ұқтырасың сен не деп
Әулекі арсыз елге енді?..
Арсыз елмен әуре етті,
Жалғыз үйде күңірентті…

Келесі бір жырда:

Қара басқан, қаңғыған
Қас надан нені ұға алсын?
Көкірегінде оты бар
Құлағын ойлы ер салсын…
Не пайда бар – мың надан
Сырттан естіп таңдансын.
Онан дағы бір есті
Ішкі сырын аңғарсын… – дейді Абай.

Лирикалық кейіпкердің ішкі күйзелісі, арман-аңсары, мұң-қайғысы, жалғыздық мұңы осы өлеңде мейлінше сарқа айтылған. Ақылды жанның есті сөзін тыңдар ел жоқ, егілгенде жұбатарлық ешкімі жоқ. Қалың жұртының арасында жалғыздық азабын тартқан ақын кейінгі бір поэмасында («Масғұт») осынау өз басынан өткізген «жалғыздық» мотивін оқиға шешіміне шығаруы тегін болмаса керек. Хан мен уәзірден басқа халық жауын суын ішіп жынды болады. Сонда Масғұт уәзір ханға:

Құтылар хал болмады мына дудан,
Бізде ішпесек болмайды мына судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп есі дұрыс бізді қуған, –
деп, екеуі жынды суды ішіп құтырған тобырға барғанда, әлгілер өздеріне ұқсап есірген ханға құлдық ұрады. Абайдың бірнеше сөзінде көптің мінезі, теріс істері қатты сынға алынған. Отыз жетінші қара сөзінде: «Сократқа у ішкізген, Йоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол көп, ендеше, көпте ақыл жоқ. Ретін тап та, жолға сал» дейді ұлы ойшыл.
«Алды – үміт, арты – өкініш алдамшы өмір», «Татуды араз, жақынды жат қыларға», «Махаббат, ғадауатпен майдандасқан, «Ішім толған у мен өрт, сыртым – дүрдей» деп келетін жыр жолдарында қаншама қайшыласқан өмір шындығы – ақын тағдырының ақиқаты жатыр! Әдебиеттанушы Б.Майтанов «Абайдың мұңы» атты зерттеу мақаласында: «Дос-дұшпан», «алыс-жақын», «анда-санда», «жалғыз-жарым» сөздерінің антонимдік мағына алуы, қайсыбірінің мезгіл, сан мөлшерін әсірелей көрсететін бір тіркеске айналуы, метонимия, сұрау, назалану интонациясы шығармадағы күрделі ойдың нәзік қалтарыстарын аша суреттеуге мүмкіндік береді. Жалпылауыш мәндегі «қазақ» та, өзге субъектілердің эмоционалдық атауы да нақты бір адамдарды мегземек. Бірақ өмір құбылыстарын терең жинақтау – анық нәрсе. Абай жақсы мен жаманды, ақ пен қараны бірге қосып саралайды», – деп жазады. Зерттеушінің: «Махаббат пен ғадауат -жүрек кеңістігіндегі ұғымдар. Сонда жүрек сан алуан, тіпті мүлде кереғар сезім, қайшылықтардың мекені. Ал қайшылықтардың таласы – өмір денотатасы…» – деген пікірі де шынайы. Ғалым Абай өлеңіндегі «періште мен шайтанды» оппозиция бейнесінде көреді. «Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!» дейтін соңғы астарлы аманат сөзі де жоғарыдағы көп қырқыстан, тынымсыз жол іздеп, жүдеген, жалыққан, қатыгез қоғаммен аяусыз арпалысқан аяулы ақынның басындағы трагедиялық халін тұспалдайды. Абайдың әлеуметтік қайшылықтардан көбірек айтқаны — кедей, жарлы мәселесі. Ақын байлар қатарына ел жуандарын, билердің парақор семіздерін, әлді болыс, елубасыларды қосады. Абай өлеңдерінде таптық қайшылық жоқ, оның есесіне байлық неден, кедейшілік қайдан деген шетін сауалға жауап іздейді. «Жаз», «Күз», «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» секілді жаратылыс мезгілдерінің сипатын танытатын көркем туындыларында да бай мен кедей, ақсақал мен жалшы тұрмысына мол орын берген. Олардың жаз жайлау, күзеу, қыстаудағы өмір-тіршілігі мезгіл құбылыстарымен шендестірілген. Меңзеу, астарлау ыңғайында келсе де, көбіне Абай өзі білетін өмірдің табиғи қалпын, реалистік сипатын дәл суреттейді, этнопсихологиялық картиналарды шебер жасайды.

Жалшы үйіне жаны ашып ас бермес бай,
Артық қайыр артықша қызметке орай.
Байда – мейір, жалшыда пейіл де жоқ,
Аңдыстырған екеуін, Құдайым-ай!

Тұжырымдай айтқанда, махаббат пен зұлымдық, жаман мен жақсы, дос пен дұшпан, ақылды мен надан, ер мен әйел, күшті мен әлсіз, жас пен кәрі, көп пен жалғыз, бодан ел пен бостан халық – Абай поэзиясындағы мәңгілік қайшылықтардың алтын арқауы. Ақын поэзиясындағы қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтар хақында С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, М.Мырзахметов, С.Қасқабасов сынды ғалымдардың еңбектерінде бірсыпыра ой саларлық пікірлер ұшырайды.
Абайда надандықты, сауатсыздықты, түйсіксіз ақымақтық пен көрсоқырлықты сынау басым. Ақын қазақ жұртының – өз ұлтының басындағы көп кемшіліктің басты себептерін білместік, аңғалдық, селқостық, еріншектік, дарақылық, мақтангөйлік мінездерден іздейді. Сонымен бірге түз тұрғындарының кейбір теріс қылық, әрекеттерін, «мал соңында жүріп, одан өзгені ойламағандықтан, өнер-білім үйренуді, түрлі кәсіптермен шұғылдануды әдет етпегендіктерінен» деп санайды. Мысалы: 3-қарасөзінде Абай қазақ тұрмысының әлеуметтік қайшылықтарын оқырманға риторикалық сауал түрінде жолдай отырып, өзі де осы мәселенің себеп-салдарына жауап іздейді. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағының, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынының, рас сөзінің аз болатынның, қызметке таласқыш болатұғынының, өздерінің жалқау болатұғынының себебі не?» дейтін ойлы сұрағына ақын мынадай уытты жауап қайтарып, ащы да болса ақиқат пікір сабақтайды: «һәмма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз қорқақ мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз надан арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады. Мұның бәрі төрт аяқты малды көбейткеннен басқа ойының жоқтығынан, өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді».
Надан елге – өркениет көшіне ілесе алмай, дүниедегі көп жаңалықтан кенже қалған, балаң ойлы, бейқам жұртына Абай ұстаз болмаққа ұмтылады. Қазақтың мінезін, ойын, әні мен сәнін, тілі мен ділін, ісі мен сөзін ұстарту – ұлы ақынның алғаусыз арманы. Оның жаны мен жүрегіне орасан жүк түсірген, қырықтың қырқасына шықпай жатып «қартайтып, қайғы ойлатқан» да сол баяғы бодан, бойкүйез, бейшара халықтың бейсана тірлігі, берекесіз тұрмысы ақын жүректің бейдауа дертіне ұласады.
Осы мақсаттың ізімен жазылған ақын өлеңдерінде де білімді мен топас, ақылды мен надан жандардың іс-әрекеті, болмыс-бітімі мен бет-бейнесі қарсы қойыла сипатталады.

Біреуден біреу артылса,
Өнер өлшеніп тартылса,
Оқыған, білген – білген-ақ,
Надан – надан-ақ, сан қылса.
Оқыған білер әр сөзді.
Надандай болмас ақ көзді.

Сондықтан да Абай қазақ бойындағы пайдасыз мінез зиянды түсініктерді жоюдың бір ізгі жолы – ғылым мен білім деп пайымдайды һәм халқымызды оқуға, өнер үйренуге үйретеді. «Ғылым таппай мақтанба» атты өрнекті, өнегелі өлеңінде ақын талапты жастардың ғылым жолына түсуі үшін қажетті «бес асыл іс» пен қажетсіз «бес дұшпанның» мән-мағынасын терең ашып көрсетуі сол ұлы мақсаттан туған. Шығыс ойшылдары, Ислам ағартушылары мен түркі дүниесі ғұламаларының еңбектерінде әралуан қырынан сипатталатын жақсылық пен жамандық түрлері, ізгі және зұлым амалдар Абай поэзиясында өзгеше ой құнарымен, өзінше тың мазмұнымен айқындала, ашыла түседі.
Ақын Орта ғасырдағы Жүсіп Баласағұн, А.Ясауи, А.Йүгінеки, C.Бақырғани, Ә.Науаи т.б. түркі оқымыстыларының дидактикалық тақырыптағы туындыларымен таныс болғандығы талассыз. М.Әуезов, М.Мырзахметұлы сынды абайтанушылардың еңбегінде осы пікірді растайтын біраз ой-тұжырымдар бар. М.Мырзахметұлы ұстазының аталған Абай өлеңі турасындағы түйінді ойларын дамыта келе: «Мұндағы Абайдың басты ойы – «Адам болам десеңіз» деген тезисінде жатыр. Осы өлеңде Абай көтеріп отырған басты мәселе – қазақ қауымының болашағы, жастардың ойындағы адамшылық қасиеттері, яғни толық адам туралы даналық ой жемістері тұтас көрініс тапқан. Бұл өлеңде Абайдың өзіндік танымы Шығыс ойшылдарының пікірімен ой ортақтастығы, пікір іліктестігі де сезіледі» дей келе, бұл бағыттағы пікірлерін Ғ.Дауани (XV) мен оның шәкірті Ж.Қарабағидің «Жан азығы» жөніндегі фәлсафалық ойларына негіздей түсіндіреді. Расында да, адам жанының пайдалы және зиянды азығы туралы немесе пенделік нәпсі мен ішкі сезімнің, жан мен тәннің ішкі азықтары түрліше болатындығын Абай да білген. Ақын өзара оппозициялық мәндегі адамның жақсы (талап, еңбек, терей ой, қанағат, рақым), жаман қасиеттерін (өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ) санамалай қарсы қоя отырып жастарды «жамандықтан көңіл суытуға, жақсылық нәрседен ғибрат алып ойға түюге» шақырады. Надандыққа бой бермей, ғылым үйреніп, ақылға жүгініп, ақиқат үшін жан беруді үлгі етеді.
Абайдың көпшілік өлеңдері мен қара сөздерінде насихат түрінде айтылатын пенденің кемелдігі яки «толық адам» туралы ащылы-тұщылы ойлары көне заман оқымыстыларымен Ислам құндылықтары – Имани Құран, Хадис сөздеріне табан тірейді. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген». Осылайша ойшыл ақын адам бойындағы мәңгілік бітіспес қайшылықтардың үндестігі жаратылыстан – сәбидің анадан туған мезгілінен-ақ маңызды мәнге ие болатынын аңғартады. Бірақ, Абайдың айтуынша, бала күндегі жанның тазалығы мен ізденгіштігі өсе келе тәннің дегеніне көніп, көп жақсы мінезден айырылады екенбіз. «Жан бізді жас күнімізде билеп жүр екен. Ер жеткен соң, күш енген соң, оған билетпедік. Жанды тәнге бас ұрғыздық, ешнәрсеге көңілмен қарамадық, көзбен де жақсы қарамадық, көңіл айтып тұрса сенбедік… Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбен көрген біздің хайуан малдан неміз артық? Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те білсек екен деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз», – деп қапаланады ұлт ұстазы. Бұл – Абайдың жетінші қара сөзінен алынған ғақлия ой үзіктері. Жан мен тәннің екі алуан қасиеттері ақынның 43, 44-қарасөздерінде кеңірек баяндалған. Абай сөздерінде дүниенің, күллі жаратылыстың түрлі құбылыс, мінез, болмыстарын екіге бөліп қарастыру айқын аңғарылып тұрады. Ол екі нәрсе кейде бірыңғай жақсылық туралы болса да, көп жағдайда дұрыс яки теріс мінез, болмыс, құбылыстарды санамалап, сараптай айту үстем. Мысал келтірелік:
21-қарасөз: «… Сол мақтан дегенннің екі түрлісін байқадым: біреуінің атын үлкендік деп атаймын, біреуін мақтаншақтық деймін».
23-қарасөз: «Біздің қазақты оңдырмай жүрген бір қуаныш, бір жұбаныш дейтіндер бар».
39-қарасөз: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ, бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен».
41-қарасөз: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген кісіге екі нәрсе керек».
43-қарасөз: «Адам ұғылы екі нәрседен: бірі – тән, бірі жан». Ұлы ақын өз өмірі мен қалың қазақ баласының тұрмыс-тіршілігін салғастыра сипаттай отырып, бодандағы бейқам жұрттың елдіктен кетіп, береке, бірліктен безіп, алаш азаматының алтын басы есіктегі құлға ұқсаған аянышты халіне жаны ауырады. Ақыл мен ғылымды, жүрек пен қайратты, жан мен тәнді, жақсы мен жаманды, бай мен кедейді, махаббат пен ғадауатты майданға салып, заманасының зілмауыр қасіретін қара нарша қайыспай көтерген Абай көп сауалына жауап таппайды. Ақынның ащы мысқылға құрылған толғаулары мен қарасөздері кертартпа қоғамның қыртыс-қыртыс кемшіліктерін сын тезіне алады, алаштың жүзін ақиқатқа бұрады. Жүрегі «жұртым» деп соққан ойшылдың 60 жыл ғұмырында не көзге, не көкірек-көңіліне үміт пен сенім ұялатарлық тиянақ таппай, жапандағы жалғыздың күйін кешкендігі 1, 2-қарасөздерінен-ақ байқалып қалады.
«Ел бағу? Жоқ, елге бағым жоқ… Мал бағу? Жоқ, баға алмаймын… Ғылым бағу? Жоқ, ғылым бағарға да ғылым сөзін сөйлесер адам жоқ… Софылық қылып дін бағу? Жоқ, ол да болмайды… Балаларды бағу? Жоқ, баға алмаймын…» деген Абай сөздерінің бодан елдің болымсыз тіршілігі мен озбыр қоғамды олқысынған ойлы жүректен, шерлі көкіректен кернеп шыққандығы күмәнсіз. Айтысып, тартысып, алысып, жұлысып шаршаған ақынның қайран елі – қалың елі қазағына өкпесі де қара қазандай: «Бағусыз дертке ұшырайын деген кісі бақпаса, не албыртқан, көңілі басылмаған жастар бағамын демесе, бізді Құдай сақтасын!»
Ақынның 9, 22-қарасөздерінде тағы да туған жұртының жүдеу тұрмысына, жағымсыз мінездеріне көңілі қалған жаралы жанның жүрекжарды базынасы көрініс тапқан. «Осы мен өзім қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көремін бе?» деп өзіне-өзі риторикалық сұрақ қоятын ақынның мына бір қарама-қайшы ойлары адам жанын түршіктіреді: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін. Әншейін осылардың ызасынан ба, өзіме-өзім ыза болғанымнан ба, яки бөтен бір себеппен бе? – еш білмеймін. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, куана алмаймын. Сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі». Азған қоғамның тепкісінде тозған ұлтының бейбастақ, бейсауат қалпы, серкесіз қойдай сенделген санасыз тіршілігі, есті ақылды тыңдауға құлықсыз есер мінездері, ыққан жылқыдай қайырусыз замана желінің өтінде тұралай бастаған баянсыз, бақытсыз тағдыры еске түскенде Абай егіле жырлайды, езіле отырып, ақыл сөздерін арнайды.
22-қарасөзінде Абай қазақ қоғамында «қадірлі кісі» қалмағанын айтқан. «Өз елімен, өз жерімен ойрандасып, ойсыздарға қойнын ашып, малын шашқан, өз малы, өз басының еркі өзінде жоқ» байлардан, «пайда үшін мал бергіш, бірақ, анық мырзалығы жоқ» мырзалардан, «сатып алған, жалынып, бас ұрып» болыс пен би атанғандардан қадір кеткен. «Мықтыны құрметтейін десең, жаманшылыққа елдің бәрі мықты, жақсылыққа мықты кісі елде жоқ. Есті кісі тауып құрметтейін десең, әділет, ұят, нысапқа есті кісі елде жоқ. Қулық, сұмдық, арамдық амалға елдің бәрі есті… Жә, кімді сүйдік, кімнің тілеуін тіледік?» деп күйінетін ақынның бұл сауалына да жауап жоқ. Тіпті, мал соңында жүрсе де, өсек, өтірік, қулық баққан, еңбек, кәсіп десе, кежегесі кейін тартқан кедей, момын бейшараларды да қолдамайды. Ақыр соңында: «Ұры, залым, қуларға жеміт болып жүрген шын момын байларды аямасаң, һәм соның тілеуін тілемесең болмайды. Сонан басқаны таба алмадым», – деген пікірге келеді.
Осы Абай жазып отырған жақсы-жаман, ізгі-зұлым, ақылды-ақымақ, мырза-сараң секілді қасиеттер қай заманда да болған, бола береді де. Ақын айтқан қулық, сұмдық, арамдық, ұрлық, зорлық, жағымпаздық, надандық, қайырсыздық мінездер қазақ арасында бүгін де жиі ұшырасады. Бұлардың бәрі де ақыретке дейін жалғасатын заманауи ғана емес, мәңгілік майданның, теңгермесіз текетірестің мекені іспетті. Әйтсе де, қай заманда да көбіне әділетсіздік атаулының үстем келетіні жасырын емес. Ал, қоғам ауысып, билік иелері жолдан тайса, ел бірлік-берекесінен азса, әлгідей әңгүдік мінез-құлықтар әлдене түседі.
Абай дәуірінде қазақтың азғандығының бір басты себебі – елдің еріксіздігінен, діні мен ділі басқа орыс әлемінің отары болуында еді. Бодандағы «бұратана» ұлттың босбелбеу, бойкүйез, боркемік тартып, ата жолынан аза бастағанын ақын жүрегі терең сезінді. Хакім Абайды туған жұртының ескі дүниенің есті қағидаларын ұмытқаны былай тұрсын, жаңа өмір, құбылған қоғам талаптарына орай жаңалыққа талпынбаған, өнер-білімге құлшынбаған енжарлығы алаңдатады.
Көптеген өлеңдері мен қарасөздерінде қазақ пен орыстың арасындағы саяси-әлеуметтік теңсіздіктің себеп-салдарын сөз еткен Абайдың түйінді пікірі: «уды у қайтарады» дегенге саяды. Яғни үкімі күшті үкіметі бар үстем ұлттың ұрда-жық әрекетіне тосқауыл қойып, қорлық-зорлығынан қорғана білу үшін қазаққа ең алдымен орыс тілін білу – қажеттілік.
Қазақтың бұрынғы кездегі дәстүрлі ата заңдарының аяқ асты болып, бірлігі жоқ елінің бет-бетіне кеткен тұстағы азған ахуалын ақын былайша суреттейді:
Жақсы менен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бір май боп енді екі ұртың…
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, алған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, // Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың», – деп бастайды Абай осынау ең бір салмақты, сырлы, мұңлы өлеңдерінің бірін. Осындағы екінші тармақтың мағынасы біз ойлағаннан кеңірек секілді. Профессор Ж.Ысмағұлов ақын сөздерінің мәнін төмендегіше талдайды: «Біріншіден, ақын өзінің халқына анадан туған қалпыңда өз қолыңнан ешқандай тәжірибелі өзгеріс енгізбедің деп отыр. Табиғат қалай жаратылса, сол жонылмаған, таралмаған, қарпылмаған күйіңде көп уақытты өткізіп алдың деген өкінішін күйінішпен айтып отыр. Екіншіден, бұл адамның бой-басына, сыртқы түріне ғана қатысы бар нәрсе емес. Бүкіл тіршілік үлгісіне, болмыс үрдісіне, халықтың рухани өміріне түгел ықпал ететін игілікті харекетке бармағандықтың өкініші бар бұл тұжырымда».
Дәл айтылған байсалды, орынды пікір. Бұл арада ғалымның Абай өлеңіне қатысты ойларын Бұқар жыраудың Абылайға қарата:

Осы сынды бір кәпір,
Аузы-басы жүн кәпір,
Жаяулап келген жұртыңа,
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жемірлерге жем болып,
Ел қамын айтқан жақсыны,
Сөйлетпей ұрар ұртына, –

дейтін белгілі толғауымен түйіндеп: «Ол дұшпан кім болса, ол болсын, әйтеуір еліңдегі біреулердің мұртын майлап, енді біреулерді ұртынан ұрып, аузынан қағып отырса, соны көзімен көрген екінші бір ақынның: «Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың, – деуіне әбден негіз болар еді», — деген дәлелді пайымдаулары назар аудартады. Демек, алдыңғы «Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың» деп келетін өлең жолында осы сияқты отаршылдықты еске түсіретін астарлы сыр жатқан жоқ па екен? Бұқардың жолын қуған жыр дүлдүлі Базар жыраудың толғауында:

…Шаш пенен мұртты өсірген.
Ықпалы өрлеп есірген,
Қолайлы қоныс жерінен,
Қазақты күштеп көшірген»

келімсектердің бет-бейнесі тағы да сол ұқсас суретті қайталайды. Бұдан сахара қазақтарының санасында орыс басқыншыларының сырт болмысы «сақал мен шаш» түрінде астарлы мағынаға ие болғандығын байқаймыз.
Шындығында бұдан бұрынғы қазақтар сақал-мұрт қоймаған деген ой тумаса керек-ті. Бұл арадағы бір айырмашылық қазақ шаш қоймаса да, сақал-мұрт өсіріп, оны күзеп, күтіп ұстайтын. Ал орыс ұлтының өкілдері үшін қаба сақалдарын қысқартпай, шашты еркінше ұзын өсіру ерсі болмаған. Оның үстіне ұзақ уақыт жорықта, елсіз түзде әскери тапсырмамен жүрген орыс-казактар сақал-шашты күтіп-баптауға аса құлықты емес-ті. Біздің бұл пікірімізді Абайдың 25-сөзіндегі мына мәліметтер нақтылай түседі:
«Жақсы атаның балалары да көп оқыған жоқ, қайта, кедейдің балаларын орысқа қорлап берді. Олар осыдан артық қайда барсын?! Және де кейбір қазақтар ағайынмен араздасқанда: «Сенің осы қорлығыңа көнгенше, баламды солдатқа беріп, басыма шаш, аузыма мұрт қойып кетпесем бе!» деуші еді. Осындай жаман сөзді Құдайдан қорықпай, пендеден ұялмай айтқан қазақтардың баласы оқығанмен не бола қойсын?!».
Этникалық қайшылықтар шиеленіскен аумалы-төкпелі, құбылмалы уақыт пен қоғам аясындағы қорғансыз ұлттың отаршыл елдердің, әкімгер шенеуніктердің шылауында ез, еріншек, екіжүзді әрі жағымпаз мінездерді жұқтырып, өзге ұлттың қайырлысынан гөрі қатерлі қасиеттеріне үйірсек тартуын ақын қаламы дөп басып, бадырайтып, көзге шұқып та жазған.
«Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың», – деген Абай сөздері сол жаңағы үстем халықтың біріне қарата айтылған күйінішті һәм ишаралы ой сабақтары. Себебі, кезінде Қоқан хандығы ұзақ жылдар бойы Қазақстанның Оңтүстік аймағы мен Жетісу жерінде өктемдік құрып, қазаққа тізесін әбден батырған-ды. Бұл езгіден қазақтар XIX ғасырдың 70-жылдарында ғана мойын босатты. Бірақ, діні мен тілі, ділі мен мәдениеті мүлде басқа орыстардың қорлығы бірте-бірте зорая берді. 1868 жылы Ресей өкіметі тарапынан қабылданған Қазақ даласын билеудің «Жаңа низам» аталған Жарғысы орталық езгіні күшейтіп, саяси-әлеуметтік және этникалық қайшылықтарды асқындырып жіберді. Шортанбай, Нарманбет, Бұдабай, Мұрат, Әбубәкір, Дулат, Базар, Асан секілді талай таланттардың бастағы дәурені ауып, «зарзаман», «тар заман», «ақырзаман» деп зар қақсаған шағы осы. Нысанбай жыраудың талай жыр бұрын өзі соғыста бірге болған Кенесары ханның заманын аңсап, орыс билеген қоғамнан азар көргенде:

Кене хан жазым болған соң,
Шіл боғындай тарадық.
Көрінгеннен қорғалап,
Кісі аузына қарадық.
Өзіміз шапқан Созақта,
Сарттан ақыл сұрадық… –

дейтін белгілі сөздері әмірі қатты Ресей әкімшілігінің «екпіні мен тепкініне» қатысты айтылғаны күмәнсіз. Жоғарыдағы Абай өлеңінде көзге оқшау көрінетін, буын санын он бірден он үшке ұзартып тұрған «енді» сөзі де үлкен кезеңдік саяси-әлеуметтік жүк арқалап тұрғандай. Басы артық бұл сөз «Жаңа низам» ережесінен кейін ендігі жерде қазақ баласының басына нағыз бодандық бұғауы, құлдық қамыты кигізілетінін меңзеп тұр. Бұған дейін әскери әкімшілік билік арқылы алыс орталықтан, губерния, уез арқылы, қазақ сұлтандарының белсенді араласуымен басқарылып тұрған момын халықтың жері «енді» шағын болыстықтарға (волостной – С.Қ.) бөлініп, ылғи пысық атанған болыс, би, елбасы, онбасы дегендер билер болды. Ақын ақылды жаудың «бөлшекте де билей бер» – белгілі саясатын бек түсінді.

Орыс айтты өзіңе ерік берем деп,
Кімді сүйіп, сайласаң, бек көрем деп.
Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ,
Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп.

Анық анархия енді басталады. Абай үнемі тілге тиек еткен «атаны – бала, ағаны — іні аңдығандық», «мендік болам, сендік болам деп шуласқан жұрт», «ант ішкен арсыз», «жалт беріп жауласқан дос», «күншіл, өсекшіл ағайын», «бірін бірі аңдыған алакөздік», «терін сатпай, көзін сату», «тойымсыз алармандық», «арызқойлық», «кекшілдік», «арамзалық» сынды көп теріс, жаман қылықтың біразы осы аталған жаңа «Ережеден» кейін етек жайғаны мәлім. Өз ұлтының бойына кетпестей жабысқан бұл олқылықтарды ақын «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Қалың елім қазағым…», «Байлар жүр жиған малын қорғалатып», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Интернатта оқып жүр…», «Сабырсыз, арсыз, еріншек», «Бөтен елде бар болса…», «Болыс болдым мінеки…» т.б. өлеңдерінде өзекті өртей, өлтіре сынаған. Мысалы, «Бөтен елде бар болса» деген өлеңінде ақын туған жұртының елдік бірліктен, еркіндіктен біржола қара үзген қалпын қазып айтқан:

Құдайдан қорықпай антұрған,
Иман жүзін тоздырар…
Мен досымын деп жүріп,
Дұшпандығын оздырар…
Жақынға еріп, мал салмай,
Жауды көріп, жан салмай,
Қайдан ғана біледі,
Ауыр менен жеңілдің
Арасынан өтерді…
Таршылықта қайраңдап,
Кеңшілікте ойрандап,
Көп батырға қалдыңыз…
Күн жауғанда қойныңда,
Күн ашықта мойныңда…
Жат айбынар ісі жоқ,
Жау айдынар күші жоқ…
Шыныменен тамам ел,
Кете ме екен ит бола…
Келелі кеңес жоғалды,
Ел сыбырды қолға алды…
Жатқа қарар беті жоқ,
Жалынбай тұрар көті жоқ,
Ісі кетер шалысқа.

Осы антоним, алогизмдер айшықтаған көлемді толғауындағы дос пен дұшпанның, жақын мен жаттың арасын алшайтар негізгі қайшылықтың түп төркіні орысқа – отаршыл өкіметке итаршы болуға барын салған, малын шалған, жанын жалдаған жандайшап жабы мінез, жәдігөй, жортақы әрекеттен туындап жатқандығы айдан анық. Абайдың өлеңді түйіндейтін бір түйдекте:
Орыс сыяз қылдырса,
Болыс елін қармайды.
Қу старшын, аш билер
Аз жүрегін жалғайды.
Орыссыз жерде топ болса,
Шақырған кісі бармайды.
Бітім қылып бір кісі
Адал малын алмайды, –

деуінің мәні – ел пысықтарының орыстың, ояздың, ұлықтың айтқаны болмаса, өз жұртының жақсысында құдірет те, қадір-құрмет те қалмағанын қаперге іледі.
«Өлетұғын тай үшін, көшетұғын сай үшін» елін, азаматын жамандап, орысқа арыз беру, жатқа өз артын ашып, жамандық, дау қуу – өсетін ердің, өнетін елдің мінезі емес дейді дала ойшылы. Осыған жалғас «Болыс болдым, мінеки» өлеңінде ақын болыс, старшын, билердің ояз алдында өтірік мүләйімсіп, елін даттап, ерін боқтап, ояз кеткен соң жұртты алдап, арбап қайтсем, қайта сайланамын деп қарақан басының арзан беделі үшін сарсаңға түскен санасыз, сүйегі жасық, қорқау мінездерін аяусыз сынға алып, масқара болмыстарын барша жұртына әшкере қылады. Абайдың улы сарказм, ащы әжуаға қанық бұл шығармасы XIX ғасырдың 80-жылдарында «Дала уәлаятының газетінде» аз-кем өзгерістермен басылғаны мәлім. Тағы бір толғауында ақын даланың аңғал, ақымақ болыстарын арзан атақтан, ұлыққа жөнсіз жағынудан, шен-шекпен, жылтырауық түймеге қызығудан тыйылуға шақырады:
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орыстың,
Шенді шекпен жапқанға…
Оқалы тон бола ма
Ар-ұятын сатқанға.

Мұнда әншейінде харам хайуан ретінде кәпірлерге қарата, ұлттық астар бере айтылатын «шошқа» сөзі жағыпаз болысқа қатыстыра – оның орыс билігіне берілген сатқындығын ишаралай қолданғанын байқаймыз:
Жайы мәлім шошқаның.
Түрткенменен жамбасқа,
Бір ғылымнан басқаның,
Кеселі көп асқанға.

Абай астарлы ирония формасында «жайы мәлім шошқа» деп отырғаны – бүгінгі күндегі «қара орыс» дегендегідей, «іштен шыққан шұбар жыландар» екенін жасырудың не жөні бар? Абай елі үшін сол күнде отаршыл саясаттың орталығындай болған Семей қаласы да символ – метафораға айналып, қайырсыз келімсектердің құлқын барлап, құлқынын толтырған жемтіктес қазақтардың сорақы образында көрінген:

Құтырды көпті қойып, азғанасы,
Арызшы орыс – олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау Семейдің бұл қаласы.

1890 жылдарда жазылған тағы бір туындысында ақын бірліксіз, ерліксіз елдің келешегіне қам жеп, жұрт сұрайтын бір жақсының жоқтығына назаланады:

Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі…
Сол өлеңде:

Жөнді, жөнсіз,
Сөз теңеусіз,
Бас пен аяқ бір қисап.
Ұрысса орыс,
Елге болыс.
Үйден үрген итке ұсап, – дейтіні де бар.

Қайран ақын тасжүрек, ел тағдырына жаны ауырмайтын, ешбір нәрсенің қадіріне жетпейтін жетесіз ұлдарға «ең болмаса, үйдің маңына кісі келсе, үріп шығатын ит құрлы болыңдар, момын қазақты орыстың жөнсіз қорлығына бермеңдер» деп ашынған ой-тілегін мысқыл аралас, қарапайым мысалмен жеткізе білген.
Ұлы Абайдың: «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр» деген ақыл сөзін біраз оқығандарымыз Кеңестің идеологиялық саясатына орай ақынның «орысшылдығы» деп түсініп, одан қалса, бірыңғай интернациональдық ұғым төңірегінде ғана танып жүр. Алайда, автордың бұдан арғы сөйлемдеріндегі: «Зарарынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, білмек керек… Әрбіреудің тілін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды. Дінге де жақсы білгендік керек. Жорғалықпен көңілін алсам деген надан әке-шешесін, ағайын-жұртын, дінін, адамшылығын жауырынынан бір қаққанға сатады. Тек майордың бір күлгені керек деп, көті ашылса да қам жемейді» деген сыни пікірлері осы кезде түркі-мұсылман дүниесіне енді ғана ене бастаған жаңашыл, реформашыл бағыт – жәдидшілдік ағымының айқын көрінісі еді.
XIX ғасырдың 70-80 жылдарында бой көрсеткен бұл жаңа бағыттың бастауында түркі-мұсылман әлемінің ірі ойшыл ағартушыларының бірі, көрнекті қоғам қайраткері, Қырым татарлары арасынан шыққан дарынды қаламгер, «Тәржіман» газетіні редакторы Исмайыл бей Гаспринский болғаны белгілі. Тарих беттеріне таңбаланған ұлттық тұлғалардың тұғырлы істерін таразылай келгенде, Алаш жәдидшілдік мектебінің негізін қалап, өз ұлтының ғылым мен ілім, өнер мен білім, өркениет пен мәдениет жолындағы жаңа серпінді ұмтылысына алғаш қозғау салған ұлы Абай екендігі мағлұм. Қазақ ақынының жаңашылдық бағыты оның ғылым, білімге ғана емес, дәстүр мен мәдениетке, дін мен әдебиетке қатысты қуатты да құнарлы пікір, тұжырымдарынан толықтай танылады. Абайдың ұлт көсемі сипатында көрініп, тұлғалана түсуінің бір маңызды себебі де осы реформашыл, демократиялық бағыттағы жәдидшілдік күрес жолын таңдауының жемісті нәтижесі десек, қателеспейміз. Бұл ретте Абайдың XIX ғасырдың соңы мен XX ғасыр қарсаңындағы тарихи-қоғамдық рөлі, ұлттық ояну дәуіріндегі өзіндік үлес салмағы мен орны жоғарыда айтқан татар халықтарының туымды перзенттері И.Гаспаралы, Ш.Маржани, Қайым Насыри, Риза Фаһреддин сияқты озық ойлы әрі милләтшіл тұлғалармен қатар тұруына шүбә жоқ.
Абайдың жаңашыл ойлары, ұлт жанашырларын оятудағы озық идеялары И.Гаспринскийдің «Мұсылман жастары өз милләтінің қуатты дұшпандарына қарсы күресе білу үшін олардың тілі мен ғылымын, сосын өнері мен мәдениетін игеруге ұмтылуы қажет» дейтін негізгі пікір-тұжырымдарымен үндес келеді. Ақынның 25-қарасөзі де бұл пайымдауымыздың ақиқат дұрыстығына кепілдік беретіндей. Онда Абай: «Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі. Ләкин, осы күнде орыс ғылымын баласына үйреткен жандар соның қаруымен тағы да қазақты аңдысам екен дейді. Жоқ, олай ниет керек емес. Малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік, мұны көріп, және үйренушілер көбейсе, ұлықсыған орыстардың жұртқа бірдей законы болмаса, законсыз қорлығына көнбес едік. Қазаққа күзетші болайын деп, біз де ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп, үйрену керек», – деп айқын да ашық ұлттық сипаттағы жәдидшілдік үлгісіндегі оқу-ағарту бағдарламасын ұсынып отыр.
Ақынның басты мақсаты: біріншіден, орыс ғылымын оқып, шен алып, сонымен қорқытып қазақты қудалауды тыю; екіншіден, қазақ баласын адал еңбек пен озық өнерге үйтеру; үшіншіден, қазаққа жаны ашитын, ұлтқа күзетші, қорған бола білетін оқыған азаматтардың санын көбейтіп, орыстың заңсыз зорлық әрекеттеріне қарсы тұру, қорлыққа көнбеу; төртіншіден, өнер, ғылым үйрету арқылы елдің санасын, мәдениетін көтеріп, ұлттық болмысын қайта жаңғыртып, өзге өркениетті халықтардың санатына қосу.
Абайдың бұл идеясын күллі алаш оқығандары қолдады және өздері де Ресейдің ірі қалаларында жан-жақты кәсібіи білім алып, ұлт болашағы үшін жан-тәнімен қалтқысыз қызмет етті, орысша жақсы білгендіктерінің арқасында отарлық үкімет шенеуніктерімен де, Кеңес көсемдерімен де терезесі тең адамдарша сөйлесіп, байтақ жеріміз бен еліміздің тұтастығын сақтап қалды.
Ой тереңіне үңілсек, ақын Абай бодандықтың болат бұғауындағы қапаста қалған қазақ жұрты мен әлеуеті күшті отарлаушы орыс өкіметі өкілдерінің арасындағы бітіспес қайшылықтан шығар жол таппай қапаланады. Ол империя билігінің жымысқы миссионерлік және саяси-идеологиялық экспанциясы нәтижесінде бүтін бір этностың әбден ушығып, асқынған трагедиялық ахуалын өз басының қайғысына айналдырды. Содан да Абай барлық саналы ғұмырын, бар ақыл-сезімі мен дарын-қабілетін өз ұлтының бойындағы алып қасіретпен алысуға, адасқан ұрпаққа тура жол көрсетіп, көкірек көздерін ашуға жұмсағанын аңғарамыз. Шындығында ұлы ойшыл қазақ жастарын ислам ғұламалары ерекше пайымдаған Алланың хақ жолының бірі – білім жиһадына шақырғандай болады. Ол заманда отарлық езгіден мүлдем қалжырап, надандық қараңғылығында қалғып кеткен халық үшін «Қытайда болса да, білім ізден» дейтін мазмұндағы Пайғамбар сүннеті бірден бір тура жол еді.
Қорытып айтқанда, Абайды «орысшыл» деп сынаушылардың бүгінгі ұрпақ арасынан бой көрсетіп жүргендігі нағыз адасқандық – ақын шығармашылығын түгелдей талдап оқымағандықтан туған теріс пікір деп санаймын. Абай шығармашылығында қапысыз көрініс тапқан мәңгілік қайшылықтардың – сан алуан оппозициялық құбылыс – күштердің баршасы бір ақынның Жүрек-Музасында үйлесім табуы кездейсоқ болмаса керек. Бұл да «мыңмен жалғыз алысқан» Абай поэзиясының терең қатпарларын танытарлық, оның оқшау табиғатынан туған тосын сыр.

Серікбай ҚОСАН,
ф.ғ.к., ақын, абайтанушы




ПІКІР ЖАЗУ