АБАЙ және БІЗ

Биыл ұлы ақын, ғұлама ойшыл, хакім Абайдың туғанына 180 жыл толып отыр. 2025 жыл – Абай жылы. Абай әлемі шетсіз, шексіз дариядай. Оның түбіне сүнгуге, жүзіп жағасына шығуға біз сияқты пақырдың зердесі жетпейді. Сөйтсе де көңілдегі ой толғақты оқырманмен бөліскің келеді.

            Сонымен, Абай деген кім? «Мұндай сауалды қойып отырған адамның ақыл-есі дұрыс па өзі?» деп оқырман ойлауы даусыз. Оған да себеп бар. Өлгийде орта мектеп тәмамдап, институтқа жолдама алып келген бір студент жастан «Абай деген кім? Білесіңдер ме?» деп сұрағанымда, ол: «Мұғалім сондай бір кісінің атын айтатын-ды» деп келте жауап қайырды. «Абайдың бір өлеңін жатқа білесің бе?». «Жоқ»!…

Осыдан соң Абайдың кім екенін жастарға ұғындырмақшы боласың. «Тышқан ініне кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлайдының» кейпі ғой, менікі. Ұлы ақын, кемеңгер ойшыл философты әлем таныған заманда біздің кейбір жастар аты-жөнін дұрыс ұқпағанын ойлап, ақынның өз сөзімен айтқанда «қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде!» Мұндай көрсоқырлық біздің елдегі қазақ әдебиеті пәнін үйрету сапасының анық өлшемі. Абай тану ілімінің дәрежесін Қазақстандық ағайындар мемлекеттік саясаттың маңызды деңгейіне  көтерді. Өйткені «Абай тану – қазақ тану» деген сөз.

Абай: «Мұңдасып, шер тарқатысар кісі болмаған соң ғылым өзі – бір, тез қартайтатұғын күйік». (1-ші қара сөзінен)

Біз: Ғылым, өнер, шығармашылық адамын жете түсіну  біздің қоғамда да кем баға. Ғалымдарды «оқу соққан», өнер адамын «жын шайтанның ойнағы», ақын жазушыларды «әулекі» деп келемеждейтіндер бар. Олар өзімен өзі болып, өз талантынан ләззат алып, марқаяды.  Батыстың өркениетті елдері осы салаға жылдық бюджеттің 20 пайызын жұмсаса, Моңғолияда 0,2 пайызын ғана арнайды. Театр, музей, мәдени орталықтар көбінде қаңырап бос тұрады. Кірісін өздері табуға міндетті. Ғалымдардың қаншама ғылыми жаңалығы назардан тыс. Шығарма жазу, бастыру, тарату міндеті барлық саладағы қаламгерлердің өз мойнында. Әрбір ұлтты ғылым мен технологиядағы жаңалығы, мәдениеті мен өнері танытады. Бізде олай емес. Интеллектуалды тыңдайтын құлақ жоққа тән.

Абай: «…Жалқау кісі – қорқақ, қайратсыз тартады. Қайратсыз – қорқақ, мақтаншақ келеді. Мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді. Ақылсыз – надан, арсыз келеді. Арсыз, жалқаудан сұрамсақ, тойымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады». (3-ші қара сөзінен)

Біз: Абай адамның барлық жағымсыз қасиеттерін осылай ескертеді. Мұндай жалқау, қорқақ, қайратыз, мақтаншақ, ақылсыз, надан, арсыз, сұрамсақ, тойымсыз, өнерсіздер бүгін бізде жеткілікті. «Моңғол халқының үштен бірі кедей» деген статистика бар. Қоқыс теріп күн көрушілер, подъезд, траншеяны баспана етушілер, сұрамсақтар әр елде кездеседі.  Осының тегі – жалқаулық. Сұрап ала алмаса әлімжеттік істеп тартып алудан тайынбайды. «Оңай олжа – ұрлық» деп ойлайды. Жалқау кісі үкіметтің қамқорлығына иек сүйеп алады. «Жалқауға ұйқы, арсызға күлкі береді».  Нарық заманында еңбектің түрі көп. Ауылда мал бағатын малшылардың саны жыл сайын азайып келеді. Үкімет 20 жыл мал баққанға зейнетақы төлеуге уәде берсе де даладан қалаға қашатындар көбейіп барады. Мал – өзінің меншігі, өнімі, өз кірісі бола тұра зейнетақы тілеуі қалай? Күзгі егіндікте күніне 50,0 мың төгрөг ақы төлейтін шаруаға ие табылмайды. Жастар жылы кеңсе, мәнсап, лауазым, атаққа құштар. Сыбайлас жемқорлықпен терін төкпей, текке алып, тез баюды мақсат тұтады. Абай мұндайларды «терін төкпей телміріп көзін сатқан» деп сынайды.

Абай: «…Ұрылар тыйылмайды… Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп, ақтап, арамдығын жақтап сүйеймін» десе соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады». (3-ші қара сөзінен)

Біз: Қазір халықты басшылар тонайтын болды. Билікке шыққан соң өз ұрлығын бастап, ұрыларды жақтап, үдете түседі. Ел екі жар бөлінеді. Сайлау алдында «сүйеймін» деп ант ішіп, арамды жақтап, жалған уәдемен қарапайым жұртты алдаушылар көбейді. Ондай адам ұлттың, халықтың мүддесінен қара басының қамын жоғары қояды. Ендігі ұрылар ұсақ-түйекті місе тұтпайды. Біздің билік басындағылардың банк, мемлекеттік қор, жер байлығын ұрлаған қылмысы етек алуы осының дәлелі. Ұрылар тыйылатын түрі жоқ.

Абай: Жартасқа бардым,

           Күнде айқай салды.

           Одан да шықты жаңғырық,

           Баяғы жартас-бір жартас,

           Қаңқ етер түкті байқамас.

Біз: Халық: «сайлау әділ болмады», «алым-салық еселенді», «көк түтінге тұншықтық», «қатерлі ісік күрт өсті»,  «тұмау етек алды», «заттың бағасы күн санап өсуде», «жұмыссыздық жайлады», «жалақы, зейнет ақы қосылмады» деген сияқты өкпе наразылығын білдіріп, радио, телеарнада сарнады, шағымын жазды, шеруге шықты, билікшілерді сынады. Құлақ асқан үкімет жоқ. Баяғы жартас – бір жартас. Мұндай үрдіс жалғасқалы қанша? Айтып жағы, телміріп көзі, шеруден белі талған жұпыны жұрттың да осынау келеңсіз жайға бойы үйір болып, сілесі қатып, үміті үзіліп, өздері де өлі «жартасқа» айналған сияқты.

Абай: Адал адам өз басын құтқару үшін жамандарға жалынса, оның да адамшылығының кеткені. Егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені… Осы күнде қазақ ішінде «Ісі білмес, кісі білер» деген мақал шығыпты. Оның мәнісі: «Ісіңнің түзулігімен жетпейсің, кісіңнің амалшы, айлалығымен жетерсің» деген сөз… (3-ші қара сөзінен)

Біз: Адалдығымен, білім парасатымен, ісінің түзулігімен мақсатқа жету мүмкін болмай қалды. Басшыларды сынаған адам нәпақасынан айрылады. Сүйеуші «кісісі», «партиясы» жоқ жастар ешбір қызметке алынбайды. Россия, Түркия, Жапония, Германия сияқты өркениетті елдерде жоғарғы маман игерген біздің жастар ресторанда даяшылық жасап, супермаркетте сатушы болып істеп жүр. Парақорлар – жеңістің батыры, биліктің басы, қызметтің иесі. Біздің бүгінгі кейпіміз – сыбайлас жемқорларға, соттың парақор қазыларына мүрит болған әділетсіз, опасыз ит өмір. «Ісі білмей, кісі білген» деген осы емес пе?

Абай: Күлкі өзі бір мастық… Күлкіге салынған кісі не шаруадан, не ақылдан, не ұят келерлік істен құр қалады… Қайғыны орынсыз күлкімен емес, орынды харакетпен азайт! (4-ші қара сөзінен)

Біз: «Арсызға күлкі, жалқауға ұйқы береді». Ол күлкімен көңілін аулайды. Біреуді күндеп күледі, не біреуді келемеждеп, содан ләззат алады. Орнын таппаған күлкі опық жегізеді. Біздің кейбір жастар күлкішіл болып барады-ау деймін. Сықақшылар да көрерменді күлдіре алмай әуре. Олар әйел болып, кемпір болып, құлағы керең шал болып, сақау болып, жынды болып, тіпті ашылып-шашылып, бақырып-шақырып ойнаса да сенім тудырмайды. Эстетикалық сауаты аз, әлгі күлкішілер ғана күледі.

Абай: Адам баласы жылап туады, кейін өледі… Бірін бірі аңдып, біріне бірі  мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнінде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды. (4-ші қара сөзінен)

Біз: Ұлы ақын біздің пендешілігімізді сынап, ескертіп отыр. Абай «Адам – өлу үшін туады» деп ескертеді. Бұл Құран кәрімнің қағидасы. Мәңгілік өмір жоғын адамның барлығы біледі. Сөйте тұра бірін бірі аңдуды, ізіне түсіп өкшесін сығалауды, бақталас-бақастықты қоймайды. Болмашыға мақтанып марқаяды. Мәңгі жасайтындай, өлетінін ұмытқан байлар, шаруашылық иелері қоғамдық жауапкершілігін ұмытып, жесір-жетім, жарлы жақыбайларға қол ұшын бере алмайды. Өлгенде өзімен бірге ала кететіндей дүние қоңыздыққа салынады.  Жақсыны көре алмайды, жаманға бөліп бере алмайды.«Таусыларға» таяған соң ғана өкінеді.

«Халықтың үштен бірі кедей» дедік. Бейресми әлдекімдер «Моңғол елінің бар байлығы 300-ден астам адамның қолына өткен» десіп жүр. Бір басына он пәтер сатып алғандар да бар. Жанұя мүшелері түгелдей машина мініп, жеке котеджде өмір сүреді дейді. Италияға барып түстік жейді-мыс. Абай сөзімен айтсақ «таусылар» сәтте тірлікті сол дәулетімен сатып алар ма екен? Әрине, өмір заңдылығы ондай мүмкіндікті ещкімге сыйламайды…

Абай: «…Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес…». (6-шы қара сөзінен)

Біз: Береке-бірлік малға, бөліп жеген параға, жемқорлыққа, дүниеге тоқтайды деген ұғым бізде берік қалыптасты. Билік басына шыққандар «өз командамды (тобымды) құрамын» деген сылтаумен, сыбайластарын қасына топтастыратын болды. Бұл ақылдың бірлігі емес, малдың бірлігі болып танылды. Бірлесіп істеген қылмыстың иесі жоқ. Ақыл, парасатқа негізделмей, дүниеге тоқтаған бірлік-берекенің басы емес. Ақылы ар ұяттың күзетшісі болудан қалған адамның арманы – мал (дүние), жемқорлық, парақорлық.

Абай : «Өзің тірі болсаңда көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың…». (6-шы қара сөзінен)

Біз: Бізді рухани мешеулік меңдетуде. Мәнсап, дәулет, баспана, мінген қымбат машинамен, 1000 кісілік той жасаумен, ішкен-жеген, ілген-кигенмен мақтану етек алды. «Көкіректің өлуі» деген осы. Бұдан бірнеше жыл бұрын  аймағымызды жайлаған рухани мешеулік туралы да жазып едім. «Көзі соқырдан көкірегі соқыр жаман» деген аталы сөзді Абай ақын әлдеқашан ескеткен ғой.

Абай: «…Ішсем, жесем, ұйықтасам деген тән құмарлығы… Білсем, көрсем, үйренсем екен деген жан құмарлығы… Тәннен жан артық. Тәнді жанға бас ұрғызса керек…». (7-ші қара сөзінен)

Біз: Бізде тән құмарлығы басым. Рухани тұрғыдан өсуді, оянуды, жаңғырып жаңалануды кейінге қалдыра береміз. Жан құмарлығы үшін ізденіс, талпыныс, құлшыныс, төзім, күрескерлік қасиет қажет. Жан қиналмай тән ләззат алмақ емес. Ауырдың үсті, жеңілдің астымен күн өткізген адам рухани табысқа қол жеткізу қиын. Заманауи әлемдік үрдіске үңілсек шет елдік жастар 2-3 мамандық игеріп, 2-3 тіл білуді байырғы ғадет, негізгі мақсатқа айналдырды. Әсіресе ағылшын, француз, қытай, араб тілдерінің сұранысы күрт өсуде. «Орыс тілі – дүниенің кілті» деген уағыз жылдан жылға әлсіреп барады. Қазақтар үшін түрік тілі де маңызды. Жан құмарлығының қажетін өтеуге шет ел тілдері аса маңызды. Біздің елде Мәскеу, Токио, Стамбул университеттерін озық бағамен бітіріп келген жастар жұмыс орнын таба алмай, үмітін үзіп, жан құмарлығына тұсау салынып, оқыған елдеріне кетіп қалады. Осындай интеллектуалды жастарға басшылар орын бермеген соң ұлттық зиялылар дұрыс қалыптаспайды. «Аймақ, сұмын басқаратын білікті азаматтар жетіспейді» деген кадр жұтаңдығынан да құтыла алмаймыз. Қазақстанда Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен көптеген жас мамандарды сыналтып, жыл сайын мемлекеттік қызметке көтеретін жобаны іске асыруда. Ұлттық зиялылар қатарын өсіруге қандай ұтымды бастама! Бізде, мәселе керісінше!…

Абай: «Байлар… мал болса Құдай Тағаланы да паралап алса болады дейді. Оның діні, құдайы, халқы, жұрты, білім-ұяты, ары, жақыны, бәрі – мал». (8-ші қара сөзінен)

Біз: Біздің елдегі байлар, компания қожайындары, билік басындағы олигархтардың да ой-ниеті осы. Олардың мәнсапты, тексеруші-тергеушіні, прокурорды, сотты сатып алуы байырғы ғадетке айланды. «Ақшалы адамға сот жоқ» деген ұғым бізде әбден қалыптасты. Олар үшін құдайдың да қажеті шамалы. Діни наным, қарапайым халық, білім, маман, ар-ұят, ағайын-туыс, дос-жаран түкке де тұрмайды. Ғалым жазушы Л.Түдэвтің «ақша-ноян барлығын басқарады» деуі де осы болып шықты.

Абай: «…Иман келтірген нәрсесіне соншалық беріктік керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік боларға керек». (13-ші қара сөзінен)

Біз: Бізде иманын үйіріп, мұсылмандық жосын көрсетушілер көбейіп келеді. Заман оңалып, діни нанымға еркіндік берілген соң намаз оқитындар, қажылар, молдалар молайды. Бірақ, «молда көбейсе қой арам өледі» деген тәмсіл шындыққа айналуы жақын сияқты.  Зекет бермей, өз дәулетін жұмсамай, әртүрлі ұйымның қолдауымен Меккеге барып, «қажы» атанғанына мәз болып, қажылық сапардан соң арақ ішіп, ғайбат айтып, саясатқа салынып жүргендерді де көріп жүрміз. Адал ниет, айнымас сенім кем баға.

Абай: «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды…». (14-ші қара сөзінен)

Біз: Тілі жүрегіне бағынбайтындар көп. Абай адам жүрегінің жылылығын, жанының пәктігін, мінезінің адалдығын, қасиетінің адамшылығын, ісінің әділдігін дәріптеп өткен ақын. Қарапайым қауымның бүгінгі тілегі де осы. Әділдік азайып, адам азғындаған мына заманға жұрттың бәрі наразы. Жүрегіне тілі бағынбайтындар өтірік айтады, жалған уәде береді, ұрлық істейді, халықтың байлығын тонайды, қоғамдық ортаны былғайды. Бұған мысал жеткілікті.

Абай: «…Есті адам орынды іске қызығып, құмарланып іздейді… Күнінде айтса құлақ, ойласа көңіл сүйсінгендей… Егерде, ақылды кісілердің қатарында болғың келсе күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір рет өзіңнен өзің есеп ал!..». (15-ші қара сөзінен)

Біз: Қазір өзінен өзі есеп алатын адам бар ма? «Өзінен өзі есеп алу» деген адам өзіне өзі қорытынды жасау, өткен күндеріне, артта қалған ізіне қайта қарау. «Мен не тындырдым? Нендей қателік жібердім? Менің кемшілігім не? Халқыма пайдалы не істедім?» дегенді қорытындылау деген сөз. Батыстың бір ғұламасы. «Өзін ұққан – дана, өзін жеңген – батыр» деген екен. Біз өзімізді былай қойғанда өзгені де ұққымыз келмейді. Мұның аты – өзімшілдік, өркөкіректік, надандық.

Абай: «…Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрсесімен озбақ. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі-ақымақтық». (18-ші қара сөзінен)

Біз: Бақталас, бақастық бізбен егіз. Нарықтық дәуір – нағыз бәсекенің заманы. Басқадан «мәнсап, атақ, дүние мүлік арқылы озамын» деп бәсекелесу, немесе «оздым» деп мақтану етек алды. Өлсең осының барлығы адыра қалады. Ал, адыра қалмайтын мәңгілік нәрсе – ғылым, өнер, ар ұят, адамгершілік мінез екенін Абай ескертіп отыр.

Абай: «…Сөз танымайтын елге сөз айтқанша өзіңді танитұғын шошқаны баққаның жақсы…». (19-шы қара сөзінен)

Біз: Бабалар заманында бір рулы ел бір ауыз сөзге тоқтаған. Қазір бір ауыл бір ақсақалдың сөзіне тоқтаудан да қалды.  Бала әкені, іні ағаны сыйлау да шамалы. Ағайынды екеу малға, қонысқа таласып, соттасқанын көрдік. Сөздің құны – көк тиын. Дауласуды, салғыласуды «пікір алуандығы» деп ұғатындар бой көрсетті. Соңғы кезде бетпе-бет емес, интернет желісі арқылы сыбайтын жастар шықты. Өз басым мұндай қылыққа екі мәрте тап болдым… Ақылсызға амал не?…

Абай: Аз ба, көп пе, адам баласы бір түрлі мақтаннан аман болмағы қиын іс». (21-ші қара сөзінен)

Біз: Мақтан сүйгіш адам әр түрлі. Ақылсыз, өркөкірек, құркеуде, даңғойлық – орынсыз бос  мақтан. Оның тегі – надандық. Кейбіреу жүйрік атын, тағы біреу қыран бүркітін мақтап өзеленеді. Өз баласын өзі көкке көтере мақтайтындар, мақтанатындар да бар. Бұл – ұятсыздық. Тындырған табысы үшінгі мақтан – өз ләззаты. Бірақ, оның да шегі болуға тиіс. Өнер адамы, ақын, жазушылар көңіл көтергіш. Мақтан сүйсе де сын көтермейді. Орынсыз мақтау мен мақтан-адамды аздырады. Құр мақтанғанмен Құдай берген өлшемнен аспайсың. Халық әні: «Түлкі алмас қара қарға баптағанмен //                     Жақсыдан жаман озбас мақтағанмен». Абай өлеңі: «Тұлпардан тұғыр озбас шабылсада, //                       Оған да үкі, тұмар тағылса да…».

Абай: «Мал жұтайды, өнер жұтамайды. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі». (33-ші қара сөзінен)

Біз:  Абай малмен қатар егін салуға, қол өнерді өркендетуге қазақ халқын шақырды, үгіттеді. «Қол өнері» бүгін «кіші, шағын өндіріс». Моңғолша әлгі аты шулы «ЖДҮ» (Жижиг, дунд үйлдвэр). Моңғол үкіметі «ЖДҮ»-ге арналған арнайы қор құрды. Сол қорды да Ұлы құрылтай мүшелері мен министрлер, олардың қол-аяғы «шағын өндіріс ашамыз» деген жалған «жобамен» миллиардтап алып, банкке сақтап, процентін жеген қылмыс әшкереленді. Көбі төлемін әлі қайтармаған. Алдамшы билікшілерден жауапкершілік жүктелгені де жоқ. Қол өнер қалай өрістесін. Жер игеріп, егін салған қазақтар Баян-Өлгийде жоққа тән. Қобда аймағында санаулы. Ер шабатын, домбыра жасайтын, күміс ұстайтын, тігін тігетін қол өнерлілер от басында. Жалпы өнер – өлмейді. Әртіс, мүсінші, сәулетші, ақын, жазушы, суретші дегендей өнерлілердің еңбегі халық қазынасы. Олар бізде бар. Өкініштісі билікшілер еңбектерін бағалауға самарқау. «Өлеңшінің сөзі ортақ. Өнерлінің қолы ортақ» деп халқымыз бекер айтпаған. Олар – рухани байлақ жасаушылар.

Абай: «Алла Тағала дүние үшін болғандарға айтар дейді: «Сендер бұл дүниеде қажеке, молдеке, сопеке, мырзеке, байеке, батыреке аталмақ үшін амал қылып едіңдер. Ол дүниең мұнда (ақыретте) жоқ… харап болған. Бірге істеген өнерлерің де (амал айлаларың да) бітті. Енді мұнда (о дүниеде) құрмет алмақ түгіл, сұрау беріңдер дейді». (35-ші қара сөзінен)

 Біз: Абай о дүниге барғанда сұралатын лауқұлмахфуздың есебін ескертіп отыр. Тозақ туралы діни ұғым болса да аса тағылымды, өмірдің философы. Мәңгілік мәнсап, орталамас байлық, өшпес атақ, өлмес ғұмыр жоқ екенін ескертеді. Әркім межелеген жеріне, ойлаған ойына жетсе шүкіршілік ету лазым.

Абай: «Ар, ұят деген адамның өз басының адамшылығы. Иттігіңді ішіңнен өз мойныңа алып, сөгіп қылған қысымның аты!»… (36-шы қара сөзінен)

Біз: «Ар» деген қазақ сөзін орыстар «совесть» десе, моңғолдар бүгінге дейін дәйекті балама таппай әуре. Академик Ц.Дамдинсүрэн осылай қиналған. Көрнекті ақын, аудармашы Ч.Чимид «Нэр төр, нандин чанар» деген төрт сөзбен түсіндіреді. Менімше «ичгүүр-сонжуур» десе лайықты сияқтанады. Соның өзінде екі сөз! «Ар», «ұят» деген екі түрлі ұғым. Абай: «Арсыз болмай атақ жоқ» деуі бүгінгі біздің билік үшінгі, ат-атақ үшінгі бәсекеміздің шынайы сипаты.

Ескерту: Абайдың 37-ші қара сөзінде 23 түрлі тағлымы мол қортынды, 40-шы қара сөзінде өзіне өзі қойған (қазақ қауымына қойған) 21 түрлі сауал бар. Олардың барлығын талдамай-ақ, кейбіреуіне зер сала қарайықшы. Мысалы:

Абай: «…Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ. Тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатүғыны қалай?»

Біз: Бұл сауал емес, өмірдің философиясы, біздің қазақи мінезіміз. Тірісінде аяқтан шалып көре алмай, өлгеннен соң «ой бауырымдап» шабатын, жалған қылығымыз. «Өлгеннің аруағымен алыспа!» деп жамандамай, тірісінде жүзін айдай етіп, бет жыртысатын біздер!…

Абай: «Бәйгеге ат қоссаң атыңды тартыспайтұғын ағайын, атың келсе бәйгесіне өкпелейтіні қалай?»

Біз: Бұл біздің олжақорлығымыз. Біздің бұрынғы Аққол (Цагаан гол) сұмынында Е.Сейіт деген ақын болды. Бір жылы қыстауға төрт қанат ағаш үй салып, қолғабыс істегендерді дастарханға шақырады. «М» деген ағайын жігіт үй салысуға келмесе де кешкі асқа шақырусыз келеді. Сонда Сейіт ақын: Сейіт салды сарайды, // Шақырады маңайды. //  Үй салғанға келмеген, // Ет жегенге жарайды, – депті. Бәйгесіне өкпелейтін олжақорлықтың бір мысалы осы емес пе?

Абай: «Біреуді досым деп, ат беріп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп тай берсе бұзыла қалатыны қалай?»

Біз: Мұндай екі беткей, жатқа жарамсақтанған, жандайшаптар бізде де бар. Дойбыда «Екі жеп биге шығу» деген жүріс бар емес пе? Озбырлық, пендешілік қалама, қашанда!

Абай: «Кей жұрт ақыл айтарлық кісіні іздеп таба алмайды. Ал, қылығының қылшығын танитұғын кісіден қашық жүретұғыны қалай?»

Біз: Басында кемшілігі бар, табансыз, жалтақой адам өзінің қыр-сырын жақсы білетін, кемшілігін бетіне айтатын, турашыл кісіден бойын ала қашады. «Ұрының арты қуыс». Ақылды адам ақылдыға жуық.

Абай: «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам адам мінезін түзеп  болмайды деген кісінің тілін кесер едім»

Біз: Біздің санамызда  «туада жаман адам», «тума мінезі сондай», «тәрбиесіз бала», «мінезі қашаннан қыңыр» дейтін ұғым қалыптасқан. Әділ заң, әділ билік болса түзелмейтін кемшілік жоқ. Бізде заңды билікшілер өздері орындамайды, бұзады да жауапкершілік көтермейді. Сондықтан, кейбір жастар «заң онсыз да орындалмайды» деп, соларға еліктейді. «Моңғолдың заңы үш күндік» деген мысқыл ерте кезден айтылып келген екен.

Түйін: Абайдың поэтикалық мұрасы өз алдына бір төбе – үлкен дүние. Біз тек ғақылиялық қара сөздерін негіз етіп әңгімелеуге тырыстық. Абай әлемі теңіздей терең, тұңғиық мұхиттай түпсіз, дархан даладай кең. Оның құны – шексіз, өлшеусіз. Абай – ұлтымыздың ұлағатты ұстазы. Біз – оның мәңгілік шәкірті, жалықпас оқырманы боламыз.

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға келсін кез.

Нұрын, сырын ұғуға,

Көкірегінде болсын көз?

Ұлы ақынның өз сөзімен аяқталық. «Білмеске – арзан, білгенге – маржан» деген ақын сөзін де ескертелік.

                                    Сұлтан ТӘУКЕЙҰЛЫ,

Моңғолияның Халық жазушысы

           Ұлан-Батыр

2025 жыл, 18-ші қаңтар

 

    

     

 




ПІКІР ЖАЗУ