АБАЙ ЖАЗҒАН ХАТТАР
Алаш баласының Абайға қатысты әрбір дерекке елеңдеп отыратыны рас
Хат – өткеннің үні, болашаққа жол тартқан аманат. Хат – дәуір үні, сол кезеңдегі адамдардың ой-санасын, рухани болмысын, әлеуметтік жағдайын айна-қатесіз жеткізетін дереккөз деп қарасақ, Абайдың інісі Халиолла мен баласы Мағауияға жазған хаттары арқылы біз XIX ғасырдағы қазақ қоғамының көзқарасы мен құндылықтарын, ағартушылық рухты, адамгершілік ұстанымдарды танимыз. Өйткені Абай хаттары – қарапайым хаттан гөрі терең философиялық, тәрбиелік мәні бар рухани мұра. Бұл хаттарда Абай бауыр мен балаға деген мейірімін, білімге шақырған өсиеттерін шынайы жеткізеді. Бұл хаттар – Абай дүниетанымының, моральдық ұстанымының айнасы.
Інісі Халиоллаға жазған хаты
Сізге гиззәтлу1 уә хурмәтлу2 ғазиз мукәррәм3 ініміз Халиулла мырзаға бізки ағаңыз Ибраһимден дұғай сәлем. Уә һәм барша ата-аналарыңыздан, аға-іні, жеңгелеріңізден көпден-көп дұғай сәлемлер йолдадық. Әлхәмду лиллә4, үшбу күнде сау-саламатлармыз, өзің көрген жандар һәммәсі5: уә кәнә6 бізге хат йазған Камалидден молдаға көпден-көп сәлем дегейсіз. Һәрине7 сізге дінқарындашлық туғрасындан қылған болышлықлары Алла ағаладан қайтсұн. Өзіңе хат йазарға уақыт тар болды. Аягөзге келген уақытта пошта йүрәрге тығызланған да екен, һәрне хатларны да көрдүк. Бижай діл қабылымыз олды.
Уә қана йол қаржыға отұз теңге иібердік. Йәнә Семейге мағлұмланған8 уақытыңызда Құдай тағала қаласа ат тағайынлармыз. Тәтеңіз9 бек қуанып жатыр – фәрз ‘әйн10 үйренгеніңіз хусунында11, ілгері талап қылғанлығыңыздан. Һәрдайым Құдай Тағалаға сығынып жәһд12 қыла көрсүн дейді. Хатыңыз тиіші бірлә13 йешбір тоқтамайынша Аягөзге келіп үшбу хатты йаздық.
Һәрдайым тауфықлы14, абыройлы ғұмырыңызды тілеп, хат йазғушы ағаңыз Ибраһим Құнанбай оғлы дейу білесіз.
Юнісден көп сәлем.
1866-ынчы жылында 8-інчі мартда.
—————————————————————
1 Иззәт (арабша) – ұлылық, құрмет.
2 Хурмәт (арабша) – құрмет.
3 Мукәррәм (арабша) – сыпайы, сыйлы.
4 Әлхәмду лииләҺ (арабша) – Аллаға шүкір.
5 Һәме (парысша) – бәрі, барша.
6 Уә кәнә – және деген мағынада.
7 Һәрне (түркиеше) – әрбір, әрқашан.
8 Мә лум (арабша) – белгілі, мәлім.
9 Құнанбайға балаларының қойған аты.
10 Фәрз әйн (арабша) – міндетті парыз. Яғни, шариғат бойынша әрібір адамның өзі орындауы міндетті болған амал.
11 Хусус (арабша) – қатысты, сондықтан.
12 Жәһд (арабша) – талап, жігер.
13 Бәрлә (түркиеше) – шылау: мен менен, пен пенен.
14 Тәуфик (арабша) – жетістік, сәттілік.
Баласы Мағауияға жазған хаты
Дұғай сәлем
Хурмәтлү уә мәрхәмәтлү Мағашқа жетіб мәлім болсын-ки, осы менен дұғай сәлем. Әлгі малды Бакеңнен айдатып жібер. Ақылбай бірге келсін. Мұндағы істер жақсы жүріп… Шаһкәрімге һәм сәлем айтыңдар. Ол да келсін.
Ой жібертіп қарашы, Мағаш бала,
Сан дегенің тоғыз-ақ бірден сана.
Нөлді ерітпесе бұлар да қысыр еді,
Единитса сыпат деп біл, тек ғана.
Көп білгенге көп надан болады қас,
Мәужуд1 пенен мансұхды2 ол айырмас.
Бәйтерек те күндейді көлеңкесін,
Байқап тұрсаң осы жұрт соған ұқсас.
Үшбу сөзді зейін қойып оқы һәм солай істе, шырағым.
Амандықта, ағайыныңыз Абай.
—————————————————————-
1Арабша [мәужуд] – бар болу, қолда бар.
2Арабша [мәнсух] – күші жойылған
Хаттарға түсініктеме
Абайдың Омбыдағы кадет корпусында оқыған інісі Халиоллаға 1866 жылы 8 наурызда жазған хаты. Петербургтегі Күншығыс халықтарын зерттеу институтының кітапханасында сақтаулы бұл хатты Ә. Марғұлан тапқан.
Халиолла – Құнанбайдың Айғыздан туған ұлы, Абайдың інісі. Он жасына дейін ауылда Ғабитхан молдадан оқып, сауатын ашқан ол, 1859-67 жылдары Омбыдағы кадет корпусында, 1867-68 жылдары Мәскеудегі Александр III атындағы әскери училищеде оқыды. 1868-70 жылдары Батыс Сібір генарал-губернаторлығына қарайтын Сібір қазақ әскери бөлімінде қызмет еткен.
Ол жан-жақты талантты болған. Халиолла өмірден ерте өтіп, айтарлықтай мұра қалдыра алмады. Абай орыс әдебиетінің туындыларымен алғаш рет Халиолла арқылы танысты. Ол халық эпосын жинап, зерттеуде көп еңбек сіңірген.
Абайдың Семейден баласы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты. Белгілі тарихшы-ғалым Амантай Исин 1997 жылы 1-қыркүйекте Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының қорында ескі қолжазбалармен жұмыс істеген кезінде осы хатты тауып алған.
Ғалым жүргізген сараптама бойынша: «Төртке бүктелген хат қағазы жақсы сақталған. Хаттың жазылуы айы мен күні туралы мәлімет өшіп қалған. Бір сөз сызып тасталған, мұның өзі хаттың көшірілмегенін көрсетіп тұр. Жазу орфографиясы және мәнері толығымен XIX ғасырдың соңына сай келеді. «Дұғай сәлем» деп хат бастамасы жазылып, соңынан жазылу уақыты көрсетілген».
Дереккөзі: «Абай шығармаларының академиялық толық жинағы». 174-175 және 283-286-беттер