АБАЙДЫҢ ӨНЕРІ ҺӘМ ҚЫЗМЕТІ

 *Абай  1845 жылы дүнияға келіп, 60 жыл өмір сүріп 1904 жылы дүниядан қайтты. Қазақ халқын  надандықтың  айсыз қараңғы түні ғылым сәулесінен  бүркеп, тұншықтырып тұрған кезінде тұншыққан елге дем болуға, қараңғы  жерге нұр болуға, надандық – аждаһаны өртеуге құдай жіберген хақиқаттың ұшқыны Абай туды.

              *Абайдың  қиялы шалымды, ойы терең, ақыл, білімнің һәр тарауынан көкірегінде асыл қазына көп. Сол көп  қазынаны барлық ырғағы, нәзік сипатымен қазақтың ұстармаған, ысылмаған жуан тілімен  биязы қып шығаруы, әрі ақындығы, қыз тілді шешендігі.

            Абайдың ақындық өнері тар жолды, бір беткей емес, һәр тараулы, сегіз қырлы. Ол тараулар мынау: мінез түзететіндік (ахлақи),  тереңнен  толғайтындық (фәлсафа), сыншылдық (критика), суретшілік (художественность), жүректің мұң-зарын, сыран тапқыштық (лирика), ащы тілділік, ызамен күлетіндік (сатира) һәм керемет переводчиктік.

 * Абайдың басылмаған қара сөздері көп. Сол сөздерінің  бәрі терең  ойға салып, толғап  жазылған. Ахлақ, адамшылық, дін, халықтың мінезі, неше  түрлі хақихаттар туралы  жазылған сөздері Абайда фәлсафа қуаты барлығына үлкен дәлел. Абайдың данышпандық белгісі – өзі шығарған он алты мақалы бар. Мақалының біреуі: «Әкесінің баласы – адамның дұшманы, адам баласы – бауырың» деген.

*Ғашық жәйін, әйел турасын жазғанда Абай аса  шеберлеп, қызықтыра сипаттайды. Ондай өлеңдерінде ахлақ жолынан алыстау кететін орындары болады, бірақ  мұнысы  ақындық  жолында кешірерлік  іс. Ақынның жүрегі не нәрсенің болсын жарастығын, келісімін, сұлудан сұлуын іздейді. Жүрегінің сезімі, көңілінің шабыты билеп, өз бетімен жазып кеткен сөзін былай неге жазбадың, ахлаққа халәф деу жол емес. Ол – зорлық. Оның суретшіл көңіліне, жүрек  қиялына басқаның мөлшері өлшеу емес.

*О кездегі ақындар я қошеметшіл, я тіленші, я мақтаншақ болып, заманның ыңғайымен кетіп, сөздеріне  баға қойылмаған һәм баға қойдыра алмаған. Мұның  себебі, ол кезде ақындық өнер орнына  жүрмей, жан сақтап,  дүние табу  жолына  жұмсалғандықтан, ақыл  көзінің шарасы кең, түрге саларлық, білімді, дана ақындар шықпағандықтан, ақындық пен тіленшілік жанас жүрген соң халық ақындыққа терең  көзбен қарап,  қадірлемегендіктен, һәм ақындар төмен, нашар жерлерден шығып, аталы адамдар ақындықтан жиренгендіктен еді.

Абайдан бергі қазақ әдебиетінің беті жаңа түр  тапты. Абай бұрыңғы ақындардың ұстанып келе жатқан бетін тастап, тыңнан жол салды. Бұл Абайдың бұрынғы ақындардан ақыл көзінің артықтығы болды – бір, ақындығы күшті болды – екі, өлеңнің өнер екендігін білді – үш. Сонымен Абай һешкімнен үлгі алмай қазақ әдебиетінің бетін бұрып мүйіс шығарды, өлеңшілікке өзгеше түр кіргізді.

*Ақындығы Абай қатарлы адам  шығып, жаңа түр тапқанша осы буындағы әдебиеттің беті «Абай дәуірі» деп аталады.

Қазақтың әдебиеті ілгері басып өрлейтін болса, Абайдың бұл қызметі әдебиетімізге  негіз болып, келешектегі көтерілуіне тұғыры болмақ. Пушкин  айтқандайын Абай «Өзіне мәңгілік ескерткіш орнатып» кетті.

Абайдың  істеп кеткен  қызметі  әдебиетімізге асыл ірге тас. Бұл асыл іргенің үстіне  салынатын ілгерлі қазақ әдебиетінің дүкені көрікті, көрнекті, нақысты, өрнекті болуына лайық. Қуанамыз! Нанамыз!

Марқұм атамыз! Қазақ халқына халықтығын жоғалтпайтын өшпес  белгі орнаттың. Еңбегіңнің жемісін өзің  көрмесең, аруағың көріп қуансын.

«Абай», 1918.

(Ықшамдалып алынды)

Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ

Мұхтар ӘУЕЗОВ

 

 




ПІКІР ЖАЗУ