АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ

(Ғылыми-танымдық эссе)

 Ұлы Абай ақынның әдеби мұрасы қазақ даласынан ұшып, әлемді шарлап кетті. Осылай хакім Абай, ақын Абай адамзаттың Абайына айналды. Абай – ұлттық код қана емес, өзінің гуманистік, демократиялық көзқарасымен әлемді ойлантты. Оның шығармаларын оқып, арнайы зерттеулер жасады. Осылай Абай Құнанбайұлы әлем таныған және мойындаған ойшыл тұлғаға айналды.

Еуропа мен АҚШ-та, төрткүл дүниеде Абай ақынның поэзиясы жүрек пен иманның, рух пен тазалықтың, халықтық дүние-түйсіктің бірлігі ретінде қабылданды. Сондықтан да өркениетті елдер мен Шығыста, Ресей мен Орта Азия, жақын, алыс жерлерде ұлы Абай қалай танылып жүр, қандай зерттеулер жасалды деген сауалдардың ойға оралғаны рас. Сондықтан да Абай шығармашылығы мен оның жалпы адамзаттың ізгілікті құндылықтарды мұра еткен поэзиясы туралы әлемдік әдебиет өкілдері толғақты қандай сөз айтты, қандай баға берді деген сұрақтарға жауап ізделік.

Әрине, ұлы Абай ең алдымен қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушы. Ол жаңа әдебиеттің жарқын жолын салды.

 Ресей: «Абайдың бойында бүкіл әлем бар еді»

Абай орыс әдебиеті арқылы әлемдік әдебиетке жетудің жолын көрсетті, оның алтын көпіріне айналды.

1940 жылы Л.Соболевтің редакциясымен Мәскеудің Гослитиздатында «Абай Құнанбаев лирикасы мен поэмалары» деген кітап жарық көрді. Ал 1941 жылы «Литературная обозрение» журналында әдебиетші Михаил Зенкевичтің осы жинаққа жазған рецензиясы жарияланды.

«Абай Құнанбаевтың орысша шыққан поэтикалық кітабы жаңа поэзия жұлдызының кеңес оқырмандарына жеткен бірегей қайталанбас тұлға екенін көрсеткен жаңалық болды, – деп жазды М.Зенкевич. – Біз қазақ халқының теңдессіз поэтикалық дарынды халық екенін жақсы білеміз. Патшалық заманның қыспағында қалған заманда халық үні Абай поэзиясы арқылы танылды».

Өте дәл және берік сеніммен айтылған пікір орыс оқырманын бейжай қалдырмағаны анық.

Ол Абайдың Шығыс классиктері Фирдоуси, Саади, Хафиз, Низами, Науаи, Физули шығармаларын жетік білген оқымысты ғана емес, орыс әдебиетінің білгірі болғанын тілге тиек етеді.

М.Зенкевич Абай ақынның Пушкин, Лермонтов шығармаларын тұңғыш рет қазақша сөйлеткен ақын екенін де атап өтеді. Сондай-ақ, Абай Құнанбаевтың сүйікті жазушылары Лев Толстой мен Салтыков Щедрин болғанына назар аударады. «Абай Шығыстың ұлы ақындарынан өлеңінің өрнекті формасы, ой тоқтамдығы мен ауыз әдебиетіне тән емес, қысқалығынан алда, – дейді ол. – Ал орыс әдебиетінен адамзат болашағына бағытталған күрес жолын көрді. Осылай Абай халқының бай ауыз әдебиетінің озық үлгілерін байытып, қазақ халқының ұлы ақынына айналды».

Жоғарыдағы жинаққа жылы лебіз білдірген зерттеуші Афанасий Коптелов еді. Ол «Абайдың өлмес өлеңдері» деген мақала жазды. Соны бір ой елегінен өткізіп көрелік.

«Ойшыл әрі қоғам қайраткері ретінде Абайдың көзқарасының қалыптасуына Н.Г.Чернышевскийдің ықпалындағы шәкірттері Михаэлис, Долгополов, Гросс пен Лолитов әсер етті. Олар Семейде айдауда жүрген болатын. Бұл кейін ұлы достыққа ұласты», – дейді ол.  Расында, орыс әдебиеті арқылы қазақ халқына Гетенің, Байронның, Крыловтың, Дюманың сөзін жеткізген Абай болды ғой.

«Абай қазақ әдебиетінің әдеби тілін байытты, – деп жазады А.Коптелов. – Ол он бір өлең формасын енгізіп, Ұлы дала ақындарының мұрасын биікке көтерді.

Иә, А.Коптелов Абайдың дала өмірінің өлеңмен өрнектеген көрінісін дұрыс көрсете білген.

«Оның суреткерлік поэзиясы – айқын, жарық және қайталанбас сәттің көрінісі», – деп бағалауы жүрекке жылы сезім ұялатады. Ол В.Рождественский, П.Шубин, М.Тарловский, Д.Бродский және тағы басқа ақындар жасаған аударманың түпнұсқаға өте жақын екенін атап өтеді.

1945 жылы «Литературная газетада» Сергей Марковтың «Алтын бүркіт» атты пікірі басылды.

«Шыңғыстау мен Баянауылдың дала төсінде киіз үй тұр. Бұл – қырық жастағы сақалды дала тұрғынының үйі. Оның бабалардан қалған белгісі бар, мөрі бар. Жайылымда малдары, «Алтын арқаның» қыран бүркіттері мен күміс үзеңгілі ертоқымы тұр. Ол құрметке бөленген, Құранды жетік біледі және «Адаб уль салихин» атты Мұхаммад Садықтың (әдебиеттің әліппесі) кітабын жақсы біледі. Ол – тобықты руының басшысы Абай Ибрагим Құнанбаев», – деп бастайды мақаласын Сергей Марков мырза.

Ол айдауда болған писарь А.Леонтьевтің пікірін мысалға келтіреді. Писарь А.Леонтьев Абайдың Биокл, Милл, Дрэпер, Дарвин, Спинозаны оқығанын және Аристотель мен Сократты, Байронды, Гетені орыс аудармасы арқылы оқығанын айтқан.

«Абайдың бойында бүкіл әлем бар еді» деген С.Марковтың сөзі Абайға берілген жоғары баға дер едім.

«Абай өз жолын тапты. Ол – Ғақлия. «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын», – деген сөздері мен Виктор Шкловский Абайдың әрқашан алда жүргенін, бүгінгіден гөрі болашаққа үміт артатынын дәйектейді. «Москва» журналының 1970 жылғы №8 санында Зоя Кедринаның «Өлмес хат» деген мақаласы жарияланады. Зоя Кедрина бұл мақалаларында Абайдың қандай қоғамдық-тарихи кезеңде өмір сүргеніне талдау жасайды. Автор ақын Абайдың өзі феодалдық ортада, атақты Құнанбайдың баласы болғанын, оны ең алдымен халық өмірі алаңдатқанын ашып жазады.

Кедрина Абай өз халқын шексіз сүйгенін, Чернышевскийдің өзінің орыс халқын көзсіз сүйгенімен пара-пар қарайды.

Абай – ең алдымен ағартушы, өз халқын білімге шақырған тұлға екеніне зерттеуші ерекше мән береді. Ресей үшін Пушкин қандай қымбат болса, Абай да қазақ халқы, сондай-ақ түркі халықтары үшін кемеңгер тұлға болып саналатынын сүйіспеншілікпен жазады.

«Абайды туғызған халық, ол – ағартушы, ол – ұлт жыршысы, –деп жазады Зоя Кедрина. – Ол өз халқының өмірін эпопеяға айналдырған Әуезов шығармашылығының жолын ашты. Кезінде Абай дала халқы үшін Пушкинді ашса, Әуезов Абайды бүкіл әлемге танытты».

Қандай тамаша ой. Бұл өнердің жұмбақ сырын ғасырларға жеткізген өшпес туынды ғой. Енді Л.Соболевтің «Достықтың сындарлы жылдары» туралы мақаласына назар аударалық. Бұл 1971 жылы жарияланған.

Леонид Соболев те Абайдың көркем поэзиядағы орнын, халқының сүйікті ұлы болып халқының сырын ашады. «Халық махаббаты Абайды сақтап қалды. Ол махаббат Абайды сақтап қалды, ол махаббат өлмес тұғырға көтерді», — деп ой тастайды Л.Соболев.

Абайдың рухани әлемін аша отырып Л.Соболев: «Абай поэзияға жаңа форма, жаңа ырғақ, өлең құрылысын өзгерткен өз дәуірінің үлгісін жасады. Бұл туған поэзияның жаңғыру жолы болды», — деп тамсана жазады. Ол Абай бастаған дара жолдың сара жолға айналғанын, шыңға көтерілген поэзия жолы екенін атап өтеді.

Енді Константин Алтайскийдің 1971 жылы Мәскеуде, №5 сериямен шыққан «Балалар әдебиеті» журналындағы «Абай – Құнанбайдың ұлы» деген мақаласына аз-кем шолу жасай кетейін.

Константин Алтайский үшін Абай ұлттық сананы қалыптастырған және көтерген ақын ғана емес, ол – қазақ жазба әдебиетінің бастауында тұрған өте қадірлі тұлға. Соны нақты мысалмен айқындайды. Мәселен, орыстар үшін – Александр Пушкин, украиндар үшін – Тарас Шевченко, белорусстар үшін – Янка Купала, грузиндер үшін – Шота Руставели, армяндар үшін – Хачатур Абовян, ал қазақтар үшін – Абай Құнанбаев», – деп хакім Абайды адамзаттың ұлы тұлғаларының қатарына қосады.

2008 жылы Мәскеуде «Молодая гвардия» баспасында белгілі әдебиет зерттеушісі Николай Анастасьевтің «Абай. Тяжесть полета» деген кітабы жарық көрді.

Жоғарыда Кеңес өкіметі кезеңіндегі орыс ғалымдарының пікірлерін қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа жеткізсек, енді тәуелсіздік жолында жазған Ресей әдебиетшісінің ой-пікірлеріне талдау жасап көрелік.

Николай Анастасьев Абай поэзиясын ақынның өзінің жан-дүниесін тербеген мәселелерімен бірлікте қарастырады. Ол ешуақта өткенде қалмайды. Ол Темірқазық секілді болашақ жолды көрсетеді. Оның табиғи дарыны мен таланты халықтың ой-санасын оятуға, ғылым мен білімге және ішкі қайшылықтарды жоюға бағытталған.

«Қарапайым, күнделікті өмір көріністері Абай әлеміне кіргенде өзіңді бірден баурап алады. Қарапайым тұрмыстың өзі поэзияға айналып кетеді», – дейді Николай Анастасьев.

АҚШ: «Абай шығармаларындағы адамзаттық құндылықтар мәңгі маңызды».

Мұхиттың арғы жағындағы Америка Құрама Штаттарында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевты біле ме? Білсе қандай деңгейде қабылдайды? Міне, осы сауалдарға жауап беру үшін Батыс әдебиетшілері жазған мақалаларды зерделеп көрдік.

1958 жылы Томас Винер деген әдебиетшінің «Абай Құнанбаев және жазба әдебиеттің қалыптасуы» атты көлемді мақаласы жарияланыпты. Ол Абай Құнанбаев шығармашылығын заманның ұлы интеллектуал көшбасшысы деп біледі. Абай Батыстың білімі мен әдебиетінің озық дәстүрлері мен кемшін тұстарын ашып көрсеткен тұлға ретінде бағаланады. Сонымен бірге Томас Винер әлем әдебиетінің қайталанбас тұлғалары Фирдоуси, Низами, Науаи, Байур, Хафиз поэзиясынан сусындағанын, сондай-ақ тарихшылар Табари, Рашид ад-Дин, Бабыр Абдул Ғази сынды тұлғаларды оқығанын атап өтеді.

«Абай шабытты қазақ, мұсылман және Батыс өркениетінен іздеді және ол дәстүрлерді жүрек елегінен өткізді», – деп жазады Томас Винер.

Зерттеуші Абай Құнанбаевтың шығармаларынан сыншыл реализмнің іздерін көреді. Абайдың «батысшыл» көзқарасы оның ұлтшылдықты сынап-мінеу табиғатынан іздейді.

«Білімділікке ұмтылу арқылы Абай өз халқы үшін бірінші болып ақынның әлеуметтік рөлін атқарды», – дейді ол. Ержете келе Абайдың халықтың күйзелген өміріне деген көзқарасы тереңдей түседі. Мұны Томас Винер Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңін мысалға ала отырып талдайды.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Осы мысалды ала отырып, америкалық зерттеуші Зар-заман ақындарының ізін көреді. Бірақ Абайдың олардан өзгешілігі сол – қапас жолдан шығудың жолын көрсете біледі.

Америкалық зерттеуші Ева-Мари Дюбуиссонның «Қазақтың бас ақыны: халықаралық ғылыми-теориялық конференциясында сөйлеген сөзі 2004 жылы «Дәуір» баспасында шыққан кітапқа енді. Ол былай дейді: «Бір қарағанда Абайды өткен күндердің көреген суретшісі деп қарауға болады. Бірақ Абай шығармашылығындағы адамзаттық құндылықтар әлі күнге маңызды».

Иә, Абай поэзиясының кереметі де, құдіреті де өмірді көркем тілмен ғана емес, шындықпен көркем бейнелеуінде ғой деп ойлаймын.

Әзербайжан: «Ол барлық заманның адамы болып қала береді»

2015 жылы Бакуде «Абайдың шығармашылық жолы» атты оқу құралы жарық көрді. Соған әзербайжанның көрнекті ақыны Фируза Агаеваның «Адамзаттың Абайы» деген мақаласы енген. Бұл бүкіл әзербайжан ғалымдары мен әдебиетшілерінің жиынтық ойы секілді көрінді. Бауырлас халқымыздың мақаласына зер салып көрелік.

«Уақыт жылжып өтіп жатыр. Қоғамдық өзгерістер ауысып жатыр. Тарихи тұлғаға деген көзқарас та өзгеріп жатыр. Бірақ Абайға деген көзқарас ешқашан өзгерген емес», – дейді Фируза ханым.

Ол Абайдың:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда, – деген өлеңін мысалға алып, әзербайжанның атақты ақыны Молла Панах Вагифтың өлеңімен салыстырады.

Ақиқатты іздедім таба алмадым,

Бәрі өтірік, қисық-қыңыр және алдандым.

Дос та сөйлер, бірақ ол бір елес,

Үмітке алдан – қалғаны шындық емес.

Зерттеушінің ойынша, Абай сияқты ұлы тұлғалар сөз қасиеті мен құдіретін жақсы біледі. Қоғамды да, адамды да көркем сөз арқылы түзеуге болады.

Ол Абайдың қарасөздерін еске салады.

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік: алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық – әурешілікті көре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік. Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын».

Міне, осы жолдарды мысалға ала отырып Фируза Алиева бұдан Абайдың азаматтық, имани тұлғасын көреді. Сөйтіп, Абайдың қарасөздерін талдайды. Оны әзербайжан халқының тағдырынан да көргендей болады.

Абай өз халқының бойындағы кемшіліктерді өз ұлтын мансұқтау үшін емес, қайта оларды оятып, ғылым-білімге сүйене отырып дамуға, алға басуға шақырады деп ой түйеді.

Фируза Алиева Абай ойлары Әзербайжанның ағартушы ақыны Фатели Ахунзаде мырзамен үндес екеніне назар аударады.

«Абай өз заманынан да биік тұр, – деп жазады Фируза ханым. – Ол барлық заманның адамы болып қала береді».

Иә, бұл сөз хакім Абайдың ұлылығы мен мәңгілік адамзат құндылығын айғақтайтын қорытынды.

Германия: «Абай – қазақтың Гетесі»

2010 жылы Германияның Қазақстандағы күндері болып өтті Ал 1993 жылы ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 150 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде атап өтілді.

Неміс әдебиетшілері үшін 2010 жылы жарияланған «Abai Poesie und prosa Buch dez Worhe» атты Алматыда шыққан кітаптың жариялануы неміс оқырмандары үшін үлкен жаңалық болды. Осы кітаптың кіріспесін танымал әдебиетші Райнер Шлагетер жазған еді.

Ол: «Абай қазақ өмірінің тұтас бір дәуірі болды», – деп жазды.

Райнер Шлагетер Абайдың Гетені аудару арқылы немістің классикалық әдебиетін қазақ халқына ХІХ ғасырдың екінші жартысында танытқанын атап өтеді.

Әрине, Абай шығармашылығын терең зерттеп, көптеген мақала жазып, өлеңдерін неміс тіліне аударған Леонард Кошут есімін зор құрметпен еске аламыз.

Л.Кошуттың «Берлиндегі Абай» атты мақаласы неміс халқына Абайды танытуға жол ашты.

Берлинде Абай атында көше бар. Оны жергілікті жұрт «Қазақтың Гетесі» деп зор құрметпен атайды екен. «Лермонтов кезінде Байронды «өзгеше» дегені сияқты, Абайды да өзгеше ақын», –деп бағалайды ол.

Ол сондай-ақ, Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінің қазақша аудармасын жасаған Абай рухы неміс жерінде де мәңгілік екенін мақтанышпен жеткізеді.

Ең қызықтысы, Леонард Кошуттың «Менің абайтануым және оның өлеңдерін аудару мәселелері» деген зерттеуі бар. Ол Мұхтар Әуезовтің Абай туралы роман-эпопеясын неміс тілінде оқыған адам одан ерекше ләззат алатынын жазады. Зерттеуші қазақ даласына ене бастаған капиталистік еңбек қатынастарымен бірге патшалық Ресейдің өз ішінде қалыптаса бастаған революциялық жағдай туралы пікірін білдіреді. Жазып қана қоймай, оның қазақ даласына әлеуметтік төңкеріс идеяларының дендеп кіре бастағанын тілге тиек етеді.

Леонард Кошут 1958 жылдың 1 қаңтарында «Kultur und Foztjchzitt» («Мәдениет және прогресс») басылымына бас редактор болып қызметке тұрады. Ол өз кезегінде «Volk una Wett» («Халық және әлем») баспасының құрамдас бөлігі еді.

Бұл баспа кеңес елінің авторларымен жұмыс істейді екен. Осында М.Әуезов романының бірінші томы «Voz Tan und Tag» «Таң сәріде» деген атпен жарияланады. Бірінші томның өзі екі кітаптан тұрған. Оның бас редакторы Эрих Мюллер деген баспагер болады. Ал екінші томын баспаға даярлау Л.Кошутке жүктеледі. Ол кітап 1961 жылы «Ubez yahz Tag» («Уақыт ізімен») деген атпен жарық көреді. Бұл Эрих Мюллер жоспарлап, баспаға ұсынған тақырып екен.

Екі томы да орыс тілінен немісшеге аударылады. Түпнұсқадан аударуға мүмкіндік болмаған Л.Кошут өтініш білдіреді. Бірінші томды неміс тіліне Хильда Ангарова, екінші томды Рупрехт Вильнов, ал өлеңдерін Вильгелм Ткачих аударады. Әуезовтің «Абай жолы» романын Л.Соболев бастаған төрт аудармашы орыс тіліне аударғанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі.

Леонард Кошут Абайды неміс оқырманына таныстыру үшін немістің мемлекеттік кітапханасында орыс тілінде оқиды. Абай өлеңдерінің ең қырлы сазы оған ерекше әсер етеді. Әрі «Феникс» журналында Герольд Бельгердің Гетенің «Қалдырған» және Абайдың «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңдеріндегі ұқсастықтар, ой мен өре тұтастығы туралы мақаланы тамсана оқиды. Ол өлеңді немісше тәржімелеген Юлия Нейман болатын.

Бұл өлең Л.Кошутқа ерекше әсер етеді. Ол өткенді көксемейді, қайта өткенді айта отырып, болашақ күндерден үміт күтеді. Леонард Кошуттың Абай поэзиясына деген сүйіспеншілігі осыдан басталады.

2003 жылы Л.Кошут ПЕН-клубтың шаруасымен Алматыға келеді. ПЕН клуб президенті Әбдіжәміл Нұрпейісов оған Қазақстан мәдениеті мен әдебиетін неміс тілінде шығарғаны үшін Михайл Дудин атындағы сыйлықты тапсырады.

Әрине, бұл кездесу барысында Леонард Герольд Бельгермен кездеседі. Оған дейін Герағаң Кошут туралы «Казахстанская правда» газетінде екі рет мақала жазған болатын.

Шынында, Л.Кошут қазақ әдебиетін неміс оқырмандарына таныстыруда ерекше еңбек сіңірген тұлға еді.

Бұл кездесу Леонард Кошут үшін ерекше қуаныш сыйлады. Г.Бельгер оған Абайдың немісше шыққан «Buch der Wozte» (Қарасөздер) кітабын сыйлап, төмендегідей қолжазба қалдырады.

«Лео Кошуттың өз Абайы болуы керек қой. Олай болмаса Лео қазақты, Абай Леоны түсіне алмас. Олай болмаған жағдайда бәрі бекер. Герольд. 07.05.2003».

Бұл қолтаңба Леонард Кошуттың көзқарасын мүлдем өзгертіп жіберді десек те болар. Ол кітап дүкеніне барып, Алматыда 2022 жылы шыққан «Абай стихи, поэмы, проза» деген кітабын сатып алады.

Ұлы ақынның ЮНЕСКО шеңберіндегі 150 жылдығына орай шыққан салмақты, көркем безендірілген кітабын Әбдіжәміл Нұрпейісов көрсеткен екен.

«Сөз құдіреті. Абайды аударудың қиындығы неде?» деген Г.Бельгердің эссесі ойға ой қосады. «… Абайдың библиялық шығармашылық қуаты мені билеп алды, – деп жазады Леонид Кошут. – Ұлттық қуаты берік, мазмұны терең, ойы жан-дүниеңді баурап алатын, өлең құрылысы да бөлек, құрыштай берік, көркемдік пен сұлулық, дыбыс ырғағы, діни танымы – бәрі-бәрі кесек. Абайдың өлмес шығармаларының артында оның өзі тұр… Мен қалай да Абай өлеңдерін өзім аударуға бекіндім».

Әрине, Абай сынды ақынды аудару оңай емес. Сондықтан да Л.Кошут Юлия Нейман мен Александр Гатовтың аудармаларын негізге алып, Абайды аудара бастайды. Ол Абайдың «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?», «Желсіз түнде жарық ай», «Жапырағы қураған ескі үмітпен» өлеңдерін аударады.

Бұл аударманың түпнұсқаға соншалықты жақын екенін Г.Бельгер оқып, разы болады. Мұны Л.Кошут Абайдың ұрпақпен сырласуы, өсиеті ретінде қабылдайды. Ол өмір заңдылығы өмір мен өлімнің ара-жігін Абайша ұғынуға тырысады.

 «Ұлы тұлға өз өмірінен жинаған тәжірибесін ұстана отырып, бізбен осы өлең арқылы тілдеседі. Әр сөз, әр ұйқас өз орнында тұрғанда ғана аударма жүрекке жетеді», – дейді Л.Кошут.

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңін аударғанда Л.Кошут қазақ өлеңінің құрылысын табу үшін көп қиналады. Тоғыз-он бір буынды өлең жолдарында -а, — а, -б, -а буынды сақтауға болады. Ал немістің қысқа буынды өлең формасымен оны сақтау – қиынның қиыны.

 Ол Г.Бельгердің ескертпесіне орай «Dorf» деген сөзді «аул» деп өзгерткенін мақтанышпен еске алады.

 Л.Кошут абайтануға досы Герольд Бельгер арқылы келеді. Бірде ол Леоға Марат Әдібаев 2005 жылы құрастырып, аударған «Абайдың жиырма өлеңі» атты кітапты жіберіп, төмендегідей хат жолдайды. «Қымбатты Лео! Уәделескен кітапты жіберіп отырмын. Бұл жас абайтанушыға көмек болар деп үміттенемін. Герольд. 28.07.05».

Бұдан кейін Марат Әдібаевтың 2006 жылы «Абай. Отыз жеті өлең» деген кітабы шығады. Ол кітаптарда Абайдың қазақша және орысша аударылған нұсқалары қатар беріледі. Әр өлеңнің алты аудармасы мен бір өлеңді алты адам аударған соң, оның түпнұсқаға жақындатып алуға мүмкіндігі артады.

Осылай Л.Кошут М.Әдібаев құрастырған жиырма өлеңін аударға кіріседі. 2006 жылдың 18 тамызында оны бітіріп, Г.Бельгерге жібереді. Соның ішінде «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» өлеңін аударғанда Лев Озеровтың көркем аудармасын негізге алады. Әрі Зигрид Кляйнмихель оның сөзбе-сөз аудармасын жасап береді. Міне, Л.Кошут аудармасы арқылы ұлы Абай Гете елімен, неміс оқырманымен жүздесті.

Абай ескерткішіне неміс жастары гүл шоқтарын қойып тұрады. Оның өлеңдерін немісше оқиды. Қазақтың Гетесі – ұлы Абай өз ұлтының есімін Германияда, Берлинде асқақтатып тұр.

***

Франция: «Абайды оқиық, жүрекке тоқиық»

Франция өркениеті мыңдаған жыл бойы қалыптасты. Әлем әдебиеті Франция үшін ерекше рөл атқарады. Соның ішінде «Абай Құнанбаевты француз халқы қалай таныды?», «Оның өлеңдері осы ел оқырмандарына жетті ме?», «Әдебиет зерттеушілері хакім Абайды қалай бағалайды?» деген сауалдардың жауабын табуға тырыстық.

Француз әдебиетшілері Альбер мен Мадлен Фишлер «Келіңдер, Абайды оқиық» деп жазды. «Абай дауысы қазақ даласынан естіліп тұр. ХІХ ғасырдан жолданған ақын аманатын Қазақстанның жаңа дәуірінде өзінің өршіл үнін танытып тұр», – дейді әдебиетшілер. Олар Абай ақынның ойы тұңғиық және сан қырлы екеніне назар аударады.

Олар Ғалымжан Мұқановтың Абай өлеңдерін французша аудармасын оқыған сәттегі әсерлерін осылай жеткізеді.

«Иә, Абай бізге сөз арнап тұр. Абай бізді өткен күнді ұмытып, бүгін сайран салып өмір сүруден сақтандырады. Оның философиялық ойлары адамзатқа арналған».

Міне, Абай шығармашылығы француз зиялылары тарапынан осылай жоғары баға алып отыр.

Реми Дор деген ғалым: «Қазақтың үш алыбы өздерінің ауыз әдебиетінен жазба әдебиетін қалыптастырды, – деп жазады. – Олар – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев».

Француз әдебиетшілері Жоселин Перер мен Маривони Перро Абай шығармашылығының философиялық аспектілеріне ден қояды.

Олар экзистенциалист ойшыл Серен Кьеркегордың «Өмір сатылары» жарияланған тұста Орта Азия даласында жас сәбидің өмірге келіп, ол Абай дана атанғанын тілге тиек етеді. «Абай дүниеден өткеннен кейін бір жылдан соң өмірге келген Сартрдың көзқарастары Абай ойларының диалектикалық дамуы болды» деп атап өтеді қос автор.

Қос зерттеуші Абайдың Бірінші қарасөзіне жүгінеді.

«…Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық; қылып жүрген ісіміздің баянсызын, байлаусызын көрдік…».

Кьеркегор өзінің «Жүрек айныды» еңбегінде: «Әлем менің құсқымды келтіреді, ол дәмсіз, тұщы әрі мағынасыз» десе, Абай: «… Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» дейді. А.Кьеркегор 1835 жылы жазған «Күнделіктер кітабында: «Өз ісіме келгенде маған айқындылық пен түсіністік жетпейді… Мен өз ақиқатымды табуым керек. Идея тауып сол үшін өмір сүруге де, өлімге де бас тігуге болар еді» десе, ой толғақта қалған Абай да, Кьеркегор да Сократқа жүгінеді. Өйткені екеуі де Сократты шындықтың жаршысы деп біледі.

Абай. Отыз жетінші сөз: «Сократқа у ішкізген, Жа́нна д’Аркті өртеген, Ғайсаны дарға асқан, Пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал».

Иә, топтық сана адамды орға жығуы ғажап емес.

Кьеркегор: «Ең қорқақ деген адамның өзі тобыр ішіне қосылғанда өзін басқаша ұстайды» депті.

Жоселин Перер мен Маривони Перро жеке тұлғаны этика мен адами тазалық тұрғысынан қарап баға беру керек деген ойды екі ғұлама ойларынан көреді. Адам өзінің ғұмырын жалған құндылықтардың құлы болмай, нағыз мазмұнды өмірдің парқын білуі керек деп, Абайдың 4-ші және 38 сөзіне жүгінеді.

Абай. «Адам баласы жылап туады, кейіп өледі. Екі ортада, бұ дүниенің рақатының қайда екенін білмей, бірін-бірі аңдып, біріне бірі мақтанып, есіл өмірді ескерусіз, босқа, жарамсыз қылықпен, қор етіп өткізеді де, таусылған күнде бір күндік өмірді бар малына сатып алуға таба алмайды».

Отыз сегізінші сөзге зер салайық: «Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетіні болады».

Ниеті, ары таза адамның ғана «адам адамға қас емес, адам адамға дос деген философиясы» өмір тірегі болып табылады.

Міне, Жоселин Перер мен Маривони Перро танымындағы Абай – осындай философ, хакім тұлға.

«Абай әлемі өзгеше. Абай елі өзгеше. Міне, Абай өлеңдерін оқығанда осы ойларға келесің», – дейді Кристиан Висенти деген әдебиетші бір мақаласында. «Abai (Ibrahim Konnanbaiulu. Алматы. Ebrasia. 1995 ж.)

Ол осы тұрғыда атақты суретші Ван Гогті (1853–1890) еске алады. Ван Гог Овер – Абайдың замандасы. Ол Азияны, адамзатты сүйетін. Оның суретіндегі күн мен егіс алқаптарындағы көріністер қазақ даласына ұқсайды.

Абай өлеңдерін оқыған әрбір француз осындай ойға келетінін Кристиан Висант ерекше толғаныспен жазыпты.

Ол өзінің Қазақстанда жұмыс істеген сәттерін, Ғалымжан Мұқановпен бірге Абай өлеңдерін аудару барысындағы көңіл-күйін әдемі өрнектейді.

«Қазақстан өзінің ана тілімен, өзінің мәдениетімен, дәстүр-салтымен мақтана алады. Өткеніне көз сала отырып, бүгін де, болашақта да бақытқа жете бермек», – дейді ол.

Ол Абайдың өз заманының ері, ұлттық рухтың символы әрі ұлттық сананы оятқан бірегей тұлға екенін француз оқырмандарына жеткізеді.

Екінші бір француз әдебиетшісі «Абай Құнанбаев – ағартушы модернист» деген мақала жариялаған.

«Бұл – Абайдың болашақ ұрпаққа қалдырған жанайқайы», – деп басталады мақала. Осылай деп Шанталь Лемерсье-Келькеже Абай шығармашылығы ХІХ ғасырдың екінші жартысында осы шырақ секілді қазақ даласына жарық шашты деп бағалайды.

Француз ғалымы ішкі және ру аралық текетірес Абай ақынның көзқарасының қалыптасуына ерте әсер еткеніне назар аударады. Зерттеуші «Ибрагим» есімі қойылғанымен, оны анасы «Абай жүр, абай болсын» деп Абай деп атап кетеді деп нақтылайды.

Ауыз әдебиетінің, оның ішінде классикалық Шығыс әдебиетіне ден қояды. Аңыздар, эпостар, ертегілер, батырлар жыры мен дастандар оның жүрек қылын тербейді. Осылай он екі жасынан өлең жазуға әуестенеді. Міне, осылай ғалым Абай Құнанбаевтың ақындық және хакімдік жолы басталады деп француз оқырмандарына жеткізеді.

Келькежей Абайдың француз жазушысы Александр Дюманы, орыстың ұлы ақындары Пушкинді, Лермонтовты оқып, көркемдік ойын байытқанына назар аударады.

ХІХ ғасырда қазақ даласында діндік реформа жүргеніне назар аудара отырып, Келькежей оның бірте-бірте саяси бөлініске түскенін көрсетеді. Шынында, солай болды. Мұсылман дүние танымы екіге жарылды, бірі жаңа жәдиттік ағымды қолдады. Ол тек қана діни схоластикамен шектелмей, тіл, ғылым мен білімге бет бұруға бағытталса, екіншісі, сол ескі діни көзқараста қалуға шақырды. Абай ағартушылық, ғылыми-білімге ұмтылушылық, тілді дамытуды және жазба әдебиетін жақтады. «Абай осылай жаңа әдеби тілді қалыптастырды және қазақ әдебиетінің реформаторына айналды», – деп бағалайды Келькежей.

«Модернист» Абай өзінің «батысшыл» көзқарасын қалыптастырғанына назар аударған зерттеуші: «Абай ақын қазақ-орыс, Шығыс және Батыс мәдениеті ғана халықты тұйықтан алып шығатын жол екенін айтып кетеді», – дейді.

«Абай Құнанбаев шығармашылығы арқылы қазақтар өздерінің рухы мен ұлттық бірегейлігін сақтап қалды», – деген Келькеже ғалымның сөзі күні бүгінге дейін сол биікте тұр.

Француздың тағы бір әдебиет зерттеушісі Альберт Фишлер: «1995 жылы ұлы Абай ақынның 150 жылдық торқалы тойы ЮНЕСКО шеңберінде өткенін атай отырып, осы арқылы бүкіл әлем Абай Құнанбаев ақынның даналық, хакімдік мұрасымен таныс болды» деп атап өтеді.

Альберт Фишлер Абай ақынның туғанына 100 жылдығына арналған халықаралық конференцияда баяндама жасады. «Абай тілі, Абай ілімі – ұлттың нағыз қажетті тақырыбы» деп жазады ол.

«Француз ойшылы Ален «Тіл – ғажайып өлке, ол әннің бастауынан алгебраның шыңына көтеріледі», – деген екен. Ол өз баяндамасында үш мәселеге назар аударады.

  1. Абай тілін ХVІ ғасырдың басындағы «Француз тілімен» салыстыруға болады.
  2. Оның лингвистикалық мұрасы қазіргі заманауи зияткерлік биіктікті көрсетеді.
  3. Қос тіл, әркім түсіне, ұғына алатын музыкаға ұқсайды». Осыларды айта келе, Альберт Фишлер оны ұғындыруға тырысады.

«Сөздік қор – идеялар аманаты, адами құндылықтар көзі», – дейді ол. – Ал Абай мұрасы ұлттық бірегейліктің өзі. Оны тану арқылы әлем қазақтардың ата заманнан бері қалыптасқан мәдениетін таниды.

Міне, осы ойын нақтылығымен дәлелдейді. Парижде ИНАЛКО-да қазақ тілі кафедрасы құрылыпты.

«Қазақ тілі – тарихы шындықтың көрінісі», дейді Альберт Фишлер.

Фишлер француз тілі грек және латын тілінің ықпалымен қалыптасса, қазақ тілі түркі-моңғол тілімен бірегей тілге айналды деген қорытынды жасайды.

«Абай, мәдениет үшін күресте сен жеңіске жеттің. Сенің сөздерің қару-жарақтан да жойқын болды».

Осы сөздерді мысалға ала отырып, Альберт Фишлер хакім Абайдың табиғаты мен болмысын биік деңгейге көтерді.

«Абай! Сенің сөзің де, өзің де тірісің. Сен бізге, адамзатқа қуат бересің», – деген Альбер Фишлерге мың да бір рахмет!

«Абайды оқиық, жүрекке тоқиық», деген сөздерден қазақ халқына деген, Абайға деген өшпес махаббат тұр деп есептеймін.

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ

 (Жалғасы бар)




ПІКІР ЖАЗУ