АДАМЗАТТЫҢ АБАЙЫ
Жалғасы. Басы журналымыздың №8-9 сандарында
(Ғылымдық-танымдық эссе)
Белоруссия: «Ұлт санасын жаңғыртқан»
«Белоруссия үшін Абай бөтен емес».
Бұл сөздерді «Абай Құнанбаев және Белоруссия әдебиеті» деген мақаласында белгілі әдебиеттанушы Владимир Гниломедов жазыпты.
Ол Абай өлеңдерін Янка Купала есімімен бірлікте қарастырады және ХІХ ғасырдың басы мен ХХ ғасырдағы Абай мен беларусь ақындарының үндестігіне назар аударады. Адам өмірі, қоғамдағы қалыптасқан жағдай, бай мен кедей, қараңғылық түнегінде қалған халықтың жай-күйі ақындарды алаңдатқаны сөзсіз. «Абай шығармашылығы – буырқанған поэзия, – деп жазады ол. – Ақын Абайдың ой-жүйесі, сезімі мен сергелдеңі, ұлттық сананың заманға сай келе бермеуі оны қалай толғантса, беларусь ақындарының жан дүниесі де сондай күй кешті. Ол Абайдың «Жаз» өлеңінен мысал алады.
Жаздыгүн шілде болғанда,
Көкорай шалғын, бәйшешек
Ұзарып өсіп толғанда;
Күркіреп жатқан өзенге
Көшіп ауыл қонғанда;
Шұрқырап жатқан жылқының
Шалғыннан жоны қылтылдап,
Ат, айғырлар, биелер
Бүйірі шығып, ыңқылдап,
Суда тұрып шыбындап.
Сонан соң Янка Купаланың «Жаз» деген өлеңін мысалға алады.
Жаз, гүл көмкөрген кестелі,
Жүрекке жылы тиесің.
Жайқалған егін дестелі,
Жұпар иісті сезесің (У. Қ.).
Табиғат сұлулығы мен адами сұлулығы қабысып, тылсым дүние әлемі қабысып, жарасым табатын сәттері қандай!
Владимир Гниломедов жазушы Морис Симашконың: «Абай – халықтың айнасы, халық жүрегінің рухы. Еуразияның дала төсімен небір халықтар Шығыстан Батысқа өтті. Бірақ қазақтар өздерінің байырғы табиғаты мен жан танымын сақтап қалды», – деген сөзін мысалға ала отырып, ұлттың биік асыл қасиеттерін атап өтеді. Ол – ұлттың қадір қасиеті, кеңдігі, адалдығы мен адамгершілігі, шыдамдылығы.
Абайдың ағартушылық рөлін айта отырып, автор оның «Қарасөздері» мен Якуб Коластың «Өмір туралы әңгімелері» арасындағы ұқсастықты көреді.
«Қазір Абайдың ақындық болмысы, арман-мүддесі жолы адамзаттың құндылықтар өлшемі екені айқын көрініп отыр. Біз оны әлі тани түсуіміз керек. Абай қазақ үшін ғана қадірлі емес, беларусьтер үшін де қымбат», – деп түйіндейді өз сөзін Владимир Гниломедов. Орынды айтылған сөзге қазақ оқырмандары қосылады деп ойлаймын.
Минскіде шыққан «Звезда» альманағында 2014 жылы көрнекті әдебиетші Микола Метлицкий «Ақынды сүйсең, халқын да сүйесің» деген танымдық мақала жариялайды. Ол Абай шығармашылығы Белоруссияға келген кезде ерекше танымал болғанын айта отырып, Кеңес Одағы кезінде және бүгінгі Ресейде аударылған Абай өлеңдерін оқып тәнті болғанын және өзі де Абай лирикасын беларусь тіліне аударуға кіріскені туралы қуана жазады.
«Мен бір тілден басқа тілге аудару үшін сол тілді толық меңгеру қажет емес деп есептемеймін, – дейді ол. – Аударма үшін сөзбе-сөз, болмаса жолма-жол аударма болса жеткілікті. Әлемнің барлық ақыны бір тілде сөйлейді. Ол – поэзия тілі. Ол – сезім тілі, ол – көркем тіл, ол ой мен қиял биігі, шабыттың қайнар көзі. Мысалы, Абайдың «Қыс» деген өлеңін алайық. Ол түпнұсқада көлемді, формасы мен мазмұны өзгеше болғанымен, мен оны төрттағанға салдым. Жалпы, Абай ақынның табиғат жырлары әлемдік поэзияға әкелген тарихи жаңалығы деп білемін. Нағыз поэзия ғана адамдардың рухын жақындастырады. Ақынды сүю арқылы оның халқын да сүйесің».
Расында, солай ғой. Абай өлеңдері Беларусь жерінде оқылып жүр. Оның куәсі де болдық.
М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында директорлық қызмет істеп жүргенімде Минскіге институттың Халықаралық қатынастар және сараптама бөлімінің меңгерушісі, көрнекті әдебиеттанушы С.В. Ананьева екеуіміз арнайы іс-сапармен келдік. Ол кездесуге сол кездегі Қазақстанның Беларусь Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Е.Қ. Ертісбаев қатысты.
Бұл мектеп ұлы ақынымыз Абай атында. Кездесу барысында оқушылар Абай өлеңдерін қазақ, орыс, беларусь тілдерінде оқыды. Абай әндерін шырқады. Абай өлеңдері негізінде салынған сурет көрмесін тамашалатты. Микола Метлицкийдің тағы бір мақаласы «Халық рухының нұры» деп аталады. Бұл мақала Абай Құнанбаевтың туғанына 170 жыл толуына орай жазылған екен.
«Абай өлеңдерін қазақтың қыз-жігіттері қасиетті мүнәжәт түрінде оқиды, – дейді ол. – Абай өлеңдері адамды баурап, өзіне тартып, еліктіріп алады. «Көзімнің қарасы» сондай жүрек пен сезімді қатар тербейді.
Көзімнің қарасы, ты – вачэй маіх зрок
Көңілімнің санасы. што пряцу і змрок
Бітпейді іштегі сэрдцу мук не пазбыць
Ғашықтық жарасы. не ды адпрэчыць на крок
Қазақтың данасы и мудрэц, сам не свой,
Жасы үлкен ағасы. Усмак кіуне галавой
Бар демес сендей бір Скажа: не між жывых
Адамның баласы. Не стрячай я такой.
Жылайын, жырлайын, Я блукаю у журбе,
Ағызып көз майын. Сам не рады себе
Айтуға келгенде Россып слоуй залатых
Қалқама сөз дайын. Прыбярог для цебя.
Ақын, аудармашы Микола Метлицкий «Ақынның алтын сөздері» өлмейтінін, ұлттың басты құндылығы екенін ерекше мақтанышпен жазады.
Беларусьтің атақты мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы-журналист, Беларусь Республикасының Мәдениет министрі болған Алесь Карлюкевичті қазақ әдебиетінің нағыз жанашыры деп білемін. Оның 2015 жылы Семейде шыққан «Абай және әлемдік өркениет» атты мақаласы халықаралық конференция жинағына енген.
Ол: «Ресей үшін Александр Пушкин, Польша үшін Адам Мицкевич, түрікмендер үшін – Махтумкули, Украина үшін – Леся Украинка, Тарас Шевченко, Иван Франко, Михайло Коцюбинский, Белоруссия үшін – Франтишек Богушевич, Янка Купала, Максим Богданович, Тетка, Максим Горецкий, якуттер үшін – Платон Ойунский, армяндар үшін – Ованес Туманян, мажарлар үшін Шандор Петефи қандай рөл атқарса, қазақтар үшін Абай – сөнбес жұлдыз, ұлы ақын.
Абай қазақтар оған өте мұқтаж болған кезде өмір сүрді. Ол қазақ халқының темірқазық жұлдызы болды. Өз халқына жол көрсетті. Ол әлемді таныды, сол жолға халқын бастады», – деп жазды.
Алесь Карлюкевич – Беларусь Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Микола Метлицкийдің аудармасымен беларусь тілінде шыққан Абайдың «Дала жаңғырығы» атты кітабына жоғары баға береді. Ол Абайдың көзі тірісінде кітабы шықпағанымен, оның мұрасы әлемге танылғанын атап өтеді. Иә, Алесь Карлюкевичпен жеке таныспын. Минскіде кездестік. «Абай әлемді шарлайды», «Мұхтар Әуезовтің әлемі» атты интернет сайттары Минскіде шығып тұрады.
Бұл «Звезда» баспа үйі порталы арқылы оқырманға жетіп тұр. Жете береді де…
Татарстан: «Қазақтардың этностық психологиясы»
Қазақ даласы үшін Татарстан руханият жағынан білім көзі болды. Абай өлеңдерінің жинағы да тұңғыш рет Қазанда жарық көрді.
1995 жылы Алматыда Қарпық «Әл-Халел» агенттігінде «Абай» атты кітап жарық көрді. Сонда белгілі татар әдебиетшісі Флюн Мусиннің «Абай және татар әлемі» атты мақаласы жарияланды. Қарап, зерделеп көрелік.
«Абай көзі тірісінде-ақ татар арасында танымал болды. Татар поэзиясының алыбы Ш. Бабич Абайды көне дүниенің, араб лирикасының атасы Имрелкайспен, замандасы Ғабдолла Тоқаймен қатар алып жоғары бағалайды», – дейді ол.
Ол Алтын Орда дәуірі татар мен қазақты экономикалық, ғылым-білім жағынан, тіл мен әдебиет тұрғысынан аса жақындатқаны туралы жақсы пайымдаулар жасайды.
1552 жылы Иван Грозный Қазан хандығын басып алғаннан кейін, татардың көптеген зиялы қауымы Орталық Азия мен Қазақстаннан қоныс тапты. Осы өлкеде ағартушылық жұмыс атқарды, мектеп-медреселерде сабақ бергені жөнінде деректер келтіреді.
«Татар ағартушылары Абайдың жеке өміріне де әсер етті, – дейді ол. – Алғашқы білімді Абай үйінде, татар молдасынан алады. Онан соң Семейде, татар ағартушысы Ахмет Риза медресесінде оқиды. Бұл жас Абайдың көзқарасына әсер етпей қойған жоқ. «Қарасөзінде» Абай татар халқы туралы жылы лебіз айтады. Расында, солай, Абайдың бірінші қарасөзінде мынадай сөздер бар: «Ноғайға қарасам (татарға – У. Қ.), солдаттыққа да шыдайды, кедейлікке де шыдайды, қазаға да шыдайды, молда, медресе сақтап, дін күтуге де шыдайды. Еңбек қылып, мал табудың да жолын солар біледі, салтанат, әсем де соларда…»
Татар халқының ұлы жазушысы Ғалымжан Ибрагимов кейін өзінің классикалық «Қазақ қызы» романын жазды. Осылай Абайға, қазақ халқына деген құрметін танытты.
Флюн Мусин Абайды татар-қазақ ұлтының арасындағы алтын көпір, «ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды көтерген» ұлы тұлға деп біледі.
2007 жылы Алматыда өткен «Тәуелсіздік және абайтану» атты халықаралық конференцияға татардың тағы бір әдебиеттанушысы Ильдус Тарханов «Әлемтану және Абай философиясы» атты тақырыпта баяндама жасады.
Абайдың қарасөздеріндегі философиялық ойлардың Шығыс пен Батыс философиясымен үндесетінін, өзіндік ой-өрісімен құнды екенін дәйектейді. Абайдың 10-шы, 38-ші, 45-ші сөздерін келтіріп, оны философиялық тұрғыдан таразылайды. Назар аударалық. Оныншы қарасөз. «Біреулер Құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады?» Оның жауабын Абай өзі де таба алмайды. Бірақ оның философиясы балаға деген махаббатқа тұнып тұр. Оны 7-ші сөзінен табады.
«Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрсек, біздің хайуан малдан неміз артық. Қайта бала күнімізде жақсы екенбіз. Білсек те, білмесек те, білсек деген адамның баласы екенбіз. Енді осы күнде хайуаннан да жаманбыз. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды».
Автор сондықтан да Абай өз сөзін балаларға арнайды деп, отыз сегізінші сөзге назар аудартады.
«Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім».
Иә, Абай болашақ үмітті балалардан күтеді. Өмір философиясы осы. Білім мен ғылым – қазақтың жолы.
Татар ғалымы «Қырық бесінші» сөзге ерекше мән береді. Мына жолдарға назар аударуды сұрайды. «Ғалым, сол ғақил. «Біз жанымыздан ғылым шығара алмаймыз, жаралып, жасалып қойған нәрселерді сезбекпіз, көзбен көріп, ақылмен біліп».
Осындай мысалдарды келтіре отырып, татар ғалымы Ильдус Тарханов Абайдың «Қарасөздерін» қазақтардың этностық психологиясы туралы трактат деп жоғары бағалайды. Бұл сөздер абайтанудың тағы бір философиялық мәнін ашады.
Абай өлеңдерін түпнұсқадан да, аудармасынан да оқыған татар әдебиетшісі Хатип Миннеғұловтың есімін құрметпен атаймыз. 2016 жылы Семейде өткен «Абай және әлемдік өркениет» халықаралық конференциясында «Абай мен татар әдебиеті туралы» баяндама жасады. Ол былай дейді: «Автордың (Абайдың – У. Қ.) өлеңдерін оқығанда мен оны ашық аудиторияда тірідей тыңдап отырғандай сезіндім. Менің көз алдымда домбыра тартылып, ән айтылып, өлең оқылып тұрғандай болды. Иә, иә, Абай ХХІ ғасырда да біздерді, адамдарды таңғалдырады».
Хатип Миннеғұлов Абай ақын туралы осылай үлкен тебіреніспен жазады. Тарих беттерін ақтарады. Абай білімінің ізін іздейді. Нақты деректер келтіреді. Айталық, 1863 жылы Семейде 9 жекеменшік татар мектебі жұмыс істеп, онда 500 бала оқыпты. Қазақ мәдениетінің, әдебиетінің көрнекті өкілдері Қазандағы «Мұхаммадия», Уфадағы «Ғалия», Орынбордағы «Хусаиния», Троицк, Жайықтағы мектеп-медреселерде білім алған.
Татар жазушылары – Ғ. Ибрагимов, А. Тагиров, Ш. Усманов, И. Салахов шығармаларын қазақ өміріне арнаған.
«Абай шығармалары мен оның өмір жолы туралы деректер ХІХ-ХХ ғасырлар тоғысында татар баспасөзінде жазыла бастады, – дейді ол. – Нақтылап айтсақ, Орынбордың «Вакыт» газетінде (№333) Абай туралы мақала беріліп, бірнеше өлеңі жарияланған. Қырым-татар баспагері Ілияс Бораған 1909 жылы Петерборда «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңдері» деген кітап шығарады. 1916 жылы Орынборда «Абай термесі» атты екінші кітабы шығады. Ал 1922 жылы Қазанда «Абай Құнанбай өлеңдері» деген атпен ақынның толық шығармалар жинағы кітап болып басылады.
Иә, Абай шығармаларының кең таралуына татар бауырлар көп еңбек сіңірді. Бұл – ақиқат. Айта кетелік, 1947 жылы «Абай. Өлеңдер мен поэмалар» кітабы татар тілінде шықты. Оны белгілі әдебиетші Махмұд Мақсұд тәржімеледі.
1981 жылы Абай шығармаларының толық таңдамалылары «Абай. Өлеңдері мен поэмалары», «Қарасөздері» басылып шықты. Оны баспаға Л. Хамидуллин дайындады. Оған Абайдың 134 өлеңі мен 2 поэмасы және «Қарасөздері» енеді.
Осы аудармаларды татар поэзиясының классигі Сибғат Хаким: «Көптеген аударма өлеңдерде Абай рухы және ақындық ерекшелігі айқын көрініп тұр», – деп жоғары бағалағанын айта кетелік.
Хатип Миннеғұлов «Абай және Тоқай» атты салыстырмалы-типологиялық мақаласында қазақ пен татардың екі ақынының өлеңдеріндегі ұқсастықтарды ұлтқа қызмет етудің үлгісі ретінде қарастырады. Екі ақынның өлеңі мазмұндық, ойлылық, халық мұратына деген адалдық, ағартушылық тұрғысынан зерттеледі.
«Абай мен Тоқай – нағыз ұлттық ақындар, – дейді ол. – Халық мұңы, халық үні, халық рухы, екі ақынның шығармашылығы – түркітілдес халықтардың ортақ қазынасы.
Тоқай Абайдан 18 жас кіші. Бірақ қазақ жерінде, Оралда оқыған Ғабдолла Тоқай Абай өлеңдерімен таныс болмауы мүмкін емес.
«Абай мен Тоқайдың аттары ғана емес, рухтары да ұқсас. Табиғат суреттерін жазғанда екеуі де ұлттық биіктікке көтеріледі. Абайдың «Қарасөздері» қазақтар үшін өмір кодексіне айналса, Тоқайдың «Туған тіл» өлеңі татардың гимніне айналды», – деп ой түйеді Хатип Миннеғұлов.
Бұл – ұлттың екі ақынына берілген жоғары баға ғана емес, ұлттық ұлықтау!
Башқұртстан: «Поэтикалық мәдениеттің шыңы»
Башқұрт халқы мен қазақ халқын ұлттық тарих, тіл, мәдениет жақындастыратыны көпке белгілі. Башқұрт елінде Абай өмірі мен шығармашылығы қандай деңгейде бағаланады? Бұл сұраққа жауапты башқұрттың атақты ақыны Мұстай Кәрімнің «Абай – әлемдік поэтикалық мәдениеттің шыңы» деген мақаласынан табасың. Ол мақала «Әл-Халел» агенттігі 1995 жылы жариялаған «Абай» атты жинақта тұр.
«Оның (Абайдың – У. Қ.) шығармашылығы ғана емес, өзі де біздің рухани қажеттілігімізге айналды, – дейді Мұстай Кәрім. – Ол – сіздің, біздің, барлығымыздың Абайымыз. Абай ұлттың ғана емес, әлемдік поэтикалық мәдениеттің шыңы. Әр кез Абай болсын, әр кез қазақ халқы болсын».
Мұстай Кәрім осылай өзінің, бүкіл башқұрт халқының махаббатын асқақтатты.
Башқұрттың тағы бір әдебиет зерттеушісі – Равиль Бикбаев. «Әл-Халел» агенттігінен 1995 жылы шыққан «Абай» жинағында «Абай Құнанбаев және Шайхзада Бабич» атты мақала жариялады. Ол келтірген деректе 1910-1913 жылдары Шайхзада Қостанай өңіріндегі Торғай даласында бала оқытады. Мұртаза деген молдадан қазақтың мақал-мәтелдерін жазып алады. Жалпы саны – 79.
Бірде Мұртаза молда Шайхзада Бабичке «Абай Құнанбаевтың өлеңдері» деген кітапты әкеп береді. Ол Абай өлеңдерінің сұлулығына, көркемдігіне ғашық болады. Халық сөзі, халық өмірі, әділетсіздік, қараңғылық, бай мен кедей өмірі, толғақты өмірі Шайхзада Бабичтің Абайдың поэтикалық мектебін терең игеруге итермелейді. Абай мектебі Шайхзада Бабичке ерекше әсер етеді. Оның философиялық ой-толғамдары терең ойға жетелейді. Салыстырайық.
Абай:
Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Шайхзада Бабич 1914 жылы қазақ даласынан еліне келген соң былай деп өлең жазады:
Аппақ алтын жырларымды,
Жырламаймын даңқым үшін.
Жырлаймын мен алтын елім,
Өзім туған халқым үшін.
Шешек түсті жырларымды,
Жырламаймын зауқым үшін.
Жырлаймын тек қызғалдақтай,
Қыздарға бай халқым үшін.
Шайхзада бар болғаны 24 жыл өмір сүрді. Бірақ мол әдеби мұра қалдырды. Абайша ойлап, Абайша жазуға тырысты. Музыкант, әртіс, фольклорист-журналист, педагог, мемлекет қайраткеріне айналған Шайхзада Бабич есімі Башқұрт елінде Абай сынды зор құрметке, мақтанышқа ие. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» Ш. Бабич есімі уақыт өткен сайын башқұрлардың зеңгір көгінде темірқазықтай жарқырап тұра береді.
Қырғызстан: «Ұлылар сөзі өшпейді»
Манас елінің классик-жазушысы, әлем жазушыларының шоқ жұлдыздары арасында тұрған Шыңғыс Айтматовты кім білмейді?!
«Әл-Халел» агенттігінің 1995 жылы шыққан Абай жинағында жарияланған Шыңғыс Айтматовтың «Абай Құнанбаев және жалпыәлемдік өркениеттің рухани жәдігері» атты мақаласы бар. Үлкен тебіреніспен оқисың.
«Абай туралы аз жазылған жоқ, – дейді Шыңғыс Айтматов. – Мұндай санға Абайдың өмірі де жетпейді. Бірақ Абай даналығы мен ұлылығы Пушкин, Гете, Шекспир және тағы да басқа ұлылар сөзі сияқты өшпейді, қайта жаңғыра береді.
…Ол өте ұлттық бірегей тұлға болғанымен, Абай – «жалпыәлемдік өркениеттің ұлы өкілі».
Иә, Шыңғыс Айтматов аз сөзге көп ой, көп мағына беретін қаламгер емес пе?!
Замандар өзгеріп, ұлттық құндылықтар арзандап, жаппай анархия жүріп жатқан кезде Шыңғыс Айтматов: «Абай үшінші мыңжылдық кезіндегі рухани және мәдени эволюцияның кілті болып табылады», – дейді. Ол Абай ілімінің терең ұлттық сипаты мен әлемдік ой-жүйенің жолын ашқан ғұлама ретінде бағалайды.
«Жаңа ғасыр Абаймен басталады. Абай біздің қасымызда тұр, – дейді Шыңғыс Айтматов. – Абай тәуелсіздік алған елінің төрінде тұр. …Абай еуразиялық мәдениетті байланыстырып, жалғастырып тұр. Абай Шығыс пен Батысты қосып, еуразиялық рухтың биігінде тұр. …Ол – өлмес жолдағы «Жұмбақ адам. Еуропада Данте, түркітектес Азияда – Жүсіп Баласағұн. Ол – тілді мәңгілік жолға салған ғұлама хакім».
Адамзаттың Айтматовының Абай туралы айтқан сөзін бүкіл қырғыз халқының сөзі деп есептеймін.
Иран: «Абай-пір»
Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында 1997 жылы «Абай оқулары» аясында Иран әдебиетшісі Хасан Хаскади «Парсы поэзиясы және Абай Құнанбаев шығармашылығы» деген тақырыпта баяндама жасаған болатын.
«Мен бүгін өте бақыттымын, – деді ол. – Өйткені қазақ ағайындармен бірге әлемнің әртүрлі мемлекетінен келген меймандарды көріп отырмын. Біздің басымызды қосқан – ұлы Абай. Менің елім Абайды пір тұтады. Білесіздер, ирандықтар өздерінің мыңдаған жылдық тарихында әркез поэзиясын құрметтеді, өлең сөзге ден қойды. Ақындарын ардақтады».
Иә, бұл – шындық. Шығыс поэзиясы қазақ даласына әр жолмен жетті. Қисса, дастандар дала өркениетіне келіп, қазақ халқының поэтикалық сезіміне әсер етті. Соның әсерімен ақындар оны қайта жырлай бастады.
Рудаки, Фирдоуси, Хайям, Низами, Насыр Хосроу, Саади, Хафиз, Руми Балхи есімдері қазақ даласына жетіп, ұлттық поэзиямызды дамытуға ықпал етті.
Ол өз сөзінде ұлы Абайдың 150 жылдығы қарсаңында қазақстандық ғалым, Ұлттық Ғылым академиясының қызметкері Сафар Абдулланың Абай шығармаларын парсы тіліне аударғанын ерекше атап өтті. «Бұл кітап менің қазақ халқының тұтастай табиғатын тануға әсер еткенін жеткізгім келеді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған кіріспе сөз Абайды бізге жақындата түсті. Абай өз халқын шексіз сүйе отырып, оның қайғысы мен қуанышын бірге бөліседі, қараңғылықтан шығу жолын іздейді және оны көрсетеді». Автор парсы және қазақ әдебиетіндегі ортақ қасиеттерді көреді.
Ислам өркениеті қосқан поэтикалық бейнелер ұлттарды жақындастырады. Өлең рухын көтереді.
«Мұхтар Әуезов Абайға Шығыс поэзиясының әсер еткенін атап өтеді, – дейді ол. – Ол арабтың діни-батырлық эпостары мен шығыс классиктерінің: Фирдоуси, Низами, Саади, Хафиз, Науаи, Физули шығармаларын ескі өзбек тілінде түпнұсқадан оқығанын атап өтеді. Ержете келе Абай Науаи мен Низами шығармаларына еліктеуден бас тартады». Хасан Хаскади Абайдың «Ескендір» поэмасы мен Фирдоусидің «Шахнамесіне» тән ортақ қасиеттер бар екенін, бірақ жеке қолтаңбалары арқылы сюжеттік ерекшеліктер де байқалатынын атап өтеді. Сондай-ақ Низамидің «Ескендір-намесін» осы тұрғыда қарастырады.
«Абай қазақ дәстүрі мен салтына орай Ескендір бейнесін өзінше сомдайды, – дейді ол. Өз ойын Мұхтар Әуезовтің пікірімен шегендейді. – «Ескендір» поэмасында ол Пайғамбардың орнына Қызыр атаны, Низами Аристотельді енгізген. Ал Ескендердің өзін (Александр Македонский) байлыққа құмар зұлмат адам ретінде көрсетеді. Басқа бір жерінде М. Әуезов «Ескендір туралы аңызды Абай Низамиден алған», – дейді.
«Ол 12 жасында Шығыс ақындарына арнап өлең арнайды. Бұл медреседе оқып жүрген кезі еді», – дейді ол.
Физули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдоуси. Хожа Хафиз – бу һәммәси Мәдәт бер я шағири фәрияд.
Иран зерттеушісі Абай шығармаларында парсы сөздері жеткілікті екенін айта отырып, бұл оның тіл байлығын арттыруға ықпал еткенін ескерте кетеді. «Тіл жақындығынан гөрі, рух жақындығы қымбат», – деген Мәулен Джалуддин Руми-Балхидің сөзін келтіреді.
«Абайдың қарасөздері бізде (Иранда – У. Қ.) жарияланғанымен, ол өзінің әлемде теңдесі жоқ кітап екенін көрсетті, – деп жазады Хасан Хаскади. Ислам өркениетіне енген бұл кітаптан біз Алланың сөзін естиміз, ол жүрегіне енген Жаратқан арқылы халқымен тілдеседі, сырласады».
Тамаша қорытынды, жүрекке қонған өрелі сөз.
1995 жылы Тегеранда «Абайдың өлеңдері мен ойлары» атты кітап шыққан. Сол кітапқа әдебиет зерттеушісі Әли Асқар Ширдусттың «Өркениет пен мәдениеттің сәулеткері» деген мақаласы жарияланған.
«Қазақ мәдениетінде Абай Құнанбаевтың орны ерек тұр, – дейді Ширдуст. – Ол қазақ халқының дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, тілін, мәдениетін өркениет құндылықтары дәрежесіне көтерді. …Мұның бәрі Абайдың ғибрат сөзінде тұр. Ол – мәдениет пен өркениеттің сәулетшісі. Абай өз халқын сүйе отырып, өзі де адамзаттың сүйіктісіне айналды. Абай – қазақ халқының ұлы тұлғасы!»
«Әл-Халел» агенттігі 1995 жылы «Абай» атты ұлы ақынның 150 жылдығына арналған конференция материалдарын жариялады. Сонда белгілі иран әдебиетшісі Әли Әкбар Веластидің «Абай және қазақ-иран әдеби байланыстары» атты мақаласы бар. Сол мақаладан төмендегідей ойларды сығымдап, оқырманға ұсынып отырмын.
«Абай біздің елімізді қандай биікке көтерсе, өз елінде, қазақ әдебиетінде сондай биікке көтерілді. Ол Құдай берген талантты ғажайып, биік деңгейге көтерді. Әлем әдебиеті Абай арқылы байыды. Абай бұрын-соңды өзіне дейін қолданылмаған «аруз» өлең құрылысын пайдаланды».
Ал 1995 жылы Тегеранда шыққан «Абай өлеңдері мен ойлары» кітабына белгілі әдебиетші Расул Ислами кіріспе сөз жазыпты. «Қазақтарда парсы тілінен енген қаншама сөз бар. Тарих ғалымдарының докторы Меруерт Әбусейітова Орта ғасырларда жазылған әдебиеттердің, тарихи жазбалардың 90 пайызы парсы деректерінен алынған, – дейді. – Керісінше, түркітектес тілден енген парсы тілінде қаншама сөз бар?! Демек, тіл мен дін, рухани жаңалық – мәдениетіміздің ұлттық өркениетінің белгісі.
Испания: «Өз миссиясын орындаған»
1995 жылы «Әл-Халел» агенттігінде шыққан «Абай» кітабына Испанияның атақты қайраткері Федерико Майордың «Абай және бейбітшілік рухы» атты мақаласы жарияланған. Бұл мақаладан испан халқының Абай шығармашылығына деген құрметі мен ізетін көреміз.
«Абай Құнанбаев – біздің замандасымыз, – дейді ол. – Мұндай адамдар кез келген дәуірде сол кезеңнің замандасы болады. Оның (Абайдың – У. Қ.) поэзиясы қазақ фольклорының қайнар көзінен алынып, дала өркениетінің ұлы мұрасына айналды. Өз халқының ұлттық қалпын сақтап қалдыруда ешкім Абайдың алдына шыға алған жоқ».
Пушкин секілді Абай ұлттық мәдени дәстүрлерді қалыптастырды. Бір-бірімен тығыз бірлікте дамитын ұлттық бірегейліктер сияқты, Абай да жаңашылдық арқылы адамдардың рухы мен өмірді байытты.
Білім мен ғылым арқылы ғана адам өз мұратына жетеді. Ол (Абай – У. Қ.) қазақ халқын қараңғылық пен қапастан алып шығу үшін Адам ретінде өз миссиясын орындаған жоқ па?
Білімге сену арқылы Абай адамның қасиетін дәріптеп, оны демократиялық жолға салды. Ол халықтың өзін-өзі басқаруына сенді. Әлеуметтік теңсіздікті жою арқылы, бақытқа жету Абайды саяси тұлғаға айналдырды. Абай рухы бейбітшілік пен мәдениеттер тоғысуына жол сала берсін!»
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейді халқымыз. Абай рухы әлем төрінде тұр. Ұлтымыздың ұлы хакімі Абай мұрасы адамзат игілігіне айнала бермек.
Оңтүстік Корея: «Өлең өрнегін өзгерткен»
Ұлы Абайдың 150 жылдық торқалы тойына Корея Республикасы да тартымды тарту жасады.
2016 жылы Семейде «Абай» кітабы жарық көрді. Онда белгілі әдебиетші Ким Бен Хак «Дала мәдениетінің жалыны» атты мақала жазды.
«Ат – көшпелілер үшін нағыз дос, – дейді ол. – Адамзат үшін кентавр адам мен жылқы арасындағы табиғи байланысты көрсетеді. Жылқының адалдығы туралы Орталық Азия халқы біледі. Олардың ішінде қазақтардың орны бөлек».
Иә, Ким Бен Хак әдебиетші, аудармашы ретінде Абай өлеңдерінің рухы мен пішінін жақсы біледі. Жанын түсінеді. Сондықтан да «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ» өлеңін мысалға ала отырып, «Далада өспеген адам мынандай өлең жаза ала ма?» – деп таңданады.
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ.
Аяңы тымақты алшы кигізгендей,
Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей.
Шапқан атқа жеткізбес бөкен желіс,
Ыза қылдың қолыма бір тигізбей.
Ким Бен Хактің пікірінше, Абай дала ақындарының сүрлеу жолынан шығып, өлең өрнегін өзгертеді. Абай даланы дәріптей отырып, оны замана өзгерісіне жетелейді, оның өлеңдері жүйріктің шабысындай Ұлы далада болашаққа қарай шабады.
Осы жинақта Ким Бен Хак «Абай және қазақ даласының сиқырлы әлемі» атты тағы бір мақаласын жариялады. «Ғасырлар тоғысында сәйгүлік аттай Абай Ұлы далада өзінің өлеңдерімен, қарасөздерімен өлместей із қалдырды, – дейді ол. – Оның өлеңдері қазір әр қазақтың жүрегінде жазылып тұр. Абай – қазақ халқының ғұламасы және қазақ әдебиетінің мақтанышы».
Ол Абай философиясы сындарлы және терең деп есептейді. Абайдың көзқарасы Шығыс пен Батысты байланыстырып тұр. Олар әртүрлі болғанымен, түрлі түсті тігілген киім секілді, адамзат құндылығына айналады. Ол – гуманизм, адамды сүю, табиғатты аялап, жанды жаралау емес, рухты жаңғырту.
Абай үшін ақынның мықты құралы – сөз. Ол – дос та, ұстаз да және бүкіл жаһан. Абай әлемді мәртебелі поэзия арқылы таниды. Ұлы даланы жырлау арқылы ол адамзатты жырлайды. Абай өлеңдерін оқыған адам қай ұлттан болса да, поэзияның өрнекті сөзі арқылы әлемді таниды, адамның сиқыр әлемін түсінеді. Міне, осы ойлар Ким Бен Хактің мына сөздерінен айқын білінеді.
«Абайдың поэтикалық лирикасы – сұлу табиғат, кең дала, шалқар көл, – дейді ол. – Табиғатқа арналған өлеңдерінде Абай тылсым дүниемен тіл қатысады, сырласады. Табиғаттың төрт мезгілін Абайша жырлаған, Абайша суреттеген ақындар аз болар».
Ким Бен Хак Абайдың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңін мысалға алады. Корей-қазақ тілдеріндегі нұсқаларын қатар алып, философиялық мәнін іздейді.
Қансонарда бүркітші шығады аңға,
Тастан түлкі табылар аңдығанға.
Жақсы ат пен тату жолдас – бір ғанибет,
Ыңғайлы ықшам киім аңшы адамға.
Қар – аппақ, бүркіт – қара, түлкі – қызыл,
Ұқсайды хасса сұлу шомылғанға.
Қара шашын көтеріп екі шынтақ,
О да бүлк-бүлк етпей ме сипанғанда,
Аппақ ет, қып-қызыл бет, жап-жалаңаш,
Қара шаш қызыл жүзді жасырғанда.
Күйеу ер, қалыңдығы сұлу болып,
Және ұқсар тар төсекте жолғасқанға.
Яғни Ким Бен Хак үшін Абай поэзиясы жай өлең емес, ол – философиялық толғам және өмірдің сәт-сүйініші, күйініші, бары, жоғы, сенімі, үміті, бір сөзбен айтқанда, адам тағдырының ақ-жолақ іздері. Ол 3 өлеңнен мысал келтіреді.
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Ойнап босқа күлуге.
…Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма.
Мұны жазған білген құл –
Ғұламаһи Дауани,
Солай депті ол шыншыл.
Сөзін оқы және ойла,
Тез үйреніп, тез жойма,
Жас уақытта көңіл – гүл.
«Оның (Абайдың – У. Қ.) әрбір трагикалық өлеңінде өмір сабақтары туралы тебіреніс бар, – дейді ол. – Өмірді таныған сайын жаңа құбылысты көресің. Ол құбылыс өзіне тартады, қызықтырады».
Жүрегім, ойбай, соқпа енді!
Бола берме тым күлкі.
Көрмейсің бе, тоқта енді,
Кімге сенсең, сол – шикі.
Жетім қозы – тасбауыр,
Түңілер де отығар.
Сорлы жүрек мұнша ауыр,
Неге қатты соқтығар?
Сенісерге жан таба алмай,
Сенделеді ет жүрек.
Тірлікте бір қана алмай,
Бұл не деген тентірек?
Жоқ деп едің керегін,
Топ жиып ең бір бөлек.
Кезек келер демедің,
Ендігі керек қай керек?
Ол Абайдың «Сегізаяғынан» інжу-маржан секілді төгілген сөз моншақтарын тереді. Әлемді тану, түсіну оңай ма? Абай заман сөзін айтып, болашаққа жол бастап бара жатыр. Мына өлең жолдарын Ким Бек Хак мысалға алады.
Жаяуы қапты,
Аттысы шапты,
Қайырылып сөзді кім ұқсын.
Іште дерт қалың,
Ауыздан жалын
Бұрқ етіп, көзден жас шықсын.
Күйдірген соң шыдатпай,
Қоя ма екен жылатпай?
«Әдетте, – деп жазады ол, – төтеден жол бастағандардың жолы – тар жол, тайғақ кешу жолы. Олар қолына шырақ алып, шым-шытырақ жолға жалғыз өзі кіреді. Ресейден, Еуропадан келе жатқан жаңа ағымды көрсетіп, алға жүрді». Иә, корей әдебиетшісі әрі аудармашысы Ким Бен Хак Абай өмір сүрген ортаның оңай болмағанын ашып жазады, түсіндіреді.
«Абай қазақ даласының қалыптасқан поэтикалық дәстүрін жаңғыртты, – деп жазады ол. – Қорқыт Жиделібайсыннан өлмес өмір іздесе, Абай өлмес поэзияның рухын қалдырды. Абай Ұлы далаға жаңа заман алып келді».
Әлбетте, Абай дара, биік мұзарт болғанымен, етегіне еркін елдің жаңа ұрпағы келді. Жұмбақ адамды тануға келді.
Абай баба армандаған еркіндік туы тәуелсіз еліміздің көк аспанында желбіреп тұр.
Джо Гю Ик Абайды өмір әнінің гимні деп, ал Джон Санг Джин оны әлем ақыны әрі ойшылы деп бағалайды.
Корей елінде Абай ақынды оқиды және биікке қояды.
Пәкістан: «Ашық әлем ақыны»
1995 жылы «Әл-Халел» агенттігі басып шығарған «Абай» кітабында пәкістандық әдебиет зерттеушісі Ахмад Хасан Данидің «Абай, оның елі, халқы және миссиясы» деген мақаласы жарияланды. Автор Абай туып-өскен өңір туралы жақсы деректер келтіреді. Ертіс, Есіл, Тобыл, одан Сарысу, Ембі мен Жайық өзендері сағымындағы ұлы өңірде, оның жүрегіндей болған Шыңғыстауда – Абай Құнанбаев өмірге келгенін атап өтеді.
Ақын, философ Абай көзқарасының қалыптасуына медресе, орыс мектебі ғана емес, әжесі Зеренің зор ықпал еткенін тілге тиек етеді. «Әжесі Зеренің аузынан Абай алғашқы ертегілерін тыңдады. Абылай мен Кенесары туралы батырлық әңгімелерді естіді. Ақтамберді жырау жырларына қанып өсті», – дейді ол. – Осылай Абай әлемдік мәдениет өркениетінің шыңына көтерілді».
…Атақ-даңқ жолы Абайға оңай келген жоқ. Автор ағайын-туыс, ру-топтар арасындағы кикілжіңдер Абайды қатты толғантқанын саралайды.
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! –
деген өлең жолдарын мысалға алады.
Исламабадта, Пәкістанның әдебиет академиясында 1995 жылы шыққан Абайдың таңдамалы өлеңдер жинағында белгілі әдебиеттанушы Халид Икбал Ясир «Абай – дәуір мақтанышы» деген мақала жазыпты.
«Абай Құнанбаев қазақ халқының ұлы ақыны ғана емес, ол – ұлы ойшыл, тарихшы, шығыстанушы, – дейді ол. – Біздің еліміз Мұхаммед Икбалмен қалай мақтанса, Абаймен де солай мақтанады».
1997 жылы Алматыда өткен Абай оқулары материалдарына Пәкістанның көрнекті әдебиет зерттеушісі Мухаммед Аббас Ханның «Абай Пәкістан халқының жүрегінде» деген мақаласы енген. Ол Абайды қазақ халқының батыры, даналық безбенін ұстаушы, қараңғылықпен күрескен ағартушы деп біледі.
Семей өңірін аралаған ол тарих беттеріне үңіледі. «Абай заманында бұл жерде 12 мешіт, 1 медресе, бір орыс мектебі, 1 кітапхана, 1 аймақтық музей, 30-дан астам әкімшілік ғимарат болыпты, – деп жазады. – 1883 жылы музей ашылғанда, Абай оған 60 құнды жәдігер сыйлапты».
Қазақстан тәуелсіздігін алған соң, екі ел арасындағы қарым-қатынас жақындағанын, әдебиеттер алмасуы қалыптасқанын жеткізеді.
«Абай Құнанбаев Алланың әділдігі мен ұлылығын жырлайды, – дейді ол. – Абай қай тақырыпты көтерсе де, ол ең алдымен жалпыадамзаттық құндылықтарды ашады, оның сырына үңіледі. Мен өз халқымды ойлағанда, Абай барлық сөзін бізге, пәкістандықтарға арнап тұрғандай көрінеді».
Иә, мұнан артық қандай теңеу табарсың?!
2004 жылы Алматыда «Абай әлемі» мақалалар жинағы шыққан. Сонда Хизрат мырза Тахир Ахмадтың «Абай – ашық әлем ақыны» мақаласы жарияланған. Сол мақалаға көз жүгіртіп көрелік. Ол аудармашы ретінде Омар Хайямды парсы тілінен тікелей аудармақшы болады. Бірақ тілді жеткілікті білмегендіктен ағылшын аудармашысы Фицджеральдтың аудармасына жүгінгенін жазады.
«Абай Хайямнан өзгерек, – дейді ол. – Ол – шыншыл, тура айтатын ақын. Абай поэзиясы мұсылман әлемінің классикалық үлгілерімен пара-пар.
Абай – шынында да ұлы адам!
Абай – ашық әлем ақыны.
Абай – жан-жақты және сан қырлы ақын.
Абай – шыншыл, адал ақын.
Абай – ұлы саяси қайраткер.
Абайға қол шапалақтайық. Ұлының аты – ұлы!»
Бұған ешқандай алып-қосар сөз жоқ. Абай жұлдызы адамзат әлемінде жарқырап тұра берері сөзсіз.
Тәжікстан: «Қазақ әдебиетінде болмаған үш поэма…»
Тәжік-парсы поэзиясы сан ғасырдың тарихынан өтті. Әрине, Абай да классикалық араб-парсы, шағатай поэзиясынан қанып ішті. Фирдоуси мен Саадиді оқып, жүрегінде тоқып қана қоймай, оны жаңа заманға сай дамытты.
Бұл жөнінде тәжіктің әдебиет зерттеушісі Өлмес Мырсаид өзінің мақаласында тоқталады. Мақала 1995 жылы «Әл-Халел» агенттігі шығарған «Абай» жинағында жарияланған.
«Абайдың насихат пен дидактикаға толы өлеңдерінен Саади мен Хафиз дәстүрлері байқалады, – дейді ол. – Ол (Абай – У. Қ.) Шығыс тақырыбына сүйеніп, бұрын қазақ әдебиетінде жоқ үш поэма жазды. Олар – «Ескендір», «Әзім әңгімесі», «Масғұт». Бұл Фирдоусидің «Шахнаме», «Мың бір түн ертегісі», Низами Ганджавидің «Хамса», сондай-ақ Қайқобыстың «Насихатнама», Саадидің «Гүлстан» поэмасының жемістерін байқатады… Абай Құнанбаев біздің өзара тығыз байланысымыздың, әдебиеттерді байытудың жарық жұлдызы ретінде қала береді. Абай – таусылмайтын қазына!»
Ал 2004 жылы «Дәуір» баспасында шыққан «Қазақтың бас ақыны» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы материалдары шыққан жинақта тәжік әдебиетшісі Вайсидин Абдоллаевтың «Абай және сопылық» атты мақаласы бар.
Ол Саади, Хафиз, Аттар, Хамадани, Мәулана Руми, Жәми, Ясауи, Насими, Науаи шығармалары қазақ даласына жетіп түрленіп, қазақ поэзиясын байытқаны туралы іргелі ой айтады.
«Орталық Азияда үш ірі сопылық орден, яғни ағым пайда болды, – дейді ол. Олар – Накшбануил, Хуфия, Ясауия».
Ғалым осыларды тілге тиек ете отырып, қазақтың атақты ғалымы, академик Ғарифолла Есімнің: «Сопылық және Абай» – тың тақырып. Ол үшін зерттеуді алдымен Ахмет Ясауиден бастау керек. Ясауизм – исламның діни философиясы. Дінге жаңаша көзқарас енді қалыптасып келеді. Ал сопылықсыз Абайдың дінге көзқарасын ашу қиын шаруа», – деген пікіріне қолдау білдіреді.
Абай поэзиясындағы сопылық сарындар туралы айта келіп, зерттеуші оны Абайдың махаббат лирикаларынан табады. «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол», «Қор болды жаным», «Сен мені не етесің?», «Жігіт сөзі», «Білектей арқасында өрген бұрым», «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» өлеңдерін сопылық өлеңдер қатарына қосады.
«Нағыз Абай – ақын Абай ғана емес, нағыз Абай – діни ойшыл, ғұлама ғалым», – дейді ол. – Абайдың «Қарасөздері» дәстүрлі Шығыс поэзиясына тән болғанымен, ол өмірді қоғамдық болмысымен бірлікте қарастырады».
Вайсидин Абдоллаев Абай поэзиясында сопылық мотивтер көп емес екеніне назар аударады.
Бұл – шынайы ой, дәйекті дәлел.
Өз халқының ұстазы
Абай ақынның поэзиясы әлем көгінде самғап тұр.
Жер шары әдебиетшілері оның шығармашылығын тамсана талдап, оқырмандарына жеткізіп жатыр. Осы зерттеу соңында бірнеше шетелдік әдебиетшінің қаламынан туған нәрлі тұстарын мысалға алғым келеді.
Иван Д. Иванов (Болгария): «Болгар халқының тарихында қасиетті Кирилл сөз құдіретін іздеген болатын. Ол – Жаратқан сөзі. Көне болгар және болгар халқының өз тілінде «Інжіл» бар. Әлемде төрт-ақ ел ғана өз тілінде Інжілге ие.
Абайдың «Қырық бес сөзі» – қазақ халқының ғана емес, бүкіл Орталық Азияның қасиетті кітабы. Абайды оқи отырып, одан біз өзіміздің болгарлық рухты тауып алдық».
***
Миклош Яцкович (Мажарстан): «Абай – ХІХ ғасырдың нағыз өкілі. Бұл ұлттық сананың оянуы, тәуелсіздік үшін күрес рухын көтерген кезең еді».
***
Хенрик Янковский (Польша): «…2008 жылы Астанада Раиса Юхниевичтің аудармасымен «Қарасөздер» поляк тілінде шықты. Ол К. Серікбаева мен Р. Сейсенбаевтың орысша аудармасына сүйенді.
Мен Абайдың «Қарасөздерін» полякша аударғанда Р. Юхниевич тәржімесін негізге алдым.
«Қарасөздер» арқылы Абай қазақтарға жаңа жол мен өмір сүру этикасын көрсетеді».
***
Иван Курас (Украина): «Абай – біздің замандасымыз. Мемлекет пен Ұлттық жаңғыру өз тарихыңды білуден және құрметтеуден басталады. Абай шығармашылығы мөлдір бұлақ сияқты.
Біз Украинада Тарас Шевченконы ұлы деп есептейміз. Абай да біз үшін Пайғамбар сияқты көрінеді. Ол – әлем мәдениетінде өшпес із қалдырған бірегей тұлға».
***
Франтишек Соукуп (Чехия): «Абайдың дала білімі мен даналығы оны өз халқының ұстазы дәрежесіне көтерді».
***
Ирма Ратиани (Грузия): «ХІХ ғасырда Қазақстан да Грузия сияқты Ресей империясының қол астында болды. Осы кезде өз халқының сөзін сөйлеп, Грузияда – Илья Чав-чадзе, Қазақстанда Абай Құнанбаев шықты.
Абай Құнанбаев ұлы ақын, философ, гуманист, композитор ретінде қазаққа қызмет етті, ол өз халқының интеллектуалдық (зияткерлік) ақыл-ой санасын көтерді».
***
Ракеш Шарма (Үндістан): «Ол (Абай – У. Қ.) қазақ поэзиясын тақырыптық жағынан байытты, әдебиетке жаңа форма алып келді.
Абай халықтың ауызекі тілін байытып, оны әдеби тілге айналдырды».
***
Абай әлем көкжиегінде қазақ халқының рухын көтеріп, жұлдыздай жарқырап тұр.
М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры болып жүрген кезімде, менің редакцияммен және алғы сөзіммен «Творчество Абая Кунанбаева в зарубежной рецепции» атты кітап жарық көріп еді. Осы кітапты дайындауға С.В. Ананьева, С.С. Қорабай, М.Х. Маданова, А. Машақова, А.Т. Қалиасқарова, А. Ахетов және т.б. көп еңбек сіңірді. Шетелдерден әдебиет зерттеушілерінің мақалаларын аударды. Жоғарыда аты аталған әріптестеріме рақмет айтамын.
Уалихан ҚАЛИЖАНОВ





