Ахаңдар мен Мағжандар армандаған баба тілім бабында ма!
Бүгінгі қазақ қоғамындағы ең бір өзекті, көптеген күрделі түйіндердің арқауына негіз болып жататын мәселе әрине ана тіліміздің тағдыры.
Тәуелсіздік қолымызға қайта оралды. Ата Заңымыз бойынша қазақ тілі мемлекеттік тіл болып жарияланды. Құдайға шүкір етейік. Бұл күнге де жеттік…
Ең бастысы ұлттық тәуелсіздігімізбен бірге ұлттың тілі де өзінің мемлекеттік мәртебесін алды. Мемлекеттік мүддеміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге де тікелей байланысты тағдыршешті мәселелердің көш басында еліміздегі тіл саясаты да тұратын болады. Енді өз жерімізде жүріп өз тіліміз өгейлік көрмеу керек. Сонымен бірге, тіл мәселесінде біз ешқашан этносаралық алауыздыққа, араздыққа жол бермеуіміз керек.
Жақында ғана Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халқымызды жаңа мейрамымыз „Алғыс айту“ күнімен құттықтағанда төмендегідей бағдарламалық мәні бар сөз айтты.
Мемлекет басшысы: «Халқымыз ғасырлар бойы берекелі бірлігі мен туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің арқасында ең күрделі сынақтар мен қатерлерді еңсере білді. Осы іргелі құндылықтар жалпыұлттық бірегейлігіміздің ажырамас бөлігіне айналды.
Қазір біздің алдымызда жүйелі әрі ауқымды реформаларды жүзеге асыру міндеті тұр. Осы орайда әр азаматтың ел тағдырына жауапты екенін толық сезіне білуі маңызды. Біз жұдырықтай жұмыла білсек қана, үйлесімді және әділетті қоғам құру жолында жетістікке жетеміз», – деді. Өте орынды, әрі дер кезінде айтылған сөз.
Кішкене тарихи шегініс жасайын. Осыдан тура бір ғасыр бұрын қазақтың ғұлама, ғажап ақыны Мағжан Жұмабаев ана тілімізге, оның тағдырына алаңдап былай деп жазыпты:
Ерлiк, елдiк, бiрлiк, қайрат, бақ, ардың,
Жауыз тағдыр жойды бәрiн не бардың…
Алтын Күннен бағасыз бiр белгi боп,
Нұрлы жұлдыз – бабам тiлi, сен қалдың!
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм.
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа,
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм!
Алдағы бір ғасырдың ішінде болатын ахуалды алақанға салғандай етіп болжай білген, көре білген ақын парасаты, ұлы көрегендігі – бүгінгі күннің ақиқаты.
Ұлт тағдырындағы еліміздің береке, бірлігі, ішкі ынтымағы, ана тілінің тарихи орыны, оның мемлекеттік мүдде мен мұратқа, ұлттық қауіпсіздікке қол жеткізудегі баға жетпес миссиясына назар аудармаған, ой жүгіртпеген бірде-бір алаш арысын таппайсыз.
Осынау береке, бірлігіміз үшін, сүттей ұйыған ішкі ынтымағымыз үшін барлығының жүрегі сыздаған, жаны ашыған.
Ахмет Байтұрсынұлы өзінің ана тілімізге арналған әйгілі бір өлеңін:
Кенің бай, келімің мол, туған тілім,
Дыбыстың теріп сөз ғып буған гүлін.
Қайырған қайдағыны жүйрік ең сен,
Мен тосып, құтыла алмас қусам білім.
Кемсініп көбің ордамды адасқандар!
Тіліме жау боп найза қадасқандар!
Бір айттым, екінші айтам, бұл үшінші,
Жорта бер, жолың алыс, адассаңдар.
Мен болман болдырамын «татар» десең,
Мен жатпан «бір бөлмеңде» жатар десең!
Өтпеймін тамағыңнан «жұтам» десең,
Жолым бір, қолым міне, «қатар» десең! – деген шумақтан бастапты.
Рухани көсеміміз Ахмет те, Мағжан ақын да тілдің қоғам өміріндегі, кез келген ұлттың өміріндегі маңызы мен мәніне терең тоқталған, тебірене жазған.
Мұның барлығын не үшін айтып отырмын. Кез келген қоғамда, қандай мемлекетте болмасын сол елде тағдыр кешіп, тіршілік жасап отырған әрбір азамат үшін тіл мәселесі өте маңызды болған. Тағдыршешті маңызға ие болған.
Бүгінгі жиырма бірінші ғасырдағы қазақ қоғамында да бұл тарихи, әлеуметтік мәселе өз құндылығын бір мысқал да төмендеткен жоқ. Қайта бүгінгі әлемдік геосаяси жағдайда, бүгінгі тарихи өткелде де бойын тіктеп алдымыздан шықты.
Кең пішіп, алысымызды ақылмен болжап, сабырға салып, терең білім мен биік парасат тұғырында тұрып өлшеп, кеспесек жаңсақ басудың ауылы алыс емес.
Себебі Қазақстанда әртүрлі саяси, экономикалық, әскери және репрессия себептерімен қоныс аударған, тұратын, мекен ететін барлық ұлттар мен этнос өкілдерінің әрқайсысының тағдырына қатысты мәселе болғандықтан осынау саяси әрі әлеуметтік астары күрделі, шетін сұрақты үлкен жауапкершілікпен шешуіміз керек. Оның бірнеше тарихи себептері бар. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекет басшысы да бұл мәселені бір сәт назардан шығармай келе жатқанында да осындай сыр жатыр…
Мемлекетіміздің ұлттық құндылықтарының қатарында да бірінші кезекте тіл тұрады. Ана тілі – біздің ең биік, ең қастерлі ұлттық құндылығымыз.
Ұлттық құндылықтар деген ұғымның аясы өте кең. Өте терең. Оның үстіне қазіргі замандағы әлем жүзіндегі геосаяси ахуал әбден шиеленісіп, алмағайып уақыттың табалдырығымыздан аттағанын да көріп отырмыз.
Батыстың адам баласы түсініп болмайтын, «демократияландыру» деген желеумен әлемді жегідей жеп бара жатқан либералдық «құндылықтары» да етек-жеңімізді қымтап, дәстүрлі діңгегімізден ажырап қалмауымызға мәжбүрлеп отыр.
Жасыратын несі бар, қазір заман басқа, заң басқа…
Осыдан тура он бес, жиырма жыл бұрынғы заманды енді қайтарып алып келе алмайсың. Интернет заманы, жаппай цифрландыру заманы қоғамның бет-бейнесін, бет алысын мүлдем өзгерту үстінде. Енді жыл өткен сайын осылай бола береді. Ақпараттар тасқынын адамзат баласы оқып үлгеріп, игеруден қалды.
Әлемде қарқынды түрде жүріп жатқан осынау дамылсыз үдеріс біздің елімізді де айналып өтпейтініне көз жетті. Енді ұлт болып, мемлекет болып қам жасамасақ болмайды.
Скандинавия мемлекеттері мен Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдердегі мемлекеттік, ұлттық идеология үлгілері ұлттың озық, дәстүрлі құндылықтарын өркендете, дамыта түсетін жол ретінде ұсынылғаны бізді ойландырмай қоймайды. Білімі мен ғылымы, жаңа технологиялары қарыштап дамып кеткен осынау мемлекеттерге шын мәнінде бүкіл әлем көз тігіп отыр. Соның бірі – Қазақстан.
Айта берсек әңгіме көп. Ұлтымыз бүгін жол айырығында тұр. Адастырмайтын жолды таңдауымыз керек. Ол жол – ұлттық құндылықтар жолы.
Мемлекетімізде мемлекеттік тілге байланысты, яғни қазақ тілінің Ата заңымызға сәйкес өзінің конституциялық қызметін толыққанды атқаруына, еліміздегі көп этносты халықтың барлығының еркін қолдануына ешқандай саяси, әлеуметтік, басқа да кедергілер болмауына қатысты тәуелсіздік алған күннен бастап бірнеше мемлекеттік бағдарламалар қабылданды.
Мемлекет тарапынан жеткілікті дәрежеде қаржылар да бөлінуде. Бұл бағытта осынау жүйелі жұмысты тиімді ұйымдастыру, басқару мақсатында да мемлекеттік мекемелер құрылды.
Қазақстанда соңғы отыз жыл ішінде қалыптасқан демографиялық өзгерістер де осынау іс-шараларға оң ықпалын тигізіп отырғанын да атап айтуымыз қажет. Осынау демографиялық үдеріс түбінде қазір әлі де күрделі болып отырған тілдік саясаттың тарихи тұрғыдан тиімді әрі әділ шешіміне алып келетініне сенімім мол.
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің күннен күнге, жылдан жылға қазақ қоғамының барлық саласында Ата заңымызда көрсетілген өзінің құқықтық толыққанды коммуникациялық қызметін күшейтіп, ел өмірінің ең бір тағдыршешті бағыттары: билік, саясат, ғылым мен білім, қаржы, экономика, сауда-саттық, халықаралық қатынастар, т.б. қарым-қатынастарымызда өзінің мәні мен маңызын арттырғаны жақында ғана Астана қаласында өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының сегізінші құрылтайында да аталып өтті.
«Қазақ тілі» қоғамының сегізінші Құрылтайына арнайы жолдаған Құттықтау хатында мемлекет басшысы тағы да бір рет мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі мәні мен маңызын астын сыза көрсетті. Президент: «Қазақ тілі» – ұлттық бірегейлігіміздің нышаны. Ел бірлігін нығайта түсетін басты құндылығымыз.
Оны білім мен ғылымның ғана емес, бизнес пен технологияның тіліне айналдыру – негізгі міндеттің бірі. Мемлекеттік тілді құрметтеп, кеңінен насихаттау – Қазақстанның әрбір азаматының қастерлі парызы», – деді.
Құрылтайға қатысқан Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин де өз сөзінде маңызды жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру арқылы қазақ тілін барынша насихаттаудың және оның қолданыс аясын кеңейтудің маңызы зор екенін атап өтті.
Мемлекеттік кеңесші қазір қазақ тіліндегі цифрлық контенттерді көбейтуге, білім беру жүйесін әдістемелік тұрғыдан қолдауға, IT саласындағы жетістіктерді тіл мәселесін шешу үшін тиімді пайдалануға мемлекет тарапынан айрықша мән беріліп жатқандығын да нақты мысалдар негізінде кең қамтып жеткізді.
Мемлекет тарапынан, ресми билік сатыларындағы биік лауазымды тұлғалардың мемлекеттік тілге үлкен мән беріп, терең түсініп, қазақ тілінің тәуелсіз мемлекет құруымыздағы тарихи миссиясын бағалап, батыл шешімдерге баруына бүгінгі заман талабы қажет етіп отыр.
Тәуелсіздік тұсында өмірге келген, білім алған, әлемде жүріп жатқан жаңалықтардың барлығынан хабардар, озық ойлы, бойында, қанында ұлттық намысы бар қазақ жастары, яғни жаңа буын, жас ұрпақ өсіп жетілді. Алды қырыққа жақындаған осынау қуатты толқынның қолында ана тіліміздің ендігі тағдыры тұр.
Мағжан ақын айтқандай ендігі кезекте қалың ел, мемлекетіміз осынау жастардың болашағына сенеді. Баба тіліміз – қазақ тілінің де ендігі уақытта толыққанды тұғырына қонатынына күмәнім жоқ.
Елімізде жылдан жылға қазақ тілінде білім беретін мектептердің саны көбейіп келе жатыр. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан жүздеген атаулы, заманауи «Жайлы мектеп» деген атаумен бой көтере бастаған қазақ мектептері біздің жарқын болашағымыз.
Ендігі кезекте мемлекетімізде «Қазақ тілі туралы заң» қабылданса Алаш арыстары армандаған, жүректері қалаған келешек келер еді. Дәл бүгінгі күні бірде-бір қазақстандық азамат бұл заңға қарсы болмайды. Себебі, «Қазақ тілі туралы заң» қазақ қоғамын бір мақсатқа ұйыстырып, бір идея төңірегінде бас біріктіруге қызмет ететініне сенімім кәміл.
Әрбір бабы мен тармағы қоғам талқылауына салынып, олар кең, ашық қоғамдық талқылаудан, халықтық талқылаудан өтіп қабылданса еліміздің береке-бірлігіне, ынтымағына тарихи тұрғыдан үлес қосатын бірден-бір белес болатынына күмәнім жоқ.
Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналады. Ынтымағымыз күшейе түседі. Біз осы жолмен жүруіміз керек, өркендеуіміз керек. Қазақстан халқы Ассамблеясының биылғы отыз жылдық атаулы белесіне орайластырып осынау тарихи Заңды қабылдауға көп этносты халқымыз да қолдау білдіретініне сенемін.
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері