АХМЕТ

…өзге оқыған замандастары өз бастарының пайдасын ғана іздеп, ар һәм имандарын сатып жүргенде, Ахмет халықтың арын іздеп, өзінің ойға алған ісі үшін бір басын бәйгеге тіккен. Ахмет Байтұрсынұлы, ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.
Сәкен Сейфуллин
«…Ойласақ, оқиға
емес болмайтұғын,
Ел қайда өзін жаудан қорғайтұғын?!
Қазіргі пайдасына бәрі жетік,
Адам аз алдын қарап болжайтұғын.

Аңдыған бірін-бірі жаудан жаман,
Байқасақ, ел белгісі оңбайтұғын.
Бұл белгі табылып
жүр біздің жұрттан,
Алданып арқадағы дау-шарына,
Қатерден қапері
жоқ келер сырттан»…
Бұл сөзді айттың талай ағайынға,
Ойыңды ел ішінде бар ма еді ұққан?!

Жан едің күбір,
сыбыр, жоқ айқайың,
Мақсатқа дедің жетер
жолды айтайын.
Солтүстік, Оңтүстік пен
Батыс, Шығыс –
Бар қазақ, Бас көтерді өр Алтайың.
«Қатерден қапері жоқ»
сол жұртыңның
Көтердің рухын қалай?!
Соны айтайын.
Жұрт қамын ойлап ерлер атқа мінді,
Ел болды, Қазақ Ұлы таққа мінді!
Ойларың қапастағы жүзеге асып,
Талай іс таң-тамаша атқарылды.

Асырмай, жасырмай да болған істі,
Айтайын өзің кеше айтқаныңды.
Соттады, жер аударды,
сол келместен
Айтайын қалай, Аха, қайтқаныңды.

Кең дала, өзгерсе қыр, өріміз де,
Қарыздар бүкіл халық өзіңізге.
Сотталған, қуғын көрген
кітаптарың
Қастерлі! Тұр бұл күнде төрімізде!

Алайда рухымызға күз келгендей,
Қалпы елдің сол баяғы
Сіз көргендей.
«Қазіргі пайдасына бәрі жетік»,
Арсыздық, парақорлық
тұр емделмей.
Азайып кітап оқу, адамшылық
Тұйыққа болды бүгін тірелгендей.
Санаға керек шығар бір сілкініс,
Ту дала түлемейді түрен көрмей.
Пенде көп,
Ұят, сауап жоғалғандай,
Қалталы бүгін тұлға боп алғандай.
«Малы көп ел басқарған
заман» қайта
Болады елімізге оралғандай.
Білмеймін кімдерден
жөн сұрарымды,
Бар амал тоқтау салар оған қандай?!

Айтайын соны, қандай жол ұсындың,
Қонысың, кеңігенін өрісіңнің.
Бірі деп қабылдаңыз өлеңімді
Өзіңнің алдыңдағы борышымның.

Шілдехана

Бергендей Алла бүгін бар тілекті,
Жылуын табиғат та тарту етті.
Сән беріп сәби үні серпілткендей,
Шаттыққа кенелдірді Сарытүбекті.
Үйінде Байтұрсынның шілдехана,
Той күткен Торғай,
тосын халқы жетті.

Қонақтар тізелерін кірсе бүгіп,
Киіз үй жабығынан нұр себіліп,
Жүзінде сол сәуле ойнап
бал-бұл жанған,
Барлығын қарсы алып жүр
Күнші күліп.
Күзгі жел киіз үйге ентелейді,
Сүйкеніп, бір алға аттап, бір шегініп.

Құдайым перзент сыйлап,
бақ бергенде,
Мейманын қазақ әсте
жат көрген бе?!
Сабылып жетті сонау Сыр бойынан,
Ағылып келіп жатты Ақкөлден де.
«Құдайы қонақпыз» –
деп тілек айтып,
Бар бүгін той үстіне тап келген де.

Бір-бірін аң да, құс та түсінеді,
Хас қыран қонды қайда, ұшып еді?
Енесі сәл ұзаған оқыранып,
Құлыны жұлқып желі, кісінеді.

Бота жүр үй алдында тәлтіректеп,
Асығыс жатыр біреу атын ерттеп.
Сүйінші сұрамақ-ау туыстардан,
Ал мына жігіт бір тай тарту етпек.
Киіз үй түндігінен шықты дауыс
Үш рет айқайлады: «Ахмет!» – деп.

Жел кенет ашық үнді ала қашты,
Қуантпақ сыңайлы ол бар Алашты.
«Ахмет» шауып кетті желге мініп,
Үріккен ат жұлқыды мама ағашты.
«Ахмет», «Рахмет» боп қайталанып,
Сіңісіп, таза ауамен араласты.

Жел кезіп мына жақты, ана жақты,
Күн құлап ұясына бара жатты.
Ауасы күзгі күннің күрт өзгеріп,
Қара бұлт көкті қайта қамап апты.
«Құдірет, Тауқұдірет, Құдіретті-ау»…
Құс ұшты тәубешіл де қанағатты…

Батасы, қабыл болар әр тілегі,
Шетінен ағалары ақын еді.
Қарпықтың Қазгелдісі ән салғанда
Гуледі Үмбетейдің Сарытүбегі.
Оны әрі Тілеуқабыл жалғағанда,
Кетті бір «Тосын болыс»
шалқып елі…

Маңайды әсем сазды үн биледі,
Күлімдеп тұр әлі ауыл күнгей белі.
«Ауылдың алты ауызы»
айтылған соң,
Жалғады Сырдың,
жырдың сүлейлері.
Маңайдағы ауылдарға тарап жатты
Қуаныш ән, жыр болып бұл үйдегі.

Таң бүгін жырмен атып арайланды,
Сонда да шөлдеген ел қанбай қалды.
Үн қосып қурай, қамыс,
тал-теректер,
Қобызға, дала сырлы әнге айналды.

Жыңғылды оқиғасы

…Байтұрсын хүкімет алдында «жазықты» кісі болып, Сібірге айдалып кеткен. Мұның себебі: Тосын болысының сайлауына шыққан Торғай уезінің нәшіндегі «кәрі ояз» Яковлев Үмбетейге бұрыннан көптігін көрсетіп, зорлық қылып жүрген Дәуітбай тобына болысып, соның сөзін қостап, бұларға қиянат қылғандықтан, Байтұрсын кәрі оязды сабап, басын жарған. Байтұрсынның айдалған себебі осы.
Мұхтар Әуезов

Торғайдың Ақкөлі мен Сарытүбегі
Ахаңның жанына ерек жақын еді.
Ойранды ойда жоқта соқты дауыл,
Қаперсіз ештеңеден жатыр еді.
Байтұрсын, Ақтас Сібірге айдалғанда
Қоштасу жырын айтқан Қарпық еді.

Салғанда бірі кісен, бірі бұғау,
Қарпықтың іркілмеуі ірілік-ау!
Сенері болмаса да жасқанбады,
Демеді ел бастығы, ұлығым-ау:

«Кеміткен келемежі кекке айналды,
Ерлерге ерегесі өртке айналды.
Байтұрсын, Ақтас түсіп жанған отқа,
Халықтың көкірегіне дерт байланды.

Көңілді аулайтын бар,
жаулайтын бар,
Шындықты дәл осындай
дауда айтыңдар!
Бекініс неге салды Торғайыма?
Еліңді түбі осылар жаулайтындар!
Орысша, шырақтарым, тіл білсеңдер,
Сөзімді кәрі ояз шалға айтыңдар!
Халықтың қамқоршысы ерлерім-ай,
Сібірге аман барып, сау қайтыңдар!».

Өлеңді тыңдап,
тынып жай тұрсын ба,
Қуат ап, бас көтеріп Байтұрсын да,
Деп еді: «Бұға берсең, сұға берер,
Шығарған мына заман
қай күн шыңға?!

Қоямыз кімді, неге басындырып,
Намысқа тиді әбден, ашындырып.
Дөрекі дөң мінезін көрсетеді
Қастерлі жерімізді басып жүріп?!

Ел едік туыс-туған тұрған азбай,
Құнымыз болмады ғой бір қағаздай.
Долданып бізге қамшы үйіреді,
Пара алып, өктемдікке
бұрғаны аздай.
Көрдің бе зығырданды қайнатқанын,
Тілде күш, енді білдік қайрат барын.
«Шындықты Өтірікке
жеңдірдің», – деп
Тіл білсек, айтпас па едік
сайрап бәрін.
Өлім сол – жігеріңді жанып алар
Болмаса Намыс атты қайрақтарың!»

Ісім бұл қателік деп түңілмеген,
Дізесі «Ұлыққа орыс» бүгілмеген.
Сібірге бара жатып, осыны айтып,
Әкесі: «Орысша оқы, ұлым!» – деген.

Кеңейе түскендей боп кең жерлері,
Оралды аман-есен сенгендері.
Ақтас пен Байтұрсынға
Қарпық айтқан
Марқайып толғау мынау келгендегі:

«Кел, Қарпық, сенің сөйлер
келді шағың,
Бар болса қанаңызда тіл мен жағың.
Ұшырған екі ақ сұңқар қайта қонып,
Беретін топтан шылбыр түсті шағың.
Байтұрсын, Ақтас аға, сәлем бердік,
Өңім бе, түсім бе деп дидар көрдік…

Аттанып сіздер елден кеткен күні
Сыпырып абыройды жерге көмдік.
Теңесу ат құлағы деген қайда?
Өзі жоқ, сөзі қалды елдік, жерлік.
Ішінде он бес жылдың
сіздерді ойлап,
Отына қасіреттің жанып жүрдік.

Қаншама қайраттанып көрсек-тағы,
Дұшпаннан ала алмадық
ар мен теңдік.
Қасында қатын бала күн өткіздік,
Қызық жоқ сіздерге айтар
пәлен дерлік.
Көрген соң дидарларың өлмей тірі,
Бәрі де естен шықты азар, кемдік.

Суырып пәуескеден басын тіліп,
Барында қайратыңның қарыштадың.
Алты жыл айсыз, күнсіз жерде тұрып,
Сонда да ақылыңнан ауыспадың.
Дегенге мен қазақпын түгел жетті,
Істеген ерліктерің, дабыстарың.
Бұл күнде сіздер үшін дұғада тұр,
Атқарып жолдас болған орыстарың.
Шұбалаң, Қарақоға, Тосын, Аққұм,
Айдатқан мөрін басып болыстарың.
Тұлпардан қалған тұяқ топқа түсіп,
Халыққа көрсетіп тұр шабыстарын!
Тілегі ел мен жердің қабыл болып,
Сіздермен бүгін тірі қауышқаным!»

Оқиға болған еді Жыңғылдыда,
Онымен Ұлы істі олар
тындырды ма?!
Арбасы ауғанменен, бас жарылып,
Қамытын бодандықтың
сындырды ма?!

Хош айтып туған-туыс, даласына,
Сібірге айдалды әке, ағасы да.
Дегенмен осы оқиға толғандырып,
Ой салды Ахметтің санасына.
Оқ тиген он үшінде, содан қалған
Жүректе жазылмайтын жарасы да.

Мың алғыс әкеге де, ағаға да,
Сол күннің жетеледі сабағы алға!
Намыстың Туын жықпай,
дұрыс шығар
Қорлықты қамшы үйіріп сабаған да?!
Ахмет ұқты кейін екендігін
Жеңетін бәрін ояу Сана ғана!

Сананы оятатын Ғылым, Білім
Іздену, Кітап оқу, тілің! ділің!
Сыйдырды құшағына, жүрегіне
Алалап бөлмей-жармай бірін мұның.
«Бәрінен биік етер білім ғана» –
Есінде деген сөзі бұрынғының.

Боп өзі баласы да, ағасы да,
Айналды елінің бір данасына.
«Тұқымын адамдықтың
шашты, екті»
Сіңсін деп әр қазақтың санасына.

«Тауымыз, шыға алмаған өріміз көп,
Ақ біздің арман қуған
жолымыз», – деп,
Қақты кеп Ғылым,
Білім қақпаларын,
Ұлтының табу үшін жоғын іздеп.
Ұл болды ұлықтаған ұлттың қамын,
Бәйгеге ұлы жолда тікті жанын.
Шаршады.
Сонда да Отан-Анасының
Аңсады аяғынан тік тұрғанын!
Қарады күн сығалап
Жарық шашып ашылған
арасынан бұлттың қалың.

Қазақ

«Елу-алпыс балаға ғана арнап берген сабақтан алты миллион қазақты алаламай істеп отырған ісімді артығырақ көремін.»
Ахмет Байтұрсынұлы

«…кескекті кезеңде келелі істер тыңдырған кемел ер, кемеңгер.»
Әбіш Кекілбаев

Ойланып ұзақ, ұлы жол алдында,
Деді іштей: «Елге қамқор бола
алдым ба?!»
Жанына ой түсірсе әр қазақтың –
Санасы оянады қоғамның да!

Жетеді кеміткені, кем еткені,
Теңсіздік жетсін елге себептері.
Кеңесіп Әлиханмен, Міржақыппен,
«Қалайда газет ашу керек!» – деді.

Жасынан жүрегінде – дала сыры,
Бойында – бабалардың бар асылы,
Ахмет «Қазақ» қойды газет атын,
Қазақтың қазақ қана жанашыры!

Қазақты қаладағы, даладағы
Бөлмеді бай, кедей деп, аралады.
Болды да «Қазақ» – ұлтшыл,
«Қазақ» – дана,
Босады темір перде санадағы.
Ресей қысқанымен,
Шетелдіктер газеттің ісі
ірі деп бағалады.

Әлемге құлаш ұрды «Қазақ» аты,
Атанды хас қыраны, Қазанаты!
Ақыны, ақылшысы, жоқшысы елдің,
Ардақты алты Алаштың азаматы!
Айналды көзі, тілі, құлағына,
Таусылмас кәусар, нәрлі бұлағына!
Сөнбейтін жан-жағына
жарық шашып,
Үн қосты Алты Алаштың ұранына
Аралап дүниенің төрт бұрышын,
Жауынгер, болды батыр, қырағы да!

«Қазақтың» арқасында
алға асты Үміт,
Шындықты ол бүгін де қалмас бүгіп,
Ахаң боп, Әлихан боп,
Міржақып боп,
Келеді ісін әлі жалғастырып!

Жер шарын кезіп кеткен оның үні,
Жүр онда арыстардың ойы, мұңы!
Сыр шертіп өткен күннен,
Алға бастап,
Сөйлейді алты Алаштың балап ұлы !

Бойында кешегі от, жанған жалын,
Айтады ел мүддесін, армандарын.
Қара бұлт – қара шекпен
қаптап елге,
Қазақтан жерді тартып алғандарын.
Жеріне басып кіріп, алғаннан соң
Еліне ойран, бүлік салғандарын.

Айтады! Айтқан бәрін елден бұрын,
Қырғынды, қазақтардың
көрген күнін.
Азғындық, өтірік-өсек, ұятсыздық
Солармен бірге ілесіп келгендігін.

Болады ол Абай да, шәкәрім де,
Қандай бай ол ақылға, ол тәлімге ?!
Айтады бүгінгіні, болашақты,
Қайтады алып барып Ата күнге.

«Жау алыс, емес жардың
астында!» – деп.
Ескертер «Қалғып бара
жатсың ба?!» – деп
Көбейіп қара шекпен-келімсектер
– бұзықтық,
Алдап-арбау асқынды әдет.
Қоныстың тарылғанын қайтеді олар,
Орыстың ойлағаны –
босқын қамы ед.
Көбейді аштық, жоқтық, ату-асу,
Бірігіп қос тігіп бір, дос қылған ек.

Айтады «Елдің тілі» соның бәрін,
Жер – деді, тіршілігің, өмір нәрің!
Айрылу мекеніңнен – өліммен тең,
Онсыз да, қазағым-ау, сорың қалың.

Білімсіз дей алмаймыз жұмыс бітті,
Сақтайтын Өнер,
Ғылым тыныштықты.
Азғаның сол емес пе? –
деді, – «Қазақ» –
Білмесең дұрыстықты,
бұрыстықты.

Ойласаң әр нәрсенің бар жетегі,
Әлемге түн жетелеп, таң жетеді.
Білімнің бас құралы – кітап!
– деді ол –
Әлсізді Білім, Ғылым әлді етеді!

Әділдік болса іс те оңалады, жетерміз,
Жеткен жоқпыз оған әлі!
Жоғалса егер тілі – деді «Қазақ» –
Сол жұрттың өзі бірге жоғалады!

Бағдарлап, өлшеп-пішіп
жан-жағыңды,
Біл, – деді, бүгініңді,
Алдағыңды! Ұйқыңнан оян, Қазақ!
Оқы, Тоқы!
Шайнамас үшін ертең бармағыңды!
Ұмытпа әдет-ғұрып, салт-дәстүрді,
Аяла Ана тілің – ардағыңды!

Айналды тәрбиеші, тәлімгерге,
Жеткізді жаңалықтың бәрін де елге.
Бір өзі құрылысшы да әрі инженер,
Білікті болды әрі дәрігер де.

Берді де береке мен бірлік Алла,
Сана ояу, айналды асыл
тіл – құралға,
Басылған асқақ рух бас көтеріп,
Шегінбей, шідер үздік, жүрдік алға.

«Өзімнің «Қазақ» үні –
ел үнім», – деді,
Адалдық, шындық болды жүгінгені!
Оқулық жазды Ахаң күні-түні
Абыройы, Ары – Ана тіліндегі!
Оянсақ – Кеше «Қазақ» санамызға
Ұқтырып өмір мәнін, сіңіргені!

Мың алғыс елді оятқан ағаларға,
Ұлтымыз ұлы көште барады алға.
Рухымыз Ту болып желбірейді
Саналы даму барда, Сана барда!

Тағатын заман еді жоққа кінә,
Көп еді алыс-жұлыс көкпары да.
Жауапқа тартып «Қазақ» газетін де,
Мойнына салды айыппұл,
соттады да.

Болған соң қуатты ойы, сөзі де анық,
Лебізі тас қамалды кезді жарып.
Түрмеде Ахаң жатты елді ойлаған
«Қазақтың» орынына өзі барып,
Жөнсіздік қайдан шықты?
Кім кінәлі?! Теңсіздік тегі қайда ?!
Сезді халық.

Түрілмей орныққанда түн жеріңе,
Не жетсін қайратыңа мінгеніңе?!
Онда да жұмыс істеу мүмкін екен,
Кеңсеге айналдырды түрмені де!

Түсінді ел кім жанашыр,
Кім дұшпаны, Не үшін?!
Кінә тағып кімді ұстады?!
Жазығы «Қазақтың» тек елдікті айтып,
Найза емес, ділді қайрап,
тілді ұштады.

Ахмет жетелесе жұртын алға,
Теңеді ұлық ісін ұлты ханға.
Әлдилеп «Әліппесі» әр сәбиді,
Айналды Оқу – өнер, Тіл – құралға!

Архангелде

Бізді Алла жаратқан ба қайғы-мұңға,
Мінген күн қайда қалды
тай-құлынға?!
Алтын күн, ақ армандай аққу қонған
Ақкөлдің ансадым-ау айдынын да.
Беттескен өмір-өлім бір-бірімен,
Қан жұтып тұрмын жол айрығында.
Бұл елдің таңы арайлап атпаса да,
Күні Ақкөл күніндей боп батпаса да,
Осында асыл әкем Байтұрсын мен
Он бес жыл ғұмыр кешкен Ақтас аға.

Шешеміз аурушаң боп үйде қалған,
Үбіжан-Ақтас жары бірге барған.
Күніге жүз құбылған ол заманда
Опасыз опа берген кімге жалған?!

Шама жоқ бұл не сұмдық,
бұл кім дейтін,
Заман-ай,
күлдірмейтін, шүлдірлейтін.
Нақақтан көл боп аққан көз жасына
Тұншығып, сүртуге адам үлгімейтін.

Ел ырза бірге Үбіжан барғанына,
Сібірдің үйреніп ол орманына,
Аң аулап, Ұстағанын Ақтастардың
Қалдырып кетеді екен жолдарына.

Не дерсің артып кінә бұл жалғанға,
Жұдырық көп болды ғой құлағанға.
Үбіжан Сібірде ауырып
қайтыс бопты,
Сүйегі қалыпты осы ну орманда.

Жадырап қызық көрмей,
ол гүл ашпай,
Суыққа шыдай алмай солды жастай.
Лапылдап жанған өртті
сөндірмек боп
Су сепкен қанатымен қарлығаштай.

Егілген елін ойлап күнде елжіреп,
Жанашыр, жан біткенге
сенген жүрек
Жатыр ма еміреніп, тебіреніп,
Алыстан шаршап-талып мен
келді деп.

Жазылар күн туар ма арқам кеңге,
Келіп ем ел қамымен Архангелге?!
Отырмын тағзым етіп аруақтарға,
Тыныстап талай арыс жатқан жерге.

Мұздайды қол-аяғым, бүкіл денем,
Бәріне шыдар едім, шүкір дер ем,
Халқымды жетелейтін жеңісіне
Қалды артта талай ісім бітірмеген.
Жалғайтын жан бар ма екен.
Кетсе батып
Теңсіздік теңізіне бір күн кемем?!

Тәртіпсіз аяз-ояз көзін бүріп,
Үскірік аузындағы сөзін жұлып
Әкетіп жатса да ол шыдап бақты,
Серік боп жанына асқақ Төзім, Үміт.
Жел түгіл шегіндіріп мақсатынан,
Тайдыра алмады ешкім безіндіріп.

Болмады-ау, қол созып
ек бір бақытқа,
Көз жасты мына заман құрғатып па?! –
Деген ол хат жолдады інілері –
Ғазымбек, Мырзағазы, Міржақыпқа.

«Қалаған жан едіңдер таң атқанын,
Аман-сау жүрмісіндер, қарақтарым?!
Зауалды заң орнар заман туар,
Еңсесін көтереді талаптарың!
Қияға қанат қаққан қыран еңдер,
Қапыда қайрылмасын қанаттарың!

Елге енді жетпес
шыққан жан дауысым,
Ақсады, алға аттамай қалды-ау ісім.
Көшені кезіп жүрдім түні бойы
Аязда мұз боп қатып қалмау үшін.

Сор – заман, Ауру, Аштық,
Суық қысып,
Ішімде қыңсылайды үміт-күшік.
Еліме еткен ісім зая кетіп,
Жатпасам болғаны да сұлық түсіп…

Далаға ұмытылар түнегенім,
Түк емес арып-ашып жүдегенім,
Қор болды-ау
қандастарым қапастағы,
Табамын қайдан іздеп жүрек емін!?

Арқаны сүйегенмен жақсы Үмітке,
Тасбауыр тағдыр, қара тас жібіп пе!?»
Ахаң-ай, елдің қамын ойлапсың-ау,
Жалаңаш, үсіп-тоңып, аш жүріп те!..
Оралу

Медалі, болмаса да ордені көп,
Атаның – Ахметхан көргені көп.
«Ахаңның сөзі еді», –
деп әңгіме айтып,
Жырлайтын «Бұл Ахаңның
өлеңі!» – деп.

Ағылып өлең сөз де, қара сөз де,
Ахаң қарт басушы еді «Қаракөзге».
Аяқтап «Қаракөзді»,
«Аққұмды айтып,
Көзін сәл сүртетұғын шарасы өзге.
Қалыпты көкейімде жатталып сол,
Тыңдаған ән, жыр, өлең бала кезде.

Әр сөзі сүрінбейтін, жығылмайтын,
Жоқ еді кісі мәнін ұғынбайтын.
Дауысын шығаруға жасқаншақтап,
«Ахаң…» деп
кейбіреулер сыбырлайтын.
Сотталып кетемін деп
қорыққан, үріккен
Күңкілге Ахаң қарт бір бұрылмайтын.

Ән, өлең Ахаңдікі болса егер де
Қорқады тыңдаушылар сонша неге?!
Бөлмейді Ахаң айтқан әнді бірі,
Кім қуған аққу-қазды қонса көлге?!

Сәл тынса,
Күләндә апай жалғаушы еді,
Ән көкке түнді түріп самғаушы еді.
Айтылмай ән де басқа,
Жыр да басқа, сол түнді
Ахаңа ел арнаушы еді.

Екеуі ортаны әнег толтыратын,
Болатын ол түн – Әнші,
Ол түн-Ақын.
Ұмытып ертеңгі күн шаруасын,
Ұйқыға ел қолы тимей отыратын.

Ақ таңы солай елдің атар бүрлеп,
Аң-таң боп жүруші едім
«Ахаң кім?» – деп.
Бір күні қолға тиген кітап айтты:
«Ахмет Байтұрсынов
атаңмын!» – деп.
Қуанды бүкіл ауыл бұл дерекке,
Самғады абыз аты күнде көкке.
Сақтаған екен Ахаң кітабын ел
«Құран» деп орап аппақ шүберекке.

Тұрсыншы!
Түсірмеңдер төрден мұны!
Ахаңның жоқ екен ғой сенген күні!
Кітапты шүберекке түйіп қойса,
Жаныңдай елі жақсы көргендігі!

Мың қарғыс жау деп оны атқандарға,
Не жетсін сөзің өлмей сақталғанға?!
Тұрыпты-ау төбесінде қайран Ахаң,
Жансыздар үйді тінтіп, ақтарғанда!

Кім асқан заманында Ахметтен,
Мысты да қорытып
ол алтын еткен!
Үлгісі, емес пе еді үгіттің де
Әдептің, Әділеттің – әр күні өткен!
«Тар көрдің тығылғандай туысына»,
Ғұмыры өтті өкініш, тауқыметпен.

Көргені аздай оның көр заманда,
Келмеді шығарғысы жау түнектен.
Кезі көп мақталған да, датталған да,
Шаттанды бүкіл Алаш ақталғанда!
Ахаңның кітабына көзім түссе,
Батамын бала күнгі тәтті арманға.

Ахаң үйі

Кетсе де тіл де беріп, діл де беріп,
Ол жайлы үндетпеді, үндемедік.
Оянды Ахаң қайта, үйіне біз,
Шығамыз сәлем беріп күнде келіп.

Інжулі, іші толы арға, ақылға.
Ахаңның тұрған үйі Алматыда.
Жан-жағын жақсылыққа
баурап, баулап,
Арманын ақтарады арда тұлға.
Үңілсең, бас көтерер бағбаның боп,
Ұлылық мен мұндалап әр хатында!

Үйіне келіп тұрмыз тағы, міне,
Тас мүсін мейірімді аға-ініге!
Өткенмен, қауышады бүгінменен,
Бас иіп ел қасиет-қадіріне.
Өнеге, ақыл, нақыл сөзін естіп,
Кім-кім де тәнті болар тәліміне!

Айналған суретке тұр ағалар –
Ақындар, хас батырлар, ғұламалар.
Өкінтіп өткен күндер өзекті өртеп,
Егіліп жан-дүниең жылап алар.

Апарса Ахаң үйі баяғыға,
Ұстаған сыр шертеді таяғы да!
Тұнып тұр тұңғиық ой іште, сыртта,
Халыққа беймәлімі, аяны да!
Аз шығар бұл әлемде данышпандар
Ахаңдай аялы да, саялы да?!
Елім деп еккен кеше бәйтерегі
Сенеміз жапырағын жаярына!

Егесі – Ахаң үйі бала күннің,
Елесі – Ахаң үйі қара түннің.
Тарих, Ахаң үйі – ел ертеңі,
Ордасы даналықтың,
Ана тілдің!
Аңсасаң, арманыңа жетелейді,
Шаршасаң, демеушісі
ол қанатыңның!

Қашаннан Ерлер еді ел тірегі,
Жан сыры жанарлардан шертіледі.
Кей күні Ахаң үйі асқақтатып,
Тәубеге енді бірде келтіреді.

Асылдар, Ахаң үйі –
Ғылым, Білім,
Ғасырлар, Ахаң үйі – дінің, ділің.
Азабы – Ахаң үйі кешегінің,
Ғажабы – Ахаң үйі бүгінгінің!

Торғайдағы той

Көкжиек Күнді ерекше сүйеп, елеп,
Таң атты, күн даланы сүйеді ерек.
Қияғы туған жердің дір-дір етті,
Тұяғы тұлпарлардың тие ме деп.

Қанатын қыран ұшты еркін керіп,
Орғытып қырдан-қырға секірді елік…
Келеді екі жүйрік көз ұшында,
Ахмет, Міржақыбым секілденіп.
Сүйенді ел тігілген отауларға
Көрінген көз ұшынан көркін көріп.
Шаттыққа толтырды да ел есік-төрді,
Самал да әнге айналып есіп берді.
Арманды тойы еді деп ардақтардың,
Торғайға бүкіл қазақ көшіп келді.
Келгенді шақырылмай тергемеді,
Қарсы алды қол қусырып
кешіккенді.

Болғандай өкініштің бәрі де ұмыт,
Ашылып, шынға айналған сағым-үміт.
Желінбей қалған сарқыт
Кісі келсе, тағы да қой
сояды алып ұрып.
Алыстан жеткендердің бәрі риза,
Басылып шаршағаны,
жаны жылып.

Әкеліп әділеттің күні бақты,
Түнімен жұлдыздар да жымың қақты.
Жататын жылап ағып Торғай – өзен,
Ерекше сол күні бір күліп ақты.
Ағылып келіп жатты ел Торғайға,
Құстардай алған бетке жылы жақты.

Сол күні жаңбырын бұлт
шөлге беріп,
Биледі киіз үйлер дөңгеленіп.
Бір кезде айдынынан алшақтаған,
Аққулар қонақтады көлге келіп.

Қырдағы қызыл гүлдер
шоқтай жанып,
Жүгірдік көбелектей отты айналып.
Кең дала тарих боп дабыл қағып,
Көшелер театрға кетті айналып.

Жаңылған құранынан, ұранынан,
Бір шүлдір кетпей жүрген
құлағынан –
Қазағым, қайта оянды, Ахаң, Жахаң,
Шыққандай алмас
қылыш қынабынан.
Жұбаныш тапты жүрек
жылап жүрген,
Қуаныш бола ма асқан, сірә, мұнан?!

Өтті ғой өкінішпен есіл күндер,
Тоздырды топырлаған есігімді ел…
Жалқаулау ойлануға, опық жегіш,
Аңқаулау ағайынды кешіріңдер!
Сауығып сол қаралы, жаралы күн,
Шер тарқап, тәннен,
жаннан тарады мұң.
Ғалымдар айтып жатты ғылымдағын
Саралап даналығын, даралығын.

Қаңғырған қайманалар
қорғай ма ерді,
Жетпіс жыл жолымыз
бір болмай келді.
Айналып тас мүсінге, Ахаң, Жахаң,
Тұрсыңдар қолтықтасып
Торғайда енді!

Ауылға айналдыңдар – асқан бақыт,
Қарттар жүр көздерінен
жас парлатып.
Халықтың тірі кезде тірегі еңдер,
Тастады аруақтарың да аспандатып!

Жан-жақтан бала келді, дана келді,
Әр жанар шалқар шаттық ала келді.
«Мұндай той
бұрын-соңды болмаған», – деп
Жиналған үлкен-кіші баға берді.
Ахмет, Міржақыптың атақ-даңқы
Аралап кетті тағы бар әлемді!

Түйін

А. Байтұрсынұлы – түрік тілдерінің білгірі.
Нергиз Бирай
Түрік ғалымы, доктор, профессор
(Түркия. Стамбул. 2011.)

Жадидизм лидері – Ахмет Байтұрсынұлы.
Эдуард Аллуорд
Колумбия университетінің профессоры (АҚШ, 1967).

Отызыншы жылдардан бастап Шыңжан қазақтары Ахмет Байтұрсын әліппесіне бірден көшті. Шыңжанның жер-жеріндегі қазақ мектептерінде сабақ осы жазумен жүргізілді.
Су Бихай
Қытайдың тарихшы ғалымы, профессоры (1989, 2013.)
Болғанмен елу жылдық тойың гүлді,
Дей алман тағдыр
Сізге мойын бұрды.
Ұлтыңа, ұлысыңа Рух сыйлап,
Әр қазақ санасында ойың жүрді.

Ой-найза бүйірінен түртіп жүрді,
Сергітті!
Жұлқындырды! Сілкіндірді!
Ағарып атпаса да таң арайлап,
Боп жатты бір күн күңгірт,
Бір күн – нұрлы.

Жанбайтын, бықсып іші түтіндейтін,
Сілкінді! Сүмелек те сілкінбейтін!
Көңілі ояу, көзі ашық жан көбейіп,
Өмірге ұлдар келді ұлтым дейтін!

Ой салып жалбақтаған жан бағарға,
Сөнбейтін от бердіңіз әр жанарға.
«Пенделер кешегі
күн малды ойлайтын»,
Айналды Арды ойлайтын ардаларға.

«Азайып күн-күн сайын
малым» деген
Иілмес ел ішінен табылды емен.
«Малы көп билік еткен
заман қалып»,
Көбейді халықты ойлап,
қамын жеген.

Не болар адамзаттың жаны күнсіз,
Жөн сілтер Темірқазық –
Жарығым Сіз.
Әр бердің әдебиет әлеміне,
«Әліппе», «Оқу құрал», – бәрі мінсіз!

Төкпеген екенсіз ғой босқа терді,
Дұшпан да, нәтижесін дос та көрді.
Жолына азаттықтың ел көз тігіп.
Қолына Намыс Ту ап бас көтерді!

Нәр болып Отаныңа-орманыңа,
Айналдың берік қамал-қорғанына.
Қайранмын шексіз биік
ойыңды жау
Сыйдырмақ уысына болғанына!
Күшіңді сарқып бердің бойыңдағы,
Бар мүддең орындалды ойыңдағы.
«Данышпан, көсемі, –
деп – алты Алаштың»,–
Бар Әлем, Аха, Сізді мойындады!

Жасықтың айналсын
деп бәрі асылға,
Жолсызда жөн сілтедің шарасызға.
Ағасыз алты Алашқа, ақылшысыз,
Дарасыз данышпандар арасында!

Дегенді «Мүмкін емес»,
Мүмкін етіп, ұшырдың
хас қырандай жыр түлетіп.
Атыңды Елің атай алмағанда,
Түріктер тойлап жатты дүркіретіп.

Өтірік дегені елдің «дамылдады»,
Әлемде сізге есік жабылғаны!
Күресің көз жұмсаң да жүріп жатты
Айтты оны жер жүзінің ғалымдары.

Ермеді, сенбеді елі жалған сөзге,
Сақталды жүректе арман,
Жанған көзде!
«Аңсаған азаттықты көсемі елдің», –
Деді олар біз айта алмай қалған кезде.
Айтты олар бар көсемдік істеріңді,
Қуғынға, абақтыға түскеніңді.
Еліңнің ертеңі үшін
Қиғаныңды берілген бір-ақ рет қысқа өмірді.

Сарқылмас бергеніңіз халқыңызға,
Жоқ ешбір даңғазалық даңқыңызда.
Тік тұрып өлетұғын ағаштардай,
Өттіңіз иілмеген қалпыңызда!

Ол анық! – жасамайды мәңгі кісі!
Әркімнің ардақ тұтар бар жұмысы,
Бастайтын ақ жолға тек адамзатты,
Ісіңіз – аппақ, таза Ардың ісі!

Адамдық дәнін ектің жанымызға,
Ақ, адал адамзаттың бәрі де рза!
Парызы – бар қазақтың дақ түсірмеу,
Балаймыз, Аха, Сізді арымызға!

Серікбай ОСПАНҰЛЫ




ПІКІР ЖАЗУ